Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
емтихан 2.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Ғабит мүсірепов. Жаны толы жыр еді (ғ.Мүсіреповтың мақаласы, яғни Ғали Орманов туралы айтқаны).

Ғали маған “бісміллә” деп тартқан бірінші жолынан бастап, “тәтем” деп тоқтаған ең соңғы жолына дейін оқушының ойында қалған ақын сияқты елестейді. Әрине, ешбір ақынды ешбір адам түгел жаттаған да емес, түгел оқи  алған да емес. Сонда да оқығаныңнан қалған әсер тұтастығы болатыны да даусыз. Ол – ақынның теңеулері мен бейнелеулеріндегі үнемі тереңдей түсіп отыратын сыр тұтастығы, бояу тұтастығы. Ғали ақын қайталанбайды, қайталамайды, тереңдеп отырады. Ғали бұлбұлы сайрағанда бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып жүріп сайрамайды, өзіне ұнаған бір биігінен аумай сайрайды. Ғали ақынның тағы бір ерекшелігі – ол айтайын дегенін құлағыңа емес, жүрегіңе айтатын еді. Сөзбен емес, бейнелеу-суреттеумен айтатын. Ғалидың ең берісі осы жақтарын жете тексере алсақ, Ғали көтерілген биіктің аласа еместігін де көрер едік.

Ғали елден оқуға келе жатқанда-ақ қойнында бір құшақ өлең келе жатыр:

Көкжиекке қосылған

Қара жолдың ұшына,

Қарай-қарай асығам,

Қанатым жоқ ұшуға.

Ғали Орманов Ұлы Қазаннан бұрын туғанымен, оның қаламын кеңестік дәуір ұштап берді, бағып-қақты, оқытты, қалыптастырды. Бұл жайлар ақынның өлеңдегі өмірбаянында сайрап жатыр. Алғашқы өлеңдерінен бастап, табытына қолындағы қаламымен түскенге дейінгі аралықта алыс сапар, адам тірлігі, қоғам өмірі, өзгеру, соғысу, жеңу, сену, кенелу кезеңдері кемел қамтылған.

Аздап мысал теріп, тізуге болады:

Алысқа тігіп көзімді,

Аянбай жеттім бір шаққа.

Қиынға жұмсап өзімді,

Қарайын талмай кітапқа.

(“Өрде”, 1940 жыл )

Қару бер, ана, қолыма,

Жауыңа жайдай тиейін.

Өзімді тосып жолыңа,

Үстіме жалын киейін !

(“Отан алдында”, 1941 жыл )

 Даланы дария-дәулетке

Толтырып кімдер қойды екен?

Байытып қилы сәулетке,

Бедерін кімдер ойды екен?

(“Жер шебері”, 1959 жыл )

Бұл шөкім-шөкім жырлардан, үзік-үзік сырлардан Ғали поэзиясының жалпы панорамасы елес бере алады. Социалистік қазақ елінің басынан кешкен  нұрлы тарих, ақынның шығармашылығын тұтастай сәулелендіріп, жасыл өріске айналдырып жіберген.

8-билет. 1.сұрақ Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерінің асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерінің тегі әріден, түркі тілдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезінен басталады.

1960 – 90 ж. ішінде Қ. ә-нде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейін қазақ жазушылары елдің тәуелсіздігі мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкіндік алды. Бұл тұрғыда І.Есенберлиннің (“Қаһар”, “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Алтын Орда”), Мұртазаның (“Қызыл жебе”),  Мағауиннің (“Аласапыран”), Кекілбаевтың, (“Үркер”, “Елең-алаң”) Ә.Әлімжановтың (“Жаушы”, “Ұстаздың орлауы”, “Махамбеттің жебесі”), Жүнісовтің (“Ақан Сері”), С.Сматаевтың (“Елім-ай”) тарихи романдары Қ. ә-нің қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгісі бүгінгі күн тақырыбына шығарма жазушылар үшін де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмаділовтің, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидің, т.б. жаңа романдары дәуір шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуір әдеби-көркемдік жетістіктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың “Әке мен бала”, “Жоғалған дос”, Әбішевтің “Нұрлы жаңбыр”, Жүнісовтің “Ай тұтылғанда”, Ысқақтың “Таңғы жаңғырық”, Исабековтің “Әпке”, “Мұрагерлер”, М.Хасеновтің “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн”, Р.Сейсенбаевтың “Түнгі диалог”, “Нартәуекел” пьесалары табыспен жүрді. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргін оқиғаларын жазуға мүмкіндік алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. ішкі өзара байланысымен, адамның ішкі жан дүниесіне, мінезіне үңіле назар аударуымен, экол., урбанизация, ғыл.-тех. жетістіктер көкейтесті, т.б. жайларға көңіл аударуымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік жылдарының рухани нәтижесі Нұрпейісов (“Соңғы парыз”), Қабдолов (“Менің Әуезовім”), Мұртаза (“Ай мен Айша”), Мағауин (“Сары қазақ”), Жүнісов (“Аманай мен Заманай”), Нұршайықов (“Жазушы мен оның достары”), Ысқақ (“Ақсу туралы аңыз”), Тоқтаров (“Абайдың жұмбағы”), Сматай (“Жарылғап батыр”), С.Елубай (“Тағзым”), Мұратбеков (“Ай туар алдында”), Исабеков (“Ай-Петри ақиқаты”), Тарази (“Қара жұлдызға сапар”), Жұмаділов (“Тағдыр”), А.Жақсыбаев (“Тірек”), Қ.Исабаев (“Шоң би”), Д.Досжан (“Құм кітап”), Б.Мұқай (“Өмірзая”), Ә.Сарай (“Еділ-Жайық”), О.Сәрсенбай (“Шеңбер”), т.б. көрнекті жазушылардың роман, повесть, әңгімелерінде көрініс тапты. Әдеби онжылдықта Қ. ә-нің дәстүрлі жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерілді. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңіл-күйдің байлығы, суреттеу тәсілдері мен құралдарындағы батыл ізденістер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. ізденістердің молаюына түрткі болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған  Кекілбаевтың “Абылай хан”, Ш.Құсайыновтың “Томирис”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері” тарихи драмалары енді ғана тәуелсіздік алған елдің егемендігін сақтап қалудағы қиын күрестің тірегін іздеудің ерекше түрі іспетті болады.

Қ. ә. өзінің бүкіл даму барысында күрделі де қайшылықты жолдардан өтті. Бүгінгі қазақ ұлттық әдебиеті өсіп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнекті авторлары бар, әлемдік әдебиет деңгейіне көтерілді.

2-сұрақ. Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі “Көшпенділер” трилогиясы еді.“Көшпенділердің” ең алғаш жазылған бөлігі “Қаһар” 1969 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1970 жылғы, 5,6 сандарында “Хан Кене” деген атпен жарияланған. Трилогияның бірінші кітабы болып табылатын “Алмас қылыш” романы тұңғыш рет 1971 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. 1974 жылы Москваның “Молодая гвардия” баспасынан “Загаворенный меч” деген атпен орыс тілінде басылып шықты. Тарихи трилогияның екінші бөлімі “Жанталас” романы бірінші рет 1974 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Роман орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында “Отчаяние” деген атпен басылды. Москваның “Известия” баспасынан 1974 жылы орыс тілінде шықты. Үш роман біріктіріліп “Көшпенділер” деген атпен алғаш рет 1976 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде, Москваның “Советский писатель” баспасынан 1978 жылы, “Художественная литература” баспасынан орыс тілінде басылды. Трилогияны орыс тіліне аударған – Морис Симашко. Сондай-ақ “Көшпенділер” трилогиясы 1983 жылы Польшада 1986 жылы Венгрияда басылды. “Көшпенділер” трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, ХҮ-ХІХ ғасыр аралығындағы қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. Оқиға бүгінгі шекаралық аймақ тұрғысынан қарағанда Алтайдан Атырауға дейінгі шығыс пен батыс аралығы Батыс Сібір ойпаты мен Самарқанд пен Сырдарияға дейінгі солтүстік пен оңтүстік аралығын қамтитын географиялық аймақта өтіп жатады. Шығарма кейіпкерлері ретінде негізінен тарихи тұлғалар, Шыңғысхан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар. “Көшпенділер” трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді. “Көшпенділер” қазақ халқының ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі-коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді. Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған Горбачевтік-Колбиндік баскесерлер әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жатқанына тарих куә. Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын тұтынған. Былайша айтқанда Ілияс Есенберлин халқының көне заманғы тарихынан өзі өмір сүрген дәуірдің де даму диалектикасын көрді.

3-сұрақ.

Қазiргi қазақ поэзиясын зерделегенде, тәуелсiздiкке дейiнгi және тәуелсiздiктен кейiнгi деп екi кезеңге бөлiп қарастыруға тура келедi. Соған қарай ақындарымыздың шығармаларын да екi кезеңге бөлiп пайымдаған жөн деп бiлемiз.  Кешегi Кеңес заманы кезеңiндегi көптеген ақындарымыздың шығармаларын зерделей келгенде, олардың бұрынғы ғасырлардағы ақындар мен жыраулар атқарған рухани қолбасылық рольден айрылып, оны уыстарынан шығарып алғанына көз жеткiздiк. Кеңестiк билiк ақындарымыздың адымын аштырмай, олардың азаматтық үнiн еркiн шығаруына кедергi келтiрiп бақты. Соның салдарынан азаматтық лирика зардап шектi.  Әйтсе де олар қоңыр өлеңдер жазып, қоңыр тiрлiк кешiп жүргендерiн, шындықты шырқыратып айтып, әдiлдiк үшiн алыса алмай жүргендерiн ақындар бiлмедi емес, бiлiп жүрдi. Бiрақ атой салып шығуға тәуекел ете алмады. Бiрiнiң ерлiгi жетпедi, бiрiнiң өресi жетпедi. Осы жөнiнде ақын Кеңшiлiк Мырзабековтың "Ақын мен ақ қағаз" атты өлеңiнде өте жақсы айтылған.  Бұл жырын ол қырықтың қырқасына шыққан кезде жазғанға ұқсайды. Ақ қағазға төнген ақын ненi жазу, ненi айту керек екенiн ұзақ ойланады. Шындық менi айт деп шырылдайды, заман мен қоғам қамы да сөз сұрайды, басқа да мәселелер қаумалайды. Ақын шешуi қиын сұрақтармен бетпе-бет келiп, тығырыққа тiреледi. Бiрақ мұндай аса күрделi проблемаларға төрелiк айтуға ақын өзiнiң дайын емес екенiн сезедi, "ойланып барып айтамын" деп орнынан тұрып кетедi.  Шынында, Кеңшiлiктiң ағынан жарылып, "ойланып барып айтамын" деп орнынан тұрып кеткенiндей, шындықты айту қай кезде де оңай емес, қиын болған. Бiрақ оқталған мылтықтың ерте ме, кеш пе, әйтеуiр бiр атылатыны секiлдi, шындық қалай да айтылу керек. “Егер сен нағыз ақын болсаң, шындықты бәрiбiр айтасың” дейдi Кеңшiлiк. Бұл – шындықты ақын айтпағанда кiм айтады деген сөз. Мәселе, оны қай ақынның қалай айтуында, немесе айтпай, айта алмай жүргенiнде.

Асқақ романтика мен сыршыл сезім Ж. Әбдірашевпен заманы бір ақын К. Мырзабековтың өлеңдері мен баладаларына тән сипат. Оның қаламынан туған «Ақ көйлек», «Көшу» сияқты сюжетті өлеңдерде ақындық үн ұлттық бояумен астасып, өзгеше өрнек тапқан. Сыншылар назарына көп іліккен «Ақ көйлек» өлеңі астарлы, ишаралы өлең. Өлеңнің атының өзі астарлы бір ойға мегзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады.

Қаладан көкем әкелген маған ақ көйлек,

Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.

Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,

Киер ем күнде. ауылда, әттең, көп той жоқ –

деген жолдармен басталатын өлең әрі қарай ақынның сол ақ көйлекке деген ерекше сүйіспеншілігімен өріліп, алаңсыз, қылаусыз балалықтың белгісіндей болған көйлекті киген сәттегі лирикалық кейіпкер сезімі, балалық пен бозбалалық дәурен арасындағы толқу, ақ көйлекті қара құйынның ұшырып әкеткен сәтіндегі күйініш пен өкініш тамаша үйлесім тапқан.

Ақ көйлек, ақынның өз сөзімен айтқанда, – «жамауы жоқ, жасауы жоқ, көңіліндей аппақ қылаусыз» балалығының белгісі. Балалықтың сәтте ғайып болуы – өмір заңы. Ақ көйлекті ұшырып әкеткен қара құйын – балалық атты дәуренді ғайып қылар қатал күш тәрізді. Өлең

Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім,

Бозбала болдым. Балалық көңілім мертігіп –

деген жолдармен түйінделеді. Көріп отырғанымыздай, ақ көйлек жалаң ғана киер киім ретінде жырланып тұрған жоқ. Ақ көйлек – алаңсыз балалық дәуреннің ишарасы. Кеңшілік қаламына тән асқақ үн ишарамен, тұспалмен астасып, өмір шындығы романтикаға, содан символға ұласқан.

К. Мырзабеков өлеңдерінен романтикалық, символдық сипаты анық көрінеді. Кеңшіліктің «Аңыз» атты өлеңінде еркіндікке құштар, биіктікке құмар өршіл рух жырланады. Аты айтып тұрғандай, өлең мазмұны аңыздық сипатта. Ақын тілінде «Еркін құс» түрінде жыр өзегіне алынып отырған азат рух, оның замана қыспағында шырылдауы түйсікпен барлап түсінер нәрсе. Көркемдік тәсілдің шебер өрілуі нәтижесінде мазмұны терең, поэтикалық айшығы салмақты өлең дүниеге келген. Еркіндікті, азаттықты аңсаған көңіл жалпы адамзат атаулыға тән ізгілік сол еркін құспен бірге қапасқа түскеніне күйзеледі. Ақын тұспалы осыны мегзеп тұр. Сонымен бірге, айтылар ойдың ишарамен, тұспалмен жеткізіліп, азат рухты еркін құспен ауыстырылуы символизмге тән сипат екенін ескерте кету керек. Әрине, символизм ағым ретінде ақын шығармашылығына терең сіңіспегенімен, бірсыпыра сыршыл өлеңдерінде өзіндік ерекшелікпен көрініп қалып отырады.

К. Мырзабеков лирикасы сыршылдығымен, сезімтал сергектігімен ерекшеленеді.

9- билет.

Ұлттық поэзия көкжиегi жаңа көркемдiк бояулармен молыға түстi: Ә.Тәжiбаев «Таныс дауыстар» /1984/, О.Сүлейменов «Әр  күн  –  арайлы таң» /1986/, С.Мәуленов «Жапырақтар жанады» /1964/, Т.Айбергенов «Арман сапары» /1963/, «Аманат» /1975/, Ә.Ахметов «Тырау – тырау тырналар» /1974/, Қ.Салықов. «Жезкиiк» /1973/, Ж.Нәжiмеденов «Темiрқазық» /1982/, К.Ахметова «Жапырақ жаздың жүрегi» /1974/, С.Жиенбаев «Іңкәр дүние» /1981/,  Ж.Жақыпбеков «Саратан» /1979/, т.б.  60 – 80 жылдары қазақ лирикасын түрлiк – мазмұндық, көркемдiк тұрғыдан дамытқан лириктерiмiз: Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, Ж.Нәжiмеденовтердiң стильдiк ерекшелiктерi дара – дара болғанымен, кейде уақыт ортақтығы кезеңнiң суреткерлiк тұтастығын құрады.

Бұл жылдары да сюжетсiз лирикалық – философиялық поэмалар көптеп жазыла бастады. Мұндай iзденiстерге Қ.Бекхожиннiң «Сұңқар туралы жыр», Х.Ерғалиевтiң «Аңыз ата», «Жылдар, жылдар», Ж.Молдағалиевтiң «Мен қазақпын», «Байқоңыр баспалдақтары», «Қыран дала», Ә.Тәжiбаевтың «Портреттер», М.Әлiмбаевтың «Менiң Қазақстаным», Т.Бердияевтың «Жер мен адам», Қадыр Мырзалиевтiң «Данышпан», М.Мақатаевтың «Өмiр дастан», «Аққулар ұйықтағанда», «Моцарт», «Жан азасы», т.б., Т.Айбергеновтiң «Жүрекке айтылған өлеңдер», Т.Молдағалиевтiң «Жер» т.б. шығармалар жатады.

Балладалық жанрдың дамуы. М.Шаханов өз шығармашылығын сазды лирикадан бастап, лириканың баллада жанрына, сюжеттi өлеңге ойысты. Ақын түлеткен бұл жанр арқылы ұлттық тiлiмiздiң поэтикалық қабаты дамыды.  М.Шахановтың «Сейхундария», «Махаббатты қорғау», «Сенiм патшалығы», «Барселона аэропортындағы сұңқарлар», «Жеңiлген жеңiмпаз хақындағы дастан», т.б. балладалары жанрдың iшкi қуатының молдығын байқатады.

Қадыр тек қалам қайраткерi емес, қоғам қайраткерi де. Ақын: “Қазақстанда ұлтыңды сүю, ұлтыңды мақтаныш тұту саясаты ешқашан мемлекеттiк дәрежеде жүргiзiлiп көрген емес. Қазiр де солай…”. “Ұлттық сана әбден қалыптасып болмай, интернационализмдi қызықтау жақсылыққа апарып соқпайды екен. Бiз мұны әлi де түсiнбей келемiз…” /“Жалын”, N5-6, 1994/ – дейдi.

Қадыр ақын тағы бiр сөзiнде: “Өткен өмiрiмiзге табыстар биiгiнен көз жүгiртiп, рухани шолу жасар болсақ, жiберген кемшiлiктерiмiз де аз емес. Алдын ала ескертетiн бiр жайт: сол кеткен үстiрттiктердiң бәрi дерлiк, негiзiнен, қоғамның болмысынан шығып жатқан қателер емес, сол қоғамда өмiр сүрiп отырған жеке адамдардың қатесi,” – деген екен.

Бұрысы не өткеннiң,

Дұрысы не?

Таң қаламын тарихтың жүрiсiне!

Бұл қазақты әлi де ұғу керек

Қайшы келер бiр iсi бiр iсiне, –

деген жолдарынан Қадыр ақынның заманынан қалмайтындығын, қырағы көзi мен ұшқыр ойы қалт шалмайтындығын, өле-өлгенше қазақпен бiрге болып, оның өмiрiн назарынан тыс қалдырмау ақын мақсаты екендiгiн айқын аңғаруға әбден болады. Қадыр – заман мен адам арасындағы елгезек елшi тәрiздi

Зейнолла Қабдоловша айтқанда, “қазiргi қазақ поэзиясын көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамында Қадыр мұрасының қайталанбас өз үнi, машығы мен мәнерi, айшығы мен өрнегi бар. Қадыр лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең”.