Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Жыраулар тилинин танымдык табигаты.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
177 Кб
Скачать
☆

2.2 «Жалғыздық, жекелік» концептілері

Жалпы адами түсінікте үрей, қорқыныштың жалғыздық, жалғызсыраумен қатар жүретіні белгілі. Ал қазақ халқының менталды ұғымындағы жалғыздық тек жеке эмоциямен өлшенбейді, жаратылыстың заңдылығымен, әлеуметтік, қоғамдық түсінікпен өлшенеді. Қазақтар үшін «көптік» ұғымы, яғни өсіп-өну, ұрпақ жаю, жыраулық тілмен айтсақ, «дүреу» – өмірдің негізгі мәні. Қазақ жалғыздықтан қорқады, жалғыздықтан жапа шегеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді, немесе «жағама қолдың тигенін жалғыздық сенен көремін» деп күйінеді, «жарлы байымай ма, жалғыз өспей ме?!» деп бір уақыт өзін жұбатады да. Жалғыз және көп қазақ халқының концептуалдық танымында дүниенің жақсы және жаман бөліктері ретінде бағалауыштық өлшемге ие. Жалғыздық концептісі өмір сүрген кезеңіне, қалыптасқан поэтикалық мектебіне қарамастан барлық жырауларда кездеседі. Мысал келтірейік:

Жағдайсыз жаман қалып барамын,

Жанымда бір туғанның жоғынан (Доспамбет)

Көп ішінде бір жалғыз,

Көп мұңайып жылайды,

Күйбеңдескен көп жаман

Тілі тигенге ұқсайды. (Шалкиіз)

Менің достым бар-ды һәр жерде,

Іздесем табылмайды тар жерде,

Табылмаса қайтейін,

Мен ісімді хаққа тапсырғанмын һәр жерде.

(Шалкиіз)

Жалғыз туған жігіттен

Сырым тікен тал артық. (Бұхар)

Жалғыздықдың жағымсыз сипаты көп және аз ұғымдарының салыстырмалы контексінде тереңдей түседі:

Аздың да ісі бітер ме,

Көптің де ісі жетер ме?

Көп ішінде бір жалғыз

Сөйлеп те сөзі өтер ме? (Бұхар)

Жалғыздық – жалғыз (адам), жалғыз ұл, ал көп – рулы (ел), ораздының он ұлы ұғымдарына баламаланып беріледі.

Рулының оғы қалса, табылар,

Жалғыздың тартатұғын жағы қалса, табылмас.

(Бұхар)

Ораздының он ұлы

Ойын салып жүргенде,

Жиырлының жалғызы

Жер сабалап қалған күн.(Шалкиіз)

Бірақ жалғыздық жаман болғанмен, жалғыз барлық уақытта жаман емес. Жалғыз жыраулық философияда көптен, жалпыдан ерекше, дара тұлға ретінде марапатталады:

Жаңғызға зорлық қылмаңыз,

Жағасынан алмаңыз,

Өзіңіздей жақсы-сындарға

Анау деген ат болар. (Бұхар)

Жалғызды жалғыз демеңіз,

Жалғыз көпке теңеліп,

Бір жапанда соғысып,

Кегін алмас демеңіз. (Бұхар)

Атадан алтау, жетеу туғанменен,

Соның ішінде біреуі-ақ сүтін ақтар. (Көтеш)

Атадан алтау тудым деп,

Салмақтама немеңді,

Салмақтасаң немеңді

Тәңірі тесер төбеңді.

Бір жеке туғанға жолығып,

Өкпесі сонда торығар...(Шалкиіз)

Іс бітірмес жамандар,

Жүз болса да, бірмен тең. (Шал)

Сопылық дүниетанымға негізделген жыраулық қолданыста жалғыздық пен жекелік өзара іргелес те, алшақ та ұғымдарды беретін когнитивтік бірліктер ретінде танылады. Жалғыз және жеке сөздері лексика-семантикалық бірлік ретінде бір деңгейдегі мағыналас сөздер болғанымен белгілі бір ұлттың тілдік-мәдени контексіндегі менталды бірлік – концепт ретінде кейде бір-бірімен сәйкесе бермейді. Жалғыздық концептісі жыраулық поэтикада бір, тақ, жалғыз сөздерінің ұғымдық аясында айқындалады. «Жалғыздық тек аллаға жарасқан» деген философиялық концепция бойынша жалғыздық жеке адамдар үшін «жаман» деп бағаланса, жекелік керісінше, «даралық, өзгеден ерекшелік, артықшылық» ретінде бағаланады. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген қанатты қағиданың астарында жалпы көпшіліктің немесе бірыңғайлықтың антиподы жеке, яғни дара тұлға туралы таным жатқаны аңғарылады.

Жалғыздық – жаман, бірақ жалғыз жекелікке қол жеткізсе, ол – жақсы. Жекелік, бір жағынан жалғыздың шыңдалуы, көппен (жалпы тобырмен) тайталас үстінде қалыптасуы деуге болады. Жалғыздықтан жапа шегіп, көптігін мақтан тұтатын (Атадан алтау туғанның, Жүрегінің бастары алтынменен бу болар, Атадан жалғыз туғанның, Жүрегінің бастары, Сары да жалқын су болар, Жалғыздық сені қайтейін. Ақтамберді) қазақы менталитет жекелікті дәріптейді.

Жалғыздық, даралық концепциясының түпкі бастауы мифтік танымда жатыр деуге болады. Дүниенің жаратылуындағы дуализм ілімінде адам жанының егіздігі. Кейін сыңарынан айрылған жанның жалғыздықтан жапа шегуі немесе жұптан таққа, тақтан жекеге айналуы. «Оғыз-қаған» эпосының поэтикасын зерттеуші Қ. Өмірәлиевте: «...эпостық жырда батыр ұл ата-анасын, халықты зарықтырып барып, ғаріптік заман басқа түскен кезде дүниеге келеді. Ол – жаудан, зұлымдықтан құтқарушы, әділетсіздікті, жауыздықты жеңуші, ата-ананы, ел-жұртын игілікке жеткізуші герой» [21] – деген пікір-тұжырым бар. Қазақтың батырлық жырларында зұлымдықпен күресуші топ не көп емес, жалғыз. Жалғыздың дүниеге келуінің өзі тылсым құдіретпен байланысты (әулиелердің аян беруі, пері қызынан туу, нұрдан жаралу).

Жалғыздықтың мифтік астармен астастырылып берілу үлгісін Қашағанның мына жолдарынан танимыз:

Отпан таудың басында

Дегелек деген бар,

Әуеде жүріп ысқырса,

Мың орда жылан басылған.

Алдымен, мифтік дүние бейнесінде құс пен жыланның алатын өз орындары бар: бірі дүниенің жоғарғы қабатын, екіншісі дүниенің астыңғы қабатын мекен ететін сиқырлы күш иелері (ертегілердегі самұрық құс, жер астындағы Жылан Бапы елі) Мифтік, ертегілік сюжеттерде жылан мен самұрық құс бір-біріне жау(Самұрықтың балапандарын жегелі жатқан айдаһарды жеке батырлардың өлтіруі, сол арқылы самұрықтың құрметіне ие болуы) Екеуі де адамдық әлемнен (космостан) тыс, хаостық әлемнің өкілдері. Отман тау (мифологиялық дүниедегі Қап тауы) – космостық әлем мен хаосты бөліп тұрған кеңістік немесе хаостық әлемнің өзі, кейде дүниенің ортасы, кіндігі бейнесінде алуға да болады. Ойымызды бекіте түсу үшін мифтанушы ғалым С. Қондыбайдың еңбектерінен келесі мәліметті пайдаланамыз: «Түркі архаикалық мифтерінде жоғары мен төменнің зооморфты (ғаламды аң-құс кейпінде бейнелеу) бейнесін көрсету дәстүрі болған. Бұл бойынша аспан – жоғарғы дүние қарағұс [ворон], ал су, төменгі дүние жылан кейпінде суреттелген. Ал ажырамаған аспан мен су түсінігіне қарағұс пен жыланның синтезделген, жасанды біріккен образы – Кер Ютпа [кер жұтпа немесе қара жұтпа] құбыжық образы жасалған, қазақ мифі бұл образды ұмытқан, бірақ қарағұс пен жылан қазақ фольклорының жиі кездесетін бейнелері болып қалып отыр» [22].

Біздің ойымызша, Қашағанның ақындық қабылдауында дегелек құс – жекенің, жылан – көптің (мың орда) символы ретінде де алынып беріліп отыр. Ордалы жыланның мифологиялық, тылсымдық үрейі басым. Қазақ халқы ордалы жыланның ордасын бұзбауға тырысқан. Байқаусызда жыланның ордасына зақым келтіріп алса, басқа жаққа қашып, көшіп отырған, себебі ордалы жылан өзінің ордасын бұзғанды кешірмейді, қайда жүрсең де тауып, кек алады деген түсінік бар. Сондай үрейлі, тылсым күшке ие ордалы жыланның өзі әуедегі бір ғана дегелек құстың ысқырығынан басылады деген түсінік арқылы Қашаған жекенің құдірет-күшін меңзеп отыр.

Жалғыздық концептісіндегі фреймдер: жалғыз, жалғызсырау, жапа-жалғыз, жалғызілікті, жалғыз ұл, ой-схема: Құдай жалғыз – мен жалғыз; Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан; Жалғызынан айрылу; Жалғыздың үні шықпас; ой-сурет: «жалғыз жейде», «жалғыз атты жолаушы», «жапанда жалғыз қалу», «жалғыз мола» «жар басында жалғыз үй» т.б. Жалғыз сөзіне (дара және тіркес түріндегі формаларын қоса алғанда) қатысты сөздіктегі мағыналар: Жалғыз. «Тек бір өзі ғана, дара, жалқы», «Бір өзі – салт қара басы»; Жалғызда. «Бір-бірлеп, біртіндеп»; Жалғыз-жарым. «бірен-саран, некен-саяқ»; Жалғызсы. «Елегізу, құлазу»; Жалғызіліктік. «Қарайласары жоқтық, жалғызбастылық» Осы мағыналық қатардың ішінде «Елегізу, құлазу», «Қарайласары жоқтық, жалғызбастылық» семалары жалғыздық концептісіндегі жағымсыз сипатты (жалғыздық - жаман) айқындап тұр. Жеке сөзінің семантикасын талдасақ. Сөздікте жеке 1.«Дербес, бөлек, өз алдына»; 2. «Өзіндік бір өзіне қатысты», 3. «Оңаша, дара». Жеке-дара 1. «Ерекшелік, даралық»; 2. «Оңаша, жападан-жалғыз, оқшау»; Жеке-жеке «Бөлек-бөлек, бір-бірлеп». Екі сөздің мағыналық ұштасуы «жалғыз, оқшау» және «бөлек-бөлек, бір-бірлеп» семаларында көрінеді, мағыналық алшақтығы: «елегізу, құлазу», «жалғызбастылық» мағынасы мен «ерекшелік, даралық» мағыналарының жағымды, жағымсыз астары арқылы сипатталады.

Жыраулар когнитивтік санасында жалғыздық, жекелік концептісі «Алла - бір» концепциясымен, «өлім» концептісіндегі «бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» идеясымен, яғни өлім алдында адамның жалғыздығымен (ағайын-тумаң, бала-шағаң, мал дүниең ешқайсысы сенің өлім алдындағы дәрменсіздігіңе ортақтаса алмайды, ажал алдында сен жалғызсың, көрге жалғыз кіресің), «жалғыз перзенттен айырылу» – «қайғы, мұң-шер» концептілерімен де астасып айқындала түседі.