- •1.2. Жеміс және жидек өсімдіктерінің морфологиясы
- •1.3 Жеміс дақылдарының тіршілігіндегі экологиялық себепшарттар
- •2.2. Тұқымбақтың міндеттері, құрылымдары және аумағын ұйымдастыру
- •2.3. Телітушіні өсіру технологиясы. Телітушілерді тұқымынан өсіру
- •2.4. Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру
- •3.2. Топырақты күтіп-баптау және өңдеу жүйесі
- •3.3. Екпе ағаштарға тыңайтқыш қолдану
- •3.4. Бақты суару
- •3.5. Ағаштарды шырпу
- •3.6. Бақ өнімін баптау
- •V тарау. Аз тараған жеміс өсімдіктері
- •VI тарау. Жеміс өсімдіктерінің зиянкестері мен аурулары және олармен күресу шаралары
3.6. Бақ өнімін баптау
Жеміс ағаштарын қысқы жарақаттанудан және кеміргіштерден қорғау
Қазақстанның солтүстігінде бақтарды аяз ұрудан және толық жойылудан сенімді сақтаудың ең бірінші және міндетті шарты-өзінің тұқым қуалаушылық негізі бойынша қысқа төзімді тұқымдар мен сұрыптарды таңдау керек дейді А.А.Гудзенко (1969). Сұрыптарды таңдауда жіберілген қателіктер бағбанның барлық іс-әрекетін желге ұшырады, тіпті баптаудың және қорғаудың ең жақсы тәсілдерін қолданғанына қарамай. Жеміс өсімдіктерінің төмен температураларға және климаттың басқа да қолайсыздықтарына жақсы шыдамдылығының шарттарының бірі олардың күйлерінің жақсы болуы, орташа және бірқалыпты өсуі, тым артық жеміс салмауы. Нашар баптаудан, зиянкестерден, аурулардан және шамадан тыс жеміс салудан әлсіреген ағаштар, азот тым мол берілген «өркендегіш», немесе күзгі жаңбырлардың немесе уақытынан кеш суландырудың нәтижесінде өсуін ұзартқандар сияқты аяздарға шыдамайды. Жеміс тұқымдарының телінген екпелерін тұқымбаққа қабылдау кезінде-ақ тым бойлап өспеген телітушілерге телінген, орташа өскендеріне басымдылық берген тән. Тым өсіп кеткен телітушілерге телінген, 3-4 жастағы тамырлары бар алма мен алмұрт, 2-3 жастағы алхоры тұқымбақта қаулап өседі және қысқа төзімсіз сүрек қалыптастырады. Діңнің және бұтақтардың мұндай сүрегі көңді немесе минералды азотты тұқымбақта немесе жас бақта тым артық бергенде пайда болады. Керісінше, фосфорлы және калийлы тыңайтқыштардың жоғары мөлшері (1м2 70 г дейін суперфосфат және 30 г калий тұзы) қысқа төзімділікті күшейтеді. Жеміс ағаштарының төмен температураға төзімділігіне, сондай-ақ бақтың топырақ жағдайы да әсер етеді: ылғалды және ауыр топырақтар өркендердің жетілуін тежейді және ағаштың қысқа төзімділігін кемітеді. Жер бедерінің де маңызы өте зор. Бақтың ойпаң телімдерінде жеміс ағаштары аяздардан қатты зардап шегеді, қырқалау бедермен салыстырғанда. Жер телімінің әсіресе табақша тәрізді ойпаң бөлігі өте қауіпті, ол жер суландыру нәтижесінде артық ылғалданады, ал қыста ол жерде суық ауа шоғырланады, ағаштардың үсуін күшейтеді. Сұрыптың қысқа төзімділігі телітушіге байланысты едәуір өзгереді. Бұрынғы Шортанды тәжірибе стансасында алманың ірі жемісті оңтүстік сұрыптарын воронеждік орман алмасына телігенде бірінші қыста 42-84 %, екінші қыста 96-100 %-ы опат болған, ал сол сұрыптарды сібірлік телітушілерге телігенде қыста небары 14-15 % опат болған. Жеміс өсімдіктерінің жарақаттану деңгейі көбінесе ауа температурасының төмендеу жылдамдығына тәуелді. Өсінді кезеңінде жылылықтың суыққа тез ауысуы өсімдіктердің шынығу деңгейін төмендетеді және қысқы кезеңде олардың жарақаттануын көбейтеді. Бір өсімдіктің әртүрлі мүшелерінің төмен температураға төзімділігі бірдей емес. Айталық, қыста төмен температурада жемістік бүршіктер, өсінділерге қарағанда жиі опат болады, сүрегіне және шелқабығына қарағанда өзегі жиі шалдығады; сүрегі мен шелқабығы, камбийі мен өсу нүктесіне қарағанда жиірек. Қысқы жарақаттанулар жиі бұтақтардың және сидамдардың үсуі түрінде білінеді. Қатты үсігенде қаңқалы бұтақтардың басым бөлігінің опат болуы байқалады. Аяздармен зақымдануы, сондай-ақ діңдердің жарылуы және қабығы мен камбийдің, қыстың ортасында және соңында күндізгі-түнгі температуралардың әртүрлі ауысуы туындататын күн «күйдіруі» түрінде байқалуы мүмкін. Қары аз қыстарда, әдетте шынығуы кеш басталатын тамыр мойындарының үсуі мүмкін. Аяз ұрған ағаштарды кесумен және телумен қалпына келтіреді. Бір жылдық бұтақтардың ұштары шамалы үсігенде кесуді, өсінді басталғанша, сау сүрегіне дейін жүргізеді. Қаттырақ зақымданғанда, ұлпалардың қараюы немесе қоңырлануы бойынша жарақаттану деңгейін анықтау қиынға соққанда, ағашты бүршіктері атқанша және өркендері өсуін бастағанша кеспейді. Мұндайда жасарту түріндегі кесуді жүргізеді – бұтақтарды жақсы орналасқан бүйірлік бұтақтары мен өркендеріне дейін қысқартып, анық опат болғандарын аластайды. Бүршіктерінің жандануы әлсіз болғанда, барлық бұтақтарын келесі көктемге дейін қалдырады. Телінген жеріне дейін үсіген ағаштарды, қосымша өркендердің және топырақ үстілік мәдени бөлігінің өсуін туындату үшін, сол үсіген жеріне дейін кеседі. Осы өркендерден бөрікбас қалыптастырады. Аяздан қатты зардап шеккен алманың, алхорының және тәттішиенің жас екпелерін мәдени өркеннен қалпына келтіруге болады және тиімді. Жеміс өсімдіктерін осылай қалпына келтіру арзанға түседі, алғашқы өнімді 2-3 жыл ертерек алуға болады (В.А.Колесников, 1979). Топырақүстілік және топырақастылық жүйелері бірдей үсігенде ағаштарды түбірімен қопарады. Егерде ағаштың тек тамыр жүйесі үсісе, діңнің қасына бір жылдық жас ағаштар (2-4) отырғызады да, өркенін жартылай қысқартады, ал қиғаш кесілген ұшын діңнің қабығының астына енгізеді. Тұтасып бітісу жүреді, ал ағаштар осы телінген кішкене ағаш арқылы қоректенуге көшеді. Діңнің ұлпасы опат болғанда, әсіресе оның төменгі бөлігінің, көктемде көпірлеп телу жүргізеді. Ересек ағашқа бірнеше қалемшелерді (бірінен-бірі 5 см қашықтықта) телиді. Көпіршелеп телігенде өркені болса, соны пайдалануға болады. Мұндайда өркеннің жоғарғы ұшын кесіп, қажетінше сәйкестеп ұштайды және сүңгектің опат болған қабығынан жоғарырақ қабықтың тірі ұлпасына кіріктіреді. Көпірлеп телуді ағашты кеміргіштер зақымдағанда да қолданады. «Күнге күю» - қабықтың оңтүстік және оңтүстік батыс жағынан опат болуы. Қабықтың опат болуы күндізгі және түнгі температуралардың, көбінесе қыстың екінші жартысында, күрт құбылыуының нәтижесінде жүреді. Мысалы, ақпанда оңтүстік – батыс жағындағы қабықтың температурасы солтүстік-шығыс жағынікінен, айырмашылығы кейде 20оС жетеді. Қара пигменті күн сәулесін өткізеді де ол қатты қызады. Температураның көтерілуі ұлпалардың жібуін қоздырады. Қабықтың жарақаттануының алдын алу шараларына жатады: ағашты аласа сүңгекті түрлерде өсіру және күюге ең шыдамды сұрыптарды таңдау; сүңгекті күнбағыстың сабағымен, қамыспен, пластмасса таспасымен, қалың қағазбен орау; сүңгекті ізбеспен әктеу немесе ізбес қосылған сазды немесе қи қосылған сазды (1:1) жағу. Сүңгекті орап байлау тек жас ағаштарға қолданылады және ол күннің күйдіруінің алдын алатын шара болумен қатар, кеміргіштерден де қорғайды. Әктеу ақ түстің тікелей түскен күн сәулесін шашырататын қасиетіне негізделінген және сонымен сүңгектің қызуына жол бермейтініне. Әктеуді күзде кеш немесе көктемде ерте жүргізеді. Көктемдегі кеш жүргізілген әктеу мақсатқа сай болмайды, себебі күннен жарақаттанудың ең қауіпті кезеңі – ақпан және наурыз. Әктеуге қолданылатын негізгі материал болып 3 % тотыяйын және 2 % казеин желімі немесе ВС-511 су эмульсиялы бояуы қосылған ізбес саналады. Бұл қабықты күн көзінің күйдіруінен қорғайды, қабық ішінде қыстаған зиянкестердің жойылуына әсер етеді. Әктеу алдында дің және негізгі бұтақтар опат болған қабықтардан тазартылады. Жас бұтақтарда сүңгектерді және негізгі қаңқалық бұтақтарды тышқандардан және қояндардан қорғау үшін қаптап байлаудан басқа, сүңгекті қысқа қарай металл немесе полиэтиленді торлармен қоршайды. Тышқандарды жою үшін уландырылған жемдерді қолданады.
Ағаштарды күтіп-баптау
Сүңгек пен қаңқалы бұтақтардың негізі – ағаштың ең осал бөлігі болып саналады. Олар күннен күюге, жарылуға, аязға ұрынуға, зиянкестердің жарақаттауына бейім тұрады. Ағаштың басқа бөлігіне қарағанда олар жиі жарақаттанады. Ағашты күтіп-баптау жүйесіне қабықты тазалау, түбірлік өркендерді аластау, бұтақтарды беріктендіру, кеуектерді емдеу жатады. Жасы келе ағаш сола бастайды. Ескі қабық сидамның және қаңқалық бұтақтардың жуандануына кедергі жасайды. Сондықтан опат болған қабықтарды жылда аластау керек. Қабықты тазалаумен қатар, оның ішінде қыстаған зиянкестерді де бірге жояды. Дұрысы опат болған дымқыл қабықты аластау. Мұны күзде, жапырақ түскеннен кейін жүргізеді. Жас ағаштарда қабықты жүзі мұқалған қырғышпен тазалайды, ересектерінде – алдымен арнаулы темір қырғышпен, кейін сым мәуесекпен (щеткамен). Қыршу барысында жас қабықты жарақаттан қорғаған жөн. Ағаш қабықтарын қапқа, жерге төселген полиэтилен пленкасына салып, сыртқа шығарып, жағады. Аяз басталғанша сүңгекті және қаңқалы бұтақтары әктеу керек. Тамыр өркендері жеміс ағаштарын қатты әлсіретеді, себебі тамырдан және діңнің негізінен тараған жас өркендер қоректенудің ең оңтайлы жерінде (жағдайында) орналасқандықтан пәрменді өседі және ағаштың дамуына қатты кедергі жасайды. Өркенді кескен кезде оларды топырақтан тазартып және сүңгекке жақындатып, түбір қалдырмай кесу қажет. Өркенді топырақ бетінің деңгейінде кеспеу керек, мұндайда ол біраздан кейін қайтадан пайда болады және өте көп мөлшерде. Жас ағаштарды қалыптастырғанда дің мен бұтақтардың арасындағы сүйір бұрыштарды ағаш кергіштермен кеңейтеді немесе шалқалап өскен бұтақтарды діңге тартып байлайды. Осы мақсатта ағаш қадаларды, сым тартылған қадаларды қағу ағаштарды қалыптастыруды жеңілдетеді және діңдерді тым керіп тартудан қорғайды (26-сурет).
26-сурет. Көлбеу бұрышын өзгерткенде бұтақтарды бекіту тәсілдері: 1-сым бекіткішті қолдану (бұтақтың алғашқы жағдайы үзбе сызықпен көрсетілген); 2 - кергіштер; 3 - бұтақтарды байлау: а - діңге, б - қадаларға, в-төменгі бұтақтарға, г, д - бағыттағыш тақтайшаларға; 4 - тым шалқайған бұтақтарды байлау (Н.М.Куренной және т.б. бойынша, 1985).
Ағаштардың кеуектілігі – ағаштардың ішкі ұлпаларының бұзылуы нәтижесінде діңдер мен жуан бұтақтардың ішінде қуыстардың пайда болуы. Кеуектілік механикалық жарақаттанудан кейін басталатын жарақаттың шіруінің соңғы сатысы болады да, ол жерге сапрофитті саңырауқұлақтар мен бактериялар қоныстанады. Кеуектің пайда болуына өз үлесін ағаш кеміргіш құмырсқалар да қосады. Кеуекті ағаштар өсуін әлсіретеді, кейін опат болады, себебі беріктігін жоғалтады және желден оңай сынады. Уақытында емделген кеуектілік әрі қарай ұлғаймайды да, ағаштың өміршеңдігі ұзарады. Кеуекті емдеу барасында шіріген ұлпалардың барлығын аластап, дертсіз сүрегіне дейін тазалап, формалиннің, алмастың 1% ерітіндісімен, темір немесе мыс тотыяйын-ның 3,5% ерітінділерімен зарасыздандырылады да, оқшаулағыш жағындыны жағады. Кейін кішкентай кеуектерге ағаш тығындар қағады, ал үлкендеріне саз балшықтың, құмның ұсақ тастың қоспасы толтырылады және бетін цементпен сылайды. Ағаштардың кеуектерін күзде емдейді. Емдеуге шақпы, бақ пышақтары, ағаш балғалар, қыл қаламдар қолданылады. Қабық саңырауқұлақ және бактериялы аурулармен заладанғанда әдеттегі тәсілмен тазалайды да, міндетті түрде 3 % мыс тотыяйынының ерітіндісімен, 5-7 % темір тотыяйынының ерітіндісімен немесе 1% нитрафенмен өңдейді. Қабық немесе бұтақ қара ісікпен залалданса ағаштың бүкіл залалданған қабығын сүрегіне дейін 1-2 см тірі қабығын қоса өткір пышақпен ойып алады. Кейін бұл жарақатқа петролатум немесе нигрол жағындысын жағады. Ісігі көп бұтақтарды кесіп алып, басқа ағаштар мен бұтақтарды заладандырмау үшін, жедел жағып жібереді. Бақтарды тозаңдатуға араларды пайдалану. Бал беретін аралар – жеміс дақылдарының гүлдерін тозаңдататын негізгі тозаңдатқыштар. Тозаңдану жақсы жүруі үшін бақтың әр гектарына 2-3 бал ара ұясын әкеп орналастырады. Ұяларды 25-35-тен топтап бірінен-бірін 400-600 м қашықтықта қояды. Ұялар бақта болған кезде пестицидтермен өңдеуді жүргізбейді. Аралардың жеміс ағаштарының гүлдеріне қону қарқындылығы күні бойы әртүрлі. Ол сағат 8-ден үдей түсіп 12-14 сағатта ең жоғары шегіне жетеді, яғни гүлдердің шырындарын мол бөлуі және аналық аузында тозаңдардың өнуіне (ұрықтануға) қабілеті жоғары кезінде. Ең қуатты бал ара ұялары (6-8 кәсектегі ұрпақта 8-12 ұяшық) ғана жеміс ағаштарын толығымен тозаңдатуға жарамды. Жеміс ағаштарын көктемгі бозқыраулардан қорғау. Бозқырау – температураның кенеттен 0о-қа және одан да төмендеуі. Әдетте олар қысқа мерзімдік және таңға жуық басталады. Жеміс дақылдары бозқырауларға өте сезімтал, әсіресе гүлдеу және жас түйіндерін байлаған кезеңдерінде. Жеміс ағаштарының жекелеген мүшелерінің жарақаттануы жасуша сөлінің концентрациясының төмендеуімен байланысты. Көктемде жасуша ұлпалары сумен қанығады да, солар температура сәл төмендегенде қатаяды. Әсіресе көктемдік кеш бозқыраулар қауіпті. Бозқыраулар түнгі сәуле шашудың немесе салқын ауаның келуінің нәтижесінде пайда болады. Бозқыраудың бірінші түртегін (типін)радиациялық, екіншісін – келген немесе әкелінген (адвентивті) дейді. Бозқыраулардың аралас (ең суық және қауіпті) типтері болуы мүмкін.
Бозқыраудың бірінші типіне ашық, тымық, желсіз ауа райы тән. Жер бедерінің ойпаңдау жерінде бозқырау ең жоғарғы шегіне жетеді және күшті зиян келтіреді. Бірақ түнгі сәуле шығарудан пайда болған бозқыраулар қысқа мерзімдік және суықтардың қайталануымен болатын бозқыраумен салыстырғанда зияны аздау. Соңғыға келсек ол үлкен кеңістікті қамтиды, бірнеше тәулікке созылады және бұлтты күндері қатты желдермен қабаттаса жүреді.
27-сурет. Бозқырау түсуін болжау сызбакестесі (графигі)
Метеорологиялық стансалар бозқырау боларын хабарлайды. Оның болатынын температураның жедел төмендеуі бойынша да сезуге болады (27-сурет). Мысалы, 13 сағатта (күндізгі сағ 1-де) градусник 17оС жылуды көрсетіп тұрды, ал 21 сағ (кешкі 9-да) температура 8оС-ға дейін төмендеді. Күндізгі және кешкі температура айырмашылығы 17-8=9оС. Сызбакестенің бойлық тік сызығының 9 санынан көлденең сызықтағы 8 сананың қарсысына дейін қиылысқанша сызық жүргіземіз. Қиып өту нүктесі «бозқырау мүмкін» секторына келеді, яғни бұл түнде бозқырауды күтуге болады. Қазақстанның солтүстік облыстарында мамырдың екінші жартысында – маусымның басында бозқыраулар жиі байқалады. Олар гүлдеп тұрған бақтарға елеулі зиян келтіреді. Бозқыраулармен күресу тікелей және жанама болуы мүмкін. Бақтарды ауа кәрізі бар беткейлерде орналастырғанда, гүлдеп тұрған ағаштарды жарақаттау деңгейі төмендейді. Олармен күресуде, атмосфераға жылудың ұшылуын кемітетін түтіндетуді қолданады. Түтінді жабындыны А-5 түтіндеткіш құтыларды (1га 13-ке дейін), АГ-УД-2 аэрозольды агрегатты пайдаланып немесе әртүрлі органикалық заттарды (сабан, жапырақтар, ағаш үгінділері, шымтезек, сабанды көң, т.т) үйінді түрінде (1 га 200 және одан да көп) үймелеп жағады. Түтіндетуді ауа температурасы 1,5-2,5оС дейін төмендегенде бастайды да, күн шыққаннан 1-2 сағ. өткен соң тияды. Таң атқаннан кейін күн сәулесі, қауіпті, себебі ұлпалардың жібуін тездетеді, нәтижесінде ұлпалар опат болады. Ауа температурасының көтерілуіне және жасушаның ұлпаларындағы судың баяу қатуына, топырақты суландыру және өзіндік жылуы жоғарырақ сумен ағаштарды бүрку мүмкіндік жасайды. Бозқырау кезінде бөлініп шығатын 336 кДж жылу кейде өсімдіктерді үсуден қорғауға жеткілікті, себебі бұл жылу температураның 2-3оС оң ауытқуын қамтамасыз етеді. Суландыру суы қашанда тез суыған ауаға қарағанда жылырақ келеді. Ол салқындай келе, өзінің жылуын топыраққа және топырақ бетіндегі ауаға беріп, оның температурасын көтереді. Су буланып, ауаны дымқылдандыра түседі, ал ауа, түтін жабыны сияқты, топырақтың жылу шығаруын тежейді. Ауаның ылғалдылығы көтерілгенде алдымен шық түседі, сол кезде бу пайда болуының жасырын жылуы бөлінеді де, нәтижесінде ауаның температурасы бір төмендеп бір жоғарылайды. Түтіндетумен немесе суландырумен неғұрлым үлкен алаң қамтылса, соғұрлым нәтижесі сенімдірек болады. Түтіндету мен суландыруды қосарландыра қолданып үлкен тиімділікке жетуге болады. Жаңбырлатып суарғанда (бүріккенде) бұтақтарда пайда болатын жұқа мұз қабыршақтары ұлпалардың температурасын 0оС маңайында ұстайды. Судың шығындалу қарқындылығы 20-25 м3/сағ., өңдеудің басталуы – 1-1,5оС температурада, ұзақтығы – үздіксіз, ауаның температурасының таңертең 0оС жоғары болғанынша. Кішігірім бақ телімдерінде, әсіресе бағалы жеміс дақылдарын (айталық, цитрустыларды) өсіргенде, бозқыраумен күресу үшін ауаны арнаулы мұнай шытырларымен, термошамдармен, пештермен жылытады. Судың және жылы ауаны араластыру үшін реактивті қозғалтқыштарды пайдаланады.
3.7 ЖЕМІСТЕРДІ ЖИНАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
Өнімділікті болжау және анықтау. Өнімділікті анықтау үшін бақтың сұрыптық және жас құрамы, олардың өткен жылдардағы өнімділігі жөнінде нақты мәліметтерді білу керек. Болатын өнімді үш рет анықтайды: байланған гүл бүршіктерінің саны бойынша күзде; көктемде, гүлдеу кезеңінде және соңғы рет түйіндер маусымда түскеннен кейін жекелеген бұтақтардағы (үш ағаштың үш бұтағында) қалыптасқан жемістерді санаумен және оны бір ағашқа есептейді. Бір ағаштағы жемістердің орташа санын бір жемістің орташа салмағына және бір гектардағы ағаштар санына көбейтіп, 1 гектардан алынатын болжамды орташа өнімді анықтайды. Алынған деректерді қосып және 10 % кемітіп (шашылатындарына), бақтан алынатын бүкіл өнімді білуге болады. Өнімді жинау. Жиналған өнімнің сапасы, оның тасымалдылығы және сақталуының ұзақтығы көбінесе жемістердің жиналу уақытына байланысты. Уақытынан бұрын жиналған жемістерде қажетті дәмділік болмайды және нашар сақталады. Тым піскен жемістер ағаштан оңай шашылады, дәмдік сапаларын жоғалтады, сақтағанда ұнтақтанады және борпаңданады. Жемістердің пісуінің 3 деңгейін ажыратады: жинаулық (үзу), техникалық және тұтынушылық. Жинаулық пісуі жемістерде негізгі өсу үдерісі, заттардың жиналу үдерісі тоқтағанда, жемістер сұрыпқа тән түс пен хош иістілікке ие болғанда басталады. Техникалық пісу жинаулық пісуден 2-3 тәулік кеш басталады, жиналынған жемістер өңдеуге және алысқа тасымалдауға пайдаланылады. Тұтынушылық (толық) жетілуге жеміс қоймада жетеді. Ағаштардан жемістерді жинаулық пісуге жеткенде, олардың қабығы сұрыпқа тән түске енгенде, жемістік бұтақшадан жеңіл жұлынатындай болғанда, ең жақсы дәмге, хош иістілікке және мәйегінің консистенциясына жеткенде жинайды. Шекілдеуіктілердің жазғы сұрыптарын толық пісуінен 2-5 күн бұрын үзеді, ал сол жерде пайдалануға – тұтынушылық пісуі кезінде. Алма мен алмұрттың күзгі сұрыптарын жинаулық пісуінде – тамыздың соңы – қыркүйектің басында жинайды; 10-30 күннен соң олардың тұтынушылық жетілуі басталады. Қысқы сұрыптарды қыркүйектің соңында жинайды, олардың толық пісуі 2-6 ай сақтағаннан және одан да кейін басталады. Жидектілердің және сүйектілердің алысқа жөнелтілетін жемістерін толық пісуінен 2-3 тәулік бұрын жинайды, ал жергілікті жерде пайдалануға – толық піскен кезеңінде. Алма мен алмұрттың жазғы сұрыптарын тұқымдары әлі ақ болғанда, күздіктерін – тұқымдарының жартысы қоңырлана бастағанда жинайды. Қысқы сұрыптардың жемісіндегі тұқымдары үзу алдында қоңыр түсті болады. Аталынған пісу белгілері жанама мәнге ие. Ең дұрысы йодкрахмалды сынамамен бағалау. Ол үшін жемісті көлденең кеседі және йодтың йодид калийдегі 1% ерітіндісімен ұлпасын бояйды. Крахмал мөлшерін бес ұпайлық шәкілмен (шкаламен) бағалайды: 5 ұпай – крахмалы көп, жеміс піспеген, 1-ұпай крахмалы жоқ немесе сәл білінеді, жеміс пісіп кеткен. Ұзақ сақтауға сынау кезінде 3-4 ұпай (тұқым жатындарының маңайында және жеміс сағағында көк түстенбейді) алған жемістерді жинайды; қысқа мерзімдік сақтауға және тасымалдауға – 1-2 ұпайлықтарды (жемістің мәйегі көк түстенбейді, сарғылттанады). Жемістер мен жидектерді жинаудың екі тәсілі бар: қолмен және механикаландырып. Қолмен жинағанда шекілдеуіктілердің жемістерін жеміс сағағымен, жемістерді қыспай және балауызды нәлі сақталатындай ептеп үзеді. Үзетін алманы (алмұртты) алақанға ұстап, сұқ саусақты жемістің үстіне келтіреді де, жемісті жоғары көтеріп жеміс сағағын жеміс бұтақшасынан үзеді. Жемісті жинауды төменгі бұтақтардан және ағаш бөрікбасының шеттерінен бастап, бірте-бірте жоғарғы бұтақтарына және бөрікбастың ішіне қарай ауысады. Алдымен жерде тұрып үзуге болатындарын үзеді, сосын бірте-бірте жоғарылай береді – сатыменен, платформалармен. Жеміс жинаушылардың еңбек өнімділігін есепке алу үшін әр жәшікке жинаушының тегі, есімі жазылған құлаққағаз салынады. Жемістерді себетпен мұқият қоймаға жеткізіп, сұрыптайды және ыдыстарға орналастырады. Кейде жиналған жемістерді үлкен жәшіктерге салып, арнаулы машиналармен тоңазытқыштарға жеткізеді де, кейін сұрыптайды. Сүйектілердің (шие, тәттішие, алхоры) жемісін сабағын қайшымен кесіп, жинайды. Сол қолмен бұтақты көтереді және астаушаның үстінде ұстайды, оң қолмен піскен жемістерді қияды, олар астауға түседі. Астаушадан жемістерді себетке немесе қорапқа салады. Жоңқа жәшіктерде тасымалдайды, оларды екі-екіден топтамалайды. Техникалық өңдеуге арналған шиенің жемістерін ағаштан жеміс сағағынсыз жинайды. Бүлдіргенді жинағанда жидегін жеміс сағағының бір бөлігімен және гүл тостағаншасымен жинайды, сонда жинаушының қолы жидекке тимейді. Жидектерді тұтынушыға жеткізетін жәшіктерге жинайды. Мықты жеміс сағағы бар цитрустыларды, інжірді бақ қайшысымен қиып, жинайды. Өнімді қолмен жинағанда бақ құрал-саймандарын (саты, тұғырық, себет, т.т.) немесе әртүрлі түртекті көтергіштерді (өзі қозғалатын, тракторға ілінетін, т.т.) пайдаланады. Бұл өнім жинауды жеңілдеткенімен жұмыс сипатын өзгертпейді. Жұмыс өнімділігі артады (25-40%-ға), жұмыс жеңілдейді, бірақ айтарлықтай тиімділік болмайды. Механикаландыру тәсілі – жемістерді ағаштан немесе бұтадан дірілдеткіштермен немесе пневматикалық сілкілдетіп, төселген төсеніштерге (брезент және т.т.) сілкіп түсіру. Брезентке қабығы тығыз (жаңғақ, бадам, алманың кейбір сұрыптары) жемістерді және техникалық өңдеуге қолданылатын жемістерді сілкіп, жинайды. Сүйектілердің жемістерін (шие, тәттішие, өрік, алхоры) қағып алғышы және жеміс жинауға арналған астаушалары бар бақ сілкілегіштерімен жинайды. Жидек дақылдарының (қарлыға, қарақат) жемістерін жинауға, түскен жидектерді қағып алатын сілкілегіш ЭЯМ-200-8 түртекті машинаны пайдаланады. Жидекпен бірге түскен жапырақтарды желдеткішпен аластайды. Сілкілегіш машиналар жидектердің жапырақтарын зақымдайтындықтан, айталық, қара қарақатты екі жылдық дақыл ретінде өсіріп, әрбір екі жылда бұтаның топырақүстілік бөлігін орып алады. Орылған бұтақтардан жидектерді машиналармен сілкілейді. Бүлдіргенді жеміс сағағын кесетін машиналармен жинайды. Өңдеуге арналған жемістерді ВСО-25 «Стрела», ПСМ-55, ВУМ-15А, ЭЯМ-200-8, МПУ-1А машиналарымен жинайды. МПУ-1А комбайны жемістерді сілкілейді, қағып алады, тазалайды және контейнерлерге салады. Ағаштың орта және жоғарғы тұсынан жемістерді үзуді жеңілдету үшін ПКО-5 және ПОС-5 тұғырларын, тасымалдауға – ПТ-3,5 және ВУК-3 контейнертасығыш тұғырларды пайдаланады. Жемістерді тауарлы өңдеу. Бұл сапасы бойынша сұрыптаудан, тауарлы сұрыптар шегінде мөлшерлері бойынша іріктеуден, жәшіктерге салудан, таңбалаудан және өлшеуден тұрады. Жемістерді стандартқа сәйкес сұрыптайды: стандартты тауарлы сұрыптардың сапасын кешенді көрсеткіштермен және рұқсат етілген жарақаттармен анықталады. Алманың жазғы сұрыптарын 1 және 2 тауарлы сұрыптарға, күзгі және қысқыларды жоғарғы (тек 1 помологиялық сұрыптар үшін), 1, 2 және 3; алмұртта – 1, 2 және 3, шабдалыда – жоғарғы, 1 және 2 сұрыптарға бөледі. Алма мен алмұртты (қысқы және күзгі сұрыптарын) жоғарғы және 1-ші тауарлы сұрыптарға іріктейді. Ол үшін жемістерді бірінен-бірінің айрмашылығы 5-10 мм мөлшерлердегі бір типтілерге бөледі. Алхорының, шабдалының және өріктің жемістерін де іріктейді. Тасымалдау кезінде жемістердің зақымдануын кеміту үшін оларды жәшікке үш түрлі тәсілмен орналастырады: қатарлап, шахмат және қиғаштап. Қатарлап орналастыру тәсілінде жемістерді қатар бойында біріне-бірін тығыз және қатаң қарама-қарсы орналастыру керек.Шахмат тәсілінде жемістер 1 қатарда біріне-бірі жанасады, ал 2 қатардағылар бірінші қатардағы жемістердің арасында орналасады,қиғаштау тәсілінде қатардағы жемістердің арасында 1-2 см қуыс қалдырады да, көршілес қатардың жемістерін осы қуысқа орналастырады. Орағыш материал ретінде ағаш жаңқасын, қағазды, қалың қатырма қағаздарды пайдаланады. Жоғарғы сұрыптың жемістерінің әрқайсысын жұқа қағазға орайды, ал қатарларды бірінен-бірін жаңқамен немесе қағазбен бөледі. Жәшіктің қабырғаларын жемістен қағазбен оқшаулайды, ал жәшіктің түбіне және үстіңгі бетінің астына қалың қатырма қағаз салады. Алманың және алмұрттың 2 және 3 тауарлық сұрыптарын және алхорының, өріктің, шиенің, тәттішиенің, жидек дақылдарының жемістерін бос салады. Алма мен алмұрттың жемістерін ВУ-1,5 дірілдеткіштерімен тығыздайды. Жемістерді жәшіктің бетіне дейін орналастырады да, үстін жаңқамен жабады және қақпағын шегелейді. Шегеленген жәшікті таңбалайды, сұрыптың помологиясы және тауарлығы, жөнелтуші-шаруашылықтың атауын, орап-салынған күні, орап-байлаушының аты-жөні көрсетілген құлаққағаз (этикетка) жапсырылады. Тауарлық өңдеу жұмыстарының барлығын жеміс орап-салғыш нысандарда, арнаулы үстел үстінде орындайды. Жемістер үстелге таспалы конвейермен жеткізіледі. Әдетте үш жұмысты: сұрыптауды, іріктеуді және орап салуды бір адам атқарады. Ірі шаруашылықтарда жемістерді тауарлы өңдеуді механикаландыру үшін бір аусымда 15-25 жұмысшы 20 тоннаға дейін жемісті сұрыптауға, іріктеуге және орап салуға болатын ЛТО-3, ЛТО-3А, ЛТО-6 жүйелерін пайдаланады. Жемістерді, сондай-ақ АСК-2, СКЯ-3 жүйелерінде және жылжымалы жеміс орап салғыш АПП-1,5 агрегатында сұрыптайды және іріктейді.
ІV ТАРАУ. ЖИДЕКТІК ДАҚЫЛДАРДЫҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ӨСІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
Бүлдірген
Биологиялық ерекшеліктері. Қысқа, биіктігі 10 см-дей, топыраққа жарым-жартылай енетін бұтақтанғаш сабақты, көгентамыр қалыптастыратын көп жылдық шөптесін өсімдік. Шашақ тамыры топырақтың 20-25 см қабатына тарайды, кейбіреуі – 50-60 см тереңдікке. Өсімдіктің топырақ үстілік бөлігі өркендер мен жапырақтардың үш түртегінен тұрады: мүйізшелер, мұртшалар, гүлсидамдар (28-сурет). Мүйізшелер – ұзындығы 1-1,5 см болатын, бір жылдық қысқа өсім. Мүйізшеде ұштық бүршік, 3-7 жапырақты дегелек, бүйірлік қолтықтың бүршігі және негізінде өсіндісі – қосалқы тамырлары болады. Жоғарғы жапырақтың ұштық және қолтықтық бүршіктерінен (жиі біріншісінен, кейде екіншісінен) келесі жылы гүлсидамдары пайда болады. Жеміс бергеннен соң гүлсидам солады, осымен мүйізшенің үдемелі өсуі аяқталады. Жаңа мүйізшелер, мүйізшенің ортаңғы бөлігіндегі қолтықтық бүршіктерден дамиды. Келесі жылы пайда болған мүйізшеде 4-5 жапырақ дамиды. Мұрттар – мүйізшенің төменгі жағының өсінді бүршіктерінен қалыптасатын таспа тәрізді ұзын өркендер. Мұртшалар бүлдірген жеміс бергеннен кейін жаппай пайда болады. Мұтшалар орташа есеппен маусымның екінші жартысында пайда болады. Мұртшаларда еншілес өсімдіктер – дегелектер мен мұртшалар қалып-
28-сурет. Бүлдірген түбінің құрылысы: 1-сабақтың ортаңғы білігі; 2-сабақтың бүйірлік тарамдары – мүйізшелер; 3-көгентамырлар; 4-негізгі тамырлар; 5-қосалқы тамырлар; 6-жапырақ; 7-гүлсидам; 8-таспа тәрізді сабақ (мұрт) дегелегімен (көшет тамырларын және жапырақтарын құрастырғаннан кейін).
тасады. Әдетте, мұртшаның кез келген реттегі бұтақтануының жұп буынаралықтарында дегелек пайда болады, ал тағында – бүйірлік тарамдар. Дегелектің төменгі бірінші жапырағының қолтығынан да (қоректену жақсы болғанда), мұртша құрылып, онда дегелектер мен тарамдар пайда болады. Әр аналық өсімдік 10-30-ға дейін мұртшалар беруі мүмкін. Өркеннің үшінші түртегі – гүлсидамдар. Мүйізше жеміс бергеннен және онда мұртшалар мен жаңа мүйізшелер дамығаннан соң, ол жапырақтарынан айырылады және көгентамырдың бөлігіне айналады. Қазақстанның солтүстігінде бүлдірген әдетте мамыр айының үшінші онкүндігінде гүлдейді. Гүлдеуінің ұзақтығы 8-12 күннен 20 күнге дейін созылады. Гүлдерінің басым бөлігі үшінші және төртінші бескүндікте гүлдейді (65-84 %), яғни, бозқырау қаупі өткеннен кейін – жақсы өнім алудың кепілі. Жекелеген жылдары кейбір сұрыптарда (Комсомолка және т.т.) қыркүйектің соңында екінші рет гүлдеуі байқалады. Сұрыптардың басым бөлігінде гүлдері қос жынысты: олар өздерінің тозаңдарымен бунақденелілердің көмегімен тозаңданады. Ерте пісетін сұрыптардың жидектері маусымның 20 кейін піседі, кештері – 3-10 шілдеде. Жеміс салуы – 10-20 күндей. Ыстық ауа райында пісіп-жетілуі небары 12-15 күнге созылады. Суландыруды уақытында жүргізумен жидектің пісу кезеңін ұзартуға болады. Жидегі жиналғаннан кейін келесі жылдың өнімінің гүлдік бүршіктері қалыптасады (тамыздың соңы – қыркүйектің екінші онкүндігі). Бүлдірген өте ұзақ өседі, қысқы терең тыныштығы жоқ, жасыл жапырағын қыс бойы сақтайды, осыған байланысты қысқа төзімділігі жоғары емес. Күздегі ұзақ уақыт қар түспес, минус 10-15оС суықтар өсімдікті үсіте бастайды, ал минус 20оС – опат қылады. Қар қалыңдығы 5-10 см болғанда бүлдірген 25-30оС дейінгі аязға төтеп береді, бірақ Қазақстанның солтүстігінде кепілді қыстап шығуы үшін ең кемі 30 см қар қалыңдығы қажет. Бүлдіргенге қар түскенге дейінгі күзгі температураның күрт төмендеуі және көктемде, қар ерігеннен кейінгісі, ең қауіпті саналады. Температураның жаздың соңында және күздің басында күрт төмендеуі генеративтік бүршіктердің Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда біршама ертерек (5-7 күндей) мүшеленуін туындатады (С.Н.Олейченко, 1997). Бүлдірген ылғал сүйгіш дақыл, бірақ судың артық болуы өсімдіктің түсіп қалуына (сиреуіне) әкеледі. Өсімдік үшін топырақтың мынадай ылғалдылығы оңтайлы саналады: көктемгі өсуі кезеңінде ЕТСС 70 % төмен емес, гүлдеу кезеңінде – 75, жидектің толысуы және пісіп-жетілуі кезеңінде – 80 және одан жоғары, өнімді жинағаннан кейін – 75 % дейін. Қазақстанның солтүстігінде бүлдіргенді суландыру қажет. Бүлдірген жарық сүйгіш өсімдік, бірақ шамалы көлеңкеленуге шыдамды. Ол топыраққа талап қоймайды, оны ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге жарамды барлық топырақтарда өсіруге болады. Органикалық заттары мол, жеңіл саздақ топырақтар ең жақсы саналады. Қышқылдылығы жоғары (рН – 5-тен төмен) топырақтарды, өсімдік отырғызудан 1-2 жыл бұрын әктейді. Қара топырақтар ең жоғары құндылыққа ие. Бүлдірген күңгірт қара қоңыр топырақтарда да жақсы өседі. Бүлдірген телімінде жер асты суы топырақ бетіне 1 метрден жақын болмағаны дұрыс. Агротехникасы. Қазақстанның сотүстігінде бүлдірген егістігін пайдаланудың ұзақтығының мәні өте зор. Оның егістігі кейде 7-10 жылға дейін тіршілік етеді. Бірақ ескі егістіктерде өнімділік күрт төмендейді, жидектер ұсақтанады және сапасы нашарлайды. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының деректерінде (В.К.Путий, 1984) екінші, үшінші және төртінші жылғы жеміс беруі ең жоғары болған көрінеді. Жетінші жылы тауарлы өнім алынбапты. Бүлдіргенді бір жерде 4-5 жылдан артық өсіру жөнсіз. Қазіргі кезде плантацияны бір және екі жыл пайдалану зерттелуде, осыдан кейін егістік айдалынады. Міндетті түрде 6 немесе 8 танапты төмендегідей сұлбадағы бүлдірген – көкөніс ауыспалы егістері енгізіледі: Сегіз танапты: 1. Картоп; 2. Минералды тыңайтқыш енгізілген көкөністер; 3. Бір га 30-40 т қарашірінді және әрқайсысынан 60 кг ә.е. заты бойынша фосфор мен калий енгізілген ерте көкөністер; 4-8. Бүлдірген. Алты танапты: 1. Астық дақылдары; 2. Жасыл тыңайтқышқа сұлы мен ас бұршақ қоспалары; 3-6. Бүлдірген. Қызанақ, қияр, картоп, орамжапырақтар және басқа да орамжапырақтылар тобының өсімдіктері, жеміс-жидек дақылдары вертициллезді солуына байланысты алғы егіс ретінде жарамсыз. Бүлдіргенді бақтың бірінші орамында, негізгі жел бағыты жағындағы телімдерде орналастыру керек. Бүлдірген бұл телімдерде жақсы қыстап шығумен қатар, құрғақшылықтан зардап шекпейді. Бүлдіргенді отырғызардан бұрын әр га 30-40 т шіріген көң, 7-8 ц суперфосфат және 1-1,5 ц хлорлы калий енгізіп, 25-30 см тереңдікке аудара жыртады. Көктемде отырғызу үшін танапты міндетті түрде күзде жыртады. Жазда отырғызғанда сүдігерді көктемде тырмаладйды да, қара сүрі жер түрінде жазда бірнеше рет 12-15 см тереңдікке культиватормен өңдейді немесе аудармай өңдейді. Тырмалауды және тегістеуді отырғызудан бірнеше күн бұрын жүргізеді. Топырақты дайындау кезінде және ауыспалы егістердің танаптарында арамшөптермен күресу үшін гербицидтер қолданылады: симазин (1-1,85 кг/га) немесе вензар (2,5-5 кг/га дәрмек бойынша). Бұларды арамшөптердің өскіндері шыққанша бүлдіргенді отырғызғанға екі апта қалғанда ОПШ-15, ОПШ-15-01, ПОМ-630 штангалы бүріккіштермен әр гектарға 600 л жұмыс ерітіндісін шығындап бүркеді. Бүріккіштің штангасын топырақ үстінен 50-60 см биіктіктен орналастырады. Өндірістік егістіктерде бүлдіргенді негізінен көшетпен (мұртшалардағы дегелектердің тамырларғандарымен) көбейтеді. Ең жақсы көшеттер 1-2 жылдық егістіктерден алынады. Жасы екі жылдан асқан өсімдіктерден көбейтуге мұртшаларды алмаған жөн, әрі әр мұртшадан көшетке алғашқы тамырланған тек 1-2 дегелегін алу керек. Көшет таза сұрыпты, ауруларға шалдықпаған және зиянкестер зақымдамаған, толық дамыған, тамырлары қараймаған ақ түсті, ұзындығы 3-5 см кем емес, қысқа жуан қалемшелерде жақсы дамыған 2-3 жапырақты, ұштық бүршікті дертсіз болуы тиіс. Көшеттің қоңырлау тамырлары және ұзын қалемшелердегі көп жапырақтылық оның ескіргендігін білдіреді. Көшетті тасымалдағанда және отырғызғанда құрғаудан қорғайды, тамырларын балшық пен қидың қоймалжыңына малып алады, жәшіктерге немесе себеттерге орналастырады және дымқыл қаппен бүркемелейді. Бүлдіргеннің үлгіқалыпты сұрыптарының ішінде жиі жарамсыз сұрыптардың қоспалары – ластағыштар кездеседі. Қазақстанның солтүстігінде ондайларға, бұтасы қаулап өсуімен, мұртшаларының көптігімен және мойыны домалақ пішінді келетін, қышқылдау жидегімен оңай аңғарылатын Бахмутка, ұсақ, үшкір шошақ пішінді, қышқыл жемісті Подвеска, жеміссіз Жмурка жатады. Бахмутканың тұқымшалары жидегінің етіне батырылып тұрады да, тесік тәрізді көрінеді. Мұндай түптерді аластау қажет. Мұндай ластағыштар жаңа егістікке араласпауы үшін көшеттерді тек мақұлданған (апробацияланған), таза егістіктерден алу керек. Бүлдіргенді көктемде – мамырдың алғашқы жартысында және жазда – тамыздың басында отырғызады. Жергілікті жерде ең жақсы нәтижені көктемде отырғызу береді. Күзде отырғызғанда дегелектер жақсы дами қоймайды және нашар көндігеді, ал бекімеген өсімдік суыққа ұрынады. Күзде отырғызылған аналықтан, көктемдегімен салыстырғанда аз көшет алынады. Бүлдіргенді бір ізді 70-80 х 15-20 см (62,5-83,3 мың өсімдік 1 га) және екі ізді (80*30-40)х15-20 см (81-121 мың) сұлбасымен отырғызады. Бүлдіргенді қолмен және көшет отырғызатын машиналармен (СКН-6, СКН-6А, СКНБ-44А) отырғызады. Қолмен отырғызғанда алдын ала таңбалайды (танапты) және суландырады. Таңбалауды КРН-4,2 немесе КРН-2,8 культиваторларын МТЗ-80/82 тракторына іліп жүргізеді. Трактордың екі жағына сыйымдылығы 500 л 2-3 бөшке іледі. Бөшкелерден түтікшелермен су культиватордың түреніне жетеді және шөнке топырағын дымқылдандырады. Қатардың 1 м 1,5-2 л су беріледі. Ізінше өсімдіктерді қолмен отырғызады. Бүлдіргенді қолмен отырғызғанда бір іздіде көшетті шөнкінің бір бүйіріне, екі іздіде екі бүйіріне отырғызады. Өсімдікті күрек, шапқы немесе қада астына отырғызғанда мына негізгі ережелерді қатаң сақтау қажет: отырғызуды, өсу нүктесіне топырақ түсірмей, тамыр мойнына дейін жүргізеді; тамырларын бұрамай және жоғарыға қарай бүгіліп қалмайтындай етіп мұқият жайып, төсейді; тамырды мүмкіндігінше топырақпен тығыздап, ептеп жұлқылағанда өсімдік жұлынбайтындай етіп жабады. Отырғызғанда тамыр мойыны топырақ бетінің деңгейінде болатындай ұстап, екінші қолмен топырақпен тамырын жабады (29-сурет). Отырғызудан 10-12 күн өткеннен соң солған өсімдіктердің орнына жаңадан көшет отырғызады. Отырғызғаннан кейін бүлдіргенді күтіп-баптау. Отырғызғаннан кейін бірінші жылы өсімдікті жүйелі суарады, суландырғаннан кейін түптерді түзетеді (өзекті балшықтан тазарту, су шайып кеткен өсімдіктердің орнына басқаларын отырғызу), қатараралықтарды өңдейді, қатар бойындағы топырақты қопсытады, арамшөптерді жұлады, мұртшаларды қатар бойына бағыттайды және дегелектерді топырақпен көмеді, сондай-ақ қысқа қарай жабындайды. Қатараралықтарды бірінші және екінші рет өңдегенде өсімдіктерді топырақ басудан қорғайтын бір жақты жүзді түренді пайдаланады; жас егістікті баяу жылдамдықта өңдейді. Бірінші рет қопсытқанда немесе іле-шала егістікке қарашірінді, шымтезек, ағаш үгіндісімен жабындайды. Суландыруды топырақтың ЕТСС (ең төмен су сыйымдылық) 60-65% жеткенде жүргізеді, топырақтың тамыр жайылатын қабаты 30 см-ге дейін сулануы қажет. Бүлдірген жиі, бірақ шамалы сумен суландыруды қажет етеді (бір га 200-400 м3 су). Отырғызудан кейінгі екі
29-сурет.
Бүлдіргенді отырғызу:
А-бүлдіргенді
дұрыс отырғызу. Б – бүлдіргенді бұрыс
отырғызу: солдан оңға қарай: жоғары
отырғызылған, терең отырғызылған –
өзегі батырылған; көшеттің тамырлары
бүктетілген және жайылып төселмеген.
суландырудан басқа, әдетте 7-8 рет суландырады: біреуін мамырдың үшінші онкүндігінде, екеуін маусымда, біреуін шілдеде (жауын-шашын аз болса), екеуін тамызда және екеуін қыркүйекте жүргізеді. Отырғызылған бүлдіргеннің өсуін үдету және келесі жылы жақсы өнім алу үшін шілде айында үстеп қоректендіреді (бір га 3-4 т қарашірінді, 150-200 кг аммоний сульфаты немесе аммиак селитрасы, 200-300 кг суперфосфат, 75 кг калий тұзы). Қазақстанның солтүстігінде қазан айының үшінші онкүндігінде немесе қараша айының басында, күтілген 10-15оС аяздар басталар алдына бүлдіргеннің жас өсімдіктерін қарашіріндімен, шымтезекпен немесе ағаш үгіндісімен бүркемелейді. Жұмысты механикаландыру үшін қайта жабдықталған РПТМ-2,0А тіркеме-шашқышты пайдаланады. Шашқыш біліктен кейін қойылған шектеуіші бар арнаулы қаптама жабындыларды (20-25 т/га) ені 30 см жолақты қатар бойымен бүркемелеп шашуға мүмкіндік береді. Осы 2-3 см жабынды қабатын жапырақтардың түссіздендіруін болдырмас үшін ерте көктемде аршиды. Жас егістікте қалқандардың немесе қарақаттың күзгі қыйылған бұтақтарының немесе шыбықтардың бойраларымен, сабан байламдарының, т.б. тәсілдердің көмегімен қыста қар тоқтатады. Бүлдіргенді топырақ тоңазығаннан кейін жабындау, аяз түскенше жабындағанмен салыстырғанда өнімділікті 8,1 ц/га немесе 31,2 % арттыратынын Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының деректерінен көруге болады. Бүлдіргенді аяз түскенше жабындау өсімдіктің жағдайын нашарлататын көрінеді – аязға дейін бүркемеленген өсімдік шынығудан толық өтіп үлгермейді де, қаттырақ зақымданады. Сонымен бірге, ерте жабындалынған өсімдіктер қызуы мүмкін. Жеміс беретін бүлдіргенді күтіп-баптау. Көктемде тәуліктік орташа оң температура басталысымен бүлдірген егістігіндегі жабындыларды алып тастайды және онымен бірге торлы тырмалармен ауру көзі болып саналатын бүлдіргеннің өткен жылғы жапырақтарын аластайды. Жиналғын жапырақтарды телімнен шығарып, жағады. Жаз бойы бүлдірген егістігінде қатараралықтардың топырақтарын 5-6 рет 6-7 см тереңдікке, қатарлар бойындағыны 3-4 см тереңдікке, әрбір 10-15 күн сайын, жидектер жасыл кезеңінде, өңдейді. Мамырдың ортасында бірінші рет суландырады, екі апта өткеннен кейін, гүлденер алдында екінші рет суландырады. Бұл көктемгі бозқыраудың кері әсерін жеңілдетеді. Гүлдегеннен кейін үшінші рет суарады және топырақты қопсытады. Жидектің пісуі 20-30 маусымда басталады және бір айға созылады. Осы кезде, пісе бастаған жидектерді зақымдамау үшін қопсытусыз, тағы бір рет суландырады. Суландырар алдында пісіп-жетілген жидектерді жинап алады, өйтпесе су тигенде олар шіруі мүмкін. Жаз бойы артық мұрттарды аластайды, әйтпесе егістікті мұрттар басып кетеді де, киізденеді. Мұндайда жидек тым ұсақтанады, ал өнім күрт кемиді. Жұмысты мынадай кезеңдерде орындайды: шілденің ортасында – мұрттардың өсуі басталғанда; шілденің соңында – тамызда – мұрттар жаппай өскенде және дегелектер пайда болғанда және қыркүйекте – гүл бүршіктері байлана бастағанда. Көктемгі қашау тәрізді табындармен бірінші рет өңдеумен қатар бүлдіргенді минералды тыңайтқыштармен (азот пен фосфордың және калийдің әр қайсысынан 40-45 кг/га) үстеп қоректендіреді және түптейді. Екінші рет үстеп қоректендіруді өнімді жинағаннан кейін жүргізеді. Енгізу мөлшесі бірінші реттегідей. Көктемде немесе өнімді жинағаннан кейін бүлдірген түбін жабындайды. Жидек ластанбауы үшін өнім жинардан 7-15 күн бұрын түптердің айналасына сабан кесінділерін, сабанды, сабаны мол көңді, ағаш жапырақтарын (2-3 т/га) төсейді. Өнімді жинау. Бұл қолмен атқарылатын жұмыстардың ішіндегі еңбекті ең көп тілейтін жұмыс. Гектарының орташа өнімі 80 ц бүлдірген жидегінің 1 га жинауға 1500-1600 адам-сағат шығындалады, бұл күтіп-баптау жұмыстарын мүмкіндігінше толық механикаландырғандағы дақылға шығындалған жылдық еңбектің 85 %-ы. Жидектерді толық піскенде, ал алысқа тасымалдағанда сәл пісіңкіремегенде жинайды. Оларды сыйымдылығы 2,5-3 кг шел қабықтан жасалған себеттерге, сыйымдылығы 3-3,5 кг ағаш немесе пластмассалы науашықтарға, сыйымдылығы 0,5-1 кг қалың қағаздан жасалынған қорапшаларға жинайды. Бүлдіргеннің жидектерін таңертеңгі сағаттарда (сағат 10-11-ге дейін) жинайды және сол күні сату орындарына жөнелтеді. Ірі шаруашылықтарда күні бойы жинайды. Жидектерді жеміс сағағымен, жидекке қол тигізбей жинайды. Ол үшін сол қолмен түпті көтереді де, оң қолдың бас және сұқ саусағымен жеміс сағағының бір бөлігімен гүл тостағаншасын үзіп алады. Гүл тостағаншасы жұлынған жидекті екінші сыныпты дейді және тасымалдауға шыдамайды. Алыс жолға жидектерді авторефрижераторларда немесе изотермиялық вагондарда жөнелтеді. Өнімді жинағаннан кейін күтіп-баптау. Өнімі жиналғаннан кейін бүлдірген өсімдігінде жаңа мүйізшелер, жапырақтар, тамырлар пайда болады. Бір өсімдікте күзде пайда болған жапырақтар саны егістіктің келесі жылғы өнімділігіне сәйкес келеді (Н.П.Гладышев, 1997). Сондықтан, жапырақтың санының көбеюіне мүмкіндік жасайтын кез келген агротехникалық тәсіл, бүлдірген өнімінің артуына оң ықпал етеді. Ондай тәсілдердің маңыздыларының бірі – екінші-үшінші жылы жеміс байлайтын телімдерде ескі жапырақтарды ору, ал егістікті арамшөп қатты ластағанда және зиянкестер мен аурулар болғанда – бірінші рет жеміс байланатын егістікте де. Оруды жидекті жинағаннан 10-15 күн өткеннен соң, КИР-1,5 мен 2 ПТС-4 арбасы тіркелген МТЗ-50 тракторымен жүргізеді. Жапырақтарды топырақ бетінен 5 см биіктікте орады (мүйізшелерді зақымдамау үшін). Егер ауа рай құрғақ болса, міндетті түрде суландырады, оның алдында үстеп қоректендіреді және тырмалайды. Орылған жапырақтарды егістіктен аластайды. Келесі жылы өнімділік 20-30 % артады. Жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін егістікті суландырады және оны 25-30 тамызда, 15-20 қыркүйекте қайталайды. Суландырудан кейін қопсыту және арамшөптерді жұлу жүргізіледі. Бүлдірген егістігі жидек жинаған кезде қатты тығыздалады. Сондықтан өнім жиналысымен арамшөптер оталады және топырағы қопсытылады. Жұлынған арамшөптер егістіктен жедел аластатылуы қажет, себебі олар тышқандардың мекеніне айналуы мүмкін. Бүлдіргендерді түптеу пайдалы, ол өсімдіктерді үсуден қорғайды және олардың қоректенуін жақсартады. Бүлдірген түбін 5-6 см түптейді. Орамдар ішінде қарды қалқандармен, бұталармен ұстайды. Қардан жалдар жасау да жақсы нәтиже береді. Қарсыз қыстарда бүлдіргенді жамылғы материалдармен бүркемелейді. Қазан айының басында күзгі дымқылдатып суландыруды, әр гектарға 800-1000 м3 су шығындап жүргізеді. Бүлдіргенді маусымнан тыс өсіру. Ерте немесе кеш өсірілген жидектер бүлдіргеннің тұтыну маусымын ұзартады. Ірі қалалар мен өндіріс орындарының төңірегінде бұл дақылдың ерте өнімін өсіруді ашық жерде уақытша пленкалы жабындылар (УРП-20, шұңғырлы жабындылар) астында, булыжайларда, жылыжайларда ұйымдастыруға болады. Кең қолданысты пленка астында уақытша құрылыстар, оның ішінде ені 70-90 см, биіктігі 50-60 см кішігірім көлемдегілері көбірек пайдаға асырылуда. Бұл бірінен-бірі – 2 м қашықтықта орналасқан және қалыңдығы 0,15 мм пленкамен жабылған доғалар. Ең дұрысы бүлдірген пайдалану уақыты аяқталғаннан кейін, топырақты ластамай, ыдырайтын термогидрофобты қағазбен жабу. Ерте өнім алуға ерте пісетін сұрыптар жарамды. Жаздың соңы – күздің басында жидекті бірнеше рет гүл салатын (ремонттатты) сұрыптардан (Ада, Фестивальная, Дружба, Спутник және т.б.) жинау жеңіл түседі. Бүлдіргенді жыл бойы өсіру үшін жидекті мамыр айында булыжайда, ашық жерде пленка астында маусымның басында және соңында, әдеттегі технология бойынша маусымның екінші онкүндігі – шілденің соңында, қысқы жылыжайларда қаңтардан – мамыр айының соңына дейін және қыркүйектен желтоқсан айының соңына дейін өсіру қарастырылады.
Таңқурай
Биологиялық ерекшеліктері. Таңқурай – бір жылдық және көп жылдық өркендерден, тамырсабақтан, қосалқы тамырлардан тұратын көп жылдық жартылай бұта. Тамырларының негізгі массасы (90%) 30 см дейінгі тереңдікте орналасады, шамалы бөлігі 125-135 см тереңдікке бойлайды. Қосалқы тамырлары қатараралыққа қарай 100-140 см-ге дейін жайылады (30-сурет). Бұтаның топырақ бетіндегі бөлігіне екі жылдық даму айналымы тән. Тамыр сабақтарында және қосалқы тамырларында жылда бүршіктер пайда болады. Тамыр сабағының қолтықтық бүршіктерінде дамыған өркендерді орынбасар өркендер, ал тамыр бүршіктерінен пайда болғандарды тамыратпалары дейді. Тамыратпалары топырақ бетінде көктемде, әдетте мамырдың бірінші онкүндігінде, тұрақты +5оС жоғары оң температура қалыптасқанда пайда болады. Тіршілігінің бірінші жылы өркендер бойлап және жуандап өседі. Таңқурай өркені 1,5-3 м дейін бойлайды. Өркендердің пісіп-жетілуі төменнен жоғары қарай жүреді. Жоғарғы ұшы жиі жетілмейді және көптеген сұрыптарда үсиді.
30-сурет.
Таңқурай бұтасының құрылысы (Е.И.Ярославцев
бойынша):
1-жеміс салатын бұтақ;
2-бүйірлік бұтақ; 3-орынбасар өркен;
4-өгей бұтақтар; 5-түссізденген өгей
бұтақтар; 6-тамырлар; 7-тамырлардағы
адвентивті бүршіктер; 8-тамыр
сабақтары.
Өркен өскен сайын, онда жапырақтар пайда болады да, олардың қолтығында негізгі 1 және 1-3-ке дейін қосымша бүршіктер салынады. Олардың ішіндегі ең қуаттысы өркеннің жоғары бөлігінде орналасады. Келесі көктемге дейін бүршіктер өспейді, сондықтан бір жылдық өркендерде тарамдар (бұтақтар) болмайды. Өсу аяқталғанда бір жылдық өркендер ағаштана және өсіп-жетіле бастайды. Жылы және құрғақ жазда пісіп-жетілу уақытында аяқталады да, өркендер қысқа жақсы дайындалып үлгереді. Салқын және жаңбырлы жазда, сондай-ақ аса мол суландырғанда және азот тыңайтқышын мол мөлшеде енгізгенде өсу және пісіп-жетілу ұзаққа созылады. Өркеннің өн бойында орналасқан бүршіктерден екінші жылы жемістік бұтақшалар дамиды. Бұтақтың ортаңғы бөлігіндегі (60-180 см биіктіктегі) бүйірлік өркендер ең өнімдірек келеді. Екі жылдық бұтақтарды жемісін жинағаннан кейін қияды. Бір жерде таңқурай, егер оған дұрыс күтім жүргізілсе (қопсыту, тыңайтқыш енгізу, қорғау) 30-40 жыл және одан ұзақ өсе алады. Бірақ Қазақстанның өндірістік егістіктерінде ең жоғары өнімділігі 10-12 жылға дейін байқалады, одан кейін егістікті алмастырады. Таңқурай кеш гүлденеді, маусымның екінші жартысында, бозқырауға шалынбайды. Гүлдеуі бір мезгілде жүрмейді. Бірінші гүлдері жоғарғы ұшында пайда болады, кешірек – ортаңғы және одан да кеш – төменгі бөлігінде. Гүл шоғырында бірінші болып жоғарғы гүлдері ашыла бастайды. Бірінші жидектері шілденің орта кезінде пісе бастайды, бірақ бір мезгілде гүлдемеуіне байланысты жидектің жиналуы бір айға және одан да ұзаққа жалғасады. Әдетте жаз бойы жидекті 5-6 рет жинайды. Таңқурай – қоңыржай климаттың өсімдігі. Ол ыстыққа төзімсіздеу және қарсыз қыстарда аяздардан зардап шегеді. 30-35оС аяздар тек жемістік бүршіктерді ғана зақымдап қоймайды, таңқурайдың өркенін де зақымдайды. Қазақстанның солтүстігінің қоңыржайлы жазды орманды дала аймақтарында жақсы өсіп-дамитындықтан, бұл аудандардағы таңқурай егістігінің үлесі басымырақ болуы тиіс. Далалық аймақтарда артық жылу болуына байланысты, әрі ол аңызақ желдермен және топырақ пен ауаның төмен ылғалдылығымен қосарлануы, кейде бұтада құрғайтын, ұсақ жидектердің байлануына әкеледі. Таңқурай – қысқа төзімділігі шамалы және қары мол аудандарда ғана жақсы қыстап шығатын тұқымдық. Ылғал сүйгіш, топырақтағы ылғалдың тапшылығына және ауаның құрғақшылығына төзімсіз дақыл. Топырақ ылғалына жоғары талабы – тамыр жүйесінің саяз орналасуымен және жылда жаңа өркендердің мол массасын қалпына келтіру қажеттілігімен түсіндіріледі. Таңқурайдың дамуындағы ең қиын-қыстау кезеңі – жидегі қалыптасатын, ал жапырақ тақтасының ең мол дамуы жүретін – жаздың екінші жартысы. Жаңбырдың болмауы, шілде-тамызда суландыруды қолданбау, өнімділіктің күрт төмендеуіне әкеледі. Таңқурай – жарық сүйгіш дақыл. Биік ағаштардың түбінде таңқурай бұтасы әлсіз дамиды және жеміс салуы төмендейді. Оңтүстік, жылы және жақсы жарықтанатын беткейлерде жақсы өседі. Таңқурай механикалық құрамы орташа саздақ, қарашіріндісі мол қара топырақтарда және күңгірт қара қоңыр топырақтарда жақсы өсіп, жеміс байлайды. Ауыр саздақ немесе құмдақ күлгін және карбонатты топырақтарда нашар өседі. Сортаң, сор, қиыршық тасты, қабыршақты және ыза суы жақын (1,5 м жақын емес) жер бедерлеріндегі телімдерде тіпті өсе алмайды. Отырғызу материалдарын өсіру. Отырғызу материалдарын, негізінен тамыратпаларын, аналықтар салынған тұқымбақтарда өсіреді. Ол жерге ғылыми мекемелерден алған вируссыз материалдарды отырғызады. Ең жақсы алғы егіс болып, органикалық тыңайтқыштар енгізілген (40-60 т/га) таза сүрі жер саналады. Топырақты таза сүрі жерде дайындағанда гербицидтер енгізіледі натрий ТХА (90 % е.ұ.) – 29-40 кг/га, 2,4 Д- амин тұзы – 5-7,5 кг/га, утал – 4-6 кг/га. Топырақты арамшөптерден таза күйінде болуы үшін механикалық өңдеулер жүргізіледі. Гербицидтерді таңқурай отырғызудан 2-3 ай бұрын қолданады. Таңқурайды көктемде және күзде отырғызады. Қазақстанның солтүстігінде дұрысы көктемде отырғызу. Күзде отырғызғанда таңқурай көндігіп үлгермейді де, қыста үсіп қалады. Өсімдіктердің жақсы жарықтануы үшін, олардың қатарын солтүстіктен оңтүстікке бағыттайды. Өсімдіктерді аналық телімдерде бір ізді сұлбамен – 2-2,5х0,5-0,7 м (6-10 мың дана/га) отырғызады. Екпе көшеттерді СШН-3, СЛН-1 машиналарымен немесе гидробұрғы астына отырғызады. Аналықтарды отырғызар алдында тамырларын балшық быламығына малып алып, тұқымбақта өскенімен салыстырғанда 5-7 см тереңірек отырғызады. Тұқымбаққа отырғызғаннан кейін екпе көшеттерді топырақ бетінен 15-20 см биіктікте қысқартады. Отырғызылған өсімдіктерде орынбасар өркендер 15-20 см жеткенде, екпе көшеттердің орынбасар өркенінің қосылған (өскен) жеріне дейінгі бөлігін кеседі және кесіндісін сыртқа шығарып, жағып жібереді. Топырақ үстілік бөлігін кесуді тұқымбақта да жүргізуге және тамыр сабағымен отырғызуға болады. Өсінді кезеңінде егістікті, жаз бойы 3-5 рет культивация жүргізіп, таза күйінде ұстайды. Аурулармен және зиянкестермен күреседі. Шілдеде – тамызда плантацияда вирустық аурулардың бар-жоғы тексеріледі. Дертті өсімдіктерді жояды. Келесі жылдың көктемінде өткен жылғы екпе көшеттің тамырсабақтарын, топырақ үстілік өркендерімен, топырақта тамырын қалдырып және өгейбұтақтарға зақым келтірмей, қазып алады. Топырақта қалған тамырлардан күзге қарай жаңа өркендер дамиды. Бұл көбейту коэффициентінің молаюына мүмкіндік жасайды және жеміс байланудың алдын алады. Екінші жылдың күзінде аналықтағы барлық атпа бұтақтарды ВПН-2 соқасымен немесе СВН-550 және НВС-1,2 қазып алғыш тұтқалармен қазып алады және көктемге дейін көмбеде ұстайды. Көмер алдында сабақтарды 60-70 см дейін қысқартады, ал тамырларын қи-балшық быламығына малып алады. Екпе көшеттерді көлбей төсеп орналастырады да, тамырын сабағының 25-30 см қамти көмеді. Екпе көшеттерде тармақталған (ұзындығы 10-15 см 3-тен аз емес тамыр) немесе шашақты тамыр жүйесі және негізінде жуандығы 0,6-0,8 см кем емес өркені болуға тиіс. Отырғызылатын материалды қазып алғаннан кейін 80 т/га органикалық тыңайтқыш енгізеді, қатаралар бойындағы және қатараралықтардағы топырақтарды 5-10 см тереңдікке дискілейді. Ерте көктемде әр гектарға ә.е.з. бойынша 100 кг дейін азотты тыңайтқыш енгізеді. Екпе көшеттерді дайындағаннан кейін қатараралықтарда қатар бойымен салыстырғанда тамырлар көбірек қалады, сондықтан келесі жылы қатарлар мен қатарарарлықтардың орнын ауыстырады. Үшінші жылы екпе атпа бұтақшаларды дайындағаннан кейін танапты қайта жыртады, жуандығы 2-4 мм таңқурай тамырларын жинап жәшікке дымқыл топырақпен қабаттастырып салады. Осы тамырларды 8-12 см қалемшелерге кеседі де, шөнкеге (атызға) қатарлап отырғызады. Шөнкелердің арасының қашықтығы 40-80 см. Келесі күзге дейін үлгіқалыпты екпе көшет қалыптасады. Бір гектардан 60-100 мың тамыр қалемшелері алынады, оның 35-60 мыңы екпе көшеттер. Тұқымбақты үш жыл пайдаланғанда 170-300 мың/га көшет алынады. Таңқурай жасыл қалемшелермен жап-жақсы көбейеді. Егер оларды тамырдың атпаларынан мамырдың соңы – маусымда, олар топырақ бетінен 2-3 см-ге көтерілгенде дайындаса. Жасыл қалемшелерді тұмандатқыш қондырғымен жабдықталған жылыжайларда және көшетханаларда жүргізеді. Үш апта өткеннен кейін тамырланған қалемшелерді жеттіктіргіш мектепшелерге көшіріп отырғызады, күзде олардан үлгіқалыпты екпе көшет қалыптасады. Өнеркәсіптік плантацияны салу. Таңқурай отырғызардан үш жыл бұрын телімге көкөніс дақылдарын, міндетті түрде органикалық заттардың жоғары мөлшесін (100-150 т/га) енгізіп, өсіреді. Таңқурай отырғызу кезінде шөнкеге 50-60 т/га органикалық тыңайтқыш енгізеді. Күзде, қара сүрі жердің алғы егісіне 0,25-0,3 т/га күкірт қышқылды калий, 0,3-0,6 т/га суперфосфат және әк енгізіледі. Қарқынды технологияда плантацияны ауыспалы егісте 6-8 жыл пайдаланады. Ауыспалы егістің үлгілік сұлбасы: 1-қара сүрі жер (таңқурайды отырғызу); 2-жас таңқурай; 3-жеміс сала бастаған таңқурай; 4-9-жеміс беруші таңқурай; 10-көкөніс дақылдары (алқалардан басқалары); 11-сидераттар немесе көк балаусаға арналған дақылдар. Телімді 2-3 гектарлық орамдарға бөледі. Орамдардың шетіне қорғағыш орамдар мен жел қаққыш (бағыттағыш) отрығызылады. Таңқурайды күтіп-баптауға тәсілдердің бәрі: қыста – оны тоңазудан қорғауға, жазда – жеткілікті мөлшерде сумен қаматамасыздандыруға жұмылдырылған. Таңқурайды көктемде, ең дұрысы бүршік ашылғанша, сәуірдің 25-нен мамырдың 10-на дейін отырғызу. Отырғызуды қатарарарлықтарына 2,5-3 м, ал қатар бойындағы өсімдіктерге 0,5 м беріп, кейін 3-4 жылдары ені 40-50 см жолаққа айналдыру мақсатында, отырғызады. Бұл жолақтан тысқары шыққан тамыр атпаларын қатараралықтарды өңдеу кезінде аластайды. Отырғызылған жылы күтіп-баптау суландырудан, топырақты қопсытудан және суландырғаннан кейінгі пайда болатын қабыршақты жоюдан, арамшөптермен күресуден тұрады. Көндікпей, солып қалған өсімдіктердің орнына, өскен жерінің топырағымен қоса қазылып алынған жасыл атпалы бұтақтарды отырғызады. Екінші жылғы күтіп-баптаудың мақсаты – үшінші жылғы өнімді қалыптастыруға қажетті жақсы дамыған, қуатты өркендерді көбірек көбейту. Жаз бойы 4-6 рет суландырады (300-350 м3/га). Далалық аймақтарда 4 рет суландырады: гүлдеу кезеңінде, жасыл түйін кезеңінде, жидек піскен кезінде және жидекті жинағаннан кейін. Суландыру топырақтың дымқылдығы ЕТСС 70% төмендегенде қажет. Құрғақ ауа райында, өркендердің қыста құрғауының алдын алу үшін қыс түсер алдында дымқылдық суармалау (1000 м3/га өте тиімді. Суландырғаннан кейін, топырақ дегдісімен, оны қопсытады. Топырақты жабындау суландырудың тиімділігін арттырады. Таңқурай қоректік элементтерге талап қойғыш дақыл. Отырғызу алдында топыраққа тыңайтқыш мол енгізгенде, плантацияға тыңайтқышты 3-4 жылдардан бастап қолданады. Тыңайтқыш мөлшесін дәлірек жапырақ диагностикасын қолданып анықтауға болады. Қоректену жағдайы бір қалыпты болғанда таңқурайдың бір жылдық өркенінің жапырағында 2,8-3,0 % азот, 0,64-0,69 фосфор, 2,06-2,40 % калий болады. Жылда бір рет жырту астына 50 т көң немесе қорда және фосфор мен калийдің әрқайсысынан 100-120 кг/га енгізеді. Азотты тыңайтқышты жылда екі рет үстеп қоректендірумен береді: көктемде және жазда бір га 80-90 кг ә.е.з. бойынша. Таңқурайды ең дұрысы өнімін жинап алғаннан кейін іле шырпу. Ертерек шырпығанда бір жылдық өркендердің жарықтануы жақсарады да, олар жақсы жетіледі. Осы кезде жеміс берген өркендерді ең түбінен қияды, түбір қалдырмай сыртқа шығарып, жағып жібереді. Дертті, әлсіз және сынған бір жылдық өркендерді де аластайды. Тамыздың соңында сау, бір жылдық өркендердің ұшын тұқыртады. Бұл өркендердің қыстап шығуына, жақсы дайындалуына мүмкіндік жасайды. Көктемде, өсінді басталғанша, өркендердің жиілігін реттеу мақсатында, артықтарын, қардан сынғандарын, сондай-ақ ауруға шалдыққандарын, зиянкестер жарақаттағандарын, әлсіз дамығандарын аластайды. Тар жолақты тәсілде 1 м жолаққа бірінен-бірін 10-15 см болатындай есеппен 15-20 өркен қалдырады. Таспалы тәсілмен өсіргенде таспа ішінде өсімдіктердің жиіленуіне жол берілмейді: қатардың бір метрінде бірінен-бірі 20 см жақын болмайтындай орналасқан, жақсы дамыған 20-30 өркен қалдырады. Өнімді жинау. Толық жеміс байлауына таңқурай отырғызылғанның 3 жылы кіріседі. Жидектер бір уақытта піспейді, оларды бір айдай 5-8 рет жинайды, бірақ жидектің негізгі массасы алғашқы үш аптада пісіп үлгереді. Шырынға толық піскен жидектерді, жерге төселген матаға бұтаны сілкіп жинайды. Тоңазыту үшін жидектерді сілкіп жинайды, тым пісіп кетуіне жол бермейді. Тасымалдауға және балаң күйінде тұтыну үшін жидектерді жеміс сағағымен бірге қолмен, сыйымдылығы 0,5-1-2 кг ыдыстарға жинап, оны жинаушының беліне байланған арнаулы қораптарға салады. Жинаушы жидегін сұрыптаушы да. Жиналған жидектер сол күні жүзеге асырылады. Таңқурайды қыста тоңазудан қорғау, қыста өркендері қар астында болуы үшін, оларды жерге қарай бүгуге саяды. Бүгілген таңқурай қармен жеңіл бүркеледі, оның жақсы қыстап шығудағы маңызы өте зор. Қазақстанның солтүстігінде таңқурайды бүгусіз, қыста қар мол жиналатын жерлерде ғана (орманды дала аймақтарының кейбір аудандарында) өсіруге болады. Таңқурайды бүгуді қазан айының басында бастайды. Қатқақтардан кейін өркендер осал болады және жеңіл сынады. Сынуды болдырмау үшін өркендерді 8-12-ден шоқтайды, жерге иеді және өркендер бүгілген күйінде қалуы үшін үстіне шамалы топырақ кесектерін тастайды. Өркендерді басқаша да иеді: өркендерді бір жағына иеді және олардың ұштарын бұтаның түбіне байлайды немесе көршілес екі түптің өркендерін біріне-бірін доғалап кірістіріп байлайды. Тар жолақты тәсілде көршілес екі жолақтың ұштарын жылжымалы сырғауылдармен бүгеді және оларды осы иілген күйінде қыс бойы ұстайды. Кейбір қыстарда бүгілген таңқурайдың өркендерінің орта тұсы қармен жабылмай қалады. Сондықтан таңқурай өркендерін міндетті түрде түптеу қажет. Егер қыстың басында өркендер қармен толық жабылмаса, онда қарды қолмен тастайды. Қарсыз қыстарда бүгілген өркендерді сабанмен, қамыс немесе жөке бойраларымен жабады, тіпті топырақпен де. И.В.Мичурин атындағы Новосібір жеміс-жидек тәжірибе стансасында таңқурайды текшелейтін арнаулы машина құрастырлған. Ерте көктемде, қар кетісімен және жер жіби, бүгілген өркендерді көтереді, әйтпесе, бүршіктер мерзімінен бұрын ашыла бастайды да, қайталанған қатқылдардан опат болады. Өсірудің жетілген тәсілдері. Қара топырақты емес аймақтық бақ шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында (ҚТЕАБШҒЗИ) және И.В.Мичурин атындағы Новосібір жеміс-жидек тәжірибе стансасында таңқурайды жемісін бөліп-бөліп салу немесе орымдық кейін жүйемен өсіру технологиясы дайындалды. Мұндайда жеміс беріп тұрған таңқурай плантациясын тең екіге бөледі. Бір бөлігінде екі жылдық өркендерді өсіреді және өнімін жинайды (жеміс салу жылы), екінші бөлігінде сол жылы бір жылдық өркендерді өсіреді және оларды келесі жылы өнім беруіне дайындайды. Келесі жылы өнім берген бөлікте топырақ үстілік бөлігін орып алады және бір жылдық өркендерді өсіреді, ал екінші дайындық жүрген бөлігінде өнім жинайды. Әр бөлік (плантация) бір жылдан кейін өнім беріп отырады. Бөліп-бөліп жеміс салатын плантация 9-11 жыл тіршілік етеді немесе 4-5 жыл өнім береді. Өнімділігі төмендемейді, ал еңбек шығынын үнемдеу үлгіқалыпты технологиямен салыстырғанда, 1 га шаққанда 2 мыңнан артық адам-сағат болады. Плантацияның мұндай құрылымы еңбекті көп тілейтін жұмыстарды механикаландыруға мүмкіндік береді. Жаңа машиналар құрастырылады: таңқурай тектегіштер, таңқурай көтергіштер, өркендерді сирететін аспалы тырмалар, жеміс салғыш таңқурайдың артық сабақтарын аластауға және қатардың енін қалыптастыруға арналған машиналар. Жеміс салу жылы бір жылдық өркендердің болмауы, жидек піскен кезде өнімді жинауда еңбек өнімділігін арттыруға және жидек жинайтын машиналарды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. ҚТЕАБШҒЗИ-да таңқурайдың жеміс байлайтын сабақтарын қатарарлықтарға қарай, топырақ бетінен 60 см биіктікте, қатардың өсіне (ортасына) үшкір бұрышпен иіп жиекті аспада өсіру тәсілін дайындаған. Аспаны құру үшін топыраққа көмілген тіреуіш іспетті екі темірбетонды бағана мен кез келген түрде бекітуге болатын қозғалмалы ағаш бөліктен тұратын бағандарды қолданады. Қозғалмалы бөлікке екі қатар сым тартылады да, оған сабақтар байланады. Көктемде оларды қозғалмалы сымымен көлбеулетіп (төсеп) орналастырады. Жас өркендер тік өсіп, қатар бойын алады. Иілген жеміс беретін сабақтардағы жеміс беретін бұтақтар да тік өседі. Бұл жидекті қолмен, сондай-ақ машинамен жинауды жеңілдетеді. Машинамен жинағанда жас өркендер жарақаттанбайды, жеміс берген сабақтарды механизмнің көмегімен аластауға болады. Бұл тәсілдің кемшілігі – жиекті аспалардың құнының жоғарылығы. Қазақ жеміс және жидек шаруашылығы ҒЗИ таңқурайды өсірудің «Алма-Атинская» жаңа технологиясын дайындады. Бұл әдісте таңқурайды 2,5х0,5 м сұлбасымен жолақтың ені 30 см етіп отырғызады да, пайдалану барасында, жазда шырпу жүргізеді және үш жыл пайдаланғаннан кейін плантацияны жыртады. Қазақстанның оңтүстік шығысында Новокитаевский сұрпы дәстүрлі технологиямен салыстырғанда өнімділігін 1,5 есе арттырып, әр гектардан 12,2 т өнім берген. Бірақ бұл технология Ақмола және Павлодар облыстарында жарамсыз, себебі өркенді шырпу таңқурайдың қыстап шығуына елеулі оң әсер ете қоймайды, яғни бұл технология тек Қазақстанның оңтүстік шығысында ғана тиімді деуге болады. Қазақстанда алғашқы рет тек бір жылдық өркендерде, тамыз-қыркүйекте пісіп-жетілетін өнімді алуды қарастырған, бірнеше рет гүлдейтін таңқурай жерсіндендірілді және өсірудің қарқынды технологиясын дайындалды. Бабье Лето сұрпын өсіргеннен қол жеткен экономикалық тиімділік пен өнімділік (13-17 т/га), екі жылдық өркендерде жеміс берген дәстүрлі сұрыптарға қарағанда, айтарлықтай жоғары. Бірнеше рет гүлдейтін сұрыптарды өсіру 1 т жидекке есептегенде еңбек шығынын 36 %, өзіндік құнын 22-39 %-ға кемітуді қамтамасыздандырады.
Қара қарақат
Биологиялық ерекшеліктері. Қара қарақаттың сібірлік сұрыптарының бұтасының пішіні негізінен қаумалы. Топырақүстілік бөлігі бір тамыр жүйесінен дамыған көп жылдық әртүрлі жастағы бұтақтардан тұрады (31-сурет). Бұтаның негізінен, тамыр маңайлық бүршіктерден, жылда жаңа (нөлдік) орынбасар өркендер пайда болады. Бұтаның биіктігі 1-1,5 м. Қарақат тамырларының негізгі массасы 60 см-ге дейінгі тереңдікте орналасады, тек жекелеген тамырлар 1,5 м дейін бойлайды. Қатараралыққа қарай жеміс беретін бұталардың тамырлары 90-100 см-ге дейін жайылады. Тамырлардың негізгі массасы бұтаның бөрікбасының шегінде орналасады.
Қарақаттың бұтақтары сұрыптық ерекшеліктеріне және өсу жағдайына байланысты 10-12 жыл тіршілік етеді, бірақ олар ең жоғары өнімділігін 4-5 жылдары береді. Қарақат жидегін бір жылдық өсінділерінде байлайды.
31-сурет.
Қарақат бұтасының құрылысы:
1-бір
жылдық бұтақтар; 2-екі жылдық бұтақ; 3-үш
жылдық бұтақ; 4-бірінші реттік бүйірлік
бұтақ; 5-екінші реттік бұтақ; 6-тамырсабаққа
айналған қаламша; 7-қосалқы тамырлар.
Қарақат – қоңыржай климаттың, салыстырмалы түрде қысқа төзімді өсімдік. Маусымның соңы – шілденің басында, жидек қалыптаса бастағандағы жоғары темпера-тура, жидектің шашылуына, жас жапырақтардың жарақаттануына және құрғауына, өрмекші кенешіктің зияндылығының артуына әкеледі. Қарақаттың өнімділігінің сезілетіндей төмен-деуіне көктемгі ызғарлар, әсіресе далалық аймақтарда, ықпал етеді. Гүлдер үшін ауаның темпера-турасы минус 2оС және одан төмен болуы қауіпті, ал -3оС және одан төмен температурада гүлдердің бәрі үсиді. Қарақат үшін 1-1,5оС теріс температура сындарлы (қауіпті) саналады. Қазақстанның солтүстігінде қарақаттың бүршіктерінің ашылуы сәуірдің ортасында – соңында байқалады. Осы кезде суықтың қайталануына байланысты қарақат жиі үсікке шалдығады. Қарақат жапырағын жайғаннан 20-25 күн өткен соң гүлдейді. Гүлдеуі 7-18 күндей, әдетте ауаның тұрақты температурасы 12-13оС-дан 15-16оС-ға дейін болғанда жүреді және мамырдың бірінші-екінші онкүндігіне тұстас келеді. Жидектері гүлдегеннен 50-65 күн өткен соң, шілденің соңынан тамыздың ортасына дейін пісіп-жетіледі. Көктемгі үскірікке Көкшетау, Бурабай, Сандықтау аудандарындағы қарақат егістіктері жиі ұшырайды. Осы жерлердегі қарақаттың гүлдері 10 жылдың әрбір 4-5 жылында, яғни арасына жыл салып, үскіріктен опат болады (жиі тіпті гүлдеудің соңында). Өте қатты жарақаттану 10-12 жылда бір рет байқалады. Республиканың солтүстігінде осы кезеңде қолайлырақ болып өзен бойлық аудандар саналады. Өзен алқаптарының басым бөлігін су басуы әдетте сәуірдің соңында жүреді және 15-30 күнге жалғасады, жекелеген жерлерде 40-50 күнге дейін. Бұл кезең, әдетте, қарақаттың шанақтану, гүлдеу, кейде жидектерінің байлана бастауымен тұстас келеді. Су басу қарақат үшін қауіпті үскіріктерді 2-4 есе кемітеді. Қара қарақат – ылғал сүйгіш өсімдік, топырақ пен ауаның дымқылдығына жоғары талап қояды. Ең жоғары өнімін жылдық жауын-шашын мөлшері 500-600 мм кем емес аудандарда береді, сондықтан Қазақстанның солтүстігінде жоғары өнімді тек суландырғанда береді. Жарық сүйгіш өсімдік, бірақ шамалы көлеңкеленуге шыдамды, ал көлеңкелену ұзаққа созылса, жеміс салуы нашарлайды. Топырақ құнарлылығына жоғары талап қояды – құнарлы, қоректік заттары мол, ылғалы жеткілікті жерлерде ғана өседі және жеміс салады. Топырақ сәл қышқылдау (рН 5,5 төмен емес) болуы тиіс. Отырғызылатын материалды өсіру. Элиталы екпе көшеттерді ғылыми мекемелерде өсіреді және тауарлы плантацияларды салуға арналған екпе көшеттерді өсіретін арнаулы шаруашылықтарға береді. Қарақатты ағаштанған және жасыл қалемшелермен, сұлатпа сабақтармен көбейтеді. Қазіргі кезде отырғызылатын материалдарды негізінен құнарлылығы жоғары, топырағы дайындалған, тауарлық плантациялардан 1,5 шақырымнан кем емес қашықтықта орналасқан аналық плантациялардағы ағаштанған қалемшелерден алады. Аналық плантацияларды 2,5-3х0,5-1,5 м сұлбаларымен отырғызады да, сәйкес 6 және 8 жыл пайдаланады. 0,9х0,2 м сұлбасымен де отырғызуға болады, онда өсімдерді КС-2 шөп шалғысымен орып алады. Қалемшелерді бір жылдық өркендерден, тамыр маңайлық немесе бірінші реттік бұтақтардан дайындайды. Көктемгі отырғызуға бір жылдық өркендерді күзде дайындайды. Өркендерді 100-ден бумаға байлап, шеңберлі арамен қалемшеге (ұзындығы 18-22 см, жуандығы 8-12 мм) бөледі, шұңқырларға тік орналастырады, қыста қармен көмеді. Оларды жертөледе немесе шұңқырларда дымқыл құмда, ағаш үгіндісінде, қар көмбелерінде сақтауға болады. Қалемшелерді құнарлы, ылғалы жеткілікті топырақтарға отырғызады. Жоғары агротехникада екпе көшеттерді бір жылда өсіруге болады, нашарында – 2 жылда. Отырғызу сұлбасы бір ізді – 70х10-12 см (95-142 мың дана/га) және қос ізді – 70х20х5-10 см (222-44 мың дана/га). Қалемшелерді көлбеулеп (45-60о бұрышпен), топырақ бетінде екі бүршігін қалдырып отырғызады, жабындайды және суландырады. Жаз бойы 3-4 рет суарады. Топырақты нығайған сайын және арамшөптер пайда болғаннан соң қопсытады. Қажет болса үстеп қоректендіреді. Аурулармен және зиянкестермен күресудің барлық шараларын қолданады. Отырғызылатын материалды ВПН-2 қазыпалушы соқамен немесе НВС-12 қопарғышымен қыркүйектің екінші жартысында қазып алады. Зиянкестерден, ең алдымен бүршіктік кенеден таза екпе көшеттер алу үшін, қалемшелерді булыжайларға, пленкамен жабылған кішігірім құрылымдарға, көшеттіктерге немесе пленкалы жылыжайларға отырғызып жасыл қалемшелер тәсілін қолданады. Қоректік қоспа ретінде қарашірінді қосылған шымды топырақты (1:1) және жақсы дымқылдандырылған сабан кесінділерін пайдаланады. Төсемді (субстратты бірдей бөлікте алынған шымтезек пен құмнан дайындайды және қоректік қоспаға 4-6 см қалыңдықпен себелейді. Еленген өзен құмы да жақсы төсем бола алады. Аналық плантацияда мамыр-маусым айларында бір жылдық өсімдерді кеседі де, оларды кейін көлеңкеде бір буын аралықты, яғни екі жапырақты қалемшелерге (ұзындығы 7-12 см) кеседі. Жасыл қалемшелерді 25-тен бауға байлайды және төменгі жағымен суға салып қояды. Сосын оларды 7х2,5 см қоректік алаң беріп 1,5-2 см тереңдікке отырғызады, мол су беріп суландырады және көшеттікті полиэтилен пленкасымен жабады. Ауаның жоғары дымқылдығын (95-100%) және температурасын 22-30оС жеткізіп қалыптастырады. Көшеттіктерді тұмандатқыш қондырғымен жабдықтайды. Ыстық ауа райында әрбір 3 мин сайын 11-12 рет, ал бұлтты күндері әрбір 5 минут сайын суландырады. Жаппай тамырланғанда көшеттіктерді желдетеді, суландыру санын кемітеді, полиэтиленді жабуын ашады, сөйтіп қалемшелерді қоршаған ортаның қалыпты жағдайына көндіктіреді. Күзде өсімдіктерді қазып алады және үш сұрыпқа бөледі. Бірінші және екінші сұрыптағыларды күзде өсіріп-жетілдіру үшін отырғызады, үшіншісін (әлсіздеуін) – көктемде. Орлов аймақтық жеміс-жидек стансасында ағаштанған бір бүршікті қалемшелермен көбейту тәсілі жасалынды. Аналық плантациялардың бір жылдық бұтақтарынан кесіліп алынған бір бүршікті қалемшелерді ерте көктемде көшеттіктерге отырғызады. Қалемшелерді кесу кезінде бүршік астында буынаралықтың ұзын бөлігін қалдырады, ал бүршік үстінде – қысқасын. Қалемшелерді кесіп алысымен 3,5х2,5 см сұлбасымен құмға отырғызады. Отырғызғаннан кейін қалемшелерді суландырады және полиэтиленді пленкамен жабады. Құмның ылғи да дымқыл болуын қадағалайды. 5-6 күннен кейін бүршік өсе бастайды, ал 10 күннен кейін тамырланады. 30-35 күннен кейін биіктігі 6-8 см, тамырлары жақсы жетілген өсімдік өсіп шығады. Оларды сұрыптайды, тамырларын топырақ быламығына батырып алады және жақсы суландырылған шөнкелерге, 60х12 см қоректік алаңын беріп жидек көшеттігіне отырғызады. Отырығызылған өсімдіктерді жабындайды және оларды мұқият күтіп-баптайды. Күзге қарай өсімдіктің биіктігі 30-40 см жетеді. Келесі жылдың көктемінде оларды 3-5 бүршігін қалдырып түбінен кеседі, күзге дейін жақсы дамыған екпе көшеттер өсіп шығады. Ленинград жеміс-көкөніс тәжірибе стансасы қарақатты құрама қалемшелермен көбейту тәсілін ұсынды. Қалемшелеуге өркендерінің ұзындығы 5-7 см-ге жеткен бір жылдық өркендерді пайдаланады. Аналық плантацияда бұтақтарды 2-3 бүршіктерін қалдырып түбінен кеседі. Кесілген бұтақтарды іле отырғызылатын орынға жеткізеді де, ұзындығы 4 см аспаған барлық өскіндерін сабағын қоса кеседі. Қалемшелерді жасыл өсінділерінің ұзындығы бойынша сұрыптайды және жүйектерге дымқыл топыраққа отырғызады. Отырғызу барысында өскінді, негізін 3-4 см тереңдетіп тік бағыттайды. Отырғызғаннан кейін көлдетіп суарады. Тамыры пайда болғанша күнде мол су беріп суарады, тамырланғаннан кейін – арасына бір күн салып, кейін қажет болғанына қарай. Бір гектарға 120-170 мың қалемше орналастырады. Тамырландыруға жылы, желдерден қорғалған телімдерді таңдайды. Қара қарақат көлбеу сұлатпа сабақтармен жақсы көбейеді. Мұндайда ерте көктемде бұтаның бұталарын (10-15) шөнкелерге төсейді және түйрейді. Осылардың өркендері 6-8 см жеткенде, оларды 4-5 см қалыңдықпен түптейді. 10-15 күннен кейін 15 см биіктікке дейін түптейді, әдетте жаңбырдан немесе көлдете суландырғаннан кейін. Сұлатпа сабақтарды күзде бөліп алады. Қуатты сұлатпа сабақтары отырғызуға жарамды, әлсіздерін тұқымбақта өсіріп-жетілдіреді. Новосібір жеміс-көкөніс тәжірибе стансасында қара қарақатты көбейтудің еңбекті аз шығындайтын – екі жылдық аналықтарданкөлбеу сұлатпа сабақтарды алу технологиясы дайындалды. Ол үшін элиталы екпе көшеттерді тұқымбақта 0,9х0,5м (22 мың дана/га) сұлбасымен отырғызады және қысқартып кеседі. Бір жылдық қуатты өскіндер өсіп шығады. Келесі жылы оларды қысқартады, қатар бойына иеді және ілгекпен түйрейді. Иілген бұтақтардың өсіп шыққан өркендерін 1-2 рет, биіктігі 10-15 см төмпешік жасап, түптейді. Екінші жылдың күзінде бүкіл қатарды қазып алады да, сұлатпа сабақтарды бақ қайшысымен кесіп, сұрыптайды. Үлгіқалыпты екпе көшеттерді отырғызуға пайдаланады, ал әлсіздеулерін өсіріп жетілдіреді. Бір жылдық екпе көшеттер шығымы 100-120 мың дана/га. Плантацияны салу және күтіп-баптау. Қара қарақатты ауыспалы егісте өсіреді: 1-қара сүрі жер (күзде отырғызғанда); 2-3-жас қарақат; 4-жеміс салуға кіріскен қарақат; 5-9-жеміс беруші қарақат және күзде тоғызыншы танапта түбірімен қопару және мелиоративтік жұмыстар; 10-бір жылдық шөптер, отамалы дақылдар, күздік қара бидай. Алғы егістің өнімін жинағаннан кейін танапты сыдыра жыртқышпен өңдейді және сүдігер көтереді. Отырғызу жылы телімді қара сүрі жер түрінде ұстайды. Сәуірдің соңы мамаырдың басында 1 га 100-150 т шіріген көң, 7-8 ц суперфосфат және 10-15 ц хлорлы калий енгізеді және 35-40 см тереңдікке жыртады. Кейін топыраққа дискілі сыдыра жыртқыш жібереді және тегістейді. Тамырсабақты астық тұқымдас арамшөптерге қарсы ТХА (25-50 кг/га) гербицидін енгізеді, кейін аңызға культиватор жібереді. Қарақат көктемде ерте өсе бастайтындықтан, оны дұрысы күзде, суық түскенше отырғызу. Қолмен және СШН-3, СЛП-1 машиналарын, КРН-4,2, ПРВН-2,5 культиваторларын пайдаланып отырғызады. Культиваторларға қосымша түптегіш, нығыздағыш, отырғызушының орындығын және екпе көшеттер салатын жәшік орнатады. Қарақатты негізінен бір ізді 3х0,5 және 3х1 м сұлбасымен отырғызады. Қарақат қосалқы тамырларын жеңіл қалыптастыратындықтан, оны тұқымбақта (көлбеу 45о бұрышпен) өскенінен 8-10 см тереңірек отырғызады. Отырығызылған өсімдікті көлдетіп суарады, бұтаның түбіне көң төгеді немесе топырақ себелейді. Өсімдікті топырақ үстінде 3-4 бүршігін қалдырып кеседі. Бүршікті одан артық қалдырса өсімдіктің көндігуі нашарлайды, олардың өсуі және дамуы әлсірейді. Отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін қатараралықтарға культивация жүргізеді, ал қатар бойын шотпен қопсытады. Қатараралық топырағын қара сүрі жер жүйесінде ұстайды. Көктемде қатараралықтарды БДН-1,3 А табақты тырмаға тісті тырманы тіркестіріп қопсытады. Кейінгі қопсытулар – тырма тіркеп культиватормен немесе жазық тілгішпен 9-12 см тереңдікке. Өсінді кезеңде 5-6 рет өңдейді. Күзде қатараралықтарды 15-18 см тереңдікке жыртады немесе тереңдетіп дискілейді. Қатар бойындағы топырақты 8-10 см тереңдікке күрекпен қазады. Арамшөптермен күресу үшін ерте көктемде немесе күзде кешірек (дымқыл топыраққа) симазин (өңделетін алаңның 2-ден 5 га дейін) ерітіндісімен бүркеді, арамшөп өте мол болса далапон қолданылады (5-10 кг/га) немесе қоспасы – 3 кг симазин және 8-10 кг далапан 1 га. Алғашқы екі-үш жылда жеміс салғанша плантацияға N60 енгізеді, алғашқы жеміс салғанда – N30 Р90 К60, толық жеміс салу кезеңінде - N120 Р120 К20. Топырақ қоректік заттармен оңтайлы қамтамасыздандырылған деп есептейді егер 100 г топырақта 25-30 мг жылжымалы фосфор және 35-40 мг айырбасталатын калий болса (Н.П.Гладышев, 1997). Өсінді кезінде плантация топырағында ылғалдың деңгейін ЕТСС 75-80% деңгейінде болғанын қадағалайды. Ол үшін жаз бойы 4-5 рет суландырады: бірінші рет – гүлдегеннен кейін, екінші – үдей өсу және жидегін қалыптастыру кезеңінде, үшінші – жидектің пісу кезеңінде, соңғы суландыру – жидекті жинағаннан кейін. Суландыру мөлшерлері – 350-450 м3/га. Суландыру алдында қатараралықтарды культиваторлар-мен қопсытады, ал суландырғаннан кейін (топырақтың физикалық жетілуі басталғанда) ылғал жабады. Ең дұрыс суландыру – жаңбырлатып немесе шөнекпен, әр қатараралыққа екі шөнек тіліп жүргізу. Қазан айы құрғақ болса топырақты 70-100 см тереңдікке дейін ылғалдандыру үшін дымқылдық суармалау (800-1000 м3/га) жүргізеді. Бұтаны қалыптастыру және кесу. Қарақат бұтасын отырғызылғанының екінші жылы қалыптастыруға кіріседі. Бір жылдық бұтақшаларды көктемде, топырақ үстінен 3-4 бүршік қалдырып қысқартады. Одан әрі тамыр маңайындағы өркендердің әлсіздерін аластап, бұтаның түбінен тараған ең мықты 3-4 қалдырады. Кейінгі жылдары да бір жылдық өркендерден 3-4-ін қалдырып отырады. Қазақстанның солтүстігінде қара қарақатты қалыптастыруды отырғызғаннан бес немесе алты жыл өткенде ғана аяқтайды. Осы кезеңге дейін қалыптыстырылған бұтада әртүрлі жастағы 16-20 тамыр маңайлық бұтақтар болуы тиіс: 4-5 бір жылдық, 3-4-тен екі, үш, төрт, бесжылдықтар. Бес жастан асқан жеміс берген бұтақтарды жылда кесіп отырады, сондай-ақ бір жылдық өркендердің артығын да аластайды. Қазақстанның солтүстігінде бұталарды кесуді ең дұрысы көктемде, қысқы зақымдардан кейін, бүршік атқанша жүргізу. Кесу барысында түбірін қалдырмай, қабығын жарақаттамай және көршілес бұтақтарды сындырмай, еппен жүргізу керек. Жеміс беретін плантацияларда жылда санитарлық кесу жүргізеді де, сынғандарын, дерттілерін және әлсіздерін алып тастайды. Өсіндісі 12-15 см кем (әдетте 5-6 жастан асқан бұтақтар) бұтақтардың барлығын кесіп алады. Қарақаттың 1 га плантациясында кесуді қолмен жүргізуге 40-50 адам-күн қажет. И.В.Мичурин атындағы БОБҒЗИ (ВНИИС), арнаулы машиналармен (ОКС-0,9,ИКС-3) қазан айының басында, әрбір 5-6 жылда өсімдіктерді топырақ бетіне дейін кесуді ұсынды. Бұтақтарды плантациядан СТС-4 бақ сүйретпесімен сыртқа алып шығарды да, өртеп жіберді. Кескеннен кейін тыңайтқыш енгізеді. Келесі жылы қуатты тамырмаңайлық өркендер өсіп шығады. Екінші жылы өсімдіктер жеміс салуға кіріседі де, әр гектардан 2-3 т жидек жиналады. Тіршілігінің үшінші жылы өнім деңгейі 6-7 т/га жетеді. Аралық жылдарда, 1га 10-15 адам-күнін жұмсап құрғаған, сынған және ауру бұтақтарды қолмен кеседі. Еңбек шығыны 4-5 есе кемиді, жасартылған плантациялардағы 6 жылда өнім, бақылау нұсқасымен салыстырғанда 30-40 % артады (Б.Г.Матаганов, К.Д.Аяпов, 1997). Өнімді жинау. Қара қарақаттың сұрыптарының басым бөлігінің жидектері бір мезгілде пісіп-жетілетіндіктен, оларды бір ретте жинайды, бір мезгілде пісіп-жетілмегендерін-екі рет. Жидектерді шоғымен жинаған дұрыс, себебі олар шоғында ұзағырақ сақталады және тасымалдауды жақсы көтереді. Жидектерді ашық және аса ыстық емес күндері, сыйымдылығы 2-3 кг себеттерге немесе сыйымдылығы 5-10 кг астауларға жинайды. Балаң күйінде тұтынуға толық пісіп-жетілгенде жинайды, техникалық өңдеуге – 5-7 күн ертерек. Толық піскенде жиналған жидектер 15-18 күнге дейін сақталады және тасымалдауға шыдамды келеді. Жиналған жидектерді жөнелтуге дейін қалқа астында ұстайды, дұрысы оларды тоңазытқышта сақтау. Қара қарақаттың 1га жемісін жинауға 200-300 адам-күн (оны өсіруге жұмсалатын жылдық шығынының 70-75%) қажет. Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ҒЗИ-да қарақаттың плантациясын өсірудің, оның өнімін МПЯ-1А комбайнымен жинаудың технологиясы әзірленді. Оңтайлы құрылымды қара қарақат бұтасын 2,5-0,5 м сұлбасымен отырғызғанда қамтамасыздандырылатыны анықталды. Қара қарақаттың бұтасын төртінші жылы қалыптастырады. Оның мәні комбайнның агротехникалық талабына сай бұтаның тұрпатын (көлемін) қалыптастыруда. Кескіш құралдармен жатып өскен бұтақтар кесіледі және қатардың ені 30 см-ге дейін қысқартылады. Бұтаның 7-8 – жылдары қартаюы үдей түсетіндігіне байланысты, ішінара жасарту шаралары жүргізіледі, бұтаның жартысына жуығын аластайды, сөйтіп жоғары өнімділік кезеңі тағы да үш жылға ұзартылады. Сонан соң плантацияны жасарту мақсатында бұтаның топырақ үстілік бөлігі толығымен кесіледі немесе түбірімен қопарылып, жаңадан өсімдік отырғызу туралы шешім қабылданады. Жидекті комбайнмен жинағанда және бұтаны қалыптастыруды механизм күшімен атқарғанда 1т жидектің өзіндік құны 1,9 есе кемиді, ал оларды өндіруге шығындалған еңбек – 6,7 есе. Осы технологиямен өсірілген жидектен түсетін пайда 1 гектарға шаққанда 62,6 % артады (С.Н.Олейченко, 1997). Механизм көмегімен жинауға бұтақтары тік өсетін, бір уақытта пісетін және жидектері жеміс сағағынан құрғақ үзілетін сұрыптар ең тиімді болады. Плантация арамшөпсіз, топырақ беті тегіс болуы тиіс (әсіресе бұтаның түбінде). Жинауды жидектердің 80-85 % жинар алдындағы пісіп жетілген күйінде болғанда бастайды.
Қызыл қарақат
Қара қарақатпен салыстырғанда мұның бұтасы біршама жинақы және бойлап өседі. Бұтаның түбінен өсіп шыққан бір жылдық өркендері қуатты және жуан келеді, бұтаны қалыптастыруға және ескілерінің, сола бастағандарының орнына пайдаланылады, бірақ жыл өте үдемелі өсуі баяулайды. Қызыл қарақатқа бірінші реттегі өркендерінің, яғни тамырларының өркендерінің қуатты өсуі тән. Олардың бұтақтары тіршілікке бейімділігін сақтайды және өнімін 5-8 жыл бойы береді, яғни қара қарақатпен салыстырғанда 1-2 жыл ұзағырақ. Екінші жылы ол жиі шамалы өсім береді, ал одан төменірек орта тұсында, екі жылдық бұтақшасында шоқтық және қысқарған бұтақшалар немесе жемістік бұтақшаларды қалыптастырады. Шоқтық бұтақшалар мен жемістік бұтақшалардың жылдық өсімдерінің шегінде орналасуы және қат-қабаттылықтың байқалуы қара қарақатқа қарағанда бұған тән құбылыс. Сонымен, қызыл қарақаттың негізгі өнім алынатын гүлдік бүршіктері екі жылдық бұтақшаларында пайда болады. Қара қарақатпен салыстырғанда, жапырақ қолтықтарында гүлдік бүршіктер көбірек қалыптасады. Гүлдік бүршіктер, әсіресе бір және екі жылдық өсімдердің шекарасында шоғырлана орналасады. Қызыл қарақаттың сұрыптары негізінен өздік жемістенетіндер. Сондықтан бұларды, қара қарақатпен салыстырғанда, бір сұрыптың ірі алаптарын жасауға болады. Қызыл қарақаттың қысқа төзімділігі өте жоғары. Қара қарақатқа қарағанда жоғары температураға төзімдірек, жарық сүйгіштеу және құрғақшылыққа төзімдірек, 1,5-2 апта кешірек жанданады, бүршігі жарылған кезде, алдымен гүлдің түйнегін (1 апта ертерек гүлдейді) ашады, кейін жапырағын қалыптастырады, өркендерінің өсуі және жапырақтарының түсуі ертерек аяқталады. Агротехникасы жуықтап қара қарақаттікіне ұқсас, тек отырғызуға біразырақ құрғақтау және жарық жақсы түсетін телімдерді таңдайды. Негізінен жасыл қалемшелермен және сұлатпа сабақтармен көбейтеді. Қызыл қарақаттың жидегін шоғырымен жинайды. Қолмен шоғырдың жидегінен тартып жинауға болмайды.
Қарлыға
Әртүрлі биіктіктегі бұта. Буындарында тікенекті және буынаралықтарында тікенешікті өркендері болады. Қарлығаның мәдени түрлері жарық сүйгіш және жылу сүйгіш, аязға төзімділігі бойынша қара қарақаттан кем түседі. Гүлдері жиі көктемдік бозқыраулардан зардап шегеді. Сұрыптарының көбі өздік жеміс беретіндер, бірақ айқас тозаңданғанда өнімі айтарлықтай жоғарылайды. Жеміс салуға отырғызылғаннан 2-3 жыл өткен соң кіріседі. Қарлығаның бұтасы ұзақөміршеңді. Солтүстік Қазақстан облысында қарлығаның өнімділігі 8 жасына дейін жоғарылайды және 15 жасқа дейін кемімейді. Қарақат сияқты көлбеу сұлатпа сабақтарымен және жасыл қалемшелерімен көбейеді. Қарлығаның топырақүстілік өркендерінен тамыр қалыптастыра алатынын ескеріп, бір түптен едәуір екпе көшеттер алуға болады. Тамырландыруға қуатты бір жылдық өркендері пайдаланған дұрыс. Екі және көп жылдық бұтақтарды да пайдалануға болады. Бұтаның иілген 2-3 өркендерінен, өнімге ешқандай да зиянсыз, 10-12 екпе көшеттер алуға болады. Сұлатпа сабақтарды қарақаттікіне ұқсас өсіреді. Қарлығаның өркендерінің өнімінің салмағымен жерге қарай иілетінін ескеріп, топырақ өңдеу кезінде осындай бұтақтардың өзі-ақ тамырлана алады, міне осыларды отырғызуға пайдалануға болады. Қазақстанның солтүстігінде қар жамылғысынан биігірек орналасқан өркендер, жылда үсіп қалады. Міне, сондықтан қарлығаны табысты өсіру үшін, оған басым жел бағытынан қорғайтын, бақ қорғайтын орман жолақтарына жақын жерден орын таңдау қажет. Қара топырақтарда және күңгірт қара қоңыр топырақтарда жақсы өседі және жеміс байлайды. Қышқыл және сортаң топырақтарда нашар өседі, артық дымқылдануға төзімсіз. Отырғызудың ең қолайлы мерзімі – көктемде бүршік атқанша. Екпе көшетті, тұқымбақта өскен тереңдігінен, 5-7 см тереңірек отырғызады. Екпе көшеттерді тереңдетіп отырғызу бұтаның негізінде, оның қоректенуіне оң ықпал жасайтын, қосымша тамыр қалыптастырады. Екпе көшетті 45o отырғызуға болады, бұл түптің көлемін ұлғайтуға және қуатты тамыр жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасының мәліметтері бойынша құрғақ далалық аймақтарда ең жоғары өнімділік өсімдіктерді 3х1 м сұлбасымен отырғызғанда алынған көрінеді. Өсінді кезеңінде қатараралықтарды және қатар бойын 5-6 рет саяз өңдейді. Қарлыға плантациясында жатаған бидайықтың және далалық шырмауықтың өсуіне жол беруге болмайды. Плантацияларда олар өсетін болса қарлыға бұтасы тез әлсірей бастайды да, өнімділік күрт кемиді. Қарлығаның тыңайтқышқа ықыласы жоғары. Торғай тәжірибе стансасында минералды (Р60) және органикалық (20т/га) тыңайтқыштарды енгізгенде оң нәтиже алынған болатын. Қосымша өнім – 6,1 ц/га. Жаз бойы ең кемі 3 рет суару қажет: біріншісін – гүлдегеннен кейін жидектің және өркеннің өсуі кезеңінде және мамырдың 25-нен маусымның 5 дейін. Екіншісін – жасыл түйнек – маусымның 5-нен мен 25 дейін. Үшінші рет суландырудың тамырдың өсуін пәрмендеудегі және өсімдіктің қыстап шығу жағдайын жақсартудағы (қыркүйектің соңы – қазанның басында) маңызы өте зор. Суландыру мөлшері 500-600 м3/га. Қарлығаның сібірлік сұрыптарының басым бөлігі бұтасын қоюландыруға бейімді және жылда едәуір бір жылдық өркендерді қалыптастырады. Қарлығаның қаңқалы бұтақтарының ең өнімді жасы – 6-7 жылдықтары. Жылда ең қуаты 4-5 бір жылдық өркендер қалдыра отырып, қартайғандарын, сынғандарын, аязға шалдыққандарын кесу керек. Аяз ұрған немесе жарақаттанған бұтақтарды бүршік тұсынан кеседі немесе жақсы дамыған өркенінің сау сүрегіне дейін. Қыстап шыққаннан кейін, әсіресе қарлыға жабылатын жерлерде, әдетте бұтаның сынуы көп болады. Мұндайда бұтаны көктемде кесу қолайлы. Ересек бұтада әртүрлі жастағы 20-25 бұта болуы тиіс. Қарлыға жидегін бір рет жинайды. Балаң күйінде пайдалану үшін жидекті толық піскенінде жинайды, техникалық өңдеуге – 5-7 күн ертерек. Толық піскен жидектерді сыйымдылығы 5-6 кг жәшіктерге, себеттерге жинайды, ал техникалық піскендерін – 15-20 кг сыятындарға. Тікенектер қолды жарақаттамауы үшін қолғап кию керек. Жиналған жидектерді көлеңкеде ұстаған жөн, әйтпесе олар дәмдік және қоректік сапасын тез жоғалтады. Қарлығаның кеш пісетін сұрыптары тоңазытқышта 30-40 тәулік сақталады, қалыпты жағдайда – 6-7 тәулік.
