- •1.2. Жеміс және жидек өсімдіктерінің морфологиясы
- •1.3 Жеміс дақылдарының тіршілігіндегі экологиялық себепшарттар
- •2.2. Тұқымбақтың міндеттері, құрылымдары және аумағын ұйымдастыру
- •2.3. Телітушіні өсіру технологиясы. Телітушілерді тұқымынан өсіру
- •2.4. Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру
- •3.2. Топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі
- •3.3. Екпе ағаштарға тыңайтқыш қолдану
- •3.4. Бақты суару
- •3.5. Ағаштарды шырпу
- •3.6. Бақ өнімін баптау
- •V тарау. Аз тараған жеміс өсімдіктері
- •VI тарау. Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары
1.3 Жеміс дақылдарының тіршілігіндегі экологиялық себепшарттар
Жарық режимі
Жарық – жасыл өсімдіктердің органикалық заттарды (фотосинтез) қалыптастыруына қажет жағдай. Жарықтың ең басты және негізгі көзі – күн. Өсімдік үшін жарық сәулесінің ұзындығы 300-ден 400 нм-қ мәні зор. Қысқа толқынды (ҚТ – 300-400 нм) және ұзын толқынды (ҰТ – 400 нм >) жылу радиациясын ажыратады. Өсімдіктер үшін негізгі саналатын қысқа толқынды радиацияның шегінде ультракүлгінді (толқын ұзындығы 400 нм кем), физиологиялық (350-450 нм), оның ішінде фотосинтез жолын анықтайтын ФБР (380-710 нм) ажыратады. Түзілудің ультракүлгінді бөлігі айтарлықтай деңгейде С дәруменнің жиналуын, өсімдіктің суыққа төзімділігін және өсу сипатын анықтайды. Күн сәулесі өсімдікке тік және шашыраңқы түседі. Тік сәуле өсімдікке параллель, негізінен сыртқы жапырақтарға және нағыз тал түсте түседі. Шашыраңқы радиация күн сәулесінің атмосферадағы су буына, мұз кристалдарына, шаңға түйісіп шағылысуының нәтижесінде пайда болады. Шашыраңқы радиация күн көзіне қарсы тұрған жапыраққа ғана емес, көлеңкедегі жапырақтарға да түседі (жетеді). Ең көбірек шашырайтындар қысқа толқынды сәулелер (ультракүлгіндер, күлгіндер). Тік және шашыраңқы радиацияның арақатынасы географиялық орынның еніне, бұлттылыққа байланысты болады және тәулік бойы өзгеріп отырады. Қыста шашыраңқы сәуле басым болады. Көктемгі күн сәулесінде ұзын толқын, жаз күніне қарағанда, басымырақ болады. Таңертең және кешке қарай қызыл сәуле молаяды және күлгін сәуле мен ФБР саны азаяды. Бір өлшем уақытта жазықтыққа тік (перпендикулярлы) келіп түсетін күн қуатының ағымын радиация пәрменділігі немесе сәулелену дейді және Дж/см2 мин., немесе Вт/см2 белгілейді. Әдетте, іссанада жарықтану режимін сипаттау үшін, бір өлшем алаңға түсетін жарық ағымымен анықталатын жарықтылықты пайдаланады. Жарықтылықты люкспен өлшейді. Өсімдіктердің басым бөлігіне 20-30 мың люкстік жарық жеткілікті болады, егер өсімдіктер жеке-жеке орналасса, ал жинақы орналасқандарға ол жоғарырақ болуға тиіс. Салыстырмалы түрдегі жоғары жарықтылық өндірімінің сапасын жақсартуға, дәрмектердің көбеюіне, ағзалар үшін зиянды нитраттар мен нитриттердің төмендеуіне мүмкіндік жасайды. Жоғары жарықтылық (60-70 мың және одан жоғары люкс) өсімдіктің өсуін тежейді. Мұндай жағдайда жапырақ және жеміс бетінің температурасы өсімдік үшін бүлдірушілік шектен асады (жарық күйдіргі). Көктемде немесе ұзаққа созылған бұлыңғыр күндердің ашық ауа райына ауысқандағы, төмен жарықтанудың жоғарыға күрт ауысуы ерекше зиянды. Жеміс өсімдіктерінің дерлік бәрі жарық сүйгіштер, жарық жеткіліксіз болса өнімділіктерін нашарлатады. Өсімдіктің жарықтың жеткіліксіздігіне реакциясы көптеген жағдайларға байланысты болады: түрлік және сұрыптық қасиеттеріне, өсінді кезеңіне, жекелеген мүшелері мен оның бөліктеріне, кешенге қатысатын басқа да жағдайларға және т.т. Мысалы, тәттішие ағашы өте жарық сүйгіш, ал актинидия болса – көлеңкеге шыдамды өсімдік. Өсімдіктің гүлдеу кезеңінде жарыққа талабы, бүршік ату кезеңімен (табиғи тыныштық кезеңін айтпағанда) салыстырғанда өте жоғары. Бір өсімдіктің репродуктивті мүшелері, өсінділерге қарағанда жарыққа жоғары талап қояды. Ағаштар жиі отырғызылса бойлап өседі. Мұндайда жарықтың жеткіліксіздігінен бөрікбас ішіндегі ұсақ бұтақшалар мен жемісті бұтақшалар солып қалады, бұтақтардың ұшы жалаңаштанады, жемістер тек олардың ұштарында ғана байланады; жапырақтары ұсақ, жұқа, ашық жасыл түсті болады, өркендер ұзарады, ал жемістері уақ және бояуы әлсіз келеді; жемістенуі бөрікбастың шетіне қарай ауысады. Сирек отырғызылғанда, әр ағаш жақсы жарықтанғанда, бөрікбас аумақты (жалпақ) болады, бұтақтардың жалаңаштануы шамалы, өркендері жуанданып өседі, жапырақтары жалпақ, қою жасыл түсті, жемістері ірі, бояуы анық келеді. Өсімдіктің өсуі және өнім қалыптастыруы жарықтанумен бірге күннің ұзақтығына да байланысты. Өсімдіктің күн мен түннің ауысуына реакциясын фотопериодизм деп атайды. Жеміс ағаштарын қатаң қысқа немесе ұзақ күннің өсімдіктеріне жатқызуға жемісшілердің негізі болмаса да, өсімдіктердің өсінді кезеңіндегі жарықтанудың ұзақтығы олардың өсуіне және дамуына елеулі әсер етеді. Мысалы, өрік пен грек жаңғағы нағыз оңтүстіктік дақыл болғанымен, Ленинградтың қысқа күнінде қосымша жарықтандырғанда ойдағыдай (табысты) өсе алады. Филогенездері солтүстік ендікте өткен қарақат, қарлыға, мүкжидек ТМД елдерінің ортаңғы алқабында ойдағыдай дамиды. Жеміс өсімдіктерінің жазғы даму айналымында жарыққа деген талабы бірдей емес. Айталық, жаздың алғашқы жартысындағы ұзақ күн бүлдіргеннің мұртшаларының пайда болуына (ынталандырса) ықпал етсе, жаздың екінші жартысында күннің ұзақтығы кемігенде, гүл мүшелерінің қалыптасу үдерісі басталады. Жеміс өсімдіктерінің ішінде пісте, зәйтүн, шабдалы, өрік, құрма пальмасы жарық сүйгіштер тобына жатады. Алма, алмұрт, тәттішие, грек жаңғағы жарыққа шамалылау талап қояды. Қарақат, қаражидек, көкжидек жарық жеткіліксіз болғанда да өсе алады. Есейе келе ағаштар мен бұталар жарық сүйгіш келеді. Өсімдіктердің көлеңкеге төзімділігі оңтүстікке, жарық сүйгіштігі солтүстікке қарай ауытқығанда арта түседі. Бақтарда жарық режимін отырғызу жиілігін, бөрікбас пішінін және кесу деңгейі мен бұтақтың енкіштігін, сондай-ақ жер бедерінің әртүрлі әуелілері мен отырғызу кезінде қатардың бағытын таңдау арқылы реттеуге болады. Қорғаулы жерлерде (жылыжайда, әйнекжайда), тұқымбақтың егіс жалдарында немесе селекциялық егістіктердің кішігірім телімдерінде жарық ағынын жарым-жартылай басқаруға болады; күннің ұзақтығын қысқартуға немесе ұзартуға, көлеңкелеу немесе қосымша жасанды жарықтандыру көмегімен табиғи жарықтануды күшейту немесе әлсіздендіру.
Жылу режимі
Жеміс өсімдіктерінің барлық өсу және даму үдерісі айналаның белгілі бір температурасының режимінде өтеді. Өсу-даму кезеңіндегі жылудың жеткіліктілігін, белсенді температура жиынтығы бойынша жорамалдауға болады, ол өсімдіктің немесе сұрыптың талабына сай болуға тиіс. Қазақстанда өсірілетін жеміс-жидек дақылдарының басым бөлігіне белсенді температура болып 8,5-10оС саналады. Фенологиялық кезеңнің басым бөлігі (гүлдеу, жемісінің өсуі, өркендерінің жетілуі) үшін 15оС жоғары температура қажет. Жылу жетпегенде жеміс өсімдіктерінің дамуы ұзарады, ағаш сүрегі жетіліп үлгермейді де, олар күзгі және ерте қысқы теріс температураға шынығу этапынан толық өте алмайды, нәтижесінде қысқа төзімділігі күрт төмендейді. Сондай-ақ жемісі пісіп үлгермеуі мүмкін. Жылу тым мол болғанда (қоңыржай аймақтың жеміс дақылдары үшін 30-35оС жоғары) бүкіл тіршілік үдерістері бұзылады, ал одан да жоғары болғанда ағаштарда, жапырақтарда және жемістерде күйік пайда болады; жемістерінің өсуі және пісуі біркелкі болмайды; қабығының түсі және жемістерінің дәмі нашарлайды, олардың сақталғыштығы төмендейді. Жиі жемістердің жинауға дейін шашылуы және жеміс өсімдіктерінің зиянкестермен зақымдануы, ауруларға шалдығуы арта түседі. Температураның 55оС жоғары болуы өсімдіктердің опат болуына жетелейді. Алманың жазғы сұрыптарына жемісінің пісуі үшін 10оС жоғары температураның 1900оС жиынтығы қажет болса, қысқы сұрыптарына – 2200оС, күзгі-қысқыларына – 2300оС қажет. Жеміс өсімдіктері жылуға гүлдеу және жемісінің пісу кезеңдерінде ерекше талап қойса, өркендерінің пісуі кезінде шамалылау. Жылудың тым көп болуын жидектілер мен алманың орталық орыстық сұрыптары және қоңыржай салқын ендіктерден тараған өсімдіктер ерекше сезінеді. Сонымен бірге, жеміс өсімдіктерінің бірқалыпты өсуі және дамуы үшін қажет температураның жалпы саны ғана емес, сондай-ақ жеміс ағаштарының төмен теріс (қысқа төзімділігі) және жоғары оң (аптап ыстыққа төзімділігі) температураға төзімділігінің де маңызы зор. Өсімдіктің аязға төзімділігі тұқымқуалаушылық ерекшеліктерімен анықталады. Мысалы, лимон ағашы – 5-тен-12оС температурада зақымданса, солтүстіктік алмаларының ағаштары -40оС дейінгі температураға шыдайды. Сондықтан аязға төзімді сұрыптарды шығару және оларды дұрыс жерсіндендіру (аудандастыру) – аязға төзімділікті көтерудің ең тиімді тәсілі. Жеміс өсімдіктерінің қысқа төзімділігінің маңызды шарты болып табиғи тыныштықтың тереңдігі және кезеңнің ұзақтығы саналады. Әдетте кезең неғұрлым тереңірек және ұзағырақ болса, соғұрлым өсімдік қысқа төзімдірек болады. Өсімдіктердің ыстыққа төзімділігі де көбінесе олардың, эволюция барысында әр түрдің немесе экологиялық топтардың тіршілік ету ортасының жағдайының әсерінен қалыптасқан, тұқымқуалаушылық қасиеттеріне байланысты. Жеміс өсімдіктерінің арасында ыстыққа төзімділігімен субтропикалық және цитрусты өсімдіктер ерекшеленеді. Өсімдік шаруашылығы іссанасында ыстыққа төзімділікті арттыру, жас өсімдіктерді (көшеттерді) өзгермелі температурамен шынықтырудан басқа, өсімдіктерді кейбір химиялық дәрмектермен, оның ішінде, мырыш ерітіндісінің тұздарымен (0,05%) және бор қышқылымен (0,05%) өңдеу қолданылады. Жеміс өсімдіктерінің жылуға ең талап қоятындарына субтропикалық дақылдар жатады. Олардың өсуі үшін 15оС жоғары 180-200 тәуліктік өсінді кезең қажет. Жаздық жылудың кемуіне қарай жаңғақтылар мен оңтүстіктік жеміс дақылдары былайша: шабдалы, өрік, беже орналасады. Талабы төменділер болып алма, алмұрт, алхоры, шие саналады, жидектілерден – таңқурай, қарақат. Жаздық жылуға талабы сұрпына да байланысты. Мысалы, алма мен алмұрттың қысқы сұрыптарына 15оС жоғары температура 115-125 тәулік қожа, ал жазғы сұрыптарына сәйкесінше 80-90. Қазақстанда жылумен қамтамасыз етілуіне қарай жеміс шаруашылығының оңтүстік, батыс және солтүстік аймақтары ажыратылады. Бірақ айтарлықтай деңгейде кез келген текті немесе сұрыпты өсірудің тиімділігі көптеп қысқы кезеңдегі температураға байланысты. Ең көп және қауіпті зақымданулар Қазақстанның солтүстігінің күрт қоңыржай жағдайында байқалатынын жекелеген тектер мен сұрыптардың аязға шыдамдылығымен ғана байланыстырмай, сонымен бірге барлық алмасу үдерістерінің өзгермелі айнала жағдайына бейімделу қабілетімен де байланыстыру керек. Қысқы зақымданулар бұтақтардың үсуіне, қаңқалы бұтақтардың солуына, қыстың ортасы мен соңында, күндізгі және түнгі температуралардың күрт алмасуы туындататын діңнің жарылуы және қабық пен камбийдің күюіне әкеледі. Қары аз жылдары, шынығуы кеш басталынатын, сондықтан ұлпалары қысқа нашар дайындалған, тамыр мойынының зақымдануы байқалады. Жеміс бүршіктері, өсінді бүршіктерге қарағанда жиірек зақымданады. Жеміс өсімдіктерінің аязға ең әлсіз мүшесі – тамыры. Мысалы, орталық аймақтағы алмалардың мүшелері – 38-40оС дейінгі аязға шыдаса, ормандық алманың телітушісінің тамыры – 13-14оС зақымданады. Тәттішиенікі – 11-12, шиенікі – 14-15, қарлығанікі – 18оС зақымданады. Тамырлардың үсуі аязы ұзақ және қары аз қыстары байқалады. Тамырлардың зақымдануы жиі қарсыз күзде, температура -20-30оС төмендегенде байқалады. Осы кезеңде ағаштың айналасын көңмен, сабанмен және ағаш үгіндісімен жабындау (қымталау) тамыр жүйесін үсіктен жақсы сақтайды. Агротехникалық тәсілдер өсімдіктің қысқа төзімділігін арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Өсімдіктің қыстап шығуында ерекше орынды, оны қысқа дайындауға – шынықтыруға көңіл бөлу керек. Өсімдікті шынықтыру ұлпаның пісуіне пластикалық заттардың жиналуына, крахмалдың қантқа айналуына, жасуша шырынының концентрациясының артуына және протоплазманың тыныштық күйге өтуіне байланысты. Топырақты уақытында өңдеу және азотты тыңайтқышты бүршік ату кезеңінде беру жеміс өсімдіктерінің бірқалыпты жапырақтануына және жақсы өсуіне жағдай жасап, өз кезегімен қысқа қажетті пластикалық заттар қорымен қамтамасыз етеді. Жылу жағдайының өте қолайлы деңгейін сәйкес шараларды (гүлдеу кезінде баққа түтін қою және жылыту, қыс түсер алдында топырақпен, шымтезекпен, көңмен қымтамалау, діңдерді және бұтақтарды әктеу, өркендерді кесу және өсімдіктің шынығуын күшейту үшін жаздың ортасында топырақты құрғату) қолданып жүргізу. Қазақстанның солтүстігінде тектерді және сұрыптарды таңдау кезінде , төмен теріс температураға (- 40оС және одан да төмен), сондай-ақ қыстың басқа да қолайсыз жағдайларына, оның ішінде күндізгі және түнгі температураның күрт ауысуына шыдамдыларын таңдау керек. Жеміс-жидек өсімдіктерінің дамуының барлық кезеңдерінен өтуіне жоғары агротехникалық жағдай жасау, олардың қысқа төзімділігін арттырады. Орман қорғау жолақтары жеміс өсімдіктерінің қыстап шығуын едәуір жақсартады. Бақ салу орнын дұрыс таңдау, тектер мен сұрыптарды таңдап алу Қазақстанның солтүстігінің жеміс шаруашылығы үшін өте маңызды рөл атқарады.
Ауа-газ режимі
Өсімдіктің тіршілік әрекетіне оттегінің, көмір қышқыл газдың және азоттың тікелей қатысы бар. Атмосфера ауасындағы олардың мөлшері 21; 0,03 және 78 % сәйкес. Оттегі өсімдіктің тыныс алуына, әсіресе тамырларына және тұқым өнгенде қажет. Оттегі өсімдіктің барлық мүшелеріне (жапырақтарына, сабақтарына, тамырларына) еркін жететін болуы керек. Тамыр мен микроағзалардың бірқалыпты тіршілігі үшін топырақ ауасындағы оттегі мөлшері 10%-дан кем болмағаны дұрыс. Топырақтың ауалануының төмендеуіне шие, өрік, шабдалы, бадам ерекше сезімтал келеді. Ашық жерлерде ауаның топыраққа келуі жиі шектеледі де, өніп келе жатқан тұқымның және тамырдың тыныс алуын қиындатады. Ауа алмасуын жақсарту үшін топырақты қопсытады, сонда тамырдың тыныс алуына мүмкіндік береді және бактериялардың тіршілік әрекеті күшейіп, топырақтан көмір қышқыл газының бөлінуі арта түседі. Қорғаулы жерлерде тамырды ауамен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін жеңіл топырақты және төсеніштерді (субстраттарда) пайдаланады және олардың тығыздалуын болдырмас үшін қопсытқыш материалдар қосады, қымталайды, қопсыту жүргізеді. Биологиялық жылытудағы өсіргіш жайларда оттегі микроағзалармен пәрменді пайдаланылатындықтан, өсімдіктерде оттегі тапшылығы байқалуы мүмкін. Ауа-газ режимін жақсарту үшін өсіргіш жайларды желдетеді. Желдетумен бір мезгілде ауа-газ және жылу режимі ғана емес, топырақ-ауа ылғалдылығы да реттеледі. Көмір қышқыл газды (СО2), фотосинтез үдерісінде органикалық заттарды құрастыру үшін өсімдіктер жапырақтарымен ауадан сіңіреді. Өсімдіктер үшін жеткілікті жарықтануда және температурада көмір қышқыл газының ауадағы оңтайлы мөлшері 0,15-0,30 % тең. Осындайда фотосинтездің пәрменділігі және өсімдік өнімділігінің артуы байқалады. СО2 мөлшері 0,01 % тең болғанда ассимиляция тоқталады. Топырақтағы СО2 (1% артық) молаю тамыр мен тұқым үшін, әсіресе төмен температурада және ауаның келуі нашарлағанда, зиянды. Оттегіні молайту және СО2 азайту үшін, топырақты уақытында қопсытады. Көмір қышқыл газының негізгі көзі болып, органикалық заттарды ыдырататын микроағзалардың тіршілік әрекетінің нәтижесінде ол пайда болатын, топырақ саналады. Осының нәтижесінде топырақ үстілік ауа көмір қышқыл газымен үздіксіз қанығып отырады. Бірақ өсімдік көмір қышқыл газын соншалықты пәрменді пайдаланатындықтан күндізгі сағаттардағы оның жапырақтар арасындағы мөлшері өсімдік ағзасының толық қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан топыраққа жақын ауадағы көмір қышқыл газының концентрациясын жасанды түрде молайтудың іссаналық маңызы арта түседі. Топырақ үстілік ауаның көмір қышқыл газының молаюы соғұрлым артады, неғұрлым топырақта органикалық заттар көп болса. Қарашіріндіге бай топырақтар сағат сайын 25 кг/га көмір қышқыл газын бөліп шығарады. Өсімдікті көмір қышқыл газын қосымша қоректендіргенде, олардың өсуі және дамуы жақсарады, жапырақтарының саны артады, олар ірілене түседі, жеміс салуы жеделдейді, өнімі артады. Өсімдіктер ауруларға және зиянкестерге төзімділікке ие болады. Топырақ үстілік ауадағы көмір қышқыл газының концентрациясын көң енгізгізіп немесе көңді жапырағы ретінде қолданып және басқа да органикалық заттардың топырақта ыдырауынан бөлініп шыққан көмір қышқыл газымен арттыруға болады. Ауның азоты – инертті газ. Ол жеміс өсімдіктерінің өніміне әсер етпейді, бірақ оның болуы топырақтағы және бұршақ тұқымдастарының түйнектеріндегі пайдалы микрофлораның іс-әрекетін қамтамасыз етеді. Жеміс өсімдіктері үшін ағаштың бөрікбасында және тамыр орналасқан аймақта ауаның тұрақты түрде алмасып отырғаны жөн. Қоңыр салқын желде өсімдік көмір қышқыл газбен жақсы қамтамасыз етіледі. Жел күшейгенде (8 м/с артық) буланумен судың шығыны артады, қыста қар ұшырылып әкетіледі, ағаш бөрікбасының енкіштігі және ассимметриялығы күшейеді, жәндіктердің гүлдерді тозаңдандыруының және пестицидтермен бүркудің тиімділігі кемиді. Гүлдеу кезіндегі күшті жел аралардың ұшуына кедергі жасайды, аналықтың аузын құрғатып, тозаңы өнбейді және ұрықтану жүрмейді. Жемістің пісу кезіндегі жел бұтақты сындырады, жемісті үзеді. Ауаның ылғалдылығының да маңызы зор. Жаздағы ыстық жел ағаштың өсуін әлсіретеді, өнімді және жемістің сапасын төмендетеді, ал жас бақтарда тым құрғаудың нәтижесінде өсімдіктердің қурауы жиіленеді. Қыста қатты желде ағаштар аяздан зақымдануы мүмкін. Ауа тым ылғалды болғанда әртүрлі саңырауқұлақ аурулары тезірек дамиды. Ауа режимін баққа орын таңдаумен және әртүрлі құрылымды бақ қорғағыш ағаштар отырғызумен реттейді. Жеміс шаруашылығында ауадағы зиянды газдардың бар-жоғын ескеру керек: күкірт газының, күкірт ангидридінің, хлордың, қорғасынның. Бұлар үлкен қалалар маңайындағы, өндіріс және жол бойындағы ауада көбірек жиналады. Зақымға ұшыраған өсімдіктер өсуін тоқтатады, буынаралықтары қысқа келеді, жапырақтары тым қатты болады және төмен иіліп (эпинастия) тұрады. Зиянды заттардың канцерогенді және радиобелсенді бөлшектері жеміске өтеді және адам денсаулығына зиян келтіреді. Мұндай жерлерде бақты және жидектікті салуға болмайды. Бақ қорғайтын жолақтардың және бақтағы бөрікбас үстінен тұрақты жаңбырлатқаш қондырғылардың болуы қала мен өндіріс орындарының лас ауасынан қорғағыш болып саналады.
Су режимі
Су өсімдік тіршілігінде маңызды рөл атқарады және бірқалыпты өсуі мен дамуының алмастырылмайтын факторы саналады. Су протоплазма мен жасуша сөлінің (шырынының) құрамына енеді, қоректік ерітінділердің жылжуына мүмкіндік жасайды, барлық физиологиялық және биохимиялық үдерістерге қатысады. Ағаштың әр бөлігіндегі судың мөлшері бірдей емес. Жапырақтарда және бұтақтарда су жалпы массасының 50-75 % тең болса, тамырда – 60-85 %, жемістің жұмсағында – 85 % және одан да артық болады. Судың мол мөлшерін өсімдік жапырақ бетімен транспирацияға (булануға) жұмсайды. Мысалы, алмұрттың биіктігі 1 м жас ағашы тәулігіне 6 л жуық су буландырса, ересек, биіктігі 16 м ағашы – 273 л жуық. Жеміс ағаштарының, әсіресе жидектілердің суға деген талабы астық дақылдарымен салыстырғанда екі есе жоғары және булану пәрменділігіне байланысты 650-700 мм жылдық жауын-шашынға тең. Жеміс өсімдіктері 1 кг құрғақ зат қалыптастыруға 200-ден 500 кг дейін су шығындайды. Жемісі мол ағаштар жемісі төмендермен салыстырғанда суды молырақ талап етеді. Жеміс ағаштары мен бұталардың, жаздың бірінші жартысында, жаппай гүлдеу және өркендері мен тамырларының күшті өсуі кезеңінде суға деген талаптарының артатыны байқалады. Осы кезеңде ылғал жеткіліксіз болса гүлдердің, жемістердің, жапырақтардың түсуі жиілейді, өркендер өсуін тежейді және тамыр жүйесі әлсірейді. Ал егер су жаздың екінші жартысында тапшы болса, жемістер уақытынан ерте піседі, шашылады, ассимиляция төмендейді, жеміс-жидек өсімдіктерінің тамыры мен топырақ үстілік бөлігінің аязбен зақымдану мүмкіндігі арта түседі. Жемісінің пісуі мен жапырақтарының сарғаюының аралығында жеміс өсімдіктері ылғалға талабын баяулатады. Осы кездегі артық ылғал өсуді ұзартады және сүрегінің жетілуін баяулатады, сондай-ақ өсімдік үшін қауіпті – екінші өсуін, тіпті гүлдеуін туындатуы мүмкін. Нәтижесінде өсімдіктің қысқа төзімділігі қатты нашарлайды. Шекілдеуікті жеміс ағаштарының екінші рет өсуі, әдетте, өсімдіктердің өсуін уақытынан бұрын тоқтатуға жетелейтін құрғақ жаздан кейін, ерте күзде түскен жаңбырдан немесе уақытынан тыс суландырудан кейін болады. Ұзақ уақыт су басып тұрса (ылғалданса), ағаштар өсе бастайды. Артық ылғалға шие, өрік, бадам өте сезімтал келсе, беженің тамыры ұзақ уақыттық су басуына шыдайды. Бұдан басқа, артық ылғал жемістің жарылуына әкеледі, әсіресе, алхорыда, шиеде, тәттішиеде, жапырақ хлоразын туындатады, сүйектілерде шайырдың ағуына және ең алдымен ауыр топырақтарда және жер бедерінің төмен телімдерінде артық ылғалдың жиналуына жетелейді. Ағашты жеміс өсімдіктері жидектілерге қарағанда суға азырақ талап қояды. Тамыр жүйесі топыраққа неғұрлым тереңірек бойласа, соғұрлым жеміс ағаштары құрғақшылыққа төзімді келеді. Жеміс дақылдары құрғақшылыққа төзімділігі бойынша келесі ретпен орналасады (құғақшыларда азырақ төзімділерден төзімділерге дейін): беже, алма, алхоры, грек жаңғағы, тәттішие, шие, шабдалы, өрік, бадам, кәдімгі пісте, зәйтүн. Ауа ылғалдылығының да маңызы зор. Ауадағы ылғалдың тапшылығына ерекше талап қойғыш болып цитрустылар, алхорының және алмұрттың еуропалық сұрыптары саналады. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 40 % төмендегенде қара қарақаттың, бүлдіргеннің, алманың, бекенің, грек жаңғағының өсу жағдайы күрт нашарлайды. Ауа және топырақ ылғалдылығына шие, алша, тәттішие, өрік, бадам азырақ талап қояды. Қызыл қарақат қара қарақатқа қарағанда азырақ су талап етеді. Жеміс ағаштарын және жидек өсімдіктері үшін топырақтың оңтайлы су сыйымдылығы болып ТЕТСС-ның 75-80 % саналады. Жеміс ағаштарын отырғызғанда су режимі топырақты күтіп-баптаумен, сондай-ақ бақ қорғағыш ағаштар, жел қайтарғыш (бұрғыш) құрылғылар, тоған, су қоймаларын жасаумен және суландыру жүйесін қолданумен реттелінеді. Ылғал артық болғанда кәріздер (дренаж) қолданылады. Дұрыс ауыспалы егіс, органикалық тыңайтқыштар енгізу де су режимін жақсартады. Қыс түсер алдында, Қазақстанның солтүстігінің жеміс шаруашылығының міндетті тәсілі деп қарастырылатын, бақ топырағын сумен жақсы және тереңдетіп дымқылдық суармалауды қарастыру керек.
Қоректену режимі
Өсімдіктердің жақсы дамуы, жемістенуі, тіршіліктерінің ұзақтығы, зиянкестерге, ауруларға және өсу ортасының қолайсыз жағдайларына төзімділігі топырақтың құнарлылығына және тыңайтқыштардың жүйесіне байланысты (тәуелді) болады. Жеміс өсімдіктерінің бірқалыпты өсуі және дамуы үшін топырақта қоректік заттардың (азоттың, фосфордың, калийдің, кальцийдің, күкірттің, магнийдің, темірдің, сондай-ақ бордың, мырыштың, молибденнің және т.б. микрозаттардың) жеткілікті мөлшері болуға тиіс. Мысалы, азот жеткіліксіз болғанда өркендер мен тамырлардың өсуі кемиді немесе тоқтайды, гүлдеу мен жеміс байлау әлсізденеді, жапырақтары ерте түседі. Азот артық болғанда, өсуі тым күшейеді, гүлдеуі нашарлайды және жемістің пісу кезеңі ұзарады, реңі түссізденеді және жемістерінің сақталу мерзімі қысқарады. Фосфор жеткіліксіз болғанда жапырақтарда көгілдір және қызғылт дақтар пайда болады, өркендердің өсуі, тамырлардың бұтақтануы және жемістік өркендер қалыптасуы әлсірейді. Калий тапшы болғанда сүңгектің, өркендерінің, бұтақтарының жуандануы кешеуілдейді, жапырақтары құрғайды, жемісі ұсақталады және пісіп-жетілуі баяулайды. Кальций тапшы болғанда сабақ беріктігі нашарлайды, өркеннің ұшы сынғыш келеді, гүлсабағы солады, шайыр ауруы пайда болады, жемісі шашылғыш келеді. Темір жеткіліксіз болса хлораздан зардап шегеді. Танаптық дақылдармен салыстырғанда жеміс дақылдары калийді 4 есе көп, ал фосфорды 2-3 есе кем пайдаланады. Жеміс дақылдары топырақтан азотты, фосфорды және калийді 3,7: 1,0: 3,4 қатынасымен алып шығады. Өнімнің бір өлшем массасына қоректік заттардың ең мол мөлшерін жидек дақылдары сіңіреді, ең азын – шекілдеуіктілер. Жеміс өсімдіктерінің тамырларының терең бойлауына және ұзақ жылдар бойы өсірілетініне байланысты органикалық және минералды тыңайтқыштарды, оларды отырғызғанға дейін енгізудің маңызы өте зор. Тыңайтқыштың оңтайлы мөлшесі отырғылардың түртегіне байланысты болады. Ағаштары тығыз отырғызылған қарқынды бақтарда әр гектардан 80-100 т өнім жинағанда жылда топырақтан 80-100 кг азот, 120-150 кг калий және 25-40 кг фосфор алынып шығады. Осыған қарап және тыңайтқышты пайдалану коэффициентін (60-80 % азот, 50-65 % калий және 15-30 % фосфор) ескеріп, әртүрлі өнімділікті жеміс отырғыларының минералды тыңайтқыштардың оңтайлы мөлшесін дәлірек есептеуге болады. Тез пісетін және жоғары өнімді қарқынды түртектердің тыңайтқышқа ықыласы жоғары болатынын ескерген жөн. Қарқынды сұрыптың жас ағаштары алдымен азот тыңайтқыштарына ықыласты келеді. Жеміс өсімдіктерінің бірқалыпты өсуі және жемістенуі үшін олардың күшті өсінді кезеңінде және артық жатындары шашылғаннан кейін жемісті бүршіктерін салуы үшін қорекпен жақсы қамтамасыз ету керек. Жеміс өсімдіктерін өсіргенде топырақ қышқылдылығының деңгейін де ескерген жөн. Қара қарақат пен қарлығаға қышқылдылығы шамалы (рН 4,6-5,7) топырақ жақсы саналса; алмаға, алмұртқа, алхорыға – сәл ғана қышқылданғаны (рН -6-7); шиеге, өрікке, бежеге – сәл сортаңдауы. Қышқыл топырақтарда өсімдікте түзілу үдерісі тоқталады, қоректік ерітіндіде өсімдікке зиян келтіретін алюминий пайда болады. Қышқылдықты төмендету үшін топыраққа әктас енгізіледі. Қышқыл топырақтарға әктас енгізу олардың құрылымын жақсартады, пайдалы микроағзалардың іс-әрекетін күшейтеді, өнімді молайтады. Сонымен бірге әктасты тым артық енгізсе енгізілген тыңайтқыштардың фосфоры байланады да, өсімдіктер сіңіре алмайтын түрге айналады, бор мен марганецтің сіңімділігі кемиді. Топырақтың сілтілігі жоғары болса, топыраққа ғаныш енгізіледі. Өсімдік үшін қолайлы қоректік режимді топыраққа тыңайтқыш енгізумен және топырақты мұқият өңдеумен жасауға болады. Жеміс және жидек өсімдіктерінің органикалық және минералды тыңайтқыштарға қатысы топырақтың мәдениленгеніне, дақылдың және сұрыптың қасиеттеріне байланысты болады. Топырақ неғұрлым мәдениленбеген болса, соғұрлым онда органикалық заттар аз болады, минералды тыңайтқыштардан алынатын қосымша өнім төмен болады, органикалық тыңайтқыштың тиімділігі жоғары болады. Тамыр жүйесінің тіршілік әрекетін қатараралыққа көп жылдық шөп себу, топырақ бетін жабындау жақсартады. Сонымен, жеміс өсімдіктерінің өсуі және дамуы үшін температура, күн сәулесі, газдық орта, су және минералды қоректік заттар – міндетті және бағасы бірдей, алмастырылмайтын факторлар болып саналады. Жоғары өнім алу үшін жеміс өсімдіктерін топырақ-климат жағдайының барлық кешенімен оңтайлы қатынаста қамтамасыз ету керек. Ең алдымен, тіршілікке қажет барлық факторлардың тиімділігін арттыратын, минимумдағы факторды күшейту керек. Қазақстанның солтүстігінде жеміс өсімдіктері ең алдымен суға тапшы. Өсімдік тіршілік себепшарттары (факторлары) өзара тығыз байланыста және ең жоғары тиімділігін жеміс өсімдіктеріне бірігіп әсер еткенде көрсете алады.
ІІ ТАРАУ. ЖЕМІС ӨСІМДІКТЕРІНІҢ ОТЫРҒЫЗЫЛАТЫН МАТЕРИАЛДАРЫН ӨСІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ 2.1 ЖЕМІС ӨСІМДІКТЕРІНІҢ КӨБЕЮІНІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Жеміс және жидек өсімдіктері жыныстық және өсінді жолымен көбейеді. Жыныстық жолмен тұқымынан көбейтіп алған жеміс өсімдіктері (сеппе көшет) тегі (генетикасы) жағынан бір текті болмайды және әдетте, аналық өсімдіктің белгілерін толық сақтамайды. Осыған байланысты жыныстық көбеюді жаңа сұрыптар шығару үшін селекциялық мақсатта және телітушіні өсіру үшін өндірістік жағдайда қолданады. Өсінді жолымен көбею, яғни өсімдік бөлігімен көбейту, әдетте, ұрпақта тектік өзгерістер туындатпайды, себебі жаңа өсімідк қалыптастыруға, бөліну барысында аналық өсімдіктің белгілерін сақтайтын, тек өсінді жасушалар қатысады. Өсінді жолымен көбею өсінді жолымен көбейетін телітушілерді, өз тамырлы және телінген өсімдіктерді, сондай-ақ жидектілердің барлығын өсіргенде кеңінен қолданылады. Өсінді жолымен көбеюдің негізінде өсімдіктің ұрпақ беруге (генерацияға) табиғи қабілеті, яғни жекелеген бөліктерден толық өсімдік дамитындығы жатыр. Бұл тәсілде бір өсімдіктен, оны қаншалықты бөлшектеуге болатын болса, соншалықты жаңа өсімдік алу мүмкіндігінің болуында. Өсімдікті өсінді жолымен көбейтудің кемістігі – вирустық аурулардың таралу мүмкіндігі және тамыр жүйесінің әлсіз дамуы. Дерлік барлық сұрыптар өсінді тәсілімен көбейтіледі: көгенсабақпен немесе сұлатпасабақпен, атпабұтақтармен, телумен және бұтаны бөлумен.
Өсінді жолымен көбейту тәсілдері Жеміс және жидек өсімдіктерінің өсінді жолымен көбеюінің көптеген түрлері мен тәсілдері екі топқа бөлінеді: табиғи және жасанды (8-сурет).
8-сурет. Жеміс және жидек өсімдіктерінің өсінді жолымен көбею тәсілдері: 1-доға тәрізді көген сабақтармен; 2-мұрттармен; 3-тік көген сабақтармен; 4-тамыр көгендерімен; 5-көкжиектік көгендермен; 6,7,8 – ағаштанғандарымен, жасыл-дарымен және тамыр көгендерімен (сәйкес) рет-ретімен; 9-ұлпаны өсірумен.
Өсінді жолымен көбеюдің табиғи тәсілдері, кейбір өсімдіктер сырттан ешқандай қатынассыз, өсінді сабақтарында жаңадан құрылымдар қалыптастыра алатындығымен сипатталады, олардан кейін жаңа дара – өсімдік дамиды. Жеміс шаруашылығында өсінді жолымен көбеюдің табиғи тәсілдерінен ең кең тараған тәсілдері болып мұртшаларымен, салбырап өскен бұтақтарының бүршіктерін тамырландырумен көбейту саналады. Мұртшалар деп, буындарында дегелек жапырақтары қалыптасатын, түрі өзгерген өркендерді атайды. Топырақпен түйіскенде дегелекте жаңа тамырлар өседі, жаңа өсімдіктер қалыптасады. Көшетжайда мұртшаларымен бүлдірген және құлпынай көбейтіледі. Өнім жоқ кезде жатаған өркендердің – мұртшалардың пайда болуы, оларда қалыптасатын дегелектердің тамырлануы және өсуі күшейеді, соңында бұл отырғызылуға қолданылатын материалдың саны мен сапасының артуына ықпал етеді. Қожақаттың доғаланып иілген өркенінің ұшында, топырақпен түйіскен (жанасқан) жеріне бүршік қалыптасады да, одан қосалқы тамырлар пайда болып, олар топыраққа жедел бойлайды. Содан кейін ұштық бүршіктен өркен өсіп шығады және жаңа өсімдік қалыптасады. Тамыр атпаларымен таңқурайды көбейтеді. Тамыр атпалары аналық өсімдіктердің көлбеулі тамырларынан қосалқы тамырлар өсіп шығуының нәтижесінде пайда болады. Өсіндеудің соңында мұндай өркендердің төменгі жағынан тамыр пайда болады, атпаларды аналық өсімдіктен бөліп алып жаңа плантация жасауға пайдаланады. Тамыр өркендерімен шиенің, алхорының кейбір түрлері көбейтіледі. Фундукта және қара жемісті шетенде өркендері сабақтан тарайды. Жидекті өсімдіктерді бұтасын бөлумен көбейтеді. Бұтасын бөліп көбейтуді плантацияны жаңа жерге көшіргенде қарақат пен қарлығаға қолданады. Мұндайда қазып алынған бұтаны бөлгенде, әр қайсысында тамырлары мен бұтақтары болуын ескерген жөн. Бөлуді өткір балтамен немесе бақ қайшысымен (секатормен) жүргізеді. Көбейтудің жасанды тәсілі көгенсабақтарымен (сұлатпаларымен), қалемшелерімен, телумен және меристеманың жасушаларымен (микроклональды көбейту немесе ұлпамен өсіру) көбейтуге бөлінеді.
Көгенсабақпен көбейту
Көгенсабақ (сабақтама) – тамырлану кезінде аналық өсімдіктен бөлінбеген (ажыратылмаған), топырақ үстілік сабақтың бүршіктері бар бір бөлігі. Тамырлануға арналған сабақтарды топыраққа түйрейді де, кейін үстіне топырақ үйеді. Тамырланған сабақтарды аналық өсімдіктерден бөліп алады, тамырлары бар бөліктерге бөледі және плантацияға отырғызады немесе көшетжайда 1-2 жылдай өсіріп, қалыптастырады. Сабақтамалардың тамырлануы үшін тұрақты жоғары ылғалдылық, қоңыржай температура және қоректік заттарға бай топырақ қажет. Көгенсабақпен алманың және алмұрттың, жидек дақылдарының, кейде жүзімнің және басқа да дақылдардың клондық телітушілерін өсіреді. Көгенсабақпен тік, көкжиектеп, доғалап, ауалап көбейтуді ажыратады. Тік көгенсабақтау тәсілінде аналық өсімдіктерді көктемде, биіктігі 3-5 см түбірін қалдырып кеседі. Сол түбірден өскен өркендерді бірінші рет 8-10 см биіктігіне дейін түптейді (топырақ үйеді). 15-20 күн өткеннен кейін түптеуді қайталап, топырақты өркеннің жартысына дейін жеткізеді, үшінші ретте – 25-30 см дейін. Көкжиекті көгенсабақтауда 1-5 жылдық қуатты бұтақтарды ерте көктемде, бүршік ашылғанша, өсімдіктің өсу қатарын бойлап қазылған, тереңдігі 3-8 см қарыққа сұлата орналастырады. Түптеуді және басқа да кейін жүргізілетін жұмыстарды тік көгенсабақтау тәсіліндей жүргізеді. Көгенсабақтауды жүргізген 1-2 жылдың күзінде аналық түптерді қазып алады және шекілдеуік тұқымдастардың қуатты өсімдіктерін телітуші ретінде пайдаланады, ал жидекті дақылдардың көгенсабақтарын баққа отырғазады. Доғаланған көгенсабақтарды тамырлануы қиын жүретін тұқымдықтарды (орман жаңғағы) көбейтуде қолданады. Аналық өсімдіктерді доғалдандырып иіп, топыраққа түйрейді, үстіне топырақ үйеді, ұшын тіктейді. Өсінді кезеңнің соңына қарай иілген жерінде тамыр пайда болады. Аналық өсімдіктерден мықты бір көгенсабақ алады. Ауалық көгенсабақтарды отырғызылатын материалдарды алу қиынға соққандықтан және саны да аз болғандықтан көшетжайларда қолданылмайды. Көгенсабақ алу үшін бұтақтың қабығын сыммен қысып байлайды немесе қабықты, ені 1,0-1,5 см сақинаға тіледі, жарғақтан (пленкадан) жең кигізіп, оның төменгі жағын жіппен тартып байлап, су құяды, жоғарғы ауызын жіппен орайды. Тамыр пайда болғаннан кейін бұтақты кесіп алады және тұрақты орнына немесе көшетжайға отырғазады.
Қалемшемен көбейту
Қалемше – аналық өсімдіктен бөлініп алынған, сабақтың немесе тамырдың бөлігі. Қалемшемен көбейту, қалемшенің төменгі жағында тамыры, жоғары ұшында сабақ қалыптастыруы жүретін регенерациялыққа және полярлылыққа негізделген. Жеміс шаруашылығында сабақтық және тамырлық қалемшемен көбейту көбірек қолданылады. Аналық өсімдіктердің бір жылдық қуатты өркендерінен алынған қалемшелер жақсы және тезірек жанданады (регенерацияланады). Қалемшелердің ұзындығы 18-20 см. Өркендердің ағаштануы деңгейіне қарай қалемшелер ағаштанған, ағаштанбаған (жасыл, жапырақты, шөптесін) және тамырлық болып бөлінеді. Ағаштанған қалемшелермен қарақатты, қарлығаны, клонды телітушілерді, бежені, анарды, інжірді, шырғанақты, зәйтүнді және т.б. көбейтеді. Қалемшелерді күзде, жапырақтар түскеннен кейін дайындайды. Тамыр жатынының пайда болуын жеделдету үшін, өсуге ықпал жасайтын дәрмектермен өңдейді (1 л суға ерітілген 20-200 мг гетероауксин ерітіндісіне қалемшенің 2,5 см негізін 12-24 сағатқа батырып қояды), сосын топыраққа отырғызылғанша (көктемге дейін), жертөледе немесе үйме қар астында дымқыл құмда, ағаш үгіндісінде 0-4оС ұстайды. Көктемде қалемшелерді топыраққа, топырақ бетінде бір-екі бүршігі қалатындай етіп, отырғызады. Ылғалы мол ауыр топырақтарда, тамыр жайылу аймағында жылу және ауа режимін жақсарту үшін, қалемшелерді 45о жуық көлбеулей отырғызады. Қалемшелердің қоректену алаңы 70х10-15 см. Күзде қалемшелерді қазып алады. Тамырлану деңгейіне қарай сұрыптайды және қажетіне жаратады. Ағаштанбаған (қатаймаған) қалемшелермен – ағымдағы жылғы қарқынды өскен өркендердің бөліктермен – қарақатты, қарлығаны, қара жемісті шетенді, шиені, алхорыны, дусенді, парадизканы, шабдалыны, алшаны, бежені көбейтеді. Біреулерінде (шие, алхоры, шабдалы) қалемшелерді дайындаудың ең қолайлы мерзімдері өркендерінің қарқынды өсу кезеңіне (маусым) тұстас келеді; келесілерінде (беже, алманың өсінді тәсілімен көбейтілген телітушілері еуропалық топтың қарлығасы) жасыл қалемшелердің оңтайлы пісіп жетілуі өркендердің қарқанды өсуінің соңында; үшіншілерінде (қарақат) қалемшелерін бүкіл өсінді кезеңінде дайындауға болады. Жасыл қалемшелер ағаштанбағандарға қарағанда жақсы тамырланатындықтан, оларды көшетжайда жиі қолданады. Қалемшелерді 2-3 буынымен, ұзындығын 8-10 см етіп дайындайды. Төменгі буынның жапырақтарын толығымен жұлады да, үстіңгілерінің – жапырақ тақталарының жартысын ғана. Қалемшелерді тамырландыру үшін қоректік заттарды беруді, төсеніш (субстрат) пен ауаның ылғалдылығын, сондай-ақ, оның температурасын (18-24оС) автоматпен реттейтін жылыжайларға отырғызады. Субстрат ретінде пайдаланады: құм + шымтезек, қиыршықтас + құм, шымтезек + құм + вермикулит немесе перлит. Ауаның ылғалдылығы өте жоғары (80-100%). Дұрысы өсімдіктердің үстінен, арнаулы құрылғылармен, тұмандату. Тұманда тамырланғаннан кейін өсімдіктер шынығудан өтіп, нәтижесінде біршама құрғақ ауаға және қарқынды жарықтануға бейімделеді. Басқа бір тәсілде дайындалған қалемшелер бумаға байланылады да, 12-24 сағатқа гетероауксин (1 л суға 0,05-0,1 г) ерітіндісіне салынады. Оларды қалыңдығы 15-20 см шымтезекке үстінен құм қоспасымен 3-4 см қалыңдықпен жабындалған булыжайларда немесе шымды-қарашірінділі топырақты жүйелерде, жарғақ астында тамырландырады. Қалемшелерді қатарлап (қатараралықтары 5-7 см және қатардағы өсімдіктердің арасы 4-5 см), 1,5-2 см тереңдікке отырғызады. Жақсы тамырлануы үшін қалемшелерді жүйелі суарады. Температура 30-35оС жеткенде булыжайды желдетеді. Тамырланғаннан кейін қалемшелерді желдетуді күшейте түседі, кейін жарғақты жинап алады. Тамырланған қалемшелерді өсіріп жетілдіру үшін күзде немесе көктемде көшетжайларға көшіріп отырғызады. Тамырлық қалемшелермен жиірек таңқурайды, шиені, алхорыны, алшаны, алманың, алмұрттың өсінді телітушілерін көбейтеді. Бұл тәсіл тамырдың ұрпақ бергіштігінің жоғары қабілеттілігіне және қосалқы тамырларының жоғарғы бөлігінде өркен қалыптастыра алатындығына негізделінген. Тамырлық қалемшелердің ұзындығы – 15-50 см, диаметрі – 4-6 мм. Көбейту техникасы (тәсілі) ағаштанған қалемшелердікіне ұқсас. Бірақ тамыр қалемшелерін дайындаудың қиыншылығына байланысты бұл тәсіл көшетжайда сирек қолданылады.
Телумен көбейту
Өсімдіктерді телу, трансплантациялау – бір өсімдіктің бұтақшасын (қалемшесін) немесе бүршігін (көзшесін) екінші біреуіне апару (тасымалдау). Телу жүргізілетін өсімдікті телітуші өсімдік, ал телінетіндері – телінуші өсімдік деп атайды. Телу кезінде телітушінің камбийі мен телушінің камбийі тығыз жанастырылады да, олар кейін толық жымдасады. Нәтижесінде бірқалыпты қызмет атқаратын өсімдік ағзасы пайда болады. Жеміс шаруашылығында телу (ұластыру) – жемістік дақылдарды өсінді жолымен көбейтудің маңызды тәсілдерінің бірі. Осыдан басқа, телуді телінетін көп жылдық өсімдіктердің сұрыптық ерекшеліктерін нығайтуға және сақтауға; белгілі бір топырақ-климат жағдайына тамыры бейімделмеген (аязға шалынғыш, мол ылғалға шыдамайды) телітушіні алмастыруға; телітушіні құндылау, аязға – қысқа төзімділеу, ауруларға, зиянкестерге төзімдіректерімен алмастырғанда; бойлап өсетін немесе бойлап өспейтін өсімдіктер қалыптастырғанда, өсуді не күшейткенде немесе баяулатқанда және өсімдіктің өміршеңдігін ұзартқанда; гүлдеудің және жеміс байлаудың басталуын жеделдеткенде? қабығы жарақаттанған өсімдікті емдегенде; әсемдік және көлбеу өсетін бөрікбас қалыптастырғанда қолданады. Телудің алуан түрлі жүздеген тәсілі болғанымен, өндірісте тек 10-15 қолданады. Бір жіктеме бойынша телудің барлық түрлерін негізгі екі топқа бөледі: көзсабақтау – бүршігімен (көзшесімен) телу және қиыстыру – бірнеше бүршігі бар қалемшемен, кейде бұтағымен телу. Жеміс шаруашлығында кең қолданылатын басқа бір жіктеу бойынша көзсабақтау, қалемшемен телу, сыбызғы тәріздендіріп (бүршігі бар қабығымен), жанастырумен (аблактировка – бұтақтарды өсіп тұрған ағаштарынан кесіп алмай, тұрған жерлерінде бір-бірімен байланыстырып, ұластыру немесе телу әдісі), өне бастаған тұқымды телітушінің қабығының ішіне орналастыру әдістерін ажыратады. Қысқы, көктемгі және жазғы телуді ажыратады. Қысқы телуді өсіндінің тыныштық кезеңінде, әдетте, қыстың екінші жартысында, үй-жайда жүргізеді. Көктемгі телуді климат жағдайына байланысты наурыздан маусымға дейін жүргізеді, жазғыны – маусымнан қыркүйекке дейін. Телітушінің қабығының астына, телуді оның ішінде көзшелеуді, қабықтың жеңіл сыдырылуын қамтамасыздандыратын камбийдің белсенді іс-әрекеті кезінде жүргізеді, ал басқа тәсілдер сәл ертерек мерзімде қолданылады. Көзшелеу – жеміс дақылдарын тұқымбақта көбейтудің кең қолданылатын тәсілі. Көзшелеуде телудің басқа тәсілдерімен салыстырғанда еңбек өнімділігі, тіршілікке бейімделуі жоғарырақ, орындалуы оңайырақ (қарапайымдау) қалемше азырақ жұмсалады, телінушінің берік бітісуін және оның жақсы өсуін қамтамасыз етеді, телу кезіндегі жарақаттары тезірек жазылады. Телітушіге көзшелеуді оның тіршілігінің бірінші жылы көктемде, жазда және жаздың аяғында – күздің басында жүргізеді. Көктемде көзшелеуге өткен жылғы қалемшелер қолданылады. Телінген бүршіктер 15-20 тәуліктен соң өне бастайды. Міне, сондықтан, оны «өне бастаған бүршікпен» көзшелеу деп атайды. Мұны өсінді кезеңі ұзақ оңтүстікте, әсіресе тез өсетін сүйекті тұқымдықтарда, қолданады. Жазғы көзшелеуге бүршіктері келесі көктемге дейін тыныштықта («бұйыққан бүршікпен» көзшелеу) болатын ағымдағы жылдың қалемшесін қолданады. Бұл Қазақстанның кез келген ауданындағы жеміс шаруашылығында қолданылатын негізгі тәсіл. Қалемшелері ерте жетілетін тұқымдықтар мен сұрыптарда көзшелеуді бірінші жүргізеді. Аса жас және әлсіз дамыған телітушілерді, ересек және мықты өсімдіктерден кешірек телімдейді. Көзшелеуді, суық түскенше солтүстік аймақта 5-тамызға, оңтүстікте 15-қыркүйекке дейін аяқтау керек. Телітушіні көзшелеуге дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың ішінде бастысы болып – қабықтың жақсы сыдырылуын қамтамасыздандыратын және көзшелеудің табысты өтуіне ықпал ететін, телітушілердегі камбийалды белсенділігінің жоғарылығы. Бұған топырақта ылғалды мол жинаумен, құрғақ кезде суландырумен, аурулар мен зиянкестерді жоюмен қол жеткізіледі, себебі жарақаттанған өсімдіктердің қабығы нашар сыдырылады. Нәзік және созылмалы қабық болуы үшін түптелген телітушілердің топырағын көзшелеуден бір күн бұрын немесе көзшелеу күні аршиды. Сонымен бірге көзшелеуге кедергі келтіретін сүңгектің төменгі жағындағы бұтақтарды аластайды. Түптеу жүргізілмеген телітушілерде бұл бұтақтар көзшелеуден 2-3 апта бұрын аластатылады. Қатты ластанған сүңгектерді көзшелеу алдында таза сумен жақсылап жуады немесе дымқыл шүберекпен мұқият сүртеді. Көзшеленетін қалемшелерді жеміс берген ағаштың бөрікбасының жақсы жарықтанған жерінен және шетжағынан дайындайды. Қалемшелері жақсы жетілген, ұзындығы 30-40 см, жуандығы 6 мм кем емес, бүршіктері жақсы қалыптасқан болғаны жөн. Қалемшелерді дайындауы көзшелеудің қарсаңында немесе көзшелеу күні (таңертең немесе кешке қарай) жүргізеді. Жетілген өркендерде, қалқанды қыстыруға қолайлы болу үшін жапырақ сабағының 6-10 мм қалдырып, жапырақ тақталарын, бөбешік жапырақтарын және әлсіз дамыған бүршіктің жетілмеген ұштарын тез аластайды. Көзшелеуге қалемшенің орта тұсында орналасқан, жақсы дамып жетілген бүршіктерді пайдаланады. Көзшелеуге дейін қалемшелерге құлақшақағаз тағып, бумаға байлап дымқыл мүкте, шөпте, ағаш үгіндісінде, көлеңкеде немесе салқын жерде ұстайды. Тургоры жоғалған (құрғаған) немесе бүршігі өсе бастаған қалемшелер көзшелеуге жарамсыз. Көзшелеу үдерісі бірнеше операциядан: қабық қалқанын бүршігімен тіліп алудан, телітушінің қабығын Т түрінде тілуден, қалқанды тілікке қыстырудан және көзшелеу орнын орап байлаудан тұрады. Қалқанның маңызды бөлігі, өсімдіктің телінген бөлігінің қалыптасуын қамтамасыз ететін – бүршік. Бірақ қалқансыз бүршік телітушіге көндікпейді, себебі телітушімен бітісуін қамтамасыз ететін камбий қалқанда орналасады. Қалқанның оңтайлы шамасы (ұзындығы, мм): шекілдеуікті дақылдар үшін 22-25, сүйектілерде – 30-35, ұшының ені 2-4, бүршік астында – 3-5. Жуанқабықтыларда (інжір, грек жаңғағы, пекан және т.б.) көзшелеуді қалқанмен емес сыбызғылап (бүршігі бар қабықтың сақинасымен) биіктігі 20-40 мм-де жүргізеді. Қалқанды сүректің жұқа қабатымен және қабатсыз тіліп алуға болады. Қалқанның сүрексіздері, сүректілермен салыстырғанда, әсіресе сүйектілерде, жаңғақ тәрізділерде, бітісуі жоғары болады, бірақ ондай (сүрексіз) қалқанды алу қиын. Сүрексіз қалқанға қарағанда, сүрегі бар қалқанмен көзшелеу ыңғайлы және өнімдірек. Сүректі қалқан алу үшін қалемшені, ұшын алға қаратып сол қолдың алақанына салады да, үш саусақпен қысып ұстайды. Үлкен және ортаңғы саусақтар қалемшенің қырында (бүйірінде) ұсталады, ал сұқ саусақты қиылып алынатын бүршіктің астына тосады (тірейді). Оң қолдың төрт саусағымен ұсталынған көзсабақтағыш пышақты жүзінің ұшымен бүршіктен 12-15 мм қашықтықта ұстайды, ал бас бармақ қалемшені үстінен басады. Пышақты баса ұстап, қабықты тіледі және тіліктен пышақты шығармай, оны тік жағдайынан көлбеулетіп қабықтың сүрегімен оңға қарай жылжыта отырып кеседі. Бүршікке жақындағанда пышақты сәл тереңдетеді, бүршіктің түтікті-талшықты шоғын кескеннен кейін, пышақ жүзін сәл көтереді. Содан кейін оң қолдың бас бармағымен қалқанды пышақ жүзіне қысады және қолды оңға бұрып қалқанды кесіп алады. Кесілген қалқанды сол қолдың бас және сұқ сасағымен жапырақ сағағының негізнен және қалқанның бүйірінен ұстап, телітушінің қабығының астына орналастырады. «Пышақтан» көзшелегенде де қалемшені осылай алады, тек төменгі ұшын алға ұстайды. Пышақты қалемшеге тік емес, көлбеу ұстайды. Қалемшені сол қолға ауыстырмай, оны пышақтан телітушінің қабығының тілігіне орналастырады. Сүрексіз көзшелегенде қалқанды әдеттегідей тіліп алады, тек сүрегін қалыңдау етіп тіледі. Содан кейін қалқанды, түтікті-өткізгіш шоқтарын мұқият сақтай отырып, саусақпен сүрегінен жұлқып жоғары қарай сыдырып алады. Қалемшелден алынған қалқанды телітушінің қабығының астына отырғызардан бұрын көзшелеудің орнын анықтайды. Әдетте көзшені телітушіде, топырақ үстінен 5-7 см биіктікте, тамыр мойнына жақын орналастырады. Бұл жерде қабық тегіс, серпімді, шырынды болады, оңай сыдырылады және өркендер азырақ пайда болады. Жауын-шашыны мол, қатты және тұрақты желді аудандарда, ауыр және қатты топырақтарда биіктеу көзшелеуді қолданады. Ыстық күндері қалқандар мен қабықтың тіліктері құрғайтындықтан, көзшелеуді ертеңгі және кешкі мезгілдерде, сондай-ақ бұлтты, бірақ құрғақ және салқын күндері жүргізеді. жаңбырлы күндері көзшелемейді, себебі жарақатқа тиген су көзшелердің көндігуін күрт төмендетеді. Телітушідегі көзшелеудің орнын таңдағаннан кейін, қалқанды бүршігімен отырғызу үшін, қабықта Т тәрізді тілік тіледі. Алдымен телтушінің діңінің 1/3 бөлігіндей етіп көлденең тіледі, кейін қалқанның ұзындығынан 0,5 см қысқарақ, көлденең қиықпен қосылғанша, тілік тіледі. Тілікке бүршігі бар қалқанды орналастырады. Қабық нашар сыдырылатын болса, оны пышақтың сүйекшесімен ашады. Көзшесі бар қалқан құрғамас және телітушіге тығыз жанасуы үшін, телімді жедел байлайды (жөкемен, полихлорвинилді жарғақпен, зығырдың, кенептің және қарақурайдың талшығымен). Бұл жұмысты көзшелеумен жұптасып жұмыс атқаратын байлаушы орындайды. Қалқандардың құрғауына жол бермеу үшін байлаушы көзшелеушіден 5-6 телімдеуден кешікпегені дұрыс. Жарғақты ені 8-10 см, ұзындығы 20-30 см етіп таспалап тіледі. Байлауды тілінген жарты айшықтан сәл жоғарырақ жүргізеді. Әр кейінгі орам алдыңғы орамды сәл басып оралады. Байлау тығыз және қалқанды құрғаудан қорғайтын болуға тиіс. Бүршікке дейін екі-үш, бүршіктен кейін үш-төрт орам оралады да, төменгі жағында таспа күрмеленеді. Сүйектілерде бүршік ашық қалдырылады, себебі жаппай байлау оны қысып тастайды да, жиі солуға әкеледі. Көндігіп бекіген қалқандардағы жапырақ сағақтары оңай түседі, бүршік пен қабық бүріспеген (әжімделмеген), қалыпты түсте болады; көндікпегендерден сағақ ажырамайды, қалқанның жапырағы мен бүршігі солады, бүріскен, лас-сұрғылт түсті. Көзшелеуден 12-15 күн өткеннен соң көзшелеуді тексереді. Көзшелері қураған өсімдіктерге таспа байлайды немесе ұшын сындырады және қайтадан көзшелейді, ал көндіккендерінің байлауын босатады, себебі діңнің жуандауына байланысты олар жиі қатты керіледі. Байлау жібі телітушінің діңіне батса, оны қайталап байлайды. Қуатты өсетін сүйекті тұқымдықтарда және оңтүстікте, байлауды босатады және 2-3 рет қайталап байлайды. Қоңыржайлы климатта және қар аз түсетін аудандарда, көзшенің үсуіне жол бермес үшін көзшелегендерін түптейді, ал құрғақ аудандарда күз құрғақ болса шамалап дымқылдық суармалауды қолданады. Көзшелеу пышағын ылғи да өткір күйінде ұстайды, сондықтан әр көзшелеушіде ұсақ түйіршікті мәйда қайрақтар және жетілдіруші (түзетуші) қайыс болуы керек. Көзшелеу пышағы қашанда таза болуға тиіс, ол үшін көзшелеуші сол қолының білезігіне дәке немесе басқа жұмсақ мата байлап қояды да, оған жұмыс барысында пышақ жүзін жүйелі түрде сүйкеп (сүртіп) отырады. Сол қолдың кішкене бөбегіне (саусағына) де мата (дәке) байлап, онымен діңнің қалқанша қиыстыратын аумағын тазалайды. Көзшелеу жүргізілгенде қалемшелер шелекте болып, түптері суға сәл батырылады. Пайдаланылған қалемшелер қатараралықтың топырағына шаншылады да, кейін қайтқанда көзшелеуші жинап алады және қалқаншалардың дұрыс кесу сапасын тексеру үшін қатардың бас жағына (шетіне) тігеді. Әр қатардың басына көзшелеу уақыты, көзшелеушінің және байлаушының ата тектері, есімдері, сұрыптың атауы, көзшеленген телітушілердің және қиыстырылған қалқандар саны (екеуін қыстырғанда) көрсетілген құлаққағаздар қойылады. Осы деректердің бәрі көшетжай кітабына тіркеледі. Қалемшемен телу (9-сурет): қиыстырумен – жабыстыра, бүйірдегі қиыққа сыналап, жарыққа, қабық астына, сояулап, көпірлеп.
9-сурет. Қалемшемен телу тәсілдері: 1-жақсартылған қиыстыру; 2-жабыстыра; 3-бүйірлік қиыққа; 4-көпірлеп; 5-қабық астына сояулап; 6-сыналап; 7-қабық астына; 8-жарыққа; 9-қысқы телу; 10-байластырып телу.
Қиыстыру қарапайым және жақсартылған болады. Бұл тәсіл тұқымбақтарда телітушілері мен телінушілердің жуандығы бірдей болғанда және бақтарда ағаштардың бір-екі жылдық бұтақтарын қайталап көзшелегенде қолданылады. Қарапайым қиыстыруда телітушінің ұшында және телінушінің төменгі жағында, телітушінің жуандығынан 3-5 есе артық болатындай етіп бірдей ұзындықтағы қиғаш қиықтар тілінеді. Содан кейін телінушіні телітушіге жанастырады да, тіліктерді біріне-бірін беттестіріп, екеуінің камбийлерінің тұстасуын байқайды. Телітуші мен телінушінің қиықтары тегіс және таза болуға тиіс. Жақсартылған қиыстыруда телітуші мен телінушінің қиықтарында үшкір және жұқа ұштарынан 1/3 қашықтығында бойлап тілшелеп тіледі. Осыдан кейін қалемше мен телітушіні түйістіргенде «тілшелер» бірі-бірінің ішіне сұғылуы тиіс. Осыдан кейін телінген жерді байлайды да, сыртынан бақ нұмын жағады. Жабыстыра телуді телітуші телінушіден жуан болғанда қолданады. Мұндайда телітушіні түбірлеп сәл еңкіштеу кеседі. Түбірдің сәл биіктеу жағынан, астынан үстіне қарай, сүрегін ала тілік тіледі. Қалемшеде ұзындығы мен ені телітушінің тілігімен үйлесетіндей, жиі тілшелеп немесе мінгестіре (кертпелеп) қиық жасайды.Бүйірлік тілікке телуді, ұзындығы 10-15 см етіп тілінген сояуға (тікенге), отырғызғанда қолданады. Қиықтауды телітушіге пышақты тіктеп, 10-12о бұрышпен, тіледі. Тілікке бір қыры екіншісінен 1,5-2 есе ұзынырақ етіліп дайындалған екі қырлы сынаманы орналастырады. Сына тәрізделіп телігенде телітуші көлденең кесіледі және бүйірінің сүрегінен сына тәрізді тілік тілінеді. Тілікке, осы тілікке үйлесетін көлемі мен пішіні бар, екі қырлы сына тәрізді қалемшені орналастырады. Жарыққа телуді жуан телітушілерге, айталық, жемістік тұқымдықтарда қайта телу жүргізгенде, қолданады. Түбірлеп кесілген телітуші ортасынан бойлап жарады. Пайда болған саңылаудың екі жағына екі, ал саңылау екеу болса – екі кертпелі немесе үшкірленген сынаның төртеуін орналастырады. Қабық ішіне телу: телітушіні түбіріне кеседі де, оның бүйірінен камбийіне дейін бір немесе бірнеше тілік тіледі. Тілікке қиғаш кесілген немесе кертпешеленіп кесілген қалемшені орнатады. Қабық ішіне сояумен (тікенмен) телу: телітушінің орта тұсынан астынан үстіне қарай, кейде сүрегін ала қабығынан енсізтаспа тілініп алынады. Тіліктің астыңғы жағынан қабығын бойлап тіледі де, қиғаш кесілген қалемшені орналастырады (қыстырады). Қалемшені Т-тәріздендіріп те қыстырады. Көпірлеп телуді ағаш қатты жарақаттанғанда емдеу үшін қолданады. Ол үшін телітушінің қабығының ішіне бір немесе бірнеше қалемшені қыстырады. Көндігіп бітіскен қалемшенің түтікшелерімен шырын көпірмен қозғалғандай қозғалатындықтан, бұл тәсілді көпірлеп телу деп атаған. Діңде немесе жуан бұтақта – телітушідегі жараның шеттерін бақ қайшысын немесе пышақты көлденең ұстап тіктеп кеседі, сонда жара тез жазылады. Жарадан төмен және жоғары сәл шегініп, телітуші пышақпен Т-тәрізді тілік тіледі. Доғалануы жеңіл жіңішке қалемше қолданылады. Қалемшеде Т-тәрізді тіліктерден бірдей қашықтықта, қиыстыру әдісіндегідей, ұзындығы 3 см қиғаш тіліктер тіледі де, қалемше ұштарын сол тіліктерге, бүршіктерін жоғары бағыттап, қондырады. Тіліктері жарғақ таспалармен байланады немесе лейкопластыр жапсырылады. Жараға бақ нұмы жағылады. Қалемше құрғамас үшін, телінген жер майлы қағазбен (крафт) оралады және үсті әктеледі, ал дұрысы полиэтилен жарғағымен орау. Сыбызғалап немесе түтікшелеп телуді орман жаңғағын, пеканды, талшынды, тұтты көбейткенде, көктемде, жазда және ерте күзде жүргізгенде қолданады. Телітушінің қабығының телінетін жерінде сақина тәрізді екі тілік тіледі. Содан кейін қабықтың кесілген бөлігін ағашта саусақпен айналдырады. Ол босағаннан кейін бойлап тіледі және түтікті (сақиналап) сыпырып алады. Тап осындай түтікті (шамасы бірдей) телінушіден алады және телітушінің қабығы жалаңаштанған жеріне орналастырады. Жақындастырып немесе байланыстырып телу камбийіне дейін жалаңашталған телітуші мен телінушіні тығыз байлаумен орындалады. Телітуші телінушімен көндігіп бітіскенше аналық өсімдіктен ажыратылмайды (кесілмейді). Жақындастырып телуді жиі жылыжайларда құмыра өсімдіктерін пайдаланып, кейде бақтарда, айталық, көршілес ағаштардың бұтақтарын қалпына келтіргенде және оларды қиғаштап пальметтендіріп қалыптастырғанда немесе мангоны көбейткенде қолданады. Телітуші мен телінушінің қабығын ағаш сүрегін қоса 4-5 см етіп кеседі де, кесінділерді жалғастырады және бұтақтарды жарғақпен орайды. Өне бастаған тұқымдармен телу. Бұл тәсілде қалемше орнына өне бастаған тұқымның тұқым астылық иіні мен тамыршасын телітушінің қабығының ішіне орналастырады. Іссанада көптеген басқа да телу тәсілдері қолданылғанымен, олардың бәрі, әдетте, жоғарыда сипатталынғандардың түрі өзгергендер екенін білген жөн.
Микроклоналды көбейту
Клональды микрокөбейту – бұл ұлпалар мен жасушаларды өсіргенде, жыныссыз жаппай көбейту. Нәтижесінде пайда болған өсімдіктер бастапқыға (негізгіге) тектілігі жағынан ұқсас болады. Клональды микрокөбейту өсімдікті өсінді тәсілімен көбейтумен салыстырғанда бірқатар артықшылыққа ие: көбею еселігінің жоғарылығы; өсімдіктерді вирустар мен ауруқоздырғыш микроағзалардан сауықтыру; селекциялық үдерістердің жеделдеуі; өсінді жолымен көбеюі қиын немесе көбеймейтін өсімдікті көбейтуі; отырғызу алаңын және отырғызуға қажет материалдарды үнемдеу; жас өсімдіктерді алу (кәрі дараларды жасарту); даму айналымында тыныштық кезеңі бар өсімдіктің жыл бойы өсуін қолдану; өсіру үдерісін автоматтау мүмкіндігі. Клональды микрокөбейтудің әдістері өте көп (В.С.Шевелуха және т.б., 2003). Өсімдікті микроклональды көбейткенде пайдаланылатыннегізгі әдіс – бұл ұштық (апикалдық) басымдылықты (доминанттықты, бүйірлік өркендердің ұштық бүршіктерінің өсуін, ұштық меристемалар өндіретін гормондармен басу құбылысы) тыюға негізделінген – өсімдіктегі бар меристеманың (мүшеленбеген-дифференцацияланбаған жасушаларының белсенді бөлінетін құрастырғыш ұлпалары) дамуын белсендендіру. Бұған сабақтың жоғарғы меристемасын аластатумен және кейін гормонсыз ортада in vitro (пробиркада) жағдайында ұсақ қалемшелеумен; толып жатқан қолтықтық өркендердің дамуына тітіркендіргіш әсер ететін цитокинин түртекті заттарды (канетин, зеатин) қоректік ортаға қосумен жетуге болады. Бұл тәсілмен жеміс және жидек өсімдіктерін (алма, алхоры, шие, алмұрт, жүзім, таңқурай, қарақат, қарлыға және т.б.) көбейтеді. Екінші әдіс – бұл қосалқы бүршіктердің эксплант жасушаларында тікелей пайда болуын тітіркендіру. Ол өсімдіктің оқшауланған бөлігінің қолайлы жағдайда жетпеген мүшелерін қалпына келтіру қабілетіне негізделінген, сонымен, бүтін өсімдікке дейін жетіледі. Апикалды меристеманы өсіруге негізделінген бүлдіргеннің клональды микрокөбейту технологиясы жеткілікті түрде жақсы дайындалған. Үшінші әдіс – өзінің сыртқы түрі бойынша зиготалық ұрыққа ұқсас, соматикалық жасушаларынан ұрық тәрізді құрылымының мүшеленуіне (дифференцациялауға) негізделінген. Бұл әдіс соматикалық эмбриогенез деп аталады. Ұрықтардың in vitroда in vivo-дан (табиғи жағдайда) пайда болуындағы негізгі айырмашылығы, соматикалық ұрықтың ұрықтанбай, ұрықтық қаптан тыс дамуында және өзінің сыртқы түрі бойынша, сабақ пен тамырдың апикалық (ұштық) меристемаларының дамуы бір уақытта өтетін, қосполярлы құрылымды еске түсіреді. Қазіргі кезде жүзімді көбейтуге пайдаланылады. Төртінші әдіс – алғашқы және ауыстырмалы отырғызылатын каллустық ұлпаның қосалқы бүршіктерінің мүшеленуі (дифференцациялануы). Бұл әдіс зарарсыздалынған қоректік ортадан отырғызылатын жасанды материалдарды алу үшін аз пайдалынады. Бұл каллустық ұлпаны әлсін-әлсін жаңа қоректік ортаға қайталап отырғызғанда микрокөбейту үшін қолайсыз құбылыстардың байқалуымен байланысты: өсірілетін жасушалардың плоидтығының өзгеруі, хромосомалардың құрылымдық қайта құрылуы және тектік (гендік) өзгерулерінің (мұтантарының) жиналуы, өсірілетін жасушалардың морфологиялық әлеуетінің жоғалуы. Бұл әдістің артықшылығы да бар: экономикалық тиімділігі, ұлпаларды көбейтуде (кейбір жағдайларда) мүмкін жалғыз тәсіл бола алатынында; селекционерлер үшін үлкен қызығушылық тудыратындығында. Клональды микрокөбейтудің басты артықшылығы – ол тектілігі таза, вируссыз отырғызатын материал алынатыны. Отырғызылатын материалды сауықтыру алдын ала бастапқы өсімдіктерге термотерапияны, немесе хемотерапияны пайдалану жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Термотерапия әдісі ыстық құрғақ ауаны пайдалануды қарастырады. Термотерапияны меристеманы өсірумен бірге қолдану бүлдірген өсімдігінің 90 % сауықтыруға мүмкіндік береді, қара және қызыл қарақаттың – 25, таңқурайдың – 50 %. Өсімдіктерді вирустан тазартуға қолданылатын келесі тәсіл – хемотерапияда ұштық (апикалдық) меристемалар өсірілетін қоректік ортаға вирозол дәрмегінің 20-50 мг/л қосуға негізделеді. Хемотерапияның оң нәтижесі алхорыда, тәттішиеде, таңқурайда байқалған. Отырғызылатын материалдарды термо және хемотерапия әдістерімен вирустан сауықтандыру экономикалық жағынан тиімділігі шамалы. Сондықтан қазіргі кезде трансгеноз әдісімен (өсімдіктер жасушаларына әртүрлі тәсілдерден көмегімен бөтен гендерді апару үдерісі) вирусқа төзімді өсімдік түрлері жасалынуда.
Телітуші мен телінушінің өзара әсері
Ұластырылған жеміс ағаштары телітуші мен телінушіден тұрады да, өсімдікте әртүрлі іс-әрекет (қызмет) атқарады, сонымен бірге олар жеміс ағашының сипатын анықтайтын, зат алмасуы ортақ бір өсімдік құрастырады. Телітушінің тамыр жүйесі арқылы телінген өсімдіктің топырақпен байланысы жүзеге асырылады және минералды қорекпен, сумен қамтамасыздандырылады. Ұластырумен көбейткенде телітуші телінушінің өсу қуатына және жеміс салуының басталуына, оның тіршілігінің ұзақтығына, өнімнің мөлшеріне және жемістердің сапасына, өсу мерзімінің аяқталуына, жапырақтарының түсуіне және сүрегінің жетілуіне, демек, аязға төзімділігіне, телітушінің зиянкестерге, ауруларға және топырақ-климат жағдайының қолайсыздығына төзімділігіне әсер етеді. Телітуші ағаштың топыраққа берік бекуіне әсер етеді. Бойлап өспейтін телітушілер телінген сұрыптардың ағаштарының көлемін кемітеді және жеміс салуын жеделдетеді. Қысқа төзімді телітушілер телінген өсімдіктердің қолайсыз жағдайларда төзімділік қабілетін арттырады, құрғақшылыққа төзімділері – сумен қамтамасыздандырылудың кемшіліктеріне, тұзға төзімді телітушілер, телінушіге уландырғыш әсер ететін хлор иондарының айтарлықтай көлемін сіңіре алады. Хлор иондарының ұлпада артық жиналуы жапырақтардың хлорозын туындатады. Ергежейлі телітушілерге телінген сұрыптар жеміс салуға ерте кіріседі, жемістерінің сапасы жақсарады, бойшаң телітушілерге қарағанда бұлардың өміршеңдігі аздау. Телінушідегі телітушінің әсерінен болатын өзгерістер тұқым қуалаушылық сипатта болмайды және телінушіні басқа телітушіге көшіргенде сақталмайды. Телінуші өз кезегімен телітушіні ассимиляция өнімдерімен қамтамасыздандырады және осымен тамырлардағы өсу үдерістерін реттейді, тамыр жүйесінің архитектоникасына әсер етеді. Телінуші тұқыммен және өсінді жолымен көбейтілген телітушілердің көк жиектік (горизонтальдық) тамырларының жаңадан тамыратпаларын қалыптастыру қабілетіне ықпал етеді. Ұластырған өсімдіктің тіршілігінде телітуші шешуші рөл атқарады. И.В.Мичуриннің бейнелеп айтуы бойынша, телітуші – жеміс ағашының негізі (іргетабаны, ірге тасы). Телінуші мен телітушінің арасында күрделі қарым-қатынас орын алады. Ол қолайлы болса, телінген екпелер бірқалыпты дамиды. Телінушінің телітушімен берік бітісуін және одан әрі ұластырылған өсімдіктердің өсуі мен дамуын биологиялық сәйкестілік дейді. Кері ұбылысты, өсімдіктерді біріне-бірін ұластыруға мүмкін болмауын, биологиялық сәйкессіздік дейді. Телітуші мен телінушінің сәйкестілігі нашар болса екпе де құнсыз болады. Телітуші мен телінушінің сәйкестілігі жақсы болғанда телітуші бөліктің, телінушінің діңіне қарағанда, жуандануы басымырақ болады. Сәйкестілігі нашар болғанда телітуші бөлік, телінушімен салыстырғанда жіңішкерек келеді. Телінушінің телітушімен сәйкестілігі төмен болғанда ағаштың жалпы күйінің нашарлауы байқалады: жеміс салуы тым ерте басталады, өсуі ерте аяқталады, қысқа төзімділігі төмендеу, телінушінің телітушіден бөлінуі (сынуы), тұқымбақтағы екпелердің жапырақтарының тым ерте қызғылттануы, телітушіде «нүктелік» аурулар (телітушінің қабығында және тамырының ағаштанған және сабағының бөліктерінде бурыл қара некротиктік телімдер мен өлі жасушалар орны анық байқалады). Телітуші мен телінушінің жеткілікті түрде көндігіп бітісуінің негізгі шарты – олардың ботаникалық туыстығы. Ұластыру түр шегінде жүргізілсе, әдетте жемісті болады. Түраралық біршама қиындырақ және тұқымдастар шегіндегі туыстарда одан да күрделірек. Түрішілік, түраралық және кейбір жағдайларда туысаралық ұластырылулар жеміс өсімдіктерін көбейткенде өндірістік маңызға ие. Айталық, сұрыптық шиені қышқыл шие немесе алша екпесіне, үй алшасының екпесіне телу – түрішілік телулер. Түраралық телулер – алхорыны алшаға, шиені тәттішиеге немесе магалеб шиесіне телу. Туысаралық телу сүйектілер арасында жиі кездеседі – алхорыны өрікке және керісінше, шабдалыны алхорыға, алхорыны құм шиесіне, сондай-ақ шекілдеуіктілерде: алмұртты бежеге. Тұқымдастар арасындағы телулер өте сирек, ал телу сәтті болған жағдайдың өзінде де өсімдіктің тіршілігі ұзақ болмайды. И.В.Мичуриннің лимонды алмұртқа телігені белгілі (ұластырылған өсімдік 4-5 жыл тіршілік еткен). Б.Г.Матаганов пен К.Д.Аяпов (1997), телітуші мен телінушінің сәйкестілігін әр нақты жағдайға байланысты бағалау керек дейді. Алма ағашына алманы телу кең қолданылады. Бірақ алма ағаштарының барлық түрлері өзара сәйкес келе бермейді. Қазақстанның солтүстігінде жергілікті сұрыптар жинағы (ранеткалар, жабайылаулар) үшін негізгі телітуші болып, осы сұрыптардың шығарылуына қатысқан, сібірлік алма ағаштары саналады. Сонымен бірге бұл телітушіге, шығарылуында басқа түрлер қатысқан оңтүстік топтың сұрыптарын телу сәтсіз аяқталады. Алманың оңтүстік сұрыптарын алхоры жапырақты алма екпесіне (китайка) телігенде сәйкессіздік жиі байқалады. Аласа телітуші ретінде пайдаланылатын алмұрттың бежемен сәйкестілігінің арақатысында, телітушінің және телінушінің сұрыптық ерекшеліктері күрт байқалады. Беженің А, В және С клондарының алмұртпен сәйкестілігі ең жоғары, ал Д, Е, Г түртектес клондар бұл мақсатқа тіпті де жарамайды. Мәдени сұрыптардың біреулері бежемен жақсы сәйкестес болса, екіншілері – жеткіліксіз, үшіншілері – толығымен сәйкессіз болады. Түраралық және туысаралық ұластырулар жиі сүйектілерде байқалады. Жиі алхорыны, өрікті және шабдалыны өзара ұластырады. Бірақ алхорыны өрікке ұластырғанда нәтижесі жақсы болады, өрікті алхорыға ұластырғанмен салыстырғанда. Жақын туыстарды – өрік пен бадамды ұластыру өте қиын. Құм шиесі шиенің басқа түрлерімен, сондай-ақ алхорының түрлерімен, өрікпен және шабдалымен сәйкеспейді. Шие тәттішиеге жақсы ұластырылады, ал тәттішие шиеге – қиын. Телітуші мен телінушінің сәйкессіздігін туындататын себептер осы уақытқа дейін соңына дейін айқындалынбаған. Сәйкессіздіктің биологиялық мәні топырақ үстілік бөлік пен тамырлардың арасындағы заттар алмасуының бұзылыуымен байланысты. Телітуші мен телінушінің тұрақты көндігіп бітісуіне ұластырушы бөліктерді дәлелді таңдаумен қол жеткізуге болады. Сәйкес комбинацияларды тәжірибе жүргізе отырып таңдап, телітуші мен телінушінің жақсы сәйкестілігіне жетуге болады.
Телітушіге қойылатын талаптар
Жоғары өнімді бақ салуда телітуші үлкен рөл атқарады. Өндірістік мәнге, өздерін пайдаланатын ауданның табиғи жағдайына жақсы бейімделген және бақ салынған жерінің жағдайына төзімділігі жоғары, өздеріне телінген сұрыппен көндігіп бітісетін, ұзақ өміршеңдікті, тез пісушілікті, жоғары өнімділікті және өсімдігінің тұрақты өнімділігін қамтамасыз ететін телітушілер ғана ие болуы мүмкін. Телітушілердің тұқымнан және өсінді тәсілдермен жеңіл және тез көбейе алатынын, тарамдалған тамыр жүйесін дамытуын, отырғызылғанда тез жерсінуін, отырғызылған жылы көзшелеуге дайын болуын және телу кезіндегі атқарылатын жұмыстарға жайлы (қолайлы) болуының (тікенектерінің болмауы, қабығы әрі жұқа, әрі тез сыпырылатындығы, телуге ұзақ уақыт жарамдылығы), өздеріне телінген сұрыптардың бітісуінің жоғары деңгейіне жететіндігін және олардың түқымбақ жағдайында бір қалыпты өсе алуын стандартқа сай екпелердің мол алынуын қамтамасыз етуінің маңызы зор. Телітушілер, кейін көбейту және қалыптастыру телімдерінде материалдардың біртектілігін қамтамасыздандыратын, сұрыптау жүргізуді жеңілдететін, жұмысты бір уақытта жүргізуге, оларды механикаландыруға, сондай-ақ танапты босатуға мүмкіндік беретіндей бір тектес болуы керек. Осы талаптарға сай келмейтін телітушілер өндірістен ығыстырылады немесе қажетті алмастырғыш болмаса олардың таралуы шектеледі. ТМД елдерінің тұқымбақтарында жеміс тұқымдықтарының екпелерін өсіруге 40-тан астам телітушілер пайдаланылады. Өндіріс міндетіне байланысты бір тұқымдыққа әртүрлі телітушілер пайдаланылуы мүмкін.
Тұқымды және өсінді (клондық) телітушілер
Жеміс шаруашылығында қолданылатын телітушілер шығу тегі бойынша – жабайы өсетіндер, жартылай мәдениленген және мәдениленген түрлер болып ажыратылады; өсу қуаты бойынша – бойшаң және аласа өсетіндер; көбею тәсілі бойынша – тұқымды және өсінді (клонды). Мәдени сұрыптардың тұқымынан өсірілген телітушілер телінушімен биологиялық ең жоғары сәйкестілігімен ерекшеленеді. Тұқымдық телітушілер ең қуатты (бойшаң) өсушілер, өсінді жолымен көбейтілген телітушілер өздеріне телінген ағаштардың өсу қуаты бойынша кең ауқымда – өте қуаттыдан өте ергежейліге дейін өзгереді. Ең құндылары – аласа өсетін телітушілер – ергежейлілер мен жартылай ергежейлілер. Алма мен алмұрттың екпелерінің басым бөлігі тұқымды телітушілерде. Екпелер қуатты, жақсы шашақты біркелкі тамыр жүйесін дамытады. Олар тұқымбақтың бірінші танабына отырғызғанда тез өседі, көзшелеуді жақсы қабылдайды және бақта жақсы көндігетін, қуатты өсетін екпелер қалыптастырады. Бақтағы ағаштар көлемі бойынша әдетте біртекті, ұзақ өміршеңді және өнімді. Бірақ тұқымды телітушілердің олқылықтары бар: оларда аласа өсетін клонды телітушілермен салыстырғанда, жемісін тым кеш салатын көлемді биік ағаштар дамиды; мұндай ағаштардан өнімін жинаудың шығыны тым жоғары болады – бүкіл шығынның 60 % артық (Б.Г.Матаганов, К.Ж.Аяпов, 1997). Ергежейлі және жартылай ергежейлі топтардың клонды телітушілері алма мен алмұрттың аласа өсетін және тез пісетін ағаштарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай бақтарда еңбек жұмсауды қажет ететін үдерістердің (кесу, өнімді жинау) өнімділігін 1,5-2,0 есе артады. Оның үстіне (осыған орай) отырғызылатын ағаш жиілігін арттыру бақтың әр өлшем жерінен мол және жоғары сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Аласа өсетін клондардың телітушілерінің де олқылықтары бар екенін айту керек: тұқымды телітушілермен салыстырғанда экологиялық төзімділігінің төмендігі; қысқа және құрғақшылыққа төзімділігінің шамалылығы. Клонды телітушілердің бақтары топырақ құнарлылығына және күтіп-баптауға жоғары талап қояды. Клонды телітушілердің кейбіреулерінің көңіл қоярлық кемшілігі – саяз тамырлануы және тамырларының жеңіл сынғыштығы, нәтижесінде ағаштарын түбірімен қопаруды талап етеді немесе олардың қисаюына әкеледі. Қазақстанның солтүстігінде аласа өсетін телітушілердегі ағаштардың тамырлары, топырақ бетіне жақын орналасатындықтан қыста аязға шалдығады. Клондық телітушілер дерлік оңтүстіктен тарағандар. Олар негізінен Молдавияда, Қырымда, Қап тауында, АҚШ-та көбірек тараған. Одан басқа клондық телітушілердің селекциясымен Польшада, Германияда және т.б. елдерде айналысады. Клонды телітушідегі бақтар Қазақстанда да жемісті дамуда. Қазақстанда аласа өсетін телітушілердегі отырғызылатын материалдар Алматы, Жамбыл облыстарында жолға қойылған. Қазіргі кезде әлемдік жеміс шаруашылығында клондық телітушілерді араб санымен №1, №2 және т.т. белгілеу қабылданған. Өсу қуаты бойынша (В.И.Буаговский, 1976) телітушілердің 6 тобы бар: өте ергежейлілер (ағаштың биіктігі 2 м дейін); ергежейлілер (2-3 м); жартылай ергежейлілер (3-4 м); орташа бойшаңдар (4-5 м); бойшаңдар (5-7 м, өсу қуаты бойынша тұқымды телітушілердегі ағаштарға ұқсастар) және өте бойшаңдар (7 м-ден асатындар). Әлемдік жеміс шаруашылығында алманың клондық телітушілерлі кең қолданыс тапқан. Алмұртқа аласа өсетін телітушілер ретінде кәдімгі беженің, прован бежесінің жекелеген телітушілері қолданылады. Соңғы жылдары ТМД-ы, АҚШ, Англия, Франция және т.б. елдерде сүйекті дақылдардың клонды телітушілерін іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Сүйекті дақылдардың клонды телітушілерін зерттеуді Қазақстанда Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жүргізеді. Телтушілерді аудандастыру. ТМД-ның тұқымбақтарында жеміс тұқымдарының екпе көшеттерін өсіру үшін телітушілердің 40-тан астам түрлерін пайдаланады. Өндірістік міндеттерге байланысты бір тұқымға әртүрлі телітушілер қолданылуы мүмкін. Әр аймақ, облыс немесе өңір үшін аудандастырылған телітушілердің ішінде жергілікті жердің топырақ климат жағдайына бейімделгіштігімен ерекшеленетін жергілікті жабайы немесе ертеден осы жерде өсірілген сұрыптар маңыздылыққа (басымдылыққа) ие болады. Қазақстанның солтүстігі үшін мынадай телітушілер ұсынылады. Алма үшін негізгі тұқымдық телітуші – ранеткалар (Пудовщина, Таежное, Ранетка пурпуровая, Ранетка красная, т.т.) деп аталынатын, жартылай мәдениленген сұрыптардың екпе көшеттері. Сібірліктің, алманың солтүстіктік ұсақ сұрыптармен үйлесімділігі жақсы, ірі жемістілермен – жеткіліксіз. Телітуші қысқа төзімді, ал құрғақшылыққа төзімділігі шамалы. Сеппе көшеттердің өсуі баяу, сондықтан оларды жиі екі жыл бойы өсіреді. Алмұрттың телітуші ретінде уссурий алмұртының сеппе көшетін пайдаланады. Бұл алмұрттың басқа түрлеріне қарағанда қысқа ең төзімдісі. Лукашевка сұрыптарымен (Поля, Оля, Тема, Лида, Внучка) жақсы үйлесімді келеді. Шие үшін Қазақстанның солтүстігінде жабайы өсетін далалық шие ең төзімді телітуші болып табылады. Бұл қысқа ең төзімді және құрғақшылыққа айтарылқтай төзімді шие түрі саналады. Ол өркендерінің жіңішкелігінен және бақта балапан сабақ-бұтақшаларын көптеп қалыптастыратындықтан тұқымбақта телітуші болуға қолайсыздау. Соңғы жылдары Қазақстанның солтүстігінде тұмандатқыш қондырғыларымен жабдықталған жылыжайларда мәдени сұрыптарды жасыл қалемшелерінен көбейтіп өз тамырлық шиені өсіруде. Өңір жағдайында жергілікті алхоры сұрыптары үшін телітуші ретінде уссурий алхорысының сеппе көшеті қолданылады. Бұл қысқа төзімді телітуші болғанымен, құрғақшылыққа төзімділігі шамалылау, себебі тамыры топырақ бетіне жақсы орналасады. Жеміс ағаштарын алмастырып телу – бір телітушідегі өсімдіктің сұрпын басқа біреуімен алмастыру. Шекілдеуікті дақылдардың дертсіз ағаштарын 30 жастан аспағанда алмастырып телісе, сүйектілердің – 18-20 жастан аспағандарын. Алмастырып телуді сұрыпты алмастыру қажет болғанда жүргізеді: үлгіқалыпты емес (аудандастырылмаған), климат және топырақ жағдайына сай келмейді, саңырауқұлақ ауруларына қатты шалынғыш немесе зиянкестер күшті зақымдайды, ал кейде жабайы ағашты жақсарту керек болғанда. Алмастырып телуді ерте көктемде, сөл жылжудың басында, қабық сүректен жеңіл аршылғанда жүргізеді. Алмастырып телу үшін қалемшені күзде немесе көктемде дертсіз, өнімділігі жоғары ағаштардан дайындайды. Алмастырып телінетін ағаштың барлық негізгі бұтақтарын арамен кесіп, оларды 1-1,25 м ұзындықта қалдырады; кесінділердің ұштарын пышақпен тазалап, тегістейді; олардың диаметрі 10-15 см аспағаны дұрыс, одан жуан болса жарақаты баяу жазылады және кеуектілік пайда болу қаупі туындайды. Кесілген бұтақтардың ұшынан пышақпен қабығынан 5-7 см тіліктер жасайды және солардың әрқайсысына бір-бірден қалемшелерді орналастырады. Жуандығы 7-10 см бұтаққа 2 қалемшені (қарама-қарсы) қондырады, жуандығы 10-15 см – 3-4 қалемшені. Әр қалемшеде жақсы дамыған 3-4 бүршік болуы тиіс. Жоғарғы кесіндісі жоғарғы бүршіктің үстінен, ал төменгісін ұзындығын 4-5 см етіп қиғаш кеседі (10-сурет). Телу жүргізілген орынды әртүрлі полимерлі пленкалармен орап байлайды, ал қалемшенің кесілген жеріне нұм жағады. Жазға қарай әдетте барлық қалемшелер көндігіп бітісіп кетеді және өркендер береді. Ең жақсылары мен ыңғайлы орналасқандарына еш кедергісіз өсуіне мүмкіндік береді, қалғандарын тұқыртады (кеседі). Кейін оларды мүлде кеседі, ал негізгі өркенді қаңқалы бұтақ ретінде қалыптастырады.
10-сурет. Бөрікбасын аластағаннан кейін жуан бұтақтар мен діңді алмастырып телу: Жоғарыда жарып телу: 1-дайындалған телітуші қалемшелерді орналастыруды жеңілдететін кергіші қағылған; 2-сына тәрізді дайындалған телінуші қалемше; 3-телітуші мен телінушіні камбиальді қабаттарын беттестіріп қосу (4). Төменде – жартылай жарып телу: 1-дайындалған телітуші; 2-қиығы біркелкі емес қалемше; 3-телітуші мен телінушіні қосу.
Алмастырылып телінген ағаштар 3-5 жылдан кейін жаңа бөрікбас құрады және жаңа сұрыптың өнімін береді. Алмастырып телуді екі ретпен жүргізеді. Бірінші жылы бөрікбас бұталарының жартысын алмастырып телиді, келесі жылы – қалғандарын. Жіңішке бұталарда алмастырып телуді жақсартылған қиыстыру немесе көзшелеу тәсілімен жүргізеді. Кейде алмастырып телуді сүңгек маңайындағы және тамырдың балапан бұтақшаларына көзшелеу тәсілімен жүргізеді. Алмастырып телуді тек бақтарда ғана емес, сондай-ақ жабайы алма, алмұрт және басқа да жемістік тұқымдар өскен орманда да жүргізу орынды. Алмастырып телінген бұталарды құстардан қорғайды (11-сурет).
