- •1.2. Жеміс және жидек өсімдіктерінің морфологиясы
- •1.3 Жеміс дақылдарының тіршілігіндегі экологиялық себепшарттар
- •2.2. Тұқымбақтың міндеттері, құрылымдары және аумағын ұйымдастыру
- •2.3. Телітушіні өсіру технологиясы. Телітушілерді тұқымынан өсіру
- •2.4. Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру
- •3.2. Топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі
- •3.3. Екпе ағаштарға тыңайтқыш қолдану
- •3.4. Бақты суару
- •3.5. Ағаштарды шырпу
- •3.6. Бақ өнімін баптау
- •V тарау. Аз тараған жеміс өсімдіктері
- •VI тарау. Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары
VI тарау. Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары
Зиянкестер мен аурулардың жеміс өсімдіктеріне келтіретін зияндықтары орасан: өсімдіктің өсуі әлсірейді, жемістің сапасы нашарлайды, өнімділік күрт төмендейді. Егер уақытында қажетті шаралары мен ескертулерді қолданбаса өнімді түбегейлі жоғалтуға болады. Қазақстанның солтүстігіндегі бақтарда ең қауіпті және кең тараған зиянкестерге: жеміс жемірі (алма, алмұрт, алхоры), шие бізтұмсығы, биттер (жасыл алма, шие, алхорының түкті биті, шырғанақ, қарлыға, жапырақ ширатқыш беріш, қарақаттың үлкен биті), қарақаттың мөлдір қанаты, өрмекші кене, егеуіштер (қара қарақаттық, сары, шие шырышы), заузалар; ауруларға: алма шірігі және алмұрт шірігі, теңбілдер (ақ дақ), американдық ақ ұнтақ, бүлдіргеннің ақ ұнтағы, сұр шірік, жеміс шірігі, шырғанақтың солуы жатады. Бақтағы зиянкестермен және аурулармен күресу екі мақсатты қарастырады – дерттің және зиянкестердің пайда болуының алдын алу және оларды жою. Зиянкестермен және аурулармен күресу үшін агротехникалық, химиялық, биологиялық, механикалық және физикалық әдістерді қолданады. Аталған әдістерді кешенді қолдану ең жақсы нәтиже береді. Агротехникалық әдіс бақ қатараралықтарын және дің айналасын уақытында дұрыс өңдеуді, ағаштарды күтіп-баптауды, тыңайтқыш қолдану жүйесін, суландыруды, плантацияға элиталы және сау тұқымдарды отырғызуды, арамшөптермен күресуді қарастырады. Қодрендерді жинау және жою, ерте көктемде немесе күзде діңдер мен қаңқалы бұтақтардың қабықтарын мұқалған қырғыштармен жинап алып жағып жіберу, түскен жапырақтарды жинау және сыртқа шығару (жою), қураған және дертті өркендерді жинау және жою, кеуектерді бітеу, механикалық зақымдарды және кесілген жерлерді уақытында бақ нұмымен сылау және т.б. зиянкестер мен ауруларды едәуір азайтады, өсімдіктердің олардың әсеріне төзімділігін айтарлықтай арттырады. Қарақаттың мөлдір қанатты көбелегінің жұлдыз құртын, жарақаттанған өркенді кесіп байқауға болады. Оның ортасында құрт тескен жер (құрт өзегімен қоректенеді) көрінеді, ал жұлдыз құрт іздің соңында болады. Ерте көктемде зақымданған өркенді топыраққа тақап кеседі. Гүлдеу кезінде солған бұтақтарды кесіп алады және жағады. Кенемен күресу үшін діңді, қаңқалы бұтақтарды тазалаумен, аулау белдігін қолданумен қатар химиялық дәрмектерді де пайдаланады. Заузалармен күресуде топырақты бір жыл немесе екі жыл бойы сүрі жер тәсілімен өңдеудің, жоғары сұрыпты отырғызу материалын дұрыс таңдаудың, қабылданған дақыл ауысу кезегін сақтаудың, топырақты тұқым себер алдында үстіртін өңдеудің, қуыршақтану кезеңінде қатараралықтарды қайталап өңдеудің, танаптағы және танап маңайындағы арамшөптермен тұрақты түрде күресудің, танапты жиын-терін, қалдықтарынан тазалаудың маңызы өте зор. Отамалы дақылдарды топырақта тіршілік ететін зиянкестерден таза танаптарға орналастыру. Ақұнтаққа төзімді сұрыптарды отырғызу, зақымдалған өркендерді сау жеріне дейін кесу, бұтаны сирету, химиялық дәрмектерді қолдану – қарлығаны, қара және қызыл қарақатты өсіргенде ақұнтақпен күресудің негізгі тәсілдері. Ойпаң, ылғалды немесе батпақтанатын телімдерде, сондай-ақ қою, сиретілмеген бұталардың бұтақтары қаттырақ зақымданады. Бүлдіргеннің сұр шірігіне қарсы – жиі отырғызбау, әсіресе, осы ауруға қатты шалдығатын сұрыптарды. Дымқыл жылдары өнім жинар алдында бұталардың түбіне сабан төселуі керек, жинау кезінде зақымдалған жидектерді телімнен сыртқа шығарады, химиялық дәрмектер қолданылады. Шырғанақтың солуымен күресуінде сұрыптың маңызы өте зор. Торғай тәжірибе стансасының мәліметтері бойынша фузариозға шырғанақтың Витаминная сұрпы ең төзімді көрінеді жекелеген (түптердің 5-8% солады екен). Жиі ірі жемісті сұрыптар ауырады екен. Физикалық әдіс. Зиянкестердің пайда болуын және олармен күресудің уақытын анықтау үшін жарықты пайдалануды қарастырады. Жарықпен тұзақтау (ұстау) көбелектерді, жарғаққанаттыларды және басқа да бунақденелілерді ұстап алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде олардың бақтағы саны, түрлік құрамы, ұшу жиілігін және зиянкестердің санын кемітуге мүмкіндік береді. Бір кемшілігі – зиянкестермен қатар пайдалыларының торға түсуі. Механикалық күресу әдісі – зиянкестердің қыстайтын ұяларын жою, жұмыртқаларын жинау, аулау белдігімен жұлдызқұрттарды аулау, ағаштағы қоңыздарды – бізқұрттарды төселген брезентке сілку және кейін оларды жою, қақпанды, тұзақты, торды, тышқан тәрізді кеміргіштерге уланған жемді қолдану. Биологиялық күресу әдісі – жеміс және жидек дақылдарының ауруларымен және зиянкестермен күресуде олардың табиғи жауларын – жыртқыштарды, тоғышарларды және ауру қоздырғыштарды қолдану. Мысалы, алманың қанды битімен күресуде, битті кейбір жерде 90%-ға дейін жоятын афелинусты қолдану тиімді. Зиянды бунақденелілермен күресу үшін құстарды – ұзаққарғаларды, қараторғайларды, сары шымшықты, көкектерді пайдалану керек. Бұлар зиянды бунақденелілерді, дернәсілдерді және жұмырқұрттарды көптеп жояды. Битоксибациллин, дипел, лепидоцид және т.б. биологиялық дәрмектер шығарылуда. Құстар үшін арнаулы қараторғай үйшіктері жасалынады. Құстарды жауын-шашынды ауа райында, ерте көктемде және күзде қосымша азықтандыру қажет, жергілікті құстарды қыста да қоректендіру керек. Соңғы жылдары зиянкестермен күресуде микробиологиялық әдістерді қолдануы етек жаюда. Бұл әдіс зиянды ағзаларға қарсы споралы бактерияларды, саңырауқұлақтарды, вирустарды және басқа да микроағзаларды қолдануға негізделінген. Биологиялық дәрмектер шығарылуда: битоксибациллин, дипел, леридоцид және т.б. Химиялық әдіс. Бұл әдісте ең тиімді және жедел әсер ететін әртүрлі дәрмектер қолданылады. Бірақ олардың бәрінің кері әсері де бар: пайдалы бунақденелілерді де жояды және әртүрлі мөлшерде жемістерде жиналады да, кейін адам ағзасына зиян келтіреді. Міне, сондықтан оларды өте абайлап және оған аса қажеттілік туындағанда ғана қолдану керек. Дәрмектің қолдану мөлшерін, тәсілін, уақытын, шегін, соңғы рет өңдеу мен өнім жинаудың мерзімін, өңдеу санын қатал бақылау қажет. Қазақстанның жеміс-жидек дақылдарына 2003-2012 жж. қолдануға рұқсат берілген пестицидтерді ғана қолдану керек. Бақтарда улы заттармен жұмыс жүргізгенде қауіпсіздік ережесін сақтау қажет. Жұмысты денені удан қорғайтын халатта немесе арнаулы киімде орындау қажет, ауызға респиратор тағылады, дәке таңылады. Жұмыс кезінде шылым шегуге, тамақ ішуге болмайды. Жұмыс аяқталғаннан соң қолды, дененің басқа да ашық жерлерін сабынмен мұқият жуу керек. Үйге жұмыс киімдерін апаруға болмайды. Арнаулы киімдерді, аяқкиімдерді, қолқаптарды, қорғаныш көзілдірікті, жұмыс соңында күнде тазалап, ашық ауада немесе лапас астында 8-12 сағат кептіреді. Оларды кірлегенде жуады, бірақ жиі емес, 6 жұмыс күннен кейін. Пестицидтермен жұмыс уақыты 4 сағаттан аспауы керек, қалған 2 сағатта дәрмектермен байланысты емес басқа жұмыстар орындалады.
