Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Dlya_studentov_2013_UMKD_po_politologii_dlya_oc...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Дәріс 6. Қоғамның саяси жүйесі.

Дәріс мақсаты: саяси жүйе түсінігі, оның құрылымы мен элементтері, қызметін, саяси жүйе теорияларын қарастыру. Саяси жүйені жіктеудегі өлшемдерге тоқтала отырып, саясаттануда қалыптасқан саяси жүйе типологиясын қарастыру және қазіргі заманғы саяси жүйелерге талдау жасау.

Басты ұғымдар: жүйе, саяси жүйе, саяси жүйе құрылымы, жүйелілік теория, құрылымдық-функционалдық теория, саяси институттар, саяси қатынастар, саяси нормалар, саяси сана, саяси мәдениет.

  1. Саяси жүйе ұғымы. Саяси жүйе теориялары.

  2. Саяси жүйенің құрылымы.

  3. Саяси жүйенің типологиясы және жіктеу өлшемдері.

  4. Саяси жүйе институттары. ҚР-сының саяси жүйесін реформалау мәселелері.

1.Саяси жүйе ұғымы. Саяси жүйе теориялары. Саяси жүйе түсінігі саясаттанудағы негізгі категориялардың бірі, ол қоғамның саяси өмірін, саяси процестерді түсінуге мүмкіндік береді. Саяси жүйе қоғамның саяси тыныс-тіршілігін институттық-биліктік негізі және қоғамды ұйымдастырушы, бағыттаушы бастама болып табылады.

Қоғамның саяси жүйесі деп билік жүргізіп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін саяси субъектілер арасындағы өзара қатынастардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық институттардың, құқықтық және саяси нормалардың тұтас жиынтығын айтады.

«Жүйе» ұғымы қоғамдық ғылымдарға биология мен кибернетикадан енді. Кейін жүйелілік тәсіл қоғамдық ғылымдарда пайдаланыла бастады. Әлеуметтануда қоғамды жүйелілік тұрғыдан талдап, бұл ұғымды әлеуметтану мен саясаттануға алғаш рет американдық зерттеуші Т.Парсонс енгізді. Ал алғаш рет саяси жүйе теориясын келесі бір американдық саясаттанушы Д.Истон жасады. Т.Парсонс теорияларында қоғамды әрқайсысы белгілі бір функция (қызмет) атқаратын төрт жүйешелерден: экономикалық жүйеше; саяси жүйеше; қауымдастық жүйеше (әлеуметтік); әлеуметтену жүйешесі (мәдени) тұратын құрылым ретінде көрсетті.

Саясаттануда саяси жүйенің қызметінің бірнеше теориялық модельдері жасалынды: жүйелілік; құрылымдық-функционалдық; ақпараттық-кибернетикалық. Жүйелік модельді алғаш рет Д.Истон жасады. Саяси жүйе сыртқы ортамен «кіріс» және «шығыс» принциптері арқылы байланысады. Кірістің екі түрі бар: қоғамдастықтың талаптары (бұл қоғамдағы қазына мен қаржының дұрыс немесе бұрыс бөлінуі туралы билік органдарына үндеуі деуге болады, мысалы, жалақыны көбейту, әлеуметтік бағдарламаларды кеңейту, азаматардың құқығы мен бостандығы, әскерді милитандыруға қаржыны азайту т.б.). Мұндай талаптар көбейіп оған билік басындағылар назар аудармаса, саяси жүйе әлсірейді.

Кірістің келесі түрі: қолдау. Ол үстемдік етіп тұрған жүйені күшейтеді. Қолдау материалдық формада (салықты уақытында төлеу, әскери қызмет т.б.) және заңдарды сақтау, билік органдарын құрметтеу, мемлекеттік символдарды құрметтеу, саяси өмірге белсене қатысу т.б. түрінде болуы мүмкін. «Кіріс» нәтижесінде сыртқы орта саяси жүйеге ықпал жасайды. Жүйе түскен талаптарды қарастырады, реттейді. Мұның салдары ретінде саяси жүйе түскен талаптарға немесе көрсетілген қолдауға жауап береді, яғни «шығыс» жасайды. Егер билік басындағылар қоғам мүшелерінің талаптарын тыңдамаса, оның шешімдері қолдау таппайды. Егер талаптар шамадан тыс көп болмаса және «кіріс» пен «шығыс» әрекеттері дер кезінде үйлестіріліп отырса, саяси жүйе тұрақты қызмет атқарады. Ал керісінше, саяси жүйені қолдаудың болмауы оны дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Саяси жүйенің құрылымдық-функционалдық үлгісін Г.Алмонд жасады. Ол Истонның идеяларын одан әрі дамытты. Бұл теорияда саяси жүйенің негізгі функцияларының мәнін ашуға көңіл бөлініп, саяси жүйенің элементтер мен жүйелерінің өзара әрекетін талдау жасалды.

2.Саяси жүйенің құрылымы мынандай элементтерден (немесе жүйешелерден) тұрады: институционалдық жүйеше, яғни саяси институттар (ұйымдар мен мекемелер); коммуникативті жүйеше (саяси қатынастар) саяси жүйенің, оның жүйешелерінің арасындағы қатынастар мен өзара әрекеттер принциптерінің жиынтығын құрайды; нормативті жүйеше (саяси ережелер мен нормалар), саяси жүйенің құрамына кіретін ұйымдардың іс-әрекеті және өзара әсері әлеуметтік-саяси және құқықтық нормалармен реттеледі.(Конституция, заңдар, нормативтік актілер,тарихи және ұлттық дәстүрлер, мораль, саяси өмір этикасы, әдет-ғұрыптар); мәдени-идеологиялық жүйеше (саяси сана мен саяси мәдениет) саяси көзқарастардың, теориялардың, концепциялардың, саяси және құқықтық мәдениеттің жиынтығы жатады. Саяси сана мен саяси мәдениет қоғамның саяси өмірінің сапалық жағын көрсетеді.

Саяси жүйенің негізгі қызметтері: қоғамға саяси басшылық жасау; біріктірушілік; ресурстарды жұмылдыру; бөлу функциясы.

3.Саяси жүйелер типологиясы және жіктеу өлшемдері. Саясаттануда саяси жүйені жіктеуде әртүрлі өлшемдер қолданылады. Г.Алмондтың саяси жүйені жіктеу принципі қазіргі саяси ғылым мен саяси тәжірбиесінің талабына толығырақ жауап беретіндігін айтуға болады. Алмонд саяси жүйелерді мынандай төрт түрге бөлді: ағылшын-американдық; құрылықтық-европалық; индустрияланбаған немесе жартылай индустрияланған; тоталитарлық.

Саяси жүйенің ағылшын-американдық түрінің негізінде жатқан ортақ мақсат – ол адам бостандығы, халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту және мемлекет қауіпсіздігін сақтау идеясы. Бұл елдерде мемлекеттің алдына қойған саяси мақсат-мұартын және оған жетудің жолдары мен әдіс-тәсілдерін халықтың бәрі қолдайды, саяси мәдениеттің бірыңғайлылығымен, біртектілігімен сипататалады. Бұл саяси жүйе түріне ортақ нәрсе – ол биліктің бөлінуі, саяси плюрализм, шебер ұйымдастыру және бюрократия, жоғары тұрақтылық. Мұндай елдерге Алмонд АҚШ-ты, Англияны, Канаданы, Австрияны жатқызды.

Құрылықтық (континенталдық)-европалық саяси жүйенің саяси мәдениетті, ұстанатын құндылықтары әр түрлі келеді. Оларда ескі жүйенің де, жаңаның да элементтері араласып келіп отырады. Бұл елдердің саяси жүйесінде әр түрлі идеологияны ұстанатын партиялар көп және олар билікті ескі дәстүрлерді де сақтап отырады. Алайда ескі мәдениеттің де, жаңаның да либералдық құндылықтарға, заңдылыққа сүйенген ортақ негізі бар. Сондықтан олар келісім тауып, жымдасып жатады. Мұндай елдерге Францияны, Германияны, Италияны, Швецияны, Данияны т.б. жатқызуға болады.

Индустрияланбаған немесе жартылай индустрияланған саяси жүйеге аралас мәдениет тән. Онда батыстың құндылықтары, этникалық салт-дәстүрлер, діни әдет-ғұрыптар шоғырланған. Құрылықтық-европалық саяси жүйемен салыстырғандаонда ортақ негіз жоқ. Заң шығарушы, атқарушы, сот биліктері жете тармақталмаған. Бұл елдерде авторитарлық тәртіп, күшке сүйену бой алған. Бұған Азия, Африка және Латын Америкасының көптеген елдерінің саяси жүйесін жатқызуға болады.

Тоталитарлық саяси жүйе түріне Алмондтың типологиясы бойынша фашистік Италия, фашистік Германия, бұрынғы социалистік жүйеге жататын елдерді жатқызуға болады. Мұндай саяси жүйенің басты ерекшелігі – тәуелсіз орталықтандырылған билік және орталықтың билігіне қоғамның бүкіл саласы бағындырылады.

Қазіргі заманғы саяси жүйелер. Қазіргі заманғы саяси жүйелерге тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық жүйелер жатады. Тоталитарлық саяси жүйе. Тоталитаризм саяси жүйе түрі ретінде ХХ ғ. пайда болды. «Тоталитаризм» термині кейінгі латын тіліндегі «totalitas» (толық, біртұтас) және «totalis» (түгел, толық, тұтас) сөздерінен шыққан. Тоталитаризм теориясы ХХ ғ. 40-50 жж. бастап қалыптасып, дамыды. Тоталитаризм мәселелері бойынша алғаш классикалық теориялық зерттеулер – Ф. Хайектің «Құлдыққа апаратын жол» (1944) және Х.Арендтің «Тоталитаризмнің шығу көздері» (1951), К.Фридрих пен З.Бжезинскийдің «Тоталитарлық диктатура және автократия» (1956) еңбектері болды.Тоталитаризм ХХ ғ. іс жүзіне асты, алайда оның идеялық негіздері ежелгі заманнан басталады.

Тоталитаризмнің белгілері. Тоталитарлық қоғамның маңызды белгісі – бүкіл қоғамдық өмірдің идеологияландырылуы (идеологияның үстем болуы). Тоталитаризмге ақпараттарға биліктің монополиясы, БАҚ-на толық бақылау, басқаша ойлаушылыққа жол бермеу, идеялық қарсыластарын саяси қарсылас ретінде қарау тән. Бұл құрылыста қоғамдық пікір ескерілмейді. Дарашылдық басып жанышталады. Ұжымдық сезімдер, теңгермешілдік, көпшіліктен бөлінбеу уағыздалады.

Тоталитаризм азаматтық қоғамды, билікке тәуелсіз жеке өмірді толық жоюға тырысады. Қоғамның саяси жүйесі, яғни партиялық –мемлекеттік құрылым бүкіл әлеуметтік-экономикалық ұйымдасуының фундаменті болып, қатал иерархиялық құрылымымен ерекшеленеді. Тоталитарлық жүйенің ядросы жаңа, тоталитарлық типтегі партия басшылығымен жаңа тәртіп үшін күресетін орталықтандырылған саяси қозғалыс болып табылады. Бұл партия мемлекетпен бірігіп, қоғамдағы нақты билікті өз қолына шоғырландырады, саяси оппозицияға тыйым салады. Сонымен бірге тоталитарлық қоғамның саяси белгілеріне күшті әлеуметтік бақылау және еріксіз көндіру аппаратының болуы, жаппай террор, тұрғындарды қорқыту-үркітуді жатқызуға болады. Соқыр сенім мен қорқыныш – тоталитарлық басқарудың негізгі ресурстары болып табылады. Жоғарғы билік пен оны иеленушілерге, көсемге табынушылық жүзеге асырылады.

Идеология мен саясаттың үстемдігі әлеуметтік салада ғана емес, сонымен бірге экономикада да көрінеді. Тоталитаризмнің әлеуметтік-экономикалық белгілеріне: шаруашылық өмірдің этатизациялануы, әлеуметтік шектеу, рыноктық қатынастар мен бәсекені жою, жоспарлау, басқарудың әкімшілік-әміршілдік әдістері т.б. жатады.

Тоталитаризмнің түрлерін коммунизм (КСРО-дағы социализм), фашизм (Италияда) және ұлттық-социализм (Германияда) деп бөледі.

Авторитарлық саяси жүйе. Тарихта саяси жүйенің кең таралған түрінің бірі – авторитаризм (термин латынның «auctoritas» - билік, ықпал деген сөздерінен құралған. Ол тоталитаризм мен демократияның арасындағы жағдайға ие. Тоталитаризммен оны биліктің авторитарлық, заңдармен шектелмеген сипаты жақындастырады, ал демократиямен автономиялы, мемлекет арқылы реттелмейтін қоғамдық салалардың болуы, әсіресе экономика мен адамдардың жеке өмірінде азаматтық қоғам элементтерінің сақталуы жақындастырады. Жалпы алғанда авторитарлық саяси жүйеге мына белгілер тән: авторитаризм (бір адамның билігі) немесе аз ғана топтың билігі. Билікте бір адам (монарх, тиран) немесе топ (әскери хунта, олигархиялық топ т.б) болуы мүмкін; биліктің шексіз болуы, оны азаматтардың бақылауға мүмкіндігінің жоқтығы. Билік заңдарға сүйеніп жүргізіледі, бірақ билік басындағылар заңдарды өз ықпалына қарай шығарады; күшке сүйенеді. Авторитарлық режимде жаппай репрессиялар жүргізілмеуі мүмкін. Алайда қажет болған жағдайда күш қолданып, азаматтарды бағындыруға мүмкіндігі бар; билік пен саясаттың монополиясы; саяси оппозиция мен бәсекеге жол берілмейді. Авторитаризмде белгілі бір дәрежеде партиялар, кәсіподақтар т.б. ұйымдардың өмір сүруі мүмкін, бірақ олар биліктің бақылауында болады; қоғамға тұтас бақылаудан бас тарту, саяси емес салаларға, ең алдымен экономикаға араласпау немесе араласуды шектеу; саяси элитаның алмасуы еркін бәсекелі күрес арқылы емес, толықтыру жолымен жоғарыдан тағайындау арқылы жүреді. Демократиялық саяси жүйе.Демократия құбылыс және концепция ретінде әрдайым дамып отырады. Демократияның мәні - өзін-өзі басқару, яғни адамдарды адамдардың басқаруы.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Қоғамның саяси жүйесі дегеніміз не?

  2. Саяси жүйенің қандай теориялық модельдері бар?

  3. Д.Истон мен Г.Алмондтың саяси жүйе теорияларындағы айырмашылықтар қандай?

  4. Саяси жүйенің құрылымы қандай элементтерден тұрады?

  5. Саяси жүйе қандай қызметтерді атқарады?

  6. Саяси жүйені жіктегенде қандай өлшемдер қолданылады?

  7. Алмонд саяси жүйелерді қандай түрлерге бөлді?

  8. Қазіргі заманғы саяси жүйелерді атаңыз.

  9. Тоталитаризмнің белгілерін атаңыз.

  10. Тоталитарлық және авторитарлық саяси жүйелердің айырмашылығы неде?

  11. Тоталитаризмнің және авторитаризмнің түрлерін атаңыз.

  12. Демократиялық саяси жүйенің элементтерін атаңыз.

  13. Тоталитаризм, авторитаризм, демократия терминдерінің мағынасы қандай?

  14. Демократияның табысқа жету теорияларын атаңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-9 (64-72б.),12 (5-52б.),24 (49-59б.); қосымша-1 (25-35б.),2 (46-55б.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]