Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Гос ответ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
56 Кб
Скачать
☆

86 Сұрақ. Моллюскалардың морфологиясы. Моллюскаларды қолдан өсіруді дамыту және кәсіптік пайдалану

Жұмсақденелілер , былқылдақденелілер немесе моллюскалар (лат. Mollusca, латын molluscus – жұмсақ) – омыртқасыз жануарлардың бір типі. Қазба қалдықтары кембрийге дейінгі тау жыныстарынан табылған. Моллюскалар мұхитта, теңізде, құрлықта, аздаған түрі тұщы суда таралған. Бұлардың 2 тип тармағына: бүйіржүйкелілер және бақалшақтыларға жататын 130 мыңнан астам түрі жатады. Қазақстанда 36 тұқымдасы, 69 туысы және 300-ге жуық түрі кездеседі. Денесі сегменттерге бөлінбеген (тек кейбір төм. сатыдағы өкілдерінде метамерияның белгісі байқалады), бас, тұлға және аяқ бөлімдеріне бөлінеді. Басында аузы, көпшілік түрінде қармалағыштары, көзінің бір бөлігі болады (кейде көздері жартылай немесе толықтай редукцияға ұшыраған). Қосжақтаулы Моллюскалардің тіршілік ету ерекшелігіне байланысты бас бөлімі жойылған. Тұлға бөлімі қапшық тәрізді болып, арқасына қарай өседі, оны ішкі қапшық деп атайды. Онда ішкі мүшелері орналасады. Денесінің сырты кутикула қабатымен қапталған, ал оның сыртын тек Моллюскаларға тән мантия (тері қатпаршағы) жауып тұрады. Мантия мен денесінің аралығындағы мантия қуысында желбезектері (тыныс алу органдары), кейбір сезім мүшелері орналасады, онда жыныс және зәр шығару органдарының сыртқы тесіктері, аналь тесіктері ашылады. Мантияның сыртқы қабатынан бақалшақ түзіледі. Ол: сыртқы (органик. заттан), ортаңғы (қалың ізбестен), және ішкі (жұқа, жылтыр) қабаттардан тұрады. Моллюскалардың тіршілік етуіне және атқаратын қызметіне қарай аяғының құрылысы да әр түрлі. Қозғалмай тіршілік ететіндерде (мыс., устрица), кейбір паразит бауыраяқтыларда аяқ мүлдем болмайды. Моллюскалардың басқа омырт-қасыздардан ерекшелігі – ас қорыту жүйесіндегі жұтқыншақ бөлімінде қоректі ұсақтайтын ерекше аппарат радуланың (үккіштің) болуы. Қан айналу жүйесі ашық. Жүрегі қарыншадан және екі жүрекшеден тұрады. Тыныс алу жүйесі алғы желбезектер (ктенидия), бірақ кейбір түрінде олар жойылып, тыныс алу қызметін мантияның жұқа қабаты – өкпе атқарады. Зәр шығару жүйесі, көбінесе қос бүйректен тұрады. Жүйке жүйесі шашыранды-түйінді. Төм. сатыдағы Моллюскалардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы сақинадан және төрт ұзына бойлық бағаналардан тұрады. Ал жоғары сатыдағыларда жүйке клеткалары шоғырланып, дененің әрбір бөлімінде жұп жүйке түйіндерін (ганглияларын) құрайды. Моллюскалардың көпшілігі дара жыныстылар, араларында гермафродиттер де кездеседі. Жыныс диморфизмі байқалмайды. Басаяқтылардың, бауыраяқтылардың көпшілік түрі іштей ұрықтанады, қалғандары сырттай ұрықтанады. Даму жұмыртқалары спиральді бөлшектеніп, детерминативті жолымен жүреді. Төм. сатыдағыларында жұмыртқасынан трохофора дернәсілі, ал көпшілігінде трохофоралық дернәсіл-велигер (желкен) шығады. Моллюскалар балық, құс, сүтқоректілердің қорегі болып саналады. Кейбір Моллюскалар адам мен мал гельминтоздарын тудыратын паразиттер, ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестері.

88 Сұрақ. Arthropoda типі. Буынаяқтылардың морфофизиологиялық ерекшеліктері. Буынаяқтылардың систематикасы

Буынаяқтылар (Arthropoda) — омыртқасыз жануарлар типі. Олар теңіз, мұхит суларында, өзен мен көлдерде, топырақта, үңгірлерде, орманда, ашық далада, шөлді жерлерде тіршілік етеді. 1,5 млн-нан аса түрлері белгілі. Буынаяқтылар 4 тип тармағына бөлінеді: желбезектыныстылар (Branchіata), хелицералылар (Chelіcerata), трилобиттәрізділер (Trіlobіtomorрha), кеңірдектыныстылар (Tracheata). Бұлардың дене құрылысы айқын сақиналарға жіктелген, 2 жақтаулы симметриялы. Аяқтары буын-буынға жіктелгендіктен Буынаяқтылар болып аталған. Денесі бас, көкірек және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Дене сыртын хитин қабығы (кутикула) жабады. Ол қорғаныш әрі сыртқы қаңқа қызметін атқарады, оған бұлшық еттері жабысып бекиді. Буынаяқтылардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы ганглиядан және құрсақ тізбегінен тұрады. Сезім органдары — иіс, дәм сезу мүшелері жақсы жетілген. Буынаяқтылардың өздігінен көре алатын фасетті көздері және тек жарықты сезе алатын көзшелері болады. Аяқтарының буындардан тұруы олардың жүрісін бағыттап отыруға, алуан түрлі күрделі қимылдар жасауға мүмкіндік береді. Қан айналу жүйесі ашық, жүрегі көп камералы. Буынаяқтылар денесіндегі целом қуысы, алғашқы қуыспен бірігіп кетіп, дененің тұрақты қуысын (миксоцель) құрайды, мұны аралас қуыс дейді. Тыныс алу жүйесі — желбезектерден (суда тіршілік ететіндерде), өкпе мен кеңірдектен (құрлықтағыларында) тұрады. Ас қорыту жүйесі ауыз қуысынан басталып, аналь саңылауымен аяқталады. Алдыңғы, ортаңғы және артқы (без қызметін атқаратын мальпигий түтік тәрізді өсінділерін түзеді) ішектері болады. Зәр шығару жүйесі суда тіршілік ететіндерінде көкірек аяқтарының түп жағында, ал құрлықтағыларында мальпиги түтігінде (артқы ішектің түтік тәрізді өсіндісі) орналасқан. Буынаяқтылар дара жынысты, кейбір түрлері жыныссыз (партеногенездік) жолмен көбейеді. Эмбрионалдық дамуы көп жағдайда түрленіп өтеді, сондықтан дернәсілдер мен ересек түрлерінің арасында айырмашылық көп. Буынаяқтылардың өсуі мен дамуы түлеуге байланысты, яғни олар түлеп, бұрынғы қатты қабығын (кутикуланы) тастаған сәтте ғана өседі. Буынаяқтылардың маңызы өте зор. Мысалы, кейбір шаянтәрізділер тағам ретінде пайдаланылады, жібек құртынан өнеркәсіп шикізаты алынады. Олармен балықтар, сүтқоректілер қоректенеді. Кейбір түрлері улы келеді (қарақұрт, бүйі, шаян, т.б.). Бұлардың ішінде масылдық тіршілік ететіндері немесе жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын адамға және жануарларға жұқтыратындары да бар (мыс., қан сорғыш кенелер, т.б.). Қазақстанда Буынаяқтылардың барлық кластарына жататын түрлер кездеседі. Олардың зиянды және масылдық түрлері, сондай-ақ, бау-бақша, егін зиянкестері зерттеліп, биол. және экол. ерекшеліктері анықталуда.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]