Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
10.патофизиология почек.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
476 Кб
Скачать
☆

Бүйрек кызметінің сүлде жеткіліксіздігі (бсж)

БСЖ бүйрек нефрондарының біртіндеп тіршілігін жоғалтудан, олардың орнына дәнекер тіндердің өсіп-өнуінен дамиды.

Этиологиясы. БСЖ-іне әкелетін себепкер ықпалдарға:

● сүлде гломерулонефрит, пиелонефрит, бүйректің поликистозы, нефросклерозы, туберкулезі т.б.;

● қан тамырларының атеросклерозы, эссенциалық артериалық гипертензия;

● қантты диабет, амилоидоз, подагра т.б. дерттер кездеріндегі зат алмасуларының бұзылыстары т.с.с. жатады.

Патогенезі. Созылмалы дерттердің нәтижесінде бүйректе қызмет атқаратын нефрондардың азаюынан бүйрек қызметінің біртіндеп, қайтымсыз төмендеуі байқалады. Оның бұзылу дәрежесіне қарай БСЖ үш сатыға ажыратады. Әр сатысы А және Б кезеңдеріне бөлінеді.

● бірінші жасырын сатысының I А кезеңінде тыныштық жағдайда бүйрек қызметінің бұзылысы байқалмайды, креатининнің мөлшері әдеттегідей болады. Бірақ қою тамақ немесе сұйықтарды артық ішкізу арқылы бүйрек қызметінің пайдаланылмаған (резервтік) мүмкіншіліктерінің төмендегенін байқауға болады. IБ кезеңінде қан плазмасындағы креатининнің деңгейі қалыпты мөлшерінің ең жоғары шыңында (80 мкмоль/л) болады. Нефрон шумақтары арқылы несептің сүзілуі қалыптыдан екі есеге (40-60 мл/мин дейін) төмендейді;

● екінші гиперазотемиялық сатысы кезінде бүйрек нефрондарының 75%-ы тіршілігін жоғалтады. Сол себептен азоттық заттардың организмнен сыртқа шығарылуы азайып, олардың қанда жиналуы байқалады. Осыдан қан плазмасында зәрнәсілдің, зәр қышқылдарының, креатининнің, фенолдардың деңгейі біршама көбейеді.

IIА кезеңінде нефрон шумақтары арқылы несептің сүзілуі қалыпты мөлшерінің 20%-ына дейін, IIБ кезеңінде 10%-ына дейін азаяды;

● үшінші уремиялық сатысында нефрон шумақтары арқылы несептің сүзілуі қалыпты мөлшерінің 5%-на дейін төмендейді, қанда азоттық заттардың деңгейі бірнеше есе көтеріледі, гиперазотемия, уремия дамиды.

БСЖ-ін несеп шығарылудың бұзылыстарына қарай үш сатыға ажыратады: 1-жасырын сатысы, 2-полиурия сатысы, 3-олиго-анурия сатысы.

Полиурия сатысында бүйректің қоюландыру қабілеті қатты әлсіреген. Сондықтан тәулігіне меншікті тығыздығы төмен, 2-4 л. несеп шығарылады. Диурездің көбеюі несеппен осмостық белсенді заттардың (зәрнәсіл, натрий) көп шығарылуынан болады. Бұл кезде бастапқы нефрон өзекшелеріндегі зәрден натрийдың кері сіңірілуі бұзылады. Бүйрек өзекшелеріндегі эпителий жасушаларының әлдостерон мен вазопрессинге сезімталдығы азаяды. Осыдан бастапқы несептен су мен заттардың кері сіңірілуі бұзылудан, бүйректің қоюландыру-сұйылту қабілеті төмендейді, полиурия, гипостенурия дамиды. Полиурия кезінде артық су мен зат алмасу өнімдері организмнен сыртқа шығарылытын болғандықтан, оның икемделістік маңызы бар.

БСЖ-нің олиго-анурия сатысында қызмет атқаратын нефрондардың саны қалыпты мөлшерінің 10%-нан азы ғана қалады және нефрон шумақтары арқылы несеп сүзілу минөтіне 10 мл-ден аз болады. Тәулігіне шығарылатын несептің мөлшері 500 мл-ден аспайды. Бұл кезде бүйректің қоюландыру-сұйылту қабілеті мүлде жоғалады, изостенурия байқалады. Осыдан уремия, уремиялық кома дамиды.

Бүйрек қызметінің сүлде жеткіліксіздігінде жиі артериялық гипертензия мен анемия байқалады. Артериялық гипертензия олигоцитемиялық гиперволемия дамуымен және шеткері қан тамырларына бүйректің жиырғыш және босаңсытқыш ықпалдарының арақатынасы бұзылыстарымен түсіндіріледі. (Артериялық гипертензияларды қараңыз).

Анемияның дамуы бүйректе эритропоэтиннің жеткіліксіз өндірілуімен, қан плазмасында оның бәсеңсіткішерінің және эритроциттердің гемолизін туындататын ықпалдар пайда болуымен түсіндіруге болады.

Уремия

Уремия (грек. uron - зәр, несеп; haima - қан, зәрліқан). Зат алмасу-ларының әртүрлі бұзылыстарымен, организмде көптеген уытты заттардың жиналып қалуымен және ішкі ағзалардың құрылымы мен қызметтерінің бұзылыстарымен көрінетін, бүйрек қызметінің ауыр жеткіліксіздігінен дамитын синдромды уремия дейді.

Уремия бүйрек қызметінің жіті жеткіліксіздігінің екінші және үшінші сатыларында, сүлде жеткіліксіздігінің ақтық сатысында дамиды. Бұл кезде бүйректің барлық қызметтері бұзылады. Уремияның даму жолдарында:

● несеп сүзілуінің, сонымен бірге азоттық заттардың, аммоний иондарының т.б. заттардың сыртқа шығарылуы бұзылуының;

● су мен тұздардың организмдегі тепе-теңдігі бұзылуының;

● Д витамині алмасуы бұзылуының;

● көптеген гормондардың ыдыратылуы мен сыртқа шығарылуы бұзылыстарының;

● бүйректе эритропоэтин, простагландиндердің, кининдердің, урокиназаның т.б. өндірілуі қатты азаюының - маңызы зор.

Бүйректе несеп сүзілуінің қатты азаюынан қанда 200-дан астам улы өнімдер жиналып қалады. Солардың ішінде зәрнәсілдің, креатининнің, зәр қышқылдарының, фенолдардың, полиаминдердің т.с.с. деңгейі 2-5 еседен астам көтеріледі. Бұл азоттық заттар организмге көптеген уытты әсер етеді:

√ мыйдың оттегіні пайдалануын азайтады;

√ организмде қышқылдық-сілтілік үйлесімділікті бұзады, гипер-азотемиялық ацидоз дамытады;

√ жасуша мембраналарының өткізгіштігін жоғарылатады;

√ су мен электролиттердің алмасуын бұзады; калий иондарының қанда көбеюі жүрек ырғағының бұзылыстарына, оның кенеттен тоқтап қалуына әкелуі мүмкін;

√ зәрнәсіл тромбоциттердің агрегациясын бұзады, содан қанағыштыққа бейімділік байқалады;

√ организмнің жалпы әлсіздігін, көніл-күйдің тұнжырауын, ішек-қарын әрекеттерінің бұзылыстарын туындатады.

Су организмде артық жиналып қалуынан олигоцитемиялық гиперволемия, артериялық гипертензия, өкпе мен мыйдың ісінулері дамиды.

Сульфат, фосфат аниондары несеппен шығарылмағандықтан олар қанда жиналып қалады. Осыдан организмде метаболизмдік ацидоз одан сайын үдей түседі. Қанда жиналып қалған фосфат және сульфат аниондары кальцийді байланыстырып, оның қандағы деңгейін төмендетеді, гипокальциемия дамытады. Бұл сүйектерден кальцийдің босап шығуын күшейтіп, оларды жұмсартады, остеомаляция, остеопороз дамытады. Жасушалар сыртындағы сұйықта кальций фосфаты көп құрылуынан буындар мен омыртқа бағанасы аймақтарындағы тіндерге кальций жиналады. Кальций теріге, тамырлардың қабырғасына, өкпе, бауыр және бүйрек ұлпаларына да жинақталады. Ол жүректің өткізгіш жүйесіне тарауынан жүрек аритмиясы дамиды.

Қанда иондалған кальций азаюынан паратгормон өндірілуі артады. Ол остеокластардың белсенділігін арттырып, сүйектерден кальций мен фосфаттың босап шығуын күшейтеді. Содан бүйректік остеодистрофия дамиды.

Организмде жиналған улы өнімдер сыртқа ішек-қарын, тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары және тері арқылы шығарыла бастайды. Сонымен бірге, олар организм қуыстарына жиналып, түршіктіретін және уыттандыратын әсер етеді. Осылардың нәтижелерінде орталық жүйке жүйесінің, сыртқы тыныс алу ағзаларының, жүрек пен қан тамырларының, қанның, ішек-қарын жолдарының, терінің ауыр бұзылыстары пайда болады.

Жүйкелік-жандүниелік бұзылыстардың нәтижесінде бас ауыруы, полиневрит, тырыспа-селкілдек, ұйқы қашу, тұнжырау, қалжырау, кома дамуы байқалады.

Ішек-қарынның бұзылыстары нәтижесінде тәбеттің жоғалуы, ықылық ату, жүрек айну, құсу, іш қату және өту байқалады, асқазанның ойық жарасы, ойық жаралы колит, қан кетулер дамиды.

Жүрек-қан тамырлар жүйесінің бұзылуы айналымдағы қан көлемі ұлғаюына, артериялық қан қысымы көтерілуіне, жүрекқаптың қабынуына, артынан жүректің жиырылу қызметі әлсіреуіне әкеледі.

Қан жүйесінде үдемелі анемия, қан ұюының бұзылыстары байқалады, гипернатриемия, гиперкалиемия, гиперфосфатемия, гиперсульфатемия дамиды. Уремия кезінде анемияны емдеу мақсатында қан құю нәтижелі болмайды. Өйткені эритроциттер тез гемолизге ұшырап кетеді.

Тыныс алу ағзаларында өкпенің ауыр қабынуы, ісінуі, жалқықты плеврит дамуы, дерттік үзілісгі Чейн-Стокс, Кусмаул тыныстары байқалады.

Теріде қышыну, уремиялық ұнтақтар жинақталуы, гиперпигментация көрінеді.

Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігін емдеу үшін жасанды бүйрек аспабын қосып, қанды тазарту әдісі (гемодиализ) қолданылады. Оның негізінде жартылай бір бағытта өткізетін мембраналар арқылы белгілі құрамдағы тұздар мен глюкозаның көмегімен қаннан улы заттарды ажыратып алу жатады. Гемодиализ БЖЖ кезінде ауру бүйректің демалуына, бүлінген қызметінің қалпына келуіне әкеледі. Ал БСЖ кезінде ол науқас адамның өмірін бірнеше жылға созуға, артынан сау бүйректі ауыстырып қондыруға мүмкіншілік береді;

Бүйрек ауруларының кейбір клиникалық көріністеріне қарсы әйгіленімдік емшаралар қолдану қажет. Бүйрек ауруларының салдарлары анемияны, ісінуді, гастритті, энтероколиті, артериялық гипертензияны, тромбогеморрагиялық бұзылыстарды емдеу симптомдық емдеу болады.