- •1.2. Жеміс және жидек өсімдіктерінің морфологиясы
- •1.3 Жеміс дақылдарының тіршілігіндегі экологиялық себепшарттар
- •2.2. Тұқымбақтың міндеттері, құрылымдары және аумағын ұйымдастыру
- •2.3. Телітушіні өсіру технологиясы. Телітушілерді тұқымынан өсіру
- •2.4. Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру
- •3.2. Топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі
- •3.3. Екпе ағаштарға тыңайтқыш қолдану
- •3.4. Бақты суару
- •3.5. Ағаштарды шырпу
- •3.6. Бақ өнімін баптау
- •V тарау. Аз тараған жеміс өсімдіктері
- •VI тарау. Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары
2.4. Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру
Аналық-сұрыптық бақтар
Аналық-сұрыптық бақты ең жақсы тұқымдық телітушілерге немесе суперэлиталы өсімдіктердің клондық телітушілеріне телінген элиталы екпе көшеттерден өсіреді. Элита – осы сұрыпқа, клонға тән морфологиялық және шаруашылық сапаларды иеленеді, вирустық аурулардан, карантинді және тағы да басқа қауіпті аурулардан таза болады. Элиталы екпе көшеттерді ғылыми-зерттеу мекемелері және ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының оқу-тәжірибе шаруашылықтарында өсіреді. Элиталы аналық-сұрыптық бақ телімін өндірістік баққа таңдағандай таңдайды, тек басқа өндірістік бақтар мен жабайы өсетін жемістік өсімдіктерден кеңістікте оқшаулануын ескеріп: ол сүйектілер үшін 0,5 км кем болмауы қажет, шекілдеуіктілерде – 1км. Топырақты дайындау – өндірістік бақтардікіне ұқсас, тек жұмырқұрттармен – вирус таратушылармен қосымша күреседі. Аналық ағаштарды қатараралығын 4-5 м, қатар бойында 2-3 м қашықтықпен отырғызады. Аналық-сұрыптық бақтың жеміс салуы қажет емес, ал сүйектілер үшін тіпті де керегі жоқ, себебі вирустар тозаңданумен таралуы мүмкін. Мұндай бақтарда, өсінділерін қалемшеге кесу жаппай жүретіндіктен, ағаштар қуатты болып өспейді. Қалемшелерді ағаш отырғызғаннан 2-3 жыл өткеннен кейін дайындай бастайды, әр ағаштан 5-10 қалемше кесіледі. Бес-алты жылдық бақтардан 20-25 қалемше дайындайды, 8-10 жылдықтардан – 30-50. Қалемшелерді ұзындығы 20-25 см болатындай етіп кеседі және астыңғы-үстіңгі кесіктері бүршікке жақын болуын қадағалайды. Көзшелеу үшін әр қалемшеден орташа есеппен 5-6 көзше алынатынын ескеріп, аналық бақты - толық пайдалану кезінде 1 га 150-400 мың көзшелер алуға болады. Көзшелеуге, шекілдеуікті жемістілерде өркеннің орта бөлігінде анық байқалатын иінінің буынындағы ірі, жақсы дамыған бүршіктерін пайдаланады. Элиталы аналық-сұрыптық бақтағы топырақты қара сүрі жер күйінде немесе көп жылдық шөптер себілген егістік түрінде ұстайды. Өркендердің жақсы өсіндісін алу үшін зиянкестермен күресуді мұқият жүргізеді. Өсу үдерістерін күшейту үшін 2-3 рет азотпен (1 га 30-40 кг ә.з.), көктемде және жаздың басында үстеп қоректендіреді. 3-4 жылда бір рет фосфорлы және калийлі тыңайтқыштар (бір га әр қайсысынан 60-100 кг ә.з.) енгізіледі. Апробацияны, қалемшені бірінші жылы дайындағанда және әрбір 3 жылда, морфологиялық белгілері бойынша жүргізеді. Аналық-сұрыптық бақты 10-12 жыл пайдаланады. Көзшелеу үшін, қалемшелерді көзшелеу алдында қалыпты дамыған пісіп-жетілген өркендерден дайындайды. Өркендерден жапырақтарды аластайды, қалқаншаны орналастырғанды қолайлы болуы үшін ұзындығы 1 сантиметрдей қалемше қалдырылады. Қалемшенің бүршіктері жетілмеген жоғарғы ұшын шырпиды. Қалемшелерді 50-100-ден бумаға байлайды және сұрпы көрсетілген құлаққағаз ілінеді. Қалемшелерді салқан жайларда, жертөледе дымқыл мүкте немесе ағаш үгінділерінде сақтайды. Көзшелеуді танапта жүргізгенде оларды шамалы су құйылған шелектерде немесе дымқыл мүк немесе ағаш үгіндісі салынған жәшіктерде ұстайды. Автокөлікпен тасымалдағанда, поштамен жіберілгенде қалемшелерді, олар жолда құрғамауы үшін, мұқият орап байлайды. Судың жоғалуының алдын алу үшін қалемшелердің төменгі және жоғарғы ұштарын ерітілген парафинге малып алады. Қыста телу жүргізу үшін қалемшелерді күзде жапырақ түскеннен кейін аяздар басталғанша дайындайды. Оларды ертөлеге қалап немесе пленкалы қаптарда, контейнерлерде 0оС температурада сақтайды. Сақтау барысында қалемшелердің солмауына, суланбауына, ал бүршіктерінің бөртпеуіне бақылау жасалынады.
Тұқымбақтың бірінші танабы (көзшелеу танабы)
Тұқымбақтың бірінші танабын салудың 4 тәсілі бар: сеппе көшеттер мектепшесінде өсірілген телітушілерді отырғызу; тұқымды тұрақты орнына себу немесе сеппе көшеттерді тұрақты орнына көшіріп отырғызу; шымтезек – қара шірінділі құмырашықтарда өсірілген көшеттерді отырғызу; қысқы телумен жақсартылған екпе көшеттерді отырғызу. Негізгі тәсіл – үлгіқалыпты телітушілермен салу, себебі қуатты телітушілер тұқымбаққа отырғызылған жылы-ақ көзшелеуге дайын болады және отырғызылатын толыққұнды материалдармен қамтамасыздандыра алады. Сонымен бірге телітушілерді қазып алғаннан кейін сұрыптауға және отырғызар алдында іріктеу мүмкіндігі бар. Сеппе көшеттер мектепшесінде өсірілген телітушілерді отырғызу. Тұқымбақтың бірінші танабындағы жұмыстар негізінен топырақты дайындаудан, телімді орамдарға бөлуден, телітушілерді отырғызудан және телумен жақсартудан, топыраққа күтім жасаудан, өсімдікті аурулардан және зиянкестерден қорғаудан тұрады. Тыңайтқыштарды сүдігер көтерудің тереңдігіне енгізеді. Органикалық тыңайтқыштың енгізу мөлшері 40-50 т/га (азотты, фосфорлы және калийлы тыңайтқыштардың әрқайсысынан 60 кг/га ә.з. қосып). Топырақты ПП-40, ППУ-50 плантажды соқалармен жаздың екінші жартысында жыртады. Егер топырақ қатты тығыздалған болса, танапты 15-20 см тереңдікке қайта жыртады. Телітушілерді отрғызар алдында алаңды тегістейді және культивациялайды. Телітушілер отырғызылуға тұқымдары, шығу тегі, өсу қуаты (тамыр мойнының жуандығы), тамыр жүйесінің тарамдалу деңгейі және шашақтануы бойынша сұрыпталып келеді. Телітушілердің әр сұрпы әртүрлі телімдерге немесе орамдарға отырғызылады. Отырғызылатын алаңдағы қатарлардың бағыты осы телімнің ұзын жағымен жарыспалы (параллель), ал көршілес орамдардың қатарлары дәл келіп, бір сызықтың бойында жатуы керек. Соңғысы кейін топырақты өңдеуге және өсімдікті қазып алуға қолайлы болуымен байланысты. Телітушілер көмбеден немесе тоңазытқыштан отырғызуға мұқият байқаудан өткеннен соң әкелінеді, әсіресе тамырларына ерекше көңіл бөлінеді. Тамырдың қураған және зақымданған бөліктерін, оның ішінде тамыр ісігіне шалдыққандарын, дертсіз бөлігіне дейін кесіп, аластайды. Сақтау кезінде тамырлары, діңшігі және тамыр мойны елеулі зақымдалынған телітушілер отырғызуға жарамсыз деп есептелініп, шығынға шығарылады. Сау телітушілердің тамырларын, ұзындығын 15-20 см қалдырып кеседі, діңшігінің биіктігін 25-30 см қалдырып (клонды телітушілерде 40-45 см) қысқартады. Тамырларды құрғаудан қорғау үшін, оларды отырғызар алдында топырақ, балшық және сиыр қиының қоспасын сумен быламық күйіне дейін сұйылтып (сұйығы тамырды тек жуса, аса қоюы тамырдың ұсақ тамыршаларына жұқпайды), батырып алады. Ол үшін ор қазып, оған топырақты, сазды, қиды салады және су құяды. Қоспаны быламық күйіне жеткізеді. Телітушілердің көндігуін жақсарту үшін быламыққа өсуді ынталандырғышты (гетероауксиннің 0,002 % ерітіндісі) қосады. Телітушілерді көктемде отырғызады. Отырғызу, әдеттегідей көктемгі танаптық жұмыстар басталғаннан 5-7 күн өткен соң аяқталуы тиіс. Көктемгі отырғызуды кешеуілдетуге болмайды, себебі ол телітушілердің көндігуін нашарлатады, көптеп қурауына әкеледі және өсімдіктер көзшелеуге нашар дайындалады. Телітушілерді СШН-3, СПН-4, СКН-6А машиналарымен отырғызады, шамалы алаңға – қолмен немесе гидробұрғымен. Машинамен отырғызылғанда еңбек өнімділігі, қолмен отырғызғанмен салыстырғанда 10 есе артады. Сеппе көшеттік телітушілерді отырғызғанда тамыр мойынын топырақ бетінен 5-6 см-ге тереңдетсе, өсінді жолымен көбейтілгендердікін – 18-20 см дейін. Мұндайда, сүңгекте өркеннің ұзақ және қуатты өсуін, көзшелеуге жақсы жетуін, телінген көзшелердің жақсы бітісуін қамтамасыздандыратын, қосымша тамырлар пайда болады. Кейіннен мұндай телітушілерде біржылдықтар және екіжылдықтар жақсы өседі. Отырғызу кезінде түйіскен, тұтасқан немесе бүктелген тамырлар болмауы үшін, оларды мұқият жайып орналастырады. Тамырлардың арасындағы бос жерлерді борпаң және дымқыл топырақпен толтырады және тамыр маңайында қуыс қалмауы үшін сәл нығыздайды. Отырғызылған телітушілер ептеп тартқанда жұлынбауы керек. Солай қуыстың жоқтығын білуге болады. Отырғызғаннан кейін қисық отырғызылған телітушілерге түзетулер жүргізіледі. Бойшаң өсетін екпе көшеттер жақсы дамуы үшін қоректік алаңының үлкенірек болғанын тілейді – 0,3-0,4 м2, ал сүйектілердің біржылдықтарын өсіргенде оларға 0,2-0,3 м2 алаң жеткілікті. Шекілдеуіктілер мен сүйектілердің бойшаң өсетін телітушілеріндегі екі жылдық екпе көшеттерін өсіргенде қатарлардың арақашықтығы 80-90 см, ал қатарда – 25-35 см болады. Шекілдеуіктілердің шамалы және орташа бойшаң телітушілердегі екі жылдық екпе көшеттеріне – 80х20-30 см. Барлық тұқымдықтардың бір жылдық екпелерін 70-80х20-25 см сұлбасымен отырғызады. Екі жылдық екпе көшеттерді тым жиі отырғызу бөрікбастардың бір жақты қатараралықтарға қарай өсуін туындатады. Отырғызысымен телітушілерді суландырады және 10-12 см биіктікке дейін түптейді. Түптеу үшін топырақты қатараралықтың ортасынан алады. Отырғызғаннан және түптегеннен кейін қатараралықтарды культивациялайды, клонды телітушілерді түптемейді, себебі олар қосалқы тамырлар құрастыруы және негізгілерін әлсіретуі мүмкін. Өсінді кезеңде топырақты 3-4 рет қопсытады. Суландырумен топырақ дымқылдығын ЕТСС 75 % төмендетпейді. Арамшөптермен күресу үшін гербицидтерді қолданады (800-1000 л суда ерітілген симазин мен атразиннің 1 га 8-10 кг ә.з.). Гербицидтерді телітушілердің бүршіктері ашылғанша бүркеді, сондай-ақ арамшөптер өскеннен кейін де бүркуге болады. Телітушілердің белсенді өсу кезеңінде (мамыр айының ортасы – аяғы) азотты тыңайтқыштармен үстеп қоректендіреді (аммиак селитрасының 30-40 кг/га ә.з.). Қажет болса аурулармен және зиянкестермен күресу шаралары қолданылады. Отырғызылған өсімдіктерді күтіп-баптау шараларының барлығы жаңа тамырлардың жедел қалыптасуына бағытталуы керек. Қазақстанның солтүстігінде көзсабақтауды тамызда жүргізеді. Бұл кезде телітушілер қарқынды өсуін жалғастырады, ал сүңгектің камбиальді жасушалары белсенді бөлінеді және қабығы осыған орай сүрегінен жеңіл аршылады. Телінуге арналған сұрыптарда бұл кезде жеткілікті дамыған бүршіктері болуы тиіс. Көзсабақтауды кеш жүргізгенде қалқаншалар қоректік заттарды жинап үлгермейді және қыста опат болады. Топырақта ылғал тапшы болғанда камбийдің белсенділігін арттыру үшін көзсабақтаудан 10-15 күн бұрын суландыру жүргізеді. Өндірістік тұқымбақтарда көзсабақтаудың екі тәсілін қолданады: қабық астына және жапсыра, көзсабақтауға қолайлы болу үшін телітушілерде 15 см биіктікке дейінгі барлық тарамдарды, олар шөптесін кезінде мытып, аластайды. Қыс кезеңінде өсімдікті тышқандардан берік қорғауды ұйымдастыру керек. Шымтезек – қарашірінділі құмыраларда өсірілген көшеттерді отырғызу. Бұл тәсілде тұқым үнемделеді және отырғызу материалдарын өсіруге қажет уақыт бір жылға қысқарады. Телітушілердің көшеттерін өсіруге танаптық жұмыстар басталғаннан бір ай бұрын кіріседі. Осы үшін арналған тұқымды әдеттегі уақытынан бір ай бұрын стратификациялайды. Көшеттерді көлденең қимасы 6х6 см және биіктігі 9-10 см шымтезектен – қарашіріндіден дайындалған құмыраларда өсіреді. Көшеттерді булыжайларда, пленкалы жылыжайларда өсіреді. Тұқым себер алдында құмыраларды жақсылап суландырады және оларға мұртын жара бастаған 1-2 тұқым себеді және қарашіріндімен толтырады. Көшетті баптау дүркін-дүркін суландырудан, арамшөптерді жұлудан, желдетуден және тышқандарды жоюдан тұрады. Көшіріп отырғызудан 10-15 күн бұрын көшетті шынықтырады. Көшеттер қорғаулы жерде болғанда 1-2 рет аммиак селитрасымен (бір шелек суға 2 г аммиак селитрасы) немесе сумен 7-8 есе сұйылтылған көң садырасымен үстеп қоректендіреді. Көшетті маусымның бірінші жартысынан кешіктірмей өсімдіктің биіктігі 10-15 см болғанда танапқа отырғызады. Көшіріп отырғызуды таңертеңгі және кешкі мезгілдерде жүргізеді, бұлыңғыр ауа райында күні бойы. Көшеттерді қалыптастыру танаптарына тән 90х25-30 см сұлбасымен отырғызады. Қолмен отырғызғанда құмыралардың қабырғаларын жаншиды және топырақпен жан-жағынан қысады. Үлкен алаңдарда құмырадағы көшеттерді РПМ-9, МРП-5,4 көшетотырғызғыш машиналармен отырғызады. Отырғызысымен суды мол беріп суландырады және құмырамен отырғызылған көшеттерді қарашіріндімен немесе шымтезекпен жабындау керек. Өсімдіктерді кейінгі баптаулар, қалыпты телітушілердікінен гөрі мұқият болуы тиіс. Маусымда өсімдіктерді үстеп қоректендіреді, ал шілденің басында сүңгектің төменгі бөлігінде қосымша тарамдардың болуының алдын алу және қабықтың иілгіштігін сақтау үшін қосымша түптейді. Аталған жұмыстарды агротехникалық жоғары деңгейде жүргізу, өсімдікті отырғызылған жылы көзсабақтауды қалыпты жүргізуді, тамыр жүйесі тарамдалған және топырақ үстілік бөлігі қуатты телінген үлгіқалыпты екпе көшетті алуды қамтамасыздандырады. Тұқымбақтың бірінші танабын қысқы телулерден салу. Бұл тәсілде екпе көшеттерді өсіру үдерісі бір жылға қысқарады. Одан басқа, жабайыны жазғы телуден қысқы-көктемгі кезеңге ауыстыру экономикалық жағынан тиімді. Телу үдерісі жеңілдейді, себебі бұл жұмысты үй-жайда үстел басында отырып орындайды. Қысқы телуді енгізу телу жұмыстарын механикаландыруға мүмкіндік береді. Телуші МПП-1 машинасы еңбек өнімділігін қол тәсілімен салыстырғанда 2-3 есе арттырады. Қазақстанның оңтүстігінде алманы өсіргенде қысқы телулерді қолдану үлгіқалыпты біржылдықтардың шығымын 50%-ға дейін қамтамасыздандырады (Б.Г. Матаганов, К.Д. Аяпов, 1997). Қысқы телулерге бір және екі жылдық екпе көшеттерді, сұлатпа сабақтарды және кіндік тамырлардың ұзындығы 12-15 см кем емес, жуандығы 6 мм артық емес кесінділерін пайдаланады. Дайындалған телітушілер мен тамырларды жертөледе ертөлеге қалап немесе жәшіктерде, сондай-ақ жеміс қоймаларында -3оС-дан +2оС-ға дейінгі температурада полиэтиленді қаптарда немесе контейнерлерде сақтайды. Телітуші ретінде мәдени сұрыптардың бір жылдық өсіндісін пайдаланады. Қалемшелерді аналық-сұрыптық бақтан күзде, аяздар басталғанша дайындайды. Оларды жертөледе ертөлеге қалап немесе жеміс қоймаларында пленкалы қаптарда немесе контейнерлерде 0оС жуық температурада сақтайды. Телуді қараша айының ортасынан ақпан айының соңына дейін жүргізеді. Телінген жерлерде топыраққа отырғызғанша каллюстік шор пайда болады және түтікшелі ұлпалар пайда бола бастайды. Телітуші және телінуші материалдарды телу жүргізілетін шеберханаға телуден бір күн бұрын немесе сол күні әкеледі, жуады, ылғалын дегдітеді және тамырын құрғаудан қорғайды. Нақ телу алдында оларды құрғақ шүберекпен сүртеді. Телудің әртүрлі тәсілдерін қолданады: жақсартылған қиыстыруды, жанастыра тілшелеп телуді. Телінушінің қалемшесін үш бүршігімен кесіп алады. Телінгендерді кейін, 65о-75о дейін балқытылған парафинге малып алады да жәшікке салып, дымқыл ағаш үгіндісімен немесе шымтезекпен қабаттастырады және температурасы 20-22оС және ауасының дымқылдығы жоғары жайға орналастырады. Бұл тәсілдітелулерді стратификациялау дейді, ол телінген құрауыштардың бітісуін жеделдетеді. Ұластырылғандарды стратификациялауды ауалануы үшін саңылауы бар полиэтиленді қаптарда жүргізуге болады. Қаптарды қатты ыдыстарға орналастырады (сулануы болмайды). 12-15 күннен кейін жақсы шор пайда болады, кейін температураны 5-10оС дейін төмендетеді. Екі аптадан кейін ұластырылғандарды топыраққа отырғызғанша 0оС-да сақтауға қояды. Ерте көктемді телінген өсімдіктерді тұқымбақтың бірінші танабына қабылданған сұлба бойынша отырғызады. Отырғызуды шөнектерге қолмен, гидробұрғының көмегімен және СШН-3, СКН-6А машиналарымен отырғызады. Отырғызуды телінушінің жоғарғы бүршігі топырақ үстінде болатындай етіп жүргізеді. Отырығызылған өсімдіктерді суландырады және түптейді.
Тұқымбақтың екінші танабы (біржылдықтар танабы)
Екінші танапта, өткен жылы телінген мәдени өркендердің бүршіктерінің жақсы өсуі және дамуы үшін жағдай қалыптастырады. Мұнда біржылдықтарды өсіреді. Шекілдеуікті дақылдардың біржылдықтары бөрікбас қалыптастыруға дайын болуы тиіс, ал сүйекті дақылдардікі – баққа отырғызуға. Жұмысты ерте көктемде, ұластырылғандарды түптелген топырағынан аршудан және көзсабақтарды байлау, оны қарсы жағынан кесіп, босатудан бастайды. Бітіскен қалқандардың беті тегіс, қабықтары серіппелі және жақсы жетілген бүршікті болуы тиіс. Телінген көзшелердің уақытында өсуін қамтамасыздандыру және қоректік заттар тек телінген бүршіктерге бағытталуы үшін телітушінің топырақ үстілік бөлігін сөл қозғалғанша өткір бақ қайшысымен немесе бақ пышағымен кеседі. Көзшелері қыста опат болған немесе көзсабақтаудан кейін бітіспеген телітушілерді кеспейді. Кейінірек оларды жиі қалемшемен бүйірлік тілікке немесе өскінденген бүршікпен телиді. Телітушілерді аластатудың екі тәсілі бар: көзшеге және тірекке (тікенге) (13-сурет).
13-сурет.
Телітушіні кесу: а – тірекке (тікенге);
б – телінген бүршікке.
Көзшеге
кесу көбірек қолданыс тапқан. Мұндайда
телітушінің діңшігі телінген бүршіктің
үстінен 30оС
бұрышпен, кесуді көзшеден
2-3 мм жоғарырақ жүргізеді. Тірексіз
телуде телітушіні қалыптастыратын
түбірлік бұтақшалар саны күрт азаяды,
сондықтан оны аластауға жұмсалатаын
шығындар да кемиді. Бірақ бұл тәсіл
желдің есуі баяу және жақсы қорғауы бар
жерлерде қолдануға жарамды. Көзсабақты
тірексіз өсіргенде олар кейде бір жағына
ауытқиды; олардың тік өсуі үшін түптеу
жүргізеді. Сабақтары иілуге бейімді
тұқымдықтардың өсімдіктеріне, биіктігі
40-50 см қадалар қағады және соларға
біржылдықтарды байлайды. Қысыңқы,
пирамида тәрізді бөрікбасты сұрыптарды
тіреуішсіз (тікенсіз) өсіруге болады,
ал бөрікбасы қаумалы, иілгіш келетін
сұрыптарды тіреуішпен өсіру қажет.
Қатты желдері көп Қазақстанның
солтүстігінде телітушілерді сүңгегінің
бір бөлігін, ұзындығын 15-18 см етіп тікенге
қалдырады. Телінген бүршіктерден 4-5
нағыз жапырақтары бар биіктігі 6-8 см
өркендер өсіп шыққанда, оларға тіктік
күй беру және сынудан қорғау үшін тікенге
байлауды жүргізеді. Екінші рет байлауды
өркенінің биіктігі 20-25 см жеткенде және
8-10 жапырақ пайда болғанда жүргізеді
(14-сурет).
Бірініші байламды шешеді және тікеннің
жоғарғы бөлігіне екінші байламды
байлайды.
14-сурет. Будандарды бірінші (а) және екінші (б) рет тікенге (тірегішке) байлау.
Жазда (шілде-тамыз), мәдени өркеннің телітушімен берік жымдасуы жүр-генде, буданның төменгі бөлігі ағаштанғанда тікенді өткір бақ пышағымен немесе тікенкескіш-пен кеседі. Жуан тікендерді аралайды, ал тілігін пышақпен тазалайды. Кесу алдында өсімдікті түптеген топырақтан аршиды және кесу тұсындағы тікенді сумен жуады. Тікенді пышақпен кескенде сол аяқтың ұшы бір жылдықтың түбінен демеп тұрады. Сол қолдың алақанымен буданды ұстап, бас бармақпен тікеннің ұшынан басып, өзінен алға және солға қарай қозғайды. Тікенді пышақты 45о бұрышпен өзіне және оңға қарай бағыттап, кесу соңында оның жүзін жоғарыға қарай бұрып кеседі. Жараға батпақ жағады, ұлпалардың кебуін болдырмас үшін телітушіге түптеу жүргізеді. Топырақты күтіп-баптау қатараралықтарды өңдеуден, қатар бойындағы арамшөптерді жоюдан, суландырудан тұрады. Мамырда, маусымда 4-5 рет суландырады және соңғы рет тамыздың ортасынан кешіктірмей. Әр суландырудан кейін топырақты қопсытады. Көзшеден өсірілген өркендерді күзге қарай біржылыдықтар дейді. Өркен жайғыштығы жоғары және бүршіктері тез жетілетін сүйекті тұқымдықтардың біржылдықтарын өсіргенде, тұқымбақтың екінші танабында бөрікбасты қалыптастыру мүмкіндігі туындайды. Мұндайда бүйірлік тарамдардың пайда болуын ынталандыру үшін маусымның соңы – шілденің басында біржылдықтарда (биіктігі 70-80 см болғанда) жазғы шырпуды қолданады. Бұл сиретілген – қат-қабат тип бойынша 4-5 қаңқалы бұтақтарды алуға мүмкіндік береді (Б.Т.Матаганов, К.Д.Аяпов, 1997). Тұқымбақтың екінші танабындағы жұмыстарды, өсірілген біржылдықтарды қыс кезінде елеулі зақымдар келтіретін кеміргіштерден (қояндар, тышқандар) қорғау шараларын жүргізумен аяқтайды.
Тұқымбақтың үшінші танабы (екіжылдықтар танабы)
Тұқымбақтың үшінші танабындағы негізгі және жауапты міндет болып екпе көшеттерді қалыптастыру саналады. Өсірудің жоғары агротехникасын сақтағанда үшінші танап өсімдіктерден күзде босауы керек. Алғашқы қалыптастырудың міндеттеріне жатады: тұқымдықтың және сұрыптың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетін бөрікбас пішінін қалыптастыру, өсімдіктің ертерек жеміс салуын қамтамасыздандыру, жемістерінің сапасы жақсы жоғары өнімді алуды, жоғары өнімділікте ағаштардың беріктілігін, ағаштардың жергілікті жердің климатына төзімділігін қалыптастыру, ағаштарды және топырақты күтіп-баптауды механикаландыруға мүмкіндік беретін бөрікбастарды қалыптастыру. Әйтсе де қалыптастыру бойынша кейінгі жұмыстар жеміс бағына қалдырылады және жеміс өсімдігінің алғашқы жас шағында жалғасады. Ағаштың берік қаңқасын қалыптастыру үшін мынадай талаптарды орындау қажет:
Негізгі қаңқалық бұтақтардың діңнен жеткілікті бұрышпен (45-60о) таралуын, себебі бұталар діңнен аз бұрышпен өссе жемістердің салмағымен жеңіл сынатын болады.
Бөрікбастың тепе-теңдігін сақтау және ауа-жарық қорегімен біркелкі қамтамасыздандыру үшін қаңқалы бұтақтарды кеңістікте біркелкі орналасуын (негізгі қаңқалы бұтақтардың өзара тарамдалу бұрышы 72о кем болмауын).
Көршілес қаңқалы бұтақтардың дің бойымен бірінен-бірінің қашықтығы жеткілікті болуын.
Қаңқалы бұтақтардың діңге бағынуын (бұтақтардың таралу орнының диаметрі діңнің диаметрінің 0,6-нан аспағаны дұрыс); егер бүйірлік тарамның диаметрі 0,6 асса, онда бұтақтардың бекуі әлсірейді және сыну қаупі туындайды.
Қаңқалы бұтақтардың өзара бағынқылығында, төменгілері жоғарғыларынан қуаттырақ дамуын.
Бұтақтардың жоғарғы реттегі бұтақтануын төменгі реттегілеріне бағынқылау, олардың өзара байланысын бекітеді және бөрікбастың сынуын болдырмайды.
Қалыптасатын өсімдіктер сүңгектерінің биіктігі, орталық өткізгіштің бар-жоғы, дің бойындағы негізгі қаңқалы бұтақтардың саны мен орналасуы, әртүрлі реттегі қаңқалы бұтақтардың өзара қатар бағыну деңгейі бойынша өзгешеленеді. Сүңгектің биіктігі климат жағдайына, телітушінің, тұқымдықтың және сұрыптың құрамына, сондай-ақ өсірілетін материалдың өсіру мақсатына байланысты болады. Сүңгегінің биіктігіне қарай ағаштар: биік сүңгекті (150 см артық), орташа сүңгекті (70-150 см), аласа сүңгекті (50-70 см), түптенетін (50 см кем) және сүңгексіз, сондай-ақ бүкіл бөрікбасы топырақ бетінде орналасатындар, төсемелілер болады. Қазақстанның солтүстігінде, өсімдіктер күюден және діңі мен ірі қаңқалы бұтақтардың негізі басқа да зақымдардан зардап шегетін қоңыржай климатында, аласа сүңгек ерекше бағалы. Аласа дің бөрікбаспен жақсы көлеңкеленеді және қармен қорғалына түседі. Бөрікбасы бұталы болғанда сүңгектің биіктігі 5 сантиметрден 30 см-ге дейін болады (В.К.Путий, 1984). Орталық өткізгіш. Бөрікбасты қалыптастыру жүйесіне, сондай-ақ дақылдың биологиялық және сұрыптық ерекшеліктеріне байланысты, ағаштың орталық өткізгішін оның бүкіл тіршілік бойы сақтайды немесе тек өсімдікті қалыптастыру кезіне қалдырылады немесе оны қалыптастырудың басында аластайды. Пирамидальды немесе жетекші бөрікбастарды жақсы орталық өткізгішпен қалыптастырады да, оған бүйірлік бұтақтарды жақсы бағындырады. Бөрікбас мұндайда берік, әрі ұзақ өміршеңді болады, бірақ тым бойшаң және күтіп-баптауға қолайсыз ағаш дамиды. Осылай алмұртты және тәттішиені (соңғы ұзын кесуді көтере алмайды), оңтүстікте алхорыны қалыптастырады. Қалыптастырудың екінші түртегінде ұластырушы сабақбұтақшаны ұзын кесумен басыңқылайды немесе негізгі қаңқалы бұтақтар пайда болғаннан кейін түгелдей аластайды. Бұл бөрікбас берік, бүйірлік бұтақтары діңге бағынады, бірақ пирамидальдімен салыстырғанда азырақ деңгейде, ағаштарының көлемі ықшамды, бөрікбасының ортасы жақсы жарықтанатын болады. Қалыптастырудың үшінші түртегінде ұластырушы сабақбұтақшаны қалыптастырудың басында аластайды және бөрікбастың ортасын ашық қылады (қазан, табақша, сауыт тәрізді бөрікбастар). Мұндай бөрікбасты баптау жеңіл, бөрікбас ішінің жақсы жарықтануын және жапырақтануын қамтамасыздандырады, нәтижесінде айқын түсті жеміс пайда болады. Мұндай бөрікбастың кемшілігі – бұтақтарының берік бекімеуі және сынғыштығы. Бұл бөрікбасты шабдалыны өсіргенде жиі қолданады. Негізгі қаңқалық бұтақтарды орналастыруды тұқымдықтардың және сұрыптардың биологиялық ерекшеліктерін, ағаштарды күтіп-баптаудың және өнімді жинаудың қолайлы болуын ескеріп жүргізеді. Негізгі қаңқалық бұтақтарды орналастырылуына қарай қат-қабатты және қат-қабатсыз бөрікбастар болады. Қат-қабатты бөрікбаста негізгі бұтақтар қабаттармен орналасады және көршілес (күлтелі – қат-қабатты бөрікбас) немесе жақын орналасқан бүршіктен (сирек қат-қабатты) пайда болады. Қат-қабатсыз қалыптастыру жүйесінде негізгі қаңқалық бұтақтар бірінен-бірі біршама алшақ орналасады. Жеміс ағаштарының бөрікбастарын қалыптастырудың көптеген әр түрлі жүйелері бар, бірақ өндірісте ең көбірек қолданылатындары мыналар: күлтелі – қат-қабатты, сирек – қат-қабатты, бұталы пішінді, сауыт тәрізді (15-сурет).
15-сурет. Жеке тұрған ағаштарды қалыптастырудың негізгі жүйелерінің сұлбасы: 1 – күлтелі-қат-қабатты; 2 – өзгермелі-жетекшілі; 3-6 – 5-6 бұтақты сирек-қат-қабатты; 7 – сауыт тәрізді; 8 – жақсартылған сауыт тәрізді.
Барлық жүйеде де бөрікбасты қалыптастыруды біржылдықтарды кесуден (бөрікбастандырудан) бастайды. Бөрікбастандыруды көктемде сөл қозғалғанша, бүршіктер жандана бастағанда жүргізеді. Бөрікбасты сау, бір қалыпты дамыған, сүңгектің қажетті биіктігін және болашақ бөрікбасты құруға жеткілікті толыққанды бүршіктерді құрастыруға қабілетті біржылдықтарда құрастырады. Бүршіктердің біржылдықтарда орналасу орнына қарай құндылығы (сапасы) бірдей еместігі ескеріледі. Ағаш текті өсімдіктерде жақсы дамыған бүршіктері әдетте бір жылдық өркеннің орталық бөлігінде, өркеннің орталық білігіне күрт шығыңқысында (дөңесінде) орналасады. Бүршік орналасқан жер неғұрлым дөңестеу болса, соғұрлым бүршік жақсы дамыған болады, бұдан дамыған өркен де қуаттырақ және оның негізгі біліктен тарау бұрышы да үлкенірек болады. Қалыптастыру жүйесіне қарамай бөрікбасты жақсы дамыған бүршіктің маңайында құрастырады. Бұтақтардың діңмен берік бекуі таралу бұрышына байланысты: дің мен бұтақ арасындағы бұрыш неғұрлым үлкен болса, соғұрлым байланысы берік келеді. Міне, сондықтан бөрікбастың негізгі бұтақтарын көбінесе ортаңғыларынан алады, себебі біржылдықтардың жоғарғы бүршіктерінен сүйір бұрышты бұтақтар пайда болады. Кейін мұндай бұтақтар жеңіл сынады. Бөрікбастың сирек-қат-қабатты қалыптастыру жүйесін, бөрікбастың күлтелі-қат-қабатты қалыптастырудың жақсартылған нұсқасы ретінде П.С.Гельфандбейн ұсынған. Бұл ағаш тектес өсімдіктердің бөрікбастарын қат-қабаттап қалыптастыру заңдылығына сүйенеді және ағашты қалыптастыруды жеделдетеді. Сирек – қат-қабатты бөрікбасты төменгі қат-қабатты, көбінесе көршілес үш бұтақтан жасайды. Кейінгі бұтақтарды екі бұтақты немесе бір бұтақты қат-қабат қылады. Қат-қабаттардың ара-қашықтығы – 8-15 см. Бөрікбастарды ерте көктемде, бүршіктер жандана бастағанда қалыптастырады. Біржылдықтардың жоғарғы бөлігін бүршікке немесе тікенге (тірегішке) кеседі, осыдан кейін ұластырушы сабақбұтақшаны байлайды. Өлшемнің көмегімен үлгіқалыпқа сай сүңгектің биіктігін белгілеп және сонымен бөрікбастың төменгі бұтағының орнын анықтағаннан кейін, бірінші қат-қабатты жасауға және ұластырушы сабақбұтақтарды шығаруға қажет алты ең қуатты, жақсы дамыған бүршіктерді санап алады. Буынаралықтары қысқа сұрыптардан бөрікбас құрау үшін 10-11 бүршік таңдалады да, олардың барлық жұп немесе керісінше, дара бүршіктерін аластайды, сонда бөрікбастың бұтақтарының еркінірек орналасуы қамтамасыздандырылады. Ұластырушы сабақбұтақтар дамитын жоғарғы бүршікті, діңнің тікенді аластау орнынан түзету мақсатында, телітушінің тікен жағынан таңдайды. Бөрікбасты қалыптастыруға бүршіктерді таңдағанда сүңгектің белгіленген биіктігін 5-7 см биіктетуге немесе аласартуға рұқсат етіледі. Барлық жағдайда да ұластырушы сабақбұташықтар үшін таңдалған бүршіктер біржылдықтың ұшынан 25-30 см алшақ болғаны дұрыс. Бөрікбасты қалыптастыруға жарамды бүршіктерді біржола таңдағаннан кейін, ұластырушы сабақбұтақшаларды байлауға және түзетуге тікенек болуы үшін, біржылдықтың өркенін жоғарғы бүршіктен 8-10 см биігірек кеседі. Тікендегі бүршікті бөрікбасты құру кезінде өткір пышақпен кеседі. Бөрікбасты құрумен қатар сүңгекте жазғы ең ірі, диаметрі 0,75 см және одан жуандау жазғы өркендерін сақиналап кеседі. Сондай-ақ телітушідегі тікенді, егер ол тұқымбақтың екінші танабында аластатылмаған болса және түбірлік жас бұтақшаларды да кеседі. Төмен орналасқан жас бұтақшаларды, аластау алдында топырақтан ағаш күрекпен аршып алады. Бөрікбас құруға қажет бүршіктердің дамуына бақылау жүргізеді. Ұластырушы сабақбұтақшалар жарақаттанғанда, сынғанда немесе әлсіз өскенде оны жақынырағымен, ең қуатты жоғарғы өркенімен, оны тіктеп тікенге байлап, алмастырады. Бөрікбастау аймағында гүл бүршіктері байқалса шанақтарды сындырады. Шекілдеуікті тұқымдықтарда жеміс бүршіктерін құрудың аралас сипатты болуының арқасында өсу нүктесінің қалпына келуі, сол бүршіктен бір мезгілде өсінді бөліктерінің өсуінің ретінен жүреді. Өсінді кезеңде ұластырушыны қалдырылған тікенге байлайды, сонда ұластырушы сабақбұтақшаның басыңқылығы қамтамасыздандырылады, сондай-ақ бөрікбасты құруға таңдалған өркендердің өсуін реттейді. Ұластырушыны, оның ұзындығы 8-10 см жеткенде, тіктеп байлайды. Екіжылдықтардың бөрікбасында, ұластыруға жақын орналасқан жоғары өркендері қуаттырақ, бөрікбастың төменгі бұтақтары әлсіздеу болады. Міне, сондықтан бөрікбастың жекелеген бұтақтарының біркелкі өспеуін болдырмас үшін шырпу қолданылады. Ұшы аса жоғары орналасқан өркендерді қаттырақ шырпиды, сондай-ақ сүйірлеу бұрышпен өскен өркендерді де. Жас жапырағы молырақ өсу нүктесін аластату шырпылған өркеннің өсуін 14-17 күнге тежейді де, шырпылмаған өркендердің өсу жағдайын жақсартады. Мұндай тәсіл бөрікбасты құрайтын өркендердің өсуін біркелкілендіруге мүмкіндік береді. Жекелеген қуатты өскен өркендерді шырпудан басқа, бөрікбастың өсуін реттеуді, салбыраңқы, баяу өскен бұтақтарды байлаумен жүзеге асырады. Жаздың екінші жартысында бәсекелес бұтақтарды аластайды. Өсімдіктердің бұтақтануы әлсіз жүргенде және бөрікбасты құруға бәсекелес қажет болғанда, оларды қалдырады және кергіштердің көмегімен үлкен бұрыш жасап кереді. Ұластырушыдағы және бөрікбастың бұтақтарындағы барлық жаздық тарамдарды шырпиды. Бұл олардың жұмыстарын бұтақтардың жуандануына ауыстырады, ұштық бүршіктердің қалыптасуын жақсырақ қамтамасыздандырады және отырғызғанда тамырлануын және көндігуіне мүмкіндік жасайтын өсімдіктерде қоректік заттардың жиналуына бағыттайды. Сүңгек маңайындағы барлық өркендерді, оларды жуандату үшін шырпиды. Өсінді кезеңнің соңында бөрікбасты түпкілікті қалыптастырады. Әлсіз, дертті және зақымданған, қалыптастыруға жарамсыз біржылдықтарды кері өсуге кеседі, яғни 20-25 см-ге немесе сау жеріне дейін қысқартады – қуатты біржылдық өсіру үшін. Бүйірлік өркендері өсудің басында аластатылған екпе көшеттерде тегіс, жарасыз сүңгекшесі болады. Таңдалынған қаңқалы бұтақтар бірінің үстіне бірі орналаспағаны және өсу қуаты бойынша бірінен-бірі аса өзгешеленбегені дұрыс. Топырақты күтіп-баптау тұқымбақтың екінші танабынікіне ұқсас. Сүректің жақсы жетілуі үшін қатараралықтардағы және қатар бойындағы топырақтарды қопсытуды, суландыруды, арамшөптермен күресуді жаздың бірінші жартысында жүргізеді; жаздың екінші жартысында өңдеулерді тоқтатады. Қатараралықтарды өңдеуге қосымша құралдары бар жоғары клиренсті Т-25 тракторын пайдаланады. Бұталы пішін сүңгегі аласа және ұластырушы сабақбұтақшалары аса елеулі емес өсімдіктерге тән. Бұталы пішінді бөрікбас ағаштың қалыптасуының тез аяқталуына және ертерек жеміс байлауына мүмкіндік жасайды. Бұталы бөрікбасты 5-7 негізгі бұтақтар құрайды. Бөрікбаста бұтақтар қат-қабаттанып, топтармен орналасады. Әр қат-қабат 2-3 бұтақтан тұрады. Қат-қабаттардағы бұтақтар жақын, біркелкі жан-жағында орналасады. Қат-қабаттардың арақашықтығы 40 см, жекелеген бұтақтардікі – 15-25 см. Бөрікбасты қалыптастыруды тұқымбақта бастайды. Бақта қалыптастыруды жалғастырады. Бұта пішіндес бөрікбас ағашты қатты қыстарда үсуден және діңдер мен қаңқалы бұтақтарды күюден қорғайды.
Жеміс дақылдарының екпе көшеттерін қазып алу, сұрыптау, сақтау және жүзеге асыру
Ағаштың бөрікбасында бірінші реттік 6-7 бұтақ және екі есе көп екінші реттік бұтақтар болуы тиіс. Сүңгектің биіктігі 10-15 см. Бөрікбастардың төселгіш түртектерінің кемшілігі – көп еңбекті қажет етуі. Төселе өсетін ағаштардың көлемін кеміту және еңбек шығынын азайту үшін оларды қысқа төзімді ерегежейлі телітушілерге телу. Қазудан 1-1,5 ай бұрын, жапырақтар түспегенде және олар түсін өзгертпегенде, ағаштарға түгендеу және мақұлдау (апробация) жүргізеді. Бұл қазылып алынатын өсімдіктердің сапасы мен санын жеке дақылдар, помологиялық сұрыптар бойынша анықтауға мүмкіндік береді. Сұрыптық қоспаларды жаппай қазуға дейін аластайды. Мақұлдаумен қатар қазуға қажет машиналар мен құралдарды, тасымалдаушы көліктерді, буып-түйуші материалдарды, екпе көшеттерді көмуге қажетті жабдықтарды дайындайды. Екпе көшеттерді қазып алу. Қазуға өсінді кезеңнің соңында (қыркүйектің соңы-қазанның басында), өркендер бойлап өсуін және ағаштануын аяқтағанда, ұштық бүршіктерін қалыптастырғанда және жапырақтарын түсіре бастағанда кіріседі. Тұқымдықтардың басым бөлігінде жапырақтарын түсіруі кеш аяқталады. Сондықтан түспей қалған жапырақтарды екпені қазардан 2-3 күн бұрын үзеді (жұлады). Жапырақтарды әдетте қолғап киіп жұлады. Бүршіктері жеңіл сынатын тұқымдықтар мен сұрыптарда (шие, тәіттішие, алмұрт) жапырақтарды жұлуды өркеннің төменгі жағынан оның ұшына қарай жүргізеді, сонда бүршіктері бүлінбейді. Басқа тұқымдықтарда үзуді үстінен астына қарай жүргізеді. Бұл жұмыс қол күшін көп қажет етеді. Жақсы нәтижені химиялық дефолиация береді (жапырақтардың 70-100% түсуі) – екпе көшеттерді қазып алудан 15 күн бұрын хлорат магнийдің 0,4-1 % немесе эндоталдың 0,075 % ерітіндісімен бүрку. Ерітінді шығыны 800-1500 л/га (1 га 20-30 адам-күн үнемделінеді). Таңдап қазудың қажеттілігі туындаса, күрекпен қазып алады. Күрекпен қазғанда қатар бойымен, екпе көшеттерден 20-25 см қашықтықта, тереңдігі 2 күрек бойы шұңқыр қазады және тік тамырларын кеседі. Қатардың екінші жағынан өсімдікті тамыр мойнынан ұстап, күрекпен топырақ кесегін тіледі және сонымен бірге екпе көшетті топырақтан қазып (суырып) алады. Екпе көшеттерді сұрыптауды салалық үлгіқалыптың техникалық жағдайына сай жүргізеді. Оны қазу маңайына жақынырақ және тез, тамырларды күн көзінің тікелей әсеріне шалдықтырмау және құрғатпау үшін, дұрысы лапас астында жүргізу. Сұрыптағанда екпе көшеттерді екі сұрыпқа және жарамсыз деп бөледі. Бағалағанда екпе көшеттің жасына және даму қуатына, тамыр жүйесінің, діңнің, бөрікбасының сапасына, сондай-ақ фитосанитарлық күйіне көңіл қояды. Сұрыптық тазалық 100 % болуы тиіс. Бірінші сұрыпқа тамыр жүйесі жақсы дамыған, ең кемі үш негізгі қаңқалы тамырлары бар, жан-жағына біркелкі бағытталған, ұзындығы 35 см кем емес, механикалық және басқа да зақымсыз екпе көшеттерді жатқызады. Мұндай екпе көшеттердің діңдері тегіс, дертсіз, зақымсыз (аяздан, күн көзінен күюсіз, кеміргіштерден, өңдеу құралдарынан, т.т.), өсімдікті қалыптастыру кезінде жуандану өркендеріндегі, тікенге кескен кезде алған жарақаттарының бәрі жазылған немесе жартылай жазылған болуы тиіс. Бөрікбастары дұрыс қалыптасуы керек. Сирек – қат-қабатты жүйеде бөрікбастарда ұластырушы сабақбұтақтардан басқа, даму қуаты бойынша жақсы реттелген және дұрыс орналастырылған 5 қаңқалы бұтақтары болуы тиіс. Сүңгектің жуандығы 1,5-2 см, негізгі қаңқалы бұтақтардың ұзындығы 40-50 см. Ұластырушы сабақбұтақша қалыптастыру жүйесіне қарамай, қуатты дамыған және бөрікбаста тік орналасуы тиіс. Ол негізгі қаңқалы бұтақтардан ұзын болуы тиіс. Ұластырушы сабақбұтақтардың барлық «бәсекелестері» тұқымбақта уақытында кесілуі тиіс. Екінші сұрыпқа тамырының ұзындығы 30 см кем емес екпе көшеттерді жатқызады. Діңнің төменгі бөлігі сәл майысқан (15-20о-қа дейін) болуы мүмкін. Бөрікбасты қалыптастыру үдерісінде пайда болған жараның бетін каллюстік шорлар жартысына жуығын жауып тұруы мүмкін. Бөрікбастағы бұтақтардың саны екпе көшеттердің бірінші сұрпымен салыстырғанда біреуіне кем, ал олардың ұзындығы 10 см-ге қысқарақ болуы мүмкін. Жарамсыздарға дамуы әлсіздерді, нашар қалыптасқандарды, механикалық жарақаттары ауқымдыларды, тамырлары қысқаларды, қаңқалы тамырларының негізінде және тамыр мойынында ісік өсігі барларды жатқызады. Бұл өсімдіктер жойылады. Калифорния сымыры немесе қызыл биті бар тұқымбақтардан жөнелтілетін екпе көшеттер уландырылады (фумигацияланады). Тамыр ісігінің өсігі жеңіл аластатылатын (егер ісік тамырдың негізіне 20-25 см жақын болмаса) екпе көшеттердің тамыр жүйелері тотыяйнның 5 %-ды ерітіндісімен зарарсыздандырылады да, сумен шайылады. Екпе көшеттерді көму (көме тұру) – топырақтан қазып алынған өсімдіктердің тамыр жүйесін құрғаудан және теріс температураның әсерінен қорғау тәсілі. Тұтынушыға жөнелтудің алдында немесе сол шаруашылықта күзде отырғызғанша және тұрақты жерге – баққа немесе тұқымбаққа көктемде отырғызу үшін көму уақытша болуы мүмкін. Тұрақты көмуге құрғақ, су жиналмайтын, желден қорғалған жерден көмбе телімін алдын ала дайындайды: арамшөптерді жояды, жаздың екінші бөлігінде сүрі жер күйінде баптайды. Телімнің маңайында ені және тереңдігі 0,5 м суағар қазылады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай, біріне-бірін қатарластыра (параллель) және жолға көлденең, ұзындығы 50 м аспайтын, ені 2 м, тереңдігі 50-60 см көмбе ордың, орналастыру арасынан жүру үшін ені 1,5 м жол қалдырып, қазады. Көмер алдында бақ қайшысымен немесе пышақпен өсімдіктің зақымданған тамырларының және бұтақтарының бөліктерін қияды. Көмуді ордың оңтүстік жағынан бастайды, оның алдыңғы қабырғасын 45о бұрышпен көлбеулеп қазады да, оның кемеріне ордың енінен әжептәуір енді тақтай төсейді. Ордың түбіне қалыңдығы 20 см борпаң топырақ салады. Осы топыраққа орға көлденең, көлбеулеу, бөрікбастардың ұшын оңтүстікке (діңін аяз ұрудан қорғау үшін) бағыттап өсімдіктерді біріне-бірін тығыз бір қатармен орналастырады және сүңгектің 1/3-1/2-на дейін борпаң топырақпен, тамырлардың арасындағы барлық қуыстарды толтыра отырып, жабады. Сосын толтырылған топырақты тығыздайды, ал өсімдіктер қатарын, тақтайдың ұшынан ептеп өзіне тартып тегістейді. Құрғақ ауа райында көмілген өсімдіктерді суландырады және құрғақ топырақпен себелейді. Өсімдіктерді су басудан қорғау үшін оларды телім бетінен 10-15 см жоғарырақ көмеді. Өсімдіктердің жекелеген түрлері мен сұрыптарын жеке-жеке, бір қатарда бірдей өсімдіктер санын көмеді. Көмуді плантажды соқамен жүргізуге болады. Алдымен бір немесе екі рет жүргізіп терең шөнек (атыз) жасайды. Соқаның келесі өтуінде өсімдіктерді сүңгегінің ортасына дайын көмеді. Егер екпе көшет өте ірі болса, келесі өсімдік қатарын орналастырудан бұрын соқамен тағы бір рет өтеді. Бір орға бір помологиялық және тауарлы сұрыптың екпе көшеттерін көмеді. Көмгеннен соң орлардың, тұқымдардың, помологиялық және тауарлық сұрыптардың нөмірлері және көмілген өсімдіктер санын көрсетіп телімнің жоспарын жасайды. Өсімдіктерді тышқандардан қорғау үшін ұландырғыш еліктіргіштерді, шырша бұтақтарын қолданады, қарды тығыздайды, ал қояндардан көмбе телімдерін темір тормен қоршайды. Екпе көшеттерді орап-байлау және тасымалдау. Тұқымбақтан екпе көшетті отырғызу орнына, алыс қашықтыққа ешбір зақымсызжеткізу үшін арнаулы орауларды қолданады. Мұқият орау әсіресе күзде және көктемде болуға тиіс, екпе көшет төмен температурадан (тоңазуы) немесе керісінше, жоғары температурадан (қызуы, көктеуі, қурауы) зардап шегуі мүмкін. Ірі екпе көшеттер тасымалдауға төзімдірек және орап-байланған күйінде, ұсақтарға қарағанда азырақ зақымданады, себебі теңдерде бос байланады. Орама (буып-түюге) ретінде сабанды, қамысты пайдаланады; теңді сыммен, жіппен, тал шыбығымен орап-байлайды. Теңнің топырақ бөлігін қаптамалауға қаптарды пайдаланады. Ішінен орауға күздіктердің сабаны жақсы, себебі жаздық дақылдардың сабаны, әсіресе сұлы мен арпаның, тез ыдырайды да температураны көтереді және өсімдікті опат қылады. Екпе көшетті буып-түюге дайындау, оларды байлаудан, құлаққағазын ілуден, теңдеуден бұрын тамырын балшық пен сиыр қиының быламығына малып алу басталады. Будаға: екі жылдық екпе көшеттерді 5-тен, біржылдықтарды 10-нан байлайды. Біржылдықтарды екі жерден байлайды: тамыр мойынынан және одан 60-70 см жоғарырақ. Сүңгектегі екі байлаудан басқа (тамыр мойынынан жоғарырақ және сүңгектің үстінен), екі жылдықтар байламында үшіншісі болады – бөрікбасты қысып тұратын. Әр байламға помологиялық сұрыптың аты жазылған екі құлаққағаз ілінеді. Екпе көшеттің әр тобына карантинді зиянкестер мен аурулардың жоқтығын куәләндірәтін сұрыптық куәлік пен кепілдік сертификат беріледі. Бөрікбасы осал сұрыптардың бөрікбасының ішіне, тиеу және тасымалдау кезінде жекелеген бұталарын сынудан қорғау үшін, сабан салады. Ұсақ өсімдіктерді сопақтау (сигара тәрізді) теңдерге байлайды, ірілерін – «бас» тәрізді теңдерге. Біріншісінде өсімдіктердің тамырын теңнің ішіне қарай орналастырады, екіншісінде – теңнің бір жағына қарай. Автомашиналарда тасымалданса оның шанағының түбіне дымқыл сабан төселеді, ал жақтауларына қамыстан немесе сабаннан тоқылған бойралар ілінеді. Байланған екпе көшеттерді біріне-бірін тығыз тіктеп қояды. Өсімдіктердің тамырының астына дымқыл сабан төселеді. Екпе көшеттерді күннен қорғау үшін үстінен жөкемен немесе брезентпен жабады да, жіппен шандиды. Жолда сабан құрғаған сайын оларды міндетті түрде үстінен су құяды. Міне осындайда екпе көшеттер 1-2 күндік тасымалдауға шыдайды. Белгіленген жеріне жетісімен екпе көшетті жедел дымқыл топыраққа көме тұрады. Тұқымбақ кітабы. Әр тұқымбақ шаруашылығында, тұқымдық және телітуші материалдардың шығу тегі көрсетілетін, тұқымбақ кітабы жүргізіледі. Бұл кітап өсіру кезінде отырғызылатын материалдарының опат болу себебін білуге мүмкіндік береді. Бұл кітапты Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен пішінде жүргізеді. Мұнда жылда аналық өсімдіктердің күйі көрсетіледі: өсімі, өнімі, аурулардан, зиянкестерден, төмен температуралардан зақымдануы. Бұл байқаулар өзінің құндылығын жоғалтқан аналық өсімдіктерді көбейтуді уақытында тоқтатуға мүмкіндіктер береді.
ІІІ ТАРАУ. ЖЕМІС АҒАШТАРЫН ОТЫРҒЫЗУ ЖӘНЕ ЖЕМІСТЕРДІ ӨНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.
ЖЕМІС АҒАШТАРЫН ОТЫРҒЫЗУ
Жеміс ағаштарын отырғызуды жоспарлау қағидаттары
Бақты салу барысында жіберілген кемшіліктер, әдетте, бірнеше жылдардан кейін байқалады. Олардың кері әсерін түзету немесе баяулату мүмкін болмағандықтан, бақтың мерзімінен бұрын жойылуына, олардың өнімділігінің төмендеуіне, үлкен шығындарға әкеледі және жұмсалған қаржы өтелмейді. Сондықтан өндірістік бақтарды салуды, арнаулы мекемелер (Қазақстанда-Қазбақжоба) дайындаған жоба негізінде ғана жүргізеді. Жобада өзара байланыстағы маңызды міндеттерді шешу қарастырылады: климат жағдайын талдау, топырақты зерттеу, бақ орнын таңдау, тұқымдық-сұрыптық құрамды негіздеу, жемістік және бақ қорғау ағаштарының құрылғысы, жеміс өсімдіктерін өсірудің ең жетілген технологиясын негіздеу, суландыру жүйесін жобалау және салу, жолдарды және шаруашылықішілік көлік жүйесін, инженерлік құрылғылар (газ, жарық, су, құбыр, тазалау нысандары, байланыс, т.т.), жәшік-бөшке шаруашылығы, тоңазытқыш-тар, өндірістік және тұрмыстық бөлімдер, ағаш отырғызу және оны пайдалану есептері, жобаны толық игеру кезеңінде шаруашылықтың экономикалық тиімділігін анықтау және т.б. Жобалауды техникалық-экономикалық негіздеуден бастайды, сосын техникалық және жұмыс жобасын әзірлейді. Әр саты төрт кезеңнен тұрады: жобалауға дайындалу, жобыны әзірлеу, оны бекіту және жүзеге асыру. Бақты салу негізінен рет-ретімен орындалатын үш кезеңді қарастырады: бақтың орнын таңдау және аумағын ұйымдастыру; топырақты ағаш отырғызу алдында дайындау және бақ салу. Қарқынды бақтардың негізгі түртектері
Бойшаң өсетін телітушілердегі бақ (тұқымдық және клондық телітушілерде). Бойшаң өсетін клонды телітушілер өндірістік жеміс шаруашылығында іс-жүзінде қолданылмайды. Тұқымдық телітушілер ретінде жабайы орман алмасының сеппесі немесе нақты жағдайда өсірілетін, кейбір белгілері бойынша ең төзімді сұрыптары қолданылады. Мұндай бақтарда ағаштардың мұғдарлары (габариттері) айтарлықтай болады– биіктігі 5-6 м және одан да биік, ағаштардың бөрікбастарының ені – 4-5 м. Осыған орай бақтардағы ағаштарды 7-8х3-4 м қоректік алаңмен отырғызады. Мұндай бақтар жеміс салуға отырғызғаннан 7-8 жыл өткен соң кіріседі, оларды 35 жылдан кейін (тозу мерзімі) тамырымен қопарады. Жеміс беретін 1 га бақтың орташа өнімділігі 10-12 т алма. Аласа өсетін телітушілердегі бақ. Мұндай бақ түртегін ергежейлі, жартылай ергежейлі және орташа биіктіктегі ағаштар қалыптастыратын, өсінді жолымен көбейтілген телітушілер есебінен салады. Мұнда отырғызудың едәуір тығыз сұлбасын (4-6х1,5-4 м) қолданады. Аласа өсетін телітушілер ағаштардың жеміс салуына ертерек кірісуін қамтамасыздандырады (отырғызғаннан 3-5 жыл өткен соң). Ергежейлі телітушілердегі бақтардың амортизациясы 18 жылда өтеледі, жартылай ергежейлілердікі және орташа биіктіктегілердікі – 25 жыл. Аласа өсетін телітушілердегі бақтардың тиімділігі бойшаң өсімдіктермен салыстырғанда жоғарырақ. Бұлар – бақ шаруашылығын қарқындатудың негізі. Ағаштарының бөрікбастары ұршық тәрізді ықшам бақтар. Ұршық тәрізді бөрікбасты кез келген телітушілердегі ағаштарда қалыптастыруға болады. Оның мәні бұтақтарды діңге көлденең таратып орналастыруда және сол жағдайда ұстауда (кесумен, байлаумен, т.т.). Негізгі кемшілігі – көп еңбек тілейтіні және көп шығын шығарылатыны. Мұндай бақтарды қалыптастыру, жұмыс күші жеткілікті болғанда ғана мүмкін. Жеміс беретін бақтың әр гектарының өнімділігі – 23-25 т. Өте қарқынды бақ. Ағаштардың отырғызу сұлбасы 2,5-3х0,5-1 м (жидек дақылдарынікі сияқты) және тығызырақ. Телітушісі – ергежейлі, сұрыптары – жедел жеміс салғыштар, кіші мұғдарлы (габаритті). Амортизация мерзімі 10-12 жыл. Өнімділігі – 20-25 т/га. «Спуралы бақ». Өркендерінің буынаралықтары қысқалығымен сипатталынатын, арнаулы «спуралы түртекті» сұрыптардан қалыптастырады. Олардың тұқымдық телітушілеріндегісін 5-6х3-4 м сұлбасымен және тығыздау отырғызады. Алғашқы 10-12 жыл бойы «спуралы» бақтар әр гектардан орташа есеппен 15-25 т және одан да жоғары өнім береді. «Шалғындық» бақ екпе көшеттерінің өте тығыз, тұқымбақ түртектес – 70-90х20-30 см сұлбасымен отырғызылуымен ерекшеленеді. Телітушісі – ергежейлі, телінушісі, бір жылдық өсіндісінде бүршік салуға қабілетті – сұрып. Өсу барасында телінген сұрыптың өркендерін ретарданттармен өңдеу, олардың өсуін тоқтатады және жемістік бүршіктердің байлануына ықпал етеді. Келесі жылы өсімдіктер жеміс береді және олардың санының молдығынан әр гектардан 50-80 т және одан да мол өнім жиналады. Жемісі жиналғаннан кейін өркендері кесіледі. Келесі жылы олардың өсуі және ретарданттармен өңделуі қайталанады, бір жыл өткеннен соң кезекті жеміс байлауы жүреді. Баған тәрізді бақ. Сеппе көшеттерінің отырғызу тығыздығы, «шалғындық» бақтікіндей, тек оны кеспейді, бірнеше жыл бойы үздіксіз жемістенеді. Телітушісі – ергежейлі немесе өте ергежейлі, сұрпы – өсінді өркендер бермейтін, арнаулы, өте ергежейлі түртектес. 7-8 жылдық ағаштарының биіктігі 1,5 м, өнімділігі 400 т/га және одан да жоғары.
Бақ салуға жер бедерін, топырақты таңдау және бағалау
Бақ салғанда ең жылу сүйгіш жеміс тұқымдықтарын оңтүстік беткейге орналастыру керек. Жемістердің реңі қаныққан болады, әрі ертерек піседі. Бірақ оңтүстік беткейлерде, күндізгі және түнгі температуралардың күрт өзгерістеріне байланысты, ағаштар күн көзінен жарақаттанады. Бақ салуға тұйық аңғарлар, шұңқырлар жарамсыз, себебі бұл жерлер суық ауаның жиналуына қолайлы келеді ойпаңдау жерлерде қыста гүл бүршіктерінің зақымдануы жиі байқалады, ал көктемде – жеміс ағаштарының гүлдері. Батыс беткейлер, шығыстықпен салыстырғанда қашанда ылғалды, себебі кейінгі құрғатқыш желдердің әсеріне жиі ұшырайды. Беткей неғұрлым тік келсе, соғұрлым ол құрғақ. Беткейдің әр алуан бөлігінің ылғалдануы да әртүрлі. Жоғары бөлігі ең құрғағы, төменгісі – ең ылғалдысы. Ойысты тегістікте ылғал молырақ болады. Жеміс ағаштары беткейлерде жақсырақ дамиды, өміршеңдігі ұзағырақ, ең сапалы өнім береді және аурулардан аздап зардап шегеді. Өсімдіктердің беткейлерде жақсы дамуы ең алдымен ауа және су керіздерінің болуымен түсіндіріледі (қамтамасыздандырылуымен). Еңістілігі 5-10о беткейлер ең қолайлы саналады. Құрғақшылыққа төзімдірек тұқымдықтар (өрік, шие) тіктеу беткейлерде өсе алады. Көлбеулеу немесе кішігірім беткейлер әртүрлі аймақтағы жеміс бақтарының жер бедерінің жақсы элементі іспеттес. Қазақстанның солтүстігінде бақ үшін, жеміс ағаштарының қабығы күйіп жарақаттанбайтын, көктемгі қардың еруі кеш жүретін, өсінді әсіресе гүлдеу кезеңі кешеуілдейтін, көктемгі үскіріктерден гүлдердің опат болуы азырақ байқалатын, әсіресе ерте гүлдейтін тұқымдықтар (уссурий алмұрты, уссурий алхорысы, қарақат, қарлыға, алманың ұсақ жемісті сұрыптары) үшін, солтүстік және солтүстік батыс беткейлерді таңдайды (А.А.Гудзенко, 1969). Бақ салуға батыс беткейлер жарамсыз, бірақ батыс және оңтүстік батыс желдерден жақсы қорғанышы болса, ол жерді бақ салуға пайдалануға болады. Бақ салуға шығыс беткейлер өте жарамсыз. Оңтүстік беткейлерге кеш гүлдейтін тұқымдықтарды – бүлдірген, болмаса, таңқурай отырғызуға болады. Беткей бойынша телімнің жоғарғы жағына алма мен алмұртты, ортасына – алхоры мен шиені және соңына жидектерді орналастырады. Ертіс өзенінің алқабы сияқты, еш жағынан да суық ауа келмейтін, сол жағалаудағы кең ойпаңға, сондай-ақ оң жағалау бойына ағаштар отырғызуға болады. Жидектер үшін жеміс ағаштарына қарағанда жағдай жақсырақ. Қазақстанның солтүстігінде жеміс ағаштарына қатты желдердің зиянды әсерін ескерген жөн. Желдермен күресудің ең жақсы шарасы – бақ қорғау жолақтарын құрастыру. Жеміс тұқымдықтары топырақтың көптеген түрлеріне бейімделінуі мүмкін. Бірақ әртүрлі тұқымдықтардың топыраққа талаптарында өзгешеліктері барын, бақ салғанда ескеру керек. Алма топырақтың барлық түрлерінде өседі және жеміс байлайды, бірақ ылғал жеткілікті болғанда, орташа саздақ, жеңіл қара топырақтарда жақсырақ өседі. Алмұрттың алмаға қарағанда талабы жоғарырақ. Тыңайтқыш жеткілікті енгізілген, міндетті түрде суландырылатын, саздақ борпаң топырақта жақсы өседі. Құрғақ топырақтарда алмұрттың жемісінің сапасы төмендейді және олар нашар сақталады. Алхоры ылғалды терең сазды топырақта жақсы өсіп-дамиды және жеміс салады. Венгерка түртектес алхорының ренклодқа қарағанда, топыраққа талабы жоғарырақ. Ренклодтар құмдақ топырақта жақсы дамиды, егер тыңайтқыш енгізілсе және төменгі қабатта саздақ топырақ болса. Тым құрғақ, ойпаң, салқын, өте дымқыл топырақтарда алхоры нашар өседі. Шомыртқа немесе алшаға ұластырылған алхоры, алхоры сеппе көшетіне ұластырғанмен салыстырғанда, салыстырмалы құрғақ жерлерде өсіруге жарамды. Тәттішие салыстырмалы жеңіл және құмды, ірі құмды топырақта, тіпті қабыршақты саздақтарда да жақсы өседі. Шие, тәттішиеге қарағанда біршама ауыр топырақтар болуын тілейді. Өрік ауаланатын, құнарлы топырақты тілейді. Ойпаң жерлерде және ауыр топырақтарды ғана бүршіктері қатты зақымданады. Топырақтың бақ отырғызуға жарамдылығын сол жерде өскен өсімдіктер бойынша жорамалдауға болады. Жеміс ағаштарын олардың «серіктері» - емен, үйеңкі, жөке, шаған, ақ қайың, шетен, мойыл, шаттауық, жабайы жеміс өсімдіктері, бұршақты және астық тұқымдастарының өсетін жерлерде жақсы өсетіні белгілі. Топырақтың құнарлылығының жоғарылығының куәсі сол жерде өскен кәдімгі қалақай, тобылғы, алабота, тамырлы аюбадам бола алады. Топырақтың артық ылғалдылығын сол жерде өскен қамыс, өлең, көк терек, қандыағаш, кейде тал білдіреді; өте құнарсыз топырақтарды – қарағай, аққылтан, қына және т.б. Топырақтың сортаңдығын және баққа жарамсыздығын – бұзаубас, сорлық ақкекіре, голостахис, кермек және сор жердің басқа да өсімдіктері білдіреді. Топырақтың бақ өсіруге жарамдылығын ең дұрысы жақын жердегі топырақта өсіп тұрған жеміс ағаштарының тамыр жүйелерінің даму сипаты бойынша (өсу, қуаты, ұзақ өміршеңдігі, дертсіздігі, өнімділігі бойынша) жорамалдауға болады. Баққа жер таңдағанда, тамыр жүйесінің өсуіне және өсімдіктің өнімділігіне әсер ететін, тамыр жайылатын қабаттың тереңдігін және механикалық құрамын ескеру қажет. Жеміс ағаштары топырақты ғана игермейді, сонымен бірге топырақастын да, тамырдың үлкен бөлігі 180-200 см бойлайды, алма мен алмұрттың тамыры қолайлы жағдайда 10-15 м дейін жетеді. Демек, топырақты ғана бағаламай, топырақастын да бағалау керек. Топырақтың жоғарғы жиегін көп жылдық бұршақ тұқымдас шөптерді сеуіп, тыңайтқыш енгізіп, терең өңдеп жақсартуға болады. Топырақастына, оны түбегейлі жақсарту мақсатында әсер ету қиын және кейде мүмкін де емес. Өсімдіктердің тамыр жүйесі тығыз саздық топырақтарда нашар дамиды, жеңіл-құмдақ және құмбалшықты топырақтармен салыстырғанда. Өсінді кезеңнің бір бөлігінде судың іркілуі тамыр жүйесін бүлдіреді, ағаштардың құрғақбастылығы байқалады. Бақ отырғызылатын жердегі 150 см дейінгі тереңдіктегі топырақтың көлемдік массасы мына көрсеткіштерден аспағаны жөн (г/см3), жақша ішінде – ауыр құмбалшықты және сазды топырақтардың шектеулі көлемдік массасы: тәттішие мен өрікке – 1,35 (1,45); алма, алмұрт, беже және шабдалыға – 1,42-1,45 (1,50); алхоры мен шиеге – 1,40-1,50 (1,55). Алманың, алмұрттың, алхорының және соғды алхорысының бірқалыпты дамуы үшін топырақта оның көлемінің 8 %-нан кем емес ауа болуға тиіс; тәттішие, өрік, шие үшін, топырақтың дымқылдығы ЕТСС-да – 10 %-дан кем емес. Жеміс өсімдіктерінің қалыпты өсуі және дамуы үшін ең жақсы топырақастылық топырақтың жеткілікті дымқылдықта, сонымен бірге артық суды өткізетін құмбалшықты болғаны дұрыс. Топырақастылық топырағы құмды немесе малтатасты қабаты бар телімдер бақ салуға жарамсыз; мұндай топырақтарда жеміс ағаштары су тапшылығынан зардап шегеді және тіршілігі ұзақ болмайды. Топырақастылық топырағы борлы телімдер де бақ үшін жарамсыз. Мұндай телімдердегі ағаштар әдетте сарғылтаннудан (хлороздап) зардап шегеді. Бақтың орнын таңдағанда жеміс ағаштарының тұзға шыдамдылығын (сорланғанда тіршілік ету) және тұзға төзімділігін (өсуге және жеміс салуға қабілеттілігі) ескеру керек. Мысалы, алманың тұзға шыдамдылығы хлордың 0,2 % тең, алмұртта – 0,14-0,17 %, тәттішие (алша) – 0,1-0,3 %, тұзға төзімділігі сәйкес – 0,0-0,05%; 0,05-0,06; 0,02-0,04%, абсолютті құрғақ топыраққа есептегенде. Сонымен, шекілдеуікті дақылдарда ең төзімдісі алма, ал алмұрт – шамалы. Сүйектілерде хлордың жоғары болуына төзімдірек өрік, алхоры, нашар – шие, өте нашар – тәттішие. Ыза суын және оның минералдануын зерттейді. Жеміс ағаштары, егер ыза суы метрден жоғары, ал минералдануы 1 литрге 10 г артық болса немесе бір литрдегі хлордың мөлшері 3 г асса, өсе алмайды. Ыза суы 1 м жоғары, 1 литрге минералдануы 5-7 г немесе 1 литрге 0,6-1,6 г хлор болғанда қанағаттанарлықтай алма, салыстырмалы түрде шие өсе алады. Егер ыза суы 1 м тереңірек болса алма мен алмұрт хлор мен тұздардың жоғарырақ мөлшерінде де өсе алуы мүмкін. Айталық, ыза суы 150 см тереңдікке дейін болғанда минералдануы 5-7 г және хлордың мөлшері 1 л суға 2,8 г болуы мүмкін. Жеміс ағаштары топырақтың сортаңдануына сезімтал келеді. Сортаңдануға алма, шабдалы, шие, тәттішие төзімдірек. Бақ үшін сортаңы жоқ телімдерді таңдаған жөн. Сортаңдығы 4-5%-ды топырақтарда бұған шыдамды, бежеге телінген алмұртты өсіруге болады. Тұздардың зиянды әсері тұзды қабаттың қандай тереңдікте жатуына да байланысты. Егер ол 140 см жоғары жатса шекілдеуікті дақылдарды отырғызуға жарамсыз, ал 120 см жоғары болса – сүйекті дақылдар үшін. Топырақта сілтілі тұздардың бар-жоғын да ескеру керек. Қазақстанның солтүстігінде жеміс және жидек өсімдіктері үшін қара топырақтар, қызыл қоңыр топырақтар, әсіресе күңгірт қызыл топырақтар ең жақсы саналады. Шамалы қышқылды және бейтарап реакциялы топырақтар да жақсы. Шекілдеуікті тұқымдықтар үшін ыза суының топырақ бетіне 2-3 м жақын болуы жөн емес, сүйектілерге – 1,5-2, жидектілерге – 1-1,5 м. Басым желден табиғи қорғанышқа жақын телімдерді таңдау керек. Баққа үлкен су алабының жақын болуы температураны басыңқылайды, климатты жұмсартады.
Бақ аумағын ұйымдастыру
Бақ аумағын дұрыс ұйымдастыру жерді, машиналарды, құралдарды, көліктерді, жұмысшы күшін тиімді пайдалануды қамтамасыздандыра отрып, соңында өсімдіктің және еңбек өнімділігінің артуына әкеледі. Бақ аумағын ұйымдастыруға: орамдарға бөлу және оларда тұқымдықтар мен сұрыптарды орналастыру; жолдарға (торапты, орамаралық, орамішілік, т.т.), суландыру жүйесіне, орман қорғайтын жолақтарға, өндірістік құрылыстарға орын бөлу; су шаюға қарсы шаралар жатады. Жеміс бақтарының аумағын ұйымдастыруда бастаушы элемент болып орам (квартал) саналады – бақ қорғайтын жолақтармен және жолдармен шектелетін, жердің белгілі бір алаңы. Бақ орамдарын, мүмкіндігінше бірдей көлемде, негізгі жел бағытына көлденең орналастыратындай, тік бұрышты пішінде бөледі. Қазақстанның солтүстігінде орамдар оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа қарай бағытталуы керек. Орамның ені бақ қорғайтын жолақтың қандай қашықтыққа әсер ете алуына байланысты. Айталық, ағаштың биіктігі 10 м болғанда орамның ені 100-150 м аспауы керек. Олардың ұзындығы енінен 4-5 есе артық болуы мүмкін, ал жіңішке орамдарда бүлдірген, таңқурай, қара қарақат үшін (70-80 м) – 4-5 есе. Орамның оңтайлы алаңы 5-7 га, ал жүзімдіктер үшін – 2-3 га (В.К.Путий, 1984). Беткейлі жерлерде орамның ұзын жағы, оған көлденең орналасады. Мұндайда құнарлы топырақтың шайылуы азаяды. Су таратқыш арналарға орамдарды ені жағынан келтіреді (қарама-қарсы жағы су қашырту арнасымен шектеседі), ал суландырғыш арналарға және орам қатарымен орамдар ұзын боймен келтіргенде шықпа атыздар орамдар және ағаштар бойымен бағытталатындай болуы керек. Орамдарды ағаштардың қатар бойымен бағыттайды, яғни топырақты механикаландырып өңдеу бағытында. Егер бір дақылға бірнеше орам бөлінсе, оларды бір мезгілде пісетін сұрыптар тобына және өсіру тәсілі бойынша бөледі. Мысалы, жазда пісетін көлбей өсетін алмалар орамы, екі немесе төрт – еркін пішінде өсетін алмалар. Бүлдіргенге арналған орамға шөп танаптары немесе бүлдірген – көкөніс ауыспалы егістері енгізіледі. Мұндайда бұл орам, ішінен ауыспалы егістің танаптарының санына сай бөлінеді. Бақ қорғау ағаштары. Жеміс өсімдіктері ежелден ашық жерде емес, орман жағдайында қалыптасатындықтан, олар орман қорғанысында жақсы өседі. Жеміс ағаштары желден жасанды немесе табиғи қорғансыз, қатты тоңазиды, нашар өседі және жеміс салуы әлсізденеді. Жазда желдер жапырақтарды зақымдайды және жемістерін шашады; көктемде гүлдеу кезінде гүлжапырақшаларының аналықтарының ауызын құрғатады. Жемістердің байлану үлесін кемітеді және аурулармен, зиянкестермен күресуді қиындатады. Қорғаныс ағаштары жоқ бақтың өміршеңдігі қысқа. Қорғағыш жолақтар бақтағы желдің жылдамдығын баяулата түсіп, жолақ арасындағы булануды 25%-дан 45%-ға дейін кемітеді; салыстырмалы және абсолютті дымқылдықты 5-12 % жоғарылатады; күннің алғашқы бөлігінде ауаның температурасын (1%-ға) көтереді және екінші бөлігінде төмендетеді; қардың жиналуына және оның ұшырылып әкетпеуіне жағдай жасайды, сөйтіп топырақты терең тоңданудан қорғайды. Қорғағыш жолақтар бақтың микроклиматын күрт жақсартады. Бақ қорғағыш ағаштарды бақты айналдыра және оның ішінде отырғызумен орман жағдайында болатын жағдайды жасанды жасайды. Қорғағыш ағаштары дұрыс отырғызылғанда жеміс ағаштары «тонда, бірақ жалаңбас» өседі. Қорғаулы бақтан көң шірігенде пайда болатын және жеміс ағаштарының ауадан қоректенуінің көзі саналатын көмір қышқыл газы ұшырылмайды. Бақ қорғағыш орман жолақтары болғанда қатты желді күндердің өзінде аралар ағаштар мен жидектерді тозаңдандыра алады. Қорғағыш жолақтардың пайдалы әсері орташа есеппен 200-метрден 500 м дейін жетеді. Бақтың сыртынан орман жолақтарын, бақ ішінде орамдардың шеттерінен жел бағытын өзгертетін жергілікті орман тұқымдықтарын отырғызады (16-сурет). Қорғағыш жолақтардың үш түртегін ажыратады: торлы, жел өткізетін, жел өткізбейтін. Торлы – ұсақ саңылаулы құрылым. Ауа ағымы жолында торлы түртектес отырғызылатын ағаштар жолағына кезіккенде, жоғары ауытқымай, ағаштардың арасындағы саңылаулардан баяулап өтеді. Мұндайда жел бағыты өзгермейді, бірақ күші мен жылдамдығы күрт төмендейді. Жел өткізетін құрылым, бұталарсыз биік сүңгекті ағаштардан тұрады. Ағаш қатарларының төменгі бөлігінде үлкен, ал
16-сурет. Орам арасындағы жел бағытын өзгертетін теректен жасалынған жолағы (қатараралықтары 3 м, қатардағы аралықтары 1 м ағаштардың биіктігі 7 м).
жоғары бөлігінде орташа саңылаулары болатындығымен сипатталынады. Жел өткізбейтін құрылым – саңылаусыз, жиі отырғызылған ағаштардан тұрады. Жел ағымы жолында тығыз, жел өткізбейтін қорғанға кездеседі де, ағымын күшейтіп жоғары көтеріледі және ағаштардың үстімен жылжып кетеді. Жел өткізбейтін түртектестер, тығыз жымдасатын, сүңгегі аласа ағаштар мен бұталарды отырғызғанда қалыптасады. Орман шетін құрғанда ағаш отырғызудын торлы құрылымын пайдалану тиімді. Жел өткізетін құрылғыларды орамдардың шекараларында жел бағытын өзгертетін жолақтарды салғанда қолданады. Қазақстанның солтүстігінде бақтан қардың ұшырылып әкетілуі болмас үшін, орамның жел жағынан, жел өткізбейтін құрылым жасалынады. Орман шеті құрылғысында басты немесе негізгі тұқымдықтарды (бірінші қат-қабаттың ағаштары) ажыратады; ілеспелі тұқымдықтарды (екінші шамадағы, көлеңкеге шыдамды ағаштар) және тірі қоршау жасауға пайдаланылатын бұталарды. Қазақстанның солтүстігінде негізгі тұқымдықтар ретінде қарағайды, бал қарағайды, жөкені, талды, қотыр қайыңды, канада терегін отырғызады. Жеңіл қызыл қоңыр топырақтарда және құрғақ аудандарда ұсақ жапырақты шегіршін және шағанжапрақты үйеңкіні ойдағыдай табысты өседі. Мұнда ілеспелі тұқымдықтар – қытай терегі және сүйір жапырақты үйеңкі; бұталар - сары қараған, қара қарақат. Теректің бір жылдық немесе екі жылдық жасындағысын отырғызады, қарағайды - қабығы әлі ағара қоймаған екі-үш жылдық тікпе көшеттерімен. Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасында қарағайдың төрт-бес жылдық екпе көшеттерін отырғызып, оң нәтижесін байқаған. Теректі көктемде және күзде отырғызады, қайыңды – тек көктемде бүршігі ашылғанша. Жел бағытын өзгертетін жолақтар үшін қотыр қайыңды пайдалану дұрыс, ал суландырылатын телімдерде – ағаш тәрізді талды. Орман шеттеріндегі қатарлардың саны – үш-төрт, ал жел бағытын өзгертетін жолақтарда – бір-екі қатар. Жеміс ағаштарының бірінші қатарын қорғағыш қатардың көлеңкесі басыңқыламау үшін, одан 10-12 метр алшақ орналастырады. Тірі қоршауға долананы, итмұрынды, ирганы, сары қарағанды, шырғанақты, шетенді және басқа да бұталарды пайдаланады. Бақ қорғағыш жолақтардың барлығында да қатараралықтардың ені 2,5-3 метр, қатардағы ағаштардың бір-бірінен алшақтығы – 1,5-2 м, бұталардың арасы – 0,75-1 м. Отырғызуды жүргізгенде бір қатардың ағаштары қарсы қатардағы ағаштардың аралығына келетіндей етіп жүргізеді. Орман шетіндегі отырғызылатын және жел бағытын өзгертетін жолақтардағы ағаш тұқымдықтарының орындарынан ығыстырылу сипаттары әр алуан болуы мүмкін. Қазақстанның солтүстігінде орман шетіндегі тұқымдықтардың үлгілік орналасу сұлбасы мынадай болуы мүмкін: бірінші және төртінші қатарларға сары қараған (немесе қарақат) отырғызылады, екінші және үшіншісінде қайың, шаған жапырақты үйеңкімен кезектеседі. Бақ қорғағыш жолақтарда топрақты қопсыту, суландыру, ағаштарды зиянкестерден және аурулардан қорғау жүргізіледі. Орман шетіндегі ағаштардың діңгектерінде, топырақ бетінен 2 м биіктікке дейін төменгі бұтақтарын тұрақты түрде кесіп отырады, ал бұтақты өсімдіктерді орман шетінің сырт жағынан топырақ бетінен 1 м дейінгі биіктікте тұрақты түрде кеседі. Жел өткізетін жолақтарда орман тұқымдықтарының сүңгектен 2 м биіктікке дейін барлық бұталарынан тұрақты түрде тазалайды. Қорғағыш жолақтарды бақты отырғызудан 3-4 жыл бұрын отырғызу керек. Ағаштарды отырғызудан бұрын топырақты жырту қабатына дейін аударады және төменгі қабатын топырақ тереңдеткішпен, 10-12 см тереңдікке жыртады. Отырғызуды алдын ала дайындалынған шұңқырларға қолмен немесе шұңқырқазғышпен отырғызады, сондай-ақ ауыр тракторға тіркелінген МПС-1 машинасымен механикалық тәсілмен де. Жол торабы. Бақтардағы жүктерді тасымалдау үшін торапты, айналмалы, орамаралық және тақтааралық жолдар салады. Тораптық жолдарәдетте бақ алабының ортасымен өтеді және шаруашылық орталығымен және сыртқа шығатын жолдармен байланыстырады. Оның ені 7-9 м, ал үсті қатты жабындалады. Айналма қара жол бақты айнала, жеміс ағаштарының арасымен және бақ шетінің іш жағынан салынады: ені 5-6 м. Орамаралық жолдар орамдардың барлық жағындағы бұрылыстардан және олардың ортасынан енін 4-5 м етіп салады. Тақтааралықжолдарды (ені 4-5м) жидектік плантацияларда (қарақат, таңқурай, бүлдірген), сондай-ақ қатарларда тығыз орналастырылған (1,5-2 м) бойшаң емес телітушілердегі ағаштар орамында, оның ұзын жағына көлденең бірінен-бірін 80-150 м қашықтықта салады. Өндрісітік құрылыстар. Бақ аумағында бригаданың орнын, ерітінді торабын, омартаны, кеңсені орналастырады. Бригада орнын тораптық жолға жақын орналастырады және алаңы 0,2 га-дан аспайды. 2-3 ара ұясы бақтың 1 га толығымен тозаңдандырады.
Тұқымдарды, сұрыптарды таңдау және бақ алабында орналастыру
Өндірістік бақтар үшін тұқымдарды және сұрыптарды таңдау республикалық тұқымдар және сұрыптар сынау комиссиясының ұсынысы бойынша жүргізіледі. Тұқымдарды және сұрыптарды таңдауға жемістік және жидектік дақылдардың жеміс салуға кірісу мерзімі және өнімнің деңгейі мен экономикалық тиімділігі, оның өңдеуге жарамдылығы, жұмыс күшіне, техникаға, суландыру суына деген қажеттілік, т.т. тәуелді. Отырғызуға өсіруге рұқсат етілген сұрыптарды ғана пайдаланады. Қазақстанның солтүстігіне тұқымдардың мынадай арақатынасы ұсынылады (%): Шекілдеуіктілерге – 25-30 Сүйектілерге – 15-20 Жидектілерге – 50-65 оның шініде: оның шініде: оның шініде: алма – 20-30 шие – 10-12 қарақат – 25-30 алмұрт – 3-4 алхоры – 3-4 қарлыға – 10-12 арония – 2-3 шырғанақ – 2-4 таңқурай – 6-9 бүлдірген – 6-8 ұшқат – 3-6 Бақтың жартысы және жартысынан артық алаңы жидек дақылдарына бөлінеді, олар ертерек жеміс салады: бүлдірген маусымның ортасында піседі, қарақат – шілдеде, таңқурай – тамызда. Жидектер, сөйтіп, жаз бойы ұзақ уақыт бойы – жаздың басынан күзге дейін өніммен қамтамасыздандырады. Сонымен бірге Қазақстанның солтүстігіндегі жидектілер басқа өңірлерде кең тараған аурулардан және зиянкестерден түкте зиян шекпейді. Орамды қалыптастырудың басты шарты – оны бір тұқымдықпен отырғызу. Орамда сұрыптарды орналастырғанда бір қатарға бір сұрып қана отырғызады. Әр орамда биологиялық өзара жақын сұрыптарды отырғызу тиімді: бір мезгілде гүлдейтін және жемістенуге бірдей шақта кірісетін, өнімді кезеңдерінің ұзақтығы ұқсас, бір уақытта пісетін және жемістері жиналатын. Жаздық, күздік және қыстық сұрыптарды жеке орамдарда және алапта орналастыру орынды. Бір орамда жазғы және күзгі немесе күзгі және қысқы сұрыптарды отырғызуға рұқсат етіледі. Сұрыптарды осылай орналастыру күтіп-баптаудың шығындарын едәуір кемітеді және агротехникалық шараларды сұрып топтарының биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді. Алма мен алмұрттың дерлік барлық сұрыптары өздік ұрықсыздар, яғни бір сұрыптық ағаштар плантациясы жеміс беруге қабілетсіз келеді. Тәттішиенің барлық сұрыптары өздік ұрықсыз, сондықтан бірнеше сұрыптарды орналастырып отырғызуды тілейді. Шие мен алхорының кейбір сұрыптары өздік ұрықтана алады, ал олардың басым бөлігі өздік ұрықсыз. Өріктің сұрыптарының басым бөлігі өздік ұрықтанады. Шабдалының негізгі сұрыптарының барлығы өздік ұрықтанады. Өздік ұрықтана алатындығына қарамай, айқас тозаңдану бұл сұрыптардың да өнімділігін арттырады. Жақсы тозаңдану үшін, стандартты сұрыптардан таңдалынған тозаңдатқыш – сұрыптар отырғызылады. Олардың ең басты міндеті – негізгі сұрыптардың жақсы тозаңдануын қамтамасыздандыру. Тозаңдатқыш – сұрыптарға қойылатын талаптар: негізгі сұрыптармен бір уақытта гүлдеуі; оларда жоғары сапалы тозаңдардың мол пайда болуы; отырғызылған негізгі сұрып пен тозаңдатқыш – сұрыпта өзара ұрықсыздандырудың болмауы; негізгі фазалардың (гүлдеу, пісу, т.т.) үйлесуі; негізгі сұрыппен жеміс салуға бір кезеңде кірісуі; ғұмырлылығы негізгі сұрыппен бірдей болуы. Тозаңдатқыш – сұрыптарды отырғызғанда бір сұрыптың тозаңы екіншісіне ауысатындай болуын ескереді. Бақта аралардың жұмысын бақылау барысында негізгі сұрып пен тозаңдатушы – сұрыптардың қашықтығы 50-60 м аспағаны дұрыс екені анықталды. Орамда негізгі сұрыпты 8-16 қатармен отырғызады, тозаңдатқыштарды осы жолақтардың жанында 2-4х8-16 м сұлбасымен – 2-4 қатармен. Алманың сұрыптарының қатарларда өзара тозаңдануын ескеріп орналасу сұлбасы мынадай болуы мүмкін: Уральское наливное – 1-4; 7-14; 17-20 қатарлар; Исилькульское тозаңдатқыш-сұрып ретінде – 5-6, 15-16 қатарлар. Әр мерзімде пісетін сұрыптардың (жазғы, күзгі, қысқы) әр орамында жетекші бір-екі негізгі сұрыптарды белгілейді де, қалғандарын тозаңдатқыштар ретінде пайдаланады. Өнеркәсіптік бақтарда дұрысы алманың және алмұрттың 2-3-тен жазғы және күздік сұрыптарын және 3-4 қысқы сұрыптарын отырғызу тиімді. Бұл өсіруге рұқсат етілген сұрыптарды нақты жағдайға бейімділерін таңдап алуға және агротехниканы үйлестіруге, аса қиналмай-ақ өнімді жинауға және тез жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қоректену алаңы және өсімдікті бақта орналастыру жүйесі
Жеміс бағын – бірімен-бірі өзара байланыстағы өсімдіктер бірлестігі ретінде қарау керек. Тектер мен сұрыптардың биологиялық ерекшеліктері, ауданның топырақ-климат жағдайы және бақты баптауды механикаландырудың ең жоғары талаптары бақтағы өсімдіктердің орналасу жүйесін анықтайды. Өндіріс жағдайында жеміс ағаштарын орналастырудың мынадай жүйесін пайдаланады: тікбұрышты, шаршылы, шахматты (үшбұрышты) және пішінді (контурлы). Қазақстанның солтүстігінде бақтарда ағаштарды тікбұрышты ең қолайлысы жүйемен орналастыру. Оңтайлы жағдай ағаштардың қатарының аса жиі болмай, ағаштардың арасындағы қашықтық қатарарлықтың енінің жартысына жуықтағанда қалыптасады. 5-кестеде жеміс ағаштарының ең тиімді орналасу сұлбалары келтірілген. 5-кесте. Қазақстанның солтүстігінде жеміс ағаштарын өнеркәсіптік бақтарда отырғызу сұлбалары
Тектер |
Қатараралық, м |
Бір қатардағы ара - қашықтық, м |
1 га өсімдіктер саны, дана |
1 |
2 |
3 |
4 |
1 |
2 |
3 |
4 |
Алма |
5 |
3-4 |
500-667 |
Алмұрт |
5 |
4 |
500 |
Алхоры |
4 |
2-3 |
833-1250 |
Шие |
3-4 |
1-1,5 |
1667-3333 |
Қарақат |
3 |
1 |
3333 |
Қарлыға |
3 |
1,5 |
2222 |
Таңқурай |
2,5-3 |
0,6 |
5556-6667 |
Бүлдірген |
0,8 |
0,2 |
62500 |
Үшқат |
1,5 |
0,5 |
13333 |
Шетен |
2,5 |
1,5 |
2667 |
Шырғанақ |
4 |
2-3 |
833-1250 |
Алаңды бақ отырғызуға бөлу
Бақты, оның жобасын бекіткеннен кейін, белгіленген жерге орналастырады. Бақ салуға таңдалып алынған жерді орамдарға (кварталдарға) бөледі, суландыру жүйелерін, жол торабын жүргізеді, бақ қорғағыш жолақтарды салады. Бақтың көлемі үлкен болса бұл жұмыстарды геодезиялық аспаптардың (теодолит, эккер) көмегімен атқарады, жерөлшегіш таспаларды, қадаларды пайдаланады. Орамішілік бөлулерді, яғни ағаштардың отырғызылатын орындарын белгілеуді қолмен немесе механизм күшімен жүзеге асырады. Қолмен бөлгенде алдын ала белгі қойылған жіптерді, сымдарды, сондай-ақ өлшегіш таспаларды қолданады немесе көздеу әдісімен орындайды (17 – А, Б, В – суреттері). Орамішілік бөлуді жіптің көмегімен жүргізгенде оны қатар бойымен түзу тартады. Қадаларды жіпте белгіленген орындарға қадайды. Қадалардың арақашықтығы өсімдіктердің қатар бойындағы арақашықтығына тең болуға тиіс. Жұмысты жеделдету үшін белгінің орнына бір уыс ақ затты (суперфосфат, әк, бор) төгіп, кейін қадаларды қағуға болады. Белгілеуші-жұмыскерлер телімде, 17 Б-сурет көрсетілгендей, ирелеңдеп қозғалады.
Топырақ толтырылған орлар
18-сурет. Телімді орамішілік бөлуді КРН-4,2 көмегімен атқару сұлбасы; АБВГ – негізгі сызықтар, а – биіктігі 1,5-1,8 м қада, әр 50-60 м сайын қойылады; б – түптегіш.
Жеміс ағаштарын орларға отырғызу үшін бөлуді таңбаланған жіппен жүргізеді. Кейін, орларды трактор соқасымен қазу үшін қадаларды ағаш отырғызылатын орынға емес, одан 1 метрдей алшақ қадайды. Бұл трактордың ор қазуына, тыңайтқыш енгізуіне кедергі жасамайды. Осылай бөлуді жылжытып бөлу деп атайды (17, В-сурет). Беткейлерде бөлуді екі қаданың түйіскен жерінде тегістік білдіргіші ағаш циркульдің (ұштарының арақашықтығы 2-2,5 м) көмегімен жүргізеді. Алаңды бақ салу үшін бөлудің алдында топырақты өңдейді, бетін тегістейді, тыңайтқыш енгізеді (топырақтың қасиетіне, құнарлылығына, жеміс ағаштарының талабына қарай), қажет болса жақсартқыш материалдарды (ізбестеу – қышқыл топырақтарды, ғаныштау – сілтілі топырақтарды) қолданады, топырақты терең (плантажды) өңдейді. Көң, шымтезек, қорда болмаған жағдайда болашақ бақ салынатын телімде 1-2 жыл бойы бір жылдық шөптер өсіріледі және олардың өсімдік массасын жасыл тыңайтқыш ретінде (сидерат) топыраққа араластырып, жыртады.
Екпе көшеттерді отырғызуға дайындау
Отырғызуға жақсы дамыған тамыр жүйесі бар және топырақ үстілік бөлігі зақымданбаған екпе көшеттер жарамды. Шіріген, жаншылған тамырлардың барлығы зақымданбаған бөлігіне дейін өткір қайшымен немесе өткір пышақпен кесіледі. Кесік тегіс, көлемі кішкентай және тамыр жүйесінің ішіне қарай бағытталуы тиіс. Егер тамырда шор не беріш (каллюс) болса, кесуді жаңғыртудың қажеті болмайды. Қабықта механикалық зақым немесе шірігендей болса, ондайда сол орын жарақаттанбаған ұлпаға дейін тазаланады да, бақ нұмы, петролатум, тіпті болмағанда саз жағылады және синтетикалық жарғақпен немесе кенеппен оралады. Тамырды құрғаудан қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Отырғызар алдында тамыр жүйесін арнаулы дайындалған топырақ быламығына батырып алады. Екпелерді отырғызу шұңқырларына бөлгенде, құрғамау үшін шұңқырларға көме тұрады. Егер отырғызылатын екпелер біраз уақыт ашық қалып, құрғағандай болса, олардың тургорын қалпына келтіру үшін, бір-екі тәулік суға салып қояды. Жақсы көндігуі және тамыры пәрменді өсу үшін суға өсу үдеткішін (0,1 % гетероауксин ерітіндісі) қосу керек. Отырғызылатын орнына тасымалдау кезінде құрғамас үшін тамырды дымқыл қапшықпен жабады. Қаңқалы бұтақтардың және тамырлардың сынбауына ерекше көңіл бөлген жөн.
Бақтың отырғызу мерзімі және технологиясы
Қазақстанның солтүстігінде жеміс ағаштары мен жидек бұталарын, олардың тектеріне, телімнің дайын болуына шаруашылықта күзгі және көктемгі кезеңдердегі жұмыстардың қаурыттылығына байланысты көктемде де, күзде де отырғызуға болады дейді профессор А.А. Гудзенко (1969). Көктем мұнда, әсіресе далалық аймақтарда, қысқа. Қар кетісімен іле, өсімдіктердің көндігуіне қолайсыз ыстық және құрғақ кезеңдер басталады. Осыған байланысты шыдамды ағаш тұқымдықтары мен сұрыптары, сондай-ақ көктемде өсуін ерте бастайтындарды (далалық және құмдық шиелер, еркін түрде өсірілетін алма мен алмұрттың сібірлік сұрыптары) күзде отырғызуды жоспарлаған жөн. Алманың, алмұрттың және төселе өсетін қышқыл шиенің нәзік сұрыптарын дұрысы көктемде отырғызу. Уссурийлік және канадалық алхорыны көктемде және күзде де отырғызуға болады. Шешуші жағдай маусым емес, күзгі және көктемгі отырғызуларды уақытында жүргізу саналады. Күзгі отырғызулардың тұрақты аяздар басталудан 2-3 апта бұрын, 15-20 қазаннан кешікпегені дұрыс, ал көктемде отырғызылатын барлық екпелерді танаптық жұмыстардың басталуының бірінші аптасында, бүршіктердің бөртуі басталғанша отырғызып болу керек. Күзгі отырғызуды кешеуілдету, көктемдіктілерде тіпті, екпелердің көндікпеуіне және сақталғандырының нашар өсуіне әкелуі мүмкін. Бұрынғы Қарағанды ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының көп жылдық тәжірибелерінде күзде отырғызуды уақытында, жақсы суландырып және дің айналасын жабындау жүргізу 99,5-100 % көндігуді көрсетсе, көктемдік отырғызуды кешеуілдету отырғызылған өсімдіктердің 40%-на дейінгілерінің көндікпеуіне әкелген. Жеміс ағаштарын отырғызудың 5 тәсілі бар: алдын ала дайындалған шұңқырларға қолмен немесе шұңқырқазғышпен отырғызу; шұңқырды алдын ала қазбай отырғызу; орларға отырғызу; экскаваторлық тәсіл және механикаландыру тәсілімен. Алдын ала дайындалған шұңқырларға отырғызу (19-сурет). Шұңқырды қолмен қазғанда ағаштың отырғызылатын орнын ағаш тақтайдағы белгі бойынша анықтайды. Тақтайдың ұзындығы 1,5-2 м, ені 10-12 см, қалыңдығы 3-4 см. Тақтайдың ортасында және екі шетінде ені және тереңдігі 3-4 см етіп жартылай домалақ кесік тіледі. Орды қазар алдында тақтайды қатар бойына ортаңғы кесігін қадаға бағыттап, ал бүйірлік кесігіне биіктігі 25-30 см қада қағады да, тақтайды шетке алып қояды. Қаданы айналдыра қазылатын шұңқыр қандай тұқымдыққа арналғанына байланысты, ортаңғы қадаға ілмекпен бекітілген сымның екінші ұшына үшкірленген таяқшамен ордың нышанын сызады (жасанды циркульмен). Алма мен алмұрт үшін шұңқырдың оңтайлы көлемі: ені 85-100 см және тереңдігі 60 см, алхорыға – 75-85 х 50 см, шиеге – 50х40 см.Шұңқырдан алынған топырақты екі жерге үйеді: жоғарғы құнарлы қабатты шұңқырдың бір жағына, төменгісін – екінші жағына. Шұңқырды топырақпен толтырмас бұрын, оның ортасына биіктігі 125-135 см қада қағады. Қаданың ұшы бөрікбастың бірінші бұталарының ұшымен бір деңгейде болуы керек. Қаданы шұңқырдың ішіне 15-20 см тереңдікке қағады. Сосын жоғарғы көкжиектің құнарлы топырағын шұңқырдың түбіне түсіреді. Шымын күрекпен ұсатады. Шұңқырға тасталған топырақты ептеп таптайды. Ағаш жақсы көндігуі және өсу үшін отырғызу кезінде тыңайтқыш енгізіледі. Ол үшін шұңқырға салынатын топырақты қордамен немесе жақсы шіріген көңмен араластырады. Шұңқырдың түбінен шыққан топырақты құнарсыз деп
19-сурет. Жеміс ағашын отырғызу техникасының сұлбасы: 1 – отырғызғыш тақтайды қадаға жақындату; 2 – шұңқырдың шетін белгілеу; 3 – шұңқырды дайындау; 4 – қаданы шұңқырдың ортасына қадау; 5 – шошақ төбешік жасау; 6 – екпені шұңқырға орналастыру; 7 – шұңқырды толтыру, шұқыршық жасау, суландырғаннан кейін жабындау және қадаға байлау.
есептеп, оны топырақ бетіне шашып тастайды да, оның орнын қатараралықтардан алынған топырақпен толықтырады. Әр шұңқырға 10-20 кг қорда немесе қарашірінді араластырылып енгізіледі. Әр шұңқырға 2 кг суперфосфат енгізу де пайдалы. Шұңқыр жартылай толтырылғанда қазық маңайына топырақты шошақ пішіндес етіп салады. Осы шошақтың төбесіне өсімдікті орналастырады. Мұндайда тамырларын тарамдайды, олар бірімен-бірі түйіспейтіндей болуы керек. Отырғызуды әдетте екі жұмысшы жүргізеді (20-сурет). Біреуі ағашты ұстайды және тамырын тарамдайды, екіншісі осы кезде топырақты шұңқырға салады. Шұңқырды толтыруды шеттерінен бастайды, әрі таптап отырады, мұндайда адамның аяғының ұшы ағашқа бағытталады, сонда сүңгекке және тамырға зақым келмейді.
20-сурет. Алманы отырғызу.
Отырғызушы тамырларға кесектің түспеуін, әрі тамырлардың арасында қуыс жер қалмауын қадағалайды. Ол үшін топырақ тастау барысында әлсін-әлсін ағашты сәл әрлі-берлі ырғайды. Ағаш толық көмілгенде, оның тамыр мойыны топырақ бетінен 5-7 см жоғары тұруы керек, себебі топырақпен бірге ағаш та шөгетінін ескерген жөн. Терең отырғызылғанда ағаш өсуін және жеміс салуын кідіртеді. Одан әрі ағаш есейген шағында терең отырғызылғандарында бұталарының ұшы қурай бастайды. Саяз отырғызылған ағаштар да нашар өсіп-дамиды, мерзімінен бұрын сола бастайды. Жеңіл топырақтарда екпелердің тамыр мойнын топырақ бетінен 3-4 см тереңірек отырғызады. Өйтпесе жеңіл топырақты жер үрлеп әкетеді де, тамырлар ашылып қалады. Егерде екпелер өсінді жолымен көбейтілген телітушілерге (алма парадизкеге немесе дусенге) телінген болса, оларды топыраққа телінген жеріне дейін тереңдетуге болады, себебі мұндай телітушілерде тамыр мойны жалған, шартты, сондықтан тереңдеткенде ағаш күйзелмейді, тіпті телітушінің тереңдетілген бөлігі қосымша тамырланады да ағашты қосымша қорекпен қамтамасыздандырады. Отырғызғаннан кейін ағашты қадаға екі жерден байлайды: екпенің бірінші қаңқалы бұтасынан 10-15 см төменірек және төменде, сүңгектің төменгі бөлігінің үштен біріне. Сегіздік тәріздендіріп байлайды, сонда жіп қада мен екпе діңінің арасында болады да оны қажамайды. Таңғыштың ілмегін екпенің діңіне жоғарырақ, ал қадада төменірек байлайды, сонда топырақ шөккенде онымен бірге екпе де отырады, бірақ қадаға асылып қалмайды және тамырлары ашылмайды. Діңнің жарақаттанбауы үшін таңғыштың түйінін қада жағында қалдырады. Таңғыш бос болуы тиіс, өйтпесе топырақ шөккенде қысып байланған таңғыш ағаштың шөгуін кідіртеді. Ұзын қадаларды екпенің төменгі бүйірлік қаңқалы бұтақтарына дейін қысқартады. Таңғыш материал ретінде жіпті, жөкені немесе талдың бір жылдық иілгіш шыбығын пайдалануға болады. Шұңқырды тамырының деңгейінде толтырғаннан кейін, ағашты айналдыра, 70 см қашықтықта биіктігін 20 см етіп топырақтан дөңгелетіп үйінді жасайды және ортасын сәл шұқанақтайды, бұл құйылған судың жан-жаққа ағып кетуіне кедергі жасайды. Шұқанақтың шеттерін су құйған кезде шайылып кетпеуі үшін күрекпен ұрғылап тығыздайды. Отырғызғаннан кейін екпені көктемде ме, әлде күзде ме, топырақ құрғақ па немесе ылғалды ма, оны ескермей, міндетті түрде суландырады. Суландыру топырақты ылғалдандыру үшін ғана емес, сонымен бірге топырақтың жақсы шөгуі және тамырларға жанасуы үшін де қажет. Топырақ тамырларға жақсы жанасқанда сорғыш тамырлар тезірек пайда болады. Егер тамырдың маңайында қуыс қалса, міндетті түрде зең пайда болады, мұндай тамырлар солады және опат болады. Әр ағаш түбіне екі кезекте 30-40 л су құяды, себебі су топыраққа бірден сіңбейді. Отырғызу мен суландырудың алшақтығы 1-2 тәуліктен аспауы керек. Суландыруды тек қолмен ғана емес, сондай-ақ су тасуға автоцистернаны және басқа да ыдыстарды пайдаланады. Ағынды суды пайдаланатындай мүмкіндік болса суландыруды атызға және ағаш түбі айналасындағы шеңберге су жіберіп жүргізеді. Суландырғаннан кейін ағаш түбі шеңберін, құрғақ топырақпен жабындайды. Жабындау топырақты құрғаудан қорғайды және екпенің көндігуін елеулі арттырады. Көшіріп отырғызылған екпелердің көндігу үдерісі күйзеліспен өтеді, себебі отырғызу барысында сеппелер қаңқалы бұтақтарының ұсақ тамыршаларының бөліктерін, өсетін және сорушы тамырларын толығымен жоғалтады. Көшіріп отырғызылған екпелердің тамырлары көктемде отырғызғаннан 2-3 апта өткеннен соң пайда болады, ал оған дейін өркендердің және тамырлардың дамуы өсімдіктердің ұлпасындағы қоректік заттардың есебінен жүреді. Жаңадан көшіріліп отырғызылған екпелерге келетін су мен қоректік заттар мөлшері шамалы болады. Тамырлардан қосымша су ала алмағандықтан, біраздан соң жапырақтар сола бастайды және екпе опат болады. Топырақ үстілік бөлік пен тамыр жүйесінің арасындағы өзара байланыстылық тепе-теңдігі бұзылады. Бұзылған өзара байланыстылықтың орнын екпелерді отырғызғаннан кейін топырақ үстілік бөлігін шырпумен қалпына келтіреді. Көктемде отырғызғанда шырпуды отырғызған күні жүргізеді, ал күзде отырғызғанда – оны көктемде. Шырпуды күзде жүргізуге болады, тек мұндайда, жарақат арқылы булану жүрмес үшін ол жерді бақ нұмымен, петролатуммен, бояумен бояу қажет. Егер тамыр жүйесі тым қысқартылса, онда бүкіл бүйірлік өркендер және ұластырушы өркеннің жартысын қысқартады. Егер де тамыр жүйесі жақсы сақталмаса, өркендердің ұзындығының үштен бірін немесе төрттен бірін қияды және оларды біріне-бірін бағынқылайды. Бүйірлік өркендерді сыртқы бүршікке шырпиды, сонда пайда болған өркен бұтақтың бағытында өсетін болады, ал орталық өткізгішті кесілген тікенге қарсы бүршікке шырпиды. Шырпығаннан кейін барлық бұтақтар жуықтап бірдей деңгейде болуы тиіс. Өткізгіш сабақ бұтақшаны, ол бүйірлік бұтақтардан 15-30 см биіктеу болатындай етіп шырпиды. Шұңқырды шұңқырқазғышпен (КЯУ-100 және КПЯШ-60) қазғанда еңбек өнімділігі 20 есеге артады, ал қаражат шығыны, қолмен қазғанмен салыстырғанда, 3 есе кемиді. МТЗ-50/52 тракторларымен агрегатталған КЯУ-100 шұңқырқазғышында диаметрлері 30,40,60,100 см бұрғылары бар және тереңдігі 80 см болатын шұңқыр қаза алады. КПЯШ-60 шұңқырқазғышы Т-54В тракторына тіркеледі немесе өздігінен қозғалатын Т-16 М шассиіне ілінеді. Мұның диаметрлері 40 және 60 см бұрғысы бар және терең жыртылған жерлерде аса терең емес шұңқырларды қаза алады. Шұңқырды алдын ала қазбай отырғызу. Мұндай отырғызуларды, отырғызу кезінде екпенің тамыр жүйесінің мөлшері бойынша (шұңқырдың диаметрі 30-60 см, тереңдігі 40-60 см), терең жыртылған жерлерде жасалынатын кішігірім шұңқырларға жүргізеді. Осылай отырғызу жалпы шығынды 1,5-2 есе кемітеді. Орларға (траншеяларға) отырғызу. Бұл тәсіл шұңқырға отырғызумен салыстырғанда қол еңбегін 2-3 есе азайтады. Орға отырғызудың тағы бір артықшылығы – қатар бойындағы топырақты терең қопсыту. Нәтижесінде жеміс өсімдіктерінің кейін өсуі және дамуы үшін жақсы жағдай қалыптасады. Бұл тәсілде болашақ қатарлар үшін тереңдігі 50-55 см атыздар жасалынады және оларды тыңайтқыш араластырылған топырақпен толтырады. Экскаваторлық тәсіл. Болашақ ағаштар қатары үшін тереңдігі 1 м дейін болатын экскаваторлық орлар қазылып, оларды органикалық және минералды тыңайтқыштармен, мелиорациялаушы және кәріздендіргіш (дренаждаушы) материалдармен, борпаң топырақпен толтырады. Бұл тәсіл топырақтың сумен шайылуының алдын алады. Механикаландырылған тәсіл –Т-100 типтес тракторларға тіркелетін сериялы шығарылатын МПС-1 бақ машинасын пайдалану. Машинаның ауысымдық өнімділігі – 7-10 га. Жүрісін баяулатқышы бар, ДТ-75, Дт-75 М немесе Т-74 тракторларына тіркелетін ағашотырғызғыш – СЛК-2 машинасын да қолдануға болады.
Отырғызғаннан кейін күтіп-баптау
Отырғызғаннан кейін екпелерді түзету (көлбеуленгенін тіктеу, топырақты тығыздау), шұқанақтар жасау, суландыру, қадаға байлау, бұтақтарды біріне-бірін бағыңқылау үшін шырпу, екпелерді кеміргіштерден қыста қорғау (бірнеше жылға жарайтын ұялы полимерлі торларды қолдану) жұмыстарын мұқият жүргізеді. Бақ салу барысында қауіпсіздік техникасын сақтау қажет: қадаларды дайындау, тасымалдау және белгіленген орындарына қадау, кескіш құралдарды абайлап пайдалану, материалдарды тиеу, тасымалдау және түсіру ережелерін сақтау; бақ салу кезінде бөтен адамдардың сол жерде болуына жол бермеу; жұмыс істейтіндер механикаландырушы құралдарға тым жақын тұрмауы қажет, екпе көшеттермен, машиналармен жұмыс істегенде қолқаптары болуы тиіс. Отырғызуды механикаландырғанда трактористің, отырғызушының, әперіп тұрушының алаңдауына, машинаның қозғалысы кезінде түсіп-шығуына рұқсат етілмейді, әперіп тұрушы мен тракторист арасында берік дабыл (сигнал) болуға тиіс. Бақ отырғызу аяқталғаннан соң акт жасалынып, соның негізінде көп жылдық ағаш екпелеріне төлқұжат толтырылады. Бұл құжатқа отырғызу, қосымша отырғызу, күтіп-баптау, тыңайтқыш енгізу және әр тұқымдас, сұрып, орам бойынша жылдағы өнім жинау туралы мәліметтер жазылады.
