- •Жыраулар тілінің танымдық табиғаты
- •1 Когнитивтік лингвистиканың қалыптасу тарихы
- •1.1 Тіл мен таным арақатынасына байланысты көзқарастар
- •1.2 Когнитивті зерттеулердің қазақ тіл біліміндегі көрінісі
- •2 Жыраулар тілінің танымдық табиғаты 2. 1 «өлім», «қайғы», «мұң» концептілері
- •2.2 «Жалғыздық, жекелік» концептілері
- •2.3 «Атамекен» концептісі
- •2.4 «Ақындық» концептісі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
2.4 «Ақындық» концептісі
Қазақ халқының концептуалдық дүние танымында базалық концепт болып есептелетін «ақындық» концептісін сөз ету үшін алдымен жалпы жыраулық табиғаттың адамзаттың рухани құндылығына қатысты белгілі бір ұлт мәдениетінде көрініс берген ерекше құбылыс (феномен) ретіндегі болмысына талдау жасау қажет. Жыраулық болмыстың қайталанбас (әдеби-тілдік көркемдік, философиялық-логикалық тереңдік) табиғатында ерекше назар аудартатын құбылыс оның ауызша таралып ауызша жетуімен байланысты. Сондай-ақ жеке адамдардың (тыңдаушы, қабылдаушы әрі жанама автор, айтушы) жадылық қабілетіне ғана сүйеніп, уақыт керуенімен бірге көшіп жеткен өлең мәтіндерінің мазмұндық, коммуникативтілік ерекшелігі де назар аударуға тұрарлық мәселе болса керек.
«Ақындық болмыс» бұл жерде «өлең жазатын, өлең шығара алатын шығармашылық адам», «поэзиялық шығармалардың авторы» деген ұғымнан бөлекше. Ақындық болмыстың ерекшелігі – жыраулық дәстүрдің, жалпы жыраулық қабілеттің, жыршылық дарынның бөлекше бітімімен түсіндіріледі.
Жыраулық дәстүр туралы сөз болғанда оның басты ерекшелігі ретінде алдымен жырдың ауызша дүниеге келіп, ауызша таралу қасиеті аталады. Қандай жыр (жыраулық дәстүр туғызған) болмасын белгілі бір оқиға үстінде, ерекше шамырқанған немесе толқыған сезім үстінде, кейде оқыс жағдайларда дүниеге келіп, сол бойда тыңдаушысына таралып, сол тыңдаушылары арқылы әр жерде қайталанып жадыда өшпестей жатталып қалып отырған. Қазіргі ғылыми пайымдауда жыраулық дәстүрдегі мұндай ауызша шығарылып, ауызша таралу салты сол кездегі қоғамның, ортаның мүмкіншілігімен түсіндіріледі, Яғни жазу-сызудың кенже қалуы, жыраулық дәстүрдің, нақтырақ жыраулардың қоғамдық билікте, елді ұжымдастырып, басын қосуда, кейінірек көшпелі өмір салтында насихаттау, мәдени, әдеби шаралардың орнын басу тәрізді қызметтерді қоса атқаруы, жырлардың қоғамдық, әлеуметтік өмірде ерекше және бірден-бір құралға айналуы деген сияқты уәждер айтылады. Шын мәнісінде, белгілі бір ұлттың, халықтың ғана емес тұтас адамзаттың рухани жетістігі бойынан табылатын поэтизмнің көркем де құнарлы үлгілерінің ғасырлардан ғасырларға көркемдік құнын да, мазмұндық, проблемалық мәнін де жоймай жалғасуына жыраулық қасиеттің қайталанбас ерекше болмысы себеп болуы мүмкін.
Ақындар ерте дәуірлерден бері қарай түркі тілінде түрліше атауларға ие болған. Жыраулар тілінде ақындыққа қатысты «жырау», «жыршы», «ақын», «шайыр», «тақтақ» сөздері қолданылады. Ал Қарақалпақ, басқа да кейбір түркі халықтарында «бақсы» сөзі «ақынның» орнына жүрген. Бақсы біздің түсінігімізде: «шамандық сенімнің басты өкілі. Қолына қобыз алып, аспаптың сиқырлы үнімен түрлі тосын қимыл-қозғалыстармен (билеу, секіріп үйдің шаңырағына шығып кету, темірді қыздырып аузына салу т.б.) аурудың иесін, жындарды аластайтын ерекше қасиетті, табиғаты жұмбақ адамдар». Бақсы сөзінің этимологиясын Қ. Жұбанов музыка тарихына қатысты еңбегінде кеңінен сөз еткен: «Қазақтың бақсылары, есепшілері, тістің құртын шақыратындар, жыланды, бүйіні шақыратын тамыршылар, қобызшы, домбырашы, әншілер – көбісі сол шаманнан өрбігендер. Бұл жалғыз қазақта ғана емес, қоғамның дамуының белгілі дәуірінде қай елде де болған нәрсе. Алғашқы әзірде қобыз немесе басқа түрлі инструментке қосып өлең айтып, сол өлеңмен ауруды емдеп, немесе басқа түрлі аспап үнімен, сиқырлы істерімен тиісті міндетін атқарып жүрген шамандар бері келген соң қоғам ішіндегі түрлі зиялылардың аты болып кетті. Ежелгі ұйғырларда бұл сөз оқымысты мағынасында болған... Қазақта «ауруды бағу» дегендегі «бақ» түбірі осы «бақсы» сөзімен түбірлес болуы керек». Әрі қарай түрлі тілдердегі бақсы сөзінің баламасына мысал келтіріп, бақсы сөзінің «әнші, ақын, музыкант», «көркемөнерші», «хатшы» мағынасында жұмсалғанына тоқталады. Сондай-ақ Қ. Жұбановтың көрсетуінше, түрікпендерде музыкант «бақшы» деп аталады, кез-келген адам бақсы бола алмайды, ол тұқым қуалайтын қасиет. Қырғыздарда «жомоқшылар» қасиетті, киелі саналып, олар жыр айтқанда үй шайқалған, дауыл соғып, бүкіл дүние «табиғат тактісінде билеп кететін болған» дейді. Осындай жұмбақ жайттар қазақ жырауларына да тән. Қазақ ноғайға бірдей ортақ «Мәулімнияз-Едіге» жырын толғағанда дауыл тұрып, табиғатта аласапыран түсініксіз құбылыс болатындығы туралы Қ. Сәтбаевтың естелігінде айтылады. «Маңғыстаулық Мұрын, Қарасай жыраулар жырлағанда шілдеде қырбық қар түседі екен» деген көнекөз қарттардың әңгімесі де бұған дәлел бола түседі.
«Осыған қарап, жыршы, әнші ерте кезде жай адам болмай, ол да бір үйлі-күйлі адам болғанын, ол да бақсылар тәрізді магия иесі болғанын көреміз. Осының бәрінен көретініміз – музыка алғашқы әзірде тек сауық үшін ұсталған нәрсе емес. Табиғаттан сыртқы бір ірі күштер мен адамның астарласуына керек болған магиялық бір бөлшек екенін көреміз» деп қорытады Қ. Жұбанов [13, 278-281].
Ш. Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты атақты еңбегінде: «Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау...
Шамандар аспан тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушылары есебінде саналды. Шаман сиқырлы қасиеттерімен қоса, білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, күйші де, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қазақтар шаманды бақсы дейді, ол сөз монғолша оқытушы деген, ұйғырлар бахшы десе, түрікмендер осы атаумен өздерінің ақындарын атайды. Командар шаманды қам десе, сібір татарлары да дәл солай атайды» [25, 11-14] – деген пікір айтылады. Осындай зерттеулердің ізімен сөз болып отырған атауға қатысты Е. Жұбановтың да пікірлерін қоса кетуге болады:
«Жалпы тюркологияда бұл терминге түсінік беру ісі сонау Л. З. Будагов пен Радловтан бері қарай үзілмей келеді. Бұл сөздің этимологиясын әрегіректен іздестірген автор деп А. Н. Самойловичті атауға болады. Ол «бақсы» дегеннің түбірін санскриттен, болмаса қытай тілінен ауысқан дейді. Сонымен қатар бұл терминнің ежелгі ұйғырларда будда дінін үйретуші адам деген мағынада қолданылғанын да ескертеді.(Самойлович А. Н. Очерки по истории туркменской литературы. – Сб.: «Туркмения», т. I. Л., 1929, с. 131, 145. Жирмунский В. М., Зарифов Х. Т. Узбекский народный героический эпос. М.,1947)
В. М. Жирмунский өзінің Х. Т. Зарифовпен бірлесіп шығарған еңбегінде сөз болып отырған терминнің өзбек тіліндегі мағынасын түсіндіреді» [25, 75-81] Осы авторлардың пікірінше өзбектерде халықтық дастандарды үш түрлі атайды: бахши, шайыр, джироу. Соның ішінде бахши атауына ерекше тоқталады. Бахшиның екі жақты мағынасы бар: бір жағынан бақсы халықтық түсінікте сиқыршы, халықтық емші, музыканың магиялық күшімен аурудың иесін – жындарды қуушы, екінші жағынан эпикалық жыршыларды, ұзақ дастандарды орындаушыларды осылай атаған. Авторлар ертедегі бақсылар тылсым күштердің сырын білетін ерекше құдірет иесі болуы мүмкін, ал қазіргі бақшыларға оның қатысы жоқ дегендей пікір де айтады. А. Н. Веселовскийдің «Тарихи поэтика» еңбегінде де ерте дәуірдегі өлең-жырлардың магиялық күштермен байланысты болғаны айтылады. Адамның балаң дәуірінде өлең, музыка еңбек ұжымының (қауымдастықтың) бірлесіп сиқырлы күш шақыратын құралы болған, яғни адамдар өлеңнің сиқырына сенген деген ой айтылады. А. К. Боровков «жырау» сөзінің Өзбекстанда сирек қолданылатынын, эпос орындаушылар «бахши», «шайыр» аталатынын жазады.
Сондай-ақ Е. Жұбановтың пікірінше Қарақалпақтың батырлық жырларды орындаушылардан ең үздік шыққандарды «өгіз жырау» деп атайды. «Мүмкін бұл түркі нәсілді халықтардың арғы атасы болып саналатын мифологиялық «оғыз қаған» есімімен де байланысты болар» деген ой айтады. Сонымен бірге өгіз атауын «узан» сөзімен байланыстыратын пікірлер де жоқ емес. В. В. Бартольдтың түсіндіруінде узан деп көне түркі тілінде ұзақ дастандарды, немесе оғыз-намені (оғыз наме сөзін А. К. Бартольд жалпы ұзақ дастандардың, батырлық жырлардың атауы ретінде береді) арнайы аспаптармен жырлаушыны атаған.
Е. Жұбанов жоғарыдағы пікірлерге талдау жасай келіп: «Қысқасы, қай халықта болмасын эпостың орындаушыларын киелі аруақты санап, оларды өлең айтқанда жаратушы тәңірінің өзі қолдап отырады деген түсінік туған. Тіпті, эпосты орындаушы жыраулардың өздері де өз өнерін тәңірдің берген сыйы деп ойлаған» [27], – деп қорытындылайды.
Жоғарыдағы пікірлерді саралай келе, ақындық қасиеттің көне түркі тілінен үзілмей келе жатқан атаулары ретінде «жырау», «жыршы», «шайыр», «жомоқшы», «бақсы», «узан» сөздерін атауға болады. Осы атаулардың қай-қайсысы да қазіргі түсініктегі ақындықтан әлдеқайда терең, жан-жақты («ерекше қасиет иесі», «киелі, аруақты адам», «оқымысты, дана», «музыкант», «дін иесі», «емші») ұғымда қолданғаны анық.
Ақындықтың поэтикалық тілдегі сипатына келсек, алдымен ақындық тұлғаның «мендік» бейнесі жүйрік, шайыр, шешен, жорға, шұбар, саңлақ, бәйгекер, тұлпар сөздерінің образдық өрісінде сипатталады:
Таңдайы тайпақ шешеннен
Сақыраның мен Нұрымы, –
Сөз порымы табылмақ…
Су тағының құлыны,
Зейіні зерек шешенмін
Тайпалмас жүйрік жорғасы…
Аузым жүйрік жүлділі…
Шабатын жүйрік мен едім,
(Сәттіғұл) (Нұрым)
Шайырлықтың белгісі
– Сөзге қамшы салдырмай…
Ажарлап сөзін өңдейтін…
Айтулы жүйрік мен едім,
Жорғамын сүргін басқаны-ай,
Алысқа шапқан шұбалып…
Таусылмайтын сарқылып
Жылқы ішінде шұбармын,
Қайнармын өзен тасқан-ай…
Шұбарға таққан тұмармын,
Мен – ежелгі жүйрікпін,
Өзім шұбар болған соң,
Алдына қара салмаған…
Әр-бері сөйлеп қызған соң,
Айтулы жүйрік мен едім,
Топтан ойнап шығармын…
Салдырмай қамшы ұмтылған...
Мен – байрақты жүйрік
саңлағың…
(Сәттіғұл) Мен – ежелгі бәйгеке (Ақтан)
Мәтіндегі жүйрік, жорға, шұбар, саңлақ, бәйгекер, тұлпар сөздерінің мағыналарын жылқы атауының семантикалық аясына топтастыруға болады. Немесе «ақындық – жүйріктік» концептісінің бір кілт сөзі жүйрік, яғни жылқы. Жүйрік сын есімінің заттық мәні (жылқы) шабатын, салдырмай қамшы, алысқа шапқан етістіктері арқылы өзектендіріліп тұр. Шұбар сөзінің семантикасында әрі сындық әрі заттық мағына сыйдырылып берілген. Шұбар – ерекшелік өзгеге ұқсамайтын бөлекше түр. Яғни өзгелер ортасындағы меннің бейнесі. Көптің, жалпының ішінен айрықшаланған жеке бейнесі. Шұбардың елден ерек көзге түсер сұлулық бейнесі екендігі Нұрымның ұзатылатын қызға арнауынан да көрінеді:
Әдебің жаннан артық қызбалықты,
Жылқының болған әуес шұбарындай.
Жорға – жылқының ерекше сәнді жүрісі. Тіліміздегі «жорға жүріс», «жорға бәйге», «үстінен су төгілмес жорға» тіркестерінен жорға сөзінің экспресcивті, эстетикалық ренкі байқалады (жағымды, әдемі,сұлу).
Сондай-ақ «көлденеңдеп желу», «шұбалу», «ойнап шығу» образды тіркестері жылқы жүрісінің (шабысының) адамның көруі арқылы қабылданатын сыртқы суретін және оны қабылдаудағы талғам-талабын да сездіреді (яғни көлденеңдеп желу, шұбалу, ойнап шығу – шеберлік сән-салтанат). Ұмтылу, жұлқыну, сүргін сөздері жылдамдық, ширақтық ерекше энергия және даралыққа ұмтылу (өзгелерден озу, жеткізбеу, жеке дара шабу) реңктік мәнімен сипатталады.
Жалпы ақындық меннің коннотатциясында «жеке» мен «көптің», «жалқы» мен «жалпының» ара жігі ажыратылып, жеке және жалқы ұғымы дараланады. Жыр контекстіндегі «топ, ду, алаш» сөздері – «көп, жалпы» мәнінде жекенің (жүйрік) ерекше болмысын айқындап, оқшаулап көрсету үшін, фон ретінде беріліп тұр. Яғни дудың (дуылдаған топ, орта, алқа, көпшілік), топтың, көлденең алаштың (жалпы қазақ, адам баласы) ортасынан бөлініп шыққан дара жүйрік. Ақындықтың жылқымен баламаланып берілуі оның бойындағы жүйріктік қасиетімен байланысты екендігі түсінікті. Сонда жорға, шұбар, саңлақ, бәйгекер, тұлпар сөздерінің ортақ атрибуты – жүйрік атауы, ал осы атаулар тұтасымен шайырлықтың, шешендіктің сипатын беру үшін жұмсалып тұр.
Сондай-ақ жүйрік жылқыға тән қимыл-қозғалыс та өзінің сән-салтанатымен шешендік пен шайырлықтың, асқан жыршылықтың белгісі ретінде жыр контексіне алынған:
Жорғамын сүргін басқаны-ай… Көрген алаш көз салар,
Хас жүйріктің белгісі Көлденеңдеп желейін…
Дуды көрсе жұлқынған Айтулы жүйрік мен едім,
Айтулы жүйрік мен едім, Алысқа шапқан шұбалып…
Салдырмай қамшы ұмтылған... Топтан ойнап шығармын…
Сақыраның мен Нұрымы, – Тұяғым тайпақ сүргінмін,
Тайпалмас жүйрік жорғасы… Түгескен топты жорғалап.
(Нұрым) (Ақтан)
Ақындық «меннің» сипаты, сонымен бірге тіл, көмей, ауыз, жақ, сөз, жыр сөздерінің семантикасында танылады:
Ауызым жүйрік тілділі… Халқыма қадір-сөзім ұнағасын…
Ажарлап сөзін өңдейтін… Шабатын жүйрік мен едім,
Сөз порымын тасталы-ай… Сөзге қамшы салдырмай…
(Сәттіғұл) (Қалнияз)
Сөйлей гөр, тілім, көмейім, Қалағандарың сөз болса, Бұлайша демей не дейін… Төгейін жырды қауғалап…
Аяйынба жел сөзді… Сөйлеген сайын табармын,
(Нұрым)
Тілің – шешен, ернің еп, Сөз енеді жағыма,
«Айтқыш» деп жүр ғой сені көп. Көмейімде бүлкілдеп
(ҚЖ 252) (Нұрым)
Екі ерін мен тіл таңдай,
Сөйлесін деп жақ берген.
(ҚЖ 307)
Бергенмін сөзден шашу, Пормылы сөздің құрғырын…
сыбағасын,
Аянып мерекеден қалғаным жоқ, Сөйлесем сөзім тақталы…
(Ақтан)
Тұлғаның тілдік бейнесі (языковая картина личности) ақындық тұрпаты, әсіресе, сөзді түрлі тіркестер мен байланыстарда алу нәтижесінде айқындалып, айшықтала түседі. Орыстың – «түр, қалып» мағынасындағы форма сөзі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өзінің шығармашылық кезеңін өткізген ақын-жырауларда образ үшін тілге жиі оралып отырған: сөз порымын тасталы-ай, сөз порымын табармын, пормылы сөздің құрғырын т.б.
Сөз ұғымының тезаурусын: сөзін өңдейтін, сөйлей гөр, сөзден шашу, қадір-сөз, сөзге қамшы салдырмау, қалағандарың сөз болса, сөйлеген сайын, сөйлесем, сөзім тақталы т.б. түрінде ұлғайта беруге болады.
Өлең, жыр кейде жауап, сана сөздерімен беріледі, әсіресе Аралбай жыраудың қолданысынан жиі байқаймыз:
Қалам алып хат жаздым
Өргізіп жауап ақылдан.
Сөзім – дария, тіл – шөміш.
Мен, жігіттер, алдыңда
Біразырақ сапырған.
Қасыңда сенің болмады
Ағайын-тума, ұраның.
Ағайын-туған не қылсын
Тура құрық келген күн –
Адасқан жауап бұларым
Қысқартайын жауапты –
Аяғы болсын таусылған……(Аралбай)
Қарағым –қалқам, баламсың,
Атаңның тыңда санасын. …(Аралбай)
Сөздің мағынасы сөздің парқы, сөздің пәмі түрінде беріледі:
Жақсы мен жаман айрылар
Сөйлеген сөздің парқынан.(Аралбай)
Көңілің – қожа, тілің – құл;
Айдасаң жүрер жолменен.
(Бәйімбет Телеуұлы)
Ақындық «меннің» табиғаты суға қатысты тілдік ракурста түрлі образдарға өрнек болады:
Сөзім – дария, тіл – шөміш... Мен – бір аққан дария.
(Аралбай) Кемерін соғып шырпынған.
(Аралбай)
Таусылмайтын сарқылып, Өлең деген дария,
Қайнарлы өзен тасқан-ай… Қауғалап қалай сарқайын…
(Сәттіғұл) (Сәттіғұл)
Құрсанған қара бұлтпын, Су тағының құлыны…
Шықтаған жерім жаураған… Бөгесе бөгет бермейтін,
Қайнарлы көзді бұлақпын, Қаратаудың ақпары…
Ортаймайтын қауғадан… (Нұрым)
Сөз асылын әшкертім,
Таңғы шөптің шығындай.
(Сүгір)
Ақындықтың жылқылық (жорғалық, саңлақтық, бәйгекерлік, тұлпарлық) табиғатында ақындық-өрлік, ақындық-асқақтық, сән-салтанат, тектілік, жанға жағымды, адамды ілгері ұмтылдырып, көңілге жел беретін серілік, сырбаздық, сонымен бірге, жүйріктік, шапшаңдық, тоқтаусыз екпінділік қасиеттері жатса, суға қатысты образында одан да өзге ақындықтың тосын жаратылысы қылаң береді. Су – дүние жаратылыстың басы. Бұл түсінік жыраулар дүниетанымында:
Дүниенің басы әуелі
Меруерт тастан жаралған.
Меруерт тас еріп су болған,
Судан еріп бу болған (Қашаған) – деген жыр жолдарымен өрнектеледі.
Сондықтан, су – қасиет көзі, өмірдің төрт негізінің бірі (аспан, жер, күн, су). Сондай-ақ адамзаттан тыс, тылсым әлемнің мекені де – су. Немесе мифо-поэтикалық дүние бейнесінде су – космос пен хаосты бөліп жатқан шек, шекара. Судың тылсымдық мәні «су тағының құлыны» образды тіркесінде бой көрсетеді. Мифтік түсінікте «суын» жылқының су астында өмір сүретін ерекше бейнесі. Суынмен (су тағысы) жер бетіндегі жылқының ортасынан (космос пен хаостың бір сәтке бірігіп, қайта ажырауы. Себебі космос пен хаос мәңгі бірікпейтін әртүрлі әлем) хас жүйрік дүниеге келеді. Қандай да бір ерекше жаратылыстың, құдірет иесінің тууын (мейлі ол адам болсын, мейлі ол жылқы не құс болсын) тылсым күштермен байланыстыру мифтік дүниетанымдағы ерекше құбылыс болып табылады.
Судың ақындық образға алынуында оның шексіздік, таусылмайтын көптік сипаты жатыр. Адамзат өзінің бітіміне (формасына), танымына (мазмұнына) сыймайтын құбылысты «қасиетті, құдіретті» санап табынады немесе «тылсым, құпия, жат» деп есептеп үрейленеді, қорқады. Адам, әсіресе, шексіздікке бағынады, шексіздікті қадірлейді. Адам үшін су (өзен, бұлақ, дария) шексіздіктің, молшылықтың символы.
Суда, сондай-ақ, екпін бар. Су – тоқтаусыз ағын, тасқынның, яғни мәңгі қозғалыстың көзі. Қозғалыс, қимыл-әрекет – өмірдің өзегі. Олай болса, ақындық та өлмейтін, өшпейтін, тіршілікпен бірге тоқтаусыз ағындағы құбылыс.
Біз жоғарыда сөз еткен жылқы, су, тіл (сөз) атаулары ақындық «меннің» жалпы тұрпатын (сыртқы формасын деуге болады) берсе, оның ішкі мәні қоғамдағы немесе «дүние бейнесіндегі» мазмұны мен атқаратын қызметі арқылы анықталады.
Ақындық болмыс – адамзаттың ішкі «үнін» сыртқа шығару құралы. «Көңілдің кірі айтса кетеді» дейтін халық үшін өлең-жыр –жүректегі «кіріңді» сыртқа шығарып тазару, ағарып ашылу жолы:
Әлейлі болса, әлеумет,
Көңілдің шерін шығарып,
Сөз порымын тасталы-ай…
Ақындық – адам баласының өмірдегі қызық, қуаныштарының базарлы тірлігінің айғағы. Оның шығармашылық кеңістігі – орта, алқа. Ақынсыз – алқа, алқасыз – ақын жетім.
Айтқыш деп мені айтады, Жұрт сүйсініп даңқыма
Алашты құртқан әлпайым… Отырдым сыйлы орында…
Хас жүйріктің белгісі – Сұрағаның сөз болса,
Дуды көрсе жұлқынған… Қалағаның біз болса…
Көрген Алаш көз салар Әзір күні келеді
Тұрмайын енді бұлданып… Үстімнен базар тарқамай.
Мен көріп торқалы той томағасын… Құралым неге тарқасын
Аянып мерекеден қалғаным жоқ… Бұл күндегі заманның
Болғасын шайыр дарханы-ай...
Ақын – елдің, жердің шежірешісі, өлеңмен өрілген тарихы, оның ақындық «мені» жеке-дара бола отырып, «топқа», «көпке» ортақ. Оның көптен тартынуына, бұлданып бой тартуына құқы жоқ. Себебі оның бойында ақындық құдірет бар, ол бүкіл адамзаттың ортақ игілігі үшін берілген оған. Сондықтан да ақындық болмыс ақындық «менге»:
Мен – Адайдың Ақтаны
Шежіре, шешен, тақтағы…
Мен – Адайдың Ақтаны,
Сөйлесе сөзім тақталы…
Мен несіне бойым тартайын
Шын жүйрігі болған соң,
Таңбалы тайпа рудың… –
деген жыр жолдарын айтқызады.
Ақындық, жыршылық – қасиетті жол.
Өнеге шашқан жыршылық,
Құдайға ол да құлшылық.(Сүгір)
Ол ата бабадан қалған жолмен жалғастығын тапқан, алқаның ақ батасымен орныққан өнер.
Атадан келген мирасы,
Дүлдүл жүйрік мен едім,
Алқалы жерде бата алған.(Сүгір.)
Ақындыққа кірсіз тазалық тән:
Шаң мен кірден сақтанған,
Тоты құстай баптанған
Сөзім күміс апталған
Сары алтынмен қапталған.(Нұрым)
Ол тәннің сыртқы тазалығы ғана емес, ішкі рухтың кіршіксіздігі.
Алқада жауап сөйлесе,
Түйінді сөзден аспаса,
Десте, десте сөз жөнін
Ретімен сәндесе,
Кемелдігін парықтаса,
Билігін алаш мақтаса,
Төмен жауап айтпаса,
Уәдесін сатпаса...
Сабырсыз сөзді қатпаса,
Орнына қойып баршасын,
Бір-біріне шатпаса,
Пікірге кәміл жұрт озған
Бұл – шешеннің реті.
Жыршыға, шешенге тән мінез: түйінді, десте-десте сөз, кемелдік, билік, уәделілік, сабырлылық, пікірге кәмілдік арқылы танылады.
Яғни ақындық, жыршылық болмыс – ол мәңгілік рухтың көрінісі, шынайы адамдықтың айқын үлгісі.
