Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қытай мен Корея Республикасы қатынастардың нег...doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
510 Кб
Скачать
☆

3.2. Қытайдағы корей диаспорасы

Әлемдегі корей диаспоралары

2007 жылы Қиыр Шығыстан қоныс аударылған корейлердің Орта Азияға келуінің 70 жылдығы аталып өтілді. Ол кезде Қазақстанға 20141 корей отбасы қоныстанды. Барлығы – 95 421 адам. Қазіргі кезде біздің елдегі корейлердің саны 110 мың адамға жуықтаған. Сондықтан Қазақстандағы корей диаспорасы әлемдегі ең ірілер қатарына жатпайды.

Корей түбегі шекарасынан тысқары жерлерде тұратын корпейлердің басым бөлігі Қытайда, АҚШ пен Жапонияда.

Жапониядағы корейлер

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстандағы сияқты Жапониядағы корейлердің саны да айтарлықтай көбейген жоқ. 1945 жылы жапондар одақтастар әскерінен жеңілгенде ол елде қалған корейлердің саны 2,3 миллион еді.

Соғыстан соң олардың көбі Кореяға оралды. Сол жылдары Жапонияда қалған корейлердің бастапқы саны 500-600 мың болатын. Ал жаңа жүзжылдық пен мыңжылдықтың басында бұл елдегі корейлердің саны 700 мыңға жуықтады. Алайда, зерттеушілер олардың нақты саны бұдан көбірек – 1,2 миллионға таяу деп жорамалдайды. Статистика жапон мен корейден құрылған отбасыда дүниеге келгендерді жапондар деп есептейтіндіктен санаққа алмайды[58].

Ал Жапониядағы қазіргі жағдайда көз жүгіртсең, жапон-корей ұлтаралық некелердің саны алға жылжыған жылдармен бірге көбейіп отырғанын байқайсың. Мысалға алатын болсақ, Жапонияның ресми үкіметтік статисикасы көресткендей, 1970 жылы корейлермен жасалған 6892 некеге отырудың 56,3 пайызы өз қандастарымен некелесу болса, 42,4 пайызы жапон жігіттерімен немесе жапон қыздарымен некеге тұру болған. 1991 жылы Жапониядағы корейлермен некеге отыру саны 11677-ке жеткен. Мұндағы корейлердің өз қандастарымен некеге отыруы бар-жоғы 16,8 пайызды құраса, жапон-корей некелесуі 82,5 пайызды құрапты. Жапониядағы корей диаспорасы санының өсу қарқынының тым нашарлығын осы ақиқатпен де түсіндіруге болады[58].

АҚШ-тағы корейлер

АҚШ-та керісінше, олар жылдам көбеюде. 1990 жылы ондағы корейлердің саны 798,8 мың болған. Ал 2000 жылы өткізілген халық санағы нәтижесінде Америкада 1 млн. 76,8 мың корей ұлтының өкілдері тұратынын белгіледі. Сонымен қатар, санақ барысында белгілі бір жағдайда корейлерден шығатын тағы 151555 адамды есепке алыныпты[58].

Жалпы алғанда Америкадағы этникалық корейлердің саны 1,3 миллионға жетуі әбден мүмкін. Мұндағы әңгіме негізінен АҚШ-та тұрақты тұратындарға қатысты екенін естен шағырмаған абзал. Егер, онда уақытша тұрып жатқан корейлерді де қоса санасақ, жергілікті корей диаспорасының саны жоғарыдағыдан да көп болып шыға келеді.

Мәселен, 2003 жылы оңтүстік кореялық сыртқы істер және сауда министрлігі АҚШ-та 2 миллион 157 мың 498 корей ұлты тұрып жатыр деп есептеп шығарды. Олардың басым бөлігін Амарикада тұрақты тұруға қажетті статусы жоқ және ол елде уақытша тұрып жатқан жұмысшылар мен студенттерді құрайды[58].

Америкада өмір сүретін корейлердің арасында өздерінің атақты танымал адамдары бар. 1993 жылы Дж. Ким АҚШ Конгрессінің Өкілдер палатасына сайланған алғашқы америкалық корей ұлтының өкілі атанды. Ал 1995 жылы Ч. Ли Хемингуэй атындағы әдеби сыйлықты алған алғашқы америкалық корей жазушы болды. Бұдан бір жыл бұрын, яғни 1994 жылы Дейзи Чун Родс алғашқы роман авторлары арасындағы сыйлықтан үмсіткерлер байқауындада финалға дейін жеткен болатын.

Қытайдағы корейлер

Бүкіл әлемде қоныстанған 5 600 000 корей ұлтының арасында Қытай Халық Республикасындағы корей ұлтының басым бөлігі 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында келгендер, яғни Корея Жапонияның отар елі болған кезде Қытайдың Қиыр Шығысы мен Манчжурияға қоныстанған корейліктердің ұрпақтары. Қытайдағы корейліктерді «Чосондықтар» немесе «Чосон ұлты» деп атайды. Ал Қытай Халық Республикасының заңына сәйкес бұл корейліктер Қытайдағы 55 ұлттың бірі болып келеді. 1949 жылға дейін де корейліктер Қытадағы бір диаспора ретінде мойындалып келген. Қытай жерінде Қытайдың азаматтығын алмаған 50000 корей ұлты бар. Олар «Чосон елінің», яғни Солтүстік Кореяның азаматтары болып келеді. 2000 жылғы халық санағы бойынша Қытайдағы корей ұлтының саны 1 920 000 жетіп, Қытайдағы өзге ұлт өкілдері арасында 12-ші орында тұр. Корей ұлтының 95 пайызы Ішкі Моңғолия автономиясы жарияланғаннан кейін, 1955 жылы Яньбян Корей (Енбен Чосон) автономиялық ауданы құрылды. Қытай үкіметі тарапынан автономия құқығына ие болған корейліктер Корей түбегімен шекараласатын 45 186 шаршы километр жерде қоныстанған. Мысалы Оңтүстік Кореядағы 99 600 шаршы километр жерімен салыстырар болсақ, Кореяның территориясының 45 пайызын құрайды[9,421].

1980 жылы Оңтүстік Корея мен ҚХР-дың өзара байланысы бәсеңдеп қалған жағдайда, осы екі елдің байланысын қайта қалпына келтіруде қытайлық корейліктер үлкен белсенділік танытқан. Бұл арада, әсіресе, Солтүстік Шығыс аймақтарда қоныстанған корей ұлты өзінің туған жерімен байланысын нығайтуға талпынады. Мысалы, 1974 жылы Қытай Халық Республикасымен Оңтүстік Корея арасында пошта қызметі ашылып, алғаш қоныс аударған корейліктер Кореяға сапар шегуге мүмкіндік алды. Бұл екі ел арасында тоқтап тұрған байланысты қайта жақындатуға бағытталған алғашқы қадамдар еді[9,422].

Оңтүстік Кореяның және Солтүстік Кореяның жағынан алып қарасақ, Қытай жерінде қоныстанған корей диаспорасын «Чосон ұлты» деп атаса, Оңтүстік Корея үшін олар «шетелде қоныстанған корей ұлты» болса, Солтүстік Корея үшін Чосон ұлты болып келеді. Ал қытайлықтар үшін корей халқы ел территориясына қоныстанған көп ұлттың бірі.

Солтүстік Кореяның Туманган мен Амноккан жерімен шектесетін Қытайдың жеріндегі аймақ Корей автономиясының жері. Бұл жерде 1 миллионға жуық Корей ұлты тұрады. Солтүстік Кореямен шекаралас жер болғандықтан жергілікті корей халқы КХДР-мен барынша достық қарым-қатынас ұстанып отыруға тырысады. Бұл орайда әсіресе сауда байланысын қарқынды дамуда.

Қытайда қоныстанған корейліктердің екі елдің қарым-қатынасына тигізетін әсері көп. Жекелеп айтып өтер болсақ, Чосондықтар Қытай жеріне аяқ-астынан көшіп келмеген. Басым көпшілігі 19 ғасыр мен 20 ғасыр арасында Корей түбегінен көшіп келген корейліктердің ұрпақтары. Олар тек корей тілін ғана емес, әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтап қалған. Өзінің туған жеріне жақын орналасқандықтан, қытай азаматы болса да, өз ана тілінде еркін сөйлейді. Сол себепті олар үшін өзінің туған жеріне жақын болу ешқандай қиындық туғызбайды[9,425].

Қытайдағы корей ұлты өз елінен алыс болса да, Қытайға көшіп келгенге дейін Корей түбегінде болып жатқан тарихи оқиғаларға немқұрайлы қарамаған. Чосондықтардың көшіп келген қытай жері Жапонияға қарсы қозғалыстың ошағы болған. Олар барынша корей түбегінің жапон отарынан құтылып, өз тәуелсіздігіне қол жеткізу үшін күрескен. Алайда Корей түбегі Жапония отарынан азат болды, енді Корей түбегінде тыныштық орнай ма дегенде, екі корей мемелекеті арасында соғыс басталады. Бұл қайғылы соғысқа қа қытайлық корейліктер немқұрайлы қарамайды. Қытай Коммунистік Партиясы корей түбегіне көмекке жіберген әскердің құрамында корейліктердің саны басым болады. Деректер бойынша 1950 жылы Корей түбегінде басталған соғысқа Яньбян аймағында тұратын корейліктердің 95 пайызы баруға дайын екені айтылған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Қытай жерінде 56 ұлт өкілдері тұрады. Дәл осы себепті Қытай Халық Республикасы үшін елдегі саяси, экономикалық тыныштықты барынша сақтап отыру маңызды. Сонымен қатар, осы орайда маңайдағы көршілес елдермен де саяси-дипломатиялық қарым-қатынаста мұқияттығын көрсетіп жатқаны бәрімізге мәлім. Алайда, біз әлі күнге дейін Тибет пен Шыңжаң автономиясы аймағында ұлтаралық мәселер біршама қиындықтар әкеліп жатқанын байқап жүрміз[56,6].

Осы ғасырдың басынан бермен Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары «аз санды ұлттар» дегеннен гөрі «Жұңхуа ұлттары» дейтін тіркес жиі қолдана бастады. Осы арқылы аз санды ұлт өкілдерінің санасына «біз дербес ұлт өкілдеріміз» дегеннен гөрі «біз – жұңхуа ұлтының айырылмас бір бөлшегіміз» дегенді сіңіріп келеді.

Қытайдағы корей халқы жайлы айтар болсақ, Қытайға өз жеріндегі корейліктердің жағдайын ойластуры үшін бастапқыда Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасында таңдау керек болды. Осы орайда, Қытай Халық Республикасын Солтүстік Кореяға қарай жақын болып, өз жеріндегі корейліктерді Оңтүстік Кореяның «шетелдегі корейліктерге» қатысты құқығынан толықтай айырды. Егер де Қытайдағы корейлік осы Оңтүстік Кореяның шетелдегі корейліктерге ұсынып отырған жеңілдіктері мен көмегін қабылдаса, оны автономиядағы құқық бұзушылық деп есептеген. Бұл Қытай үкіметінің өзімен көрші тұрған Солтүстік Кореямен саяси-дипломатиялық байланысын нашарлатып алмаудың бір амалы еді. Қытай ең алдымен Корей түбегінде соғыс болған жағдайда, Солтүстік Кореяның халқы Манчжурия жеріне қашып келуден қауіптенген болатын[57,269].

Жоғарыда айтылғандай, ҚХР-да ресми саны бойынша ең ірі корей диаспорасы тұрады. Бұны түсінуге де болады. Өйткені, қытайлықтар мен корейлер ежелден бір-бірімен көрші тұратын халықтар. ҚХР мен КХДР (Корей Халықтық Демократиялық Республикасы) арасындағы, сондай-ақ ҚХР мен Корея Республикасы арасындағы бүгінгі экономикалық қарым-қатынста да олардың жағрафиялық тұрғыдағы жақындығы да өз септігін тигізеді. Мәселен, Оңтүсік Корея Қытайдың аса ірі сауда әріптестері тізімінде Еуропалық Одақ, АҚШ және Жапониядан соңғы төртінші орында тұр. Ал ҚХР ең көп шетелдік инвестиция алатын елдер арасында оңтүстіккореялықтар жапондардан кейінгі екінші орында иеленіп, аталған көрсеткіш бойынша америкалықтарды артта қалдырған.

Алайда корейлер ҚХР үшін – ежелден көршілес тірлік кешіп келе жатқан ұлт қана емес. Олар – Қытайдың өзіндегі тұрғындарды құрайтын ресми түрде талынған 56 этникалық топтың бірі болып табылады.

2005 жылдың басында қытайдың құрлықтық бөлігіндегі азаматтардың саны 1 млрд. 300 млн деген белгіге жетті. Бұдан түйетініміз, жер бетіндегі әрбір бесінші адам осы елде тұратындығын білдіреді. Қытай тұрғындарының жалпы санындағы корейлік этникалық топтың үлесі тым аз.

ҚХР да соңғы рет 2000 жылы жүргізілген ресми халық санағы деректеріне сәйкес, сол жылдары онда 1 млн. 923 мың 842 корей ұлтының өкілі тұрады делінген Содан бергі уақытта олардың саны екі миллионнан асып кетті деп божам жасауға болады. Бұлай деп тұжырым жасауға себеп ретінде бірінші кезекте қытайдағы 56 этникалық топтар арасындағы бала өлімі бойынша корейлердің көрсеткіші ең төмен орында екендігін айтуға болады[38,356].

Корейлерге тән тағы бір ерекшелік – бұл олардың білім деңгейінің қытайлық этностар арасында барынша жоғары екендігі. Арасында әлеметтану профессоры Барбара А. Андерсон бар Корея мен корейлердің мәселелеріне маманданған батыстық зерттеушілердің барлығына жуығы назарларын осындай жағдайларға аударады. Барбара А. Андерсон өзінің «Son Preference and Premature Death in Korea» атты еңбегінде былай деп жазады: «Соңғы онжылдықта әлемнің басым бөлігінің қызығушылығы мен қызғанышын туғызып отырған денсаулық сақтау және білім беру жүйесін қоса алғанда Оңтүстік Корея керемет экономикалық өрлеуді бастан өткерді. Басқа елдердегі этникалық корейлер де қолайлы жағдайға иелік етеді. Мысалға, Қытайдағы корейлер барынша жоғары біліми жетістіктерге иелік етеді және елдегі барлық этникалық топтар арасында сәби өлімі бойынша ең төменгі көрсеткішке ие» [9,452].

Қытай көп ұлтты мемлекет болып саналғанымен, елдегі барлық тұрғындардың құрамындағы азшылықтағы ұлттардың үлесі қытайлықтардың өздерімен салыстырғанда мүлде аз. Дегенмен осы саны аз халықтар тұратын аймақтар аталған мемлекеттің жартысынан астамын, нақтырақ айтқанда, 60 пайызын алып жатыр. ҚХР-дағы негізгі ұлт – ханьдықтар. Біздіңше – қытайлар. Олар ҚХР тұрғындарының 92 пайызын құрайды. Ал қалған 55 этникалық топтың үлесі – 8 пайыз. Осы 55 этникалық топтың 22-сі бойыншы әрқайсысындағы адамның саны 100 мыңнан аз болса, тағы 15 топтың әрқайсысында 100 мыңнан 1 миллионға дейін адам бар. Қытайдағы азшылықтағы ұлттардың тек 18 этникалық тобының ғана әрқайсысында 1 миллионнан астам адам бар. Олардың қатарына ҚХР да чаосиян ( Сhaoxian) этникалық тобы немесе халқы деп аталатын корейлер де кіреді. Сондай-ақ қазақтар да осы соңғы топта.

ҚХР Ұлттар істері жөніндіге мемлекеттік комитетінің қызметкерлері берген мәліметтер бойынша 2000 жылы өткізілген санаққа сәйкес, саны бойынша корейлер барлық 56 этникалық топтар бойынша ханьдықтар немесе қытайлықтардың өздерінен кейінгі 14 орында тұр. Олардың алдында чжуандар (16 млн. 178,811 тыс.), маньчжурлер (10 млн. 682,263 тыс.), хуэйцтер (9 млн.816,802 тыс.), мяолар (8 млн. 940,116 тыс.), ұйғырлар (8 млн. 399,393 тыс.), туялар (8 млн. 028,133 тыс.), ицзулар (7 млн. 762, 268 тыс.), моңғолдар (5 млн. 813,947 тыс.) , тибеттіктер (5 млн. 416,021 тыс.) , буилер (2 млн. 971,460 тыс.), дундер (2 млн. 960,293 тыс.) және яолар (2 млн. 637, 421 тыс.) тұр. Ал қытайдағы саны аз ұлттар арасында 13-ші орынға орналасқан. Ал Қазақтар болса, аталған көрсеткіштер бойынша тиісінше 17 және 16 орындарды иеленеді. Нақтырақ айтқанда, ҚХР-дағы корейлер мен қазақтардың саны салыстырмалы түрде бір-біріне тым жақын. Бірақ, өздерінің ҚХР аумағындағы орналасулары бір бірінен тым шалғайда, қарама-қарсы жағдайда қоныстанған. Қытайда тұратын корейлердің негізгі бөлігі елдің ең шығысында Гирин (Цзилинь) провинциясында қоныстанған. Ал қазақтар болса негізінен ШҰАР-да (Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы) елдің ең батысында өмір сүреді[49,154].

Құрғақта Корей түбегімен тікелей шекараласатын Гирин (Цзилинь) провинциясында Яньбян атты корей автономиялық аймағы бар. Алайда, Қытайда тұратын корейлердің қоныстанған жерлері мұнымен шектелмейді. Олар ҚХР-дың тағы басқа солтүстік қиыр шығыстық провинцияларында Хэйлунцзян мен Ляонинде, Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында да өмір сүреді. Қытайда тек Янбьян корей автономиялық аймағында тұратын корейлер ғана корей тілінде жазып, сөйлейді, ал елдің басқа жерлерінде тұратын олардың қандастары күнделікті тұрмыста қытай сөзі мен қытай жазуын пайдаланады деп саналады.

Яньбяндық корей тілінде қытай иероглифтерінсіз (Hanja), тек қана (Hangul) корей жазуы пайдаланылады. Оның тыныс белгілері Корей түбегінде пайдаланылатын корей тіліндегі сияқты, қытайлық негізде емес батыстық немесе еуропалық негізде.

Қазіргі кезде корейлер Қытай тұрғындарының 0,15 пайызын ғана құрағанымен, олар ұлты корей тұрғындары бойынша Корей Республикасы мен Корей Халықтық-Демократиялық Республикасынан соңғы үшінші ел болып саналады.

ҚХР-дағы корейлер – бұл әлемдегі барлық корейлердің 3 пайызға жуығын құрайды. Соңғы кезге дейін солай деп саналып келген болатын. Қытай және корей халықтарының өзара байланысының соншалықты терең әрі ежелден келе жатқанын ескерсек, мұндай шындыққа таң қалудың да жөні жоқ.

Олардың көршілік тарихының барлық кезеңінде шекара арқылы екі бағытқа да белгілі бір көші-қонның болып келгені сөзсіз. Мысалы, корейлердің Аспан асты империясяна қоныс аударуы Қытайды Цинь (1644-1911 жылдары), Мин (1368-1644 жылдары), Юань (1271-1368 жылдары) династиялары басқарған және бұлардан да ертерек кездері байқалған. Дегенмен, Корей түбегінен ертеде келген қоныстанушылар қытай қауымдастығыны сіңісіп кетті. Қытайдағы қазіргі корей тұрғындары – бұл ең бастысы елге 1860-1945 жылдары көшіп келген мигранттардың ұрпақтары[9,457].

Өздерінде тұратын корейлердің шығу тарихы туралы мәселе бойынша қытайда осы көзқарас қабылданған және айтылады. 1860 жылдары Кореяда табиғат апаттары жиі тіркеліп, солардың салдарынан сұмдық аштық болды. Осы нәубет көптеген корейлердің ата қоныстарын тастап Қытайға қоныс аударуына әсер етті.

1984 жылдың қарсаңында сол кездегі бағалау бойынша Аспан асты елінің аумағында 34 мың корей тұрған. 1910 жылы олардың саны 109 мың 500 адамды құрайды. Жапония Кореяны бағындырып алғаннан кейін корейлердің басым бөлігі қытайға Қоныс аударды. Біреулері жапондардың басқаруына көнгісі келмесе, басқалары Қытайды жапондарға қарсы күрес базасы ретінде пайдалануды ойластырды. 1936 жылы аталған елдегі корейлердің саны 854 мың 411 адамға жетті. Жапон билігі қытайлық аумаққа да қанатын жайғанда, жапондар корей шаруаларын Қытайдың солтүстігіне қарай ығыстырып, оларды ондағы ауыл шаруашылығын көтеруге мәжбүрледі. 1945 жылы Аспан асты еліндегі корейлердің саны 1 миллион 692 мың 342 адамға жетті[9,458].

1952 жылы, Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін қытайлық корейлердің негізгі бөлігі тұратын Яньбян автономиялық облысқа айналды. 1955 жылы оның статусы автономиялық округке немесе автономиялық префектураға деңгейіне дейін өсірілді. Сол кезден бері Яньбян – Қытайдағы корейлердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени орталығы саналады.

Қазіргі таңда бұл аймақ екі мемлекеттің байланыстарында маңызды орында иеленеді. Қытай өткен ғасырдың 90-жылдары Корея Республикасымен дипломатиялық келісімге қол қойылғаннан кейін сауда-экономикалық байланыстары өтте қарқынды дамыды. Соның ішінде корей инвестициясын елге тартуда Қытай үшін бұл аймақтың маңызы артып шыға келді. Бұл аймақтың экономикасын, халқының әл-ауқатын көтеру үшін де бұл өте тиімді еді. Шынымен оңтүстіккорейліктер өз қандастары қоныстанған Қытайдың солтүстік-шығыс аудандарына көбірек мән берді.