Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
тол.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
115 Кб
Скачать
☆

2.1 Эмоция, психикалық жай-күй ұғымдарының түрлері

Психология тұлғаны психикалық процестердің, қатынастардың (темпарамент, мінез-құлық, қабілет, ерік т.б.) тұрақты тұтастығы ретін- де зерттейді. Психология эмоциялар, сезімдер, танымдық және басқа да процестер арқылы көрінетін адамның ішкі әлеміне басты назар аударады. Психология ерте заманнан келе жатқан білім салаларының бірі. Психология гректің «псюхе» – жан және «логос» – ілім деген екі сөзінің бірігуінен жасалған термин. Яғни, қарапайым түрде түсіндір- сек, психология – жан туралы ілім, ғылым тілімен айтсақ, психология – психикалық құбылыстардың пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтары туралы ғылым. «Психикалық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние зат- тары мен құбылыстарының мидағы әр түрлі бейнелері болып табылады» [31, 4]. Психикалық құбылыстар дегеніміз не? Психика- лық құбылыстар психикалық процестердің, психикалық қалыптың, психикалық қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Психикалық про- цестер деп адамның заттар мен құбылыстарды танып білуі ретінде көрінетін түйсік, қабылдау, елес, ойлау, қиял, ерік, сезім т.б танылады. Психикалық қасиет деп бір адамды екінші адамнан ажыратуға негіз болатын мінез, қабілет, темпарамент, талғам, дүниетаным сияқты ерекшеліктер танылады. Психикалық кейіп деп (кейбір әдебиеттерде психикалық қалып деп те беріліп жүр) үрейлену, абыржу, шабыттану, қорқу, ұялу сияқты адамның түрлі көңіл-күйінің компоненттері танылады. Адамның заттар мен құбылыстарды танып білуі ретінде көрінетін түйсік, қабылдау, елес, ойлау, қиял, ерік, сезім т.б. да психикалық процестер адам эмоциясымен тікелей байланысты. Адамның ойлау процесі туралы Қ. Жарықбаев: «Сыртқы дүниені толық тануға түйсік, қабылдау, елестер жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана білеміз. Түйсік, қабылдау 61 процестерінде сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бірақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының ішкі құрылысын, оның қажетті қатынастары мен байланыстарын жөнді ашып бере алмайды. Адамның ой әрекеті, әсіресе, түрлі мәселелерді бір-біріне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрінеді», – деп жазады [31, 184]. Яғни, ойлау дегеніміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Төмендегі микромәтінге назар аударайық. Осы Көкбайдың машинасына отырғаны үшін өзіне-өзі ыза боп келеді, осы Көкбайдың машинасына әкеп телігені үшін апасына ренжіді: «Ел сияқты автобуспен-ақ барып қайтатын едім ғой, жоқ жалғыз барсам мені бір қасқыр жеп қоятындай «дайын машина, дайын машина» деп қолды-аяққа тұрғызды ма», – деп ойлады (С. Мұратбеков). Машина ішінде отырған бала түйсік пен қабылдау арқылы алынған мәліметтерді, болып жатқан жайттарды сезім мүше- лері арқылы өңдеп, өкініп, ой қорытып, ренжіп отыр. Ойлау сезімдік мағлұматтардың негізінде ғана мүмкін болады. Ойлау өзіндік ішкі қарама-қайшылықтарға толы процесс. Ойлау процесінде жаңа, белгісіз, күтпеген нәрселерге, құбылыстарға зер салып қызығудың, таңданудың да маңызы зор. Белгісіз, түсініксіз нәрселер мен құбылыстарды білуге деген ынтызарлық адамды түрлі сұрақтарға жауап іздеуге, ой әрекетімен шұғылдануға итермелейді. Ойлау сұраққа жауап іздеуден, мәселенің мән-мағынасын түсінуге ұмтылудан жақсы байқалады. Адамды түрлі эмоциялық күйге түсіреді. Төмендегі микромәтінге назар аударайық. Ақбілек баяғы емес. Өзгерген, өнер тапқан, жетілген, ысылған. Әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңай- ған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қылығын, ісін көргенде ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті бар? Жұп- жуас, ұялшақ бала емес пе еді?» деп ойлайды. Қалайда Ақбілек жат, Ақбілек өнерлі! Ол енді ақсақалдың ғана баласы емес, көптің баласы. Енді ақсақал одан именеді. «Мынауың теріс» деуге бата алмайды. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі ұялады. «Кешірім сұрасам, қайтер еді» деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді. Сондықтан Ақбілекпен кездескенде: – Қарағым, немене? Шөлдеген жоқсың ба? Қымыз іштің бе? – деген сияқты қалбалақтап қалады . Әкесінің онысын Ақбілек те сезеді, әкесін аяйды (Ж. Аймауытов). Тек лингвистикалық зерттеу жұмыстарында ғана емес, адам эмо- циясын қарастыратын басқа ғылым салаларындағы зерттеулерде де 62 эмоцияны мінез, темпарамент, қасиет, сезім т.б. да психикалық құбылыстармен шатастыру, кей жағдайда синоним ретінде қолдану жиі кезедеседі. Бұл біріншіден, аталған мәселелердің тек тіл білімінде ғана емес, басқа ғылым салаларында да жеткіліксіз зерттелуінен болса, екіншіден, бұл құбылыстардың шын мәнінде ара-жігін ашудың, шекарасын көрсетудің көп жағдайда теориялық тұрғыдан да, практи- калық тұрғыдан да қиындығында, үшіншіден, бұлардың бір-бірімен ұштасып жатқан, тіпті кей жағдайда мәндес те болып кететін ұғымдар екендігінде. Адамның мінез-құлқы оның әлеуметтік-психологиялық ерекшелік- терімен, атап айтқанда, темпараментімен, эмоционалдық сипаттама- ларымен, ақылымен, жалпы мәдениетімен тікелей байланысты болады. Сол сияқты жеке адамның эмоциясының түрлі көрінісі, түрлі эмоция- лық жағдайда өзін ұстауы оның мінезіне, темпараментіне, мәдениетіне, жеке басының түрлі қасиеттеріне байланысты. Философияда «адам» ұғымы барлық адамдарға тән ортақ ерекшеліктерді сипаттау үшін қолданылады. Бұл ұғым адамзат тегінің басқа материалдық жүйелер- ден ерекше, өзіне тән өмір сүру ерекшеліктерін көрсетеді. «Тұлға» – нақты адамның дамуының нәтижесі, адамдық сапаларының толығы- мен көрінуі. Тұлға биологиялық, психологиялық, әлеуметтік фактор- лардың жиынтығы ретінде қарастырылады. Биологиялық қасиет адамда барлық тірі организмдерге тән физиологиялық ерекшеліктер арқылы көрінеді. Жеке тұлғаның әлеуметтік қасиеті қоғамның әсері арқылы қалыптасады. Психологиялық ерекшелік ол әрбір адамның қабілет, ерік, мінез-құлық, темпарамент т.б. айырмашылықтарын көрсетеді. Осы факторларды жинақтап бір сөзбен айтқанда тұлға дегеніміз биопсихоәлеуметтік факторлар жиынтығы. Бұл үш фактор бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік ортаның тигізетін әсерінің өте маңызды екендігі рас, бірақ биологиялық (генетикалық) фактордың да маңызы зор. Себебі ұқсас әлеуметтік жағдайда өмір сүргенімен қоғамда ешқашан бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ адамдар қалыптаспайды. Өйткені адамның жеке- лік қасиеттерінің қалыптасуына әлеуметтік факторлар ғана емес, сонымен қатар, биопсихикалық факторлар да әсер етеді. Аталған үш фактордың түрлі әсерінен қоғамда еркі жоқ жалқаулар да, ерекше жігерлі тұлғалар да қалыптасады. Адамның мінез-құлқының әр түрлі болатыны да осыдан. Жеке адамның өмірінде дүниетанымдық, құндылық және норма- тивтік факторлардың мағынасын, оның әлеуметтік мінез-құлқының өзіндік реттелуін диспозиция теориясы түсіндіреді. Тұлғаның диспози- циялық теориясы психологияның да, әлеуметтанудың да ғылыми 63 жетістіктеріне сүйенеді. Диспозицияның психологиялық теориясының негізін ХХ ғасырдағы белгілі американдық психолог Г. Олпорт салған. Г. Олпорттың пікірінше мінез бен темперамент синонимдес ұғымдар. Мінез моральдық стандартқа немесе құндылықтар жүйесіне сәйкес- тендіріліп қарастырылады да, осының негізінде адамның қылығына баға беріледі. Мысалы, мына адамның мінезі жақсы екен деген пікір адамның тұлғалық сапасының әлеуметтік және этикалық тұрғыдан қалаулы екендігін көрсетеді. Г. Олпорттың пікірінше мінез – бұл бағаланған тұлға, ал темпарамент – бағаланбаған мінез. Сондықтан темпарамент индивидумның эмоционалдық табиғатының тұқым қуа- лаушылық аспектісін талқылауда маңызды деп есептейді. Г. Олпорт: «Әрбір адам қайталанбас жаратылыс. Әлемде бір-біріне толығымен теңдес адамдарды табу мүмкін емес», – деп жазады [39, 124]. Р. Кеттелл тұлғаның қайталанбас ерекшеліктерінің дамуына тұқым қуа- лаушылық пен қоршаған ортаның әсері тұрғысынан талдау жүргізеді. Зерттеушінің бағалауынша тұлғаның үштен екі сипаттамасы қоршаған орта арқылы, үштен бірі – тұқым қуалаушылық арқылы анықталады [40, 57]. Бірінші дискуссия эмоция мен сезімге қатысты. Ғалымдардың бір тобы эмоцияны сезімнен бөлек құбылыс ретінде қарастырса, енді бір тобы екеуін бір-біріне ұласатын құбылыстар ретінде қарастырады, мәселен, эмоцияның нәтижесінде сезім туады деген тұжырымды ұстанады, сонымен қатар, эмоция мен сезім бір, екі сөзді бір-бірінің синонимі ретінде қарастыру керек деген де пікірлер бар. Эмоция – психологиялық категория болғандықтан, эмоцияны лингвистикалық тұрғыдан сөз еткенде оның психологиялық теориясына үнемі жүгінуге, психолог-ғалымдардың да пікірлерін негізге алуға тура келеді. Қ. Жарықбаев: «Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттеріне сәйкес келу-келмеуінің нәтижесінде пайда болып отыра- тын психикалық процестің түрін сезім деп атайды. Сезімдер – өте күрделі психикалық процестердің бірі. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді», – дей келе: «Сезімдерді эмоциялардан айыра білмеушілік, бұл екеуінің мәнін бірдей деп ұғу, кейде қате түсініктерге де соқтырады», – деп жазғанымен [33, 246], осы еңбегінде: «Қажеттердің түрлі жағдайларға байланысты түрліше өтелуі адамда көптеген ұнам- ды және ұнамсыз сезімдерді туғызады, жек көрушілік, шошыну, абыр- жу, наздану, іш пысу, зерігу т.б. осындай сезімдер мен эмоциялардың сан алуан түрлері» ,– деп сезім мен эмоцияны бірге қарастырады [33, 246]. Автор «эмоция мен сезімді айыра білу керек» – деп жазғанымен, сезім мен эмоцияның ара жігін ашудың өзіне де қиындық тудырып 64 отырғандығын, еңбектегі «қорқыныш сезімі», «қорқу эмоциясы» деген қолданыстардан да байқауға болады. Қазақ тілінде эмоция ұғымын беру үшін көбіне-көп сезім, күй сөздері қолданылады. Мәселен, «Ол ашулы күйде үйден шығып кетті» десек, бұл жерде ашулы күй деп ол адамның эмоциясы туралы айтылып тұр. «Өсекші, улы тілді әйел оның жек көрініш сезімін тудырды» деген сөйлемдегі жек көрініш сезімі қолданысы әйелдің қылығына байланысты туған жағымсыз эмоцияны білдіріп тұр. Адам эмоциясы туралы айтылғанда сезім сөзі қолданылғанымен ол сөздің эмоцияның барлық түріне қатысты қолданыла бермейтіндігін де байқауға болады. Мәселен, тілімізде жылау, кею, сасқалақтау т.б. да эмоцияларға қатысты жылау сезімі, кею сезімі, сасқалақтау сезімі деген қолданыстар жоқ. Патриоттық сезім, адамгершілік сезім, дос- тық сезім т.б. да тілдік бірліктер сезімнің эмоцияға қарағанда кең ұғым екендігін де көрсетеді. Адам эмоциясы негізінен сезім арқылы туады, бірақ, керісінше, жиі қайталанатын жағымды эмоциялардың әсерінен жақсы көру, махаббат сезімдерінің, ал жиі қайталанатын жағымсыз эмоциялардың әсерінен жек көрініш, өшпенділік сезімдері- нің пайда болатындығын да жоққа шығаруға болмайды. Яғни, эмоция сезім арқылы туады деген тұжырымның бар екендігіне қарамастан, сезімнің эмоция арқылы туатын жағдайлары бар екен. Эмоцияның сезімге қарағанда қысқа мерзімді психикалық процесс екендігі белгілі. Бұған кейбір эмоциялардың көп жағдайда жалт етіп көрініп, ұзақ уақытқа созылмай жойылатындығы да дәлел бола алады. Бірақ бұл құбылыс эмоцияның барлық түрлеріне тән емес, эмоцияның барлығы қысқа мерзімді деген тұжырым жасауға болмайды. Мәселен, адам ұзақ уақыт бойы бір нәрсеге мазасызданып жүруі, ұзақ уақыт ішін жегідей жеген қайғыдан арыла алмай жүруі мүмкін. Ұзаққа созылған жағымсыз эмоция, мәселен, қатты уайымдау, қайғыру, қорлану т.б. адамның жүйкесін де, дене күшін де титықтатып, психологияда стресс деп аталатын жағдайды тудыруы мүмкін. Бұл айтылғандардан сезім мен эмоцияның өзіндік ерекшеліктері болғанымен кейбір тұстарда ара- жігі ашылмай, бір-біріне ұласып кететін, лингвистикалық тұрғыдан алғанда бірінің орнына бірі синоним ретінде жұмсалатын жағдайлары да бар деген тұжырым жасауға болады. Қайғы, мұң, қуаныш, сүю т.б. – адам баласы жаратылғалы бері оның жан-дүниесінде бар сезімдер. Ал осы сезімдік процестердің жанды көрінісі – эмоция, демек тілде сезім бар. Сезім мен эмоцияны тіл арқылы белгілеу, бейнелеу процесі тым күрделі. Аталған мәселені жан-жақты, әлі де терең зерттей түсу − болашақтың еншісіндегі іс.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]