Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Педагогика тарихы лекции (1).docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
491 Кб
Скачать
☆

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық дүниетанымын, оның тарихи санасының қалыптасуы мен шығармашылық жолын зерттеу барысында, жан–жақты талдау қажет ететін бірнеше мәселелерді кездестіреміз. Солардың бірі рухани жолда өзіне ұстаз тұтқан орыс халқының ұлы ойшылы Л.Н. Толстой мен Шәкәрімнің арасындағы рухани жақындық туралы мәселе.

Сөз жоқ егер біз бұл ойшылдардың арасындағы рухани жақындық туралы ой қозғасақ ең алдымен оларға ортақ рухани жол, ілім ислам дінінің болғандығы шындық. Л.Н.Толстой мен Шәкәрімнің де адамгершілік қағидаларына ислам дінінің гуманистік идеялары ерекше әсерін тигізген. Оны ойшылдардың өздері талай айтып, жазып та кеткен.

Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Бұл жерде әлем ойшылдарының арасында ислам дінін мойындап, оған ерекше құрметпен қараған ойшылдарды шығыс халықтарының арасынан іздемегеннің өзінде, батыста Гете, орыс халқында Пушкиннің ислам мәдениетіне деген көзқарасы қаншалықты болғаны белгілі. Бірақ Шәкәрім сияқты ойшыл дәл осылардың ішінде неге Толстойды өзіне ұстаз тұтып, оның көзқарастарын жоғары бағалады деген заңды сұрақ туындайды.

Жалпы Толстой өз заманында қазақ ойшылдарына біршама әсер етіп, оның әңгімелерін Әлихан Бөкейханов («Бір уыс бидай»), т.б. жазушылар да аударып, ХХ ғасырдың басында “Қазақ” және басқада газеттерде жариялаған болатын.

Бірақ Толстойға өлең арнап, оған жақтас болып, оны ерекше бағалап ұстаз тұтқан Шәкәрім болды. Неге?

Мәселеге бірден кіріспей тұрып ойшылдың Л.Н. Толстоймен хат алысқаны туралы дерекке көз жүгіртсек, бұл жайында Шәкәрімұлы Ахат және басқа да зерттеушілер талай рет жазған болатын.

Шәкәрімнің ұлы жазушы Толстоймен рухани байланыста болған. Ол Толстойға хат жазып үш түрлі сұрақ қояды. Бұл хаттың өзі сақталмағанымен, Шәкәрімнің ұлы Ахатқа айтқан естелігі арқылы біздің заманымызға жетіп отыр [1].

“Адамның арына ең ауыр тиетін не нәрсе? Ірі шығармалар жазуға бет алдым, бұған қандай кеңес бересіз? Жазушы өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап түзеуге болады”– деген сұрақтарды Толстойға хат арқылы жіберген Шәкәрім, оларға жауап та алған.

Толстой: “Адам көпшілікке, жалпы қоғамға зиян келтіретін ақиқат істі біліп, соны үш нәрседен қорғанып, айтпай қалса, сол арға ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып, сол ақиқатты айтсаң байлығыңа зиян келсе, екінші, сен мансап иесі болып, сол ақиқатты айтсаң мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші сол ақиқатты айтсаң басың жазаланатын болса. Міне осы үш түрлі зардаптан қорғанып, көпке зиян келетін ақиқаты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы”– деп жауап қайырады.

Екінші сұраққа, “Сенің жазған шығармаларың өзің сол оқиғаға қатысқандай шынайы болуы қажет”. Үшінші сұраққа, “Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді...

“...Егер адам өз істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімі ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қортындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқаның мінін де көре алады. Сондықтан әділ сыншы – ақ жүрегің”– дейді [2].

Толстойдан философиялық мәні терең осындай тағылым алған Шәкәрім, өз шығармашылығында бұл қағидаларды берік ұстана білді. Оны игілікті ар жолында іске асырды. Үнемі терең тағылымнан қуат алып отырды. Шәкәрімді Толстойға жақындастыра түскен себептің бірі осы рухани қуат еді.

Шәкәрімнің философиялық көзқарастарының ерекшелігі сонда, ол адамның ішкі рухани дүниесіне ерекше көңіл бөліп, қоғамдық процестерді адамдандыруға тырысты. Қоғамдық қатынастардан адамды іздеуге тырысты.

Шәкәрім әрбір қоғамдық қатынастардан адамды, оның мәнін іздеді. Адамның адамдық мәніне сәйкес келмегенде оларды сынға алып отырады. Бірақ Шәкәрім өз заманындағы қоғамдық процестерден адамды тапқан жоқ. Қоғамдағы саяси әлеуметтік жағдай, қоғамдық ортаны адамдандыруға мүмкіндік туғыза алмады. Бұл ойшылдың қалыптасқан қоғамдық қатынастарды жатсынуына себеп болды. Қоғамдық қатынастар адамнан жоғары тұрған кезде жатсыну басталған еді.

Шәкәрім мен Толстойдың арасындағы рухани жақындық осы жатсыну процесі барысында нығая түсті. Толстой Ресей жеріндегі саяси–әлеуметтік қатынастарды жатсынса, Шәкәрім қазақ топырағындағы әлеуметтік қатынастарды жатсынды.-саяси

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басында, қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдай Ресей империясындағы саяси–әлеуметтік жағдаймен тікелей байланысты болды деп толықтай айта аламыз. Патша үкіметінің озбыр саясатына шыдай алмаған оның қол астындағы барлық халықтардың тағдыры, ортақ қиындықты бастан кешірді. Сол кезде Ресей жерінде де, қазақ топырағында да көзі ашық, көкірегі ояу адамдар бұл жағдайдан шығудың жолын іздеп, халықтың ауыр хал күйін жан тәнімен түйсінді. Әсіресе, Ресей жерінде Л.Н. Толстой өзінің бүкіл шығармашылығын сол замандағы халықтың тағдырына арнап жазып, өз шығармаларында бүтіндей бір дәуірдің бейнесін, хал күйін суреттеп кеткен еді. Ол патшаға бірнеше рет хат жазып халықтың мұң мұқтажын жеткізген болатын. Сол кезде, қазақ қоғамында, Л.Н. Толстойдың шығармалары, қазақ тіліне аударылып, ұлы ойшыл халық көсемі ретінде ерекше құрметке ие бола бастады. Қазақ топырағынан Л.Н. Толстойдың адамгершілік қағидалары мен халыққа деген ілтипатын ерекше жоғары бағалаған ойшылдардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы еді.

Л.Н. Толстойдың көптеген шығармалары патша үкіметінің халыққа жасаған қанаушылық әрекетін сынауға бағытталды. Толстой өзінің “Не істеу керек?” деген шығармасында ресей қалаларындағы қайыршы шаруалардың аянышты хал күйін, олардың қаңғыбастық өмірі, қаналушылығын ерекше суреттеген болатын.

Патша өкіметінің салықты күшейту арқылы қарапайым халықты қанауы, Қазақстан жерінде де өз күшінде іске асты. Патша үкіметінің бұндай саясаты адамдардың еркіндігін аяққа басып, олардың әлеуметтік жағдайының нашарлауына әкеліп соқтырды. Қоғамдық ортада қалыптасқан бұндай жағдай, көп ұзамай, 1905–1907 жылдардағы төңкеріске әкеліп соққан еді.

Л.Н. Толстой өзінің шығармалары арқылы, халқының құқықтық санасының оянуына, ала түсініп, патшаны-ерекше ықпал жасады. Ол төңкерістің болатынын алдын халықтың мүддесін ойлауға шақырды.

Ол 1902 жылы Николай патшаға хат жазады.

Патшаға жазған хатында “...Әскер күннен күнге күшейуде. Түрмелер саяси қуғын көргендерге толы. Енді олардың қатары жұмысшылармен толығуда...

...Діни қудалаулар дәл бүгінгідей қатал және жиі болған емес, олардың күн өткен сайын озбырлығы асқынуда. Барлық қалалар мен фабрикалық орталықтарда халыққа қарсы қаруланған әскер орналастырылған. Көптеген жерлерде қантөгістер де болды, әлі де бұндай қантөгістер бола бермек...”– деп ескертеді [3].

Толстой патшаға халықтың арасындағы қайыршылықтың күнделікті жағдайға айналғанын ашына жазды.

Шіркеулер патша үкіметінің саясатын қолдап, саяси құралға айналған дәуірді халық басынан кешірген болатын. Толстой өз хатында Синодтың патшаға берген есебінің жалған екенін, православиені қолдамайтын адамдардың еркіндігін аяққа басқан шіркеуліктердің әрекетін, сынға алды. Тіптен ол христиан дінінің адамның еркіндігін шектеп отырған әрекетінен мүлдем бас тартып, ислам дінінің адамгершілік қағидаларын, адамсүйгіштік идеяларын қолдап, ислам дінін өзіне ең жақын дін деп санады.

Толстой патшалық державаның тозығы жеткен билеудің формасы екенін айта келе, санасы оянып келе жатқан орыс халқы үшін гуманистік қоғам құруды ұсынды. Патшалық державалық және сонымен байланысты православиелік билікті қолдау Толстой үшін, қоғамдағы қанаушылықты қорғаумен бірдей еді.

Сонымен қатар Толстой Николай патшаға жазған осы хатында, жерді ірі жер иеленушілерден, қарапайым халыққа беруді талап етеді.

“Күштеу арқылы халықты аздыруға болады, бірақ басқаруға болмайды. Біздің уақытымызда халықты басқарудың ең негізгі құралы, халықты зұлымдықтан махаббатқа, түнектен жарыққа бастай отырып, осы жолдан нәтижие шығару.

Ал бұны жасайтындай жағдайға жету үшін, ең алдымен халыққа өзінің мұң мұқтажын айта алатындай мүмкіндік беріп және соған құлақ асып, солардың ішіндегі барлық халықтың талабына сай дегендерін орындау қажет”– деп жазды [4 ].

Толстойдың ойынша егер халықтың мұң мұқтажына құлақ түрсек, халық мынадай талаптар қояр еді;

“Алдымен жұмысшы халық азаматтардың құқықтарын қанағаттандыра алмайтын заңдардан құтқаруды сұрайды. Содан кейін дамуға, алға басуға деген еркіндікті талап етеді. Халықтың рухани қажеттілігіне сай сенімді қабылдау және оқуға деген еркіндік. Сонымен қатар жүз миллиондаған халық бір ауыздан жерді пайдалану бостандығын, жерге деген жеке меншікті жоюды талап етер еді” [4].

Толстой өзінің барлық күш қайратын осы тілектердің іске асуына жұмсады.

Толстойдың бұндай қайраткерлігі шіркеуліктердің тарапынан сынға ұшырап, кейін синод жарияланып, қуғын көрді. Осы кезде Толстойдың бұл арман тілегін жан тәнімен бағалай білген, оның көзқарастарының халық үшін, жеке адам үшін маңыздылығын жан тәнімен түсінген Шәкәрім;

“...Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.

Жанымен сүйді әділет ардың жолын,

Сондықтан ол иессі терең ойдың.

Толстой кәпір емес, кәпір өзің,

Дін емес, бәрі алдау айтқан сөзің.

Көңілің соқыр, надансың, бейлің қара,

Нұр жарығын қалайша көрсін көзің ?!

Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,

Сопының бара қойман құрбанына.

Ақиқат сырымды айтсам – Толстойдың

Мың сопыны алмаймын тырнағына...” –

деп, адамның ішкі рухани еркіндігін жоғары қойған Толстойдың көзқарасын өте жоғары бағалап, өзі осы жолда Толстойды ұстаз тұтқан еді [5].

Л.Н. Толстой өз заманында халықты санасын оятқан, рухани көшбасшысы болды. Ақыры санасында еркіндік идеясы пісіп жетілген халық, 1905 жылы патша үкіметіне қарсы төңкеріс жасаған еді. Кейін комунистік партичның көсемдері “Толстой орыс революциясының айнасы” деп бағалаған болатын. Бірақ олар Толстойдың патша үкіметіне қарсы күресін өз саясаттарына ыңғайластыра пайдаланып, оның шығыс мәдениетіне деген ерекше ілтипатын сынға алды.

Шынымен Л.Н. Толстойдың барлық шығармашылығы адамның ішкі рухани еркіндігі жолындағы күреске арналған еді. Бұл жолда оның “Арылу” атты шығармасы өз заманындағы діни қағидалардың адамның рухани бостандығы жолындағы қарама–қайшылығын ашып берген туынды болды. Онда ол христиан дінінің адамның рухани бостандығына қарсы әрекетін ерекше сынға алды. Толстойдың ойынша адамның рухани еркіндігін шектеген дін ол зұлымдықты тудырады.

Толстой өзінің “Соғыс және бейбітшілік” атты шығармасында зұлымдыққа қарсы күреспеу идеясын ұсынды. Зұлымдыққа қарсы күресу үшін адам одан өткен зұлымдық жасауы қажет. Ендеше зұлымдыққа қарсы күреспеу дұрысырақ.

Батыстағы мемлекеттерде адамды жазалау, қоғамдық дамудың қажетті құбылыстары ретінде қабылданған жолды Толстой қолдамады.

“Адамзаттың алға қарай өрлеуінің ортақ заңы деген жоқ”– деп мәлімдейді Толстой. Мұны бізге қимылсыз жатқан шығыс халықтары дәлелдеп беріп отыр [6].

“Мен Еуропада болдым, ондағы адамның басын кесу арқылы жазалауды өз көзіммен көргенде, адамзаттық даму дегенге сенуден қалдым”– деп Толстой толғана жазған болатын. Сондықтанда ол шығыстың адамның ішкі жан дүниесіне, оны жетілдіруге бағытталған ілімін қолдаймын деген еді.

Батыс адамы дүниемен, табиғатпен, өзі сияқты басқалармен күресуде. Шығыс адамындағы күрес пафосы – керісінше: ол өзімен–өзі, өзіндегі толымсызбен күреседі.

Шығыстың адамгершілікке негізделген мәдениеті Толстой үшін, нағыз адамға махаббатпен қарайтын жол болып саналды.

Кейін кеңес өкіметінің көзқарасы бойынша, Толстойдың революциялық көзқарасы бағаланғанымен, оның шығысқа бетбұрушылығын кеңес өкіметі онша жақтыра қойған жоқ.

Толстой адамның ішкі рухани бостандығын шын өмір деп бағалайды. Дәл осы қағида кейін Шәкәрімнің барлық шығармаларында жетекші идея болғанын аңғаруға болады.

Толстойдың адамның рухани еркіндігі туралы идеясы, оның қоғамдық ортадағы ықпалы Шәкәрім үшін ең айтулы қағидаға айналды.

Бұл жерде Руссо ұлы Француз төңкерісі үшін қандай рухани көсем болса, кейін Ресей жеріндегі буржуазиялық төңкеріске (1905–1907) халықтың санасын тәрбиелеген, өзінің бүкіл шығармашылығымен ықпал жасаған Л.Н. Толстойдың дәл сондай қайраткерлік танытқанын айта кету керек. Шәкәрімде Толстойдың патша үкіметіне қарысы идеяларын қолдап, мәселенің мәнін жақсы түсінген еді.

Патша үкіметінің озбыр саясаты, қазақ жерінде де ресейдегі жағдайды тудырды. 1905 жылғы төңкеріс кезінде, Қазақстанның түпкір–түпкірінен, патша саясатына қарсы петициялар жарияланып жатты.

1906 жылы алтыншы қаңтарда Ақмола, Семей облыстарында әскери жағдайды нығайту жөніндегі патшаның нұсқауы қабылданды. Астына Николай патшаның қолы қойылған бұл нұсқауда;

“Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, далалық генерал–губернаторлығында тәртіп бұзушылықты тоқтату үшін қажет деп табылды:

1. Ақмола және Семипалатинск облысында елді мекендер жайындағы қабылданған ережелер сақталсын...

2. Әскери жағдайдағы елді мекендерде қоғамдық тыныштық пен тәртіп күшейтілсін...”– деп жазылған (қысқартылып алынды) [7].

Жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын баяндайтын петициялардың мазмұнынан төңкеріс кезіндегі қазақ халқының саяси–әлеуметтік жағдайын аңғаруға болады.

Мәселен, “Қояндыда қабылданған Қарқаралы петициясы ІІ тармақтан тұрса, онда қамтылған талап тілектерді үлкен үш топқа бөлуге болады:

1. Оқу ағартудың жолға қойылуы.

2. Қазақтың өз жерін өзінің меншігі деп табылуын талап етуі.

3. Қазақ елін басқару жөніндегі “Далалық Ереженің” бүгінгі қазақ өміріне сай қайта өзгертілуін талап етеді.

Саяси сауаттылықпен жазылған петиция патшалық Россияның отаршылдық саясатының бар болмысын, әдіс–айласын, қат–қабат қырларын мейлінше терең ашуға ұмтылған алғашқы айбынды үн еді...” [8].

Петицияның мазмұнындағы талап тілектер ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының, соның ішінде Шәкәрімнің де арман тілегімен үндесіп жатты.

Қоғамдағы қарама–қайшылыққа толы кезеңде Шәкәрім іштей халықпен бірге болды. Ол халықтың рухани еркіндігін аңсады.

Патша үкіметі Қазақстанның кең даласындағы ен байлықты өзінің шикізат қоймасына, елді өндіріс тауарларын сататын сауда аймағына айналдырғанын. Патша әкімшілік органдар бастықтары мырзалық жасап, қазақтың шұрайлы жерлерінің әр десятинасын он тиыннан оңды–солды сатты.

Отарлау саясаты қазақтардың тек материалдық жағдайын ғана емес, сонымен бірге рухани адамгершілік мүддесін де қысымға салғанын зеррттеушілер талай жазған болатын.

Шәкәрім ендігі жерде қазаққа өз мәдениетін сақтап қалу үшін халықтың санасын оятуды қажет деп білді.

Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы.

Қазақ қайтіп ел болар, қарағым–ау?

Бұл ұзамай құриды, сөздің расы.

Николайдың иісі осы елде тұр,

Оңдырмайды сәулесіз өңкей масы [5].

Шәкәрімнің ойынша сол кездегі қоғамдық ортаны түзету үшін алдымен адамды түзету қажет. Ақ патша үкіметі ұстанған саясат, Шәкәрімнің ойынша ондай мүмкіндікті қанағаттандырмайды. Ендігі мақсат рухани еркіндікке жету. Ол үшін адамның еркіндігін көксеген қоғам орнату қажет. Патша үкіметін құлатқан соң орнаған кеңес үкіметінің де адамға деген көзқарасы түзелудің орынына тіптен сорақыланды. Шәкәрімнің кеңес үкіметі кезеңіндегі шығармашылығы мен оған деген көзқарасы туралы мәселе өз алдына бөлек тақырып.

Қоғамдық өмірде Шәкәрім үнемі адамды ең басты орынға қойып, оның бақыты мен болмысын әрқашанда негізгі мәселе ретінде қарастырады. Алдыңғы қатарлы деп саналып келген демократиялық орыс мәдениеті, империяның отаршылдық саясаты, Еуропа мен шығыстың рухани мұралары, мұсылмандық пен христиан мәдениеті, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындығы рухани өмірге тікелей ықпалын тигізген негізгі қайнар көздер болды. Міне, осы ғасырлар тоғысындағы адамның рухани дамуы, ойлау еркіндігі, қаншалықты дамуда, қай жолмен жүрген дұрыс деген сұрақтар Шәкәрімді толғандырмай қоймады.

Христиан дінінің ендігі жердегі шынайы адамшылықтан алшақ кеткенін Шәкәрімдей қазақ ойшылы Толстой арқылы түсінді. Бұл жолда қоғамдық ортадағы адамның еркіндігі, бақыты туралы мәселе Толстойды да, Шәкәрімді де толғандырған сұрақтар болды. Адамның ішкі жан (ар–ұждан) дүниесіндегі рухани дамуы туралы мәселеде екі ойшылды біріктіріп тұрған шығыс мәдениеті еді. Сондықтан бұл жолға олардың қоғам және адам өміріндегі қарама–қайшылық арқылы келгенін ұмытпасақ, ойшылдардың арасындағы рухани байланысты түсінуге деген ғылыми, нақтылы көзқарас пайда болары сөзсіз.

Сонымен Толстой мен Шәкәрімнің жақындығының негізінде патша үкіметінің халықты отарлау (қанаушылық) саясатына деген қарсы күрес жатқандығын да ұмытпаған жөн.