Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Dlya_studentov_2013_UMKD_po_politologii_dlya_oc...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Дәріс 12. Саяси технологиялар.

Дәріс мақсаты: Саясаттанудағы саяси технология ұғымының мәнін аша отырып, оны құбылыс ретінде қарастыру, оның түрлеріне тоқталу.

Басты ұғымдар: саяси технология, саяси талдау, сайлау жүйесі, саяси жанжалдар, саяси дағдарыс, саяси маркетинг, мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйесі, ценз.

  1. Саяси технологиялар ұғымы, мәні, белгілері, құрылымы, типтері.

  2. Саяси талдаудың мәні және ерекшеліктері, кезеңдері. Саяси шешімдер қабылдау.

  3. Дағдарыстық технологиялар. Саяси жанжалдарды реттеудің технологиялары.

  4. Үгіт-насихат типті ақпараттық технологиялар. Паблик технологиялар (PR).

  5. Сайлау жүйесі. ҚР-сының сайлау жүйесі.

Саяси технологиялар ұғымы, мәні, белгілері, құрылымы, типтері. Саяси технологиялар – бұл әлеуметтік технологиялардың әр түрлілігі ғана емес, саяси технологиялар түсінігі – мақсаттылықтың, бір ізділіктің, қажетті ойластырылған саяси нәтижелерге негізделген белгілі тиімді іс-әрекеттердің жүйесі.

Саяси технологиялар бір уақыт (жер) шеңберінен аспайтын, тез арада жүзеге асырылатын қысқа мерзімдік нәтижелерге (тактикалық) жетумен бірге, ұзақ мерзімге есептелген тиімділікке стратегиялық қол жеткізуді де қамтиды.

Сонымен, саяси технологияларды бірізділікпен қолданылатын процедуралардың, нақты саяси субъектінің мақсаттары мен міндеттерін белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде неғұрлым оңтайлы және тиімді түрде жүзеге асыруға бағытталған қызметтің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығын қамтиды деуге болады. Осыған орай тұтас алғанда субъектінің билік саласындағы нақты міндеттерді шешуін қамтамасыз ететін саяси технологияларды бір жағынан саяси маркетинг деп те атауға болады.

«Маркетинг» термині экономикалық, әлеуметтік және саяси қатынастарды реттеу жөніндегі әр түрлі ұйымдық-техникалық және басқару қызметін белгілеу үшін де пайдаланылады. Бұл – товар және қызмет көрсету рыногындағы сұраныс пен ұсынысты зерттеу, жұмыс беруші мен жалданып жұмыс істеушілердің, саяси қайраткерлер мен азаматтардың арасындағы процестерді реттеу деген сөз.

Саяси маркетинг – саяси партиялардың, саяси көшбасшылардың өкілетті билік органдарына, депутаттыққа үміткерлердің және басқа да билік құрылымындағы адамдардың сайлаудағы жеңісін қамтамасыз ету мақсатында қолайлы имиджін жасауға бағытталған шаралар кешенін құрайды.

Саяси технологияларды қалыптастырудың субъективтік және аналитикалық деп аталатын екі түрлі әдісі бар. Оның біріншісі құрастыру негізіне салауатты ойлаудың оңтайлы іс-әрекетін дарытатын субъективтік тұрғыдан келу, субъектінің тәжірибесі, оның интуициясы, ұнатуы, мәдени стереотипі, оның дүниеге көзқарастарының жеке ерекшелігі мен дағдысы негізінде жасалады.

Саяси технологияларды қалыптастырудың екінші, аналитикалық әдісі мақсатқа жетудің негізгі өлшемдері мен шарттарын айқындайтын арнайы аналитикалық әдістер мен процедураларды пайдалануға тікелей байланысты. Саяси технологиялар мемлекетті құрудың және социумды ұйымдастырудың әр түрлі деңгейлерінде саяси билікті қалыптастыру мен пайдалануды қамтамасыз ететін әр түрлі процестермен бір қатарға қойылатыны сөзсіз. Сөйтіп, саяси технологиялардың универсалды ғана емес, сонымен қатар типтік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етуге болады.

Саяси талдаудың мәні және ерекшеліктері, кезеңдері. Саяси шешімдер қабылдау. Саяси талдаудың және саяси кеңес берудің әдістемелік әр түрлілігінің негізі, бір жағынан қолданбалы пән ретінде олардың ерекшеліктері бойынша, екінші жағынан, талдау мен кеңес бері пәні ретінде саяси мәселенің өзгешелігі арқылы алдын ала белгіленіп отыр.

Саясаттағы қолданбалы зерттеу бүгінде жанжалдарды шешу мен реттеу процестері, келіссөздер жүргізу, сайлау және ақпараттық науқандарды ұйымдастыру т.б. жатады. Мұндай саланың айналасында өзіндік ерекшелігі бар саяси пәндер орнығады: саяси маркетинг (шешім қабылдау мәселесін талдап, жасаушы), саяси менеджмент (саяси жүйелерді ұалыптастыру және жүзеге асыру), жанжалды реттеуші менеджмент (саяси жанжалдарды шешу және реттеу, келіссөздер жүргізу) және т.б.

Осыған байланысты саяси талдау пәндік қамтуы және басқа да ерекшеліктері бар айрықша қолданбалы пән болып табылатынын атап айту қажет. Сонымен саяси талдауды екі мағынада: кең және тар мағыналарда түсіну қажет. Кең мағынасында алғанда саяси талдауды саясаттың барлық ғылыми зерттеулері тұрғысынан түсіну керек. Ал, тар, қолданбалы мағынасындағы саяси талдау – бұл нақты мәселені объективті зерттеу, оның неғұрлым қолайлы шешімдерін іздеу және бұл үшін қажетті технологиялық құралдар мен қызмет әдістерін анықтау болып табылады.

Олар әр түрлі материалдармен және ақпараттармен қаруланған және әрұайсысы жағдайды түрліше түсіндіреді. Саяси талдау да әр түрлі мәселелерді өрістете алады, жағдайды әр түрлі көзқарас пен позиция тұрғысынан қарап, түсіндіреді, қай мәселені шешуде болсын әр түрлі жолдарын ұсына алады.

Түсетін ақпаратты саяси талдау үшін оларды зерттеудің түрлі әдістері қолданылады. Оларды жалпы және жеке деп екі топқа бөлуге болады. Жалпы әдістер саяси талдаудың барлық кезеңдерінің бағытын, ракурсы мен әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуін анықтайды. Оған ивент-талдауды, жағдайлық (ситуациялық) талдауды және т.б. жатқызуға болады.

Жағдайды (ситуацияны) түсіндірудің неғұрлым маңызды тәсілдерін қалыптастыруға ықпал ететін жалпы әдістер ішінде ивент-талдаудың маңызы айрықша зор, оның шеңберінде саяси көшбасшылардың сөз алуы, жаппай демонстрациялар, сайлаулар, нормативтік актілерді қабылдау, саяси құрбандықтар т.б. бірқатар оқиғалар көзге елестейді. Осылардың әрқайсысы да ситуацияға қай жағынан болса да ықпал етеді және бұлардың қайсысының да соңында өз мүдделерін көздейтін нақты адамдардың тұрғанын еске ұстау қажет.

Жеке әдістерге статистикадан, әлеуметтанудан, экономикадан және басқа пәндерден алынып пайдаланылатын стандарттық әдістер жатады; оларды саяси талдаудың жекелеген сатыларындағы түрлі комбинацияларда қолдану мақсатқа сәйкестілікпен – яғни мәселелердің сипатымен, зерттеулердің ракурсымен, мәліметтерге қол жеткізілуімен, ұйымдық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілуімен анықталады. Осы аталған әдістер тобына ішнара әдіс, сараптық бағалау әдісі, корреляциялық және факторлық талдау, математикалық модельдеу және т.б. жатқызуға болады.

Қоғамды басқарудың ең күрделі және жауапты элементі саяси шешімдерді талдап жасау және оны қабылдау технологиялары болып табылады. Саяси шешімдерді қабылдау технологиялары – бұл түрлі топтар мен азаматтардың саяси талаптарын, бүкіл қоғам үшін қолайлы әлеуметтік қатынастарды реттеудің құралдары мен әдістерін қайта құрудың ортақ элементі болып табылады. «Шешімдер қабылдау» ұғымы әлеуметтік және ұйымдастыру процестерін орталықсыздандыру сипаттамасын беру үшін алғаш рет ХХ ғасырдың 30-шы жылдары пайда болды.

Қазіргі кезде саяси ғылымда саяси шешімдерді қабылдау процесінің технологиясын түсінуді негізінен екі тұрғыдан қарастыру қалыптасқан. Бұлар – нормалық және мінез-құлықтық теориялар. Нормалық теория (Р.Абельсон, А.Левин және т.б.) оны күрделі процестерде саяси мақсаттарды ұтымды таңдау процесі ретінде түсіндіреді. Мұндай таңдауды оңтайландырудың маңызды құралы ретінде түрлі математикалық модельдеу, операцияларды зерттеу және басқа да инструменттік тәсілдерді пайдалану, сондай-ақ стандарттық схемаларды да пайдалану қсынылып отыр. Аталған процесті адамдардың ерекше өзара іс-әрекеті ретінде қарастыратын мінез-құлық теориясы (Г.Саймон, Л.Планкет, Г.Хейл және т.б.) нақты ситуацияларды саяси шешімдердің қабылдауына ықпал ететін түрлі факторларды сипаттауға бағытталған.

Саяси шешім – бұл саяси іс-әрекеттің мүмкін деп саналатын кем дегенде екі нұсқасының бірін саналы түрде таңдау деген сөз. Бірақ олардан неғұрлым қарапайым біреуі үш негізгі кезеңді бөліп көрсету жолымен іріктелінеді: олар – дайындық, шешімдерді қабылдау және шешімдерді жүзеге асыру. Әрбір кезең технологиялардағы өзіндік ерекшелігімен белгілі және ол бірқатар факторлар арқылы анықталады.

Алдын ала (дайындық) кезеңінде басқарудың жауапты органдары қоғамның нақты жағдайын толық түрде жария ететін және белгілі бір қарама-қайшылықты көрсететін қажетті ақпаратты жинап алуға міндетті. Алынған ақпарат қай нақты мәселенің жеке саяси сипат алатынын анықтауға мүмкіндік береді және соған сәйкес әлеуметтік процестерді саяси реттеу мен ресурстарды қайта бөлу саяси жолымен шешілуі тиіс.

Шешім қабылдайтын мәселелер жиынтығы құралып, күн тәртібі белгіленеді. Сонымен түрлі мүдделі топтар мәселелердің бірінші кезектегі маңызы мен өзектілігін алға тарта отырып, оларды іріктеп алуға ықпал етуге тырысады. Бұл жағдайда идеологиялық түсініктер, экономикалық мүдделер басқарушылар мен саясаткерлердің жеке мүддесімен, олардың жеке қарым-қатынасымен, ұнатушылығымен және қнатпаушылығымен, жеке өмір тәжірибесімен ұштасып жатады.

Сонымен бірге саяси тәжірибеде шешім қабылдау технологиясында мәмілеге келушілік, консенсус және үстемдік сияқты басқа да әдістер кеңінен белгілі болып отыр.

Мәмілеге келушілік – бұл өзара ымыра жолымен қол жететін келісім. Шешім қабылдаудың бұл формасы егер шешім қабылдайтын билік субъектілері бір-бірімен оқыс теріс қарым-қатынас орнатпаған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Екі жақтың мүддесі біршама бір-біріне сай келгенде де, кейде бір-біріне қарама-қайшы келгенде де мәмілеге қол жеткізуге болады. Мәмілеге қол жеткізудің формасы әр түрлі болуы мүмкін: екі жақтық келіссөздер арқылы қол жеткізілетін келісім, дауыс беруде көпшіліктің қолдауына ие болу арқылы және т.б.

Консенсус – бұл жалпы келісім негізінде шешім қабылдау әдісі. Консенсус – барлық тараптардың мүдделері сәйкес келе береді деген сөз емес. Консенсус кезінде тараптардың қай-қайсысы да жеке мүдделерін ойламаса да, ортақ мүдделерді көздейтін қандай да бір шешімнің болмасын қабылдануына қарсы болмауы тиіс.

Консенсус негізінде шешім қабылдау әр кезде де келісім процедурасы незінде өтеді, бірақ ол дауыс беру деген сөз емес.

Үстемдік – билеуші топ немесе қауымдастық өзінің шешімін басқа әлеуметтік топтарға немесе тұтас қоғамға таңу арқылы жүзеге асырылады.

Дағдарыстық технологиялар. Саяси жанжалдарды реттеудің технологиялары. Қоғамды әлеуметтік дифференциациялау, табыстың, биліктің, мәртебенің және т.б. әр түрлі деңгейде болуы жанжалдарға жиі әкеліп отырады. Жанжалдар қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Солардың ішінде едәуір үлесті саясаттануда әлі де аз зерттелген саяси жанжалдар алады. Срндықтан, билік үшін бәсеке шығындарын төмендетуге және осы майдандағы меншікті шығынды азайтуға мүмкіндік беретін басқару технологиясын жасау және оларды бақылау технологиясы саяси қарым-қатынас жасайтындардың кез келген мүшесі үшін, оның ішінде билеуші режим үшін бірінші дәрежелі маңызы бар міндетке айналады.

Әлеуметтік жанжалдар құбылыс ретінде адамзат тарихының барлық кезеңіне тән болып келеді. Соғыстар мен революциялар, шерулер мен ереуілдер, митингілер мен парламентегі саяси күрес – бұлар жанжал көрініс беруі мүмкін формалардың толық емес тізімі. Олардың қоғам үшін салдарлары әртүрлі. Біреулері империяның күйреуіне, мемлекеттік тәуелсіздіктен айырылуға әкелсе, ал екіншілері – қоғамның прогрессивті дамуына әсер етіп, оның барынша демократиялы және әділетті болуына ықпал етеді. Қазіргі заманғы демократиялық қоғам көптеген жанжалдардың болуына мүмкіндік береді және олады шешу арқылы дамиды. Басқаша айтқанда, жанжал – қоғамдағы әлеуметтік топтар мен индивидтердің ынтымақтастық, кооперация сияқты өзара әрекеттерінің табиғи формасының түрі. Жанжалдың табиғилығы туралы идеяны ХІХ ғасырдыңортасында неміс әлеуметтанушысы Г.Зиммель айтты және ол ғылыми айналымға «әлеуметтік жанжал» ұғымын енгізді. Ол жанжалдың қызметін атап көрсетіп, жанжал арқылы қоғамдағы атмосфера тазарады деп есептеді.

Қоғамның ішкі қайшылықтығы мен жанжалдығын негіздеу ХІХ ғасырға жатады. Бұл кезеңде жанжал туралы алғашқы теориялар пайда болды. Қазіргі заманда жанжалдың табиғаты мен формалары туралы түрлі көзқарастар бар, тұтас мектептер мен бағыттар пайда болды. Өзінің даму тарихында адамзат жанжалды бейбіт түрде шешудің біраз тәжірибесін жинақтады. Алайда ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана ғылыми зерттеудің дербес саласы – конфликтология пайда болды, оның маңыздщы бейбіт түрде реттеу мен шешу мәселелері болып табылады.

Жанжал деп түрлі бағыттағы екі немесе одаг да көп күштердің қарама-қарсы іс-әрекеттері жағдайында өз мүдделерін жүзеге асыру мақсатындағы қақтығысын айтады.

Жанжалды зерттеуде екі негізгі бағытты көрсетуге болады:

  • жанжалды бұзушы элемент, «әлеуметтік бәле», қоғамдық жүйені бұзатын элемент ретінде қарастыру;

  • Георг Зиммельден басталатын келесі бағыт бойынша, жанжал бұл құрылымдық құбылыс, дамудың бір формасы ретінде қарастырылады.

Осы екінші бағыт шеңберінде американдық конфликтологтар Льюис Козер мен Кеннет Боулдингтің (еңбегі «Жанжал және қрғау. Жалпы теория») және неміс саясаттанушысы Ральф Дарендорфтың («Индустриалдық қоғамдағы әлеуметтік таптар мен таптық жанжалдар») теориялары кеңінен танымал болды.

Жанжалдың «жағымды қызметі» туралы концепция Л.Козердің «Әлеуметтік жанжалдың функциялары», «Жанжалдың аяқталуы» және т.б. еңбектерінде дамытылды. Бұл концепциясын Л.Козер құрылымдық функционализмнің классикалық теорияларына қарама-қарсы немесе толықтыру ретінде құрды. Құрылымдық функционализм әлеуметтік жанжалды қоғамның жетілмегендігінің немесе «бұзылуының» белгісі деп білсе, ал Козер қоғамдық тәотіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жанжалдың жағымды ролін негіздеуге тырысты.

Л.Козердің пайымдауы бойынша, жанжалсыз әлеуметтік топ болмайды және жанжалдар қоғамдық жүйенің жұмыс істеуі мен ауысуы үшін жағымды маңыз алады. Оның айтуынша, жанжал, бұл құндылықтар, белгілі бір статус үшін, билік және ресурстар үшін күрес, бұл күрестегі қарсыластардың мақсаты бір-бірін бейтараптандыру, нұқсан келтіру және жою болып табылады. Ғалым жанжалдың екі түрін көрсетті антагонистік және антагонистік емес.

Жанжалдың жағмдылығының маңызды шарты – оның басқаралуы, бұл күрестің одан әрі ушықпауына мүмкіндік береді, оның субъектісінің санын және дау-дамай, тартыстың негізгі мәселесін шектеуге мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егер қайшылықтар уақытында шешілмей, оған мән берілмесе, олар жасырын (латентті) деңгейге өтіп, қайшылықтарды бейбіт түрде шешу мүмкіндігі жойылады. Ерте ме, кеш пе жанжал көрініс береді, бірақ енді ол қиратушы, қауіпті формада көрінеді. Жанжалдың жағымды қызметі, ол билік орындарына жинақталып қалған мәселелер жөнінде белгі береді, осы мәселелерді шешу арқылы қоғамның дамуын ынталандырады, жаңа заңдардың қабылдануына, жаңа институттардың құрылуына әкеледі, бытырап жүрген индивидтерді шоғырландырады, тұрақты мүдделер топтарын қалыптастырады. Сондықтан биліктің тұрақсыздығы және қоғамның бытыраңқылығы жанжалдың пайда болуынан емес, саяси қайшылықтарды реттей алмаудан немесе оларға көңіл аудармаудан туады.

  • Қоғамдық топтар қатысқан барлық жанжалдар әлеуметтік жанжалдар болып табылады.

Саяси жанжал - әлеуметтік жанжалдың ерекше формасы болып табылады. Саяси жанжал – билік өкілеттілігін бөлуге, үстемдік және басқаруға қатысты жанжал. Саяси жанжал – қарама-қарсы мүдделердің, құндылықтардың, көзқарастардың негізінде туған саяси субъектілердің қақтығысы, күресі (15-схема).

Әлеуметтік жанжалдардың көпшілігі билік қатынастары саласында өз жалғасын табады, яғни пайда болған қайшылықтарды шешу үшін саяси шешімдерді жиі қабылдау қажет болады.

Саяси жанжал ұғымы бір субъектілердің екіншілермен саяси қатынастар саласындағы ықпал үшін, жалпыға маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндіктің болуы, үшін ресурстарды иелену, өз мүдделерінің монополиясы және оны қоғамдық қажеттілік деп мойындату үшін, бір сөзбен айтқанда, билік және саяси үстемдік үшін күресті қамтиды.

Саяси мемелкеттік билік, оны иелену, билік институттарының құрылымы, әлеуметтік топтардың саяси статусы, саяси билік пен жалпы саяси қоғамның базасы болып табылатын құндылықтар мен символдар – міне, осының барлығы саяси жанжалдардың объектісі мен тақырыбы болып табылады.

Тұтас жүйе ретінде саяси қоғам мен саяси статустардың иерархиясы арқылы көрінетін оған кірген индивидтер мен топтардың теңсіздігі – бұлар саяси жанжалдың көзі мен негізі болып табылады.

Жанжал кезінде әр жақ өз мүддесін басқа топтар үшін де жалпыға бірдей және міндетті деп жариялайды. Міне жанжал кезіндегі әр жақтың позициясы мен іс-әрекеттің қарама-қарсылығы осыдан шығады.

Саяси жанжалдың ерекшелігі, оған қатысушылар ұйымдасқан түрде әрекет жасайды. Жанжалдасушы жақтар ретінде саяси партиялар, ұйымдасқан қысымшы топтар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік билік инститтуры, парламенттік фракциялар, БАҚ, халықаралық ұйымдар және мемлекет көрінеді. Саясатта жанжалдық қарсы тұру көбінесе қарама-қарсылық түрінде көрінеді. Оппозиция өзінің қызметіне байланысты сынау, ресми үкіметтік бағытпен күрес, балама жобалар ұсыну жұмыстарын жүргізеді. Оппозицияның түпкі мақсаты – мемлекеттік билік жүйесінде үстем позицияға жету.

Әлеуметтік жанжалдардың шығу көздері, себептері туралы мәселеге бір жақты жауап беру мүмкін емес. Жанжалдың әрбір түрінің, деңгейінің өз себептері болады. Әрбір жанжалдың себептерін, шығуын анықтауда мынадай жағдайларға: экономикалық, саяси мүдделерге, әлеуметтік мәртебеге, идеологиялық, ұлттық, діни, жас ерекшелігі т.б. факторларға көңіл бөлу керек.

Қоғамдағы жанжалдың негізгі көздеріне қоғамның жіктелуі, оның әлеуметтік және ұлттық топтарға, бірлестіктерге, таптарға бөлінуі жатады.

Саяси жүйенің негізгі институты ретінде мемлекетті қамтитын жанжалды сипттау үшін саясаттануда «саяси дағдарыс» (грекше «krisis» - шешім, бетбұру шегі, нәтиже деген мағынада).

Саяси дағдарыс – қоғамда бар жанжалдардың тереңдеуі, асқынуы және саяси шиеленістің бірден күшеюі арқылы көрінетін саяси жүйенің жағдайы.

Халықаралық жанжалдар мен қайшылықтарға байланысты сыртқы саяси дағдарыстарды және ішкі саяси дағдарыстарды (үкіметтік, парламенттік, конституциялық және т.б.) көрсетуге болады.

Сыртқы саяси дағдарыс немесе халықаралық дағдарыс, мемлекеттің бір немесе бірнеше мемлекеттермен қайшылықтарының күшейіп, қатынастары жүйесінің бұзылуы және қайшылықтардың ашық жанжалға ұласу қаупі. Егер дағдарыс келіссөздер мен өзара келісімдер арқылы шешілмесе, онда ол соғысқа ұласуы мүмкін.

Үкіметтік дағдарыс – жиі кездесетін құбылыс, үкіметтің беделінің түсуі, оның жарлықтарын атқарушы органдардың орындалмауы. Егер үкімет елдегі жағдайды бақылай алмаса, онда парламент – оны қолдаудан бас тартып, министрлер кабинетін қызметтен босатуы мүмкін. Үкіметтік дағдарыс жетекшіні ауыстыру, басқару формасын өзгерту және т.б. арқылы шешіледі.

Парламенттік дағдарыс – бұл парламенттің шешімі ел азаматтарының көпшілігінің еркімен сәйкес келмеген жағдайдағы заң шығарушы билік органындағы күштердің ара салмағының өзгеруі. Парламенттік дағдарыс парламенттегі қарама-қарсы тұрушы фракциялардың күштері шамамен тең болып, бұл шешім қабылдауға кедергі болып, заң шығарушы биліктің жұмысын істен шығарған жағдайда пайда болуы мүмкін. Бұл дағдарыс сайлаудың белгіленуі арқылы шешіледі.

Конституциялық дағдарыс елдің негізгі заңының (Конституцияның) өз легитимдігін жоғалтуына байланысты оның құзырының тоқтатылуымен байланысты. Бұл дағдарыс бұрынғы Конституцияның қайта қаралып, жаңаруы, жаңа заңның қабылдануы арқылы шешіледі.

Әлеуметтік-саяси немесе жалпыұлттық дағдарыс әлеуметтік-саяси процестің дамуындағы бетбұрыс кезең, ол міндетті түрде билеуші элитаның немесе үстем әлеуметтік топтың алмасуына әкелмеуі мүмкін. Бұл дағдарыстан шығу өмір сүріп тұрған әлеуметтік-саяси күштердің ара қатынасын бұзбай-ақ билеуші топтың ішінде кейбір өзгірстер жүргізу және саяси бағытқа өзгерістер енгізу арқылы мүмкін болады. Егер дағдарыстан шығу жолы табылмаса, онда ол революциялық ахуалға ұласуы мүмкін.

Үгіт-насихат типті ақпараттық технологиялар. Паблик технологиялар (PR). Ақапарттық нарықта саяси субъектілер алдарына қойған мақсаттарына жетуді қамтамасыз ететін әр алуан тәсілдер мен техникаларды пайдаланады. Сонымен субъектілер өздерінің серіктестерімен, сондай-ақ контрагенттермен де қажетті қарым-қатынас орнатуға қолданатын аталған әдістер мен тәсілдердің сипаты мен өзіндік ерекшеліктері ең алдымен саяси өмір саласында қалыптасқан белгілі бір ақпараттық-коммуникативтік жүйе арқылы анықталады.

Ақпараттық-коммуникативтік жүйелер шеңберінде коммуникаторлар мен реципиенттер әр түрлі ішкі міндеттерді де шешеді, әр түрлі ішкі іс-қимыл шараларын да орындайды, олар өз кезегінде аталған міндеттер мен іс-шаралардың ақпараттық ахуалына да ықпал етеді.

Ақпараттық технологиялардың сапасына мәліметтерді жинау әдістемесі де, мысалы, нақты әлеуметтік зерттеулер, әлеуметтік эксперименттер, ықтималды статистикалық іс-шаралар және т.б. сондай-ақ технологиялық құралдар, атап айтқанда, қолмен, автоматты түрде есепке алу, электрондық әдістер және т.б. ықпал етеді.

Қазіргі қоғамда ақпаратқа иелік ету аса маңызды билік көзі болып табылады. Ақпараттық билік кей жағдайларда дербес маңызға ие бола отырып, қоғам өмірінің барлық саласына батыл енуде.

Ақпараттың қоғамның саяси өміріндегі ролі мен орны саясаттың шешуші, анағұрлым ауқымды және айқындаушы көрінісі болып табылатын билікпен қарым-қатынасы арқылы анықталады. Бұқаралық ақпарат құралдарының саяси процестерге, шешімдерді әзірлеп, қабылдау істеріне, билік беделін қалыптастыруға, саясатқа және саясаткерлерге ықпал ету күші барған сайын арта түсуде. Мемлекет билік көзі, оны иеленуші және жүзеге асырушы болып табылады. Ақпаратты алу, талдау, беру және оны тиімді пайдалану – биліктің жұмыс істеуінің маңызды шарты.

Ақпараттық технологиялар – ғылыми және инженерлік білімдердің, сондай-ақ ақпаратты құру, жинау, беру, сақтау және өңдеу үшін қолданылатын әдістер мен құралдардың жүйесі.

Имиджді қалыптастыру технологиясы саяси өмірдегі нендей бір саяси іс-қимылға немесе оқиғаға негізделеді. Бұл жағдайлар жұртшылықтың оң ниет танытуына алғы шарт жасайды, мысалы, көшбасшылардың халық үшін игілікті істер істеуі, өмірбаянының жағымды жақтары, қоғамдық пікірде жұртшылық қолдауына ие болған оның тоқтамды ойлары және т.б.

Имиджді қалыптастыру процесі саяси (электораттық) нарық пен оның сигментациясын зерттеуді (белгілі бір сайлаушылар топтары сұраныстарының, құндылықтары мен басқа да сипаттамаларының ерекшеліктерін бөліп көрсету және оған жан-жақты сипаттама беру); имидждің белгіленген өлшемдерін қалыптастыруды, имиджге түзетулер енгізіп, оның мәртебесін көтеруді; нарықта имиджді ұсыну мен сатуды (жарнама арқылы); бәсекелестердің «бітірген істеріне» (бәсекелестердің іс-қимылын қадағалап, соған сәйкес әрекет ету), жарнамаға қарсы және өарсы жарнама жасау (бәсекелестерге қатысты) әрекеттерін жүзеге асыруға бағытталған түрлі ақпараттық технологияларды пайдалануды көздейді.

Имиджді жасау және оны ұдайы қолдап отыру тұрақты түрде жүзеге асырылатын процесс. Ол саяси көшбасшы саяси нарықта қанша уақыт болса, сонша уақыт тоқтаусыз жүріп жатады.

Имиджді қалыптастыру технологиясының аса маңызды әдісі және дербес бағыты, саяси жарнама ақпараттық технологиялардың бір түрі болып табылады. Ақпараттық технологияның бір түрі саналатын саяси жарнаманың маркетингтік үлгісіне тән белгі – мұнда жарнама берушінің азаматтарды тіпті де ақпараттандыруға емес. Олардың пікірлеріне мүдделі екендігін көрсетеді.

Сайлау жүйесі. ҚР-сының сайлау жүйесі. Бүгінде сайлау технологиялары – мұқият талдап жасалынған және дүние жүзінде наұты қолданылатын саяси технологиялардың бір түрі. Іс жүзінде тоқтаусыз жүріп жататын белгілі бір деңгейдегі билік органдарына сайлаулар өткізу процесі оларға дайындық жасау немесе өткен сайлаулардың нәтижелерін зерделеп, ой елегінен өткізу сайлау науқандарын ғылыми жағынан қамтамасыз ету және оны өткізу жөніндегі қызмет түріне деген тұрақты сұраныстар нарығын қалыптастырады.

Сайлау - демократияның ерекше белгісі, атрибуты ғана емес, сонымен бірге оның өзегі, қажетті шарты, халық еркініңі көріну әдісі. Сайлау жүйесі - қоғамның саяси жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Сайлау жүйесі бір жағынан билік органдарын қалыптастырудың ережесін орнатуды, ал екінші жағынан - электораттық процеске тікелей ықпал етеді. Ақырында, сайлау жүйесі партиялық жүйе конфигурациясын анықтайтын факторлардың бірі болып табылады. Сайлауды зерттеу псефология деп аталған ерекше ғылыми бағыттың пайда болуына әкелді.

«Сайлау жүйесі» ұғымы екі мағынада қолданылады. Кең мағынада алғанда сайлау жүйесі дегеніміз - заң нормаларында бектілген, сонымен бірге мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың іс-тәжірибесінде қалыптасқан өкілеттілік мекемелерге немесе жеке дара басқарушы өкілді (мысалы, ел президентін) сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі. Басқаша айтқанда, сайлауға қатысты барлық процестер мен ережелер. Тар мағынада алғанда, сайлау жүйесі, бұл - сайлаушылар дауысын есепке алу мен санау тәртібі.

Сайлау жүйесі кез келген жүйе сияқты, құрылымдық компоненттерден тұрады, сайлау жүйесінің негізгі элементтері:

  • сайлау құқығы - теориялық-заңдық компонент;

  • сайлау процедурасы (немесе сайлау процесі) - тәжірибелік-ұйымдастырушылық қомпонент.

Сайлау құқығы - азаматтардың сайлауға қатысуын, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді, сайлаушылар мен сйланбалы немесе қызмет адамдарын арасындағы өзара қатынастарды, сонымен біргі сайлаушылар сенімін ақтамаған өкілдерді қайтарып алу тәртібін реттейтін заң нормаларының жиынтығы.

«Сайлау құқығы» термині тар мағынасында алғанда азаматтың сайлауға қатысу құқығы ретінде қолданылады.

Сайлау жүйесінің басты компоненті сайлау болып табылады. Сайлау - азаматтардың саяси еркінің белгілі бір ережелер бойынша көрінуіарқылы билік және басқару органдарын қалыптастыру әдісі. Сайлау нәтижесінде сайланған үміткерлер билік өкілеттілігіне ие болады.

Сайлау әрқашанда дауыс берумен байланысты. Алайда сайлау және дауыс беру ұғымдарының арасындағы жақындыққа қарамастан, олардың айырмашылқтары да бар. Сайлау ден негізінде конституция және басқа да заңдарда бектілген мемлкеттік органдар құрамына сайлау процесі түсініледі. Ал дауыс беру барлық уақытта сайлаумен байланысты емес. Дауыс беру тікелей демократияның түрлі формаларында: референдумда, сауалнамада, жиналыстарда ұжымдық шешеімдер қабылдау т.б. қолданылады.

Сайлау - саяси және қоғамдық өмірде жиі кездесетін құбылыс, себебі ол басқарудың түрлі институттары мен деңгейлеріне тараған: парламент, президент, өкілдік орындарын, федереация субъектілерінің атқарушы органдарын, жергілікті билік органдарын сайлау т.б. Сонымен бірге сайлау демократиялық ұйымдарда - партияларда, кәсіподқатрада, ерікті бірлестіктерде, кооперативтерде, акционерлік қоғамдарда қолданылады.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Саяси технологиялар деген не, оны қалыптастырудың қандай әдістері бар?

  2. Саяси шешім қабылдау деген не және оның әдістері қандай?

  3. Жанжалдың мәні неде? Жанжалдың қандай түрлерін білесіз?

  4. Саяси жанжалдың ерекшелігі неде, оның қоғамдағы ролі қандай?

  5. Саяси дағдарыс деген не? Оның түрлерін атаңыз.

  6. Жанжалдың даму кезеңдерін, шешу жолдарын көрсетіңіз.

  7. Ақпараттық технологиялар деген не?

  8. Сайлау жүйесі деп нені айтады?

  9. Сайлау және сайлау құқығы деген не?

  10. Сайлау құқығының демократиялық принциптерін атаңыз.

  11. Сайлауды демократиялық ұйымдастырудың жалпы принциптері қандай?

  12. Сайлау процесі қандай кезеңдерді қамтиды?

  13. Саяси маркетинг, саяси менеджмент деген не?

  14. Сайлау жүйесінің қандай түрлерін білесіз, олар немен ерекшеленеді?

  15. Мажоритарлық сайлау жүйесінің қандай түрлері бар және олардың ерекшеліктері неде?

Ұсынылатын әдебиеттер: негізгі-3 (64-82б.), 9 (88-91б.), 13 (5-52б.), 24 (95-101б.); қосымша-3 (55-65б.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]