- •Тақырыбы: Жоғарғы сатыдағы өсімдіктер систематикасы.
- •Өсімдіктердің эволюциясының негізгі кезеңдері.
- •Риниофиттер бөлімі (Propterdophyta).
- •Зостерофилопсида (Zosterophyllopsida) класы.
- •Жасыл мүк — көкек зығыры (кукушкин лен – Polytrichum commune)
- •Тақырыбы: Плаун тәрізділер (Lycopodiopsida) класы. Плаундар (Lycopodiales ) қатары.
- •Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- •Жабық тұқымдылардың ерекшеліктері:
- •Гамамелидтер класс тармағы Hamamelididae. Шамшатгүлділер қатары Faqales. Қайыңдар (Березовые) Betulaceae
- •1. Тобылғылар (спирейные Spiraeoideae), 2. Раушандылар (розовые -Rosoideae), 3.Алмалылар (яблоневые - Maloideae), 4. Қараөріктер (сливовые- Prunoideae).
- •Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- •Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- •Қосымша:
Гамамелидтер класс тармағы Hamamelididae. Шамшатгүлділер қатары Faqales. Қайыңдар (Березовые) Betulaceae
Қайыңдар тұқымдастарының өкілдері қосалқы жапырақтары ерте түсіп қалатын, жай жапырақты ағаштар мен бұталар. Гүлдері дара жынысты, бір үйлі, олар дихазийлерден құралған күрделі гүл шоғырларына жинақталған.
Аталық гүлдері кейде дихазийдің жамылғы жапырағымен кірігіп орналасқан. Реңсіз гүлсеріктері төменгі жақтары өзара кіріккен төрт, немесе қарама қарсы орналасқан екі жапырақшадан тұрады. Гүлсеріктерін түзетін жапырақшалар саны қанша болса, сонша аталықтары болады, және аталықтары екіге жарылған, яғни екі тозаңқапты болып келеді.
Аналық гүлдерінің гүлсеріктері жоқ, немесе олар редукцияланған. Екі аналық аузымен екі тұқым бүршігі бар бар аналығы, екі жеміс жапырақшаларынан түзілген.
Аталық гүлінің формуласы:*Р 2 А 2 G 0
Аналық гүлінің формуласы:*Р 0 А0 G (2 )төменгі жатын.
Қайыңның аналық және аталық гүлдері сырға түріндегі гүлшоғырын құрайды. Аталық және аналық дихазийлер үш гүлді.
Жемістері жаңғақ тәрізді. Жаңғақтарының жиектері қанат тәрізді өсінділермен көмкерілген. Орман түзетін ағаштардың қатарына үлкен қайың (береза пушистая- Betula pubescens, орман жаңғағы (лещина обыкновенная, орешник,орех лесной- Corylus avellana), граб (граб- Carpinus betulus), қара қандағаш (ольха черная - Alnus qlutinosa) тағы басқа сүректі өсімдіктерді жатқызуға болады.
Кариофиллидтер класс тармағы Caryophyllidae
Қалампыргүлділер қатары Caryophyllales
Қалампыр тұқымдасы (Гвоздичные - Caryophyllaceae)
Қалампырлар тұқымдасының жапырақтары тегіс жиекті, көбінесе сүйір келген жай жапырақты, басым көпшілігінде қосалқы жапырақтары болмайтын шөптесін өсімдіктер, бірен-саран жартылай бұталар, сирек жағдайда бұталылар. Жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Гүлдері дихазийлі гүлшоғырына жинақталған, жеке орналасқан гүлдері сирек кездеседі. Гүлдері актиноморфты, басым көпшілігінде бес мүшелі, бес шеңберлі. Гүл серігі өз ара кіріккен, немесе бос күйіндегі тостағанша жапырақтарынан және ұштары ойықтанып, немесе терең бойлай тілімделіп келген күлте жапырақшаларынан тұрады. Көптеген өкілдерінің күлтелері тырнақшалы болып келеді. Тырнақшалар күлте жапырақшалардың ішкі бетінде күлтелерге ұқсас өсінділердің пайда болуы жиі байқалады. Аталықтарының саны 10-5 дейін болады, олар екі шеңбер бойымен орналасады. Гинецей синкарпті саны жағынан өзгеріп отыратын 5-2 жеміс жапырақшаларынан тұрады.
Гүлінің формуласы: * СА5 СО5 А5+5 G(2-5) . Тұқым бүршігі көп, аналық мойны жемісжапырақшаларының санына сәйкес келеді.
Жемісі қорапша, олар тістер немесе бүтін қақпақшалар арқылы ашылады, сол сияқты жемісі сирек жағдайда жаңғақ, жидек тәрізді. Қалампыр тұқымдастары гүлдерінің құрлыс ерекшеліктеріне байланысты алсиноидтар (Alsinoideae) және силеноидтар (Silenoideae) деп аталатын екі тұқымдас тармақтарына бөлінеді.
Қалампыр тұқымдастарының жиі кездесетін жабайы түрлеріне:дымқыл жұлдыз шөп (звездчатка мокрица- Stellaria media), тегіс грыжник (грыжик гладкий-Herniaria glabra), шалғындық қалампыр (гвоздика луговая Diathus pratensis ), кәдімгі сабыншөп (мыльнянка обыкновенная- Saponaria officinales) еңкіш сылдыршөп (смолевка поникающая- Silena nutans) тағы басқалары жатады.
Алабұталар тұқымдасы (маревые - Chenopodiaceae).
Бұл тұқымдас өкілдері негізінен құрғақ,шөлді және шөлейтті аймақтардың ланшафтарын құрайды. Кейбір түрлері жиі кездесетін арам шөптердің қатарына жатады. Алабұталар тұқымдасы шөптесін, кейде жартылай бұталы формадағы өсімдіктер. Қосалқы жапырақтары жоқ. Жай жапырақтары кезектесіп немесе қарама-қарсы орналасады. Гүлдер реңсіз дихазийдің қысқарған осьтерінде « түйіншелер» түрінде масақ, сыпырғыш және басқада күрделі гүлшоғырларын құрайды.
Гүлдері көбінесе дұрыс, қос жынысты, кейде дара жынысты. Жапырақша немесе күлте тәрізді қарапайым гүлсерігі болады, кейде гүлсерігі мүлдем болмайды. Гүлсеріктері жемістерінде сақталып қалуы мүмкін, бұл жағдайда үлкейіп өскен гүлсеріктері жемістерінің таралуына әсер етеді.
Гүлдерінің формуласы:* Р(5) тостағанша тәрізді А5 G(2-5)
Аталықтары гүлсеріктерінің жапырақшаларына қарама-қарсы орналасады, саны жағынан оларға тең немесе аз болуы мүмкін. Гинецейлері 2, кейде 3-5 жеміс жапырақшаларынан түзіледі, аналықтарының аузымен мойынында осы мөлшерде болады.
Жемісі жаңғақ, кейде қорабша немесе жидек түрінде болады. Біздің флорада жиі кездесетін түрлеріне құм ебелегі (рогач песчанный -Ceratocarpus arenarius), кәдімгі қызылша (свекла обыкновенная –Beta vulgaris), итсигек бүйіргін (ежовник безлистый- Anabasis aphylla), лессинга қараматау (камфоросма лессинга- Camphorosma Lessingii), жатаған изен (кохия стелющаяся – Kochia prostrata), кәдімгі алабұта (марь белая- Chenophodium album) тағы басқаларын атауға болады.
Диллениидтер класс тармағы Dilleniidae
Құлқайыргүлділер қатары Malvales
Құлқайырлар тұқымдасы ( Мальвовые-Malvaceae)
Құлқайырлар тұқымдасының басым көпшілігі әдетте саусақ тәрізді салалы жай жапырақтары бар шөптесін және бұталы өсімдіктер, сирек жағдайда бұталы формалары да кездеседі. Көп жағдайда гүлдерінің сабақ ұшы жапырақтарынан тұратын қосымша “сыртқы тостағаншалары” болады. Гүлдері бес мүшелі. Күлтелері бос немесе төменгі жақтары кіріккен. Сыртқы шеңбердің бес аталығы редукцияланған, ал ішкі шеңбердің аталықтары өте көп және жіпшелердің кірігуі нәтижесінде гинецейді айнала түтік құрайды, әрбір тозаңқап қос камералы. Аналығы үш немесе көп жеміс жапырақшаларынан тұрады. Аналық мойны біреу немесе бірнешеу.
Жемістері құрғақ қорабша немесе жалғыз ұрықты жаңғақша.
Гүлінің формуласы: * Са3(3), (6-10)+5 СО5 А (~)G(~)
Құлқайырлар тұқымдасының көптеген түрлері аса маңызды ауылшаруашылық өсімдіктері болып саналады. Олардың қатарына кәдімгі мақта ( хлопчатник немесе упланд белеющий - Gossypium hirsutum), жюмель мақтасы (хлопчатник жюмеля- Gossypium iumelianum), кенеп (кенаф - Hibiscus cannabinus), бамия (бамия- Hibiscus esculentus) тағы басқаларын жатқызамыз. Біздің флорада кездесетін түрлерге орман құлқайыры (мальва лесная -Malba silvestris), дәрілік жалбызтікен (алтей лекарственный- Althaea officinalis ) т.б. жатады.
Сүттегенгүлділер(молочаецветные-Euphorbiales ) қатары.
Сүттегендер ( молочайные- Euphorbiaceae) тұқымдасы .
Сүттегендер тұқымдасына тән қасиеттерінің қатарына сәйкес сүтті түктер, сүт қапшықтары мен сүт клеткаларының болуында. Жапырақ тақталарының пішіндері әртүрлі жай немесе күрделі , қосалқы жапырақты бар, кейде редукцияланған жапырақтарының орнына филлокладиялар түзіледі. Гүлсеріктері жай немесе гүлсеріктері мүлдем болмайды. Аталықтарының саны біреуден өте көп мөлшерге дейін жетуі мүмкін.Гинецейі үш жеміс жапырақшаларынан тұрады, аналық мойны үшеу, аналық аузы үшеу немесе алтау болады.
Гүлдері жай немесе күрделі гүлшоғырын құрайды, жай гүлшоғырлары көбінесе цимозды. Көптеген өкілдерінің гүлшоғырлары құрлысы жағынан жеке гүлге ұқсас болады.
Бұл тұқымдасқа жататын сүттегендер туысының негізгі ерекше белгілеріне күрделі гүлсеріктерінің әдетте қос- қостан орналасқан сарғыш -жасыл түсті сағақсыз қосалқы жапырақтары жатады. Бұл жапырақтардың вегетативтік жапырақтан айырмашылығы олар қысқарақ және жалпақтау келеді. Әрбір жеке гүлшоғырлары тостағаншаға ұқсас бокал түріндегі кіріккен бес жабын жапырақтармен көмкерілген. Бұл жапырақтардың сыртқы жоғарғы бөлімдерінде ірі бездеуіттері болады. Бокалдың ортасында ұзын сағағты аналық гүл, ал оны айнала бокал түзуші жабын жапырақтарының қойнауынан дамитын өте көп ұсақ аталық гүлдер бес топ болып орналасады. Аталық гүлдің жалғыз аталығының жіпшесі оның қысқа сағағының жалғасы болып таблады. Сонымен бірнеше аталық және бір аналық гүл бірігіп «циации» деп аталатын гүлшоғырын түзеді. Жеке гүлге ұқсайтын гүлшоғыры және циации жинақталып плейохазий гүлшоғырын құрайды.
Жемістері үш жаңғақшаға ыдырайтын қорапша, кейбіреулерінің жемістері етті, жидек тәрізді немесе сүйекті жеміс. Қазақстан флорасында кездесетін сүттегендер тұқымдасына ұсақ жеміс сүттегені (мелкоплодный молочай-Euphorbia microcarpa), зеравшан сүттегені (молочай зеравшанский- Euphorbia sclerocyathium), кәдімгі кенедән немесе кастор ағашы (клещевина обыкновенная- Ricinus communis), қиғаш хрозофора (хрозофора косая-Chrozophora sabulosa) т. б. атауға болады. Бұл тұқымдасқа жылы жерлерде өсетін тунга ағашы, гевея, маниок, филлантус өсімдіктерін атауға болады.
Асқабақгүлділер қатары (Cucurbitales )
Асқабақтар тұқымдасы (тыквенные- Cucrbitaceae)
Асқабақтар тұқымдасының басым көпшілігі біржылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер, бірен-саран жартылай бұталы және бұталы формалары бар.
Асқабақ тәрізділердің өркендерінің түрі өзгерген бір бөлігі мұртшаларға айналған. Мұртшалардың төменгі бөліктері сабаққа, ал тітіркенгіш тармақталған бөлігі метоморфозданған жапырақтарына сәйкес келеді. Сабақтары жерге жайылып немесе биікке өрмелеп өседі. Гүлдері цимоздық гүлшоғырларына немесе жеке- жеке орналасқан. Тостағаншалары, күлтелері және аталық жіпшелерінің төменгі бөліктері кірігіп түтік түзеді. Түтіктің жатынмен кірігуі нәтижесінде жатыны төменгі жатын болып саналады. Тостағаншалары жасыл түсті. Күлтелері өте ірі немесе кішірек, бес мүшелі, ақ немесе жасыл реңді болады. Андроцей 5,3 кейде 2 аталықтан тұрады.
Аталықтары бос, немесе екі-екіден кірігеді де, бесінші аталығы бос күйінде қалады, немесе редукцияланады; кейде аталықтарының барлығы бірдей кірігеді. Асқабақтардың кейбір түрлерінің ғана тозаңқаптары тік болады, көбінесе имек болып келеді. Тозаңқаптары екі камералы. Паракарпті гинецейі әдетте 3(10-1) жеміс жапырақшаларынан құралған. Бір аналық мойында үш аналық аузы түзілген.
Аталық гүлінің формуласы *СА(5) СО(5) А (2)+ (2) G O
Аналық гүлінің формуласы * Са (5) СО(5) А0 G(3)
Жемістері жидек тәрізді. Олардың нағыз жидектерден айырмашылығ тек үлкендігінде ғана емес, сонымен бірге жидек тәрізді жемістердің эндокарпиі қалың, қатайыңқы келеді және мезокарпийге тығыз жанаса жатады. Тұқымдарында эндоспермдері болмайды.
Сеппелі қияр (огурец посевной – Cucmis sativus), кәдімгі асқабақ (тыква обыкновенная- C. pepo), кәдімгі қарбыз (арбуз обыкновеннный- Citrullus vulgaris), қауын (дыня- Melo sativus) тағы басқалары бақша шаруашылығында өсірілетін өсімдіктерге жатады.
Каперсагүлділер (каперсоцветные- Capparales) қатары.
Крестігүлділер тұқымдасы (крестоцветные –Brassicaceae).
Жапырақтары бүтін жиекті немесе әртүрлі дәрежеде тілімшеленген, қосалқы жапырақтары жоқ шөптесін өсімдіктер. Басты ерекшеліктеріне бір клеткалы қарапайым, немесе көп клеткалы тармақталған бездеуітті түктері болады. Гүлсерігі күрделі, тостағанша екі мүшелі екі шеңберден құралады және ішкі шеңбердің тостағанша жапырақшаларының түп жақтарында шірне жинақталатын қуыстары болады.
Тостағанша жапырақшаларының аралықтарында орналасатын 4 күлтелері бір шеңбер құрайды. Крестігүлдердің басым көпшілігінің андроцейлері 6 аталықтан тұрады, оның қысқа жіпшелі екеуі аталықтарының сыртқы шеңберін құрайды. Жіпшелері ұзынырақ ішкі шеңбердің 4 аталығы 2 жұп болып сыртқы аталықтарымен кезектесіп орналасады. Гинецейі ценокарпті, үстіңгі жатын жиектері кіріккен екі жеміс жапырақшаларынан тұрады. Кірігу тігістерінен дамыған перде жатынды екі ұяға бекиді. Тұқымдастың ішінде гүлдерінің құрлыс ерекшеліктері тұрақты, бір- бірімен өлшемдері мен түстері арқылы ғана ерекшеленеді.
Кейде күлтелерінің бір қалыпты дамымауы нәтижесінде зигоморфты болып көрінуі мүмкін. Сирек жағдайда 6 аталықтың орнына 4 немесе 2, кейде 6-дан көп болуда мүмкін.Сол сияқты өте сирек жағдайда күлтелері мүлдем болмайды.
Гүлінің формуласы:* СА2+2 СО2+2 А2+4 G(2).
Гүлдері сыпыртқы гүлшоғырына жинақталған.
Жемісі бұршаққап, бұршаққын немесе жаңғақ.
Көкөніс дақылдарына жататын крестігүлділер тұқымдасына жапырақты капуста (лиственная капуста-Brassica oleracea), брюссель капустасы (бюрюссельская капуста), ақ қыша (горчица белая –Sinapis alba) жатады.
Крестігүлділер тұқымдасының көптеген түрлері кәдімгі жұмыршақ (пастушья сумка- Capsella bursa pastoris), егістік яруткасы (ярутка полевая- Thlaspi arvense), көк шатырша (икотник серый –Berteroa incana), кәдімгі сурепка (сурепка обыкновенная- Barbarea vulgaris) егістік жерлерде өсетін арам шөптердің қатарына жатады.
Тал гүлділер қатары( Salicales)
Тал тұқымдасы (Salicaceae)
Бұл тұқымдасқа кезектесіп орналасқан жай жапырақтары бар ағаштар мен бұталар жатады. Қосалқы жапырақтары кейде ерте түсіп қалады. Қос үйлі, гүлдері дара жынысты. Гүл серіктері мүлдем болмайды. Аталық гүлдерінде 2-ден 30-ға дейін , тіпті оданда көп аталықтары болады. Аналықтары екі жеміс жапырақшаларынан түзілген.
Гүлдерінің формуласы: аталық гүлі* Р о А2Gо , аналық гүлі *Ро АоG(2)
Жалғыз ұялы жатынында өте көп тұқым бүршіктері дамиды. Жемістері екі жақтауланып қаңырап ашылатын қорабша.
Эндоспермсіз тұқымдарының түп жағында шоқталған түктер орналасқан. Ол тұқымдардың жел арқылы таралуын қамтамасыз етеді. Гүлшоғыры сырға.
Тал тәрізділердің гүлденуі жапырақ жаймай тұрып басталады, немесе жапырақтануы мен гүлденуі бір мерзімде басталады. Өсімдіктерді анықтау кезінде теректердің аталық гүлдері диск деп аталатын ерекше воронка немесе бокалға ұқсас органмен қоршалған бірнеше аталықтан тұратын ескеру қажет. Диск редукцияланған гүлсерігі немесе ісініп өскен гүл табанының түр өзгерісі де болуы мүмкін. Мұндай диск аналық гүлде де болады. Аналық гүлдің дискісі паракарпті түрде кіріккен,ол екі жеміс жапырақшаларынан түзілген жалғыз аналықтың төменгі бөлігін көмкеріп тұрады. Энтомофильді, сирек жағдайда анемофильді өсімдіктер. Аталған тұқымдасқа терек, тал және чозения туыстары жатады. Олардың кең тараған түрлеріне көк терек (осина-Populus tremula), қара терек (тополь черный, осокарь P. niger), ақтал, әулие ағаш, сауыт тал (ива белая, ветла - Salix alba), көкшіл тал (ива сизая-S. glauca), сабау тал (ива прутовидная - S. viminalis) тағы басқалары жатады.
Раушангүлділер (розоцветные- Posales) қатары
Раушангүлділер (розоцветные- Posaceae) тұқымдасы.
Раушангүлділер тұқымдасытарын құрайтын өсімдіктердің тіршілік формасы ағаш, бұталы, және шөптесін өсімдіктер.
Жапырақтары жай және күрделі, сабақта кезектесіп кейде қарама-қарсы орналасады, қосалқы жапырақтары бар. Гүлшоғырлары қалқанша, шатырша, шоқпарбас, масақ, шашақ және жекелеп орналасады.
Гүлдері бес мүшелі, циклді және гемициклді, гүлсеріктері қосарланған, қос жынысты, актиноморфты. Бұл тұқымдасқа аталықтарының, күлтелерінің және тостағашаларының төменгі бөліктерінің бірігіп өсуінің нәтижесінде гүлтабаны кеңейіп жалпақтанып гипантия түзеді. Гипантия тегіс,дөңес, ойыс түрінде болып, гинецейіне кірігіп өседі немесе бос күйінде болуы мүмкін. Гүл тостағаншасының саны көбінесе бесеу, ол жемісінде қурамай сақталып қалады. Сирек жағдайда тостағанша саны төртеу немесе 5-тен көп болады. Андроцейлердің саны көп, олар бірнеше шеңбер құрып орналасады, әрбір шеңберде орналасқан андроцейлердің саны 10 немесе 5 кейде одан да аз мөлшерде болады.
Кей жағдайда жеміс тізілген кезде де аталық қалдықтары сақталып қалады (алма, тобылғы).
Гинецейлері апокарпті, аздаған түрлерінде гемисинкарпті және синкарпті, саны жеміс жапырақшаларының санына сәкес, кей жағдайда аз болады.
Гүлінің формуласы:* Са(5)СО5 A~ G~
Тұқымдас тармақтарына байланысты аналықтарының саны бірден шексіздікке дейін өзгеріп отырады.
Көптеген түрлерінде андроцей мен гинецейлердің арасында үйінді шірінді түзіледі. Жемістері көп таптама, көп жаңғақ, жаңғақ, көп сүйек, сүйек, алма.
Раушангүлділер тұқымдасы гүлдері, қосалқы жапырақшалары, гипантиясы, жемістерінің құрлысына байланысты 4 тұқымдас тармақтарына бөлінеді:
