Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Dlya_studentov_2013_UMKD_po_politologii_dlya_oc...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Дәріс 10. Саяси сана және саяси мәдениет.

Дәріс мақсаты: саяси сана және саяси мәдениет, саяси әлеуметтену ұғымдарының мәнін, құрылымын көрсетіп, олардың қызметтеріне, түрлеріне тоқталу. Саяси сананың элементі ретінде саяси идеология феноменін қарастыру және оның қазіргі заманғы негізгі түрлерін анықтау, ерекшеліктерін талдау.

Басты ұғымдар: саяси сана, саяси идеология, саяси психология, саяси мәдениет, патриархалдық саяси мәдениет, бодандық саяси мәдениет, азаматтық саяси мәдениет, саяси әлеуметтену.

  1. Саяси сана: мәні, қалыптастыру жолдары, формалары, құрылымы.

  2. Саяси мәдениет ұғымы, құрылымы, функциялары, типологиясы.

  3. Саяси әлеуметтену ұғымы. Қазіргі саяси мәдениеттің ерекшеліктері және ҚР-сындағы әлеуметтену мәселелері.

Саяси сана: мәні, қалыптастыру жолдары, формалары, құрылымы. Саясат, саяси құбылыстар мен процестер де адамда белгілі бір қызығушылық туғызады, адамның оларға деген белгілі бір субъективті қатынасы пайда болады. Өз елінің немесе басқа да мемлекеттердің тарихымен таныса отырып, адамда бұрынғы кезеңдегі саясатқа, саяси құбылысқа деген белгілі бір қатынас пайда болады, адамның болашаққа деген талап-тілегі пайда болуы мүмкін. Бұл қатынас қисынды, ақыл-ойға сүйенуі мүмкін, сонымен бірге ол эмоцияға, сезім, көңіл-күйге де негізделуі мүмкін.

Егер саясат пен саяси құбылыстарды объективті нақтылық деп алатын болсақ, онда адамдарда оларға деген субъективті жауаптың (реакцияның), қатынастың, яғни саяси сананың болатындығын мойындау қажет. Саяси сана – саясат пен саяси процестердің ажырамас серігі.

Саяси сана – бұл әлеуметтік субъектілердің (индивидтердің, топтардың, қоғамдастықтардың т.б.) саясат саласын ұғынуы, сезінуі. Саяси сана – адамзат қоғамының рухани өмірінің маңызды элементі. Ол материяға қарама-қарсы, бірақ онымен тығыз байланысты. Қазіргі заманғы ғылыми әдебиетте саяси сана саясатты субъективті жағынан сипаттайтын жалпы ұғымдар қатарына жатады. Саяси сана – адамның өмірдегі бар және оның ойлағанындай немесе ықыласындағыдай саясат пен саяси құбылыстарға деген түсініп-сезінетін, адамдардың саяси саладағы іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар беретін көзқарастар, ұғымдар, түсініктер, қондырмалар және сезімдер жиынтығы. Түсініктер, көзқарастар, құндылықтар, нормалар және бейсаналық, эмоциялық сезімдер негізінде индивид пен топтардың саяси бағыт-бағдары, мінез-құлқы, мемлекеттік институттар мен билікке, басқаруға қатысуға деген қатынасы т.б. қалыптасады.

Индивидтердің өзара әрекеттерінің сипатына байланысты әлеуметтік-саяси кеңістікте саяси сананың мынандай қызметтері (функциялары) көрініп, қоғам өміріне белсенді ықпал етеді: танымдық (когнитивті); идеологиялық; қарым-қатынастық (коммуникативті); болжамдық.

Саяси сананың құрылымы негізгі үш элементтен тұрады: саяси идеология, яғни саясат, саяси билік, мемлекет және т.б. саяси құбылыстар туралы идеялар, ұғымдар, түсініктер; саяси психология – сезімдер, эмоциялар, көңіл-күйлер (эмоциялық элемент), адамның саяси мінез-құлқы, ішкі қондырмасы, іс-әрекет істеуге әзірлігі.

Саяси сананың мәнін тереңірек түсіну үшін оның түрлерін қарастырамыз. Саяси сананы саясаттың, саяси биліктің мәнін түсіну тереңдігі мен деңгейіне байланысты былай деп бөлуге болады: қарапайым саяси сана; кәсіби саяси; ғылыми (теориялық) саяси сана. Саяси сананы субъектісіне байланысты жеке дара, топтық, бұқаралық және қоғамдық деп бөлінеді.

Саяси идеология түсінігі, теориялары, қызметі және деңгейлері. ХХ ғ. саяси ғылымның бағыттарының бірі – саяси идеологияларды зерттеу. Саяси сананың құрамдас бөлігі және өзегі – саяси идеология. «Идеология» термині ежелгі гректің «идея» - бейне және «логос» - ғылым, ілім деген сөздерінен құралған. Бұл терминді ғылыми айналымға француз ағартушыларының соңғы ұрпақтарының өкілі философ және экономист Антуан Дестют де Траси (1754-1836) енгізді. Ол өзінің «Ойлау қабілетілігі туралы этюд» еңбегінде, 1796 жылғы «Идеология жобасы» деген баяндамасында идеялар туралы ғылымды сипаттау үшін «идеология» терминін қолданады. Кейін өзінің төрт томдық «Идеология элементі» (1805-1815 жж.) деген шығармасында бұл ұғымды толығырақ дамытып, Жаңа дәуірдің көрнекті ойшылдары – Бэкон, Локк, Кондильяк, Гельвенций идеяларын жүйелеу әдістемесін жасауға тырысып, идеяның жалпы теориясын немесе идеология туралы ғылымды анықтауға тырысты. Ғалым идеологияны «идеялар туралы және олардың қалай пайда болатындығы туралы ғылым» деп сипаттады.

Идеологияны бірегей құбылыс ретінде түсіндірудің негізгі теориялары: әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастыру (К.Маркс), аксиологиялық (құндылықтық) тұрғыдан түсіндіру (Ф.Ницше), психологиялық (З.Фрейд, В.Парето), социологиялық (К.Мангейм) «Идеологиясыздандыру» концепциясы (Д.Белл С.Липсет Р.Арон Э.Шилс) т.б.

Саяси теорияда идеология деп қайсыбір тараптың мүддесіне қызмет ететін кез келген идеялар жүйесі ұғынылады. Мангейм бойынша, кез келген идеология - өмір сүріп тұрған құрылысты мадақтау, оның статус-квосын (заңды жағдайда өмір сүру құқығын) қорғаушы. Идеологияның жұмылдырушы ролі де осында. Таным социологиясы шеңберінде дамытылған идеяларға сәйкес, идеологиялар дегеніміз топтың өзіндік санасының теориялық жағынан бекітілген көрінісі, топтың өз мүддесін қорғауының құралы, шындықты түсіндіруге бір жақты келу жүйесі, сондықтан ол жалған білімдер жүйесі.

Қоғам өмірінде идеологияның маңызы оның төмендегідей қызметтерінен білінеді: танымдық, бағдарламалық, жұмылдыру, амортизациялық, бағалау қызметтері. Идеология мен идеологиялық сананың үш түрлі деңгейі : жоғары деңгейі – теориялық-тұжырымдалық деңгей, бағдарламалық-саяси немесе насихаттық-ағартушылық деңгей, бұқаралық сананың көкейтесті, өмірлік деңгейі (сезімдер идеологиясы) немесе идеологияның орнығу деңгейі.

Қазіргі заманғы негізгі саяси идеологиялар. Қазіргі заманғы маңызды саяси идеологиялар мен әлеуметтік-саяси ағымдарға либерализм, консерватизм, социал-демократия, коммунизм және фашизм жатады.

Тарихи жағынан алғанда Жаңа дәуірдегі ең алғаш пайда болған идеология либерализм болды. Ол XVII-XVIII ғғ. феодалдық тәртіптерге қарсы күрес барысында қалыптасты. Либерализмнің «классиктерінің» қатарына Дж.Локк, Ш.Л.Монтескье, Д.С.Милль, В.Гумбольдт, И.Бентам, А де Токвиль және т.б. жатады. Либералдық идеологияның негізгі принципі – адамның еркіндігі, тұлғаның табиғи құқықтары мен бостандықтарының қасиеттілігі мен ажырамастығы, олардың қоғам және мемлекет мүдделерінен жоғары тұруы. Экономикалық салада классикалық либерализм мына қағидаларға негізделеді: адамның жеке меншікке құқығы, нарықтың, бәсекеліктің, кәсіпкерліктің еркіндігі, экономикалық іс-әрекеттің мемлекеттен тәуелсіздігі. Осыған сәйкес мемлекет бір ғана қызметті – меншікті қорғау, «түнгі сақшылық» қызметін атқарады.

Консерватизм және неоконсерватизм. «Консерватизм» ұғымы екі мағынада қолданылады: 1) адамға құнды нәрсені сақтау және қолдау; 2) бұрынғы дәуірдегі артықшылықтарды сақтауға бағытталған өткенді мадақтау.

Классикалық консерватизм XVIII ғ. Англияда либерализм идеологиясына жауап ретінде пайда болды. Оның негізін салушы ағылшын философы және мемлекет қайраткері – Эдмунд Берк (1729-1797 жж.). Франциядағы консерваторлардың өкілдері публицист және қоғам қайраткері Ж.де Местр және Л.де Боланд болды.

Консерваторлар революцияны қоғамдық былықтың, бүліншілік пен күйзелістің себебі деп санады. Олар монархияны қалпына келтіруге және феодалдық-аристократиялық құрылыстың дәстүрлі құндылықтарын қайта түлетуге тырысты. Олардың ойынша, ортағасырлық тәртіп, қауымдық қатынастар, отбасы, мектеп, шіркеу қоғамды біріктіреді, оның бірлігі мен дамудағы сабақтастығын қамтамасыз етеді. Өмірде әдет-ғұрып, дәстүр негізгі роль атқарады. Сондықтан қоғамдық дамудың негізгі өлшемі әдет-ғұрыпты және халықтың мінезін өзгертуде. Олардың саяси идеологиясының өзекті мәселелері – күшті мемлекет, айқын саяси жіктелу, биліктің төбе топтың қолында болуы.

Консерватизмнің негізгі құндылықтары: тарих, өмір, заң, реттілік, тәртіп, қоғамдық тұрақтылық, дәстүр, отбасы, ұлт, мемлекет және қоғам, билік, сатылану, дін.

Консерватизм либерализм сияқты дамып отыратын құбылыс. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі негізгі құндылықтар жөніндегі либералдық-консервативтік пәтуаластық (консенсус) және өзгерістер енгізу арқылы консерватизм ХХ ғ. 70-80 жж. қазіргі заманғы консерватизм (неоконсерватизмге) айналып, батыс европалық демократтар мен социалистер батылы бармаған қайта құрулар жүргізді, экономикалық құлдыраудың жолын таба білді.

Социал-демократия. Социал-демократия жұмысшы қозғалысы негізінде пайда болды. ХІХ ғ.-дың ІІ-жартысында марксистік жұмысшы қозғалысы біртұтас болып, марксизмнің капитализмді құлату және қоғамды революциялық жолмен қайта құру қондырмасын басшылыққа алған болатын. Алайда кейін марксизмнің негізгі қағидалары бойынша келіспеушіліктер тереңдеді. ХХ ғ. басында, бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында біртұтас социалистік қозғалыс жіктелді. Батысевропалық социал-демократияның жетекшілері Э.Бернштейн мен К.Каутский социал-демократиялық идеологияның негізін салушылар болып есептеледі. Э.Бернштейн 1899 ж. «Социализмнің алғы шарттары және социал-демократияның мақсаты» деген еңбегінде классикалық марксизмді қайта қарап, оған өзгерістер енгізді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Демократиялық социализм» доктринасын ұстаушылар социализмге тек қана демократиялық жолмен келуді негізге алған. Демократиялық социализмнің басты құндылықтары – еркіндік, теңдік, әділеттілік және ынтымақтастық. Бұл құндылықтарды, олардың ойынша, экономикалық, саяси және рухани демократия арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Ол аралас экономиканы, мемлекеттің әлеуметтік-реттеу ролін, саяси өмірді демократиялық түрде ұйымдастыруды талап етеді.

Коммунистік идеология. ХІХ ғ. ортасында пайда болды. Негізін салғандар К.Маркс (1818-1883) пен Ф.Энгельс (1820-1895). Олар жан-жақты дамыған еркін адамды қалыптастыру үшін тап күресі жүргізіліп, жұмысшы табы буржуазияны құртуы тиіс деп санады. Олардың ойынша, социализмді орнататын бірден-бір құрал – социалистік революция, оны жасай алатын бірден-бір күш – жұмысшы табы. Мемлекеттік биліктің таптық сипаты болады. Социалистік революция нәтижесінде ескі мемлекет түбірімен қиратылады да, оның орнына жаңа мемлекет – пролетариат диктатурасы орнайды. Коммунизмнің идеологтары жеке меншікті жойып, қоғамдық меншікті орнатуды жақтады. Коммунистік қоғамда мемлекет, саясат болмайды.

Фашизм идеологиясы 1919 ж. Италия мен Германияда пайда болған. Негізін салушылар: Ф.Ницше (1844-1900), Дж.Джентилле (1875-1944), О.Шпенглер (1880-1936). Бұл идеологияның басты ерекшеліктері – еңбекшілерді басып-жаншу үшін зорлықтың шектен шыққан түрлерін қолдану, шовинизм, нәсілшілдік, экономиканы мемлекеттік-монополистік реттеу тәсілдерін толық бақылау т.б. соғысқа дайындалу, көсемшілдік идеялары кеңінен тарайды.

Саяси мәдениет ұғымы, құрылымы, функциялары, типологиясы. Саяси мәдениет – саяси жүйенің сипатын, қазіргі кездегі саяси тәртіптің мәнін, қоғамдық топтардың саяси санасы мен іс-әрекеттерінің ерекшеліктерін, саяси процесстердің даму жолын және бағытын түсінуге мүмкіндік береді. Саяси мәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлігі, саясат субъектілерінің саяси тәжірибесінің, саяси білімдерінің, мінез-құлық үлгілерінің және қызметтерінің сапасының жиынтық көрсеткіші.

Саяси мәдениет – саясатпен тікелей байланысты адамзат мәдениетінің кең саласын қамтиды. Ол қоғамның сапасы мен бағыттылығы арқылы, саяси дамудың сипаты, адамдардың саяси іс-әрекеттері, саяси институттар қызметтері, қоғамдағы үстем саяси құндылықтар мен мінез-құлық үлгілері арқылы көрінеді. Саяси мәдениеттің нәтижесі және өлшемі – саяси адам, жалпы қоғамның саяси өмірінің сапасы.

Бүгінгі күні саяси мәдениет деп түсінілетін құбылыс ежелгі заман ойшылдары еңбектерінде де қарастырылды. Антикалық ойшылдар Конфуций, Платон, Аристотель, кейінірек Н.Макиавелли, Ф.Бэкон, Ш.Монтеске және т.б. ойшылдар да бұл мәселеге көңіл аударған. «Саяси мәдениет» терминінің авторы мәдениет пен саясаттың өзара әрекетін зерттеген неміс философы-ағартушысы – И.Гердер (1744-1803) болды. «Адамзат тарихы философиясы идеялары» (1784) еңбегінде ол алғаш рет ғылыми айналымға «саяси мәдениет», «саяси мәдениеттің жетілуі» деген түсініктерді енгізді. Бұл бағыттағы саяси құбылыстарды зерттеген теориялар батыс саясаттану дәстүрі негізінде ХХ ғ. 50-60 жылдары қалыптасты. Саяси мәдениет теориясын жасауға батыстың белгілі ғалымдары Г.Алмонд, Т.Парсонс, Д.Истон, С.Верба, Л.Пай, М.Доверже, Р.Таркер, С.Липсет, В.Розенбаум, Р.Роуз, Д.Дивайн, Е.Вятр, Д.Каванах, Р.Карр, М.Бернстейн т.б. үлес қосты. «Саяси мәдениет» терминін өз еңбектерінде Н.А.Бердяев, В.И.Ленин және басқа да ресейлік ойшылдар кеңінен қолданған.

Саяси мәдениет дегеніміз – саяси іс-әрекетке қатысу процесінде адам және оның бірлестіктері жасайтын құндылықтар, білімдер, түсініктер, құралдар мен әдістердің және олардың саяси билікке қатынасын бейнелейтін жүйе болып табылады. Жалпы мәденеиттің бір бөлігі бола отырып, саяси мәдениеттің өзінің күрделі құрылымы бар. Оған мыналар кіреді: саяси құндылықтар, саяси білімдер, саяси дәстүрлер мен нормалар, саяси символдар және саяси мәдениет ескерткіштері (жалау, елтаңба, әнұран, құжаттар), саяси сезімдер, саяси іс-әрекеттер (12-схема).

Саяси мәдениеттің қоғам және саяси жүйе үшін маңызы оның мынадай функцияларынан (қызметінен) көрінеді: танымдық, реттеушілік, тәрбиелік, біріктірушілік, қорғау, сабақтастық. Саяси мәдениеттің дәрежелері: индивидтік, топтық, субмәдениет, қоғамның саяси мәдениеті.

Субмәдениет деп қоғамда үстемдік еткен мәдени бағыттан айтарлықтай ерекшеленетін саяси бағдарды айтады. Ол қоғамдық топтардың экономикалық, әлеуметтік жағдайларына, этникалық, діни, нәсілдік, білімдік, жыныстық, жас ерекшеліктеріне және т.с.с. белгілеріне байланысты пайда болады.

Саяси мәдениеттің типтері. Қазақстандық саяси мәдениеттің ерекшеліктері. Саясаттануда саяси мәдениеттің көптеген типологиясы бар. Саяси мәдениет типтерін алғаш рет терең зерттеген – Г.Алмонд және С.Верба. Олар саяси мәдениеттің үш түрлі типін көрсетті: патриархалдық, бодандық немесе қол астылық және азаматтық. Саясаттануда саяси мәдениетті осылай бөлу кеңінен қолданылады.

Саяси ғылымда саяси мәдениеттің бұдан да басқа типологиясы, түрлері бар. Саяси мәдениет классификациясы: саясат субъектісіне қарай: жалпыадамзаттық саяси мәдениет; халықтың, этностың, өркениеттің саяси мәдениеті; әлеуметтік қауымдастықтың (жұмысшылардың, шаруалардың, буржуазияның, интеллигенцияның, элитаның, бюрократияның, жетекшілердің) саяси мәдениеті; жасы-жынысына, кәсібіне, әлеуметтік-демографиялық, діни және т.б. топтардың саяси мәдениеті. Саяси процесс саласына тәуелділігіне байланысты: басқару және билеу саяси мәдениеті; саяси қатысудың саяси мәдениеті; саяси оппозицияның саяси мәдениеті. Билікті жүргізу формасы мен әдістеріне қарай: демократиялық саяси мәдениет; авторитарлық саяси мәдениет; тоталитарлық саяси мәдениет; өтпелі кезең саяси мәдениеті. Саясатқа қатысу сипатына қарай: азаматтық, демократиялық; бодандық, қол астылық; дәстүрлі (патриархалдық). Саяси жүйедегі орнына қарай: орталықтық (үстем); шет аймақтық (субкультура). Таралу дәрежесіне қарай: бұқаралық саяси мәдениет; элитаның саяси мәдениеті.

Саяси әлеуметтену ұғымы. Қазіргі саяси мәдениеттің ерекшеліктері және ҚР-сындағы әлеуметтену мәселелері. Кез келген қоғамның тағдыры көп жағдайда өзінің мүшелерінің қандай әлеуметтік-саяси құндылықтар, өмір сүруінің нормалары мен ережелерін ұстануына тәуелді. Алайда адамдар дүниеге келгенде, олардың дамудың әлеуметтік заңдары мен саяси қатысу туралы дайын білімдерінің болмайтыны белгілі. Бұл білімдер бүкіл өмір бойы жинақталады, тексеріледі. Индивидтердің өмір сүріп тұрған әлеуметтік нормалар мен мәдени құндылықтарға ие болуын, меңгеруін әлеуметтену деп атайды.

Әлеуметтену ұғымын ғылыми айналымға ХIX ғасырдың соңында американ әлеуметтанушысы Ф.Гиддинг және француз психологы Г.Тард енгізді. ХХ ғ. 50-60 жылдары межесінде «саяси әлеуметтену» ұғымы анықталды.

Саяси әлеуметтену дегеніміз – жеке адамға, тұлғаға қоғамның саяси өмірінің толық құқықты қатысушысы болуға, қоғамдық күрделі процесстерде дұрыс бағдар ұстауға, саясатта саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін белгілі бір саяси білімдерді, құндылықтарды, нормаларды меңгеру, алдыңғы ұрпақ жинақтаған саяси тәжірибеге ие болып, оны одан әрі жалғастыру процессі.

Саяси әлеуметтену дегенде жеке адамның, тұлғаның саяси санасы мен мінез-құлқының, саяси рольдерді қабылдау және орындау, саяси белсенділік таныту процессінің бүкіл жиынтығын түсіну қажет. Саяси әлеуметтену процессі нәтижесінде индивидтің саяси мәдениетті меңгеріп, саяси бағдары мен позициясы қалыптасады.

Саяси әлеуметтену процесі индивидтің өмір бойы жүріп отырады. Әлеуметтік-саяси тәжірибенің жинақталуына байланысты индивидтің позициясы және іс-әрекеті әрдайым өзгеріп немесе бекіп отырады.

Саяси әлеуметтенудің мазмұны және ерекшеліктері көптеген факторларға тәуелді болып келеді, оның ішінде макро орта ықпалына (дәуір сипатына, халықаралық қатынастар сипатына, мемлекеттің, ұлттың, таптың, т.б. әлеуметтік топтардың, қоғамның саяси мәдениетіне байланысты) тәуелді болады; микро ортаға (институционалдық және формалды емес қоғамдастықтар, мектеп, семья, жекелеген адамдар), ішкі генетикалық факторларға; өзін-өзі тәрбиелеуге байланысты болады.

Саяси әлеуметтенудің саяси факторлары: мемлекеттік құрылыстың сипаты және типі, саяси институттар, партиялар мен қозғалыстар, сонымен бірге саяси емес факторлары: семъя, замандастары топтары, оқу орындары, жұмысы, мәдениет, ғылым, өнер, ұлттық дәстүрлер, бұқаралық ақпарат құралдары. Нақты өмірде саяси және саяси емес факторлар бір-бірімен ұштасып, адамға күрделі, көп жақты, түрлі факторлармен ықпал етеді (11-схема). Адамдардың саясатқа араласуы мен оған әсері әр түрлі болып келеді. Сондықтан ғалымдар саяси әлеуметтенуді мынадай типтерге бөледі: үйлесімді, гегемонистік, плюралистік, дау-жанжалдық.

Қазақстандағы қазіргі заманғы саяси мәдениетті Г.Алмонд пен С.Вербаның типологиясындағы қай типке жатқызуға болады? Алайда саяси мәдениетті бұл жіктеу қоғамдағы бар түрлі саяси мәдениетті толық аша алмайды, олардың көпшілігі аралық сипат алған.

Қазіргі Қазақстанның саяси мәдениетін де сол аралық типке жатқызуға болады. Қазақстандағы саяси мәдениетті тоталитарлық және авторитарлы өтпелі саяси мәдениет аралығындағы жағдайда деп анықтауға болады..

Қазіргі кезеңде Республика өтпелі кезеңді басынан өткізіп отыр. Қазіргі Қазақстан өзін демократия мұратын (идеалын) ұстанған мемлекет деп жариялады, алайда шын мәніндегі демократияға жету – алыс болашақ міндеті. Демократияға саяси мәдениеттің белсенді типі тән болып келеді. Қазақстанда қалыптасқан саяси мәдениеттегі белсенділіктің, бодандықтың, патриархалдықтың үлесі демократиялық қоғамның саяси мәдениетіндегі үлестерге сәйкес келмейді.

Кеңестік кезеңдегі Қазақстанның саяси мәдениетінің үлгісі – тоталитарлық саяси мәдениет болды, яғни бодандық, бағынушылық. Егемендік алғаннан кейін Қазақстан өтпелі кезеңге өте бастады, оның міндеттері – нарықтық экономиканы құру, қоғамды демократияландыру жарияланды, сондықтан республиканың саяси мәдениетінің үлгісі демократиялық тип бағытында дамиды деп күтілді. Ол үшін егеменділік алу процессінде қажетті алғы шарттар да қалыптасқандай болды: шикізаттық бағытта болса да, дамыған индустриалды база, Қазақстан тұрғындарының жоғары білім деңгейі болды. Сондықтан экономика мен саяси жүйені реформалау Қазақстанда азаматтық белсенділіктің өрлеуіне әкеледі деп қарастырылды.

Алайда іс жүзінде Қазақстанның саяси мәдениеті басқа бағытта дамыды. Қазіргі кездегі Қазақстанның саяси мәдениеті енді тоталитарлық типке жатпайды. Қазақстанда немесе басқа да бұрынғы кеңестік республикалардың ешқайсысында коммунистік режим кезіндегідей бодандық саяси мәдениет үстем емес. Алайда кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстанда саяси мәдениеттің бодандық түрінің үлесі азайғанымен, онда белсенділер үлесі көбеймеді. Іс жүзінде патриархалдар үлесі көбейді. Нәтижеде қазіргі заманғы Қазақстанның саяси мәдениеті көрсетілген таблицада үшінші және төртінші бағандардағы үлгілер бағытында, яғни авторитарлы өтпелі және демократиялық индустриялыққа дейінгі саяси мәдениет бағытында дамиды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Саяси сана деген не? Оның құрылымы қандай?

  2. Саяси сананың қандай түрлері, формалары бар?

  3. Идеологияны түсіндірудің қандай теориялары бар?

  4. Идеология деген не? Идеология мен ғылымның айырмашылығы неде?

  5. Жеке адам мен қоғам өміріндегі идеологияның маңызы неде?

  6. «Классикалық» либерализмнің негізгі қағидалары қандай?

  7. Неолиберализмнің «классикалық» либерализмнен айырмашылығы қандай?

  8. Консервативтік идеологияның жағымсыз және жағымды жақтары қандай?

  9. «Демократиялық социализм» концепциясы дегеніміз не?

  10. Коммунистік идеология не себепті пайда болды? Ол кімнің мүддесін қорғайды?

  11. Фашистік идеологияның басты ерекшеліктері қандай?

  12. Саяси мәдениет деп нені айтады? Оның құрамына қандай компоненттер кіреді?

  13. Саяси мәдениеттің қандай типтерін білесіз?

  14. Қазақстандық саяси мәдениеттің ерекшеліктерін атаңыз?

  15. «Саяси әлеуметтену» дегеніміз не?

  16. Жеке адамның саяси әлеуметтенуінің кезеңдерін атаңыз?

  17. Саяси мәдениет пен саяси әлеуметтенудің ара қатынасы, өзара әсері қандай?

  18. Қандай себептер мен факторларға байланысты адамдарда түрлі саяси бағдарлар қалыптасады?

Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-9 (153-175б.), 24 (82-94б.); қосымша-2 (49-54б.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]