- •Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаты мен міндеттері, мазмұны
- •Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы
- •Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
- •Қазақ тілі пәні арқылы меңгерілетін құзіреттіліктер
- •Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі
- •Білім беру технологиялары
- •Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері, оқуәдістемелік кешені
- •Сөзжасамды оқыту әдістемесі
- •Морфологияны оқыту әдістемесі
- •Мәтінді оқыту әдістемесі
- •Тіл дамыту әдістемесі
- •Сөз мәдениетін оқыту әдістемесі
- •Шешендік өнерді оқыту әдістемесі
- •3.3. Төменде берілген ақпараттарды салыстыра отырып, өз пікіріңізді білдіріңіз:
Тіл дамыту әдістемесі
Тіл дамыту- қазіргі мектептің оқу тәрбие ісіндегі басты проблема - тіл мен сөйлеу процесін жіктей оқыту, оқушының дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлу. Тіл дамыту – грамматикалық ұғымдарды меңгертуден кейін келетін саты. Мұғалім қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушылардың күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсініп, ауызекі тілде қолдануларына жағдай жасайды. Тіл дамыту үшін жүйеленген мәтіндермен қалай жұмыс жасау керек? Бұл бағытта мәтіннің құрылымдық ерекшелігі толық талданады. Мәтін - абзац - тезис - жоспар – тақырып деген тізбекпен жұмыс істеу оқушының тіл бірліктерінің мәтін құраудағы орнын айқын танытатын әдіс болып саналады. Шығарма, мазмұндама, шығармашылық түрлі жұмыстарды жүргізу – тіл дамыту әдістемесінің маңызды элементтері. “Менің сөздік қорым” дәптерін жасату, мақала жазу, аннотация, пікір жазуға машықтандыру жұмыстары да тіл дамыту жұмыстарына кіреді. Оқушылардың тілін дамыту жұмысы - ол баланың жалпы ойын дамыту деген сөз. Қазақ тілін оқытуға байланысты тіл дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты- дұрыс,сауатты жазып, оқушының ауызша, жазбаша ойын грамматикалық, стилистикалық жағынан дұрыс сөйлем құрап, жүйелі сөйлеуге үйрету.
Тіл дамыту жұмысы негізінен 4 бағытта жүргізіледі:
Мәдени, әдеби сөйлей білу нормаларына үйрету, орфографиялық дағдыны меңгерту арқылы оқушыға мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру.
Лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушылардың сөздік қорын байыту.
Жаңа сөздер үйрету, сөз бен сөзді байланыстырып,сөйлем құратып үйрету.
Оқушы ойын жазбаша дұрыс, сауатты жаза, сөйлей білуге үйрету мақсат етіледі.
Қазақ тілін оқытуға байланысты тіл дамыту жұмысы мынадай принциптерге негізделе жүргізіледі:
Сөйлеу мен ойлаудың бірлігі принципі арқылы оқушы тіл мен ойлау бір- бірімен байланысты екенін біледі. Бұл процесс арқылы оқушының ойлау әрекетін дамыта отырып, түрлі ой қорытындыларын жасай білу дағдыларын қалыптастырады. Оқушылардың орфографиялық ережелерді саналы меңгеруін қалыптастырып, дұрыс сөйлей білу, жаза білу дағдысын береді.
Ауызекі сөйлеу мен жазба тілінің бір бірімен байланыстылық принципі де басты орын алады. Адам сөйлесу барысында тілдің түрлі көркемдік құралдарын пайдаланады.Ауызекі сөйлеу тілін жақсы меңгерген оқушы ойын жазбаша да жүйелі бере алады.
Тіл дамыту жұмысын грамматика, орфография, пунктуация, әдебиетпен байланысты жүргізу принципі де ерекше орын алады. Ауызша, жазбаша тілін дұрыс дамытуда грамматикалық ережелерді жақсы білу, тыныс белгілерді дұрыс қою, көркем әдебиетті көп оқудың мәні зор.
Тіл дамыту жұмысын стилистикамен байланысты жүргізу принципі де басты орын алады.Стильдің түрін жақсы меңгерген бала тілдің морфологиялық құрылысын,яғни сөздің мағынасы, тұлғасы, синтаксистік қызметтеріндегі өзіедік ерекшеліктерді ажыратып, орфографиялық ережелерді меңгеріп, сауатты жазуға дағдыланады.
Мұғалім оқулықтағы жаттығу, дидактикалық материалдар жинағындағы мәтіндерден стильмен жұмыс істеудің жолдарын көрсетіп отырады.
Тіл дамыту - қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің ең маңызды да салмақты мәселесі. Ол арқылы жас өскінді тіл өнеріне баулу, туған тілінің қыры мен сырын терең меңгерту, ойын жатық та көркем етіп жеткізе білу, мәдениетті де сауатты жаза білу әрекеттері жүзеге асады.
Тіл дамыту жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін мұғалімнің лингвистика саласынын терең білімі ғана емес,психология,педагогика саласынан да терең білімі болуы керек. Тіл дамыту ең алдымен тіл ғылымы саласынан берілетін білімге тікелей байланысты жүруі керек.
Мұғалімдер тіл дамыту жолдарынан ізденгенде оқушының жеке бас ерекшелігін,ол жұмыстың қиын да күрделі мәселелерін есепке алады. Әсіресе,тіл дамытудың маңызды бір бөлігі әдемі де сауатты жазу екеніне ерекше назар аударады. Сөйлеу мәдениетіне баулумен қатар, жазу мәдениеті, сауаттылыққа баулу іс-әрекеттері - тіл дамытудың ажырамас бірлігі.
Ал сөйлеу мәдениеті орфоэпия заңдылықтарын толық меңгеруді талап етсе, жазу мәдениеті емле, тыныс белгілерін толық меңгеруді керексінеді. Бұл жерде жазу мәдениетінің өзіндік ерекшелігін ажырата білу керек. Дұрыс сөйлеу, оны дұрыс жаза білудің өз әдістері, тәсілдері бар. Тіл дамыту іс-әрекетінде осы мәселелерді түйістіре білгенде, ортақ тиімді технологиясынан іздене білгенде ғана нақты нәтижеге жетуге болады. Шебер де жатық сөйлеу үшін әдеби тіл нормаларын, заңдылықтарын білу керек. Қазіргі білім беру талаптары тіл дамыту жұмыстарына жаңа мақсат, жаңа міндет жүктейді. Оқытуды технологияландыру тіл дамыту жұмыстарын репродуктивті тәсіл емес, эвристикалық, шығармашылық, яғни продуктивті тәсілдермен жүргізілуі керек.
