- •Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаты мен міндеттері, мазмұны
- •Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы
- •Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
- •Қазақ тілі пәні арқылы меңгерілетін құзіреттіліктер
- •Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі
- •Білім беру технологиялары
- •Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері, оқуәдістемелік кешені
- •Сөзжасамды оқыту әдістемесі
- •Морфологияны оқыту әдістемесі
- •Мәтінді оқыту әдістемесі
- •Тіл дамыту әдістемесі
- •Сөз мәдениетін оқыту әдістемесі
- •Шешендік өнерді оқыту әдістемесі
- •3.3. Төменде берілген ақпараттарды салыстыра отырып, өз пікіріңізді білдіріңіз:
Сөз мәдениетін оқыту әдістемесі
Тіл, сөйлеу мәдениеті – адамдардың тілді дұрыс қолдануы. Сөздің тыңдаушыға әсер ететіндей орынды, көркем нұсқаларын тауып қолдану, сөздерді бір бірімен дұрыс байланыстыра білу, дұрыс құрастыра білу – тіл, сөйлеу мәдениетіне қатысты жайттар. Тұрақты сөз тіркесі, мақал-мәтелдерді орынды, бұзбай, мағыналарын дәл, түсініп пайдалану – тіл мәдениетінің бір шарты.
Стилистиканың лингвистикалық міндеті стильдік әсердің өзін емес, сол әсерді туғызатын тілдік тұлғаларды зерттеу болып табылады. Стилистиканы оқытуда мұғалім стилистикалық қателердің түрлерін, оқушыларға стилистикалық талдау жасату, қысқа мәтіндер, сөйлемдер, диктанттар жазғызу сияқты жұмыстарды саралайды. Стилистика қағидаларын меңгерткенде мұғалім әр адамның сөйлеу мәнері, көркем әдебиеттің әр жанрына тән стильдік ерекшеліктердің болатынын назарда ұстау керек, оқушыларға стиль түрлеріне байланысты әр түрлі жұмыстар орындатады. Тілдік суреттеме құралдарының (теңеу, эпитет, метафора, метанемия т.б.) мәнісін мысалдарды салыстыру әдісі арқылы білдіреді: жылқының тұлпары – талаптың тұлпары, есіктің кілті – жүректің кілті. Оқушыларға бірнеше тіркестер беріп, мысалы: жылы жүрек, шыбын құрлы көрмеді т.б. Жай сөйлем, құрмалас сөйлем, мәтін құратуға болады. Мұғалім сөйлеу мен жазудың түрлі стильдік ерекшеліктеріне тән тілдік қолданыстар туралы ұғымды тіл дамыту кезінде жүргізілетін тапсырмалар арқылы кеңейтеді. Тілдік тәсіл, стильдік құбылыстарды орынды қолдану арқылы сауатты сөйлеу, ой дәлдігіне дағдыландырады, сөйлеу мәдениетін арттырады. Әр типтегі шығарма, мазмұндама жазуға жаттықтыру арқылы тілдік фактілерге назар аудартады, сөз тіркестерін, сөйлемдерді құрай білуге үйретеді. Жазу жұмысында орфография, пунктуациялық сауаттылықты арттырады.
Тіл дамыту – қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің маңызды мәселесі. Ол арқылы оқушыны тіл өнеріне баулу, ойын көркем етіп жеткізу, мәдениетті, сауатты жаза білу әрекетін жүзеге асырады. Тіл дамыту жұмысын жақсы жүргізу үшін мұғалімнің лингвистика саласынан да, педагогика, психология саласынан терең білімі болуы керек. Бұл жұмысты жүргізгенде оқушының жеке бас ерекшелігін есепке алады. Тіл дамыту, сөйлеу мәдениетіне баулумен қоса, жазу, сауаттылыққа баулу мәдениетін де тәрбиелейді.
Сөйлеу мәдениеті арқылы орфоэпия заңдылығын талап етсе, жазу мәдениеті емле, тыныс белгілерін меңгеруді қажет етеді. Бұл жерде жазу мәдениетінің өзіндік ерекшелігін ажырата білу керек. Дұрыс сөйлеу, оны дұрыс жаза білудің өз әдісі, тәсілдері бар. Шебер де жатық сөйлеу үшін әдеби тіл нормаларын, заңдылықтарын білу керек, меңгеру керек.
Қазіргі білім беру талаптары тіл дамыту жұмыстарына жаңа мақсат, жаңа міндет жүктейді. Оқытуды технологияландыру тіл дамыту жұмыстарын репродуктивті тәсіл емес, эвристикалық, шығармашылық, яғни продуктивті тәсілдермен жүргізілуі керек. Оқушылардың тілін дамытуға негізделген шығармашылық тапсырмалардың маңызын төмендегідей саралауға болады:
- шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының білім деңгейін оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге дейін көтеруге жол ашады;
- шығармашылық тапсырмалар жүйесін оқушылардың өздері таңдап алады, қалауларына ерік беріледі;
- шығармашылық тапсырмалар оқушыларды ізденімпаздыққа, ситуацияны өз беттерімен шешуге, мақсаттан шыға білуге дағдыландырады, жеке тұлғалық қасиетін қалыптастырады;
- модель, жоба жасап, болжамдар ұсынып, оны қорғайды, дәлелдейді, білуге дағдыланады.
Тіл дамыту жұмыстары бүгінгі таңдағы сабаққа қойылатын талап негізінде жүргізілуі қажет. Тіл дамыту жұмыстарын әр сабақта өтіліп жатқан тақырыпқа сай жүргізіп отырған жөн.
Тіл мәдениетін жетілдіру үшін орфографиямен қатар, орфоэпияның мәнін білу қаншалықты маңызды болса, сөздің лексикалық, грамматикалық, стильдік қолданыстарын ажыратып алуда соншалықты мәнді. Оқушының осы түсінік, ұғымдары нақты жұмыс үстінде жүйелі дағдыға айналуы үшін әдеби тіл нормаларының сәйкестілігіне назар аударылуы орынды.
Тілді оқыту барысында тәрбиенің эстетикалық, адамгершілік т.б. түрлері тіл туралы жалпы мағлұмат пен сабақ үстінде ұсынылатын дидактикалық материалдар арқылы беріледі. Адамның ойлау қыметін жаңарту мәселесі баланың тілдік қабілетін шыңдаумен тығыз байланысты. Тілдің қызметін түсіндіруде басшылыққа алынатын қағидалар, білім мазмұнындағы негізгі бағыттар, оқу-әдістемелік жолдар бір-бірімен тығыз бірлікте қарастыруды қажет етеді. Бала дүниетанымын қалыптасуында ерекше роль атқаратын мәселенің қай-қайсысында оның қабілетінің деңгейімен қаралатыны анық. Олай болса, оқушының жек бас қасиеттерінін көрсеткіші тілдік қабілет болып саналады. Сондықтан, оны қалыптастыру ана тілі мазмұнында ерекше айқындалып, сабақ процесінде жүзеге асыруға келіп тіреледі.
