- •Жыраулар тілінің танымдық табиғаты
- •1 Когнитивтік лингвистиканың қалыптасу тарихы
- •1.1 Тіл мен таным арақатынасына байланысты көзқарастар
- •1.2 Когнитивті зерттеулердің қазақ тіл біліміндегі көрінісі
- •2 Жыраулар тілінің танымдық табиғаты 2. 1 «өлім», «қайғы», «мұң» концептілері
- •2.2 «Жалғыздық, жекелік» концептілері
- •2.3 «Атамекен» концептісі
- •2.4 «Ақындық» концептісі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.2 Когнитивті зерттеулердің қазақ тіл біліміндегі көрінісі
Қазақ тіл білімінің тарихында тілдің танымдық табиғаты туралы алғашқы пікірлер А. Байтұрсынұлының, Қ. Жұбановтың еңбектерінде көрініс тапты.
А. Байтұрсынұлының тіл табиғатының ерекшелігін, тіл қызметінің жан-жақтылығын танытуға арналған ғылыми пайымдауларын саралай келіп, оларды мазмұны мен көтерген мәселесінің бағыт-бағдарына қарай бірнеше топқа жіктеп көрсетуге болады.
1) Тілтаным теориясындағы тіл – ойлау – дүние бейнесі арақатынасына байланысты пікірлермен сабақтас пайымдаулары;
2) Поэтикалық тіл табиғатын «қарапайым» тілден айыра танытуға арналған ғылыми тұжырымдары.
А. Байтұрсынұлы сөз өнеріне тірек болатын адам санасының үш негізін атап көрсетеді: Ақыл, Қиял, Көңіл. Әрі қарай: ақылдың ісі – аңдау, қиялдың ісі – меңзеу, көңілдің ісі – түю, талғау деп, сана негіздерінің әрқайсысына тән қызметін талдайды. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [12, 141]. Тіл мен сана арақатынасына байланысты теорияларға сүйенсек, тіл – дүниенің адам санасында сәулеленген сұлбасын сыртқа шығару, белгілі бір формаға түсіріп бейнелеу құралы. Тілді танудың антропоцентристік парадигмасы бойынша, адам санасы мен ойлау процесіндегі құбылыстар тіл арқылы ғана белгілі болады. А. Байтұрсынұлы ойлаудың екі түрін көрсетеді: тиісінше ойлау, түйісінше ойлау. Тиісінше ойлау: заттың «бойына біткен сипатын» ғана ойлап, сол тұрғыда сөзбен беру, яғни қазіргі ғылыми тілмен айтсақ, нақты шындық болмыстың тіл арқылы баяндалуы, түйісінше ойлау: зат туралы «адамның қосқан, таңған сипаттары», яғни зат, құбылыс туралы сөйлеушінің көзқарасы, танымы, ұғып-қабылдауы тұрғысынан сөз етуі. Ойлау мен сөйлеудің бұл түрінде тілдің коммуникативтік, информативтік қызметімен қоса мағыналық реңкі (модальділігі), эмоциясы, эстетикалық қызметі, бір сөзбен, танымдық-поэтикалық табиғаты көрініс береді. Сондай-ақ ғалым тілдің (ойлаудың) тиіс жағына көрік керек емес, нақты шындық керек, түйіс жағына көріктеу, әдемілеу қажет, ол қиял шығаратын сөз дейді. А. Байтұрсынұлы тіл арқылы танылатын ойлаудың қиял (эстетикалық), ақыл (логикалық) негізімен қатар көңіл (қабылдау) негізінің де бар екендігін дәлелдейді.
Тілді когнитивті (танымдық) тұрғыдан қарастырған еңбектерде тіл адамға және дүниеге бағытталған екі жақты субстанция ретінде көрсетіледі. Тіл – адам – ғалам арақатынасынан адамның дүние туралы танымының тілде бейнеленуі туралы мәселе келіп шығады. Дүниенің тілде бейнеленуі А. Байтұрсынұлының пайымдауында «даналық» деп аталатын ұғымдық жүйе арқылы түсіндіріледі: «Адамның зейіні бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын, яки бар деп ұйғарылған нәрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде адамға бір үлкен ұғым пайда болады. Сол ұлы ұғым жүйесі даналық деп аталады. Даналықтың мақсаты бүтін ғаламды танып, бүтін ғалам атанған дүниенің жұмбағын (дүние мәселесін) шешпек (...)» [12, 211]. Автордың «даналық», «ұлы ұғым жүйесі» туралы ойлары тілтаным тарихындағы тіл арқылы берілетін «абсолютті шындық», «дүниенің тілдік бейнесі» идеяларымен үндеседі.
А.Байтұрсынұлы: «Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын – сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», – деп сөз өнерінің ерекше болмысын сипаттайды. «Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз. Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалатын сөз шумағы да тіл я лұғат деп аталады» дей келіп, тілді табиғатына қарай ақын тілі, әншейін тіл түрінде жіктейді. Ақын тілі көрнекті лебізге құрылса, әншейін тіл жалаң лебізге құрылады. Ақын тілі, біздіңше поэтикалық тіл, мінсіз болу үшін оған қойылатын талаптар ретінде, ғалым тілді таңдап қолдану(тіл қисыны) және тілді талғап қолдануды атайды. «...әңгіменің әдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде. Неғұрлым сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сәулетті әдемі болып шығатыны сияқты, неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі боп шықпақ» «Тілді таңдап қолдану» туралы тұжырымды мәтінтану теориясындағы сөйлеуші – мәтін – қабылдаушы арақатынасынан алып түсіндіруге болады. «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады» деген ғалым пайымдауы ойдың әсерлі болуы тыңдаушының (реципиент) қаншалықты түсініп, қабылдауына, оның өзі ой арқылы берілген ақпараттың реципиентке қаншалықты таныстығына да байланысты деген пікірлермен қабысады.
Тілді таңдап қолдану сөздің ішкі мәнінің тереңдігін, қиялдың кеңдігін, пікір байлығын танытатын шешендік сөйлеуді білдірсе (тілдің логикалық сипаты), тілді талғап қолдану тілдің сыртқы формасын (лексикалық құрамы, сөйлем құрылысы, фонологиясы) орнымен жұмсауды көрсетеді. Оның өзін сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, тіл көрнекілігі деп жіктейді. «Лебіз ашық мағыналы болу үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болуы керек. Адам анық танитын нәрсесін анық атайды да, көмескі танитын нәрсесін көмескі күңгірт атайды» деп тағы да тілдің таным әрекетінің нәтижесі екендігі жөніндегі көзқарасты бекіте түседі.
Ғалымның сөз өнері туралы ғылыми пайымдауларында тіл білімінде қолданылатын тіл, сөз, сөйлеу (речь) ұғымдарының ара жігі анықтала түседі. «Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз», яғни сөз өнерінің (поэтиканың) негізгі бірлігі сөз, ал «сөздің шумағы» тіл болып табылады. Сөздің белгілі бір жүйеде келуін тіл дейміз. «...әркім сөзді өз қалауынша алып, өзі оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөз сол адамның тілі болып табылады» дейді. Сондай-ақ өзінің табиғатында сөз сөйлеуден де іргесін ажыратады. «Әуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болуып естілуін айтамыз. Сөйлеу турасында айтсақ, сөйлеу ішіндегі сөйлемдердің үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз». Сонда сөз дыбыстардан тұратын тілдік категория болса, сөйлеу сөйлемдерден тұратын тілдік-ойлау категориясы.
Жоғарыда сөз болған тіл қисыны (тілдің логикалық қызметі) тілдің танымдық, шешендік қыры болса поэтикалық тілдің ендігі бір маңызды жағы ырғақпен байланысты. Қазіргі тіл ғылымындағы интология мәселесі А. Байтұрсыновта «тіл әуезділігі» деген атаумен алынып талданады. Тіл әуезділігі сөз әуезділігі, сөйлеу әуезділігі түрінде келеді. Екеуі де дауыс ағымына байланысты. Қазіргі дәстүрлі зерттеу нәтижесімен салыстыра қарастырсақ, сөз әуезділігі дыбыстар үндесуіне қатысты болса, сөйлеу әуезділігі сөз және бунақ екпініне сәйкеседі. Сөздің өнер болуы оның ұнасымына байланысты. Ұнасымдылықтың бір шарты ырғақ: «Сағат шық-шық еткенінің, тамыр бүлк-бүлк еткенінің арасы қандай бірдей болса, сөз сөйлегендегі дауыс ырғақ – ырғағының арасы да сондай бірдей болады» [12, 141]. Жалпы сөйлеудегі ырғақпен өлеңде болатын ырғақты ажырата тану үшін өлең ырғағын «жорғақты ырғақ» деп атайды. Ғалымның түсіндіруінше өлең ырғағы сөйлем ішіндегі буын сандарының бірдейлігімен ғана емес, сөз кестелерінің реттілігімен, сөздердің әуездес ұқсастығымен ерекшеленеді.
Лебіздің жалаң түрің А. Байтұрсынұлы қара сөз, көрнекі түрін дарынды сөз деп атай отырып, екеуінің де өлеңдісі, өлеңсізі болады дейді. Поэтикалық тілдің тек өлеңге ғана емес қара сөзге (проза) қатысты да қолданылатынын (Р. Сыздық) ескерсек, автордың дарынды сөз терминін поэтикалық тілге қатысты қолданып отырғаны сөзсіз. «Сөздің асылдығы ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады» [12, 208]. Ғалымның «дарынды сөз», «көрнекті лебіз», «асыл сөз» атап отырғаны поэтикалық тілдің әр қырынан көрінуі, танылуы деп түсінеміз. «Жалаң сөзді» «зейінді», ақыл мен білім иесі айта алса, «дарынды сөзді» шығаруға ақылдың өзі аздық етеді. Ол үшін терең пайым, күшті пікірмен бірге қиялдың шарықтайтын ерекше шабыты қажет. Ол – кез келген адамның пешенесіне жазылмаған, жаратылыспен біткен дарынның, қарым-қабілеттің жемісі.
Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» және Қ. Иассауи «Хикметтерінің» тіліне арналған «Түрки әдебиеттер тілінің танымы» атты еңбектерін қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму тарихының сүбелі екі кезеңінің (XI ғасырдағы түркі жазба әдеби тілі және XIX ғасырдың II жартысындағы қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі) басты өкілдерін талдау объектісі ете отырып, қазақтың поэтикалық тілінің бастау алған қайнарлы бұлағын танытуға арналған алғашқы зерттеу үлгісі деуге болады.
Алдымен зерттеуші поэзия тілін жалаң құрылымдық, лексикалық талдаумен шектелмейді. Кез келген шығарманың тілі оның шығу тарихымен, сол шығарма дүниеге келген дәуірдің қоғамдық, әлеуметтік құбылыстармен тығыз байланыста талдануы керек деғен принципті басты ұстаным етіп алған Қ. Жұбанов Хожа Ахметтің тіліңдегі жеке қолданыстарды, шығарма мазмұнындағы кейбір фактілерді тарихи этнографиялық, мәдени таныммен сабақтастыра қарастырады. «Яғни, ол әдебиет сол қауымның саяси құрылысын, мәдениет халін, шаруашылық күйін, дүниетану көзқарасы дәрежесін, әдет ғұрпын, қысқасы нені жақсы, нені жек көретінін бізден жасыра алмайды. Өйткені, біз қандай адам болмасын ол сол бір кездегі өзінің туған, өскен орталығының, әлеумет пен қоғам орталығының жемісі еді деп білеміз. Сол адамның сөйлеген сөзі, істеген ісі, қылуасы сол қауымның бір бөлігінің болса да мүддесін елестетпей қоймайды деп білеміз», – деп жазады [13, 300].
«Хикмет» тілінің танымдық, философиялық құндылығына «асыл сөз», «ақлият сөз» деп баға бере отырып, қазақ әдеби тілінің асыл қайнары – Хожа Ахмет Иассауи үлгі еткен түркі жазба поэзиясында жатқанын үлкен патриоттық сезіммен сөз етеді. «...түркінің сахрауй тілінен гөрі басқалау, әдеби қолданыстармен «будандасқан» мәдени формаларды көбірек қолданады... Сонымен бірге атай кететін бір ерекше жайт – «Хикметтің» кейбір толғауларының құрылысы да, буын өлшеуі де басқалардан гөрі қазақ тіліндегі өлең жырлардың буындық өлшеуіне ұқсас келеді», – дей отырып, хикметтің лексикалық құрамына, өлең құрылысына талдаулар, салыстырулар жасайды [13, 321].
Тілді оның құрылымдық, функционалдық сипаты тұрғысынан ғана зерттеудің аздық ететіні адам ақыл-ойының, сонымен байланыста тілдің жан-жақты дамып, ондағы адам факторының алдыңғы орынға шығуы нәтижесінде айқын көріне бастады. Тілді диахронды түрде зерттеуге ерекше мән беріліп, оның әдіс-тәсілі кеңейтілді. Тілді ұлт тарихымен, ұлт дүниетанымымен, ұлттық идеямен тамырластыра зерттеуге көңіл бөліне бастады. Тілді антропоөзектік парадигмада зерттеудің бір саласы – тілді ұлттың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, рухани болмысымен сабақтастыра қарастыру. Осы бағыттың басты көрінісі тіл білімінің этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану тәрізді жаңа салаларымен негізделді. Бұндай бағыттағы зерттеулердің негізі қазақ тіл білімінде Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Ж. Манкеева т.б. ғалымдардың еңбектері арқылы қаланды.
Аталған бағыттар бойынша тілдің коммуникативтілік (байланыстыру, жеткізу), информативік (ақпарат беру) қызметінен өзге мынадай қызметтері, қасиеттері бар: кумулятивтік, яғни ұлттық мәдениетті сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу қызметі, танымдық, адам ойын қорытып, таныту, жүйелеу қызметі, экспрессивтік-эмоциональдық, яғни адам сезімі мен көңіл күйінің, бағалауының тілдік көрінісі т.б.
Ұлттың тарихи дамуының түрлі кезеңдеріндегі тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, дүниені қабылдауын, сенімін, мифтік, діни көзқарастарын, ұстанымын, тұтынған бұйым-заттарын, сол арқылы әлеуметтік күйін, басынан өткізген түрлі оқиғаларын, ұлт, халық ретінде қалыптасу жолындағы күресін т.б. сол ұлттың тіліндегі көне сөздер, фразеологизмдер, аңыз-ертегілер мен жырлар, мақал-мәтел, жұмбақтарда сақталған этнографизмдер мен архетип түбірлер арқылы зерттеліп, қазақ тілтанымының, лингвомәдениеттанымының негізі салынды. Бұған Р. Сыздықтың тарихи-этимологиялық зерттеулері, Ә. Қайдардың тарихи-лингвистикалық, этнолингвистикалық зерттеулері, Е. Жанпейісовтің этнографиялық, тілдік зерттеулері, Ж. Манкееваның тарихи-танымдық, лингвомәдениеттанымдық зерттеулері дәлел бола алады. Аталған ғылыми зерттеулердің ізімен лингвомәдениеттану бағытындағы жан-жақты, сан-салалы жұмыстар дүниеге келді. Бұл – тілді ойлау мен таным контексінде зерттеудің алғашқы баспалдағы еді. Когнитивтік лингвистиканың қазақ тіл білімінде алғаш рет зерттеу нысанына айналып, оның жеке мәселелерінің сөз бола бастауы - XX ғасырдың 90 жылдары. Тіл біліміндегі осындай бетбұрыстар туралы: «Лингвистикалық поэтиканың дәстүрлі ғылыми базасы – тіл білімі қазіргі таңда ерекше қарқынмен дамуда. Оның негізгі қаруы гуманитарлық білімнің ғылыми парагматикасындағы интеграциялау принципі, соның ішінде адами ғылымның жетістіктерін белсенді құру және шығармашылықпен синтездеу – XX ғасыр мен XXI ғасыр басындағы лингвистиканың өзіндік дамуы мен концептуалды-конструктивті девизі, яғни, антропологиялық лингвистиканың қайта тууы.» – деп жазды профессор Қ. Ахмедьяров.
Қазақ тіл білімінде когнитивті лингвистиканың ұлттық негізде қалыптасып, кең қанат жаюы тілді дара тұлғаның танымы мен психикасы арқылы зерттеп, танудың лингвофилософиялық, лингвопсихологиялық негіздемесін жасаған лингвист ғалым Қ.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» [14]. деп аталатын еңбегімен тығыз байланысты.
Ғалым аталған еңбегінде қазақ тіл білімінде тұңғыш рет тілдік сана, дара тұлға, тілдік модельдер жүйесі, гештальт теориясы, мәтін құрылымы, көркем дискурс, мұң концептісі ұғымдарына түсінік беріп, лингвопсихологиялық, лингвофилософиялық талдау жасайды.
Кейінгі танымдық лингвистикалық зерттеулер негізінен тілдік тұлға мәселесіне қатысты, көркем шығармадағы концептілік құрылымды танытумен байланысты, дүниенің тілдік бейнесі мәселесін талдау арқылы, тіл мен ойлау, тіл мен мәдениет қарым-қатынасын сипаттау бағытында көрініс береді.
Алдымен жеке қаламгердің тілін зерттеуге арналған жұмыстардың көпшілігі шығарма арқылы танылатын автордың «көркем бейнесін», яғни тіл арқылы берілетін тұлғасын айқындаудың түрлі қырларын сөз етеді. Г. Снасапова «Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі лингвомәдени бірліктер» [15] тақырыбындағы кандидаттық жұмысында аталған шығарманың мәтініне контексуалдық талдау жасай отырып, автор қолданған лингвомәдени бірліктер арқылы ұлттық мінез, ұлттық менталитет мәселелерін сипаттайтын салт-дәстүр, ырым-жоралғы, наным-сенімдегі эталон, стеоротип, образ, этикеттік норма, коннотация түріндегі мәдени компоненттерді айқындау арқылы дүниенің тілдік бейнесін талдап көрсетеді. Нәтижесінде тіл – мәдениет – өркениет үштігінің ұлттық дүние бейнесін жасаудағы негізгі константа бола алатынын дәлелдейді.
Ф. Қожахметова Тұрмағанбет Ізтілеуов тілдік тұлғасын дискурс деңгейінде талдайды [16]. Жалпы дискурс терминінің өзі қазақ тіл білімінде әлі де орныға қоймаған ұғым. Көптеген зерттеулерде дискурс мәтін ұғымымен қатар алынып қарастырылатынын байқаймыз. Ф.Қожахметова дискурсқа берген анықтамасында: «Егер 60-70 жылдарда дискурс ұғымы бір-бірімен үйлесе байланысқан сөйлемдер не сөйлеу актілерінің тізбегі болып түсінілсе, ал бүгінгі таң ұстанымдарына назар аударсақ, онда ол мәтін және мәтінді түсінуге қажетті экстралингвистикалық факторларды (адресаттың ақиқат туралы білім қоры, ол жөнінде оның пікірі мен мақсат-бағдары) қамтитын күрделі коммуникативтік құбылыс» – деп баяндалады. Сондай-ақ зерттеушінің көрсетуінше, дискурсқа динамикалылық пен үрдістілік тән. Тілдік тұлғаны танытуда дискурс қаншалықты рөл атқарады десек, тағы да зерттеушінің өз уәжіне жүгінеміз: «Көркем мәтіннің тілдік құралдары арқылы автор әрбір оқырманды өзінің ішкі дүниесіне «үңілуіне», «өз тереңіне бойлауына», өзінің ішкі мүмкіндіктерін ашуына және оны санасына сіңіруіне, оқырманның уәждік жүйесін вербалдық сипатта жаңғыртуға, сөйтіп оқырманға өзінің «менін» танытуға бағыттайды. Көркем шығарма көркемдік әлем (таным) мен көркем тілі арқылы айтушы мен оқырманды бір-бірімен байланыстырады. Яғни, оқырман автордың таным әлемі мен «тіл әлеміне» енеді... Соның нәтижесінде оқырманды қызықтыратын, автордың көркемдік әлемін бейнелейтін қайталанбас ерекше «тіл әлемі» пайда болады». Т.Ізтілеуовтің ерекше дискурсқа құрылған шығармалары арқылы оқырман тек мәтін арқылы түсінілетін мәліметтерді қабылдап қоймайды, тілдік тұлғалардың мәтіннен тыс мазмұнын да ұғып түсіне алады. Ол үшін Т. Ізтілеуов өмір сүрген ақындық орта, оның ұлттық дүниетанымы, көзқарасы жете таныс болуы тиіс. Онсыз автор ұсынған танымдық әлемге ену қиын. «Көркем шығарма әлемінің құндылығы автор құрастырған тілдік бейне арқылы өз жан-дүниесінің шындығын қалыптастыру. Ең жоғарғы дәрежедегі тілдік тұлға (мысалы Т. Ізтілеуов) жеке санасы негізінде өзіндік танымын оқырман немесе тыңдаушы санасында қайта жасайды, өзінше жоспарлайды.» Ш. Ниятованың «Махамбет ақын тілдік тұлғасының концептосферасы» зерттеуінде тілдік тұлға «когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымы – концепт» арқылы талданады. Жалпы концепт ұғымы когнитивтік бағытта алынған зерттеулердің барлығында дерлік сөз етіледі. Әр зерттеуші өз зерттеу нысанына, бағыт, бағдарына қарай концептілерді тілдік тұлғаға, дүниенің тілдік бейнесіне, тіл мен мәдениет сабақтастығына, жеке тілдік құралдардың когнитивтік сипатын беру үшін де талдайды. «Кең мағынасындағы алғанда, концепті ғалам туралы білімдер жүйесінің (ғаламның концептуалдық бейнесінің) бір үзіндісі ретінде түсініледі де, индивидтің қоршаған ортадағы, ақиқат болмыстағы бар заттар мен құбылыстар, алуан түрлі объектілер туралы білетінінің, ойларының, қиялындағы көріністерінің бәрін қамтиды». Ш.Ниятова концепт көп компонентті, күрделі когнитивті құбылыс дей келіп, оны ортаңғы өзегі және өзек маңында топтасқан білім, түсінік, ұғым, ассоциациялары бар тұтас өріс түрінде қарауды ұсынады. Сондай-ақ зерттеуші концептінің табиғатын танытатын кілт сөздер, макроконцепт, микроконцепт концептілер, әмбебап, бірегей концептілер тәрізді терминдер қолданады. Осы талдаулар арқылы қазақ тіл білімінде поэтикалық тілді когнитивтік бағытта зерттеудің күрделеніп, ілгерілеушілік сипат алып бара жатқанын байқаймыз.
А. Жуминова «Ақын О. Сүлейменов тілдік тұлғасының тезаурусы» атты диссертациялық жұмысында тілдік тұлғаны оның қолданған сөздік әлемі арқылы талдаудың үлгісін ұсынады. Отандық лингвистикада тезаурус сөзін Л. В. Щерба «тілдегі барлық сөздердің қоймасы» ұғымында, өзінің түп мағынасында қолданған. Қазіргі таңда тезаурус терминінің мағынасы кеңейіп, сөздіктер мен зерттеулерде оның «әлем» (балалар әлемі, жасөспірімдер әлемі деген сияқты) мағынасы жиі қолданысқа ие болуда. Тезаурус сөзінің «әлем» ұғымына балама ретінде алынуы оның бір жағынан сөздіктегі материалдық болмысын (нақты сөздердің жиынтығы), екінші жақтан идеялық болмысын (сөз арқылы берілетін ұғымдар, дүниенің тілдік бейнесі) танытатын мағынасына байланысты болып отыр. Сондай-ақ әдебиеттануда тезаурус жазушының көркемдік әлемін сипаттайтын жиілік сөздігі ретінде қолданылады. Сөз болып отырған сөздік-тезаурус пен идеалды тезаурус-әлем бір-бірімен тығыз байланысты. Зерттеу жұмысында қазіргі тіл біліміндегі тілдік тұлға мәселесі, тілдік тұлғаның автор бейнесі категориясымен қатар талдануы сөз болып, мәтін, шығармашылық контекст, дискурс туралы зерттеу еңбектерге шолу жасалады. Концепт, концептуалдық талдау принциптеріне қатысты көзқарастар мен пікірлерге талдау жасалады.
Г. Снасапова жоғарыда біз сөз еткен еңбегінде тілдегі когнитивтік құрылым түрлеріне тоқталады. Қазақ тіліндегі негізгі концепт табиғатын бастан-аяқ талдауға құрылған «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны» аталатын диссертациялық жұмысында М. Г. Күштаева концептіні адамзаттың, халықтың, ұлттың ойлау өрісі мен дүниетанымын танып түсінуге мүмкіндік беретін мағыналарға ие сөздер тобы ретінде бағалайды. Сонымен бірге концепт белгілі бірмәдениетті танудың да кілті екендігін тілдік деректермен дәлеледейді (тіліміздегі «тары» сөзіне қатысты концептілік ұғымдар). Зерттеуші концептілерге талдау жасай отырып, әр ұлт тіліндегі концептілердің өзіндік ерешелігі болады, яғни концептіге ұлттық сипат тән деген қорытынды жасайды.
Тілдің дүниетанымдық сипатын жеке көркемдеуіш-тілдік тәсілдер қызметі арқылы талдауға байланысты Г. Зайсанбаеваның «Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі (біріккен зат атаулары)» [17] атты зерттеу жұмысын атауға болады. Автор: «Метафораның әртүрлі нысандар арасындағы ұқсастықтары солар туралы түсініктер арқылы қалыптасады. Сонымен қатар метафоралануға адамның эмоциялары, экстралингвистикалық білімі, тұрмыстық тәжірибесі кей жағдайда кездейсоқ түсініктері түрткі болып жатады» – деп жазады. Метафоралардың жасалу уәжін, танымдық қызметін, ұлт тіліне тән ерекшелігін саралай келіп, метафора жасауда адамның қоршаған ортаны, әлемді бақылауы, бағалауы, сезінуі, қабылдауының іздері «сайрап жататынын», яғни метафоралардың «антропоөлшемділігімен» сипатталатынын зерттеу жұмысының негізгі түйінді пайымдауы ретінде дәлелдейді.
С. Жапақовтың «Эпикалық фразеологизмдердің когнитивті негіздері» атты зерттеу жұмысын да поэтикалық тілдің когнитивтік аяда зерттелуіне қосатын өзіндік үлесі бар еңбек деп бағалаймыз. Когнитивтік зерттеуді одан әрі дамыту барысында автордың төмендегі пайымдаулары әсіресе құнды болмақ: эпос тіліндегі фразеологизмдер мифологиялық санамен, діни санамен, эстетикалық санамен, позитивті-логикалық санамен байланысты типтерге жіктеліп талданады; эпикалық фразеологизмдердің концептілік құрылымдарына талдау жүргізе отырып, концепт типтері ұжымдық санада инвариант, индивидтік санада вариант түрінде болады деген қорытынды жасайды; Сондай-ақ эпикалық фразеологизмдердің концептілік құрылымдарының мазмұн межесінде «лингвистикалық» және «лингвистикалық емес» ақпараттар болатынын анықтап, «лингвистикалық» ақпаратқа фразеологизмдердің мағыналары, синонимдері, варианттары жатады, ал «лингвистикалық емес» ақпараттарға фразеологизмдердің мағыналары арқылы танылатын интеллектуальды, эмоциональды, эстетикалық ақпараттар жатады деп көрсетеді. Эпикалық фразеологизмдердің мазмұнында жасырынып жатқан (кодталған) «аялық білімді» ашудың үш түрлі әдісін қолданады: 1. фразеологиялық бірліктердің тасаланған ішкі формасын ашу; 2. басқа мәтіндерден контекст іздеу; 3. ақпараттарды анықтайтын лұғат (тезаурус) құру. Зерттеуші аталған джщлшоеңбегінде қазақ тіл білімінде алғаш рет «эпикалық сана», «эпикалық фразеологизмдер», «прецедентті феномен», «прецедентті мәтін» терминдерін қолданып және дербес зерттеу объектісі етіп алған.
Сондай-ақ, А. Әмірбекованың, Н. Аитованың, Б. Ақбердиеваның зерттеу жұмыстарын қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттың ғылыми-теориялық тұжырымдамаларын өзіндік ой-пікірлерімен толықтыра түсетін еңбектер ретінде қарастыруға болады.
Жоғарыда сөз етілген зерттеулердің қай-қайсысында да дүниенің тілдік бейнесі басты нысанаға алынып, бірақ түрліше қырынан сипатталады. Осы мәселені арнайы зерттеу нысаны етіп алған еңбектің қатарында Ислам Айбаршаның «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік бейнесі» [18] атты докторлық диссертациясын жатқызуға болады.
Тіл мен мәдениеттің сабақтастығы, тілдің белгілі бір ұлттық менталитетті танытатын мәдени бірліктер мен мәдениетке қатысты білім қорын сақтап кейінгіге жеткізуші құбылыс екендігі туралы мәселені жан-жақты зерттеуге арналған лингвомәдениеттану деп аталатын тіл білімінің арнайы саласы ірге тепкені белгілі. Лингвомәдениеттану тіл мен ұлттық рухани мәдениеттің, тіл мен халықтық мәдениеттің, тіл мен халықтық шығармашылықтың байланысын, оның түрлі ұлт тілдеріндегі арақатынасы мен сабақтастығын зерттейді. Ислам Айбаршаның зерттеу еңбегінде ұлттық мәдениеттің тілде орныққан тілдік бейнесі дүниетанымдық концептілер жүйесі, символдар, этномәдени белгілер, ұлттық реңктегі фразеологизмдерге талдау жасау барысында ашылады. Еңбектің ғылыми бағытының ерекшелігі оның қазақ ұлтының тілдік, мәдени менталитетін жеке-дара алып қарамай, жалпы адамзатқа ортақ мәдени құндылықтар контексінде қарастыруы болып табылады. Ол үшін бір-бірімен ұқсас және ұқсамайтын тілдердегі рухани белгілерге салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулер жүргізген.
Ғалым Уәли Нұргелдінің «Қазақ мәдениетінің теориялық негіздері» [19] атты зерттеуіндегі поэтикалық мәтін мәселесі, мәтіннің қабылдануы, мәтін қабылдануындағы адресат факторы, мәтіннің коммуникативтілігі, көркем мәтіндегі концептілік жүйенің берілуі, тілдік тұлға факторы мәселелеріне қатысты ой-тұжырымдарын қазіргі кезде шұғыл дамуға бет алған қазақ тіл біліміндегі когнитивті зерттеудің теориялары мен терминологиясын ұлттық сипатта орнықтыруға айтарлықтай үлесі бар ғылыми сараптама ретінде маңызға ие болды.
