Аббаси халифаларының шежіресі
Әбу-л-Аббас ас-Саффах (749-754 жж.). Халифа ІІ Маруан өлтірілгеннен соң Әбу-л-Аббас ас-Саффах Ефрат өзені маңындағы Анбар қаласын Аббаси халифалығының астана ретінде белгіледі және оның атын «Хашимия» деп өзгертті. Жаңа династия басшысының алдында негізгі екі мәселе тұрды:
Омайядтар ұрпақтары толығымен жойылмаса, Солтүстік Африка мен Испанияда жаңа бір мемлекет құрылуы мүмкін;
Имамдықтың Али әулетіне тиесілі екендігін қолдайтындар көтеріліске қатысқан, бірақ олардың армандағанынандай Али әулеті емес, таққа Аббас әулеті келді.
Сондықтан, Әбу-л-Аббас ас-Саффах екі түрлі жолды алдына мақсат ретінде қойды:
Али әулетіне құрмет көрсету;
Али әулетін қолдаушылардың көңілінен шығу үшін Омайяд әулетінен өш алу.
Аббасилер өш алуды қатігездікпен жүзеге асырды. Осайлайша, Омайядтардың қайта бас көтереруіне жол бермеді. Сүлеймен бин Али Басрадағы Омайядтарды қырып, денелерін жолдың шетіне тастап, иттерге жегізген.
Ал Абдуллаһ бин Али 90 Омайяд өкілін асқа шақырып, барлығын дастархан басында қырып салады. Сонымен қатар, жерге көмілген Омайяд ақсүйектеріне де Аббастықтар өздерінше жаза қолданды. Абдуллаһ бин Али Шам қаласындағы Омайяд халифаларының қабірлерін аштырып, сүйектерін талқандап отқа жақты. Осы сәтте ІІ Маруанның қолбасшысы болған Әбу-л-Уард Киннасирин халқын ұйымдастырып, қол астына жиып, Аббастықтарға қарсы көтеріліске шыққан. Абдуллаһ бин Али көтерілісті жазалау үшін Киннасиринге аттанған кезде шамдықтар да бас көтереді. Дегенмен көтерілістер дер кезінде бастырылды.
Талас шайқасы. Арабтар Орта Азияны жаулап алған кезде жергілікті түркі билеушілері Қытайдан көмек сұраған болатын. Бұл өтінішті алғаш жасаған Ферғана ихшиді болатын. Ол тағына отырған жағдайда Қытайдың билігін мойындайтынын мәлімдеген. Артынша Бұхара билеушісі 726 жылы Қытайға елші жіберіп, араб басқыншылығынан құтқаруды өтінген. Самарқанд әміршісі де 719-731 жылдар арасында қытайдан көмек сұраған. Бірақ қытай дер кезінде көмек бере қоймады.
738 ж. Сұлу қағанның өлтірілуімен Түргеш қағанаты әлсірейді. Осы сәтті күтіп отырған Қытай императоры Батыс Түркістанды жаулап алу ниетімен 747 жылы қалың қолмен Ыстық көл өңіріне басып кіреді. Куча әкімі Као Сиен-Чи бастаған қытай әскері 751 жылы Шашты (Ташкент) басып алып, оның әміршісі Бахадүр Тұдұнды тұтқындап, императорға жібереді де ол сонда өлім жазасына кесіледі. Қытайлардың жасаған осы тәріздес зұлымдықтары түркілердің үмітін үзді. Түркілер енді арабтардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Хорасан уалиі Әбу Муслим Зияд бин Салих басшылығындағы араб әскерін қытайларға қарсы аттандырады. Екі жақ 751 жылы талас өзені маңында кездеседі де, бес күнге созылған шайқастың соңында қарлұқтар қытай армиясына күшті соққы береді. Осылайша, қытайлар жеңіліске ұшырайды.
Әбу Джафар әл-Мансур (754-775 ж.). Мұрагерлік жол бойынша таққа отырған Әбу Джафарды немере ағасы Абдуллаһ бин Али мойындамады. Әбу Джафар осы мәселені шешуді Әбу Муслимге жүктейді. Екі жақ Нусайбин маңында шайқасып, Әбу Муслим жеңіп шығады да Абдуллаһ бин Алиді кейінірек өлтіреді.
Әбу Джафар Әбу Муслимнен де қауіптенетін. Себебі, ол Аббасилер әулетінің мемлекет басына келуіне көп қызмет жасағанымен, халық Аббасилер әулетін танымаса да Әбу Муслимді таныды. Абдуллаһ бин Али әскерінен түскен олжаны есепке алмақшы болғанда халифа мен Әбу Муслим арасында дұшпандық арта түседі де Әбу Муслимді айламен өлтіреді.
Әбу Муслим көтерілісшілерді артынан ілестіру үшін ешбір дін өкілдерін алалаған емес. Тіпті исламмен қатар өзге сеніммен қатар үндеулерін жариялайтын. Сондықтан, мұсылман дінін қабылдай қоймаған ирандықтар да оның артынан ерді. Әбу Муслим өлтірілгеннен соң, оны қолдаушы әскерлері Хорасанда Әбу Муслимнің кегін алу мақсатында және өздерін Әбу Муслим рухы қолдайтынын жариялап, халифаға бас көтерді. Осы көтерілісті ұйымдастырған Синбад есімді маджуси болатын. Нишапурда шыққан көтеріліс ұлғая келе Рейге дейін жалғасты. Оған халифа жазалаушы әскер жіберіп, Ссоңында Синбад әскері талқандалды (755 ж.).
Әбі Муслимнің өлімінен соң 755 жылы Исхақ есімді көтерілісші Мауреннахрда көтеріліс ұйымдастырды, оны Хорасан уалиі Әбу Дауд та баса алмады. Осыған орай 757 жылы Халифа Мансур баласа Махдиді жібереді. Махди әскері көтерілісшілерді басты.
759 жылы Хорасанда Әбу Муслимнің тағы бір жақтастары “Рауандия» атты бір топ та мемлекет басындағыларға бағынбай бас көтерген. Олар кейбір пайғамбарлардың рухтары араларындағы кейбіріне қонғандығын қуаттап, тіпті, Бағдатқа келіп, халифа Мансурды құдай ретінде танып, оған табынбақшы болған. Халифа өзі бастап бұларды жазаға тартқан.
Али ұрпақтарының көтерілістері. Омайядтар халифалығы құлағанға дейін Аббасилер мен Али әулеті арасында ешқандай мәселе орын алмаған. Омайядтар әулетінің билік басынан құлауында Али ұрпақтарының үлесі зор болатын. Бірақ, Аббасилердің билікке келуі жағдайды түбегейлі өзгертті. Куфа, Басра, Хорасан, Хиджаз халқы Хасан бин Алидтің немересі имам Мұхаммедтің халифа болуын қалады. Бұл мәселе халифаны қатты мазалады және олардың артынан тыңшы қойды. Мұхаммед пен Ибраһим атты Хасанның ұрпақтары халифаның тұзағына түсіп қалмау мақсатында сақтықпен жасырын жүрді. Себебі, олардың көтеріліс жасау ниеті бар екендігін халифа хабардар болатын. Аталған екеуін қолдаушыларды халифа аяусыз жазалап отырды. Соңында Имам Мұхаммед Мединеде, Имам Ибраһим Басрада көтеріліс жасауды ұйғарды. 762 жылы имам Мұхаммед көтерілісті бастап жіберді. Ал Ибраһим көтеріліске дайын емес еді. Халифа әскері көтерілісті дер кезінде басып басшыларын өлтірді.
Солтүстік Африка, Испания. Омайядтар кезінде уали ретінде тағайындалған Абдуррахман бин Хабиб Аббасилер кезінде де өз жұмысын одан ары жалғастырды. Алайда оның орталықпен байланысы суи бастағанына байланысты оны да туыстары өлтіріп тынды. Абдуррахманның баласы Хабиб әкесінің кегін алу үшін туыстарымен шайқасып, Кайраванды жаулап алды.
Осы кезде берберлер арасында харижиттік идеология кең таралған болатын. Хариджит берберлер өз алдына жеке халифалық жариялады. Көтеріліс көсемі –Асым Кайраванды жаулап алды. Солтүстік Африкадағы харижит мәселесін шешу үшін халифа Мансур Мухаммед бин Ашғасты Африкаға жібереді. Ол хорасандықтардан құралған армиямен Ливияны, Кайраванды берберлерден азат етеді. Осыдан кейін де харижиттер бірнеше бүліктер ұйымдастырған.
Аббастықтардан аман қалған Омайяд әулетінің өкілі Абдуррахман бин Муауия Солтүстік Африкада қолдау таппағаннан соң Испанияға өтеді. 756 жылы Испаниядан өзіне жақтастар тауып, Кордованы басып алады да өзінің халифалығын жариялайды және Аббастықтардан дербес мемлекет құрады.
Бағдат қаласының салынуы. Халифа Мансур өзіне қауіпсіз бір мекен іздейді. Куфа, Басра, Анбар аймақтарында көтерілістер өрбіп, халифаға деген қауіп күннен күнге арта түсті. Сондықтан, Мансур 762 ж. қала құрылысы басталды.
Мәһдидің халифалық кезеңі (775-785 жж.). Мәһди халифа болысымен қатігездіктен аулақ болуға тырысты. Ауыр қылмыс істегеннен басқа қылмыскерлер абақтылардан босатылды. Солардың бірі Хасан бин Алидің немересе Ибраһимнің баласы Хасанды бостандыққа шығарып, оған қазынадан айлық бөлдірді. Ауру-сырқауларға, қариялар мен кедейлерге, жетімдер мен жалғыз бастыларға мемлекеттен қаражат бөлдірді. Қажылар мен саудагерлердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, керуен сарайлар салдырды, құдытармен хауыздар және су бөшкелерін орнатты. Оларды күзететін күзетшілер қойды. Масджид-л-Харамды кеңейтіп, пайғамбар мешітін қайта салдырды. Мемлекет территориясындағы мешіттер саны көбейтілді немесе жөндеуден қайта өткізілді. Почта қызметін одан ары жандандырды.
Әскери жорықтар. 775 жылы Үндістанға еріктілерден құралған армияны теңіз арқылы жіберді. Жіберілген жасақ біршама жерлерді жаулап үлкен табыспен оралды.
778 жылы арабтар Византияға баса көктеп кірген болатын. Бұған жауап ретінде Византия да әскер жөнелтіп, шегара аймақтағы тұрғындарды үлкен күйзеліске ұшырады. 779 жылы Мәһди Хасан бин Қахтабаны жіберіп, византиялықтарға тойтарыс жасатты. 779-780 жылдары және 782 жылы халифат әскері тарапынан Византияға үлкен соққылар жасалды.
Көтерілістер. 776 жылы Мерв қаласында Муқанна атты дін бұзар маңайына жақтастарын топтастырып, халифат билігіне қарсы көтеріліс жасады. Ол құдадың Адам пайғамбарға, одан соң өзге пайғамбарларға, кейін Әбу Муслимге, сосын өзіне қонғандығын қуаттады. Халифа әскері оның жасаған көтерлісін басып тастағанымен көтеріліс көсемі қашып шықты, алайда, соңында өзі жанұясымен бірге у ішіп өлді.
Аталған оқиғадан кейін де Муқанна идеясын қолдайтын бүлікшілер ақ киім, кейде, қызыл киім киіп, көтеріліске шығып отырған.
Мұса әл-Һади (785-786 жж.). Мұса таққа келген сәтте 786 жылы зындықтар тағы да көтеріліс жасағанымен олар дер кездінде бастырылып тасталынады. Оның билік жүргізген заманында маңызды оқиғалардың бірі Хасан бин Али әулетінен Хусейн бин Али Медине қаласында көтеріліс ұйымдастырады. 786 жылы Хусейн бин Али Пайғамбар мешітінде халықтан биат алады. Ол Мединедегі халифат билігін жойғаннан соң Меккені де жаулап алады. Халифат аталмыш көтерілісті басу мақсатында орталықтан Мұхаммед бин Сулайман басшылығындағы қолды жібереді. Екі жақ Мекке мен Медине арасындағы «Фах» деген жерде шайқасып, Хусейн майдан алаңында жан тапсырады. Бірақ көтеріліс қолбасылары – Яхя бин Абдуллаһ пен Идрис бин Абдуллаһ қашып құтылады. Яхя бин Абдуллаһ Дайламада, Идрис бин Абдуллаһ Солтүстік Африкадағы бүгінгі Марокко жерінде тәуелсіз мемлекет құрады.
Харун Рашид (786-809 жж.). Харун Рашидтің кезеңі Аббасилер халифатының алтын дәуірін құрайды және мемлекет территориясы да Аббасилер династиясының ең көлемді кезеңі болды. Халық тыныштық пен бейбітшілікте өмір кешіп қой үстіне бос торғай жұмыртқалайтын заман орнады. Харун дәуірінде ғылым мен өнер мейлінше дамыды. Халифа сарайы ақындармен, ғалымдармен, құқықшылармен т.б. толды. Атақты 1001 түн ертегісі осы кезеңдерде дүниеге келген. Бағдат бүкіл әлемнің ғылыми, өнер астанасына айналды, оның халқы да милионға жетті.
Көтерілістер. Харун дәуірінде Сириядағы Қайс пен Мудар тайпалары арасында жаһилия дәуірінен келе жатқан бақталастық пен өзара жауыздық 796 ж. Халифа Харун Рашид тарапынан бастырылды.
786 ж. Ифриқияда (Солтүстік Африка), 787 ж. әл-Жазирада 791 ж. Хорасанда хариджиттер көтерілісі бастырылды.
Фах соғысынан қашқан Идрис бин Абдуллаһ Солтүстік-батыс Африкада жергілікті халықтың қолдауымен «Идрисилер династиясын» құрды және бұл Аббасилер халифатынан бөлініп шыққан жеке сұлтанат болды.
Ағлабилер династиясы (800-909 жж.). Халифа Харун Рашид Тунис аймағын Ибраһим бин Ағлаб ат-Тамимидің жеке иелігіне беріп, билік әкеден балаға өтетін «Ағлабилер» династиясының құрылуына негіз жасады. Қысқа уақыттың ішінде аймақтағы тыныштықты қамтамасыз еткен Ибрахим бин Ағлаб пен оның ұрпақтары Кайраван қаласын өздеріне орталық етіп, Траблусғарб, Тунис, Алжир және Марокконың (Фас) бір бөлігіне иелік етті. Ағлабилер сұлтандығы Аббасилер халифалығына жау – Идрисилерден қорғанатын қамалға айналдырылды.
Ағлабилер Тунистегі жағалауға кемелер жасатып, Жерорта теңізінде де жорықтар жасады. Олар Византия флотын талқандады. Жерорта теңізіндегі аралдарды жаулап алып, 827 жылы Сицилияға жөнелтілген Қади Асад бин Фурат басшылығындағы әскер Палермоны алды. Олар онда ислам мәдениетінің ең көркем ескерткіштері мен шаруашылық пен өнер жетістіктерін, жолдар мен каналдар жасады. Одан соң Сардуния, Корсика және Мальтаны бағындыра отырып, Рим қаласын бірнеше мәрте қоршауға алды. Осы кезеңде Италияның бірнеше қалаларын басып алып, осы өлкелерде мәдени ескерткіштер мен мәдениеті арқылы өз іздерін қалдырды. Осылайша ғылым мен білімнің Италия арқылы Еуропаға өтуіне жағдай туғызды. Ағлабилер әулетінен 11 сұлтан билік жүргізген. Соңғы Ағлабиттер сұлтаны ІІ Зиядатуллаһ Фатимиттерден жеңілгеннен соң Ағлабиттер мемлекеті 909 жылы құлады.
Сыртқы жағдай. Бұрынғы халифалар тәрізді Харун Рашид дәуірінде де Византияға жорықтар жасалып, Константинополь маңайына дейін араб әскері жетті де кері шегінді. Харун Рашид кезінде Арменияда көтеріліс болды.
Харун Рашид Кордова халифаты мен Византияға қарсы Франк императоры Чарлманмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Халифа 808 жылы Самарқандтағы көтерілісті басу мақсатында жорыққа аттанғанда жолда науқастанып қайтыс болады.
Халифа Әмин дәуірі (809-813 жж.). Харун Рашид өзінен соң мұрагер ретінде алдымен Әминді, одан соң Мамунды сайлап кеткен, бірақ, өзгелердің аздыруымен халифа болып алғаннан соң Әмин Мамунды мұрагерліктен алып тастап, орнына ұлы – Мұсаны мұрагер еткісі келді. Осыған байланысты Бағдаттағы Әмин мен Хорасандағы Мамун арасында алауыздық оты тұтана бастады.
Мамунның қолбасшылысы Тахир бин Хусейн мен Әминнің қолбасшысы Али бин Иса Хорасандағы Джалула деген жерде 811 ж. билік үшін шайқасады. Шайқас нәтижесі хорасандықтардың жеңісімен аяқталады. Әминнің жіберген қосымша әскері де талқандалады. Тахир бин Хусейн Ахваз, Бахрейн, Оман, Ямама өлкелерін біртіндеп өзіне қаратып алады. Соңында Бағдат қаласын қоршауға алып, шайқаста қаланы басып кіреді де Әминді өлтіреді.
Мамунның халифалығы (813-833 жж.). Мамун Хорасандағы Мерв қаласынан Бағдатқа келіп, халифалық таққа отыруға асыға қоймады және ол парсы текті ақсүйектерді мемлекеттің жоғарғы қызметтеріне тағайындады. Бұл арабтардың ашу-ызасын қоздырды. 813 ж. әл-Жазирада Наср бин Шабас, 814 ж. Әбу Сарая (қарақшы) Куфада, 815 ж. Хусейн бин Хасан Меккеде көтеріліс ұйымдастырды және олар өздерінше жеке халифалар сайлады. Дегенмен, олар Мамун әскері тарапынан бастырылып тасталды. Тіпті, бағдаттықтар Мансур бин Махдиді халифа ретінде сайламақшы да болды. Бірақ, оған Мансур келісімін бермеді. Халифа Мамун халық арасындағы мән-жайды ұққаннан соң Бағдатқа оралып, өз тағына отырды. Ол халықтың көңілін аулау мақсатында Али ибн Әбу Талиб ұрпағы болып табылатын Мұса Қасымның ұлы Имам Али Ризаны өзінің мұрагері ретінде жариялады. Оған кейбір Аббас көсемдері мен халық имамға биат етеді. Алайда, 818 ж. Тус қаласында Али Риза қайтыс болып кетеді.
Бабек әл-Хурами көтерілісі. Әбу Муслимнің өлімінен соң оның өшін алу мақсатында бірнеше көтерілістер шыққандығы белгілі. Соның жалғасы ретінде Бабек бастаған 816 жылғы көтеріліс Азербайжанда пайда болды. Бабек рухының қасиетті екендігіне сенгендер сол маңайдағы және көршілес қарапайым қара халықты қатты күйзеліске ұшыратты және Бабек жақтастары күннен күнге арта түсті.
Халифа Мамун дәуірінде Византияға жорықтар жасалынды (830, 831, 832 жж.).
Халифа Мутасым дәуірі (833-842 жж.). Мутасым Мамунның інісі болатын және оның кезінде халық көтерілістері, ішкі тартыстар өрши түсті. Солардың бірі – 834 жылы Хорасанда Али ұрпақтарының бірі Мұхаммед бин Қасым өз халифалығын жариялағанымен көтеріліс халифа әскері тарапынан тез бастырылды.
Сонымен қатар Үндістаннан қоныс аударылған индус тайпаларының бірі Зуттар 834 Басра аймағында көтеріліс жасады. Алайда, 835 жылы Зуттарды жанжақтан қыспаққа алып, оларды Византиямен шекаралас аймаққа жер аударды. Мамунның кезеңінде бас көтерген Бабекилер елге үлкен қауіп төндірді. Халифа тарапынан оған жіберілген әскери жорықтар да сәтсіз аяқталып отырды. Соңында бабекилердің орталығы – тау шатқалындағы Без қаласын алу және оларды түбірімен жою Мутасымның бас қолбасшысы Афшинге жүктелді. Афшин 835-838 жылдар аралығында өте әскеи сауаттылықпен жеңіске жетіп, Бабектің басын кесті.
Бабек көтерісі кезінде онымен одақтас болған Визания да халифатқа шабуыл жасады. Оған қайтарым ретінде халифа әскері 838 ж. Визанияның бірнеше қалаларын талқандады. Мутасым заманында мемлекет ішіндегі жанжалдар күннен күнге үдей түсті. Басқа ұлт өкілдерінің жоғарғы билікке орнығуы араб текті ақсүйектердің қызғанышын оята түсті, тіпті, халифаға қастандықтар да жасалды. Алауыздықтың нәтижесінде атақты қолбасшы Афшин де өлтірілді. Осыған орай Мутасым күшті әскерге мұқтаж болды және ол сарай гвардиясын құрды. Оның құрамында шығыны аз соғыс тұтқындары мен мен түркілер көп болды. Түркілерден құралған әскерге арнайы киім кигізіп, жалақыларын жақсы төледі, тіпті қолбасыларды да түркілерден қойды. Бұл арабтардың қызғанышын одан сайын арттырды. Тіпті Бағдат көшелерінде қақтығыстар болып, адам шығыны үдей түсті. Осыған орай халифа түркі әскерлерін қаладан тыс жерге орналастыруды ұйғарды да 835 ж. Самарра қаласын салдырды. Халифа ішкі тартыстан қатты қажып 842 ж. Самаррада қайтыс болды.
Аббаси халифатының құлдырауы
Халифа Мамун, Мутасым, Уасық (842-847 жж.) кезеңінде мемлекеттің діни сенімі ретінде мутазила мазхабы ортаға шықты. Мемлекет басшылары мутазиланы мемлекеттік дін ретінде халыққа зорлап қабылдатуға тырысты.
Халифа Уасықтың дәуірінде Сирияда, Хижазда, Ямамада, Жибал мен Фарс аймақтарында халық көтерілістері, қарақшылық топтар бой көтергенмен, халифа әскері тарапынан бастырылып отырды. Өзге халифалар дәуіріндегі сияқты Уасық кезінде де Византияға жорықтар жасалып тұрді. Бұл дәуірде жекелеген билеушілері ішінен Ағлабиттер сұлтандығы 842-843 жж. Сицилияға жорық жасап, ондағы бірнеше қалаларды жаулап алды. Олар мұнымен шектелмей, Италиядағы ішкі тартысты пайдаланып, Аппенин түбегіндегі бірнеше қалаларды да бағындырды. 946 ж. Рим қаласын қоршауға алып, кейіннен артқа шегінді.
Халифа Уасықтың дәуіріннен бастап, мемлекеттік билік түркі қолбасыларының қолына өте бастады. Тіпті халифа Мутауаккилден (847-861 жж.) бастап, халифалар түркі қолбасыларының келісімімен сайланатын болды. Ал түркі қолбасыларына ұнамаған халифалар сол мезетте орнынан алынып, түркі қолбасыларының қалаған адамы халифат тағына отырды. Сонымен қатар халифа Мутауаккил дәуірінен бастап, мутазила мазхабы өзінің күшін жоғалтып, сунниттік сенім қайта үстемдікке ие болды.
Мутауаккил кезінде де ішкі тартыстар толастамады. Тіпті халифа өз баласы тарапынан және түркі қолбасыларының қолдауымен жоспарлы түрде өлтірілді.
Мунтасир (861-862 жж), Мустаин (862-866 жж), Мутаз (866-869 жж.), Мухтади (869-870 жж.), Мутамид (870-892 жж.), Мутазид (892-902 жж) атты халифалар өздерінің билік кезеңдерінде түркі тектес қолбасылармен ғана күресіп өтті. Түркі қолбасылары жоғарыда баяндалғаны сияқты халифаларды ойыншық сияқты ауыстыруы және артынан өлтіруі ел билігіндегі халифалардың әлсіздігін көрсетеді. Бұл Аббасилер халифатының әлсіреген тұсы болатын. Мұнымен қоса ел ішіндегі үлкенді-кішілі болып жатқан көтерілістер орталық биліктің әлсіреуіне, әлсіреудің нәтижесінде тәуелсіз сұлтандықтардың көбеюіне мүмкіндік жасады. Сондай тәуелсіз мемлекеттердің қатарына Тулунниттерді, Саффарилерді, Саманилерді және шииттік бағыттағы фатимилерді жатқызуға болады.
Аббасилер халифалығы әлсіреген тұстағы ірі көтерілістер ретінде 867 жылы Мусауир бин Абдуррахман аш-Шари деген адам Мусул аймағында көтеріліс жасады. Аз уақыттың ішінде ол қарамағына харижиттерді жинай білді. Мусауир Мусул аймағындағы негізінен күрттер мен бадауилерді қарамағына тартқан болатын. Тағы да қосымша күштер жинай білу арқасында 868 жылы Мусул мен аймағына билігін жүргізіп, халифаның армиясын талқандап отырды. Осы жетістіктер харижиттердің күшеюіне мүмкіндік тудырды. Кезінде халифа Мухтади Салих бин Уасифтың айтуымен Муса бин Боға мен Байық Бекті Мусауирді бастыру үшін аттандырған болатын. Аталған екі қолбасшы харижиттермен шайқасып, оларды түп тамырымен жоя алмай, 870 жылғы сарайда болған саяси әрекет нәтижесінде Байық Бек өлтіріліп, халифа ауысты. Артынан Муса бин Боға да орталыққа кетіп, харижиттердің қайта күшеюіне мүмкіндік берді. Мусауир 877 жылға дейін осы көтерілісті басқарып, ақырында ажалы жетіп өлген соң, бүліктер тынышталды.
Мутамид халифа болған кезде Палестина уалиі Иса бин Шайх салықты орталыққа бермей, өз иелігіне жұмсамақ болды. Мұнымен шектелмей Мысырдан келген салыққа қол сұғып, халифаның қаһарына ұшырайды. Халифа Амажур ат-Туркиді осы мәселемен айныласу үшін Палестинаға жібереді. Нәтижесінде Иса мәселесі шешіледі де, Амажур Шамға уали болып сайланады.
Аббасилер халифатының шығыс өңірінде көтерілістер бірінен соң бірі жалғасып тұрды. Солардың бірі – 870 жылы шыққан Мухаммад бин Уасылдың көтерілісі. Ол Иран аймағында көретіліс жасап, Иран уалиін өлтіріп, Иран аймағына билік құрды. Уалиді өлтіргеннең соң халифа Муса бин Боға мен Абдуррахман бин Муфлих ат-Туркиді қалың қолмен көтерілісшілерге аттандырды. Халифаның бұл әрекетінен хабардар болған Мухаммад бин Уасыл алдын ала шаралар жасап, Рамхурмузда халифа армиясымен шайқасып, жеңіске жетті. Халифа осы жеңілістің артынан елші жібергенімен, ол елшіні қабылдамай, батысқа беттеуді ұйғарды. Ол Ахвазға дейінгі жерлерді басып алып, халифаға қауіп төндірді. Осы кезде Яқуб бин Лайс бастаған көтерілісшілер де Бағдатқа беттеген еді. Ол жолда Иранға тұрақтап, 875 жылы тамыз айында екі көтерілісші де билікке таласып шайқасып, Мухаммад бин Уасыл жеңілді. Осылай бір көретілістің қаупі жойылды.
Орталық биліктің әлсіреуі нәтижесінде туындаған көтерілістің ең қауіптісі – Яқуб бин Лайс ас-Саффаридікі еді. Ол 867 жылы Иран аймағын басып алып, артынан Герат, Балх және Кабулды жаулап алды. 871 жылы Нишапурды бағындырды да Табаристандағы зайдия шииттеріне шабуыл жасады. Бірақ, ол шиттермен шайқаста көп шығынға ұшырап, кері шегінді. Яқубтың негізгі мақсаты Хорасан билігі болатын. Ал халифа бұған қарсы шыққандықтан, Яқуб батысқа қарай жылдыды. Яқуб 875 жылы Рамхурмузды басып алған Яқуб Ахваз арқылы Бағдатқа беттеді. Халифа Мутамид оған елші жібергенімен еш нәтиже шығара алмады. Ендігі кезек тек соғысу болғандықтан, халифа қалың қол жинап, Самаррадан Бағдатқа келіп, онда Муаффақтың армиясымен бірікті. Осы кезде Яқуб Уасыт қаласын басып алған болатын. Халифа Мутамид бас қолбасшылыққа інісі Муаффақты тағайындап, өзі Бағдатта қалды. Муаффақ армиясы мен Яқубтың армиясы 876 жылы Уасыт пен Бағдат арасында Тигр өзенінің жағасындағы Дайру-л-Ақул деген жерде шайқасып, халифа армиясы жеңіп шықты. Осылайша Яқубтың көтерілісі де бастырылды.
870 жылы Басра аймағында Али ұрпағының бірі екендігін жариялаған парсы текті Али бин Мухаммад көретіліс ұйымдастырды. Бұл көтеріліс «негрлер (зинжи) көтерелісі» деп те аталады. Өйткені, Али сол аймақтағы егістікте ауыр шарттармен жұмыс істеп жүрген негр құлдар арасында үгіт-насихат жүргізіп, оларды байлыққа кенелтемін деп уәде беріп, ұйымдастырды. Құлдар да қожайындарына қарсы шығып, оларды түрмеге қамап, мал-мүлкін талан-таражға салды. Али бин Мухаммадтың діни түсінігі харижиттерге жақын болғанымен, Али ин Әбу Талибтің жақтастарын (шииттерді) қарамағына жинай білді. Негрлер аз уақыттың ішінде мықты күшке айналып, Басра, Убулла және Абадан қалаларын басып алды. Халифаның әскерлерін де жеңіп отырды. Қауіптің күшейігенін сезген халифа 873 жылы Муса бин Боғаны негрлер көтерілісін басуға жүктеді. Мусаның қарамағындағы қолбасылар негрлермен шайқасып, әжептеуір тойтарыс беріп отырды. Бірақ Муса бин Боғаның орталыққа шақырылуы, екіншіден, халифа армиясының Саффарилермен соғысуға кетуі Али бин Мухаммадтың күшеюіне мүмкіндік тудырды. Ол өзіне орталық етіп, Мухтара қаласына бекінді. Негрлердің әскери қолбасшылығын Сулайман бин Жами басқарды. Халифа армиясы саффарилермен шайқасуға кетуінен кейін кішігірім, жасақтар негрлермен қақтығысып отырды. 877 жылы Самаррада үлкен дайындықтан өткен Әбу Ахмет муаффақ қарамағындағы Муса бин Боғамен бірге қалың қолмен негрлерге қарсы шабуылға беттеді. Бірақ Бағдатқа жеткенде Муса бин Боға ажалы жетіп қайтыс болды. Мусаның өлімінен кейін Муаффақ негрлермен шайқаспастан, тек кішігірім жасақтар жіберіп отырды. Негрлер көтерілісі күшейе келе Уасыт қаласын басып алды. Халифа қолбасшылары арасынан Текин әл-Бухари атты түркі қолбасшысы қарамағындағы жасақтармен негрлерге үнемі соққы беріп отырды. 879 жылдың басында Тустер қаласын көтерілісшілерден азат етіп, соғысын ары қарай жалғастырды. Негрлер көтерілісінің басындағы Али бин Абан жеңіске жете алмайтынына көзі жетіп, Текинмен келіссөз жасауға көшеді. Текиннің көтерелісшілермен бітімге келу жолындағы әрекетін кейбір көре алмаушылар қызғанып, жоғары жаққа Текинді басқаша қырынан танытқан соң, оны орталық кері шақырып алады да, қауіптеніп қамауға алады. Текиннің орнына Ағартмыш ат-Турки тағайындалды. 880 жылы Ағартмыш Али бин Абанмен шайқасып толық жеңіске жете алмайды. Екінші рет шайқасқа түскенде Алидің айламен Ағартмышты жеңді. Осы оқиғадан кейін негрлерді біржақты ету үшін жауапкершілікті Муаффақ өз мойнына алып, жақсылап дайындық жасап, негрлер шоғырланған аймақтарға беттеді. Екі жылдай қиян-кескі шайқас жүргізе отырып, 883 жылдың басында Али бин Мухаммадты қолға түсіріп, Мухтара қаласын қиратады. Жиырма жылдай халықты күйзеліске ұшыратқан негрлер көтерілісі де бастырылды
Осы дәуірдегі халифалық билікке қаршы шыққан ірі көтерілістердің бірі – Кармати көтерілісі. Халифа Мутамид дәуірінде, яғни 890 ж. Куфада Хамдан Кармат тарапынан ұйымдасырылған көтеріліс халифатты қатты әлсіретті. Месопотамия, Басра, Куфа сияқты қалаларды, өлкелерді олар басып алып, халифа армиясын талқандап, Бағдатқа қауіп төндірді. Тіпті олар Иракты, Рейді, Мервты, Талеканды, Джузжанды, Дайламанды, Сиджистанды, Бахрейнді және Иеменді жаулап алды. 930 жылы Меккені басып алып, Қағбадағы “Хаджар Асуадты» әкетіп, 20 мыңнан астап қажыларды өлтірді. 20 жылдан кейін ғана Фатимит халифасы Мансурдың бұйрығы бойынша 950 ж. тас орнына қайтарылды.
Муқтафи биллаһ (902-908 жж.) халифа қайтыс болғаннан соң 908-932 жылдар аралығында халифа болған Муқтадир 13 жасында таққа келгенде мемлекет ішін бейберекетсіздік белең алған болатын. Беделді мемлекет қайраткерлері жік-жікке бөлінді.
Муқтадирдің әлсіздігін пайдаланып, уәзірлер арасында кикілжің басталды, 7 жылда 8 уәзір ауысты. Осы дәуірлерде ғылыми жұмыстар тоқырады, ғалымдар саны күрт азайған соң, мазхабтарарасы тартыстар белең алды. Тіпті болмашы нәрсеге бола адам шығыны болып отырды. Билік басындағы адамдар арасында мансап таласы өрбіді, парақорлық белең алды.
Халифа Муқтадир 932 ж. өлтірілгеннен соң, таққа Қаһир биллаһ (932-934 жж.) келеді. Ол халықты қанауымен тарихта аты қалған. Өзіне сенімді адамдармен бірге ол ұнамаған немесе күмәнданған адамдарды өлтірді немесе зынданға қамады. Осыған орай, халық көтеріліске шығып, халифаның көзін ағызып өлтірді. Одан соң Разы биллаһ (934-940 жж) таққа отырғанда халифа билігінің ешқандай беделі қалмаған болатын. Уалилер өз аймақтарында тәуелсіздіктерін жариялап жатты. Соның бірі – Ихшидилер мемлекеті.
Разы әлгі уалилерді өзіне бағындыра білу үшін «Амиру-л-Умара» деп аталатын лауазым беру тәсілін ойлап шығарды. Аталған лауазымның мақсаты – құлауға айналған халифалық билікті бір жүйеге түсіру. Умаралыққа басқарма, әскери және қаржы саласындағы толық өкілдік беріп, құтпада халифадан соң «Амиру-л-Умараның» аты аталды.
Разының өлімінен соң таққа отырған Муттақи биллаһтың (940-944 жж.) кезінде яғни 942 жылы түркі текті Түзүн жасақтарымен Бағдатқа кіріп, Амиру-л-Умаралықты өз қолына алды да артынша халифаны өлтірді және халифалыққа Мустақфи биллаһты (944-946 жж.) ұсынды.
945 жылы шииттік бағыттағы Бувейхид (Буид) сұлтаны Муиззудаула Бағдатты басып алды. Халифа бұл кезеңде тек рухани көсем ретінде таққа отырды. Шииттер өз сенімдерін мойындауға халықты күштеді. Осыған байланысты бағдат маңайында Шиит-Суннит жанжалдары өрбіді.
Бувейхидтер мемлекеті тегі ирандық Әбу Суджа Бувейх тарапынан құрылған. Осы әулеттің Ахмет, Али, хасан сынды ұлдары Ирандағы биліктерін бекемдеуге тырысты. Али Фарста, Хасан Медияда билік жүргізген кезде, Ахмет Кирманды жаулап алып, одан соң Бағдатқа кірді.
969 жылы Мысырда үстемдік жүргізген Фатимилер күн сайын күшейе келе Бағдатқа дейінгі өлкелерді өз бақылауына алды. Ал Иран мен Ирак Бувейхидтердің қол астында болды. Осылайша осы кезеңде шииттердің үстемдігі артты. Аббаси халифалары Бувейх әмірлері алдында ойыншыққа айналды. Бувейхилер Адудудаула заманында Иракты, Оңтүстік Иранды және Оманды өзіне қаратып, Жазирадағы Хамданилерге, Табаристандағы Зиярилерге және Саманилерге қарсы жорықтар жасады. Одан соң мемлекет іші алауыздықтарға тап болды, осындай қиындық кезеңдерде Селжұқ сұлтаны Тұғрыл бек Иран аумағын Шығыстан жаулай бастады. Фарс, Ахваз, Хузистан және әл-Жазира аймағын ол өзіне қаратып, Визаниямен шайқасады. Осылайша ислам әлемінде екі алып күш бір-біріне бетпе бет келген. Біріншісі – Бувейхид-фатимит халифаты, келесісі – Селжұқ сұлтандығы. Бувейхидтер фатимиттерге вассал мемлекет болатын.
Екі оттың ортасында қалған халифа Қаим биамриллаһ жасырын түрде Тұғрыл бекті Бағдатқа шақырады. Тұғрыл бек 1055 ж. Бағдатқа кіріп, қала мен маңайын шииттер үстемдігінен азат етеді. Халифа қасына Тұғрыл бекті отырғызып, 1058 ж. Тұғрыл бекке «Шығыс пен Батыстың сұлтаны» деген атақ берді.
Алайда, Тұғрыл бек Хорезмшах Текиштен жеңіліп, халифаға Хорезмшахтан қауіп төне бастады. Хорезмшах Мұхаммед Аббаси халифатын құлатуды мақсат тұтып, жорыққа шыққанымен, жолда болған табиғат апатынан кері шегінді. Артынша монғол шапқыншылығы бұл жорықты жүзеге асырмай тастады.
1226-1242 жылдар арасында халифалық құрған Мустансир биллаһ білімді халық қамын ойлайтын билеуші болатын. Ол Шығыстан шыққан қауіпті ел – монғолдарға дайындық шараларын жасады. Ал одан кейінгі халифа Мустасымның (1242-1258 жж.) ел билеу қабілеті нашар болатын. Сондықтан, оның уақытында елдің қорғанысы нашар жасақталды. Халифа әскері саны 100 мыңнан 20 мыңға қысқарды. Уақыт өте келе оған бағынышты жекелеген сұлтандықтар бөлініп кетіп жатты: халифаның қарамағында тек Бағдат пен оған қарасты сол аймақ қана қалды.
Монғолдың ханы және Шыңғыс ханның немересе Хулағу Хан Хорасан, Рей, Исфахан қалалары мен сол аймақтарды басып алып, күн сайын Бағдатқа жақындай түсті. 1257 жылы моғолдардың қалың қолы мен халифаның 20 мың әскері кескілескен шайқаста бағдаттықтар жеңіліс тапты, халифа әскерінің жартысы Бағдатқа, ал қалған жартысы Сирияға қашты. 1258 жылы монғолдар қаланы қоршап, тас атқыштармен қалаға тас жаудырды. Қоршау 45-50 күнге созылды, соңында халифа беріліп, келісімге келгенімен монғол әскері қалаға баса-көктеп кіріп, қала халқын қырғынға ұшыратты. Мәлімет бойынша шашамен 500 мыңға жуық қала халқы қырғынға ұшыраған.
Аббаси халифалығының құлау себептері:
Аббаси халифалары Омайядтардағы Муавия және Абдулмалик халифалар сияқты ел билеуде белсенділік көрсете алмады;
Аббасилер қолынан іс келетін адамдарды дұрыс бағалай білмеді. Өздеріне шынайы қызмет еткен уәзірлер мен қолбасыларды әртүрлі сылтаулармен өлтірді немесе қудалады (Әбу Муслим, Әбу Салама және Бармакилер сияқты);
Омайядтар тәрізді Аббасилер Али әулетіне дұшпандық қатынас жасады. Сондықтан, Али әулеті мемлекет ішінде көтерілістер ұйымдастырып, халифатты әлсіретті.
Дін адамдарына қажетінше құрмет көрсетпеді, Муқанна, Бабек, Ибн Равендия көтерілістері шыққан кезде, Мутазила мазхабын мемлекеттік ресми мазхаб ретінде жариялап, Сунниттік ғалымдармен қатаң қатынас жасады;
Халық пен ғалымдардың халифалардан алыстағанына байланысты өзге ұлт өкілдерінен арнайы армия жасақтады. Үнемі көтеріліс, лаң шағырған Ирак халқынан қашып, Самарраға қоныс аударды. Осы тұста арнайы жасақ үстемдік етіп, халифалардың басына бәлекет алып келді. Осылайша, Аббасилер халифаты әлсіреп, құлады.
Мысыр Аббаси халифалығы.
Монғол шапқыншылығы кезінде халифа әулетінен Ахмет Шамға қашады. 1260 жылы Сұлтан Бейбарыс Сирияда моғолдарға тойтарыс бергеннен соң, Ахметті Каирге әкеледі де 1261 ж. халифа ретінде сайлайды. Оған «әл-Мустансир» деген лақаб ат береді. Оның тек рухани көсем – халифа аты болғанымен, нақты ел билігі оның қолында болған емес.
Мысыр Аббасилер халифалығы 22 халифадан тұрады. Соңғы Аббас халифі Мутауаккил Алаллаһ 1517 ж. Осман империясының сұлтаны Явуз Султан Салиммен Стамбул қаласына келеді және халифалық атақты Осман сұлтанына береді. Себебі, халифаға қамқоршысы – Мысырдағы Мамлюктер билігін Явуз Султан Салим құлатқан болатын.
Аббасилер халифаты тұсында құрылған мемлекеттер:
Тулуниттер (868-905 жж.). Бағдаттағы түркі текті қолбасының ұлы – Ахмет білімін жетілдіргеннен соң Мысырға бастапқыда уалидің өкілі ретінде жіберілді. Кейіннен уалилікке қол жеткізіп, Сирия мен Палестинаны өзіне қаратты. Аббасилердің ішкі тартыстарын шебер пайдаланып, тәуелсіздігін жариялады. Одан соң оның ұлы Хумауарайх билік тағына отырды. Тулунитер Мысыр мәдениеті тарихында ерекше із қалдырған мемлекет ретінде атап кетуге болады. Мысырда сәулет ескерткіштері: мешіттер, медреселер, сарайлар, ауруханалар т.б. бой көтерді.
Саманилер әулеті (892-999 жж.). Саманилер әулеті Мамун заманында ел ішінде беделге ие болған ақсүйек болатын. Осы әулеттен Наср Ферғана уалилігіне тағайындалған, кейін оның орнына Исмаил бин Ахмет отырған (892 ж.). Исмаилдің ел билеу қабілеті жоғары болды. Мауреннахрдағы ықпалды түркі тайпаларын бағындырып, өз үстемдігін көрсете білді. Одан соң осы аймақ әкеден балаға өтетін билік түрі ретінде саманилерге берілді. Осы династиядағы алғашқы тәуелсіз билеуші Исмаил болды. Одан соң орнына Ахмет билік жүргізді. Ол да өз заманында Иранға жорықтар жасады. Өз мемлекетінің территориясын ол Мауреннахр, Хорасан, Орта және Солтүстік Иранға дейін кеңейтті. Мемлекеттің ең қуатты заманы Наср бин Ахметтің билік жүргізген дәуірі болды. Одан кейінгі уақыттарда шығыста Қарахандықтар, Оңтүстікте Ғазнауилер қысымы, сондай-ақ уалилердің көтерілісі мемлекетті әлсіретті және мемлекет 999 ж. құлады. Ислам дінінің Мауреннахр мен Түркістан өлкесіне таралуына және Қарахандықтардың мұсылмандықты қабылдауында Саманилердің ойнаған рөлін естен шығармаған жөн.
Рустамиттер (779-909 ж.). Рустамилер Алжирде құрылып, ибадия харижиттері билік жүргізген. Астанасы Тахерт қаласы
Ихшидилер (935-969 жж.). Тулуниттер сияқты Ихшидилер де ұзақ уақыт Аббасилер халифатында қызмет жасаған әует. Мухаммед бин Туғш 935 ж. Мысырға уали ретінде тағайындалды. Халифа Разыдан «Ихшид» деген атақ алды. Ол Сирия мен Мысырда билігін орната білді. Хамманилер шапқыншылығын Сирияда тоқтатса, Солтүстік Африкадағы Фатимилер жорығына кедергі бола білді. Алайда қолбасы – Кафурдың өлімінен соң сұлтан Ахмет Фатимиттерден жеңіліс тауып, мемлекет құлады
Фатимиттер мемлекеті (909-1171 ж.). Аталған мемлекетті шии имамдарының бірі – Убайдуллаһ Махди құрған. Мемлекеттің негізін қалауда белсене еңбек сіңірген Әбу Абдуллаһ өзінің ерекше іскерлігімен ұйытқы болып, алдымен Мысырға, одан соң Солтүстік Африкаға өткен. Ондағы берберлер арасында шииттік идеологияны насихаттап, олардың қолдауымен Ағлабилер, Идрисилер мемлекетін құлатады да Солтүстік Африкада билігін орнатады.
Билігін бекіткеннен соң Убайдуллаһ өз бауыры мен Әбу Абдуллаһты өлім жазасына кеседі. Ол өзін халифа немесе «Амиру-л-Муминин» деп жариялайды. Туниске жақын жерге Махдия қаласын салдырды және оны елдің астанасы етті.
Фатимиттер шиттік бағытты мемлекеттің ресми діні ретінде жариялады. Убайдуллаһ Махдиден соң орнына ұлы Қаим биамриллаһ, одан соң Мансур биллаһ отырды. Муизлидиниллаһ уақытында Андалус Омайяд халифатымен теңізде соғыс жүргізгені сияқты Мальта, Сардуния аралдарын басып алды. Фатими қолбасшысы Жауз Ихшидилерді жеңіп, 969 жылы Мысырды алды. Аталған мемлекет тұсында Каир қаласы салынып, әл-Азхар университеті ашылды және Каир қаласын елдің астанасы қылды. Фатимилер мұнымен де шектелмей Сирия мен Палестинаны да бағындырды. Хижазда құтпаны өз аттарымен оқытты. Византиямен кейде бейбіт кейде жау ретінде қатынас жасады. Батыстан келген крестілер жорығында фатимилер біршама әлсіреді. Мемлекеттің уәзірлері елдің билігі мен әскерді өз қарамағына қаратуға тырысты. Осындай фатимиттердің әлсіреген сәтінде Салахаддин Айюби мемлекетті оңай құлатты.
Бувейхилер (буидтер) (932-1062 жж.). Бувейх әулеті мемлекеті тегі ирандық Әбу Шуджа Бувейх тарапынан құрылған. Осы әулеттің үш ұлы Ахмед, Али, Хасан Ирандағы үстемдіктерін дамыта бастады. Али Фарста, Хасан Медияда билік жүргізген кезде, Ахмет Кирманды алып (945 ж.), Бағдатқа кірді. Халифа Мустақфи оны «Амиру-л-Умара» ретінде тағайындады. Халифат құлау алдында, ал халифалар Бувейх басшыларының қолындағы ойыншыққа айналды. Осылайша, Аббасилердің 110 жылдық құлдырау дәуірі басталды. Бувейхидтер Адуду-д-Даула заманында Ирак, Оңтүстік Иран және Оманда билігін жүргізді. Джазирадағы Хамданилерге, Табаристандағы Зиярилер мен Саманилерге қарсы саясатты ұстанды. Соңында ішкі тартыстар мемлекетті әлсіретті. 1055 жылы Тұғрыл бей Бағдатты алғанда мемлекеттің осы өңірдегі тармағы құлағанмен, Фарстағы Бувейхи сұлтаны одан соң жеті жыл билігін жүргізді. Алайда, ол жақ та Селжұқтардың қолына өтті. Бувейхидтер шииттіктің исна ашария тармағына сенді. Билік жүргізген жерлерінде шиитік теологияны насихаттауға аса мән берді. Олар билік жүргізген тұсында Аббаси халифаларын құлатпағанына байланысты Фатимиттермен аралары жақсы болған емес. Адуду-д-Даула заманында ғалымдар мен шайырларға жағдай жасалып, мешіттер, ауруханалар салынды, бұзылған каналлар мен су қоймалары қайта жөнделді.
Мамлюктер (1250-1517 ж.) Мысырда құрылған қыпшақ мемлекеті, орталығы Каир қаласы.
Зәйдия-Рессилер (1069-1389 ж.). Иеменде билік етті, Сананы орталық еткен Зейдиййе шиит тармағын ұстанушылар.
Саффарилер (867-1495 ж.). Систан аймағында билік еткен харижит түсінігін көбірек ұстанған сұлтандық.
Хорезмшах (?-1231 ж.). Орта Азияда құрылған түркі шахтығы.
Қарахандықтар (992-1211 ж.). Мәуреннахр мен Шығыс Түркістанды билеген түркі хандығы
Ғазнауилер сұлтандығы (962-1187 ж.). Ауғанстанның Ғазна қаласында құрылған.
Ұлы Селжұқ империясы (1038-1194 ж.). Иран мен Иракта билік еткен түркі мемлекеті.
Анадолы Селжұқ сұлтандығы (1077-1307 ж.). Түркия жерінде құрылған түркі хандығы
Исмаилия сұлтандығы (1090-1257 ж.). Иран мен Сирияға билік еткен Исмаилия шииттері. Астанасы – Аламут қаласы.
АББАСИЛЕР ДӘУІРІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕР ЖӘНЕ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ
А) Аударма жұмыстары мен діни білім салалары
Аударма жүмыстары. Бағдат қаласы салынғаннан соң парсы және хинд тілінде жазылған ғылыми шығармалар, Аристотельдің философиялық шығармалары, Галеннің медицина саласында жазған шығармалары толығымен араб тіліне аударылды. Осындай ғылым салаларының ислам әлеміне енуімен мұсылмандар жаңа ғылыми салада зерттеулер жүргізуге кірісті. Ежелгі грек, Рим, эллиндік кезеңдегі және парсы, хинд тілінде жазылғанмен ұмытыла бастаған көне шығармалар мұсылмандар арқылы бүгінгі заманға жетті. Мұсылмандар тек қана аудармамен ғана шектелмей, өздеріне тән туындылар жазып шығарды.
Енді осы аударма жұмыстарына қысқаша тоқталып кетер болсақ, Үндістанға қатысты мұралардан көбінесе философиялық, астрономиялық және математика саласында аудармалар жасалды. 771 жылы Үндістаннан Бағдатқа келген саяхатшы астрономияға байланысты «Сидханта» атты кітапты алып келді. Осы кітап халифа Мансурдың әмірімен Мухаммад бин Ибрахим әл-Фазари атты ғалым тарапынан араб тіліне аударылды. Бір жағынан бұл адам ислам мәдениеті тарихындағы алғашқы астроном болып, кейіннен жаңа ғылыми жаңалықтар ашты.
Парсы мәдениетінің басты еңбектері өнер мен әдебиет салаларында болды. Осы тақырып бойынша ибн Муқаффаның парсы тілінен араб тіліне аударған «Қалила уа Димна» атты шығармасын ерекше атауға болады. Шығарманың негізгі мазмұны хайуанаттар арасындағы оқиғаны сарай өмірі мен саяси қайраткерлерге теңеу болатын. Негізінде бұл кітап хинд тілінен парсы тіліне аударылған болатын. Осылай мұсылмандар аталған шығармамен де танысты.
765 жылы Мансур асқазан ауруына шалдығып, қарамағындағы дәрігерлер емдей алмағаннан соң Иранның Жундишапур қаласындағы аурухананың бас дәрігері болған христиан Жоржисті Бағдатқа шақырып алады. Жоржистің жасаған емінен соң сырқатынан айыққан халифа Жоржисті сарай дәрігері етіп алып қалады. Осыдан бастап Бағдатта жаңа медициналық әдіс-тәсілдер үйретіле бастады.
Халифа Мамун көне қолжазбалардан философияға қатысты шығармаларды араб тіліне аударту жолында қосымша кітаптар үшін Византияға арнайы елшілер жіберіп алдыртты. Мұсылмандар грек тілін білмегендіктен, бұл шығармаларды сириялық христиандар арқылы алдымен сурияни тіліне, одан соң араб тіліне аударды. Көне грек шығармалары Манунның кезеңінде осылай көптеп аударыла бастады. Мамунның ақылға, философиялық әдістерімен танымның жетілуіне көп көңіл аударуы нәтижесінде осындай аудармалар қолға алынды. Осы салаға байланысты 830 жылы Бағдатта «Байту-л-Хикма» атты ғылыми зерттеу, аударма орталығы, сонымен қатар орта және жоғары білім беретін оқу орындары ашылды. Осылайша аудармалар жүйелі түрде қолға алынды.
Хадис саласы. Пайғамдардың өмір жолын үйрену, оны үлгі ету - әрбір мұсылманның басты мақсаты. Осы мақсатты жүзеге асыру хадистерді білуді талап етеді. Омайядтар кезеңінде маңызды жұмыстар атқарылып, Аббасилер кезеңінде оның жемісі берілді. Хадисті зерттеу, оны үйрену, үйрету жолында «Усулу-л-Хадис» атты жаңа ілім саласы пайда болды. Бұл ілім саласы хадистердің қандай жолмен келгендігін, оларды қалай тану керек екендігін, риуаят етушінің санадындағы рауилердің хадис ілімі тұрғысынан алғандағы орны сияқты мәселелерді қарастырады.
Хадистердің дәрежелеріне қарап, сұрыптау нәтижесінде ислам әлеміне әйгілі хадисшілер шықты. Әйгілі «Кутубу-с-Ситта» хадис кітабының авторлары осы дәуірде өмір сүрді. Осы хадишілерге қысқаша тоқталып өтер болсақ:
Имам Малик (715-800) (Малик бин Анас) тегі иемендік араб руынан болып, Медине қаласында дүниеге келген. Атасы Иемен уалиінен қысым көргендіктен Медине қаласына келіп орналасқан. Ол хадис ілімінде «Әмиру-л-Муминин» ретінде танылып, Имам Малик Пайғамбар мешітінде отырып, шәкірттерге дәріс беріп, келген адамдардың дауларын Құран мен Сүннет аясында шешетін. Имам Малик Құранды жатқа біліп, өзешеге де исламдық ілімдермен де айналысқан. Көптеген хадисшілерден хадис риуаят еткен. Хадис саласында алғашқы ең сахих хадис кітабы «Муаттаны» жарыққа шығарады.
Имам Бухари (810-870) Бұхарада дүниеге келген. Ол кішкентай жасынан бастап, хадис жаттай бастайды. Сол заманның ілім-білім орталықтары – Шамды, Хижазды, Басраны, Бағдатты, Мысырды және Куфаны аралап хадис жинақтаған. Жаттаған хадистерінің саны 300 000 жеткен.
Қырық жыл бойы хадис үйрену жолында Нишапур қаласына орналаспақшы болады. Сол кезде сарайда жеке хадис дәрісін беруден бас тартқандығы үшін ол жерде де тұрақтай алмай, туған жеріне қайта оралады. Бұхара маңында Хартенк елді мекеніне орналасып, сонда дүниеден өтті. Ұстазы Исхақ бин Рахуяның: «біреу шығып сахих хадистерді жинақтап, кітап жазса екен», - деген сөзінен кейін хадис зерттеуге көшеді. Өмірінің төрттен бірін осы жолда өткізіп, Құраннан кейінгі әйгілі «әл-Жамиу-с-Сахих» атты кітабын жазды. Осы кітапты жазу үшін 70 000-нан аса рауиден хадис алған. Кутубу-с-Ситта авторларынан Имам Насаиден өзге хадисшілер Имам Бухаридің шәкірттері болған.
Имам Муслим (813-892) көптеген білім орталықтарын аралып хадис үйренген. Өмірінің соңында ол Имам Бухариден дәріс алған.
Имам Муслим Бухариден кейінгі әйгілі «Сахих» кітабын жазарда 300 000 хадис ішінен 4 000 хадисті ғана таңдап, өте мұқияттылықпен зерделеген.
Тирмизи (813-892) Бұхара, Хорасан және Хижазға барып хадис ілімін үйрену жолында Имам Бухари және Имам Муслим сияқты әйгілі ғалымдармен кездесіп дәріс алған. Оның жадында сақтау қабілеті өте күшті болған.
Әбу Дауд (815-888) Нишапур, Хорасан, Куфа және Мысырды шарлап, хадис үйренген. Өз кезегінде білімі, жаттау қабілеті және тақуалығы арқасында халықтың мақтанышы болған. Жазған кітабында ахкам хадистер көбірек қамтылып, арнайы бөлген тарауларға ең сахих деп білген хадистерін жазған.
Насаи Хорасанның Наса қаласында дүниеге келіп, алдымен Хорасан, одан соң Ирак, Мысыр және әл-Жазирада хадис ілімін алған. Шам халқының омайядтар кезеңінен бері Али ибн Әбу Талиб жайында шындыққа жанаспайтын сөздер айтатындығын естігенде бұған шыдай алмаған имам Шам мешітіне барып, Али ибн Әбу Талибтің артықшылығы жайындағы жазған кітабын оқи бастағанда халық оны шиит деп соққыға жығып, мешіттен шығарып тастайды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Ремледе қайтыс болады.
Ибн Маджа Қазуинде дүниеге келіп, ол да Ирак, Мысыр және Шамда білім алған. Саяхаттап жүріп көптеген кітаптар жазған.
Ибн Маджаның шығармасы ретпен қайталанбастан, қысқалығы жағынан танымал болды.
Фиқх саласы. Аббасилер мемлекет басына келген кезде ислам әлемінің территориясы ұлан байтақ жерді алып жатты. Осыншама жердегі халықтар көптеген ұлттан тұратын. Сондықтан, ислам дінінің әкелген үкімдерін іске асыруда жаңа пәтуаларға мұқтаждық туындады. Заманның талабына, географиялық аймақтардың ерекшелігіне, әрбір ұлттың салт-дәстүріне байланысты фиқх ғалымдары пәтуалар бере бастады. Бір шетінен омайядтар кезеңінде діни өмір мен рухани дүние әлсіреуі және ел билеушілерінің тақуалық жолды ұстанбауы мұсылман халықтарының өзекті мәселесіне айналған еді. Осыған орай аббастықтар төңкеріс жасарда діни өмірді өз қалпында ұстануды, тақуалық пен әділеттілік жолынан айнымауды мақсат тұтқандықтарын жариялап, халықты өз саптарына жинады. Сонымен қатар дін ғалымдарын өздеріне жақын тұтып, жақын қатынас құрды. Осының нәтижесінде аббастықтардың билік кезеңдерінде ғалымдар діни саламен көбірек айналысып, жемістерін берді. Солардың бірі – фиқх саласы болды.
Ғалымдар фиқхи үкімдерге екі жолмен пәтуа берді: 1. Құран мен сүннет аясында өз ойларымен яғни саналық қабілетті қолдану (әһлу-р-Рай); 2 Тек Құран мен хадистерді қолдану (Әһлу-л-Хадис).
Өз ойы мен ақылы арқылы пәтуа берушілер көбінесе, үкімі нақты белгісіз болған мәселеде Құранға сүйеніп пәтуа беретін. Ал хадис жолын ұстанушылар қандай бір мәселеде Пайғамбардың хадистерінен үкім шығаруға тырысатын. Олар өз ойымен салыстыра отырыпғ пәтуа беруден қашатын.
Міне осындай әдістерді қолдана отырып, ислам әлемінде фиқхи мазһабтардың пайда болуына жол ашты. Осы дәуірдің әйгілі, үлгі тұтатын төрт ұлы ғалымы, имамдары өмір сүрді. Атап айтар болсақ:
Имам Ағзам Әбу Ханифа 669 жылы Куфада дүниеге келген. Шын аты Нұғман бин Сабит әл-Куфи 767 жылы Бағдатта қайтыс болды.
Имам Шафи 767 Ғазза қаласында дүниеге келіп, 819 жылы Мысырда дүниеден өтті.
Имам Малик (Малик бин Анас) Мединеде дүниеге келіп сол қалада дүние салды.
Имам Ахмет бин Ханбал 780 жылы Бағдатта дүниеге келген. Ол дүниеге келмейтұрып, әке-шешесі Мервтен Бағдатқа қоныс аударған болатынн. Имам 855 жылы Бағдатта дүние салды.
Тафсир саласы. Қасиетті Құранның толық мағынасын мұсылмандар толық түсіне алмады. Себебі, мұсылмандар түрлі ұлттан құралды. Сондықтан ғалымдар тарапынан Құранды түсінікті, тілге оңай келетін әдіспен тәпсірлеу қолға алынды. Омайядтар дәуіріндегі сияқты бұл кезеңде атақты тәпсіршілер көптеп кездесті. Құранды алғаш рет толығымен тәпсірлеген 757 жылы дүниеге келген ғалым әл-Фарра «Маани-л-Қуран» атты төрт томдық тафсир кітабын жазды. әл-Фаррадан кейіегі ғалымдар тәпсірлеу саласында оның әдісін пайдаланды.
Осы дәуірде тафсир хадис ілімінен бөлініп шығады. Табиундар кезеңі болғандықтан Құран толықтай тәпсір жасалып, басты тафсир мектептері құрылады.
Абдуллаһ бин Аббас шәкіртерінің құрған Мекке мектебі;
Убай бин Қаабтың құрған Медине мектебі
Абдуллаһ бин Масуд құрған Ирак мектебі.
Осы кезеңдегі әйгілі тәпсіршілерге шолу жасар болсақ:
әл-Фарра (757-824) – алғашқы тафсир жазған, әрі наху (синтаксис) ілімінің атақты ғалымы. Ол астраномия, медицина, калам және философия ілімімен де айналысқан.
Бақи бин Махл әл-Куртуби (ө. 899) риуаят тәпсіршісі ретінде танылды. Яғни, Құранды Құранмен тәпсірлеу әдісімен жазылған ең құнды шығарма осы тәпсірішінің еңбегі болып табылады. Деректер бойынша ол 284 ұстаздан дәріс алған екен. Тәпсірінің ерекшелігі риуаяттарды келтіргенде сахабалардың атымен тізген. Өкінішке орай жазған тәпсір кітабы бүгінгі күнге дейін жетпеген.
Табари ( ө.922) – ислам тарихы мен тафсир ілімінде атақты ұстаздардың бірі. Табари Табаристанның Амул қаласында дәулетті отбасында дүниеге келген. Сондықтан, әкесі баласының білім алу үшін қолынан келген мүмкіншілікті жазады. Оның жазған тафсир кітабы риуаят тафсир әдісімен жазылған. Шығармасының аты – «Жамиу-л-Баян ат-Тафсири-л-Қуран».
Махмуд аз-Замахшари (1074-1144) Хорезмнің Замахшар елді мекенінде дүниеге келген. Білім алу жолында ол Бағдат пен Меккеге саяхат жасады. Осы саяхатының бірінде суықтан аяғы үсіп, кесілді. Ол 1144 жылы Журжанда дүниеден өтті. Тафсир, хадис, тіл білімі, шешендік өнер салаларын жетік меңгеріп, өз заманының бетке ұстар ғалымы болды.
Тафсир кітабын жазғанда жаңа әдісті қолдана отырып, яғни, Құранның шешендігі жағына көберік тоқталып, дираят жолымен жазды. Кітабының аты – «Кашшаф». Замахшари амалда ханафи мазхабын ұстаса, итиқадта мутазила мазхабын қолдады.
Фахреддин Рази (1148-1209) Рей қаласында Құрайш руынан шыққан отбасында дүниеге келді. Ол әрі, тафсирші, әрі философ, әрі данышпан ғалым болатын. Ол 1209 жылы Гератта дүниеден өтті. «Мафатиху-л-Ғайб» атты сегіз томдық риуаят және дираят әдісімен жазылған еңбегінде, әсіресе жаратылыстану ғылымдарына көңіл бөлінген.
Суфизм ілімі. Суфизм – исламдағы рухани өмір мен моральдық құндылықтардың аты. Ол ҮІІІ-ІХ ғасырда жекелеген тақуалар тарапынан қалыптасты. Бұл кезеңді «зуһд» кезеңі деп атасақ та болады. Суфизмнің мақсаты – жүректі жүрек кірлерінен арылту, рухани, ар тазалығына қауыштыру. Бұл үшін Пайғамбардың өмірінен үлгі ала отырып, рухты көркем мінезбен безендіру міндетті саналады.
Аскет және суфи ретінде танымал адамдар ретінде Хасан Басри, Жафар Садық, Ибраһим бин Адхам, Суфиян Саури, Абдуллаһ бин Мубарак, Дауд Таи, Харис әл-Мухасиби, Баязит әл-Бистами, Жунайд әл-Бағдади және Халладж Мансур т.б. ерекше атауға болады.
Сопылық ілім кейінгі дәуірлерде тариқаттармен жаңа арнаға түсті. Осы кезеңдерде тариқаттар ірі суфилер тарапынан құрылды. Мысалы, Абдулқадир Гейлани қадария, Ахмет Ясауи ясауия, Ахмет Рафи рифаия, Нажмуддин Кубра кубрауия, ибн Араби акбария атты тариқаттар құрды.
Калам ілімі. Аталған ілім саласы ислам әлеміне грек философиясының енуінен бастап, исламның сенім негіздерін ақыл арқылы түсіндіруге тырысқан мутазила мазхабының ықпалымен пайда болған десек те болады. Дегенмен де мутазила мазхабына дейін де каламдық мазхабтардың алғы шарттары жасалынып қойылған. Мутазила мазхабының құрушысы Уасыл бин Ата Хасан Басридің мәжілісінде дәріс алып жүріп, «үлкен күнә» жайлы ұстазының жауабына қанағаттанбай, өз ойын білтіру арқылы Басридің мәжілісінен бөлініп шыққандығы үшін Уасылдың артынан ерушілер «мутазила» деп аталып кетті. Ақылға көбірек иек артқандықтан, ол исламның қойған принциптерінен тысқары шыққан мазхаб болып табылады. Бірақ, мутазила өкілдері ислам сенімін зындықтар, христиандар және атеистер т.б. исламға шабуылға шыққандарға қарсы қорғануда айтарлықтай еңбек сіңірді. Олар қарсыласының пікірін жоққа шығару үшін философиядан көптеген әдістер үйреніп, исламдық және философиялық әдістерді біріктіре отырып, жаңа туындыны дүниеге әкелді. Бұл «калам» деп аталып кетті.
Әйгілі каламшылар Ашари мен Матуриди сунниттердің сенімдік мазхабын құра отырып, калам әдісін көбірек қолданды. Бірақ та ақылдың аят пен хадистен жоғары қоймады. Сондықтан осы ерекшелігі арқылы мутазила мазхабынан оқшау тұрады.
Әдебиет саласы. Аббасилер дәуірінде ежелгі бәдәуи поэзиясындағы махаббат, ойын-сауық, көңіл көтеру мен шарапты жырлау жалғасын тапты. Ал прозалық шығармаларды махаббат оқиғасын баяндайтын әңгімелер және парсы, үнді, грек ертегілерінің сюжеттерінен алынып, өңделіп жинақталған романдар құрады.
Осы кезеңде Бағдат, Куфа, Басра және Харран қалалары әдеби орталықтарға айналды. Бұл қалаларда әдебиет пен өнер бір-бірімен жарысқа түсіп, әдебиет пен тіл білімінің дами түсуіне жағдай жасалынды.
Ақындар ежелгі тайпа тақырыбы және тайпа дәстүрімен біржолата қоштасты. Осы заман ақындарының туындыларындағы тақырыптар тайпа бірлігінен алыстай түседі. Тайпа арасындағы жанжалдар тыйылған соң поэзияда тайпа өмірін жырлау тоқтайды. Жаңа қоғам, жаңа өмір келуіне байланысты бірте-бірте әдебиетте де жаңа тақырыптар туды. Поэзияда шарапты, шарап ішкен адамның көңіл-күйін суреттеу шарықтау шегіне жетеді. Бұрынғыдай араб даласын, дала кезген шайырдың саяхаттан мезі болған халін баяндау орнына, бау-бақша сарай өмірі, жанға жайлы саяжай тынысы, Тигр өзенінің табиғаты, онда жүзген кемелер мен қайықтар, аққу-қазды суреттеу кең орын ала бастады.
Осы кезеңдегі әйгілі ақын-жазушылар қатарына мыналарды атауға болады: ибн Муқаффа - әйгілі жазушы парсы текті әдебиетші, Жахыз, ибн Кутайба, Әбу Нууас және Әбу-л-Атахия.
Аббастықтар кезеңіндегі жаратылыстану ғылымдары
Ислам тарихы бойынша жаратылыс ғылымының ең шарықтау шегіне жеткен заман – аббасилер заманы. Ежелгі дәуір мұраларын араб тіліне аудару нәтижесінде ортағасырлық мұсылмандар жаратылыстану ғылымын одан ары дамыта түсті.
Медицина. Медицина саласы бойынша зерттеулер сонау омайядтар дәуірінен басталған болатын. Әдетте аббасилер заманында дәрігерлік қызметті көбінесе, бөгде дін адамдары арқарды. Аббасилер дәуірінің атақты дәрігері Юханна бин Масауайх анатомияға қатысты зерттеулер жүргізіп, Суданнан маймыл алдырып, Мутасымның кезеңінде көзіне зерттеу жасайды.
Осындай медициналық жетістіктер нәтижесінде адамзат мәдениеті тарихында алғаш мәрте дәрі сататын дәріханалар ашылды. Бағдатта дәрі-дәрмек жасайтын әдіс-тәсілдерді оқытатын арнайы оқу орны жұмыс істеді. Дәрілер жайында алғаш қалам тартқан Жабир бин Хаййанның аты мәлім. Дәрі-дәрмек жасау Мамун мен Мутасым заманында белгілі бір ретке келтірілді. Яғни, дәрі-дәрмек жасау және дәріхана ашу үшін аранайы емтихандардан өтіп, одан соң оған рұқсат құжаты тапсырылды. 931 жылы дәрігерлерді де арнайы емтиханнан өткізу жарлығы шықты.
Алғаш жүйелі түрдегі ұйымдастырылған аурухана Харун Рашид тарапынан ашылды. Бұл аураухана «Бимаристан» (науқас орны) деп аталды.
Али ат-Табари. Бастапқыда христиан дінін ұстап, ол Мутауаккилдің заманында ислам дінін қабылдаған. Оның «Фирдаусу-л-Хукма» атты медициналық шығармасы мәлім.
Рази. Еуропада Разес атымен танымал аталған дәрігер әрі философтың 41 еңбегі бізге мәлім. Оның медицинаға қатысты он томдық «Китабу-т-Тибб» атты еңбегі Еуропада көп уақыт бойы құнды шығарма ретінде танылды.
Ибн Сина. Мұсылман дәрігерлері арасында «Шайху-р-Раис» атымен аты шыққан атақты дәрігер, терең ойлы философ - Әбу Али ибн Сина Еуропада Авицина атымен танылды. Бұхарада дүниеге келген бұл ғалымның «әл-Қанун фи-т-Тибб» атты еңбегі тек ислам әлемінде ғана емес, Еуропада ХІІ ғасырдан бастап, ХҮІІ ғасырға дейін медицина мамандарына негізгі оқулық болып келді. Ол медицинаға байланысты сол заманға тән жаңалықтарды ашып, қант диабеті және одан емделу жолы, қайнатылған суды ішудің пайдалылығы, туберкулез ауруының белгілері және одан сақтану, емделу жолдары туралы жаңа жаңалықтар ашты.
Метамалика саласы. Аталған ғылым да аударма жұмыстарынан соң ислам әлемінде даму жолына түсті. Ортағасырда парсылар арқылы араб мұсылмандары үнділердің математикалық және астрономиялық жетістіктеріне қол жеткізді. Үнді сандары деп аталатын араб сандарын ортағасырлық мұсылмандар одан ары дамытып, икемдеп кең көлемдегі өркениеттік қолданысқа енгізді. Еуропада бұл сандар араб цифрлары деп аталады. Оған дейін Еуропада Рим цифрлары қолданылып келді. Бірақ Рим цифры есептеу кезінде ыңғайсыз болғандықтан, олар да араб цифрларын қолануға көшті. Метаматикалық есептеу әдісіне алғаш мәрте нөл санын ойлап тапқан Мухаммад бин Ахмад атты ғалым болатын. Сонымен қатар, Мухаммад бин Муса әл-Хорезми осы цифрларды таблицамен есептеуді дамытты және математика саласында ол «Хисабу-л-Жабр уа-л-Муқабала» атты шығарманы жарыққа шығарды. Бұл шығарма латын тіліне аударылып, Еуропаның жоғарғы оқу орындарында оқытылды және бүгінгі алгебра атауының «Хисабул-Жабр уа-л-Муқабаладан» туындағаны белгілі.
Астраномия. Ортағасырлық ислам мәдениетінің алғашқы кезеңінде грек, Рим және үнді тілдерінен астраномиялық кітаптар да көптеп аударылғандығы белгілі. Мысалы, Птоломейдің «Алмагит» атты шағырмасы, Батламиустың «Мужаста» кітаптары араб тіліне аударылды. Одан кейінгі дәуірлерде халифа Мамун Бағдатта ашқан «Байту-л-Хикманың» жанынан обсерваториялық орталық ашты. Одан соң Шам қаласының маңындағы бір таудың басына екінші обсерватория ашты. Осы зерттеулер нәтижесінде жердің жұмыр екендігі және градустарын жобалап таба бастады.
Химия және физика. Ортағасырлық ислам өркениеті химия мен физикаға да өз үлестерін қосқандығы және жаңалықтар ашқандығы белгілі. Әйгілі мұсылман химиктері - әл-Бируни, Сабит бин Қурра, Рази, ибн Сина, Омар Хайям, Әбу Муса Жабир бин Жафар әл-Куфи ойлап тапқан химиялық терминдер Еуропа тілдерінде сол қалпында қолданылды. Ортағасырлық мұсылман химиктері химиялық элементтерді пайдалана отырып, дәрі-дәрмек жасау әдісін ойлап шығарды. Сондай-ақ, сабын, қағаз, бояу, тыңайытқыш сияқты күнделікті өмірде қолданылатын заттарды дүниеге әкелді. Ал физика саласының білгірі ретінде ибн Хайсамды ерекше атауға болады.
География. Сауда жасау және жаулап алынған жерлер жайында мәлімет жинақтау мақсатында мұсылмандар географиямен де айналысты. Аббасилер заманында Әбу Саид Асмаи, Әбу Убайд Сақуни, Әбу Ашас Кинди, ибн Хурдазбих сияқты географтар өмір сүрді. Осы дәуірде ибн Хурдазбих «Китабу-л-Масалик уа-л-Мамалик», Әбу Зейд Ахмет бин Сахл әл-Балхи де «Сауару-л-Акалим» атты еңбектерді жарыққа шығарды. Басқа да географтар қатарына Мухаддисиді, Бируниді, Бакриді, Зухриді және Идрисиді жатқызуға болады.
Философия. Аббасилер дәуірінде ежелгі дәуірге тән философиялық мұралар, оның ішінде, әсіресе, Платонның, Аристотельдің, неоплатонизмнің т.б. философиялық трактаттары араб тіліне аударылғаннан соң, ислам мәдениетінде әлемді, адамды, жаратылысты, құдайды т.б. философиялық әдіспен түсіндіруге талпынған бағыттар қалыптаса бастады. Оратағасырлық ислам әлеміндегі «фалсафа» бағытының бастаушысы ретінде әл-Киндиді атасақ, оның ірі жаршысы ретінде әл-Фарабидің, ибн Синаның, ибн Мискауайхтың, әл-Ғазалидің т.б. орны бөлек. Мұсылман философтары антикалық философиялық мұраларды Еуропаға танытуымен және онда өзіндік ой білдіруімен орны ерекше. Себебі, әл-Фараби Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» (муалим сани) деп аталса, ибн Мискауайх «үшінші ұстаз» (муаллим салис) деген атаққа ие болды. Ортағасырлық мұсылман философиясы даһрилік (материалистік), машшаилік (перипатетизм) ишракилік және теологиялық философия атты философиялық ағымдарға бөлінді.
Басқару жүйесі
Мұрагерлік сайлау және биат алу мәселесі. Омайядтар тәрізді аббасилер халифаты да өзінен кейін туысын немесе баласын мұрагер ретінде сайлап кету рәсімін қолданды. Осы мұрагерге алдымен қазылар, қолбасылар және уалилер биат етті.
Биат рәсімі басталғанда халифа өз тағына отырады, одан соң уәзірлер, сарай қызметшілері және уалилер мен әміршілер біртіндеп, халифа тағына жақындайды және халифаға деген адалдығымен уәде береді. Олардың артынан шені төмен қызметкерлер кезегімен осы рәсімді жалғастырады. Биат алу рәсімі ел басқаруда маңызы зор. Себебі, осы рәсімнен соң халифа мемлекеттік қызметтегі адамдарды қызметке тағайынай және босата алады. Биатпен таққа отырған билеуші халифаттың бірінші басшысы ретінде рөл ойнады және ол рухани көсем ретінде де қабылданды. Кейінгі кезеңдерде аббаси халифалары саяси биліктен айрылып қалғанымен рухани көсемдік маңыздылығын сақтап қалды. Мысалы, жекелеген билеуші сұлтандар өз билігін заңдастыру үшін халифаның рұқсатын алатын. Көбінесе, халифа жеке иеліктегі сұлтандардың билігін заңдастыру үшін арнайы хат жіберіп, бұйрық шығаратын болған. Мұнымен қоса халифа сайланған сұлтанға «хилат» деп аталатын ресми белгі беретін. Хилат әшекейленген қылыш немесе сәлде сияқты сыйлақтардан тұрды.
Ел билеу саясаты. Омайядтар дәуіріндегі тәрізді аббасилер дәуірінде де барлық мәселе халифа тарапынан шешілді. Бірақ аббасилердің алғашқы сегіз халифасы ғана осындай билікке ие болғанымен кейінгі кезеңдерде халифалар да өз биліктерінен біртіндеп айрыла бастады. Аббасилер кезіңнен басталған қызмет – уәзірлік халифаға көмектесу болды. Сондай-ақ бас уәзір халифаның өкілі ретінде мемлекет қызметкерлерін сайлап, мемлекеттің кіріс-шығыс және әскери жұмыстарымен де шұғылданды.
Аббасилер халифаларының бірі – Мамун әр аймақтан сайланған мүшелермен (депутаттар) жүйелі кеңес ұйымын құрды. Кеңес мүшелері кез келген мәселеде өз ойларын тікелей айтуға құқықылы болды. Кейінірек халифаның билігі әлсірегеннен соң бұл мәжіліс ислам құқықшыларынан құралған шариғаттың пәтуа орталығына айналды.
Аббасилердің алғашқы сегіз халифасы өз айтқандарын істете алатын билік иесі болып, қол астындағы уалилерді қадағалап отырды. Жүргізген саясаты бойынша бір аймақтағы уалиді ұзақ мерзімге қалдырмады. Күнделікті ел ішіндегі болып жатқан хабарларды «барид» (поча) ұйымы арқылы біліп отырды. Сондай-ақ мемлекеттің түкпір-түкпіріне халықтың әлеуметтік өмірін білу, тәртібін қадағалау мақсатында арнайы полиция қызметі жұмыс істеді. Бұл қызмет ұлғая келіп Махди, Харун Рашид, Мамун және Мутасым дәуірлерінде Византия сияқты қырғиқабақ елдерге тыңшылар жіберетін болды. Бұл тыңшылар көбінесе, саудагерлер мен кәсіпкерлер арасынан таңдалатын.
Бастапқы сегіз халифадан соң биліктен айрылған халифалар кезеңінде ел билеу жүйесі өзгерді. Халифалар төрелікті қазыларға, әскери жұмыстарды қолбасыларға, халыққа жарлық шығаруды уәзірге берді. Ал халифада тек діни өкілдік қана қалды.
Аббасилер динасиясы омайядтар тәрізді емес, ел билеуде тым қатігездікке жол бермей, ел іші тыныштықты орнатуды мақсат тұтты. Сондықтан көршілес елдерге жорық жасауды жөн көрмеді.
Аббасилер билік басына келгенде елді біріктіру үшін рушылдық пен ұлтшылдықты жоятындығын, барлық мұсылмандар тең екендігін ұран етіп, қара тудың астына бірігуді ұсынды және кейінгі кезеңдерде осы уәделерінде тұрды. Ел билеу саясатында олар рушылдық пен ұлтшылдықты қуаттамады. Мемлекеттік қызметте еврей де, христиан да, мұсылман да, мысырлық та, араб та, парсы да, түркі де қатар жұмыс атқара берді.
Әкімшілік аймақтары және уалилік. Аббасилер дәуірінде аймақтар халифаның немесе бас уәзірдің тағайындаған уалилері тарапынан басқарылды. Уалилер «амир» немесе «амил» деп аталды. Халифа Мансур сайлаған уалиін белгілі аймаққа көп қалдырмай ауыстырып отыратын. Олар басқа аймаққа ауысу кезінде халифаға есеп беріп отырды. Егер қызметін уали дұрыс атқармаған болса, ол қызметтен босатылып, мүлкі тәркіленетін. Мансурдың бұл жүйесі кейінгі халифалар тарапынан да қолданылды.
Ұлан ғайыр аймақты билеген аббасилер мемлекетінде алыс жақтағы аймақпен байланыс әлсірей түсті. Алыс аймақтағы уалилер сол аймақтағы билігін бекемдеп, автаномиялық елге айналып отырды.
Осы дәуірде уалилік екі уали тарапынан басқарылды. Оның бірі – «имарра амма» (жалпы әмірлік), келесісі – «имарра хасса» (жеке әмірлік). Жалпы әмірліктің қызметі әділет басқармасындағы қазыларды сайлау, аймақтың қауіпсіздігін сақтау, салық жұмысын ұйымдастыру, әскери мәселелермен айналысу, аймақ тәртібін қадағалау және жұма намазына имам болу. Ал жеке әмірлер мұндай билікке құқылы болмады.
Аймақ орталығына түскен кірістер аймақтың әлеуметтік шығынын өтегеннен соң артылғаны мемлекет орталығы қазынасына жіберілді. Егер аймақтың қажетін шығын өтемей қалса, халифа қазынасынан қосымша қаражат бөлінді.
Аббасилер заманындағы аймақтар:
Батыс Африка мен Сицилия, орталығы Кайраван қаласы;
Мысыр, орталығы – Каир;
әл-Жазира, орталығы – Мусул қаласы;
Азербайжан, басты қалалары – Эрдебил, Тебриз және Мерага;
Хижаз бен Ямама, басты орталықтары – Мекке мен Медине;
Иемен;
Куфа мен оның төңірегі;
Басра, Бахрейн және Оман, орталығы – Басра қаласы;
Иран, орталық қалалары – Хамадан, Исфахан және Рей;
Хорасан, орталық қалалары – Нишапур, Балх, Герат және Мерв;
Фарис, орталығы – Шираз қаласы;
Хузистан, орталығы – Ахваз және Тустер;
Кирман;
Мукран;
Сижистан немесе Систан;
Кухистан, Кумис, Табария, Журжан және Армения;
Хорезм;
Соғд;
Ферғана және Шаш;
Сирия, орталығы – Шам;
Палестина.
Уәзірлік қызмет. Аббасилер заманында халифадан кейінгі ел басшысы бас уәзірлер болды. Ислам тарихында алғашқы уәзірлік қызмет аббасилер заманында пайда болды. Аббасилер халифалығының соңғы кезеңінде уәзірлік қызметті «Амиру-л-Умара» атқарды.
Министрліктер мен басқармалар. Аббаси халифаларының орнатқан жаңа өкімет жүйесі «Диуану-л-Азиз» деп аталды. Оның құрамында бірнеше министрлік жұмыс атқарды.
Диуану-л-Хараж (Қаржы министрі). Аталған дуандықтың басында «Сахибу-л-Хараж» атты жоғары шенді қызметкер болды. Оның қызметі мемлекеттің кірісі мен шығысын жоспарлау, есептеу болды.
Диуану-з-Зимам (экономикалық басқарма). Бұл дуандықтың қызметі – салық жұмысын тексеру, бақылау, салықтың кірісін есептеу, аймақтық шығындарды есептеу, аймақ шығынына жетпеген қаржыны есептеу немесе артығын орталыққа алдыру.
Диуану-л-Жунд (қорғаныс министрлігі). Мемлекеттің қорғанысын, әскери шығындарды, жоспарларды жүргізу.
Диуану-л-Мауали уа-л-Ғилман (көші-қон басқармасы). Шет ел азаматтары мен тұтқындарды орналастыру немесе тіркеу, олардың құқықтарын қорғау.
Диуану-л-Барид уа-л-Ахбар (почта және ақбарат алу агенттігі). Хат, хабар тасу қызметін атқаратындарға көліктері мен айлықтары жақсы мөлшерде төленді. Олардың сапарда аранайы тынығатын және көлік ауыстыратын бекеттерде жұмыс атқарды. Оларға арнайы сызылған жол картасы беріліп, картада қай жерде демалыс бекеті бар екендігі және жол бағыты сызылып көрсетілді.
Диуану-н-Назар фи-л-Мазалим (арыз-шағымдарды дексеру орталығы). Арыздар мен әділетсіздіктер жайында түскен шағымдарды тексеретін, оның ақ-қарасын ажырататын басқарма.
Диуану-ш-Шурта (ішкі істер басқармасы). Мемлекет ішіндегі қауіпсіздікті қадағалау және халифаның жеке өзін қорғау қызметі.
Әділет басқармасы. Мемлекет ішіндегі азаматтардың құқықтарын және дау-жанжалдарды шешетін әділет ұйымы да аббасилер замамында жұмыс істеді. Әрбір дін иесін өз діні өкілдері тарапынан тағайындалған қазылар мәселелерді шешді. Бас қазы Бағдатта орналасты және ол «Раису-л-Қадил Қудат» деп аталды.
Әскери басқарма. Аббасилер кезеңінде де мемлекет тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында елдің шекара аймақтарында арнайы әскери горнизондар құрылды. Ондағы әскерлер жанұяларымен шекарада орналасу құқығын иеленді. Негізінде әскерилер екіге бөлінді. Оның біріншісі – үнемі әскер қатарында жүріп, мемлекеттен айлық алатындар, келесісі – соғыс кезінде әскерге алынатын еріктілер. Үнемі әскер қатарында қызмет ететіндер бірнеше топтардан тұрды: харбия (жаяу әскер), рамия (садақшылар), фурсан (атты әскер), нафти (атқыштар) және теңіз күші.
Діни өмір. Омайядтар ұлтшыл араб мемлекетін құрған кезде, аббасилер діни мемлекет ретінде танылуға баса назар аударды. Халифалар Мұхаммед пайғамбардың шапанымен жұма және айт күндері халықтың алдына шыға білді және діни рәсімдерді басқарды. Олар сыртқы көрініске діни болып көрінгісі келгенімен, дүниелік қызыққа қатты берілетін. Аббаси халифалырының көпшілігі ғылымға қолдау көрсетті, ғалымдарды құрметтеді және ғылыми мәжілістер ұйымдастырды, тіпті ғылыми мәжілістерде сұхбаттарға да қатысып отырды. Харун Рашидтің мәжілісіне шайыр Әбу Нуас, музыкант мусулдық Ибрахим мен оның ұлы Исхақ филолог Әбу Убайда және тарихшы Уақиди бір жерде бас қоса беретін. Алайда мұндай мәжілістер Хулафа Рашидин дәуіріндегі сияқты емес әдебиет мәжілісі сипатына ие болатын
Аббасилер заманындағы әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілік
Үй тұрмысы және үй жихаздары. Аббасилер заманында халықтың тұрмыс-тіршілігі дамып, үй салу үлгілері де едәуір жетілген. Мұның басты себебі – көршілес елдермен тығыз байланыс жасау. Отыратын бөлмелерге дивандар орнатылды, оның алдына арнайы тамақтанатын столдар қойылды. Столдар ағаштан жасалды немесе тасбақа қабығымен т.б. заттармен әшекейленді. Ас салатын ыдыстар отбасының жағдайына қарай мыстан, күмістен жасалды. Ал халифалардың қолданатын ыдыс-аяқтары алтыннан, күмістен немесе бағалы тастардан жасалды. Жерге кілемдер, көрпе-көпшіктер төселді.
Байлық пен молшылық өмір артқан қоғамдарда құл мен күңнің өзіндік орны болды. Құлдар мен күңдер соғысқа тұтқынға түседі немесе бейбітшілік уақыттарда құл базарларынан сатып алынады. Құлдар үй жұмыстары т.б. жұмыстармен айналысса, күңдер белгілі бір өнер мен кәсіп түріне машықтандырылды, тіпті ғылыммен шұғылданғандары да болды. Осындай күңдердің базардағы бағасы 70 мыңнан 100 мыңға дейін артты. Халифа сарайларында құлдар мен күңдердің саны он мыңнан астам болғандығы да баяндалады
Аббаси дәуірінің басында әйелдердің құқығы омайядтар дәуіріндегі сияқты белгілі бір мөлшерде еркін болатын. Бұл жағдай Бувейхидтердің Бағдатты алғанға дейін жалғасты. Еркіндік кезеңінде аты шыққан әйелдер Мәһдидің әйелі Зубайда мен Харунның қарындасы Аббаса, Мамунның әйелі Буран сияқты мемлекет пен қоғамда сөзі жүретін әйелдермен қатар жорыққа шығатын, әскери қолдарға басшылық жасайтын, өлең жазатын, музыкамен айналысатын әйелдерді де кездестіреміз.
Сол дәуірде Бағдат әлемнің ең үлкен қаласына айналды. Молшылық пен шалқыған өмір, бейбітшілік орнаған аталған қалада «мың бір түн» ертегісі дүниеге келді. Қоғамның әлеуметтік жағдайы көтерілген сайын ысырапшылдық та соншалықты арта түсті.
Бағдатта ойын сауық пен өнер салаларының барлық түрі дамыды. Осылардың ішінде шахмат қысқа уақыттың ішінде халифа Харунның сарайына дейін қолданылды және ол таңдаулылар ойынына айналды. Сонымен қатар нарда, қылыш сайысы, оқ ату, ат жарысы, аңшылық кең таралды. Мутасым поло ойынын ұнататын. Харун Рашидтің ат жарысын тамашалағаны баяндалғаны сияқты Әмин мен Мутасым тазылармен аң аулауды жаны сүйген билеушілер қатарына жатады.
Сауда-саттық. Аббасилер заманында керуен жолы және теңіз арқылы сауда-саттық қатынасы жақсы дамыды. Аз уақыттың ішінде Бағдат, Басра, Куфа, Каир, Александрия қалалары жан-жақты сауда орталықтарына айналды. Жерорта теңізіндегі сауда кемелері емін-еркін сауда орталықтарына тауар тасыды. Мұның артынан Испания, Италия, Сицилия және Франция елдерімен сауда қатынастарын орнады. Сондай-ақ солтүстіктегі Волга бойы халықтарымен, орыстармен де сауда қатынасын жолға қойылды. Мұсылман саудагерлер Қытайға, Филиппин аралдарына да сапар шекті. Шығысқа теңіз сапарлары Басра портынан аттанатын. Ұлан-ғайыр алыс аймақтармен сауда қатынасын орнату және ондағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арақашықтығы бірдей аралықта арнайы керуен сарайлар салынды. Керуен сарайларда саудагерлердің тынығуы және көліктерінің дем алуы үшін бөлмелер мен мал қоралар да салынды. Сонымен қатар керуен сарайда намаз оқу бөлмесі, дәретхана және моншалар да қоса тұрғызылды. Керуен сарайлар мемлекеттің бақылауында болғандықтан, сол жердің қауіпсіздігі мен тазалығына жауапты әміршілер тағайындалды.
Мұсылман саудагерлер көбінесе, құрма, шекер, мақта мен жүннен жасалған маталар, сабын, темір, мыс қорғасын т.б. металдан жасалған бұйымдар, сонымен қатар, киім-кешек, қайшы, ине, пышақ, қару-жарақ, стол, диван, май шам, шыны және шыныдан жасалған заттарды саудалайтын. Саудагерлер Қиыр Шығыс пен Азия елдерінен дәмдеуіш заттар мен жібек әкелетін. Әсіресе, Қытайдың атақты жібегі мен Үндістанның әшекейлері халифат территориясында үлкен сұранысқа ие еді. Осы кезеңде атақты Жібек жолының маңызы арта түсті. Ал Африкадан піл сүйегі мен қолөнерге қажетті заттардың шикізатын таситын. Осындай саудагерлер арасында аса ірі байлар кездесті. Кейбір бай саудагерлердің қаржысы елу миллион динарға дейін жетті. Мысалы, ибн Джассастың байлығынан 16 миллион динарын халифа Муқтадир конфискация жасағанмен оның байлығы одан ары арта түсті. Басралық кейбір саудагерлердің жылдық табысы миллион дирхамнан асып түсетін. Теңіз арқылы сауда қатынасы да дамытылған. 40 жыл бойы кеменің ескегін ескен кемешілер де болған.
Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының мемлекеттік кіріске алып келетін орасан зор пайдасы бар екендігі айқын. Сондықтан аббаси билеушілері ел ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп, Ефрат пен Тигр өзендері арасындағы егістік алқаптарға арпа, бидай, күріш, сусам, мақта, жаңғақ, апельсин, қант қызылшасы тәрізді егіндер мен бау-бақшалар ектірді.
Елдің келесі мағызды әрі құнарлы алқабы – Ніл алқабы болатын. Ал үшінгі егістік алқабы – Хорасан болды. Мауреннахр және Сиджистан, Соғды алқабында, Дамасктың бау-бақшалары, парсы аймағының гүл бақшалары да маңызды егіс алқаптарына жатты. Осы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін арнайы каналдар қазылды. Сондай-ақ бұл дәуірде гүл өсіру кең етек жайды. Өйткені гүл суларынан әтір, миск жасап, оларды экспортқа шығарды.
Кеншілік. Империяның әр аймақтарында кен өндіру жұмыстары да жолға қойылды. Мысалы, Хорасаннан мрамор мен темір өндірілді. Кирманда қорғасын, күміс, мыс шахталары жұмыс істеді. Тебризде фарфор мен мрамор, Оңтүстік Иранда тұз бен күкірт шығарылды. Ал Бахрейн інжу, маржан өндірумен аты шықты.
Өнеркәсіп. Аббасилер дәуірінде өнеркәсіп саласы да сол заманның жоғарғы деңгейіне жетті. Өндіріс орындары Бағдат, Самарра сияқты ірі орталықтарда ашылған цехтар мен фабрикалар түрінде шоғырланды. Осы фабрикаларда кілем, палас, жібектен, мақтадан тоқылатын маталар, дастархан, жастық, көрпе қаптары тігілді. Куфада жібек тоқыма текстилі дамыды. Осы дәуірде шыны өнеркәсібі де айтарлықтай жетістіктерге қол жетізді. Әсіресе, Сирия аймағында осындай өндіріс орындары көптеп шоғырланып, вазалар мен люстралар жасалды. Онда әшекейленген шыны стакандары да шығарылды. Ал керамика метериалында жасалған түрлі-түсті өю-өрнекті кірпіштер мен кафельдер сарайлар мен үйлерді және мешіттерді әшекейлеуге қолданылды.
Хузистан, Сус және Тустер қалаларында жібектен, жүннен, және қылдан өрілген жіптер шығарылды. Осы жіптерден Бұхарада жайнамаз тоқылды. Ал Ахваз Фарс аймақтарында қант шығаратын фабрика ашылып, шығарған өнімдері Еуропада үлкен сұранысқа ие болды.
Арнайы шеберханаларда қымбат бағалы заттар өндірілді. Халифа Мустаиннің анасы өзіне арнап, 130 миллион дирхамдық бетіне алтын жіппен тоқылған және жақұт пен басқа да бағалы тастар тігілген, бетінде құс бейнеленген кілем тоқытқан. Бағдатта тоқылған Аттаби маталары Испанияға одан Еуропаға сатылды.
Иран аймағында сарай қызметкерлеріне арналған мата шеберханалары жұмыс істеді. Сондай-ақ Хорасанның дастархан, төсеніш жапқыштары, қабырғаларға ілінетін қымбат кілемдер, Бұхараның жайнамаздары атақты тауарлар қатарына жатты. Сонымен қатар, Мысырда шығарылған заттар мен Сирияда өндірілген шынылар керстілер жорығы кезінде Еуропаға таралды.
Қағаз ҮІІІ ғасырда Қытайдан Самарқандқа, одан Ислам дүниесіне таралды, тіпті Бағдатта қағаз өнеркәсібі ашылды және оны өндіру басқа қалаларда да қолға алынды. Қағазды өндіру Мысырға, Солтүстік Африкаға, одан ары Андалусияға таралды.
Мемлекет қазынасына түсетін табыс көздері. Мемлекеттік бюжеттің басты кіріс көздері «харадж», «джизия», «зекет», «соғыс олжасы» (ғанимат), «үшір», «кеден» салықтары болды. Харун Рашид Имам Әбу Юсуфқа хараджқа қатысты «Китабу-л-Харадж» деп аталатын еңбек жаздырған. Харун Рашидтің қазынасына кіретін жылдық табыс шамамен 500 миллион дирхам күміске және 10 миллион динар алтынға жеткен. Осыларға дәлірек тоқталар болсақ:
Егістік салығы: мұсылмандардың егісінен алынатын «үшір», мұсылман еместерден алынатын «харадж» салығы;
Төрт түлік малдан алынатын салық-зекет;
Сауда-саттық тауарынан алынатын салық;
Кен өндіргенде табыстың бестен бірін мемлекет қазынасына кұю;
Жизия: мұсылман емес ер кісірлерден жан саулығы үшін жылдық салық;
Кеден салығы: бұл салық көбінесе, импорт тауарлардан алынды;
Тұз және балықшы салығы;
Дүкен иелерінен алынатын салық;
Диірмен мен ұн цехтарынан алынатын салық.
AНДАЛУСИЯ ОМАЙЯД МЕМЛЕКЕТІ
Әмірлік кезең (756-929 жж.). Билік басына келгеннен соң Аббасилер Омайяд өкілдерінің соңына түсіп, өлтіре бастады. Осы қудалаудан аман қалғандар арасынан халифа Хишам бин Абдулмаликтің немересі Абдуррахман бин Муауия болатын. Палестина мен Мысырды басып өтіп, ол Солтүстік Африкаға қашты, бірақ, мұнда да тыныш өмір сүре алмайтынына көзі жеткен Абдуррахман 755 жылы Андалусияға өтеді. Андалусияға өткен кезде тек бас амандығын сақтау мақсатында емес, мұндағы біршама Омайяд жақтастары болып табылатын арабтарды, сириялық әскерлерді және басқа да мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ол Омайяд династиясын қайтадан құруды мақсат тұтты. Андалусияға аяқ басқан кезден бастап, осы мақсатта әрекетке көшті және аз уақыттың ішінде уали Юсуф әл-Фихридің кедергілеріне қарамастан мауалилердің, қайстықтарға дұшпан иемендіктердің және берберлердің қолдауын пайдалана отырып, Жазиратулхадраны, Шазунаны, Севильяны (Ишбилия), Эльвираны (Илбира) өз бақылауына алды. Одан соң Кордоваға (Қуртуба) кіріп, өзін тәуелсіз әмір ретінде жариялады.
Тәуелсіз Андалусия Омайяд мемлекетінің құрушысы және алғашқы әмірі І Абдуррахманның бетпе-бет келген проблемалардың басында ең алдымен ел іші тартыстары болатын. Соңғы уали Юсуф әл-Фихри Абдуррахманнан жеңіліс тапқанмен оны елдің әмірі ретінде тани қоймады және Абдуррахманның таққа отыруына көмек берген иемендіктер мен берберлер көмектерінің қарымтасын беруді талап етті. Алайда, Абдуррахман иемендіктер мен берберлердің талаптарына бой ұсынбай, ондағы көсемдердің өкілеттігін шектеп, барлық билікті өз қолына алды. Сондай-ақ істің алдын алу арқылы топтардың өз арасында алауыздыққа тап болуын жүзеге асырды және оларды бір-біріне айдап салды: оның артынан сый-сияпат, байлық және мансап беріп, олардың кейбірін өзіне тартты. Осылайша көпшілік арасында өз абыройын сақтап, Абдуррахман оларды өзіне бағындыра білді. Келесі жағынан арабтар арасында рушылдық бақталастық мемлекеттің әлсіретуіне жол ашатындықтан, әскерді көбінесе Солтүстік Африкадан әкелінген жалдамалы әскерлер мен соғыс тұтқындарынан жасақтады. І Абдуррахман аталған мемлекет іші мәселелермен қатар 778 жылы Испанияның солтүстік-шығысынан еніп Сарагосаға (Сарақуста) жақындаған франктармен де бетпе-бет келді және нәтижесінде елінде шыққан алауыздыққа байланысты франктар кері шегінуге мәжбүр болды. Олар жол бойында шыққан мұсылмандар тарапынан шабуылдар нәтижесінде көп шығынға ұшырады. І Абдуррахман одан кейінгі жылдары христиандардың қол астына өткен кейбір қалаларды қайтарып алуға талпыныс жасағанмен, оның бұл ісі сәтсіз аяқталды. Бұған қарамастан ол дүние салғанда (788 ж.) баласы І Хишамға ел іші алауыздықтарды біршама тыныштандырған, Аббасилер мен Византия тарапынан мойындалған, Сирия-Омайяд дәстүрін паш еткен тәуелсіз мемлекет қалдырды.
Өзінің діндарлығымен Омар ибн Абду-л-Азизді еске түсіретін І Хишам (788-796 жж.) таққа отырған алғашқы жылдарда бауырларының қарсылығынан басқа маңызды деп есептелетін ішкі қайшылыққа тап болмады. Осындай қолайлықты пайдалана отырып, әмірлік кезеңін Испанияның солтүстігіндегі христиан корольдіктеріне қарсы жорық жасаумен өткізді және Септимания уақытша болса да кері қайтарылды. І Хишам дәуірінде Малики Андалусияның ресми мазхабына айналды. Ғалымдарға көрсетілген құрметтің нәтижесінде аталған топтың елдің саяси аренасындағы ықпалы арта түсті. Сонымен қатар исламның таралуына берілген мәннің арқасында жергілікті халық арасында аталған дінді қабылдағандар (муаллад) қатары көбейе түсті. Алайда аталған екі топ өкілдерінің дамуы кейінгі билеуші заманында кейбір маңызды оқиғалардың туындауына себеп болды. І Хишамның орнына отырған ұлы І Хакам дәуірінде (796-822 жж.) ішкі көтерілістер дүмпуы өрби түсті. Оның назар аударарлық ерекшелігі – осы көтерілістерде арабтар мен берберлерден басқа олардан да саны артық муалладтардың орын алуы болды. Бас көтеруде жаңа әмірдің әкесінің жүргізген саясатына қайшы түрде діни ғұрыптарды орындауда немқұрайдылық және ғалымдарға көрсетілетін құрметті шектеп, олардың санын азайтуға тырысуы маңызды рөл ойнады. Осы себепке байланысты Кордова (Қуртуба), Толедо (Тулайтула), Мерида (Марида), Сарагоса (Сарақуста) сияқты қалаларда көтерілістер бірінің ізін бірі басты. Мұны І Хакам жағдайға қарай қатаң әскери тәртіппен немесе айламен көтерілістерді басты. Осы кезеңдегі ел ішіндегі көтерілістерді шебер пайдаландар – 801 жылы Андалусияның маңызды шекара қалаларының бірі – Барселонаны (Баршалуна) басып алған франктар.
І Хакамнан соң таққа отырған оның ұлы ІІ Абдуррахманның билік жүргізген жылдары (822-852 жж.) Андалусия әмірлігінің ең гүлденген кезеңі болды. Ел іші алауыздықтардың аздығы және Абдуррахманның проблемаларды дер кезінде оңды шешуі нәтижесінде ел тұрақтылыққа қол жеткізді. Бұл Андалусияның экономикалық жақсаруына және Аббасилер үлгі ретінде алынып, жаңадан құрылған мемлекеттік басқарманың күшеюіне жағдай туғызды. Осымен қатарлас араб тілі мен ислам дінінің таралуы деңгейі жоғарылады. Осы кезеңнің соңына қарай Андалусиядағы мұсылман жұртшылығының көпшілігін «муалладтар» құрады. Бірақ, Кордова, Севилья (Ишбилия), Толедо сияқты үлкен қалаларда христиан халқын қосқанда христиан дін иелерінің қатты қарсылығына қарамастан араб тілін қолдану кең таралды. Әсіресе, жастар араб тілін ана тілдерінен де жақсы білетін және жазатын. ІІ Абдуррахман Испания корольдіктерінің шабуылдарынан Андалусия территориясын қорғауда үлкен жетістіктерге қол жеткізгені сияқты, 844 жылы теңіз арқылы шабуылға шыққан нормандардың жергілікті мұсылмандар арасынан Муса бин Мусаның ерекше қайсарлығымен кері шегінуіне мәжбүр етті. Осы кезде Византия императоры Теофилос елші жіберіп, Андалусия Омайяд халифатымен дипломатиялық байланыс жасады. Осындай жетістіктерге байланысты ІІ Абдуррахман дәуірі «аййаму-л-арус» (той күндері) деп аталады.
ІІ Абдуррахманның ұлы Мухаммад (852-886 жж.) әмірлігінің алғашқы кезеңінде әкесінің жетістіктерін жалғастырды. Кордовада басталып, Толедоға дейін таралған «христиан жанкештілері әрекеті» атты көтерілістерді басқан кезде, солтүстіктегі Испания корольдіктеріне қарсы сәтті жорықтар жасады. Алайда билігінің соңғы он бес жылында басқарманы жас, тәжірибесіз адамдарға бергендіктен, мемлекет тәртібі бұзыла бастады. Соңында муалладтар бастаған арабтар мен берберлер көп шоғырланған өлкелерде, қалаларда және қамалдарда орталық билікке қарсы бас көтерулер болды. Аталған көтерілістер Мунзир (886-888 жж.), әсіресе, Абдуллаһ (888-912 жж.) дәуірлерінде одан ары арта түсті. Андалусия Омайяд әмірлігінің билігі тек ел астанасы Кордовада ғана жүретін халге келді. Тіпті, Кордованың өзі бір уақытта атақты муаллад лидері ибн Хафсуннің қатеріне де тап болды. Нәтижесінде елде саяси және әлеуметтік бөлшектену процесі орын алды және орталық билікке формальді түрде бағынышты немесе толықтай тәуелсіз сандары жиырмадан астам кіші-гірім мемлекеттер құрылды. Андалусиядағы Мухаммадтың соңғы он бес жылынан басталған бөлшектенудің нәтижесінде солтүстіктегі христиандардың шабуылына қарсы төтеп беретін күш те табылмады және көтеріліс болған өлкелерде салық алынбағандықтан, мемлекеттік қазына да азайды.
Андалусияны осы тоқыраудан Абдуллаһтың орнына жиырма бір жасында таққа отырған немересі ІІІ Абдуррахман (912-961 жж.) құтқарды. Алдымен орталық билікке тәртіп орнатқан және билікті өз қолына алған жас әмір көтірілісшілерге жорық жасады. 913 жылы Севилья мен Кармонаны (Кармуна) билеген Бани Хажажды, 924 жылы солтүстік шекара өлкесіне иелік еткен муаллад династиясы Бани Қасиді, 928 жылы оңтүстікті бақылауға алған және Андалусиядағы муаллад әрекетінің лидері рөліндегі Бани Хафсунды, одан соң батыс өлкелерге билік жүргізген басқа да муаллад династиясы Бани Маруан мен ұзақ уақыт бойы орталық биліктен қашық қалып келген Толедо қаласын, Сарагосада (Сарақуста) билік жүргізген араб текті Бани Тужиб әулетін және сандары жиырмадан асқан араб, бербер, муаллад және мустариб (арабтанғандар) иеліктерін тізе бүктіріп, Андалусияны бір орталыққа бағындырды. Елдің тыныштығын орнатқаннан соң осы жетістігінің арқасында бір жағынан саяси билігін одан ары нығайту, келесі жағынан Солтүстік Африкада кең етек ала бастаған шииттік фатимиттерге қарсы тұра білу үшін 929 жылы өзіне «Наср Лидиниллаһ» деген атақ беріп, халифа ретінде жариялады. Осылайша, Андалусия Омайяд әмірлігі Андалусия Омайяд халифалығына айналды.
Халифалық кезең (929- 1031 жж.). ІІІ Абдуррахман ел ішінде бірлік пен тұрақтылықты орнатқаннан соң Фатимилерге және солтүстіктегі Испан корольдіктеріне қарсы соғыс жариялады. Оның нәтижесінде Леон мен Наварра (Памплона, арабшасы: Банблуна) корольдіктері салық төлеуге мәжбүр болып, Анадалусия халифалығының қол астына қарады. Фатимилерге қарсы Солтүстік Африкадағы кейбір үлкен бербер тайпаларымен тізе қоса отырып, ықпалын Мағриб ішіне де жүргізе білді. Аталған жетістіктер халифаның абыройын асқақтата түсті: Византия мен Герман императорлары елшілер жіберіп, халифамен саяси байланыс орнатты. ІІІ Абдуррахман ел ішінде бөлшектенуге жол ашатын араб рулары арасындағы бақталастықтың күшін жойып, «бір ұлттықты» орнату үшін барлық жігерді жұмсады және білім беруді қолға алды. Келесі жағынан ол Кордова ғимараттарын біршама әсем сәулеттік ескертшіктермен толықтырды.
Андалусия Омайяд халифалығының астанасы болған Кордова қаласы жарты миллион халқы бар, жеті жүз мешітімен танымал Батыстың әсем қаласына айналды. ІІІ Абдуррахман Еуропада теңдесі жоқ «Мадинату-з-Захра» атты сарай салдырды. Мемлекеттік қазына бұрын соңды болмаған кейіпте толтырылды. Андалусия Омайяд халифатының атақты билеушісі болып табылатын ІІІ Абдуррахман 961 ж. дүние салғанда оның орнын ғалымдығымен танымал елу жастағы ұлы ІІ Хакам алды. Бұл халифаның дәуірінде (961-976 жж) де ел іші тұрақтылық одан ары жалғасын тапқаны сияқты сыртқы байланыстарда Испан корольдіктері алдында үстемдігін көрсете білді. ІІ Хакам заманындағы негізгі даму ғылым мен өнер саласында болғандығы байқалады. Андалусия осы дәуірде Ислам өркениетінің негізгі ордасына айналды. Соның бір көрсеткіші ретінде Кордова мешітін айта аламыз. І Абдуррахман негізін қалаған және оның ұлы І Хишам аяқтаған Кордова мешіті кейінгі кезеңдерде кеңейтіліп, ІІІ Абдуррахман және ІІ Хакам дәуірлерінде үлкен сәулеттік ескерткішке айналдырылды.
ІІ Хакам өлгеннен соң оның ұлы ІІ Хишамның (976-1009 жж., 1010-1013 ж.ж.) әлі бала кезінде таққа отырғандығын пайдаланып, Хажиб ибн Әбу Амир және оның екі ұлы Абдулмалик пен Абдуррахман билік тізгінін қолдарына алып, өз аттарымен аталатын Амирилер дәуірін дүниеге әкелді. Ибн Әбу Амирдің жұлдызы негізінен ІІ Хакам заманында-ақ жанған болатын. Зеректігі және Хакамның басқа текті күңі (Хишамның анасы) Субхпен болған жақсы қатынасы арқылы кейбір маңызды басқармалық қызметтерге отырды және соңында сарайға еркін кіру мүмкіндігіне ие болды. Хакам өлген кезде азаттығын алған христиан текті құлдардан құралған «сақалибаның» халифалық таққа өлген халифаның бауыры Муғираны отырғызуға жасаған ұмтылыстың жолын кесіп, Хишамның таққа отыруын жүзеге асырды. Одан соң басқармалық механизмді өз бақылауына ала бастады және өзіне бәсекелес деп санаған мемлекеттік қызметтегі адамдардың көзін жойды. Одан соң арабтар мен сақалибаның санын азайту үшін әскердің көпшілігін жалдамалы бербер әскерінен жасақтады. Осылайша ол саяси билікті және әскерді өз бақылауына алды. Ибн Әбу Амирдің осы кезеңде «хажибтік» (уәзір) мансабына ие болуына қарамастан өзіне «Мансур» лақабын беруі, өз атынан ақша бастырып, құтпа оқытуы және ресми жазуларды өз қолымен бекітуі оның іс жүзінде халифа ретінде әрекет еткендігін және билікті өз қолына алғандығын көрсетеді. Ибн Әбу Амир қол жеткізген мансабын шебер пайдалана білді және бір жағынан ел ішінде өзіне қарсы топ құрған қарсыластарын басса, келесі жағынан солтүстіктегі христиан корольдіктеріне жасаған жорықтарында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оның ізінен хажиб мансабына отырған ұлы Абдулмалик те елді үлкен жетістікпен биледі. Бірақ, 1008 жылы Абдулмаликтің орнына бауыры Абдуррахманның отыруымен Андалусияда ІІІ Абдуррахман тарапынан құрылған және сол күнге дейін жалғасын тапқан тұрақтылық бірден бұзылды. Мұнда Абдуррахманның асыра сілтеуінің де қатысы бар. Өйткені, әкесі мен бауырына қайшы түрде ол хажиб лауазымына қанағаттанбай, ІІ Хишамды бас хажибтік лауазымын беруге мәжбүрлеген, тіпті, ең маңыздығысы халифаның тақ мұрагері ретінде өзін таңдағанын алға тарта отырып, оның жазған хаттарын елдің барлық аймақтарына жіберген. Оның бұл әрекеттері әсіресе, әкесі мен бауырына наразы сақалиба мен Омайяд династиясының жақтастарын ашуландырды. Осы арада сандары арта түскен бербер әскерлері астамшылықтарымен Кордова халқының мазасын ала бастады. Осы наразылықтар соңында шегіне жетіп, бас көтерулерге жол ашты. Амирилер мен оларға бағынышты мемлекеттік қызметкерлер отырған Мадинату Захира талан таразға түсіп жойылды. Абдуррахман бин Әбу Амир өлтірілді. Ал Халифа Хишам үлкен шығынға ұшырады. Осы көтерілістерден соң Андалусия, әсіресе, ел астанасы Кордова тәртіпсіздікке душар болды. Кордовалықтар және Омайяд жақтастары аталған династияның одан ары жалғасуы үшін ІІ Мухаммад, Сулайман, ІҮ Абдуррахман сияқты адамдарды таққа отырғызғанмен олардың ешбірі елдегі тәртіпсіздікке нүкте қоя алмады.
1016 жылы Али әулетіннің өкілі ретінде қуатталатын шииттік Хаммудилер Омайяд династиясының әлсіздігін пайдаланып, Кордова мен тақты өз қолдарына алды. Бірақ бастапқыда байқалған тыныштыққа қарамастан олар да елдің негізгі пробеламаларын шеше алмады және соңында олар 1022 жылы Кордова халқы тарапынан елден қуылды. Бұдан кейінгі жеті жыл Омайяд династиясына тән адамдардың арасындағы тақ таласымен өтті. Осындай алауыздыққа деген сабыры таусылған Кордова басшылары мен халық халифалықты жойып, Омайяд әулетінің өкілдерін елден қуды да елді құрметті адамдардан құралған кеңестің басқаруына шешім қабылдады. Осылайша 756 жылы тәуелсіз әмірлік ретінде құрылған Андалусия Омайяд мемлекеті құлады.
Ел тізгінін ұстайтын басшының болмауына орай Андалусия Омайяд мемлекетінің орнына үлкенді-кішілі бірнеше мемлекеттер құрылды және Андалусия тарихында «Мулуку-т-Тауаиф» деген атпен белгілі жаңа бір кезең басталды.
Мулуку-т-Тауаиф (1031-1090 ж..). Осы кезеңде пайда болған ұсақ мемлекеттердің нақты санын білу қиын. Андалусия Омайяд мемлекетінің құлауынан соң Кордовадан тысқары қалаларда өмір сүрген саны басым әулеттер өз тәуелсіздіктерін жариялады. Олардың кейбіріне мыналар жатады: Толедода Зуннунилер, Сағрулала өлкесінде Тужибилер мен Худилер, Бадахос (Баталиаус) пен маңайына Афтасилер, Севилья мен оның маңайына Аббадилер, Гранадада (Ғырнада) Зирилер. Сонымен қатар біршама кіші қала мен қамалдың орталық биліктен бөлінгендігі байқалады. Андалусияда орын алған саяси оқиғалардың ең маңыздыларының бірі - Мулуку-т-Тауаиф арасында басталған және салыстырмалы түрде жалғасын тапқан шайқастар. Бұл мұсылмандардың мейлінше әлсіреуіне әкеліп соқты және христиан корольдіктерінің «реконкиста» (Испанның «қайтарып алу» деген сөзінен шыққан, Испанияны азат ету) әрекетін жүзеге асыруға мүмкіндік жасады. Алғаш рет 1057 жылы Кастилия корольі І Фернандо Бадахосқа шабуыл жасап, Афтасилерге, 1062 жылы Толедодағы Зуннунилер мен Севильядағы Аббадилерге ауыр салықтар салды. 1085 жылы Кастилия корольі ҮІ Альфонс Андалусияның Кордовадан кейінгі екінші үлкен қаласы Толедоны жаулап алып, сол кезеңде мұсылмандарға үлкен соққы жасады. Бір-бірімен алауыз болып, бір-бірімен жанжалдасқан және өздеріне жат жұрттықтардың не істегелі жатқандығына мән бермеген Андалусия мұсылмандары Толедодан айрылып қалғаннан соң ғана өздеріне жасағалы отырған реконкиста әрекетін түсіне бастады. Осы тарихи оқиға – Толедо қолдан кеткенде Андалусияның келешегіне деген үміт үзылып, ел дүрбелеңге түсті. Толедоның қолдан кетуі – Андалусияның христиандар алдындағы ең маңызды қорғаныстың жоқ болғандығы деген сөз және мұндай қауіп Бадахостың, Севильяның немесе Кордованың да басына түсуі мүмкін. Жақындап келе жатқан осы қауіпті ойлаған кейбір әмірлер ғалымдар мен халықтың қолдауымен Солтүстік Африкада билік жүргізген Мурабиттерден (Мурабыт, Альморавид) көмек сұрауға мәжбүр болды.
Мурабиттер (Альморавид) кезеңі (1090-1127). Андалусия мұсылмандарының атынан Аббади әмірі Мутамид Алаллаһтың (ибн Аббад) шақыруы бойынша мурабиттердің билеушісі Юсуф бин Ташфин Толедоның қолдан кетуінен бір жылдан соң үлкен армиямен Андалусияға өтті және осы кезеңде Бадахосқа қауіп төндірген ҮІ Альфонсты Заллака шайқасында (1086 ж.) үлкен шығынға ұшыратып жеңді. Осы жеңістен соң шығысқа қарай қол созған христиан дініне тосқауыл қойылды. Юсуф бин Ташфин Андалусиялық әмірлерге дұшпандарға қарсы тізе қосу қажеттігін ескертіп, мағрибке кері қайтты. Бірақ, Мулуку-т-Тауаиф бір-бірімен қайта жанжалдасуына байланысты христиандар шабуылдарын қайта бастады және мұсылман әмірлеріне тізелерін қайта батыра бастады. Осыған орай Юсуф бин Ташфин екінші мәрте Андалусияға өтті. Бірақ бұл жолы тек көмек ретінде өтіп қана қоймай, ол кейбір әмірлердің, әсіресе дін ғұламаларының қолдауымен бүкіл Андалусия билігін қолына алды және Андалусияны Мурабиттер мемлекетінің бір бөліміне айналдырды. Мурабиттердің Андалусиядағы билігі алпыс жылға жуық болды. Осы кезеңнің алғашқы жиырма бес жылында елде тыныштық орнады және сыртқа, христиандарға қарсы үлкен жорықтар жасалынды және жеңістерге жетіп отырды. Бірақ, одан кейінгі жылдары ел ішінде алауыздықтар қайта тұтанды. Мұнда андалусиялық әмірлердің Мурабиттерге қолдау көрсетуді азайтуы, халықтың ауыр салықтарға шыдай алмауы, бастапқыда Мурабиттерге қолдау көрсеткен кейбір дін ғұламаларының осы кезеңдерде оларға қарсы шығуы және Солтүстік Африкада бас көтерген көтерілістер маңызды рөлді ойнады. Мағриб пен Андалусияда наразылықтың артуы Мурабиттердің қуатын әлсіретті және христиан әскерін үнемі жеңіліске ұшыратып отырған Мурабит әскерлерінің енді өздері әлсірей бастады.
Мурабиттердің құлауымен (1147 ж.) Андалусияның саяси бірлігі қайта бұзылды. Осы бөлшектенуді пайдалана отырып, Кастилия корольдігі Арагон, Пиза және дженовалдықтардан құралған крестілер жорығымен Мерияны (1147 ж.), Каталония графтығы да Тортоса (Туртуша) (1148 ж.) мен Лериданы (Ларида) (1149 ж.) басып алды. Бір жағынан саяси бөлшектенудің жалғасуы, келесі жағынан христиан корольдіктерінің жаулау әрекетін бастауы дәуірінде Андалусияны құтқаруға басқа бір Солтүстік Африка мемлекеті болып табылатын Муаххидтер Андалусия мұсылмандарының жанынан табылды.
Муаххидтер (Альмохад) кезеңі (1147-1229 жж.). Мурабиттер тәрізді Муаххидтер династиясын құрған Солтүстік Африкалық бербер болатын. Масмуда тайпасының өкілі болып табылатын Мухаммад бин Тумарт (1078-1130) өзінің діни-саяси әрекетін Атлас таулары жағасы мен Солтүстік Африкаға тарата бастады және өз соңынан ергендерді «Муаххидтер» (Алланың бірлігіне бет алғандар) деп атады.
Мухаммад бин Тумарттың орнына әскер басыларының бірі – Абдулмумин бин Али (1130 ж.) отырды. Ол Заната тайпасының өкілі болатын және Солтүстік Африкада қуатты мемлекеттердің бірін құрды. Абдулмумин таухид сенімін насихаттау жолында жихад жасауға мән берді. Алдымен 1144-1146 жылдары Тилимсан маңында Мурабиттер әскерін бірін қалдырмай қырып салды және одан Фастың (Марокко) Сеута (Себта), Танжер (Танжа) және артынан Марракеш атты қалаларын 1147 жылы жаулап алумен Мурабиттер династиясын құлатты.
Муаххидтер көмек сұраған кейбір дос әмірлердің қарсыластарына қарсы оларды қорғау мақсатында Андалусияға өтеді. Алғашқы жылдарда Кордова, Бадахос, Севилья және Силвиш (Шилб) сияқты қалаларды өз бақылауына алған Муаххидтер одан соң Мурабиттердің жалғасы болып табылатын Бани Ғанияны жеңіп, Балеар аралдарын жаулап алды және 1172 жылы Кастилия корольдігінің қол астына кірген Бани Марданиш әулетінің бірі – Мухаммад бин Садты жеңіліске ұшыратты. Одан соң Валенсияны (Балансия), Мурсияны, Джеййанды, Уадиашиді, Кармонаны (Кармуна) және Гранаданы өзіне қаратты. Муаххид армиясының Солтүстік Африкаға кері қайтуынан соң қайта әрекетке көшкен христиандардың бірі – поругалдар 1189 жылы француздардың, немістердің және ағылшындардың қатысқан крест жорығымен Силвишті жаулап алды. Осы арада Кастилия корольі ҮІІІ Альфонс Севилья мен Кордованың солтүстігіндегі кейбір қамалдарды басып алып жатқан болатын. Муаххид билеушісі Әбу Юсуф әл-Мансур осы жолы христиандардың жорықтарын тоқтату мақсатында Андалусияға қайта өтті және ол 1195 жылы Кордованың солтүстігіндегі Эрек (Аларкос) деген жерде Кастилия әскерін жеңді. Соңынан солтүстікке қарай жол тартып, Уадилхиджара, Саламанджа сияқты кейбір қалалар мен қамалдарды қайтарып алды (1196 ж.). Муаххидтер Толедоны да қоршауға алды бірақ қаланы ала алмады.
Эрек (Аларкос) жеңісі мұсылмандардың христиандар алдындағы үстемдікті қайта ояту сезімін тудырды. Бұған кедергі болу үшін Папа ІІІ Иннокентидің үндеуімен Кастилия корольі ҮІІІ Альфонс және бас архиепископ Родриго Хименес де Рада бастамасымен Арагон, Наварра, Леон, Португал және Француз әскерлері тізе қосқан үлкен крест жорығы жасақталды. Аталған армия 1212 жылы атақты Иқаб шайқасында Әбу Юсуф әл-Мансурдың орнына отырған оның ұлы Наср Лидиниллаһтың басшылығындағы Муаххид армиясын жеңді. Осы жеңіліс Муаххидтердің Солтүстік Африка мен Андалусиядағы үстемдігінің әлсіреуіне және Мурабит пен Муаххидтердің Андалуисияға аяқ басуымен тоқтатылған реконкиста әрекетінің жаңадан қуат алуына жол ашты. 1227 жылы жағымсыз әрекеттерге жауапты деп есептелген Муаххидтерге қарсы бірнеше бас көтерулер орын алды. Көтерілісшілер лидерлерінің бірі Заййан бин Марданиш Валенсияда тәуелсіздігін жариялаған кезде, ибн Һуд Мурсиядан бастап, Андалусияның шығысындағы бірнеше қалалар мен қамалдарды, Мухаммад бин Наср да Джаййанды, Уадиашиді және Гранаданы қол астына қаратты. Осы кезде Андалусия сияқты Солтүстік Африкада да саяси тұрғыда бөлшектеніп кеткен болатын. Муаххидтердің әлсіреуіне байланысты Тунис пен оның маңайында Хафсилер, Алжирде Абдулуадилер, Мароккода (Фас) Маринилер тәуелсіздіктерін жариялады. 1230 жылы Кастилия мен Леон корольдіктерін біріктірген ІІІ Фернандо мен Арагон корольі І Хайме Андалусия мен Солтүстік Африкадағы осы жағдайды шебер пайдаланып, Испанияны жаулау әрекетіне кірісті. Осы арада Арагон корольі І Хайме 1229-1237 жылдары арасында Балеар аралдарын, 1238 жылы Валенсияны, 1244 жылы Денияны, 1246 жылы Шатиба мен басқа да кіші қалаларды, Кастилия-Леон корольі ІІІ Фернандо да 1236 жылы Кордованы, 1246 жылы Джеййан мен Арджунаны жаулап алды. Ал Португалдар 1242 жылы Силвишті, 1250 жылы Сантаренді (Шантарин) және Алгарвані басып алды.
Гранада әмірлігі (Бани Ахмар, Насрилер) (1238-1492 жж.). Христиан корольдіктерінің үстін-үстіне жасаған жорықтарынан тек қана Мухаммад бин Наср тарапынан Гранадада құрылған және Андалусияның Оңтүстік-Шығысындағы Элвирадан Рондаға дейін созылған теңіз жағалауына билік жүргізген Насрилер (Бани Ахмар) ғана аман қалды. Қатаң шарттарға қарамастан екі жарым ғасырдан астам уақыт тарих сахнасында өз болмысын сақтай білген аталмыш мемлекет Андалусиядағы мұсылман мемлекетінің соңғы өкілі және әл-Хамра (Элгамра) сарайы сияқты исламдық сәулеттік ескерткіштердің ең кемел үлгілерін берген кезеңді құрағандықтан тарихта таңдаулы орынды иеленеді. әл-Хамра сарайы қызыл реңді тастардан тұрғызылғандықтан осылай аталды.
Гранада әмірлерінің көпшілігі сыртқы байланыстарында шарттарға қарай ауыспалы икемді саясатты ұстанып, әсіресе, христиан корольдіктерімен бетпе-бет келмеуге баса мән берді. Келесі жағынан аталған корольдіктерден төнетін қандай да бір қауіп алдында жалғыз қалмау үшін Солтүстік Африкадағы Маринилермен жақсы байланыс жасады. Бұл саясат нәтижесінде 1462 жылына дейін тыныш кезеңді өткізді. Бірақ аталған жылдан соң туындаған ішкі қайшылықтар себебіне байланысты жағдай өзгерді. Реконкиста әрекетін аяқтау жағынан осы мүмкіндікті пайдалана білген Кастилия-Леон корольдігі 1462 жылы Андалусия мұсылмандарының Солтүстік Африкамен қатынас жасайтын жалғыз жол «Жамалитариқты» (Тариқ тауы) жаулап алады. 1469 жылы Кастилия-Леон королевасы Изабелла Кастильская мен Арагон корольі Фердинанд Арагонскийдің үйленуімен Испан корольдіктері бірігіп, Андалусияға христиан дінінің таралуы күшейе түсті және 1489 жылға дейін Гранада әмірлігінің астанасынан басқа әл-Хама (Альхама), Ронда, Лауша (Ложа), Малага, Баййаса, Мерия сияқты басты қалалардың барлығын жаулап алды. Христиан әскерлері Гранадаға келгенде мұсылмандар жанкештілік танытқанмен қоршауда қалғандардың азық-түліктері таусылуына және басқа де қажеттіліктердің жетімсіздігіне байланысты олар 1492 жылы берілуге мәжбүр болды. Осылайша, мұсылмандық мемлекеттің Андалусиядағы соңғы қаласы да христиандар қолына өтті. Осы оқиғадан соң Испанияда қалған мұсылмандар христиан дінін қабылдағандармен қоса бір ғасырдан астам уақыт өте қиындықта өмір сүрді және соңында түгелімен елден қуылды (1609 ж.).
Әлеуметтік құрылым. Андалусияны жаулап алғаннан соң бұл өлкеде Визготтар заманынан өзгеше әлеуметтік құрылым белең ала бастады. Дін тұрғысынан қоғам мұсылмандар және мұсылман еместер деп аталатын екі топтан құралды: мұсылмандар – арабтар, берберлер, мауалилер және сақалиба сияқты әртүрлі этностардан құралды. Арабтар саны жағынан аз болғанымен Испанияны жаулап алғаннан Андалусия Омайяд мемлекетінің құлаған 1031 жылға дейін басқармалық, әлеуметтік және экономикалық өмірдің басты және реттеуші элементін құрады. Елде қайстықтар және иемендіктер болып, бастауы исламнан бұрынғы кезеңге барып тірелетін рушылдық сезімінің әсерімен туындайтын тайпалар арасы қақтығыстар байқалатын. Бұл қақтығыстар мемлекетті саяси және билік жағынан әлсіретіп жіберетін. Ал берберлер Испанияны жаулап алғанда үлкен рөл ойнағанына және саны жағынан арабтардан бірнеше есе көп болғанына қарамастан Андалусия Омайяд халифатының құлауына дейін әсіресе басқармалық өмірде арабтар сияқты биік орыннан көріне алмады. Бұған қайшы түрде Амирилер кезеңінде әскердің негізінен бастап берберлерден құрылуы аталған халықтың Андалусиядағы санын одан ары арттырды және бұл Гранаданың құлауына дейін жалғасын тапты. Арабтар сияқты берберлер де рушылдық сезімге берілгіш келгендіктен бербер тайпалары арасында рушылдық қақтығыстар орын алып отырды және кейде арабтармен бетпе-бет келіп те жатты. Бірақ аталған қақтығыстар арабтар мен берберлер арасындағы мәдени байланысқа кедергі болмайтын. Испанияны жаулап алғаннан аз уақыттың ішінде берберлер бір жағынан арабтар арқылы ислам дінін жақыннан тану мүмкіндігіне қол жеткізсе, келесі жағынан аз уақыттың ішінде араб тілін меңгеріп алды. Көпшілігі шығыстық әсіресе, парсы текті болып келген «мауалилер» сандарының аз болғанына қарамастан саяси және басқармалық өмірде маңызды рөл ойнады.
ІХ ғасырдың орталарынан бастап Андалусиядағы мұсылман халқының көпшілігін ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтан құралған «муалладтардан» тұрды. Кейбір араб қоғамдары көршілес қоныстанған муалладтармен жақсы қатынас орната алмады және мұнда рушылық түсініктің әсерімен арабтар өздерін олардан жоғары деп санайтын. Бұл араб-муаллад арасындағы дұшпандыққа ұласты және нәтижесінде ІХ ғасыр бойы олар бір-бірімен жауласып өтті. Муалладтар ұзақ уақыт өз мәдени ерекшеліктерін сақтап келді, мұның басты себебі, мұсылмандықты қабылдамаған «мустарибтермен» аралас өмір кешулері болатын. Бірақ ІІІ Абдуррахман дәуірінен бастап аталған этнос мустарибтермен бірге өмір сүруді қажет еткен саяси оқиғаларға нүкте қойылуы, тұрмыстың жақсаруы, оқу-ағартушылықтың етек алуы, басқармалық жұмыстың қоғамның барлық саласына лайықты жұмыс атқаруы және рушылдық түсініктің жоғалуы сияқы себептерге байланысты сіңісіп кетті. Арабтар мен муаллидтер арасындағы дұшпандық ХІ ғасырда әдеби салада көрініс тапты. Осы тақырыпта муалладтардың бірі – Ибн Ғарсия арабтарды төмендетіп, өздерін асқақтататын трактат жазды. Андалусиядағы мұсылман халықтарының ішіндегі тағы бір этносты сақалиба құрады. Олар құл сататын саудагерлерден сатып алынып, сарайда тәрбиеленген және мұсылмандықты қабылдауы және сарай әдептерін игеруі арқылы әртүрлі қызметтерге отырған француз, неміс, италян, славян, орыс т.б. текті құлдар болды. Рушылдық бақталастықты жою үшін ІІІ Абдуррахманның қолбасшылық, уәзірлік сияқты жоғарғы қызметтерге арабтардың орнына сақалибаны орналастыруы және жер иелігі сияқты байлықтарға ие болуы қоғам ішінде сандарының едәуір өсуіне жол ашты. Соңында сақалибаның осындай жағдайлары араб, бербер ақсүйектерін мазасыздандырды. Сондықтан, ибн Әбу Амир уәзірлік мәселесінде олардың жолын кесуге тырысты.
Мұсылман еместерге келер болсақ, олар христиандар мен иудейлерден құралды. Испанияны мұсылмандардың жаулап алған кездегі келісім бойынша христиандар діндерін, храмдарын, әдет-ғұрыптарын сақтауға, жандары мен малдарына иелік етуге құқықты болды. Сондай-ақ олар мемлекетке джизия және хараж салықтарын төлеп тұрды. Христиан халқы ислам мәдениетінің ықпалында қалды. Жергілікті испандар ана тілдерімен қатар жазба және ауызекі тілі ретінде араб тілін қолданатын жағдайға жетті. Киім кию, жеп-ішу сияқты күнделікті тіршілікте мұсылмандарға еліктегендіктен оларды «мустариб» (арабтанғандар) деп аталды. Олардың басында «кумис» деп аталатын лидерлері болды және олар мемлекеттің алдында христиан халқының өкілі саналды. Олар әскери жұмыстарды қосқанда мемлекеттің кез келген қызметтерін атқарды.
Андалусияда ғылым мен мәдениет. Мұсылмандар Испанияны жаулап алғаннан соң ол жерде Еуропаны жарыққа бөлеген құнды еңбектерді жарыққа шығарды. Бұл өлкеде атақты филологтар шыққандығы сияқты әдебиетшілер өмір сүді. Солардың қатарына кордовалық ибн Абди Раббих (860-940 жж.), ибн Хазм (944-1064 жж.) сияқты ғалымдар ғұмыр кешті. Сондай-ақ ақындар арасынан Әбулуалид Ахмад бин Зайдун (1003-1071 жж.) ибн Аммар, Валенсиялық Әбу Исхақ бин Хафажа т.б.-лардың орны бөлек.
Ал тарихшылар қатарына ибн Кутия Әбу Бәкір бин Омар, ибн Хаййан, Абдулуахид әл-Марракуши т.б. жатқызуға болады. Әлемге танымал философтар арасынан ибн Бажжа, ибн Туфейл мен ибн Рушд және атақты суфи ибн Араби Андалусияға кіндік қаны тамған ірі тұлғалар болып табылады.
Андалусия мәдениетінде зерттелген астраномия, зоология, ботаника, химия, математика, медицина сияқты ғылым салалары кейінгі Еуропа мәдениетінің дамуына жолбасшылық жасағаны белгілі.
Крест жорықтары
Крест жорықтары идеясының дүниеге келуі. Шығысқа жасалынатын жорықтардың пайда болу себебтерін тарихшылар әртүрлі жорамалдар жасап келеді. Мұны Батыс зерттеушілері діни фактордан іздеуге тырысады. Негізінде ортағасырлық Еуропа қоғамын Шығысқа қарай жорыққа шығуына итермелеген себептердің басында саяси, әлеуметтік және экономикалық негіздердің жатқандығы белгілі. Ал батыстықтардың ұсынған діни фактор халық арасында ұранға айналған желеу ғана. Себебі, крест жорығын жасау идеясы пайда болғанға дейін бірнеше ғасыр бойы жалғасын тапқан аштық, кедейлік және жер жетімсіздігі сияқты келеңсіздіктермен қатар, жалдамалы әскер жасақтау түсінігі мен отарлау идеясы да дүниеге келе бастаған болатын. Еуропа қоғамына ықпалы басым – шіркеу қоғамдағы осы кемістіктердің шығу жолын іздестіруге және ықпалын Шағаста да жүргізу білуге тырысты. Сондықтан, жорықтың басталуына ықпал еткен шіркеу жорық арқылы келетін пайданы діни сеніммен бекітуге талпынды. Крест жорықтарына қатысатындардың күнәлары кешірілетініне, о дүниеде марапатталатынына уәде берген шіркеу саяси мақсатын жүзеге асыру үшін діни сенімге арқа сүйеді. «Қасиетті жерді азат ету» ұраны крест жорықтарының түпкі мақсатын түсіндіруге қарағанда оны бүркемелеу мақсатында қолданылды. Батыстықтардың жорық жасау нысаасы болып табылатын Құдыс (Иерусалим) Хазіреті Омар заманындағы мұсылман әскерлері тарапынан жаулап алынған 638 жылдан бері мұсылмандардың қол астында болып келді және осы уақытқа дейін Батыс христиандары бұған ешбір алаңдаушылық көрсетпеген, Византия да қарсылық танытпады. Бірақ ХІ ғасырдың соңына қарай Батыс қоғамында пайда болған Батыс халықтарының жорыққа белгілі желеулермен, олардың экономикалық тұрақсыздығын пайдаланып, қаншама ғасырдан бері Жерорта теңізі жағалауларында үстемдігін жүргізіп келген мұсылмандардың күш-қуатын жоюға, жарты ғасырдан бері Анатолияға қоныстанып жатқан мұсылман түркі тайпаларын қуып шығып, сол жерлерге де иелік етуге деген сенімдері болды. 1096 жылы басталған бірінші крест жорығының әскерлері Иерусалимге жетпей-ақ және жетуі де белгісіз болған кезде, еуропалықтардың алдымен Урфада, одан соң Антакияда крестшіл мемлекеттер құруы олардың негізгі мақсаттарын айқын көрсетеді.
ХІ ғасырдың екінші жартысында Осы мақсатты жүзеге асыруға Еуропаға жаңа мүмкіндік туды. 1074 жылы Византия императоры Михаил ҮІІ Дука сол уақытқа дейін христиандықтың Шығыс жағын қорғауға міндеттелген империяның әскери қуатының әлсіреуіне байланысты папаның көмегімен Еуропадан мұсылман түркі тапаларына қарсы жалдамалы әскер сұрады. Негізінде папалық та біршама уақыттан бері Византияның Анатолиядағы мұсылман түркі тайпаларына қарсы тұра аламуына алаңдайтын. Осы себепке байланысты папа ҮІІ Григорий императордың көмегін жақсы қарсы алды, бірақ көмек бере алмады. Осыдан он бес жылдан соң папалық тағына отырған ІІ Урбан мен Византия императоры Алексей І Комнин арасында осы тақырып қайта көтерілді. Осы кезеңде Анатолияда І Сүлеймен Шахтың 1086 жылы өлімінен соң түрік бейлері арасындағы алауыздық туындап, мемлекет жеке иеліктерге бөлініп кетті. 1092 жылы Маликшахтың өлімінен соң үлкен Селжук империясы ішіндегі тақ таласы мұсылман, түркі әлемін қиын жағдайға душар етті. Осы сәтті есепке ала отырып, Византия императоры Анатолиядан түркі тайпаларын қуып шығуға болатынына сенді.
Императордың көмегін қабылдаған Урбан көмекке әртүрлі жағына баға берді. Оның пікірі бойынша жалдамалы әскер жинаудың орнына Батыстық рицарларды, жері жоқ шаруаларды, аш-жалаңаш жүрген халықты байлық пен жерге кенелесің деп уәде беріп, бай Шығысқа әскери жорық жасауға итермелеу Еуропаға тиімді болды. Алайда осы жорыққа халықтың барлығын жұмылдыру үшін тек материалдық байлыққа уәде беру жеткілікті болмады. Сондықтан, шіркеу қасиетті жерді азат ету жорығына қатысу күнәлардың кешірілуіне және о дүниеде үлкен марапатқа ие болуға үлкен мүмкіндік деп жариялады және әскерлер киімдеріне крес байлады.
Крест жорығына шығуға үндеу. Папа ІІ Урбан Клермонт қаласындағы (Франция) шіркеу жиынында дін басылары мен халыққа үндеу тастап, оларды крест жорықтарына шығуға шақырды (29 қараша 1095 ж.). Батыс христиандарына Шығыстағы дін бауырластарын түркіктердің қысымы мен зұлымдығынан құтқаратын шайқасқа қатысу діни тұрғыдан өте сауапты іс екендігін қуаттаған Урбан түркіктердің қол астында өмір сүру қаншалықты масқаралық екендігіне, олар Константинопольге қаншалықты қауіп төндіріп тұрғандығына және Шығыс христиандарының батыстық бауырларынан көмек күтіп жатқандығына тоқталды. Оның пікірі бойынша Испанияда мұсылман арабтарға қарсы жүргізілген шайқас пен Шығыстағы түркі тайпаларына жасалынатын шабуыл өте қасиетті. Урбан осы тақырыптағы ойын «христиандарды бір жерде мұсылмандардан құтқарып, келесі жерде олардың қысымы мен қанауына қалдыру ізгілік іс емес» деп халыққа жеткізді. Негізінде мұсылмандар исламдық аймақтарда өмір сүріп жатқан христиандарға толеранттық қатынаста болғандығы Батыс әлемінде белгілі еді. Таяу Шығысты бақылауна алған мұсылман мемлекеттері жергілікті христиандарды қудаламағандығы, ҮІІ ғасырда иерусалим жаулап алынғаннан соң осы жерге жасалынатын христиандардың зиярат рәсімдеріне мүмкіндік бергендігі белгілі.
Урбан Крест жорығына қатысуға үндеу тастаған кезде, осы жорық қасиетті жерге зиярат жасаумен бірдей екендігіне, жорыққа қатысқандардың күнәлары кешірілетініне, жорыққа шыққандардың бастары мен мал-мүліктері бастапқы кезде зиярат жасаушылар тәрізді шіркеу тарапынан қорғалатынына уәде берді. Жорыққа шығу тек қару ұстағандарға тиісті екендігін алға тартқан Урбан монахтардың, қартардың, науқастардың және әйелдердің қасиетті жерге зиярат жасауына рұқсат етпеді.
Петр Пустынниктің крест жорығы (Петр Амьенский — Пустынник (Pierre l Ermite; лат. Деректерде Petrus Heremita). Папа ІІ Урбан 27 қараша 1095 жылы жасаған үндеуімен крест жорығы іс жүзінде жүзеге аса бастады. Жорыққа қатысуға бел шешкендердің крест антын беруі және киімдеріне крест белгісін тағуы тапсырылды. Тек рицарлар ғана емес әр таптың адамдары да осы жорыққа аса мән берді. Папаның жасаған үндеуінен соң Батыста Шығысқа жорық дайындықтары басталып кетті. Еуропадан аз ғана әскери көмекті күткен император Алексей І Комнин Батыстың жалдамалы әскер емес, әртүрлі ұлттардан құралған сансыз адамнан құралған үлкен армияны жібергелі жатқандығын естігенде алаңдай бастады. Крест тағынған мұндалықлы алып армия Еуропада бұрын соңды жасақталмаған болатын. Императордың қызы принцесса Анна Комнина осы оқиғаны былай деп жазады: «Батыс әлемінің барлық варвар тайпалары жорыққа аттанды деген хабар келген кезде, тек әкем ғана емес, бүкіл Византия халқы үлкен үрейге тап болды». Өйткені, батыстықтардың ешқандай келісімге келу дегенді білмейтін байлық десе жанын сататын сенімсіз адамдар екендігін византиялықтар білетін. Көмектесі мақсатымен келгенімен осындай алып қосынның Византия империясының территориясынан өтуінің өзі біршама проблеманы тудыратыны сөзсіз. Осыған байланысты император крест әскерлері өткен кезде, қажеттіліктерін қамтамасыз етіп және жол бойында оларды бақылауға алып, жергілікті халыққа зардаптарын тигізбеу үшін қажетті шаралар жасалынды. Жорыққа аттану күні ретінде белгіленген 15 тамыз 1096 жылға қарамастан қолына қару ұстаған варбар еуропалықтар жорыққа аттанып кетті. Көпшілігі Солтүстік германиялықтардан құралған тәртіпсіз, жүйесіз әлгі әскерлер алдымен Рейн өзені аймағында еврейлерді қырып жойып, одан ары сапарларын жалғастырды, бірақ, олар Византия шекарасына жетпей-ақ таралып кетті.
Осы кезде крест жорықтарын шартарапқа насихаттау мақсатында іске кіріскен уағызшылар арасында француз монахы Петр Пустынниктің жалынды уағыздары халыққа үлкен әсер етті. Оның маңайына көпшілігі француздардан құралған 20 000-дық әскер жасақталды. Петр Пустынниктің басшылығындағы аталған армия 1096 мамырында жолға шықты. Венгрия мен Византия территорияларында тонаушылықпен айналысқаннан соң қатаң тәртіп орнатумен аталған жасақ 1 тамыз 1096 жылы Константинопольге жетті. Әрекеттерімен және сыртқы көріністерімен Византия астана халқын үлкен қорқынышқа айналдырған кресшілер қала сыртында лагер құрып орналасуға рұқсат етілді. Петр Пустынник қалаға шақырылып, сый-сияпаттар жасалды. Бірақ, император І Алексей петрдың бойында қолбасшылық қабілет жоқ екендігін аңғарды. әскері де түркі тайпаларын жеңетін дәрежеде емес еді. Осы себепті арттан келетін корольдер мен графтар бастаған қосымша күш келгенше олар сол аймақта тұрақтай тұруға шешім қабылданды. Бірақ, крест әскерлерін бір тәртіппен басқару мүмкін емес еді, олар үзіліссіз ұрлық-қарлықпен, тонаушылықпен айналысты. Сондықтан император кресшілерді 6 тамызда Анатолия жаққа өткізіп, сол жаққа орналасырды және арттан келе жатқан қосымша керст әскерлерін күту керектігін ескертті. Бірақ императордың есккертпесіне құлақ аспаған кресшілер маңайын тонап, мұсылманға, христианға қарамастан, алдына келгенін өлтіре бастады. Одан соң крестшілер Анадолы Селжұқ мемлекетінің территориясына кіре бастады. Тіпті, француздардың бір тобы Селжұқтардың астанасы – Изниктің жанына дейін барып, ондағы ауылдарды талан-таражға түсірді. Олар тонаған дүние-мүліктер мен малдарды өз лагерлеріне апарып сатты. Француздардың осындай жетістіктері германдардың қызғанышын оятты. Осыған байланысты араларында дін адамдары да бар 6 000 адамдық герман-италиян қосыны жолдағы кездескенді тонап, Изниктің маңайындағы Ксеригордон қамалында басып алды. Қамалда азық-түлік жеткілікті дәрежеде болғандықтан, қамалды бекініс ретінде пайдаланып, маңайға осы қамал арқылы шапқыншылық жасау жоспарланды. Осыған байланысты Сұлтан Қылышарслан І қамалды қайтарып алу мақсатында әскер жөнелтті. Селжұқ әскері 6 қазанда қамалды қайтарып алды.
Крестшілердің қалған германдық бөлігі Ксеригордон қамалы крестшілердің қол астына өтті деген хабар жеткеннен соң, араларында Изникті жаулап алу, ондағы байлыққа кенелу арманымен қалған крестшілер Изникке қарау бет ала бастады. Жолда олар Селжұқтардың жеңісі жайлы хабарды естігеннен соң крестшілер екі ойда болды. Себебі, әскер басы есептелін Петр Константинопольде болатын. Соңында жорықты ары қарай жалғастыру керек дегендердің саны көп болғанына байланысты 20 000-нан астам әскерлік жорық одан ары жалғастырылды. Крестшілерді түріктер Изникке баратын жолдағы Дракон ауылында шеп құрып күтті. Крест әскері орманды Дракон алқабына келген кезде, түріктердің құрған тұзағына түсті және көп шығынға ұшырады. Ал шайқастан аман қалған өте аз санды крестшілдер императордың жіберген кемесі арқылы Константинопольге кері қайтты.
Бірінші крест жорығы. Петр Пустынниктің әскерінен соң ақсүйектердің қолбасшылығымен жолға шыққан көп санды қосын 1096 жылдың күзінде біртіндеп Константинополь қаласына келе бастады. Франция корольі І Филипптің бауыры – герцог Гуго де Вермандуа, герцог Годфрид Бульонский, Оңтүстік Италиядан Роберт Гвискардың ұлы Боэмунд Тарентский, Тулуз графы Раймунд ІҮ, Англия корольінің бауыры Роберт т.б. Еуропаның атақты ақсүйектері мен рыцарлары Византия астанасында жиналды. Крест басшыларының келуімен олардың түпкі мақсаты Шығыста мемлекет құру екендігін түсінген және оның Византияға алып келетін қаупінің алдын алуды ойлаған Император Алексей рыцарлардың батыстық әдеті бойынша өзіне вассалдың антын берулерін талап етті.. Бұл түріктерден қайтарып алатын бұрынғы мемлекет территориясын Византияға қайтарып береді және империядан тысқары жерде құрылатын крест мемлекеттері имераторды жоғары лидер ретінде таниды деген сөз. Л оның қарымтасы ретінде Византия жолаушылаған крестшілердің қажеттілігін өтейді және олардың қастарына византиялық әскерлерді де қосып береді.
1096 жылы Константинополь жеткен алғашқы француз крест армиясының басшысы Гуго де Вермандуа императордың талабын қабылдады. Бірақ, оның артынан келген француз әскерінің басшысы герцог Годфрид Бульонский, бұдан бас тартқан кезде, Византия әскері мен крестшілер арасында қақтығыс болды. Алайда биік қамалға шабуыл жасаған крестшілер жеңіліс тапқандықтан, Годфрид вассалдық антын жасауға мәжбүр болды. Одан кейін Константинопольге келген керсшілер де вассалдық антын жасағаннан соң Анатолияға өткізілді.
Осы кезде І Қылышарслан малатияны жаулап алу шаруасымен елдің шығысында болатын. Петр Пустынниктің әскерін жеңгеннен соң енді крестшілер қайта келмейді деген жорамалмен Селжұқтар қатты қателесті. Қылышарслан Изникті қоршап жатқан крестілермен шайқас жүргізгенмен саны жағынан басым жауды жеңе алмай кері шегінді. Көмек келмегеннен соң Изник 1097 жылы Византияға берілуге мәжбүр болды. Изникті тонағаннан соң одан ары корестшілер бет түзей берді. Қылышарслан әскері қанша тосқауыл болуға тырысқанмен крестшілерді жеңе алмады. Крестшілердің бетін қайтара алмайтынына көзі жеткен Қылышарслан олардың жолындағы егіндерге өрт қойды, тоғандарды бұзды, осылай олардың жорықтарын қиындата түсті. Бірақ крестшілер жолдағы қалаларды жаулап алып талан-таражға түсірді. Осылай Оңтүстік Анатолия қалаларын жаулай отырып, кресшілердің бір тобы Антакия қаласын қоршай отырып, Урфада 1098 жылы крест мемлекетін құрды.
Берік қорғанмен қоршалған Антакияны мұсылман түркілер батылдықпен қоршай білді. ------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
