Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Адай көтерілісі.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
222 Кб
Скачать
☆

2.2. Кеңестік отарлауға қарсы халықтың наразылығы

Кеңестік билік өзі жеңіп шыққан Азамат соғысы уақытында жүргізген және ақырында сәтсіз шыққан «әскери коммунизм» саясатынан 1920 жылдардың басында бас тартқан болатын, оның орнына социалистік даму жолында жаңа бір курсқа бағыт алынды. Ол – 1921 жылы 21 наурыз айында болған (Б) РКП-ң Х съезінде қабылданған ЖЭС немесе Жаңа экономикалық саясат. ЖЭС қиын-қыстау кезеңдерден кейін қирап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіруді көздеді, ал оның аясында жүзеге асырылған басты шара – азық-түлік салығын азық-түлік салғыртына алмастыру. Сондай-ақ ұлт экономикасына тың серпін беріп, оны тығырықтан шығару үшін капиталистік экономиканың және нарықтық қатынастардың кей элементтері заңды түрде кіріктірілді. Жалпы халыққа уәде етілген жарқын социалистік болашаққа жету жолында билік жаңа материалдық-техникалық және әлеуметтік-мәдени негіздерді жасады[88,145 б].

ЖЭС жүргізіле бастаған 1920 жылдары, оны ұзақ мерзімге арналған курс ретінде қабылдады. Шаруалардың кооперациясы мемлекеттің күштеп мәжбүрлеуінен емес, экономикалық мүдделердің талаптарымен жүретін эволюциялық үрдіс ретінде қабылданды. Демек шаруалардың кооперациясы ортаның жағдайларына бейімделе келе өзі қалыптасуы және даму тиісті, мемлекет тарапынан бұл үрдіске тек толық бақылау мен сауатты түзетулер жасау қажет болды. ЖЭС-тің бағыты және тікелей «кулаксыздандыруды» қабылдамады, асылында ол жеке шаруашылық иелерін экспрорияциялауға тең болды. Саяси курстың қолдаушылары әрі лидерлері болған Н.Бухарин т.б. бұл жағдайда экономикалық және құқықтық механизмдерді реттеудің, қадағалаудың әсері күштірек деп есептеді. Бастапқы тәжірибе бұның мүмкін екенін көрсетті. Жоспарлар жүзеге аса бастады, оң нәтижелер көп күттірмеді, стагнация мен дағдарыста тұрып қалған халық шаруашылығы, өнеркәсіп, жалпы экономикалық сектор баяу болсадағы нық қадамдармен даму жолына ілінді.

Кооперация индустриялизациялаумен өзара байланысты жүрді. ЖЭС-ң ең ерекше қырларының бір кооперация индустриялизациялау мақсаты үшін арналған мақсат ретінде емес, социализмнің басты критерийлері ретінде қабылданған халықтың материалдық игілігі мен рухани-мәдени деңгейінің артуының факторы ретінде қаралды.

ЖЭС-ң тағы бір ерекше тұсы халық шаруашылығы мен өнеркәсіпті, тұтас экономикалық секторды модернизалациялауды «жұмсақ» түрде жүзеге асыруға бағытталғандығында болды. Бір даму сатысынан екіншісіне өту барысындағы жаңа мән-мазмұндық және сапалық өзгерістерді қоғам үшін максималды түрде ауыртпалықсыз іске асыру көзделді.

Алайда 20-шы жылдардың екінші жартысында басқа картина қалыптаса бастады. Жаңа экономикалық ойлау мен соған байланысты реформалық іс-шаралардың шеңберіндегі реалистік курс түп-тамырымен өзгертілді. Басты басымдылық ретінде аса үдетілген режимдегі индустриализациялау алға қойылды. Бұл үрдісті жүзеге асыруға қажет ресурстық қорды қамтамасыз ету үшін шаруаларды тікелей және жанама экспроприяциялауды ұйымдастыру жоспарланды. Бұл тек бір жағдайда, яғни өндіріс құралдары мен өнімдеріне меншіктік қатынастарды мемлекет тарапынан тоталды иемдену арқылы ғана мүмкін еді. Соңғысына ұжымшарлық жүйені құру арқылы қол жеткізілді, ал ол дегеніміз өндіріс өнімдерін тікелей өндірушілердің сол өндірістің өзінен, оның өнімдерінен және оларды бөлісуден толықтай шеттетілуін қамтитын жаппай ұжымдастыруды меңзеді[2,250 б.].

Ымыраға бейімделген саяси курс анағұрлым агрессивті революцияшыл саяси курсқа ауысты. Ендігі жерде иек үдемелі индустрализациялау мен күштеп ұжымдастыруға артылды. Шын мәнінде, бұл шаралар бұқара шаруа халықтың мүддесін мүлде есепке алмады және социалистік құрылыс орнатудағы өзара байланысты шешуші қадамдар болып табылды.

Солайша ел тарихындағы ең табысты жобаның бірі ЖЭС-ң ғұмыры ұзаққа созылмады, ол 1920 жылдардың орта тұсында тоқтатылды. Орнына алдағы келе жатқан бірнеше онжылдық мерзімге қазақ қоғамында, оның эконмикалық-әлеуметтік, сонымен қатар, әрине саяси өмірінде «күштеу» арқылы басқару әдісі немесе әкімшіл-әміршіл басқару жүйесі терең орнығып, үстемдік құрды.

Ауыл шаруашылығында оның әсері аса қайғылы салдардың орнауына әкеліп соқты. Ауылдағы саясаттың басшылығына жергілікті экономикаға теріс императивтердің қойылуы, саясатты жүргізуде аталмыш қызыл террорға жол берілуі шаруашылықты кооперациялау идеясына нүкте қоюымен қатар, оның потенциалын жоққа шығарды. «Ұлы бетбұрыс» қазақ ауылының дәстүрлі құрылысын аяусыз бұза бастады, солай қоғамның келешектегі орасан зор мәселерінің пайда болуына жол ашылды [28,25 б.].

Біздің қазіргі қоғамда Ф.И.Голощекинның есімімен байланысты қалыптасқан ассоцияциялар жағымсыз реңкке ие. Тарих оны өз қызметін асыра пайдаланған саяси қылмыскер ретінде білсе, бүтін бір қазақ халқының жадында ол адам «қолы қанға малынған» қанішер ретінде сақталды. Қалай болса да, тарихтың соты ол тұлғаға өзі лайықты бағаны беріп жатыр. Біз бұл жерде көңілді көбірек оның Қазақстандағы басшылық қызметіне аударғымыз келеді. Себебі, 1920 жылдары қазақ қоғамын қамтыған бетбұрыс көбіне осы Голощекинның тұлғасына тікелей қатысты.

Голощекин 1925 жылы БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болып сайлағаны мәлім. Оның бұл өңірге басшылыққа келуі бірқатар факторлардың ықпалымен жүзеге асты. Біріншіден, Сталин Еділ аймағына, Орал жеріне, Батыс Сібір мен Орта Азиямен шекаралас жатқан, геосаяси тұрғыдан алғанда маңызды өңірді өз иелігіне мықтап алуды қалады. Екіншіден, Қазақстанда елеулі әлеуметтік-экономикалық шараларды орындауды жеделдету қажеттілігі тұрды. Бұл тапсырма дәл осы Голощекинге жүктелген болатын. Партияның билігін қолға ала сала, ол «ауылды кеңестендіру» ұранымен таптық күресті өршіту ісін қолға алды. Негізгі міндет әлеуметтік дифференцияцияны жою арқылы дәстүрлі көшпелі қоғамының орнына жаңа социалистік қоғам орнату болып табылды. Солай Қазақстанда «жаңа революция» жасау үшін қажетті идеологиялық-саяси көпір салынды. Ол саяси курс тарихта «Кіші Қазан» деген атаумен қалды.

Кәсіби революционер-жауынгер Қызылордаға келісімен бірден қазақ ауылында революцияның мұрасы кеңестік биліктің жоқтығын, оның орнына әлі де байлардың үстемдігі сақталғандығын жар салады. Ол кейін өзінің Қазақстанда социализм құру бағытындағы атышулы идеясын мәлімдейді: «Мен біздің ауылдарда «Кіші Қазанды» өткізу керектігін жариялаймын. Ауылдағы экономикалық жағдайларды өзгерту қажет. Кедейлерге байларға қарсы таптық күресте көмек беру шарт және егер бұл азамат соғысына айналып жатса, онда онда біз оны қолдаймыз», - деп ағынан жарылды.

«Кіші Қазанды» жүзеге асыру арқылы кеңес үкіметі республикадағы әкімшілік және экономикалық басқаруды өз қолына алып, билігін күшейтуді көздеді. «Кіші Қазан» саясаты аясында қазақ ауылын кеңестендіру үшін ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу және көшпелі тұрғындарды отырықшылыққа көшіру науқандарына баса назар аударылды, олар өмірлік маңызға ие шаралар ретінде қарастырылды[4,215 б.].

«Кіші Қазан» 1920-1930 жж. Қазақстанның барлық өңірлерін қамтып жүзеге асқан тоталды саяси курсқа айналды. Ендігі жерде біз сол саясаттың сипатын, сондай-ақ мән-мазмұнын, нәтижелерін нақтырақ біліп түсіну үшін, оны нақты бір өңірдің, яғни біздің зерттеуіміз қамтитын Маңғыстау өңірінің мысалында қарастыруға көшеміз. Өйткені жеке бір өңірдегі «Кіші Қазан» саясатының жүзеге асу ерекшеліктерін ашып көрсету жалпы республикадағы сол кезеңдегі саяси-қоғамдық картинаны мүмкіндігінше толықтыра түсуі тиіс. «Кіші Қазан» аясында басты үш іс-шараны немесе науқанды іске асыру жоспарланды. Олар – тәркілеу,ұжымдастыру, отырықшыландыру.

БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің Бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің 1929 жылдың 9 сәуірінде құпия түрде БК(б)П Орталық комитетіне жолдаған «Қаз КСР бойынша аса ірі бай, жартылай феодалдардың мал-мүлкін тәркілеу және оларды жер аудару туралы» атты хабарламасына сүйенсек, «...алғашқыда 226 мың бас мал алу жоспарланған, іс жүзінде ол 65 пайыз орындалып, Қазақстан бойынша барлығы 144 474 бас мал тәркіленді» [42,2-3].

Бұл хабарда Голощекин қазақтарда әлі де болса тәркіленбеген біраз малдың қалып қойғанын және оның негізгі себептерін көрсетеді. Оның сөздерінің мәніне үңілсек, ол ары қарай бұл істі жалғастыра беруге үндеп тұрғандай.

Тәркілеу науқаны мал-мүлікті бай, ауқаттылардан тартып алумен шектеліп қоймады, олар өздерінің атамекенінен күштеп жер аударылды, туған-туыстан және ағайын-жұрттан қол үзді, сөйтіп бірден екі жазаның құрбанына айналды.

Одақ бойынша кулактарды Украинадан Солтүстік аймақтарға, Кавказдан Қазақстанға, Белоруссиядан Сібірге жер аудару жоспарланған болса, 1928 жылдың қаңтарында Қаз АССр ХКК-ң жабық жиынында қабылданған Қазақстаннын өз ішінде «Байларды жер аудару» туралы қаулы бойынша келесідей схема құрылды: Ақтөбеден ұсталғандар – Семейге; Оралдан – Қызылордаға, Ақмолаға; Сырдария облысынан - Гурьев пен Ақмолаға; Қызылордадан - Гурьевке; Қостанайдан – Павлодар мен Қарақалпақ облысына; Алматыдан – Ақмола мен Қарқаралыға; Қарақалпақ облысынан – Ақтөбеге, т.т. [43, 3].

Тәркілеу - ұжымдастыру саясатының негізгі құрамдас бөлігі, өзіндік баспалдағы болатын. Байлардың мал-мүлкі есебінен қарапайым шаруа табының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған бұл шарадан халық тұрмыстың түзелісінен гөрі, күйзелісіне тап болды. Қазақ халқы тіршілігінің сан ғасырлық тірегі болып келген дәстүрлі мал шаруашылығының кері кеткеніне куә болды.

1928 жылдың 27 тамызында өткен Қазақстан ОАК мен ХКК біріккен отырысына «Ірі байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу туралы» декреттің жобасы ұсынылды, мақсаты кедейлер мен орташаларды байлар мен феодалдарға экономикалық жағынан тәуелді болудан босату және еңбекшілердің мәдени-әлеуметтік деңгейін көтеру деп көрсетілді. Құжат 14 тармақтан тұратын міндеттер мен тапсырмалардан құралды[1,53 б.].

Тәркілеуге ОГПУ қызметкерлерімен қоса ауыл белсенділері мен Кедей комитеттерінің мүшелері араласты. Олар қойылған мақсатқа неғұрлым жедел жетуге ұмтылды. Әдетте жиі болатындай асығыстық жағдайды шынайы бағамдап, тиісті пайымдар жасауға және сол бағытта әрекет етуге кедергі келтірді. Адай округінің биліктегі белсенділері бұл аймақ жер аударуға жатқызылмайтын аймақ екеніне қарамастан, өңірдің ауқатты адамдарына қырғидай шүйлікті, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығына қатысты заттардың категориясына кірмейтін үй жабдықтары, киім-кешек, азық-түлік т.б. тәркілеуге жатпайды» деген нормаларды ескермей, тартып алынған малмен шектелмей, дүние-мүліктің де есебін алып, үй жиһаздарын, самаурын, жезқұман, кілемдер, әйел-қыздардың әшекей бұйымдары мен етіктеріне дейін талап алған [8, 75 б.]. Бұл жерде жергілікті басшылар мен белсенділердің үкіметтік жоспарларды асыра орындауға деген орынсыз желіктің болғандығын ескерсек, онда тіпті күнделікті тұрмысқа қажет қарапайым құрал-жабдықтардың, заттардың тартып алынуы әдеттегі жағдай болған.

Адай округі бойынша мал-мүлкі тәркіленген алғашқылардың қатарында 281 адам тізімге ілінген. № 1 ауылдан (Шалбар, Құнанорыс, Құлтоян, азғана Тәңірберген, Бәли ауылдарынан тұрады) 31 отбасы, № 2 ауылдан – 33, № 4 ауылдан – 20, № 7 ауылдан – 13, № 10 ауылдан – 21 байдың мал-мүлкі толықтай тәркіленіп, малы ортаға салынса, дүниелері сатылды, арасынан кей қолы шапшаңдар жеке мүдделеріне еріп жымқырды да [44,20].

Қыдырша ауылындағы тәркілеуге тартылған дәулеттілер қатарында Асар Байжанов, Баспақ Жәлмембетов, Көптілеу Әлмембетов және Жұманазар Жанұзақов бар.

А. Байжановтан 110 қой, 10 жылқы, 6 түйе, салықтан тыс 7 жылқы, 2 түйе алынған. Бұған қоса, 413 сом 70 тиын төленген. Б. Жәлмембетов 140 қой, 40 жылқы, 10 түйе, 10 жылқы, салықтан тыс 10 жылқы және 391 сом 70 тиын төлеген. К. Әлмембетов 260 қой, 22 жылқы, 15 түйе, салықтан тыс 20 жылқы, 1 түйе және 1251 сом төлеген. Ж. Жанұзақов 155 қой, 14 жылқы, 11 түйе, салықтан тыс 7 жылқы, 6 түйе және 725 сом 70 тиын төлеген. Төртеуі де № 3ауылдың тұрғындары, қоныстары – Шорымда [45,35 б.].

А. Байжанов пен Ж. Жұманазаров 1929 жылдың 27 қаңтарына берілген мәліметте бай, орта дәулетті, атқамінерлер және әлеуметтік қауіптілердің тізіміне ілінген.

Шегем ауылының қазағы, шаруашылық ұстаған, малға бай Шотықбайұлы Аханнан 1928 жылы 3500 жылқы тәркіленген. Малдан соң, өздерін де тыныш қоймайтынын сезген әкелі-балалылар Оңтүстік бетке кете барды.

Халықтың басым бөлігі «Ақ қоян» жұтынан жапа шегіп жатқанда, жеке шаруашылықтан малды күштеп ортаға салу, байлардың малын тәркілеу қоса үдете жүргізілді. Халық «жығылғанға жұдырықтың» күйіне кез болды.

1928 жылдың жазында ғана 281 байдың малы мен мүлкі тәркіленді. Кейінгі жылдары қолдан жасалған «байлар» табылып жатты. Айталық, Маңғыстау ауданының 3 учаскелік халық сотының шешімімен 1930 жылғы 3 және 6 наурызда 25 адам әлдіге жатқызылып, малдары тәркіленіп, колхозға кірістелді. Олар мыналар: Алдоңғар Шановтан 200 қой, 20 жылқы, 13 түйе алынған; Досжан Көбеғұловтан – 200 қой, 2 жылқы, 6 түйе; Медина Тағановтан – 100 қой, 17 жылқы, 16 түйе; Селеубай Аманқұловтан – 50 қой, 1 жылқы, 14 түйе; Бегей Сақауовтан – 90 қой, 26 жылқы, 9 түйе; Медеу Азаматовтан – 150 қой, 16 жылқы, 10 түйе; Пысан Кеуешевтен – 150 қой, 40 жылқы, 16 түйе; С. Құлбарақовтан – 300 қой, 60 жылқы, 12 түйе; Бекіл Меденовтан – 100 қой, 60 жылқы, 30 түйе; Досжан Тілемісовтан – 150 қой, 13 жылқы, 8 түйе; Кенжебай Тілемісовтан – 170 қой, 40 жылқы, 15 түйе; Абаш Қожамбетовтан – 80 қой, 8 жылқы, 12 түйе; Тасмағамбет Таңатовтан – 325 қой, 32 жылқы, 10 түйе; Нысамағамбет Жаңабаевтан – 10 қой, 6 жылқы; Шалқар Жүндібаевтан – 75 қой, 8 жылқы, 9 түйе; Есбол Қарашолановтан – 1 ат, 4 түйе; Наурызбай Құрақовтан – 3 жылқы, 3 түйе; Орысбай Жолдасбаевтан – 2 түйе; Нұржақып Мәмбетовтан – 20 қой, 7 жылқы, 3 түйе; Сатыбалдиев Нұрымнан – 40 қой, 5 жылқы, 5 түйе; Сафи Сабалақовтан – 300 қой, 3 жылқы, 11 түйе, 50 ешкі; Рамазан Жарбаевтан – 3 түйе; Өтеғұлов Ізтұрғаннан – 4 түйе; Сырбай Қуанышовтан – 60 қой, 5 жылқы, 5 түйе; Смағұл Сейтқазиевтан – 10 қой, 1 ат алынған [46, 11].

Барлық 25 адамның малын қосып есептегенде 2580 қой, 355 жылқы, 220 түйе, 50 ешкі шығады. Бұның өзі ірі байдың емес, ортаң қол әлдінің, орташаның дәулеті. Ал жеке-жеке қарастырғанда, бірнеше шаруадан, атап айтқанда, 1-2 жылқы, түйесі ғана бар С. Сейтқазиевтан, І. Өтеғұловтан, Р. Жарбаевтан, О. Жолдасбаевтан, Е. Қарашолановтан иелігіндегі соңғы малдарын тәркілеудің негізі жоқ. Қайта бұлар ұжымшар тарапынан көмек көрсетілуге тиістілерге жатты. Бұл жерде біз асыра сілтеудің айқын көрінісін байқаймыз.

1928 жылы 25 қарашада Адай округтік партия комитетінің жабық бюро мәжілісі өтіп, онда «Байлар мен әлділерден тәркіленген малдарды орналастыру» мәселесі қаралды. Жиналған малдардың ортадан жоғары қоңдылықты малдардың барлығын базарға салып, түскен қаржының 25 пайызын округтік бюджетке, қалғанын «Қосшы» одағының ұйымдастыру жұмысына пайдалануға және күйі төмен малдарды одақ мүшелеріне таратып беруге шешім қабылданды [47,1].

Шығарылған шешім тәркілеудің салдары халық үшін жағымды өзгерістердің болатынын меңзеді, бірақ, шын мәнінде, шынайылық күтілгендей болмады.

1931 жылы жазда Адай даласында дүрбелең басталғанда Форт-Александровскіге Қазақстан Үкіметінен комиссия келіп жұмыс істеді. Комиссияға тәркілеуге қатысты тұрғындардың келіп түскен арыздарын қарастырған. Олардың бірі келесідей мазмұнға ие:

«Қазақстан Үкіметінің комиссиясы жолдас Құлымбетұлына

1 ауыл азаматы Сәрсен Балманұлынан

Арыз

Арыздың қысқаша мазмұны: мен қашаннан кедей нағыз қара табанның өзімін. Туып-өскен жерім – осы Маңғыстау, ата-бабам да кедейлікпен күн кешкен адамдар. Биылғы жылы жаздың басында мені әлдіге тартты. Менің кеңеске берген есебімде: 27 қой,5 ешкі, 7 ірі түйе, 2 ат болды. Осы көрсетілген малдардан басқа көлденең табысым жоқ, отбасымда 4 жан бар. Менің баламнан ауыл ағасы Шегетай Төремұратұлы аттың біреуін сұрағанда бермеген екен, ол «қап бәлем, сені әлдіге тартпасам ба» деп тістеніп кеткен екен. Сонан 1 ауылдың Тамшалы жерінде жиналысын ашып, мені соған шақыртты. Жиналысқа байлардың сойылын соғатындарды шақыртып алып, менен бұрын өзара келісім жасап, «Осы Сәрсенді әлдіге тартудың шарасын алайық деп» түйін жасаған. Сөйтіп, атымның бәрін барымталап алуға шешім етті. Өзім отбасыма түскен салықтан құтылу үшін дайындап жүрген малымды осылайша заңсыз алып, жәбір көрсетті. Оның үстіне тізімге берген малдарыңды қайда жібердің деп қысым жасады. Менің басқа күнелтісім жоқ, саудамен де айналыспаймын, біраздаған малым ұрланып, қолды болды. Менің жағдайымды комиссияның ескеруін сұраймын» [48, 12].

13 ауылдың (Керел немесе Ортаеспе ауылы) Қарғалық Тәженұлының арызын келтірсек: «Мен әлдіге тартылдым... маған тапсыруға жоспарланған малдарды толықтай бермедің, ісім сотқа беріліп, маған бір жыл қара қызметке жегілсін деген жаза берілген. Өзім қазір Голощекин колхозында балшық басып жүрмін. Дауысым алынбаған. Енді колхозға мүше етіп алсаңыз деген арызыма, сенің даусың туралы білмейміз деп созбалап келеді» [49, 55].

Арыз иесі ұжымшарға мүшелікке алуды өтінген, жоғарғы жақ белгілі себептерден өтінішті қабылдауға асықпаған.

Әлдекұлы Сырлыбай өзі жеке үй болып, ата-анасынан енші алып шыққан. Оны сол ауылдың төрайымы Төлеген әйелі Ақбөпе де растайды. Ол өзін әлділер қатарынан шығаруды сұраған, өйткені ол үшін жеткілікті малы болмаған, қолындағы бар малы болса есепке берілген.

Ұжымдастыру кезінде, байларды тәркілеуде үкімет жағында қызмет еткен кеңестік қызыл идеологияның белсенділері жағынудың әр қилы амалдарына ерік берген, мысалы, малды түн ішінде санау, елді қорқыту арқылы пара алу, айтпағанды айтты деп жала жабу және т.б [8, 78 б.].

Адай округіндегі байлар мен әлділердің мал-мүлкін жаппай тәркілеу 1930 жылдардың басында бұрынғыдан бетер күшейе түсті.

«Шайыр ауылының тұрғыны Күйкішев Есенғали: менің әкем Нұрлыбеков Күйкіштің атақонысы Сартас, Төбеқұдық, Шытжа, Ембе тауларының төңірегі екен. Меншігінде 20-30 түйесі, 40-50 жылқысы, 400-ге тарта қой-ешкісі болған. Отбасы осы малдардың өнімдерін сатып-сауып күнелтіс еткен. Осы Нұрлыбек атамды 1931 жылдың жазында «байсың, кісі еңбегін қанап, құдық қаздырып, мал суару мен бағу үшін адам жалдапсың» деген айыппен ұстап кеткен. Содан кейін менің әкемді «сен байдың баласысың» деп, інісі Мұхамбет екеуін тағы ұстаған. Сол әкеден 3 бала қалып, өскен едік»,- деген естеліктер тәркілеу науқанының қандай қарқын алғанынан хабардар етеді [50,54 б.].

Тәркілеу жүрген жылдардың көрінісін көзімен көрген 1911 жылы Ақмола уезінде дүниеге келген Көшеков Сман деген қарт келесіні баяндайды: «1930 жылдың желтоқсан айының 15 күні қашқын-құлақтар төменгі Қызылқұм, Каспий теңізінің бергі жағасындағы Адай елінен бай-құлақтар екі хан сайлап, үкіметке қарсы көтеріліс жасаған деп естідік. Бұлар жаз бойы алдырмай, күз түсе жеңіле бастапты. Екі ханның бірі бағынып, бірі бағынбай соғысып, Қожбан деген біреуі 40 адаммен, 60 жылқы, 20 түйемен, қатын-балаларымен Сарысу өзенін жағалап, Көктасқа дейін жетіп, елсіз тауға барып, паналап жатпақшы болған. Қожбан ханның Боранбай, Сүлеймен, Күшікбай, Бектілеу деген мергендерімен жергілікті Кенжебай-Самай деген жердегі Түсіпбек пен Шыңғысбай дегендердің ауылдарына бөлініп қонған. Қашқындардың винтовкасы, қылыштары біршама бар деп естідік. Олардың бас-аяғы 40 адам. Олардың 20 шақтысы әйелдер мен жас балалар да, 20-сы соғысқа жарайтын ер адамдар. Бұлар қонған ауылдарынан азық-түлік, союға жарамды мал іздеп жүргенде екі-үш күн өтіп кетеді. Бұлардың ізіне түскен 30 жауынгері бар әскер біздің ауылға келе қалды. Күннің салқын және боран кезі еді, қар қалың, Арқаның ақ бораны соғып тұр, аяз бетті қарып жүргізбейді. Біздің ауылдың басшысынан сол қашқындардың қашқан бағытын білу, жолбасшылыққа адам сұрастырғанда, мені көрсеткен. Менің жол білетін қасиетім құр емес болатын. Қыста түлкі аулайтын кәсібім бар еді, осының кесірінен мен әскерге жолбасшысы болуыма тура келді. Қалың қарға қарамастан, қашқындар тоқтаған ауылға да келіп жеттік. Әскерлер ауылдың екі жағындағы тобылғыға аттарын тастап, ауылды қоршауға алды. Әскерлер сыртынан оқ жаудырды. «Қашқындар» да оқ атып жатыр. Келесі күні артымыздан 80 адамы бар әскер келді. «Қашқындар» толықтай жеңіліс тауып, Боранбай мен Сүлеймен мергендер оққа ұшты. «Қашқындардың» тірі қалғандарын Жезқазғанға алып кетті де, олардың әйелдерін, балаларын түйеге киіз қоршау салып мінгізіп, бір әскердің айдауымен алып кетті. Қайда кеткенін білмеймін. 1931 жылдың аяғы мен бас кезінде біздің елде де қиыншылықтың зобалаңы келген болатын» [51,32 б.].

Байлар мен әлділерге тартылғандар ұжымшарларға мүше ретінде қабылданбады. Ол қоғамнан шеттетілумен пара-пар болды. Өз қоныстарында қала беруге бәрібір мүмкіндік болмайтынын біліп, Оңтүстікке қарай бет алып жүре беруге тәуекел етті. Үміт пен күдік арасында сенделген халықтың, шындығында, қоныс аударып, көшулерінде белгіленіп қойған нақты бағыт-бағдар да болмады. Оларды жетелеген бір нәрсе – тауқымет тарттырған жерден, биліктен кетіп, мейлі қайда болса да барып, әйтеуір сонда бір тыныштық табу еді.

Малдарының бір бөлігін сатып қаржы жасап, бір бөлігін азық етіп, жолға жарамдыларын алдарына салып, туған жермен қоштасып кеткен көптеген қазақтардың ертерек қозғалған алғашқы легі Ауған, Иран аумақтарын барып паналаса, қалғандарын көршілес жатқан Хиуа, яғни Түрікменстан жеріне барып орын тепті [8, 80 б.].

Тәркілеу саясатының зардабын кешкен З.Бекарыстанов өзінің және отбасының тағдырында болған жайттарды келесі деректе баяндайды: «Менің әкем Медалиев Бекарыстан өз еңбегімен дүние құраған Маңғыстаудың малды, дәулетті адамдарының бірі болған. Тәркілеу саясаты енгізіле бастағанда мыңға жуық қойы, жылқы-түйесімен 400-дей ірі қара малы болған. Жалшы ұстамаған, малды-өзінің ағайын-туыстары баққан. Осы дәулеттің арқасында Маңғыстаудың Мырзайыр-Басқұдық жерінде бала оқытатын мешіт салдырған, имандылық жолын берік ұстанған адам, екі әйелінен 19 баласы болды. Екі үйде 17 жан едік. 1929 жылы тәркілеудің қайнап тұрған кезінде әкемнің барлық малын тәркілеп, өзін әуелі Кетік, кейін Гурьев, Қызылқоға түрмелеріне қамап, 3 жылға сотталды. Сол түрмеден 1929 жылы босап келді. Мен 1924 жылғымын, күнелтісі мал болған адайлар қорасындағы малынан жұттан бір, одан қалғанын күштеп айырылып, күнелтіс іздеп көптен бірге қалған 2-3 түйемен, екі үйдің бірінің ғана заттарын алып, біз де көшке ілестік. Көшкен жеріміз – Боржақ, Ұйқылы маңындағы «Кебежелі» деген жер екен. Біздің ерген көшіміз Түрікмен жерін бетке алды. Жолда біз сияқты босқындарды іздеп жүрген 2 автокөліктегі 10-нан аса солдат бізді қоршауға алды. Бәрімізді тексеріп жатыр, бай деп саналғандарды бір бөлек, кедейлерді екінші топқа бөліп, бай ауыл азаматтарын тұтқындай бастады. Сол тұтқын болғандар ішінде ағам Бекарыстанов Атшыбай да ілікті. ...Мен қолында болған Ошым деген ағам сульфатқа жұмысқа жүрді, нан грамдап берілді, ел түгелдей аш. Сол аштықтың зардабынан екі үйлі жаннан 8 адам аштан өлді. 1933 жылы жазасын өтеп, әкем ауылға келді. Әкем біздерді енді Байрамалы жаққа көшірді. Еңбек етіп жүрген ағам да қайтыс болды. Екі үйлі жаннан шешем, менің қарындасым және мен ғана қалдым. Менің жазғаным бір ғана ошақтың басында болған кесапат. Манағы ұсталып кеткен ағам сол кеткеннен мол кетті. Сол Бекарыстанов әулетінен соңында мен қадым. Ұлы Отан соғысына қатыстым, екінші топтағы соғыс мүгедегімін» [52,65 б.].

Маңғыстау байларының көпшілігі байлықтарын тығып, жасырып тек жеке бастарының қажеттіліктеріне пайдаланды десек қате. Бірқатар бай-ауқаттылар, соның ішінде Майлан Саламатұлы Сарбас, Байназарұлы Ыбырай, Ақшакедей Жарықбас, Тінейден Закария, Шам, Талпақ, Қыдыршадан Әбіш пен Смағұл т.б. малдың қожайындары өздері болса да, сол малдарын туған-туысқандармен бірлесіп жаратқан. Маңғыстаудағы атақты байлардың бірі – Саламат қажының ұлы Сарбас. Оның есімі халықтың жадында мырзалығы мен мәрттік қасиетімен сақталған. Жұт кезінде 1-Маңғышлақ болысының төрағасы Араловтың есебінде: «Алғашқы қар аралас дүлей соққан бораннан жылқы малдары ығып, үйірлерінен адасып, өле бастаған... теңіздің терістік бетін қыстаған Сарбас Байдың қаңтар айында 4000 қойынан 150-і қалған», - деп жазылады [53,7].

Тарихшы Қ. Қаражанов өз мақаласында ата-анасының сөзіне негізделетін отбасы туралы мынадай деректер береді: «Әкем Қаражанның екі ағасы: Ізбасар, Жолмағамбеттің және Майланның Құттықадам деген тақтасынан таралған ағайындардың барлық дәулеттері Сарбастың атағында болды. Солай болғанмен ол малдарды пайдаланатындар да, бағатындар да осы ағайындар болған. Мен анамнан «Сіз Сарбас деген кісіні көрдіңіз бе?», - деп сұрағанымда: «Қайнаға біздің ауылға бір-екі рет келіп, қонақ болды. Соның екеуінде де осы маңдағы ағайындардың үлкендеріне барып сәлемдесті, кешкісін барлық туыстардың бастарын құрап, дастархан басында әңгіме кеңес құрып, ағайындардың іргесі сөгілмесін, малдарды еркінше жұмсап, өздерің игіліктеріңізге жаратыңыздар, ол үшін азаматтар шаруадан аулақ кетпесін деп айтып отырды. Тағы бірде Сәттіғұл ағамен келді», - деп еске алды. Әкем айтты: «Сәрекемнің несін айтасың, оның мырзалығы сонша еді ғой, біздерге «кімде-кім тарығып келсе, қолын құр жібермеңдер, алдына айдатып жібермегенмен, қажетіне қарай беріп отырасыңдар» дейтін. Ағайын арасының тату болуын қалайтын. «Мал үшін жанжалдаспаңдар, малды керектеріңше жаратып, шаруагерлікпен бас-көз болсаңдар болды», - деп отыратын» [8, 81-82 бб.].

1927 жылдың боранды күндерінің бірінде Сарбас Саламатұлы жылқымен бірге ығып кеткен жылқышылардың жағдайын білу үшін баласы Есенғұлды солардың артынан жіберген. «Мал жанның садағасы, жылқы соңынан кеткен жылқышыларды кері қайыр, сен ауылда отырма» деген. Сол сапарда желбегейлеу кеткен Есенғұл ауырып, артынан көп ұзамай дүние салады. Сарбас мырзадан бір ғана ер бала осы Есенғұл еді, қыздан Аққағаз қалады. Есенғұлдан: Ізім, Сармырза, Серік деген үш бала болды. Байлардың малын тәркілеу басталған сәтте-ақ, Сарбас малының толық есебін беріп, барлығын да ортаға салуға тілек білдірген. Сондықтан оны бірден «кісі еңбегін қанаған, жалшы пайдаланған, бай» деген тізімге енгізбей, қамауға алмай, немесе жер аудармай жүрді. Кейін 1930 жылдың басында «біздерді қамауға алып, жер аударуға жаза бердіңдер, анау Сарбас кедей болып па еді, оның малы біздерді он орап алады» деген қаңқу сөз жетегіне ерген қызылдың атқамінерлері мен шолақ белсенділері Сарбасты да 1931 жылдың соңында қамауға алды. Тәркілеу басталғанда оның артынан жазалаудың жалғасатынын ерте сезген Сарбас келініне: «Заман тарылып барады, сен мына балаларыңды алып, төркініңе қарай көш депті. Балаларды менің немерелерім екенін айтпай, жасырын атпен ел асып кетіңдер, дәм болып жатса – табысармыз. Өз төркін жұртыңның маңын панала, ол жерден де түрткі көріп жатсаңдар, одан тыныш жерге кете бер, тек Алла жар болсын» деп әкелік өсиетін айтқан. Содан кейін үш немересі мен келінін қолдарына жететіндей біраз қаржы беріп, бір түнде Ақтөбеге қарай асырып жібереді. Келіні Әлімнің Кете руынан болған. Олардың кейінгі тағдыры беймәлім [8, 82-83 бб.].

1930 жылдың басында Маңғыстау өңірінде тәркілеу шырқау шегіне жетті. Тәркілеу жаңа формаларда жүзеге аса бастады. Мәселен, ертеректе айтылған № 1 ауыл тұрғыны Асар Байжановтан алдыңғы тәркілеуде 110 қой, 10 жылқы, 6 түйе, салықтан тыс 7 жылқы, 2 түйе алынған. Оған қоса, 413 сом 70 тиын төленген. Ал 1930 жылдың 18 ақпанында одан тағы 13 бөлмелі тас үй, 5 қойма, 3 лавка, 1 үлкен таразы алынған.

Бай ретінде тәркілеуге жатқызылған № 2 ауылдың тұрғыны Бегей Сақауовтан 1930 жылдың 2 ақпанында 18 жылқы, 7 түйе, 71 қой, 7 ешкі, 1 бас есек алынуы керек деген шешім 6 наурызда қайта қаралып, учаскелік халық сотының шешімімен 26 жылқы, 9 түйе, 90 қой болып көбейтілді. Үкіметтің үй мүлкі тәркілеуге жатпайды деген жарғысына қарамастан, Б. Сақауов айтылғандардың үстінен тағы 1 киіз толық жабдықтарымен, 2 мақпал бешпет, 1 күміс ожау, 4 күмістелген шашбау, 1 ескі түрікмен кілемін, 1 халат-шапан, 1 жұп түрікмен білезігін, жібек матадан тігілген 1 әйел көйлегін, 1 тең, 1 қазан, 1 мыс шәйнекті мәжбүрлі түрде тапсырған.

Тәркілеуден тек қазақтар ғана емес, дәулетті орыс байлары да құтылған жоқ. Олардың қатарында 1930 жылы дүние-мүліктері тәркіленіп, хатталған Сухоруковтың, Белунинның, Степашковтың, Красавинның, Дубскийдың т.б. азаматтардың аттары аталады [8, 83 б.].

Бай-әлділердің мәселесі тындырылғаннан соң, кезек енді беделді мемлекеттік қызметкерлерге келді. Ол азаматтардың мал-мүліктерін тәркілеуге ОГПУ-дың қызметкерлері араласты. 1930 жылдың 19 ақпанында Форт-Александровск тұрғыны, кеңестік жүйеде жауапты қызметтер атқарған Хажы Нәубетовке революцияға қарсы деп айып тағылып, отбасынан үй мүлкінен 1 текемет, 2 кілем, 2 сандық, 2 чемодан, 1 самаурын, 1 айна тәркіленді.

Сыдиық Жұбаевтың отбасынан 1930 жылдың 15 ақпанында 1 ақжапқыш, 3,2 м шыт мата, 1 масахана, 1 алтын жалатылған күміс, 1 шекпен, 1 аққұман, 1 әйелдердің елтірі ішігі, 1 теріден тігілген тон, 1 ер адам тоны, 1 өзбек шапаны, 1 текемет, 1 қоржын, 1 қазан, 1 шәйнек, 1 мыс шылапшын, 2 су құятын ыдыс, 3 сандық, 9 өңделген қой терісі, 1 арба, 1 ескекті қайық, 15 м ау тәркіленген.

Кеңестік жүйедегі басқару мен билік мекемелерінде басшы қызметтер атқарған, жұттан кейін көптеген адай ауылдарының Оңтүстік жаққа көшуіне жолдама, тіпті жолбасшы берген, малсыз күнелтіс көз жоқ бірнеше адамдарға Қарабұғаз, Астрахань, Махачкала сынды өндірістік қалаларға жолдама берген Жәнібек Шомпақовтан 1930 жылы 18 ақпанда тәркіленген мал-мүліктің тізімі: 1 ат, 15 бас қой, 1 киіз үй жабдықтарымен, 2 сандық, 1 чемодан, 1 арба, 1 самаурын [54, 5].

ХКК-ің төрағасы Н. Нұрмақов 1928 жылғы 6 қарашада жазған жеделхатында бүкіл Қазақстан аумағында тәркілеу кезіндегі жіберіліп жатқан асыра сілтеудің кең етек алғанын және оны жоюдың қажеттігін нұсқайды:

« Округтік атқару комитеттеріне.

Жер-жерден түскен материалдардан көріп отырғанымыздай, тәркілеу жүргізетін округтік комиссиялар декреттің мәніне, оған байланысты өлкелік комиссияның нұсқауына қарамастан, бірнеше қожалықтарды бір қожалыққа біріктіріп, декретте көрсетілген мал санын көбейтіп көрсетуді көздеуде. Осындай көзқарастың арқасында бір отбасына 45-60 адам біріктірілген жағдайлар кездесуде. Мұның өзі мүлде өмірде кездеспейтін нәрсе.

Мұндай көзқарасқа жол беруге болмайды! Бұл бұрын белгіленген нұсқауларға қайшы келеді деп есептей келе, округтік атком төрағаларына, өкілдерге жауапкершілік жүктеп мұндай жағдайларды жоюдың нақты шараларын жүзеге асыруды ұсынамыз.

Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақов, Қызылорда»[8,84 б.].

Тәркілеудегі келеңсіздіктер мен бұрмалаушықтар әрі өрескелдіктер бұл нұсқаудан кейін де тыйылмай, жалғаса берді. Халықтың наразылығы, жеке адамдардан тоқтамаған арыздар жергілікті билік органдарына, тіпті Орталыққа дейін жетіп жатты. Сондықтан Қазақстан үкімет бұл жауапты шараның қаншалықты өзекті екеніне мән беріп, оған тағы оралған. 1930 жылы ОАК-ің төрағасы Е. Ерназаров келесі хатта да асыра сілтеуді жойып, қателерді түзеуді ұсынады және жұмыстың барысын өзіне баяндауды сұрайды.

1927 жылы желтоқсан айында БКП (б) –ң ХҮ съезінде қабылданған ең бетбұрысты шешімдердің біріне сәйкес ұжымдастыру бағыты жарияланды [29, 214-б.]. Қазақстан көлемінде ресми түрде осы жылы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру үрдісі бастау алды. Съезд сондай-ақ ауқымды үрдісті аяқтаудың мерзімін де болжап қойды. Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық басым болғандықтан Қазақстан ұжымдастыруды шамамен 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленген аймақтардың қатарына кірді.

Алғашқы ауыл шаруашылық ұжымының түрлі нұсқаларының Маңғыстау жеріне келуі 1924-1925 жылдарға сәйкес келеді. Мысал үшін басшысы, иесі З.К.Дубский болған балық шаруашылығының артелін айтамыз. Дубский халық арасында қазіргі тілмен айтқанда ерекше танымал меценат болған. Ол бойындағы адамгершілік қасиеттер мен ұйымдастырушылық қабілеттер арқылы өңірдегі ұжымдастыру ісіне үлкен үлес қосты. Кейінгі жылдары Каспий жағалауларында балық аулау кәсіпшілігі одан әрі дами түсіп, 9 балық аулайтын ұжымшар мен балық өңдеу зауыттары тұрғызылды. [8, 86 б.].

Адай округіндегі ұжымдастырудың нәтижелі жұмыстары 1928 жылдан басталады. Бұл кезде Адай округінде серіктестік пен артельдердің: ауылшаруашлық артельдері; балықшылық артельдері; бау-бақшалық артельдері; суландыру артельдері; жер өңдеу, шөп шауып мал азығын дайындау артелдері деген түрлері болды. Ұжымдастырудың алғашқы жылдарында 2660 шаруашылық, барлық шаруашылықтардың 10 пайызға жуығын қамтыса, 1928 жылы 71 пайызын, 1929 жылы 83 пайызын қамтыды.

1926 жылы Қазақ Өлкелік партия комитеті мен Өлкелік Атқару комитетінің 22 ақпанындағы біріккен қаулысы бойынша республика бойынша «Қосшы одағы» құрылды [31,43].

Одақты құру бір бөлек, ал оның жұмысын ұйымдастыру, құрылым, қызметін ретке келтіру, жүйелеп-жобалау басқа деңгейдегі шешімдерді және бұл шешімдерге ұйтқы болатын талқылау мен мәмілені талап етеді. Сондықтан да одақ төңірегіндегі мәселелер 1 жарым жыл ішінде Қазақ Өлкелік партия комитетінің бюросында 14 рет, Өлкелік атқару комитетінің Президиумында 15 рет қарастырылды. Ең соңында барлық кеңесуден кейін елде «Қосшы» одағын ұйымдастыру бюросы құрылды. Құрамында 7 адам болды: төрағасы Д.Хангереев, бюро мүшелері Ә.Жангелдин, О.Жандосов, І.Құрамысов т.б.

Адай уезінде алғашқы «Қосшы» одағын Нахымжан Әмзе құрды, бірінші төрағасы ретінде Смағұл Сейітқазыұлы бекітілді. Болыстық деңгейде де «Қосшы» атауымен одақтар құрылды: 1- Маңғыстау болысында 1926 жылы 6 ақпанда, төрағасы С. Тағайұлы, 2- Маңғыстау болысында 1926 жылы 15 мамырда, төрағасы С.Жақыпұлы, 2-Адай болысында А.Өсербайұлы т.б. уездің барлық 27 болысында [32,23 б.]ұйымдастырылды.

С.Сейітқазыұлы өзінің Өлкелік «Қосшы» одағының бюросына жазған мәлімдемесінде айналадағы ахуалға ақиқаттың көзімен қарайды әрі саяси білгірлікпен ұжымдастыру науқанының салдарынан заңды түрде қауіптенеді. Ол өз пайымдауында азын-аулақ малы жалғыз күнкөріс көзі болған көшпелі елдің ерекшелігін, уездің табиғи-климаттық жағдайларын ескеру керектігін көрсетеді. С.Сейітқазыұлының хатына 1926 жылы 23 қазанда Өлкелік «Қосшы» одағының бюросы төмендегідей жауап жариялаған: «Байлығының мөлшері 1000 қойлық адамдар малай жалдамай да, байдың есебіне кіреді. Себебі, біздің қазақтың (арасында – авт.) жоғарыда айтылғандай малы бар адамдар басқаның күшін пайдаланбай, өздерінің (мал асырауға – авт.) мүмкіндігі жоқ. Сіз (малды адамдар – авт.) малды малай жалдамай, балалары немесе тумаластары, ағайындары бағады деп көрсетесіз. Осы тұжырымыңызға байдың айналасында жүріп, оның малын тегін бағып, еңбегі үшін малдың айран-шалабын ішіп, күн көріп жүргенін жақсы білесіз. Сондықтан ондайларды қазірдің өзінде-ақ бірінші кезектегі бай деп санауымыз керек»

«Қосшы» одағының жұмысы бірден ілгері қадам баса алмады. Көшпенді халық арасында үкіметтің саясатын толық жеріне жеткізе алатындай насихат пәрменді болмады, оны жүргізушілердің өздері де сауатсыз болумен қатар халық арасында беделді атқамінерлердің іс-тәжірибелері де жұтаң болды. Оның үстіне елдегі бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрыптар, экономикалық, әлеуметтік деңгейдің де төмендігі етектен тартты [8, 88 б.].

Қазақ өлкелік, Адай уездік «Қосшы» комитеттері мен жер-жердегі одақтың бюролары жұмысқа белсене қатысты. Сауатсыздықты жою, әйелдер арасындағы жұмыс, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту мәселелері қолға алынды. Уездегі «Қосшы» одағы саясат желі қалай соқса да, заман талабына сай біршама қызметтерді тындырды. Одақтың басы қасында ауылдық, болыстық, уездік басшылар: Ә.Нахымжан, С.Сейітқазыұлы, О.Даулов, Тұржанов, Ізмамбетов т.б. болды. 1928 жылдың басында бүкіл Адай округінің: Ойыл ауданында – 7, Алты-Қарасу ауданында – 8, Маңғыстау ауданында – 5 серіктестік болса, жыл аяғына дейін олардың саны артты [33,1].

Ұжымдастырудың алғашқы кездерінде құрылған шаруашылықтардың бірқатары мұндай үрдіске материалдық базаның жоқтығы, адамдардың психологиялық дайындығының кемдігі, басқару жүйесінің осалдығынан тарап кетуіне әкелді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін 1929 жылдың қаңтарында ұжымшар секцияларының Адай ұйымдастыру бюросы құрылды. Оның жұмысы – жерді өңдеу және оған қажетті құралдармен, ауылшаруашылық жабдықтармен қамтамасыз ету, құрылыс нысандарын салу сынды өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Колхозшылар үшін ауылшаруашылық салықтары жеңілдетілді, мысалы, ұжымшарға мүше болғанға дейін 1 бас жылқыға 23 сом, мүйізді ірі қараға 21 сом, ал ұжымшар мүшесі болғаннан кейін осы салықтар 60 пайызға кемітілетіндей етіп белгіленген [8, 89 б.].

Алғашқы ұйымдасқан ұжымдар жеке адамдардың қолдарындағы малдарын ортаға салудан, еріксіз түрде олардан жиналған шамалы ғана қаржылары негізінде құрылды. Бұл онсыз да жағдайларын мүшкіл кедейлерге соққы үстіне соққы болып, қиынға түсті. Күштеудің нәтижесінде әл-дәрмені бар адамдар ел ауып кетуге мәжбүрленді.

Көшпелі Адайлар мекен еткен өңірлер мен жартылай көшпелі аймақтарда аз уақыт ішінде отырықшыға айнала салу мүмкін болмады. Басты себептің бірі – ағайындықпен қауымдасқан мал шаруышылығымен айналысатын халықтың мүмкіндігі аз болатыны да, егін егу ісінің судың қол жетімділігіне тәуелділігі де есепке алынбады [8,89 б.].

Биліктің бұндай объективті жағдайларға шындап назар аударуынан гөрі, оларды адами болыстың әлсіздігінен шығатын сылтаурату, болашаққа сенімсіздік көріністері деп бағалауы әлдеқайда ықтимал еді. Ұжымдастыру қарқыны уақыт өткен сайын артпаса кемімеді. Жалпы Қазақстанда 1930 жылға дейін шаруашылықтың 20 пайызы, күштеу әдістерін қолданудың көмегімен 1930 жылдың ортасына қарай 50 пайызы, 1931 жылы 65 пайызы ұйымдастырылды.

Ұжымдастыру құрылысы шаруашылықтар қозғалысының негізі болып табылды, алайда оған басшылық жасау үшін құрылған Қазақ өлкелік ұжымшар одағы («Казкрайколхозсоюз») өзіне артылған қызметті талапқа сай орындай алмады. Одақ ұжымдардың жер аумағының көлеміне, жердің құнарлылығы, шаруашылықтардың материалдық-техникалық базаларына, тауарлық өнімділігіне, егіннің шығымдылығы сияқты мәселелерді талдап қарастырмады. Аталған кемшіліктер колхозшылардың Бүкілқазақстандық І съезінде көтеріліп, округтік жер басқармалары мен аудандық атқару комитеттеріне тиісті нұсқаулар берілумен қатар, халықтың отырықшылық жағдайда еңбектенуі үшін тұрғын үйлер, мектеп, тағы басқа әлеуметтік қолданыс нысандарын салу үшін шағын ұжымдарды ірілендіру қажеттілігіне сәйкес жұмыс бағыттары ұсынылды. 1929 жылдың 17 наурызында № 622 хат жолданды [35, 2].

Маңғыстау өңіріндегі ұдайы малының жайымен көшіп-қонып жүретін көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындарға тез арада ұжымдасу, отырықшылыққа бейіделу оңайға түспеді. Өйткені малынан жұттан бір рет айырылып аштық пен күйзеліске ұшыраған халыққа шұғыл ұжымдасып тағы басын бәске тігу тиімсіз болды. Соған қарамастан халықтың толық қолдауынсыз ұжымшарлар құрыла берді, үкіметтің қатал да қатаң саясатын ертелі-кеш күштеп алатынын сезген азғантай шаруасы барлар да ұжымға малын өз еріктерімен қосты. Осындай халық арасындағы жұмыстардан бөлек, халық үшін жат мінезді «атқамінерлер» өзара мәмілелері жараспайтын ауыл кедейлерін де «үкіметке қарсы, пиғылы нашар, ұжымдастыруға қарсы элементтер» деген ауадан алынған сылтау тауып, қара халықты да қуғынға ұшыратты [8, 92 б.].

Уақыт өткен сайын үкіметтің жүргізген саясаты, бірінші кезекте ұжымдастыру барысындағы қадамдары ел арасындағы наразылық көңіл-күйді өршітті. Зорлық-зомбылықпен сипатталған, билік тарапынан орын алған заңсыз әрекеттер жанды жерінен қаналған қарапайым көпшіліктің қарсы ниеттерін және амалдарын тудыруы табиғи.

«Еңбек» ұжымдық ауылшаруашылық артелі 1926 жылы 23 тамызында құрылды. Жарғысы бар бұл ең бірінші пайда болған артельде тек 43 адам мүшелікте тұрды. Ары қарай 1927 жылы округте «Бірлік күш» және «Фетисов» артельдері, 1928 жылы «Қарасай» артелі құрылды [36, 92 б.].

1930 жылы 18 өндірістік ауылшаруашылық серіктестік, 8 колхоз ұйымдастыру жоспарланып тұрса да, оның тек 5-і ғана іске асырылды. 1932 жылы Маңғыстау ауданының жер көлемі 17, 18 миллион гектарды қамтыды, 7315 қожалық болды, оларда 3286 колхозшы еңбек етті, 3957 қожалық жеке шаруашылықтарды құрды [37, 30].

1931 жылы ауданда балықшылықпен айналысатын «Рыбаксоюз» басқармасы құрылды. Осыдан басталған коллективендіру жұмысының барысында 1933 жылы 18 колхоз, ал 1939 жылы колхоздар саны 28 жетіп, 10-нан астам балықшылық одақтары құрылды [38, 1].

1930 жылдың 10 сәуіріндегі мәлімет бойынша Маңғыстау ауданында 19 ауылдық кеңес жұмыс жасады. Олардың аумағындағы мал шаруашылығымен айналысатын 7524 шаруашылық, ондағы мал саны: 14800 бас жылқы, 22340 бас түйе, 134778 бас қой малдары [39, 8].

1931 жылы 12 желтоқсанда 785 жеке шаруашылық ұжымдық шаруашылыққа бірігіп, ауданда ұйымдастыру бюросы құрылды. Бұдан бөлек, көтеріліс кезінде тұтқынға түскендерден кедейлерді мұқият іріктеп түрмеден босатып, ұжымдық шаруашылықтарға мүше етіп тартуға шешім қабылданды [41,21].

1931 жылдың қазан айында Маңғыстау аудандық Кеңестерінің ІІ съезі өтті. Онда аудан бойынша ұжымдық шаруашылық құру жұмыстарын аяқтау туралы шешім қабылданды [40, 5].

Мақсаты ауылда әлеуметтік өндірістік қатынастарды орнату, шағын тауарлы жекелеген шаруашылықтарды ірі жоғары өнімді қоғамдық шаруашылықтарға айналдыру болып табылған ұжымдастыру толықтай іске асырылды, нәтижесінде қаржылық, материалдық және еңбек ресурстарын аграрлық сектордан жаппай индустриалды секторға аударатын жүйе құрылды [80]. Бұл Кеңес одағын батыстың көшбасшы державаларымен иық тірестіре алатын индустриалды мемлекетке айналуына әсер етті. Сөзсіз, позитивті өзгеріс, зор жетістік. Тек оның астарында ұжымдастырудың барлық барынша тықпаланған негативті ықпалдары да жатты. Қазақ шаруаларынан бар мал-мүлігін, азығын тартып алып тірішілік негіздерінен айырған, оларды аш-жалаңаш қалдырып, өліммен бетпе-бет кездестірген ұжымдастыруды «бас айналдырар табысты» науқан деп атау ақылға сиымсыз еді.

Зертттеушілердің айтуынша, Адай округінде жүргізілген әкімшілік-территориялық саясат Адай көтерілісіне әкеліп соққан бірден-бір фактор деп саналады. Біз де бұл тұжырымға келісеміз. Расында, ол саясат көтерілістің орын алуын қамтамасыз еткен жеткілікті де қажетті шарттарды туындатты. Саясат Маңғыстау өңірін белгілі бір ортақ ерекшеліктері бойынша ұқсас және сондай белгілер бойынша бір-бірінен өзгешеленетін жер аумақтарына бөлуді меңзеген аудандастыру түрінде жүзеге асты.

Кеңес билігі келісімен Маңғыстау өңірі Каспийсырты облысының әкімшілік-аумақтық бірлігінен Адай уезі болып өзгертілді, сөйтіп қазақтың тарихи мекені ретінде қайтадан жергілікті иелікке өтті. Адай уезі 1920 жылы құрылды және Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің № 5 қаулысымен өз территориясына Каспийсырты облысы Красноводск уезінің № 4,5 (Даулы және Бекес) болыстарын қосып алды. Маңғышлақ уезі бұрын Каспийсырты облысындағы көлемі жағынан ең үлкені болатын, ендігі ауданы тіпті кеңейді. Алып жатқан жер көлеміне қарай Адай уезін «губернияға» да теңестірген [8,43 б.].

Маңғыстаудың территориялық құрылымы кеңес билігінде болған 1920-1929 жылдары 13 рет өзгеріске түскен [8,43 б,]. Өзгертулер екі тараптың мүддесіне сай ұйымдастырылды. Біріншісі, уезд шекарасын өзен-көлі бар сулы аймақтарға жақындату ниеті болған Қазақстан үкіметі. Екіншісі, аумақтық өзгерістерді іске асыру бойынша ұсыныстар жасаған жергілікті ревкомның басшылығында болған азаматтардың бір тобы.

Аудандастырулардың жиілігі жергілікті деңгейдегі басшылықтың жұмысын барынша тұралатты. Мәселен, болысты басқаруға тағайындалған адамдар жұмысқа кірісіп, аумағын танып, қол астындағылармен байланыс орнатып үлгергенше, болыстар таратылып жататын. Тұрғындар туралы да соны айтуға болады. Олардың билікпен конструктивті диалог орнатуы түгіл, басшылық өкілдерін танып үлгеруге мүмкіндігі болмай келді. Бұндай тұрақсыздықта жемісті әрі тиімді жұмыс туралы айту қиын. Керісінше бірқатар әлеуметтік мәселелердің беті ашылды. Жиі өзгерістерден, қысқартулардан адамдар жұмыс орындарынан да үнемі айырылып отырды, қызметкерлер жалақысыз қалды.

Жоғарғыда айтылғаннан әкімшілік-территориялық реформалар орташа есеппен алсақ шамамен әр жыл сайын өткізіліп тұрғанын байқаймыз. Бұның мәні не алдыңғы реформалардың сәтсіз шығып, өзін ақтамай, жаңаларына деген объективті талаптың туындауынан, не реформаларды тек оларды әйтеуір енгізу, жүргізу мақсатындағы ғана шектен шыққан жаңашылдықтан болса керек. Алайда екеуінің де себеп болуы мүмкіндігін есепке алу керек. Қалай болғанда да Маңғыстаудың көшпелі тұрғындарын отырықшылыққа көшіруге бағытталған бұндай басы бар соңы жоқ шолақ, шала-шарпы жасалған шаралардың шын мәнінде халық үшін қолайлы әрі оңтайлы болғаны шамалы.

1921 жылы 3 наурызда Адай уездік ревкомы уезді 5 ауданға бөлу туралы қаулы алды [61, 5]. Адай уезі, орталығы – Форт-Александровск, аудандары: Адай-Табын ауданы, 11 болыс, орталығы – Қопа; Александр Бай ауданы, 4 болыс, орталығы – Александр Бай; Бозашы, 4 болыс, орталығы – Заворот; Үстірт-Сам ауданы, 5 болыс, орталығы – Қызылтас; Сенек-Сұмса ауданы, 4 болыс. Соңғы ауданның атауы басқа бір құжатта – Қарақұм, орталығы Қарашүңгіл [62,78-80].

Адай уезінің шекарасы қалыптаса бастаған жылдары бірнеше кереғарлықтар, қайшылықтар да кездесті. Жер-су мәселесі ушығып, өткір тұрды. Түрікмендер мен адайлар арасында, Темір уезі мен Адай уезінің, Гурьев округі мен Адай уезінің қазақтары арасында қоныстар мен құдықтарды пайдалану үшін талас-тартыс артты.

1922 жылы 9 қыркүйекте Бүкілодақтық Атқару комитеті Адай уезіндегі аудандарды тарату туралы қаулыны орындауға мінддеттелді. Дегенмен уезде қаулының жүзеге асуы кешеуілдеп, жарты жылға дейін созылды.

1923 жылдың 20 нaурызында республиканың Әкімшілік комиссиясының қаулысымен қаржылық жағдайға байланысты Адай уезінің аудандары біріктіріліп, саны үшеу болды: Адай-Табын (9 болыс), Маңғыстау-Бозашы (9 болыс), Үстірт-Қарақұм (7 болыс). Бұл факт биліктің ресми қағаздарында, яғни Адай уревкомының 1923 жылғы құжаттарында аталмайды. Демек билік басында отырғандар территориялық құрылымның жоғарғыдай түрінде ғұмыры ұзаққа созылмасын болжағандықтан аудандастыру әрекетін ресми құжаттарда әйгілеуді құп көрмеген. Расында арада төрт ай өтісімен, 1923 жылдың 5 шілдесінде Қазақ ОАК уездің 3 ауданын таратты.

1923 жылы Адай уезінде айтылғандардан бөлек тағы бірнеше аумақтық өзгерістер жасалды. Тамыздың 28-ші жұлдызында 1 және 2 Доңызтау – Аққолқа болыстары біріктірілді, сонымен бірге 1 және 2 Ұлы Сам болыстары біріктіріліп, екеуі де Ақтөбе уезінің қарамағына өтеді. Алайда соңғы екі болыс 1924 жылы Адай уезіне қайтарылды [8, 45 б.].

1924 жылдың 1 қаңтарында БОАК Адай уезі өзінің 29 болысы, 4 кентімен (Форт-Александровск, Баутин, Долгий, Құлалы) бірге Қазақ ОАК мен Қазақ ХКК-не тікелей бағынатын дербес аймақ ретінде танылуы туралы қарар қабылданды.

БОАК қаулысы келесідей: «1925 жыл 6 шілде. Кремль, Москва. Ақтөбе губерниясы Темір уезінің Ойыл және Қазбек болыстары Адай уезіне қосылсын. Орталығы Ойылға көшірілсін, Адай уезінің аты сақталсын. Болыстарды өткізу осы жылдың 15 шілдесіне дейін аяқталсын. БОАК төрағасы Калинин, БОАК хатшысы Асфендияров».

Болыстарды өткізу іс жүзінде 1925 жылдың тамыз айының аяғында соңына жетті. Шара облыстық партия комитетінің 1924 жылдың 11 қарашасындағы отырысының № 1 мәселесі ретіндегі «Ойылды Адай уезінің құрамына беру және уезд орталығын Форт-Александровскіден Ойылға көшіру туралы» қаулысы бойынша орындалды.

Уезд орталығын Ойылға көшіру 1926 жылдың ортасына дейін жүзеге асады деп күтілді, тек қаражат тапшылығы себебінен көшірілмей қалды. Біз бұл жайтты 1926 жылғы 15 мамырда жарияланған № 25 хаттамада келетін «Уезд орталығын Форт-Александровскіден Ойылға көшірудің күші жойылсын» деген және сол жылдың 5 қыркүйегіндегі № 40 хаттамада келетін «Орталық Форт-Александровскіде қалдырылсын» деген жеделхаттардан» аңғарамыз» [64, 44-45].

Демек, түсініп отырғанымыздай Форт-Алекандровск орталық болып қала берді. Маңғыстауда аудандастыру кезінде кеңестік кезеңде белең алған ескі патшалық дәуірінен қалған елді-мекендердің атауларын заманауи атауларға өзгерту үрдісі көрініс тапты. Атап айтқанда, 1924 жылдың 2 қыркүйегінде Форт-Александровск қаласының атауы форт-Урицкий болып өзгертілді және 10 қарашада бұрығы атауы қайтарылғанға дейін солай аталып келді.

1926 жылғы «Қосшы» одағы құжаттарында аудандардың орналасуы келесідей беріледі: «Адай уезі 4 ауданға бөлінеді: Александр-Бай, Бозашы, Үстірт-Қарақұм, Ойыл ауданы».

Ары қарай осы төрт ауданның әрқайсына жеке тоқталуға бізді төмендегі олар туралы шағын мәліметтер итермеледі.

Александр-Бай – Маңғыстау түбегінде орналасқан. Ауданға 1 және 2 Маңғыстау, Түпқараған, Райымберді болыстары бекітілген. Тұрғындардың кәсіптері – тау бұлақтарын пайдаланып, егін егу. Түбек айналасында көшіп-қонып жүреді.

Бозашы ауданы – Бозашы түбегінде орналасқан. Оған 1, 2, 3, 4 Бозашы болыстары және Түрікменадай болысы енеді. Тұрғындары осы түбекте, кейбір бөлігі Ойыл аймағында көшіп-қонып жүреді.

Үстірт-Қарақұм – көлемі жағынан ең үлкен аудан. Үстіртті, Сам, Қарақұм жерлерін мекендейді. Келімберді 1,2 және 6, 7 Адай, Әли-Бәйімбет болыстары бекітілген. Көшпелі болуына байланысты, тұрғындары тұрақты орынсыз.

Ойыл ауданы – отырықшы екі болыс – Ойыл және Қазбек, жартылай көшпелі Шилі-Сағыз, Жем-Сағыз, Тайсойған-Сағыз болыстары қарайды. Қосымша 1-4 болыстары, Сам-Матай, Ұлы-Сам, Доңызтау-Аққолқа болыстары да ауданға бекітілді [8,46-47 бб.].

1926-1927 жылға жататын Адай уревкомының бірнеше құжаттарында аудан саны 9 деп нұсқалады. Ол аудандар: Түпқараған ауданы - орталығы Форт-Александровск; Тау ауданы – Жармыш ауылы; Бозашы ауданы – Шебір; Қосақыр ауданы – Қосақыр; Үстірт-Сам ауданы - Жарқұдық; Қарақұм ауданы – Қарашүңгіл; Оймауыт-Байсары ауданы – Көкмешіт; Ойыл ауданы – Ойыл; Алты-Қарасу ауданы – Алты-Қарасу. Ал аудандастыруларға байланысты болыстардың саны осы екі жыл мерзімінде 25 пен 30-дың аралығында ауытқып отырған.

1927 жылдың 14 мамырында Адай уезінің құрамындағы Ойыл ауданына Тайсойған-Сағыз, Шилі-Сағыз, Ембі-Сағыз, Ойыл және Қазбек болыстары қаратылды.

1927 жылдың 26 шілдесінде Қазақ ОАК-ің 28 маусымындағы № 9 қаулысына сай ҚазКСР-і бойынша жалпы аудандастыру жүргенше уезд бұрынғы шекарасымен округ болсын деген Адай уревкомының № 62 бұйрығы шықты. Ал жоғары тұрған органдар оны жарты жылдан кейін бекітті [8, 48 б.].

1927 жылы 29 желтоқсанда Адай округтік атқару комитетінің екінші пленумында қаралған аудандастырудың кезекті жаңа жобасы 1928 жылдың 17 қаңтарында өткен Қаз АКСР ОАК-ң 2 сессиясының бекітілуіне ұсынылды. Бұл сессияда Орталығы Ойыл болған Адай округінің құрылғаны жарияланды. Жаңа аудандастыру жүйесіне сәйкес Адай округінің құрамына Ақтөбе губерниясының Темір уезі болыстарының бірқатар ауылдары қосылды [8, 48 б.].

Қазақ ОАК Төралқасының 1928 жылғы 10 мамырдағы «Адай округін аудандастыру туралы» қаулысы БОАК № 743 қаулысымен 1928 жылдың 3 қыркүйегінде бекітілді. Адай округі төмендегі 5 ауданнан тұрды:

1) Маңғыстау ауданы: Әли-Бәйімбет, 1, 2, 3, 4-Бозашы, Жеменей, 1, 2 Маңғыстау, Райымберді, 2-Түрікмен-Адай, Түпқараған болыстары. Орталығы – Форт-Александровск.

2) Алты Қарасу ауданы: Ақтөбе губерниясы Темір уезінің Жиделі-Сағыз,

Қайыңды, Құмды Ойыл болыстары. Орталығы – Алты Қарасу ауылы.

3) Табын ауданы: Доңызтау-Аққолқа, Сам-Матай, Ұлы Сам болыстары; Ойыл ауданының Ембі-Сағыз болысы; Ақтөбе губерниясы Темір уезінің Ембі-Байсары болысы. Орталығы – Көкмешіт.

4) Ойыл ауданы: 1, 2, 3 Адай, Тайсойған-Сағыз, 1-Түрікмен-Адай, Ойыл-Сағыз, Қазбек, Ойыл болыстары. Орталығы – Ойыл ауылы.

5) Үстірт-Сам ауданы: 4, 5, 6 Адай, Келімберді болыстары. Орталығы – Жарқұдық ауылы.

1928 жылғы 17 қыркүйектегі Қаз АКСР ОАК-ің «Гурьев округінің Жылыой ауданын Адай округінің құрамына беру туралы» қаулысына сай Гурьев округінің Жылыой ауданы Адай округіне өтті, алайда Гурьев округтік атқару комитетінің 1929 жылғы 12 қаңтардағы «Жылыой ауданын Адай округінің құрамынан шығару туралы» қаулысы бойынша бар-жоғы 4 ай өткен соң Жылыой ауданы Гурьев округіне қайтарылды [65, 8].

Заң жүзінде Адай округі республика үкіметінің пәрменімен 1929 жылы 10 сәуірде таратылды. Ресми қаулыны БОАК сол жылдың 29 сәуірінде бекітіп жариялады.

Адай округінің бөлінуі былайша жүрді: Ақтөбе округіне 3 аудан берілді: Ойыл (20 ауылдық кеңес), Алты Қарасу (12 ауылдық кеңес), Табын (12 ауылдық кеңес) қосылды. Үстірт-Самның 14 ауылы және бұрынғы 4, 5, 6, 7 болысының ауылдарының территориясы басқа бағыныштылыққа өтіп, адамдары қосылды. Барлығы: 3320 шаруашылық, 16708 адам. Гурьев округіне берілді: Жылыой, Маңғыстау аудандары толығымен, 4, 5, 6, 7 Адай болыстарының ауылдары. Барлығы: 4305 шаруашылық, 21785 адам. Бұрынғы Үстірт-Сам ауданының Келімберді болысы Жылыой ауданына қосылды. Қарақалпақ Автономиялы облысының Қоңырат ауданына Табын ауданынан бұрынғы 1, 2, 3 Адай болыстарының жері және Үстірт-Сам ауданының 4, 5, 6, 7 болыстарының жері қосылды [66, 5].

Адай округі таратылуы себепті оның құрамындағы 5 аудан келесідей өзгерістерге ұшырады:

1) Маңғыстау ауданы, орталығы Форт-Александровск, аудан мәртебесімен Гурьев округіне қарады;

2) Алты Қарасу, орталығы Алты Қарасу (Тасқала), толықтай дербес аудан ретінде Ақтөбе округіне бағынды;

3) Табын ауданы, орталығы Көкмешіт, жартысы дербес аудан ретінде Ақтөбе округіне, қалғаны Қарақалпақ автономиялық облысының Қоңырат ауданына қосылды;

4) Ойыл ауданы, орталығы Ойыл, дербес аудан ретінде толықтай Ақтөбе округіне бағындырылды;

5) Үстірт-Сам ауданы, орталығы Сенек мешіті (Жарқұдық), таратылды, бір бөлігі Қарақалпақ автономиялық облысына берілді, қалған бөлігі Гурьев округінің Жылыой ауданына қосылды [67, 100].

Солай адайлар өзін-өзі билеу мүмкіндігінен айырылды, енді оларға бір емес, үш аймақтың билігіне кіріптар болуға тура келді. Бұл жалпы адайлардың, әсіресе ел билеу ісінде жүрген тұлғалар мен топтардың көзінде халықтың бірлігін шайқалту әрекетіне теңестірілді. Ал кең таралған даналыққа жүгінген жұрт бірліксіз тірліктің де болмайтынын жақсы ұғынды.

Адай округінің құрылуы өзін-өзі ақтамады. Билік өкілдері бұндай нәтижені алдын ала көре алмады. Неге? Көруді қаламағандықтан десек алысқа кетпейміз. Ал сол салдарларға әкелген алғышарттардың сол кезде сыртқа шығып, айдай анық байқалғаны сөзсіз. Аумақтың территориялық үлкендігі округтің ыдырауына сеп болған мәселелерге жол ашып берді. Ол мәселелердің мазмұны негізінен шаруашылықты басқару мен жүргізудің қиындығында болатын, сонымен қатар көршілес уездермен арадағы кейбір өзекті сұрақтар бойынша өзара келіспеушіліктер округтің тарау процесін үдете түсті.

Биліктің әкімшілік-территориялық саясаты осылайша сәтсіздікпен аяқталды. Маңғыстау халқын тұрақты жер аумақтарына қоныстандыру жоспары қирады. Халық біржола көшпеліліктен қол үзіп кетпегендіктен, оларды су көзі бар мекендерге орналастырып, егіншілікті жүргіздіру арқылы отырықшылыққа көшіру тежелді. Бұл жағдайда материалдық мүмкіндіктер де соңғы рөл ойнамады. Қаражаттың тапшылығы аудандастырудың алдына алынбас бөгеттерді қойды. Қорытындысында аудандастыру көздеген мақсатына жетпей, көшпелі аудандарға жасалған тиімсіз, тиянақсыз әкімшілік-територилық тәжірибе ретінде тарихта қалып қойды.

Өлкеде жаңа кеңестік биліктің орнауы жергілікті экономикалық саясаттың мән-мазмұнын жаңартты. Патшалық кезеңнен мұраға қалған шарушылық саласын басқару үлгісіне нүкте қойылған еді. Әрмен қарай кеңестік үкімет мүлде басқа экономикалық-шаруашылық құрылым орнату жолдарын қарастырды және нәтижесінде орнатты да. Бірақ кез келген мемлекеттің экономикалық әлеуетінің басты тірегі оның қазынасы болып қалатынын әуелден білген большевиктер, ол қазынаны қалыпта ұстаудың әрі толтырудың ең негізгі, шешуші, тиімді механизмі болып табылатын салық салу жүйесін бірден өз қолдарына алды.

Маңғыстау өңірінде тұрғындардан салық жинаудың жүйесі 1922 жылдан бастап енгізілді. Салық ақшалай не болмаса заттай, ет күйінде жиналды[62,79].

Уезд тұрғындары салық жиналған алғашқы жылдары 75 000 пұт ет тапсыруға міндеттелген. Салық жобасы бойынша 100 қойдан 1 қой алынды, салық балама жолмен де алынды, мысалы, бір түйе 8 қойға, жылқы 5 қойға теңестіріліп мөлшерленді. Етке тапсырылатын қойдың салмағы 2 пұттан, ірі қара малдың салмағы 16 пұттан кем болмауы тиіс деген талаптар қойылды.

Одан кейінгі жылдары салықты ақшалай жинау басталды. Салықтың уезд бойынша жоспары мен оның орындалуы туралы төмендегідей сандық мәліметтер бар:

Кесте 1. Салық жоспарының сандық көрсеткіштері

Жылы

Салық нормасы, рубль

Жиналғаны, рубль

%

1923-1924

260 519

139 091

54

1924-1925

219 604

154 055

69

1925-1926

124 531

111 175

89

1926-1927

223 475

143 374

64

Округ тұрғындары 1927-1928 жылдары келесі салықтарды да өткізді: 96159 пұт жүн, 2944 пұт ет, 402885 дана тері мемлекет қолына тапсырылды. Ауылшаруашылық салығы халықтың мойнына тағы бір ауыртпалық түсірген шара болды. Оған сәйкес 1927 жылы - 6896 сом 24 тиын, 1928-1929 жж. – 42459 сом, 1929-1930 жж. – 103430 жинау жоспарланды. Тек бір жағдайда ғана, 1929-1930 жылдары салықтың белгіленген нормасы артығымен орындалды (113402 сом), жалғыз осы жайттың әсерінен 1930-1931 жылдың салық нормасы 180410 сом 74 тиынға дейін өсіріп жіберілген.

Салық тек отбасының иесі, шаруашылықтың қожасы болғар ер азаматтарға ғана емес, әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға да салынғанына көз жеткізе аламыз. Мысалы, жесір әйелдерге салынған салық. Солай, салық науқанының бірінде Қалипа Сисекен әйеліне 250 кг шүберек, 3 кг резеңке, 400 кг сүйек, 10 кг мүйіз-тұяқ салық салынды. Ал есімі белгісіз Жұмабай әйеліне 200 кг жабағы жүн, 36 кг күзем жүн, 100 кг қозы жүні, 36 кг ешкі қылы, 80 кг түйе жүні, 20 кг түбіт, 15 дана аң терісі салық тапсырылып, үш күн мерзімінде тауып беруге тілхат алынған [68].

Маңғыстау ауданының 20-ауылының тұрғыны, жасы 35-гі, 4 баласы бар жесір әйел Балбөпеге салынған салық – тұқым қорының жоспарына 57 кг 35 грамм астық, 640 кг жүн. Ол ешбірін орындамаған. 50 жастағы, 2 баласы бар Бәтен Талпақ әйеліне салынғаны – 57 кг 35 грамм астық, 655 кг жүн. Бұдан орындалғаны – 27 қадақ астық. Бұл әйелдер Қазақстан қылмыстық іс кодексінің 319, 320-баптарына сай 1 жыл еріксіз қара жұмысқа кесілді [69,4].

1920-1930 жылдары салықтың түрлері бір-біріне қабаттасып кетті. Бірі - бастапқыдан бар болып келген салықтар. Оларға егіншілікпен айналысатын аудандарда жүрген Астық салығы жатты. Салықты өтеп, үкімет талаптарын орындау үшін бір ауылдар екінші ауылдардан астық сатып алды. Астықты ешкім ақшаға сатпады, сондықтан айырбас сауда жүрді. Астықтың орнына мал ұсынылды. Адамдар 1 пұт астық үшін 1 қой, 1,5 пұт астық үшін сиыр, 3 пұт астыққа бұқа, 4-4,5 пұт астыққа жылқы мен түйе айырбастаған фактілер орын алды. Олардың бар көздегені осы салықтан құтылу еді, өйткені керісінше жағдайда салықты төлемегендер қатаң жазаға ұшырады.

Басқа жаңадан ойлап табылған салықтар болды. Мысалы, «Қызыл жүн» атауымен белгілі салық. Оның не үшін, қандай қажеттілікті алдыға тарта отырып алынғандығында ешкімнің шаруасы болмады. Елден жиналған жүн, тері, аң терілері, жылқы мен ешкінің қылы, ешкі түбіті, арқар киік, ешкі мүйіздері, сүйек, ескі-құсқы, ұсақ-түйек заттар қайда кетіп, қалай пайдаланылды? Бұған жауап бізге толығымен белгілі емес. Бұл тұрғыда біздің пікірлер нақтылау мен негіздеуді қажет етеді. Олар аталған салық жұртты қанаудың кезекті құралынан басқа ештеңе емес дегенге жетелейді. Және бұл шындыққа көбірек жанасады.

Көрсетілген заттарға жоспарлы тапсырмалар бөлік-бөлігімен орындалғанымен, жүн бойынша жоспар орындалмады. Жүндері көтерілмегендіктен қой мен түйеден қырқылған жүннің аз шығуына бірден «контрреволюциялық» әрекет деген баға беріліп, «үкімет тапсырмасынан жалтару, нағыз жат элемент» сынды айыптар тағылды. Осы оқиғаларға куәгер Ысқақ Шәкіратов өзінің «Маңғыстау маңғаздары» атты еңбегінде оларды нақтылай суреттейді: «Менің көзімше біздерге туыс Жарбай мен оның екі баласы Ұлықпан мен Рамазанды тапсырманы орындамайтын, қоғамға жат элементсіңдер деп ұстап әкетті. Содан үкіметтен қорықаннан наурыз айында қойды қырқуға, түйені күзеуге тура келді. Осылай жүнінен айырылған қызылшақа мал Отамалының қарлы боранына тап болып, қой қозы, түйе бота тастап, өздері үсікке тап болып, алды өле бастады. Сөйтіп, халықтың жұттан кейін тірнектеп жинаған аздаған малы ысырап болды. Жүн жоспары сонда да орындалмай, манағы белсенділер үйлердің іші-сыртын тексерді, кебеже, сандықты, теңдерді ақтарды, тіпті «тығып қойған не бар» деп маңдағы молалардың, тамдардың ішіне дейін үңілді. Қысылған ел үйлеріндегі арқан, жіптерді, көгендерді тарқатып, киіздер туралып, жүнге түтіліп, жүн есебінде өткізілді. Сонда да жүн жоспары орындалмады» [70,214].

1931 жылдың есебіне мемлекетке жүн дайындау жоспары тайлақ жүні, шуда, мамықты жүн деп бөлінген, тек түйе жүнінің өзінен 313 тонна, ешкі түбіті 7,7 тонна болып жоспарланған [71, 30]. Түйе асырау дәстүрлі түрде кең таралған өңірде түйе жүнінің жоспарын орындау шын мәнінде мүмкін болғанымен, жүн беретін ангора ешкілері Маңғыстау жерінде өспейтін, ал салыққа есебіне сәйкес 1 бас ешкіден 1 килограмнан түбіт алу қажеттілігі тұрды [8, 68 б.]. Осы сынды қайшылықтар туындаған болатын, тіпті сирек емес.

Ендігі бір ерекше «Шаруа шаруашылығын нығайтуға арналған мемлекеттік заемы» салығы халық шаруашылығын жедел дамытуға үлес қосу деген ұранға арқа сүйеді. Ол әр түтінге салынды және бұл салықты жинау ісінің аясындағы шаралар да қатал тәртіппен жүзеге асырылды.

Салық жинауда билік тарапынан кеткен кемшіліктің үлкені қолданылған әдістерде. Салық нормаларын орындауда шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты шектелген халықты күшпен мәжбүрлеу әдеттегі құбылыс болды. Бұл әділетсіздік мейлі байларға болсын, мейлі кедейлерге болсын қатысты орын алды. Бәлкім салықтың ауыртпалығы қоғам өкілдерінің материалдық әл-ауқатына қарай әр кімге әр түрлі түскен болуы қисынды десек те, бәрібір ол салықты, әсіресе ақшалай түрін жинаудың, жалпы нормаларды орындаудағы әрекеттердің бергісі моральдық кодекстерді, арғысы мемлекет пен партияның қағидаларын аттап өтуі ақылға қонбайды және теріс бағаға лайық.

Орталық үкімет салыққа қатысты жоспарлардың әр ай, тоқсан сайын тексерілуін жүктеп, оларды орындаудың барлық амалдарын қарастыруды ұсынды. Салық жинаушыларға қызмет уақытында өз еркіне сай шешім қабылдауға рұқсат берілді. Оған бір нақты мысал, округтік қаржы бөлімінің басшысы Рудиков орталық атқару комитетіне, аудандық және болыстық ревкомдарға сан рет хат жолдап, салықты күштеп жинаудың жолын ұсынған.

Бұл ретте тағы мына 1924 жылғы 26 қыркүйектегі № 2939 деген белгісіз ревком мүшесіне берілген куәлікте салық саясаты аясында тапсырылған міндеттерді орындау нұсқаулықтары жайында қосуға болады. Онда: « тапсырылған міндетті табысты орындау мақсатында Сізге барлық заңды әдістерді – ауызша жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден бастап, салықты қасарысып төлемейтіндерді сотқа тартып, жазалауға дейінгі шараларды қолдану ұсынылады» деп жазылған [72, 5].

Округтік атқару комитетінің 1928 жылы 11 қарашада болыс ревкомдарына жіберген № 2375 хатында салық саясатының негізгі міндеттері ашып көрсетіледі: «...көрсетілген аудандарға бірыңғай ауылшаруашылығы салығын өндіруді күшейту, салықты ауқаттылар мен байлардан мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып жинау, сонымен бірге тез арада 1928-1929 кезеңге жиналып қалған бережақты 100 % өндіріп алу ұсынылады» [73,3].

Салық саясатының тарапынан ескен желдің қай жаққа қарай бағыт алғанын аңдауға мүмкіндік бар. Бір мезетте ұсыныс жасай және нұсқаулықты жүктей отырып, билік салық жинаудың икемді, жұмсақ әдістерімен қоса, аса қатаң, қатал әдістерін де заңдастырып берді. Сол кездегі билік жүйесінің басқару стиліне экономикалық салада жоспарларды мүмкін болса асыра орындау, сандық көрсеткіштерді үнемі көтеріп отыру жөніндегі тапсырмалар, ұсыныстар, міндеттемелер тән болғанын ескерсек, салықты өндіруді күшейту қажеттілігінің туындағаны түсінікті. Бұл үшін күштеп мәжбүрлеуге арнайы назар аударылды, басымдық берілді. Оларды кімге қатысты қолданудың мәселесі де шешіле кетті. Тәркілеу заңына байланысты байлар мен ауқаттылар енді қысым мен қанаудың басты нысандарына айналды. Оларды жау, жат элемент, саяси қауіпті деп бағалап, үкімет тісін қайрап, тізесін батырды. Байлардың едәуір көп мал-мүлкін тартып алу, тонау арқылы салық төлеушілердің өтелмей қалған қарыз, берешектерін толығымен өндіру көзделді.

Шаруашылық басқарудағы кеңестік биліктің бұрыс позиция ұстанғаны орнаған ахуалды объективті бағалап, соған сәйкес керекті шешімдерді қабылдауға ықтиярсыздығынан немесе мүлде қабілетсіздігінен байқалады. 1924 жылы Маңғыстауда жұт болғаны мәлім. Сол жұттың зардабын жою мақсатында үкімет салмақты жұттан жапа шеккен халыққа сала отырып, шығындарды толтырмақ болды. Оны айғақтайтын 1927 жылдың 27 желтоқсанындағы Адай округтік атқару комитеті мен қаржы бөлімінің Ойыл атқару комитетіне жолдаған жеделхатында: «Соңғы кездері осы жылғы және бұрынғы жылдардан бережақ ауылшаруашылық салықтарын жинау жұмысы өте қанағаттанғысыз дәрежеде. Салық түсімдерінің жергілікті бюджетке кезінде түспеуі округтегі жұттың зардаптарын жою жұмыстарына өлшеусіз кедергісін тигізуде. Көп аумақты алып жатқан көшпелі болыстардан салық жинаудың шұғыл шараларын алу қажет. Салық жинау кезіндегі кедергі келтіргендерді қатаң жазаға тарту, жинақталған қаражатты шұғыл округ шотына аударып, жұмыстың жүрісін күн сайын жеделхатпен хабарлап отыру керек» деп жазылған [74, 6].

Ауылдағы салық жоспарын орындауға кедергі жат элементтермен күресіп, тамырларына балта шабу тапсырмасымен салық жинаушылармен қатар, милиция өкілдері, ауылдық кеңестің төрағалары, тағы басқа билік қызметкерлерінен құралған комиссия жұмылдырылды. Олар ел ішін аралап, салық жинау шарасының талапқа сай жүруін қадағалады.

Мал санақшылары мал санағын қатаң жүргізуге, малдарды тәркілеуге ұсыну шараларын белсенді орындарға міндеттелді. Олар ауылдардағы үйлердің санына қарай бөлінді. Олардың қолдарына куәлік, түбіртектерден басқа, заем таратып-сату, ауылшарушылығы салығы, қамсыздандыру, өзара салықтарын жинау және бұрынғы бережақтарын қосып жинау туралы тапсырмалар берілді [75, 29].

Салық жинаушыларға берілген арнайы куәліктің орыс тіліндегі бір үлгісі:

«№ 1264. 1.03.1929 г. Удостоверение

Предъвители сего Уполномоченные РИК-а тт. Бегенов, Толеев, Бимамбетов, командируются в районы для проверки укрытых объектов облажения (скота) байских кулацких хозяйств порученных им РИКом.

Всем аулсоветам, органам с/Кощи, Батрачкомов предлагается оказать им содействие в деле выполнения порученных заданий.

Настоящее действительно по 8мая июля с/г.

Пред. РИКа (қолтаңбасы)» [76, 28].

Салық саласында жұмыс жасаған қызметкерлерді, билік өкілдерін жіберген кемшіліктері мен қателіктері үшін жазалау әдетті құбылыс болды. Мәселен, жауапты қызметтер атқарып жүрген О.Дауылов округтік атқару комитетінің төралқасының тапсырмасы бойынша ауылшаруашылық салықтары, заем тарату және өткен жылдардан қалған салықтарды жинауға өкіл ретінде жіберіліп, барған аудандарынан 2 ай мерзім ішінде салық жинау жоспарын орындамай, таратуға алып кеткен 3000 сомның заемын кері алып келген. О. Дауыловтың жауапсыздығы үшін ократком оның ісін сотқа берген. Өлкелік партия комитеті жанындағы «Партиялық үштіктің» 1929 жылғы 27 сәуірдегі мәжілісінде оған «партияға жат элемент» деген айып тағылып, мүшеліктен шығару жөнінде шешім қабылданды [4, 68 б.].

Кезінде Адай уревкомының бірінші төрағасы қызметін атқарған Т.Әлниязовқа ОГПУ тарапынан салық жинау шараларын қате жүргізуге қатысты айып тағылғанда, ол тергеушіге келесідей жауап берген: «Салықтарды жинауға қарсы, үкіметтің жарлықтарына бағынбауға байланысты үгітті еш жерде, ешқашан да жүргізген емеспін. «Біз тек Тәңірге бағынамыз» деген ұранды мен шығарған жоқпын. Керісінше, 1923-1925 жылдары салық жинау жөніндегі уәкіл жұмысын істедім, оны жинап ревкомға тапсырдым, өзім жұмыс істеген мерзім ішінде ауданда болған қылмыстарды тиісті орындарға әрқашан хабарлап отырдым, мысалға, малды жасырып қалу, барымта алу, тағы басқаларын. Салықтарды жинау жөнінде өзіме берілген қызметті адалдықпен атқардым» деп жазған [15,17].

1931 жылдың 11 наурызында аудандық атқару комитеті ет дайындау жұмыстарының аудан бойынша қанағаттанарлықсыз күйде екенін әдейі мәселе қылып көтеріп, ет дайындаушылардың жұмысына сын садағы қадалған, ескертулер жасалған. Өздеріне бекітілген № 4, 16 демеуов ауылдарда ет тапсыру жоспарын орындамаған бригадирлер Қабанов, Әлиев, Әбдірахмановтар жұмыстарынан босатылған [77, 2]. Кейде билік емес, халықтың игілігі үшін әрекет ету зиян әкеледі. Бұл адамдар сондай жағдайды бастан кешірді. Халықтың мұң-қажетін түсініп, ескеріп жанашырлықпен жеңілдік жасаған оларға бұл кеңшіліктері арзанға түспеді: сынның астында қалды, сөгіс алды, жазаның жүгін арқалады.

1930 және 1931 жылдар аралығында малға салықтың мазмұны мен нормалары өзгерді. Ірі қара малдың әр басына 4 сом, көлік атына, атан-нарға 16 сом, жеке қайыққа 20 сом, тіпті велосипед болса, оған да 2 сом мөлшерінде белгіленді. Аудан бойынша 1931 жылдың екінші жартысына арналған салықтардан малмен есептегенде жоспары 4905 тонна ет үшін: 97682 бас ұсақ мал, 215 мүйізді ірі қара, түйе 150 бас, жылқы 100 бас болды. Мұнымен қатар өндіріс, шаруашылық, әскери қажеттілік үшін күш көліктері есебінде жарамды 982 ат, 198 түйе дайындалу қажет болды. Жоспар тоқсандарға бөлгенде 3-тоқсанда 60 пайызын, қалған 40 пайызын 4-ші тоқсанда орындау міндеті қойылды [71,30].

Жалпы 1930 жылғы салық жопарына сәйкес келесідей мәліметтер кездеседі:

Кесте 2. Салық жоспарының сандық көрсеткіштері

Ауыл аттары

Қожалық саны

Батырақ-кедей

Орташа

Әлді

1-ауыл

839

45

208

16

2-ауыл

408

148

214

46

3-ауыл

318

143

153

19

4-ауыл

393

177

184

32

5-ауыл

316

214

95

7

6-ауыл

385

247

125

13

7-ауыл

535

270

233

32

8-ауыл

541

224

116

1

9-ауыл

278

102

91

5

10-ауыл

461

209

219

33

11-ауыл

604

399

201

4

12-ауыл

403

234

162

7

13-ауыл

574

350

200

24

14-ауыл

290

214

74

2

15-ауыл

330

273

92

1

16-ауыл

438

286

152

-

17-ауыл

303

203

100

-

Барлығы

7216

4352

2622

242

Кестеде округтегі 17 ауылдың әрқайсындағы қожалықтардың және шаруа таптарына жататын батырақ-кедейлердің, орташалар мен әлділердің саны және олардың жалпы қосындысы берілген.

Жеке адамдардың иелігіндегі малдарын санау үнемі жүргізілді. Ел ішіндегі үкімет «тыңшылары», оның «құлақтары мен көздері» болғандардың жасырын ақпараттарына негізделген қосымша ұсыныстар мал-мүлік есебінің қайта-қайта алынуына себеп болды. Ірі бай атаулыларға Үкіметтік комиссия арнаулы өкілдер жіберіп, малдарын есепке алып, қатаң тәркілеу шараларын жасады. Соның бірі - Наурыз, Құлажат Шандиевтердің ауылына жүргізілген мал есебі. Салық жөніндегі есепке алынған мал 1800 қой. Ауылда жүргізілген комиссияның есебі бойынша 1497 қой болды. Түйе мен жылқы да бастапқы есептегіден кем шығады. Санақшылардың айырма малдарды қайда жібердің деген сұрағына Наурыз: «ұл, қыздарыма еншілеп бердім, ұсақ малдарды қонағыма сойдым, тамаққа пайдаландым» деп жауап қатқан. Салық, әрине, үкімет есебіндегі малға салынды. Кейіннен бұл малдардың барлығы да тәркіленіп, ақыр соңында ағайынды Шандиевтер жауапқа тартылды [78, 14-15].

Маңғыстау ауданының № 16 ауылының азаматы ауқаттылар қатарында деп жатқызылған Шаукет Бердібекұлына 1,5 тонна шөп, 4 пұт тары, 300 сомның заемы үшін ауылшаруашылық пен қатар өндірістік салық төлеткен, осындай салықтарды сол ауылдың тұрғындары Ұзақбайұлы мен Жүнісбай Қожырұлы да төлеуге мәжбүр болған.

Сонымен қатар 500 сомнан жоғары қаражаты барлардың ақшалары да тәркілеуге жатты. Айта кету қажет, есепке берілген малдың өсуі мен өнімдерін өткізу салықтық есепке керек болғандықтан өз бетінше малдарын сатуға, тауарға айырбастауға, тамағы мен қонағы үшін жаратуға рұқсат етілмеген [8, 71 б.].

1931 жылдың наурыз айынан бастап көптеген ауылдар оңтүстік бағытта көшуге бет алып, Үстірт үстіне шығып кетті. Қолда бар есеп бойынша көшкен 2948 қожалықтың бай, ауқаттылар қатарында 492, қалғандары орташалар мен кедейлер санатындағылар. Көшкен байлар мен ауқаттылар есебінде 66038 бас ұсақ мал, 1002 жылқы, 1248 түйе бар болса, кедейлер мен орташалар есебінде 32254 бас ұсақ мал, 408 жылқы, 823 бас түйе малдары болды.

Салық жинаушылар есебінде ауылшаруашылық және басқа да салықтарын төлемеген байлардың тізімі және: № 10 ауылдан Шандауыров (берешегі – 16125 сом), Кентанов (7344 сом), Науанов (5046 сом) және № 4 ауыл азаматы Отантұновтың берешегі 6337 сомды құраған. Олар салықтың құрығынан құтылмақ ниетімен Үстіртке, тіпті одан да ары асып кеткен.

Олардың еншісінде тек бір таңдау болды. Және олар амалсыздан, тұрған мекендерін, отырған қоныстарын тастап кетті. Расында, салықты өтеу тұрғындарға көтерілмес ауыр жүк сынды болды. Мысал үшін, округ тұрғындары Н. Қарақұлына 7 түйе, 103 қой, Б.Жаманшаұлына 101 қой, Жолдасбай Атанұлына 9 түйе, 109 қой салынды. Бұл азаматтарды малы қалың бай-ауқаттылар санатында болды деп шартты түрде есептесек те, оларға қойылған салық заңдастырылған тонау әрекетіне көбірек ұқсайды. Сондықтан олар осындай қысымнан құтылудың жолын кеңес үкіметінің билігінен кетуден көрді. [4, 71-72 бб.].

Сондай қысымшылық пен қанаушылықтан № 16 ауылдан түнделетіп 47 үй үдере көшіп кеткен. Аталмыш ауылдың кеңесінің төрағасы жолдас Әнетұлы 1931 жылдың 21 мамыр күнгі баянжазбасында: «...түнделетіп көшкен ауылдардың 7 бай, ауқатты отбасы, 25 кедей, 9 орташа, 6 шаруа қожалығынан, алып кеткен малдарының есебі жоқ. Көшкендер арасында ауылдық кеңестің мүшелері Ө. Бимағамбетов, Б. Жаманшаұлы, Н. Қарақұлы сияқты белсенділер де бар... 1 ақпанға ет тапсыру жоспары 1262 бас болып, ол толығымен орындалды. Ауылда 715 адам тұрады, қожалықтардың барлығында да мал азайды, халықтың күнелтісі төмендеп барады, үкімет тарапынан көмек берілуін сұраймын» деп жазған [71, 29].

1930 жылдары Маңғыстаудың өзінен Красноводскіге 757 қожалық, Байрамалыға 300-дей қожалық мекен аударған. Олардың кейбірі Ауған, Иран аумақтарына асып кеткен [79,32].

Ел-жұрттың көбі көшіп кетіп, аудан орталықтарынан қоныстарын қашықтатқаны сол аудандағы салық жөніндегі инспекторлардың жұмысына кері әсерін тигізді. Оларға көшіп кеткендердің ізінен ілесу қиындық туғызды, яғни, олар өз қауіпсіздіктерін ойлау тұрғысынан жұрт көшіп кеткен Үстірт т.б. жерлерге дейін баруға шешімдері жетпей бата алмады. Өз кезегінде, салық жинаушылар тізені енді кедейлер мен орташаларға батыруға кірісті. Кетіп қалған бай-дәулеттілердің орнына салықты солар бөліп өтеуге тиісті болды. Аудандағы барлық қожалықтардың 60 пайызын жалшылар мен кедейлер, 38,3 пайызын орташалар құрады, әлділердің көрсеткіші 3,4 пайызға тең келді.

Халықтың ақшасына мал сатып алу (контрактация) жоспары да орындалмай, оған бөлінген несиелер толықтай өз мақсаттарына жұмсалмады, солай кез келген адам қаражатты қалталарына басып қалуды құр жібермеді [8, 72-73 б.]. Халық арасында мал өнімдерін дайындаушылар арасында кейбір алаяқтар өнімдерге ақша болмаса тұтыну тауарларын берудің орнына әлдебір саудагерлер қолхат беріп, артынан мойындамай да кеткен. Бұндай саудагерлер жұттан кейін тіпті халыққа келген азық-түліктерді арбаларына тиеп алып, жолдан қымбатына сатып берген, осындай әдістермен мал азығын да сатқан. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, олар Астрахань қаласында дейін барып сатып, баю жолдарына түскен. Осындай саудагерлер тобына Ш.Бекназарұлын, Ә.Шыңдәулетұлын, Е.Құлшыманұлын т.б. жатқызуға болады. Кейін халықтың мүлкін жымқырған алаяқтар қылмыстарының жазасын алған [4, 82 б.].Салық жинау кезінде орын алған келеңсіздіктерге қатысты ел арасында үнемі туындап отырған наразылықтар жергілікті билікті бей-жай қалдырмады. Осындай мәселелер бір жолы аудандық комитетте қарастырылған. Онда салық жинау мен ет дайындау барысы туралы сөз қозғалып, Бозашы түбегіндегі салық жинаушы Неталиевтың хабарламасы тыңдалған. Өз хабарламасында ол ауылдарда үкіметтің салық саясатын насихаттаумен айналысатын «Бестік» ұйымдарының барын, сол үгіт-насихат жұмысы кезінде халыққа етке алынған мал үшін берілуге тиісті ақшаның, не тауарлардың ешқайсысы да берілмей жатқандығын жеткізген.

1931 жылдың наурыз айының 19, 20 күндерінде аудан бойынша 476 қой, 155 ешкі, 82 бас мүйізді ірі қара, 61 түйе, 79 жылқы дайындалған. Сонымен қатар, бұл малдардың барлығына да өтем берілмегені анықталған. Аудандық кеңестік атқару комитеті бұндай өрескел қателіктерді сөгіп, қайта жол берілмеуін ескерткен[42,2].

Сонымен, 1920-1930 жылдар кезеңінде кеңестік биліктің салық саясаты уақыт-уақытымен реформалау арқылы түрленіп отырғанын көреміз. Негізінен салықтың түрлері де, салық нормалары да уақыт өткен сайын артып отырған. Соның есебінен салықтың ауыртпалығы артқан сайын артқан, ал ауыртпалық көбінесе қарапайым халықтың иығына түсті. Одан бөлек салық өндіруде қолданылған әдіс-амалдар әділетсіздігімен адамгершіліктің шегінен шыға отырып, қылмыстық сипат алды. Бұл тұста айту керек, мемлекет пен партия басшылығы халықтың өмір сүру деңгейін, тұрмыс жағдайын, шарушылық жүргізу ерекшеліктерін басшылыққа алмай, оның орнына маркстік-лениндік идеологияның догматикалық тұжырымдарын қалтқысыз ұстанып, оларды өмірде жүзеге асыруда асыра сілтеуге ұрынды. Солақай саясаттың кемшіліктері, қоғамда оның кесірінен пайда болған келеңсіздіктер, топтар мен таптар қарым-қатынасындағы бұзылу мен бүліну жайттары, мүдделер қақтығысы сынды негативті факторлар халықты күйзелісті күйге алып барды. Ақыры соңында өңір тұрғындары көп көлемде ұйымдаса көршілес аймақтарға қоныс аударып, көшіп кету арқылы, біріншіден, жан сақтаудың қамын жасаса, екіншіден, билік саясатына қарсылықтарын танытты.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]