Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Бақытөмір Шалғынба1(1).docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65 Кб
Скачать
☆

Ііі.Соңғы соғыс, не Қазымбет батырдың туды құлатпай ажал құшуы

Қазымбет бабамыздың қазақ әскерінің туын құлатпай қаза болған ұрысы туралы да әр түрлі аңыз-әңгімелер баршылық. Соның көбі тағы да қазақ-жоңғар арасындағы (көбіне қалмақ деп айтылады) соңғы ірі соғыстарға әкеліп тіреледі.

Ауызша айтылған аңыз-әңгімелердің көбінде Ақшәулінің етегінде болған ұрыстарда жоңғар-қалмақ әскерлері қатты жеңілген. Арғы жағын алып Қытай империясы опырып, бір кезде қазаққа істеген қырғынды өз бастарына әкеледі. Билік үшін таласқан Әмірсана Қытай билеушілерінен көмек сұраймын деп өз еліне абайсызда апат әкелді. Сыныққа сылтау іздеп, екі көшпенді ірі елдің әбден қансырап әлсіреуін күтіп отырған Қытай империясының қаталдығы Әмірсананы да шошытып, ол билікті ұмытып, қытай әскеріне қарсы бас көтерді. Бірақ, опасыз хонтайшыға қырғыннан аман қалған қандастары сенбеді. Тарихшылар жазып қалдырған деректер бойынша осы жолы миллионнан астам жоңғарлықтар жойылып, қалғаны жан-жаққа бытырады. Жүз жыл даланы дүрілдеткен, алып Қытай империясына солтүстіктен қауіп төндірген көшпенділердің бір империясы жер бетінен жоқ болды. «Бұлардың ұрпағының өзі қауіпті, неғұрлым құрту керек, кешегі Шыңғыс ханды ұмытпаңдар» деген Қытайлық билеушілер көшпенділерге аяусыз қырғын әкелді.

Әмірсана қазақ даласына, ежелгі жауына пана іздеп қашты...

Кім біледі 1 миллион ба, 2 миллион ба әйтеуір монғол тектестердің қатты қырғын тапқаны анық...

Қытай әскері осы жалынмен Әмірсананы ұстап беруді сылтау етіп қазақ даласына төгілген. Мұны империя құлдығында болғандықтан тарихшыларымыз ашып айта алмады. Әлі де айта алмай, жасқанады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей жоңғардың қайқы қылышынан қазақ қол астына кіріп, көбіне аман қалған қандас қырғыздардың сол кездегі сатқындық шабуылдары туралы да ашып айта алмай сорлап жүрміз. Осындайда алдауға түсіп Шу бойында жаппай қырылған қазақ батырлары-ай! Әр қайсысы жарты ғасыр ат үстінде арыстанша алысып ел қорғағанда, одақтас, қандас қырғыздар қапыда қалдырып, қалай аямай қырды екен, есіл ерлерді дейсің, кіжініп...

Мұны айтып отырғаным, көпшілік деректерде Қазымбет қазақ-жоңғар ұрысында опат болды делінеді.

Солай да шығар. Бірақ осы тұста жоңғардың әлсіреп, қытай, қырғыздардың шабуылының күшейгені анық. Абылайханның ақылдылығының, Қабанбай батырдың соғыс өнерін епті пайдаланғанының арқасында қазақтарды қытайлар жаппай қыра алмай, Аягөз өзеніне Мамырсудың құятын тұсында (Аягөз қаласынан үш шақырым бұрынғы Сергиополь, бүгінгі Мамырсу ауылында) үш жүз үй тіктіріп, қазақ-қытай-жоңғар келісім шартына қол қоятыны да осы кез (1757-58 жылдары).

Шынында бұл келісім қазақ үшін біз оқыған «Подстам», «Брест», «Тегеран» деп кете беретін халықаралық келісімдерден де кем емес.

Осы кездері қазақ жеріне жаппай ене бастаған қытай, оған бағынған жоңғар әскерінің қалдығы, қырғыз жасақтары әбден әлсіреген қазақ халқына аса қауіпті еді. Не жауды тосып жаппай өлу керек, не жеңу керек. Өлу жол емес, айла-тәсіл қажет. Ерлік үлгісі керек. Енді шегінерге жол жоқ. Осыны хан Абылай да, Қабанбай, Бөгенбай да, Қазымбет сияқты хас батырлар да жақсы түсінген. Абылай қытай әскерін алдап соғып тоқтатса, Қабанбай Тарбағатай мен Тоқта Барлықта әскери өнерімен қытай-жоңғар әскерін қапы қалдырды. Осыдан кейін еріксіз тоқтап, бейбіт келісімге қол жетті.

Енді Ақшәулі түбіндегі ұрысқа тоқталайық. 1756-57 жылдары жоңғарлардың көбін бағындырып, біразын өздеріне қосып алған қытай-жоңғар әскерлері қазақ жеріне лап қойған екен. Жауға қарсы тағы да найман тайпасы қол бастап шығады. Бұл туралы Ә.Садуақасовтың «Қабанбай батыр» кітабының найман шежіресі бөлігінде.

Мұрыннан тізе берсең маңғазы көп,

Бай, батыр, игі бағлан, сарбазы көп.

Бойында Ақшәулінің өлген екен,

Қазақтың туын жықпай ер Қазымбет.

Қапысыз ажал келсе кім өлмеген,

Шыңқожа, Шөңкейді де шідерлеген.

Қос жебе өндіршектен қадалса да,

Қазымбет тудың сабын жібермеген,-деген жолдар бар.

Мұндай мысалдарды өзге де көптеген шежірешілер, ақындар, зерттеушілер келтіреді. Дегенмен, соның ішінде бүгінгі заманда қазақ батырларының азаттық жолында арпалысқан сәттерін шынайы суреттеп жүрген арқалы да даңқты ақынымыз Несіпбек Айтовтан артық жазған ешкім жоқ.

Сондықтан да осы кітапқа сол дастанды тұтас енгіздік.

Несіпбектің «Ту» деп аталатын шағын дастанының өзі бүгінгі көк туымыздың қасиетін керемет дәріптей келе, кешегі Ер Қазымбеттің жықпай, ұстап қалған туымен ұштастырады.

«Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,

Өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік» деген эпиграфпен басталатын дастанда Қазымбеттің соңғы ерлігі былайша жырланған:

Қазақтың шыдай алмай соққысына,

Қалмақтар қалжырады қатты, сірә.

Бөлінді бас сауғалап бет-бетіне,

Келгенде Маңырақтың дәп тұсына.

Жау қашты, қазақ қолы тыныстады,

Боялған қанға найза-қылыштары.

Өлігі құрбандардың жайрап жатты,

Біткендей пәнидегі жұмыстары.

Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,

Көргендер аң-таң қалды алғашында.

Байрағы қолындағы желбірейді,

Өзінің көрінбейді жан қасында.

Болмастан ойларында ешбір қауіп,

Батырлар сатырлатып келді шауып.

Күйінде ту ұстаған қатып қапты,

Өлсе де құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп өңдіршектен,

Аққан қан омырауын кеткен жауып.

Аты да астындағы қозғалмайды,

Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып.

Қаруы жерде жатыр саудыраған,

Екі көз жұмылмапты жаудыраған.

Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,

Дегендей «не қыласың енді маған?!».

Егіліп жан қалмады жыламаған,

Көргенде Қазымбетті құламаған.

Жықпаққа қазақ туын көздеп атқан,

Қалмақтың сұр мергені сығалаған.

Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең,

Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем.

Түбінен тудың сабын қатты қысып,

Қарысып саусақтары қалған екен.

Қолынан туын алып ел әзірге,

Тапсырды қайран ерді қара жерге.

Байрақты жас жігітке беріп тұрып,

Дарабоз былай деді қарап елге.

Күн туар деген рас ұл туғанға,

Түсесің от пен суға жұртың барда.

Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет,

Артында желбіреген ту тұрғанда!

Жалауын қатты соққан жел ұшырған,

Тарихта талайлардың сағы сынған.

Жығылмай тумен бірге тұрып қалған,

Қазағым, айналсаңшы арысыңнан!...

Міне, Қазымбет батырдың өшпес бейнесін ақын өлең тілімен осылай сомдаған.

Сөз соңы

Бүгін көк байрақты тәуелсіз елміз, Аллаға шүкір, бәрі бар. Бірақ, кешегі батыр бабалар рухы бойымызда бар ма? Мәселе осында.

«Рухы әлсіреген елдің болашағы жоқ» деген екен Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций. Бүгінде «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының рухын оятып, күшейту аса қажет. Ол үшін батыр бабалардың ерлік үлгі-өнегесін жаппай насихаттап, ұрпақ санасына сіңдіру керек.

Біз Суворов, Кутузов болмайық, Қабанбай, Бөгенбай болайық, Александр Матросов емес, Қазымбет батыр болайық. Сонда Отансүйгіштігіміз артып, қазақы патриоттық, қазақы намысымыз ояна түсері анық.

Бақытөмір Шалғынбай,

журналист-жазушы.

Деректі әңгіме

«Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң

басында,

Көргендер аң-таң қалды

алғашында.

Байрағы қолындағы

желбірейді,

Өзінің көрінбейді жан

қасында.

Болмастан ойларында ешбір

қауіп,

Батырлар сатырлатып келді

шауып.

Күйінде ту ұстаған қатып

қапты,

Өлсе де құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп

өндіршектен,

Аққан қан омырауын кеткен

жауып....»