Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тезисы лекций по КСМ РА 240316 оконч+.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
363 Кб
Скачать
☆

11.2.2.3 Қазақстанның дүние жүзі елдерінің саяси типологиясындағы алатын орнын анықтау

МЕМЛЕКЕТТЕРДІ ЖІКТЕУ

БАСҚАРУ НЫСАНЫ

Мемлекеттер басқару нысаны бойынша монархиялар (конституциялық және абсолютті) және республикалар (парламенттік, президенттік және аралас) деп бөлінеді.

Мемлекеттік басқару нысаны:

  • жоғарғы биліктің кімге тиесілі екендігін;

  • мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары қалай қалыптастырылатынын;

  • олардың құрылымы мен құзыреттері қандай екендігін;

  • олар бір-бірімен қалай өзара әрекеттесетінін;

  • халықтың мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу дәрежесінің қандай екендігін сипаттайды.

Басқарудың екі негізгі нысаны бар: а) монархия, ә) республика.

Басқарудың монархиялық нысаны билікті басқарушы мерзімсіз жүзеге асыратынын, ол мұрагерлікпен берілетінін және халыққа байланысты екендігін білдіреді. Монархия түрлері:

Абсолютті (Сауд Арабиясы): а) монарх билігі шектелмеген; ә) монарх билігі киелі және мызғымас; б) монарх өз қызметінде заңнан еркін; в) халық мемлекеттік органдарды қалыптастыруға және мемлекетті басқаруға қатыспайды; г) билік қатаң тәртіпке, бар тәртіпті және дәстүрді сақтауға мәжбүрлеуге және тырысуға негізделген.

Шектелген (конституциялық) монархияның екі түрі бар:

2.1. Дуалистік монархия (Марокко) - абсолютті монархиядан парламенттік монархияға өтпелі нысан болып табылады: а) монарх өкілеттіктері заң шығару саласында шектелген, бірақ атқару қызметінде кең; ә) атқарушылық билік монархқа тиесілі, ол оны өзі не болмаса үкімет арқылы жүзеге асырады; б) үкіметті монарх қалыптастырады және оған жауапты; в) парламенттің жоғарғы палатасын толығымен немесе оның көп бөлігін монарх қалыптастырады; гд) монарх парламент қабылдаған актілерге абсолютті вето құқығына ие.

2.2. Парламенттік монархия (Ұлыбритания) - монарх тек мемлекет символы ғана болып табылады, бірақ билік оған тиесілі емес: а) монарх билігі биліктің барлық тармақтарында номиналды; ә) монарх мемлекетті білдіреді және ұлт бірлігінің символы ретінде өкілдік етеді; б) үкімет парламент көпшілігі қағидаты бойынша қалыптастырылады және парламент алдында жауапты; в) монарх шешімі контрассигнацияны, яғни үкімет басшысымен немесе тиісті министрмен бекітуді талап етеді; парламент қабылдайтын актілерге монарх қол қояды; г) монарх парламент қабылдайтын актілерге кідіртпелі тыйым салу құқығына ие.

Басқарудың республикалық нысаны биліктің таңдалуын, шенеуніктер өкілеттіктерінің мерзімділігін және биліктің сайлаушыларға тәуелділігін білдіреді.

Республикалардың түрлері:

Парламенттік (Германия, Аустрия):

  • мемлекет өмірін ұйымдастырудағы жетекші рөлді парламент атқарады;

  • президентті, әдеттегідей, сайлаушылармен емес, парламентпен немесе парламент қатысуымен қалыптастырылатын арнайы орган сайлайды;

  • президент үкімет басшысы емес, тек мемлекет басшысы ғана болады;

  • президенттің өкілеттіктері атқарушылық билікте елеусіз;

  • үкімет парламенттік көпшілік қағидаты бойынша қалыптастырылады және парламент алдында жауапты.

Президенттік (АҚШ):

  • мемлекет өмірін ұйымдастырудағы жетекші рөлді президент атқарады;

  • президентті парламент емес, бүкіл халықтық дауыс берумен немесе таңдаушылар алқасымен сайланады;

  • президент мемлекет және үкімет басшысы өкілеттіктеріне ие;

  • үкіметті президент қалыптастырады және соның алдында жауапты;

  • парламент үкіметке сенімсіздік білдіре алмайды, ал президент парламентті босатуға құқылы емес;

  • парламент президентті лауазымынан мерзімінен бұрын импичмент рәсімі арқылы босата алады.

Аралас (жартылай президенттік) (Франция):

  • екі республика түрлерінің үйлесімі тән;

  • президенттің өкілеттіктері атқарушылық билікте кең;

  • жоғарғы мемлекеттік органдарды қалыптастыруды президенттің ұсынысымен парламент жүзеге асырады.

  • парламент үкіметке сенімсіздік білдіре алмайды, ал президент парламентті босата алады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМ

Мемлекеттік құрылым нысаны - мемлекеттің құрылымдық бөліктері, мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдары арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын ашатын мемлекеттің ұлттық және әкімшілік-аумақтық құрылысы.

Мемлекеттік құрылымның нысандарына байланысты унитарлық мемелекеттер, федерациялар және конфедерациялар болады.

Унитарлық мемлекет – биліктің орталық органдарына бағынатын және мемлекеттік егемендік белгілеріне ие болмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктерден құралатын тұтас бірегей мемлекеттік құрылым.

Унитарлық мемлекеттің белгілерін жалпы сипаттап өтейік:

  • тиісті жергілікті органдарға жоғарғы басшылықты жүзеге асыратын ел үшін бірыңғай, жалпы жоғарғы өкілдік, атқарушылық және сот органдары;

  • бір конституция, заңнаманың бірыңғай жүйесі, бір азаматтық әрекет етеді;

  • унитарлық мемлекеттің құрамдас бөліктерінде (облыстар, департаменттер, округтер, провинциялар, графтықтар) мемлекеттік егемендік жоқ, өзінің заң шығару органдары, дербес әскери құрылымдары, сыртқы саяси органдары және мемлекеттіктің басқа атрибуттары жоқ.

Федерация – бұрын дербес болған мемлекеттік құрылымдардың бір одақтық мемлекетке ерікті бірігуі.

Федерацияның ортақ белгілері:

  • федерациялардың аумағы оның жекелеген субъектілерінің аумақтарынан: штаттардан, кантондардан, жерлерден, республикалардан және т.с.с. құралады;

  • одақты мемлекетте жоғарғы билік (заң шығарушы, атқарушылық, сот) федералдық мемлекеттік органдарға тиесілі; федерация және оның субъектілері арасындағы құзырет одақтық (федералдық) конституциямен шектеледі;

  • федерация субъектілері өзіндік конституцияны қабылдау құқығына ие, өзінің жоғарғы заң шығару, атқарушылық және сот органдары болады;

  • федерацияда бірыңғай әскери күші, бірыңғай қаржылық, салықтық, ақша жүйелері болады;

  • негізгі сыртқы саяси қызметті федералдық органдар жүзеге асырады.

Федерация негізгі екі қағидат бойынша - аумақтық (мысалы АҚШ, Мексика) және ұлттық (мысалы, бұрынғы Югославия, КСРО) құрылуы мүмкін.

Аумақтық федерацияның негізгі белгілеріне тоқталайық:

  • Аумақтық федерацияны құрайтын мемлекеттік құрылымдар егеменді мемлекет болып табылмайды, себебі олардың ішкі және сыртқы қатынастары саласындағы қызметі жалпы федералдық мемлекеттік органдардың билеу өкілеттіктеріне байланысты. Одақ және оның субъектілері арасында құзыреттердің заң жүзінде және шынайы бөлінуі конституциялық нормалармен анықталады. Олар нормативтік-құқықтық актілерді тек одақ қана шығара алатын сұрақтардың тізілімін белгілейді. Конституцияда айтылған барлық қалған мәселелер федерация субъектілерінің заң шығарушы органдарының қарамағына жатады.

  • Аумақтық федерация субъектілерінің халықаралық қатынастарда тікелей өкілдік ету құқығы конституциямен айырылған.

Ұлттық федерацияның негізгі белгілері:

  • Мұндай федерацияның субъектілеріне бір-бірінен халықтың ұлттық құрамымен, оның айрықша мәдениетімен, дәстүрлерімен және ғұрыптарымен, дінімен ерекшеленетін ұлттық мемлекеттер және ұлттық-мемлекеттік құрылымдар жатады;

  • Оны құрайтын субъектілердің ерікті бірігуі қағидаты бойынша құрылады. Ұлттық федерацияның барлық субъектілері бірдей құқықтарға ие және қоғам мен мемлекеттің міндеттерді шешуіне әсер етудің бірдей мүмкіндіктеріне ие;

  • Одақтан біржақты шығу көзделмеген немесе тыйым салынған;

  • Ұлттық федерация үлкен және кіші ұлттардың мемлекеттік егемендігін қамтамасыз етеді. Оларда мемлекеттік биліктің өзіндік өкілдік ететін органдары (парламент), дербес атқарушылық билік, сот жүйесі болады;

  • Ұлттық федерацияның жоғарғы мемлекеттік органдары федерация субъектілерінің өкілдерінен қалыптастырылады;

  • Ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы декларацияланады;

  • Жалпыұлттық мемлекеттік билік федерация субъектілерінің мүдделерін үйлестіріп, олардың мемлекет шеңберінде өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді.

Конфедерация – ортақ мүдделерді (мысалы, қорғану, экономикалық және саяси бірігу мақсаттарында) қамтамасыз ету үшін құрылған егеменді мемлекеттердің уақытша заң жүзінде құрылған одағы.