- •5В010100 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы
- •1 Мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық ойындарды ұйымдастырудың негіздері
- •1.1 Ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызы
- •1.2. Ұлттық ойындарды ұйымдастыру жолдары
- •1.3. Ұлттық ойындарды ұйымдастырудың ерекшеліктері
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер
1 Мектеп жасына дейінгі балаларға ұлттық ойындарды ұйымдастырудың негіздері
1.1 Ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызы
Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі ұлттық ойындардың маңызы
Дана халқымыз, данышпан халқымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Елдің, халықтың болашағы бала тәрбиесін өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты рухани жан-дүниесі таза болсын деп адамдыққа үйреткен. Жас бала жас шыбық секілді, қалай исең солай майысады, қалай айтсаң солай көнеді.
Мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата – бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған.
Ойын - мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс – әрекеті. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.
Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамды тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баланың жан – жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз болып табылады. Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері өте көп. Солардың қай – қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Орамал ілу», «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты - ұшты», т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту, ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді.
Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын, жерін, даму сатысын, әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін, қонақ жайлылығын айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, яғни адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады. Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді.
Ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәлім – тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет –ғұрыпымызды, салт –дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеуді балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн.
Ойын – балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.Бала ойын ойнағанда өмірде көрген-білгенін өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктеп отырып бейнелейді. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсенділігі арта түседі. Мұғалім ойын ойнауға жағдай туғызумен қатар, баланың ойынға қызығушылығын, белсенділігін үнемі арттырып отыруға тиісті. Бала өзара ынтымақтастық жағдайында ойынды өз қалауымен бастауы, не болмаса еркімен қатысуы аса маңызды. Ойын өмірде өте ерте жастан басталып, адамның кәсіпті толық меңгергенінше жалғасады. Ал оқыту процесінде жаңа технологияның маңызды бөлігі б.т. Адамның ойын әрекеттерінің формалары мен әдістері және мазмұны қарапайым сылдырмақтар мен қозғалыстар жасаудан, бірте-бірте фантастикалық шындық деңгейіндегі видеокомпьютерлік ойынға дейін ауысады. Іс-әрекеттің айрықша түрлерінің бірі ойын болып табылады. Ойын оқу әрекетіне тән бірқатар қасиеттерге ие екендігі белгілі. Мұны мектеп оқушыларының білімі мен дағдыларын қалыптастыруға бағыттауына мақсатталуы айқын көрсетеді. Сонымен қатар ойын оқушыларға қозғау салуға, оларға түрткі болуға да бағытталған. Ол төмендегідей бірқатар қайталанбас қасиеттерге ие: балалар мен жасөспірім жеткіншектер үшін оның оңайлығы мен игерімділігі, демократиялылығы («ойын барлығын да қабылдайды»), игерілуі тиіс шынайы ақиқаттың барынша әралуан қырларын модельдеуге мүмкіндік беретін ойындық құралдардың бейімділігі, ең бастысы–балалар үшін ойынның тартымдылығы. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Баланың өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Ұлттық тәрбиенің
бастауы
Этнограф ғалымдар қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысы болмасын жай ермек үшін ойдан шығарылмаған деген тұжырымды айтады. Рас, ұлттық ойындар тек баланың сымбатын қалыптастырып, денсаулығын нығайтып қана қоймай, оған ұлттық тәрбие беруде де үлкен рөл атқарады. Сондықтан да халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойын арқылы бала жан-жағын, қоршаған ортаны өз бетінше зерделеуге тырысады. Сол себепті ойын халықтық педагогиканың ең көне әрі тиімді де пайдалы құралдарының біріне жатады. Халық ойындарын меңгеріп, соны ойнап өскен әр бала өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, айналасындағы адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Өзі көрген жағдайлардың нәтижесінде отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ», т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады, қай нәрседе де, қандай жағдайда да жетістікке жетуге ұмтылдырады. Халық ойындарында халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық, икемділік, дәлдік сынды, т.б. құндылықтарға мән берілуі себепті оларды ойнаған бала, біріншіден, ата-баба тарихынан хабардар болады, екіншіден, батылдыққа бейім болады, үшіншіден, қиындыққа төзе білгіш, шыдамдылығы шыңдалады, төртіншіден, ойындағы өлеңдер арқылы бала бабаларының бай ауыз әдебиетінің бір ұшығынан болса да хабардар болады. Сонымен бірге халық ойындары әділдік пен адамгершіліктің жоғарғы принциптеріне негізделген, онда тәрбиелік мәнге ие ұлттық көптеген этнопедагогикалық элементтері де жетерлік. Мысалы, бір ойын шеберлік пен ептілікке, бір ойын талғампаздыққа, ал енді бірі қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол таба білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының тәрбие берудің таптырмас құралы екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бүгінде балабақша, мектеп қабырғасында балаларға ұлттық ойындар ойнатып, ұлттық құндылықтармен сусындатуымызға еш кедергі жоқ. Себебі ойынды сабақта қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын, бай қазынасын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы. Сонымен қатар ұлттық ойындар көше кезіп, бұзақылық пен нашақорлыққа бой ұрған, ішімдікке салынып, санасын улап жүрген жастарға да тәрбие көзі болары анық. Бірақ осы бір халқымыздың ен байлығын балабақша мен мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмыстарына пайдалану үшін арнайы әдебиеттер мен әдістемелік құралдар жеткіліксіз.
Қазақ халқының тарихи көне жырлары мен лиро-эпостарының қай-қайсысында болмасын ұлттық ойындардың түрлерін кездестіреміз. Жырдың негізгі кейіпкері болып отырған ел қорғаушы батыр, жауынгер, мерген, әділетті төренің де бала кезі ойын үстінде көрінеді. Ойын арқылы бойындағы табиғи дарынын шыңдап, қалыптастырады. Бұл ұлттық ойынның бала тәрбиесіндегі таптырмас құрал екенін дәлелдейтін тағы бір дәйек. Тіпті қазақтың көптеген ұлттық ойындары халықаралық деңгейдегі додаларға сұранып-ақ тұр. Бірақ оны шетелдіктерге жеткізе білу жайы тұрмақ, өз ұрпағымызды толыққанды сусындату жағынан да қимылымыз шабан.
Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық көрмей, ұлттық ойындардың беделін көтергеніміз абзал болар еді. Себебі халық ойындары – халықтық тәрбиенің басты құралы. Ал өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру бүгінгі ата-ананың басты міндеті.
Ойын арқылы бала білімді – қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиясын жетілдіріп, мінез-құлқын, ерік-жігерін дамытады, дүниетанымы кеңейіп, мектептегі оқу процесіне қызығушылықпен қарай бастайды. Ойындар рөлдік-мазмұндық, шығармашылық, дидактикалық қимыл-қозғалыстық болып бөлінеді.Әрине, мұндай ойындарды дұрыс таңдай білу ұстаздық біліктілік пен шеберлікті қажет етеді.Ойындарды мазмұнына қарай әр пәнде тиімді қолдануға болады. Мысалы, қазақ тілі сабағында «Сөз ойла,тез ойла», «Бос орынды толтыр» , «Ізде,тап!», «Бұл қалай өзгерген?» т.б. ойындарды жүргізе отыра, оқушылардың шығармашылығы мен грамматикалық сауатын дамытуға болады. Математика сабағында «Математикалық домино», «Басқыш», дене шынықтыру пәнінде «Қақпан», «Ақсерек, көксерек» т.б. ойындар арқылы оқушылардың мұғалімнің өзіне тән психологиясына сай бейімделіп, құрбыларын тану, олармен жағымды қарым-қатынаста бола отыра, кез-келген іс-әрекетті бірігіп орындай алу қабілетін дамытады, белгілі бір тәртіпке бағыну, бірін-бірі құрметтеу, ұжымдық ортақ іске талпыну және жеңіске жету сапаларын дамытады. Сондай-ақ, бала өзінің бойындағы жасқану, ұялу сезімдерін жойып, кластағы ортақ іс-әрекетке ден қойып,оқу процесін өз құрбыларымен жарыса талдап,меңгереді. Олар ойын ойнау барысында өздерін еркін сезінеді. Ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы) байқалады. Ойын сабағының қабылдануы тез және есте сақталуы ұзақ. Сабақаралық үзілістерде де баланың дұрыс тынығуын қамтамасыз ету мақсатында қысқа, әрі мазмұнды қызықты ойындар таңдалуы керек.
Ойын оқу үрдісінде оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория бола алады. Сол сияқты ойынды студенттер мен оқушылардың, мұғалімдер мен оқушылардың, мектеп жасына дейінгі бала тәрбиешілердің бірлескен оқу әрекетінің өзара байланыста болатын технологиясы ретінде қарастыруға болады.Әр ойын өзіне тиісті үш мақсатта, яғни білімділік, тәрбиелік, дамытушылық бағытында болады. Мұғалім жаңа білім мазмұнын жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологиясын пайдаланады.сабақ үстінде баланың көңіл-күйін, зейінін, әрекеттерін бақылау, қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру, тапқырлыққа баулу, танымдылығын дамыту үшін пікір алысу, шығармашылық қабілеттерін шыңдау тәрбиешіге байланысты.
Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, баланың бойында оқу мен білімнің, тәрбиенің негізін қалыптастыратын да ойын әрекеті болып саналады. Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындардың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта қалыптасқан екен. Тіпті ғалымдар ойындарды бес түрге бөліп қарастырады. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, әртүрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті қажет ететін ойындар және соңғы уақыттарда қалыптасқан ойындар. Ал негізгі ойын түрлерінің өзі жүзден асып жығылады(!). Олардың ішіндегі асық, тоғызқұмалақ сынды ойындар Азия елдеріндегі алғашқы мемлекеттер мен тайпалар арасында да кеңінен тараған екен.
Жоғарыда атап өткендей қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін басты мақсат етіп ала отырып, балаларының елін сүйер азамат болып қалыптасуына аса мән берген. Сондықтан да жас талдай жаңа өсіп келе жатқан сәбиді ширықтыратын, алғырлықты талап ететін түрлі ойын түрлерін ойлап тапқан. Тіпті ұлттық ойындардың көпшілігінде қалыптасқан өлеңдері де бар. Өлең арқылы ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, баланың өлең-жырға деген ынтасын оятады, яғни рухани азық бере алады. Ал кейбір ойындар тек дене қимылын ғана емес, жылдамдықты, батылдықты, табандылықты, дәлдікті, икемділікті талап етеді. Бұл баланың тән саулығына оң әсерін тигізетінін бабаларымыз көрегендікпен болжай білген. Мәселен, ежелден келе жатқан асық ойыны – балалар арасында ойналатын алғашқы ойындардың бірі. Балалардың құралайды көзге ататын мерген болуына басты себепші де – осы ойын. Малдың асықтарымен ойналатын ойын ептілікті, ширақтықты, қала берді, нысананы дәл көздеуді талап етеді, баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бірнеше бала болып ойналатын ойын болғандықтан әр баланың ойында «өзгелерден озып, қатарымның алды болсам екен» деген ой талпынысын арттырып, намысын жаниды. Әрі бұл ойында баланың барлық мүшесі қозғалыста болады. Яғни үнемі отырып-тұру, бүгілу, ширығу сынды қимылдар баланың денесін шынықтырып, қан айналымын жақсартады. Бала кезден-ақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген атам қазақ сәбидің зерек те зерделі, алғыр да тапқыр, ширақ та шымыр болып өсуі үшін түрлі әдіс-тәсілдерді ойлап тапқан. Дүниеге жаңа келген сәбиді бесік жырымен әлдилеп, ана тілінің нәрін, ата-бабасының әуезді әнін санасына сіңіруге тырысқан. Өсе келе ертегімен елітіп, мақал-мәтелдің мәнін түсіндіріп, жыр-дастанмен сусындатқан. Бабаларымыз осындай ұлттық құндылықтар арқылы ұрпақтың туған еліне, жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық тәрбие бере білген. Осылайша дала даналарының көрегендігі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала берді. Сол себепті сан жылдар бойы қазақ өз ұрпағына саналы тәлім-тәрбие беріп келді. Бабаларымыз бала тәрбиесінде ойындардың да үлкен рөл атқаратынын аңғарды. Сондықтан баланың зеректігін арттырып, зейінін ашатын, шынықтыратын, ширықтыратын сан түрлі ұлттық ойындарды тудырды. Қазақтың қайсыбір ойынын алып қарасаңыз да, тапқырлық пен табандылықты, біліктілікті талап етеді. Ал сол даналардан өрбіген бүгінгі қазақтың әр баласы ұлттық ойын туралы ойлана ма? Жастар ұлттық ойынды ұмытып бара жатқан жоқ па? Ұлттық ойынның ұлттық тәрбиеге әсері қандай? Бүгінгі әңгімеміз осы турасында өрбімек…
