- •1Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық білім тәрбие берудің педагогикалық негіздері
- •2.Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беруге арналған жұмыстар
- •Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық білім тәрбие берудің педагогикалық негіздері
- •Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің маңызы
- •1. 2 Мектеп жасына дейiнгi балаға экологиялық тәрбие беру арқылы эстетикалық талғам негiздерiн қалыптастыру
- •2. Мектеп жасына дейінгі балаларғы экологиялық тәрбие беруге арналған жұмыстар
- •2. 1 Мектеп жасына дейiнгi балаға экологиялық тәрбие беру арқылы жан дүниесiн дамыту
- •2. 2 Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің жолдарын жүйелеу
1. 2 Мектеп жасына дейiнгi балаға экологиялық тәрбие беру арқылы эстетикалық талғам негiздерiн қалыптастыру
Эстетикалық тәрбие - дегеніміз баланың ақыл-ойы мен сезімін, ұшқыр қиялы мен ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Эстетикалық тәрбиені жүзеге асыру үшін балалардың әсемдік сезімі мен ұғымын, көркемдік, шығармашылық қабілетін үздіксіз дамытып, эстетикалық талғамын қалыптастыруға дағдыландыру қажет. Бала ес біле бастағаннан-ақ өзі жете түсінбес жарқын, тартымды нәрсенің бәріне ұмтыла бастайды, мәселен, жылтыраған ойыншықтарды, әдемі гүлдер мен заттарды көрсе қуанады. Осының бәрі оның рахаттану, қызығу сезімін туғызады. Жиі ән, ертегі тыңдап, суреттерді қараған балалардың өнер қуаныш сезімдерінің қайнар көзіне айналады. Эстетикалық тәрбие алған балалар жарқын, әсем атаулының бәріне жәйғана ұмтылып қана қоймай, сұлулықты жан дүниесімен қабылдайтын болады.Тегінде бала сұлулықты форма мен мазмұнның бірлігі ретінде қабылдайды. Эстетикалық қабылдау сезім мен тебіренумен тығыз байланысты. Әсемдікке қызығудан туатын қуаныш, жайдары жан толғанысы эстетикалық сезімнің ерекшелігі болып табылады. Тәрбиеші баланың сұлулықты қабылдауынан бастап, оған эмоциялық жауап қату, оны түсіну, эстетикалық ұғым, эстетикалық пікір, эстетикалық баға беру қасиетін қалыптастыруға дейін жетелеп отыруы тиіс.
Мектеп жасына дейінгі балаларға тән ерекшелік - бұл шындықты соншалықты пәк, тікелей бейнелейтіндігінде, ғаламат шынайылығында, бейнелейтін заттың шындығына сенетіндігінде. Балалардың ойын әрекетінде қоршаған ортадан алған әсерін бейнелі түрде жеткізе білуіне тәрбиеші үнемі көмектесіп отыруы керек.Мектепке дейінгі балаларда шығармашылық нышандары байқала бастайды, ол ой құрау және оны жүзеге асыру қабілетінің дамуынан, өз білімін, ұғымын құрастыра білуінен өзінің ойын, сезімін, тебіренісін шынайы жеткізуінен көрінеді. Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін оларға үнемі ақыл- кеңес беріп, дұрыс тәрбие үлгісін көрсеткен жөн. Тәрбие барысында олар өз ойларын сөз, ән, сурет, би, драматизация арқылы бейнелеп жеткізу тәсілдерін меңгереді. Тәрбие баланы әсемдікке баулиды, жағымды эмоция туғызады, қабілеттерін дамытады. Балалардың қабілетін дамытуда, педагогтың жеке басы, мәдениеті, білімі, өз ісін жете меңгеруі үлкен рөл атқарады.
Эстетикалық талғам балалардың өнерде, өмірде, тұрмыста шынайы әсемдіктен қанағат, рухани азық алуынан көрінеді.
Эстетикалық талғам — кең ұғым: ол өнердің терең мағынасын, тамаша шығармаларды түсінуді, одан ләззат алуы ғана емес, табиғаттың, еңбектің, тұрмыстың, киімнің сұлулығын түсінуді қамтиды. Мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда үйрету үлкен рөл атқарады. Олар оқу үстінде балалар әдебиеті, музыкалық, сурет өнерінің классикалық шығармаларымен толық игеруді үйренеді. Балалардың бойында эстетикалык талғамның негіздерін қалай отырып, біз оларды қоршаған ортаның әсемдігін көруге және сезінуге, оны аялауға баулимыз. Гүлдердің қауыз жарғанын көргенде оның жұртқа қуаныш сыйлауы үшін оны мәпелеп күту керек. Балалардың да көркемдік қабілеттерін, эстетикалық сезімдері мен ұғымдарын, әсемдікті бағалай білуін дамыта отырып, педагог рухани байлығы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеудің негіздерін қалай береді.
Балалардың әсерлі эстетикалык ой-өрісін, көркемдік талғамын дамытуға зор ықпал жасайтын түрлі көркем шығармашылық іс-әрекеттердің дағдылар мен қабілеттіліктер мүмкіндіктерін ашып көрсеткен педагогикалық тәжірибелерге сүйене отырып, республика ғалымдары да эстетикалық тәрбие мәселесінің жалпы жағдайын анықтау, ғылыми әдістемелік негіздегі жүйесін жасауда елеулі жұмыстар атқарды (М.Балтабаев, С.Ұзақбаева, С.Қалиев, Н.Хмель, Е.Асылханов, В.Әлмұханбетов, Ә.Қамақов т.б.). Бірақ та бұл мәселенің аясында әлі де шешімін күтіп тұрған педагогикалық, психологиялық өзекті мәселелер мен міндеттер жеткілікті. Қолда бар педагогикалық тұжырымдар мен іс-тәжірибелердің мазмұнын сын тұрғысынан талдай отырып, жас жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру міндеттерінің жүзеге асуы эстетикалық мағлұматтардың жиынтығын игертумен шектеліп, балалардың әсемдікті тану қабілеттіліктерін қалыптастыру көп жағдайда біржақты (ән айту, өлең үлгілерін жаттау, ою-өрнектер салу, т. б.) іс-әрекеттерге бейімделіп қана құрылғандығын көреміз. Сондықтан балалардың әр жас шағында игеруге тиіс көркемдік білім негіздерінің мазмұнын және оның көркемдік іс-әрекеттермен жүйелі бірлігін айқындау педагогикалық өзекті мәселелердің бірі. Атап айтқанда, қазіргі кезде жас-жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру жүйесінің мақсат-міндеттерін жүзеге асыратын арнайы пән не? Әлде ол балалармен жүргізілетін түрлі бағыттағы тәрбие жұмыстарының мазмұнын эстетикалық мәнге ие етуде пайдаланатын жалпы тәрбиенің бір бөлшегі ме? Немесе, көркемдік білім негіздерін «сұлулық заңдылығына» сәйкес игертуге бағытталған пәннің мазмұны қандай болуы керек? Әлде бұл құбылыс балалардың ойын, өзара қатынас, еңбек сиякты жетекші іс-әрекеттерінің аясында көмекші рөл атқара ма? — деген сұрақтарға жауап іздеу, нақты тәжірибелерге сүйеніп айқындау міндеттері тұр.
Бұл міндеттерді шешу төмендегідей мәселелерді:
Көркемдік талғамды қалыптастырудың басты құралы көркемдік білім беру жүйесінің өзіне тән мазмұнын, мақсаттары мен нақтылы міндеттерін саралауды;
Мектепке дейінгі жастағы көркемдік іс-әрекеттер барысында игеруге тиісті білім мен дағдылар көлемін белгілеуді;
Көркемдік іс- әрекеттер арқылы балалардың шығармашылык ой-өрісін дамытудың педагогикалық және психологиялық негіздерін айқындап алуды талап етеді.
Балалар өмір құбылыстарын сурет салу, сазбалшықтан немесе ермексазбен мүсіндеу, қиып жапсыру, табиғат материалдарын көркем өңдеу т.б. жұмыстар кезінде тереңірек танып, білуге мүмкіндік алады. Балабақшаның ересектер тобындағы балалары қоршаған ортадағы түрлі заттар мен құбылыстарды көркем бейнелеу тәсілін меңгеруге, заттың көлемі мен пішінін бояулар мен түстер арқылы бейнелей білуге жаттыға отырып, ол дағдыларды өз қиялымен сюжетті сурет композициясын құруда, көркем образ жасауда пайдаланады. Түрлі материалдардан (қағаз, картон, мата, ермексаз, т. б.) әшекейлеудік тәсілдеріне машықтанады, бұйымдар үлгісін жасаудың жолдары мен оларды сәндеп әшекейлеудің амалын үйренеді. Ал, мүсіндеу арқылы заттардың, адамдардың, құстардың, хайуанаттардың пішінін бейнелеу тәсіліне машықтанады. Қолданатын сазбалшық немесе ермексаз арқылы сомдайтын бейненің сыртқы кескінін, олардың қимыл-қозғалыс ермексаздың ерекшеліктерін, күнделікті көргендерін еске түсіре отырып мүсіндей білуге, мүсіндеу барысында тұлғалардың дене құрылысы, бөлшектердің өзара жарасымды байланысы туралы алғашқы түсініктерді игеруге мүмкіндік алады. Халқымыздың жалпы мәдениет деңгейін жоғары сатыға көтерудің және балалардың эстетикалық көзқарасы мен талғамын дамытудың бірден-бір тиімді жолы көркем өнер болып табылады. Эстетикалық тәрбиеде көркем өнерге ерекше орын беріледі. Ол толғанта және қуанта отырып, балалар алдында өмір құбылыстарының мәнін ашады, оларды қоршаған дүниеге үңіле қарауға мәжбүр етеді. Әсемдіктің әсер ықпалын бастан кешіруге, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге тәрбиелейді. Баланың көркемдік дамуы ойдағыдай болуы үшін тәрбиеші (мұғалім) оның жасына сәйкес, іс-әрекеттерінің түрлерін дұрыс пайдалана білуі қажет. Көркемдік тәрбие әдістемесінің негізіне - бала мен педагогтың көркем құндылықты қабылдауда, өнімді іс-әрекетке деген шығармашылық қабілеттері, әлеуметтік, табиғи, заттық ортаға деген саналы қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі бірлескен іс-әрекеті жатады. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне-көп тәрбиеленушінің дара ерекшеліктерінің, қажетсінуі мен мүддесінің, жалпы даму деңгейінің қаншалықты мөлшерде ескерілетіндігімен анықталады.
Балалардың жас ерекшеліктеріне, даярлық деңгейіне, жеке ынтасы мен талаптарының артуына қарай әдістер күрделеніп отырады. Педагогикалық ғылым мен тәжірибе балалардың эстетикалық сезімдерінің қарым-қатынастарының, ой қорытындылауының, бағалауының тәжірибелік іс- әрекеттерінің қалыптасуына көмектесетін неғүрлым тиімді әдістерін анықтайды:
Эстетикалық қабылдауын, бағалауын, талғамының бастапқы көріністерін дамытуға бағытталған сендіру әдісі;
Қоршаған ортаны көркемдеуге және мінез- құлық мәдениеті дағдыларын қалыптастыруға арналған іскерлік дағдыларға жаттықтыру әдісі;
Шығармашылық және тәжірибелік іс-әрекеттерге итермелейтін проблемалық ситуациялар әдісі;
Әсемдікке ұмтылып, эмоциялық - жағымды ықылас тудыратын және қоршаған дүниедегі келеңсіздікке қарсы сезімін ояту әдісі.
Балабақшада көркемдік тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда баланың өзі өмір сүретін ортаны бақылату арқылы, көргендерін есте сақтауға, қабылдауға, арнайы қабілеттілігін дамытуға көңіл бөліп, бейнелеу іс-әрекеті дағдыларын меңгерудің жолдары қарастырылуда. Бейнелеу өнерінің түрлері жайында жас ерекшелігіне сәйкес алғашқы түсініктер беріп, қылқалам шеберлерінің туындыларымен таныстыру арқылы көркем өнерге қызығушылыққа тәрбиелеуде "Балбөбек" бағдарламасының "Өнер көзі халықта"- бөлімі дайындалды. Бұл бөлімде балаларға көркемдік тәрбие беруде айнала қоршаған өмірдегі, болмыстағы, табиғаттағы, көркем өнердегі әсемдікті қабылдау, оған қызығушылық сезімдерін тәрбиелеу, ой-өрісін кеңейтіп, көркемдік таным, түсінігін, сұлулыққа деген сүйіспеншілігін арттыру, көркемдік талғамын қалыптастыру мақсаты қойылады.
Көркемдік тәрбие әдістерінің мәні балалардың жас ерекшелігіне де тәуелді. Сәбилерді әсемдік әлеміне тарта отырып, тәрбиеші оның назарын жапырақтардың күзде қандай болатындығына, бөлмеде реттілік, тазалық болудың қандай тамаша екендігіне аударады. Ересек топ балаларына үлкендердің көмегімен қоршаған дүниені белсенді "жасампаздықпен", бірақ олардың шама- шарқы жететіндей етіп өзгерту міндеті қойылады. Олар бақылап және бағалап қана қоймай, ойын бұрышын, дербес көркем өнер бұрышын безендіруге қатысып, гербарий және басқаларды жасай білулері тиіс. Сөйтіп, бақылағьштықты, дербес әрекет етуді, өз іс-ерекеттерін жоспарлауды және ойын жүзеге асыруды қалыптастыру әдістері тәжірибеде қолданылады.
