3.3 Шабуыл жүйесінің тәсілі
Ойын барысының тартымды әрі сәтті аяқталуы толассыз, ойлы шабуылдан туындайды. Шабуылды жеке спортшы не топтасып жасауға болады. Шабуыл жүйесі екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең - шабуылға әзірлік. Мұнда допты бірінші не екінш рет қабылдағанда шабуылшылардың нысананы мүлтіксіз көздеуіне жағдай жасау керек.
Допты шабуылшыға тор үстіне көтеріп береді. Доптың ұшу бағыты оны ұратын ойыншының ыңғайына оңтайлы болғаны жөн. Шабуылшы дәл көтеріліп берілген допты не қатты ұрады, болмаса қарсы алаңның ашық қалған жеріне жай ғана тастай салады.
Допты бірінші қабылдаудан кейін шабуыл соққыға оңтайлап берерде қарсы алаңның қорғаныс жүйесі мен өз әріптесінің қай бағытта қолайлы тұрғанын есепке алған абзал.
Допты екінші қабылдаудаи кейін шабуылға оңтайлы ету ушін тордың ұзына бойына кермелей көтереді. Доптың ұшу биіктігі екі не үш шабуылшының кез келгені өзі тұрған нүктесінде қиып ұратындай болғаны тиімді. Мұндайда қарсы жақтың қорғаныс шебі соқкының қай нүктеден ұрылатынын тез аңғара алмай қалады. Қазіргі волейболда күтпеген жерден көтеріліп қатты ұратын тәсіл қолданылып жүр. Бұл қарсы жақтың тосқауыл қоюын көп қиындатады. Кейде доп қылт етіп тордың шетіне іліге бергенде ұрылады немесе бірінші ұруға ыңғайланған волейболшы оны өткізіп жібереді де бұрышта тұрған шабуылшы соғады.
Қалай болған күнде де допты өз әріптесіне дәл бере білу керек. Бұл ең бірінші міндет.
Шабуылдың екінші кезеңі - допты қарсы алаңға түсіріп, ұпай не допты ойынға қосуды жеңіп алу болып саналады. Басталған комбинацияны жемісті аяқтау үшін шабуылшы тіке соғады не қиғаштай ұрады. Кейде алдамшы қимыл жасап, қорғаусыз қалған жерге допты жай ғана тастай салады.
Шабуыл шебіндегі ойыншы шешуші соққыны ойланып іске асыруы тиіс. Ол алдымен тосқауыл қоюшылардың шеберлігін білуге міндетті. Екіншіден алдамшы қимыл жасап, тосқауыл қоюшыны кешіктіруге қарекет жасайды. Үшіншіден алаңның артқы бөлегінің қорғаушыларының қандай аралықта тұрғанына көз тастайды.
Тағы бір еске алатын жай, топ болып тосқауыл қойғанда шабуылшы екі ойыншының аралығынан өткізіп жіберу, не тосқауылдан асыра ұру сияқты тәсілдерді іске асыруға талпынады.
Қорытынды
Қорыта келе, қазіргі кезде 17 жасқа толған жасөспірімдер арасында Әлем біріншілігі, Азия чемпионаттары өткізіледі. Бұл жарыстарды жүргізу мақсаты жасөспірімдер мен жастар арасындағы волейбол спортын насихаттау және дамыту болып табылады.
Алға қойған міндеттерді шешу үшін облыстық және қалалық спорт комитеті қызметкерлеріне, жаттықтырушыларға, оқушыларға арнайы анкеталар құрастырылып таратылды. Анкета мәліметтерін өндеу барысында мынадай қорытынды жасалды. Кеңес өкіметі кезімен салыстырғанда, қазіргі кезде Қазақстанда волейболмен шұғылданушылар саны жыл сайын төмендеп, көптеген облыстарда жасөспірімдерге арналған спорт мектептері жабылып, мектептерде волейболмен шұғылданушылар саны азайғанын көрсетеді.
1980 жылдары Қазақстанда 12500 оқушылар волейболмен шұғылданса, ал 2005 жылы 6436 оқушы волейболға қатысады.
Волейболмен шұғылданушы жастар Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында біршама жақсы деңгейде екенін көреміз. Жас спортшылардың саны 915-1022 аралығында. Жаттықтырушы болып істейтін 196 мамандардың арасында тек қана 11% Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушылары, жастармен жұмыс істейтін жаттықтырушылар тек 20%-ға жетеді. Бұл көрсеткіштер жалпы волейбол спортындағы жас спортшылардың дайындығының қай деңгейде екенін көрсетіп тұр.
Бұл мәліметтерді зерттей отырып, қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында волейбол спортының жағдайын көтеру үшін біраз маңызды мәселелерді шешу керек.
Біріншіден, көптеген облыстарда волейбол спортының дамуына көңіл бөлінбейді. Екіншіден, тәжірбиесі мол мамандардың жетіспеуі, кәсіпқойлық деңгейі жоғары жаттықтырушылар саны жыл сайын азайып, спорт алаңдарының жоқтығы, жаттығу орындарының соңғы жетістіктерге сәйкес келмеуі жасөспірімдер арасында волейболмен шұғылданушылар деңгейін төмен түсіріп отыр.
Үшіншіден, волейболды жастар арасында насихаттау жұмысы мүлдем жоқ. Анкета сұрағына жауап берген 1500 оқушының 65% оқушы волейбол ойынын ұнататынын көрсетсе, 35% шұғылданушыларға арналған топтардың жоқ екенін көрсетті. Олай болса, жасөспірімдер арасында спортпен айналысқысы келетін болашақ волейболистер бар, тек оларға жағдай жасалуы керек.
Қолданылған әдебиеттер
1. Жарылғапов О. Волейбол ойыны . Волейболшыларға арналған көмекші құрал.-Алматы: Қазақстан.-1972.-95 б.
2. Волейболдың оңайлатылған ережелері.-Алматы.- 1978.-42 б.
3. Ботағариев Т., Қазиев С. Дене шынықтыру пәні: жоспарлауерекшеліктері//
Қазақстан мектебі.- 2000.-N10.-Б.26-27
4. Дүйсеков Н.С. Дене тәрбиесі сабағындағы волейболдың рөлі //
Валеология, дене тәрбиесі, спорт, 2004. - №7-8. – Б. 57-60
5. Құрманқұлова К.А., Қазизұлы Е. Волейболдан жас спортшыларды
дайындау мәселесі //Валеология, дене тәрбиесі, спорт.- 2005.-№ 6.- Б.64-65
Тілеуғалиев Ю. Дене тәрбиесі.-Алматы: Атамұра.-2003.-64 б.
Уаңбаев Е. Дене тәрбиесінің негіздері.-Алматы: Санат.-2000.-72 б.
Осокина Т. И. Мектептегі дене шынықтыру.-Алматы: Мектеп.-1982.-263 б.
Тілеуғалиев Ю. Дене тәрбиесінің тәлімдік рөлі // Қазақстан мектебі.-2002.-N 1-2.- 51-53 б.
Оразов Ш. Дене тәрбиесі ерекшеліктері// Қазақстан мектебі.-2004.- N10.-Б. 33-35
Ботағариев Т. Дене тәрбиесі мәселелері// Қазақстан мектебі.-2004.- N9.-Б.45-48
Есіркепов Ж. Дене тәрбиесі сабағын жүргізудің кейбір ерекшеліктері// Қазақстан мектебі.-2005.- N 11-12.-Б.24-28
