- •6М011400 «Тарих» мамандығы
- •6М011400 «Тарих» мамандығы
- •Алматы, 2017 Мазмұны
- •1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары....................................................................................................12-29
- •2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы........................................................................30-61
- •3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясатына қарсы халықтың қарсылығы.....................................................................................62-79
- •Белгілеулер мен қысқартулар
- •1. XX ғасырдың 30 жылдарындағы Адай көтерілісінің тарихи алғышарттары
- •1.1. Көтеріліс қарсаңындағы Маңғыстау өңірінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы
- •1.2.Маңғыстау өңіріндегі 1920-1930 жылдардағы жұт және оның салдары.
- •2. Кеңес үкіметінің Маңғыстауда жүргізген отарлау саясаты және оған қарсы халықтың наразылығы
- •2.1. Жергілікті билік органдарының мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы қызметі
- •2.2. Кеңестік отарлауға қарсы халықтың наразылығы
- •3. Маңғыстау өңіріндегі Кеңес өкіметінің тоталитарлық
- •3.1. 1920 Жылдардың аяғындағы Маңғыстаудағы бас көтерулер
- •3.2. 1930 Жылдардағы Адай көтерілісі.
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
Қорытынды
Диссертациялық жұмысымызда біз негізінен Адай көтерілісін тудырған алғышарттар мен себептердің кешеніне баса мән бердік. Қандай алғышарттар көтерілістің пісіп-жетілуіне оңтайлы жағдай жасады дегенде, біз алдымызға бірнеше жауаптар шықты. Біріншіден, табиғи-демографиялық жағдай. Сөз жоқ, қоғамдық өмірдің бұл сфералары өзара байланысты болып, адамдардың психологиясы мен мінез-құлқына, санасы мен іс-әрекеттеріне, өмірлік көзқарастарына, жалпы алғанда рухани жан-жүйесі, физикалық жай-күйіне ықпал етеді. Маңғыстау өңірінің географиялық-табиғи ерекшеліктеріне территориялық оқшаулық, құрғақшылық, су қорларының тапшылығы, климаттың қаталдығы сынды жайттар жатты. Бұлар жергіліктің халықтың тіршілігіне, шаруашылығына белгілі бір шектеулер қойып, қиындықтар туындатты. Тұрғындар үнемі көшпелі өмір салтын ұстанып келді, көшпелі мал шаруашылығы күнкөрістің басты, тіпті кейде жалғыз көзі болды, ал егіншілікпен айналысу тиімсіз еді және халықпен шындап қолға да алынбады. Орталық тарапынан өңірдегі жағдайға жеткілікті көңіл бөлінбеді, көмек-қолдау көрсетілмеді.
Ал өңірдегі демографиялық ахуал 1920-1930 жж. аса күрделі болды. Ол тұрақсыздықпен сипатталды. 1920 жж. басында халықтың саны түрлі факторлардың, Азамат соғысының, жұт пен аштықтың әсерінен азайып кетті, 1920 жылдың екінші жартысында жағдай оңалған болатын, өңірдегі халықтың саны керісінше қарқынды өсе бастады. Бірақ онжылдықтың соңындағы қоғамдағы саяси-экономикалық өзгерістер, қайта құрулар демографиялық коллапсқа әкелді. Ұжымдастыру мен тәркілеуді іске асырумен бір қатарда кеңес үкіметі өз қолымен жұтқа жол ашып берді, оның салдары тұрғындарды тұтастай қамтыған алапат аштыққа әкелді.
Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық жағдай. Кеңестік билік орнатқан жаңа қоғамдық тәртіп ескі рулық-патриархалдық тәртіпті түп-тамырымен толық жоюды меңзеді. Сонымен қатар шариғат және әдет-ғұрып бойынша жүрген қоғамдық қарым-қатынастардың жүйесі де жойылуға тиісті өткеннің қалдықтары деп қабылданды. Бұл халықты өзіндік тарихи болмысынан айыруға бағытталған әрекет болды. Көпшіліктің бұған қарсылық танытатыны белгілі еді.
Бұдан бөлек сол кездегі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жер мәселесі. Бұл мәселенің билік тарапынан дұрыс шешім таппауы рулар арасындағы келеңсіздіктерді тудырды. Жайылымдық және шабындық жерлер үшін Адай қазақтары көршілес Ақтөбе және Гурьев өңірлерінің руларымен талас-тартысқа, жанжалға түсті. Бірнеше қақтығыстардан кейін мәселе өз шешімін ақыры тапты. Алайда бұл да халықтың билікке деген сеніміне сызат түсірді.
Халық көршілес түрікмендермен де қарым-қатынаста болды. Арасында кездескен жаушылық жайттарын есепке алмағанда, негізінен кеңестік кезеңнің басында екі жақты қарым-қатынас достық сипатта жүрді. Кейін осыған байланысты адайлар көтеріліс уақытында және оның алдында да Түрікменстанға қоныс аударғаны мәлім.
Халықтың әлеуметтік жағдай өте қатты нашарлайтын кездер жұтпен тікелей байланысты болды. 1920-1930 жж. Маңғыстау өңірінде бірнеше рет жұт болды. Соның арасында 1927-1928 жж. орын алған жұттың зардаптары халықты апатты жағдайға әкеліп тіреді. Малдың шығыны 90 пайызға жетті, шаруашылық тұралады, адамдар жаппай ашықты. Онымен қоймай түрлі індеттер тарап, өлімнің деңгейі артты. Тағы бір өткір мәселе – су тапшылығы. Су тапшылығынан адайлардың тіпті күнделікті өмірде судың орнына малдың сүтін пайдалануы әдеттегі жайтқа айналды. Бір жағынан суға деген қажеттіліктен адай жұрты құдық қазу ісін жолға қойып, кәсіп еткен. Құдықтардың жиі кездесуі содан. Жалпы түрде әлеуметтік жағдай осындай болды.
Экономикалық жағдайға келсек, өңірдегі экономикалық өмірдің тірегі мал шаруашылығы болып келді, халық әлі де болса жыл бойы көшпелілікті ұстанды. Бұл мал санының жоғары көрсеткіштерге жетуін қамтамасыз етті. Теріс құбылыстар биліктің саяси іс-шараларынан басталды. Ұжымдастырудың салдарынан мал басы бірнеше еселеп азайды. Үкімет отырықшыландырудың шеңберінде тұралап қалған егіншілікті дамытуды іске асырды. Тұрғындар қосымша күнкөріс көзі ретінде балықшылықпен және тұз өндіру кәсіпшілігімен айналысты. Бұл ретте үкімет осы салаларды дамытуға күш салғанын айту керек.
Үшіншіден, кеңес үкіметінің саясаты мен оны жүзеге асыруға таңдап алынған әдістер. Өңірдегі іс-шаралар дәстүрлі қоғамдық құрылымды бұзумен қатар, халықты жаңа тәртіпке бойұсындыру мен мойындатуға бағытталған күштеу, мәжбүрлеу, зорлық-зомбылық әрекеттермен жүзеге асырылды. Билік тарапынан халықпен қатынас жасауда, олардың арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, мемлекеттік және партиялық директиваларды орындауда өрескел қате-кемшіліктерге, асыра сілтеушіліктерге жол берілді.
Кеңес билігі орнаған алғашқы жылдары, яғни 1920 жж. басында үкіметке қарсы тек жекелеген оппозиялық және контрреволюциялық әлеуметтік топтар болса, онжылдықтың аяғына қарай қарапайым халықтың басым көпшілігі қалыптасқан жағдайға көңілі толмай, қатты наразылық көңіл-күйде болды. Сол себептен қарсылықтың шырқау шегі көтеріліс түрінде көрінгені таңғалдырмайды. Логикалық тұрғыдан барлығы қарудың көтерілуіне, қанның төгілуіне апарды.
Бұл алғышарттардың барлығы өзара байланысып, сабақтасып, жинақтала келе Адай көтерілісінің орын алуына қажетті ахуалды қалыптастырды. Ал нақты бір себепті айтып көрсету қиын. Оған жоғарыда көрсетілген алғышарттардың кешенін жатқызсақ та болады. Сөйте тұра біз тарих ғылымының тәжірибесіне жүгініп, нақты бір себепті анықтауға тырысып көрсек болады. Себеп-салдарлық байланыстардың иерархиялық теориясының кейбір талаптарын өз зерттеуімізде қолдана отырып, біз мынадай қорытындыға келеміз. Адай көтерілісіне нақты себеп болған оқиға ретінде елдің мүддесін қорғаған «Адайды құтқару» тобының қызметін, нақтырақ айтқанда орталық тарапынан олардың талаптары мен өтініштерінің қабылданбай, жауапсыз қалуын көрсетуге болады.
Көтерілісті ұйымдастыру мен дайындауда «Адайды құтқару» тобы үлкен әрі шешуші рөл ойнады. Ол өз алдына нақты міндеттер мен тапсырмаларды қойды. Оның мүшелері бастапқыда өзекті мәселелер бойынша шешім табуды көздеп, жоғарғы билікпен келісімге келуге ұмтылды. Алайда бұдан нәтиже шықпағандықтан анық, ашық қарсылық әрекеттерге көшті. Ел арасында кең үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу оларға халықтың сенімін әкелді. Солай Адай жұрты ортақ мүдде үшін біріге, бірлесе өмір үшін күрес жолына шықты.
Көтерілістің екі ірі орталығы болды. Олар Маңғыстау мен Үстірт аудандарында орналасты. Көтерілістің шағын ошақтары Ақтөбе округінің Ойыл және Табын аудандарын, Гурьев округінің Жылыой, Доссор аудандарын да шарпыған. Сонымен қатар шайқастар мен қақтығыстар құдықтар маңындағы жерлерде, Сам сынды құмды мекендерде, Жем өзенінің маңында болып өтті.
Көтеріліске қатысқан әлеуметтік топтарға бай-әлділер, орташа және кедей шаруалар кірді, бұдан бөлек кеңестік және партиялық аппараттарда қызмет еткен жергілікті қызметкерлердің көтеріліске белгілі бір дәрежеде қатысы болды. Жалпы Адай көтерілісі қоғамның барлық дерлік қабаттарын қамтыды.
Көтерілісшілердің мақсаты бірінші кезекте кеңес үкіметінің әділетсіз билігінен құтылу үшін адайлардың басын біріктіріп, Түрікменстан, Дағыстан елдеріне қоныс аудару болып табылды.
Көтерілісті екі кезеңге бөлуге болады: бірінші, негізгі кезең - 1931 жылдың сәуір-шілде; екінші кезең - 1931 жылдың қыркүйегі.
Адам шығындары екі тарапта да болды, дегенмен негізінен көтерілісшілердің шығыны айтарлықтай көп екені айтпаса да түсінікті. Жүзден аса адам қаза болды, бірнеше ондаған адам жараланды, жалпы тірі қалғандар тұтқындалып, сотқа жіберілді. Сот шешімдеріне сәйкес көтеріліске белсене қатысып, араласқандар әр түрлі ауырлықтағы жазаларға кесілді: мал-мүлікті тәркілеу, жер аудару, 2, 3, 5 және 10 жылға бас бостандықтан айыру, ату жазасы.
Қорыта айтқанда, Адай көтерілісі - 1920 мен 1930 жылдардың тоғысында болған шаруалар көтерілістерінің ішіндегі ең ауқымды, ең ұзаққа созылған, ең қанды көтерілістің бірі. Оның зардаптарына көз жүгіртіп, баға беретін болсақ көтерілістің қаншалықты қажеттілігі жайында сұрақ туады. Бір жағынан, қаншама адамның құрбан болуы, қаншама адамның тағдырына балта шабылуы, қаншама адамның осының барлық ауыртпалықтарының ащы дәмін татуы көтерілістің қажетілігіне күмәнмен, скепсиспен қарауға жетелейді. Екінші жағынан, бұл көтерілістің тарихи қажеттілігі сөзсіз болғандығына деген ой әлдеқайда басымырақ. Себебі көтеріліс адайлардың, жалпы қазақтардың сол кездегі өздерінің халық ретінде өмір сүруге, тәуелсіз болуға, өз тағдырын өзі таңдауға Жаратушы берген заңды, табиғи құқықтары мен бостандықтарының бар екенін кеңес үкіметіне жар салумен пара-пар болды. Көтеріліске қатысқан Адай қазақтары, қарапайым шаруадан белді және беделді азаматтарға дейін сол шақта жапа шегіп, азап тартты, сол шақта олар жеңілді, бірақ халықтың болашағы үшін, ұрпақтың ертеңі үшін тарихи таным мен сана тұрғысынан олардың тағдыры мен күресінің мысалын жарқын жеңіс екеніне сенімдіміз.
Тарихты зерттеудің бір мәні оның тәжірибесінен сабақ шығаруда. Адай көтерілісі сынды билік пен халықтың арасындағы конфликтердің нәтижесі сынды көтерілістер мен қозғалыстардың себептері мен салдарын зерттеу, бізге қоғамда қауіп-қатері жоғары болуы мүмкін түйткіл, қайшылықты мәселелерді тиімді шешудің, олардың зардаптарының алдын алудың жолдарын ашады.
