- •№3 Дәріс. Абайдың көзқарастары, дүниетанымы.
- •№6 Дәріс. Абай және қазақ сатирасы.
- •№7 Дәріс. Табиғат лирикасы
- •№8 Дәріс. Абай және көңіл-күй, махаббат лирикасы.
- •№ 9 Дәріс. Абайдың өлең құрылысы, жаңашылдығы
- •№10 Дәріс. Абай және Шығыс
- •№11 Дәріс. Ескендір поэмасы. Жеккөру концепциясы.
- •№12 Дәріс. Абайдың қара сөздері
- •№13 Дәріс. Абай аудармалары
- •№14 Дәріс. Абайдың ғылым, ілім трактаттары.
- •№15 Дәріс. Абайды жырлаған ақындар
№10 Дәріс. Абай және Шығыс
М.Әуезовтің Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы ғылыми зерттеулері мен көркем шығармаларында жай қарағанда оншалықты аңдала бермейтін, бірақ жітірек қарастырсақ, атақты шығыс классиктері, ғұлама хакімдер мен тарихшылар, көптеген шығыстық қисса-дастандар, тіпті мектеп-медреселерде оқытылатын оқулықтар жайдан-жай атала бермегенін, оларда белгілі маыналы салмақ барын көреміз. Бұл құбылыс әсіресе, «Абай жолы» эпопеясында да Абайдың өсіп жетілу, рухани қалыптасу төркіндерін баяндайтын тұстарда да ашық байқалады. Эпопеяның бірінші кітабында Абайдың медіреседе оқуы мен шығыс классиктері шығармаларымен танысуына байланысты аталатын әр түрлі сарындағы көркем туындылардың бәрі де Абайдың ақындық кітапханасының шығысқа қатынасының шама шарқын, көлемін біршама анықтауға, ұлы ақын ізденістері мен рухани нәр тартқан шығыстық қазыналарының шет-шегін айқындай түсуге қарай сұрыпталып отырады. Мысалы, эпопеяның бірінші кітабында шәкірт ақын өмірін суреттеу үстінде 6 кітап аты тілге алынса, екінші кітапта ақын, азамат, қоғам қайраткері ретінде толысу, ғылыми-шығармашылық іздену жолындағы Абай суреттелгенде осы кезеңге сай 16 кітап аты аталады. Осы процесс эпопеяның үшінші кітабында да көрініс табуына байланысты 7 кітап, төртінші кітапта 5 кітап аты келтірілген. Мұндағы қырыққа жуық көркем туындылардың арнайы аталып отыру жайы да, көбінесе, Абайдың рухани толысу, ақындық қалыптасу жолына ыңғайлас алынған.
Абай шығармаларындағы шығыстық белгілерді шыыс классиктерінен іздестіре бастағанда, оларды негізінен: а) Абайдың махаббат лирикасынан; ә) дидактикалық өлеңдерінен; б) өсиет-үлгі сарындас өлеңдері мен қарасөздерінен.
1. Абайдың махаббат лирикасындаы шығыстық сарындар. Абай қаламынан туған махаббат лирикасы ХІХ ғасырдағы жалпы шығыста теңдесі жоқ, шын мәніндегі, европалық лирикалар деңгейіне көтерілген бірегей дүниелер. Абайдағы «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып», т.б. өлеңдері қандай елдің мақтаулы, маңдай алды лирикасымен тең түспесе, кем түспес көркемдік құдіретке ие.
Абайдың махаббат лирикасы түрінде жазылған өлеңдерінде шығыс классиктерінің әсер, лебі барлығын, бірақ оларды ұлы ақын өзіндік төл дүниеге айналдырып, өз демі, өз тәні етіп жіберген ақындық құдіретті өнердің алдына жан салмас қуатын да сезінеміз. «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің» өлеңдерінде шығыс классиктері Науаи, Сағди, Фзули, Хафиз поэзиясында, әсіресе, шағатай ақындарында молырақ дендеген, махаббат лирикалары көбірек толғанған «Ғашық оты мағшұққа» сарынындағы өлеңдеріндегі ішкі мазмұнмен тоқайласатын ортақ белгілер де көрініс береді. Сонымен қатар Абай суфизм бағытын дамытқан ақын. Суфизм поэзиясында ғашықтық сезім екі тұрғыда жырланады: бірі өмірден туындайтын табиғи сүйіспеншілік сезімі де, бірі – теологиялық «бірінші сүю» деп аталатын тәңірге ғашықтық.
2. Абай өлең өрнегіндегі шығыстық белгілер. Шығыс классиктері мен Абайдың шығармашылық байланысы, әсіресе, ақын жазған дидактикалық сарындағы өлеңдерде ерекше байқалады. Шығыстан келген Абай өлеңдеріндегі ой ортақтастығы мен өлең өрнегіндегі соны үлгілер де біршама сезіледі. Ақынның жастық шағында табиғи таза еліктеу арқылы дүниеге келген «Иузи - рәушан, көзі – гәуһар» өлеңінде Абай өлең өрнегін қазақта жоқ ғаруз ұйқасымен құратыны бар. Түркі тілдес халықтар поэзиясында ерте кезден бүгінге дейін орын тепкен ұйқастың «а а а б» сияқты үлгісін қазақ әдебиетіне тікелей ендіруге тырысқан әрекеті алғашқы ізденіс, сонылық іздеу нышанын танытады.
Абай өзі жазған өлеңдерін белгілі бір өлең өлшеміне, атап айтсақ бармақ уәзіні (арабша - өлшем) деп аталатын силлабикалық өлең өлшемі негізінде жазғанын өзі де ескертеді. Сонымен бірге Абай шығыстың ғарузи уәзінін пайдаланған. Ғарузи уәзіні (мәт уәзіні) үш негізден тұратын (сабаб, ватад, фасила) өлең өлшемі ретінде араб тілінің табиғатына байланысты пайда болғандықтан, арузи араби деп аталып кеткен. Бұл өлшемге Абайдың 1889 жылы жазған «Білімдіден шыққан сөз» өлеңін жатқызуа болады. Бұл өлеңдегі сегіз шумақтық барлық өлең жолдары жеті буынға түсірілген. Бұл өлеңнің бірінші шумағы қара өлең ұйқасымен берілсе, қалған шумағы осы ғаруз ұйқасымен берілген.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз.
Ұқпасын ба сөзді тез . . .
Түзелмесін білген ез . . .
Ұйқылы, ояу бой күйез . . .
Ыржаң, қалжаң ит мінез . . .
Оған ақыл арам без . . .
Неге алтынды десін жез
Мейлі қамқа, мейлі бөз.
ХІ ғасырда Махмұд Қашқаридің «Диуани-лұғат-ат-түрік» кітабында хатқа түскен өлең шумақтарындағы өлең өрнектері осы ғаруз ұйқасымен жазылған.
Абайдың «Келдік талай жерге енді» (1890ж.) өлеңінде тағы да жаңа қырынан танимыз. Бұл өлеңде әр шумақ үш, төрт, алты жолдан құрылып, өлең жолдарында жеті буын алма кезек ауысып, өзгеріп отырады. Өлең бойында ғаруз ұйқасымен бірге қазақтың қара өлең ұйқасы, қаусырма ұйқастары қолданылған. Ақын әр шумақтағы ең соңғы өлең жолдарындағы ұйқасатын сөздерді бірыңғай үндестіру келтіру тәсілін пайдаланған. Яғни әр шумақ соңындағы ұйқас «бергенді», «кергі енді», «біз де енді» . . . деген тәрізді ұқсас, үйлес сөздермен тізіліп келіп отырады.
3. Абай дамытқан нәзирагөйлік белгілері. Абай және шығыс классиктері байланысын сөз еткенде нақтылы зерттеу объектісіне алынбай келе жатқан күрделі мәселенің бірі Абай шығармаларындағы шығыстық белгілердің бір көрінісі болған нәзирагөйлікке келіп тіреледі. Нәзира сөзінің мағынасы арабша сұрау-жауап, жауап қайтару деген ұғымға келеді. Нәзира, нәзирагөйлік – түркі тілді халықтардың жазба классикалық әдебиетіне орта ғасырларда-ақ көрініс беріп, соңы дәуірге дейін даму үстінде келе жатқан өміршең дәстүрлердің бірінен саналады. Абайдың поэмалары ( «Әзім әңгімесі», «Масғұт», «Ескендір») негізінен нәзирагөйлік дәстүрмен жазылған.
