- •І. Түркі тілдері грамматикасының зерттелуі
- •Түркі тілдері грамматикасының синхронды сипатта зерттелуі
- •Түркі тілі синтаксисінің зерттелуі, зерттеушілер мен олардың еңбектері
- •Түркі тілдеріне тән ортақ сипаттар
- •1.4 Сөйлем - тілдің коммуникативтік бірлігі
- •Іі. Түркі тілдеріндегі сөйлем синтаксисінің зерттелуі
- •2.1 Түркі тілдеріндегі жай сөйлем типтерінің зерттелуі
- •2.2 Хабарлы сөйлем
- •2.3 Сұраулы сөйлем
- •2.4 Бұйрықты сөйлем
- •2.5 Лепті сөйлем
- •2.6 Түркі тілдеріндегі құрмалас сөйлемнің зерттелуі
- •2.7 Құрмалас сөйлемнің анықталуы
- •Құрмалас сөйлемнің жіктелуі
- •Салалас құрмалас сөйлемдер
- •Сабақтас құрмалас сөйлемдер
- •Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің түркі тіл білімінде зерттелуі
- •Ііі практикалық сабақтар
- •Қоршауда
- •Мазмұны
2.3 Сұраулы сөйлем
Сұраулы сөйлемдер түркі тіл білімінде толық зерттелеген деуге болады. Бұған қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемнің табиғаты мен стилистикалық ерекшеліктерін арнайы зерттеген Ш.Қ.Жусакинованың, қазақ тіліндегі қарсы сұрақтың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктерін арнайы зерттеген Е.Есіркеповтің, якут тіліндегі сұраулы сөйлемдерді зерттеген И.Е.Алексеевтің т.с.с ғалымдардың диссертациялық жұмыстары дәлел бола алады. Осы көрсетілген зерттеулер мен қазақ, татар, башқұрт тілдері грамматикаларында берілген сұраулы сөйлем анықтамалары, негізінен, ыңғайлас. Мысалы, қазақ тілінде: «Басқадан (кейде өзінен) жауап күту мақсатымен айтылған сөйлемді сұраулы сөйлем дейміз», «Бір нәрсе туралы хабар алу үшін қойылған сұрақты білдіретін сөйлемді сұраулы сөйлем дейміз». Башқұрт тілінде: нендей болса да бір заттың не хал-жағдай, не болмаса түсінік туралы білуді тілеп мақсат ете айтылған сөйлем сұраулы сөйлем типі деп аталады. Татар тілінде: Нинди де булса сорауны белдергән жөмлә сорау жөмлә дип атала.
Түркі тілдерінде сұраулы сөйлемдер сұраулық шылаулар, сұрау есімдіктері, модаль сөздер, үстеулер және интонация арқылы жасалады.
Сұраулы сөйлем жасауда ең көп қатысатын ежелгі -му шылауы, бұл шылаудың сұраулы сөйлем жасаудағы қызметіне М.Қашқари айрықша тоқтаған: «-му есімдіктер мен етістіктердің ақырына қосылып, бір нәрсе жөнінде сұрау мағынасын білдіруші қосымша». Бұл шылау кейбір дыбыстық өзгерістерге түскені болмаса, барлық түркі тілдерінде бар. Ол қазақ, қарақалпақ тілдерінде -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе, қырғыз тілінде -бы, -би, -бу, -пу, өзбек тілінде -ми, ұйғыр тілінде -му, -ма, түрікмен, татар, башқұрт тілінде -мы, -ми түрінде кездеседі, етістіктен, есім сөздерден болған баяндауышқа тіркесу не қосылу арқылы сұраулы сөйлем жасайды. Мысалы: қазақ тілінде: - Хат танымайды деген жоқсың ба? (Ғ.Мүсірепов). башқұрт тілінде: - Йә, балам, һау кайттыңмы? (Ғ.Дәүләтшин). Татар тілінде: Габдулла әфәнде, бу сезме? (Әхмәт Фәйзи). Қырғыз тілінде: Қайылынын адамы Чакибаштын атын барымтага қармағаның распы? Дағы чығымды биз беребизби? (Т.Сыдыкбеков). Өзбек тілінде: Битта сигир угур шунча одамни бақа аладими? (Мирмухсин). Түрікмен тілінде: Инди душуидицми? ... Нәме, эжең саңа айтмадымы? (Ғ.Сейтмәдов).
Кейбір түркі тілдерінде сұраулы сөйлем жасауға -ше, -ші, -ши, -чы, -чи, -чү,-чу шылаулары қатысады. Мысалы, қазақ тілінде: -Шашым ше? – Шашымды алдырып тастауға тура келді (Ғ.М.). Қырғыз тілінде: Биздин балбан чечинип жатад, өзүңөрдүпүчү?-деп ал кайра сұрады ( Т.Сыдыкбеков).
Сонымен қатар түркі тілдерінің кейбірінде сұраулы сөйлем жасауға ғой, ко, го, ку, ғу шылаулары қатысады. Мысалы, қазақ тілінде: Әбілбидің кіші қызы болды ғой? (Ә.Нұрпейісов). Қырғыз тілінде: Аны көз көрет эле го? (А.Токамбеков). Өзбек тілінде: Суратнинг орқа томани оқ – ку?(Мирмухин). Ұйғыр тілінде: Сәр шиқа Чиқмапсәнғу? – деди (Ж.Мусаев).
Сұраулы сөйлемдер -да, -де, -ду көмекшілері арқылы және а, ә, һә одағайларының тіркесуімен жасалады. Мысалы, Достығымыз да жүз жасар, ә? (Ғ.Мұстафин). Қырғыз тілінде: Сизнинг икти уғмингиз бар-а? (А.Мухтор). Ұйғыр тілінде: Бәктияр, сән комсомол, һә? (Ж.Мусаев).
Түрікмен тілінде -мыка, -микә және -ла, -ле қосымшалары арқылы сұраулы сөйлем жасалады. Мысалы, Бе, Дурды аганың сөзи догры Чыкайжанмыка? (Х.Ысмайылов). – Ханы, сен сагат алтыда гелжекдиң ле? (Б.Кербабаев).
Түркі тілдерінде сұраулы сөйлемдер сұрау есімдіктерінің қатысуымен жасалады. Мысалы, қазақ тілінде: - Бұл құрылысқа бас инженер қылып кімді тағайындасақ екен? Татар тілінде: Кем язган аны шулай йөрәккә үткәреп? (Қ.Нәж.). Башқұрт тілінде: Кем һуң етер уның башына? (Х.Кәрим). Қырғыз тілінде: Эмне үчүн үйдүн ичи караңгы? (Қ.Жантөшев). Түркімен тілінде: Қонақ нирә штди? (Б.Кербабаев).
Бұл сұрау есімдіктері түрлі септікте тұрып жұмсала алады: Мысалы, ілік септігінде келіп заттың не әрекеттің біреуге меншіктілігін білдіре алады: кимнинг, ниманинг (өзбекше), кімнің, ненің (қазақша, қарақалпақша), табыс септігінде тұрып заттың, құбылыстың, әрекеттің нысанын, бағытын білдіреді: кимни, нимани (өзбекше), кимди, нени (қарақалпақша), кімді, нені (қазақша) т.с.с.
Сандық мәлімет алу үшін өзбек тілінде неча, нечта, қанча, қарақалпақ., қазақ тілінде неше, қанша тәрізді сұрау есімдіктері жұмсалады. Мысалы, өзбек тілінде: Қанча киши келди? Қазақша: Бүгін айдың нешесі?
Сұраулы сөйлемде іс-әрекеттің орны мен бағытын анықтау мақсатында сұрау есімдіктері қолданылады. Бұл қатарда өзбек тілінде қаерда, қаерга, қаердан, қарақалпақ, қазақ тілдерінде қайда, қайдан, татар тілінде кайда, каян, башқұрт тілінде кайза, кайзан деген сұрау есімдіктерін атауға болады. Мысалы, өзбекше: Қаерга борасиз? татарша: Мылтыклар, винтовкалар каян алырга? Башқұртша: Кайза яуыз былай ашыға?
Сұраулы сөйлем құрамында іс-әрекеттің уақытын білдіруде қачон, қай вақт, қай пайт (өзбекше), қашан, қай уақытта (қарақалпақша, қазақша) есімдіктері, әрекеттің амалын білдіретін қалай, қайтип, қайтіп, әрекеттің мақсаты мен себебін білдіретін нега, нима учун (өзбекше), неге, не ушын (қарақалпақша), не үшін, не себепті (қазақша), заттың, құбылыстың белгісін білдіретін қандай, қанақа (өзбекше), қандай (қазақша) т.с.с. есімдіктері жұмсалады. Мысалы, өзбекше: Хатни қачон олдингиз? – Хатты қашан алдыңыз? Бугунги кафедра кун тартибида қанақа масалалар курилади? – Бүгін кафедрада күн тәртібінде қандай мәселелер қаралады?
Сұраулы сөйлемдер жасауға модаль сөздер белсене қатысады. Өзбек тілінде сұраулы сөйлем жасауға қатысатын модаль сөздер қатарына наҳотки (неужели), шекилли (похоже) деген сияқты сөйлеушінің сенімсіздігі мен күдігін, өкінішін білдіретін сөздер жатады. Бұл тілде наҳотки шартты рай тұлғалы баяндауышпен тіркесіп келеді. Мысалы, Наҳотки бутун умри шу аҳволда утиб кетса? - Неужели вся жизнь так пройдет? Сизнинг ишингиз ҳам меникига ỷхшаб кеч тугайди, шекилли? – Похоже, ваша работа, как и моя, тоже заканчивается поздно?
Қазақ және қарақалпақ тілдерінде сұраулы сөйлем құрамында шығар модаль сөзі, ал сенімсіздік пен күдікті білдіруде өзбек тілінде чамаси, балки, мумкин, қазақ, қарақалпақ тілінде шамасы, бәлки, мумкин (қарақалпақша), бәлкім, мүмкін (қазақша) қолданылады. Мысалы, өзбекше: Балки чап қỷлини бутунлай кесиб ташлашар? – Возможно, левую руку совсем отрежут? Қарақалпақша: Буның бәри помидордан шығып отыр-ау шамасы? Қазақша: Мүмкін сен біздің үйге келерсің?
Сұраулы сөйлемдердің жасалуының бір амалы – сұрау интонациясы. Ондай сұраулы сөйлемдердің құрамында арнаулы сұрау мәнді білдіретін сөздер де, шылаулар да болмайды, яғни арнайы грамматикалық құралдар болмай, тек мәнмәтін мен интонация арқылы, тілдік жағдаят арқылы сұрау мәні анықталады. Мысалы, башқұрт тілінде: - Магазиндан теге китапты алдыңмы?- Алдым. – Тимәк, теге китап булды? – Булды (М.Кәрим). Татар тілінде: Белмисең? Өеңдә ни булганны күршеңнән сора диләр бит (Т.Г.). Қазақ тілінде: Богданов: Сіздер ертеңнен бастап теңізге шығу жұмысына кірісіңіздер. Мәжен: Ертеңнен бастап? Богданов: Иә! (Ә.Әбішев). Өзбек тілінде: Дỷхтир билан гаплашарсиз, касал ичда эмиш. Эртага операция бỷлади. – Эртага? – Ха. (Мирмуҳсин) – Поговорите с доктором, болезнь оказывается внутри. Завтра будет операция. – Завтра? – Да.
А.М.Пешковскийдің көрсетуінше, қандайда бір синтаксистік мағына таза грамматикалық құралдармен берілген кезде, оның интонациялық жолмен берілуі әлсірейді және керісінше. Осындай пікірді неміс тіліндегі сұраулы сабақтас құрмалас сөйлемдердің интонациясын арнайы зерттеген Р.М.Хаскина да білдіреді. Оның сұраулы сөйлемдердің интонациясын зерттеу тәжірибесі қорытындысы бойынша, егер сұраулық мән сұрау есімдіктері арқылы білдірілсе, қарым-қатынаста ол сұраулы сөйлем сапасында бірден қабылданады, соған сай интонациясының сұраулық мән беру сипаты қажеттілігін жояды. Ал қазақ, қарақалпақ, өзбек тілдеріндегі сұраулы сөйлемдердің интонациясын тәжірибе жолымен зерттеген А.Н.Нұрмаханова бұларға қарсы тұжырым жасайды. Оның тұжырымынша, сұраулы сөйлемнің лексикалық, морфологиялық құралдардың қатысуымен жасалған түрі мен тек интонация арқылы жасалған түрлерінің интонациясының айырмасы болмайды. Тіпті интонация сұрауды білдіретін құралдардың барлығын да ауыстыра алады.
Сұраулы сөйлемдердің жасалу жолдары түркі тілдерінде бірдей:
лексикалық тәсіл (сұрау есімдіктері, модаль сөздер)
морфологиялық тәсіл (сұраулық шылаулар, демеулік шылаулар, көмекші етістіктер)
синтаксистік тәсіл (сұрау интонациясы)
Қазақ тілінде сұраулы сөйлемнің лексика-грамматикалық жасалу тәсілдерін М.Балақаев алтыға, Ш.Қ.Жусакинова беске, М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкенова беске, С.Аманжолов жетіге бөлсе, тілшідер татар тілінде төртке, башқұрт тілінде үшке бөледі.
Сұраулы сөйлемдердің мағынасына қарай жіктелуі де әртүрлі. Мысалы, қазақ тілінде мағынасына қарай сұраулы сөйлемдерді Р.Әмір төртке, М.Балақаев беске, О.Төлегенов үшке бөлсе, И.Е.Алексеев якут тілінде сегізге, В.Н.Хангилдин татар тілінде екіге, Ғ.Ғ.Сәйетбатталов башқұрт тілінде екіге бөледі. Енді олардың негізгі сипаттамаларына тоқталайық. Қазақ тілінде:
1) ашық (жалпы) сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер. Бұл сұраулы сөйлемде сұрақ ашық қойылады. Іздеулі болып отырған мүше белгісіз болады да, соған сай сұрақ ашық қойылады. Бұл сипат барлық зерттеушілер тарапынан бірдей аталған. Ашық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлем Р.Әмір зерттеуінде іздеулі сөйлем мүшесінің ыңғайымен іштей 5 түрге жіктелген:
1.1. Субъектінің іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлемдер: Кім келді?
1.2 Предикативтік іс-әрекеттің, сапаның, сынның іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлемдер: Келгелі не істедіңіз?
1.3 Іс-қимыл объектісінің іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлем: Кімге жолықтың?
1.4 Іс-қимылдың сапасының, себебінің, мекенінің, мезгілінің іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлемдер: Олар не үшін қалды?
1.5 Зат сапасының, сынының, санының іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлемдер: Қанша кісі жұмысқа шықты?
1.3 Сөйлемдегі сөздердің құрылымдық-синтаксистік байланысу түрлері мен жолдары
2) альтернативті сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер. Альтернативтік сұрақта іздеуге із, жоба болып альтернативті сапа, іс аталады. Ізделетін іс-қимыл, предикативтік заттық сапа жалпы белгісіз күйде аталмай, белгілі альтернативтердің төңірегінен ізделеді. Мысалы, Тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба? Немесе Тоқтайсың ба, жоқ па?
Мұндай сөйлемдерді Р.Әмір альтернативті сұраулы сөйлем деп бөлек түр сапасында жіктесе, М.Балақаев бұл сөйлемдерді ашық сұрақты сөйлем қатарында қарастырып, бірақ бұл сөйлемнің экспрессивті мәнінің күшті болатынын атайды: «Сұраулы сөйлемнің сондай экспрессивті мәнін күшейту үшін бір сұрақ қазбаланып кейде бірнеше рет қойылады: Ол бүгін келе ме, келмей ме?».
3) Риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер. Жауап күту мақсатымен айтылмай, хабар беру мақсатымен айтылатын сұраулы сөйлемдерді немесе сұраулы сөйлем формасы хабар ретінде айтылған пікірді білдіру үшін жұмсалған сөйлемдер риторикалық сұраулы сөйлемдер деп аталады. Бұл сөйлемдердің жалпы сипаттамасы, жасалу жолдары қазақ, татар, башқұрт тілі синтаксисінде бірдей деп атауға болады. Мысалы, Осы да жөн бе?
4) Түрткі сұрақты білдіретін сөйлемдер. Сұраулы сөйлем формасы тыңдаушыны бір іске қосу, жұмсау үшін де пайдаланылады. Үй құрғыр азынап кетті ғой, тағы бірдеме тауып жағасың ба? (Б.М.). Мұндай сөйлемдер түрткі сұрақты білдіретін сөйлемдер деп аталады.
Бұл қатарға М.Балақаевтың жіктемесінде берілген сұраулы сөйлемдердің төмендегі түрлерін келтірсек:
5) Қарсы сұрақ. Бірқатар сұраулы сөйлемдерге ашық жауап берілмей, сұраққа сұрақ түрінде де жауап беріледі де, қарсы сұрақ қойылады. Мысалы:
- Біздің ауылға барасың ғой, қызым?
- Бармағанда қайтем? (Ғ.Сланов).
6) Күмәнды сұрақ. Бірқатар сұраулы сөйлемдер бірдеңенің жайын білуді ғана көздеп айтылмай, айтушының бірдеңеге күмәнданғандығын да білдіреді. Мысалы, - Мына мың болғыр бой бермей кетер ме екен? (Ғ.Сланов).
7) Таңырқаулы сұрақ. Сұраулы сөйлемдер кейде бірдеңеге таңдану, таңырқау мағынасында айтылады. Ондай сөйлемдер әрі сұраулы, әрі лепті болатындықтан, жазуда олардан соң сұрақ белгісі мен леп белгісі қатар қойылады:
- Арық адамның көзі өткір болады екен-ау?! (Ғ.Мүсірепов).
Татар тілінде В.Н.Хангилдин «... жавап көтә торган сорау жөмләләр (бу төрне чын сорау жөмлә дип исемләргә дә мөмкин), жавап көтми торган сорау жөмләләр (бу төрне риторик сорау жөмлә) дип тә атыйлар»,- деп жазады. Татар тіліндегі сұраулы сөйлемдердің екі түрі де қазақ тіліндегі ашық сұрақты білдіретін сөйлем (жауап күтіп тұрған не шын сұраулы сөйлем) мен риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдерге сай түседі. Дегенмен, татар тілінде сұраулы сөйлемдерді сұрау есімдіктерінің қайсысының қатысымен түзілетініне қарай жіктеу орын алғанын аңғаруға болады. Бұл ұстаныммен бөлу былайша берілген:
1) Зат есімдердің орнына жұмсалатын сұрау есімдіктерімен түзілген сұраулы сөйлемдер (исем алмашлыклары белән төзелгән сорау жөмләләр). Кем, нәрсә, ни сөздерінің қатысымен жасалады. Мысалы: Кем идең, кем булдың? Бұл түр қазақ тіліндегі ашық сұрақты сөйлемдердің ішкі жіктелісіндегі субъектісі ізделетін сұраулы сөйлемдерге сай түседі.
2) Сын есімдердің орнына жұмсалатын сұрау есімдіктерінің қатысуымен жасалған сұраулы сөйлемдер (сыйфат алмашлыклары белән төзелгән сорау жөмләләр). Бұл сөйлемдер құрамында нинди, кай, кайсы сұрау есімдіктері болады. Мысалы, Нинди Сәлімжан? Бұл түр қазақ тіліндегі ашық сұрақты сөйлемдердің ішкі жіктелісіндегі зат сапасының, сынының іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлемдерге сай түседі.
3) Сан есімдердің орнына жұмсалатын сұрау есімдіктерімен келген сұраулы сөйлемдер (сан алмашлыклары белән төзелгән сорау жөмләләр). Олардың құрамында ничә,ничәнче, ничәшәр, ничәү, ничәләп сұрау есімдіктері келеді. Мысалы, Бу шәһәрдә барлыгы ничә кеше бар? Бұл түр қазақ тіліндегі ашық сұрақты сөйлемдердің ішкі жіктелісіндегі зат саны ізделетін сұраулы сөйлемдерге сай түседі. Алдыңғы түрмен бірлікте қарастырылған.
4) Іс-қимылдың себебін, мекенін, мезгілін білдіретін сөздер орнына жұмсалатын сұрау есімдіктерімен келетін сұраулы сөйлемдер (рәвеш алмашлыклары белән төзелгән сорау жөмләләр). Мұндай сұраулы сөйлемдер ничек, ник, нигә, нидән, нилектән, кайда, кая, кайдан, кайчан т.с.с. сұрау есімдіктерінің қатысуымен жасалады. Мысалы, Кайда барасыз?. Бұл түр қазақ тіліндегі іс-қимылдың сапасының, себебінің, мекенінің, мезгілінің іздеулі екенін білдіретін сұраулы сөйлемдермен сай түседі.
Башқұрт тілінде сұраулы сөйлемдер екіге бөлінеді, бұл бөлініс татар тіліндегі сұраулы сөйлемдердің жіктемесімен бірдей деуге болады. Атап айтсақ, башқұрт тілінде сұраулы сөйлем 1) жауап талап етілетін, демек ашық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлем, 2) риторикалық сұраулы сөйлем деп жіктеледі.
Сұраулы сөйлемнің мағыналық түрін якут тілінде И.Е.Алексеев былайша жіктеген:
1) Куәландырушы сұрақ. Бұл сөйлем құрамында белгілі сұрау есімдіктері болмайды. Сұраулық шылаулар мен модаль сөздердің қатысуы арқылы жасалады. Мысалы: Ол аата айдаан кәлин сабаланнаба дин? – Демек у-шу кейін басталған ба?
2) Анықтаушы сұрақ. Істің анық айтылуына көз жеткізу тілегін білдіреді, алдыңғы айтылған сұрақ не сөз қайталанып алынады. Мысалы: Чуолаан тугу биллиэххин бабарабыный? – Сіздің ең қызығатыныңыз не?
3) Болжау сұрақ. Бұл сұраулы сөйлем пікірлесушінің бір нәрсені еске алуын, соған қатынасын, қимыл-ісін анықтау жағдайын сұраушының көз алдына елестетеді. Мысалы: Биһиги арай мантан көстехпртүнә? – Біз жаңа орынға көшсек не болады?
4) Растаушы сұрақ. Сөйлемдегі хабарды растауға бағытталған сұраушының сөзі не нақты түрде хабарламаны бекітуді білдіретін сұраулы сөйлем. Мысалы, Кырдьык-кырдьык дуо?- Анығында шын ба?
5) Қайталаушы сұрақ. Қайталау сұрағы сұраушы мен пікірлесушінің ынтасымен бағаланады, айтылған сөз расталатынын, теріске шығарылатынын, жауапқа күмәндәнәтінін білдіреді. Мысалы: Үчүе Отто эһиглттэннөбісе уһаата-эһигиттэн диигин дуу? – Сіз үшін кідірді. – Сіз үшін дейсіз бе?
6) Қосымша сұрақ. Қосымша сұрақ айтылған хабарға қатысты қосымша мәлімет алу мақсатында қойылады. Сондықтан негізгі сұрақтан кейін екі-үш сұрақ қосымша беріледі, істі анықтайды. Мысалы: Ханна кербүт? Хайаабыт? Хаһылар үһүнүй? –Қайдан көрдің? Оларға не істеді? Үйірі қанша болды?
7) Түрткі сұраулы сөйлем. Коммуникативтік жоспарда пікірлесушілердің өзара қатынасын (сезу, сыйлау, тағзым ету т.с.с.), белгілі бір істі істеуге қозғау салу, түрткі болу мақсатында сұраулы сөйлем формасында айтылады. Мысалы: Оболоор, быһаарынытыый, төпебе ханна, кимнээх, тобо? – Балалар, тоқтаңдар, түсіндіріңдер. Қашан, қайда, кімде, неге?
8) Бекіту сұрағы. Сөйлеушінің жеке пікірінің дұрыстығын тексеру мақсатында айтылады. Мысалы: Ыйытабын ани: Ким эйнгин манна ыытта? – Сұрап тұрмын: Кім сені мұнда жіберді?
Бұл жіктелімдегі кей сұраулы сөйлемдер қазақ тіліндегі аталған сөйлемдердің қызметі жағынан бөлінісіне ішінара ұқсайды. Атап айтсақ, қазақ тілінде сұраулы сөйлемдерді үш топқа жіктейді:
1) Негізгі сұрақты білдіретін сөйлемдер диалогқа желі болып отырған тақырып жөнінде әңгімелеудің бастапқы кезеңінде жұмсалады.
2) Жетек сұрақты білдіретін сөйлемдер. Бұл топқа негізгі сұраққа жауап алу үстінде қосымша қойылған сұрақты білдіретін сөйлемдер жатады. Осы сұраулы сөйлем түрі якут тіліндегі қосымша сұраққа ұқсас. Екеуі де негізгі сұраққа жауап алу барысында қойылады.
3) Анықтаушы сұрақты білдіретін сөйлем. Бұл сұраулы сөйлем екінші жақтың сөзін анықтап алу үшін қойылған сұрақты білдіреді. Анықтаушы сұрақ алдыңғы репликаның лексикасын қайталап құрылады. Бұл сипаты жағынан якут тіліндегі қайталаушы сұраққа сай келеді.
Көріп отырғанымыздай, түркі тілдерінде, атап айтқанда, қазақ, татар, башқұрт тілдері синтаксисінде сұраулы сөйлемдердің жасалу жолы бірдей, олар сұраулық шылаулар, сұрау есімдіктері, сұрау интонациясы арқылы жасалады. Мағыналық түрге бөлуінде барлық тілдерде де ашық және риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер бірдей анықталса, олардың іштей таратылып жіктелуі, мағыналық топтарға жіктеу ұстанымдары сай түсе бермейді. Оларды атасақ:
1) сұраудың логика-грамматикалық мазмұнын басшылыққа алып жіктеу;
2) сұраудың берілу амал-тәсілдерін басшылыққа алып жіктеу;
3) сұраулы сөйлемнің семантикасы мен интонациясын басшылыққа алып топтастыру.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Түркі тілдерінде сұраулы сөйлемдер қандай жолдармен жасалады?
Түркі тілдерінде сұраулы сөйлемдер қалай анықталған?
Сұраулы сөйлемнің жасалуына модаль сөздердің қатынасы қандай?
Якут тіліндегі сұраулы сөйлемдердің жіктемесі қандай?
Түркі тілдеріндегі сұраулы сөйлемдердің жіктемесінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?
