Қапталдан жасалатын соққылар
Қапталдан жасалатын соққылар алыс және орта арақашықтықтарда пайдалынылады. Егер боксшы қарсыласымен арақашықтықты жақындатққысы келмесе, осындай соққылар жиі қолданылады. Немесе қарсыласының қорғанысын бұзуға арналады. Сонан кейін орта және жақын қашықтықтарда шабуылды жалғастыруға болады.
Қапталдан жасалатын қысқа соққылар-бокстағы негізгі соққылардың бірі. Себебі мұндай соққы кезінде нысананың жақын қозғалысын барлық уақытта бірдей байқай алмаймыз. Соққы беретін қолдың жолының қысқалығы, соған байланысты иық бұлшық еттерінің қатаюы соққының күшін арттырады. Мұндай қысқа соққылар нысанаға нық тиеді.
Қапталдан жасалатын қысқа соққылар қысқа арақашықтықтағы шабуылды немесе қарсы шабуылды одан әрі дамытады. Қысқа соққылармен алыс және орта арақашықтықтардан да шабуылдауға болады. Ол үшін боксшы жылдам қадамдар жасап, қапталдан жасалатын қысқа соққыларды шабуылға және қарсы шабуылға тиімді пайдалану үшін, оны рингтің әр жағына қозғала жүріп жасауды жете үйренуі керек.
Сол қолмен басты қапталдан соғу (16-сурет). Сол қолмен басты қапталдан соғуды, әсіресе сол қолмен жақсы жұмыс істейтін боксшылар көп пайдалынады. Ондай боксшы үшін қарсыласының сол қолы қауіпті. Жақын жерден сол қолмен, басқа немесе денеге бағытталған жұдырықтан қорғану өте қиын. Сол себептен әсіресе қысқа соққылардың боксшының ұпай қорын арттыруға да қосар үлесі көп.
Сол қолмен басқа жасалатын ұзын және қысқа соққыларды арасынан сол аяқпен алға бір аттап жүзеге асырылатын соққылар негізінен шабуылда қолданылады. Боксшы шабуылды көбіне тек осындай соққылармен ғана жасайды. Сонымен қатар қапталдан жасалатын соққылар қарсыластың қорғанысын бұзу үшін де пайдаланады.
Қапталдан сол қолмен жасалатын ұзын соққылар қазіргі бокста жиі қолданылады. Оны рингке шығып тәжірибе жинақтаған боксшылардың бәрі де ұнататынын біз күнделікті жарыстардан көріп жүрміз. Бұл соққыны жасағанда алғашқы қимыл оң аяқтан басталады. Созылған оң аяқтан дененің салмағы алға аттауға көтерілген сол аяққа тез ауысады. Сол қозғалыспен қабаттаса сол қол алдымен төмен түсіріледі сонан кейінол төменнен доға жасап, қарсыластың басына қарай жұмсалады. Қолдың осындай әдіспен нысананы көздеуінен, дене де оңға қарай бұрылады. Міне осы қозғалыстың бәрі соққының күшін арттырады. Бұл кезде оң қол басты және денені қарсыластың қарсы соққыларынан қорғайды.
Қапталдан сол қолмен басқа тез соққы жасау үшін өарсыластың көңілін өзге жаққа аудару қажет. Ол үшін жалған шабуылдар немесе соққылар пайдаланылады. Сәтті кезеңді күту керек. Сәті түскен кезде бұл қауәпті соққымен насананы дәл көздейді. Ол үшін мұнда да қозғалыс оң аяқтан басталады. Ұзын соққыдағыдай салмақ оң аяқтан сол аяққа ауысады. Мұнда қол кең сермелмейді. Бар болғанын жарты доға ғана жасап, сонан кейін нысанаға дәл көзделеді. Дене алға қарай кілт бұрылады. Соққы нысанаға тиген сәтте сол ачқтың ұшы еденге тіреледі. Мұның бәрі соққының күшін едәуір арттырады. Осындай соққылардан қорғануға дұрыс көңіл бөлмейтін боксшылар көп ретте аса қиын жағдайда қалады. Оң қол әдеттегідей қорғанысқа пайдаланылады. Сол қолмен жасалған соққы кезінде қарсыластың денесі қорғаныссыз болуы мүмкін. Ол қол мұндай жағдайда шабуылды жалғастыруға дайын болуы керек.
Сол қолмен денені қапталдан соғу (17-сурет). Мұның өткен соққыдан айырмашылығы шамалы. Мұнда дене алға қарай көбірек еңкейеді аяқ көбірек бүгіледі, соққы беретін қолдың бағыты өзгереді.
Бұл соққының атқаратын міндеті көп. Онымен шабуылды бастауға болады немесе қарсы шабуыл кезінде қорғаныспен тығыз байланыстыра қарсы және жауап соққы ретінде қолданылады және сол қолмен басты қапталдан соғу үшін, қарсыластың қорғанысын бұзу үшін пайдалынады. Қарсыласты алдау үшін алыс арақашықтықтан осындай соққылар жасалады.
Оң қолмен басты қапталдан соғу (18-супет). Шабуыл бұл соққымен өте сирек басталады. Ол көбіне сол қолмен жасалған соққыдан кейін, қарсыластың қорғанысы әлсіреген кезде қолданылады.
Боксшының бастапқы қалпында оның иегі жабық болады.
Қорғаулы иекті нысанаға алу өте қиын. Сондықтан сол қолмен қарсыластың денесіне алдамшы соққылар жасалады. Үздіксіз жасалатын мұндай соққылар қарсыластың қорғанысын негізінен денеге ауыстырады. Сол кезде оң қол нысананы көздейді. Сол қолмен жасалған шабуылда төте немесе қаптал соққылар пайдаланылуы мүмкін.
Шабуылда, әсіресе, қысқа соққылар көбірек қолданылады. Ол үшін боксшы сол аяғымен ілгері қарай тез бір қадам аттайды. Қозғалыстың жылдамдығы оң аяқтың серпу күшіне, дененің оңнан солға қарай бұрылуына байланысты. Осы кезде денеге жабысып тұрған оң қолға доға жасап төменнен жоғары қарай жұмсалады. Сол қолдың жұдырығы басты, ал шынтақ ішті қорғауы керек. Бұо боксшыны қарсыластың қарсы шабуылынан қорғайды.
Оң қолмен қапталдан басқа соққы бергенде ұзын соққылары пайдалану өте қиын. Себебі боксшының оң қолы қарсыласынан алыста болады. Оны сермеген кезде бәсекелес қорғанып үлгереді. Сондықтан бұл соққыға егжей-тегжейлі дайындалу қажет.
Соққы бастан соғуға рұқсат етілмейтін және жағынан тимеу үшін, соққы берген кезде дене солға қарай диагналь арқылы қозғалады. Оң қолды оңға қарай біраз шығарып, сонан кейін шынтақ тұсында жазық бұрыш жасап тұрған қолды нысанаға оңнан солға қарай доға жасап сілтейді. Саусағы ішке қарай бүгілген жұдырық сонда ғана нысанаға дәл тиеді.
Оң қолмен қапталдан басқа жасалатын қарсы соққы әр уақытта қорғаныспен тығыз байланысты. Егер қарсылас шабуыл жасап, өте жақын келсе, онда боксшы соққы жасау үшін әуелі дене салмағын артта тұрған оң аяққа ауыстырады. Осы кезде қысқа жасайтын арақашықтық пайда болады. Мұндай жағдайда кеуде оңнан солға қарай бұрылады. Сол аяқтың ұшы ғана еденге тиіп тұрады.
Оң қолмен денені қапталдан соғу 19-сурет. Бұл шабуыл кезінде жасалатын соққыға жатпайды. Әсіресе, оңқай боксшының орындауына өте ыңғайсыз соққы. Орта және алыс арақашықтардан жасалатын соққылар көбіне қарсыластың шынтағына тиюі мүмкін. Қатты сүйекке тигенде соққы берген қолдың саусақтары жарақаттанады. Егер оңқай боксшының қарсыласы солақай болса ғана мұндай алыс орта арақашақтықтан жасалатын соққылар қауіпсіздеу болады.
Қапталдан денеге жасалатын қысқа соққылар көбірек пайдаланылады. Бұл арада қарсыластың оңқай немесе солақай екені бәрібір. Ол тек бетпе-бет келуі керек. Немесе шабуыл жасамақ ниетпен ұмтылғанда боксшыға оң жақ қырымен келуі тиіс. Оң қолы нысанаға дарымаған қарсылас бір сәт қорғаусыз қалады. Осы сәтті мүлтіксіз пайдаланған дұрыс.
Осындай қысқа соққы жасаған кезде қарсы соққыға душар болудан қашу керек. Ол үшін алда тұрған сол аяқ ілгері, бірақ сәл солға қарай жылжытылады. Сонан кейін дененің бір салмағы осы аяққа ауысады. Кеуденің солға қарай бұрылуы соққыға жылдамдық және күш береді. Жұдырық нысанаға тиген сәтте, жұдырықтың саусақ жағы боксшының өзіне қарай бұрылуы керек. Бұл да соққыны біршама қатайтады.
Мұндай соққыдан кейін іле-шала қорғанысқа кешкен абзал.
