Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД Саясаттану.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

3

Әлеуметтік бірлестіктер жүйесіндегі ұлттың орны

.
ХХ ғасыр әдеттен тыс ғажайып жағдайларға толы. Соның бірі – этникалық жаңару, қайта өркендеу мәселесі (этнос деген грек сөзі, тайпа, халық деген мағынаны білдіреді). Бір жағынан, біздің заманымыз дүние жүзіндегі барлық адамдардың тағдыры бір, ортақ, өзара тығыз байланысты және тәуелді екендігін түсініп – білу, сезінумен сипатталады. Екінші жағынан, барлық континеттерде адамдардың ықыласы кенеттен өзінің этникалық және аймақтық құрамына деген ұмтылыспен, өзінің түп тамырын, шығу тарихын зерттеп, білуге тырысушылықпен ерекшеленеді.

Мұны менен түсіндіруге болады? Ғылыми – техникалық революцияның салдарында пайда болған өмірдің біркелкілік пен бір үлгілікке еткен жауабы ма? Әлдебір кездегі қор болған тарихи және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру көксеу ме? Өз ұлтына, оның тағдырына ортақтастықты сезіну арқылы жалғыздықтан құтылуға, өмірден қағажу қалмауға тырысу ма? Әлде өз халқының музыка тілі мен әніне деген үміт, сенім бе?

Бір кезде баянды, берік мызғымастай болып тұрған мемлекеттерде қарулы қақтығыстар бұрқ етіп, олардың тұтастығына не себептен қауіп төнеді? Бұл жағдай экономикалық эәне әлеуметтік күйзелістерді басынан кешіріп отырған бұрынғы Кеңестер Одағы, Югославия, Чехословакия сияқты елдерде ғана емес, сонымен қатар Бельгия, Канада, Ұлыбритания сияқты бұл жағынан әбден сәтті дамып, өркендеп келе жатқан елдерге де тән. Мұны немен, қайтіп түсіндіруге болады? Қоя берсек, сұрақ көп. Мұның бәрі бұл тақырыптың әлі толық зерттелмегендігін және де өзек жарды, шешуін күтіп тұрған күрделі мәселе екендігін білдіреді.

Ұлт деп жер, тіл, экономикалық қатынастар, мәдениет ерекшеліктері мен психологиялық құрылымының ортақтығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи әлеуметтік – этникалық бірлестігін айтады. Әлеуметтік аспект ұлтты өндірістік қатынастарымен байланысқан қоғамдық таптардан тұратын әлеуметтік – экономикалық тұтастық етіп танытады. Ол белгі бір жүйенің ұлттарында қандай ортақтық бар, оларды өзара, шын мәнінде, не жақындастырып, туыстастыратындығын білдіреді. Ұлттың құрамында тіл, жер, ұлттық сана – сезім, мәдениет этникалық аспектіні көрсетеді. Ол арқылы біз ұлттардың бір – бірінен қандай ерекшелігі бар екендігін, қалайша ажыратылатындығын білеміз.

Ұлттық саясат деп адамдардың ұлттық мұқтаждығын өтеуге, ұлттық қатыстарды реттеуге бағытталған қоғамдық, ең алдымен әлеуметтік – құқықтық әрекеттердің ерекше түрін айтады. Бұл мұқтаждықтардың табиғатын тану үшін әлі зерттеулер жүргізу керек. Дегенмен, оған азаматтық ар - намысқа тырысу, этнопсихологиялық бірлікті, табиғи – тарихи ортақтықты сезіну кіретіні анық.

Соңғы онжылдықтарда Батыс саясаттанудың этникалық саясат деген бағыт пайда болады. Ол - дүние жүзіндегі болып жатқан этникалық дау – жанжалдарды, ұлттық шиеленістерді түсіндіруге, оларды шешу жолдарын анықтап, сондай – ақ белгілі бір аймақтарда мұндай дау – дамайлардың болуын алдын ала болжай білуге арналған жалпы теория. Бұл теория этникалық дау - жанжалдарға плюралистік қоғамда әрдайым кездесіп тұратын әдеттегі жағдай сияқты қарайды.

Ұлттық саясат әр елде әр кезеңде әр түрлі болуы мүмкін. Бүгінгі таңда бұл салада ассимиляция, сегрегация, геноцид сияқты саясаттар белгілі.

Ассимиляция деп бір халықтың өз тілін, мәдениетін, ұлттық сана – сезімін жоғалтып, екінші халыққа сіңіп кетуін айтады. Бұл саясат оны заң жүзінде сіңіскен халықпен тең деп санайды, бірақ оның өзіндік ерекшілігін танып, мойындамайды.

Сегрегация деп елдің халқын нәсілі бойынша еріксіз топтарға бөлушілікті айтады. Бұл адамдар арасындағы айырмашылықты бекітіп, «екінші» халықты теңдік жөнінде қандай болмасын мәселе көтеруге мүмкіншілік бермейді. Соңғы кезге дейін сегрегация Оңтүстік Африка Республикасында бой көрсетті. Әдетте, ұлттық топты алалау нәсілдің теңдік принципін формальды түрде мойындаумен қатар жүрді.

Геноцид деп адамдарды шығу тегіне, бір ұлттың өкілді болуына байланысты қыруды немесе қудалауды айтады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл белгілі бір әлеуметтік, мәдени немесе биологиялық топтың қатарына жатуын кінәлаудың жасырын түрі. Мұнда ұлттық немесе нәсілдік топқа енуді желеу етіп, бір халықты түгелдей жауапкершілікке тарту жатыр.

Мысалы, мұндай саясатта 1915 жылы түрік мемлекеттің армяндары, фашистік Германияның еврейлер мен цыгандарды қыруы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ішінара славян халықтарын қырғынға ұшырату (онда Беларусь халқының төрттен бірі қырылды) жатады. Бұрынғы Кеңес мемлекетінің тарихында жаппай жауапқа тарту репрессияға ұшыраған халықтарға қолданылды. Оған Поволжьеде тұрған кеңестік немістер, қырымдық татарлар, месхеттік түріктер, шешендер, ингуштер, қарашайлықтар, қалмақтар, корейліктер және т.б. халықтардың тағдыры мысал бола алады.

Қазіргі кезде мемлекетаралық және мемелекет ішіндегі қатынастардың демократияланып,адамгершілік көзқарастарын басшылыққа алған шақта ұлттардың теңдігі мен өздерінің мемлекеттік құрылысын өздері шешу құқығына, ұлттық автономия мен федерация қағидаларына негізделген саясатты көпшілік оң қабылдап, дұрыс деп тауып отыр. Ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылымын өзі шешу мәселесі алғашында Европада буржуазиялық – демократиялық революциялардың жеңуіне байланысты пайда болды. Ең бірінші пікір 1776 жылы Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігі туралы Хартиясында жарық көрді.

Ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу принципінің заңдық және саяси жағы бар. Заң жүзінде қай халық пен ұлт болмасын өз мемлекеттік құрылысын өзі шешуге тиіс. Бұл құқықтың қандай түрде шешілуі (халық не ұлт бөлініп шыға ма, федерация құра ма, әлде басқа жол таба ма) мәселенгің саяси жағына жатады. Қазіргі кезде федерализм принцип ретінде, федерация мемлекеттік өкіметтің ұйымдастырылуы түрі ретінде саясатшылардың, фәлсафашылардың (философтардың), социологтардың, мемлекеттанушылардың және т.б. ілімнің әр түрлі саласындағы ғалымдарын толғындырып жүрген мәселе.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында барлық елдердің дамуы өкіметтің, биліктің бір ортаға бағынып, шоғырлануымен сипатталады. Ал 60 жылдардың аяғынан бастап, керісінше, үлкен орталықтар ыдырап, жергілікті жерлер билікті өздері алуға тырысу, автономия, федерациялар құрушылық көбейді. Федерализм деп автономиялық, тәуелсіз құрылымдар одағын айтады. Мұнда біреу біреуді бағындыру арқылы емес, мемлекетаралық одақтарының құрылуы мәселелерді үйлестіру арқылы шешуді басты мақсат деп атайды. Федерация мүшелерінің арасында бәрінің мүмкіншіліктері бірдей, тепе – теңдік болғаны, алаланбағаны жөн. Кейде арасалмақты уақытша бұзылуы мүмкін. Бірақ біреуінің шектен тыс күшеюі барлық одақтың тұтастығына нұқсан келтірді. Бұлай болмауы үшін жоғарғы және жергілікті екі өкіметтің арақатынасы, олардың міндеттері және т.б. конституциясында айқындалуы керек. Екі биліктің қайсысы болмасын шектен тыс басымдыққа ие болмауға тиіс, олай болса, екінші жақтың конституциялық құқығы бұзылады, арада кикілжің пайда болады.

4.

Қазақстандағы ұлттық қатынас мәселелері

Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде Қазақстан Ресей империясына тәуелді басқа елдер сияқты езгінің астында болды. Ол патша өкіметінің отаршылдық саясатын одан әрі жүргізді. Адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы – Кеңес халқын құрамыз деген желеумен орыстандыру саясатын жүзеге асырмақ болды. Тарихымыз аяусыз бұрмаланды. Тілімізден, дінімізден айрылып қала жаздап, рухани мәдениетіміз небір зобалаңды басынан кешірді.

Қазақстанда КСРО–ның барлық аймақтарынан ондаған, жүздеген мың тіпті, кейбір тұтас халықтарды кіндік кескен жерлерінен айырып, «халықтар түрмесіне» айналдырды. Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап, өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Сан мыңдаған жаңдар қырылып, сан мыңдаған жандар ата – жұртын тастап көшуге мәжбүр болды, орта жолда олардың көпшілігі қырылып қалды. 1916 – 1922 жылдары 900 мың қазақ түрлі қазаға ұшырады. 1931 – 1933 жылдары қазақтарды отырықшыландырамыз және республикада ұжымдастыру жүргіземіз деп, қолдарындағы малдарын сыпырып алып, елімізді адам айтқысыз ашаршылыққа душар еткізді. Соның нәтижесінде зұлматта қазақ халқының 2,5 млн. адамы, яғни 52%-ы опат болды. («Егеменді Қазақстан», 10 қазан, 1992 жыл). 200 мың адам қуғын – сүргінде шетжерге ауды. Отызыншы жылдарда 18 мыңдай қазақ ГУЛАГ арқылы өтіп, азап шекті. Сталиндік репрессия жылдарында мыңдаған қазақ зиялыларын, ұлт мүддесін қорғаған аяулы ад абзал азаматтарды «буржуазиялық - ұлтшылдар», «халық жаулары» деп атып жіберді. Комсомолдық құрылыстар тың игеру және т.с.с шығарып республикамызға орыс тілдерді үсті – үстіне төкті. Соның нәтижесінде қазақтар республика халқының жартысынан да азайып қалды.

Республикамыз, негізінен, шикізат өндірілетін ауданға айналдырылды. Мысалы, бізден КСРО – ның басқа жерлеріне тасып әкетілетін өнімнің 70 /% шикізат, 12% жартылай дайын түрінде болған. Олардың құны өте төмен еді. Бізден алған өнімді Орталық шетелге жоғары бағамен сататын. Айталық, Ақтөбе облысындағы тау – кен комбинаты КСРО – дағы хром кенінің 95%-қа шығаратын, комбинатқа оның тоннасына 27 сом төлейтін. Ал КСРО – ның сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі шетелдерге оны 23 есе қымбат бағамен валютаға сататын. Балқаштың мысын 16 есе артық бағамен сататын. Олардан түскен валютадан Қазақстанға бір тиын берілмейтін. Республикамызда жаңағы аталған хром кенінен басқа Кеңес Одағында өндірілетін сары фосфордың 90%, мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның - 60%, цинктің 40% өндірілетін. Олардан бөтен алтын, күміс, мұнай, көмір, темір және т.б өз алдына өндіріліп, орталыққа жөнелтіліп жатты. Бірақ сессия сайын Қазақстан дотацияда отыр, орталықтан жәрдем қаржы алып жатыр деп көзге шұқып отырды. Осылардың бәрі ұлтаралық қатынастарға өз әсерін тигізбей, кедергісін келтірмей қалмады.

Қазақстан Республикасы егемендігін алғаннан кейін жағдай өзгере бастады. Аяулы ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Туған жерімізде бір талай өркенді өзгерістер болып жатыр. Солардың ішінде ең бастыларының бірі тату – тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыз бар. Республика халқының жартысына жақыны орыс тілділер болғандықтан болар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 7 – бабына «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін - өзі басқару органдарына орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. (Қазақстан Республикасының Конституциясы, Алматы, 1999, 8 - бет). Ата заңның 14 – бабында: 1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дінге, көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез – келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп атап көрсетілген.

Елімізде этносаяси процестің негізгі субъектісіне мемлекет, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы, азаматтардың ұлттық – мәдени бірлестіктері, саяси партиялар мен қоғамдық – саяси ұйымдар жатады. Тіл туралы, иммиграция туралы заңдар қабылданды. Республикады әр түрлі ұлттық – мәдени орталықтар жұмыс істейді. 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ол елдегі барлық этностардың мақсат – мүдделерін қорғайды, олардың дамуын жалпы саяси, мәдени және әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы реттейді.

Республикамызда әрбір азаматтың қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі ұйғаруға және оны көрсетуге немесе көрсетпеуіне болады. Әркімнің ана тілі мен өзінің төл мәдениетін пайдалануға, қарым – қатынас тілін, тәрбиені, оқуды және шығармашылықты еркін таңдап алуға құқығы бар.

Қазақстанда қазір 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысы өз ұлтының көркеюін қалайды, өз ана тілінде сөйлегілері келеді, өздерінің балаларын, немерелерін өз ұлттық дәстүр, әдет – ғұрып мәдениетіне сай тәрбиелеп, баулығылары келуі – табиғи, заңды нәрсе. Сондықтан біз өзге ұлт өкілдерін кемсітпеуіміз, шеттемеуіміз керек. Өйтсек, оларды өз ұлтымызға қарсы қойп ашындырып аламыз. Сондықтан осы атамекеннің иесі – қазақ халқы республикамыздағы басқа халықтардың басын қосып, оларға ұйытқы болып, бір қоғамға топтастыруға тырысқанымыз абзал. Біз Қазақ Республикасын мекендеуші әр халықтың санасында «қазақстандық ұлтжандылық», «жалпықазақстандық мақтаныш» рухын, сезімін оятып, қалыптастырғанымыз жөн.

Республикамыздың гүлденуі оның саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми – техникалық, мәдени жетістіктеріне байланысты. Сонда оның әрбір адамды да ауқатты, жақсы тұрады. Сондықтан мұнда тұрған әр халықтың өкілі жалпы Қазақстанның әр облыс, аудан, елді мекеннің табысына қуанып, соған қажырлы еңбегімен аянбай – талмай үлес қосу керектігін сезінуі тиіс. Мұның бәрі дұрыс жүргізілген ұлттық саясат нәтижесінде ғана іске асады.

Сайып келгенде, біз құрып жатқан құқықтық қоғамның ең жоғарғы құндылығы – адам. Мұнда оның қай ұлт – ұлысқа, дінге жататыны есептелмейді.Біздің мақсатымыз – этникалық өзіндік өзгешеліктерді дамыту және Қазақстанның ұлттық – мәдени алуан түрлілігін сақтау. Сонда ғана еліміз ұлтаралық келісімі жарасқан, қоғамдық – саяси ахуалы тұрақты аймақ болып, әлемде беделі артпақ.

Пысықтауға арналған сұрақтар:

1.Қоғамның әлеуметтік құрылымы деген не?

2.Қоғамның әлеуметтік құрылымы қалай жіктеледі?

3.Республикамыздағы әлеуметтік құрылымның даму үрдісін қалай түсінесіз?

4.Ұлттық саясат деген не?

5.Қоғамның саяси өміріндегі діннің орны қандай?