- •Бұқар жырау Қалқаманұлы
- •Жанақ Сағындықұлы
- •Дулат Бабатайұлы
- •Махамбет Өтемісұлы
- •Шернияз Жарылғасұлы
- •Шөже Қаржаубайұлы
- •Сүйінбай Аронұлы
- •Шортанбай Қанайұлы
- •Біржан сал Қожағұлұлы
- •Ыбырай Алтынсарин
- •Ақан сері Қорамсаұлы
- •Абай Құнанбайұлы
- •Жамбыл Жабаев
- •Шәңгерей Бөкеев
- •Мәшһүр Жүсіп Көпеев
- •Шәкәрім Құдайбердіұлы
- •Нұрпейіс Байғанин
- •Әсет Найманбайұлы
- •Ахмет Байтұрсынов
- •Омар (Ғұмар) Қарашев
- •Сара Тастанбекқызы
- •Тұрмағамбет Ізтілеуұлы
- •Міржақып Дулатұлы
- •Жүсіпбек Аймауытов
- •Мағжан Жұмабаев
- •Сұлтанмахмұт Торайғыров
- •Бейімбет Майлин
- •Сәкен Сейфуллин
- •Ілияс Жансүгіров
- •Сапарғали Бегалин
- •Мұхтар Әуезов
- •Бернияз Күлеев
- •Иса Байзақов
- •Сәбит Мұқанов
- •Ғабиден Мұстафин
- •Ғабит Мүсірепов
- •Әбу Сәрсенбаев
- •Хакімжанова Мариям
- •Әлжаппар Әбішев
- •Дихан Әбілев
- •Ғали Орманов
- •Тайыр Жароков
- •Әбділда Тәжібаев
- •Бауыржан Момышұлы
- •Қасым Аманжолов
- •Жұмағали Саин
- •Қалижан Бекхожин
- •Саттар Ерубаев
- •Ілияс Есенберлин
- •Мұқан Иманжанов
- •Хамит Ерғалиев
- •Мал қайтарған үніміз
- •Қасым Қайсенов
- •Жұбан Молдағалиев
- •Тұрсынхан Әбдірахманова
- •Әзілхан Нұршайықов (1922 жылы туған)
- •Сафуан Шәймерденов
- •Сырбай Мәуленов
- •Мұзафар Әлімбаев (1923 жылы туған)
- •Тахауи Ахтанов
- •Әбдіжәміл Нұрпейісов (1924 жылы туған)
- •Бердібек Соқпақбаев
- •Сара Мыңжасарова
- •Шона Смаханұлы
- •Қуандық Шаңғытбаев
- •Нығмет Ғабдуллин
- •Ғафу Қайырбеков
- •Қалтай Мұхамеджанов
- •(1930 Жылы туған)
- •Мұқағали Мақатаев
- •Кәкімбек Салықов (1932 жылы туған)
- •Шерхан Мұртаза (1932 жылы туған)
- •(Әкім Тарази)
- •Әубәкіров Оспанхан
- •Сағи Жиенбаев
- •Ғаббас Қабышұлы (1935 жылы туған)
- •Жұмекен Нәжімеденов
- •Қадыр Мырза Әли
- •1935 Жылы туған
- •Рамазан Тоқтаров
- •Тұманбай Молдағалиев (1935 жылы туған)
- •Кеше үйленген араздасты екі жас,
- •Ысқақ Қалихан (1935 жылы туған)
- •Айтхожина Марфуға (1936 жылы туған)
- •Қабдеш Жұмаділов (1936 жылы өмірге келген)
- •Құмарова Шәрбану (1936 жылы туған)
- •Төлеген Айбергенов
- •Асқар Сүлейменов
- •Оразбек Сәрсенбай (1938 жылы туған)
- •Әбіш Кекілбаев (1939 жылы туған)
- •Фариза Оңғарсынова (1939 жылы туған)
- •Мұхтар Мағауин (1940 жылы туған)
- •Нұржекеев Бексұлтан (1941 жылы туған)
- •Дулат Исабеков (1942 жылы туған)
- •Дүкенбай Досжан (1942 жылы туған)
- •Мұхтар Шаханов (1942 жылы туған)
- •Софы Сматаев (1942 жылы туған)
- •(1942 Жылы туған)
- •Оралхан Бөкеев
- •Ақұштап Бақтыгереева (1944 жылы туған)
- •Жәркен Бөдешұлы (1944 жылы 15 мамырда туған)
- •Жұматай Жақыпбаев
- •Медетбек Темірхан (1945 жылы туған)
- •Тынымбай Нұрмағанбетов (1945 жылы туған)
- •Ахметова Күләш (1946 жылы туған)
- •Мырзабеков Кеңшілік
- •Шөмішбай Сариев (1946 жылы туған)
- •Нұрлан Оразалин (1947 жылы туған)
- •Оразбаев Иранбек (иран-ғайып) Әбітайұлы (1947 жылы туған)
- •Марат Қабанбайұлы
- •Несіпбек Айтұлы
- •Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы (1954 жылы туған)
- •Есенғали раушанов (1957 жылы туылған)
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- •Мазмұны
Нығмет Ғабдуллин
(1927-2006)
Қазақтың белгілі жазушысы және әдебиет зерттеуші Нығмет (толық аты – Нығметжан) 1927 жылы 26-желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев ауданында (қазір Солтүстік Қазақстан облысына қарайды) Шұқыркөл аулында туған. Балалық шағы сол ауылда өткен. Сондағы орта мектепті бітіріп (1946), Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түседі. Оны 1950 жылы аяқтаған Нығмет баспасөз қызметіне ауысады. Әуелі «Лениншіл жас» газетінде, кейін «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» редакцияларында жауапты жұмыстар атқарған. 1964-1966 жылдары ол «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, одан соң (1966-1969) бас редактор болып істейді. 1969 жылдан бастап ұстаздық қызметке ауысып, өзі оқыған (кейін Педагогикалық университет болып қайта құрылған) институтта сабақ береді. Әуелде доцент, профессор, 1988-2006 жылдары қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 2006 жылы қайтыс болады.
Нығмет Ғабдуллиннің жазушылық қызметі студент шағынан басталған. 1949 жылы ол «Социалистік Қазақстан» газетінде КазПИ-дің студенті, Кеңестер Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаев туралы «Алтын жұлдызды студент» атты очерк жариялайды. Ұлы Отан соғысына қатынасып одан Батыр атанып қайтқан студенттер соғыстан соң КазПИ қабырғасында көп оқыды. Соның бірі – физика-математика факультетінің студенті Р.Тоқатаев болатын. Ол жайлы алғашқы шығармашылық тәжірибесінде-ақ Нығмет суретшілдікке бейімін, адам жаны мен сырын түсініп бейнелеуге талабын таныта білді. Бұдан кейін-ақ ол «Лениншіл жас», «Пионер», «Қазақстан пионері», «Әдебиет және искусство», «Қазақ әдебиеті» сияқты газет-журналдар беттерінде әңгіме-очерктерін жариялай бастады. Алғашқы әңгімелер жинағы 1951 жылы «Менің достарым» деген атпен жарық көрді.
Содан кейінгі дәуірде Нығмет қазақ әдебиетіндегі әңгіме, хикаят сияқты шағын жанрларды дамытуға едәуір үлес қосып, «Алғашқы сапар» (1953), «Жаңа таныстар» (1955), «Құрбылар» (1956), «Гүл» (1959), «Өмір күйі» (1960), «Қызық дәурен» (1963), «Өмір, қымбатсың маған» (1966), «Сарғайған жапырақ» (1970) атты кітаптар жариялайды. «Жігер» (1983) атты роман жазады. «Кейінгі толқын» (1976), «Махаббат жыры» (1998) атты таңдамалы шығармалары басылады.
Нығмет шығармаларының тақырыбы – негізінен жастар өмірі. Ол өз замандастарын – қазіргі дәуірдің жас ұрпағы өкілдерінің ой-арманын, тіршілігін жырлайды. Кейіпкерлеріне тән сезім мен ой байлығы, адалдық пен кішіпейілдік, еңбекшілдік сияқты қасиеттерді жазушы адамның ішкі рухани өміріне үңілу арқылы аша білді. Сонымен бірге олар Нығмет шығармашылығының лирикалық сыпатын да белгілейді. Ол биік адамдық қасиеттерді, сезім тұрақтылығын, қажырлылықты, сыйластықты паш етті. Жазушы кейіпкерлері өмір шындығының шытырман оқиғалары арқылы көрініп, сынап өтеді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ аулының ауыр тіршілігіне төзіп, майдандағы жарына адалдығын танытқан, бейнетқор Күлән, адамдық жаршысы – майдан солдаты Ақжол («Оралу»), қалтқысыз достық пен кіршіксіз махаббат иесі Қалима мен оның ұрыншақ жары Досан («Кестелі орамал»), тың көтерген даланың еңбекқорлары Зейнеп мен Шәмшия («Бозторғай»), жылқышы жігіт Қасен («Айығу») мен тракторшы Алексей Гордненко («Толқын»), қазақ әйелінің парасаттылығын бойына жинаған Қамажай («Қамажай»), т.б. кейіпкерлерінің қай-қайсысының тағдыры да оқырманды бей-жай қалдырмайды, ойына, сезіміне әсер етеді. Нығмет өз кейіпкерлерінің іс-әрекеті, ой-танымы арқылы олар өмір сүрген заман шындығын барлай біледі. «Іздер, белгілер» хикаятында Көкше өңірінің әсем табиғатын суреттей отырып, ол жайлы аңыздарды тірілтеді. Дәурен қарттың естеліктері арқылы өлкенің жаңа тарихын бастаған ерлер жайлы сыр шертеді.
Нығметтің әңгімелері мен хикаяттары («Жаңа таныстар» – 1957, «Өмірдің бұралаң жолдары» – 1967) орыс тіліне аударылған. Жеке шығармалары басқа туысқан халықтар тілдерінде де жарық көрген.
Нығметтің «Жігер» романы да Ұлы Отан соғысы дәуірінің шындығына құрылған. Мұнда «Айнакөл» атты колхоз еңбеккерлерінің сол кездегі ауыр тіршілігі, Отан үшін деген ерлік еңбегі суреттеледі. Мәрия атты келіншек күйеуі Сейтақты майданға аттандырғанда өзі жүкті күйінде қалады. Ол босанған күні күйеуінен қара қағаз келеді. Қатты қайғылы Мәрия қайсарлықпен көтереді. Ешкімнің ырқына көнбей, ел қайғысын жеңілдету үшін колхоз жұмысына қатысады. Сейтақтың інісі Мәжен жараланып, елге оралады. Ол әйелі Сәруардың бір жігітпен жеңіл жүріске түскенін көріп, қатты күйзеледі. Отбасы ыдырайды. Жазушы соғыс апаты адамдар тағдырына қалай әсер етіп, сынға алып жатқанын суреттей отырып, көпшілік халық жігер танытып, сыннан аброймен өткеніне көңіл аударады. Романда адамшылық борышы мен осалдық, ар мен намыс, намыссыздық тартысқа түседі. Жазушы кейіпкерлерін осындай тартыстың легінде, олар бастарынан кешкен психологиялық жайларды суреттей отырып ашады. Роман әдеби сын мен баспасөзде жақсы бағаланады.
Нығметтің қазақтың әдеби сынындағы еңбегі жазушылық өнерімен қатар басталған еді. Ол баспасөз бетінде бірқатар сын мақалалар жариялаған. Бұл саладағы еңбегін ол жоғары мектепке сабақ беруге ауысқаннан кейін едәуір молайтты. Ол «Ғабит Мүсіреповтің драматургиясы» (1964) деген тақырыпты кандидаттық, «Қазіргі қазақ прозасында жаңа адамды бейнелеу проблемалары» (1972) деген тақырыпта докторлық диссертациялар қорғайды. «Шығарма арқауы – шындық» (1968), «Замандас келбеті» (1972), «Уақыт сыры» (1981), «Ғабит Мүсірепов – драматург» (1982) атты зерттеу кітаптар бастырды.
Нығметтің сын, зерттеу еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының олқы беттерін толтыруға, ғылымының әлі де зерттеп үлгермеген проблемаларын тереңдей қарастыруға арналған. Ол кандидаттық диссертация қорғаған кезде қазақтың атақты драматургы Ғабит Мүсіреповтің бұл саладағы еңбектері арнайы зерттелмеген болатын. Оның жеке пьесалары сахнаға қойылған кезде үзіп-жұлып пікір айтумен шектеліп келгенбіз. Нығмет зерттеуі Ғабиттану туралы ғылымға жаңа беттер қосты. Жазушы пьесаларын талдау арқылы оның шығармашылық өнерінің беттерін толтырды, әдебиет тарихындағы орнын да айқындады. Зерттеу ұлттық әдебиеттің драма жанрындағы ізденістері мен табыстары туралы түйінді ойларды ұсынды.
Ал, Нығмет зерттеген ұлттық әдебиетімізде жаңа адамды зерттеу проблемалары негізінде сол кездің әдебиет туралы ғылымында аса маңызды тақырып саналған ұнамды кейіпкер мәселесі тұрған-ды. Жаңа заман кейіпкері қандай адам, оған қоғамдық шындықтың ықпал-әсері қандай, ол ұлттық әдебиетте, жеке әдеби шығармаларда қалай көрінеді? Нығмет осы проблемаларды кеңінен қарап, жан-жақты талдады. Бүгінгі заман тақырыбына жазылған жүздеген роман, хикаяттарды оқып зерттеді. Сөйтіп одақтық дәрежеде көтеріліп жүрген үлкен проблемаға қазақ әдебиеттану ғылымының ой-пікірін қосты. Оның зерттеуінің докторлық диссертация есебінде бағалануы осыдан.
Қалған кітаптары Нығметтің әдеби-сын мақалаларынан, шағын көлемдегі зерттеу еңбектерінен құрастырылған. Оларда да әдебиет тарихы мен бүгінгі әдебиет жайлы қызықты ойлар мол.
Нығмет орта мектептің 7-сыныбына арналған «Әдебиет оқу кітабын», 11 сыныптың «Қазақ совет әдебиеті» атты оқулықтарын (1987-1991) жазуға қатысты. Соңғысын С.Қирабаев, Р.Бердібаевпен бірге жазысқан. Ол мектеп бағдарламалары мен оқу құралдарын жаңарту, жақсарту жолындағы істерге қолқабысын тигізген ғалымдардың бірі.
Нығметтің шығармашылық еңбегінің бір саласы – оның аудармалары. Э.Хемингуйдің «Шал мен теңіз», М.Шагиянның «Ульяновтар семьясы», Г.Марковтың «Жер құты» (екі том), романдары мен В.Быковтың «Альпі аңызы», «Атар таңға аман жетсе» хикаяттары қазақ тілінде Нығмет аударуымен жарық көрді. Ол А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Н.Погодиннің, А.Караваеваның, Б.Полевойдың жекелеген шығармаларын аударып жариялады. Бұл аудармалардың жазушы-ғалымның әдеби шеберлігін жетілдіру мен әдеби істің ішкі сырын жете меңгеруіне көмек болғаны даусыз.
