- •Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі «мирас» университеті
- •«Қолданбалы биология және топырақтану негіздері»
- •050113-Биология мамандығының студенттеріне арналған
- •Шымкент-2011
- •Лекция № 1 Қолданбалы биология және топырақтану негiздерi курсының мақсаты мен мiндетi
- •Лекция № 2 в.В. Докучаев және т.Б. Ғалымдардардың еңбектері
- •Ірілігіне қарай топырақ бөлшектерін топтарға бөлу
- •Топырақтарды механикалық құрамына қарай топқа бөлу
- •4 Апта: Лекция 7. Топырақтың химиялық құрамы
- •11 Апта: Лекция 21. Топырақ және оның құнарлылығы
- •Лекция 24. Фосфорлы, калий тыңайтқыштар
- •13 Апта: Лекция 25. Микротыңайтқыштар, аралас, органикалық
- •Лекция 26. Бактериалы тыңайтқыштар
- •Лекция 27. Егістік дақылдардың классификациясы
- •Лекция 28. Дәнді бұршақты дақылдар
- •Бақылау сұрақтар:
- •Лекция 29. Майлы дақылдар
- •Бақылау сұрақтар:
- •Лекция 30. Мал шаруашылығы негiздерi
- •Бақылау сұрақтар:
- •Ұсынылған әдебиеттер тізімі
4 Апта: Лекция 7. Топырақтың химиялық құрамы
Органикалық және минералды заттар
Химиялық элементтер
Топырақ коллоидтары
1. Топырақтың химиялық құрамы – топырақ құрамындағы әр түрлі органикалық және анорганикалық қосылыстар мен кейбір қоректік элементтер. Топырақ қатты, сұйық және газ тәрізді фазадан тұрады. Топырақтың негізгі массасын құрайтын қатты фаза – органикалық және минералды заттардан құралады. Топырақтың минералды бөлігінің химиялық құрамы оның минералдық және механикалық құрамына байланысты. Топырақтың органикалық бөлігі қарашірік, өсімдік және жануарлар қалдығынан, сұйық бөлігі топырақ еріген органикалық және минералды заттар құрамына байланысты. Топырақтың газ тәрізді бөлігіндегі ауа құрамына 70-80% азот, 18-20% оттек, 1-2% көмірқышқыл газы болады. Топырақ ауасының құрамы топырақ түріне, егілген дақылдар ерекшелігіне, жыл мезгіліне байланысты.
Қатты топырақ үш түрлі химиялық заттар тобынан тұрады: минералдар, органикалық заттар, органо-минералдық заттар.
Минералдық заттардың көзі болып әртүрлі тау жыныстары табылады;
Органикалық заттардың көзі болып өлген өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары және олардың тіршіліктік өнімдері саналады. Органикалық заттарға: клетчатка, лигнин, белок, қант, шайыр, май т.б. өсімдіктер мен жануарлар қалдықтардан қосындылары және солардың ыдырау процесінде пайда болған аралық заттары болады.
Топырақтағы органикалық заттар ыдыраған кезінде олардағы азот өсімдікке сінімді түрге айналады.
Органо-минералдық заттар органикалық және минералдық заттардың әрекеттесуінен пайда болады.
2. Топырақ құрамында дерлік барлық химиялық элементтер бар. Ең көп таралғандары: оттегі (49%), кремний (33%), алюминий (7,13%), натрий (0,63%), темір (3,8%), кальций (1,37%), калий (1,36%), магний (0,63%), азот (0,1%).
3.Бұл жоғары дисперстік фаза мен дисперстік ортадан тұратын гетерогенді жүйе. Топырақтың коллоид бөлігінің құрамына органикалық және минералдық заттар кіреді: біріншісі-топырақ шіріндісінің құрамында, екіншісі –балшық құрамында болады. Топырақ коллоидты бөлшектер көбейген сайын оның сіңіру қабілеті де арта түседі.
Коллоидтердің маңыздылығы топырақтың механикалық құрамы мен шірінді заттарына байланысты.
Коллоидты ең бай балшық пен құмбалшықты көп шірінді топырақ. Шіріндігі кедей құмды және құмайт топырақта коллоидтар аз.
Өсімдіктердің өсіп-жетілуіне топырақ коллоидтары әртүрлі жолдармен қолайлы жағдай жасайды. Ең бастысы-олардың өсімдіктің тамырлар жүйесіне тікелей қатынасы бар. Топырақтың механикалық құрамының ірі түйіршіктерінен де коллоидтарда қоректік заттар мол болады. Ондағы қоректік заттар өсімдіктердің сіңіруіне анағурлым жеңіл.
Топыраққа енгізген минералдық тыңайтқыштарды және топырақ қабатындағы қоректік заттарды коллоидтар ұстауға аса қабілетті. Сонымен, топырақ коллоидтарының белсенді бөлігі өсімдіктердің өсіп, жетілуіне маңызы әсер етеді.
Бақылау сұрақтар:
1.Топырақтың химиялық құрамы.
2. Топырақтың органикалық бөлігінің химиялық құрамы.
3.Топырақ коллоидтары.
Лекция 8. Топырақтың қасиеттері
Жоспар:
1.Топырақ тығыздығы
2. Топырақтың созылмалылығы, жабысқақтығы
3. Топырақтың сіңіру қабілеті
4. Топырақтың қышқылдығы, сілтілігі
Топырақтың қатты фазасының физикалық негізгі сипаттамасы тығыздығы болып саналады.
Тығыздық (р)-біртекті заттың бірлік көлемдегі массасымен анықталатын физикалық шама. Біртекті заттың тығыздығы оның барлық нүктерінде бірдей болады. Бұл кезде тығыздық зат массасының (m) көлемге (V) қатынасы бойынша анықталады: р=m/v
Топырақ тығыздығы деп табиғи жағдайдағы 1 см3 құрғақ топырақтың грамм есебімен алынған массасын айтады. Су және ауа режимдері топырақ тығыздығына байланысты.
Топырақтың жыртылған қабатының тығыздығы 0,8-1,5 г/см3 аралығында өзгереді, оған себеп болатын топырақтың қасиеті мен ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру технологиясы. Құмдық топырақтың бұл көрсеткіші 1,82 г/см3 болса, нағыз қара топырақты жердің көрсеткіші-1 г/см3. Топырақты өңдеген кезде оған органикалық тыңайтқыштар енгізілсе, оның тығыздығы кемиді. Топырақ қасиеттеріне, өсімдіктің өсіп жетілуіне тығыздық жан-жақты әсер етеді. Су тәртібіне, ауа айналамына және биологиялық белсенділігіне топырақтың аса тығыз болуы тым қолайсыз, өйткені, топырақ неғурлым құрғақ болса, соғурлым өсімдіктерге жайсыз тиеді. Топырақ тығыздығы 0,1 г/см3 артса, өсімдік пайдаланбайтын ылғал мөлшері 10 процент көбейеді. Егер топырақ тығыздығы 1,45 г/см3 асатын болса, онда қолайлы газ алмасу жағдайы бұзылады. Топырақ тығыздығы шамадан тыс болса, себілген тұқымның далалық шығыны төмендейді, өсімдік тамырларының топырақ қабатында терең бойлауы мен оның жан-жақа жайылу көлемі кемиді.Тығыздық 1,4-1,55 г/см3 шамасына жеткен кезде-ақ тамыр жүйелерінің өсуі тежеле бастайды, ал 1,6 г/см3асатын болса, онда мүлдем өспейді. Шамадан тыс қопсытылған топырақ құрылысы да өсімдікке қолайсыз келеді. Топырақ қабатының ең қолайлы тығыздығы-1-1,3 г/см3 болып саналады.
2. Топырақтың созылмалылығы деп сыртқы күштің әсерінен өзгерген қалпын күш әсері тоқтатылғаннан кейін де бұзылмай сақталу қабілетін айтады.
Созылмалылық қасиет сазды және саздақ топырақтарда көп, құмдақ топырақта кем болады. Созылмалылықты сипаттау үшін швед ғалымы А.Аттербергтің тәсілі пайдаланады. Топырақ созылмалылығының шегі оның езілген түрінің жайылуы тиылып, иленген қамыр сипатына айнала бастаған кезімен сәйкес келеді.
Созылмалалықтың төменгі шегі-топырақтың тобарсын, қатты кесектену күйге көшуі. Топырақтың түйіршік құрамының бытыраңқылығы артқан сайын, оның созылмалылығы да арта түседі. Бұған топырақтың басқа да қасиеттерінің, әсіресе оның құрамындағы органикалық заттардың әсері бар.
Топырақтың жабысқақтығы, деп өндеу құралдары мен топырақтың түйісу нүктесінің айналасында ылғалдың жұқа қабатының байқалуы, сондай-ақ топырақ түйіршіктерінің электрлік және молекулалық әсерінен болатын өндегіш құралдың қайырмасы мен түреннің бетіне жабысу қабілетін айтады. Топырақтың ылғалды кезінде өндегіш құралдың бетіне жабысуы жерді өңдеу сапасын төмендетеді. Топырақтың ұнтақтылығы көбейген сайын, оның жабысқақтығы артады. Сазды топырақтың жабысқақтығы саздақ топырақтан артық болады.
Топырақтың меншікті қысымы артқан сайын, оның жабысқақтық қабілеті күшейе түседі. Жабысқақтық топырақтың ылғалдылығына тікелей байланысты.
Топырақты өндегіш құрылына жабысуын болдырмау үшін оның ылғалдылығының мөлшеріне назар аудару керек.
3. Топырақтың сіңіру қабілеті. Топырақ қабатында өсімдіктерге қажетті қоректік заттардың жиналуы, оның сіңіру қабілетімен тығыз байланысты болады. Топырақтың сіңіру қабілеті деп оның бойында ерітінді және газ күйіндегі заттарды сақтап қалуын айтады. Топырақтың осы қабілеті өз бойында өсімдіктерге қажет заттар мен топырақ ауасын жинауға көмектеседі.
Сіңіру қабілеті-әр топырақта әр қилы болады, ол әдетте ондағы ұсақ түйіршіктердің мөлшеріне байланысты. Топырақтың сіңіру қабілетін күшейтетін мұндай ұсақ түйіршіктерді коллоидты түйіршіктер деп атайды.
Сіңіру қабілеті бес түрге бөлінеді: биологиялық, механикалық, химиялық, физикалық-химиялық алмастыра сіңіруі, физикалық сіңіру.
Биологиялық сіңіру-мұның топырақтағы қоректік заттардың жуылып кетпей сақталып тұруында үлкен мәні бар. Бұл сіңіру өсімдіктердің тамырлары мен микроорганизмдер тіршілігіне тікелей байланысты.
Механикалық сіңіру қабілеті деп топырақтың басқа түйіршіктер аралықтарында қуыстардың диаметрінен үлкен заттарды сүзіп алып қалуын айтады. Механикалық құрамы сазды және саздақ топырақтың сіңіру күшті болады.
Химиялық сіңіру дегеніміз, оған енген түрлі тұздар мен топырақ ерітіндісіндегі тұздардың өзара химиялық алмасуы. Химиялық сіңіру арқылы түрлі қоспалар құралады.
Физикалық-химиялық алмастыра сіңіруі. Топырақтың иондар сіңіруін, негізінен катиондар сіңіру қабілетін физикалық-химиялық алмастыра сіңіруі деп атайды. Бұл жол бойынша топырақ коллоидтары топыраққа енгізілген тұздар катиондарымен алмасады.
Физикалық сіңіруі қабілеті деп оның түйіршіктерінің сыртқы молекулалық күш әсерімен газды және ерітінді заттарды сіңіріп, өз бойында ұстап тұру қабілетін айтады.
Топырақтың қышқылдығын - актуалды, немесе маңызды және потенциалды немесе мүмкіндік қышқылдық деп ажыратады. Топырақ ерітіндісінде қышқылдардың болуы, оның актуалды қышқылдығының дәрежесін көрсетеді. Ал, потенциалдық (мүмкіндік) қышқылдық – көбінесе топырақ сіңірген сутегі мен алюминий иондарының қатысуына байланысты болады.
Маңызды қышқылдық топырақ ерітіндісінде бос күйінде кездесетін сутегі иондарының концентрациясымен анықталады және оны рН арқылы белгілейді. Егер рН=7 болса, онда орта реакциясы бейтарап,7-ден кем болса қышқыл, ал 7 –ден көп болса-сілтілі.
Шымды-күлгін топырақтарда рН 4-тен 7-ге дейін барады. Ал шымтезекті топырақтың қышқылдылығы (рН) 3,5-4 ке тең. Қара топырақта ол 6,5-7-ге тең. Оңтүстік қоңыр топырағында рН 7-7,5 –ке тең, сұр топырақта 8 шамасында болады.
Шымды-күлгін топыраққа егілген люпин мен картоп дақылдары рН 4,5-5 болғанда жақсы өнім береді. Қара бидай мен сұлы қышқылдыққа аса сезімтал болғанымен рН=5-5,5 болғанда жақсы өседі. Ал қышқылдылық рН 6 –дан төмен болған кезде жоңышқа, жүгері, жаздық бидай, арпа, зығыр, капуста, бұршақ дақылдары нашар өседі, әрі өнімдері төмендеп кетеді.
Сондықтан қышқылдығы шамадан тыс көп топырақты алдын ала әкпен, оған тұқым себуге болмайды.
Топырақтың сілтілігі-маңызды және потенциалды сілті ретінде анықталады. Көмір қышқылының бөлінуі, нитрификация құбылысы негізінде азот қышқылының пайда болуы топырақта қышқылды орта туғызады.Қышқылды ерітіндіге қарағанда топырақтың сілтілі ерітіндісін мәдени өсімдіктер өте ауыр өткізеді.
Бақылау сұрақтар:
1.Топырақтың сiңiргiштiк қасиеттерi.
2.Топырақ қышқылдылығы
3.Топырақ структуралылығы
4.Топырақ құнарлылығы және мәдениеттiлiгi
5.Топырақ куыстылығы
6.Топырақтың физикалық және физико-механикалық қасиеттерi
7.Топырақтың ылғалдылық қасиеттерi
8.Топырақ суларының формалары
9.Өсiмдiкке сiңiмдi және сiңiмсiз сулар
10.Топырақ ылғалдылығы және оның агротехникалық бағалылығы
11.Топырақтың негiзгi гидрологиялыјқ константтар
Лекция 9. Топырақтың түрлері
1. Топырақ классификациясы
2. Топырақтық зона
1. Топырақты В.В. Докучаев 10 типке бөлген, қазіргі классификация бойынша 100 – ден астам типке бөлінеді. Типтер тип тармағына, туыс, түр, түр тармағына, разрядка бөлініп класс, қатар, формация, генерация, тұқымдас, ассоциация т.б. топталынады. Топырақтың жер жүзілік біртекті классификациясы әлі құрылмаған. Топырақ – адамға тіршілік ортасын құратын табиғи компоненттердің бірі.
Топырақтық зона – бір немесе бірнеше топырақ типы және солармен серіктес интразоналық топырақтары бар территория. Зоналар солтүстіктен оңтүстікке қарай тарайды.
Топырақтар округтерге және аудандарға бөлінеді. Арктикалық және субарктикалық зоналар топырағы, тайгалық-ормандық зона топырағы, орманды дала зонасының сұр топырағы, орманды дала және дала зонасының қаратопырағы, құрғақ және шөлді далалардің қызыл және қоңыр топырақтары, құрғақ субтропиктердің тау етегі – шөлдік далалардың сұр топырақтары.
Күлгін топырақ – орманды-шабындық аймақта кездесетін топырақтың бір түрі. Қара топырақ – орманды дала және аймағында көп жылдық шөптесін өсімдіктер өскен жерде түзетін қарашірігі көп құнарлы топырақ.
Қөңыр топырақ- қуан және шөлейт дала аймақтарда көп таралған топырақтың бір түрі.
Қоңыр топырақтың құнары онша емес, бірақ ылғал жеткілікті болған жағдайда егін мен шөп мұнда жақсы өседі.
Сұр қоңыр топырақ шөлді аймақтағы жусанды-баялышты өсімдіктер өскен жер қыртысының үлгісіне жатады. Қөңыр топырақтар оның айырмашылығы – мұнда ең жоғарғы қабатта карбонаттардың көп мөлшерде болуы. Шіріндісі 1-1,2 проценттен артпайды. Сұр қоңыр топырақ аймағы ылғалға тапшы келеді.
Топырақтар округтерге және аудандарға бөлінеді. 1) Тундра аймағы-Ресейдің солтүстік бөлігін алып жатыр. Топырағы құнарсыз, қышқыл, қоректік заттарға тапшы. Климаты суық, жазы қысқа 2-3 ай, қысы ұзақ 8-9 ай. Топырақтың қалындығы шымтезекті және күлгін топырақтар басымырақ орын алады.
2) Тайгалы-орман аймағы –бұл шырша, қарағай, қылқанжапырақты орман. Аймақтың шекарасы Житомир, Киев, Тула, Казань, Томск, Иркутск арқылы өтеді. Қысы қысқарақ, жазы ұзарақ, жауын шашын мол. Топырақтағы негізінен шымды-күлгін топырақ пен батпақ. Құнарлылығының қуаттылығы әрі күштілігі микробиологиялық процестердің өте тез өтуінен. Қарашірік қабаты сұрғылт түсті 12-15 см, ал шіріндісінің мөлшері 2-3% аспайды.
Егіс даласында шөп өсімдіктердің әсерінен шамалы күлгін қабатты қарақошқыл түсті топырақтар пайда болады.
3) Тайгалы-орманды аймақ-ылғалдылығы мол, батпақтанатын, қышқылдылығы жоғары, құнарлылығы аз шымды-күлгін топырақты болғанымен, егіншілік үшін бағалы болып саналады.
Бақылау сұрақтар:
1.Қазақстан территориясыңдағы топырақтың орналасуының заңдылықтары
2.Топырақтың типтерiне жалпы сиппатама
3.Қара,каштан, қызғылт топырақтар
Лекция 10. Қазақстан территориясындағы топырақтың орналасуының негізгі заңдылықтары
Жоспар:
1. Орманды дала аймағы.
2. Шөлді аймақ
3. Сор топырақ.
1. Қысы суық, қарлы, жазы ылғалды. Бұл жер қарашірікке бай, сұр орман топырағы кең тараған. Бір шаршы метр жерде өсімдіктің 70-80 түрі кездеседі. Қазір жерінің көбі егістікке жыртылғандықтан орман ағаштары азайған.
Орманды далалық аймақтың үлесіне Қазақстан территориясының 1 млн гектар жері немесе 0,4% тиеді. Топырақ әр-түрлі қара топырақ (қарашірік орташа) 75 см жетеді оның шіріндігі 9%, оңтүстікке қарай төмендейді 6%.
Далалық аймақ-құрлықтың солтүстік және оңтүстік аймақтары. Климат континентальды. Жауын-шашын аз, жері қара немесе қоңыр топырақты келеді. Жеріндегі қара топырақтың физикалық құрылымы жақсы, қара шіріндісі мол, аса құнарлы болады. Ауылшаруашылығына қолайлы.
Оңтүстік аймақтары қоңыр топырақты Саздық, құмдақ, қоңыр топырақтың шірінді заттары аз, құнары кемдеу.
Күнгірт қызыл-қоңыр топырақ. Топырақ құралудың шымды кезеңінен пайда болады. Аймақтың солтүстік аудандарының күнгірт қара топырақ шіріндісі 3-5 % дейін, шірінді қабаты 40-60 см, орталық аудандарда -2,5-3,5; 25-40 см, оңтүстік облысында 1,5-2 %; 25-30 см, рН 7,2-7,3 сәл сілтілі.
Шөлді аймақ. Топырақ қабаттары нашар қалыптасқан, органикалық заттар кем, ерігіш тұздар мол болады. Өсімдік жамылғысы кедей. Жауын аз. Жазда температура -40 оС, құмда 70 оС көтеріледі. Қысы суық.
Топырағы солтүстігінде қоңыр, үстінгі қабатының шіріндісі 2,5 %, оңтүстігінде –сұр, шіріндісі 2,9%. Мақта, бау-бақша жақсы өседі.
6) Құмды эфемерлер. Сұр қоңыр топырақ шөлді аймақтағы жусанды-баялышты өсімдіктер өскен жер қыртысының үлгісіне жатады. Қоңыр топырақтан айырмашылығы-мұнда ең жоғарғы қабатта карбонаттардың көп мөлшерде болуы. Шіріндісі 1-1,2%. Бұл топырақ ылғалға тапшы.
Тақыр. Сазды шөлдің ерекше топырақ түріне жатады. Бұл топырақ өсімдік жамылғысынан айрылған, топырақ бетін балдырлар мен қыналар ғана жапқан. Шірінділігі төмен 0,3-0,8%, -сазды топырақ, көпшілігі-сортаңды, сульфатты-хлорлы-натрийлі, сор жиналу басым. Тақырлардың барлығы карбонатты (4-9%), гипс кездеседі. Құнарлығы төмен, игерілуі өте қиын.
3. Сор топырақ. Бұл Қазақстанның жазық жерлеріндегі барлық аймақтарға тән. Республикадағы сор және сортанды алқаптардың жалпы көлемі 10 млн. гектар шамасындай. Топырақтың шіріндігі жоғарғы қабаттарда 0,5 проценттен 3 процентке дейін, тіпті одан да молырақ мөлшерде ауытқып отырады, реакциясы баяу, сілтілікке дейін жүреді. Сор топырақты егіншілікке пайдалану үшін алдымен топырақтағы көп мөлшерден тыс сорды сумен шаю керек. Тым сор тартқан топырақтың сорын шаю қазіргі уақытта күріш егісін егу арқылы жүзеге асырылып жүр.
Сортан топырақ Қазақстан жерінде кең таралған. Топырақтың бұл түрі орманды-дала, далалық-шөлейт аймақтарда, сонымен қатар шөлді аймақтың солтүстік бөлігінде кездеседі. Таралу заңдылығы-солтүстіктен оңтүстікке қарай сортаңдағы басымырақ. Шіріндісі жоғарыда 6%. Сортаң топырақты негізінен жайылымға пайдаланады.
Сұр топырақ-таулы өңірлердің құрғақ субтропикалық топырағы. Қазақстанның оңтүстік және таулы аудандардың қалыптасқан.
Топырақтың артық ылғалдануынан оның құрамындағы оңай еритін тұздар шайылып кетеді. Шірінді мөлшері 1-3,5%. Жалпы биіктік артқан сайын шірінділігі мен тұшылығы да күшейеді.
Сұр топырақ бірнеше түрге бөлінеді: кәдімгі сұр, күнгірт сұр, таудың күнгірт қызыл, қоңыр; таудың қара топырағы; таудың сұр орманды топырағы.
Бақылау сұрақтар:
1.Топырақ зонасы
2.Орман зонасы
3.Шөлді аймақ
4.Құмды эфемерлер
5.Тақыр
6.Сор топырақ
7.Сортан топырақ
8.Сұр топырақ
Лекция 11. Жер шаруашылығының негiзгi талаптары
Жоспар:
Жарыққа қойылатын талаптар
Жылуға қойылатын талаптар
Суға қойылатын талаптар
Ауаға көмір қышқыл газы мен оттегіне қойылатын талаптар
Жер шаруашылығының дақылдарынан тұрақты жоғары өнім алу үшін, оларды мезгілінде қажетті мөлшерде, барлық тіршілік факторларымен қамтамасыз ету керек. Бұл факторларға жататындар- жарық, жылу, су, ауа және қоректік заттар.
Өсімдік тұқымының уақытында бөртуі мен бүрін жаруына, көктеуіне, өсімдіктің су мен қоректік заттарды сіңіруіне, органикалық заттардың пайда болуына, өсімдіктің түрлі мүшелерінің қалыптасуына және олардың әрбір өсу кезеңінен ойдағыдай өтуіне жылу өте қажет.
Өсімдік пен қоршаған айналадағы ортаның өзара қарым-қатынасы, әсіресе өсімдіктің өніп, өсуінің мәні мен олардың тіршілік ету факторларын егіншілік пәні арқылы оқып, білуге болады. Өсімдіктердің бірқалыпты өсіп, тіршілік етуі үшін қажетті факторлардың маңызы зор.
1. Күн сәулесінің өсімдікке түсү дәрежесі аса маңызды роль атқарады. Хлорофилдің қатысуымен өсімдік күн энергиясын бойына сіңіріп, оны химиялық қосылыстар энергиясына айналдырады. Сонымен, күн сәулесін сіңіріп, бос оттегін бөліп шығару арқасында жасыл өсімдіктер жер бетіндегі тіршіліктің қалыпты дамуына зор үлес қосады. Жарық күші көмір қышқыл газының ыдырауына, судың булануына жұмсалады. Пайда болған бос оттегі ауаға бөлінеді, ал сутегінің көмір қышқыл газының көміртегіне қосылуынан (углеводтар) көмірсутегілер, белоктар, қышқылдар, витаминдер және басқа органикалық заттар пайда болады.
Жарық өсімдіктің өсу және даму кезеңдеріне әртүрлі әсер етеді. Өсімдіктің түптену кезеңінде жарық жақсы түссе, алғашқы сабағындағы буын аралығы қысқа, әрі берік болады. Әлсіз және күн жарығы кем, үнемі көлеңкеде өскен өсімдіктердің бірінші буын аралықтары тым ұзарып кетеді де, кейін өсе келе жатып қалады. Өсімдікке жарықтың толық түсуіне арнайы тәсілдер қолданылады. Тыныс алу кезінде өсімдік жылу бөліп отырады.
Өсімдіктерде фотосинтез басталуы үшін ауаның жылулығы 0оС – ден жоғары болуы қажет. Өсімдік жылулықтың белгілі бір мөлшерімен қамтамасыз етілгенде ғана ойдағыдай өсіп, дамиды. Өсімдіктің өсуіне қажетті минимум, оптимум және максимум деп бөледі. Мұның ішінде өсімдіктерге барынша қолайлысы-оптимум температурасы -25-35 оС шегінде болады. Өсімдіктердің жер бетіндегі және топырақ қабатындағы мүшелерінің өсуіне қажетті оптимум температураның едәуір айырмашылығы болады. Мысалы, зығыр, қара құмық, бидай, арпа, сұлы, шалғам және пияздың жер бетіндегі мүшелері 20-25 оС температурада қалыпты өседі, ал олардың тамырының жақсы өсуіне бұдан 8-10 оС төмен температура қажет. Өсімдікке қажетті температураны білудің екпе дақылдардың қолайлы себу мерзімін белгілеуге, тұқым себердің алдында арамшөптермен күрес жүргізуге пайдасы тиеді.
Өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктеріне қарай тыныс алуы жағымсыз температурада жүреді, оның төменгі шегі -10оС, ал қыстайтын өсімдіктердің, мәселен, ағаш бұршіктерінің тыныс алуы -20-30оС шамасында да байқалады.
Бидай, қара бидай, арпа,, сұлы, қыша, бұршақ, зығыр және басқалары жылудың төменгі шегінде, яғни 1-ден 5оС кезінде де өсе береді, орташа температурасы 10-12оС шегінде де гүлдеп, піседі. -6-10оС-ге дейінгі суыққа шыдайды. Күздік дақылдар мұнан да төзімді келеді. Суыққа төзімді өсімдіктердің көпшілігі солтүстікке жақындаған сайын дамуын жылдамдата түседі, оларды ұзақ күнді өсімдіктер деймыз.
Жылу сүйгіш өсімдіктерге күріш, жүгері, лобия, тары, қарбыз, қауын, мақта сияқты дақылдары жатады, олардың өсіп-өнуіне 8-15оС, ал гүлденуіне 15-20оС температура керек. Мұндай дақылдар суыққа төзімсіз де, ыстыққа төзімді болады.
3. Су- табиғатта ең көп таралған, сонімен бірге нағыз ерекше зат. Су дегеніміз өсімдікті қоректі ортамен жалғастыратын буын. Өсімдік пен топырақ арасында үздіксіз су байланысы болады. Организмнің құрамында кездесетін мөлшері жөнінен су бірінші орын алады, барлық тірі организмдердің жалпы салмағының 50-90 пайыға дейінгі мөлшерін су құрайды. Өсімдіктердің көбінің жапырақтарында 80-90 пайыз, тамырларында 70-90 пайыз, тұқымындарында 10-15 пайыз су кездеседі. Өсімдіктің клеткалары мен тарамдарында судың көп болуы оның организмде атқаратын зор роліне байланысты.
Өсімдіктердің суды буландыруы транспирация деп аталады. Транспирация - өсімдіктердегі су алмасу процесінің негізгі көрсеткішінің бірі. Өсімдіктер транспирация жолымен өте көп мөлшерде су жұмсайды. Өсімдік бойына сіңірген 1000 г судың небары 1-2 грамын ғана пайдаланады, судың қалған 998 граммы өсімдік арқылы өзгермей өтеді.
Сумен бірге өсімдік бойына топырақ қабатында еріген қоректік заттар – азот, фосфор, калий, күкірт және басқалары енеді. Осы заттарды игеру үшін су керек болса, өсімдіктегі тарамдарды салқындату мен қажетті жылылықты сақтауға да су қажет, міне бұл істерді транспирация десе, өсімдіктер өнімінің құрғақ органикалық заттары бірлігін дайындауға жұмсаған су мөлшерін транспирациялық коэффициент дейді.
Егістегі дақылдардың транспирациялық коэффициенті олардың биологиялық ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болады, яғни құрғақ органикалық заттар түзуге тары, жүгері үнемді су жұмсайды, орташа ТК-200-300 ден аспайды. Ал күріш, мақта өсімдіктері суды бұлардан көп пайдаланады
4. Өсімдіктер ауадан көмір қышқыл газын, ал топырақтан су және қоректік заттарды алу арқылы күрделі органикалық зат түзеді, бұл құбылыс фотосинтез деп аталады. Фотосинтез процесі нәтижесінде өсімдіктермүшесінде негізгі үш элементтен тұратын (көміртегі, оттегі және сутегі) органикалық заттар түзіледі.
Өсімдіктердің топырақ үстіндегі вегетативтік мүшелерінің жалпы көлемі (сабағы мен жапырағы) оның тамырлар жүйесі көлемінен едәуір көп болады да, ауадан қоректенуі топырақ арқылы қоректенуге қарағанда біршама артық келеді.
Атмосфера көмір қышқыл газының қоры өте аз. Мысалы, 1 гектар жердегі атмосфераның 1 метрлік қабатында небәрі 5-6 кг шамасында көмір қышқыл газы болады, бұл дақылдардың өсіп, дамуына тым жеткіліксіз. Агротехникалық тәсілдер, әсіресе органикалық тыңайтқыштар қолдану арқылы ауаның топырақ бетіне жақын қабатындағы көмір қышқыл газын бір процентке дейін көбейту өсімдіктің тіршілік әрекетін күшейтіп, олардың шығымдылығын арттады. Әрине, өсімдіктердің топырақ қабатынан тамырлары арқылы қоректік заттар алып, бойына сіңіруі белгілі бір заңдылыққа сүйенеді. Айтарлық, әрбір дақылдар өзіне неғұрлым жетіспейтін заттарды ең алдымен оптималды мөлшерде алады. Сондықтан әрбір элементтің өсімдіктер өмірінде алатын орнын, топырақта қандай қосылыстар түрінде кездесетінің және оларды қалай пайдаланатынын, қалайша реттеуге болатындығын білген жөн.
Топырақ қабатындағы қоректік элементтердің біреуінің жетіспеу-ақ дақылдың өсіп, дамуын күрт нашарлатады, түптеп келгенде олардың өнімдерін төмендетеді.
Бақылау сұрақтар:
1.Жер шаруашылығының негізгі талаптары.
2.Жарыққа қойылатын талаптар.
3.Жылуға қойылатын талаптар.
4.Суға қойылатын талаптар.
5.Транспирация, транспирациялық коэффициент
6.Ауаға қойылатын талаптар
Лекция 12. Өсімдіктің минералдық қоректенуі
Жоспар:
Минералдық қоректер
Микроэлементтер
Өсімдіктердің шіріндіге бай топырақта жақсы өсіп, мол өнім беретіндігін көрсететін сан ғасырлық егіншілік тәжірибесі, қлректенудің шірінділік-гумустық теориясын өмірге келтірді. Алайда фотосинтездің ашылуы мен зерттелуі өсімдік денесінің 95 проценті көмір қышқыл газы мен судан құралатындығын көрсетті. Бұл жағдайда өсімдіктің қалған бір бөлігі неден құралады, оның түрі қандай және ол неден түзіледі деген сұрақ туады.
1. Минералдық қоректік-өсімдіктің тіршілік әрекетіне қажет минерал тұздары. Өсімдікке азот, фосфор, калий, күкірт, кальций, магний элементтер көп мөлшерде, темір, бор, мыс, мырыш, марганец, т.б. элементтер аз мөлшерде қажет. Сондықтан біріншілері макро, екіншілері микро элементтері деп аталады. Минералдық қоректену теориясы өсімдіктердің құрамына енетін барлық басқа элементтердің топырақтан қабылданатынын көрсетеді. Бұл элементтер топырақта негізінен минералдық тұздар және ішінара органикалық заттар түрінде кездеседі. Органикалық заттардың көп бөлігі минералдық заттарға дейін ыдырайды да, осыдан кейін ғана өсімдіктер оны қабылдай алады. Өсімдіктер топырақтағы органикалық қосылыстардың кейбір түрлерін ғана қабылдай алады. Сондықтан өсімдіктердің топырақтан қоректенуі минералдық қоректену деп аталады. Күлдің құрамында кездесетін мөлшеріне қарай элементтерді үш топқа бөледі. Бірінші топты макроэлементтер деп атайды. Бұған өсімдіктерде проценттің оннан бастап жүзден бір бөлігіне дейінгі мөлшерде кездесетін элементтер кіреді. Оларға барлық органогендер көміртегі, оттегі, сутегі, азот, күкірт, калий, кальций, магний, натрий, темір, фосфор элементтері жатады.
2. Микроэлементтер деп аталатын екінші топқа өсімдіктер денесінде проценттің мыңнан жүз бөлігінен мыңнан бір бөлігіне дейінгі мөлшерде кездесетін элементтер кіреді. Оларға марганец, бор, мыс, мырыш, барий, молибден, кобальт, т.б. жатады. Ультрамикроэлементтер деп аталатын үшінші топқа өсімдіктер кездесетін элементтер кіреді. Оларға цезий, селен, кадмий, радий, күміс, сынап, алтын элементтері жатады.
Ғылыми мәлемет бойынша өсімдіктердің құрамынан 74 элемент табылған, олардың 11-і макроэлементтер. Бұлар өсімдіктің салмағының 99,95 процентін құрайды, ал қалған 0,05 проценті микроэлементтердің үлесіне келеді.
Бақылау сұрақтар:
1.Минералды қоректер.
2.Микроэлементтер
3.Жер шаруашылығы системаларының классификациясы
Лекция 13. Топырақ өңдеу мақсаты
Жоспар:
Топырақ өңдеу мақсаты
Топырақ өңдеудің міндеттері
1. Егілетін дақылға қолайлы жағдай жасау үшін машиналар мен құрал-саймандардың жұмыс органдары арқылы топыраққа тікелей механикалық әсер етуді топырақты өңдеу деймыз.
Егінжайда сапалы өңделген топырақта дақылдардың өсіп-дамуына қажетті жағдайдың бәрі жасалады. Топырақты өңдеу арқылы жарамды құнарлылықты тиімді құнарлылыққа айналдырады.
Топырақты өңдегенде құрылымы жұтаң тартқан үстінгі қабатының орнына органикалық қалдықтарға бай, қоректік заттар қоры анағұрлым мол төменгі қабат ауысып түседі. Мұндай жағдайда аэробты микроорганизмдердің белсенділігі артып, органикалық заттардың минералдануы күшейеді. Сонымен топырақты өңдеу арқылы оның құнарлы қабатына ылғал, ауа және қоректік заттардың қорын молайтуға болады.
2.Топырақты өңдеудің алдына мынандай негізгі міндеттер қойылады:
Ауыл шаруашылық дақылдарын қолайлы факторлармен (су,ауа, жылу, қоректік заттар қамтамасыз ету үшін топырақтың өңделетін қабатында оптимальды түйіршіктер, қолайлы құрылым дайындау.
Арам шөптерді жою немесе басып тастау.
Егінжай топырағына өсімдіктер мен жәндіктер қалдықтарын, органикалық, минералдық тыңайтқыштарды, химиялық мелиоранттарды, улы химикаттарды еңгізу.
Жауын-шашын аз түсетін аймақтарда ылғалды жинап, оны сақтау, ал ылғалы мол аймақтарда керісінше жағдайда егінжай топырақынан артық ылғалды құрғату.
Топырақ қабатындағы микробиологиялық жұмыстарға қарқынды әсер ету арқылы қоректік заттарды жинау, сақтау және сіңіруін жақсарту.
Ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестері және ауру қоздырғыштарын жою, немесе басып тастау.
Қолайлы тереңдікке мәдени дақылдардың тұқымдарын себу үшін жағдай жасау.
Топырақтын беткі қабатының су эрозиясы мен дефляцияға тұрақтылығын арттыру үшін қолайлы шара қолдану.
Шымтопырақты, тың, тыңайтылған егінжайдағы, болмаса қыртысты топырақта өскен көпжылдық шөптер тамыр жүйесінің тіршілігін жою.
Топырақ өңдеу тұтас жүйелі технологиялық процесс, мұндағы негізгі операциялар: қопсыту, немесе майдалау, жыртылған топырақ қабатын аудару, араластыру, тілгістеу, тығыздау, арамшөп тамырларын қырқу және топырақ бетіне шығару, егін аңызын сақтау.
Бақылау сұрақтар:
1.Ғылыми және өндiрiстегi топырақ өңдеу негiздерi, мақсаты, әдiстерi
2.Топырақ жырту негiзгi әдiсi.
3.Топырақты жырту құралдар
Лекция 14. Топырақ өңдеу әдістері
Жоспар:
1.Топырақты қопсыту
2. Топырақты аудару
3. Араластыру, тегістеу, нығыздау
1.Топырақ өңдеу тұтас жүйелі технологиялық процесс, мұндағы негізгі операциялар: қопсыту, немесе майдалау, жыртылған топырақ қабатын аудару, араластыру, тілгілеу, тегістеу, тығыздау, арамшөп тамырларын қырқу және топырақ бетіне шығару, егін аңызын сақтау.
Топырақ көптеген себептердің әсерінен шөгіп, нығыздалады. Қопсыту арқылы топырақтың өңдейтін қабаты түйіртпекті жұмсақтық жағдайға келтіріледі, капиллярлық емес қуыстылық көбейеді, топырақтың су және ауа өткізгіштігі артады, топырақ қабатындағы аэробты микроорганизмдердің тіршілік белсенділігі өседі, өсімдік тамырына ауаның, ылғалдың және қоректік заттардың еніп, қолайлы жағдай жасаланады. Бұл процесс дискілер және фрезалар қолданылады.
2. Топырақты аудару. Бұл процесте органикалық, минералдық тыңайтқыштарды, өсімдік және жануарлар қалдықтарды, сондайақ топырақтың жоғарғы қабатында арамшөптерде болатын зиянкестер мен өсімдік ауруларын қоздырғыштар топыраққа енгізіліп тұншықтырылады.
Аудару операциясы арқылы топырақтың құнарлы қабаты қалыңдатылады, өйткені оның төменгі құнарсыз деңгейі үстіне шығарылып, құнарлы қабатпен аралыстырылады. Көбінесе топырақтың жақсы құрылымы оның төменгі қабатында пайда болады.
Арам шөптер тамырлары жойылады, микробиологиялық алмасуы жақсарады. Топырақты аударуға плугтер (соқа) мен сыдыра жыртқыштар қолданылады. Топырақ аударудың әр кезде және барлық жерде бірдей қолдана бермейді.
Құрғақшылық аудандарда топырақ қабатын аудару, оның кеуіп кетуін күшейтеді, қысқы ылғалдың жиналу жағдайын нашарлатады.
3. Араластыру-өнделетін топырақ қабаттарын араластыру-оның бөлшектерін өзара алмастырып, өңделетін қабатты біркелкілі түрде келтіреді. Ол топырақты фрезермен, дискілі құралмен және шолақ түренсіз плугтермен, кесілген дискілі ауыр тырмамен өңдегенде іске асырылады.
Тегістеу. Топырақтың бетін тегістеу –дақылдар тұқымдарын біркелкі тереңдікке енгізудің негізгі шарты. Тегістелмеген топырақтарда тұқым әр түрлі тереңдікке түседі де бір мезгілде өнбейді. Топырақ бетін тегістеу, кесектерді жою, топырақтағы ылғалдың жиналуына мүмкіндік туғызады.
Тегістеуге тырмалармен (тісті, шынышпалы), культиватормен, тегістегіш сүйретпемен және катокпен жүргізіледі.
Нығыздау-топырақтың тоң кесегі мен борпыстығын жою үшін қажет.
Нығыздау себілген тұқымдардың топырақпен өсіп шығуына қолайлы жағдай жасайды. Нығыздау топырақтың жалпы және капиллярлы емес түтіктерінің санын азайтады, топырақтың төменгі қабатынан ылғалдың көтерілуіне қолайлы жағдай жасайды. Сонымен бірге топырақты нығыздау оның өңделетін қабаты тұқым себер кезде шамадан тыс қопсытылған болса, кейін топырақ шөккенде, өсімдіктің тамыр жүйесіне зақым келмеуі үшін де қажет.
Арамшөптердің тамырын қырқу. Бұл операция топырақты аудару, араластыру және қопсыту әрекеттерімен жалғастырыла жүргізіледі. Мұнысыз көп жылдық атпа тамырлы арамшөптерді әлсірету іс жүзінде мүмкін емес.
Пішіндеу. Бұл әсіресе жүйек жоқ, ойық, ұялар дайындауға қажет. Егінжай бетіне белгілі бір пішін беруден ылғал бөгеледі немесе бұрып жіберу реттеледі, топырақтың эрозияға төзімділігі артады.
Топырақ өңдеу тәсілдері:
Жер жырту
Топырақты сыдыра жырту
Топырақтың беткі қабатын өңдеу тәсілдері
Сыдыра жырту
Культивациялау
Тырмалау
Катоктау
Бақылау сұрақтар:
1.Жер жырту түрлерi
2.Топырақтың беткi қабатың өңдеу
3.Топырақты өндеу системалары
Лекция 15. Тұқымдық материалға биологиялық және
агротехникалық талаптар
Жоспар:
Тұқымның сапасының маңызы
Тұқымның өнгіштігін анықтау
Тұқымды егуге дайындау
Егу мерзімі, себу мөлшері
Сапалы тұқым егілгенде ғана дақылдан жақсы өнім күтуге болатыны айтпаса да түсінікті. Тұқым сапасына мынандай талаптар қойылады: ол таза, басқа дақылдардың, арам шөптердің тұқымдары болмауы, өңгіштігі жақсы болуы, дәннің толықтығы, үлкендігі ойдағыдай, көлемі жағынан біркелкі болуы керек. Тұқымның ішінде әртүрлі зиянкестер мен аурулар болмауы тиіс.
Тұқымның сапасын аудан орталығындағы арнаулы инспекция тексеріп отырады. Тексеріп, куәлік алу үшін арнаулы методика бойынша сапасы ойдағыдай болса инспекция тексерілген тұқым партиясына арнаулы куәлік береді. Ондай куәліксіз тұқымды себуге болмайды.
Тұқымның тазалығын анықтау үшін үлгі ретінде дәні ірі бұршақ жүгері сияқты дақылдардан 200 грамм, бидай, арпа тәрізді астық дақылдардан 50 грамм, пияз, жоңышқа сияқты тұқымы ұсақ дақылдардың тұқымынан 4-5 грамм алады.
Ақ қағаздың үстіне жайып, 4-ке бөліп, соның бір не екі бөлігін алуға болады. Бүтінін, толығын бөліп алып, қалдықтарын 1) зақымдалған, сынған 2) тірі қоспалар-арам шөптер басқа дәндер, насекомдар 3) өлі қоспалар: құм топырақ т.б. Осыларды таразға өлшеп 0,01 грамдық, % шығарамыз.
Егер 50 грамм үлгіде таза тұқымның салмағы 49,1 грамм, қалдық 0,9 грамм болса, онда тұқымның тазалығы 49,1 •100=98,2%
50
2. Өңгіштік деп тұқымның ылғал, жылу мен ауаның әсерінен өніп көктеуін айтады. Ол % көрсетіледі. Өнгіштікті анықтау үшін жақсы араласқан таза тұқымнан 4 үлгі алады. Құм немесе фильтр қағазды дымқылдап, термостатқа 20оС температураға салады. Өңген тұқымдарды екі рет тексеріп, бірінші рет өну энергиясын, екінші рет өнгіштігін анықтайды. Өну энергиясы дегеніміз-үш күн ішінде өңген тұқымның проценті. Мысалы, термостатта қойған 400 дәннің үш күннен кейін 360 өнім шықса, өну энергиясы тұқымның қаулап және тез өсуін сипаттайды.
Тұқымның өнгіштігін 7 күннен кейін анықтайды. Тұқымның дамқылдылығы. Кептіргіш шкафта 20оС температурада 40-60 мин құрғату арқылы анықтайды. Кептіруге дейінгі және кейінгі салмақтың айырмасын 100-ге көбейтіп тұқымның абсолютті құрғақ салмағына бөліп барып оның дымқылдығын табады.
Тұқымның тазалығы мен өнгіштік процентін көбейтіп, оны 100 ге бөлгенде тұқымның шаруашылық жарамдылығы шығады. Мысалы, тұқымның тазалығы 98 процент, өнгіштігі 95 процент болса, оның шаруашылық жарамдылығын былай табуға болады. 98 • 95=93,1%
100
3. Тұқымды себуге дайындауда оны тазалап кондицияға жеткізуден басқа, сұраптап, ірілерін бөлектеу, ауруларға, зиянкестерге қарсы жүргізілетін дәрілеу, өнгіштігін күшейтетін күнге жайып жылыту сияқты жұмыстар жатады.
Жүгері, мақта және қант қызылшасының тұқымдары арнаулы заводтарда тазаланып, іріктеліп, дәріленеді.
Көптеген аурулар, зиянкестер тұқымға арналған дәннің үстінгі қабығына жабысып жүреді не дәннің ішінде болады. Мысалы, қаракүйе ауруын алсақ оның споралары бидайдың қабығына, не айдарына жабысып жатады, бидай қоймада жатқанда оның тұқымға ешқандай зияны жоқ. Олар дән себіліп, енді өсе бастағанда зиян келтіре бастайды.
Тұқымды химиялық жолмен дәрілеудің үш түрі бар: құрғақ, жартылай құрғақ және дымқыл. Құрғақ және жартылай құрғақ дәрілеу көп қолданылады. Әр түрлі ұнтақ улар-дустар: гранозан, ТМДТ. Дымқылды дәрілеу үшін формалин қолданылады.
Термикалық залалдандыру тәсілі бидай мен арпаның тозаңды қаракүйелеріне қарсы қолданылады. Ол үшін тұқымды жылы суға (28-32 оС) алдын ала 4 сағат ұстайды. Сол уақытта тұқым ішінде жатқан қаракүйе оянып, дақыл тұқымына шабуылын әрі қарай жалғастыруға дайындала бастайды. Сол уақытта тұқымды әрі қарай қыздырып судың температурасын 50-53 оС жеткізіп, 7-10 минут ұстайды. Бұл ыстықты көтере алмай өледі. Содан кейін тұқымды кептіріп, себе бастайды.
Скарификация –тұқымның қабығын механикалық жолмен шала аршиды, жаралайды.
Стратификация-ұзақ уақыт төмен температурада (0,3 оС) ұстайды.
4. Себу мерзімі ауа райына байланысты өзгеріп тұрады. Дақылдардың ерте егілетіндері, кеш егілетіндері бар. Мысалы: сұлы, арпа, бидай, люпин, күнбағыс, бұршақ ерте, ал тары, жүгері, соя, мақта, қауын, қарбыз, күріш кеш егіледі.
Егу мерзімі климат ерекшелігіне байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, Оңтүстік облыстарындаерте еккен дұрыс, ал Солтүстікте кештеу (20-30 мамырдың арасы).
Егу тәсілі: тұқымды шашып егу, қатарлап егу, жиі аралықпен себу, тоғыспалы тәсілмен егу, кең аралықты, жолақтап (ленталап), пунктирлі егу, ұялап егу, шаршы –ұялап егу
Себу мөлшері. Егу мөлшері 1 га жерге кететін тұқымның, немесе салмағын айтады. Егу мөлшері дақылдың түріне, егу тәсіліне, егістік жердің құнарлылығына, ылғал мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады.
Егу мерзіміне байланысты да әр гектарға жұмсалатын тұқым мөлшері өзгеріп отырады. Мысалы, суармалы жерге егілетін күздік бидай уақытысында егілсе әр гектарға 5 млн. тұқым егу керек, себебі кешіккен сайын егу мөлшерін көбейте түсу керек.
Егу мөлшері мың, не миллион дана есебінде көрсетіледі. Осыны қалай салмаққа айландыру керек? Ол үшін 1000 дәннің салмағын, тұқымның тазалығын және өнгіштігін білу керек. Сонда бір гектарға керекті тұқым мөлшерін анықтауға болады. Ол үшін төмендегідей формула керек.
Н =С•М мұндағы:
Н-кг есептеген егу мөлшері
С-бір гектарға кететін тұқым саны, дана
М-гр есептелген мың дән массасы
Мысалы, Алматы облысының суармалы жеріне 5,5 млн дән себу керек десе, 1000 дәннің салмағы 40 кг болған жағдайда 220 кг тұқым себу керек
Бақылау сұрақтар:
1.Тұқымдық материалды сапалылығының маңызы
2.Тұқымның сапасының биологиялық ерекшелiгi.
3.Тұқымның тазалығын анықтау
4.Тұқымның өнгіштігін анықтау
5.Тұқымды егуге дайындау.
6.Тұқымды зиянкестерден, аурудан сақтау.
Лекция 16. Сорттың маңызы және сорттың қасиеттері
Жоспар:
Сорттың маңызы
Қазақстандағы бидайдың сорттары
1. Сортты тұқымдардың маңызы ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу үшін тек аудандастырылған жергілікті ауа райына бейімделген сорттарды егу керек екенің ғылым да, тәжірибе де көрсетіп отыр. Аудандастырылған сорт өнімді басқа соттарға қарағанда әр гектардан 2-3 ц артық беретіні, кей жағдайларда өнім бұдан да көп болатындығы мәлім. Бұл ретте ешқандай қосымша шығынсыз өнім мөлшері артады.
Соңғы кезде біздің республикамыздың ғалымдары да жақсы, өнімді көп беретін, жергілікті ауа райына жақсы бейімделген, дәнінің сапасы жоғары, құрамында белогі, клейковинасы мол сорттар шығарып жүргенін атап өткен орынды.
Жаңа сорт шығару оңайға түспейді. Ол көп еңбекті, ізденуді қажет етеді. Ғалымдар жаңа сорттар шығару үшін әртүрлі сорттарды будандастырады, содан кейін сұраптайды. Тек қана сұраптау арқылы (будандастырусыз) шығарылған халықтық селекция нәтижесінде келген сорттар да көп.
Тұқымды сақтайтын қоймалар құрғақ, жақсы желдетілетін болуі керек. Тұқымды сақтаған кезде әртүрлі дақылдар мен сорттардың араласып кетпеуін қатты бақылау керек. Ол үшін қоймалардың ішіндегі бөлектері жеткілікті болуы тиіс.
2. Біздің республикамызда селекционер Р.А. Оразалиев басқарған ұжым шығарған сорттар айдандастырылып, олар өндірісте де атақты «Безостая -1», «Мироновская-808» сорттарынан басым түсіп, колхоз, совхоздарға көптеген пайда келтіруде.
Қазақстан ғалымдары суармалы жерлерде жақсы өнім беретін сорттар шығарады. «Прогресс» сорты 1984 жылдан бастап Украинада, Алматы облысында аудандастырылды. «Алма-Атинская полукарликовая», «Қарлығаш» сорттары, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының суармалы жерлерінде аудандастырылды. Қоймаға зиянкестердің түспеуін де қадағалап тұру керек, егер пайда болса, оларды жою үшін шұғыл түрде қойманы газбен дезинфекциялайды. Бұл үшін әртүрлі аэрозоль аппараттары қолданылады.
Бақылау сұрақтар:
1.Сорт оның маңызы және қасиеттерi
2.Тұкымды сақтау, себу
3.Себу мерзiмi мен мөлшерiнiң биологиялық негiздерi
4.Себу әдiстерi, себу терендiгi, құралдардың құрылысы
Лекция 17. Аустырып егу және ауспалы егіс
Жоспар:
Ауыспалы егістер
Дақылдардың себілген танаптарды ауыстырып тұрудың себептері
Негізгі алғы дақылдардың сипаттамасы
Ауыспалы егіс дегеніміз танаптардағы ауыл шаруашылық дақылдары мен парды ғылыми ұсыныстарға сүйене отырып ауыстырып отыру. Дақылдарды бір жерге себе берсе, оның өнімі бірте-бірте төмендейді екен. Егер дақыл көп жылдар бойы бір жерге егіле берсе, оны ауыспайтын дақыл (бессменные посевы), шаруашылық тек бір дақылды егетін болса, оны дарадақыл (монокультура), дақыл бір жерге сегіз жылдан кем егілетін болса оны қайталап егу (повторные посевы) деп атайды. Ауыспалы егістің алмасуынан уақытша шығарылған танапты шықты танап (выводное поле дейді. Әдетте шықпа танап ретінде көп жылдық шөп егілген танап қалдырылады. Мысалы, жоңышқа егілген танап 4-5 жыл ауыспалы егістен шығарылып тасталады. Бұл мерзім өтіп, жер тыңайғаннан кейін бұл танап ауыспалы егіске енеді де басқа бір танапқа жоңышқа себіліп ауыспалы егістен шығарылады.
Ауыспалы егістегі дақылдар мен пардың белгілі тәртіппен танаптарда ауысып тұруын ауыспалы егістің ротациясы дейді, ал дақылдар мен пардың жыл сайын танаптарда ауысып тұру жоспарын ауыспалы егістің ротациялық кестесі деп атайды.
Ауыспалы егіске кіретін әрбір танаптың өзінің номері болады. Дақылдар мен пардың аувспалы егісте орналасу ретін оның схемасы дейді.
2. Танапқа бір дақылды жыл сайын себе берсе, оның өнімі төмендей беретінін адамдар ерте заманнан-ақ білген. Табиғат жөніндегі ғылым дамыған сайын оқымыстылар бұл процестің себептері жөніндегі өз болжауларын айта бастады. Мысалы, швейцар ботанигі декандоль мынандай пікір айтқан. Өсімдіктер топырақтан сумен қоректік заттар сіңіріп қана қоймайды, сонымен қатар өзіне зиянды заттарды тамыры арқылы өсіп тұрған жерге бөліп шығарады. Келесі жылы сол жерге қайта себілген кезде ол өзі бөліп шығарған зиянды заттарынан зардап шегеді, оның өнімі төмендейді. Бұл дақылдың бөліп шығарған заттары сол дақыл үшін ғана зиянды, басқа дақылға ешқандай залалы жоқ.
Неміс ғалымы Тэер астық дақылдарының аустырылмай еккен жағдайда олардың өнімі төмендейтін себебі топырақтың қарашіріктің, гумустың азаюынан деп есептеді.
Кейінен өсімдіктердің тек минералдық заттарды ғана сіңіре алатыны анықталған соң (Ю.Либих) дақылдың орнын ауыстырмай еге бергенде өнімнің төмендеуін топырақтағы минералдық қоректік заттардың азаюынан деп есептеді.
Ауыспалы егістің қажеттілігін, ауыстырмай егілгенде өнім кемуіне мынадай себептер болады: 1. Химиялық тұрғыдан-өсімдіктердің қоректенуіне қатысты себептер. Ә түрлі дақылдар өсу барысында топырақтан қоректік заттарды бойына әр түрлі мөлшерде сіңіреді, бидай, арпа сияқты масақты дақылдар азот пен фосфорды көбірек, калийді азырақ сіңіреді, ал қант қызылшасы, күнбағыс, картоп сияқты дақылдар керісінше азот пен фосфорға қарағанда калийді көбірек сіңіреді. Осы тұрғыдан алып қарағанда танапқа ылғи астық дақылдарын еге берсек, азот пен фосфордың мөлшері жылдан жылға азая береді екн де, калий топырақта көбірек сақталады. Сөйтіп, қоректік заттардың бастапқы арақатынасы бұзылады.
Қант қызылшасын, күнбағысты, картопты да үздіксіз бір жерге еге берген уақытта да жылдан жылға калий басқа қоректік заттарға қарағанда көбірек азайып, тағы да топырақтағы қоректік заттар бір жақты жұмсалынып, қоректік заттардың қалыпты арақатынасы бұзылады. Ал масақтық дақылдар мен техникалық дақылдарды ауыстырып еккен уақытта топырақтағы қоректік заттар тең жұмсалып, танаптан ұзақ жылдар бойы жақсы өнім алуға мүмкіндік туады.
3.Алғы дақыл деп өткен жылы танапта болған ауылшаруашылық дақылын немесе парды айтамыз. Қазақстанда жиі кездесетін алғы дақылдар: Таза пар-арам шөптерді құрту, топырақтағы ылғал мен қоректік заттарды молайту үшін қалдырылған ешқандай дақыл себілмеген, жаз бойы әртүрлі құралдармен өнделіп тұратын бос танап.
Таза пар қара және ерте пар болып екіге бөлінеді. Парға қалдырған танапты күзден бастап жыртып, өндей бастасақ, ондай пар қара пар деп аталады. Қара пар республикамыздың оңтүстік, оңтүстік-шығыс облыстарында қолданылады. Қар парға көбіне күздік бидай егіледі. Парға қалдырған жер көктемнен бастап өнделе бастаса, ондай парды ерте пар деп атайды. Оны солтүстік облысында жиі қолданылады. Оған көбінесе жаздық бидай егеледі.
Отамалы дақылдар (қант қызылшасы, жүгері, картоп, көкөніс, мақта және басқалар) егілген танаптарда жаз бойы арам шөптермен күрес жүргізіледі. Оларға көбінесе тыңайтқыштар беріледі.
Бұршақ тұқымдас дақылдар топырақтағы азотты көбейтеді. Кейбіреулері (ас бұршақ) ерте көктемде егіліп, жылдам өседі де, арам шөптермен жақсы күресе алады. Сондықтан олар көптеген күздік және жаздық дақылдар үшін жақсы алғы дақыл болып есептеледі.
Көп жылдық шөптер топырақтағы органикалық заттарды көбейтеді, топырақтың физикалық қасиетін жақсартады, өте жақсы алғы дақыл болып саналады.
Дәнді масақты дақылдар. Күздік бидай жаздық бидай алғы дақыл үшін көптеген отамалы дақылдар үшін жақсы алғы дақыл болып саналады. Себебі ол арам шөптермен жақсы күресе алады, танапты ерте босатады. Ең нашары тары, одан кейін танаптарда арам шөптер көп болады.
Бақылау сұрақтар:
1.Аустырып егу және ауспалы егiс
2.Ауспалы егiстi дұрыс жасаудың маңызы, оны игеру
3.Дақылдардың себілген танаптарды ауыстырып тұрудың себептері
4.Негізгі алғы дақылдар
5.Ауыспалы егістің ротациялары туралы түсінік.
6.Ауыспалы егісті игеру.
Лекция 18. Өнім жинау
Жоспар:
1.Егін жинаудың агрономиялық негізі
2. Егін жинау схемасы
Егін жинау өте жауыпты науқан. Бұл науқанға астық пісерден көп бұрын жан-жақты дайындалу керек. Дайындық астық оратын, жинайтын, таситін тағы басқа орақ кезінде қолданатын механизмдерді дайындаумен шектеліп қоймайды. Қырман дайындау, онда қолданылатын әртүрлі астық тазалайтын, тиейтін механизмдер де сақадай сай болып тұруға тиіс. Астық құятын қамбалар да жөнделіп, тазаланып, әктеліп, дезинфекцияланып қойылады.
Егін жинау мерзімін, оның технологиялық картасын жасағанда егін жинайтын техниканың мүмкіндігі мен ауа райының жағдайы ескеріледі. Астық жинаудың екі түрі бар. Біріншісі тікелей комбайнмен жинау, екіншісі бөлектеп жинау, яғни астықты алдымен дестеге түсіріп алып, десте кебе бастағанда жинағышы бар комбайнмен бастыру. Ауа-райына, егіннің жағдайына байланысты әртүрлі тәсіл қолданылады.
Жалпы алғанда Қазақстанның оңтүстік облыстарында бірінші тәсіл-тікелей комбайнмен жинау қолданылады. Бұл тәсілдің кемшілігі-астықтың толық пісуін күту керек. Кей жағдайда орақты астықтың толық пісуіне қарамай, ертерек бастау керек болады. Осындай жағдайда екінші тәсіл қолданылады.
2.Қазіргі уақытта егін жинау мынандай схемамен жүргізіледі:
1. Егін дестелерге құлатылып, 5-8 күннен кейін жинағышы бар комбайнмен бастырылып, астық қырманға тасылады.
2. Қырманда астық өлшеніп, қажет болған жағдайда қосымша тазартылады., сортталады, ылғалы молырақ болса кептіріледі, тағы да өлшеніп, автомашиналарға тиеледі де элеваторларға немесе тұрақты қоймаларға құйылады.
3. Танаптарда қалған сабан-топандар әртүрлі тракторлы агрегаттармен жиналып, танап сыртына, немесе мал қораларына жақын жерге жеткізіліп, маяға салынады.
Астықты сақтайтын қоймалар құрғақ, жақсы желдетілетін болуі керек. Астықты сақтаған кезде әртүрлі дақылдар мен сорттадың араласып кетпеуін қатты бақылау керек. Ылғалы мол астық сақтауға келмейді, қоймаға құйылатын бидайдың, арпаның сұлының, бұршақтың дымқылдылығы 14-15 проценттен, тары мен жүгерінің -15,5-13,5 проценттен аспауы керек. Астық құйылар алдында қоймалар тазартылып, дезинфекцияланады. Қоймаға зиянкестердің түспеуін де қадағалап тұру керек, егер пайда болса, оларды жою үшін шұғыл түрде қойманы газбен дезинфекциялайды. Бұл үшін әртүрлі аэрозоль аппараттары қолданылады.
Бақылау сұрақтар:
1.Өнiм жинау
2. Өнім жинайтын машиналар мен құралдар.
Лекция 19. Арам шөптер, олардың биологиялық ерекшелiктерi, негiзгi өкiлдерi
Арам шөптер түралы түсiнiк, олардың келтiретiн зияны
Биологиялық ерекшеліктері
Арам шөптер классификациясы
Жыртылған егістік жерлерде өсіп, ауылшаруашылық дақылдарына зиян келтіретін өсімдіктерді арамшөптер деп атайды. Кейбір арамшөптер ауыл шаруашылық дақылдарының өсу жағдайына бейімделеді, бұларсыз тіршілік ете алмайды, тіпті олардың даму циклдері, тұқым көлемі де мәдени өсімдіктермен бірдей болады. Мысалы, күздік қара бидайдың ішіндегі қара арпабасы, күріштың күрмек дәні. Оларды мамандандырылған арамшөптер деп атайды.
Арамшөптер ауыл-шаруашылық өндірісіне орасан зиян келтіреді:
1. Олар ылғалды көп жұмсайды. Мысалы, бидайдың транспирациялық коэффициенты -400, тарының-250 болса, ал қара сұлы арамшөбінің ТК-600.
Академик Мальцевтің деректері бойынша жылдық жауын-шашын мөлшерінің 20 процентінен астамы арамшөптердің өсуіне жұмсалады. Сондықтан арамшөптермен күрес – ылғал үшін күрес.
2. Қоректік заттарды көп пайдаланады. Арамшөптер мәдени өсімдіктерге қарағанда жылма-жыл топырақтан қоректік заттарды әлдекайда көп пайдаланады. Соның салдарынан топырақтың құнарлылығы төмендейді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың көпшілігін пайдаланады. Чесалиннің мәлеметі бойынша 30-35 % кемиды.
3. Жарық үшін күрес. Жоғарғы яруста өсетін арамшөптер мәдени өсімдіктерді көленкелеп фотосинтез процесін баяулатады, өнімін азайтады. (Костычев бойынша 30% дейін).
4. Арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестері мен ауруларының тіршілік ететін орны болып табылады.
5. Ұлы болуі мүмкін (қара мендуана), иіс шығарады, дәмін бұзады. Ашы жусанға жайылған малдың сүтіне кермек дәм болады.
6. Тамыр сабақтары топырақта өндегенде қолайсыз жағдайлар туғызады. Жабысып машиналарға, құралдарға, сондықтан топырақты өндегенде жанармай көп кетеді.
7. Тікендері (ошаған, қара сұлы) малға жабысып жүннің сапасын төмендетеді.
Арамшөптер тек егіс алқабында ғана емес, сонымен қатар жайылымдықтар мен шабындықтарда да кездеседі. Бұл жерлерде арамшөптерге улы, мал жеуге жарамайтын өсімдіктер жатады.
Егер егістіктегі дақылдардың арасында басқа дақылдар кездессе, онда оларды арамшөп қоспасы деп атайды. Мысалы, бидай егісінің ішіндегі өскен арпа, сұлы, тары және басқа дақылдар арамшөптер қоспасы болып табылады.
Арамшөптер тек ғана өнімнің мөлшерін ғана емес, сонымен қатар олардың сапасын да төмендетеді.
Мәдени өсімдіктер мен арамшөптердің арасында үнемі жарық үшін күрес жүреді. Арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестері мен ауруларының тіршілік ететін және олардың тарайтын орны болып табылады.
2. Арам шоптер:
1. Өте өсімтал;
2. Тұқымдары тез таралады (жел арқылы, су арқылы, көлік, адамдар, қустар, көң арқылы);
3. Бір мезгілде шығып көктемейді;
4. Тұқымы ұзақ жатса да өну қабілетін сақтайды -20 жыл, кейде 40-50 жыл (дала шырмауығы);
5. Ыстыққа, суыққа төзімді (-10,-11 оС);
6. Вегетативтік өсу-өнуі жылдам; мыңдаған бұршіктері болады.
3. Арам шөптер классификациясы
Біздің республикамызда 300 –ге жуық арамшөп түрлері кездеседі. Бұлардың ішінде 120 түрлі паразиттік арамшөпті, оның ішінде 36 түрлі арам сояуды, 80 түрлі сұңғыланы кездестіруге болады. Мұнымен қатар 220 түрлі жартылай паразиттік арамшөптер өседі. Арамшөптер осындай көп түрлі болғандықтан, оларды жіктеу қажет.
Жіктеу негізінде мына белгілер алынған:
Өсімдіктердің қоректену әдісі
Өмір сүру ұзақтығы
Көбею тәсілі
1. Қоректену жағынан 3 топқа бөлінеді: паразиттік, жартылай паразиттік, паразиттік емес немесе жасыл
Паразиттік арамшөптер басқа мәдени өсімдіктер арқылы қоректененіп. өмір сүретін өсімдіктер. Бұлар фотосинтез процесін жүргізуге бейімделеді жойылған, жапырағы жетілмеген. Сору арқылы өмір сүреді. Олар екі топқа бөлінеді а) сабақтық паразит (арам сояудың барлығы) б) тамырлық паразит (сұнғыланың барлығы).
Ең көп тараған паразиттік емес арамшөптер. Олар органикалық заттарды өздері дайындайды, су, минералдық заттарды тамыр арқылы сіңіреді. Олар екі топқа бөлінеді а)аз жылдық арамшөптер б) көп жылдық арамшөптер
Аз жылдық арам шөптер –екі жылдан артық өмір сүрмейді. 1 рет тұқым беретін өсімдіктер. Олар тұқым арқылы көбееді. Олар 5 топқа бөлінеді:
Эфемерлер (жұлдызшөп -45-60 күн өмір сүреді);
Жаздық арамшөптер (қара сұлы, алабота, жұсан);
Қыстап қалатын арамшөптер (ярутка, жұмыршақ т.б);
Күздік арамшөптер (күздік бидай арпасы);
Екі жылдық арамшөптер (ақ түйе жоңышқа, сары түйе жоңышқа, меңдуана)
Көп жылдық арамшөптер: 1) кіндік тамырлы (кәдімгі жусан, бақ-бақ, цикорий, қазтабан); 2) шашақ тамырлы-тұқымнан өседі, жол жиетектерінде (үлкен бақа жапырақ, күйдіргі сарғалтақ); 3) Бадана және түйнек тамырлы арамшөптер. Олар вегетативтік көбееді; 4) Өрмелегіш тамырлы арамшөптер (өрмелегіш сарғалтақ, қазтабан, шырмауық бударасы);
5) Тамырлы-сабақты арамшөптер. Ең зиянды. Олар жер асты тамыр сабағымен көбееді (бидайық, жауқияқ, кәдімгі қамыс, ажырық, құмай, дала қырықбуыны т.б(.
Бақылау сұрақтар:
Арам шөптер туралы түсінік.
. Арам шөптердің биологиялық ерекшеліктері
Арам шөптер классификациясы.
Олардың келтіретін зияны.
Лекция 20. Арам шөппен күресу жолдары
Жоспар:
Арамшөптермен кұресу жолдары
Арам шөптерге қарсы алдын ала жүргізілетін сақтандыру шаралары
Механикалық әдіс
Химиялық әдіс
1. Арамшөптермен кұресу жолдары:
Арам шөптерге қарсы алдын ала жүргізілетін сақтандыру шаралары
Арамшөптерді агротехникалық және химиялық әдістер арқылы жою
Арамшөптерді биологиялық әдіс арқылы жою
Арамшөптерді интегриялық әдіспен жою
Алдын ала жүргізілетін сақтандыру шараларының басты мақсаты-арам шөптердің тұқымдары мен вегетативтік көбею органдарының таралу жолдарына тосқауыл қою.
Бұл үшін арам шөптердің тұқымдары мен вегетативтік көбею органдарының егістікке қандай жолдармен келіп түсетінің анықтап, соған қарсы шаралар жүргізу керек. Кейбір арам шөптердің тұқымдары желмен ұшып келеді. Сондықтан да оларды гүлдегенше жою керек.
Кейбір аса қаупты арам шөптерге қарсы мемлекет көлемінде карантиндік шаралар жүзеге асырылуы керек.
Қазіргі кезде біздің елімізде екі түрлі –сыртқы және ішкі карантин бар.
2. Арам шөптерді агротехникалық шаралар арқылы жою. Арам шөптерді, олардың топырақтағы тұқымдары мен вегетативтік көбею органдарын жою механикалық және химиялық әдіспен жүзеге асырылады.
Механикалық әдіс. Бірінщіден, өсіп шыққан арам шөптерді әр түрлі топырақ өңдегіш машиналар мен құралдарды қолдана отырып, механикалық түрде жояды. Екіншіден, механикалық әдіс ауыл шаруашылық дақылдарынан босаған танаптағы арам шөптердің тұқымын жоюға бағытталады. Ол үшін топырақтағы арам шөптердің тұқымдары өніп-өсуы үшін қолайлы жағдай жасаланады.
Содан кейін өніп шыққан арам шөптің буыны қатпай тұрып, түрлі топырақ өңдейтін құралдармен құртады. Бұл әдісті арам шөпті арандату деп атайды.
Механикалық әдіспен арам шөптердің тұқымдарын жоюдың екінші жолы-жерді аудара жырту арқылы оларды топырақтың терең қабатына сіңіру.
Арам шөптердің вегетативтік көбею органдарын механикалық түрде жоюда мынадай тәсілдер қолданылады: атпа тамырларды әлсірету әдісі, көген тамырларды тұншықтыру әдісі, көген тамырларды кептіру, көген тамырларды үсіту әдісі (қысы қатты, қары аз аймақтарда қолданылады).
3. Арам шөптермен химиялық шаралар арқылы күресу-гербицидтердің көмегімен жойылады. Осы күні арам шөптерге қарсы қолданылатын гербициттердің түрлері көп. Олар: жаппай әсерлі және талғамды әсерлі болып екі топқа бөлінеді.
Жаппай әсерлі гербициттер барлық өсімдіктерді жояды. Оларға натрийдің үш хлорацетаты, тордон 22К, далопон және т.б. жатады.
Талғамды әсерлі гербициттер тек арам шөптерді ғана жойып, мәдени өсімдіктерге зиян етпейді. Оларға 2,4 –Д, 2М-4Х, атразин, симазин, пирамин т.б. жатады.
Бақылау сұрақтар:
1.Арам шөптермен кұресу жолдары
2.Арам шөптерге алдыын ала жүргізілетін сақтандыру шаралары.
3.Механикалық әдіс.
4.Химиялық әдіс.
