4 Лекция
Исламның алғашқы жылдары
Пайғамбарлыққа дайындық. Ардақты Мұхаммедтің пайғамбарлыққа дейінгі өмірі тыныштықпен өтті. Ол жас нәрестелерінің дүниеден өткенімен сүйікті жары мен бала-шағасымен бақытты өмір кешті. Алайда оны қынжылтатын қоғамның надандық жайлаған жағдайы болатын. Надандық жайлаған маңайындағы адамдарды пұтқа табынушылақтан, өнегесіз мінез-құлықтан, қоғамды іріп-шіріткен жаман әдеттерден құтқару оның басты тілегі болатын. Сондықтан, ол көп ойланып басын қатыратын, бірақ, ол өз ойлары жайлы ешкімге тыс жармайтын.
Ардақты Мұхаммед рухани өміріндегі осындай ой ішінде атасы Абдулматталиб сияқты Хира үңгіріне барып, рухын бір сәт тыныштандыруға тырысатын. Ол пайғамбарлықтан бірнеше жыл бұрыннан бастап әр жыл сайын бүкіл Рамазан айын Мекке маңайындағы әлгі үңгірде терең ой ішінде және тақуалықпен өткізетін. Ал азығы таусылған кезде, қалаға келіп, Қағбаға зиярат жасап, тауап жасайды да үйіне қайтады. Ардақты Мұхаммедтің оңашаланған (итиқаф) әлгі үңгір үйінен бір километрдей қашықтықтағы «Нұр» тауында болатын.
Мәліметтерде қырық жасқа келген ардақты Мұхаммед көбінесе жалғыз өзі өзін бақылауға алып, ой ішінде болғандығы, күні бойы Алланы ойлағандығы «өңіндегі тәрізді анық түстер» көре бастағандығы баяндалады. Ол түсінде көргендерінің мәні мен ақиқаттығын кейінгі күндердегі оқиғалардан табатын. Кейде оған бейтаныс дауыс естілетін, «Ассалу алайка иа расулуллаһ (саған сәлем ей Алланың елшісі) дейтін, ол жан-жағына қарағанмен ешкімді көре алмайтын. Ол бұған таң қалып, тіпті алаңдайтын. Кейде тастар мен ағаштардың оның атын атап, сәлем беретінін еститын.
Алғашқы уахи. Алғашқы уахи келуден бұрынғы айларда «шынайы түс», яғни, кейінгі күндері орындалатын түстер көре бастады. Кейде «Алланың саған сәлемі болсын ей Расулуллаһ!» деген дауыстар еститін. Басынан кешіріп жатқан таңғажайып оқиғаларды Хадишаға түсіндіріп, жындардың әсерінде қалудан қауіптенетін. Ардақты Мұхаммед қырық жасында әдеттегідей Рамазан айының тууымен Хира үңгірінде оңаша өмірге бой алдырды. Мұнда ол ғибадатпен, ой ішінде қалғанда Рамазан айының жиырма жетінші түні оған Жабраил көрінді. Ардақты пайғамбар осы оқиғаны былай түсіндіреді: «Ол маған періштелер арасындағы Жабраил екендігін, Алланың мені пайғамбар ретінде таңдағандығын хабарлау мақсатында жібергендігін айтты. Періште маған дәрет алуды, «истинжаны» үйретті. Денемді тазалап келгеннен соң, ол маған оқуымды бұйырды. Мен оған: «оқи алмаймын», - деп жауап бердім. Сонда ол мені құшағына алды да қатты қысты, сосын босатты. Одан соң тағы да оқуымды бұйырды. Мен оқи алмайтынымды айттым. Ол мені тағы да алдыңғыдан да қатты қысты, «оқы», - деді. Мен оқи алмайтынымды айттым. Мені үшінші мәрте құшағына алып, әр құшақтаған сайын қатты қысуын үдетті де былай деді: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан, оқы және қаламмен жазуды үйреткен раббыңды ұлықта. Ол адамға білмеген нәрсесін үйретті» (Алақ 96/1-5). Одан соң періште жөніне кете барды. Оқыған аяттар жүрегімде жазылып қалғаны сияқты есімде анық сақталыпты. Отырған үңгірден шықтым да үй жаққа тарттым. Таудың ортасында келгенімде көктен бір дауыс естідім. Әлгі дауыс маған: «ей Мұхаммед! Сен Алланың елшісісің, ал мен Жабраилмін», - деді. Сол жерде жерге тоқтап тұрып қалдым.
Хадишаның жанына келгеннен соң үреймен келіп, одан үстіне жабуын өтінді. Оянғаннан соң көргендерін Хадишаға айтып берді. Ал Хадиша көргендерінің жаман нәрсе болайтынын айтып жқбата бастады. Хадиша күйеуін жақсы танитын. Ізгі ниетті, турашыл, маңайындағыларға үнемі көмек беретін адамға әдеттегі құбылыс боламайтынына ол сенетін. Сондықтан ол күйеуінің айтқандарына бір мағына бермеді, себебі, онда әлі пайғамбарлық туралы мәліметі жоқ еді.
Пайғамбардың Уарақа бин Науфалмен кездесуі. Хадиша Пайғамбардың тап болған оқиғаның мәнін ұғу үшін немере ағасының ұлы – Уарақа бин Науфалдан ақыл сұрады. Уарақа бұдан алдын христиан дінін қабылдаған, діни кітаптар оқитын, Таурат пен Інжілді білетін адамдардың сөздерін тыңдайтын. Хадиша оған ардақты Мұхаммедтің көргенін және естігенін оған айтып береді. Сонда Уарақа Хадишаға: «құтты болсын, құтты болсын, Уарақаның жанын өз қолына ұстаған Алланың атымен ант етейін. Ей Хадиша маған айтқандары рас болса, Мұхаммедке келген періште бұрын Мұсаға келген періште болуы керек. Мұхаммед те осы елдің пайғамбары болады. Оған айт оған шыдамдылық көрсетсін».
Осыдан бірнеше күн өткенде Пайғамбар Қағбаға тауаф етіп жатқан кезде Уарақа бин Науфалмен кездесті. Уарақа естігендерін Пайғамбардан сұрады. Пайғамбар көрген білгендерін оған айтып берген кезде, Уарақа: «саған Мұса пайғамбарға келген періште келді. Өтірікші деп кінәланасың, қиындыққа тап боласың және еоіңнен қуыласың. Оның үстіне саған соғыс ашылады. Егер сол күнге жетсем Алланың дініне көмегімді беремін», - деді. Ардақты Мұхаммедтің жауапты да ауыр жұмыс – пайғамбарлық міндетті мойнына алған кезеңнің алғашқы күні осылай басталды. Бір пайғамбардың келетінін көп уақыттан бері балгерлер, иудей дін раввиндері, христиан поптары хабарлап жүрген. Осылайша Құран Кәрімнің келуі Рамазан айында басталды.
Уахидің біршама уақыт үзілісі. Хира тауында келген алғашқы уахиден соң Жабраил біршама уақыт пайғамбарға келмеді. Мұны «Фатрату уахи» кезеңі деп атайды. Фатрату уахидің уақыты әртүрлі баяндалады. Бірақ, оның қысқа уақыт болғандығы анық. Бұл құдайлық хикметке байланысты. Уахи келген кезде Мұхаммед қорқынышқа тап болды, денесі басқаша әсерге бөленді. Сондықтан, денсаулықтың амандығы үшін біршама уақыт үзіле тұрған. Аталған үзілістен соң келген уахилерде осындай ауырлық болмағанмен, олардың да өз деңгейінде ауырлығы болғаны белгілі.
Ал Пайғамбар үңгірдегі оқиғаға қатты алаңдады, сабырсыздана оны қайта көруге асықты. Бұл пайғамбарды қайғыға батырды. Одан быршама уақыт өткеннен соң Жабрайыл Духа сүресін алып келіп, қайғысын сейілтті.
«Сәске уақытымен, қараңғы түнмен ант етемін. (Ей Мұхаммед) Құрайың сені тәрік еткен жоқ, жек көрген жоқ. Сен үшін, әрине, бұл дүниеден гөрі ақырет жақсы. Тәңірің сені (ақыретте) жарылқайды, сен оған разы боласың.
Сені жетім кезіңде іздеуп тауып, пана болған сол еді ғой!. Қысылған сәтіңде іздеп тауып, тура жолға салып еді ғой! Пақыр кезіңде іздеп тауып, ешкімге тәуелсіз еткен де (дәулет берген де) Алла еді ғой?
Ендеше жетім-жесірді қорлама. (Қайыршыны) (сұраушыны) дауыс көтеріп қума! Тәңіріңнің (өзіңе берген) игілігін адамдарға насихаттап айтып жүр».
Жасырын исламға шақыру, намаз оқуды үйрету және алғашқы мұсылмандар.
Келесі келген уахиде Пайғамбар Хадишаға үстін жабуын өтінген. Осы сәтте Алла: «ей жапқышпен оранған пайғамбар! Тұр да саған сенбегендерді азаппен қорқыт. Раббыңның бақытын баянда, киімдеріңді таза ұста, пұтқа табынушылық ластығын тастауды жалғастыр (Муддасир 74/1-5)», - деген аяттар түскеннен соң, исламға шақыруды маңайындағы адамдардан бастады. Осы кезеңде Пайғамбар адамдарды Алланың бірлігіне сенуге, одан басқаға табынбауға шақырды. Алдымен жанұя мүшелеріне, кейбір жақындары мен достарына исламды насихаттады.
Ардақты пайғамбарға намаз парыз болған кезде, ол Меккенің жоғарығы жағындағы бір жерде болатын. Оның жанына келген Жабраил тобығымен жерді тепкен кезде, сол жерден су атқылады. Аққан судан Жабраил дәрет алды, ал пайғамбар оның әрекетіне зер асылп қарап тұрды. Осылай Жабраил оған назам оқу үшін қалау тазалану қажеттігін үйретті. Ардақты пайғамбар да жабраилдің істегені сияқты дәрет алды және Жабраил тұрып Пайғамбармен бірге намаз оқыды, сосын жөніне кетті.
Ардақты Пайғамбар Хадишаның жанына барып намазға тұру үшін қалай тазаланатынын көрсетті және екеуі қосылып намаз оқыды. Миғражға дейін намаз үш уақыт, бастапқыда екі ракат, одан соң төрт ракат болып оқылды.
Хадиша бинт Хуайлид Пайғамбарға сеніп, оның Алла тарапынан жіберілгеніне нанды және оған бар ынты-шынтысымен көмек берді. Осылайша әйелдер арасында алған исламды қабылдаған Хадиша болды. Пайғамбардың айтқандарын жоққа шығарып, өтірікші деп, оны келеке еткен ислам дұшпандарына ренжіп үйіне келген кезде, Хадиша оның көңілін көтеретін, шыдау қажеттігін ескертетін және надандардың айтқандарына көңіліне алмай, оларды кешіре салу қажеттігін айтып, ақыл-кеңесін беретін, оған сүйеніш болатын.
Шамамен үш жылға созылған осы кезеңде Хадишадан басқа кейбір Пайғамбар жақындары мен жостары ислам дінін қабылдай бастады. Хазіреті Пайғамбар мен Хадишаның намаз оқып тұрғанын көрген хазіреті Али тоғыз жас шамасында мұсылмандыққа өткен және балалар арасында алғаш мұсылман болған. Одан соң Пайғамбарға азат етілген құлы Зейд бин Хариса сенді, кейіннен құлдар арасынан Билал Хабаши ислам дінін қабылдады. Ал үлкен ер кісілер арасында алғаш ислам дінін қабылдаған хазіреті Әбу Бәкір болатын. Билал Умаййа бин Халафтің құлы болатын, олар құлының мұсылман болғандығына байланысты оған азаптар көрсетті қинаған. Әбу Бәрік оған көп ақша беріп Билалды сатып алды және азат етті. Сонымен қатар Әбу Бәкірдің ұсынысымен және жол көрсетуімен Осман бин Аффан, Зубейр бин Аууам, Абдуррахман бин Ауф, Тальха бин Убейдуллаһ, Саад бин Әбу Уаққас ислам дінін қабылдады.
Сонымен қатар Пайғамбардың қыздары – Зейнеп, Руқия және Умму Кулсум, Осман бин Мазун, Саид бин Зейд, Аййаш бин Әбу Рабия мен әйелі Асма бинт Салама, Әбу Убайда бин Жаррах, Аркан бин Әбу-л-Аркан, Әбу Салама, Жафар бин Әбу Талиб және Убайда бин Харис жаңа дінді қабылдады.
Жасырын исламға шақыру кезеңінде Пайғамбар мұсылмандармен елеусіз болып табылатын жерлерде және Аркан бин Әбу-л-Арканның үйінде бас қосып, сұхбаттасатын. Арканның үйі пайғамбарлықтың 6 жылы (615 ж.) Омар бин Хаттаб мұсылман болғанға дейін маңызды жиналыс орны қызметін атқарды. Омар мұсылман болғаннан соң мұсылмандар намаздарын Қағбада оқи бастады.
Исламға ашық үндеудің басталуы. «Ей Мұхаммед! Енді саған бұйырылғандарды ашық ортаға қой және Аллаға ортақ қосқандардан аулақ бол (Хижр 15/94») аяты жасырын исламға шақыру кезеңінің аяқталғандығын білдіреді. Пайғамбар ашық исламға шақыруға «алдымен ең жақындарыңа ескерт (Шуара 26/214)» аяты бойынша жақындарынан бастады. Туыстарына қонақасы беріп, оларды исламға шақырғысы келді. Бірақ астан соң сөйлесуге мүмкіндік таба алмады, қонақтарда таралып кетті. Екінші шақыруда Пайғамбар сөз ала бергенде Әбу Лаһаб оның ата-баба дінінен бездіретін идея насихаттап жатқанын айтып, туыстарының пайғамбар насихатын тыңдауына кедергі болды. Әбу Лаһабтан басқа Пайғамбардың немере ағалары осы насихат сәтінде мұсылмандықты қабылдамағанмен Әбу Талиб өлгенге дейін Пайғамбарды қорғаған.
Пайғамбар туыстарынан күткен көмегі нәтижесіз аяқталғандықтан, Құрайш тайпасының басқа тармақтарына бет түзеді. Құрайштарды исламға шақыру мақсатында Сафа төбесіне шығып, халыққа үн қатты. Пайғамбар үндеуінде «мен қатты азаптан бұрын ескертушімін (Саба 34/46)». Ей Абдулмутталиб әулеті! ей Абдулманаф әулеті! ей Зухра әулеті! (басқа да әулеттерді жеке-жеке атағаннан соң) Алла маған жақын туыстарыма ескерту жасауды бұйырды. «Алладан басқа құдай жоқ» демей, сендер үшін бұл дүние мен ақыретте ешбір пайда жоқ» - деді. Осы сәтте Әбу Лаһаб тағы да әдепсіздік көрсетті. Ол жерден бір тасты алып Пайғамбарға лақтырып жатып: қарғыс атсын сені! Бізді осыған бола осы жерге жинадың ба?! – деп дүрсе қоя берді. Әбу Лаһабтың осындай және осыған ұқсас әрекеттері «Әбу Лаһабтың екі қолы құрысын! Ол өзі де құрыды. Мал-мүлкі де, басқалары да оған пайда бермейді. Ол алаулаған отқа кіреді. Оның отын тасығыш әйелі де лаулаған отқа түседі. Оның мойнында мықты есілген арқан болады» деген мәндегі «Таббат» сүресінің түсуіне себеп болды.
Әбу Лаһабтың әйелі Умму Жамил келеке-мазақ сөздерімен пайғамбарға деген дұшпандығын күн өткен сайын арттырды және Пайғамбардың екі қызымен үйленген екі ұлына әйелдерімен ажырасуына себепкер болды.
Мүшіріктердің жаңа дінге қарсылығы. Бастапқы кезде Пайғамбардың үндеуіне құлақ қойып, оның әкелген дініне сенгендер онша көп бола қоймады. Алғашқы мұсылмандардың көбісі жастардан құралды.
Алғашқы кезеңдерде меккелік мүшіріктер мұсылмандарға аса мән бере қоймады. Әсіресе, олардың дұшпандығы Пайғамбардың пұттарға қарсы шығуымен байланысты өрши түсті. Әсіресе, Меккедегі Құрайш руларының көсемдері Пайғамбардың алып келген дініне қатаң түрде қарсылық көрсетті. Оған деген қарсылық уақыт өткен сайын арта түсті де бір жағынан Пайғамбардың уағыз-насихаттарына кедергі жасауға тырысса, келесі жағынан, руластары арасында ислам дінін қабылдағандарға қысымшылық көрсетті.
Мүшіріктер Әбу Талибке келіп, немере інісін жөнге салуды сұрады. Бұдан нәтиже шықпағаннан соң, Пайғамбарға кейбір тосқауыл жасау тәсілдеріне көшті. Оны кемсітті, келеке етті, тіпті оған сенгендерге, әсіресе, ешкімі жоқ кедейлер мен құлдарға нақты түрде қысымшылық жасай бастады.
Алайда осындай кемсітулер пайғамбардың еңсесін түсіре алмады. Келген аяттар арқылы маңайындағыларды исламға шақыра берді. Алдымен ол Құран оқып, түскен аяттардағы бір құдайлық пен ахиретке сенімді түсіндірді, адамдардың пұтқа табынушылықтан жиренуді ұсынды.
Мүшіріктердің дұшпандығы және жасаған жамандықтары. Пұтқа табынушылықты сынға алған Пайғамбарға меккелік мүшіріктер оны қорқыту және райынан қайтару үшін әрекетке көшті. Пайғамбардың үйі Әбу Лаһаб пен Уқба бин Әбу Муайт үйі арасында орналасқан және олар қолынан келген барлық зұлымдықты Пайғамбарға жасап бақты. Әбу Лаһаб өзімен қоса Утба, Утайба атты ұлдарын да Пайғамбарға қарсы айдап салатын. Ал Әбу Жаһил Пайғамбардың Қағбада ғибадат жасауына кедергі жасап бақты. Уқба бин Әбу Муайт сойылған түйенің ішек-қарнын Пайғамбардың басы сәждеде болғанда ақтара салатын. Пайғамбар намазын аяқтағаннан соң «Я Алла Құрайшты саған тапсырдым дұға жасайтын. Тағы бірде: Я Алла Әбу Жаһилді, Утба бин Рабияны, Шайба бин Рабияны, Уалид бин Утбаны, Умаййа бин Халафты, Уқба бин Әбу Муайтты, Умара бин Уалидті саған тапсырдым, деп теріс дұға оқыды. Олардың барлығы бірнеше уақыт өткеннен соң бір бәлеге ұшырады.
Бастапқыда меккелік мүшіріктердің исламның таралуына қарсылығы Пайғамбарды келеке етумен басталды. Олар ислам дініне мән бермей, көп өтпей-ақ аталған діннің өшіп, жоғалып кететініне сенетін. Олар исламға қарсы шабуылға шығуда қажетсіз деп тапты. Меккелік мүшіріктер ислам дінін қабылдағандармен кездескен сәтте оларға мазақ етіп күліп, жаман әрекеттер жасайтын.
Кейде олар хазіреті Мұхаммед пайғамбарды балгер, ақын дейтін және пайғамбардың қолынан еш нәрсе келмейтінін айтатын. Кейде оның ақылы адасқан деп есептейтін. Алайда Меккенің алдыңғы қатарлы адамдары ислам дінін қабылдап оның маңайына адамдар жинала бастаған кезде, мүшіріктер өздеріне келетін қауіпті сезе бастады. Енді олар келеке етуді қойып тікелей шабуыл жасауға көшті. Пайғамбардың көршісі - Әбу Жаһил оның өтетін жолдарға тікенді бұтақтар қойып түнде байқамай басып кетуін тілейтін. Бір күні Пайғамбарға бірнеше мүшірік шабуыл жасады, олардың арасындағы Уқба бин Әбу Муайт қолындағы шүберекті Пайғамбардың мойнына орап оны буындырмақшы да болды.
Дегенмен олар құлдар мен күңдер сияқты ешкімі жоқ адамдар мен кедейлерге азап көрсеткеннен басқа ешнәрсе істей алмайтын. Билал Хабашиге қабылдаған дінінен бас тарттыру үшін – иесі оны ең ауыр азапқа салды. Бірақ мұсылмандық осы азаптарға төзе алатын дәрежеде жүрегіне мықтап орын тепкен болатын. Оған мұсылмандықтан бас тартудың орнына өмірден бас тарту жеңіл көрінді. Аммардың әкесі Ясир мен анасы Сумаййаны жабайылық әдіспен азапқа салды. Оларға көрсетіген азаптан адамның денесі тітіркенетін: Ясирдің екі аяғы екі түйеге байланып екі жаққа тартылғанда ол екіге айрылды. Ал Аммардың анасы надандық әдіспен Әбу Жаһил өлтірді.
Аммар тап болған қиындық кезінде жүрегімен емес, амалы жоғынан Лат пен Уззаны дәріптеуге және пайғамбарға қайшы сөздер айтуға міжбүр болды. Ол мүшіріктердің құрсауынан құтылғаннан соң Пайғамбардың жанына барып болған оқиғаны айтып берді. Пайғамбар әлгі исламға қайшы сөз айтқанда жүрегінің қалай сезінгенін сұрады. Ол жүрегінің иманға толы екендігін айтты. Осы кезде Пайғамбар қиындықпен, мәжбүрбен айтылған қандай да бір сөз иманға нұқсандығын тигізбейтінін айтты. Осы оқиғаға байланысты «Егер кімде-кім әуелі Аллаға сеніп, кейін оның көңілін күпірлік билеп кетсе, (өз еркімен солай істесе) – ол құдайдың қаһарына ұшырайды, ауыр азап шегеді. Ал егер біреудің мәжбүр етуімен, еріксіз істегендер болса, жүректегі сенімі бекем болса, (ол күнәға саналмайды) (Нахл 16/106)» -деген аят келді.
Аталған зорлық пен азап мұсылмандардың жүрегіндегі иман нұрын сөндіре алмады. Мұсылмандардың осындай төзімділігі мүшіріктерге одан ары үрей билетті. Сондықтан олар қолынан келгенше азаптарды жасап бақты және оны күн өткен сайын үдете түсті.
Құрайш мүшіріктерінің исламға кедергі жасау талпыныстары. Құдай деп табынған тас, тақтайларын Пайғамбардың сынға алуы, тозақ отымен қорқытуы мүшіріктерді мазасыздандырды, тіпті, олар түнде ұйқыдан да қалды. Қолдан келгенше жасаған зұлымдықтары исламның таралуына кедергі бола алмады. Соғында олар Пайғамбардың қамқоршысы, немере ағасы Әбу Талибке келіп жүгінді. Олар немере інісінің әрекетіне кедергі болуды немесе өздеріне беруді сұрады. Келгендердің бірі «Мұхаммедті бізге бер, біз оны өлтіреміз, оның орнына саған арамыздағы біріміздің ұлымызды алуыңды ұсынамыз, - деді. Бұған Әбу Талиб «сендер менің ұлымды өлтірсеңдер, менің сендердің балаларыңа тамақ беріп асырасам бұл дұрыс па деп келке түрде жауап берді. Арадағы тартыстан соң келген Құрайш өкілдері жөндеріне кетті. Әбу Талиб Пайғамбарды шақырды да Құрайш мүшіріктерінің қойған талаптарын айтты. Пайғамбар бұған қатты әсерленді. Немере ағасының оны қамқорлығына алмайтындай болып көрінді және көзіне жас толды, сосын немере ағасына былай деді: Көке сен не мені тастап кеткің келіп тұр ма? Рухымның иесінің атымен ант етейін құдайлық міндеттен бас тартуым үшін күнді оң жағыма, айды сол жағыма қойса да осы бетімен қайтпаймын», - деп жауап берді. Ал Әбу Талиб інісін өлгенінше қамқорлығына алатынын айтты.
Құрайштық мүшіріктер бас қосып, исламның жолын кесу жолдарын қарастыруды жалғастырды. Олар араларына Утба бин Рабияға міндет жүктеп, Мұхаммедпен кездесуді ұсынды. Ол Пайғамбардың жанына келіп былай деді: «Ей Мұхаммед! Біз сені, ақылды, сенімдіғ адал адам ретінде танимыз. Сенің сөздерің халық арасында неше түрлі жаман сөздерге жетелуіне қимаймыз. Маған ашық айтшы, бұлардың барлығын не себепті істеп жүрсің? Ақша қалайсың ба? Қала халқы сен қалайтындай ақша жинап бере алады. Мүмкін қалауың әйел шығар! Қаланың ең сұлу қызын әйел ретінде ал. Ел басшысы болғың келе ме? Сені басшы ретінде барлығымыз қабылдауға дайынбыз. Тек біздің діни сезімімізбен ойнай көрме, Пұтқа табынған біз бен аталарымыздың мәңгілік тозақта қалатынын айта көрме». Соңында келе түрде «өзіңді науқас сезінсең, ең мықты дәрігер іздестірейік, - деп сөзін аяқтады. Осы әңгімені үнсіз тыңдаған Пайғамбар оған Құран Кәрімдегі «Ха мим. (Бұл) өте рақымды, мейрімді Алла тарапынан түсірілген, аяттары өте түсінікті, (оқи) білгендер үшін араб тілінде жазылған Құран. Ол (мүміндерге) қуанышты хабарлар әкеледі, ал (кәпірлерге) ескертеді. Бірақ, олардың көбі бұған теріс бағады. (Сондықтан да) бұған құлақ салмайды.
Біздің жүрегімізде сен насихаттаған нәрселер үшін перде ұсталған, құлағымыз қағыс, сені мен біздің арамызда перде бар. Сен өз ісіңмен бол, анығында біз де өз ісімізбен боламыз, - дейді көпқұдайшылдар.
Сен айт: «мен де өздеріңдей адаммын. Тек маған – сенің иеі бір Алла деп аян етілген. (Сендер де) соған бет бұрыңдар, содан кеңшілік тілеңдер», - де. Көпдіншілдер құрысын! Олар зекет бермеді, ақыретке сенбейді. Иман келтіргендерге, ізгілік жасағандарға, әрине, үнемі сауап жазылады».
Сен айт: «жерді екі-ақ күнде жаратқан Аллаға қарсы шығасыңдар ма? Оған теңдес өзгені табасыңдар ма? Ол – күллі әлемнің тәңірі ғой», - де.
Жер бетінде (ол) көптеген таулар жаратты, жерге береке берді. Жер бетіндегі жан иелерінің ризығын белгіледі. Осының бәрін төрт күнде тамамдады. (Жаратылыс туралы) сұраққа берілген тура жауап осы.
Сонан соң ол аспанға бет бұрды. Бұл кезде аспан бұлыңғыр түтін ғана еді. Көк пен жерге: «ерікті, еріксіз түрде келіңдер (әмірімді орындаңдар)», - деді. «Еркімізбен келдік» - деді олар. Жеті қабат аспанды Алла екі күде жаратты. Әр қабаттың міндетін белгіледі. Ең төменгі көкті жұлдыздармен безендірді және оны қорғады. Әрі үстем, әрі білгір Тәңірдің ықылымы (ісі) осындай.
(Осы баяндаудан соң) олар тағы теріс бақса: «сендерді Ад пен Самуд қауымының басына түскен жазаға ұқсас азаптан сақтандырамын», - де», - деген Фуссилат сүресінің 1-13 аяттарын оқып берді және Утба ол арадан аулақ кетті. Ол жолдастарына оны жайына қою қажеттігін айтқанымен олар оған құлақ аспады.
Осы кезде пайғамбарлықтың 6- шы жылы Әбу Жаһилдің Пайғамдарды балағаттауына байланысты Хамза ислам дінін қабылдап, мұсылмандар күш жия бастаған болатын.
Пайғамбардың паш еткендеріне нанбаған және оны мойындамаған Құрайш шонжарлары оны сиқыршы, балгер, ақын, жынды десетін, бірақ одан ешкім асып түсе алмады. Одан ғажайыптар жасауын талап етті, кейбір сұрақтар қойды. Ал Пайғамбар олардың барлығына жауап берді.
Мүшіріктерден көп жәбір-жапа көрген мұсылмандар:
Билал Хабаши. Исламның кейінгі кезеңдерінде Пайғамбардың азаншысы құрметіне ие болған Билал қара нәсілді болатын. Ол бастапқыда Умаййа бин Халабтың басыбайлы құлы еді. Исламға жаны қас Умаййа жаңа дынды қабылдаған Балилды ұрып-соғып, ыстық құмның астына байлап, кеудесіне тас бастырып тастайтын. Алайда иманы берік Балил Умаййаның жасаған барлық азаптарына шыдап бақты. Қинаумен Билалды дінінен бездіре алмайтынына көзі жеткен Умаййа оның мойнына арқан ілім қаланы аралады. Бірақ Билал қабылдаған дінінен бас тартпады. Соңында Әбу Бәкір оны сатып алып, басына азаттық берді.
Аммар бин Ясир. Аммардың тегі иемендік болатын. Әкесі Ясир Мекке қаласына келіп орныққан болатын. Махзум тайпасының өкілі Әбу Хузайфа Ясирге Сумаййа атты күңді алып береді. Одан Аммар дүниеге келді. Ол исламды алғаш қабылдағандардың бірі болып табылады. Құрайш басшылары осы сияқты қорғаны жоқ бишара мүміндерді азапқа салуға құмар болатын. Мүшіріктер Аммарды әке-шешесімен қоса, құмға жатқызып қойып, есінен танғанша сабайтын. Әбу Жаһил оның анасын әбден соққыға жыққан, осы соққыдан Сумаййа жан тапсырды. Аммардың әкесі – аммар да меккелік Құрайштар тарапынан жан тапсырды.
Сухайб Руми. Руми римдік деген мағынаны білдіргенмен, Сухайбтың тегі – парсы. Оның әкесі Синан Аблада Сасанилердің әкімі болған. Бірақ Сухайбтың отбасы Мусулда өлген де Сухайб Византия әскерінің қолына тұтқынға түседі. Сондықтан Сухайб Византияда өскендіктен Руми деп аталып кеткен. Пайғамбар исламны насихаттай бастағанда Аммар мен Чухайб оның жанына барып ислам дінін қабылдаған. Осыған орай Құрайш мүшіріктері де Сухайбты қатты азапқа салды.
Хаббаб бин Арат. Хаббаб Тамим тайпасының өкілі болған да Жаһилия дәуірінде Умму Анмар сатып алған. Ислам енді тарала бастаған шақта аталған сахаба да Пайғамбардың қатарына қосылды. Хаббаб мұсылман олғандықтан, ол да Құрайш шонжарларының қатігездігінен құр қалмады. Хаббаб темір ұстасы болатын. Құрайштар оны қып-қызыл болып жатған оттың үстіне жатқызған да оның үстіне адам шығарған.
Әбу Фукайха. Әбу Фукайханың шын аты Афлах болатын, Сафуан бин Умаййаның құлы еді. Сафуан оған көп азаптар көрсеткен. Әбу Фукайханың аяғына жіп байлап, ыстық құмтың үстінде сүйрейтін.
Пайғамбардың басты дұшпандары:
Әбу Лахаб. Оның шын аты - Абду-л-Узза, Пайғамбардың немере ағасы бола тұра оған ең қауіпті дұшпан болды. Ол пайғамбар алғаш исламды үндей бастағанда-ақ бірлен қарсы шыққан. Осы жайлы Құранда Таббат сүресі түсті. Әбу Лахаб бадр шайқасында мұсылмандардың жеңісіне төзе алмай дүниеден өтті. Әбу Лахабтың әйелі Умму Жамил Әбу Суфиянның қарындасы болатын. Ол да күйеуіне болысып, Пайғамбарға тілімен де қолымен де бар жамандығын жасап бақты.
Әбу Жаһил. Шын аты – Амр бин Хишам. Құрайштар оны Әбу хакам деп атаса, мұсылмандар Әбу Жаһил деп ат қойды. Пайғамбар мен мұсылмандар оның тілімен де, қолымен де көп азапты көрді. Пайғамбар Қағбада намаз оқып тұрғанында Әбу Жаһил түйенің жынын оның үстіне ақтарып жібереді. Әбу Жәһил бадр шайқасында жер құшты.
Уалид бин Муғира – исламның атақты қолбасшысы Халид бин Уалидтің әкесі. Бірде ол Құрайш мықтыларымен бас қосқанда былай дейді: «Меккеге қажыға келгендер Мұхаммедті сұрағанда жауаптарың әртүрлі. Бірің жынды, бірің сиқыршы, бірің сәуегей, енді бірің ақын дейсіңдер. Бұлардың ешбірі оның бойынан табылмайды. Дегенмен де сиқыршы деген оған жақынырақ. Өйткені ол туыстар мен ерлі-зайыптыларды бір-бірінен ажыратып жатыр». Ол һижреттен үш ай кейін дүние салды.
Умаййа бин Халаф – Бадрда өлтірілді.
Ас бин Уаил. Атақты исламның дипломаты – Амр бин Астың әкесі. Ас ол ислам діні мен Пайғамбарды әжуа, келеке қылатын. Пайғамбардың ұлы Қасым өлгенде Мұхаммедтің тамыры кесілді деп мазақ қылған. Бірде ол есекпен Мекке маңайындағы бір белден асып бара жатқан кезде есектен жығылып, аяғы жараланады да осы жарадан өледі.
Мүшіріктердің исламды қабылдамау себептері:
1. Мүшіріктер қолындағы билік пен атақ-абыройдан айрылып қаламын деп қорықты. өйткені ислам адамтар арасындағы тап бөлінісін қолдамады, адамның барлығы тең деп есептеді. Пайғамбардың алып келген дініне қарсы шыққандар – Құрайш руының ірі қолбасшысы, әрі көсемі Уалид бин Муғира, одан кейінгі орындағы Әбу Жаһил, Меккенің атақты ақсақалы Әбу Лахаб, әулеттегі жан саны көбі Ас бин Уаил өздерінің осы атақтарынан айрылғысы, оны сақтап қалғысы келді.
2. Меккеліктер саудамен күн көретін. Ал араб әлеміндегі ірі сауда орталықтарының бірі Мекке болатын. Арабтардың қасиетті санайтын Меккедегі Қағбада 360 пұт болды. Ислам пұттарды құртса, Меккеге бір жағы пұттарға сиынуға, келесі жағы сауда жасауға келген арабтар саны сиреп, саудамыз тоқтайды деп қауіптенді. Өйткені арабтарды Меккеге тартатын пұттар, пұттар құрыса Меккеге ешкім келмейді, Қағба қасиетінен айрылады деп есептеді.
3. Арабтар неше жылдар бойы дәстүр болып қалыптасып қалған ата-баба дінінен безуден қорықты.
4. Арабтарға көсем болу үшін басты шарттар – бай және көп балалы болу. Ал дәулеті мен балалары аздарды ежелгі арабтар көсем ретінде тани қоймайтын. Ал пайғамбарда осы шарттың екеуі де жоқ болды. Құрайштар көсемдікке Уалид бин Муғираны, Умаййа бин Халафты, Әбу масуд Сақафиді лайықты деп білетін.
5. Құрайштар мұсылмандар мен христиандарды бірдей деп санайтын да христиандарды ұнатпайтын. Себебі, пайғамбар дүниеге келер шақта Қағбаны қиратуға келген Абраха христиан болатын. Оның орнына Құрайштар зороастризм дінін ұстайтын парсыларды жақын тартатын.
6. Құрайштардың ішіндегі Хашим әулеті мен Умаййа (Омайя) әулеті бұрыннан бері бір-бірін ұнатпайтын. Хашим әулетінен Абдулмутталиб өзінің қабілетімен, дәулетімен Хашим әулетінің абыройын көтерген болатын. Ол тірі кезде хашимилерге ешкімнің тісі батпады. Алайда Абдулмутталиб дүние салғаннан соң оның ізін басатын қабілетті балалары болмады. Араб дәстүріне сай көсемдік байлыққа байланысты еді. Ал Абдулмутталибтің балалары арасында Әбу Талиб кедей, Аббас бай болғанымен жомарт емес, Әбу Лахаб ынжық мисыз болды. Умаййалар осыны пайдаланып, өздерінің әулетін асқақтатуды ойлады. Олардың ойлағанына қайшы түрде Пайғамбар хашим әулетінен шықты, осы себепті Умаййалар өздерінің абыройы түсуден қауіптенді де Пайғамбармен, исламмен жауласты. Пайғамбар дұшпанлары арасынан Хашим әулетінен тек Әбу Лахаб қана болды, ал қалғандары Умаййа әулетінен еді.
Умаййа әулетінен басқа Махзум әулеті де өздерін хашимилермен бәсекелес санайтын. Осы әулеттің көсемі Уалид бин Муғира мұсылмандардың дұшпаны болды.
Мұсылмандардың шет жаққа қоныс аударулары
Эфиопияға алғашқы һижрет. Күн өткен сайын мұсылмандардың саны артып, діндерін барша жұртқа паш ету кезінде оларға қарсы меккелік мүшіріктер мен кәпірлердің өштесу және зұлымдық жасау талпыныстары да арта түсті және мұсылмандарды жаңа діннен бездіру үшін барынша тырысып бақты. Осыған байланысты Пайғамбар сахабаларының өзге аймаққа қоныс тебуіне рұқсат берді. Ал сахабалары Пайғамбардан қайда кету қажеттігін сұрағанда Пайғамбар Эфиопияны нұсқады. Сонымен алғашқы қоныс аударушылар кейбірі жанұясымен, ал енді бірі жалғыз болып қоныс аудару дайындығын жасағаннан соң, он бір ер, төрт әйел болып, пайғамбарлықтың бесінші жылы Режеп айында (615 ж.) Меккеден жасырын түрде жолға шықты және Қызыл теңіз жағалауындағы бір саудагердің кемесімен Эфиопияға қоныс аударды. Эфиопияға алғаш қоныс аударғандардың қатарында Осман бин Аффан мен жұбайы Руқия, Джафар бин Әбу Талиб пен жұбайы Асма бинт Умайс, Осман бин Мазум, Зубейр бин Аууам, Халид бин Саид пен жұбайы Умайма бинт Халид, Абдуллаһ бин Жахш, Абдуллаһ бин Масуд, Абдуррахман бин Ауф, Әбу Убайда бин Жаррах, Мусаб бин Умайр болды.
Эфиопияға екінші һижрет. Мүшіріктердің көрсеткен жәбір-жапасы артқан сайын және Эфиопияға бастапқыда қоныс аударғандардың жағдайы жақсарғанына байланысты Эфиопияға қоныс аудару одан ары жалғасты. Эфиопияға көшудің екінші дүркінінде қоныс аударушылар саны 82 ер мен 10 әйелді құрады.
Құрайш мүшіріктері мұсылмандардың Эфиопияда тыныштық пен рахатта өмір сүріп жатқанын көре алмай, оларды сол аймақтанн шығаруды мақсат тұтты. Абдуллаһ бин Әбу Рабия мен Амр бин Ас басшылығындағы елшілер тобы бағалы сыйлықтарымен Эфиопияға жіберілді. Елшілер алдымен діни қызметкерлермен, үкімет шенеуліктерімен және қолбасылармен кездесіп, тарту-таралғыларын ұсынды және олардың патша алдында талаптарын орындауға көндіруге көмек беру сұралды.
Құрайш елшілері Эфиопия патшасы – Наджашидің алдына шығып мұсылман қашқындар жайлы қаралап, олардың Эфиопиядан шығарылуын талап етті. Бірақ өз адамдарының да қарсылығына қарамастан Нажжаши мұсылмандармен кездесіп, Құрайш елшілерінің талаптарынан бас тартты. Мұсылмандар атынан Жафар бин Әбу Талибтің Нажжашимен кездескенде былай дегендігі баяндалады:
«Ей патша! Біз надандық қараңғылығында адасқан бір ел едік. Біз пұттарға табынатынбыз, өлген малдың етін жейтін және күнә істейтін едік. Туыстармен байланысты үзуді және көршілермен жаман қатынаста болуды әдетке айналдырған болатынбыз. Арамыздағы күштілер әлсілерді қанайтын. Алла бізге арамыздан тегін, әділдігін, сенімділігін, адалдығын білетін елші жібергенге дейін осы өмір сүріп жаттық. Алланың елшісі бізді Алланы бір деп тануға, тек оған құлшылық жасауға, біз бен аталарымыздың Алладан басқа пұттар мен тастарға табынудан бас тартуға шақырды. Ол бізге тура сөйлеуді, аманатқа қиянат жасамауды, туыстармен араласып тұруды, көршілермен жақсы қатынаста болуды, харамнан аулақ болуды және адамдарды өлтірмеуді бұйырды. Пайғамбар күнә істеуге, жаман сөздер айтуға, жетімнің ақысын жеуге, намысты әуелді мазақ етуге тиым салды. Ол Аллаға табынуды, оған серік қоспауды, намаз оқуды, зекет беруді және ораза ұстауды ұсынды. Оған шын жүрегімізбен сендік және Алладан әкелген уахилерге бой ұсындық. Осылай біз тек Аллаға ғана құлдық ұрдық және оған серік қоспадық. Бізге харам дегенін арам, халал дегенін адал деп мойындадық. Ұлы Аллаға жасалынатын ғибадаттан айырып, бұрынғы пұтқа табындыруға және бұрын дұрыс деп табылған жаман әдеттерге қайта бой алдырту үшін қауымымыз бізге дұшпандық жасады. Бізге азаптар көрсетті, дінімізден бас тарту үшін қысымдар жасап бақты. Меккеліктер бізге зұлымдық жасағандықтан және қысымшылықтарын арттырып, өмір сүруге мұрша бермегендіктен сенің еліңе келдік. Айналадағы билеушілер арасынан сені таңдадық және сенімен көрші болуды артық санады. Сенің жаныңда зұлымдыққа тап болмайтынымызға үміттендік ей патша!»
Тіпті кейбір мәліметтерге қарағанда ол ислам дінін қабылдады.
Хазіреті Омардың исламды қабылдауы. Ислам дінін қабылдауы өз алдына бөлек оқиға болған Омар жаһилия дәуірінде исламның нағыз дұшпаны болды. Меккеде шыққан проблеманың басты ұйытқысы деп есептелген Пайғамбардың басын шабуға тағайындалған Омар осы істі шешуді мойнына алған болатын. Бір күні Омар осы міндеттемені жүзеге асыру мақсатында қылышын әзірлеп, Пайғамбар отырған үйді іздеуге шықты. Омардың өзінің қарындасы Фатиманың және күйеу баласы Саидтың жаңа дінді қабылдағандығы туралы хабары жоқ болатын. Жолда Омарға Нуайм бин Абдуллаһ ұшырасып қалады да оның жақсы ниетпен жүрмегендігін сезіп, қайда бара жатқандығын сұрайды. Омар: «Мұхаммедті өлтіруге кетіп бара жатырмын», - деп жауап береді. Сонда Нуайм оған: «Уаллаһи ей Омар! Нәпсің сені адастырмасын. Мұхаммедті өлтірсең, Абду Манаф әулеті сені жер бетінде аман-есен қоя салады ма? Сен өз әулетіңе барып әулетіңді жөнге салсаң болмас па еді?» – деген кезде Омар Нуаймға нені нұсқап отырғанын сұрады. Сонда Нуайм: «қарындасың мен күйеу балаң да солардың арасында», - деп жауап береді.
Тіке қарындасының үйіне тартқан Омар жақындағанда үйден Құран дауыстарын естиды. Себебі, Хаббаб бин Арат жаңа түскен Таһа сүресін үйретіп жатқан болатын. Омардың үйге енуімен қарындасы мен күйеу баласы Хаббабты жасырды және аяттарды да тығып қойды. Ішке енген Омар күйеу баласына ұмтылып, оны алып ұрды. Күйеуін арашалауға келген қарындасы да таяқ жеді. Сонда Фатима: «ия біз мұсылман болдық, Аллаға және елшісіне сендік, не істесең соны істе, - деп бет-аузы қан күйінде айқайлап жауап берген кезде, Омардың жан дүниесіне мейрімділік сезімі оянды және істегеніне өкінді. Оқып жатқан Құран парақтарын сұрады. Омарға дәрет алдырды және Құран парағын оқытты. Сонда оның жүрегі исламға айқара ашылды. Одан соң ол пайғамбар қонақ болып отырған Аркамның үйіне барып ислам дінін қабылдады.
Ғараник оқиғасы. Бір күні Пайғамбар «Масжиду Харамда» біршама мүшіріктер жиналған кезде Нажм сүресін оқып жатқан болатын: «айтыңдаршы сендер, әл-Латты, әл-Уззаны және үшіншісі болған Манатты көрдіңдер ме?» (Нажм-19-20) – деген аяттарға келген кезде, мүшіріктердің арасындағы Надр бин Харис: “бұл пұттар – ұлы пұттар, олардың шапағаттары ескеріледі», - деп айтып қалады. Пайғамбар сүрені оқуды жалғастырып, соңғы аятын оқыған соң, сәжде аяты ішінде орын алғандықтан сәждеге бас қойды. Осы сәтте мұсылмандармен қатар мүшіріктер де сәждеге бас қойды. Осы оқиға мүшіріктер тарапынан қате жорамалданды және дұрыс емес түсінік пайда болды.
Хашим әулетіне қарсы Құрайштардың қысымы және оған наразылық. Пайғамбардың жалпы халықты исламға шақыруынан және исламның тез арада халықтар арасына таралуынан қауіптенген, бірақ, тікелей, ашық түрде Пайғамбарға шабуыл жасауға жүректері дауламаған меккелік пұтқа табынушылар оның жолын кесудің жаңа жолдарын қарастырды. Мұсылмандарды Эфиопияның жақсы қабылдауы және меккелік әулеттердегі абыройлы бірнеше адамның исламды қабылдап кетуі, тіпті Меккеден тыс тайпалар арасында исламды мойындағандардың көрініс табуы Құрайш пұтқа табынушыларын шектен тыс шешім қабылдауына итермеледі. Осы кезде Абдушамс әулетінің ақсақалы Утба бин Рабияның идеясы бойынша Әбу Талибке талаптар қойды. Бірақ, Әбу Талибке қойған талап өз жемісін бермеді. Осыған орай, Құрайш мүшіріктерінің дұшпандығы одан ары артып, Мұхаммед пайғамбарды өз әулетінің мүшесі ретінде қорғаған Хашим әулетіне шабуылдың жаңаша әдісін ойлап тапты. Ондағы мақсаты – Мұхаммедті Хашим әулетінің қамқорлығынан махрұм қылу. Нәтижесінде, пайғамбарлықтың жетінші жылы Хашим әулетін көпшіліктен бөліп тастады: ешкім аталған әулетпен байланыс жасамайды, қыз бермейді және қыз алмайды, сауда-саттық жасамайды, тіпті Хашим әулетімен сөйлеспейді. Пайғамбарды қорғауда Хашим әулетінің сабына қосылған олармен немерелес Мутталиб әулеті де осы қысымға алынды. Алайда, Пайғамбарға қарсы мүшіріктермен тізе қосқан Пайғамбардың Әбу Лахаб атты немере ағасы мен оның балалары осы қысымнан тысқары қалды.
Хашим әулетіне қарсы әлеуметтік және экономикалық қысымды қамтитын Құрайш қарарлары бір нәрсеге жазылып, Қағбаның кіре берісіне асылды. Екі тау арасындағы бір аймақта Хашим әулеті мен Мутталиб әулеті және қаланың әр жерінде тұратын мұсылмандар жаппай қысымға ұшырады. Олар айлар бойы олар ауыр азаптар мен таршылықты бастарынан өткерді. Құрайштар арасында кейбір жанашырлар қолынан келгенше кейбір көмектерін жасырын көрсетті. Үш жылға созылған аталған қысым соңында біртіндеп өз күшін жоғалта бастады. Қысым сәтінде балалар мен қарттар дүние салды. Соңында Құрайштардың ішіндегі кейбірі өздерінің осы шешімдеріне наразылықтарын білдірді және Хашим әулетімен байланыстарын күшейтіп, оларды осы қиыншылықтан құтқарғандай болды. Хишам бин Амр, Мутим бин Ади, Әбу-л-Бухтари бин Хишам, Зама бин Асуад Құрайш мүшіріктері қабылдаған осы шешімнің күшін жоюға атсалысқандардың басында келеді.
Келесі жағынан Алла тарапынан жіберілген көбелектер (немесе құрттар) мұғжизалық түрде Қағбаға ілінген әлгі нәрседе жазылған шешімді жеп қойыпты, тек, онда Алланың есімі ғана сақталыпты. Алла бұл оқиға Пайғамбарға уахи етілді. Ал пайғамбар болған оқиғаны немере ағасы Әбу Талибке айтты. Әбу Талиб оны Құрайш басшыларына әңгімелегенде олар сенбеді және әлгі жазуды алдыртып көрді және ақиқатқа куә болды.
Осы арада Мекке халқының барлығы ислам дінін қабылдады деген қауесет Хабашстанға да жетті және отыз шақты мухажир Меккеге оралды. Бірақ, Абссиниядан оралған мұсылмандар Меккеге жеткенде әлгі әңгіменің жай қауесет екендігін ұғынды және Құрайштардың шабуылына тап болды. Осы сәтте Хабашстанға қайтуға мұрсаты болғандар кері қайтты, ал қалғаны сыртқы бейнесін өзгеріп немесе кейбір мүшіріктердің қорғауына еніп, Меккеге кіруге мұрсат алды.
Қайғы жылдары: Әбу Талиб пен Хадишаның өлімі. Меккелік мүшіріктердің мұсылмандар мен Хашим әулетіне жасаған қыспағы тоқтатылғаннан шамамен сегіз айдан соң Әбу Талиб дүние салды. Әкесі сияқты Пайғамбарды кішкене кезінен бастап асырап өсірген және қамқорлығына алған, пайғамбар болғаннан кейін де оны жалғыз қалдырмай, бар күш-жігерімен оны қолдап қорғаған Мекке көсемдерінің бірі - Әбу Талиб әбден қартайған болатын. Ол пайғамбарлықтың оныншы жылы науқастанды. Сырқатының күн өткен сайын артуына байланысты Құрайш басшыларын өзіне шақырды және Мұхаммедпен жақсы қатынаста болуын өсиет етті. Құрайш басшылары Әбу Талиб өлмей тұрып: «бізді інің Мұхаммедке алып бар, онымен достасайық» дескен. Мұхаммед пайғамбар Құрайш басшыларының өзімен келісімге отырғысы келетінін көкесінен білгеннен кезде: «ей көке егер «ла илаһа иллаллаһ» десе арамызда келіспеушілік болмайды», - деген болатын. Бірақ Құрайштар бұл талаптан бас тартты және Пайғамбарға «Қағбадағы осыншама пұтты тастап, бір Аллаға сенуімізді қалап тұрсың ба?» - десіп тарасқан.
Әбу Талиб сексен жеті жас шамасында бұл өмірден көз жұмды. Әбу Талиб дүние салғанда Пайғамбар елуге енді келген болатын. Демек, Әбу Талиб милади 620 жылы өлген болып шығады. Кейбір мұсылман авторлар Әбу Талибтің өлім аузында жатқанда ислам дінін қабылдағанын қуаттағанымен көпшілік авторлар оның исламды мойындамай дүние салғандығын айтады.
Пайғамбарлықтың оныншы жылы Пайғамбарды қайғыға батырған келесі бір оқиға – алғаш ислам дінін мойындаған, Пайғамбардың сүйікті жары Хадишаның қайтыс болуы. Хадиша Әбу Талиб өлімінің соңғы күндерінде науқастықпен төсек тартып жатып қалады. Науқасы ауырлауына байланысты Пайғамбар былай деген екен: «Ей Хадиша! Алла сені Имран қызы Мариямнан, Перғауын қызы Асиядан жоғары қылды». Осыдан соң Хадиша Әбу Талибтің өлімінен үш күннен соң алпыс бес жасында дүние салды.
Хазіреті Мұхаммед алғашқы жары және алғашқы мұсылман хазіреті Хадишаны жақсы көретін және құрметтейтін, ол сау кезінде басқа әйелмен үйленбеген еді. Пайғамбардың ұрпақтары да Хадишадан туған балалары арқылы жалғасты.
Әбу Талибтің өлімінен соң Құрайш мүшіріктері Пайғамбарға деген дұшпандығын одан ары үдете түсті. Әбу Талибтің өлімінен соң Хашим әулеті ішінде ақсақалдық орынды Әбу Лаһаб, Хакам бин Ас, Уқба бин Әбу Муайт мүшіріктердің айдауымен Пайғамбар мен сахабаларына жәпір-жапаны үдете түсті.
Таиф сапары. Құрайштардың жасаған зорлық-зомбылықтары күн өткен сайын арта түсті. Мекке халқын исламға шақыру нәтиже бермегендіктен, Пайғамбар көрші қалалардың біріне барып, исламды сонда жаюды мақсат етіп қойды. Осы мақсатпен бір түні жасырын түрде Меккеден шығып, асыранды ұлы Зейд бин Харисамен бірге Таиф қаласына кетті. Пайғамбарлықтың оныншы жылы Шаууал айында болған Таиф сапары Мұхаммед пайғамбардың өміріндегі ең ауыр және қиын күндердің бірі болатын. Таифтың және Сақиф тайпасы басшыларының бірнеше адамына исламны насихаттаған Пайғамбар олардың қатты қарсылығына тап болды. Таифтықтар Құрайшпен арадағы достығын да ұмытып, Пайғамбарға тас, таяқ жаудырды. Таифтықтардың қуғындауынан әзер құтылған Пайғамбар шаржаңқы және шарасыз жағдайда Рабия әулеті – Утба мен Шайбаның бағын паналады. Осы баудың бақташысы – Аддас атты құл Пайғамбарды жақсы қарсы алды. Олар діндер жайлы сұхбаттасты, Пайғамбар оны исламға шақырды, Мәліметтерде Аддас исламды қабылдады деп баяндалады. Мүшіріктер арасындағы Мутим бин Адидың қамқорлығымен Меккеге кіруге рұқсат алған Пайғамбардың одан кейінгі кездері халық арасында исламды шақыруы күн өткен сайын қиындай түсті.
Ибн Исхақ, ибн Хишам сияқты сияр авторлары Таиф сапарын былай аяқтайды. «Одан соң Алланың елшісі Таифтан Меккеге қайтуға жолға шықты. Ол түнде бір құрма ағашының саясында намаз оқып жатқан кезде, жанына Алланың Құранда баян еткен жындардың бір тобы өтіп бара жатты. Олар Пайғамбарды тыңдады. Пайғамбар намазын аяқтаған сәтте олар да иман келтірді және осы дінді қабылдаған күйі елдеріне қайтты».
Миғраж. Хазiретi Мұхаммед Хижреттен бір жарым жылдай бұрын 27 Режеп айында денесімен және рухымен «Мешіт Харамнан» «Мешіт Ақсаға» сапар шегуі «Исра» деп аталады. Ал Мешіт Ақсада көкке жоғарылауы «Миғраж» деп аталады. Пайғамбар Меккеде болғанда Алланың бұйрығымен Меккеден Құдысқа көтерілдi. Одан Жабiраил періштенің бастауымен Ақса мешiтiнен Миғражға көтерілген.
Мәліметтерге қарағанда Пайғамбар бір түні Қағбаның Хатим бөлімінде жатқан кезде, Жабраил келіп, Пайғамбардың кеудесін жарып, жүрегін және басқа да жерлерін замзаммен тазалағаннан соң, иман мен хикмет толтырып, бастапқы халіне алып келді, одан соң «Бурақ» деген бір нәрсеге отырғызылып, Пайғамбар Жабраилмен бірге «Байт Мақдиске» сапар шекті. Одан жоғарылап қат көктерде пайғамбарларға жолықты.
Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) бірінші қат көкте Хазіреті Адаммен, екінші қат көкте Хазіреті Яхиямен және Хазіреті Исамен, үшінші қат көкте Хазіреті Жүсіппен, төртінші қат көкте Хазіреті Ыдырыспен, бесінші қат көкте Хазіреті Харунмен, алтыншы қат көкте Хазіреті Мұсамен, жетінші қат көкте Хазіреті Ибраһиммен кездесті. Сол арадан «Сыдырату-л-Мунтахаға» жетті. Одан ары айтуға сөз жетпейтін, көруге көз жетпейтін бейнесі жоқ бір әлем болатын. Жабраил осы жерде қалған, себебі, Мунтахадан ары өтуге оған рұқсат етілмеген. Миғражда ұлы Алла Хазiретi Мұхаммедке үш нәрсе сыйлаған:
Бақара сүресінің соңғы екі аяты;
Үммбеттеріне Алла Тағаланың жаннатқа кіруін сүйіншілеу;
Күніне бес уақыт намаз оқу.
Миғражда Хазіреті Мұхаммедке он екі бұйрық берілді. Құран Кәрімде бұл бұйрықтар Исра сүресінің 22-38-ші аяттары аралығында қамтылған. Олар: 1. Алладан басқаға құлшылық жасамау; 2. Ата-ананы құрметтеу және оларға бағыну; 3.Туыс-туғанға, жоқ-жітікке, жолаушыларға және қорғансыздарға көмектесу; 4.Ысырап жасап мал-мүлкті орынсыз жерге жұмсамау; 5. Балаларды өлтірмеу; 6. Зинақорлық жасамау; 7. Жазықсыз адам өлтірмеу; 8. Жетімдерге, қорғансыздарға қорған болу; 9. Уәдеде тұру; 10.Таразыны тура тарту, таразыдан жемеу; 11. Өзің білмеген нәрсенің соңына түспеу; 12. Жер бетінде тым асқақ кетпеу.
Пайғамбардың алып келген ақиқаттар мен Құранға сенбеген Құрайш мүшіріктері Исра мен Миғражды да жоққа шығарды. Әбу Бәкір бастаған мұсылмандар оған күмәнбанбастан сенгендіктен Әбу Бәкір «Сыддық» деп аталып кетті.
Ардақты Мұхаммед пайғамбардың Сауда мен Айшаға үйленуі. Хазіреті Хадиша дүние салғаннан соң Пайғамбарға алғашқы мұсылмандар қатарындағы және Эфиопияға қоныс аударғандар арасындағы Мазунның ұлы Османның әйелі Хаула Саудамен және Айшамен үйленуді ұсынды. Пайғамбар Хауланың ұсынысын лайықты деп тауып, Саудамен үйленді. Сонымен қатар, Хазіреті Әбу Бәкірдің қызы кішкентай жастағы қызы Айшамен некелескен Пайғамбар Мединеге хижрет еткеннен соң онымен шаңырақ көтерді.
Тайпаларды исламға шақыру. Пайғамбар Таифтан қайғылы күйде оралған шақтарда мүшіріктердің шабуылдары мен тосқауылдары одан ары арта түсті. Осындай тосқауылдарға қарамастан Пайғамбар қажылық мезгілін пайдаланып, жан-жақтан қажылыққа келгендерге исламды уағыздап бақты. Әр жылы осы мезгілде Укказ, Мажанна және Зу-л-Мазажда жәрмеңкелер ашылып, Араб түбегінің түктіп-түкпірінен арабтар шаууал айында Укказ жәрмеңкесіне келетін, одан, Мажаннаға келіп, жиырма күн бойы сонда болатын. Одан соң Зу-л-Мазажға аяқ басатын және қажылық күндеріне дейін осында болатын.
Пайғамбар қажылық жасауға Меккеге келген арабтарға исламның мәнін түсіндіріп, осы дінді қабылдауға шақырды, үгіт-насихат жүргізіп, оларға Құран оқып беретін. Бұған жауап ретінде Құрайш мүшіріктері де қарап қалмай, Пайғамбарды қаралап, халықтың есін шығаратын. Осындай мүшіріктердің басында Әбу Лаһаб келетіні белгілі. Пайғамбар «ей адамдар! Ла илаһа иллаллаһ десеңдер азаптан құтыласыңдар» - деген кезде, оның артынан аңдып жүрген Әбу Лаһаб та: «ей халайық! Сақтаныңдар, оның айтқандарына құлақ аспаңдар! Ол өтірікші!» - деп бақырып жүретін.
Аталған әрекеттердің барлығы надан арабтарға өз әсерін тигізетін де Пайғамбардан аулақ жүретіндер де, оған қарсы шығып, оның пікірлерін теріске шығаратындар да кездесіп жататын. Барлық қиындыққа төзіп баққан Пайғамбар жәрмеңкелерде тайпалардың тұрақтаған қостарына барып, жекелеп кіріп шығатын, оларды исламға шақыратын, олармен сөйлесіп, өз қамқорлықтарына алуын өтінетін, бірақ, бір нәтиже шығара алмады.
Мединеге һижрет қарсаңында
Ақабада кездесу және биаттар. Ясриб қаласы Араб түбегінің Солтүстік-Батыс беткейінде сулы, егіншілікке қолайлы болғандықтан арабтың екі ірі тайпасы (Аус және Хазраж) мен үш яһуди тайпасы (Бани Құрайза, Бани Қайнуқа және бани Надир) мекендейтін. Еврейлер дүниедегі бүлікшіл және екі жүзді әдеттерімен Ясрибтегі екі араб тайпасын бір-біріне өшіктіріп, бір-бірімен соғыстырып тұрған. Осылайша олардың әлсірегенін пайдаланып, еврейлер қаладағы экономикалық, нарықтық билікке иелік ететін. Кітап иелері саналатын иудейлер пұтқа табынатын арабтарды өздерінен төмен санайтын және арабтарға: «бір пайғамбар келгелі жатыр. Пайғамбар келгенде біз оған сеніп, Ирем мен Ад қауымы тәрізді сендердің тамырларыңа балта шабамыз және көздеріңді жоямыз», - дейтін. Сондықтан пұтқа табынғанмен ясрибтік арабтар илаһи діннен, пайғамбардың келетінінен еврейлер арқылы хабардар болатын.
Ясрибтің екі текті араб тайпасы – Аус пен Хазраж да Қағбаға зиярат жасау, жұмыс бабымен және сауда-саттық арқылы Ислам Пайғамбарының жасаған уағыздарын естіп жататын. Бір-бірімен бірде бауыр, бірде жау болып өмір кешкен Ясрибтегі әлгі екі тайпа сол уақыттарда бір-бірімен жанжалдасқан және араларында «Буас» деген үлкен шайқас орын алған. Хазраж тайпасының басшылары Аусқа қарсы Құрайштан көмек алу мақсатында Меккеге елші жіберді. Меккеге келген хазраждық елшілер Құрайштың жауабын күтіп жатқан кезде, Мұхаммед пайғамбармен кездесті. Пайғамбар «Ақаба» деген жерде алты адамдық ясрибтік елшілермен сөйлесті, олардың қалағанынан да артық құндылықтың бар екендігін айтты. Пайғамбар өзінің Алланың елшісі екендігін, барша жұртты исламға шақыру жұмысымен міндеттелгендігін түсіндірді. Оларға кейбір Құран аяттарын оқып берді. Хазраждықтар Құрайштан көмек ала алмағанымен мұсылман ретінде Ясрибке қайтты. Олардың мұсылман болуында тыңдаған Құран аяттарына қатты әсерленген Асад бин Зурараның рөлі орасан зор болды. Сонымен қатар Ақаба деген жерде исламды қабылдаған өзге ясрибтік елшілер арасында Ауф бин әл-Харис, Рафи бин Малик, Қутба бин Амир, Уқба бин Амир, Жабир бин Абдуллаһ болды.
Ясрибке оралған аталған ясрибтік мұсылмандар бірден халықты исламға тартуға тырысты, олар жақындары мен хазраждықтарды исламды қабылдауға, мәңгілік марапатқа шақырды. Хазіреті Пайғамбармен жасаған уағдаластықты да ұмытпай, бір жылдан соң, Пайғамбарлықтың он екінші жылы қажылық мерзімінде тағы да Пайғамбармен Ақаба деген әлгі жерде кездесті. Ақабада Пайғамбарға биат жасалды. Бірінші Ақаба биатына он екі ясрибтік қатысты, оның алтауы – бір жыл бұрын Пайғамбармен кездескендер, ал қалған алтауы – жаңадан мұсылман болғандар.
Пайғамбармен екінші мәрте Ақабада кездескен және биат жасағандардың оны Хазраж, екеуі Аус тайпасының өкілі болатын. Олар Аллаға ортақ қоспау, ұрлық жасамау, зина істемеу, балаларды өлтірмеу, жалған жала жаппау, тура істе Пайғамбарға қарсы келмеу тәрізді Пайғамбарға биат берді. Екінші Ақаба биатынан соң Мусаб бин Умайр ясрибтіктерге мұғалім ретінде жіберілді.
Ясрибтіктер Пайғамбардан исламның негіздерін тыңдағаннан соң: «біз – арамызда кек пен дұшпандыққа батқан бір елміз. Сен арқылы Алла осы екі тайпа арасындағы дұшпандыққа нүкте қойдырады деп сенеміз. Тайпамызға сенің айтқандарыңды жеткіземіз және оларды Алла сенің маңайыңа топтандырады деп сенеміз», - десті.
Мединеліктер пайғамбарлықтың он үшінші жылы Мусаб бин Умайрдың сәтті уағыз-насихатының арқасында ислам кең таралып, ясрибтіктерден жетпіс бес адамдық бір топ Меккеге келіп, Пайғамбармен кездесті. Олар қажылық мезгілінде Ақабада исламның негіздерін орындайтыны жайлы Пайғамбарға биат етті. Аталған биат жасырын жасалды және меккеліктердің хабарсыз болуы қадағаланды.
Екінші Ақаба биатында Пайғамбардың немере ағасы Аббас тұрып сөз алды: «Ей Хазраж қауымы! Мұхаммед біздің адам екені белгілі. Біз оны еліміздің шабуылдарынан қорғадық. Ол елі арасында құрметпен, сенімді өмір сүріп жатқан болатын. Енді ол бұлардың барлығынан бас тартып, сендердің араларыңда өмір сүруге бел байлады. Оған берген сөзде тұрсаңдар және оны дұшпандарынан қорғасаңдар қандай тамаша! Ал оны қорғамай, дұшпандарына тастап кетсеңдер және көмектеспесеңдер қазірден бастап бұл істен бас тартыңдар» - деді.
Одан соң Пайғамбар сөз алып, Құраннан кейбір аяттарды оқып берді де мединеліктерге: «әйелдерің мен балаларыңды қорғайтын нәрседен мені де қорғау шартымен сендермен биаттасамын» - деді. Олар да белгіленген шарттарды қабылдап, Пайғамбармен уағдаласты.
Одан соң Пайғамбар оларға араларынан он екі адамды Ясрибтегі мұсылмандардың өкілі ретінде сайлануды ұсынды. Асад бин Зурара өкілдің басшысы ретінде сайланды. Екінші Ақаба келісімі жүзеге асқаннан соң ясрибтік мұсылмандар елдеріне қайтты.
Екінші Ақаба биаты Пайғамбардың Медине кезеңіне жасалған алғашқы қадам болып саналады, сонымен қатар, ол Ислам діні мен мұсылмандарға жаңа мекен болып табылмақ. Сондай-ақ неше жылдар бойы бір-бірімен қырқысып келе жатқан Аус пен Хазраж тайпалары ислам діні аясында бір-бірімен бауыр, дос болды.
Мединеліктер Пайғамбар мен сахабаларын Ясрибке шақырған кезде, Аус пен Хазраж арасындағы шайқастарға, арабтар мен еврейлер арасындағы дұшпандыққа нүкте қойылатынына, араларындағы түсініспестікке Пайғамбардың төрелік айтатынына, істерін әділдікпен жүргізетініне және Мединені бейбітшілік мекеніне айналдыратынына сенді.
Меккеден Мединеге қоныс аудару (һижрет). Екінші Ақаба биатынан соң Ясриб мұсылмандардың панасына айналды. Себебі, екінші Ақаба келісіміне қатысқан ярибтік елшілер Пайғамбарды және оның Меккедегі сахабаларын Мединеге шақырды. Осылай, ислам діні Меккеден тысқары өлкеге таралып, Мединеде өркен жайды. Ислам дінінің аз уақыттың ішінде меккеліктер үшін Сирия бағытындағы сауда керуен жолы үстінде орналасқан Мединеде өркен жаюы мүшіріктердің сауда жолындағы өрісін тарылтты деген сөз. Екінші Ақаба келісімінен соң бірнеше жылдар бойы Меккедегі мүшіріктердің жәбір-жапасын басынан кешірген мұсылмандар Мединеде өз мемлекеттерін құра білді.
Екінші Ақаба келісімінен соң Пайғамбардың қолдауымен мұсылмандар біртіндеп Мединеге қоныс аудара бастады. Құрайштар мүшіріктері қоныс аударушыларға кедергі жасап баққанымен олардың бұл амалдары еш нәтиже бермеді.
Меккелік қоныс аударушылардың саны жайлы нақты мәлімет жоқ. Алайда, соңында Пайғамбар, Али сияқты қоныс аудармаған мұсылмандардан басқа Меккелік мұсылмандардың барлығы дерлік көшіп бітті. Сонда Әбу Бәкір де Пайғамбардан көшуге рұқсат сұраған кезде, оған Пайғамбар: «асықпа, ей Әбу Бәкір! Мүмкін Алла саған жол серік қосып берер», - деп өзінің күтуін нұсқады. Олар жолға қажетті көлік ретінде түйелерін дайындады. Мұсылмандардың қоныс аударымен Мекке қаласының халқы біршама азайды деуге болады, бірнеше үйлер қаңырап бос қалды.
Осы сәтте Меккеде мұсылмандардың жоқтығын пайдаланып, мүшіріктер Пайғамбарды өлтіруге шешім қабылдады. Дару-н-Надуада бас қосып мүшіріктер қабылдаған ортақ шешім бойынша Мұхаммедті өлтіру қылмыс есептелмейді, Мұхаммедтің қанын төккен адам жазаға тартылмайды деп шешім шығарылды. Осы шешім бойынша әулеттер арасында ортақ баскесерлер ұйымдастырылып, олар Пайғамбар тұратын үйді қоршады. Болып жатқан жайытты Жабраил періште арқылы хабардар болып отырған хазіреті Мұхаммед бей-жай түс мезгілінде Әбу Бәкірдің үйіне барып, оның қоныс аударуға дайын болу қажет екендігін пысықтады. Үйіне оралғаннан соң Пайғамбар Алиді үйіне шақырып, бірнеше өсиеттері мен аманаттарын табыстады және Алидің өз төсегіне жатуын және қалдырған аманаттарды иелеріне тапсырғаннан соң, Мединеге қоныс аударуын ескертті.
Пайғамбар да, Али де үйі мүшіріктер тарапынан бақылауға және қоршауға алынғанын білетін. Пайғамбар ақшам намазы уақытында үйінің артқы есігінен шығып және Ясин сүресін оқып, өзін күтіп отырған дұшпандарының арасынан кете барды. Әбу Бәкір мен Пайғамбардың жүрген ізін Әбу Бәкірдің азат еткен қызметшісі – Амир бин Фухайра жайып жүрген қора малды айдап жіберіп жасырды. Саур тауындағы үңгірге жеткен кезде Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ түйелерімен бірге Меккеге кері қайтарылды. Оған Меккедегі жаңалықты біліп, ертесіне келу тапсырылды.
Пайғамбарды тапқанға жүз түйе берілетін сыйлыққа қол жеткізу мақсатында із кескен меккелік із кесушілердің бір тобы үңгірдің аузына дейін келгенімен қуғыншылар құдайдың құдіретімен үңгір аузындағы өрмекші өрнегі мен жұмыртқа басқан құсты көргеннен соң, бұл үңгірге ешкім кірмеген деген оймен кері қайтты. Алла өзінің елшісін дұшпандардан осылай қорғады. Пайғамбар мен Әбу Бәкір үш күннен соң үңгірден шығып, Абдуллаһ бин Урайкит атты жолбасшының бастауымен Қызыл теңіз жағалауы бойымен Мединеге қарай бет түзеді.
Осы кезде Құрайштардың Мұхаммед пен Әбу Бәкірді ұстаған немесе жасырынып жатқан жерін хабарлаған адамға жүз түйе беретіні жан жаққа таралған еді. Бұл хабарды Кинана тайпасының бір тармағы – осы аймақта шатырларда отырған Бану Мудлиж әулеті де естіген болатын. Осы әулеттің бір өкілі – Сурақа бин Малик екі түйелі жолаушылардың жағалаумен өтіп бара жатқанын білгеннен соң, жүз түйе марапат аламын деген үмітпен атына міне салып Пайғамбардың ізіне түсті. Оның келе жатқанын байқап қалған Әбу Бәкір «ұсталдық ей Расулуллаһ!» - дейді. Сондай Пайғамбар: «қорықпа Әбу Бәкір, Алла бізбен бірге» - дейді де «Я Рабб бізді қалай қаласаң дұшпандардың зұлымдығынан сақта» - деп дұға жасайды. Сурақа жақындаған кезде атының аяқтары тізесіне дейін құмға батып кетеді және «Ей Мұхаммед бұл сенің қарғысыңмен болды. Сен құдайға дұға жасап мені құтқар, мен артымда келе жатқан қуғыншылдарды кері қайтарамын» - деді. Пайғамбар да: «Я рабб сөзімде шындық болса, оны құтқар», - деп дұға жасады. Сонда Сурақа әлгі бәлекеттен құтылды және арттан келе жатқан қуғыншыларға «мен бұл жерден ешкімді көрмедім», - деп кері қайтарды.
Пайғамбар мен серіктері сапарларын ары қарай жалғастырып жатқан кезде, жүз түйелік марапат Сахм әлетінің өкілі – Бурайданың құлағына да жеткен болатын. Ол да жанына жетпіс атты нөкер ертіп, жолға шықты да Ясрибке бет түзеген жолаушыларға кездесті. Пайғамбар мен әлгі аттылар арасында мынандай әңгіме орын алды:
Пайғамбар: - сен кімсің?
Бурайда: Бурайдамын.
Пайғамбар: қай тайпадансың?
Бурайда: Бани Асламнан.
Пайғамбар: Оның қай тармағынансың?
Бурайда: Бани Сахмнанмын. Ал сен кімсің?
Пайғамбар: мен Мухаммад бин Абдуллаһпын.
Бурайда осы әңгімеден әсер алғаны соншалық Хазіреті Мұхаммедтің пайғамбарлығын мойындап «калима шаһада» айтты. Ол Ухуд шайқасынан соң Мединеге келіп, мұсылмандардың қатарына қосылды, одан кейінгі жорықтардың барлығына қатысты.
Одан кейінгі сапарда Пайғамбар алда, ал Әбу Бәкірде артта келе жатты. Әбу Бәкірді жолдағы тайпалар танитын болғандықтан, алдыңда келе жатқан кім деп сұрағандарға ол жол басшым деп жауап беретін. Осы аймақта Шамнан бір керуенмен елге қайтып келе жатқан Зубейр бин Аууаммен кездесті. Зубейр оларға ақ киімдер тарту етіп, Пайғамбармен бірге Ясрибке кеткісі келгенімен, мухажирлік сауапқа ие болу және Меккедегі біршама істерін тындыру үшін хижрет жасауына рұқсат етілмеді.
Меккелік мүшіріктер таухид діні – исламға және мұсылмандарға Меккеде күн көрсетпеуі, бай-кедей, текті-құл деместен алғашқы мұсылмандарға азаптар мен озбырлықтар көрсетуі Пайғамбар мен оның сахабаларының Мединеге көшуіне итермеледі. Осының нәтижесінде мұсылмандар Пайғамбардың рұқсатымен мал-мүлкін, бала-шағаларын Меккеге тастап, Мединеге қоныс аударды. Дін жолында, Алла жолында өз отандарын тастаған меккелік мұсылмандар Құранда «мухажирлер» (мухажирун) деп аталды. Құранда мухажирлердің жоғары мәртебелерін және ерекшеліктерін атап, оларды дәріптейді.
Меккеден ең соңғы болып қоныс аударған Пайғамбар, үңгірдегі жолдасы Әбу Бәкір және Али болды. Пайғамбар 622 жылдың 27-ші қыркүйегінде, аптаның дүйсенбісінде Медине жеріне аяқ басты. Ол Құбада біршама уақыт болып (мәлімет бойынша екі апта), Құбадағы мешіттің негізін қалады. Пайғамбардың Меккеден кеткеннен соң үш күннен соң Али де қаладан шығып Құбада Пайғамбарға қосылған болатын. Пайғамбармен, қасындағы серіктерімен және бұларды күтіп отырған Хазраж тайпасының Салим әулеті адамдарымен бірге намаз оқу мақсатында «Рануна» алқабына тоқтады. Бұл намаз ислам тарихындағы оқылған алғашқы жұма намазы болатын.
Жұма намазынан соң Пайғамбар «Қусуа» атындағы түйесіне мініп, жолдастарымен бірге Мединеге қарай бет түзеді. Медине халқы Пайғамбарды үлкен қуанышпен қарсы алды. Пайғамбар мінген түйе жібін мединеліктердің әр қайсысы өз үйіне тартып, өз үйіне түсуін ұсынып жатты. Бірақ, Пайғамбар түйені еркіне қоя беруін сұрап, құдайдың әмірімен түйе қай жерге тоқтаса, сонда тұрақтайтынын ескертті. Соңында Қусуа бірінші Ақаба келісімінде болған Асадтың бақшасы алдындағы алаңға келіп шөкті. Осы жер Сахл, Сухайл атты екі жетімнен сатып алынып, кейінірек Пайғамбар мешітінің іргесі қаланды. Осы сәтте бақшаға қарсы үйдің иесі, екінші Ақаба келісімінде исламды қабылдаған Әбу Айюб атты мединелік мұсылман Пайғамбарды үйінен түсіріп, үйіне ертіп апарды. Пайғамбар мешітінің жанынан тұратын үйі салынғанға дейін Пайғамбар Әбу Айюб әл-Ансаридің үйінде қонақ болды.
Һижреттің бірінші жылы. Пайғамбарлықтың Медине дәуірі
Медине қаласы. Исламнан бұрынғы дәуірде «Ясриб» деп аталған бұл қала Пайғамбардың һижретінен соң «Пайғамбардың қаласы» деген мағынаны білдіретін «Мадинату-н-Набауи» сөзінің қысқарған түрінде «Медине» деп аталып кетті. Қала Хижазда солтүстікке қарай еңкіш алқапта орналасқан. Алқап солтүстікте және оңтүстік-шығыста қаладан шамамен 4 километр қашықтықта орналасқан және жоғарғы Арабстан жазықтығы мен теңіз жағалауының аласа алқаптары арасындағы тау сілемдері – Ухуд пен Айр тауларымен қоршалған. Медине алқабында су мол болатын, сондықтан, егіншілік жақсы жолға қойылған: құрма баулары, апельсин, лимон, анар, банан, өрік және інжір ағаштары егілген бақшалар өсірілді.
Мединеде үш еврей тайпасы өмір сүрді, олардың бұл аймаққа қашан келгендігі және тектері қайда барып тірелетіндігі беймәлім, зерттеушілер арасында бірнеше пікірлер ортаға тасталған. Мединедегі Аус және Хазраж сияқты арабтың екі тайпасынан бұрын мұнда Амалика тайпасы мекендеген. Аус пен Хазраж тайпалары Оңтүстік Арабстаннан қоныс аударған тайпалармен бірге келіп, Мединеде тұрақтап қалған деген мәліметтер бар. Мединедегі еврейлр аталған екі араб тайпасын бір-біріне айдап салуы нәтижесінде бірнеше шайқастар болды, осылайша екі тайпаны да әлсіретіп, өздері үстемдікке ие болып отырды.
Осылай, әсіресе, Буас шайқасынан соң араб тайпалары әбден күйзеліске тап болды. Міне, осындай жаман жағдайға душар болған араб тайпалары арасында ислам діні таралды.
Мұсылмандар арасындағы бауырластық. Меккеден қоныс аударған мұсылмандар, яғни, мухажирлердің Мединеде таныстары барлары солардың үйлерінде қонақ болды. Ал басқа мухажирлер басқа мединелік мұсылмандар арасына орналастырылды. Енді бір мухажирлер кейіннен қол жеткізген жерлерге өз үйлерін тұрғызды.
Мединенің көгалды климаты шөл аймақтан келген мухажирлерге қиындық алып келді. Тіпті, олардың арасында безгек ауруына шалдыққандар да кездесті.
Пайғамбар мухажирлер мен мединелік мұсылмандардан құралған мәжіліс ұйымдастырды. Ол барлық мүлкін, үй-жайын, дос-жарандарын, туған-туыстарын Меккеге тастап таршылыққа тап болған мухажирлердің көпшілігі мен көмек қолын созуға дайын мединелік мұсылмандарды, яғни, «ансарды» бір-біріне бауыр етті. Осы бауырластық мәжілісі бойынша мединелік әрбір мұсылман жанұя меккелік жанұяны жанына алады және бауыр болады. Олар бірге еңбек етіп, табыстарын өзара бөліске салады, тіпті, олар бір-біріне мұрагер де бола алады.
Мединелік мұсылмандар мухажир бауырларына қонақжайлықтың озық үлгісін көрсете білді. Тіпті, Сад бин Раби бауыры болып есептелген Абдуррахман бин Ауфқа дүниесінің жартысын беруге, әйелдерінің бірімен ажырасып, оны да беруге дейін ниетін білдірген. Бұл ұсынысты қабылдамаған Абдуррахман «Алла сені мүлкіңмен, жанұяңмен бірге қасиетке бөлесін, сен маған қаланың базарын көрсет», - деді. Одан басқа Әбу Бәкір Хариса бин Зейдпен, Омар бин Хаттаб Итбан бин Маликпен, Осман бин Аффан Аус бин Сабитпен, Әбу Убайда бин Жаррах Сад бин Муазбен, Мусаб бин Умайр Халид бин Зейдпен т.б. діни бауырлас болды.
Аз уақыттың ішінде жағдайларын жақсартып алған мухажирлер алған қарыздарын қуанышпен өтеді. Кейіннен дін бауырластарының мұрагер болу үкімі жойылды.
Еврейлермен жасалған азаматтық келісім. Мұсылмандар арасында бірлікті қамтамасыз еткен және мұнафықтардың оған кедергі болуға талпынған әрекетін аяқсыз қалдырған Пайғамбар Медине аймағында өмір сүретін Бани Қурайза, Бани Надир және Бани Қайнуқа яһуди тайпаларымен еркін түрде келісімге тұра отырып, Мединедегі саяси ынтымақтастықты жүзеге асыруға ұмтылды. Осы келісім бойынша мұсылмандар мен еврейлер бір халық тәрізді өмір сүре алады, екі жақ та өз діндерін ұстана отырып, бір-бірінің діндеріне кедергі жасамайды. Ал үшінші бір жақпен соғыс жарияланса, келісімге отырған әлгі екі жақ бір-біріне көмектеседі. Медине қаласына қауіп төнген жағдайда екі жақ тізе қоса отырып, оны қорғайды. Бейбітшілік уақыттарда бір-бірімен араласып, екі жақта Мединені қасиетті мекен деп санап, қан төкпейді. Қандай да бір келіспеушілікте Пайғамбарға келіп жүгінеді.
Алғашқы ислам мемлекетінің құрылуы. Пайғамбар еврейлермен азаматтық келісімге отырғаннан және мұсылмандарды бір-біріне бауыр қылғаннан соң ислам мемлекетінің алғашқы негіздерін қалады, алып келген дінді таратудың құралдарын дайындады. Пайғамбар мемлекеттің қазылыққа, мемлекеттік қазыналыққа, әскери, діни және оқу-ағартушылыққа қатысты құрылымдарды құрып бекітті.
Сондай-ақ Анастың үйінде ұйымдастырылған бір жиналыста ислам мемлекетінің заңы қабылданды. Бұл заңнаманың 1-23 бабына дейінгісі мұсылмандарға, 24-47 аралығы яһудилерге қатысты.
Пайғамбар мешітінің салынуы. Пайғамбар Әбу Айюуб әл-Ансаридің үйінде қонақ болған уақытта түйесінің шөккен жерін сатып алған болатын. Осы жерге мухажир, ансар мұсылмандардың көмегімен мешіт соғылды. Ал мешіттің айналасына Пайғамбар жанұясына арналған хұжралар (қосалқы бөлмелер) де салынды. Осы бөлмелердің саны кейінірек тоғызға жетті. Осы жылы Пайғамбар Айшаға үйленді. Мешіттің ауласындағы бір бұрышқа қосалқы тағы бір бөлме салынды, осы жердің төбесіне құрма ағашынан шатыр жасалып, төбесі күн сәулесінен қорғанатын көлеңке етіп істелінді. Үй-жайы, жанұясы жоқ кедей сахабаларға арнап салынғандықтан осы шатыр астын мекен қылып паналайтындар «Суффа иесі» деп аталды. Сол заманда олардың саны 70-ке жетті. Пайғамбар оларды өз дастарханына шақыратын, ал қалғандарын бай мұсылмандарға жіберетін және өзіне келген садақаларды Пайғамбар оларға бөліп беретін. Суффа қауымы пайғамбардан ажырамай исламның мәнін үйреніп, өмірлерін осы жолға қарай бағыттайтын. Хадисті көп жеткізген атақты сахаба Әбу Һурайра да осы Суффа қауымының біріне жатады.
Азан. Намаз уақытында мүміндерді намазға шақыратын бір құрал іздестірілді. Еврейлер құлшылықтарына кернеймен шақыратын, ал христиандар қоңырау шалатын. Осы мәселеде Пайғамбар сахабаларымен кеңес жүргізді. Омардың түсінде көргені және уахидің нәтижесінде дауыстап азан шақыру Билал Хабашиге үйретілді және ол өзіне үйреткені бойынша мешітке жақын Нажжар әулетіндегі бір әйелдің биік үйінің биік шатырына шығып алып азанды шақыра бастады. Азан жайлы Омардың түсін Абдуллаһ бин Зейд бин Салаба да көргендігі де баяндалады.
Һижреттің бірінші жылындағы оқиғалар:
Алғашқы жұма намазы оқылды;
Масжиду-н-Набауи (Пайғамбар мешіті) салынды;
Мешітке жапсарлас Пайғамбар үйі және суффа иелеріне арналған шатыр салынды;
Азан шақырыла бастады;
Мухажирлер мен ансарлар бауырласты;
Яһудилермен келісім жасалды;
Пайғамбар мен Айшаның тойы жасалды
Һижреттің екінші жылы
Яһудилер мен мұнафықтардың исламға дұшпандығы. Пайғамбардың құрған мемлекетінің Мединеде құрылуы, күн өткен сайын исламды қабылдағандар санының артуы Пайғамбардың мұсылмандар алдында абыройын асыра түсті. Мұны көре алмаған еврейлердің Пайғамбарға деген дұшпандығы да артты. Яһуди ғұламалары арасынан Абдуллаһ бин Саламның ислам дінін қабылдауы еврейлердің исламға деген дұшпандығын одан ары арттырды. Меккеде Құрайш мүшіріктерімен күресіп өткен Пайғамбардың Мединеде еврейлермен алысуына тура келді. Бірақ Пайғамбардың Мединеде еврейлермен күресі өзгеше болатын. Себебі, еврейлер анағұрлым зиялы, ежелгі дәуір пайғамбарлары туралы хикаяларды көптеп білетін. Сондықтан, олар пайғамбарлар тарихына қатысты және басқа да зымияндық сұрақтар қоятын.
Исламнан бұрын әулеттер арасында көсемдік қызметтер атқарған кейбір шонжарлар Пайғамбар мен мұсылмандардың алдында мұсылман сияқты көрінуге тырысты. Бірақ, мұсылмандардың бірлігін ыдырату мақсатында қарапайым мұсылмандардың жүрегінде күмән тудыру үшін кейбір сұрақтар қоятын. Осылайша, еврейлер мен мұнафықтар әртүрлі айла-тәсілмен мұсылмандар бірлігін ыдыратуға тырысты. Яһудилердің дұшпандығы құбыланың өзгеруінен соң одан ары арта түсті. Осы кезеңдерде яһудилердің Пайғамбардарға жасаған зұлымдықтары жайлы аяттар түсе бастады және яһудилердің жасаған зұлымдықтары Құран арқылы бүгінгі күнге дейін жетті.
Құбыланың өзгеруі. Мединеге һижрет еткеннен соң мұсылмандар намаздарын Құдысқа, яғни, Байт Мақдиске қаратып оқыды. Сонымен қатар, Пайғамбардың Қағбаға сыртын тосып оқуы да қиынға соқты. Оның үстіне еврейлер мұсылманлардың Құдысқа қарап ғибадат жасауын мазақ ететін. Осыған орай, һижреттің екінші жылы Бақара сүресінің 144 аяты түсіп, құбыла Масжид Ақсадан Масжид Харамға өзгертілді: «Біз сенің аспанға қарап, құбыла іздей бергеніңді көріп тұрмыз. Өзің ұнататын тарапты құбыла етеміз. Енді жүзіңді Масжид Харам жаққа бұр. Қайда жүрсеңдер де жүздеріңді солай қаратыңдар».
Пайғамбар аталған аят түскен кезде, һижреттің екінші жылы режеп айының ортасында дүйсенбі күні Салама әулеті тұрағында намаздігер намазын оқып жатқан болатын. Аяттың түсуімен ол жүзін Қағбаға қарай бұрды және осы себепке байланысты осы жердегі мешіт «Масжид Қиблатайн» (екі құбылалы мешіт) деп аталып кетті.
Құбыланың өзгеруі еврейлерді одан ары ызаландырды және олар мұсылмандарға деген келеке-мазағын үдете түсті. Осыған байланысты олардың келекелеріне жауап ретінде Алладан Пайғамбарымызға аяттар түсті.
Нажран христиандарының Пайғамбармен кездесуі. Медине мен Иемен арасындағы бір қыстақты мекендейтін христиандардан 60 адамдық елші Пайғамбармен кездесуге келді. Олар Пайғамбарға өз діндері мен басқа да діндер жайлы сұрақтар қойды. Осы жиынға яһудилердің де қатысуымен діндер арасындағы конгресс сипатында болды. Негізінде иудаизм мен христиан діні пайда болған уақыттан бері өзгеріске ұшырап, негізгі құндылықтарын жоғалтқаны белгілі. Яһудилер Узайрды құдайдың баласы деп санаса, христиандар да үштік сенімді қуаттап, Исаны (Иисус) құдайдың ұлы ретінде есептейтін. Олардың сұрақтарына Құран Кәрімде мынандай жауаптар берілген: «Біз Алла шын иман келтірдік. Өзімізге түсірілгенге, Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Яқубтарға жіберілген кітаптарға, оның әулеттеріне түсірілгендерге, Мұсаға түсірілген, Исаға түсірілген, тәңірі тарапынан басқа пайғамбарларға жіберілгендердің барлығына иман келтірдік, біз оларды алаламаймыз. Біз Аллаға сиынушылармыз, - деңдер» (Бақара – 136). Осы аятқа қарай отырып, ислам адамзаттың ортақ құндылықтарын паш ететін дін болуымен ерекшеленетіні байқалады. Нажрандық христиандар өздерінің үштік сенімінен бас тартуды қаламады. Пайғамбар оларды Алладан басқа құдайға табынбау, оған серік қоспау, кейбір адамдарды құдай қатарына қоспау қажет екендігін ұғындыруға тырысты.
Соғысқа рұқсат ету. Мұсылмандар Меккеден көшіп кетсе де меккелік мүшіріктердің құрған тұзағынан құтыла алмады. Ислам дінінен сәл-ақ бұрын өзінің билігін паш ету алдында тұрған мұнафық Абдуллаһ бин Убай Пайғамбардың келуімен өзінің аңсаған мақсатына жете алмай қалғаны белгілі. Сондықтан, ол Меккеліктермен құпия байланысқа шықты. Һижреттен соң Құрайштар Абдуллаһ ибн Убайға бір хат жазды: «сендер бізден кеткендерге пана болдыңдар. Құдай біледі, сендер Мұхаммедті өлтіресіңдер яки елдеріңнен қуасыңдар немесе біз сендерге соғыс ашамыз, барлық еркек кіндіктеріңді қырып, әйелдеріңнің намыстарын таптаймыз». Сонымен қатар Әус руының көсемі – Сад бин Муаз умра қажылығын жасау мақсатында Меккеге барған кезде Әбу Жаһил жоғарыдағы тәрізді оны да қыспаққа алды. Бұлар меккелік мүшіріктердің соғыс ашу ниетінде екендігін дәлелдейді. Сондықтан, пайғамбар сақтық шараларын жасандығы баяндалады.
Осындай және басқа да себептерге байланысты һижреттің екінші жылы кәпірлер мен мүшіріктерге қарсы соғысуға рұқсат берілген аяттар түсе бастады. Осындай соғысқа рұқсат еткен аяттардың алғашқысы былай: «шапқыншылыққа ұшырағандардың, жәбір көргендердің жауға қарсы күресуіне рұқсат етілді. Оларға жәрдем етуге Құдайдың құдіреті жетеді» (Хадж-39). Ал Табаридің пікірінше алғашқы жиһат жайлы аят Бақара сүресінің 190 аяты болып табылады: «өздеріңе біреу шабуыл жасаса, құдай жолында сендер де соғысыңдар».
Соғысқа рұқсат етілгенмен мұсылмандарға «... Тек шектен шығып кетпеңдер. Анығында Алла шектен шыққандарды ұнатпайды (Бақара 190), - деген ескерту жасалған. Ислам діні мұсылмандардың соғысып жатқан кезде қарттардың, әйелдердің, балалардың, ғибадатханада болғандардың, дін адамдарының, соғысқа қатыспағандардың өлтірілуіне тиым салды.
Пайғамбардың алғашқы жорықтары Мединені қорғау, Мединенің маңайында мекендейтін тайпалармен келісім жасай отырып, олардың Құрайш мүшіріктерінің ықпалынан алып шығу, Құрайштардың жасап жатқан қоқан-лоқысына және дұшпандығына қарсы Сирияға баратын сауда жолына тосқауыл болу мақсатында болды.
Пайғамбар Мекке мен Сирия арасындағы сауда жолын бақылауға алу үшін Хамзаны 30 адаммен, Убайда бин Харис пен Саад бин Әбу Уаққасты 8 және 12 адаммен Қызыл теңіз жағалауларына жөнелтті. Аталған алғашқы жорықтар жай хабар алу мақсатында болғандықтан, олар барған жерлерінде қылыш сермемеді және қан төкпеді. Құрайш қоқан-лоқысына қыр көрсету, сергек болу мақсатында ғана аталған жорықтар жүзеге асты.
Абдуллаһ бин Жахш жорығы. Һижреттің екінші жылы Пайғамбар алпыс шақты мухажирмен Абуа ауылына сапарға шықты және онда Бани Дамра тайпасымен келісім жасап, сенімхат берді. Мұнда «олардың малдары мен жандары қорғалады, Алланың дініне қарсы соғыс ашпайды. Оларға қиындық туа қалса көмек беріледі, Пайғамбар оларды көмекке шақырған кезде, олар көмек қолын созады», деп жазылды.
Һижреттің екінші жылы Пайғамбар тағы да Бани Мудлиж тайпасымен жоғарыдағы тәрізді келісім шарт жасасты, онда да бірлік пен ынтымақтастық қаралды. Пайғамбардың жасаған бақылау шараларынан соң Абдуллаһ бин Жахшты мухажирлерден құралған он адаммен Құрайштардың жағдайын бақылау мақсатында Мекке мен Таиф арасындағы Нахла алқабына жіберді. Қолдарына екі күннен соң ашу және ондағы бұйрық бойынша әрекет ету мақсатында хат берілді. Екі күннен соң хатты ашқан Абдуллаһ бин Жахш Батн Нахлаға бару, Құрайштың әрекетін бақылауға алу және хабар беру қажет екендігін білгеннен соң сол жаққа бет түзеді. Онда Құрайштың Таифтан Меккеге кетіп бара жатқан Абдуллаһ бин Хадрами басшылығындағы бір керуенге ұшырасты. Мұсылмандар арасындағы бір адам Абдуллаһ бин Хадрамиге жебе атып, оны өлтірді және оның екі серігін тұтқынға алып, керуендегі мейіз бен сафиян тиелген жүкті алып, Мединеге қайта оралды.
Бәдір шайқасы. Бәдір Мединеге шамамен 80 километр қашықтықтағы суы мол, жаһилия дәуірінде әр жыл сайын жәрмеңке ретінде қолданылды және жеміс ағаштары көптеп өсірілетін.
Пайғамбар Әбу Суфиян басшылығындағы керуеннің Шамнан қайтып келе жатқанын және бағалы тауарлар артылған керуен екендігін, оны қырық адам күзетіп келе жатқанын естіген кезде, керуеннің жолын кесу үшін 313 немесе 305 яки 350-360 жауынгермен жолға шығады. Пайғамбар әскерінде 2 ат, 70 түйе және 6 сауыт қана болды.
Мұсылмандардың жорыққа шыққанын білген Әбу Суфиян Меккеге жаушы жібереді. Әбу Суфиян керуеніндегі меккелік байлардың да үлесі болғандықтан, олар бірден даурықты. Онсыз да олар мединеліктермен соғысуға дайын болатын және оған бір себеп іздеп жүрген. Әбу Жаһил басшылығында армия жасақталды. Оның құрамында 100 атты, 100 түйелі қалғаны жаяу әскер болып барлығы 900-ден астам әскерді құрады. Осы арада керуен басшысы Әбу Суфиян Бәдір маңайына жасаған бақылауынан соң жағдайдың қауіпті екендігін аңғарып, Бәдірге соқпастан, Қызыл теңіз жағалауымен жолда бөгелместен екі күн, екі түн бойы керуеннің жүрісін жетелдетіп, мұсылмандардың шабуылынан аман құтылды. Құрайш әскері жолда Әбу Суфиянның керуені аман-есен құтылғанын естігенмен өз бағыттарын өзгертпеді. Утба соғысты қаламағанмен Әбу Жаһил соғыстың болуына құштарлығын білдіріп, Құрайштарды дегеніне көндірді. Олардың мақсаттары Пайғамбар бастаған мұсылман әскерін жоқ қылу болды. Пайғамбар жолда Құрайш әскерінің өздеріне беттеп келе жатқандығын білді. Ол сахабаларымен керуенді қуу немесе Құрайш армиясымен кездесу турасында кеңес жүргізді. Соңында Құрайш армиясымен кездесу және онымен шайқасу шешімі қабылданды. Құрайш әскерінен бұрын әрекет жасап, мұсылман армиясы Бәдірге жетті де су көзі жанынан шайқасқа шеп құрды.
Екі жақтың әскері Бәдірде кездесті. Пайғамбар әскерлерін бір жүйе бойынша соғысқа әзірледі және осы шайқаста құдайдан медет сұрап дұға жасады.
Сол заманның дәстүрі бойынша шайқас алдымен жекпе-жекпен басталды. Алдымен майдан алаңында Амир Хадрами шықты, оған қарсы Омардың азат етілген құлы Михжа шықты. Амир Хадрамидің оғы Михжаға тиіп олап алғаш болып шаһид болды. Осы кезде Махзум әулетінен Асуад бин Абду-л-Асад атылып, мұсылмандардың су қоймасын құлатпақшы болды. Оған Хамза дер кезінде жетіп, өлтірді. Одан соң Құрайш армиясының қолбасшысы Утба бин Рабия жанына бауыры Шайба мен баласы Уалидті алып ортаға атылды. Олар өздерін таныстырғаннан соң қарсыласын шақырды. Ал мұсылмандар жақтан Нажжар әулетінің Афра атты әйелдің балалары – Муаз бен Муаууаз және Абдуллаһ бин Рауаха шықты. Олар өздерін таныстырғаннан соң, Утба: «бідің сендерде шаруамыз жоқ. Біз өзімізге қатыстылардың шығуын қалаймыз», - деді. Ол Пайғамбардан өздеріне тең келетін қарсыластарды талап етті. Осы сәтте олардың алдына Хамза, Али және Әбу Убайда шықты. Жекпе-жекте Хамза қарсыласы – Шайбаны әп-сәтте жер жастандырды. Али де Уалидті өлтірді. Ал Утба Әбу Убайданы, Әбу Убайда да Утбаны жаралады. Осы сәтте Али Утбаға ұмтылып оны арғы дүниеге аттандырды. Соңында екі жақтың әскері шайқасқа кірісіп, қоян-қолтық араласып кетті. Өзерінің саны және әскери қуаты басым болған Құрайштардың жүрегінде табандылық пен батылдық болмады. Осының нәтиежесінде, құдайдың қолдауымен және мұсылмандардың иман қуаты берік болғанына байланысты Құрайш армиясының қатары сиреп, жан сауғалап қаша бастады. Шайқаста Әбу Жаһил, Утба, Шайба бин Рабия, Уалид бин Утба, Умаййа бин Халаф, Әбу-л-Бухтари, Ас бин Хишам тәрізді Құрайштардың либерлері өлім құшты. 70-тей тұтқын және біршама олжа қолға түсті. Тұтқындар арасында Пайғамбардың немере ағасы Аббас, туыстары және Алидің бауыры – Ақил мен Науфал және Зейнептің күйеуі - Әбу-л-Ас сияқты Құрайштың сыйлы адамдары болды. Осы шайқаста мұсылмандар жақтан 14 адам шахид болды, ал Құрайштар 70 адамынан айрылды.
Өлілері мен қалған дүниелеріне және қолға түскен тұтқындарына қарамай, Құрайш әскері тұра қашты. Олардан қалған өліктерді мұсылмандар жерледі. Бәдір шайқасы мұсылмандардың жеңісімен түкте қойылды.
Мұсылмандардың қолына түскен тұтқындар кейінірек құнын төлеу немесе кейбірі мұсылмандарға әріп үйрету арқылы бостандыққа шықты.
Бәдір шайқасына қатысты аяттар осы шайқас кезіндегі мәлеметтерді айқын түрде баяндадайды.
Һижреттің екінші жылындағы оқиғалар:
Мединеге һижреттің екінші жылы шағбан айында Бақара сүресінің 183-187 аяттары арқылы Рамазан оразасы парыз болды.
Зекет пен садақа беру де әмір етілді.
Зилхижжа айының оныншы күні Құрбан айт намазы оқылып, құрбандық шалынды.
Али ибн Әбу Талиб пен Фатима үйленіп шаңырақ көтерді.
Құбыла Құдістан Қағбаға өзгертілді;
Соғысқа рұқсат берілді, тұңғыш Бәдір шайқасы болды;
Һижреттің үшінші жылы
Бәдір шайқасынан кейінгі оқиғалар. Бәдірдегі жеңілістен соң Құрайштар кек алуға дайындықтар жасап бақты. Ал осы шайқастағы мұсылмандардың жеңісінен соң мединелік яһудилер алаңдай бастады. Бірақ, өздерінің қобалжыған сезімдерін білдірмеу үшін сөздерімен және әрекеттермен мұсылмандардың мысын басуға тырысты. Олар ішінара Меккедегі Құрайштармен сөз байланыс мұсылмандарды құту үшін олардың осал жерін іздестірді және Құрайштан да қауіпті дұшпанға айнала бастады. Себебі, олар Пайғамбарға қастандық та жасап бақты. Осылай Пайғамбармен жасалған келісімді аяққа таптады. Бірде Бани Надр тайпасының Қаб бин Ашраф атты яһуди ақыны Бәдірде өлген Құрайш мүшіріктеріне жоқтау айтып, мұсылмандардың шамына тиюді көздеді. Мединеге келгеннен кейін де мұсылман әйелдерін мазақтап өлеідер шығарады. Кейбәр мәлеміттерде Қаб бин Ашраф Меккеге барып Әбу Суфиянмен одақ құрған. Оның Пайғамбарды өлтіруге әрекет жасағаны да баяндалады.
Осындай келеңсіз қылықтарына байланысты Мухаммад бин Маслама Қабтан қарыз сұрай сылтауымен алдап алып шығып оның көзін жойды.
Мекдинелік яһудилер күнделікті тіршілікте мұсылмандарды келеке ететін. Олардың бірі ислам дінін қабылдағанға ұқсап кешке қарай діннен қайта шығатын. Осындай яһуди тайпаларының бірі – Бани Қайнуқа мұсылмандармен соғысты. Мұсылмандар мен Бани Қайнуқа яһудилері арасындағы жанжал олардың бір мұсылман әйелін мазақ етуінен шықты. Намысына тигеннен соң көмекке шақырған әлгі әйелге кетіп бара жатқан бір мұсылман көмекке келеді де мазақ қылған еврейді өлтіреді. Сонда яһудилер жабылып әлгі мұсылманды өлтіреді. Осыған байланысты Пайғамбар яһудилерге мұсылмандарға соқтықпауларын, шектен шықпауларын егер бастапқыда жасалған келісімге сай әрекет жасамаса Бәдірде Құрайштың басына келген масқаралық бұлардың да басына келетінін ескертті. Яһудидер Пайғамбардың сөзін келеке қылып: «Ей Мұхаммед шайқастың не екендігін білмейтін адамдарды жеңдім деп күпінбе. Егер бізбен соғыссаң соғыстың не екендігін ұғарсың», - десті. Сондықтан Пайғамбар Бани Қайнуқа яһудилерімен соғысудан басқа амалы қалмады. Мұсылман әскері Бани Қайнуқаға қарай беттеді. Яһудилер өз қамалдарына барып паналады. Мұсылман әскері қамалды қоршауға алды. Қамалды қоршау он бес күнге созылды. Соңында яһудилер берілді де де Абдуллаһ ибн Убай атты мұнафықтың араға түсуімен оларға кешірім жасалды. Бірақ жеті жүз яһуди Мединеден қуылды. Олдар Уади-л-Қураға кетті де бірнеше уақыттан соң Шам аймағындағы Азриат жаққа қоныс аударды.
Бани Қайнуқа еврейлері қуылғаннан соң біршама уақыт қалада тыныштық орнады. Алайда Бәдір жеңілісінен кек алу мақсатында Әбу Суфиян екі жүз атты әскермен Мединенің маңайын торуылдап аталған тыныштық шырқын бұзды. Осылай ол араб әлеміне өзінің күші бар екендігін дәлелдемек болды және кек алмайынша иіс су жақпауға, бетіне су тигізбеуге ант ішті. Әбу Суфиян қолы Бани Надр яһудилерінің көсемі – Салламға барып Мединенің қыр-сырынан хабардар болды да, Әбу Суфиян әскері қалаға үш мил қашықтықтағы Урайз ауылын шауып егіс алқабында жүрген Сад бин Амр мен басқа да мұсылмандарды өлтіріп, үйлер мен бау-бақшаларға от қойып, кері қайтқан және өзінің берген антын орындадым деп шешкен.
Пайғамбар Әбу Суфиянның келгенін естіп оған қарсы сексен атты жүз жиырма жаяу әскерімен қарсы шықты. Бірақ Әбу Суфиян бетпе-бет шайқасуға жүрегі дауламай, Меккеге кері қайтқан болатын. Қашқан кезде көлікке жүк болмасын деп қапқа артылған талқандарын тастай қашқан. Сондықтан, бұл «талқан шайқасы» деп аталып кетті.
Бәдір шайқасынан, Бани Қайнуқаның қаладан қуылғаннан және Әбу суфиян әскерін қуғындағаннан соң мұсылмандардың абыройы шар тарапқа жайлы бастады. Онымен соғысуға ешкімнің жүрегі даулай бермейтін. Сауда-саттықпен күн көретін меккеліктердің Сирияға баратын Қызыл теңіз жағалауындағы жолы жабылды. Сондықтан олар Сирияға керуенді Ирак арқылы жіберуді жөн деп біліп, Сафуан бин Умаййа бастаған керуенді Сирияға Ирак арқылы аттандарды. Меккеге кездейсоқ барған бір мұсылманнан бұл хабарды естіген мединеліктер Зайд бин Хариса басшылығындағы жүз аттылы әскерді керуенге жібереді. Мұсылмандардың атты әскері керуенді қып жетіп, оны тартып алады. Осыған орай Құрайш мүшіріктері Бәдір жеңілісінен кек алу және сауда керуен жолын ашу мақсатында соғысқа дайындалды.
Ухуд шайқасы. Бәдір шайқасындағы жеңілістен, Әбу Суфиянның жасаған жорығының сәтсіздігінен және Ирак арқылы Сирияға жіберілген керуеннің Неждте тоналуынан соң Құрайштардың мұсылмандарға деген өшпендігі одан ары арта түсті. Бәдір соғысы қарсаңында Әбу Суфиянның алып келген керуен заттары Дару-н-Надуада сақталған болатын. Сол кезде болған Бәдір шайқасы әлгі заттарға қарауға мұрша бермеген. Жубайр бин Мутим, Сафуан бин Умаййа, Икрима бин Әбу Жаһил, Харис бин Хишам, Хуайтиб бин Абду-л-Узза сияқты Меккенің ендігі көсемдері бүкіл Құрайштың басты көсемі болып табылатын Әбу Суфиянға келіп, мұсылмандардан өш алу уақыты келгендігін, оған әлгі Дару-н-Надуадағы затты иелеріне қайтарып, одан түскен табыспен мұсылмандармен соғысу ұсынысын тастады. Олардың ұсыныстары қабылданды. Түскен елу мың динар табыстың жиырма бес мыңы көршілес тайпаларлан әскер жинауға бөлінді. Осы жолы Құрайш мүшіріктері мықтап дайындалды. Құрайштың шақыруына қосылған көршілес аймақтағы тайпалар саудаға шығатын Құрайш керуенінен пайда табатын болғандықтан, меккеліктер әскер қатарына қосылды. Меккеліктердің әскері үш мыңға жетті, әскердің құрамында жеті жүз сауытты жауынгерекі жүз атты әскер және үш мың түйе болды. Бұл жлрыққа Құрайш әйелдері де қатысты, оның ішінде Әбу Суфиянның әйелі Һинд те болатын.
Пайғамбардың немере ағасы Аббас әлі ислам дінін қабылдамағанмен Пайғамбарды іштей қолдайтын. Ол Құрайштардың жорыққа шыққандығын ескерту үшін Пайғамбарға суыт хат жолдады.
Құрайш армиясы Медине маңайына келгенде Пайғамбар мұсылмандармен кеңес құрды. Мұсылмандардың кейбірі қала ішіне бекініп соғысайық деп шешсе, енді бірі сыртқа шығып, жаумен бетпе-бет соғысайық деген ұсыныс тастады. Соңында соңғы ұсыныс қабылданып, мұсылман әскері Ухуд тауына қарай мың адамдық әскермен беттеді. Бірақ, мұнафықтар басшысы Абдуллаһ бин Убай Мединені іштен қорғау керек деген сылтаумен үш жүз адамымен кері қайтты. Сонда мұсылман әкері жеті жүз сарбазды құрады, оның жүзі сауытты болатын.
Сенбі күні таңертең мұсылман әскері Ухуд тауына жетті де Құрайш армиясына қарсы бетте сап түзеді. Пайғамбар туы мусаб бин Умайрға берілді. Сауытты әскерге Зубайр бин Аууам, сауытсыз әскерге Хамза басшылық жасайтын болып шешілді. Жау әскерінің артқы жақтан соққы жасамауы үшін сол жақ тау беткейіне Абдуллаһ бин Жубайр бастаған елу жасақшыны қарауылға қойды. Оларға Пайғамбар біз жеңсек те, жеңілсек те менің бұйрығымсыз орындарыңнан қосғалмаңдар деп тапсырма берді. Егер жау атты әскері келсе оларға оқ атыңдар, оқ тиген ат алға баспайды деп ескертті.
Құрайштар да бұл жолы өте қырағылықпен әскердің оң қанатына Халид бин Уалидті, сол қанатына Икрима бин Әбу Жаһилді, атты әскерге Сауан бин Умаййаны, садақшыларға Абдуллаһ Әбу Рабияны басшы етіп қойды. Құрайштар туын Адлу-л-Узза Талха ұстады.
Екі жақ та бетпе-бет келді. Осы сәтте Пайғамбар Мединеге көшкенде Мединеден Меккеге көшкен Әус тайпасының өкілі - Әбу Амр он бес адаммен өзінің үндеуімен руластары, яғни, әустіктер Пайғамбарды тастап маған ілеседі, Құрайштар жағына өтеді деп Құрайштарды сендіріп, ортаға шықты да: «Ей әустер! Ей ансарлар! Мені танисыңдар ма? Мен Амрмын», - деп айқай салды. Әустер оған: «Лағнет атсын, ей пасық!», - деп жауап берді.
Одан соң Құрайштар туын ұстаған Талха шығып: «Ей мұсылмандар, іштеріңнен мені өлтіріп, мені тозаққа жібергісі келген немесе менің қолымнан өліп жұмаққа барғысы келген ешкім жоқ па? – деп айқай салды. Сонда Али оған атылып, Талханы жер жастандырды. Осы сәтте Талханың туын бауыры Осман алды. Оған Хамза ұмтылып оны да жер жастандырды. Осы әрекеттен соң екі жақтың әскерлері бір-бірімен қоян қолтық аралып кетті. Осы шайқаста Али, Әбу Дужана және Хамза ерекше ерлік көрсетті. Хамза бәдір шайқасында Әбу Суфиянның әйелі Һиндтің әкесін өлтірген болатын. Сондықтан Һинд Жубайрдың құлы Уахшиге егер Хамзаны өлтірсең үлкен сый берем деп алдын ала дайындаған болатын. Ол Һиндтің сыйын алу және азаттық жету үмітімен шайқаста жасырын келіп, сүңгісін Хамзаға лақтырды да оны шаһид етті.
Бастыпқыда жеңіс мұсылмандар жағында сияқты көрінді. Себебі, мұсылмандар бұл шайқаста да жанкештілік көрсетті.
Құрайш жақ кері шегіне бастағанмен мұсылмандардың кейбірі біз деңдік деген сеніммен жаумен жағаласуды қоып олжа жинай бастады. Пайғамбардың тау беткейіне қойған садақшылары олжа жинап жүрген өз сарбаздарын көргенде біз жеңдік енді мұна тұрудың қажеті жоқ десіп олжа жинауға алаңға қарай беттеді. Оларға Абдуллаһ бин Жубайр Пайғамбар бұйрығын қанша ескертсе де олар құлақ аспады. Садақшылар орнынан кетіп алғанын бақылап тұрған Халид бин Уалид таудың арты бетінен шабуылға көшті аз санды Аббдуллаһ бин Жубайр атты әскердің шабуыла тойтарыс бере алмады. Халид бин Уалид олжа жинап жүрген мұсылман әскеріне шабуылға шықты, мұны көрген Құрайш әскері де қайта соққы шасауға көшті. Олжа жинағанда қаруларынан айрылып есі шыққан мұсылман әскері қайта қаруларына ұмтылып соғыса бастады. Бірақ олардың қатары бұзылған болатын. Осы сәтте мұсылмандар туын ұстаған Мусаб бин Умайр мерт болды. Мусабты сауыт ішінде Пайғамбарға ұқсатқан Абдуллаһ Қамия «мен Мұхаммедті өлтірдім деп айқай салды. Бұл қауесет мұсылмандардың арасына таралғанда мұсылман әскерінің одан ары есі шықты.
Осы бір қарбаласта Пайғамбар маңайында он шақты адам-ақ қалды. Ал қалғандары оның қайда екенін білмей қатты састы. Олар пағамбарды соғыс алаңында шайқаса жүріп іздеді. Она әуелі Қаб бин Мәлік көріп ей мұсылмандар Пайғамбар мұнда деп айқай салды. Мұсылмандар Пайғамбар жаққа жүгірісті. Мүшіріктер Пайғамбардың орнын білім барлығы соған қарай ұмтылды. Мұсылман сарбаздар оны барынша қорғап бақты. Утба атты мұшіріктің лақтырған тасы Пайғамбар ернін жаралады. Құрайш әскері Абдуллаһ Пайғамбарға жақындап келіп семсерімен Пайғамбардың жүзін жаралады. Басына Пайғамбарды қорғай отырып, мұсылмандар тау басына қарай шегінді. Ал Әбу Суфиян оларды өкшелемекші болғанымен сахабалардың атқан жебелерінен ол кері шегінді.
Құрайш әйелдері өлген мұсылман әскерлерінің мәйіттерін қорлады. Оларлың құлақтарын, мұрындарын кесіп алып мазақ етісті. Һинд өлгендердің дене мұшелерінен тізбелеп өзіне алқа істеп таққан. Ол мұнымен де шектелмей, Хамзаның ішін жарып бауырын шайнаған, бірақ оны жұта алмаған. Ал мұсылман әйелдері әскерлерге су тасумн айналысты.
Құрайш әскері өлілерін жерлеп соғыс алаңынан кері шегінді. Осыған орай мұсылмандар да өлілерін жинау үшін алаңға келгенде адамгершілікке жат Құрайш әрекеттерін көрді. Олар мұсылман мәйіттерін қорлап, ішін жарған, құлақ мұрындарын кесіп алған екен.
Ухуд соғысында мұсылмандардан жетпіс шақты адам құрбан болды.
Пайғамбар Мединеге жеңіліспен оралғанда мұнафықтар мен яһудилер шексіз қуанышта еді. Бұл Пайғамбарға ауыр тиді. Егер осылай тыныш қала берсе Құрайштар мен басқа да мұсылман жаулары одан ары мұсылмандарға қыр көрсетуін тоқтатпас еді. Осыған орай, мұсылмандар өздерінің еңсесі түспегендігін дәлелдеу керек. Таңертең мұсылмандар Пайғамбардың үндедеуімен оның маңайына жиналды.
Пайғамбар бір мұсылманды барлауға жібереді. Ол мүшірік әскерлерінің түйеге мінгендігін айтып келеді.
Құрайштардың мұсылмандармен қайта соғысу, Мединеге шабуыл жасау ниеті болды. Мабад деген адам Меккеге сапарға шығып жолда Пайғамбар мен әскеріне жолықты. Одан соң жолда Құрайштарға жолығып, мединеліктер соғысқа дайын сап түзеп келе жатқандығын ескертеді. Бұдан қатты сескенген Әбу Суфиян осы жеңіске қанағат деген оймен Меккеге кері шегінеді.
Һижреттің үшінші жылындағы оқиғалар:
Пайғамбарымыздың жиен немересі – Хасан бин Али дүниеге келді;
Пайғамбар Хафсамен үйленді;
Осман пайғамбардың қызы Умму Кульсуммен үйленді;
Мұсылмандардың мүшірік әйелмен үйленуіне тиым салынды
Пайғамбар Зейнеп бинт Хузаймаға үйленді
Һижреттің төртінші, бесінші жылы
Ухуд соғысынан кейінгі оқиғалар. Бірнеше тайпадан басқа Араб түбегіндегі тайпалардың барлығы ислам дінін өздеріне дұшпан санап, мұсылмандармен шайқасуға бет бұрды. Оның себебі де айқын: ислам пайда болған күннен бастап, пұтқа табынушылыққа қарсы шықты. Ал, арабтар пұтқа табынушылықты өздерінің діні ретінде санайтын. Араб тайпаларының исламға дұшпандықпен қарауының келесі бір себебі – олар Құрайш тайпасына бағынатын. Қажылық мезгілінде Меккеге келетін араб тайпалары Құрайштардың исламға дұшпандығын көздерімен көрген және үнемі Құрайштарға болысуды жөн деп санайтын. Олардың исламға дұшпандықпен қатынас жасауының үшіншісі, әрі басты себебі – ислам діні қоғамға жаңа жүйе әкелді. Өйткені арабтар кең далада еркін өмір сүретін, қалаған нәрсесін істеп, белгілі бір тәртіп, қағида деген нәрсені мүлдем ұқпайтын. Кең, шөл далада олар ойына келген нәрсені істеп, кейде қарақшылықпен де, адам өлтірумен, ұрлықпен айнатысатын, тіпті, мұндай әрекетті батырлық деп мақтанатын. Ал ислам діні адамдыққа қайшы мұндай әрекетті шектеп, бір қағидамен, бір жүйемен үмір сүруді насихаттады. Мұсылмандар меккеліктерді сауда жолы арқылы қыспаққа ала бастаған кезде, Құрайштармен тығыз сауда байланыс орнатып келген араб тайпалары да алаңдай бастады және көрші араб тайпалары Құрайштармен тізе қосып Ухуд шайқасына да қатысты. Ухудтағы шайқастан соң мұсылмандардың мысы басылды, жеңілді деп жорамалдап, олар Мединеге қыр көрсетуге шықты.
Пайғамбар – араб тайпасы арасындағы саяси барысты дер кезінде аңғара білген көреген билеуші. Бір шеттен бір араб тайпасы шабуылға шыққалы жатыр деген қауесетті ести сала, ол мәселені дер кезінде шешуге тырысты. Өйткені осындай шбауылдар жан-жақтан қаумаласа, онда мұсылманардың жағдайы қиынға соғары хақ. Осы себепті Пайғамбар Ухудтан соң жортуылшы жасақтар аттандырып отыруды жөн деп білді. Мұндағы басты мақсат – мединеліктердің өз-өзін қорғай білуін көрсетуі.
Әбу Салама жорығы. Ухуд шайқасынан соң һижреттің төртінші жылы Бани Асад тайпасы ішіндегі Хуайлид әулетінің Мединеге қарсы шабуылға шығуға руына үндеу тастап жатқанын ести сала Пайғамбар Әбу Салама бин Абду-л-Асад басшылығындағы 150 әскерді жорыққа аттандырды. Хуайлид әулеті Мединеге кенеттен шабуыл жасап, Мединенің маңайындағы малды барымталауды жоспарлаған болатын. Осы барымтаға басты себеп – Ухудта мұсылмандарың жеңілісі. Мұсылман сарбаздарына күндіз жасырынып, түнде жүру және ешбір жан баласына сездірмей, тұтқиылдан жауға тарпа бас салу міндеттелді. Осы тапсырма бойынша барымта ниетінде болған жау дер кезінде бастырылды және басқа руларға да бұл үлкен сабақ болды.
Ибн Унайс жорығы. Нахла аймағын мекендейтін Лихиан тайпасының ақсақалы Халид бин Суфиянның Мединені жаулау ниеті туралы хабар да Мединеге жетті. Пайғамбар Абдуллаһ бин Унайсты шақырып алып осы қауесеттің ақиқатын біліп келуге міндеттеді. Абдуллаһ бин Унайс Нахлада әлгі қауесетті Халидтің өз аузынан естиді. Ол орайын тауып Халиді қолындағы семсерімен өлтіреді де, бұл мәселе осымен шешіледі.
Ражи оқиғасы. Һижреттің төртінші жылы Лихиан тайпасына көрші орналасқан Адл, Қарра руларының бірнеше адамы Пайғамбарға келіп, өз қауымына исламды түсіндіретін бірнеше адамды жіберуін өтінді. Пайғамбар олардың өтініші бойынша Қасым бин Сабит басшылығындағы алты адамды жіберді. Олар Мекке мен Аскан арасындағы Хузайл тайпасына қатысты су бойындағы Ражи деген жерде мүшіріктердің құрған қақпанына түсті. Алты мұсылманды Мединеден алып шыққандар оларды Лихиан тайпасы өкілдеріне берді. Алты адамға екі жүз әскер тап келді. Алты мұсылман тауды паналаса да, үшеуі сол арада мерт болды, ал қалғаны қолға түсті. Жолда әлгі үш мұсылманның бірі қашпақ болғанда мүшіріктердің лақтырған тастарынан жан тапсырды.
Әлгі мүшіріктер қолға түскен Хубайб пен Зейдті Меккеге алып барып сатып жіберді. Зейдті Сафуан бин Умаййа сатып алды да, оны Бәдірде өлген әкесі үшін кек алу мақсатында өлтірмек болды.
Хубайбты біршама уақыт абақтыда ұстап, Харс бин Амирдің орнына өлтіруге шешім қабылдады.
Мауна құдығындағы оқиға. Хижреттің төртінші жылы Килаб тайпасынан Әбу Бара Пайғамбарға келіп, қауымына исламды үйретуші ұстаздарды жіберуді өтінді. Сонда Пайғамбар: «мен Нежд аймағына сене алмаймын, серіктерімнің өміріне де жауаптымын», - деп қайтарды. Бірақ Әбу Бара ұстаздардың өміріне кепілдік бергендіктен, Пайғамбар Әбу Бараның өз халқы арасындағы абыройына сеніп, сахабалардың біршамасы Неждке жіберді. Ислам тарихшылар жіберген сахабалардың 40 пен 70 аралығында болғандығын айтады. Олар Бани Амир тайпасына қарасты территорияда Мауна құдығына келіп аялдады және араларынан Харам бин Милханды Амир бин Туфейлге Пайғамбар хатын беруге жіберілді. Амир Пайғамбардың хатына да қарамастан Харамды өлтіртеді де көрші орналасқан тайпаларға адам жіберіп, олардың жиналуын бұйырады. Дегенмен де олардың арасынан Әбу Бараның берген уәдесіне тұрғандары да болды және Амирге қосылмады. Бірақ, Амир жеткілікті дәрежеде әскер жинады. Хатты апарып беруге кеткен Харамды күткен сахабалар ол кешіккеннен соң, Амир жаққа қарай бет алған. Сахабаларды Амирдің әскері қоршауға алып, барлығын қырып салады. Бірақ арасынан Амр бин Умаййаны ғана Амир босатып жібереді. Пайғамбар осы оқиғаға қатты қайғырды. Амирден аман құтылған Амр бин Умаййа Мединеге қайтар жолда екі адамға жолықты. Оларды қасындағы сахабаларды өлтірген адамның руластары деген күмәнмен Амр өлтіріп тастайды. Негізінде әлгі өлтірілген адамдар Мединемен тату қатынастағы Амир тайпасының өкілдері болып шығады.
Бани Надир оқиғасы. Ражи мен Мауна оқиғасы Яһудилердің қайта бас көтеруіне жол ашты. Мұсылмандар мен яһудилер арасында исламның алғашқы кезінен-ақ келісімдер бар еді. Бірақ еврейлер осы келісімге мойын ұсына бермейтін. Мединеден екі шақырымдай қашықтықта орналасқан Құба деген жерде Бани Надир еврейлерін мекендеді. Олардың мұсылмандармен жасасқан келісімдерге қаншалықты берік екендігіне көз жеткізу мақсатында Пайғамбар Бани Надирге бет түзеді. Пайғамбардың қасында Әбу Бәкір, Омар, Али сияқты оншақты сахабалар бірге барды. Пайғамбардың Бани Надир әулетіне барғандағы негізгі мақсаты – Амр бин Умаййаның жолда өлтірген екі адамының құнын Амир әулетіне келісімге сай бірге төлеу. Пайғамбар Бани Надир әулетінен төленетін құнның оларға тиесілі бөлігін сұрады. Еврейлер Пайғамбар алдында жылы қабақ көрсеткенімен өз араларында күдік тудырды. Олар Пайғамбарды өлтіру әрекетіне дайындалып жатқан болатын. Олар Пайғамбар отырған жердің төбесінен дәу тас тастау мақсатында бір адамды жіберді. Пайғамбарды өлтіруге міндеттелген Амр бин Жихаш үйдің шатырына шыққан кезде, Пайғамбар оның алдын алып Мединеге қайтып кетті.
Құрайш Бани Надирге адам жіберіп, исламның көзін құрту мәселесінде бірігіп іс атқаруға ұсыныс жасаған. Құрайштың бұл ұсынысын еврейлер одан ары дамытуға сөз берді. Біршама уақыт өткеннен соң, отыз адамымен келіп, Пайғамбармен сұхбат жасауға шақырды. Онда еврей раввиндерімен бірлесе отырып, діни мәселені талқыға салмақ. Осы талқыдан соң еврей раввиндері мұсылмандықты дұрыс деп тапса, Бани Надир тайпасы толығымен ислам дінін қабылдамақ. Алайда, яһудилер соғыс дайындығын жасап жатқандықтан, Пайғамбар олардың ұсыныстарынан бас тартты да оларға алдымен мұсылмандармен жаңа келісімге отыруды талап етті. Бани Надир Пайғамбардың ұсынысынан бас тартқандықтан, Пайғамбар Бани Қурайза әулетімен жаңа шарт жасасуды ұсынды. Ал олар Пайғамбардың талабына мойын ұсынды. Ал Бани Надир бастапқы ұстанымдарынан айнымады. Бани Надир Пайғамбарға үш адамымен келіп, еврейдің үш дін адамымен пікір талас жасауын, егер яһуди дін адамдары исламды қабылдаса, бүкіл тайпа исламды қабылдайтынын алға тартты. Пайғамбар осы ұсынысты қабылдап жолға шығады. Алайда Пайғамбар жолда яһудидер өлтіруге дайын тұрғанын естіп артқа қайтады.
Пайғамбар Мединеге оралысымен Мухаммад бин Масламаны еврейлерге елшілікке жібереді. Оларға келісімді бұзғандықтан және Пайғамбарды өлтірмекші болғандықтан, он күннің ішінде қаладан кету талабы қойылады.
Бани Надир бұл ұсынысқа көнгенімен мұнафықтар басшысы Абдуллаһ бин Убай оларға екі мың адамымен көмекке келетініне сендіріп, ойларынан бас тарттырады.
Бани Надир Пайғамбардың талабын орындамағандықтан, Пайғамбар әскері олардың қамалдарын қоршауға алды. Жиырма күндік қоршаудан соң олардың ашық шайқасқа шықпайтындығы белгілі болды. Сондықтан, олардың еккен құрма ағаштары кесілуге бұйрық берілді. Еврейлердің күткен көмек, яғни Абдуллаһ бин Убай келмегеннен соң, олар берілді және бас амандықтарына кепілдік беруді өтінді. Олардың өтініштерін Пайғамбар қабыл алды да қаруларынан басқа барлық мал-мүліктерін 600 түйеге артып олар қамалдарын босатты. Олардың бір бөлігі Хайбарға кетсе, келесілері Сирия жақтағы Азриат жеріне, Қайнуқа еврейлерінің жанына кетті. Еврейлердің екі адамы мұсылман болып Мединеде қалды. Бани Надирден қалған жерлер мен үйлер сахабаларға бөліп берілді.
Еврейлер мен Құрайштар Араб түбегіндегі тайпаларды мұсылмандарға айдап салуды одан ары жалғастырды. Сондықтан рулар Мединеге шабуыл жасау қаупі үнемі болып тұрды. Осы себепті Пайғамбар үнемі сақ жүруді міндетті санады. Һижреттің бесінші жылы Неждтегі Ғатафан тайпасының кейбір тармақтары Мединеге шабуыл жасау үстінде екен деген хабар жетті. Сондықтан Пайғамбар 400 адамдық сарбаздарды оларға қарай аттандырды. Әскер «Затурриқа» деген жерге келген кезде, дұшпанның Салаба және Мухариб тайпаларының әскері кездесті. Олар мұсылман әскеріне жүректері дауламай тауға қашты. Осы оқиғадан соң мұсылман әскері кері қайтты.
Һижреттің төртінші жылғы оқиғалар:
Пайғамардың жиен немересі Хусейн бин Али дүниеге келді;
Пайғамбардың әйелі Зейнеп бинт Хузайма қайтыс болды;
Кейбір таришылар шараптың осы жылы харам болғандығын айтадф.
Һижреттің бесінші жылы
Думату-л-Жандал жорығы. Һижреттің бесінші жылы Пайғамбар Думату-л-Жандалға қарай беттеді. Ол жер Хижаз бен Шамның ортасында орнатасқан. Осы жерде бір топ қарақшылықпен айналысып, мұсылмандардың Сирияға бара жатқан керуенін тонайтын. Осы топты талқандау үшін мұсылмандар 1000 әскермен келгенімен, мұсылман әскерінің келгендігін естіп олар тым-тырақай қашып кетті. Қарсыласпен кездесе алмаған мұсылман әскері кері шегінді.
Бани Мусталық шайқасы. Хузааға қарасты Мусталық әулеті ел ішінде абыройлы әулет болатын. Олар Мединеден тоғыз қонақтық жерде өмір сүрді. Осы тайпаның көсемі – Харис бин Әбу Хирар Мединені шаппақ болып шешім қабылдаған болатын. Бұл қауесеттің ақиқаттығын білу үшін Пайғамбар Зейдті жіберді. Зейд те қауесеттің шын екендігін растады. Оны дер кесінде басу үшін Пайғамбар жорыққа аттанды. Мұсылман әскерінен олардың бір бөлігі қашты да, келесі бір бөлігі шайқасқа кірісті. Шайқас нәтижесінде Мусталық әскері жеңілді, он адамынан айрылды, 600-і тұтқынға түсті, 2000 түйе, 5000 қой олжаланды.
Осы сапарда мұнафықтардың мухажирлер мен ансарлар арасына іріткі салу әрекеті орын алады. Яғни, бірінші су алуға таласқан бір мухажир мен ансардың жанжалын пайдаланып кетіп, Абдуллаһ бин Убай ансарларға мухажирлерді қуу қажеттігі жайлы ұсыныс тастайды. Абдуллаһ ибн Убайды Омар Хаттаб пен Абдуллаһ бин Убайдың баласы Абдуллаһ өлтірмекші болғанда оларды Пайғамбар тоқтатады. Сонымен қатар пайғамбардың осы сапар кезінде тайпа көсемінің қызы «Жуайраға» үйленді, одан соң сахабалар Пайғамбардың қайын жұрты болып табылатын 600 тұтқынды босатты. Осы жорықтан қайтар жолда Пайғамбар әйелі Айша жолда қалып қояды да мұны мұнафықтар өсекке айналдырады (ифқ оқиғасы).
Хандек шайқасы. Көршілес араб тайпаларын арандатқанымен еш нәтиже шығара алмаған Әбу Суфиян өзі мұсылмандарды бір жола жоюға бел шешеді. Ухуд шайқасынан соң Әбу Суфиян мұсылмандарға келесі жылы Бәдірде кездесетіндігін айтқан болатын. Бірақ оның Бәдірде соғысуға батылы жетпеді. Әбу Суфиян әскерімен һижреттің төртінші жылы Бәдірге бет алғанымен екі қонақтық жерден кері қайтқан. Ал мұсылмандар оларды Бәдірде сегіз күн күтті. Бұл ислам тарихында «соңғы Бәдір шайқасы» деген атпен қалды.
Осы бір тыныштық заманда Мединеден Хайбарға жер аударылған Бани Надир еврейлері араб әлемін үнемі мұсылмандарға қарсы арандатумен айналысты.
Бани Надир көсемі – Хуйай бин Ахтаб, Саллам Әбу-л-Хуқайқ, Кинана және басқа да еврейлер Меккеге барып Құрайштарды одан ары арандатуға көшті. Сондай-ақ мұсылмандардың дінінен қарағанда Құрайштардың діні, яғни, пұтқа табынушылық анағұрлым жақсы екендігін алға тартты.
Яһудилердің арандатуымен Құрайштар мұсылмандарға қарсы күш біріктірді, оған көршілес араб тайпалары да қосылды. Әлгі яһудилер Хайбардағы табыстарының жартысын беруге уәде беріп Ғатафан арабтарын да осы одаққа қосылуға көндірді. Фараза, Сулайм, Сад, Асад әулеті және басқа да рулар әскерінің тізе қосуымен үлкен армия жасақталды. Әбу Суфиянның қол астына Құрайштың өзінен 4000 сарбаз, 300 атты әскер және 1500 түйелі әскер жасақталды. Құрайштардың туын Осман бин Тальха ұстады. Ал Фараза әулеті көптеген жаяу әскерімен, мың түйелі әскерімен қосылды. Ашжа мен Мурра төрт жүзден әскер қосты. Мауна оқиғасына себепкер – Сулайм 700 сарбазымен келіп қосылды. Сад бен Асад әулетінің де осы сияқты әскері Құрайш армиясына келіп қосылды. Мұсылмандарға қарсы жинақталған одақтастардың әскер саны 10 000-нан асты. Осы уақытқа дейін мұсылмандарға қарсы осындай әскери күш жинақталмаған болатын.
Одақтастардан құралған алып қосынның Мединеге беттегені туралы Пайғамбар хабардар болды. Яһудилер де олардың қатарына қосылып, мұсылмандардан кек алуға бекінген. Пайғамбар сахабалармен кеңесе келе, жауды бетпе-бет қарсы алу ұсынылды. Бірақ сан жағынан жаудың әскері бірнеше есе басым, сонда не істеу керек, қаланы іштен қорғаған жөн бе?
Мұсылмандардың абдыраған осы сәтте тегі парсылық, бастапқыда зороастризм, кейіннен христиан дінін қабылдап, олардан рухани нәр таба алмай ислам дінін қабылдаған Салман Фариси парсы елдеріндегі сияқты қаланың сыртынан ор қазу арқылы қорғану ұсынысын тастады. Арабтарда бұлай қорғану бұрын соңды қолға алынбаған болатын. Салман Фарисидің ойы қабылданып, барлығы жұмыла ор қазуға кірісті. Пайғамбардың өзі бастаған сахабалар алты күнде орды қазып бітірді. Ордың қалаға қараған жағына тастар қаланды да дұшпанға қарсы ыңғайлы қорған жасалды. Ор қазарда шыққан тасты жарарда Пайғамбар Сирия, Кисра сарайларының, Костантинопольді, Сана қақпаларын көргендігін айтып, болашақта әлгі қалалар мұсылмандардың қол астына өтетіндігі туралы хабар берген.
Медине қаласын қиратуға келе жатқан одақтастар қазылған орды көргенде біраз аңырап қалды. Бастапқыда ордан өтуге олардың батылдары жетпеді. Пайғамбар 10 000 мыңдық мүшірік одақтастарына 3000-дық әскермен қорғанды. Ордан өте алмайтынын білген соң бір-біріне оқ, тас атысты. Жаудың қаланы қоршауы ұзай түсті. Қоршау ұзаған сайын қала ішіндегі халық күйзеліске ұшырай бастады. Ал қаланы қоршаған одақтастар қоршау ұзаған сайын еш нәтиже шығара алмай жалыға бастады. Оның үстіне күн де суып, суық жаңбырдан әскер дірдек қақты. Әсіресе, белгілі мақсаты жоқ Ғатафан арабтары сабырсыздана бастады. Яһудилердің табыстың жартысын береміз деген үмітпен келгендіктен, олардың сабырсыздығына яһудилер қатты алаңдады. Одақтастар арасындағы сабырсыздықтан қатты алаңдаған яһудилер Мединедегі Бани Құрайзаны өз жағына тартуды көздеді. Бұл одақтастарға жаңа серпін жасады. Хайбардағы Бани Надир яһудилерінің басшысы - Хуйай бин Ахтаб Бани Қурайза яһудилеріне барды. Бани Қурайза көсемі – Қааб бин Асад Хуйайды көргенде одан сезіктеніп, қорғанын жауып оны кіргізбеді. Себебі, ол мұсылмандармен келісім жасасқан болатын. Бірақ, Хуйай айтқанынан тайынбай, ақыры оны кездесуге көндірді де, ол Қаабты өз жағына шығара білді. Осылай Бани Құрайза Пайғамбармен жасалған келісімді бұзып, уәделерінде тұрмай, Құрайштарға қарай бет бұрды. Мұсылмандар оларға келісімде тұру қажет екендігін қанша ескертсе де, олар беттерінен қайтпады. Тіпті, Пайғамбарға тіл тигізді. Хуйай Бани Қурайзаны дегеніне көндіргені хабары жан-жаққа таралып кетті. Олар да әскерімен келіп, Құрайш қатарына қосылды да, қаланы жан-жағынан қыспаққа алды. Бани Қурайзаның жау жаққа өтіп кетуі мединеліктердің жағдайын одан ары қиындата түсті.
Қоршау ұзаған сайын сабырсыздана бастаған одақтастар, соңында жалпы шабуылға шешім қабылдады. Олардың бастапқы, таңдалы батырлары ордан өтті де мұсылман әскерімен қақтығысты, шайқас жүрді. Али өзінің қарсыласы, атақты батыр Амр бин Абдиуадты жекпе-жекте жер құштырып, басқа да ордан өткен жау әскерін кері шегіндірді. Бірақ Құрайштар оқ пен тасты жаңбырша боратты. Мұсылмандар ордың әлсіз жерлерінен қорғаныс жасады. Ертеңгі күнгі шабуыл да нәтижесіз аяқталды. Ғатафан басшысы Нуайм бин Масут Сақафи Құрайштар мен яһудилер арасында құрметті адам болатын. Ол іштей исламды қабылдағанмен, әлі жариялай қоймаған. Ол Пайғамбармен кездесіп: «қазір саған қызмет жасай аламын», - деді де, іске кірісті.
Нуайм алдымен Бани Қурайза еврейлеріне барып: «Құрайш пен Ғатафан соғыстан жалықты, ертең олар кері шегінсе, сендер жалғыз қаласыңдар, сонда не істей аласыңдар? Жағдайларың қиын. Қазір Құрайш пен Ғатафан басшыларына барып, олардың басшыларын соғысты тастап кетпес үшін кепілдікке алыңдар», - деді. Нуайм Әбу Суфиянға да барып: «яһудилер Мұхаммедпен жасасқан келісімді бұзғанына өкініп жатыр. Осыған орай, олар Мұхаммедпен қайта келісім жасасып, Құрайш пен Ғатафан басыларын кепілдікке алдап алып Мұхаммедке тапсырмақшы, осылай кінәларын жумақшы, егер еврейлер келіп, сенен басшыларды кепілдікке сұраса берме», - деп ақыл берді.
Еврейлер соғысқа енжарлық танытқанына байланысты Әбу Суфиян ертең шайқасқа бірге шығуды бұйырды. Ал еврейлер Әбу Суфияннан кепілге адам сұрады. Одан соң араларындағы одақтастық ыдырады. Ғатафан, Құрайш басшылары әуре-сарсаңға түсіп, бастары әбден қатты. Оның үстіне күн өткен сайын ауа-райы да суи түсті. Одан соң оның арты боранға айналып, дауыл ағаштарды тамырымен қопарды. Құм мен топырақ құйындатып, әскер заттарын аспанға шашты. Күн күркіреп, найзағай жарқырап жатты. Жаңбыр құйды. Алланың жіберген табиғат апатынан қатты үрейленген Ғатафан, Құрайш әскері кері шегінді.
Ертесіне жауын мен боран тоқтап, күн шайдай ашылды. Ал жау қоршауы да, әскері де бірі қалмай түгел қашып кетіпті.
Бани Құрайза әулетін жазалау. Хандек шайқасында одақтастар кері шегінгенмен олар қайта оралуы мүмкін, себебі, осы одақтың бір бөлігі, яғни, Бани Құрайза еврейлері Мединеде қауіпті болып қала берді. Оның үстіне Хандектегі араб-еврей рулары одағының ұйытқысы – Хуйай бин Ахтаб Мединедегі Бани Құрайза арасында қалған болатын. Сонымен қатар, келісімді бұзып жау жағына өтіп кеткен Бани Құрайзаның сатқындық әрекеті де жазасын өтеуі тиіс қылмыс болып табылады. Осы себепті Пайғамбар: «Аллаға және пайғамбарға бой ұсынғандар намаздігерді Бани Құрайза ауылына барып оқысын», - деп бұйрық берді. Алидің ту ұстауымен мұсылмандар қаруларын сайлап Бани Құрайза жаққа беттеді. Пайғамбар Мединеге келген кезде, мединелік еврейлермен келісім жасасқан болатын және олардың бас амандығы, мал-мүлкі қауіпсіздікке алынған. Бірақ еврецлер Пайғамбармен жасалған келесімді бұзып отырғаны белгілі. Солардың бірі Бани Надир әулеті еді. Пайғамбар оларға келісімді жаңалауға ұсыныс жасағанда Бани Надир ұсынысты қабылдамады, осыған орай, Бани Надир Мединеден қуылып, Пайғамбар Бани Құрайзамен келісімге қайта отырды. Алайда Хандек шайқасында Хуйайдың арбауына ілініп қалған Бани Құрайза келісімді бұзып, жау жағына шығып кетті, ең керек кезде мұсылмандарды тастап кетті. Бұл аз болғандай Пайғамбар мен мұсылмандарға қарсы араб-еврей одағын құруға ұйытқы болған Хуйайды да қанатының астына алып отырғаны тағы бар. Сондықтан, Пайғамбардың бұл істі шешпеске лажы жоқ. Сондықтан, Пайғамбар Бани Құрайзаға қарай беттеді.
Бани Құрайза өз қателіктерін мойындап, Пайғамбарға бағынудың орнына қарсылық көрсетті: Пайғамбар мен мұсылмандарды қорлады, тіл тигізді. Осы себепті Пайғамбар Бани Құрайза қамалын қоршауға бұйрық берді. 25 күнге созылған қоршауда еврелер қарсы шайқасқа шығуға батылдары жетпеді. Соңында өарсы шабуылға шығарылды. Бани Надирді жаһилия дәуіріндегі одақтығына байланысты қоршауда болғанда Хазражды көмекке шақырған болатын. Ал жаһилия кезеңінде Бани Құрайза Әуспен одақ құрған болатын. Сондықтан, олар Әустің келісімен жүгінуге өтініш білдірді. Сонда Пайғамбар: олай болса, сендердің осы істеріңе жайлы билік айтатын адамды ұсыныңдар, сол адамның шешімі қабылданады», - деп жауап берді. Бани Құрайза төреші ретінде бастапқы кезеңдегі одақтастары – Сад бин Муазды ұсынды. Бани Құрайза келісімді бұзған кезде, олардың бұл қате шешімдерінен қайтару мақсатында барған елшінің арасында Сад та болған еді. Садтың қазылық шешімі былай болды: «Еврейлер арасында Хандек қоршауына қатысқандар өлім жазасына кесілсін, ал әйелдері мен балалары тұтқындалсын және мал-мүліктері тәркіленсін». Шешім олардың қасиет тұтатын Тәуреттің үкімімен сәйкес келгендіктен олар да бұл шешімге келісті. Бани Құрайза әулетінен осы жаза бойынша төрт жүз еврей өлтірілді, төрт яһуди ислам дінін қабылдап, өлімнен құтылды. Бани Құрайза қарасты жерлер мухажирлерге үлестіріліп берілді.
Һижреттің бесінші жылы Пайғамбар Зейнеп бинт Жахшпен үйленді;
Һижреттің алтыншы және жетінші жылдары
Худайбия келісімі. Пайғамбарлың Меккеден Мединеге қоныс аударғанына алты жыл толғанда мұнда Пайғамбар мен мұсылмандар жоқшылық пен қиыншылықтың ащы дәмін әбден татты. Одан қала бере мүшірік арабтар мен еврейлердің жариялаған соғыстары да әбден қалжыратты. Осындай қиыншылықтарға қарамастан мұсылмандар Меккені естен шығармады. Олар Меккеге баруды армандайтын, бірақ екі қала арасындағы жауластық оған мүмкіндік бермеді. Бірақ мұсылмандардың Меккеге деген сағынышы күн санап арта түсті. Һижреттің алтыншы жылы Пайғамбар Қағбаға зиярат жасайтынын білдірді. Мұсылмандар бұған қатты қуанды. Бірақ, олардың көңілдері күпті болғандығы да жасырын емес. Бірақ Пайғамбар Меккеге қарусыз баратындығын жариялады. Осылй Қағбаға зиярат жасау мақсатында 1400 адам жолға дайындалды. Пайғамбар осындай зияратқа әлі ислам дінін қабылдай қоймаған араб руларын да шақырды. Бірақ олардан келгендер сирек болды. Мұсылмандар Құрайштарды алаңдатпау үшін ихрам киінді, құрбандық 70 түйесін алды. Пай,амбар қарулануды шектеді, бірақ, жолдағы қауіпсіздік мақсатында қауіп төнбесе қыннан шығармау шартымен қылыш алуға рұқсат етілді.
Мұсылмандар жолға шыққан сәтте-ақ Құрайштар қатты алаңдаған және Пайғамбардың ішкі ойына үңілуге талпынған. Осыған орай олар рубасыларының басын қосып, кеңес жүргізеді және Пайғамбар мен мұсылмандарды қлаға кіргізбеуге шешім қабылдайды. Егер қажет болса, қарумен кедергі болу мақсатында әскер де жасақтады. Халид бин Уалид пен Икрима бин Әбу Жаһил екі жүз атты әскермен қала қорғанысына көшкен. Осы атты әскердің қарасы көрінгенде қажылық жасауға шыққан мұсылмандар қан төкпеу мақсатымен ауланба жолға түсіп, Худайбияға қарай беттеді. Осы сәтте ислам дінін әлі қабылдай қоймағанымен мұсылмандармен бейбіт келісім жасасқан Хузаа тайпасының бірнеше адамы келіп Пайғамбарға кеңес берді, егер Меккеге барудан бас тартпаса, жағдайдың ушығып кететінін айтты. Оларға Құрайштардың райынан қайтуға көндіруге ұсыныс айтқанымен, ол нәтижесіз болды.
Пайғамбардың Қағбаға зияратқа келе жатқанына Құрайштардың көзі жеткенімен, «Мұхаммедтің дегеніне көнді деген арабтардың мазағына қаламыз» деген сылтаумен Пайғамбардың ұсынысын қабылдамай, мұсылмандарға Хулайс атты елшіні жібереді. Оған құрбандыққа шалынатын түйелер көрсетілгенде ол мұсылмандардың зияратқа келе жатқанына көзі жетіп кері қайтып кетті. Бұдан өзге мұсылмандар мен Құрайш арасында бірнеше елшілер барып қайтты, оның соңғысы болып Осман Меккеге барды. Соңында Құрайш елшілікке Сухайл бин Амрды жіберді. Оның жасаған алғашқы ұсынысы мұсылмандар Меккеге бармай кері қайту болды. Осылайша Пайғамбардың бейбітшілікты қолдауының арқасында келісім жасалды. Келісім шарттары келісілгеннен соң Али ибн Әбу Талиб келісімді хатқа түсірді.
Пайғамбар келісімдерді Алиге жазды деп бұйырды. Келісім «Бисмиллаһи-р-Рахмани-р-Рахим» деп басталғанда Сухайл: «тоқта олай бастама. Рахман Рахимді біз білмейміз. Арабтардың әдеті бойынша Алланың атымен (Бисмилаһумма) деп жазылуын бұйырды. Пайғамбар мұны қабылдағаннан соң келісім осылай басталды. «Бұл Алланың пайғамбары Мұхаммедтің жасасқан бейбітшілік...» деп жаздыра бастағанда Сухайл бұған да қарсы шықты: «біз сенің пайғамбар екеніңді таныған болсақ, арамызда алауыздық болмас еді», - деді. Сонда Пайғамбар Алиге Мухаммад бин Абдуллаһ деп жазуға бұйрық берді. Худайбия келісімі төмендегі баптар бойынша жасалды:
Мұсылмандар Меккеге осы жылы қажылық жасамай, Мединеге қайтады.
Келесі жылы Меккеде үш күннен артық қалмау шартымен Меккеге зиярат жасайды.
Мұсылмандар Меккеге қажылыққа келгенде қару-жарақсыз келеді, тек жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылыш асынуға болады.
Меккеліктердің бірі Мединеге барып, мұсылмандарды паналаса оны Құрайштарға қайтарып береді. Ал Медине халқының бірі мүшіріктерді паналаса, ол кері қайтарылмайды.
Ал басқа араб тайпалары осы екі жақтың қалағанымен одақтасуына болады.
Аталған келісімдердің барлығы мұсылмандардың пайдасына қайшы келгенімен Пайғамбар оған келісті және осы келісімді «ашық деңіс» деп атады. Бұл келісім болашақтағы тыныштық пен бейбітшілікк алғашқы қадам болатын.
Осы сәтте Құрайштар арасынан Әбу Жандал бин Әбу Жандал бір жолын тауып мұсылмандарды паналады. Әкесі ұлын көргенде оны шапалақпен бір тартып, кері қайтаруға бекінді. Келісім жасалып қойғандықтан, сахабалардың қарсылығына қарамастан Пайғамбар Әбу Жандалды қайтарып беріге келісімін берді.
Көрші елдерге елшілер жіберілу. Худайбия келесімі 628 жылы жасалғаннан үш аптадан соң мұсылманар Мединеге оралды. Осы бейбітшілік уақытты пайдаланып, Пайғамбар исламды тарату мақсатында елшілерін аттандыруға шешім қаылдады. Осы мақсатта ол Византия императорына, Иран шахына, Мысыр патшасына, Эфиопия билеушісіне, жекелеген араб княздықтарына хаттар жіберді.
Пайғамбар сахабалармен кеңесе отырып, төмендегі елшілерді көрші елдерге жіберді: Византия императоры Флавий Ираклийге Дихияту-л-Қалби, Иран шахы Хусрау Первизге Абдуллаһ бин Хузафа, Хабаш нажжашиіне Амр бин Умаййа, Мысыр билеушісіне Хатиб бин Әбу Балтаа, Оман сұлтанына Амр бин Ас, Иамама билеушісіне Сулайт бин Амр, Сирия шекарасындағы Ғассанилерге Шуджа бие Уахб, Бахрейн билеушілеріне Ала бин Хадрами, Иемен билеушісіне Мухажир бин Умаййа.
Византия императоры исламға икемділік танытқысы келгенімен маңайындағы дін басылардан қауіптенді және исламнан бас тартты. Ал Иранның билеушісі елшіден хатты оқыған кезде ашу шақырып, менің құлым, маған осылай сөйлеуші ме еді? деп Пайғамбардың хатын ашумен жыртып тастады. Осы хатқа кектенген Хусрау өзінің Иемендегі губернаторы – Базанға хат жазып, Хижаздағы әлгі Пайғамбарды өлі немесе тірі күйінде алдына алып келуді міндеттеді. Иеменнің парсылық губернаторы Базан Пайғамбарды тұтқындау мақсатында екі адамды жіберді. Пайғамбар әлгі екі адамға шахтың (кисраның) өлтірілгендігін хабарлайды. Олар алған хабарға таң қалысып Иеменге қайта оралады да көп ұзамай, шынында да шах өз ұлы тарапынан сарайда өлтірілгендігі туралы хабар келеді. Базан Пайғамбардың әлгі екі адам арқылы жіберген исламға шақыру үндеуін қабылдап, ислам дінін қабылдайды да Пайғамбардың тағайындауымен сол аймақтың уалиі болып қалады.
Ал Мысыр билеушісі Мукаукис Пайғамбарға сыпайы жауап қайтарып, Мария және Сирин атты екі қыз бен киім және мінетін көлік беріп жібереді. Пайғамбар Марияны өзі алып, одан соңғы ұлы Ибраһим дүниеге келеді. Нажжаши хатты алысымен өзінің Пайғамбарға сенетінін жеткізген. Хижреттің тоғызыншы жылы Нажжаши қайтыс болғанда Пайғамбар оған Медине қаласында жаназа намазын оқыды.
Жекелеген араб билеушілеріне жіберілген хаттарға алуан түрлі жауап берілген. Бахрейн билеушісі исламды қабылдады және тайпасы да билеушісімен бірге ислам дінін мойындады. Ал Иемен мен Иамама әмірлері дөрекілікпен жауап берді де елшілерді қайтарып жіберді.
Сириялық араб княздығы – Ғассани билеушісі Харис хатты алған кезде ашуланып, мұсылмандарға шабуыл жасауға әскерін дайындады, бірақ, император рұқсатын бермеді.
Бусра әміріне жіберілген елші Ғассанилердің муталық уалиі Шурахбил бин Амр тарапынан өлтірілді. Бұл мұсылмандар мен Византия арасындағы мута шайқасына себеп болды.
Хайбар жорығы. (хижреттің алтыншы-жетінші жылдары шамасында) Медине мен Сирия арасында орналасқан жеті қамалдан құралатын Хайбарда еврейлер мекендейтін және Араб түбегіндегі еврейлердің орталығы есептелетін. Медине қаласындағы екі жүзді, сатқын яһудилерден тазартылғаннан соң мұсылмандарға қауіп осы Хайбардан төнді. Онымен қоса Ғатафан арабтары Хайбармен тізе қосып мұсылмандарға шабуыл жасауы мүмкін еді. Пайғамбар Худайбия келісімінен соң оңтүстік аймақты қауіпсіздендіргеннен соң Хайбардағы яһуди мәселесін шешуге дайындық жасады.
Арандатушы Хайбар яһудидерінің басшысы – Хуйай бин Ахтаб өлтірілгеннен соң оның орнына басшылыққа ие болған Салам бин Абу-л-Хуқайқ да Ғатафан арабтарын арандатып, Мединеге шабуыл жасауға әскер жасақтаған. Пайғамбар бұл хабарды алысымен Абдуллаһ бин Атикті Хайбарға жіберіп, Саламды өлтіртеді. Оның орнына ендігі Хайбар басшысы Ясир ибн Раззам болды. бұл да мұсылмандарға дұшпандық рай танытты және мұсылмандарға қарсы тікелей Мединеге шабуыл жасау жоспарын құрып жатты. Ол әскер даындығымен рулар арасын аралады. Пайғамбар осы хабарды алысымен мәліметтің анық-қанығын білуге Абдуллаһ бин Рауаханы жіберді. Ол хабардығын растап келгеннен соң Пайғамбар Ясирмен келісім жасау мақсатында Абдуллаһты қайта жібереді. Абдуллаһ Ясир ибн Раззбұамға Мединеге келіп Пайғамбармен кездессе, оның Хайбардағы билігі мойындалатынын айтты. Бастапқыда Ясир Пайғамбардың ұсынысын қабылдап, отыз жақты нөкерімен жолға шыққанымен жолда күдіктеніп қайта артқа қайтады. Абдуллаһ оның уәдесінен тайғанына ашуланып, арада қақтығыс болады да Ясирді өлтіреді. Пайғамбардың Хайбармен бейбіт келісімге келу ниеті аяқсыз қалды. Хайбарлықтар Мединедегі яһудилердің кегін алу және басқа да себептерге байланысты мұсылмандарды дұшпан санайтын, әрі өздерінің биік қамалдарына, байлықтарына және мол қаруларына сенді. Еврейлердің ендігі басшысы Кинана Ғатафан және басқа да араб руларына барып, оларға Хайбар өнімінің жартысын беремін деген уәдесімен өз жақтарына тартуға тырысты. Ғатафан олардың ұсыныстарын қабылдап, мұсылмандармен соғысуға шешім қабылдады. Ғатафан тайпасы ішіндегі Уйайна руы Мединеге барымта жасап, ондағы Пайғамбардың түйелерін айдап кетті.
Хайбар келісімінен бір ай шамасында солтүстікті қауіпсіздендіру мақсатында жорыққа әзірлік жасады. Дайындық аяқталғаннан соң Мединеден аттанған 1600-дік мұсылман әскері 150 шақырымдық жолда шапшаңдықпен 3 күнде жүріп, таңертең егістік басында жүрген еврейлер мұсылмандар әскерін көргенде қашып қорғандарына тығылды.
Пайғамбар Ғатафан мен Хайбар яһудилері одақтас болғандықтан, Хайбар мен Ғатафан жерінің ортасындағы Ражи деген жерге ордасын тікті. Яөудилер Ғатафаннан көмек сұрады. Олар да қаруланып, жорыққа шықты. Бірақ, Пайғамбар Хайбардан түсетін олжаның бір бөлімін Ғатафандықтарға беретініне уәде беріп, оларды тоқтатты. Хайбарға да елші жіберілген болатын, бірақ, олар бейбітшіліктен бас тартты. Осылай яһудилер мен мұсылмандар кескілескен шайқас жүргізіп, соңында мұсылмандар қамалдарды біртіндеп басып ала бастады. Соғында еврейлер тізе бүкті. Пайғамбар яһудилермен өнімнің жартысын беру келісімін жасағаннан соң Фадак яһудилеріне де осы талапты. Оларда өз келісімдерін берді. Қайтар жолда Пайғамбар Тайма мен Хайбар аралығындағы өлкелердегі яһудиерімен де қақтығысып, оларды да салық төлеуге көндірді.
Пайғамбар еврейлермен қаншалықты жылы қабақ танытқанымен оларлың мұсылмандарға, Пайғамбарға деген өшпенділігі сөнген емес. Осы жорықта Пайғамбар бірнеше күн Хайбарда тұрақтады. Сол уақыттарда Саллам бин Мишкамның әйелі, Харистің қызы – Зейнеп Пайғамбарды қонаққа шақырады. Ол қонақасыға қойдың қуырылған етін дастархан басына тартты. Пайғамбар дастархандағы етті аузына салып біраз шайнады да күдіктеніп, түкіріп тастады. Сол сәтте сахабалардың бірі етті жеді де тіл тартпай өліп кетті. Үй егесі Зейнепті шақырып неге бұлай істегені сұралғанда ол тайсалсай, «егер жай билеуші болса, етті жейді де уланып өледі, ал егер шынайы пайғамбар болса, оған хабар беріледі және жемейді деп тәжірибеде жүзеге асырып көрейін дедім, - деп істеген қылмысын мойындады. Пайғамбар Зейнепті кешірді.
Пайғамбар Хайбар сапарында Софияға үйленді.
Һижреттің жетінші жылы
Меккеге зиярат жасау. Хайбар бағындырылып, солтүстік аймақтар қауіпсіздендірілгеннен соң, Худайбия келісімінің шарттарына сай бір жылдан соң Пайғамбар мұсылмандарды Қағбаға зиярат жасауға шақырды. 70 құрбандыққа шалатын түйелерін алып, 100 атты 2000 мұсылман Меккеге қарай беттеді. Ал Құрайштар мұсылмандардың келе жатқанын естісімен қаланы босатты да қала маңайындағы төбелерге шатыр тігіп, мұсылмандардың келуін алыстан бақылады.
Пайғамбардың істегеніне сай мұсылмандар Қағбадағы қажылық рәсімін жасап, соңында малдарын құрбандыққа шалды. Мұсылмандар Меккеде үш күн болды. Мұсылмандардың мінсіз әдебі мен көркем мінезін көрген Құрайштар таң қалысты. Барлығы тап-таза, дәрет алып намаз оқыды, бір-бірін құрметтейді. Пайғамбар мұсылмандарды бөліп-жармай, барлығымен жылы шырай танытып, бірге әңгіме-дүкен құрады. Құрайштар арасында мұсылман болуға деген қызығушылық пен ынтықтық ояна бастады. Осындай және басқа да себептерге байланысты Халид бин Уалид пен Амр бин әл-Ас ислам дінін қабылдады.
Һижреттің жетінші жылындағы оқиғалар:
Пайғамбар осы сапарда Аббастың балдызы Маймунаға үйленді.
Пайғамбардың қызы Зейнеп ислам дінін қабылдған бүрынғы күйеуі Әбулөасқа қайтарылды;
Иемендегі Ашари тайпасы Әбу Муса әл-Ашаримен бірге Мединеге келіп ислам дінін қабылдады;
сасанилердің Иемендегі губернаторы Басан ислам дінін қабылдады, Пайғамбар оны Сана қаласына уали ретінде сайлады. Базан – исламда алғаш тағайындалған уали.
Һижреттің сегізінші, тоғызыншы және оныншы жылдары
Мута шайқасы. Мута Сирия жақтағы Византияға қарасты аймақ болатын. Осы шайқастың туындауына тарихшылар екі себепті ұсынады. Оның бастапқысы – пайғамбар Худайбия келісімінен соң осы бір бейбітшілік заманда көрші елдерге исламға шақыру хаттарын жолдаған болатын. Осы жолдау хаттарының бірі Бусраға жөнелтілген. Бұл аймақ Византияға вассал христиан арабтардың иелігінде еді. Олар Пайғамбар хатына ашуланып, елшіні де өлтірді. Ал екіншісі – Пайғамбар Сирия шекарасындағы Зату-т-Талхаға исламға шақыру үшін он бес адамды жіберді. Олар да келген елшілердің барлығын өлтірді тек біреуі ғана қашып құтылды. Осы екі себепке байланысты Мута шайқасы жүзеге асты.
Хижреттің сегізінші жылы Пайғамбар Зайд бин Хариса қолбасшылығындағы 3000 адамдық армияны солтүстікке қарай аттандырды. Пайғамбар әскерді жорыққа аттандырар кезде, туды Зайдқа беріп тұрып, «Зайд шаһид болса, қолбасшылыққа Жафар бин Әбу Талиб өтсін, ол да дүние салса, Абдуллаһ бин Рауаха әскербасы болсын. Әйелдерді, балаларды, соқырларды өлтімеңдер. Үйлерді өртеп қиратпаңдар, ағаштарды кесіп бүлдірмеңдер» деп кеңес берді. Әскер негізгі мақсаттарын жасырын ұстағанмен мұсылман әскерінің солтүстікке аттанғанын Сириядағы Византия губернаторы Шурахбил тыңшылар арқылы естіп, маңайдағы тайпалардан әскер жасақтады. Византия императоры да қосымша әскер жіберіп, жау әскері 100 000-ды құрады. Византия әскерінің қолбасшысы – императордың інісі Теодор (Феодор) болды.
Мұсылман әскері Сириядағы Маана деген жерге келген кезде, алып әскермен кездесетінін естіді. Мұсылман қолбасылар кеңесе келе Зейд Пайғамбарға хабар жіберейік десе, Абдуллаһ бин Рауаха соғысуды ұсынды. Осылай мұсылмандар алға қарай жүріп Мута деген жерже Византия әскерімен кездесті. Жау әскері сан жағынан басым болуымен қатар мықты қарулармен жасақалған. Мұсылман армиясы артқа шегінудің пайдасыз екендігін түсініп, шабуылға шықты. Ту ұстаған Зайд бин Хариса жер құшты, Пайғамбардың өсиеті бойынша Жафар қолбасылыққа өтті. Жафар шайқаста үлкен ерлік көрсетті. Қолдары кесілсе де туды жықпауға талпынды. Ол жан тапсырғаннан соң туды Абдуллаһ бин Рауаха алды. Ол да шаһид болды. Мұсылман әскерлері ыдырай бастады. Халид бин Уалид бытыраған әскерді жинамақшы болғанымен оны ешкім тыңдамады. Ол әскери шеберлігін басшылыққа ала отырып, бір жерді таңдап сонда тұрды. Оны көрген мұсылман әскерлер оның маңайына топтаса бастады. Қолбасшылық Халид бин Уалидке берілді. Халид берекесі қашқан әскерді жинастырып бір тәртіпке реттеді де жауға қарай шабуылға ұмтылды. Қиян-кескі шайқас болды. Келесі күні Халид жаңа әдіс ойлап тапты: ол алдыңғы шепті артқа артқы шепті алға, оң қанатты солға, сол қанатты оңға ауыстырды да шабуылға шықты. Византия әскері күндегі соғысып жатқан әскер емес, бейтаныс адамдарды көргенде артжақтан тағы да қосымша әскер келген екен деп қорқа бастады. Жауының санын мөлшерлей алмаған визаниялықтар кері шегініп кеңес құруға көшті. Ал мұсылмандар олардың ақылдасуына мүмкіндік бермей, Халидтің бұйрығымен қайта шабуылға шықты. Бұл жауды одан сайын үрейлетті және Византия әскері кері шегіне бастады. Осы сәтте Халид әскерді дереу артқа шегіндірді. Жау әскері де мұсылмандардың санын біле алмай шабуыл жасауға жүректері дауламай кері шегінді. Осайлы халид мұсылман әскерін аман алып қалды.
Зату-с-Саласил шайқасы. Мута шайқасынан соң мұсылмандарды Византиядан жеңілді деп санап маңайдағы арабтар Мединеге қыр көрсете бастады және Медине малына барымта жасайды деген хабар Мединеге жетті. Пайғамбар арабтардың шабуыл тойтару және өз үстемдігін қайта паш ету мақсатында Амр бин әл-Астың басшылығындағы үш жүз әскері Сирия шекарасына аттандырды. Оның соңынан екі жүз әскермен бу Убайда бин Жаррахты аттандырды. Амр бин әл-Ас жау әскердің санын білмеу үшін ауа-райы суық болса да әскеріне түнде от жағуға тиым салды. Таң ата өздерінен әлдеқауда көп жау әскерін ыдыратты.
Меккені алу. Мұсылмандардың жасаған жорықтарындағы жеңістер әсіресе, алып ел болып табылатын Византиямен теке-тірес мұсылмандардың араб әлемі арасындағы абыройын асқақтата түсті. Бұл ислам дінінің жан-жаққа таралуына көп септігін тигізді. Ирак мен Сирияға көрші орналасқан Нежд аймағындағы рулар арасына ислам діні тарай бастады. Византиямен одақ құрған араб тайпалары да мұсылмандарға бет бұра бастады. Мута шайқасынан кейін мұсылмандардың абыройы асып, Сүлейм, Ашжа, Ғатафан, Зубиан, Фазара және Саир тайпалары арасында мұсылман болғандардың саны артты.
Алайда Мута соғысы оңтүстік арабтар арасында жақсы ағаланбады. Әсіресе, мұсылмандардың жеңілісін тілейтін меккеліктер мұсылмандардың Мутада кері шегінуін ұят санады. Бұл Құрайшқа үлкен серпін жасады. Бұл серпін аяғы Мединеге шабуылға ұласуы мүмкін. Құрайштар осы себепке байланысты Худайбия келісімен мән бермеуге көшті.
Худайбия келісіміне сай араб рулары екі жақтың қалағанымен одақтасуға ерікті болатын. Осы келісім бойынша Хузаа руы мұсылмандармен, Бакр руы Құрайшпен одақтасқан. Аталған рулар ежелден бері бір-бірімен жау болатын. Құрайштар Бакр әулеті мен Хузаа әулеті арасындағы жанжалды сылтауратып, Худайбия келісімін аяққа таптады. Бәкр әулетіне болысып, Хузаалықтарды қырғынға ұшыратты. Хузаалықтар қарсы шықпады. Олар Будайл бин Уарқаның үйі мен қағбаны паналады.
Хузаа тайпасынан Амр ибн Салим Пайғамбарға келіп болған жайды баяндады. Одан соң Хузаа әулетінен қырық адам келім болған жағдайды қайталады және Пайғамбардан көмек сұрады.
Пайғамбар Меккеге елші жіберіп, мынандай талаптар қойды:
Құрай өлгендердің құнын төлейді немесе бани Бакр әулетімен одақтасудан бас тартады, яки бұларға көнбесе Худайбия келісімі күшін жояды. Құрайштар үшінші талапты қабылдады.
Құрайш басшылары өздерінің таңдауы жөнсіз екендігін кеш ұғіп артынша Әбу суиянды Мединеге елшілікке жібереді де Худайбия келісімінің жалғасуын сұранды. Бірақ бұл ұсыныс тым кеш болатын. Себебі пайғамбар да, сахабалар да оның ұсынысынан бас тартты. Әбу суфиян Меккеге құр қол қайтты. Осылай Меккені бағындыруға дайындыққа бұйрық берілді. Мединемен одақтас жаұ-жақтағы рулар Мединеге ағылып келіп жатты.
Хижреттің сегізінші жылы Мединеден аттанған он мыңдық мұсылман әскері жолда қосылғандармен олардың саны одан ары артты. Пайғамбардың көздеген мақсаты – Қасиетті қалаға қан төкпей соғыссыз бағындыру және ондағы пұттардан Қағбаны тазалау болды. Жолда Пайғамбардың немере ағасы Аббас келіп қосылды және өзінің мұсылман болғандығын жариялады.
Мұсылман армиясы Меккеге төрт шақырым қашықтықтағы марри Захран деген жерге келіп тоқтады. Мекке басшысы Пайғамбардың алдына барып ислам дінін қабылдады. Осылай Мекке соғыссыз алынды. Мұсылман армиясының алдынан ешкім шықпады. Пайғамбар әскерді төрт бағытқа бөлді. Зубайр бин Аууам солтүстіктен, Халид бин Уалид оңтүстіктен, Сад бин Убада (бүгін соғыс күні дегеніне байланысты оны орнынан алып тастап, ұлы қайсты осы бғыттағыларға қолбасшы етті) ансарларды бастап батыстан, Әбу Убайда бин Жаррах мухажирлерді бастап, Меккенің жоғары жағынан қалаға енді. Ешкім қарсылық көрсетпеді. Тек Меккенің аяқ жағынан Халид бин Уалид бастаған топ қалаға енген кезде Әбу Суфиянның ескертуіне құлақ аспастан Икрима бин Әбу Жаһил, Сафуан бин Умаййа, Сухайл бин Амр бастаған Құрайштың әскерінің бір тобы Халид әскеріне оқ боратты. Екі мұсылман жан тапсырды. Халид амалсыз қорғануға мәжбүр болды. Мүшіріктер мұсылман әскерінің жауабына төтеп бере алмай он үші өліп, қалғандары қашып кетті. Қалаға кірген Пайғамбар алдымен Қағбаға зиярат жасады. Халық көп жиналды. Осылайша атх құтпасын оқыды. Одан соң Қағбаны пұттардан тазалады. Одан соң ер әйел барлығы келіп Пайғамбарға биат етті. Пайғамбар өзіне зұлымдық жасағандардың барлығын кешірді.
Хунайн және Аутас шайқасы. Мекке бағындырылғаннан соң он бес күннен кейін бір суық хабар келді. Меккеге көршілес Хауазин таупасы мұсылмандарға шабуыл жасамақшы. Олар Мекке алынғаннан соң ендігі кезек өздеріне келді деп есептеп соғысқа әзірлік жасаған. Хауазин көсемі – Малик бин Ауф Хауазин және Сақиф тайпаларын қол астына біріктіріп, үлкен әскер жасақтады. Оған басқа рудың әскерлері де қосылды және әскер саны 20 000-ға жетті. Олар Жушам руының Дурайд бин Самма атты қартын да оның соғыстағы тәжірибесін пайдаланамыз деп бірге ала келген. Себебі, Малик әскерін жігерлендіру мақсатында әйелдерін, бала-шағалары мен мал-мүліктерін де соғысқа ала келді. Жау әскері Хунайн ойматында шеп құрды. Мекке мен Тайф арасындағы осы жерде жыл сайын Зулмазаж жәрмеңкесі болып тұратын. Дурайд шулаған мал мен бала-шағаның дауысын естіп қалып, бала-шаға соғысуға кедергі болатынын, оларды жау қолына тастағаннан басқа еш нәрсе істей алмайтынын айтып ескертті. Бірақ, әскербасылар оны тыңдамады.
Құрайштар да қосылған мұсылман әскері Хунайн деген жерге келгенде тар шатқанда жау шабуылына тап болды. Екі жақтан жау әскері оқты боратты. Осы сәтте мұсылман әскері аң-таң күйде артқа қаша бастады. Өйкені мұсылман әскері біркелкі емес еді, олардың арасында жаңадан ислам дінін қабылдағандар да болды.
Осы сәтте Аббас бар даусымен ақабада ант берген ансарларды және мүхажирлерді шақырды, пайғамбап мұнда оны тастап қашпаңдар деді. Осы сәтте мұсылмандар ес жиып Пайғамбардың маңайына топтаса бастады. Тым-тырақай қаша бастаған мұсылмандарды өкшелеуге көшкен жау әскері не болғаын білмей қалды. Осы сәтте мұсылман әскері жауға қарсы шабуылға шықты. Хауазин әскері шайқасқа шыдай алмай, бала-шағаларын, мал-мүліктерін тастап кері қаша бастады. Хунайн шайқасында мұсылмандардан төрт адам өлді де жау жақтың жетпіс әскері жер құшты. Мұсылмандар жау әскерін Аутасқа дейін тықсырып, енді бас көтере алмайтындай етіп таптады. Мұсылман әскеріне көп олжа қалды. Жау әскерінің қолбасшысы Малик Тайф қаласына барып тығылды.
Таифты қоршау. Жау көсемі Маликті өкшелей қуып мұсылман әскері Тайф қаласын қоршауға алды. Тайф қорғаны мықты қала болатын. Сондықтан жауды тізе бүктіру оңайға соқпады. Мұсылман әскерінен 18 адам құрбан болды, жаралылар да болды. Тайфты алу үшін салман Фарисидің ақылымен арабтар үшін жаңалық болып есептелетін жаңа соғыс құралдары – ірі садақтар мен катапулькалар жасалды. Бірақ бұлар да қаланы алуға пайда бермеді. Пайғамбар тұтқындарды босатады екендеген хабарды естігенде олардың бірнешесі қаладан қашып келіп, беріліп жатты. Мұсылман әскері аланы ала алмай кері шегінді.
Мекке бағындырылғаннан және Хунайн шайқасында жау армиясын талқандағаннан соң араб тайпаларының исламға деген көзқарасы бірден өзгерді. Пайғамбардың Меккедегі пұттарды талқандағаны пұттардың ешбір пайдасы жоқ нәрсе екендігіне олардың көзін жеткізді. Пайғамбарға қарсы тұрып келген Құрайштың өзі тізе бүккеннен соң оған тәуелді болып келген араб тайпалары Мединеге келіп ислам дінін қабылдай бастады. Пайғамбар келген елшілерді қабылдаса, келесі жағынан төңірекке хат, елші жолдап, оларды исламға шақырып жатты. Осылай Хижаз, Бахрейн, Иемен, Оман халқы ислам дінін қабылдап жатты.
Табуқ жорығы. Ислам діні арабтың шөл даласына тарала бастаған кезде, Византия Иранды жеңгеннен соң, территориясын кеңейту мақсатында исламға қарсы үлкен соққы жасауға дайындалып жатты. Өзіне бағынышты жекелеген иеліктер мен христиан арабтарға мұсылмандармен соғысуға бұйрық берілді. Бұл хабар Мединеге жетті. Осы жылы қуаңшылық болғанына байланысты әскер жасақтау қиынға соқты. Ытық күні әскерлер Табуққа келіп жетті. Оларға ешкім кездеспеді. Себебі, византиялықтар мұсылман әскерінің аттанғанын естіп қамаларына бекінген еді. Шекарадағы кейбір билеушілер Пайғамбармен келісім жасады, жылына салық төлеуге көнді. Пайғамар оларға келісім хатын берді. Сирияда оба ауруы тарап жатқанына байланысты әскері кері қайтты.
Дирар мешітінің өртелуі. Мұнафықтар орайын тауып мұсылмандардың әлсіз жерлерін табуды үнемі ойлайтын. Құба мешітіне қарсы әрекет ету үшін мұсылмандардың арасына іріткі салу, оларды алауыз қылу мақсатында кәрілер және басқа да себепке байланысты жақын жерден мешіт салуды сылтауратып, Медине маңынан бір мешіт тұрғызды. Бұл мешіт іс жүзінде мұсылмандарды ыдыратуға бағытталған ұя қызметін атқаруы тиіс еді. Осы себепке байланысты Табуқ жорығынан қайтқаннан соң мешітті өртетті. Одан соң мұнафықтар басшысы Абдуллаһ бин Убай да дүние салды.
Мединеге келген елшілер. Һижреттің тоғызыншы жылының соңы мен оныншы жылы Араб тайпалары топ-тобымен Мединеге келіп, ислам дінімен танысып жатты. Сақиф тайпасы көсемдерінің бірі – Уруа Иеменнен қайтарда ислам дінін қабылдайды да Тафиқа оралғаннан соң қауымын жаңа дінге шақырғанда қауымы тарыпан өлтіріледі.
Осы аймақты мекендейтін Хауазин тацпасы мен көсемдері – Малик бин Ауф мұсылмандықты қабылдайды. Таифтықтар аймағындағы тайпалардың жаппай ислам дінін қабылдап жатқандығын байқап, өздеріне ешкімнің көмек қолын созбайтындығына көзі жеткен соң Мединеге елші жіберіп, мұсылман болғысы келетіндігін, бірақ, табынатын пұттары – Латты үш ай тағы сақтай тұруға рұқсат етуді өтінді. Пайғамбар рұқсатын бермегеннен соң бір ай мерзім сұрады, оған да рұқсат етілмеді. Соңында таифтықтар ислам дінін қабылдағаннан соң Пайғамбар Муғрианы жіберіп, Латты қиратады. Сақиф тайпасы намаз оқымауға да рұқсат сұрап көрді. Оларға Пайғамбар: «намазсыз діннің қайыры жоқ», деп жауап берді. Осы жылы Бани Тамим тайпасынан да елшілер келіп, ислам дінін қабылдады. Осылай, һижреттің 9 жылы бүкіл Араб түбегі ислам дінін қабылдаған болды.
Иемен, Михра, Оман, Бахрейн, Иамама көсемдері көбінесе Мединеге елшілер немесе хаттар жіберіп, өздерінің исламды қабылдағандығын жариялады. Бани Тағлиб христиан тайпасы Мединеге 16 адамдық елші жіберді. Ал Нежраннан келген 70 адамдық христиан елшілері Пайғамбармен кездесіп, исламды қабылдамағанмен, өздеріне сенім хат жаздырып елдеріне қайтты.
Хадрамаут өлкесінің екі көсемі өздерінің бір топ адамдарымен ислам дінін қабылдайды. Олар жібектен киім киіп келген болатын. Пайғамбар олардың жібек киімдерін ауыстыруларын ұсынды, оларда бұл ұсынысты қабылдады. Осылай екі жылдың ішінде саны өте аз христиан, еврейлерден басқа араб тацйпаларының барлығы дерлік ислам дінін қабылдап бітті.
Һижреттің тоғызыншы жылы ардақты Пайғамбар Әбу Бәкірді қажылық жасау рәсіміне жолбасшылық жасауға міндеттеді. Әбу Бәкір жолға шығып кеткеннен соң, артынан Алиді Тауба сүресінің 1-37 аяттарын жеткізу және осы жылдан соң мүшіріктердің Қағбаны зиярат жасауына тиым салу және оларға төрт ай мерзім ғана рұқсат беру хабарын жеткізу үшін жіберді.
Һижреттің оныншы жылы
Қоштау қажылығы. Һижреттің оныншы жылы Пайғамбар 124 000 сахабаларымен соңғы қажылық рәсімін жасады. Ол ислам дінін бүкіл Араб түбегіне таратып, өзіне міндеттелген міндетті аяқтаған болатын және ажалының жақындағанын да сезінді. Сондықтан ол Аарафаттағы көпшілікке Қасуа атты түйесінің үстінде қоштасу (уада) құтпасын оқыды:
«Бисмиллаһи-р-рахмани-р-рахим.
Ей адамдар!
Айтқаныма зер салыңдар. Бәлкiм осы жылдан соң сендермен бұл жерде жүздеспейтiн шығармын.
Халайық!
Бүгiнгi күн, осы ай, мына қала (Мекке) қаншалықты қасиеттi болса, мал-жандарың, ар-намыстарыңыз да соншалықты қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған.
Сахабаларым!
Раббыларыңмен қауышатындарың рас және осы дүниедегi бүкiл амал-әрекеттерiң үшiн жауап беретiндерiң де бiлiңдер. Мен араларыңнан кеткеннен кейiн баяғы бiтпейтiн ұрыс-керiске, дау-дамайға қайта бой алдырып, бiр-бiрiңнiң қандарыңды төгуші болмаңдар. Осы өсиетiмдi естiгендер естiмегендерге жеткiзсiн. Бәлкiм естiмеген адам бұл жерде менiң осы сөздерiме куә болып естiген адамнан да жақсы түсiнiп, жадында сақтауы мүмкiн.
Сахабаларым!
Қолдарыңда әлдебiреудiң аманат болса, қылдай қиянат жасамай, басы бүтiн иесiне табыстасын. Өсімқорлықтың барлық түрiне тиым салынды. Тек нақты қарызды қайтарған жағдайда, басқаға зұлымдық жасамайсыңдар, әрi өздерiң де зұлымдық көрмейсiңдер. Алланың әмiрiмен бұдан былай өсiммен пайда табуға тиым салынды. Надандық жайлаған қараңғы кезеңнен қалған бұл әдет мұнан былай жойылуға тиiс.
Ей халқым!
Надандық (жаһилия) кезеңiнен қалған қан дауына да осы жерде нүкте қойылды. Бiрiншi болып атам Абдумутталибтiң немересi, немере ағайыным Рабияның қан дауын жойдым.
Ей жарандар!
Бүгін шайтан сендердiң жерлеріңде қайта үстемдік құра алмайды. Бірақ сендерге қалдырған мұрадан басқа қандайда бір ұсақ-түйек істерде оның алдауына түсетін болсаңдар, соның өзі оны қуантады. Дініңді қорғау үшін бұлардан сақќ болыңдар!
Ей адамдар!
Әйелдердің құқығын қорғауларыңды және осы мәселеде Алладан қорқуларыңды ұсынамын. Сендер әйелдерді Алланың аманаты ретінде алыңдар, олардың ары мен намыстарын Алланың атына сөз беріп, қабылдап, жар еттіңдер.
Сендердің әйелдерде ақыларың болғаны сияқты, олардың да сендерде ақылары бар. Сендердің әйелдердегі ақыларың – ол отбасын сендердің қандайда бір жақтырмаған бөгде адамдарға таптатпауы тиіс.
Ей мүміндер!
Сендерге бір аманат тапсырып барамын. Егер оған берік болып, айырылмасаңдар ешқашан адаспайсыңдар. Ол аманат - Алланың кітабы Құран. Мүміндер сөзімді мұқият тыңдап, жаттарыңда сақтаңдар! Мұсылман – мұсылманмен бауыр, сондықтан да мұсылмандар бір-бірімен туыс. Діні бір бауырларыңның қандай бір құқығына қиянат етсеңдер, егер өзі шын ризалығын білдірмесе, ол сендерге арам саналады. Өйткені жанның да сендерде ақысы бар.
Ей, адамдар!
Алла Тағала, әрбір жанға Құранда құқық берген. Мұрагерге өсиет етудің қажеті қанша... Бала кімнің төсегінде пайда болса соған тән. Зина жасағандар Алланың рақымынан мақұрым қалады. Әкесінен басқа қаннан тудым дегендер тексіз немесе Алладан басқа пұтқа табынғандар опасыз, Алланың азабына, періштелердің наласына, сонымен қатар барлық мұсылмандардың қарғысына ұшырасын! Алла Тағала, мұндай адамдардың тәубесін де, әділдік жолдағы куәліктерін де қабылдамайды.
Ей, адамдар!
Жаратушыларың бір, бабаларың да бір, бәрің Адам атаның баласы болып табыласыңдар. Адам ата топырақтан жаратылған. Аллаға ең көп құрмет көрметкендерің Алланың ең қадірлі, құрметті орнына ие боласыңдар. Араб ұлтының басқа ұлттардан ешқандай артықшылығы жоқ. Ұлттың ұлттан артықшылығы олардың Аллағаа деген құрметімен өлшенеді.
Ей, адамдар!
Ертең мені сендерден сұрайды. Сонда не деп жауап бересіңдер?
Сахабалар: - “Алланың елшілік міндетін орындады, бізге өсиет, уағыз-насихат айтты” дейміз, - деп жауап берген кезде Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбар сұқ саусағын көкке көтеріп, кейіннен жиылған топқа қарай төмен түсіріп, былай деді: Куә бол ей, жаратқан ием! Куә бол ей, жаратқан ием! Куә бол ей, жаратқан ием!
Сосын бұл құтпадан кейін:
Бүгін діндеріңді толықтырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге ислам дінін қоштап, ұнаттым (Маида, 3) – деген аят түскен.
