- •Жыраулар тілінің танымдық табиғаты
- •1 Когнитивтік лингвистиканың қалыптасу тарихы
- •1.1 Тіл мен таным арақатынасына байланысты көзқарастар
- •1.2 Когнитивті зерттеулердің қазақ тіл біліміндегі көрінісі
- •2 Жыраулар тілінің танымдық табиғаты 2. 1 «өлім», «қайғы», «мұң» концептілері
- •2.2 «Жалғыздық, жекелік» концептілері
- •2.3 «Атамекен» концептісі
- •2.4 «Ақындық» концептісі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Когнитивтік лингвистиканың қалыптасу тарихы
Когнитивизм – адам ақыл ойын, олармен байланысты менталды процестерді зерттеу объектісі етіп алған ғылымдарға бағытталады. Қазіргі кезде ғылым салаларында «когнитивті төңкеріс» туралы сөз болуда. Американдық белгілі лингвист Н. Хомский: «Когнитивтік төңкеріс ақыл-ой мен мыйдың жағдайын, олардың адамның когнитивті болмысына: біліміне, ұғымына, түсінігі мен сеніміне қалай ықпал ете алатынын зерттейді» [1] деп жазды. Адамның білімі мен түрлі ақпараттарды қабылдауына қатысты процесс когнитивтік немесе когниция деп аталады. Оларға «интеллектуалды», «менталды», «талдамалы» терминдері синоним бола алады.
Адам интеллектісімен, ойлау заңдылығымен ерте заманнан бері логика, философия, физиология, психология айналысып келеді. Философияда таным теориясымен айналысатын гносеология бөлімі бар. Алайда когнитивистика аясында байырғы мәселелер жаңаша түсіндіріле бастады.
Когнитивистикада адами когницияға басты мән беріледі, ол тек бақылауға алынған іс-әрекет деңгейінде зерттеліп қоймай, оның менталды репрезентациясы (ішкі қабылдау, модель), символы, даму стратегиясы (білім негізінде жүзеге асатын іс әрекет), адамның когнитивтік әлемі, тілдің белсенділік әрекетімен ілгерілеп отыратын мінез құлқы мен іс әрекеті бойынша зерттеліп, мотивтері мен қалыптасу нәтижесі қатар қаралады.
1960 жылы американдық профессорлар Дж. Миллер мен Дж. Бруннер Гарвард университетінде когнитивтік зерттеудің алғашқы орталығын құрды.
XX ғасырдың аяғында тілді зерттеу адамның танымдық қызметі тұрғысынан қарала бастады. Сөйтіп, когнитивтік лингвистика антропоцентристік парадигма аясында когнитивизм базасында пайда болды. Когниция – когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымы. Ол білім мен ойлаудың тіл арқылы танылуын қарастырады. Сондықтан да когнитивизм тіл білімімен тығыз байланысты. Тіл – мәдениет пен қоғамнан да жоғары дәрежеде адам танымы мен мінез-құлқына жол ашады.
Адам санасы мен ойлау процесіндегі құбылыстар тіл арқылы ғана белгілі болады.
Когнитивтік лингвистика сияқты психолингвистика, этнолингвистика, соцлингвистика ғылымдарының пайда болуы тіл білімінде үлкен өзгеріс тудырды. Лингвистика тілдің жалпы құрылымын зерттейтін ғылымнан тілді адам ойлауы мен танымына байланысты қарастыратын гуманизацияланған ғылымға айналды.
Когнитивтік лингвистиканың негізгі құралдары: есте сақтау бірліктері – фреймдер, концептілер, гештальт және т.б. Когнитивтік лингвистика дүние бейнесін модельдеуге (тұрпаттауға), тілдік сананы модельдеуге бағытталады.
Дүние туралы белгілі бір дүниетанымның қалыптасуы психикалық сәулеленудің үш деңгейінің өзара қатысымдылығына байланысты: сезімдік қабылдау деңгейі, қабылдауды қалыптастыру деңгейі (жалпыландыру, дерексіздену), сөйлеу-ойлау (речемыслительный) процесс деңгейі.
Когнитивтік лингвистика мен дәстүрлі құрылымдық-семантикалық лингвистика бір-бірімен альтернативті ойлаудың ағымы емес, олар лингвистикалық ақиқатты танудың әртүрлі қырлары.
Когнитивтік лингистикада тілдің таным құралы және танымның алғы шарты екендігі басты назарда ұсталынады. В. Гумбольдт кезінде тілдің адам болмысы мен танымының барлық аясын қамтитын адами рухтың басты қызмет екендігін баса көрсеткен болатын.
Когнитивтік лингистиканың негізгі ұғымдары: ойлау, білім, концептуализациялау, концептуалды жүйе, когниция, дүниені тілдік көру, когнитивтік база, ментальды репрезентация, когнитивтік модель, категоризация, вербализация, менталдылық, мәдени константтар, концепт, дүние бейнесі, концептосфера, ұлттық мәдени кеңістік т.б.
Когнитивтік лингвистика – XX ғасырдың 70 жылдары Европада кең таралған лингвистикалық бағыт болып саналады. Бұл лингвистикалық бағыт өзінің пайда болған отаны Америка Құрама Штаттарында «когнитивті грамматика» деп аталса, Ресейде «когнитивті семантика» – когнитивтік зерттеулердің алғашқы бастауы болды. Когнитивтік лингвистиканың ерекшелігі жаңа пәннің тіл туралы ғылым аясында жорамалдануында да, тіпті зерттеуге жаңа құралдар мен әдістемелер енгізуінде де емес, танымды жаңаша әдіспен бекітуінде болып отыр. Когнитивтік лингвистиканың пайда болуы лингвистикалық зерттеудегі әдіснамалық ілгерілеу болды. Іргелі ілгерілеудің құрамдас бөлігі Н. Хомскийдің генеративті грамматикасының пайда болуымен, лингвистикалық прагматиканың дүниеге келуімен, лингвистикалық семантиканың қарқынды дамуымен, мәтін теориясымен, грамматикализацияланудың жаңа теорияларымен, осы теорияның шынайы дискурстағы тілдік бірліктердің сипатына ерекше ден қоюымен тығыз байланысты. Барлық осы зерттеу бастамаларында тілдік фактілерді түсіндіру идеясы алдыңғы қатарға шықты. Мәселен, тілдік прагматикада мұндай фактілер адам қызметінің әлеуметтік контекстегі ұстанымдары түрінде болса, когнитивтік лингвистикада когнитивті құрылым, адам санасындағы үдерістер, атап айтқанда: фрейм, когнитивті модель, менталды кеңістік тілді зерттеудің модельді құрылымдары ретінде алынады. Тілді зерттеудің когнитивтік (танымдық) сипатының қалыптасу тарихын түсіндіру үшін зерттеушілер мынадай фактіні келтіреді. 1970 жылдары американдық лингвист У. Чейфтің зерттеу еңбектері жарияланды. Зерттеуде ағылшын тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен интонацияға қатысты грамматикалық категориялар: белгілілік/белгісіздік, мәлімділік (бұрыннан белгілі)/жаңалық (сөйлем арқылы берілетін ақпараттың сипатына байланысты) ұғымдарының адам жадының құрылымына және адам санасында ақпараттың жаңғыруы (белсенділігі) құбылысына қатысы түсіндіріледі. Чейфтің түсіндіруінше, ағылшын тілінде қандай да бір оқиға туралы ақпарат беретін хабарлы сөйлемдердегі интонация мен мезгіл пысықтауыш оқиға туралы ақпарат адам жадының қандай тереңдігінен алынып отыр (бұрынғы өткен оқиға немесе жаңадан болған оқиға), бұл ақпаратты алу үшін қаншалықты когнитивті күш-жігер жұмсалды – кейбір оқиғаларды жадыда жаңғыртудың (белсенділігін арттырудың) бағасы қандай? деген мәселеге қатысты болады. Мысалы: (1) Steve fell in the SWIMMING pool (мезгіл пысықтауыш жоқ). Стив бассейнге құлады. (2) Steve fell in the SWIMMING pool yesterday. (мезгіл пысықтауышқа екпін түсіп тұрған жоқ). Стив кеше бассейнге құлады. (3) Last CHRISTMAS, Steve fell in the swimming pool. Стив бассейнге алдыңғы Рождествода құлады. (мезгіл пысықтауыш тіркес екпінімен айтылып тұр). Ағылшын тілінде берілген сөйлемдерде фразалық екпін түскен сөздер бас әріптермен жазылған. Бірінші сөйлемде мезгіл пысықтауыштың болмауы оқиғаның жақын арада өткенін немесе ақпараттың адам жадысының беткі қабатында (Чейфтің термині бойынша: поверхностной памяти), Чейфтің кейін ұсынған термині бойынша: белсенді статуста тұрғанын білдіреді. Ақпараттың бұл сияқты белсенді статуста тұруы оқиға өткен мезгілдің арақашықтығына, кейінгі ақпараттар ағынының маңыздылығына байланысты. Әрине оқиғаның жуық арада өткенін білдіретін өзге де тілдік белгілер кездеседі (оқиғаның мазмұны, мезгілді білдіретін сөздер т.б.) Басқаша айтқанда, мезгіл пысықтауыштың қатыспауы ақпараттың жадының үстіңгі қабатында (терең қабатында емес) болып, оның белсенділік бағасы ауқымды емес екендігін танытады. Бұндай ақпаратты қабылдауға тілдік құралдар көп шығындалмайды. Ал фразалық екпін түспейтін мезгіл пысықтауышты сөйлемде хабарланған оқиға туралы ақпарат «ұсақ» жадыдан тереңде емес (Ченкидің термині бойынша: жартылай белсенді). «Жартылай белсенді» жадыда оқиғаның өту барысы ретімен (жүйелі түрде) сақталады. Терең жады жағдайында кейінгі ақпараттарға орын беретін бұрынғы ақпараттағы оқиға реті ұмытылады, оларды логикалық талдау арқылы ғана қалпына келтіруге болады. Фразалық екпінге ие болған мезгілдік пысықтауышты пайдалану арқылы сөйлемдегі ақпараттың жадының терең қойнауынан алынғандығы немесе жадыдағы ақпараттың белсенді емес статуста тұрғаны байқалады. Жадының терең түкпіріндегі ақпарат жылдап, он жылдап сақталуы мүмкін. Терең жад пен «ұсақ » жадтың арақатысы «ұсақ» және үстіңгі жадтарға қарағанда әлсіз көрінеді. Адам жадысының ақпаратты іздеу, активтендіру, бейактивтендіру үдерісі жүретін құрылымын түсіндіру үшін Чейф белгілілік/белгісіздік, мәлімділік/жаңалық категорияларына құрылған когнитивтік талдауды ұсынады. Чейфтің түсінуінше белгілілік категориясы бойынша айтушы оқиға жөнінде өз пайымдауын хабарлайды, тыңдаушы хабарламадағы мәліметке сәйкес өзінің жадынан қайталанбайтын концепт түрін іздеп табады. Мәлімділік категориясына сәйкес айтушының ақпараты тыңдаушының жадындағы дайын концептілік құрылымды активтендіреді. Сөйтіп, европа лингвистикасында когнитивтік грамматика мәтін, ақпатаррың берілуі, тыңдаушы мен айтушының арақатынасы, ақпаратты қабылдауда, қорытуда, қайта жаңғыртудағы адам санасының танымдық құрылымы, қызметі деген мәселелерді негізге алып, қалыптысты.
Когнитивтік лингвистика бірнеше ғылым түрлерінің өзара қатысымдылығы негізінде пайда болды:
1. Когнитивтік ғылымдар (когнитология, когиотология). Оның зерттеу обьектісі – адами білімнің құрылымы мен қызметі, оның өзі жасанды интеллект ретінде танылатын инженерлік пәндердің негізінде қалыптасқан. 1960-70 жылдардың шегінде жасанды интеллектіде мынадай түсінік қалыптасты: адамдағы интеллектуалды үдерістер «адам ойлауының әмбебап заңымен» пара-пар бола алмайды. Интеллектуалды тапсырмалардың басым көпшілігін адам баласы вакуумда немесе таза жады арқылы емес, жадыда бұрыннан сақталған білім қоры негізінде орындай алады. Тіпті белгілі бір ережелер мен формулаларға құрылған шахмат ойынының өзін шебер ойнау үшін адамның жинақталған білім қоры болуы қажет. Когнитивті ғылымдар аясында білімге негізделген тілдер жасалынды. Жасанды интеллектіде «ақпаратты символдап беретін» семиотикалық парадигма қалыптасты (А. Ньюэлл мен Г. Саймонның теориясы). Жасанды интеллект зертханасының директоры П. Уинстон: «есептеу машинасын табиғи тілді түсінуге күштеу, ол да интеллект жасағанмен бірдей» деп көрсетті. Осындай фонда, когнитивті ғылымдар жасаған адамның ойлау қабілетінің моделіне қарайлау негізінде когнитивтік лингвистика қалыптасты. Когнитивті ғылым ақпарат теориясынан ақпарат ұғымы, білім құрылымы, ақпаратты өңдеу, оны жадыда сақтау, одан қажетті мәліметтерді алу, тілдік формалар мен адам санасындағы ақпараттарды таратып түсіндіру (репрезентация) туралы мәселелерді иемденеді және адам санасы қалай ұйымдастырылған, адам дүниені қалай таниды, дүние туралы қандай мәліметтер білімге жатады, менталды кеңістік қалай жасалады деген сұрақтарға жауап табуға ұмтылады. Когнитивті психологияның көрсетуінше, айналадағы заттар мен құбылыстарды категоризациялау мен классификациялау адам миының маңызды қабілетінен саналады. Категоризациялаудың нәтижелері адамның когнитивті аппаратының негізін құрайды, ұзақ уақытқа арналған жадыда сақталатын менталды концептілер болып табылады. Адамның интеллектуалды процесіне қатысты мәселелер, белгілі бір образдар мен мәтіндерді тану бұрыннан қалыптасқан білімдер негізінде анықталады. Когнитология пәнаралық қана емес, синтетикалық та ғылымдар қатарына жатады, адамның когнитивті процестерін зерттей отырып, математика, философия, лингвистика, психология, ақпарат теориясы ғылымдарын біріктіреді
2. Когнитивтік психология пәнін де когнитивті лингвистиканың қалыптасу көзіне (источник) жатқызамыз. Когнитивті лингвистика когнитивті психологиядан концепт және когнитивті моделдер туралы ұғымды алады. Шындығында да тілдің қызмет етуі психологиялық механизмдерге сүйенеді, тіл адамның дүниемен, біліммен қарым-қатынас тәжірибесінің қалыптасуы мен жинақталуының маңызды бөлігі болып табылады. Лингвистика да, психология да гуманитарлық пәндер қатарына жатады, бірақ біреуі пәндердің семиотикалық циклі, екіншісі ғылымның «физикалық» саласына біршама жақын. Лингвистика өзінің даму тарихында үш рет психологиямен түйісіп, толығуды бастан өткізді: XIX ғасырдың 80 жылдары (жасграмматистер), XX ғасырдың ортасында (психолингвистиканың пайда болуы), XX ғасырдың 80 жылдары (когнитивті лингвистиканың пайда болуы).
3. Лингвистикалық семантика когнитивті лингвистиканың даму көзі болып табылады. Кейбір зерттеушілер когнитивті лингвистиканы «аса тереңдетілген семантика» деп есептейді, оны семантиканың табиғи даму нәтижесі ретінде қарастырады. Олар тілдік семантиканың категориясын адам танымы арқылы дүниені меңгерудің нәтижесін көрсететін жалпылама ұғымдық категория ретінде түсінеді. Когнитивті лингвистиканың зерттеу нәтижелері тек семантикада ғана қолданылып қоймайды, мәселен, прототип ұғымы сонымен бірге фонологияда, морфологияда, диалектологияда қолданылады және т.с.с. Когнитивті лингвистиканың семантикалық проблематикамен табиғи тепе-теңдікте болуы және оның лингвистикалық семантикамен методологиялық жақындықта болуы, әсіресе, Ресей ғалымдарының когнитивті лингвистика немесе когнитивті грамматика туралы емес, когнитивті семантика туралы сөз қозғауына жол ашты. Когнититі лингвистиканың бірден-бір зерттеушілері Н. Д. Арутюнова, А. Вежбицкая, Ю. С. Степанов, Е. С. Кубрякова, В. Н. Телия дәл осы семантикалық зерттеулер арқылы когтивті лингвистикаға келді.
Жоғарыда аталған даму көздерінен басқа когнитивті лингвистиканың дамуында белгілі деңгейде роль атқарған – Лингвистикалық типология мен этнолингвистика, нейролингвистика(тілді адам миының тұтас менталды қызметінің ұғымдық негіздемесі ретінде түсіндіреді), психолингвистика, култорология, тарихи-салыстырмалы тіл білімі.
Когнитивтік лингвистиканың қалыптасуының төмендегідей кезеңдерін көрсетуге болады.
«Когнитивтік грамматика» термині 1975 жылы Дж Лакофф пен Г.Томпсонның «Когнитивті лингвистиканы таныстырамыз» атты мақаласында қолданылды. 1987 жылы Р. Ланкагердің «Когнитивті лингвистиканың негіздемесі» еңбегінің бірінші томы жарық көрді. Сондай-ақ осы бағытқа арналған Дж Лакоффтың «Әйелдер, от және қатерлі заттар» атты еңбегі, М. Джонсонның «Ойлаудағы дене» аталатын кітабы жарияланды.
XX ғасырдың 80 жылдарындағы Л. Тальми, Ч. Филмор, У.Чейфтің мақалалары когнитивті лингвистиканың дамуындағы ерекше кезеңі болды. XX ғасырдың 90 жылдарының басына дейін когнитивті лингвистика ғылымы бір-бірімен байланысы жоқ жеке зерттеулермен толықты. Бұл – Дж. Лакофтың, Р. Ланкагердің, Т. ван Дейктің (Нидерландтық), Дж. Хэйманның (Канадалық) зерттеу бағдарламалары.
90 жылдардың ортасында Европада когнитивті лингвистикаға арналған алғашқы оқулықтар жарық көре бастады, олар: Ф. Укегер, Х-Й. Шмид. «Когнитивтік лингвистикаға кіріспе» (1996) және Б. Хайне «Грамматиканың когнитивті негіздемесі» (1997). Орыс тіл білімінде алғаш рет когнитивті лингвистика В. И. Герасимовтың шолулары (1985) арқылы таныс болып, сексенінші жылдары қарқынды дами бастады. Оның қалыптасуында табиғи тілді түсінуді моделдеуге арналған мына ғылыми жарияланымдардың ролі болды: «Табиғи тілді түсінетін бағдарлама» (1976, түпнұсқа 1972) атты Т. Виноградтың кітабының орысша аудармасы және Р. Шенкидің өзге әріптестерімен бірлесіп шығарған «Концептуалды ақпаратты өңдеу» (1980, түпнұсқа 1975), осы тақырыпқа арналған «Шетел лингвистикасындағы жаңалықтар» жинағының XII томы.
1988 жылы Кеңес Одағында тілдің когнитивтік аспектісіне арналған «Шетел лингвистикасындағы жаңалықтар» жинағының XXIII томы, 1995 жылы «Тіл және интеллект» жинағы жарық көрді.
Н. Арутюнова, Е. С. Кубрякова, Ю. С. Степанов, И. А. Стернин, В. Н. Телия және басқа да ғалымдардың күшімен жарыққа шыққан зерттеу еңбектерде тілдегі адамдық фактор, тіл мен философияның, тіл мен психологияның тығыз байланыстылығы сөз болды.
Когнитивтік лингвистиканың дамуына ерекше үлесі болды деп Ю. С. Степановтың «Константтар: орыс мәдениетінің сөздігі» кітабын айтуға болады. Бұнда бірінші рет мәдениет константы мен концептілеріндегі мәдени құндылықтар талданады. Мәселен: «Шындық», «Заң», «Махаббат», «Сөз», «Жан», «Күнә», «Ғылым», «Интеллегенция», «От», «Су», «Нан» т.б.
Е. С. Кубрякованың «Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігі» еңбегінің де айтарлықтай маңызы болды.
Қазіргі таңда когнитивтік лингвистиканың басты орталығы Калифорния университетінің Беркли және Сан-Диего бөлімдері, сондай-ақ, Буффалодағы Нью-Йорк университетінің Когнитивті ғылымдар орталығы. Европада когнитивті лингвистика әсіресе Голландияда, Германияда ерекше дамуда.
Когнитивтік ғылымдардың басты объектілерінің бірі тіл болып табылады. Тілді зерттемейінше адамның қабылдау, тілдік өңдеулерді қабылдау, меңгеру, білімді қолдану, талдау, жоспарлау, мәселелерді шешу мүмкін емес. Е.С.Кубрякованың пікірінше, когнитивтік лингвистика тек тілді зерттеп қоймайды, сонымен бірге когницияны (таным, ойлау) да категоризациялаудың базистік деңгейінде зерттейді.
Зерттеушілердің көрсетуінше, қазіргі таңда когнитивтік лингвистика іштей бірнеше бөлімдерден тұрады: 1. Табиғи тілдің түсінілу және жасалу үдерісін зерттеу; Тарихи жағынан біршама байырғы зерттеу түрі. Мәтіннің туылуы мен түсінілуін компьютерлік модельдеуге бағытталады. Бұл салада У. Чейфтің еңбектері белгілі. 2. Тілдік категоризациялау ұстанымын зерттеу; Бұл салада Э. Роштың идеяларын ілгері дамыту арқылы Дж. Лакофф біршама табыстарға қол жеткізді. Категория туралы дәстүрлі түсінік бойынша категориялардың мүшелері бірыңғай белгілермен сипатталады, сондықтан белгілі бір заттар бірдей категорияға жатуы да, жатпауы да мүмкін. Соңғы зерттеулер бұл түсініктің дәл бола бермейтінін дәлелдеп отыр. Экспериментті зерттеулер көрсеткендей шын мәнісінде категориялардың шегі бұзылып, астасып кеткен, категориялардың өзіндік ішкі құрылымдары бар: олардың кейбір элементтері басқаларға қарағанда категорияны артығырақ танытуы мүмкін, яғни категорияның ішіндегі прототипті сипаттағы мүшесі бола алады. Мысалы, ағылшындар үшін прототипті құс атауы малиновка болса, орыстар үшін – қараторғай, ондай жағдайда пингвин мен түйеқұс құстан категориясының шеткі қабатынан орын алады. Прототип ұғымы өте кең аяда қолданыла бастады: фонема мен аллофон ұғымдарын сипаттау үшін, морфологиялық және синтаксистік құбылыстарды түсіндіру үшін де прототип ұғымы алынады. 3. Ұғымдық құрылым мен оның тілдік қатынасын зерттеу; Бұл жұмыстар да жасанды интеллект шеңберінде қалыптасып, Ч.Филлмор еңбектерінде лингвистикалық зерттеулердің қажетіне қарай ыңғайластырылған. Зерттеудің бұл түрінде когнитивтік лингвистика әлеуметтанумен және мәдениеттанумен іргелес зерттеулер жүргізеді. 4. Когнитивті-семантикалық суперкатегорияларды зерттеу; 5. Тілдегі қозғалыстың концептуализациялау типтерін және кеңістік қатынастарын зерттеу; 6. Адам санасы мен тілінің денелік (тәндік) базисін зерттеу; Оның негізінде концептуалды жүзеге асыру (conceptual embodiment) идеясы жатыр. Адамның түсінік әлемінің (понятийный мир человека) құрылымы оның абстрактілі фрагменттерін қоса алғанда, адамның биологиялық табиғатымен, әлеуметтік дүниедегі физикалық қарым-қатынас тәжірибесімен тығыз байланысты. Көптеген ұғымдық және тілдік категориялардың түп-төркіні адам тәнінің құрылымына, қызметіне, мәселен, ассиметриялылық, адамның қимылының түрлі жағдайына байланысты оның «жоғарысы», «төмені», «алды», «арты», «оңы», «солы» болуы, дененің физиологиялық қызмет атқаруы, түрлі салт жоралар т.б. Дене туралы ұғым адамның тәндік табиғаты мен тілдік табиғаты арасындағы аралық саты болып есептеледі. Дененің өзі адамның ішкі әлемі мен сыртқы дүниенің арасындағы шегара қызметін атқарады. Яғни дүниені қабылдау, оның тілде бейнеленуінің орталық шеңберінде адамның денесі мен тілі тұрады. Осындай идеяға негізделген теорияны шет елдерде Дж. Лакофф, М. Джонсон, Ф. Варель, Э. Рош негіздеді, Ресейде осындай идея тілдің антропоөзектілігі (Ю. Д. Апресян) терминімен аталатын теория түрінде қалыптасқан. Концептуалды жүзеге асыру доктринасы практика жүзінде семиотикалық зерттеулермен сәйкеседі. 7. Тілдегі метафоралық және метонимиялық құбылыстарды зерттеу; Дж. Лакоффтың философ М. Джонсонмен бірлесіп жазған «Біздің өміріміздегі метафоралар» еңбегінде метафораны жаңа ұғымдар қалыптастырудың адам тәжірибесіне негізделген құралы ретінде сипаттайды. Мысалы, биік (высокий) геометриялық анықтауышының биік адам, биік ағаш тіркестерінде қолданылуы оның мағынасында метафоралық ауысудың келесі түрлерін туғызды (высокий сөзіне қазақ тілінде биік және жоғары сөздері балама болады); механикада – жоғары жылдамдық, термодинамикада – жоғары температуры, электродинамикада – жоғары кернеу, этикада – жоғары мораль, жауапкершілік, еңбек қызметінде – жоғары машық, эстетикада – биік талғам, құқықта – жоғары сот т.б.
Дамудың қазіргі деңгейінде когнитивтік лингвистиканың алдында үш негізгі мәселе тұр: тілдік білімнің табиғаты жөнінде, оны игеруге қатысты, тілдік білімді қолдануға байланысты. Сондықтан зерттеу мынадай бағыттарда жүргізілуі тиіс:
а) таңбалар арқылы берілген білім түрлері мен табиғаты (гносеология – таным теориясы), таңбадан білімді айырып танудың механизмі, яғни интерпретациялау тәртібі (когнитивті семантика және прагматика);
б) таңбалар мен олардың қызметін бағыттап отыратын заңдылықтардың қалыптасу алғы шарттары;
в) тілдік таңбалар мен онда көрініс тапқан мәдени реалилердің арақатынасы.
Когнитивтік лингвистикада бәріне бірдей ортақ мәселе «ақыл-ой – тіл – репрезентациялау – концептуализациялау – категоризациялау – қабылдау» ұғымдарының когнитивтік шынжырдағы өзара қарым-қатынасын анықтау мәселесі болып отыр [2].
Бүгінгі таңда тілді зерттеудің күрделенгендігі соншалықты тілдік коммуникацияның ішкі құрылымын түсіну үшін лингвистердің, философтардың, психологтардың, мәдениеттанушылардың, өнертану саласындағы өзге де интеллектінің бірлескен күші қажет.
Когнитивтік лингвистиканың алдына қойған міндеттері:
1. Дүниені игеру және тану процесіндегі тілдің ролі;
2. Дүние туралы ақпаратты қабылдау, жалғастыру (тасымалдау), қайта өңдеу;
3. Білімді концептуализациялау, категоризациялау, мәдени константтарды тілдік категоризациялау және концептуализациялау;
4. Концептосфераны жасайтын әмбебап концептілердің жүйесін жасау;
5. Тілдік дүние бейнесі проблемасы. Когнитивтік лингвистика тілдік талдауларды сөйлеу түрлерін, белгілі бір лексемалар қолданылып тұрған контекстерді, мәтін деңгейінде концептілердің танылуын, концепт көрініс беретін фразеологизмдерді, мақал мәтел, афоризмдерді, олардың сөздіктердегі мағыналарын талдаумен толықтырады.
