Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
СИЛ Ландшафт 2015.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Студенттердің оқытушының жетекшілігімен атқаратын өздік жұмыстарына әдістемелік нұсқаулар

Студенттерге білім беру кезінде олардың білімін тереңдету және тақырыпты анағұрлым толығырақ ашып түсіндірудің жаңаша түрі бұл студенттің, оқытушының жетекшілігімен атқаратын өздік жұмысын ұйымдастыру болып табылады. Оқу барысында оқытушы студенттерге өткізілген тақырыптарға және бөлімдерге сәйкес қосымша тапсырмалар беріп отырады. Оқытушы берілген тапсырма бойынша студенттерді әдістемелік нұсқаулармен және қажетті материалмен қамтамасыз етіп, қажетті әдебиеттер тізімін ұсынады.

Студент оқытушының берген нұсқауына сүйеніп және үлестірмелі материалды пайдаланып, өз бетінше тапсырмаларды орындауы тиіс.

Студенттердің жұмыстары ұйымдастырудың пікірталас, жарыс ойындар, тренинг т.б сияқты формаларын да пайдалана отырып өткізіледі. Сонымен қатар студенттерге білімді бақылау құралдары да пайдаланылады.

Оқытушының жетекшілігімен жұмыс атқара отырып, студент өз бетінше ойлау, ой қорыту, тұжырымдау және топта, ұжымда өз ойын ашық білдіруге үйренеді. Жұмыс барысында студент тапсырмаларды уақтылы орындап, материалды талдау қабілетін арттырып, мәселені талқылауға және зерттеу әдістерін пайдалануға машықтанады. Сол арқылы тақырыпты тереңдете меңгертуге мүмкіндік туады.

Мақсаты мен міндеті:

1. Студенттердің өз бетінше жұмыс жасау қабілетін арттыру;

2. Студенттің топта өз ойын ашық білдіру, материалды талдау және талқылау дағдысын қалыптастыру;

3. Студенттердің курсты толық меңгеріп, жан-жақты білім алуын қамтамасыз ету;

4. Мұрағаттану және мұражайтану жұмысы туралы анағұрлым көп материалдарды және талдау әдістерін пайдалануға машықтандыру,

5. Арнайы үлестірме материалдарды және бақылау құралдарын пайдалану арқылы студенттердің ой-өрісін дамыту.

Әдістемелік нұсқаулар:

Тапсырмамен жұмыс барысында студенттер мыналарға баса назар аударуы керек:

1. Тапсырманың ауқымы және қандай сұрақтар берілгеніне;

2. Тапсырманы орындау үшін қандай әдістерді пайдалану қажеттігіне;

3. Берілген материалды жүйелеу және талдау жасау арқылы негізгі ұғымдарды анықтауға;

4. Тапсырманы орындау барысында немесе пікірталас барысында өзінің нақты тұжырымдарын алға тартуға;

5. Бақылау құралдарының сұрақтарына жауап беруде негізгі қай материалға қатысты екенін анықтауға;

Негізгі әдебиеттер :

1. Исаченко А.Г. Ландшафтоведение и физико-географическое районирование. Учебник. – М.:Высшая школа, 2001.

2. Молдагулов Н. Ландшафттану негіздері және Қазақстанның ландшафт географиясы. – Алматы: Рауан, 2004.

3. Ландшафтоведение. – М.; 2002.

4. Мильков Ф.Н. Физическая георгафия. Учение о ландшафте и георграфическая законность. – Воронеж 2006.

5. Мильков Ф.Н. Человек и ландшафты. – М., 2003.

6. Армонд Д.Л. Наука о ландшафте. – М.,2005.

7. Гелдыева Г.В., Веселова В.К. Ландшафты Казахстана . Алма-Ата: Рылым 2002.

8. Николаев В.А: Проблемы регионального ландшафтоведение. – М.: МГУ, 2009.

9. Чигоркин А.В. Проблемы ландшафтоведение и охрана природы.- Алма-Ата 2004.

10. Қазақстанның атласы 1-том.

11. Ландшафтная карта Казахстана.

12. Топокарта М 1 :10000.

Қосымша әдебиеттер:

1.Арманд Д.Л. И др.Зарубежная Азия.М.,2006

2.Богданов Д.В.География Мирового океана.М., Наука,2008.

3.Богданов Д.В.Тропический океан. М.,Наука,2005.

4.ВласоваТ.В.Физическая география материков.М.,Просвещение,2006.,т.1-2

5.ЕрамовР.А.Физическая география Зарубежной Европы.М.,2003

6.Географический атлас.М.,ГУГК.2003.

7.Рябчиков А.М.и др.Физическая география материков и океанов.М.,Высшая школа.2008.

8.Физико-географический атлас мира.М.,ГУГК.2004.

9.”Страны и народы”,Зарубежная Европа и Зарубежная Азия.М.,Мысль,2009.

1–дәріс. Ландшафттану курсына кіріспе. Ландшафттардың түрлері. Динамикасы.

1. Ландшафттану курсына кіріспе.

2.Ландшафттардың түрлері.

3.Динамикасы.

Жер бетіндегі жаратылыс жағдайы әр түрлі территориялық табиғат кешендерінің ерекшеліктерін, олардың құрамын, байланысын, бір-біріне тигізер әсерін, құрамдас бөліктерінің өзара орналасу заңдылықтарының ландшафттану ғылымы зерттейді.

Физикалық географияның бір тарауы немесе бір бөлігі болғандықтан ландшафттану сабағының физгеографиядан бөлек оқу мақсаты болуы мүмкін емес. Қазіргі физикалық географияның негізгі мақсаты біздің планетамыздың сыртқы қабатын құрайтын географиялық компоненттердің өзара байланысын зерттеу. Тарихи бұл ілім екі бағытта анықталып, біріншіден географиялық қабықша ұғымына, екіншіден табиғи географиялық комплекс (кешен) ұғымына алып келді.

Географиялық қабықша деген ұғымда дүниежүзілік масштабтағы географиялық комплекстердің бірлігі орын алады да, ол физикалық географияның негізгі мақсаты болады. Ал географиялық немесе табиғи кешен ұғымы жергілікті жерлік немесе регионалдық түсінікте ландшафттану ғылымының негізі ретіне қаралады.

Табиғи компоненттер: 1 жер қыртысының қатты қабаты, 2 гидросфера массасын (жерасты және жер беті суларын), 3 атмосфераның ауа массасын, 4 өсімдіктер жануарлар мен микроорганизмдер жиынтығын, 5 топырақ жамылғысын түсінеміз. Сонымен қатар, географиялық компонент ретінде рельеф пен климатты да түсінеді. Шын мәнісінде біріншісі жердің сыртқы қатты қабатын құраса, екіншісі ауа қабатының жекелеген қасиеттерімен процестерінің жиынтығы. Дегенмен климат та, рельеф те географиялық комплекстердің пайда болу мен дамуында негізгі роль атқарады. Сондықтан да климат пен рельеф өзіндік жекелеген географиялық компонент бола алады. Географиялық компоненттердің бір-бірімен тығыз байланыстылығын және олардың күрделі материалдық комплекстер немесе системалар құруын олардың кеңестікте бір жерден екінші жерге ауысып отыруынан көреміз. Осындай өзгерістерді кез келген территорияда комплекстік профильдер жасау арқылы білуімізге болады. Мәселен: солтүстік пен оңтүстікке қарай климаттың өзгеруіне байланысты келісімді түрде су балансының, топырақ, өсімдік жамылғысының, жануарлар дүниесінің өзгеруі. Жергілікте жерде мұндай өзгерістердің рельефтің әр түрлі элементтері кездесетін жерлерге профиль жасау арқылы көреміз. Мысалы, су айырығы арқылы беткейге, терраса арқылы өзен арнасына, яғни рельефтің өзгеруіне байланысты жер беті шөгіндерінің, микроклиматтың, жер асты суларының деңгейінің, топырақ түрлерінің өзгеруі. Географиялық компоненттер бір-бірімен тек кеңістікте ғана емес уақыт бойынша да байланысты. Мысалы, қандай да болсын климат өзгерісі міндетті түрде топырақ, өсімдік, тіпті рельефтің өзгеруіне әсер етеді. Дегенмен, жекелеген компоненттердің арасындағы өзгеріс бірден, тез бола қоймайды, олардың өзгеруі үшін бірталай уақыт керек. Компоненттердің өзгеруіне бір-бірімен өзара уақыт бойынша келісімділік керек емес. Мысалы, географиялық ортада тектоникалық қозғалыстардың өзгеруі басқа компонентердің яғни климаттың, өсімдік жамылғысының өзгеруіне әкеліп соғады. Сондықтан ТТК тек табиғи компонентердің жиынтығы ғана емес, ол іс жүзінде алғанда компоненттердің сапа жағынан біртұтас жиынтығы, яғни күрделі материалдық жүйе. ТТК дегеніміз географиялық компоненттердің кеңістік пен уақыт бойынша үйлескен бірлестігі. Егер географиялық комплекстің бірнеше компоненті белгілі болса онда өзара тығыз байланыстық қасиетті пайдалана отырып белгісіз компонентті болжауға болады. Мысалы, гидрология мамандары жауын-шашынның мөлшеріне температуралық режимде, тау жыныстарының қасиеттеріне негізделе отырып, өзен суының ағынын, мөлшерін және оның режимін анықтай алады.

ТТК ұғымының синонимі ретінде “географиялық комплекс” немесе оның қысқартылған “геокомплекс” деген ұғымдары қолданылады. 1963 ж. В.Б.Сочава физикалық географияның объектісі ретінде “геосистеманы” қолдануды ұсынды. Геосистема деген ұғым табиғи географиялық бірліктердің географиялық қабықшадан бастап ең төменгі бөліктерін қамтиды. Геосистема ұғымы ТТК деген ұғымға қарағанда кең мағынада қолданылады. Өйткені ТТК географияның жекелеген бөліктерінде ғана қолданыла алады. Сондықтан, “геосистема” физикалық география мен ландшафтану ғылымдарының объектісі болып табылады.

Ландшафттану ғылымының мазмұны.

Геосистемалардың даму құрылымында негізінен үш деңгейді ажыратады. 1 планеталық, 2 регионалдық, 3 локалдық (жергілікті жерлік).

Жер бетінде планетарлық деңгей бір ғана данамен – географиялық қабықшамен берілген. Географиялық қабықша термині ғылымның өз атынан шыққандықтан ешқандай мазмұндық мағына алмайды. Сондықтан бұл қабықшаға әр түрлі ат қойылды. Ең қысқа және мағынасы жағынан тура термин ретінде “эпигеосфера” деген ұғым ұсынылды, тура мағынасында “жердің сыртқы қабықшасы” деген ұғымды білдіреді.

Регионалдық деңгейдегі геосистемалар эпигеосфераның ең ірі және құрылымы жағынан күрделі бөліктерін – ландшафттық зоналарды, секторларды, аймақтарды т.б. қамтиды.

Жергілікті жер деңгейіндегі системаларға құрамы күрделі емес ТТК-ді, яғни мекендерді (урочище) фацияларды жатқызады. Регионалдық және локалдық деңгейдегі геосистема ландшафттық ізденістердің негізгі объектісі болып табылады. Сонымен, ландшафттану ғылымы физикалық географияның бір тарауы болып табылады, эпигеосфераның локалдық және регионалдық деңгейіндегі бөліктерін зерттейді. Эпигеосфераға континуальдық және дискреттік қасиеттер тән. Эпигеосфераның кеңістік дифференциясы негізінен екі бағытта қаралады: тік және көлбеу. Оның тік бағыттағы құрылымы ярус тәріздес болады да, жекелеген бөліктерінің тығыздығына байланысты орналасады.

Сонымен, ландшафттану негізгі құрылықтың регионалдық және локалдық геосистемаларын, олардың дифференциациясы, дамуы, орналасу заңдылықтары эволюциясы болып табылады. Осы ғылымның қалыптасуына алғашқылардың бірі болып орыс ғалымы В.В Докучаев айтарлықтай үлес қосты. Ол территориялдың табиғат жағдайларын зерттеуге кешендік принцип қолданды. Табиғи процестерді меңгеру үшін табиғаттың жеке бөлігін емес, тұтас бірлігін тани білу керек деп көрсетті. Ғалым табиғаттың геогендік және биогендік құрамдас бөліктерінің арақатынасы мен өзара әрекеттесу заңдылықтарын ашатын ғылымның керектігін ұғынды. Табиғат зоналары туралы 1898-1900 жылдары жазған көптеген мақалалары осы ғылымға негіз қалады.

Бұдан кейінгі кезде ландшафт ұғымын Л.С.Бергтің еңбектерінен кездестіреміз. Л.С.Берг ландшафттыға кең мағына берді. Ол географиялық кешендердің белгілі бір аймақта қайталана беретін типтерін де /батпақ, құмды,шыршалы орман, т.б./ немесе нақтылы бір территориямен шектелетін аймақтарын да /Сарыарқа, Бетпақдала,т.б./ ландшафт деп ұқты. Оның бұл тұжырымдары кейін ландшафт туралы теорияның дамуына негіз болды. Сөйтіп, хх ғасырдың 30-жылдарынан бастап ландшафттыны типологиялық және аймақтық мағынада ұғыну география ғылымына берік енді.

Ландшафттану ғылымының дамуы ландшафт картасын жасау ісімен тығыз байланысты. Бұрынғы КСРО-да жаппай ландшафт картасын жасау екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынды. Кейіннен ірі, орта, ұсақ масштабты ландшафт картасын жасауға Ленинград, Латвия, Воронеж, Львов, т.б. университеттердің ғалымдары мен Қазақстан ғалымдары атсалысты. Ландшафт картасын жасау мен далалық ландшафт зерттеулерінің қарқынды жүргізілуі, ландшафт туралы теорияның терең талқылануы ландшафттану ғылымы ауқымының кенеюіне жол ашты.

Қандай ғылымның болсын дамуында ғалымдар арасындағы пікір-таластың, өзекті мәселелерді ауық-ауық бас қосып, талқылап отырудың маңызы ерекше. Ландшафттанушы ғалымдардың 1963 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық кеңесі, 1965 жылы “Таулар мен шөлді аймақтардың ландшафттарын зерттеу” проблемаларына арналған аймақтық ғылыми симпозиум және басқа шаралар Қазақстан ландшафты туралы зерттеулердің өріс алуына елеулі ықпалын тигізді. Қазақстандық зерттеушілерден В.М.Чупахинді, М.Ш.Ишанқұловты, А.В.Чигаркинді, Г.В.Гельдиеваны т.б. атауға болады. 70-80-жылдарда Қазақстандағы мұндай зерттеулер “Ертіс-Қарағанды” каналы мен Іле, Ертіс өзендеріндегі су техникалық кешендер құрылыстарына байланысты жүргізілді.

Геологиялық негізі, жер бедері, климат жағдайы гидрологиялық режимі, топырақ жамылғысы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінен тұратын биоценоздары бірдей болып келетін біртекті территориялық табиғат кешенін ландшафт деп атайды

2–дәріс. Территориялық табиғат кешендерінің құрамы.

1.Территориялық табиғат кешендерінің құрамы.

Газ, сұйық және қатты заттардан тұратын территориялық табиғат кешендерінің жеке бөліктерін құрамдас бөлік деп атайды. Соңғы жылдардағы ғылыми зерттеулер геогендік және биогендік құрамдас бөліктермен бірге энергетикалық құрамдас бөліктердің болатынын да дәлелдеп берді.

Территориялық табиғат кешендерін құрайтын құрамдас бөліктердің қандай түрі болсын – заттық объект, олар белгілі бір заңдылықтар бойынша бір-бірімен әрекеттесу арқылы күрделене түседі. Демек, оларды тек даму процесі арқылы ғана танып-білуге болады. Мысалы, алғашқы тірі ағзалар су, ауа және минералды заттармен қоректеніп, органикалық заттар пайда болатын қарапайым автотрофтылар тобын түзеді. Кейіннен даяр органикалық заттармен қоректенетін гетеротрофты тірі ағзалар – жануарлар пайда болған.

Ғалымдардың тұжырымдалған пікірлеріне қарағанда, территориялық табиғат кешендерін құрайтын құрамдас бөліктерді төмендегіше жіктеуге болады:

геогенді құрамдас бөлікке: жер қыртысы, ауа, су;

энергетикалық құрамдас бөліктерге: күн энергиясы, жердің ішкі энергиясы;

биогенді құрамдас бөліктерге: өсімдіктер, жануарлар, топырақ жатады.

Осы құрамдас бөліктердің түрліше өлшемдегі территориялық бөлшектері әр түрлі сатыдағы немесе таксономиялық бірлік дәрежесінде территориялық табиғат кешендерімен қабысады.

Табиғаттың құрамдас бөліктері өздеріне тән заңдылық бойынша бар болмысымен өзгеріп, дамиды. Бірақ олардың қай-қайсысы болса да жеке-дара өзгеріп, дами алмайды. Барлық құрамдас бөліктер өзара әрекеттесу арқылы тұтас бір заттық жүйеге бірігеді. Алайда құрамдас бөліктің қайсысына қандай күшпен әрекет ететіні туралы және оның территориялық табиғат кешендерінің қалыптасуында қандай рөл атқаратындығы туралы әлі күнге дейін ғалымдар арасында нақты пікір жоқ.

Егер жердің пайда болуын академик О.Ю.Шмидтің жорамалы бойынша түсінсек, онда территориялық табиғат кешендерін құрайтын құрамдас бөліктер тізбегі алғашқы пайда болған құрамдас бөліктердің бірі – жер қыртысынан басталады. Ол жер тарихында күрделі эволюциялық даму дәуірлерін басынан кешірген. Әрбір дәуір сайын геологиялық құрылысы әр түрлі келетін жыныс қабаттары жиналған.

Жер қыртысын түзетін қабаттар жаратылысына қарай геосинклинальды, теңіздік, жанартаулық және материктік болып келеді. Олар территориялық табиғат кешендерінің таксономиялық негізін құрайды. Ол пайда болған күннен бастап-ақ жердің ішкі энергиясы (тектоникалық қозғалысы) мен сыртқы күштер әрекетіне (денудациялық және аккумулияциялық процестер) байланысты алғашқы құрылымдарын өзгертеді. Оны литогенді жыныстық құрамы әр түрлі болып келетін жамылғы басып жатады.

Геологиялық негіздің осы кездегі құрылымының қалыптасуында неоген-антропоген дәуірлеріндегі жер қыртысы неотектоникалық (жаңа тектоникалық – неоген-антропоген дәуірінде пайда болған тектоникалық процесс).

Күн энергиясы – тіршілік көзі. Ол жер бетіне сәуле ретінде түседі де, жылу энергиясына айналады. Күн энергиясы территориялық табиғат кешендерінің басқа құрамдас бөліктерін өзгертіп, дамытып отыратын құрамдас бөлік. Оның жер бетіне таралуында зоналы сипат айқын байқалады. Өйткені жердің радиациялық жылу балансы күн сәулесінің түсу бұрышына байланысты экватордан полюстерге қарай кеми береді.

Жердің ішкі энергиясы – территориялық табиғат кешендерінің литогенді құрылымын қалыптастырушы құрамдас бөлік. Оның әрекет нәтижесінде геологиялық негіз мыңдаған жылдардан кейін жаңа түзілістік санаға ие болады. Жердің ішкі энергиясының әрекетіне байланысты құрылықтардан (мұхит шараларынан) физикалық-географиялық аймақтар – облыстар – аудандар (ландшафттар) дәрежесіндегі территориялық табиғат кешендері жүйесі қалыптасады.

Өсімдік – геогенді заттардан органикалық заттарды синтездеуші құрамдас бөлік. Оның пайда болуы жер тарихында жаңа бет алып, ежелгі жер қыртысы мен ауа қабатының өзгерісінде үлкен рөл атқарған. Осы кездегі ауа құрамындағы бос оттегі тікелей өсімдіктер дүниесінің туындысы болып саналады. Сол сияқты, көмір, шымтезек кендері де өсімдіктер арқылы шоғырланған күн энергиясының қоры. Олар, сөз жоқ, жеке дара тіршілік ете алмайды, бір-бірімен және басқа табиғаттың құрамдас бөліктерімен өзара әрекеттесу арқылы үйлесім тауып, әр түрлі дәрежедегі фитоценоздар құрайды.

Жануарлар дүниесі – жаратылысы жөнінен өсімдіктерден синтезделген даяр органикалық заттармен қоректеніп, тіршілік ететін гетеротрофты құрамдас бөлік. Ол табиғаттың басқа құрамдас бөліктерінен жерсіну және табиғаттың қолайсыз құбылыстарынан пәрменді қорғану бейімділігі арқылы ерекшеленеді.

Жалпы алғанда қандай да болмасын экожүйенің зооценоздары қоректік тізбек заңдылығына бағынады, фитоценоздармен бірге биоценоздар бірлестігін құрайды. Жергілікті жер ерекшеліктеріне байланысты болатын жылу және ылғал қоры балансымен үйлесім тапса, динамикалық тепе-теңдігін сақтап қалады да, тұрақты биогенді құрамдас бөлік тобын қалыптастырады, ал таппаса, тез арада жойылып кетеді. Биоценоздардың мұндай қасиеттерін білу территориялық табиғат кешендерін қайта түлетуде өте қажет-ақ.

Топырақ жамылғысын ғалымдар биогенді құрамдас бөліктердің соңғы буыны ретінде қарастырады. Өйткені ол тірі ағзалар (өсімдіктер мен жануарлар) пайда болғаннан кейін ғана солардың қордалары мен әрекеттері арқылы үгіліп, жиналған жер беті жыныс үйінділерінен құралған. Кезінде оны В.В.Докучаев табиғаттың өткен-кеткенінің айғағы деп тұжырымдаған. Қандай да жердің топырағы болсын сол жердегі барлық табиғат құрамдас бөліктерінің күрделі әрекеттері нәтижесінде қалыптасады. Жергілікті жер табиғат құрамдас бөліктерінің динамикалық тепе-теңдігі шарықтау шегіне жетіп, тұрақтанған жағдайда, топырақ тыңайып, жетіледі. Табиғат құрамдас бөлігінің динамикалық тепе-теңдігі жетілмеген немесе күрделі өзгеріске ұшыраған жерлерде топырақ құнарсыз келеді, құнарлылығын арттыратын мелиорациялық әрекеттерді қажет етеді. Топырақтың құнарлылығы оның өзінің бойындағы макро және микроэлементі минералдық заттардың құрамына, мөлшеріне және өзара қатынасына байланысты болады. Бір ғана мысал келтірейік. Еуразияның оңтүстігінен солтүстігіне қарай топырақ құрамындағы күкірт азая береді, соған байланысты қойдың жүнділігі 4-5 килограмнан 1-2 килограмға дейін кемиді. Бұл айтылғандардан топырақ жамылғысының да территориялық табиғат кешендерінің әр түрлі дәрежедегі бірлігінен алатын орны әр түрлі екені айқын көрініп тұр. Демек, ол ландшафт типтерінің территорияға бөлінуінде үлкен маңызы бар.

3–4- дәріс. Территориялық табиғат кешендерінің шекаралары

1.Территориялық табиғат кешендері.

2. Территориялық табиғат кешендерінің шекаралары

3.Ландшафт және оның морфологиялық құрылымы

4.Фация туралы ұғым.

Іргелес жатқан территориялық табиғат кешендерінің сан және сана көрсеткіштерінің өзгерістері байқалатын кеңістікті шекара дейді. Сондықтан бұлар жөнінде ғалымдар арасындағы пікірталасты толастар емес. Н.А.Солицев бастаған ғалымдар тобы жас территориялық табиғат кешендерінің пікірді қостайды. Қандай да территориялық табиғат кешені болсын өзінің пайда болған күнінен бастап-ақ зат энергия және басқалардың алмасу процесінде іргелес жатқан кешендермен әрекеттесіп отырады, демек, олардың межелес бөліктерінде айырма белгілеріне қарағанда ортақ қасиеттері басым боп келеді деп тұжырымдайды С.В.Калесник, Д.Л.Арманд бастаған ғалымдар төменгі сатыдағы территориялық табиғат кешендері сызықты, әрі өтпелі, ал жоғары сатыдағылары, әсіресе географиялық зоналар, көбіне өтпелі шекарамен межеленеді деген пікірді уағыздап келеді. Соңғылары климаттық белгілер бойынша шектелуі жиі байқалады деген қорытынды жасайды.

Көпжылдық ғылыми зерттеулер территориялық табиғат кешендерінің шекаралары зоналық және азоналық факторлардың қатар әрекет етуі нәтижесінде қалыптасатынын дәлелдеп отыр. Әрбір нақтылы жағдайда белгілі бір фактордың шешуші рөл атқаруы мүмкін. Бірақ бір ғана фактордың әсері нәтижесінде қалыптасатын территориялық табиғат кешені мүлде сирек кездеседі, демек, шекара тіпті бір кешеннің өзінде әр түрлі жолмен қалыптасады. Мысалы, Іле таулық жазығы ландшафттысының Іле Алатауы мен Сөгеті тау іші жазығына ұласқан бөліктері өтпелі, ал Қапшағай тауларымен көмкерілген бөліктері (күнгей бөлігі) айқын байқалатын шекарамен межеленеді.

Территориялық табиғат кешендерінің құрамдас бөліктері бірімен-бірі тығыз байланысты. Олар үнемі өзара әрекеттесіп отырады. Бір құрамдас бөліктің өзгеруі міндетті түрде екіншісінің өзгеруін туғызады. Белгілі бір территориялық табиғат кешенінің шекарасындағы өзгеріс геологиялық құрылысы, жер бедері, климат, топырақ, өсімдіктер жамылғысы, жануарлар дүниесі шекарасының өзгерістері арқылы сипатталады. Басқаша айтқанда, территориялық табиғат кешенінің шекарасы жеке құрамдас бөліктер шекарасының заңды үйлесімінен құралады. Алайда әрбір құрамдас бөлік өз заңдылығы бойынша өзіндік ерекшелігі бар кеңістік ауқымымен межеленеді. Климаттық, гидрологиялық және зоогеографиялық құрамдас бөліктердің шекарасы өтпелі, геоботаникалық фактор мен топырақтың түзілуіне байланысты қалыптасатын шекарасы өтпелі әрі сызықты, ал геологиялық және геоморфологиялық факторларға байланысты шекарасы сызықты болып келеді. Өтпелі шекараны да, сызықты шекараны да Батыс Қазақстан жерінен айқын көруге болады.

Оралдан Атырауға қарай жүрген кісі дала, шөлейт және шөл зоналарының территориялық табиғат кешендерін басып өтеді. Олардың шекаралары климаттық белдеу арқылы межеленгендіктен, жай көзге ешқандай байқалмайды.

Шекаралар территориялық табиғат кешендерінің дамуына, әсіресе жеке құрамдас бөліктің өзгеру жылдамдығына байланысты болады. Табиғатта барлық құрамдас бөліктер бірдей жылдамдықпен өзгермейді. Ғылыми зерттеулер жер беті геологиялық құрылысы мен жер бедерінің өте баяу өзгеретінін дәлелдеп отыр. Ал өте тез өзгеретін құрамдас бөлікке климат жағдайы жатады. Оның өзгеруі күн сәулесі сияқты сыртқы күші әсерлерімен бірге территориялық табиғат кешенінің құрамдас бөліктерінің әрекетіне де байланысты. Климат өзгерістері өз кезегінде гидрологиялық, биогеографиялық процестерді, топырақтың түзілу жолдарын өзгертеді. Адам әрекетіне байланысты көбіне өсімдіктер жамылғысы мен жануарлар дүниесінің арелдары, жер бедері, өзендер мен көлдер және олардың гидрологиялық режимдері өзгереді. Осылай жеке құрамдас бөліктердің түрлі дәрежеде, әр түрлі ауқымда, әр түрлі қарқында өзгеруіне байланысты территориялық табиғат кешенді шекарасының айқындаушы белгілері көмескіленіп кетеді.

Территориялық табиғат кешендерінің бірнеше сатылы морфологиялық құрылымдық және таксономиялық бірлік жүйесін құрайтыны мәлім. Олардың қай-қайсысы болсын фацияның заңды түрде тізбектелген тіркестерінен құралады. Фация жаратылысына қарай жер бедеріне жеке элементтерінде, немесе микропішіндерінде қалыптасқандықтан, оның шекарасы, сөз жоқ, литогенді негіз бойынша межеленеді де, айқын байқалады. Ал морфологиялық құрылымдық немесе таксономиялық дәрежедегі территориялық табиғат кешендері өзінің құрамындағы фациялардың сан қатынасына, тіркестік сипатына, т.б. байланысты әрі өтпелі, әрі сызықты шекаралармен межеленеді. Шекаралардың қандай түрі болсын нақтылы жерлердегі жаратылыс жағдайларының ерекшелігіне қарай түзу немесе сирек сызықты болып келуі мүмкін.

Территориялық табиғат кешендері ауқымды болғандықтан олардың төменгі және жоғарғы шекаралары болу керек. Осы кезге дейін айтылып жүрген пікірлердің ішінен Ф.Н.Мильковтың тұжырымдарына тоқтала кеткен жөн. Ол территориялық табиғат кешендерінің төменгі және жоғарғы шекараларын зат және энергетикалық құрамдас бөліктердің тікелей әрекет етуінен байқалатын географиялық қабық бөлігімен (ландшафттық сфера) межелеу керек дейді.

Демек, зат және энергия алмасу процестері нәтижесінде күн сәулесінің жылу энергиясына айналуы, жер беті, су айналымы, геохимиялық, әсіресе тотығу процестері, биохимиялық процестері қарқынды түрде дамиды, өлі заттардан тірі заттар түзіледі, территориялық табиғат кешендері толық құрамдас бөлікті сипатқа ие болады. Сонымен, Ф.Н.Мильковтың айтуы бойынша, территориялық табиғат кешендерінің төменгі шекарасы жер қыртысының үгілу зонасымен, жоғарғысы тропосфераның төменгі қабатымен (жер бетінің төсеніш қабатымен) тұспа-тұс келеді. Бұл айтылған пікірдің ғылыми дұрыстығына, тиянақты жүйелілігіне күмән келтіруге болмайды. Дегенмен, территориялық табиғат кешендерінің жоғарғы және төменгі шекараларын ландшафттылық сфераның геофизикалық және аэрофизикалық белгілері есепке алына отырып, математикалық модель құрастыру арқылы межелену керек. Сонда олардың объективтілігі, табиғи шындығы талас тудырмайтын болады.

Ландшафт және оның морфологиялық құрылымы

Территориялық табиғат кешені туралы ұғым ғылымға берік сіңіскеннен кейін ғалымдар оның аймақтық, типологиялық таксономиясын және морфологиялық құрылымын жіктеумен айналыса бастады.

Көпжылдық географиялық ғылыми зерттеулер жер бетінің бітім жаратылысы әр түрлі факторлар әрекеттеріне байланысты қалыптасатын территориялық табиғат кешендерімен сипатталатынын дәлелдеп отыр. Олар территориялық аумағы бойынша да бірінен-бірі туындайтын сатылары бойынша да әр түрлі болып келеді.

Геологиялық негізі, жер бедері, климат жағдайы гидрологиялық режимі, топырақ жамылғысы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінен тұратын биоценоздары бірдей болып келетін біртекті территориялық табиғат кешенін ландшафт деп атайды. Оның нақты белгілері мыналар: 1) көршілес жатқандарынан өзіндік ерекшеліктері арқылы дараланатын жаратылысы біртекті территория; 2) пайда болған күнінен бастап бүкіл даму тарихында өзіне ғана тән ерекшелігі болады; 3) геологиялық құрылысында, жер бедерінде жаратылыстық айырма болмайды, литогенді негіз бен геоморфологиялық кешеннің өзгеріске ұшырауы ландшафттыны да өзгертеді, сапасын морфологиялық құрылымын түрлендіреді, сыртқы белгілерін анықтай түседі; 4) әрбір ландшафттының морфологиялық қайталанбайтынындай тізбектерінен тұрады; 5) ландшафттының барлық құрамдас бөліктері мен морфологиялық құрылымының құрамдас бөлшектерін түзетін территориялық табиғат кешендерінің тізбектелуінде зоналық, бөліктік (секторлық) және биіктік белдеулік айырма болмайды, өйткені ландшафт зоналық, бөліктік және биіктік белдеулік факторлардың тұтас және қатар әрекет ету нәтижесінде қалыптасады.

Ландшафттыны құрайтын морфологиялық территориялық табиғат кешендері құрылымдық бөліктерінің сатыларына қарай жергілікті жер – қоныс – фация деген жүйеге жіктеледі.

Жер бедері мен топырақ жамылғысын түзетін жыныс құрамында, ылғал және жылу режимінде және топырақ жамылғысында айырма болмайтын бір ғана биоценозбен сипатталатын территориялық табиғат кешенін фация деп атайды.

Фация ландшафт құрылымының морфологиялық және айырмашылық бірлігін құрайтын кірпіш іспеттес. Ол – бөлшектенбейтін географиялық кешен. Өсімдік жамылғысы фацияның шекарасын межелеуде үлкен рөл атқарады. Табиғат жағдайда фацияны құрайтын құрамдас бөліктердің динамикалық тепе-теңдігі бұзыла қоймайды, ол В.Н.Сукачевтің биогеоценозымен дәл келеді. Ал адам әрекетінен өзгеріске ұшыраған немесе адам әрекетіне байланысты пайда болған фациялар әр түрлі биоценоздарды қамтып, биогеоценозға дәл келмеуі мүмкін. Адам әрекетіне байланысты фацияның топырақ пен өсімдіктер жамылғысы, жануарлар дүниесі, микроклиматы, су режимі тез өзгереді де, жаңа сапаға ие болады. Бірақ адам әрекетінен пайда болған туындыны фациялардың тұрақтылығы ұзаққа бармайды, табиғи жай-күйін түрлендіруші әрекеттер тоқталған соң, бұрынғы динамикалық тепе-теңдігін қалпына келтіру бағытына көшеді.

Фация жер бедерінің тұтас пішінін де, бір ғана элементін де қамтиды. Жер бедері пішінін тұтас қамтитын фацияға Қазақстан территориясында жиі кездесетін лесс тәрізді саздақ жынысты қара топырақты жерлердегі шөптесінді шабындық өскен тау аралық жазықтарды (Мыңжылқы, Кеген, Қарқара, Асы жайлаулары) жатқызуға болады. Ал көп фациялы жер бедері пішініне жыра да, сай да, өзен аңғары да мысал бола алады. Бұлардың кез келгенінің табанында, оң жақ және сол жақ беткейлерінде экологиялық жағдайлар әр түрлі болғандықтан, әр түрлі биоценоздармен сипатталатын фациялар қалыптасады. Демек ауқымы жағынан фация үлкен аймақты да, шағын өңірді де алып жатуы мүмкін.

Фацияның қалыптасуында жер бедері пішіні элементінің сипаты, салыстырмалы биіктігі, беткей көрінісі мен қиялылығы, жыныстық құрамы үлкен рөл атқарады. Жер бедерінің пішініне қарай тегіс, ойыс, дөңес деп бөледі.

Тегіс жерде ауа айналымы, жылу режимі біркелкі таралады, жер бетіне түсетін ылғал жер астына терең сіңеді де, жер асты суының деңгейі төмен жатады. Ол топырақ пен өсімдіктер жамылғысының ылғал балансына қатыспайды. Фацияны қалыптастырушы зат және энергия алмасу процестері дербес сипатта дамиды. Жер құнары, бір жағынан, топыраққа сіңген сумен шайылып, органикалық заттардың түзілуіне жұмсалып кемісе, екінші жағынан, элювийлі жамылғының үйілуіне байланысты қордалы қорын толықтырып отырады. Осылай жер құнарының динамикалық тұрақтылығы сақталады.

Ойысты жерде ылғал, жылу балансының кірісі мен минералдық заттар қорының жиналуы мол болады. Осыған байланысты шөлді, шөлейтті және далалы жерлердегі кішкентай ғана ойысты жерге оазисті фациялар қалыптастырады.

Дөңесті жер фациялардың территориялық бөлшектенуіне әсер етеді. Ең кішкентай деген төбенің өзі атмосфераның жер беті қабатындағы ауа қозғалыстарының бағытын, жылдамдығын, ылғал мен жылу балансының таралуын өзгертеді. Жаз айларында төбенің ық жағымен салыстырғанда, жел жақ беткейіне ылғал мол түседі, қыс айларында, керісінше, ық жақ беткейге омбы қар жиналады. Осы сияқты, күнгей беткейлер мен теріскей беткейлердің радиациялық және температуралық баланстары да түрліше болып келеді. Ылғал, жылу және минералды заттардың алмасуында беткейлердің құлау бұрыштарының да рөлі елеулі. Мысалы 500 солтүстік ендікте ылдиы 450-қа жеткен теріскей беткей тегіс жермен салыстырғанда күннің тік радиациясын екі есе кем қабылдайды. Жер бетінің салыстырмалы биіктігі артып, беткейлер еңістеген сайын ағын су мен минералды заттар үгінділерінің гравитациялық қозғалысы үдей түседі. Қорыта айтқанда, жер бедерінің күрделенуіне байланысты фациялар түрлене береді.

Топырақ асты жыныстарының пайда болу жолдары бір болғанымен механикалық құрамдарына (саздақ, лесс, құм т.б.) қарай әр түрлі бола беруі мүмкін. Сондықтан олардың ылғал және жылу сіңіргіш, сақтағыш қасиеттері мен әрекеттесу жолдары бірдей болмайды. Соған орай механикалық құрамдары әр түрлі жынысты жерлерде әр түрлі фациялар қалыптасады. Жалпы алғанда, топырақ асты жыныстарының механикалық құрамдары сазданған сайын фациялар түрленіп, ландшафт күрделене береді. Бұл айтылғандардан фацияның қалыптасуында жер бедері мен оны құрайтын жыныс құрамдарының негізгі рөл атқаратынын түсіну қиын емес.

Фация жер бедерінің түрлілігіне байланысты территориялық өлшемдері алуан болып келетін, табиғи қасиеттерінің ортақ белгілері бойынша топтасып, типтестік бірлік жүйесін құратын территориялық табиғат кешенінің қатарына жатады.

Қандай мақсаттағы географиялық зерттеулер болсын фациядан басталады, үлгі объект ретінде жан-жақты зерттелетін (жер беті аэрофотогеодезиялық өлшемдер, микроклиматтық бақылаулар жүргізіледі, жыныс құрамдары мен топырақтарда талдау жасалады, флоралық, фауналық құрамдары т.б. сипатталады) территориялық табиғат кешені болып саналады. Фация ерекше бір географиялық кешендерінің қатарына жатпайды, бір ландшафттының құрамында әр түрлі ландшафттылардың құрамында да қайталана беретін типтестікті құрайды. Сондықтан жеке-жеке фацияларды зерттей берудің мәні жоқ, іс жүзінде оларды белгілі бір жүйе бойынша топтастырып (жаратылысы бойынша топтастырғанда субъективті қателер мейлінше кеми береді), негізгі типтерін ғана зерттеу уақыт жағынан да, қаражат жағынан да үнемді болып келеді. Іргелес жатқан фациялардан қоныс деп аталатын территориялық табиғат кешені түзіледі.

Жер бедері мен топырағы түзілетін жыныстары бір текті болып келген тұтас жерде жер беті мен жер асты суының гидрологиялық режимі, микроклиматтық жағдайы бірдей, геохимиялық және биологиялық зат, энергия алмасу нәтижесінде тұтасқан іргелес фациялардың жаратылыстық, динамикалық бірлігін қоныс деп атайды.

Қоныс жер бедері пішінінің тұтас бірлігімен межеленіп, жылу және ылғал режимдерінің біркелкі, топырақ жамылғысы мен биоценоздарының бір типті болып үйлесетіндігі арқылы көзге түседі. Мысал ретінде жыра, сай, өзен жайылмасы, өзен аңғарының сатылары, суайрықты тегіс жазықтар сияқты жер бедері пішінінің тұтас бітімдерін атауға болады.

Қоныстардың территориялық бөлшектенуіне әсер етуші факторларға жер бедерінің тегіс еместігі, тілімдену, жыныстық құрамы, жыныс қабаттарының қалыңдық өлшемдері, биоценоздарының бәсекелестік күресі жатады.

Жер бедері күрделі, тегіс емес жерлерде әрбір оң, немесе теріс формалары жер пішіндері қоныстарды сомдап, олардың көзге көрінетін белгілерін айқындай түседі. Жер бедері далалық зерттеулерде де, аэросурет түсірудің көмегімен ландшафттық карта жасауда да, шекаралары айқын байқалатын белгілердің бірі болып саналады. Кейде жер бедері бірдей жерлерден де әр түрлі қоныстарды кездестіруге болады. Мұндай жағдайда олардың қалыптасуындағы негізгі фактордың рөлін жер бедерінің жыныстық құрамы атқарады. Мысалы, лесс және әктасты жерлердегі сайлар екі бөлек типтегі қоныстарға жіктеледі. Өйткені олардың су және жел режимдері, топырақ жамылғысы мен биоценоздардың қалыптасу жолдары әр түрлі болып келеді. Осы сияқты жер беті жыныстарының құрамдары да бірдей жерлерде әр түрлі қоныстардың қалыптасуы мүмкін. Мұндай құбылысты республикамыздың солтүстігіндегі ежелгі көл табандық құмды жынысты жерлерден жиі байқауға болады. Мұнда, қалың қабатты құмды алқаптарда, жер асты суының деңгейі төмен жатқандықтан, шөптесінді төсеніш бар қарағайлы орман шоқтары өседі. Ал жер асты суы жер бетіне жақын жатқан жұқа қабатты құмды бөліктерінде батпақты қоныстар қалыптасады. Тілімденген жер бедері де қоныстардың қалыптасуында ылғал режимінің қызметін реттеуші рөлін атқарады. Атап айтқанда, белесті жерлерде жер беті және жер асты суының эрозиялық базистері төмен жатады да, судың шаю әрекеті артады, соған орай қоныс ылғалды көп қажет етпейтін биоценозды болып келеді. Мысалы, Қазақстанның Батыс Сібір жазығында жер асты суы жер бетіне таяу жатады да, қоныстарда ылғал сүйгіш биоценоздар қалыптасады.

Қоныстардың қалыптасуындағы биоценоздардың бәсекелестік күресі жоналы ландшафттылардың өтпелі бөліктерінде айқынырақ байқалады. Мысалы, республикамыздың шөлейтті жерлерінде, экологиялық жағдайлардың бірдей болып келуіне қарамастан, дала мен шөлге тән қоныстар іргелес орналасады. Мұның өзі даланың көнелі, бетегелі жерлері мен шөлдің ашқылтым жусан өскен сортанды жерлерінің жағдайын (микроклиматын, су режимін т.б.) және динамикалық тепе-теңдігін бұзбауға тырысады.

Қандай да қоныс болсын заңды түрде үйлесім тауып, түрленген фациялардың тізбегінен тұрады. Фациялық құрылымына қарай қоныстар қарапайым және күрделі болады. Қарапайым қоныстар бір-екі фациядан ғана тұратын суайырықты жондарда, тегіс жазықтарда қалыптасады. Күрделі қоныстар жер бедерінің ойыс немесе дөңес пішіндері тараған жерлерде кездеседі, фацияларының тізбектену қатары жер бедері пішіндерінің формасына қарай жолақты (жыра, сай, адыр) немесе сақиналы (ойыс пен төбе) болып келеді. Күрделі қоныстарды құрайтын фациялар кейде әр түрлі типке бөлінеді. Мысалы, Каспий маңы ойпатындағы көлтабандар орталық бөлігінде қара сулы, шетіне қарай шабындық-шөптесінді, сораң шөптесінді фациялармен көмкеріледі. Күрделі қоныстар төрт түрлі жағдайға байланысты қалыптасады.

Біріншіден, бірінші қатардағы орташа жер бедеріне екінші қатардағысы қабысқанда қалыптасады. Мысалға сайдың табанынан қайталанып жыра қазылған жерлерді, өзекті адырларды, көлшікті батпақтарды, т.б. атауға болады. Екіншіден, әр түрлі жынысты жерлердегі орташа жер бедерінің қоныстары күрделі болып келеді. Мұндай қоныстар көбіне кішігірім өзен аңғарының өңірлерінде жиі кездеседі. Өйткені өзен суы толысқан кездердегі тасқын су табанына жайылғанда арыны қатты жерге ірі, ал арыны басылған сайын ұсақ түйірлі шөгіндірілерді үйеді. Соған орай әр түрлі фациялар қалыптасады да, қоныстардың құрылымы күрделене түседі. Күрделі қоныстардың үшінші бір түрі ылғал жетіспейтін жерлерде (шөлейт пен шөлде) жер бедерінің кішігірім айырмасына байланысты қалыптасады. Мысалы, тереңдігі 40 см-лік дала ойыстарына айналасындағы жазықтардан жаңбыр суы мен көктемгі еріген қар суының сарқындылары арқылы жыл сайын 100 мм-ден астам ылғал жиналады. Демек, шөлейт және шөлдегі жер бетінің бірнеше сантиметрлік қана салыстырмалы биіктік айырмалары ылғал балансының территориялық айырмасында негізгі фактор болып табылады. Күрделі қоныстардың төртінші түріне егіз тізбектілер жатады. Мысалы, Іле Алатауының етегіндегі адырлар мен қара сулы саздарды, т.б. атауға болады. Өйткені олардың әрқайсысы жеке-дара қарапайым қоныстан тұрады.

Қоныстар ландшафтының морфологиялық құрамында алатын орнына қарай негізгі, қосалқы, сипатты-сипатсыз территориялық табиғат кешендері болып бөлінеді.

Ландшафтының морфологиялық құрылымындары негізгі қоныстардың үлесі бәрінен де басым болады, территориялық ауқымы мен типтік белгісі жағынан ерекше көзге түседі. Қазақстан жеріндегі орманды дала зонасының негізгі қоныстары саздақты жазықтардың сұр топырағына өскен орман шоқтары мен қара топырақты жерлеріне өскен көделі немесе бетегелі даладан тұрады.

Қосалқы қоныстар ландшафттының морфологиялық құрылымына жергілікті жер жағдайына, атап айтқанда суық белдеулерде жылудың, шөлде ылғалдың молдығына, ал ылғалы жеткілікті жерде топырақты құрайтын жыныстардың тұзды болып келуіне байланысты түзіледі. Бұған мысал ретінде көпжылдық тоңды белдеудегі термокарстылық ойысты, шөлдегі оазисты, қоңыржай белдеудегі сор, сортаң жерлерді атауға болады. Қосалқы қоныстар ландшафттық зонаның табиғи табиғи жағдайымен үйлесім тауып, сол жердің ерекшелігін сипаттайды. Жыра, сай, өзен аңғары сияқты қоныстар ылғалы жеткілікті белдеудің бірден-бір белгісі болып саналады.

Қоныс ландшафттының морфоқұрылымын құрайтын тұтас тұлғалы территориялық табиғат кешені болғандықтан, ол географиялық зерттеулердің негізгі объектісі болып саналады.

Қоныс та, фация сияқты, өзіндік ерекшеліктері бар қайталанбайтын жеке-дара территориялық табиғат кешені емес. Ол биоклиматтық белгілері бойынша типтік, литогенді негізі бойынша тектес, ішкі құрылымдық айырмасы бойынша түрлес бірліктерді топтастыратын территориялық табиғат кешені.

Жер бедерінің жеке-дара бітімінде қалыптасқан қоныстар тізбегінің құрылымдық, динамикалық бірлігін жергілікті жер деп атайды.

Ландшафттының геологиялық құрылысы мен жер бедерінің ерекшеліктеріне қарай іргелес жатқан қоныстар тіркесіп жергілікті жер деп аталатын территориялық табиғат кешенін құрайды.

Жергілікті жер ландшафт құрылымында кейде болмай да қалады. Морфологиялық құрылымы қарапайым ландшафттылар бір немесе екі, тіпті үш қоныс типінен түзіледі. Мысалы, Каспий маңы ойпатындағы дала ландшафтысы кәдімгі орташа шірікті қара топырақты жерге бөз-бетеге өскен тең табанды, саз балшықтан түзілген жонды жазықты қоныс пен шалғынды топыраққа өсетін бидайықты даланың ойысты қонысынан тұрады. Мұнда біріншісі ландшафттының доминанттық, екіншісі субдоминанттық типі болады. Жер бедері күрделі аймақтарда – тауарларда ландшафт құрамы көптеген жергілікті жер типтерінен түзіледі.

Жергілікті жер терминін ғалымдар түрліше түсінеді. 1) Оны И.П. Герасимов жалпы географиялық кешен деп қарайды. Осы тұрғыдан алғанда ол климат, топырақ, өсімдік, жер бедері деген терминдермен дәрежелес болады. 2) Ф.Н. Мильков бұл терминді территориялық табиғат кешендерінің типі деп түсінеді. 3) Н.А.Солицев оны ландшафтының морфологиялық бөліктерін құрайтын ең жоғарғы сатыдағы территориялық табиғат кешені дәрежесінде қарастырады.

Ландшафттының жергілікті жерлерге бөлінуі геологиялық негізі мен жер беті жыныстарының ерекшелігіне байланысты. Мысалы, ірі өзен жаймаларының арна аралық, орталық және саты аралық бөліктеріне әр түрлі жыныстар түрліше жер бедері пішіндерін құрап, үйіледі. Соған орай әр түрлі қоныстар тіркестерінен құралатын жергілікті жер қалыптасады. Өйткені олардың орташа жер бедері, климат жағдайы, су режимі су-химиялық, биохимиялық процестері, топырақ, өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі өзіндік сипатқа ие болады.

Ландшафт құрамындағы жергілікті жерлер қоныстар сияқты ұдайы кездесе беретін территориялық табиғат кешендерінің қатарына жатпайды. Тұтас бітімді қоныстан тұратын ландшафтылар жергілікті жерге бөлінбейді. Мұндай ландшафттылар жер бедері тегіс, морфологиялық құрылымы бөлінбейтін дала, шөлейт, шөл зоналарында жиі кездеседі. Ал ойлы-қырлы жерлерде қоныстар тізбегі типтес бірлігі әр түрлі болатын жергілікті жер тобын құрайды да, типтік, тектестік, түрлестік бірлікке жіктеледі.

5 – дәріс. Жер бетіндегі ландшафттардың типтері. Ландшафттарды жүйелеудің принциптері

1.Жер бетіндегі ландшафттардың типтері.

2.Ландшафттарды жүйелеудің принциптері

Әрбір жекелеген ландшафт Л.С.Бергтің тұжырымы бойынша уақыт пен кеңістікте қайталанбайды. Бір-біріне ұқсас екі ландшафтты табу мүмкін емес. Бұдан ландшафттар аралығында сапалық ұқсастықтар жоқ деген ұғым тумау керек. Салыстыру нәтижесінде бір-біріне шығу тегі жағынан, динамикасы тағы да басқа белгілері бойынша ұқсас ландшафттарды табуға болады, сондықтан да жүйелеуге мүмкіндік бар.

Жүйелендіру /немесе классификация/ - онсыз әрбір жекелеген ізденістер толық аяқталмаған деп есептелетін универсальды жалпы ғылыми процедура. Жүйелендіру белгілі бір объектің әр алуан фактілерін теория жүзінде бір системаға келтіру болып табылады. Жүйелікте даму заңдылықтарының синтезі, құрылымы, күрделі системелардың орналасуы өз маңызын табады. Ландшафттық жүйелендірулер жер бетіндегі ландшафттарды танып білуде өте үлкен ұйымдастырушылық роль атқарады. Оның практикалық маңызы да зор. Дүниежүзілік құрылықтардағы ландшафттардың нақтылы саны 5-6 мәнді цифрмен есептелінеді. Практикалық мақсатта жүргізілген ландшафттық ізденістерде мысалы, ауыл шаруашылығына тиімділігін анықтағанда, табиғатты қорғау немесе меллоративті жұмыстар жүргізілгенде/ олардың құрылымы күрделі болып, әрбір жекелеген ландшафттарға баға беру, оған талдау жасау қиын. Сондықтан да көптеген жағдайларда типтік табиғи ерекшеліктерге байланысты типтік нормалар мен шараларды қолдануға тиіс болады. /Қала құрылысы, агромелиоративті, табиғатты қорғау т.б./. Яғни мүмкіндігінше өте үлкен емес ландшафттық топтарға жіктеу, сонымен көптеген ландшафттарды белгілі бір типтерге, кластарға және түрлерге топтастыру типологиялық жағынан бір-біріне жақын ланшафттар комплекстерінің табиғи жағдайларымен, табиғи ресурстарының ұқсастығымен сипатталады да меллиоративтік, шаруашылық әсеріне біртекті жауап қайтарады. Ландшафттардың классификациясы – салыстырмалы түрде жаңа, өте күрделі және толығымен зерттелмеген проблема. Ландшафттарды топтастырудың негізіне қандай критерий алынғанына байланысты жіктеу принциптерінің бір-бірінен айыррмашылығы болу керек. Қандай да болсын табиғи жіктеу болуына, құрылымына, өгермелігіне. Осы критерийлер ландшафттану жұмыстарында негізгі роль атқаруы тиіс. Бірақ олардың ұқсастық деңгейі әртүрлі, сондықтан да ол өз маңызын жіктеудің сатылығынан табады, яғни таксономиялық бірліктер системасын қолданудан. Ең жоғарғы таксономиялық бірліктерден төменгісіне ауысқан сайын жіктеуге жаңа критерийлер енгізіліп отырады. Осының салдарынан ландшафттар қамтитын шеңбер кішірейген сайын олардың ортақ қасиеттері көбейе бастайды. Олай болса, ландшафттардың ұқсастығы жіктеудің барлық сатыларында сақталады – тип, класс, түр, бірақ төменгі деңгейде ортақ қасиеттер көп, ал жоғарғысында керісінше.

Классификация жасау индуктивтік және дедуктивтік әдістердің қатар жүруін талап етеді. Индуктивті әдісті қолдануда ең алғашқы материал болып нақтылы ландшафттар алынады. Олар ортақ белгілерін айқындау нәтижесінде төменгі сатысындағы классификациялық категорияларға топталады, түрге олар өз кезегімен кластарға тағы сол сияқты. Ал дедуктивті әдісті қолданғанда ең алдымен жоғарғы деңгейдегі классификациялық категориялар мысалы, типтер, кейіннен осының шеңберінде төменгі сатыдағы классификациялық бірліктер жіктеледі.

Индуктивтік әдіс нақтылы ландшафттардың әртүрлілігін толық еске алуды және де алуан территориялардың ландшафттарының жекелеген ерекшеліктерін ескеруді қамтамасыз етеді. Егер де жалпыға белгілі пікірлерді басшылыққа алмасақ, жергілікті жете жүйелендіруді біртекті жоғарғы таксономиялық сатылармен байланыстырмасақ, онда біз көптеген алуан түрлі жіктеулермен кездесер едік те, оларды бір-бірімен салыстыру, қай аймаққа болса да қолдану күрделі болар еді. Сондықтан, жер бетіндегі ландшафттар өте көп болғандықтан, бәрімізге белгілі ландшафттық географиялық заңдылықтарға сүйене отырып, оларды дедуктивті әдісті қолданып ең жоғарғы таксономиялық бірліктен төменгісіне қарай жіктеген дұрыс. Мұндай жағдайда әрбір административтік, табиғи бірліктер шекарасында жасалған жеке ландшафттық жүйелерді бір ретке келтіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар әдісті қолдануды жалпы дедуктивтік схеманы талдап тексеру үшін, соның нәтижесінде жер бетіндегі бүкіл ландшафттардың толық мінездемесін беру үшін қажет.

Жіктеудің негізгі жұмыс құралы болып ландшафттық карта табылады. Жалпылама картографиялық жұмыс негізінде ландшафттық съемканың материалдары өңделеді, ландшафттарды бір-бірімен салыстырады, индуктивтік және дедуктивтік әдістер үйлесімді қолданылады. Оның алдыңғысы ландшафттық картаның мінездемесінде жоғарыдан – төмен бүкіл таксономиялық катардың бірліктерін қамту үшін және үйлесімді байланысын анықтау үшін қажет. Картаның әрбір жекелеген контуры картада да оның мінездемесінде де қатал түрде өзіне тән қайталанбайтын орнына ие болады, оның басқа тип қүрамында қайталануы мүмкін емес. Екінші жағынан картада ешбір контур бос болмау керек, оған міндетті түрді классификация бірлігінен орын табу керек. Сонымен салыстырмалы – картографиялық әдіс ландшафттар жіктелуінің толықтығын қамтамасыз етеді.

Ландшафттардың ұқсастығы мен айырмашылығы көптеген себептерге байланысты, сондықтан да таксономиялық қатарда осы себептер қандай тәртіп бойынша есепке алынатынын анықтаған жөн. Ландшафттардың дамуындағы мынадай негізгі процестер: ылғал айналымы, биологиялық зат айналымы, топырақ түзілуі, биомассаның өнімділігі, олардың жылумен, ылғалмен қалай қамтамасыз етілгенімен, яғни күн энергиясының түсуімен айқындалады. Ал жылу мен ылғал мөлшері, олардың қарым-қатынасы зоналық ендікке, секторлыққа, биіктік белдеулерге байланысты. Ландшафттардың дамуындағы осы негізгі заңдылықтар оларды жіктеудегі негізгі “координат” болып есептелінеді.

Жоғарыда айтылған ой-пікірлерді еске ала отырып жіктеудің ең жоғарғы таксономиялық бірлігі болып ландшафттар типі табылады. Ландшафттар типтерін айырудың негізгі критерийі жылу мен ылғалмен қамтамасыз етілу айырмашылықтары, олардың гидротермикалық режим ерекшеліктері. Нақтылы классификациялық белгі болып мыналар табылады: радиациялық баланс, активті температура жиынтығы “орташа тәулік және Н.И.Ивановтың континентальдық коэффициенті. Сонымен қатар ауа температурасының орташа және экстремальды көрсеткіштерін, жауын-шашын мөлшерін, булану шамасын да есепке алған дұрыс. Бір типке жататын ландшафттардың ортақ қасиеттері су балансынан, қазіргі геоморфологиялық және геохимиялық процестерден, органикалық заттардың өмір сүру қабілеттерінен, оның құрамынан, өнімділігінен, биомасса қорынан, биологиялық зат айналымынан, топырақ түзу ерекшеліктерінен көрінеді. Әрбір ландшафттардың типінің маңызды мінездемесі – табиғи процестердің мезгілдік ритмі. Сонымен әрбір ландшафт типіне өзіндік биіктік белдеулер тән.

Ландшафттар типінің бөліну негізіне – жалпы жылу мен ылғалмен қамтамасыз етілу көрсеткіштері алынған соң олар тікелей ландшафттық зоналар мен секторлармен байланысты. Ландшафт типтері – құрылымында, дамуы мен динамикасында жалпы зоналық – секторлық ұқсастығы басым ландшафттар тобы десе де болады. Зоналық белгілері бойынша барлық типтерді топтарға немесе серияларға – жылумен қамтамасыз етілуі бірдей бірліктерді, ал секторлар бойынша – қатарларға, ылғалдануы бірдей топтастырады. Сонымен, ландшафттар типі негізінде 2 элемент қоспасынан құралады: біреуі жылумен қамтамасыз ету қатарын /арктикалық, антарктикалық, субарктикалық т.б./ екінші ылғалмен қамтамасыз етілу қатарын көрсетеді.

Сонымен бірге геоботаникалық белгіге негізделген “зоналық” ландшафттық номенклатура да бар, мысалы, “мәңгі жасыл орман ландшафттары”, “жалпақ жапырақты ландшафттар”, “тайгалық ландшафттар”, бірақ бұлай айту әрқашан ірі, глобальды схемаларда қолданбайды. Мысалы, оңтүстік жарты шарда тайгалық ормандар жоқ, ал мәңгі жасыл ормандар гидротермикалық жағдайы біздің жалпақ жапырақты, тіпті тайгалы ормандарға жақын болғанда ғана өседі. Ал зоналық геоботаникалық атаулар тек жазықтық ландшафттарына ғана қолданылады, таулы аймақтарда қолданылмайды, өйткені тауларда зоналық өсімдіктермен ешбір ұқсастығы жоқ белдеулер қалыптасады. Гидротермикалық белгілерге негізделген номенклатура универсальды. Мысалы, “суббореалды ылғалды ландшафттар” деген ұғым жазықтың жалпақ жапырақты ландшафттарын да, біршама салқын климаттық жағдайда қалыптасқан оңтүстік америкалық мәңгі жасыл ормандарды да, суббореалды ылғалды зоналық-секторлық жағдайда дамыған биіктік белдеулерді де қамтиды.

Көптеген ландшафт типтері екі жарты шарда да, әртүрлі құрылықтарда да, тіпті құрылықтың әр секторларында да бірнеше варианттармен көрсетіледі. Мұндай жағдайларда типтердің атауына оның региональдық қалыптасуына байланысты қосымша атаулар беріледі, егер варианттар климаттың континентальдығымен байланысты болса, онда бұл белгіге де атау тағылады. Атаулардың толық мінездемесінің мысалдары: қоңыржай континенттік шығыс европалық бореалды ландшафттар, қоңыржай континенттік солтүстік америкалық бореалды, күрт континентальды орта азиялық шөлді суббореалды.

Әрбір ландшафт типінің негізгі ерекшеліктері олардың ареалының орталық бөлігінде айқын байқалады, ал шеткі бөліктерінде көршілес типтердің белгілері пайда бола бастайды. Бұл жағдай зоналық айырмашылықтардың біртіндеп пайда болуын көрсетіп оларды подтипке бөлуге негіз болады. Көптеген ландшафт типтері үш подтипке жіктеледі: солтүстік, орталық, оңтүстік. Бірақ, бұл әсіресе өздері өтпелі ландшафттар үшін /тайга маңы, орманды тундра, орманды дала т.б./ негізгі ереже емес. Мұндай жағдайларда типтер екі подтипке жіктелу керек немесе тіпті подтиптерді бөлудің қажеті шамалы.

Жіктеудің келесі таксономиялық саты бірлігіне ландшафттардың белдеулік заңдылықтарын айқындайтын гипсометрлік фактор алынады. Ол ландшафттарды класстарға және подкласстарға бөлудің негізгі критерийі болып табылады. Ең негізгі биіктік ландшафттық деңгейге 2 ландшафттар класы сәйкес келеді: жазықтықты және таулы. Таулы ландшафттардың негізгі айырмашылығы биіктік белдеулігі. Жазықтық ландшафттар класында екі подклас бөлінеді: ойпатты және қыратты ландшафттар/ олардың екеуінде де ерекше тосқауылды – тау алды варианттар болады/. Ал таулы ландшафттарда аласа – орта және биік таулы подкласстар. Подкласстарды жіктегенде әрбір жекелеген типтердің теңіз деңгейінен биіктігі жоғарылағандығы зоналық – секторлық белгілерінің өзгермелілігі айқын байқалады.

Биіктік белдеулер таулы ландшафттардың ярустық бөліктері арқылы ескеріледі, яғни подкластар арқылы. Әрбір жекелеген типке /сонымен қатар подтипке/ биіктік белдеулердің үйлесімді толық қатары немесе спектрі тән; ал жекелеген подкластарға осы спектрдің белгілі кесіндісі сәйкес келеді.

Ландшафттар жіктеуінің төменгі сатысындағы бірліктерді айқындаушы негізгі критерий оның фундаменті, петрографиялық құрамы, структуралық ерекшеліктері, рельефформалары. Осы критерийлерді негіз етіп алу нәтижесінде таксономиялық деңгейлердің ең төменгі классификациялық бірліктерін ландшафт түрін жіктеуге болады. Бір түрге жататын ландшафттар жалпы ортақ белгілерімен, пайда болу, морфологиялық және құрылымдық ұқсастықтарымен сипатталады. Морфологиялық құрылым нақтылы ландшафттарда түрге біріктірудегі бастапқы белгілердің бірі болып саналады. Ландшафттардың түрлік әр алуандағы ерекше, тек Қазақстан территориясында жүздеген ландшафттық түрлерді ажыратуға болады.

Жоғарыда айтылған тұжырымдарды қорытындылай келе классификациялық қатарда екі мысалмен көрсетейік:

1/ Тип: қоңыржай континенттік шығыс европалық ландшафттар:

Подтип: оңтүстік тайгалық;

Класс: жазықты;

Подкласс: қыратты;

Түр: Карбонатты палеозой жыныстарындағы төбелі-мореналы:

2/ Тип: шөлді өте континентальды орталық азиялық суббореалды ландшафттар:

Подтип: солтүстік шөлді;

Класс: таулы;

Подкласс: биік таулы;

Түр: Кембрий дәуірінде дейінгі тақыр жер мен ұсақ тау жыныстары басым қатпарлы-тас кесекті үйінді.

Енді дүниежүзілік жер бетіндегі ландшафт типтеріне қысқаша сипаттама берейік.

6 – дәріс. Ландшафт түзуші фактор

1. Ландшафт түзуші фактор

Ландшафт белгілі бір заңдылық бойынша әрекет ететін көптеген факторлардың әсерімен қалыптасады, дамиды. Қалыпты жағдайда ландшафт құрайтын факторлардың әрекеті белгілі бір шеп бойымен қайталана береді де, ландшафттысын құрайтын құрамдас бөліктер бірімен-бірі үйлесім тауып, динамикалық тепе-теңдік қалпын сақтайды. Кейде барлық факторлар: ауа ылғалдылығы, температуралық режимі, жауын-шашынның жылдық мөлшері, топырақ құнары т.б. орташа жылдық көрсеткіштерінен ауытқымаса да, ландшафт өзгерісінен төтенше құбылыс байқалып қалады. Мысалы, қайсыбір жылдары Алматы маңындағы жеміс бақтары өнім бермейді. Зерттеген кезде сол жылдары жемістер гүлдеп, тозаңданарда ауа райының қолайсыздығынан жәндіктер дер кезінде ұшпай қалып, гүлдеген жеміс бақтар ұрықтанбай өнімсіз өседі екен. Сондықтан да жәндіктердің ұрықтандырушы әрекеттері жемістердің өнім беруіндегі шешуші фактордың рөлін атқарады.

Тағы бір айта кететін бір жайт – төтенше әрекеттесетін фактордың рөлі ландшафтының құрылымы күрделенген сайын жойыла береді. Мысалы, жазық жердегі аңызақ пен қара суыққа байланысты болатын жұт таулы жерде еш уақытта байқалмайды. Өйткені тау бедерінің кедір-бұдыры мен биіктігінің әр түрлілігі аіызақ желдің арынын, қара суықтың ызғарын басады. Тау беткейінде байқалмайтын температуралық және ылғал инверсиялары да ландшафт құрамдас бөліктерінің тепе-теңдік жағдайының сақталуына қолайлы әсер етеді.

Ландшафттының түзілуі әр уақытта геологиялық-геоморфологиялық факторлардың әрекет етуінен басталады. Олардың сипаты азоналы болып келеді. Геологиялық-геоморфологиялық факторларға жер бетінің құрылықтық жондар мен мұхит шараларына бөлшектенуі, жер беті жыныстарының құрамы, құрлық бетінің жасы, бедері, тау жоталарының биіктігі, беткейлердің көрінісі, еңістігі т.б. жатады.

Жер бетінің құрлықтық жондар мен мұхиттық шараларға бөлінуі ландшафттыны бөліктерге бөлетін заңдылықтың негізгі факторы болып саналады. Басқаша айтқанда, климат мұхиттан қашықтаған сайын континентті, немесе мұхитқа жақындаған сайын теңіздік климат болып қалыптасады. Климаттың ерекшеліктеріне қарай ландшафттының басқа да, әсіресе биогендік құрамдас бөліктері секторлық бағытта бөлінеді. Жылу мен ылғалдың бойлық бағыттардағы әр түрлі мөлшерлерде бөлінулерінің айқын мысалдарын Исландия минимумы мен Сібір максимумдарының әсерлерінен көруге болады. Мұхиттар мен құрылықтардағы ауа массасының климатқа тигізетін әрекетіне қарай Еуразия құрлығының ландшафтысы төрт бөлікке бөлінеді. Алғашқысына Батыс Еуропа жатады. Мұнда Атлант мұхитының әрекеті байқалады. Екіншісі – Шығыс Еуропа. Бұл бөлікте ауа массасының батыстан шығысқа қарай ауысуы айқын байқалғанымен, ландшафттының қалыптасуында континентті ауа массасының әрекеті басым болады. Үшіншісі – Орта және Шығыс Сібір жерлерін қамтып, Сібірлік бөлікке жатады. Мұнда ландшафт мәңгі тоң жағдайында қалыптасқан. Төртінші – Шығыс бөлігі муссонды ауа массасымен ерекше көзге түседі.

Жер беті жыныстарының литогенді құрамы жер асты және топырақтағы судың режимін, топырақ қабатының тұздылығын, механикалық құрамдарын түрлендіре түседі.

Атап айтқанда, жазық жерде жер беті жыныстарының литогенді құрамы саздақты, құмды келеді. Соған орай сазды жынысты жерде зоналы ландшафттыны сор, құмды жынысты жерде шағылдар ерекше көріктендіреді.

Тауда жер беті жыныстарының литогенді құрамы өте күрделі болады. Ол тасты шөгінді жыныстар мен жанартаулық құрамдас бөліктердің қатпарлы-жақпарлы қабаттарынан, кесектасты блоктарынан тұрады. Сондықтан жер беті жыныстарының топырақ пайда болатын қабаты жартасты, қорымтасты, қиыршықтасты болып келеді.

Жер беті жыныстарының осындай әр түрлілігі сол өңірдің ландшафттысын күрделендіреді. Халқымыз табиғаттың осындай ерекшеліктеріне үлкен мән берген. Бұған Алатау, Қаратау, Құмбел, Қарақия, Қызылқұр сияқты көптеген жер аттары дәлел бола алады.

7-дәріс. Зоналық ендік

1. Зоналық ендік.

Эпигеосфераның әр түрлі қатардағы геосистемаларға жіктелуі жер бетінің жекелеген аудандарының даму ерекшеліктеріне байланысты. Жоғарыда айтылғандай әр түрлі себептердің әсерінен физгеографиялық дифференциацияның екі деңгейін регионалдық және жергілікті (локальная) ажыратады. Регионалдық дифференциация эпигеосфераға әсер ететін екі фактордың әсерінен: күн энергиясы мен жердің ішкі энергиясы әрекеттерінен пайда болады. Бұл факторлар кеңістік пен уақыт бойынша әрқалай бола отырып, екі жалпы географиялық заңдылықты – зоналық пен азоналдықты анықтайды.

Зоналық ендік деп физгеографиялық процестердің, компоненттердің, комплекстердің экватордан полюске қарай заңдылықты ауысуын айтамыз. Зоналық өзгерудің негізгі себебі жер шар тәрізді болғандықтан күннің қысқа радиациясының әр түрлі таралуы мен жерге күн энергиясының әртүрлі бұрыш бойынша құлауы. Сондықтан ендік бойынша жер бетінің белгілі көлеміне түсетін күн жылуы әрқалай. Демек, зоналықтың пайда болуына екі жағдайдың: күн радиациясы мен жердің шар тәріздігі жеткілікті. Шындығында ендік бойынша күн энергиясының таралуы басқа да факторларға байланысты. Мысалы: Жер мен Күннің ара қашықтығы.

Жер неғұрлым қашықтаған сайын оның бетіне түсетін энергия соғұрлым әлсіз болады. Егер күн мен жердің ара қашықтығы күн мен Плутон планетасының арасындай болса, онда экваторлық және полярлық ендіктер арасындағы айырма аз болып барлық жерде бірдей суық болар еді. Ал күн жерге неғұрлым жақын болса соғұрлым ыстық болып, екі жағдайда да жер бетінде өмір болмас еді. Дегенмен, күн мен жердің ара қашықтығы қазір қолайлы орналасқан.

Зоналыққа жердің массасы да әсерін тигізеді, өйткені ол күн энергиясының таралуы мен трансформациясын атмосфера қабаты арқылы ұстап тұрады. Сонымен қатар жер осінің эклиптика жазығына құлау бұрышына байланысты жыл мезгілдері бойынша күн радиациясы, жылу және ылғалдылық өзгеріп отырады. Егер жер осі эклиптика жазығына перпендикуляр болса, онда әрбір параллельге жыл бойы бірдей күн жылуы түсіп жыл мезгілдерінің ауысуы болмас еді. Зоналық схемаға жердің тәуліктік жылжуы, яғни солтүстік жарты шарда оңға, ал оңтүстік жарты шарда солға жылжуы да әсерін тигізеді.

Олардың негізгісі ауа массаларының төрт зоналық типіне сәйкес келеді, сондықтан әр жарты шарда олар төрттен: экваторлық екі жарты шарға да ортақ (төменгі қысым, желсіз тымық), тропиктік (жоғарғы қысым, шығыс желдер), қоңыржай (төменгі қысым, батыс желдер), полярлық (төменгі қысым, шығыс желдер). Сонымен қатар үш өтпелі зонаны: субарктикалық, субтропиктік және субэкваторлық ажыратады. Атмосфера циркуляциясы жазда полюстерге, ал қысқа экваторға жақын болғандықтан жыл мезгілдері бойынша ауа массалары мен циркуляция типтері ауысып отырады. Сонымен әр жарты шарда жеті циркуляциялық зонаны ажыратады. Күн жылуының зона бойынша бөлінуі жер бетінде жылу белдеулерінің жіктелуінен көрінеді. Негізінде мынадай белдеулерді ажыратады: ыстық (орташа жылдық температура 200 С жоғары), екі қоңыржай екі суық. Бұл схема шартты түрде ғана, өйткені қоңыржай белдеу, үлкен температуралық аумақты – тундра зонасынан шөл зонасына дейін алып жатыр.

Демек, мұндай температуралық белдеулер циркуляциялық және ылғалдану белдеулерімен сәйкес келмейді. Атмосфера циркуляциясының зоналығымен ылғал айналымы мен ылғалдану тығыз байланысты. Бұл жауын-шашынның таралуынан айқын көрінеді. Жауын-шашынның мөлшері ландшафттар мен табиғи процестердің ылғалмен қамтамасыз етілуін анықтайды. Дала зонасында 500 мм жауын-шашынды біз жеткіліксіз ылғалдану десек, ал тундрада 400 мм – де артық ылғалдану екенін білеміз. Ылғалдануды білу үшін біз геосистемаға жыл бойы түсетін жауын-шашын мөлшерін ғана емес, сол геосистеманың дамуына қажетті ылғалдануды білуіміз қажет. Ылғалданудың көрсеткіші булану, яғни жер бетінен булануға тиісті ылғал мөлшері. Жыл бойы түсетін жауын-шашынның жылдық булану көрсеткішіне қатынасы климаттық ылғалдану деп аталады. Бұл көрсеткішті 1905 жылы алғаш рет Г.Н.Высоцкий енгізді. Кейіннен Н.Н. Иванов бұл көрсеткіштің изолиниясын құрып оны алғалдану коэффициенті (К) деп атады да ландшафттық зоналар шекарасының (К) ылғалдану коэффициентінің әртүрлі мөлшерімен сәйкес келетінін көрсетті: тайга мен тундрада 1-ден аспайды, орманды далада 1,0-0,6, далада 0,6-0,3 шөлейт зонасында 0,3-0,12, ал шөл зонасында 0,12 төмен. Егер К 1-ге тең болса онда оптимальды ылғалдану, К 1-ге жуық болса өсімдіктер жамылғысының азықтық мөлшері жоғары. К 1-ден төмен болса ылғалдану жеткіліксіз. Климаттық зоналықтың әсері басқа да географиялық құбылыстарда-гидрологиялық режимде, су ағынында, батпақтану мен жер асты суларының таралуында, топырақтың үгілу қабығында, химиялық элементтердің миграциясында байқалады. Географиялық зоналық тірі организмдердің таралуынан да көрінеді. Сондықтан да ландшафттық зоналар атаулары өсімдіктер типіне қарай аталынады. Дегенмен кейде жер бетінің рельефі мен ландшафттардың геологиялық фундаменті зоналық емес, оларды «азоналдық» деген түсініктер де кездеседі. Сонымен, географиялық компоненттерді зоналық, азоналдық деп жіктеу дұрыс емес, өйткені әрбір компонентке зоналық және азоналдық процестердің әсері байқалады. Біз білетініміздей рельеф табиғаты азоналды эндогендік факторлармен қатар экзогендік факторлар нәтижесінде пайда болады (үгілу, желдің, мұздықтардың, ағын сулардың әсерінен). Осы екінші топтағы процестер зоналық процестерге, ал солардың әсерінен пайда болған скульптуралық рельеф формалары жер бетінде зона бойынша таралады. Мысалы: жекелеген зоналардың өзіне тән рельеф формалары: шөл зонасында, эолдық рельеф типтері, ағынсыз сор ойыстар; дала зонасында: жыралар, сайлар. Тіпті азоналдық деп есептелетін карст формаларының, теңіз жағалауларының пайда болуы зоналық заңдылыққа негізделген.

Зоналық заңдылықтың әсері эпигеосфераның бөлігі – ландшафттық сфера мен күн радиациясының байланыста болатын аумағында жақсы білінеді. Осыннан эпигеосфераның шеткі аймақтарына қарай зоналықтың әсері біртіндеп әлсірейді. Тау жыныстарындағы жарықшақтармен су және ауа массаларының енуі литосфераның біршама тереңдігінде зоналықтың әсерінің барлығын көрсетеді. Тіпті жер асты суларының орналасуында да зоналық байқалады: оны судың температурасының, тұздылығының өзгеруінен көреміз.

Сонымен зоналық универсальды географиялық заңдылық – барлық ландшафт құрушы факторлардың, процестердің және геосистемалардың жер бетінде орналасуынан көрінеді.

8-дәріс. Ландшафттық зоналардың системасы, секторлығы және азоналдығы

1.Ландшафттық зоналардың системасы, секторлығы және азоналдығы

В.В. Докучаев табиғи зоналарды дұрыс белдеулер, яғни паралелльдермен шектелген орталық деп түсінбейді. Оның түсінігі бойынша табиғат-математика емес, зоналық – тек схема ғана. Кейіннен түпкілікті зерттеулердің нәтижесінде ландшафттық зоналардың жалпы белдеу емес екендігі, кейде олардың бөлініп бірнеше территорияларда кездесетіндігі дәлелденді. Мысалы: жалпақ жапырақты ормандардың құрылықтардың шеткі территорияларында, ал шөлді аймақтар оның материктердің орталығына орналасады. Керісінше белгілі бір зонаның территориясында физгеографиялық қарама-қайшылықтардың кездесуі мүмкін, ал таулы аймақтарда зоналық ендік жойылып биіктік белдеулер пайда болады. Шындығында зоналық ендіктің мұндай ауытқымалары құрылықта, мұхиттарда, жазықтарда әртүрлі жағдайларда бірдей емес.

Географиялық қабықшаның полярлық асимметриядағы құрылықтардың үлкен бөлігі солтүстік жарты шарда орналасқанынан көреміз. Жер бетінің қатты қабаты мен сулы қабатының физикалық қасиеттерінің әрқалайлығына байланысты континенттік және мұхиттық ауа массалары қалыптасады. Қалыптасқан континенттік-мұхиттық ауа ағыны жалпы атмосфера циркуляциясының қозғалысын қиындатады. Мысалы: муссондар – ауа массалары жазда мұхиттардан қызған құрылыққа қарай, ал қыста керісінше жылжиды. Сонымен территорияның континенттік мұхиттық атмосфера циркуляциясы системасына алыс, жақын орналасуы физгеографиялық дифференциацияның негізгі факторы болып табылады. Мұхиттардан құрылық орталығына жылжыған сайын, әлбетте, теңіздік ауа массаларының қайталануы азаяды, климаттың континентальдығы артады, жауын-шашын мөлшері кемиді.

Сонымен қатар жер бетінде жылудың таралуының қосымша факторы жалпы атмосфера циркуляциясына, құрылықтардың орналасу жағдайына, конфигурациясына байланысты қалыптасатын теңіз ағыстары. Суық ағыстар өтетін аймақтарда мұхит беті жыл сайын 2500 Мдж/м2 дейін жылу жоғалтады, бұл булануға кететін жылу мөлшерімен тең. Ал Атлант мұхитының қоңыржай белдеуінде жылы ағыстың әсерінен мұхит беті 1000, ал кей жерлерінде 300 Мдж/м2 дейін қосымша жылу алады. Теңіз ағыстары атмосфера циркуляциясы арқылы құрылықтардың шеткі аймақтарының температуралық жағдайы мен ылғалдануына әсчерін тигізеді (мысалы, суық ағыстар тек температураны төмендетіп қана қоймайды,климаттың құрғақтығынын арттырады, ол әсіресе Перуан, Калифорния ағыстарынан айқын байқалады.

Континентальды – мұхиттық ауа массаларының температуралық әсері әсіресе қыс айларында айқын байқалады, өйткені қатты суыған құрылық бетінде жоғарғы қысымды аймақтар пайда болады. Бұл кезде мұхиттарға жақын жатқан территориялар теңіздік ауа массаларының әсерінде болғандықтан құрылық орталықтарымен салыстырғанда жылы болады (негізінен құрылықтардың батыс бөлігі). Мысалы, бір ендікте жатқан Скандинавия түбегінің батыс бөлігі мен Сібірдің солтүстік шығысындағы тауаралық ойпаттардың қаңтар айының орташа температурасының айырмашылығы 470С. Жазда құрылық орталығында жылылау, дегенмен айырмашылығы онша емес, мысалы, орталық Якутияда Скандинавия түбегінің батыс жағалауымен салыстырғанда 4-5 градус жылы. Құрылықтың орталық бөлігіне жақындаған сайын теңіздік ауа массалары ылғалдылығын азайтады, өйткені оның көп бөлігі теңіз жағалауларында, әсіресе теңізге жақын орналасқан тау беткейлерінде қалады. Тайга зонасының атлант мұхитына жақын жатқан және құрылықтың орталығына орналасқан аймақтарындағы ландшафттардың жауын-шашын мөлшерінің айырмашылығы 3-4 есе. Субтропиктік және тропиктік ендіктерде бұл айырмашылық ерекше байқалады: шығысында муссондық жауын-шашын мөлшері көп, ал орталық және батыс аймақтарда континентальдық пассаттардың әсерінен құрғақ. Мұхиттардан құрылықтарға жылу мен жауын-шашыннан басқа ауа массалары арқылы әртүрлі тұздар жеткізіледі. Бұл процесті Г.Н.Высоцкий импульверизация деп атады, ол шөл және шөлейтті жерлердегі тұзданудың бірден бір себебі болып табылады.

Континентальды-мұхиттық ауа массалары циркуляциясының ландшафттарға әсері әрқалай. Ерте уақытта-ақ мұхит жағалауларынан құрылықтың орталығына қарай жылжыған сайын заңдылықты түрде өсімдік жамылғысының, жануарлар дүниесінің, топырақ типтерінің өзгеретіндігі байқалған. 1921 жылы Л.В.Комаров бұл құбылысты меридиональдық зоналық деп атады, ал қазіргі кезде секторлық деген ұғым қолданылады. Екеуінде ұқсастық та байқалады. Дегенмен табиғи құбылыстардың зоналық ендік бойынша өзгеруінде негізгі рольді жылумен қамтамасыз етілуі мен ылғалдану атқарса, секторлықтың негізгі факторы ылғалдану. Физгеографиялық процестердің дифференциациясына бойлық бойынша жылудың өзгеруі де әсерін тигізеді.

В.Л.Комаров құрылықтарда үш “меридиональдық зона” батыс-орталық, шығыс бөлуге болады деп түсінді. Ал А.И. Яунпутнинь осылай құрылықтарды үш физгеографиялық секторға жіктеді. Кейіннен әртүрлі ендіктерде секторлықтың бірдей еместігі дәлелденді. Евразия материгінің қоңыржай белдеуінде құрылықтың ұзындығы мен атмосфера циркуляциясының ерекшеліктеріне байланысты секторлықтың толық спектрі байқалады.

Сонымен зоналық пен секторлықтың ара-қатынасын қарастыра отырып біз бір ғана емес бірнеше ландшафттық зона системаларының бар екендігін мойындаймыз. Зоналар системасы деп біз құрылықтың бойлық секторына тән бөлінбейтін ландшафттық зоналар системасын түсінеміз, негізінен континентальдық және мұхиттық қатарларға жіктеледі; біріншісіне әртүрлі белдеулердің шөл зонасы, шөлейттер, далалар, екіншісіне әртүрлі ендіктердегі орман зоналары жатады. Бірақ зоналардың батыс пен шығыс бөліктерінде ылғалдану процесінде біршама айырмашылық бар. Жоғарыда айтылған зоналық спектрдің бірқатар ерекшеліктері физгеографиялық процестердің: буланудың, фитомасса қорының және биологиялық өнімділіктің әртүрлілігінен байқалады.

9-10-дәріс.Ландшафттық дифференциацияға орографиялық фактор мен биіктік белдеулердің әсері

1.Ландшафттық дифференциацияға орографиялық фактор мен биіктік белдеулердің әсері

2.Экспозиция ұғымы және оның типтері

Ландшафттық дифференциацияға зоналық және секторлық жылу, ылғалданудың өзгеруінен кейінгі негізгі фактор болып, құрылықтың теңіз деңгейінен қаншалықты биікте жатқаны кіреді. Осы фактордың әсерінен ландшафттық сфера сатылы құрылымға ие болады: әртүрлі биіктік белдеулерде өзіне сәйкес ландшафттар класы қалыптасады. Жазық территориядағы қалыптасқан ландшафттардан-ақ абсолюттік биіктіктің алғашқы жүз метрге дейінгі ауытқуларынан гипсометрлік орынның әсерін байқауға болады. Белгілі бір биіктік шегіне дейін рельефтің өсуі ландшафттардың сол зонаға сәйкес қасиеттерін жоймайды. Осы шеккен жоғарылағанда ландшафттарда көршілес солтүстікте (солтүстік жарты шар үшін) жатқан ландшафттар қасиеті басым болады да, биіктік өскен сайын басқа ландшафттық белдеуге ауысады. Бұл заңдылықты биіктік белдеулігі деп атайды. Биіктік белдеулік шартты түрде зоналық ендіктің аналогы ретінде қаралады.

Биіктік белдеудің қалыптасуының негізгі себебі жылу балансының жоғарылаған сайын өзгеруі. Дегенмен биіктік пен ендік бойынша температура өзгеру қасиеттері әрқалай. Күн радиациясының мөлшері биіктеген сайын азаймайды, керісінше, әрбір 1000 м биіктікке 10 процент артып отырады. Оның негізгі себебі атмосфера қабатының қалыңдығы мен тығыздығының азаюынан, құрамындағы су булары мен шаң-тозаңдардың мөлшерінің кемуінен. Дегенмен күн радиациясы жыл бойы жоғарғы биіктікте тепе-теңдікте, біркелкі болады, ал оның құрамының өзгеруі ультракүлгін сәулелердің көбеюінен. Бірақ жер бетінің сәуле шашу қасиеті инсоляцияға биіктеген сайын тез өседі. Осының нәтижесінде радиациялық баланс азаяды, ауа температурасы төмендейді. Биіктік бойынша температуралық градиент горизонтальдықтан 100 есе көп, сондықтан биіктік бойынша бірнеше километр аралығында экватордан мұз зонасына дейінгі созылған көптеген физгеографиялық өзгерістерді бақылауға болады.

Жоғары көтерілген сайын ылғалдану процесі де өзгереді, бірақ бұл өзгеріс өзінің қарқындылығы мен бағыты бойынша зоналық ендік өзгерісімен сәйкес келмейді. Ауаның ылғалдылығы биіктеген сайын азаяды, таулардағы жауын-шашын мөлшері рельефтің тосқауылдық эффектіге байланысты болады. Таудағы тосқауылдардың әсерінен ауа массалары жоғары көтеріледі, ылғалдану конденсациясы артады, жауын-шашын мөлшері көбейеді, бірақ белгілі бір биіктікке дейін, ылғалдану қоры азайған сайын жауын-шашын мөлшері де азаяды. Максимальды жауын-шашын деңгейі құбылмалы да, ылғалды облыстарға қарағанда құрғақ жерлерде жоғары. Мысалы Альпі тауларында ол 2000 м, Кавказда 2400-3000 м, Тянь-Шаньда 3000-4000 м биіктікте орналасқан. Тауларда жел жақ беткейлердегі жауын-шашын мөлшері ық беткейлерге қарағанда бірнеше есе көп. Дегенмен орографиялық ерекшеліктеріне қарай таулардағы жауын-шашын мөлшері бірдей емес (беткей экспозиясы, тілімдену т.б.). Сонымен абсолюттік биіктік жауын-шашын мөлшерінің көбеюіне қосымша роль атқарады.

Биіктік белдеулердің әртүрлілілігі таулардың қандай ландшафттық зонада орналасқанына және олардың орографиялық ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен әрбір ландшафттық зонаға өзіне тән биіктік белдеу типі немесе белдеу қатары тән, осыған байланысты белдеулер саны, орналасу ерекшеліктері, биіктік шекаралары әрқалай. Экваторға жақындаған сайын белдеулер саны көбейеді, белдеулер қатарының құрамы өзгереді. Белдеулердің вертикальдық бағытта әртүрлі ландшафттық зонаны кесіп өтетінін тау қыраттарынан байқауға болады.

Климаттың континентальдығына, ылғалдың режимі мен қарқындылығына байланысты әрбір физгеографиялық сектордағы биіктік белдеулердің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мысалы мұхит маңына жақын орналасқан секторларға альпі шалғыны белдеуі тән, ал континентальды аймақтарда оның орнына таулы тундра белдеуі қалыптасады. Керісінше таулы далалық белдеу тек континентальдық секторларда қалыптасады. Әсіресе төменгі ендіктерде орналасқан секторларда биіктік белдеулердің толық жиынтығы қалыптасып, біртіндеп жоғарғы ендіктерге жылжыған сайын төменгі белдеулер жоғалып, белдеулердің шекаралары төмендейді, мысалы: Қиыр шығыстың жалпақ жапырақты зонасында орналасқан Сихоте-Алинь тауының оңтүстік бөлігінде 500 м дейін жалпақ жапырақты орман, аралас орман 800-900 м, таулы қылқан жапырақты тайга 1300-1500 м, ал ең жоғарғы биіктіктерінде таулы тундра мен тас қайыннан тұратын сирек орман белдеулері орын алған. Ал таулы қыраттың орталық бөлігінде (470 с.е. шығыс беткей) белдеуінен басталады. Сихоте-Алиньнің солтүстігінде белдеулер – таулы қылқан жапырақты тайгадан басталады. Ал Камчаткада жоғарыда аталған белдеулердің үшеуі де жоғалып биіктік белдеудің “бірінші қабаты” тас қайынды белдеуден басталса, оның солтүстік бөлігінде биіктік белдеу негізі – төсеніш бұтадан басталады, жалпақ жапырақты орман зонасында бұл белдеу таудың ең жоғары ярустарына сәйкес.

Егер биіктік белдеулердің құрамының ауысуын белгілі бір зона бойынша қарастыратын болсақ, онда белдеулердің зоналық типінің бір-бірінен белдеулердің саны емес сапасы жағынан айырмашылығы бар әртүрлі секторлар вариантынан тұратынын көреміз. Мысалы: тайга типті белдеудегі барлық таулы ландшафттардың биіктік қатарының схемасы бірдей, бірақ әрбір белдеуге өзіне тән секторлық ерекшеліктер бар. Евразия бөлігінде бірдей қалың қарағайлы ормандардан, ал Шығыс Сібірде сирек қарағайлы ормандардан тұрады. Сонымен зоналық, секторлық заңдылыққа бағынған биіктік белдеулер қатары орографиялық жағдайға байланысты күрделене түседі. Әрине жекелеген зоналарға немесе секторларға тән биіктік белдеу “спектрінің” толықтылығы таулардың биіктіктеріне байланысты: орта немесе кіші биіктіктегі тауларда жоғарғы биіктік белдеу қатарлары болмады.

Абсолюттік биіктіктен басқа таулардың ландшафттық дифференциациясының негізгі факторы болып беткей экспозициясы табылады, ол таулардың жалпы көтерілу ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Экспозицияның 2 типі болады: солярлық немесе инсоляциялық, желдік немесе циркуляциялық.

Солярлық экспозицияға беткейлердің жылу, сонымен қатар су режимі байланысты. Солтүстік беткейлерге қарағанда оңтүстік беткейлер тез қызады, булану процесі интенсивті болады, яғни біркелкі жағдайдың өзінде құрғақтану. Сондықтан оңтүстік беткейлердегі биіктік белдеулер шекарасы солтүстікке қарағанда біршама жоғары. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан солярлық беткейлердің айырмашылығы әсіресе әртүрлі ландшафттық зоналардың қиылысында орналасқан таулы системаларда айқын байқалады. Мысалы, Оңтүстік Забайкалье тауының солтүстік беткейі орманды, ал оңтүстік беткейінде далалы өсімдіктер кездеседі. Полярлық және тропиктік ендіктерге қарағанда қоңыржай ендікте солярлық экспозицияның әсері қатты байқалады. Жоғарғы ендікте полярлық күн қалыптасқан кезде барлық экспозиция беткейлері бірдей жылумен қамтамасыз етіледі, ал төменгі ендікте күн горизонттан жоғары тұрғандықтан беткейлердің инсоляция айырмашылығы бірдей емес.

Желдік экспозиция 2 түрлі роль атқарады. Біріншіден, ол бір-біріне қарама-қарсы орналасқан беткейлердің термикалық режиміндегі айырмашылықты арттырады, сөйтіп солярлық экспозицияның эффектін күшейтеді. Мұндай ерекшелік батыстан шығысқа қарай созылып жатқан тау қарыттарына тән (Альпі, Қырым таулары, Үлкен Кавказ). Бұл таулы аймақтардың солтүстік беткейлері суық ауа массаларының әсерінде болса, оңтүстігінде суық ағыстардың әсері аз болады. Сондықтан осындай таулы қыраттар көбінесе ландшафттық зоналардың шекарасы ретінде қаралады.

Екіншіден, желдік экспозицияның климат пен беткейлердің ландшафтына әсері соңғысының ылғал орталықтарына қалай бағытталғанына байланысты, яғни ылғалды ауа массаларына, бағытына, циклондар троекториясына. Батыс ағындар басым аймақтарда жауын-шашынның көп мөлшерін батыс беткейлер, ал муссондық секторда-шығыс беткейлер алады. Алай таулы системасында жауын-шашынның басым бөлігі оңтүстік, оңтүстік-батыс беткейлерге жауады, өйткені көктем айларында оңтүстіктен солтүстікке қарай ауысқан иран циклонының әсерінде болады.

Таулардың ық жақ беткейлері тосқауылда немесе жауын-шашын “көлеңкесінде” орналасып, фендардың әсерінде болса, онда жел жақ беткейлерге қарағанда құрғақ болады. Құрғақ климатты территорияларда экспозиция әсері ең көп жауын-шашын түсетін белдеуде жақсы байқалады. Солтүстік Тянь-Шань тауларында бұл белдеу теңіз деңгейінен 1500-3000 м биіктікте орналасқан, осы деңгейде солтүстік және батыс беткейлерде қалың қарағайлы орман қалыптасқан, ал қарама-қарсы беткейлерде кездеспейді.

Сонымен, биіктік белдеулердің зоналық типтері мен секторлық варианттарының бөлінуі материктердің орографиялық құрылымының жалпы жоспарына бағынышты болады.

Сонымен, биіктік белдеулердің таулардың ландшафттарының дифференциациясына әсері басқа да факторлармен тығыз байланысты екен. Айта кететін бір жай, биіктік белдеулер өзінің табиғаты жағынан азональды болса да, пішінін зоналық ендік пен секторлықтың әсерінен қалыптастырады.

Морфоструктура дегеніміз эндогендік процестердің әсерінен пайда болған жер бетінің ірі кедір-бұдырлы территориясы, сондықтан да жер қыртысының құрылысымен тығыз байланысты. Морфоструктураны бірнеше бөлікке бөлуге болады. Ең ірі, геотектура деп аталатын бөлігі жер қыртысының ірі структуралық элементіне сәйкес келеді (құрылықтар, су асты қазан шұңқырлары, мұхиттық қыраттар). Төменгі деңгейдегі морфоструктураға платформалық жазықтар мен таулы үстірттер, орогендік зонада орналасқан тау системалары жатады. Келесі деңгейге жазықтардағы жекелеген қыраттар мен ойпаттар қатпарлы жоталар, тауаралық қазан – шұңқырлар сәйкес келеді.

Жалпы айтқанда, азоналдық дифференциация жер бетінің морфоструктуралық планының әсерінен пайда болады. Зоналықпен салыстырғанда мұнда белгілі бір бағыт бойынша өзгерістер байқалмайды, дегенмен ірі морфоструктуралардың орналасуында өзіндік заңдылық бар.

Зоналық және азоналдық заңдылықтардың қарым-қатынасы және олардың физгеографиялық аудандастырудағы теориялық негізі

Ландшафттық сфера үшін зоналық және азоналдық заңдылықтар универсалды – өйткені әрбір географиялық компонентте, ландшафтта, яғни барлық жерде байқалады. Ландшафттық зона системасында байқалатын “бұзылулар” зоналылықтың жалпы географиялық заңдылықтар ретінде әртүрлі болуынан, оның әртүрлі жағдайда трансформациялануынан көрінеді. Зоналық тауларда да жоғалмайды, бірақ тауларда белгілі биіктік белдеу типтері арқылы көрінеді: әрбір ландшафттық зонаға өзіндік биіктік белдеу тән. Мысалы: Үлкен Кавказ тауларын Франц Иосиф жері немесе Оңтүстік Орал орнына ауыстырсақ, онда оның табиғатының қалай өзгеретіндігін ойымызша көз алдымызға келтіруімізге болады. Зоналық ең биік тауларға да әсерін тигізеді. Оны таулардағы қар сызығы шегінің өзгеруінен көреміз (осы шектен жоғары қатты күйінше жауатын жауын-шашын мөлшері еру мен булануға кеткен шығаннан көп).

Экваторға жақындаған сайын қар сызығының шекарасы 5000-6000 м, тіпті одан да жоғары көтеріледі. Қар сызығы биіктігінің өзгерісін ендік бойынша көрсететін сызықтың ерекшелігі, құрғақ тропиктік белдеуде күрт жоғарылау, экватор маңы ендігінде төмендеу. Сонымен, бұл көрсеткіш жер бетіндегі жылу мен ылғалдылықтың ендік бойынша өзгерісін тура қайталайды.

В.В.Докучаевтың табиғи-тарихи зоналар туралы ілімімен бірге “интрозоналдық”, “азоналдық” деген ұғымдар пайда болады. Бұл ұғымдарды В.В.Докучаевтың әріптесі Н.Н.Сибирцев енгізген еді. Осы түсініктер белгілі бір жергілікті жағдайда қалыптасқан өсімдік пен топырақ жамылғысына ғана қолданылды (өзен аңғарларындағы, тұзды шұңқырлардағы). Кейіннен интрозоналдық деп батпақтарды, құмдарда дамыған қарағайла ормандарды соңынан барлық табиғи комплекстерді атады. Мұнда жер асты суларының әсері аз, механикалық құрамы орташа тау жыныстарынан құралған плакорлық табиғи комплекстер ғана жатпады.

Сонымен “зоналық” деген терминнің синонимі ретінде “плакорлық” ұғымы пайдаланылады.

Эпигеосфераның регионалдық жіктелуінің заңдылықтары мен факторларын ажырата білу физгеографиялық аудандастырудың негізін қалайды. Физгеографиялық аудандастырудың мақсаты зоналық, азоналдық дифференциациясының әсерлеріне синтез жасау. Сонымен, регионалдық дифференциацияның себептері әртүрлі, бірақ әрбір жекелеген заңдылықта – зоналықта, секторлықта, белдеулікке өзіне тән территориялық бөліктер системасы қалыптасады, осы жекелеген бөліктердің әрқайсысы тұтас бірлік. Мысалы, зоналықтың негізінде ландшафттық зоналар мен подзоналар пайда болады, секторлық – физгеографиялық секторлар системасын құрайды.

Ландшафттық зона – бұл тек зоналық бірлік, бірақ әрбір зона секторлық, ярустық, морфологиялық жағынан әрқалай. Екіншіден, мысалы, Орал біртекті азоналдық система, бірақ әртүрлі зоналарды, секторларды қамтиды. Яғни осы сияқты ірі регионалдық бірліктер зоналық пен азоналдықтың тұтас бірлігіне жатпайды. Осындай бірлікке жету үшін зоналық, азоналдық айырмашылығы білінбейтін регионалдық дифференциацияның төменгі деңгейіне түсуіміз керек. Басқаша айтқанда, зоналық пен азоналдық қасиеттері бойынша ары қарай бөлінбейтін бірлік қана, мұндай бірлік-ландшафт. Ландшафт аралық морфологиялық айырмашылық жергілікті себептерге байланысты.

Сонымен, ландшафт физгеографиялық аудандастырудың ең төменгі шегі. Бұдан жоғары сатыдағы физгеографиялық аудандастырудың бірліктері регионалдық заңдылық бойынша топтасқан ландшафттар түрі. Жоғарыдан төменге қарай белгілі бір тәртіппен орналасқан физгеографиялық категориялар мен бірліктер физгеографиялық аудандастырудың негізі болып табылады.

Жергілікті, типологиялық немесе ландшафт аралық дифференциация регионалдықтан әсер ететін территориясының масштабымен, жіктеуші факторлардың салыстырмалы радиусының шектелуімен ғана емес, ең негізгісі соңғысының табиғаты мен мәнінің әртүрлілілігімен ерекшеленеді.

Жергілікті дифференциация әртүрлі ландшафттарға тән ішкі процестер мен олардың пайда болуы, дамуының нәтижесі. Басқаша айтқанда, жергілікті дифференциация әрбір ландшафттың пайда болуындағы бастапқы нәтиженің ары қарай дамуы. Ландшафттардың әртүрлілілігіне ландшафтаралық географиялық жіктелудің әртүрлі формалары мен факторлары сәйкес келеді.

Жергілікті геосистемалардың ала-құласын анықтайтын ең негізгі активті факторларға экзогендік геоморфологиялық процестер – механикалық және химиялық мүжілу, ағын сулардың эрозиялық және аккумулятивтік әсері, карст, термокарст, суффозия, опырулар, дефляция жатады. Бұл процестер жер бетінің мүсінін яғни рельефтің әртүрлі мезомикроформаларын, соңында бір-бірінен салыстырмалы биіктігі, экспозициясы, беткей формалары сияқты айырмашылығы бар территорияларды құрайды.

Бір зоналық және азоналдық жағдайда, яғни бір ландшафтта күн радиациясының, ылғал мен минералдық заттардың таралуы комплекстердің орнына байланысты әрқалай, осының нәтижесінде әрбір бірлік өзіне тән микроклиматпен, су және тұздану режимімен сипатталады. Сондықтан әрбір орын өзіне сай әртүрлі экологиялық потенциалмен, яғни организмдерге тән жағдайлардың жиынтығымен ерекшеленеді. Организмдердің ортаны іріктеу қасиеттеріне байланысты территорияны мекендеу сол қасиеттерге үйлесімді болған жағдайда болады және әрбір орынға бір биоценоз сай болу керек. Ақыр аяғында биоценоздың нақтылы орнының абиотикалық компоненттерімен қарым-қатынасы негізінде қарапайым географиялық комплекс пайда болады. Оны Л.Г. Раменский эпиграфия, Л.С.Берг-фация деп атауды ұсынды. Сонымен фация біртекті геосистема және территорияны физгеографиялық жіктеудің соңғы сатысы деп табылады.

Қазіргі тектоникалық қозғалыстардың қарқындылығы мен бағыты рельефтің скульптуралық формаларының дамуы мен денудация процесінің қарқынына әсерін тигізбей қоймайды. Дамудың бастапқы қарқыны “экзогендік” себептердің әсерінен болса да, морфоскульптура морфоструктурамен тығыз байланысты, өйткені көбінесе оның дамуы ландшафттың “пассивтік” геологиялық фундаментіне байланысты – геологиялық қабаттардың бағыты мен құлауына, петрографиялық құрамына, тау жыныстарының физикалық, химиялық қасиеттеріне, олардың барылу түріне. Сонымен, әртүрлі ландшафттарда бір типтік орында әртүрлі фациялар қалыптасады. Фациялардың ландшафт аралық ала-құлалығын ландшафттағы зоналық, азоналдық энергия ағынының трансформациялануының әсерінен деп түсінуге болады. Осы трансформацияланудың алғашқы механизмі жекелеген орын бойынша күн энергиясы мен атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің таралуы. Күннен тік түсетін радиация мөлшері беткейлердің экспозициясы мен тіктілігіне байланысты. Әсіресе қыс айларында күн горизонттан төмен тұрғандықтан бұл айырмашылық айқын байқалады: сонымен беткейлердің тік радиациясының ауытқымалы мөлшері горизонтальды жазықтың нормасымен салыстырғанда ендік бойынша өседі.

Қоңыржай және жоғарғы ендіктерде ландшафтаралық дифференциацияға қар жамылғысының таралуы да әсерін тигізеді. Мұнда негізгі фактор жел, өйткені қар жамылғысының таралуы беткейлердің желдік экспозициясына бағынышты. Қар жел жақ беткейден ығысып ық жақ беткейлерге жиналады. Сонымен жел жақ беткейде қар жамылғысының қалыңдығы тау етегінен биіктеген сайын азаяды, ал ық жақ беткейде керісінше. Қар жамылғысының еруі оңтүстік беткейлерге ерте болады және беткейдің тіктілігі артқан сайын күшейе түседі. Оңтүстік беткейлердің еңістігі 100 болғанда қар 2-8 күн ерте ериді, жазық жерлермен, солтүстік беткейлермен салыстырғанда.

Қардың қалыңдығына топырақтың тоңдану тереңдігі байланысты, оның ерігіштік қасиетіне әсерін аз тигізеді. Сондықтан солтүстік беткейлерге топырақ қабаты қар ерігенше еріп кетуі мүмкін, сөйтіп еріген судың көп мөлшерін сіңіреді, ал оңтүстік беткейлерде қар жамылғысы топыраққа қарағанда тез еритіндіктен еріген сулардың топыраққа сіңуі азаяды. Еріген қар суларының топыраққа сіңуі әсіресе құрғақ аудандар үшін маңызы бар, ал ылғалдану артық территорияларда топырақ жамылғысы күз айында-ақ жауын-шашынға қанығады, сондықтан еріген қар суларының керектігі шамалы.

Әртүрлі фациялардағы су балансы мен ылғалдануды анықтау үшін булануға кеткен жылу мөлшерін білу қажет. Булану айырмашылығы, яғни оның оңтүстік пен солтүстік беткейлердегі артуы құрғақ климатты территорияларда айқын байқалады, ылғалды жермен салыстырғанда, мысалы беткейдің тіктілігі 50 болғанда бұл айырма ылғалды климатта 45 мм болса, құрғақ климатта 163 мм; 100 – 114-236 мм; 200 – 350-460 мм. Шын мәнісіндегі булану да орынға байланысты өзгеріп отырады, және де жазық жерлермен салыстырғанда оңтүстік беткейдің жоғарғы, ортаңғы бөлігінде аз, солтүстік беткейдің осы бөліктерінде де аз. Әртүрлі экспозициядағы беткейлердің төменгі бөліктерінде булану жазық жерлерге қарағанда көп.

Сонымен ылғалданудың жергілікті факторларының үйлесімділігі топырақ жамылғысының ылғалдануының ала-құлалығы мен қарама-қарсылығын анықтайды. Егер ылғалы мол зонаның жазық жеріндегі өсімдіктің тамыры өмір сүретін ортасындағы ылғалдың қорын бірге тең десек, онда Е.Н. Романованың мәліметі бойынша оңтүстік беткейдің жоғарғы бөліктерінде ол 0,5-0,7 (минимум жазда; максимум күзде), оңтүстік беткей етегінде 1,3-1,4, ал солтүстікте – 2,0 жуық. Құрғақ және қуаңшылық зоналарда 0;4-0:5; 1,1-1,2-2,0 сәйкес.

Жергілікті геотермикалық айырмашылықтардың нәтижесін өсімдік жамылғысының дамуынан айқын көруге болады. Оңтүстік беткейлерде өсімдіктердің бүкіл даму кезеңі солтүстік беткеймен салыстырғанда ерте басталады, жылдың даму циклы аз уақыттың ішінде өтеді. Солтүстік тайганың тіктігі 100 оңтүстік беткейінде вегетация уақыты жазық жерлерге қарағанда 5 күн ертерек болады, дәл осындай солтүстік беткейде 6-8 күн кешірек. Беткейлердің еңістігінің өсуі қарама-қарсы беткейлердің айырмашылықтарын арттырады.

Оңтүстік беткейлердің термикалық жағдайының қолайлылығы оңтүстік ландшафттық зонаға тән топтардың, сол зонаның шекарасын өтпей-ақ пайда болуына әсерін тигізеді (“алдын-алу заңы”). Оңтүстік беткейлерде ылғалдану жеткілікті болған жағдайда бір зоналық типті өсімдіктердің өнімділігі көп, орман өсімдіктерінің өсуі қарқынды, ағаш қоры жоғары. Өсімдік жамылғысының жергілікті қарама-қарсылығының артуы ылғалданудың айырмасына байланысты.

Жергілікті деңгейдегі геосистемаларда өсімдік жамылғысы ортаны құрушы роль атқарады, өйткені олар сыртқы әсерлерді өзгерте отырып, алғашқы абиогендік ортадан ерекше өзіне тән ішкі ортаны құра алады. Ең күшті ортаны құрушы роль орман өсімдіктеріне тән, биомассаны жинақтау қасиеті жоғары, 1 гектардан 200 т. дейін тайгада, 500 т. дейін жалпақ жапырақты орманда. Қылқан жапырақты ормандарда күн радиациясының 5% ғана жер бетіне жетеді. Орманда температуралық режим бір қалыпта болады, температураның экстремальдық жағдайы азаяды, жел жылдамдығы нольге тән, қар жамылғысы біркелкі таралады, жер бетіндегі су ағыны тоқталады, өйткені ағаштардың тамыры 150-180 мм жауын-шашын мөлшерін тоқтата алады.

Осындай радиациялық, жылулық және су режимдері өзгеруінің нәтижесінде ормандағы әртүрлі алып жатқан фациялардың айырмашылығы бәсеңдейді.

Өсімдік жамылғысының система құрушы маңызы әсіресе жергілікті өсімдіктердің өзгермелігімен байланысты. Өсімдік топтары арасында қарым-қатынас уақыт бойынша өзгермелі. Ортаны өзгерте отырып, олар ортаға сәйкес өзгеруіне немесе кеңістікте өзі орын өзгертуіне тура келеді, осының нәтижесінде басқа топтармен бәсеке таласқа түседі

11-12-дәріс. Қазақстан жазық жерлерінің ландшафтысы

1. Орманды дала зонасының ландшафттылары

2. Дала зонасының ландшафттылары

3. Шөлейт зонасының ландшафттылары

4. Шөл зонасының ландшафттылары

Республика территориясының орасан үлкендігіне, орографиясының ерекшелігінен тым континентті болуына, әртекті жазықтар (мүсіндік, аккумуляциялық, денудациялық) мен әр түрлі биіктіктегі таудың (аласа, биіктігі орташа және аса биік) кең аймақты қамтуына, Сібірдің суық қысы, Орта Азияның ыстық жазымен ұштасып жатуына байланысты Қазақстанның ландшафтысы бірнеше типті болып келеді. Жалпы олар қоңыржай белдеудің жазықты және таулы аймақтық топтарына жатады. Жазық аймақтардағы ландшафтысы азоналы. Биіктік белдеу рет бойынша жүйеленеді.

Қазақстанның жазық аймақтарының ландшафтылары

Қазақстан жерінің 90%-ін жазық алып жатыр. Олар оңтүстіктен солтүстікке 1600 км-ге, батыстан шығысқа 3000 км-ге созылған. Геологиялық-геоморфологиялық, радиациялық, атмосфералық, циркуляциялық факторлардың зоналық айырма жасап әрекет етуіне қарай орманды дала, дала, шөлейт, шөл зонасы ландшафттысының территориялық бөлшектенуіне себепші болған.

Орманды дала зонасының ландшафтылары

Орманды дала зонасының ландшафттылары Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Павлодар облыстарында тараған, оңтүстік шекарасы Қостанай және Көкшетау қалаларының ендіктері бойынша өтеді, жалпы көлемі 1 млн. га, Қазақстан территориясының 0,4%. Бұл жердің тектоникалық құрылымы жер қыртысының мезозойға дейінгі қатпарлану кезінде түзілген, мезокайнозойлық тарихы жас платформалық жазықты жағдайда өтуде. Қазіргі жер бедері тегіс, жазық, ал оңтүстігінде ежелгі таулардың ұсақ шоқылы жұрнақтарда сақталған қырат. Жер бедері кешендерінің пішіндері мен топырақ қабатын түзуші жыныстары аллювийлі және көлтабанды-аллювийлі саздақтан ұсақ құмнан тұрады. Топырақ пен грунт қабаты ылғалға көп мөлшерде қаныққан, көбіне гидроморфты болып келеді. Бұл зонаның климаты қоңыржай континентті, 1000 С-тан жоғары ауа температурасының жылдық қосындысы 1950-22000С, жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 300-350 мм, ылғалдану коэффициенті 0,77-0,56. Өніп-өсу кезеңінің ұзақтығы 120-145 күн, қуаңшылық жылдардың қайталануы 20-30%. Мұнда Батыс Сібірдің орманды дала ландшафттысының қазақстандық нұсқасы дамыған. Ол суффозиялық немесе ежелгі көлтабандық дала ойыстарында өсетін орман шоқтары және тегіс жазықтағы дәнді шөптесін мен әр түрлі шөптесіннен тұрады. Территориялық табиғат кешендерінің негізгі түрінің таралу сипатына қарай орманды дала екі зонаға бөлінеді. Олар: типті және типті емес орманды дала.

Ландшафттының басқа типтерімен салыстырғанда, орманды далада жануарлар дүниесі жақсы сақталған. Көбіне орманды фауна басым. Мұнда дала тышқандары, ақ қоян, түлкі, қасқыр көп кездеседі. Үкі, қаршыға, бұлдырық, ителгі, ұзақ, қарға сияқты құстар тіршілік етеді. Бұлан мен жабайы шошқа да мекен жай тапқан. Орманды даланың 50-55%-і егіске жарамды. Жайылым мен шабындық та баршылық. Мал шаруашылығы сүтті-етті мал өсіруге бағытталған.

Дала зонасының ландшафтылары

Қазақстан жеріндегі дала ландшафттылары Каспий маңы ойпаты жазығынан Алтай тауларына дейінгі 2200 км-ге созылған. Олардың ені жер бедері, климат т.б. ландшафт түзуші факторларға байланысты 40-140 км-ге (кейде 400 км-ге жетеді) дейін ауытқиды. Дала ландшафттылары 77 млн.га жерге тараған, яғни республика жерінің 29%-ін алып жатыр. Олар Каспий маңы ойпатының солтүстігінде, Жалпы Сыртта, Орал тауы алдындағы борлы үстіртте, Торғай үстіртінде, Сарыарқада және Батыс Сібір ойпатының Қазақстандық бөлігінде дамыған. Бұл жерлердің тектоникалық құрылымы мен геологиялық құрылысы әр түрлі болып келеді. Орал, Мұғалжар тауларына дейінгі батыс бөлігі ежелгі платформаның плиталық жазығынан тұрады. Мұнда дала ландшафтысы теңіз табанды саз балшықты, борлы жыныстардың негізінде қалыптасқан. Орал, Мұғалжар тауларының шығысында жатқан далалар жас платформаның шитті және плиталы жазықтарында дамыған. Олар теңіздік және құрлықтық жағдайда қабаттасып, қаттасқан лесс тәрізді саздақтан, қиыршық тасты саздақтан және сазды жыныстан түзілген. Жер бедері әр түрлі болып келеді. Тектоникалық құрылымына қарай жер бедері ойпатты, қыратты, үстіртті болып ажыратылған. Сарыарқада ежелгі таулардың ұсақ шоқылы жұрнақтары кездеседі. Жер бедерінің барлық деңгейінде де қуаң және құрғақ континентті климат қалыптасқан. Солтүстігіндегі қоңыржай қуаң климат, оңтүстігінде құрғақ континентті климатпен алмасады. Жалпы дала ландшафтысы тараған жерде қыс суық, құрғақ болады, қар жамылғысы 20-30 см., жер бетіндегі тоңды қабаттың қалыңдығы 1-1,5 м-ге дейін жетеді. Қыста арктикалық суық ауа массасы мен сібірлік антициклон жиі-жиі болып тұрады. Ол кезде ауа райы 2-3 күнге созылған қарлы боран басталады да, соңы – 400С-ге жететін аязбен жалғасады.

Жазы ыстық, құрғақ, жиі-жиі аңызақ жел соғып тұрады. Атмосфералық жауын-шашын көбіне батыстан келетін ауа массасымен тасымалданады. Олар негізінен жылдың жылы айларында түседі. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 310-220 мм. Территориялық ылғалдану коэффициенті 0,57-,27. 100С-ден жоғары болатын ауа температурасының жиыны 2150-30000, өніп-өсу кезеңі 135-170 күндей. Өніп-өсу кезеңінде аңызақ жел мен қуаңшылық жиі қайталанады. Қуаңшылық жылдардың қайталануы солтүстігінде 40-50, оңтүстігінде 70-80%. Климаттың құрғақшылығы мен жиі қайталанатын құрғақшылыққа құрлық беті суының сипаты, гидрологиялық режимі тікелей байланысты болады. Жергілікті өзен торы өте нашар дамыған. Олар жаз айларында түгелдей құрғап қалады. Тұрақты ағысы бар Жайық, Ертіс өзендері басқа аймақтардан бастау алады. Олардың жылдық ағынының 80-90%-і көктемгі су тасқынына тұспа-тұс келеді. Жалпы дала тұщы су қорының су қорының жетімсіздігінен тапшылық көреді. Топырақ, өсімдік жамылғылары жылу мен ылғал қатынасының сипатына қалыптасады. Далада құнары мол (қордалы шіріндісі 10-15%), қалыңдығы 80-100 см-ге жететін шымды топырақ дамыған. Өсімдік жамылғысы әр түрлі шөптесіндерден түзілген. Жамылғысы биік (1-1,5 м) және бітік өскен, түрі мен реңі алуан түрлі болып келеді, 1 м2 жерде 50-ден астам өсімдік түрі кездеседі. Қазақстан даласында құрғақ климат пен аңызақ желге төзімді көде, бетеге, селеу, боз, бидайық, сұлыбас, арпабас, атқонақ, түлкіқұйрық, қоңырбас сияқты дәнді шөптесіндер өседі. Ондағы әрбір тамшы су топырақ құнарының артуы мен өсімдік жамылғысының өніп-өсуіне ықпал етеді. Дала ойыстарында, өзектерде, қара сулы жайылымдарда, өзен аңғарларында шалғындық өсімдіктер тараған. Жыраларда, сайларда, өзен арналары бойында бұталар мен орман шоқтарының жасыл желектері дамыған. Дала тағылары да алуан түрлі. Ең көп кездесетіндеріне түрлі тышқандар, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, күзен, бүркіт, қаршыға, жылан, кесіртке, т.б. жатады. Дала ежелден халықтардың жиі қоныстанған жайылымдық шабындық және егістік жерлері болып саналады.

Территориясының ерекшелігіне қарай далалық ландшафт типі төмендегіше төрт зонаға бөлінеді: Олар: 1) кәдімгі шіріндісі орташа қара топырақты жердегі әр түрлі шөптесінді боз өскен қоңыржай қуаң дала; 2) шіріндісі шамалы жердегі әр түрлі шөптесінді-бетегелі – боз өскен қуаң дала; 3) күңгірт қызыл қоңыр топырақты жердегі бетегелі – боз өскен қоңыржай құрғақ дала: 4) нағыз қызыл қоңыр топырақты жердегі бозды бетеге өскен дала. Бұл аталған дала ландшвфтысының зона бөліктерінің барлығында да кешенділік байқалады. Ландшафттының құрылымында шалғынды-далалы, далалы, шөлді-далалы сортаң жерлер бар. Ландшафт құрылымының кешенділігі грунт және топырақ қабаттарының ылғал режимі мен тұздылығына байланысты болып келеді. Ал грунт пен топырақ қабаттарындағы судың, тұздың таралуына жер бедерінің орташа және ұсақ өлшемді айырмалары, оларды түзетін жыныстардың литогендік құрамы зор әсер етеді. Далалы ландшафт типінің кәдімгі сызбанұсқасын көз алдыңызға келтірсең, грунт пен топырақ жамылғысы тұщыланған дала ойыстарында шалғынды-далалы, тегіс жазықтарда кәдімгі далалы, ащы көл маңындағы немесе өзен бойындағы қатқылдарда шөлді-далалы сортаң жер тараған.

Кәдімгі шіріндісі орташа қара топырақты жерлердегі әр түрлі шөптесінді-боз өскен қоңыржай қуаң дала. Бұлар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар облыстарының территорияларында дамыған. Негізінен, Жалпы Сырт пен Орал тауы алдындағы денудациялық-аккумуляциялық жазықтарда, Торғай төрткүлді өлкесінде, Көкшетау қыратының тұғырлы жазығында, Қазақстанға шектес жатқан Батыс Сібірдің ежелгі және қазіргі көлтабанды жазығында қалыптасқан. Беткейлері сай-саламен тілімденген жонды белестер, жазиралы кең жазықтармен алма кезек алмасып жатады. Климаты қоңыржай қуаң континентті, жылына орта есеппен 310-290 мм-дей жауын-шашын түседі. Жылу мен ылғал балансының қатынасы құнарлы қара топырақтың қалыптасуына қолайлы. Өсімдік жамылғысы мол өнім беретін әр түрлі шөптесін мен боздан құралған. Жануарлар дүниелері де бай. Суыр, сарытышқан, дала тышқаны, қасқыр, түлкі, дуадақ, бұлдырық, бүркіт, ителгі, бөктергі, қаршыға сияқтылар тіршілік етеді. Ландшафттыларының негізгі түрлерін кәдімгі және карбонатты қара топыраққа өсетін әр түрлі шөптесінді-қызыл бозды өсімдік жамылғысы тараған саздақтан түзілген денудациялық жазықтар; құрылымында шалғынды-дала сортаңы жиі кездесетін кәдімгі қара топыраққа өскен әр түрлі шөптесінді-бозды шөп жамылғысы дамыған лесс аралас саздақтан түзілген көлтабандық-эллювийлі ойпатты жазықтар; кәдімгі қара топыраққа өскен бұталы-көделі-қызыл бозды өсімдік жамылғысы бар саздақтан түзілген деллювийлі-пролювийлі қыратты жазықтар құрайды. Бұлармен бірге сыртқы белестердің қыраттарында және жонды жазықтарда сортаң жерлер жиі кездеседіде, ландшафтының құрамдас бөлігін күрделендіре түседі. Беткейдегі жыралар мен сай-салаларында байрақ орман шоқтары мен бұталар өскен. Ландшафт кешенін суффозиялық жолмен түзілетін ойыстарындағы шалғынды қара топыраққа өсетін бидайықты, еркекшөпті, т.б. әр түрлі шөптесінді шалғындар да түрлендіре түседі. Тұзды көлдері мен ащы көл маңындағы көл суының тартылуынан түзілген көлтабанды жазықтарда шалғынды-далалы сортаң мен борықты, қатқылды сор жерлер тараған. Қарашірігі орташа қара топырақты жердегі әр түрлі шөптесінді-боз өскен қоңыржай қуаң дала егін шаруашылығы дамыған ландшафты қатарына жатады. Шабындықтары мен жайылымдары да баршылық. Оларды аздырмай халық шаруашылығында тиімді пайдалану үшін үздіксіз жел, су эрозиясына қарсы шара қолданып отыру қажет. Грунт пен топырақ құрамындағы ылғал қорын сақтау, толықтыру, топырақ құнарын минералды және органикалық тыңайтқыштармен тыңайту жерді тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы болып саналады.

Қарашірігі шамалы жерлердегі әр түрлі шөптесінді-бетегелі-боз өскен қуаң дала. Мұндай дала Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Көкшетау және Павлодар облыстарының территориясында дамыған. Табиғи ландшафттылы жер бедерінде саздақтан түзіліп, жон-жон болып келетін қат-қабатты жазық, саздақ пен саз балшықтан түзілген ат жалды өзекшелі көлтабанды жазық, саз балшықты және саздақты-құмайтты жонды-төбелі денудациялық жазық, саздақты-құмайтты сатылмаған аллювийлі жазық басым болады. Мұндай жазықтарда шіріндісі шамалы қара топыраққа өсетін әр түрлі шөптесінді-боздан, әр түрлі шөптесінді-қызыл боздан және көдеден тұратын өсімдік жамылғысы тараған. Ландшафт кешендерінде шалғынды-далалы және далалы сортаң жерлер жиі кездеседі. Субдоминант типіне жататындар: байрақты орман шоқтары өскен жыралар мен сайлар, шалғынды және бұталы суффозиялық ойыстар, тұзды және ащы көлдер маңына тараған борықты және қатқылды сорлар. Қарашірігі шамалы жердегі әр түрлі шөптесінді-боз өскен қуаң далада да егістіктің үлесі жоғары, 60%-ке дейін жетеді. Мұнда да экологиялық ортаны жақсарту шараларына жел, су эрозиясын болдырмау, грунт пен топырақ жамылғысының ылғал, тұз режимін жақсарту, жер құнарын арттыру т.б. жатады.

Күңгірт қызыл қоңыр топырақты жердегі бетегелі-боз өскен қоңыржай құрғақ дала. Мұндай даланың ірі массивтерін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Торғай, Ақмола, Павлодар облыстарынан көптеп кездестіруге болады. Табиғи ландшафттыларының әр текті түзілуі биоклимат жағдайына байланысты едәуір дәрежеде бір деңгейге келген. Климаты қоңыржай құрғақ континентті, ылғалдану коэффициенті 0,45-0,35. бұл өңірдегі ауыл шаруашылығында жарамды жерге мыналар жатады: лесс тәрізді саздақтан, қиыршық тасты саздақтан түзілген құрылымдық, денудациялық, ұсақ шоқылы делювийлі-ролювийлі жазықтар мен саз балшықтардан түзілген алтабандық-аллювийлік жазықтардың күңгірт қызыл қоңыр топырағында өскен ксерофитті әр түрлі шөптесінді бетегелі-бозды дала; жыралар мен сайларға тараған айрақты орман шоқтар. Дала ойыстары мен алтабанның қара сулы жайылмасында шалғын, шұрат, ортпа сорлар, қатқылды сортаң дамыған. Күңгірт қызыл қоңыр топырақты жердегі бетегелі-боз өскен қоңыржай құрғақ далалық егін жай, шабындық, жайылым ретінде пайдаланылады. Жерді тиімді пайдалануға бағытталған шаралар грунт пен топырақ қабаттарының ылғалы мен құнарын арттыруды қажет етеді.

Нағыз қызыл қоңыр топырақты жердегі бозды-бетеге өскен құрғақ дала. Бұл зонаның шекарасын жай көзбен ажырату өте қиын. Бақылау кезінде және ландшафттыларын карта бетіне түсіру барысында климатының құрғақ континенттігіне (ылғалдану коэффициенті 0,35-0,27) сортаңды топырақ үлесінің басымдылығына (60%) байланысты ландшафт құрылымының кешендерінде сортаңды сордың кеңінен таралуын; егін түсімінің тұрақсыздығын топырақ жамылғысының жел эрозиясына ұшырағыштығын т.б. ерекшеліктерін байқауға болады. Табиғи ландшафттылар төмендегіше тізбектеледі: жер бедерінің өзекті қолаттары, далалы ойыстар, көлшіктер кездесетін саз балшықтан түзілген теңізтабанды тегіс жазықтардың нағыз қызыл қоңыр, шалғынды қызыл қоңыр топырақты жерлеріне өскен бұталы-бозды-бетегелі дала; саздақтан түзілген түйетайлы абразиялық жазықтардың қызыл қоңыр сортаңды топырақтары мен көл маңындағы сор басқан жерлеріне өскен жусанды-бетегелі дала мен шалғын; саздақты жыныстан түзілген жонды-белесті жазықтардың және оларды тілімдеген аңғарлардың, сай-салалардың қызыл күрең топырақты, шалғынды топырақты жерлеріне өскен бетегелі көделі даламен шалғын; құмайтты саздақтан, құмнан түзілген сатылы ежелгі аллювийлі жазықтар мен құмды шағылдардың қызыл күрең карбонатты және құмды топырағына өскен тұталы, шалғынды дала. Бұлармен бірге ландшафт кешендерінің құрамында шалғынды-сортаң мен сор бар. Жер бедері ойысты, өзекті, қолатты болып келеді. Жалпы нағыз қызыл қоңыр топырақты жердегі бозды-бетеге өскен құрғақ дала егісіне жарамды жер үлесі 10-30%-ке, ішінара 40-60%-ке жетеді. Бұл жер негізінен жайылым үшін пайдаланылады. Мұнда да жерді тиімді пайдалану үшін агромелиорациялық жұмыстар жүргізу керек.

Дала зонасы ландшафттысының Жайық және Ертіс өзендері өңірінде жасыл желекті болып келетін орманды және шалғынды ландшафттысымен ерекше көзге түседі. Олардың қалыптасуына өзеннің көктемгі толысуы салдарынан арнадан шығып жайылған судың грунт пен топырақ қабатын ылғалға қанықтыруы әсер етеді. Осылай интразоналы ылғалдануға байланысты өзен аңғарларында орманды, шалғынды топырақ жамылғысы түзіліп, оларға емен, қарағаш, тал, терек ағаштары мен итмұрын, ырғай сияқты бұталар бидайық, еркекшөп, арпабас, сұлыбас сияқты дәнді дақылдар мен шөптесіндер өскен. Мұндағы ағаштар мен бұталар ылғал сақтағыш рөл атқарса, шөптесінді өсімдіктері шабындық ретінде пайдаланылады. Жалпы Қазақстан жеріндегі дала ландшафттысы климаттың аймақтық ерекшелігіне байланысты төрт бөлікке бөлінеді.

1) Қазақстандық Шығыс Европа жазығының даласы. Жалпы Сырт қыратының солтүстік шығысын, Орал алды және Жем үстірттерінің жонды-белесті, қат-қабатты денудациялы жазықтары мен Каспий маңы ойпатының теңіз-табанды тегіс аккумуляциялы жазықтарын алып жатыр. Мұнда даланың барлық зона бөліктері түгел кездеспейді. Ландшафттысы қоңыржай континентті климат жағдайында қалыптасқан. Жауын-шашыны жыл бойы біркелкі. Сондықтан табиғи ландшафттысы шымды топырақты жерлерге өсетін дәнді шөптесіннен түзілген. Егістікке жарамды жеріне дәнді дақылдар егіледі.

2) Торғай төрткүлді даласы. Бұл бөлік негізінен Торғай үстіртінің сатылы төрткүлінде тараған. Торғай даласы теңіздік және континенттік шөгінділерден түзілген. Төрткүлдің жоғары және ортаңғы белдеулерінде ксерофитті дала орналасқан. Ал төменгі белдеуінде галофитті шалғын мен сортаң, ащы сор дамыған. Ландшафттылардың бұлай кестеленулеріне байланысты шаруашылыққа жарамды жерлері қосымша мелиорациялық шараларды қолдануды қажет етуде.

3) Сарыарқа даласы. Мұнда дала зонасының барлық бөліктері дамыған. Мұндағы ұсақ шоқылы тау жұрнақтарының тосқауылды-орографиялық әсерінен жауын-шашын молырақ (жылына 300-350 мм) түседі. Бұл бөліктегі ұсақ шоқылы тау, жұрнақтарының арасындағы жазықтары түгелдей егістік жер ретінде пайдаланылады.

4) Қазақстандық Батыс Сібір ойпатының даласы. Бұл дала Батыс Сібір жазығының оңтүстік бөлігінде тараған. Жер бедері жазық, климаты қоңыржай континентті, топырағы құнарлы. Ландшафт құрылымында егістіктің үлесі мол, көл аралық массивінде 80-90%, көл маңында 50-70%, жонды денудациялы жазығында 40-60%.

Шөлейт зонасының ландшафтылары.

Бұл зона Каспий маңы ойпатынан Алтайға дейін 2900 км-ге созылған, жалпы көлемі 44 млн.га немесе республика территориясының 16,5%-і. Негізінен Каспий маңы ойпатының солтүстігінде, Орал алды үстіртінің, Торғай төрткүлді жазығының және Сарыарқаның оңтүстігінде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Семей облыстарының территориясында тараған. Жер бедерінің кешендерін теңізтабанды, көлтабанды аллювийлі, эолды, пролювийлі, денудациялы жазықтар мен ұсақ шоқылы тау жұрнақтары түзеді. Климаты құрғақ континентті қуаңшылық жағдайда қалыптасқан. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 230-180 мм, ауа температурасының 100 С-тан жоғары жылдық қосындысы 2900-33000С, ылғалдану коэффициенті 0,28-0,20, өніп-өсу кезеңінің ұзақтығы 170 күннен астам қуаңшылықтың қайталануы 80-90%-ке жетеді. Жыл маусымдары айқын байқалады. Жазы ыстық, шілдедегі орташа ауа температурасы 20,4-24,50С, ең жоғарғы температура 440С, қысы суық, қаңтардағы орташа ауа температурасы – 13,4-16,90С, ең төменгі температурасы 530 (Ақадырда) қар жамылғысы жұқа (10-15 см), топырақ қабатындағы тоңның қалыңдығы 1,5-2,0 м. Жергілікті өзен торы нашар дамыған, жылдық ағыны 10 мм. Көл суы ащы, кейде тұзды болып келеді, көбіне реликтілі қалдықтар. Еспе және жер асты суы да ащы болып келеді, капиллярлық жолмен көтерілген су ойпаң жерлердің грунтын хлоридті-сульфат тұздарымен ащыландырады. Ландшафттыларының биоқұрамдас бөліктері қуаңшылыққа төзімді болады. Топырақ жамылғысы қызыл күрең топырақ типінің түрінен түзілген. Олардың қордаланған қарашірікті қабаты жұқа (25-40 см), оның құрамы төмен (2-4%). Қарашірікті құрылымына, тұздылығына және карбонаттылығына қарай қызыл күрең, ашық түсті қызыл күрең, шалғынды күрең топырақ немесе олардың сортаңды, карбонатты түрлері деп ажыратады. Сортаңды және карбонатты топырақтар әрі ащылау, әрі құрғақтау болып келетін жерде түзіледі.

Өсімдіктер жамылғысы алуан түрлі болып келеді. Оларға жататындар: бетегелі-боз, жусанды-бетеге, бетегелі-көделі-еркекшөп, көделі-жусан, жусанды-көкпек, т.б. өсімдік топтары. Жануарлар дүниесінде далалық және шөлдік фауна қатар дамыған. Олардың жиі кездесетін түрлері – сарытышқан, зорман, сасық күзен, қарсақ, түлкі, қасқыр, ақ бөкен, бозторғай, дала бүркіті, бұзаубас, бүйі, қарақұрт, қара шұбар жылан, кесіртке, тасбақа т.б. Шөлейтті ландшафты геологиялық-геоморфологиялық негізі, климат және табиғат жағдайларының айырмашылығына қарай Шығыс Европа, Торғай және Орталық Қазақстан ландшафтылы аймақтарына бөлінеді.

Шөл зонасының ландшафтылары

Шөлді ландшафтылары Қазақстандағы жазықты аймақтардың оңтүстігіндегі Каспий маңы ойпатында, Маңқыстауда, Үстіртте, Арал маңында, Қызылқұмда, Мойынқұмда, Бетпақдалада, Балқаш маңында тараған. Жалпы көлемі 117 млн.га немесе республика территориясының 44%. бұл жердің тектоникалық құрылымы мен геологиялық құрылысы өте күрделі болып келеді. Батыс бөлігі ежелгі палеозойға дейінгі плиталық платформада, орталық бөлігі жас энитерциндік плиталық платформада, Шығыс бөлігі палеозойлық қатпарлы-жақпарлы эрогендік құрылымда орналасқан. Жер бетін түгелдей мезокайнозойлық шөгінді жауып жатыр. Олар теңізтабанды және континентті ортада жиналған. Қазіргі жер бедері мен ландшафт түзуші жыныстарының литогендік құрамдары әр түрлі болып келеді. Жер бедері теңізтабанды, көлтабанды, аллювийлі тегіс ойпаттан, аридті-денудациялық қат-қабатты және тұғырлық жазықтан тұрады. Жер бедерінің пішіні мен топырақ қабатын түзуші жыныс саз балшықты, саздақты, құмды, кесек тасты және қиыршық тасты болып келеді. Саз балшықты теңіз-табанды жазықтар Каспий маңы ойпатында, Үстіртте, Бетпақдалада тараған. Бұл жерде топырақ пен өсімдік жамылғысы нашар дамыған, тақыр жер көп кездеседі. Тақыр жер көктемде ылғалға молынан қанығып, тартпа келеді, жазда оған тағалы ат тұяғының ізі де түспейді, бетінің құрғап қалуы нәтижесінде жарықшақтанып жатады. Саздақты жыныстардан түзілген шөл Орал алды үстіртінде, Солтүстік Балқаш маңында, т.б. еңсесі биік қат-қабатты жазықта дамыған. Шөлдің мұндай түрінде топырақ пен өсімдік жамылғылары біршама қолайлы жағдайда қалыптасқан. Құмды шөлден Нарын құмын, Арал маңы қара құмын, Үлкен және Кіші Борсық құмдарын, Қызылқұм, Мойынқұм, Сарыесік-Атырау құмдарын атауға болады. Бұларға конденсациялық жолмен тұщы су қоры жиналады да, псамофитті өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай туады. Егер құмды жайылымды танаптық әдіс бойынша тиімді пайдаланса, олар жайылымды мал қыстауы бола алады. Тастақты шөл Бетпақдаланың шығысында, Маңқыстауда тараған. Жер бетіне жар тастар мен қорым тастар шығып жатады. Жер бедері ұсақ шоқылы тау жұрнақтарынан тұрады. Шөлді ландшафтыларында климат құрғақ континентті болып қалыптасқан. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200 мм-ге дейін ауытқиды. Ылғалдану коэффициенті 0,22-0,10. Ауа температурасы 100С-ден жоғары, жылдық қосындысы 3200-40000С. Суармалы жерлерде өніп-өсу кезеңі 200 күнге жетеді. Жазы ыстық, құрғақ; қысы суық, қар аз түскендіктен өсімдік жамылғы шамалы, топырақ тоңының қалыңдығы 1,5-2,0 м. Көктем – қысқа. Көктемде эфемерлер мен эфемероидтар көктеп жетіледі, кейбіреулері тұқым беріп үлгереді. Күз жыл мезгілдерінің ең жақсы маусымы. Экологиялық жағдайдың маусымдық ырғағы жануарлар тіршілігінің негізгі факторы болып саналады. Олардың көптеген түрлері қыс және жаз айларында ұйқыға кетеді. Қазақстан шөлдерінде тіршілік ететін жануарлардың ландшафтты түрлеріне кіші сарытышқан, зорман, қосаяқ, шағыл мысығы, қарсақ, түлкі, қасқыр, қарақұйрық, қара құс, қаршыға, ителгі, қарақұрт, т.б. жатады. Омыртқалы жануарлардың шикідей зоомассасы 365 кг/м, тундра мен тайга ландшафтысынан асып түседі.

Шөлді ландшафт зоналы факторлардың әрекетіне байланысты екі бөлікке бөлінеді. Олар: 1) қоңыр топырақты жерге тараған, арасында дәнді шөптесіні бар жусанды-сораңды солтүстік зона; 2) сұр-қоңыр топырақты жерге тараған эфемерлі-жусанды оңтүстік шөлді зона. Жалпы шөл зонасы ландшафттысы жайылымға ғана жарамды. Жайылымның сапасы ауыз су қорына байланысты суармалы жеріне бау-бақша, күріш, екпешөп өсіріледі.

13-14-дәріс. Қазақстанның таулы аймақтарының ландшафттысы.

1. Аласа таулы аймақтарының ландшафттысы.

2. Биіктігі орташа таулы аймақтарының ландшафттысы.

3. Аса биік таулы аймақтардың ландшафттысы.

Қазақстан жерінің 10%-ін таулы аймақтар алып жатфр. Ландшафт түзілу факторлары таудың биіктігіне және белгілі бір ендік немесе бойлық бойындағы климаттық бөліктерде орналасуына байланысты болады. Жазық жерге қарағанда тау ландшафттыларының ішкі құрылымы күрделі әрі әр түрлі келеді. Тауда ландшафтылы зоналар мен белдеулердің бір-бірімен орын алмасуы жиі кездеседі. Биіктіктегі орынына қарай Қазақстан тауы аласа, биіктігі орташа және аса биік таулы аймақтардың ландшафтысы болып бөлінеді.

Аласа таулы аймақтардың ландшафтылары

Республика территориясындағы аласа таулы аймақтарға онша биік емес тау сілемдері мен Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тауларының 1900-2100 м-ге дейінгі бөліктері жатады. Аласа тау сілеміне Маңқыстау, Мұғалжар, Ұлытау, Көкшетау, Қарқаралы, Қызылтас, Баянауыл, Ерейментау, Шыңғыстау, Қаратау, Шу-Іле, Қалба тау жоталары да кіреді. Бұлардың Маңқыстаудан басқасы палеозой эрасында өткен каледон және герцин қатпарлану кезеңдерінде түзілген. Мезозой мен кайнозой эраларында сыртқы күш әрекетінен үгіліп, мүжіліп тегістелген, қазіргі Сарыарқа тау жоталарының жүйесі қалыптасқан. Маңқыстау тауы мезозой эрасындағы киммериялық қатпарлануда түзілген. Ол да бор, палеоген дәуірлерінде тегістелу процесіне ұшыраған. Неогенде басталған альпілік орогенез Қазақстандағы барлық таулардың жанарынп қайта көтерліуіне себепші болады. Бірақ, неотектоникалық қозғалыстардың қарқыны аласа тауларда өте баяу өтуде. Қазақстандағы аласа таулардың геологиялық құрылысы бір-біріне өте ұқсас, көбіне метаморфтанған палеозойлық тақтатастан, құмтастан, кварциттен, мәрмәрленген әктастан, гранитті, гранитоидты интрузиядан, жанартаулы эффузивтерден тұрады. Тек Маңқыстау тауы ғана пермь, триас дәуірлерінің метаморфтанған құмайтты, тақтатасты және конгломератты жыныстарынан түзілген. Бұлардың қазіргі жер бедері аридті денудациялық жолдармен түзілген, ұсақ шоқылы тау бастарының, текшеленген беткейлердің және тау алды еңісті жазықтардың тізбегінен тұрады. Климаттық, гидрологиялық жағдайлары, соларға орай қалыптасқан топырақ жамылғысы және өсімдіктер мен жануарлар дүниесі әр түрлі болып келеді. Демек, ландшафт типтері және олардың негізгі құрылымы бірдей болып келмейді. Қазақстанның аласа тауларында шөл, шөлейт, дала, орманды дала және орман типтес ландшафтылар тараған.

Аласа таулардың шөл типтес ландшафтылары Маңқыстау таулары мен Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тауларының 500-700 м-ге дейінгі тау жоталарында, тау алды, тау іші жазықтарында тараған. Бұл жерлерде табиғи ландшафтылар өте құрғақ континентті климат жағдайында қалыптасқан. Қысы қатты, қара суықты болып келеді, тұрақты қар жамылғысы болмайды. Көктемі жылы, қысқа, тез өте шығады, эфемерлер мен эфемероидтардың ғана көктеп, өсіп жетілуіне қолайлы. Жазы ыстық, құрғақ, ұзаққа созылады. Жазда өсімдіктері қурап қалады, көптеген жануарлары биологиялық тыныштық күй кешеді. Күзі жылы, ылғалды болып келеді, өсімдіктердің күздік өніп-өсуі өтеді, жануарлары қоңданып үлгереді. Көктем мен күзде арктикалық ауа массасының енуіне байланысты жиі-жиі үсік жүреді. Ол кейбір жылдары екпе дақылдарға орасан зор зиян келтіреді. Климаттың құрғақшылығын орташа жылдық жауын-шашынның 150 мм-ден аспайтындығы дәлелдейді. Жауын-шашыны көбіне жерортатеңіздік сипатта түседі. Энергиялық байлықтың мол қоры болғанымен, ылғал балансының кемдігіне байланысты ландшафтының құрамдас бөліктері онша жақсы жетілмейді. Рас, таудан бастау алатын Талас, Шу, Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі сияқты өзендер шөл зонасындағы суармалы егістіктің көлемі кеңейіп, оазисті ландшафтының түзілуіне себепші болып отыр. Олар, әсіресе, соңғы жылдарда ғана шөл зонасының ландшафт құрылымынан орын алады.

1. Аласа таулардың шөл типтес ландафтысының талауына жер бедері мен топырақ жамылғысын түзуші жыныстардың литологиялық құрамы үлкен ықпал етеді. Жыныстарының литологиялық құрамына қарай саз балшықты (сор мен тақыр), саздақты (сұр қоңыр және сұр топырақты жер) және тасты шөлдер болып бөлінеді.

2. Аласа таулардың шөлейт типтес ландшафтылары Алтай, Сауыр, Тарбағатай тауларында – 500-600 м-ден 900-1100 м-ге, Жоңғар Алатауында – 600-700 м-ден 1200-1300 м-ге, Солтүстік Тянь-Шаньда – 700-900 м-ден 1500-1800 м-ге, Оңтүстік Батыс Тянь-Шаньда – 800 м-ден 1500 м-ге жейінгі тау жоталары мен тау беткейлерінде орналасқан. Жеке дара тау сілемдерінде Ұлытау, Қызылтас және Шыңғыстау таулары жатады.

3. Аласа таулардың дала және орманды дала типтес ландшафтылары. Мұғалжар, Ерейментау сілемдері мен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань тауларының 1600-1800 биіктігіне дейін тараған. Қаратауда, Шу-Іле, Қалба тау жоталарында 1200-2100 м биіктікке дейін көтерілген.

4. Аласа таулардың орманды ландшафтылары. Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы тауларында кездеседі.

Биіктігі орташа таулы аймақтардың ландшафтылары

Қазақстан жерінде биіктігі орташа таулар Тарбағатайдан басқа таулы аймақтарда жеке-дара тау жүйесін құрамайды. Олар Тянь-Шань, Жоңғар, Сауыр, Алтай тауларындағы абсолют биіктігі 800-1300 м-ден 2300-2900 м-ге дейінгі тау жоталары мен беткейлерде, тау іші жазықтарында орналасқан. Бұл ландшафттының қалыптасуында геологиялық-геоморфологиялық ерекшелігімен бірге ауаның таулық-жазықтық циркуляциясы, ауа массасының жоғары көтерілуі, атмосфера шептерінің алмасуы негізгі фактор болып саналады. Осы процестердің негізінде биіктігі орташа таулық қабатта жауын-шашын мол түседі, оның жылдық орташа мөлшері 550-800 мм. Алтайда 1000-1500 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашын мол түсетіндіктен өзен торы жиі, суы мол болады. Олар жер бетін жер қыртысының тектоникалық жарықтарны бойынша қарқынды түрде тілімдеген. Осылай тереңдігі 200-300, 300-500, 500-700 м-ге жететін шатқалдар пайда болған, беткейлерден шайылған жер бетінің шайындылы жыныстары тау іші жазықтарын толтырған. Мысалы, Іле бойы, Сөгеті, Жалаңаш, Қарқара сияқты тау іші жазықтарындағы малта тасты, құм аралас саздақты жыныс қабаттарының қалыңдығы бірнеше жүздеген метрге жетеді. Орташа биік таулы қабатта ауаның жылдық орташа температурасы 5-100С. Температураның 100С-ден жоғары жылдық қосындысы 1000-20000С. Өніп-өсу кезеңі 98-ден 166 күн шамасында ауытқиды. Ландшафттының құрылымында беткей көрінісіне байланысты болатын биіктік белдеу айырмашылығы айқын байқалады, 150-200 м-ге дейін жетеді. Мұнымен бірге, әр жердегі таудың бірдей абсолют биігінде әр түрлі ландшафт белдеулері кездеседі. Жалпы Қазақстан жеріндегі биіктігі орташа тауларда далалы, орманды-шалғынды-далалы ландшафт типтерін құрайтын тиіктік белдеу тараған.

1. Биіктігі орташа таулардың далалы ландшафт типінің таралу шегі 800-1300 м-ден 2200-2600 м-ге дейінгі абсолют биіктігі бойынша анықталады. Ландшафты белдеуі шектерінің биіктігіндегі көріністің айырмасы 200 м-ге тең. Ландшафтының бұл типі жусанды дәнді шөптесін өскен құрғақ далалы және дәнді шөптесін мен түрлі шөптесін өскен қоңыржай ылғалды далалы белдеуден тұрады.

2. Құрғақ далалы ландшафт белдеуі Жетісу өңірінде, Тарбағатай тау жоталарында тараған. Көбіне күнгей беткейлерде 2000-2200 м биіктікке дейін көтеріледі. Мұнда күңгірт түсті және жай ғана қызыл қоңыр топырақты жерге бетеге, Кавказ бен Қырғыз бозы, еркекшөп және түрлі эфемерлер мен сужан өскен. Қолдан суарылған жағдайда бау-бақша, мал азығы дақылдары егіледі.

3. Қоңыржай ылғалды далалы ландшафт белдеуі абсолют биіктігі 2000-2200 м-ден 2200-2600 м-ге дейінгі тау беткейлерінде, тау жоталарында және тау іші жазықтарында (Кеген, Қарқара сияқты жазықтарда) орналасқан. Бұл жерлерге жауын-шашын мол түседі, кейде 500-600, 600-800 мм-ге дейін жетеді. Қоңыржай ылғалды далалы ландшафт белдеуінің күнгей беткейлі және теріскей беткейлі түрлері бар. Күнгей беткейлі түрі Талас және Қырғыз Алатауында дамыған.

4. Орманды-шалғынды далалы ландшафт типі жалпақ жапырақты, қылқан жапырақты орманды, субальпілік шалғынды және шалғынды-далалы белдеулерден тұрады. Табиғатта бұлар күрделі ландшафт құрылымын түзеді. Жалпақ жапырақты орманды ландшафт белдеуі 1300-1500 м-ге дейінгі тау беткейлерінде тараған. Ол Батыс және Солтүстік Тянь-Шаньда жеміс ағашты, Жоңғар Алатауы мен Алтайда көктеректі, қайыңды болып келеді. Тянь-Шань тауындағы жеміс ағаштардың (жабайы алма мен өріктің) генофондық маңызы орасан зор, көктерек пен қайың ағаштары беткей бекітуде үлкен рөл атқарады. Қылқан жапырақты орман белдеуі 1300-1500 м-ден 2700-2900 м-ге дейінгі теріскей беткейлерде таудың сұр түсті орманды топырақтарында дамыған. Орманда Тянь-Шань шыршасы, қарағай, самырсын, май қарағай өседі, белдеудің жоғары бөлігінде аршалы орман басымырақ келеді.

15 - дәріс. Қазақстанның таулы аймақтарының ландшафттысы. Аса биік таулы аймақтардың ландшафтылары

Қазақстандағы аса биік тауларға Тянь-Шаньдағы Өгем, Талас, Қырғыз, Іле Сырты, Күнгей, Теріскей, Кетпен тау жоталары, Жоңғар Алатауындағы Қояндытау, Тоқсанбай, Тышқантау, Солтүстік Жоңғар Алатауы тау жоталары, Сауыр тауы, Алтайдағы Оңтүстік Алтай, Қатын тау жоталары жатады. Бұлардың тектоникалық құрылымы мен геологиялық құрылысы бір-біріне ұқсас. Альпілік орогенезге дейінгі жер бетінің бедері, қазіргі Сарыарқа сияқты жас қалқанды платформалық жазық болатын. Альпілік орогенез басталысымен жер қыртысы тектоникалық қозғалысының белсенділігі байқалады. Атап айтқанда, жас қалқанды платформалық жазықтар жеке-жеке опырықты блоктарға бөлшектеніп, орқаш тау болып көтеріледі, опырықтары ойылып, төмен түсіп, тау іші және тауаралық жазықтарда қалыптастырады. Жер бетінің тектоникалық амплитудасы 3000-5000, 6000-7000 м-дей. Осылай Қазақстан жеріндегі мезокайнозой кезеңдерінде тегістеліп жас платформалық жазыққа айналған ежелгі каледон және герцин қатпарлы тауларын альпілік кезеңіндегі тектоникалық белсенді бөліктерінде қазіргі қатпарлы-жақпарлы аса биік жаңа тау түзілген. Олардың абсолют биіктігі 3000-4000 м, Хан тәңірі Қазақстанның ең биік нүктесі (6995 м).

Қазіргі жер бедерінің дамуында жер қыртысының неотектоникалық қозғалыс қарқыны басылмаған, соның нәтижесінде жиі-жиі жер сілкіну болып тұрады. Есептеулерге қарағанда тау басы жыл сайын 5 мм-ге көтерілуде, таулардың көтерілуі мен денудацияланып тегістелу процестері қатар жүріп жатыр.

Аса биік тауларда климаттың биіктік белдеулігі байқалады. Климаттық биіктік белдеулер таудағы ауа массасы мен айналасындағы жазықтардағы ауа массасының тәуліктік, маусымдық циркуляциясына, ауа температурасының биіктік артқан сайын кемуіне, температуралық инверсияға, ауа фронттарының күрделенуіне, ауадағы су буының конденсациялану және сублимациялану процестеріне байланысты қалыптасады. Әрбір 100 м көтерілген сайын ауа температурасы 0,50 - 0,60-қа суынады, орташа жылдық жауын-шашын 50-60 мм артады, өніп-өсу кезеңі 3-5 күнге кемиді. Таулардың биіктігі артқан сайын климаттың қалыптасуына атмосфераның жоғары қабатындағы ауаның еркін жағдайдағы циркуляциясы басым әрекет етеді. Климат суытады, ауаның орташа жылдық температурасы 50С-тан 00С-қа дейін төмендейді. Температураның 100С-ден жоғары жылдық жиыны 10000С-дей, жылдық орташа жауын-шашын мөлшері 500-700 мм-дей болады. Жауын-шашын көбіне қар күйінде түседі. Жазы қысқа, мамырдың аяғында басталып, тамыздың аяғына дейін ғана созылады. Көпжылдық мұздықтардан өзен суы бастау алады, өзен торы баршылық. Негізгі өзендеріне Ертіс, Лепсі, Ақсу, Қаратал, Іле, Шу, Талас жатады. Өзендері жазда (мұздықтар ерігенде) толысады. Өзен бастауының тұйықтарында мореналы үйінділермен тосылып бөгелген көлдер бар. Олар онша үлкен емес, гидрологиялық режимдері мұздықтардың еруі мен қатуына байланысты қалыптасқан.

Аса биік таулардың топырақ, өсімдік жамылғысы жылу аз, ылғалы мол жағдайда дамыған. Гумидті процеске қарағанда өсімдік қалдықтарының шала шіріп қара қорларға айналуы басым. Тасты жыныстары төменгі температуралық ортада суыққа шыдамай жарылып, үгіледі, сөйтіп ол кесек тастардан тұратын топырақ, өсімдік жамылғысы жоқ жалаңаш тасты ландшафт белдеуін құрайды. Аса биік таулардың төменгі бөлігінде шымды топырақпен жамылған шалғынды-далалы ландшафтылар тараған. Олар субальпілік белдеулерін құрайды. Аса биік таулардың жоғары бөлігінде таулы тундра мен нивальды және гляциальды ландшафт типтері дамыған.

Субальпілік шалғын тараған ландшафт белдеуі абсолют биіктігі 2200-2500 м-ден 2600-3200 м-ге дейінгі тау жоталары мен беткейлерінде орналасқан.

Субальпілік ландшафт белдеуін альпілік ландшафт белдеуі алмастырады. Оның абсолют биіктігі таудың табиғат жағдайына байланысты болатын таулы аймаққа түскен ылғал мөлшері артқан сайын тау басынан етегіне қарай төмендейді. Альпі белдеуі Алтайда 2000-2500, Сауыр-Тарбағатайда 2500-3000, Жоңғар Алатауында 2200-3300, Тянь-Шаньда 3000-3700 м биіктікте тараған.

2900-3100 м-ден 3400-3800 м-ге дейінгі биіктікте таулы тундралы ландшафт белдеуі орналасқан. Топырақ, өсімдік жамылғысы нашар дамыған. Таулы тундра топырағына мүк, қына, жатаған бұталар ғана өседі. Ландшафт кешенінде жалаңаш тасты жерлер басым орын алған.

Аса биік таулы нивальды және мұздықты ландшафтылар тау жоталарының қырқалары мен құзды шыңдарында бір-біріне кірігісе орналасқан. Қарлы және мұзды ландшафт белдеулерінің төменгі шегі биіктік жөнінен қар жиегінің биіктігіне сәйкес келеді. Теріскей беткейдегі абсолют биіктігі Алтайда 2700-2800, Сауыр мен Тарбағатайда 3000-3100, Жоңғар Алатауында 3200-3300, Тянь-Шаньда 3500-3600 м-ден жоғары тараған. Ландшафтылары арктикалық климат секілді қатал суық жағдайда қалыптасқан. Аса биік таудың мәңгі қар мен мұздық ландшафт белдеулерін халық шаруашылығында игеру өте қиын. Мұнда мұз болып қатқан тұщы су көздері бар. Олардан жергілікті өзендер басталады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]