Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ТОЛЕУОВА сонгы 101.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
172 Кб
Скачать
☆

2.1 Халықтық мұраны пайдалана отырып оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру

Халқымыздың бай мұрасының бала тәрбиесінде алар орнының маңызы өте жоғары. Бұл мұра арқылы оқушы тұлғасын адамгершілік бағытта тәрбиелеуге мүмкіндік туады. Келтіре кетсек. Халық шығармаларының арасында мектеп оқушыларына адамгершілік тәрбие беру құралдарының бірі мақал-мәтелдер болып табылады. Шын мәніне келгенде: «Мақал-мәтелдер – тура мағынасына орай астарлы ой бере алатын ықшамды нақыл сөз». Мақал-мәтелдердің айтар ойыңа ой қосатын, тілге икемді сөздің мәйегі екенін де айта кету орынды. Мақал да, мәтел де образды халық сөзі болып табылады. Мақал - халық тәжірибесінің қысқартылған афоризмдік көрінісі, мәтел - қандай да бір өмір құбылысына баға беретін бейнелі сөз. Мәтелдерде метафора, салыстыру, гипербола, идиомалық бейнелеу көп қолданылады.

Қазақ мақал-мәтелдерін зерттей келе, халқымыздың мінез-құлық, адамгершілік нормаларына, ойлау мәдениетіне, өнерге, туған жерін қадірлеуге, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, т.б. қойылған талаптарын да тұжырымдауға болады. Мысалы, адамгершілік пен мінез-құлыққа байланысты «Жаны сұлудың – тәні сұлу», «Түсі игіден түңілме», сөйлеу мәдениетіне байланысты «Сөздің көркі – мақал», «Мағынасыз сөз болмайды, мақалсыз ел болмайды» деген мақал-мәтелдер айтылар ой-пікірдің әрі қысқа, әрі нұсқа болуын, мақал адамның тіл байлығын, сөздік қорын, ақылын, ой-өрісін, сөйлеу мәдениетін байқататынын ескертеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ердің өзіне қарама, сөзіне қара», «Ер бір сөзді» деген халық даналығы жас жеткіншектерді сөз мәдениетін меңгеруге, уәдесіне берік болуға, зерделі сөйлеуге шақырады.

Отанды қорғау, батырлық, ерлік туралы туындаған халық мақал-мәтелдері негізінен халықтың ой-тілегі, арман-мүддесі, отансүйгіштік сезімі қандай екенін байқатып отырады. Мақал-мәтелдегі туған жердің қасиетін, оның байлығын жоғары бағалап, ардақтаған халық оларды қорғау әрбір азаматтың міндеті деп санаған. Егер туған жерге ойран салуды көздеген шапқыншы жау болса, оған қарсы аттану ер жігіттің азаматтық борышы деп бағалаған. Туған жердің қадір-қасиеті туралы балаға әңгімелемей-ақ, «Туған жер – алтын бесік», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Отан от басынан басталады», т.б. деп, Отан-Ананың адам өмірінде алатын орнын, маңызын бір-екі ауыз сөзбен жеткізген.

Сондай-ақ «Ер еліне, гүл жеріне» немесе «Батыр мың қол бастайды, шешен тар жерде сөз бастайды» деген мақал-мәтелдер аз сөзбен көп мағынаны ұғындырады. Сонымен қатар мақал-мәтелдерде ел қорғап, жауды талқандап, ерлік жасаған немесе қара қылды қақ жарған, қиядан тартып жол салған ер, батыр бейнесінен мағлұмат беруге кең көңіл бөледі. Бұл туралы «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра», «Ер жолдасы – тәуекел», т.б. мақалдарды атап өтуге болады.

Қаһармандық жасау тек Отанын, ел-жұртын сүйген адамдардың ғана қолынан келеді. Олар қандай қиыншлықтар кездессе де үрейленбей, мұңаймай ажалға қарсы шабады деп сипаттайды. Батырдың күшін оның ақылы мен айласында деп сипаттайды. Мұнымен қатар халық ісі үшін қажымай күресіп ерлік жасаған, ел сүйіп батыр атанған адамдардың мінезіндегі жақсы қасиеттер де мақал-мәтелдерден орын алған. Яғни турашылдық, әділдік, айтқан сөзден қайтпаушылық, достыққа адал болу, қарапайымдылық, т.б. қасиеттер екендігін аңғартады. Бұл қасиеттер «Ердің екі сөйлегені - өлгені, еменнің иілгені – сынғаны» немесе «Жау төнгенде батыр бол, дау төнгенде ақыл бол» деген ғибрат сөздермен дәлелденеді.

Сондай-ақ батырлардың ерлігіне сай қырағылық, сақтық жайлы да мақал-мәтелдердің орнын ерекше айтуға болады. Мысалы, «Сақтықта қорлық жоқ», «Ежелгі жауда елдік жоқ» деген нақыл сөздер батырлардың қаһармандық сипатын нақтылай түседі.

Ер баланың өнерлі болып жетілуіне халқымыз көптеген жағдайлар жасаған. Өнерлі адамды қадірлеп, қастерлеген. Сондықтан болар «Өнерлі бала сүйкімді», «Өнерліге өріс кең», «Бес саусағынан бал тамған өнерлі жігіт», «Жігітке өлең де - өнер, кәсіп те - өнер», «Жігіт адамға жетпіс өнер де аз», «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар», «Өнер – ердің қанаты» деп санаған. Өнерлі жігіттердің өсуі ел мақтанышы екенін айтуымыз орынды.

Ал, керісінше еңбектен бойын аулақ салатын, өнерден құр алақан, жатып ішер жалқау, қолынан іс келмейтін олақ жандарға халық мүсіркей қарап, «Жалқауға жылқы бермей, ұйқы берген, жаманға ақыл бермей, күлкі берген», «Сылбырдың сылтауы таусылмайды», «Алтынды еріте білген - жігіттер, теріні илей білмеген - мігіттер», т.б. дей отырып, жалқаулықтан арылуға, адал, жемісті еңбек етуге шақырады.

Қазақтың халық педагогикасының басты мәселелері бала, отбасы тәрбиесіне негізделген. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Әке – бәйтерек, бала –жапырақ», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», т.б. мақал-мәтелдер арқылы отбасындағы бала тәрбиесіндегі ата-ана ролінің маңызына зор көңіл бөлінгенін байқаймыз. Бұдан отбасында ата-аналардың, үлкендердің балалар мен жастарға үлгі көрсетуде қойылар отансүйгіштік тәрбиенің талап деңгейі әрдайым жан-жақты, биік болғанын байқаймыз.

Ал қазақ мақал-мәтелдеріне жоғарыда келтірген мазмұнды шолуымыз отансүйгіштік тәрбиеге үлкен мән беретін ұлтымыздың даналығын аңғартады.

Мақал-мәтелдер бойынша халық ойындағы, тәрбиесіндегі батырлар бейнесін сипаттасақ, мынадай көрініске куә боламыз:

  1. Тәуекелге бел буу, шешім қабылдау;

  2. Жауға шапқанда батырлық көрсету;

  3. Бір сөзділік, уәдесіне берік болу;

  4. Сақтық, қырағылық;

  5. Өнерлілік;

  6. Сөзден іске көшу.

Халық шығармашылығының ауызекі поэтикалық түрлерінің бірі – жұмбақ айту. Жұмбақтар белгілі бір мазмұнға құрылады, олардың дүниетанымдық, тәрбиелік мәні жоғары болып келеді. Жұмбақтар қандай да бір затты немесе құбылысты басқаша поэтикалық тілмен жеткізуге құрылған фольклордың бір жанры. Құрылымы жағынан жұмбақтар қара сөз, өлең және айтыс түрінде де кездеседі. Қазақ әдебиетінде батырдың бес қаруын сипаттауға арналған жұмбақтар кездеседі. Мысалы:

«Ұшы үшкір, сабы бар,

Екі жүзі қайраулы.

Бауы менен қабы бар,

Белде жүрер байлаулы» (Қанжар).

Сондай-ақ:

«Сүмбелі теректі,

Қызыл желекті,

Ерден қалмайды,

Жауда керекті» (Найза)

немесе

«Сырты ағашпен қабатталған,

Ілініп бір бөлшегі салақтаған,

Асылды ішіндегі алсаң тартып,

Тіліндей оқ жыланның жалақтаған» (Қылыш) [66,67].

Қазақ халқында жұмбақтар ой-өрістің, танымның да маңызды элементтерінен құралады. Академик М.О.Әуезов: «Кейде бүкіл бір ертегі жұмбақтан тұрады. Әңгіме, әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған», – деп келтіреді [68]. Бұл пікірдің ақиқаттығы соншалық, ерте заманда жар таңдаған қыздар жігіттің ақыл-ойын, өнерін, қайсарлығын, адамгершілік қасиеттерін байқау үшін, оларға өз ойын жұмбақ түрінде айтатын болған. Мысалы, «Аяз би» ертегісінде Жаманды шынын айтпағаны үшін дарға аспақшы болады. Бірақ жендеттер дарға аса бергенде, ақ боз атты, ақ киімді, бетіне ақ перде жапқан кісі келіп, қылышты көкірегіне көлденең тастап жүре береді. Жаман есіне келіп, жендеттерге мені ханға алып барыңдар дейді. Жаман: «Тақсыр, манағы айтпаған себебім мынау еді. Мен барып Уалыбай

қызына сырттан хабарласқанда, ол маған шыны табақ, бір қайрақ, бір пышақ, бір гауһар тас беріп жіберді. Бұл жұмбақтың шешуі: «Қайрақтай болып қақ бөлінгенше, табақтай болып уатылғанша, пышаққа түсіп басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі – мына гауһар тастай жарып мені алады», - деген еді. Мен солай істеуге уәдемді берген едім. Сондықтан сізге шынымды айтпадым. Қыз мені аяп, өзі ақ боз атқа мініп келіп, дардың шетін қиып, көкірегіме қылыш тастап кетті. Ол жұмбақтың шешуі: «Мен үшін күнәсіз өлме, ерлігіңді көрдім. Қылыш үстінде серт жүрмеуші еді, антыңды қайтып ал», - дегені еді. Өзі рұқсат берген соң ағымнан жарылып отырмын», - деп Жаман сөзін аяқтайды [69]. Қазақ халық ертегілеріндегі ел билеген патшалар мен хандардың қыздарының жар таңдаудағы талап-тілектері осыған сәйкес келеді.

Жұмбақтар әрқилы жағдайларға ұшырап, қауіп-қатерге басын тігіп жүретін батырлардың өмірінде үлкен роль ойнады. Себебі батырлар сөзбен, ишаратпен жұмбақтау арқылы сүйгенінен, жақын туыстарынан, достарынан хабар алып тұратын болған. Бұл батырлардың ақылдылығын, ойлылығын, тапқырлығын көрсетеді. Қазақ халқы табиғат көріністерін, құбылыстарын да жұмбақ түрінде бейнелеп көрсететін болған. Жұмбақтау арқылы зат пен құбылыстың атауын баланың ойына сіңіру оның есте сақтау қабілетін, зеректігін, ойлау қабілетін дамытады.

Халқымыздың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары жасөспірімдердің әдептілік нормаларының қалыпты дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге туған жерін, Отанын сүюге, туыс-бауырларын құрметтеуге, жақсы мен жаманды, қас пен досты айыра білуге баулиды, халықтың жасампаздығы мен оның даналығынан хабардар етеді. Мектеп оқушыларына қазақ әдебиетін тереңдете оқытатын факультативтік курстарда, сыныптан тыс уақытта мақал-мәтелдерді талдап оқытудың маңызы зор.

Қазақ халқының отансүйгіштік тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі – ертегі. Ертегілердің мазмұнында халықтың тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара қарым-қатынастары мен мінез-құлықтары, адамдардың еңбексүйгіштігі, өз халқына, Отанына, туып-өскен табиғатқа деген сүйіспеншіліктері бейнеленген. Т.Барласұлы ертегінің адам баласына беретін тәлім-тәрбиелік, рухани маңызы жөнінде айта келіп: «Ертегі – рухани тәрбиелік мәні аса зор, көзіміз көріп, құлағымыз ести алмайтын, тек ақылмен ажыратып, жүрекпен ғана түйсіне алатын, материалдық әлеммен бірге шегі жоқ рухани әлем болмысының біртұтас түсінікті баян етілген көрінісі», – деп анықтама береді [70].

Сондай-ақ халық ауыз әдебиетіндегі жақсы айтылған ертегінің жасөспірімдер ғана емес, ересектердің де ой-өрісі мен дүниетанымының кеңеюіне тигізетін әсері мол. Мұндай ертегілерді оқушылар бос уақытында оқи отырып, халықтың қиялға құрылған өмірінен сабақ алады. Оқушылардың мектеп сахнасында өздері оқыған ертегілерді қойылым ретінде көрерменге көрсетуіне мүмкіндіктері бар.

Ертегілердегі батырдың сипатын былай беруге болады:

1 Батырдың ерекше сипатты жаратылысы (дүниеге келуі, физиологиялық өсуі, ерекше тұлғалы болуы);

2 Көзсіз ерліктері (мергендік, алып күш иелерімен кездесуі, ерекше оқиғаларға тап болуы);

3 Туған-туысқандарына, бауырларына, ауылдастарына мейірімді, қайырымды болуы, халық қамын ойлауы;

4 Ертегіде батырдың айнымас серігі – тұлпарының ерекше сипатты болуы (сөйлеуі, бапталуы, иесін кедергілерден алып шығуы).

Батырлық ертегілердің келесі бір тобын қаһармандық дастандар құрайды. Негізінен бұл шығармаларда өмірде, тарихта болған, батырлығымен елге танылған батырлардың ерлігі әсірелеу жағдайында жыр күйінде сипатталады. Мысалы, «Мұңлық - Зарлық», «Құбығұл», «Қасым - Жомарт», «Патшаның ұлы Әбдімәлік», «Жүсіп - Зылиха», «Атымтай Жомарт», т.б. жырларды атап өтуге болады. Әдетте дастандарды жыраулар мен жыршылар орындаған. Мұндай дастандар төмендегіше бөлінеді:

  1. Ғашықтық дастандар;

  2. Хикаялық дастандар;

  3. Тұрмыс-салт дастандары;

  4. Қаһармандық дастандар.

Біздің негізгі бағытымыз қаһармандық дастандарға арналады. Мұнда кейіпкердің қаһармандығы психологиялық тұрғыдан сипатталады: «Әділдік, адамгершілік, шындық, зеректік, ақылдылық, адалдық, тапқырлық жеңеді», - деп айтылады [71].

Мысалы, «Жүсіп - Зылиха» дастанында Жүсіптің он қасиеті бар: «Әуелі – орта бойлы, гауһар көзді; екінші - өзі сұлу, көркем жүзді; үшінші – жетпіс екі тілді біледі; төртінші – шапағатты, инабатты; бесінші – адал жүрек, бек айбатты; алтыншы – қырық кісінің жігері бар; жетінші – діні таза зиянатты; сегізінші – залым емес, ойлар хақты; тоғызыншы – пайғамбардың нәсілінен; оныншы – мінезі артық, шапағатты» [72].

Демек мұндай адами, қаһармандық қасиеттерді сипаттауда негізінен шығыстық мотив үлгі ретінде алынады. Жүсіптің қаһармандығын «адал жүректілік» негізінде түсіндіргеніне тоқталамыз. Себебі бүгінгі жеке тұлғаның бойындағы осы адал жүректілікті шынайы отансүйгіштікпен салыстыра түсіндіруге болады.

Мұндай теңеу қаһармандық дастандардың ішінде «Мұңлық - Зарлық» жырында кездеседі: «Қызыр Ілияс Ғайып Ерен Қырық Шілтен ұлының атын

Зарлық қойды, қызының атын Мұңлық қойды. Ата-ананың жүзін көрмеді деп Зарлыққа жүз ердің күшін пайда қылды, һәм садақ тартуды үйретті. Қызға ана жүзін көрмеді деп жеті ғалам елінің өрнегін үйретті» [73].

Сондай-ақ ерлікпен қатар сұлулықты, нәзіктікті де насихаттайды. Халық сыртқы сұлулықтың адамның ішкі рухани байлығымен, оның ақыл-ойының тереңдігімен, моральдық қасиеттерінің жоғары болуымен, ержүректік, батырлық, отансүйгіштік, ізгілікті терең сезімімен үйлесімді болуын талап етеді.

Орыс педагогі А.В.Сухомлинский: «Ертегі – халық мәдениетінің рухани байлығы, оны тану арқылы бала туған халқын жүрегімен танып біледі», – деп орынды айтқан [74]. Демек ертегінің қай түрін алсақ та, онда халықтың отансүйгіштік, елін, жерін сүюге, отбасының, бауырларының амандығын ойлаған арман-тілектеріне негізделген отансүйгіштік сезімі жатыр.

Қаһармандық дастандардың бір ерекшелігі олардың шығыстық үлгіде жазылуында болып табылады. Сондықтан бұл шығармаларда ер адамның қаһармандығымен қатар сұлулығы, өмірдің дінмен байланыстылығы орын алады.

Қазақ әдебиетіндегі көрнекті туындылардың бірі лиро-эпостық жырлар болып табылады. Халқымыз бұл жырларда тарихта болған оқиғаларды суреттеген. Лиро-эпостық жырлар халықтың сұлулық, сүйіспеншілік, адамгершілік, қаһармандық сипаттарды бір адамның бойына жинақтауға талпынысынан туған. Лиро-эпостық жырлардың арасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының негізгі тақырыбы ғашықтық пен адалдықты дәріптеу болып табылады. Дегенмен жыр компоненттерінің басым бөлігі отансүйгіштік тәрбиеге негізделгенін байқаймыз. Жырдың басты кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлу ғашықтықтың, адалдықтың символы болса, Қодар, Қарабайлар надандықтың, жауыздықтың көрінісін береді. Жырдың сюжеттік құрылымының тарихи деректермен байланыстылығын жер-су аттарының берілуімен түсіндіруге болады, ал басты кейіпкерлердің өмірде болған жандар екенін біз Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ескерткішінен білеміз. Мұндағы ерлік образы батырлық жырымен салыстырғанда тамаша сомдалады. Мысалы, Қодар мен Айбастың соғысында:

«Қай адам ер Айбасқа теңеледі,

Үш қыз да қызығына кенеледі.

Қойға қасқыр шапқандай бөріктіріп,

Талқан қылып ордадан жөнеледі», - деп сипатталады.

Сондай-ақ «Зерде» журналында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының оқиғасы Ақтөбе өңірінде болғандығы» туралы мәліметтер айтылады. Мысалы:

«Су аяғы құрдымнан іздеп едім,

Қозы Көрпеш шын жарың, келін бала», - деп Айбас айтады деп келтіріледі. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры шамамен ХІІІ-ХІҮ ғасырларда пайда болған. Қозы мен Баян өмірде болған адамдар делінеді. Жырдың негізгі идеясы – мөлдір махаббат тақырыбын жырлау. Дегенмен мұнда ерлік, қаһармандық тақырыбына арналған элементтер де бар [75]. Осы жырда Қозы Көрпеш туралы:

«Қайыспас Қозы Көрпеш кетті сері,

Қойдай маңырап артында қалды елі.

Басында тәңірі артық жаратқан соң,

Артында жұрт шуылдап салды үнді», - деп келтіреді [76]. Яғни батырлар жырындағыдай аңқау батыр емес, айлакер, соғыс тәсілдерін білетін батыр образында айтылады. Мұнда:

«Бұл жерде аттан Қозы түседі енді,

Өзіне бір Тазшаның реңін берді», - деген жолдардан көруге болады. Бірақ жыр соңында Қозы Көрпеш ерлік көрсетіп емес, махаббат жолында құрбан болады. Мұның өзін де қаһармандық деп бағалаған дұрыс.

Қазақтың әлемге белгілі лиро-эпостық жыры - «Қыз Жібек». Бұл жырды негізінде ХҮІІ ғасырда пайда болған деп тұжырымдайды. Жырдың нұсқалары басқа эпостық шығармалардай көп емес. Мұның өзі де «Қыз Жібек» жырының кейін пайда болғандығын аңғартады. Мазмұнында Базарбай байдың баласы Төлеген батыр өз қалыңдығы Сырлыбай ханның қызы Қыз Жібекті алып келуге шығады. Бірақ әкесі Базарбай баласына теріс бата береді. Соның салдарынан Төлеген Бекежанның қастандық әрекетінен қаза табады. Төлегеннің інісі Сансызбай ағасын іздеп шығып, қалмақ ханы Қореннің Сырлыбай ауылын қамап жатқан кезіне тап болады. Қоренмен жекпе жекке шығып, оны жеңеді. Екі жас қосылып, мұрат-мақсатына жетеді. Жырдың негізгі идеясы – махаббат жолындағы ерлік күресін бейнелеуден тұрады. Мұнда Төлеген батырдың ерлігі, ел намысын қорғауы, сүйген жарға адалдығы, қайтпас қайсарлығы батырға тән қасиеттер болып табылады.

Лиро-эпостық жырларда батырларды қаһарлы, сұсты етіп көрсетуден гөрі сұлу, көркем, нәзік жүректі, адал, мейірбан деп суреттеу басым. Бірақ батырдың бұл қасиеттері оның ерлік жасауына, қарсыласымен күресуіне кедергі келтірмейді. Яғни бұл жырларда халықтың эстетикалық талап-талғамы басым түсіп тұрады.

Қазақ фольклорының келесі бір маңызды, көлемді түрі – батырлық жырлары. Бұл шығармаларды қазақ халқының осы кезге дейін ұлт болып қалыптасуының отансүйгіштік негіздегі тарихнамасы деп айтуға болады. «Батырлар жыры – халықтың өткен өмірінің жанды көрінісі. Оның күші – халық мүддесін қорғайтын рухында, қоғамның ілгері басуына қажет қасиеттерді адам санасына, жүрегіне сіңіре білуінде. Сондықтан да батырлар жырының әлеуметтік, мәдени, тәрбиелік маңызы орасан күшті» екенін дәлелдей түседі [77].

Халқымыздың эпостық жырларының мазмұнына еңбексүйгіштік, отансүйгіштік, әйел затына, үлкен ақсақалдарға құрметпен қарау, адамгершілік, имандылық, батылдық, балаларға қамқорлық, мейірбандық, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік, т.б. тақырыптар арқау болады. «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларындағы басты идея – халықтық ізгілік пен отаншылдық қасиет болып табылады. Батырлардың ерлігін көрсетудегі белгілері – басқыншыларға, дұшпандарға, билеуші-қанаушыларға қарсылық көрсетуі, мінез-құлқындағы ең жақсы қасиеттер – жан дүниесінің тазалығы, турашылдығы, теңдесі жоқ ерлігі, халыққа шексіз берілгендігі, Отаны үшін өзін құрбан етуге дайын тұратындығы ашып көрсетіледі. Олардың мұндай қасиеттерін «Ер Тарғын» жырындағы батырдың бейнесін сипаттауға арналған:

«Қабағынан қар жауып,

Кірпігіне мұз қатып,

Жауырыны жазық, мойны ұзын,

Атарына қолы ұзын,

Құланды қақтан қайырған,

Егескен жауды елі мен

Алтын тақтан айырған», - деген үзінділерден көруге болады [78]. Эпостық жырдағы батырлардың ерлігі, олардың жауға шабардағы кескін-келбетінің өзі де қаһармандық сезім тудырады.

Қазақ батырларының қаһармандық бейнесі елдің тыныштығын, бірлігін сақтау, жаудың шапқыншылығына, зорлық-зомбылығына жол бермеу идеясынан туындайды, сондықтан батырлардың нақты іс-әрекеттері сипатталады. Ондай мақсатқа жету үшін әрі батыр, әрі ақылды ер керек. Алпамыс «Батыр туса – ел ырысы» дегендей, нағыз халықтың бағына туған ұл болады. Батыр елге қиянат жасаған хандарды жеңіп қана қоймай, олардың орнына адал, әділетті адамдарды қояды. Бұл Алпамыстың қайратты батыр болуымен қатар, парасатты ақыл иесі екенін көрсетеді. Батырдың тағы бір қасиеті – достыққа адалдығы. Ол Қаражан мен Кейқуаттың достығын жоғары бағалап, олар үшін жанын аямайды, сөйтіп оларды қиындықтан құтқарып, үлкен дәрежеге жеткізеді. Сонымен бірге жырда батырдың айлалы, өнерлі екендігі көрінеді. Зынданда жатып, серкенің мүйізінен сырнай жасауы – осының айғағы.

Батырлардың қайратын да, парасатын да асқақтата жырлау, жалпы жұртқа үлгі етіп ұсыну, оларды ерте есейген, ел қамын жеген қамқор жандар етіп суреттеу жырларда қалыптасқан желі болып табылады. Тарихта болған, өмір жолдары мәлім Едігенің өзін халық санасы әділдік пен ақылдылықтың, қайсарлықтың асқар биігі етіп дәріптейді. Мысалы:

«Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Ел шетіне жау келсе,

Мен шығайын дер екен», - деп сипаттайды [79].

Батырлық жырларында батырдың тұлғасын толықтырып тұратын адал жарын суреттеуге орын беріледі. Бұл жерде халықтың адалдықты, ерді сыйлауды, ізгілікті көксегені көрінеді.

Сонымен бірге «Ат – ердің қанаты» деген сөзде үлкен мән бар екенін айтуымыз қажет. Қай жырды алып қарасаңыз да ат батырдың жақын досы, серігі ретінде суреттеледі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Құртқаның Тайбурылға қырық күнге шейін қулықтың, қысырдың сүтін емізгені, шөптің нәрлісін жегізгені, түндіктен күн бергені, кекілін, жалын тарап, баласындай мәпелегені, алтыннан оюлап жабу жауып, арнайы ер-тұрман қақтатқаны осыған дәлел. Сол сияқты «Қамбар батыр» жырында Қамбардың өз тұлпарына достық сезімін білдіруі, оның сұлулығын мадақтауы, соның көмегімен бетпе-бет келген жолбарысқа қорықпай қарсы шабуы осының айғағы болып табылады [80].

Осындай бір-бірімен байланысты ерлік дәстүрлерінің отансүйгіштік мәні ерекше. Біріншіден, қазақ халқының жылқы жануарына деген өзіндік көзқарасын, ілтипатын, сүйіспеншілігін көрсетсе, екіншіден, тыңдаушының көркемдік талғамын жетілдірудің, поэтикалық жырға деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Демек батырлық жырларын отаснүйгіштік тәрбие берудің негізгі көзі деп айтуымызға болады.

Батырлық жырларындағы батырдың бейнесін былайша сипаттауға болады: батырдың жаратылысы ерекше, ол халықтың ұлы болып өседі, өмірінде адал жарын табады, сүйгеніне қосылады, соның көмегімен өмір жолында көптеген ерлік істерін басынан кешіреді, адал жары батырға ер қанаты тұлпарын таңдап, баптап, жорыққа шығаруына көмектеседі. Батыр халық қамын ойлайтын ізгі жан болып табылады.

Халық ауыз әдебиетінің негізін құрайтын батырлық жырлары оқушылардың рухани ой-өрісінің дамуымен қатар, отансүйгіштік сезімінің оянуына әсер етеді. Мектеп оқушыларына «Қазақ әдебиеті» пәнінің аясында батырлық жырларын оқыту отансүйгіштік тәрбие берумен бірге адамгершілікке тәрбиелеуге де көмегін тигізеді. Яғни эпостық жырлардағы кейіпкерлердің өз Отанын, елін қорғаудағы ерлік дәстүрлері, туған-туыс, бауырларын, сүйген жарын құрмет тұтуының барлығы да жасөспірімнің рухани дамуына жетелейді.

Халқымыздың ерекше қастерлейтін рухани мұраларының бірі – шежіре. Шежіре негізінен атадан балаға ауызекі түрде таралады. Қазақ халқы әсіресе ер баланың өз руын, ата тегін білуіне сахара халқының заңы ретінде қараған. Сондықтан да халқымыз ата тегін білмеген адамды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп кемсітетін болған.

Қазақтың ағартушы-демократы Ш.Уәлиханов: «Қазақ шежіресі бұрыннан келе жатқан дәстүрден ауытқымайды, олар шығу тегін таратқанда ортақ бір кіндіктен тарайтындығын қатты діттейді», - деп көрсетеді.

Мұның өзі ұрпақ тазалығын, елдің бір-бірін тануы мен бауырмалдығын нығайтуға септігін тигізеді. Шежіренің тәлім-тәрбиелік құндылығы жайлы деректемелерге сүйенсек: «Шежіре – құрғақ хронология немесе адам аттарының жалаң тізімі емес. Қазақ шежіресінің тарихи айқындамасы туыстық байланыстарды саралауға негізделген», - деп келтіреді. Яғни ру ішінен жеті атаға дейін қыз алысуға қатаң тиым салынады. Ал мұның өзі неке салдарынан болатын әртүрлі кеселдерден қорғануға мүмкіндік береді.

Қазақ шежіресінің педагогикалық маңызын сөз ете отырып, профессор К.Ж.Қожахметова: «Өз шежіреңді білу - өз халқыңның тарихын тану», - деп көрсетеді.

Қазақ халқының шежіресі негізінен ауызекі түрде тарап отырған. Оны орақ ауыз шешендер, құйма құлақ шежірешілер немесе жыраулар жекелеген ру, тайпаның беделді батыр, билерінің ерлік дәстүрлерінен өнеге ретінде өлеңмен де өрнектеген. Мысалы, Шоңбай Жұбанұлы:

«Тамадан ерте шыққан Есет батыр

Кісі екен қысылғанда мыңға татыр.

Қалмақ пен Ойраттарды жер аударған,

Салыпты бастарына заман ақыр», – деп шежіреден мәлімет береді.

Сайып келгенде, халық шежіресі жүздің (ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз), рудың, тайпаның, әулеттің, отбасының шежіресі болып жіктеледі. Бұлардың негізі халықтың географиялық орналасуын, әкімшілік, шаруашылық ерекшеліктерін айғақтай түседі. Шежіренің батырлардың тұрғылықты жерін, шыққан елін анықтауда көмегі көп. Жасөспірімдердің отансүйгіштік қасиетін нығайтуда шежіренің мүмкіндігі зор. Шежірелер арқылы жас ұрпақты бауырмалдыққа, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, елдікті, тұтастықты, ұрпақ бірлігін, тазалығын нығайтуға тәрбиелеуге болады. Шежірені білу арқылы жас жеткіншек ұрпақтың жеті атасын білуі, жақын бауырларымен (жеті атаға толмайынша) қыз алыспау, т.б. заңдылықтарды сақтауының тәрбиелік мәні жоғары деп түсінуге болады. Демек, шежіре – қазақ халқының отансүйгіштік тәрбиесінің алтын діңгегі деп түсініп, оны бүгінгі ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеуде ұтымды пайдаланғанымыз жөн.

Ел аузында күні бүгінге дейін маңызы зор ғұрыптардың бірі – бата сөздері. Негізінен бата беруге, бата алуға біздің түркі халықтары, соның ішінде қазақ халқы аса зор мән береді. Бата сөздері ырғақты ұйқасқа құрылып, тілек сөздерден тұрады. Бата сөздер кез келген жерде айтыла бермейді, бата беру рәсімі де кез келген адамға тапсырылмайды, сондықтан бата тілектер жеке адамның атынан айтылмай, көбіне көптің атынан беріледі. Бата сөздері белгілі бір жағдайға байланысты қолданылады, мысалы, ұрпақ қалдыру, ерлік көрсетіп, жеңіспен оралу, ақ жол тілеу, т.б. Сондай-ақ бата тілектері орындалатын болғандықтан, олар магиялық сипатқа ие болып табылады. Мысалы, халықтың ауызекі шығармаларында баласыз жандар Бабай түкті шашты Әзиз, Қыдыр ата, т.б. кісілердің ақ баталарын алып, ол қабыл болып, ұлды болады. Ұлдары батыр, ер азамат болып өседі. Соғыс, жаугершілік кезінде бұл батырларды пірлері қорғап жүреді. Демек: «Бата сөздер – шағын ғана сөзбен халықтың ұлттық келбетінің негізгі белгілерін сипаттайтын идеялық және этикалық-моральдық талаптарын, ішкі ұмтылыстарын, ізгі тілектерін білдіре алатындай жанрлық ерекшелікке ие фольклор туындысы». Осыған орай, бабалар тағылымы тектілердің тура жолын таңдауға, Отанын, елін қорғауға негізделген бата беру туралы көп айтуға болады.

Батырлық жырларының қайсысын алып қарасаңыз да, бата жөнінде көп айтылады. Қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі – отаншылдық, туған жерге деген үлкен ілтипат, ыстық сүйіспеншілік. Дәстүрлі бата сөздерінің негізгі түйіні - өскелең ұрпақты батыр, өжет, адал, ел намысын қорғайтын намысшыл болуға үндеу болып табылады. Мысалы, Имаш атасы Бауыржан дүниеге келгенде былай деп бата береді:

«Алатаудың қыраны мол еді,

Қырағы болсын құлыным.

Қойнауы суға толы еді,

Бұлағы болсын құлыным». Сондықтан нәресте Бауыржанға батырлықтың, ерліктің даруы ақ батаның қабыл болуынан шығар деп түсінген жөн. Бата сөздерінде алдыңғы ұрпақтың ерлігімен елге танылған батырларына теңеуі жиі кездеседі, мысалы:

  • Ақ Меңтай бабасындай батыр болсын!

  • Ақ Молда батыр бабасындай мәрт болсын!

  • Бәйдібек батырдың аруағы қолдасын!

- Домалақ анамыз жар болсын! – деген қауымның батасы да қабыл болып, нағыз бабаларының ерлігі мен рухының қанқұйлы соғыста ерлік көрсетуге жетелегені деп түсінген жөн.

«Өр бол көкжал Барақтай,

Жауды бетке қаратпай,

Ұланы бол үш жүздің –

Құйрық пенен қанаттай» деген сөздер адам бойындағы отаншылдық сезімге қозғау салып, Отанның қадір-қасиетін түсінуге мүмкіндік береді. Жас ұрпақтың бойындағы үлкен қайрат-күшті бұрынғы ақсақалдар дұрыс пайдалана білген, оларды бір жерге топтастыра отырып, Отан қорғауға шақырған. Батагөй ақсақалдар арнайы жорыққа аттанып, жол жүріп бара жатқан ер азаматтарға құдайдан жалбарына сұрап амандық, жеңіс тілеген.

Сайып келгенде бата беру, бата алу ерлік дәстүрдің оңды іске асуына халықтың өз батырларының аман болуына, мұрат-мақсатқа жетуіне және жеңіспен оралуына септігін тигізетін халық мұрасы. Сондықтан болар, халқымыз: «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер», - деп бекер айтпаған. Қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – бата берудің рухани, танымдық маңызы зор. Бата сөздерінің жас жеткіншектің дүниеге көзқарасының дамуына, адалдық, әділеттілік, танымдық нормаларының қалыптасуына әсері мол. Бата тілектер оқушылардың ата-аналарының ақ тілегі мен өнегелі сөздерін құрметтеп, отансүйгіштік ойының дұрыс дамуына септігін тигізеді.

Мұның барлығы көпұлтты мемлекетімізде этномәдени білім беру проблемаларын өз мәнінде шешіліп жатқандығының айғағы. Ал бұл, өз кезегінде Қазақстан Республикасында этникалық-мәдени және мемлекеттік сәйкестілікке қол жеткізеді.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері этномәдени білім беру тәрбие жұмысында қатты қолға алынған.

Қазақстан осы үшінші кезеңде оқушыларды ұлттық мұра арқылы тәрбиелеуге бағытталған бағдарламалар мен тұжырымдамаларды жүйелеп, оларға мазмұнды сипаттама бердік.

Этномәдени білім берудің демократиялық және гуманистік стратегияларын түрлі мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін ескермей жүзеге асыру мүмкін емес. Қазіргі қоғамның маңызды сипаттының бірі азаматтардың ұлттық формалар мен нышандар арқылы жеке тұлғалық және топтық деңгейде дербес мәдениетті сақтауға ұмтылысы болып табылады.