- •Бүйрек патофизиологиясы Гломерулопатиялар
- •Жіті гломерулонефрит
- •Жітілеу жайылмалы гломерулонефрит
- •Сүлде жайылмалы гломерулонефрит
- •Нефроздық (нефроткалық) синдром
- •Пиелонефрит
- •Несеп-тас ауруы (нефролитиаз, уролитиаз)
- •Обструкциялық уропатия
- •Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі
- •Бүйрек қызметінің жіті жеткіліксіздігі (бжж)
- •Бүйрек кызметінің сүлде жеткіліксіздігі (бсж)
Обструкциялық уропатия
Несеп шығарылуына механикалық бөгеттер болуынан дамитын бүйрек қызметінің постреналдық жеткіліксіздігін обструкциялық уропатия дейді. Бұл бөгеттер үрпі өзегінде, қуықта, бір немесе екі бірдей зәрағарда болуы мүмкін. Олар:
√ несеп шығару жолдары сыртындағы тіндерде өскен өспемен қысылып қалуынан;
√ айналасындағы тіндерде тыртық қалыптасуынан несеп шығару жолдарының саңылауы тарылуынан;
√ несеп шығару жолдарының өздерінің ішінде өскен өспемен бітеліп қалуынан;
√ несеп шығару жолдары таспен немесе қан ұйындысымен бітелуінен;
√ қатты ауыру сезімінен, адреномиметиктерді тым артық енгізуден және есірткілердің әсерінен қуық қабырғасында, зәрағарларда қыспақтардың межеқуаты реттелуінің бұзылыстарынан – байқалады.
Ұлдарда обструкция үрпі өзегінің артқы қақапақшасында жиі кездеседі. Кейде зәрағардың қуыққа енер жерінде туа біткен стеноз болады.
Зәрағарлар бітелуінен оларда, бүйрек ұлпасында және нефрон өзекшелерінде несеп іркіліп қысым көтеріледі, шумақтарда несеп сүзілу жылдамдығы баяулайды. Өйткені: бүйрек өзекшелерінде қысымның көтерілуі несеп сүзілуіне қарсы әсер етеді.
Егер бір апта ішінде несеп шығарылуын қалпына келтірсе, онда бүйректің қызметі толығынан оңалады. Несеп шығарылуының бұзылуы ұзаққа созылса бүйрек қызметі толығынан оңалмайды. Алты аптаға созылған обструкцияны жойғаннан кейін нефрон шумақтарында азайған несеп сүзілуі минутына 10-20 мл-ге шамалы ғана көбейеді. Ұзақ сақталған несеп жолдарының тарылуы бүйректің несепті қоюландыру қабілетін төмендетеді, нефрон өзекшелерінде эпителий жасушаларының антидиурездік гормонға жауап қайтаруын әлсіретеді. Содан қантсыз диабет дамиды. Сонымен қатар, бұл кезде эпителий жасушаларының аммиак түзу және протондарды нефрон өзекшелерінің саңылауына бөліп шығару қызметтері бұзылады. Сол себепті бүйректік өзекшелік ацидоз дамиды.
Несеп шығару жолдарымен сұйық өтуі тоқтауынан және оларда қысым көтерілуінен өзекшелердің эпителий жасушаларының иммундық қабілеті бүлінеді. Бұл өз алдына несеп шығару жолдарына және бүйрекке жұқпалардың тарауына әкеледі.
Несеп шығарылуын қалпына келтіргеннен кейін полиурия дамиды. Ол мына себептерден дамуы мүмкін:
√ обструкция кезінде организмде тұтылған осмостық белсенді заттар (зәрнәсіл, натрий т.б.) шығарылуынан (осмостық полиурия);
√ организмде жасуша сыртылық сұйықтың көптігінен;
√ нефрон өзекшелерінде эпителий жасушаларының кері сіңіру қабілеті төмен болудан;
√ бүйректік қантсыз диабет дамуынан.
Полиурия тым артық болса организмде гипогидрия, гипокалиемия дамуына әкеледі.
Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі
Бүйрек қызметінің жіті жеткіліксіздігі (БЖЖ) - тез арада олигурия немесе анурия дамуынан жасуша сыртындағы сұйықта (қанда) және жасушаларда нәруыздар алмасуының соңғы өнімдері, протондар, натрий, калий және судың мөлшері қатты көбейіп кетуімен сипатталатын организмнің ауыр дерттік жағдайы. Бұл кезде байқалатын метаболизмдік ацидоз, гиперкалиемия және айналымдағы қан көлемі көбеюі жүрек ырғағының бұзылыстарына, жүрек қызметінің жіті жеткіліксіздігіне әкеледі. Содан науқас жан тапсырады. Бүйрек қызметінің жітілеу жеткіліксіздігі кезінде науқаста жүйке, жүрек және ішек-қарын жолдарының бүліністеріне тән әйгіленімдер пайда болатын уремиялық синдром дамып үлгереді.
Бүйрек қызметінің сүлде жеткіліксіздігі шумақтық сүзілу жылдамдығының ұзақ азаюымен, натрий, калий және басқа осмостық белсенді заттардың несеппен сыртқа шығарылуы кемуімен, сутегі иондарының шығарылуы және бүйрек өзекшелерінде бикарбонаттардың кері сіңірілуі азаюынан метаболизмдік ацидоз, гиперазотемия, уремиялық синдром дамуымен сипатталады.
