Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Бақытөмір Шалғынба1(1).docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65 Кб
Скачать
☆

Іі. Қазымбет батырдың қалмақ сұлуы

Таңшебермен некелесуі және оны баласы Қабектің іздеп келуі

Мұның өзі ұзақ сонар дастанға бергісіз аңыз әңгіме. Шежіреші қариялар ғасырлар бойы ауыздан-ауызға айтып, сан құбылтып жіберген тұстары да көп. Солардың ішіндегі ең дұрысы, шындыққа жуық келетіні С.Өзбековтың «Мұра» кітабындағы нұсқасы болғандықтан сол нұсқадан үзінді келтіруді жөн көрдім.

....Қазақ қолы бел алып, Қазымбеттің әйгілі батырлар қатарына қосылған кезі. Бір шайқаста жүз қаралы қалмақ сарбаздарын Қазымбет жігіттері қолға түсіреді. Қолға түскен жаудың билігі сарбаздардың қолында емес пе? Ат-әбзелі, қару-жарақ, сауыт-саймандары алынады. Сол тоналғандардың ішінде сауыт-сайманы шешілгеннен кейін жалғыз бұрым болып өрілген шашы тірсегіне түскен, аса келбетті сұлу әйелдің намысқа ерлер қатарында шауып жүргені әшкере болады.

Мұндай ерлік қай кезде, қандай ұлттың болмасын әйелдерінен кезігіп тұрған ғой.

Қазымбет бабамыз әйелдің жайын сұрастырып білген. Сөйтсе, шайқастың алғашқы кезеңдерінде қалың қол алдында Қаранай деген қалмақ батыры әйгілі қанжығалы Бөгенбаймен жекпе-жекке шығып, сол сайыста Қаранай батыр Бөгенбай қолынан өлген. Қаранайдың кегі үшін ерлер қатарында жауға шауып жүрген әйелі Таңшебер екен. Ер қадірін асқақ тұтқан, әрі әйелдің жүрек жұттысы болған соң да «Бұдан туған ұрпағым кем, қор болмас» деген оймен бабамыз Таңшебермен неке қидырады.

Сонымен Таңшебер анамыз қырықтан асқан жасынан кейін Келдібек, Жаулыбай, Майлыбай атты үш ұл туады.

Ол кезде он үште садақ тартуға жараған ұл жорық атын баптай бастайтын болған.

Келдібектің он алты жасқа толған кезінде қалмақтың мыңнан астам қолы бір тыныстап жатқан кезді пайдаланып, Қазымбет ауылын қоршайды. Бүкіл қазақ ауылынан Қазымбет ауылын таңдап алуының айырықша себебі болған.

Бөгенбай қолынан өлген Қаранайдан Қабек деген ұл бала қалады. Бала ат жалын тартып мінуге жарағанда, қалмақтың үлкендері «Сенің шешең жау қолына түсті. Бірақ өлген жоқ. Қазымбет деген батырында, бәйбіше болып бала өсіріп отыр» дегенді айта берсе керек.

Қаранайдай батыр, Таңшебердей жүрек жұтқан әйелден Қабек те осал туа ма? Жиырмаға жетер-жетпес жасында түмен басқаратын қосбасшылардың бірі болған. Міне, сол Қабек әке кегін қайтарып, шешесін қазақ қолынан құтқарып әкетуге орайлы кезеңді тапқан.

Қабек қолы Қазымбет ауылына таяп қалған. Хабарын кеш білген, Қазымбет бабамыз тұс-тұстағы қазақ қолбасшыларына хабаршы жіберген. Бірақ олар көмекке келгенше жау шабындысының астында қаларына да көзі жеткен. Мыңға тайынбай қылыш суыратын батыр балаларымен, нөкерлерін қосқанда Қазымбет туының астына жүз қаралы адам жиналған.

Осыны байқаған қалмақ қолы еркін, әрі тұралатып жеңуді көздеп, өктемдікпен жекпе-жекке шақырған.

Жекпе-жекке қалмақ қолының басшысы Қабектің өзі шығады. Кімнің шыққанын қазақ жағы қайдан білсін? Жаудан сасып көрмеген бабамыздың өзінен бастап, ұлдарының қай-қайсысы шығуға әзір тұрады.

Осыны аңғарған Таңшебер анамыз Қазымбеттің алдына жүгініп:

-Сонау жекпе-жекте тұрған менің бауырларымның бірі болса керек. Кім өлерін тәңірім білер. Бірақ қазасы жетпей тұрғанда жүздесіп, мауқымын басып қайтайын,-деп зар тілегін айтып, рұқсатын алған екен.

Арғымағына қонғанда әйелше киінбей, бес қаруы бойындағы айбынды батырша киініп, ақырып жекпе-жекке қарсыласына жетеді. Қанды айқастың басталуын күтіп, екі жақ та тына қалған. Ұзамай екі жағы да жұмбақты көрініске куә болып, не деп шешерін білмей, таң-тосын күйге түскен. Ат басын кәдімгі жекпе-жекшілерше түйістірген екі батыр, енді қару сілтеседі деп күтіскен кезде қару сілтеспейді-екі жақ та көріп тұрады.

Әңгіме ұзаққа бармай, қалмақ батырының қазақ жекпе-жегіне шыққан Таңшеберді құшағына алып, өксіп жылағаны майдан даласын тұндырып жіберсе керек.

Жекпе-жекшілердің көріспен мауқы басылғаннан кейін, әлдеқандай байламға келіп, екеуі екі жаққа тарасады.

Бабамыз алдына келген анамыздан:

- Бәйбіше, не болды? Әлгі бауырың ба екен? Балаң ба екен?-дейді.

- Құзырыңызға құлдық! Қаранай кіндігінен туған жалғызым Қабек деген ұлым екен. Мен кек қуып жорыққа аттанғанда, Қаранайдың әпкесінің тәрбиесінде қалып еді. Осы қолдың басшысы көрінеді. Іздеп шыққаны менің қара басым екен,-деп бір тоқтайды.

Таңшебердің сөзін тыңдай тұрып, Қазымбет бабамыз жау жағының қимылын да қабақ астынан бағады. Батыр қолына жетіп, кеңесші нөкерлерін қасына алып, бастарын шұлғысып, біркелкі іске мақұлдасқанын алыстан жазбай таниды.

- Балаң маңайындағыларына бас шұлғытып жатыр. Сен қандай ақыл бердің? Өзің қандай тоқтамдасың?

Таңшебер анамыз да иілген басын тіктеп алады.

- Батыр! Ер кегін қуып келіп, отыз жасымда өзіңе пенде болдым. Жаудан түскен олжа деп қарамадың. Өсер өркенімнің ұлы анасы болар деп әлпештегеніңді өмірі ұмытармын ба? Тағдыр қосқан қосағың ретінде мен де алдыңнан кесіп өтпедім. Жорыққа аттансаң қара тұяғың мұжылмасын деп тілеу тіледім. Үш бала сүйгіздім. Жасым болса елуге келді. Сырлы аяқтан сыр кетіп, сыны қалды. Қызық дәуренім өзіңмен бірге өтті. Енді елу жасымда менен не қызық көресің, тұңғышымның қолына қайтар. Мен үшін екі жақ та қазір қызыл қырғын боласыңдар. Ақылыңызға сал. Балам осыған келісті. Бір жолға болса да қан төгіспей тараңдар. Кек қайтарысар кездерің әлі алда ғой,-деген екен.

Таңшебер анамыздың сөз салмағын саралап, оның өзіне қосақ болғалы көрсеткен ізгілігін де әділ бағалап, «Өзімнен туған ұлдарым өзімде қалса, тұла бойы тұңғышынан ажыратып алып қалғанда маған деген ыстық ықыласы болар ма»-деген түйінге келген Қазымбет бабамыз Таңшебердің ақылды ісіне ерік беріпті.

Шіркін, кімнен тусын, қай ұлттың қызы болсын жаулыққа жараған, елдің елдігіне дәнекер болған алып аналар аз ба? Солардың бірі Таңшебер анамыз ғой.

Баста аз қолымен шықса да, қатарлас отырған қолбасшыларға жіберген шапқыншыларының хабарымен елеңдеп отырған қазақ қолының қолбасшылары да тұс-тұстан Қазымбет ауылына құйыла берген. Осыны көріп тұрған Қазымбет дөң басынан түсіп, өзінің серіктеріне болған уақиғаны жеткізеді. Жауға түйіліп келген қол енді берекенің ұйтқысына айналады.

Таңшебер анамыздың қасына арнайы білікті адамдар қосылып, келісімді қалмақ қолына естіртуге жіберіледі. Қазақ қолдары осы келген Қабек батырдың сарбаздарына арнап арнайы үйлер тіккізіп, аткөпір етіп сойыс сояды. Майданда кезіксе бірін-бірі тірідей жұтып жіберердей тістенгенде жақтары қарысатын жаулар Таңшебер анамыздың қасиетімен бір түн болса да бір дастарқаннан ас-су ішісіпті.

Үш ұл тауып, орнығып қалған бәйбіше ұзатылған қыз емес қой.

-Таңшеберді жөнімен он қыздың ұзатылуындай салтанатпен шығарып салыңдар,- деген бабамыздың бір ауыз сөзі өз балаларына ғана емес, бастас болған батырларға, қостас болған нөкерлерге хан бұйрығындай болыпты. Қыруар малмен басы тоғыздан елу шақты түйеге жасау артылып, су төгілмес боз жорғаны күміс ер-тоқымдап, Таңшебер анамызды ауылдан разы-қоштарын айтып шығарып салып жатады.

Міне, осының өзі Қазымбет батырдың батырлығымен қоса ақылдылығын, мәрттігін көрсетіп тұр.