Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лек саясат.docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
178 Кб
Скачать
☆

Пысықтауға арналған сұрақтар:

1.Қоғам биліксіз өмір сүре ала ма?

2.Билік анықтамасы мен оның түрлерін ата.

3.Билік қорына не жатады?

4.Саяси билік пен мемлекеттік биліктің айырмасы неде?

5.Қазіргі Қазақстандағы билік легитимдігінің түрі қандай?

Дәріс №7 Тақырыбы: Мемлекет және азаматтық қоғам

Сұрақтар:

1.Мемлекеттің пайда болуы мен мәні;

2.Мемлекеттің негізгі белгілері мен қызметтері;

3.Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет

1. Мемлекет деген ұғым екі мағынада қолданылады: 1) кең мағынасында үлкен әлеуметтік топтың ұйымын білдіреді де «халық», «қоғам», «ел» деген ұғымдарға сәйкес келеді; 2) тар мағынасында басқару құрылымының, мемлекеттік аппараттың жиынтығын білдіріп, «үкімет», «әкімшілік» деген ұғымдарға сай келеді. Саясаттануда екінші мағынасында пайдаланылады. Бұдан кейінгі жерде біз де сол көзқарасты ұстанамыз.

Мемлекет – саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Ол керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратаны адамдардың мүдессін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм.

Мемлекет алғашқы қауымдық қоғамда болған жоқ. Ол құл иеленушілік қоғамда дүниеге келді. Оның пайда болуы және мәні жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде ең кең тарағандары мыналар:

  1. Теологиялық теория. Оның негізін салушылар А.Августин мен Ф.Аквинский мемлекеттің пайда болуын құдайдың құдіретімен түсіндірді.

  2. Патриархтық теория. Оның негізін салушы XVIII ғ өмір сүрген ағылшын ойшылы Роберт Филмер мемлекеттің пайда болуын рулардың тайпаға, тайпалардың одан үлкен қауымдастыққа, олардың одан әрі мемлекетке дейін бірігуінен деп санайды. Осыған ұқсас идеяны Аристотель де айтқан болатын.

  3. Қоғамдық келісім теориясы (Т.Гоббс, Г.Гроций, Ж.ЖРуссо) егеменді әмірші мен оның қол астындағы адамдардың келісімнің арқасында мемлекет пайда болды дейді.

  4. «Зорлық жасау» теориясы (Е.Дюринг, Л.Гумплович, К.Каутский) бір елді екінші елдің басып алуының нәтижесінде арадағы қатынастарды реттеу үшін мемлекет пайда болды деп пайымдайды.

  5. Географиялық теория (А.Ратцель, В.Соловьев, Б.Чичерин) мемлекеттің прайда болуы географиялық ортаның (ауа райы, жер бедері және т.б) өзгешеліктерінен деп түсіндіреді.

  6. Психологиялық теория адамдарға бағыну мен құлшылық ету қажеттігі мәңгі бақи тән болған дегенді айтады.

7. Марксистік теория мемлекеттің пайда болуын жеке меншік пен таптардың шығуымен байланыстырады, Ол экономика жағынан үстемдік етуші таптың саяси үстемдігін қамтамасыз ету үшін және басқа таптардың қарсылығын басу үшін керек деп санайды. Ф.Энгельс мемлекет әрдайым «ең қуатты, экономикалық жағынан үстем таптың мемлекеті болып табылады, сондай ақ ол тап мемлекеттің көмегімен саяси жағынан да үстем тап болып алады және осы арқылы езілген тапты басып жаңыштау және қанау үшін жаңа құралдарға ие болады» деп жазды. (К.Маркс пен Ф.Энгельс. Шығармалар, 21 – бет, 171 – бет).

8. Қазіргі шетелдік зерттеушілер мемлкеттің мәні таптық күресті бітістіруде, татуластыруда деп біледі. Оған барлық халықтың, ұлттық мүддесіне сай келетін қоғамдық тәртіпті жасайтын ұйым, құрал ретінде қарайды. Қоғамға қауіпті әлеуметтік шиеленістерді асқындырмауға тырысып және оларды бейбіт саяси жолмен шешу үшін мемлекет негізгі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарға белсене араласып, ортадағы әділ төреші сияқты болуы керек дейді.

Сонымен, мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастары мен қызметтердің ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.

Мемлекеттің белгілері мен қызметтері

2. Мемлекеттің бірнеше белгілері бар

  1. Аумақтық (территориялық) бөлінуі. Алғашқы қауымдық қоғамда халық қандас туысқандығы жағынан ұйымдасып, ру ру, тайпа тайпа болып тұратын. Жоғарғы өкімет халық жиналысының қолында болған, яғни ол не шешсе, сол орындалатын. Ер азаматтар қаруын қасында сақтаған, тосыннан жау шапса, дер кезінде тойтарыс беру керек болған. Сондықтан халықтан оқшау қарулы күштер болмаған.

Қоғам таптарға бөлінгеннен кейін жағдай өзгерген. Өндірістің өркендеуі, еңбектің бөлінуі, сауданың өсуі, халықтың көбеюі ру мен тайпаның бұрынғы бірлігін бұзды. Түрлі рулар мен тайпалардың мүшелері кәсіптеріне қарай қоныстана бастайды. Соның арқасында олар бір бірімен араласады. Қол өнер мен сауда өркендеген соң қалалар пайда болды. Бұларға басқа ру, тайпалардан көптеген келімсек халық келіп қосылды. Ру жағынан бөлінудің орнына халық аумағы бойынша бөліне бастайды. Штаттар, губерниялар, болыстар пайда болды. Мемлекеттің заңдары мен өкілеттілігі сол аумақта тұратын адамдардың бәріне де қатысты.

  1. Ерекше өкімет аппараты (жария билік). Құлдық дәуірінде құл иеленушілер мен құлдардың арасында тап күресі күшейді. Аз ғана құл иеленушілерге мыңдаған құлдарды бағындырып, дегенін істету үшін бұқара халықтан бөлек, оның үстінен қарайтын айрықша өкімет аппараты керек болды. Ол өзінің үстемдігін қарулы әскер, шенеуніктік аппарат, полиция, сот, барлау, шіркеу, баспасөз және т.б құралдары арқылы жүзеге асырды. Алғашқы қауымдық қоғамда олар болмаған.

  2. Мемлекеттің егемендігі. Ол ішкі және сыртқы істерін атқарудағы толық тәуелсіздігі дербестігі. Сондықтан ол бүкіл қоғам атынан ресми істі жүргізе алады. Өзінің аумағындағы барлық адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге міндетті заңдар мен ережелерді шығаруға мемлекеттің ғана құқығы бар.

  3. Ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру. Қылмыс жасағандарды еркінен айырудан бастап, өлім жазасына дейін кесе алады. Оны орындауға жоғарыда екінші белгісінде көрсетілген құралдары бар.

  4. Салық салу. Орасан үлкен мемлекеттік аппаратты ұстау үшін халықтан салық алынады. Бертін келе қазынаның тапшылығын толтыру үшін заем шығарып жаздыртады. Салық пен заем рулық құрылысқа жат құбылыс болатын.

  5. Мемлекеттің міндетті түрде мүшесі, азаматы болуы. Жалпы мемлекет болу үшін оның өз аумағында (жерінде) тұратын халқы болуы керек. Ол халық бір ұлтты немесе көп ұлтты болуы мүмкін. Халықсыз мемлекет болмайтыны белгілі. Алайда мемлекетсіз халық болуы мүмкін. Мысалы, 1948 жылға дейін еврейлердің мемлекеті болмады. Ал курд халқының әлі күнге дейін өз мемлекеті жоқ.

Мемлекеттің негізгі белгілері

1.Әкімшілік-аумақтық (территориялық) бөлінуі,

2.Ерекше өкімет аппараты (жариялы билік)

3.Мемлекеттің егемендігі

4.Ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру

5.Салық салу

6.Мемлекет азаматының болуы

7. Мемлекет рәміздерінің болуы

Мемлекетте тұратын адамдар сол елдің азаматы болуы керек. Мысалы, партияға, кәсіподаққа, т.т. кірсең де, кірмесең де өз еркінде. Ал мемлекеттің аумағында тұрған соң, сол елде туған соң, сол елдің азаматы боласың. Азаматтығы жоқ адам (апатридизм) құқықтық жағынан қорғансыз келді. Ал азамат болсаң сол елдің заңын орындауға мәжбүрсің. Орындамасаң мемлекеттің күштеу органдары жауапқа тартады.

Осы көрсетілген белгілер мемлекетті басқа ұйым, мекеме, бірлестіктерден ерекшелендіреді. Мемлекеттің ішкі және сыртқы міндетті қызметтері (функциялары) болады.

Ішкі қызметтеріне мыналар

жатады:

а) экономикалық салада мемлекет кәсіпкер, жоспаршы, үйлестіруші ретінде мәселелерді шешеді. Экономиканы нарықпен қатар мемлекет те реттейді. Оны мемлекеттік тапсырыс, салық, несие, экономикалық бағадарлама және т.б арқылы жасайды. Халық шаруашылығының әр түрлі салаларының арасындағы байланыстарды реттеуге, экономикалық интеграцияны өрістетуге, ғылыми техникалық революцияның жетістіктерін енгізуге т.с.с қатысады;

ә) әлеуметтік өмірді ұйымдастырады. Халықтың әл ауқатын өмір деңгейін көтеру, денсаулықты сақтау ісін жақсарту, тұрмыс қажетін өтеуді жетілдірумен т.б айналысады;

б) заңдылықты қамтамасыз етеді. Ел ішінде қарапайым тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күресті өрістетуге, әкімшілік зорлыққа жол бермеуге т.с.с басшылық етеді;

в) мәдени тәрбиелік салада мемлекет халыққа білім беру және оқу ағарту ісін, ғылымды, әдебиет пен өнерді дамыту жөнінде қамқорлық жасайды.

Сонымен қатар мемлекет бір топтың, таптың негізінде басқарушы күшті қалыптастыруға қатысады, бюджет саясатын жүзеге асырады, қарулы күштерді құрып, ұстап, пайдаланады.

Мемлекеттің сыртқы міндеттеріне жататындар: а) мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау; ә) өзін өзі билеу, егемендігін сақтау, басқа елдермен тиімді қарым қатынасты орнату, олармен бірге алынған міндеттердің екі жаққа бірдейлігін қамтамасыз ету; б) өз елінің саяси мүддесінің ықпалдылығына, ұтымдылығына, өтімділігіне, тиімділігіне жағдай жасау, басқа елдердегі жаңалықтар туралы өз еліне дер кезінде мәліметтер беруі және т.б

Сайып келгенде, мемлекеттің ең басты міндеті қоғамның тұрақтылығын орнатып, қалыпты тіршілігіне жағдай жасау. Ол әр түрлі топтарға, таптарға, жіктерге бөлінген қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге тиіс.

Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет

3. Азаматтық қоғамның пайда болуы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреулері оны буржуазиялық қоғамның жемісі дей келіп, нарықтық қатынастармен байланыстырады. Екіншілері ондай қоғам белгілі бір шамада қашан болмасын болған дейді.

Азаматтық қоғам идеясы өте ертеде пайда болған. Аристотель еңбектерінің өзінде бір азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлерін кездестіреміз. Ол кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің де иесі болады деп жазды.

Кейінірек бұл мәселеге елеулі үлес қосқандар: Т.Гоббс, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, Т.Пейн және т.б Дегенмен, азаматтық қоғам тұғырнамасын жасауда ерекше еңбек еткен немістің атақты фәлсафашысы Гегель. Оның ойынша, азаматтық қоғам мемлекеттен тәуелсіз нарықтық экономиканы, әлеуметтік топтарды, таптарды, корпорацияларды, институттарды қамтиды. Олардың мақсаты қоғамның өміршеңдігін және азаматтық құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Азаматтық қоғам деп мемлекеттің құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік экономикалық және мәдени рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне араласуына өте мөте шек қойылады. Ал олардың атқаратын міндеттерін азаматтар өз еркімен оларға берген және орындалуын өздері тексереді.

Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар (отбасы, кооперациялар, ассоциациялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық және басқа бірлестіктер), азаматтардың өндірістік және жеке өмірі, олардың әдет-ғұрпы, салттары кіреді. Азаматтық қоғамда адамдардың экономикалық, саяси және рухани өмірінің түрін еркін таңдауына және жүзеге асыруына заң жүзінде кепілдік беріледі. Олар мемлекет тарапынан қатаң тәртіпке алынудан сенімді түрде қорғалады. Адамның жалпы құқықтары сақталады, бұзылмайды.

Азаматтық қоғам экономикасының негізі әр түрлі меншіктегі көп укладты экономика. Бұл қоғамның әрбір мүшесінің нақтылы меншігі болады және оны өз қалауына сай пайдалана алады. Сондықтан мұнда белсенді іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек теуге кең жол ашылады.

Саяси өмірде азаматтық қоғам барлық азамттарға мемлкеттік және қоғамдық істерге еркін қатысуына жағдай жасайды. Мұндай қоғамда адамның халықаралық дәрежеде танылған ережелерге сай төмендегідей азаматтық құқықтары жүзеге асырылады:

  • ұлттық этникалық, саяси, діни, жастық, жыныстық белгілері бойынша қандай да болсын алалаушылыққа жол берілмейді.

  • Жеке тұлға мен азаматтық абыройлы болып саналатын пәтер үйі мен мүлкі, мамандық таңдау еркіндігі, тұратын мекенін анықтау, ел жұртқа келіп кету, хатта жазылған және телефонмен сөйлеген сөз құпиялылығы, сөз, баспасөз және хабарлама бостандығы заң жүзінде сенімді қорғалады;

  • Адам өзінің көзқарасы мен рухани мүдделерін өзі шешеді;

  • Азаматтық құқықтар сот органдары мен қоғамдық ұйымдар жағынан толық қорғалды.

Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы өзгеше жағдайда өтіп отыр. Кеңестік кезеңде қоғам өмірі барынша мемлекеттендірілген болатын. Ол жүйе күйрегеннен кейін азаматтық қоғамға өтуге «жоғарыдағы» мемлекеттің өзі ұйтқы болып отыр. Халықтың сана – сезімі, жүріс – тұрысы әлі ондай деңгейге көтеріле қойған жоқ. Сондықтан біраз уақытқа дейін, белгілі бір сапалық деңгейге қол жеткізгенше бұл процеске мемлекеттің елеулі ықпалы болмақ.

Еліміздің 1995 жылғы Конституциясы Қазақстанда әлеуметтік бағдарды нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оағн қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Оған тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншік пен жеке меншікті, адам жіне азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кещенін; отбасын ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын; идеологиялық және саяси әр алуандықты және тағы басқа да жаңа Конституцияда бекітілген қазақстандық азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады.

Азаматтық қоғам материалдық, мәдени жоғары дамыған шақта құқықтық мемлекетке айналады. Құқықтық мемлекет деп демократиялық жолмен қабылданған заң үстемдік ететін, ның алдында бәрі де тең саналатын, жеке адамның құқығы жан – жақты қамтамасыз етілетін мемлекеттік құрылысты айтады. Заң үстемдігінің мызғымастығы елдің Конституциясында бекітіліп, басқа заңдар мен ережелік актілерге таралады. Заңдар халықтың еркін білдіреді және оны барлық адамдар, мемлекеттік органдар мен мекемелер орындауға міндетті. Мұнда мемлекет пен азаматтар екі жақты өзара жауаптылықта болады. Билік шын мәнінде бөлінеді, олардың міндеттері мен қызметтеріне шек қойылады, өзара бақылау қамтамасыз етіледі.

Мұнда бір таптың, партияның, топтың, идеологияның үстімдігіне жол берілмейді. Адам құқығы биік дәрежеде сақталады. Барлық азаматтар шын мемлекеттік және қоғамдық істерге қатыса алады. Атқарушы биліктің барлық жұмысы ашық атқарылады, оның жұмысы жұртшылықтың бақылауында болады. Пікір алуандығы кең өріс алады. Бұл мемлекетте адамның адамгершілік қасиеттері, борыш сезімі, жауапкершілігі биік дамиды. Құқықтық мемлекет жоғары өкіметтің қаулы – қарарларымен кіргізілмейді. Ол үшін мемлекет жан – жақты дамып, пісіп жетілуі керек.

Пысықтауға арналған сұрақтар:

1.Мемлекеттің пайда болуы туралы пікірлерден нені ұқтың?

2.Мемлекеттің саяси ұйымдардан айырмасы қандай?

3.Мемлекеттің белгілері мен қызметтері қандай?

4.Азаматтық қоғам дегеніміз не?

5.Құқықтық мемлекет деген не?

Дәріс №8 Тақырыбы: Саяси партиялар және қоғамдық-саяси қозғалыстар

Сұрақтар:

1.Саяси партиялардың пайда болуы, мәні және қызметтері;

2.Қоғамдық ұйымдардың түрлері;

  1. Халық майдандарының түрлері;

1. Саяси жүйеге мемлекетпен қатар саяси партиялар да кіреді. Саяси жүйеге мемлекетпен бірге саяси партияларда кіреді. «Партия» сөзі латын тілінен аударғанда «бөлу», «бөлшек» дегенді білдіреді. Алғаш Ежелгі Грецияда пайда боды. Қазіргі саяси партиялар ХІХғ. 2-ші жартысында Еуропада пайда болған. Оған ықпал еткен буржуазиялық революциялар болды. Мемлекеттік билікті ұйымдастырудың түрі-парламенттер мен парламентаризм дүниеге келді. Алғашында көпшілік партия болмады.

Бірінші көпшілік партия болып 1861 жылы Англияда пайда болды. Соңынан мұндай партиялар қаптап кетті. Саяси партия тапты немесе әлеуметтік топты ұйымдастырады. Қазіргі демократиялық қоғамдағы партияның маңызды міндеті-азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету. Партиялар арқылы әлеуметтік топтар өздерінің саяси талаптарын мәлімдейді.

Қоғамның қай жігіне партияның ықпалы күшті жүрсе сол партияның әлеуметтік негізін құрайды. Демек, солардың мүддесін қорғайды. Және де саяси өмір мәселесіне баса назар аударады. Саяси жүйедегі рөлі мен іштей ұйымдасуына байланысты 4 түрге бөлінеді:

1.Авангардтық партия

2.Сайлаушылар партиясы

3.Парламенттік партия

4.Қауымдстық партия

Саяси идеологиясына қарай 5 түрге бөлінеді:

1.Коммунистік партия

2.Социал-демократиялық партия

3.Буржуазиялық-демократиялық партия

4.Консервативтік партия

5.Фашистік партия

Бұл аталған партиялардың өзіндік идеологиялық бағытына және саяси тәртіпті қолдауларына қарай өзіндік әрекеттері бар. Саяси өмірдегі алатын орны мен билікті жүзеге асыруға қатысына қарай саяси партиялар билеуші және оппозициялық деп бөлінеді. Олардың жұмысы әдетте құқықпен немесе Конституциямен реттеледі. Бұл жағдай қазіргі кезеңде өз отанымыз Қазақстанда да көп партиялы жүйемен реттелуде және де қоғамның саяси өмірі қоғамдық-саяси қозғалыстармен де толығуда. Бұл саяси өмірдің мәселесін реттеуші күштердің болуы демократиялық кезеңнің орнығуымен сәйкес келеді.

Тарихқа белгілі алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грецияда пайда болды. Олардың мүшелері аз, тұрақтылығы шамалы, жөнді ұйымдаспаған шағын топтар болатын. Олар, негізінен, құл иеленушілердің әр түрлі ағымдарының мүдделерін қорғады. Мұндай партиялар феодалдық қоғамда да болды. Бірақ шексіз әкімшілік билеген дәуірде олардың айтарлықтай маңызы болмады. Еңбекші топтар болса экономикалық бытыраңкылық пен рухани езгінің астында еді. Сондықтан олардың саяси партиялар құруға мүмкіндіктері жоқ болатын. Олардың мүддесін ара-тұра билеуші топтың алдыңғы қатарлы мүшелері қорғады.

Бірақ саяси партиялар бірден көпшілік партия бола қалған жоқ. Оның ұзақ тарихы бар. Мысалы, немістің көрнекті саясаттанушысы Макс Вебер саяси партиялардың дамуында мынадай кезеңдерді атап көрсетті: 1) аристократиялық үйірмелер; 2) саяси клубтар; 3) көпшілік партиялар.

Саяси клубтардың аристократиялық үйірмелерден айырмашылығы – олар ең алдымен буржуазияның мүддесін білдірді. (Ал аристократиялық үйірмелер жер иелерінің мақсатын қорғаған болатын). Олардың тұрақты идеологиялық байланыстары мен дамыған ұйымы болды. Мұның бәрі оларға қоғамдық жұмысты кең өрістетуіне мүмкіндік туғызды.

Ал көпшілік партиялардың саяси клубтардан ерекшелігі – олар жұмысын тек сайлау кезінде ғана емес, сонымен қатар әдеттегі, дағдылы уақытта да көпшілікке ықпал етуге тырысты. Өз қатарына барынша көбірек адамдарды тартты. Өздерінің үгіт-насихат жұмысында саяси ағартушылық, үгіт, тәрбие, мәдени қызмет т. с. с. саяси әсер етудің бай мүмкіндіктерін пайдаланды.

Дегенмен, көрсетілген үш кезеңді толығымен Ұлыбританияның екі партиясы ғана басынан кешірді. Олар либералдық (виги) және консервативтік (тори) партиялары. Ал қазір өмір сүріп отырған партиялардың көбінің даму жолы қысқа. Олардың біразы екі сатысынан өтсе, біразы бірден көпшілік партия болып қалыптасты.

2. Американың белгілі саясаттанушысы Дж. Ла Паломбараның ойынша партиялар мынадай 4 белгімен сипатталады: 1) партия белгілі бір идеологияны қорғайды немесе кем дегенде адамды, дүниені ерекше көре біледі; 2) партия – адамдарды жергілікті ұйымнан бастап, халықаралық дәрежеге дейін саясаттың әр түрлі деңгейінде әжептәуір ұзақ біріктіретін ұйым; 3) партияның мақсаты – билікті қолға алып, жүзеге асыру (көбінесе ол коалициялық жолмен жасалады); 4) әр партия өзіне халықтың дауыс беруінен бастап, мүше болуына дейінгі қолдауын қамтамасыз еткісі келеді.

Поляктың белгілі саясаттанушысы А. Боднардың көрсеткеніндей, қазіргі қоғамда саяси партиялар мынадай қызметтерді атқарады:

а) қоғамның ірі топтарының мақсат-мүдделерін анықтау, тұжырымдау және негіздеу;

ә) олардың белсенділігін арттырып, жинақтау;

б) саяси идеология мен саяси ілімдерді жасау;

в) саяси жүйелерді, оның жалпы принциптерін, элементтерін, құрылымдарын қалыптастыруға қатысу және т. б.;

г) мемлекетте билік үшін күреске қатынасу және оның жұмысының бағдарламасын жасау;

д) мемлекеттік билікті іске асыруға қатынасу;

е) қоғамдық пікірді қалыптастыру;

ж) жалпы қоғамды, яки оның белгілі бір бөлігін (топты, тапты, жікті) саяси тәрбиелеу;

и) мемлекеттің, кәсіподактарының, қоғамдық ұйымдардың аппараты үшін кадрлар даярлау мен ұсыну және т. т.

Сонымен қатар партиялар сайлау науқанын дайындау мен өткізу, өз мүшелерінің санын көбейту, орталық және жергілікті ұйымдардың материалдық ахуалын күшейту, өз еліндегі және шетелдердің мақсаттары жақын партияларымен байланысты нығайтумен үнемі айналысады.

Қазіргі демократиялық қоғамдағы партияның маңызды міндеті – азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету. Партиялар арқылы әр түрлі әлеуметтік топтар өздерінің саяси талаптарын мәлімдейді. Бұрынғы әлеуметтік-экономикалық саясатты одан әрі жүргізу немесе оны өзгерту керектігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіреді. Соның арқасында қоғамның саяси саласындағы қайшылықтардың басы ашылады, әлеуметтік қопарылысқа соқтырарлық өткір, ойда жоқ шиеленістердің мүмкіншілігі азаяды.

Сонымен, партия деп мемлекеттік билікті қолға алуға немесе билік жүргізуге қатынасуға бағытталған, ортақ мүдде, бір идеология негізінде құралған адамдардың ерікті одағын айтады. Партиялар сайлауға, мемлекеттік органдар құруға, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдауға және оларды іс жүзіне асыруға белсене қатынасады.

Саяси қозғалыс деп өкімет билігі үшін күрес арқылы қазіргі жағдайды өзгертуге немесе үкіметке ықпал жасай отырып, оны нығайтуға тырысқан қоғамдық күштерді айтады. Басқа қоғамдық ағымдармен салыстырғанда саяси қозғалыстың айырмасы ол өкімет үшін немесе үкіметті жүзеге асыру тәсіліне ықпал ету үшін күреседі, яғни ол бұл жолда саяси тәсілдерді пайдаланады.

Саяси қозғалыстардың пайда болуына төмендегідей саяси жағдайлар себеп болады: 1) жеке адам өз ойын, көзқарасын өкімет орындарына тікелей жеткізе алмайды. Сондықтан өзі сияқтылармен топтасады; 2) экономикалық және әлеуметтік қайшылықтар, наразылықтар себеп болады. Мысалы, Жаңа Өзендегі (1989) әлеуметтік жағдайға наразылықтан онда «Бірлік» деген ұйым құрылды, ал Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында сол уақытта «Парасат деген ұйым дүниеге келді; 3) ұлттық мәселелердің шешілмеуі. Мысалы, Қазақстанда «Азат», «Желтоқсан» партиялары солай туған болатын.

Саяси қозғалыстар сияқты қоғамдық ұйымдар да адамдардың мүдделерін іске асырудың құралы ретінде пайда болады. Казіргі заманда ондай ұйымдар мен қозғалыстар өте көп. Ол қоғамның саяси өміріне қатысушы адамдардың мақсаттары мен қарым-қатынастарының әр алуандығын білдіреді

Қоғамдық ұйымдар әр түрлі келеді. Оған: партиялар, кәсіподақтар, жастар ұйымдары, кооперативтік бірлестіктер, шығармашылық (творчестволық) одақтар, әр түрлі ерікті қоғамдар (ғылыми, ғылыми-техникалық, мәдени-ағарту, спорттық, қорғаныс және т.б.) жатады. Қоғамдық ұйымдар арқылы миллиондаған адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, өмір мектебінен өтеді.

Қоғамдық ұйымдардың түрлері

2 . Қоғамдық ұйымдар мынадай түрлерге бөлінеді:

1. Қоғамдық-саяси мүдделеріне сай құрылған ұйымдар. Бұған алдына саяси мақсаттар қойған ұйымдар жатады.

2. Экономикалық мүддесіне қарай құрылған ұйымдар.

3. Таптық белгісіне сай ұйымдар (кәсіподақтар, шаруалар одағы).

4. Қызмет түріне қарай құрылған ұйымдар (ғылыми-техникалық, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, ұлттық-мәдени, спорттық, қорғаныс, діни, т.б.).

Көпшілік ұйымдардың ішінде айрықша көзге түсетіні – кәсіподақтар. Кәсіподақ – бір мамандықтың немесе өндірістің бір саласында еңбек ететін адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйым. Алғаш рет кәсіподақтар капитализмге тұңғыш аяқ басқан Англияда XVIII ғ. басында пайда болды. Кейінірек олар өнеркәсібі дамыған барлық елдерде қалыптасады. Себебі, капитализмнің әкелген аяусыз қанауына төтеп беру үшін жалданушы жұмыскерлер бірігіп, ұйымдасқан түрде өз мүдделерін қорғауға мәжбүр болды. Кәсіподақтар олардың еңбегі мен тұрмысын жақсарту, жоғын жоқтау жолында өкілі, қорғаны болды. Кәсіподақтар өзіне мүше болса да, болмаса да еңбекшілердің экономикалық және әлеуметтік мүдделерін қорғайды. Олар жеке адамның өмір сүруіне қажет ілімдер, ережелер мен айлықтар жүйесін меңгеруге, еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәдени деңгейін көтеруге көмектеседі.

Қоғамдық қозғалыстардың ішінде кең тарағанының бірі – «Халық майдандары». Оларға жалпы қоғамға қатысы бар, әлеуметтік таптардың барлығының немесе көпшілігінің мүддесін қамтитын мәселелерді шешуге бағытталған бірлестіктер жатады. Олар жалпы демократиялық принциптердің негізінде құралады және жұмыс істейді. Онда қатал айқындалған ұйымның түрі мен мүшелігі болмайды. Оның құрамына қалың бұқара халықтың мүддесін көздейтін саяси партиялар, кәсіпорындар, жастар және т.б. ұйымдар да кіруі мүмкін.

Халық майдандарының мынадай түрлері болады:

3. 1. Қоғамда терең батыл өзгерістер кезінде саяси күштер дүниеге келіп, қалыптасады. Сол саяси күштерден пайда болған халық майдандары. Бұған мысал ретінде Африка, Азия елдерінде ұлттық азаттық алу барысында пайда болған халық майдандарын келтіруге болады. Олардан кейін әлеуметтік топтардың бөлшектенуі және саяси партиялардың мақсатының өзгеру барысында басқа қозғалыстар шығуы мүмкін.

2. Өздерінің саяси ықпалы жетіспегенде маңызды мақсатқа жету, саяси билікті алу үшін саяси партиялардың немесе олардың көсемдерінің бастауымен құрылған халық майдандары. Мысалы, оған 80 жылдары КСРО-да пайда болған халық майдандарын жатқызуға болады.

Соғысқа, фашизмге қарсы, демократияны қорғау үшін интернационалдық негізде қалыптасқан халық майдандары. Олар осы ғасырдың 30 жылдарында капиталистік елдерде пайда болып, соғыс алдындағы жылдары фашизмге қарсы күресті басқарады. Мысалы, Францияда халық майдандары 1936 жылдың көктемінде парламент сайлауында және оған сүйенген үкімет бұл елде фашизмнің дамуына жол бермеді. 1936-39 жылдары Испанияда халық майдандары бұқара халықты топтастырып, оларды фашизм мен реакцияға қарсы күреске жұмылдырды. Жалпы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизм мен реакцияға қарсы күресте көптеген елдердің халық майдандары асқан зор рөл атқарды. Халық майдандарының ерлігі 1991 жылы тамыз айында Ресейде төңкеріс жасауға тырысқан бүлікшілерден демократияны қорғауда да айқын көрінді.

Баска елдердегі сияқты Қазақстанда да қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар баршылық. Алдына қойған мақсаттарына қарай оларды былайша топтастыруға болады:

1) экологиялық бағыттағы ұйымдар. Оларға жататындар: «Невада – Семей» қозғалысы, «Арал – Азия – Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитеті, «Табиғат» комитеті және т.б.;

2) ұлт мәселелерін шешуге тырысқан топтар. Оларға: Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысы, славяндардың республикалық қоғамдық «Лад» қозғалысы, «Русская община», «Единство» қоғамдық бірлестігі, республикадағы қазақтар қозғалысы, неміс, ұйғыр, грек, кәріс және т.б. мәдениет орталықтары;

3) тарихи-ағартушылық қоғамдар: «Мемориал», «Әділет», «Ақиқат» және т.с.с.;

4) әлеуметтік талаптар қойған ұйымдар: «Атамекен», «Алтын бесік», «Жерұйық», «Шаңырақ» және т.б.