Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
айгерим.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

1.2.Арал өңірі халқының денсаулығы және оны әлеуметтік қорғау

Арал өңiрi халқының ауруға шалдығу деңгейi 1992 жылдан бастап ұлғайды және 2002 жылы орташа республикалық көрсеткiштен асып түсті. 2002 жылы Қызылорда облысында ауруға шалдығу 100 мың адамға шаққанда 71 538-дi құрады, орташа республикалық мәндегі бұл көрсеткiш 57 518-дi құрайды. 1992 жылмен салыстырғанда ауруға шалдығу 100 мың адамға шаққанда 1,6 есеге, Арал және Қазалы аудандары бойынша шамамен 2 есеге өсті. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында халықтың ауруға шалдығуы 1992 жылы 100 мың адамға шаққанда 18231-ден 2002 жылы 59145-ке дейiн, яғни 3,2 есеге өсті. Республика бойынша тұтастай алғанда 1992-2002 жылдар аралығында халықтың ауруға шалдығу көрсеткiшiнiң өсу үрдiсi жоқ. Қарастырылып отырған өңiрлердегi ауруға шалдығудың өсуi азаматтардың медициналық жәрдемге жүгiнуiмен және қызмет көрсету сапасының жақсаруымен, оның шынайы өсуiмен де түсiндiрiледi. Өңiр бойынша туберкулезбен ауыру жоғары, бұл көрсеткiш 2002 жылы 100 мың адамға шаққанда республика бойынша 165-тi құраса, Қызылорда облысы бойынша ‒ 292-нi, Ақтөбе облысы бойынша ‒ 259-ды құрады. Туберкулезбен ауыратындардың көпшiлiгі Қызылорда қаласында байқалады ‒ 100 мың адам санына ‒ 373, Қызылорда облысының Арал ауданында ‒ 360, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 100 мың адамға 320-дан келедi.

Вирусты гепатит бойынша ахуал шиеленiскен жағдайда қалып отыр, бұл Арал өңiрiнiң жекелеген өңiрлерiндегi ауыз су сапасының нашарлығының куәсi.

Бала туу деңгейi жоғары болғанмен, ұрпақ әкелетiн жастағы әйелдер мен балалар арасында ауруға шалдығушылықтың жоғары деңгейi сақталып отыр. Әйелдер денсаулығының индексi төмен. Экстрагениталдық патология деңгейi жоғары. Жүктi әйелдер қан аздықтан, бүйрек патологиясынан, ұрпақ әкелу органдарының қабынуынан зардап шегуде. Нәресте өлiмiнiң көрсеткiшi жоғары.

Тұтастай алғанда, Арал өңiрi аудандарында соңғы жылдар iшiндегi халықтың жалпы өлiм-жiтiмi орташа республикалық көрсеткiштен төмен, 1000 адамға орташа 7-8 оқиғаны құрайды.

Тұтастай Арал өңiрi бойынша халықтың тұрмыс деңгейi тұтастай ел бойынша тұрмыс деңгейiне қарағанда төмен. Халықтың күнкөрiс минимумынан төмен кiрiсi бар үлесi Қызылорда облысы бойынша 2000 жылы 51,6%-ды, 2001 жылы 39,5%-ды, 2002 жылы 32,3%-ды құрады, бұл көрсеткiш республика бойынша‒тиiсiнше 31,8, 28,4 және 24,2%. Бұл облыста еңбекақы деңгейi бойынша да артта қалу байқалады. 2002 жылы облыс бойынша бұл 17,0 мың теңге, оның iшiнде Арал ауданы бойынша‒13,7 және Қазалы ауданы бойынша‒15,6 мың теңгенi құрады, ал көрсетiлген жылы республика бойынша орташа еңбекақы 20,0 мың теңгеден артық болды.

Арал өңiрiндегi жұмыссыздық деңгейi тұтастай республика бойынша жұмыссыздық деңгейiнен әдеттегідей жоғары. Арал өңiрiнiң төңiрегiндегi өңiрлер бөлінiсiнде жұмыссыздықтың неғұрлым жоғары деңгейi Қызылорда облысында байқалады. Егер тұтастай республика бойынша 2000 жылы жұмыссыздық деңгейi 12,8%-ды, 2001 жылы‒10,4%-ды, 2002 жылы‒9,3%-ды құраған болса, ал Қызылорда облысында тиiсiнше‒14,5, 12,6 және 12,5%-ды құрайды.

Сонымен бiрге, талдау Арал өңiрiне жататын аудандардағы жұмыссыздық деңгейiн сипаттайтын көрсеткiштер Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орташа облыстық көрсеткiштерден төмен екендiгiн растайды. Соңғы он жыл iшiнде өңiрден халықтың тұрақты көшуi байқалуда. Мәселен, 1993 жылдан бастап 2002 жыл аралығында Қызылорда облысынан 117,1 мың адам көшiп кеткен және көрсетiлген кезең iшiнде көшi-қонның терiс сальдосы 56,1 мың адамды құрады, оның iшiнде Арал және Қазалы аудандарына 15,1 мың адам келедi.

Ақтөбе облысының Арал өңiрi аймағына жататын аудандарында 1999 жылдан бастап 2003 жылғы 1 қазан аралығындағы кезеңде көшi-қонның терiс сальдосы 9,6 мың адамды, оның iшiнде Шалқар ауданынан 2,5 мың адамды құрады.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 1992-2002 жылдары көшi-қонның терiс сальдосы 9,8 мың адамды құрады, бұл ретте 2002 жыл iшiнде аудан халқының саны барлығы 17,3 мың адамды құрады.

Осы өңiрлердiң халқын әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

1992-1998 жылдар аралығында халыққа заттай жеңiлдiктер бюджеттегi қаражатқа байланысты берiлдi. Бұл жеңiлдiктердi ауылдан гөрi қала халқы көп пайдаланғанын айта кеткен жөн.

1996 жылы "Арал өңiрiндегі экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экологиялық қасiрет себебiнен мүгедек болған адамдарға және асыраушысынан айрылған отбасыларға шеккен зияны үшiн өтемақы төлеу толық жүзеге асырылды.

1999 жылғы сәуiрде "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, осыған орай бұрынғы заттай жеңiлдiктер ай сайынғы арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төлеумен ауыстырылды. Мұндай саясат тек бюджет қаражатын ұтымды жұмсауға, бюджеттiң атқарылуын бақылауға ғанa емес, сонымен бiрге арнаулы әлеуметтік көмек беруге қол жеткiзуге, елiмiздiң бұрын жеңiлдiктердi пайдаланған барлық азаматтарының мемлекеттік әлеуметтiк көмекпен қамтамасыз етiлуге бiрдей қол жеткiзуiне мүмкiндiк бердi.

"Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Арал өңiрi аумағында тұратын адамдарға 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн заттай жеңiлдiк беру тоқтатылды.

1999 жылғы сәуiрден 2004 жылғы 1 қаңтар аралығындағы кезеңде Қызылорда облысының әлеуметтiк жағынан қорғалатын санат қатарындағы тұрғындарына республикалық бюджеттен 4057,3 млн.теңге сомасында арнайы мемлекеттiк жәрдемақы төлеу жүзеге асырылды.

2002 жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек пен тегін медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн көрсетуге мақсатты трансферттер бөлiнiп келедi. Осы мақсаттарға 2002-2003 жылдары Ақтөбе және Қызылорда облыстарының бюджеттерiне 908,9 млн.теңге сомасында мақсатты трансферттер бөлiндi. 2004 жылға арналған республикалық бюджетте:

Қызылорда облысының бюджетiне тегiн медициналық көмектің кепiлдендiрiлген көлемiн көрсету үшiн 122,3 млн.теңге мөлшерiнде, Арал және Қазалы аудандарының халқына мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн‒156,8 млн.теңге;

Ақтөбе облысының бюджетiне тегін медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн көрсету үшiн‒17,1 млн.теңге мөлшерiнде, Шалқар ауданының халқына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшiн‒43,2 млн.теңге мақсатты трансферттер көзделдi.

Тұрғын үй заңнамасына сәйкес коммуналдық қызмет көрсету жөнiндегi жеңiлдiктер халықтың әлеуметтiк осал топтарының тұрғын үйiн ұстауға арналған тұрғын үй көмегi түрiнде берiледi.

2003 жылы республикалық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке Қызылорда, Ақтөбе облыстарына жергiлiктi бюджетте көзделген қаражатқа қосымша жалпы сомасы 344,4 млн.теңге мақсатты трансферттер бөлiндi.

Экологиялық қасiрет аймақтарында тұрған адамдар:

  • жасы 55-ке келген және көрсетiлген аймақтағы жалпы жұмыс өтiлi 25 жыл болған ерлер;

  • жасы 50-ге келген және көрсетiлген аймақтағы жалпы жұмыс өтiлi 20 жыл болған әйелдер 1996 жылғы 16 маусымға дейiн жасы бойынша зейнетке жеңiлдiк шарттарымен шығуға құқығы болды ("Қазақ ССР-iнiң азаматтарын пенсиямен қамтамасыз ету туралы" Қазақ ССР-iнiң 1991 жылғы 17 маусымдағы Заңының 13-бабы).

"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 маусымдағы Заңының 8-тармағына сәйкес "Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағына өзгерiстер енгізiлдi, оларға сәйкес экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтарында тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтардың экологиялық қолайсыз жағдайларда тұрып жатқаны үшiн мынадай аймақтар бойынша коэффициент қолданыла отырып зейнетақы алуға құқығы бар:

  • экологиялық апат‒1,5;

  • экологиялық дағдарыс‒1,3.

"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтардың зейнетақы мөлшерiн сақтауға кепiлдiк бередi, сондықтан қазiргi уақытта жоғарыда аталған коэффициенттер мен көтермелер зейнетақы мөлшерiне кiредi.

"Арал өңiрiнiң экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес экологиялық қасiрет аймағында тұратын халыққа экологиялық жағынан қолайсыз жағдайда тұрғаны үшiн:

  • экологиялық апат аймағы бойынша ‒ 1,5;

  • экологиялық дағдарыс аймағы бойынша ‒ 1,3;

  • жағдайы экологиялық дағдарыс алдындағы аймақ бойынша ‒ 1,2 коэффициентi түрiнде қосымша еңбекақы белгiленген.

Көрсетiлген коэффициенттер жұмыскердiң лауазымдық жалақысына (тарифтiк ставкаға) есептеледi. Осылайша, көрсетiлген заң кесiмi қолданысқа енген сәттен бастап осы уақытқа дейiн экологиялық қасiрет аймағында тұратын жұмыс iстейтiн халық белгiленген коэффициенттер ескерiлген еңбекақы алуда. Бұдан басқа, осы Заңның 13-бабына сәйкес:

  • экологиялық апат аймағы бойынша‒12;

  • экологиялық дағдарыс аймағы бойынша‒9;

  • жағдайы экологиялық дағдарыс алдындағы аймақ бойынша‒7 күнтiзбелiк күн жыл сайын ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.

Еңбек демалысын берумен бiрге жыл сайын сауықтыруға арналған айлық тарифтік ставка немесе лауазымдық жалақы мөлшерiнде материалдық көмек көрсетiледi.

Арал өңiрi халқының тұрмыс деңгейiн жақсартуға бағытталған қабылданған шаралар нәтижесiнде ел бойынша тұтастай алғандағыдай халықтың орташа жан басына шаққандағы табысы өсуде. Бұл туралы мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек алушылар санының азаюы куәландырады. Егер алушылар саны 2002 жылы Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар, Темiр, Шалқар, Ырғыз аудандарында ‒ 41,7 мың адамды, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ‒ 2,6 мың адамды, Қызылорда облысында ‒ 130,6 мың адамды, Оңтүстiк Қазақстан облысының Арыс, Отырар, Созақ, Шардара аудандарында‒24,3 мың адамды құраса, ал 2003 жылғы 1 қарашада тиiсiнше 20,5, 1,7, 67,3, 14,7 мың адамды құрады.

Арал өңiрi аумағында тұратын азаматтар, сондай-ақ бала тууға байланысты бiр жолғы төлемдер, коэффициент қолданылатын шәкіртақылар, жыл сайын қосымша төленетiн демалыс алу құқығын пайдаланады.

Бұл ретте, әлеуметтік көмек түрлерiн төлеу халықтың сапалы тыныс-тiршілігін қалыптастырудағы негізгі факторлар болып табылатын флора мен фаунаның биологиялық саналуандығының қысқаруы, халықтың сапалы ауыз сумен қанағаттанғысыз қамтылуы, жайылымдар мен егiстік жерлердiң тозуы сияқты проблемаларды шешуге әсер етпейдi.