Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әнет баба шежіресі.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
231 Кб
Скачать
☆

Әнет баба әңгімелері

Шебер шешім, көркем сөздерімен халық арасында шешен атанған Қазыбек би жыл сайын қасына жолдас- жораларын ертіп, өзінің даналық, тапқырлық сөзімен мәлім Әнет бабаға сәлем беріп, кәрі құлақты қариядан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, тағлым алады екен.

Бірде сол әдетімен Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан әжептәуір қартайып қалса да, сыр біддірмейді, Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтертеді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып әңгіме-дүкен құрады.

Ертеңіне Қазыбек жол жүруге қам жасап, сапар алдында Әнет бабаға бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті. Бірақ Әнет баба:

  • Қазыбекжан-ай, жасы келіп картайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың? — деп ештеңе айтқысы келмейді. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз ақылын тындамай еш жаққа кетпейтінін білдіреді. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннің бұл қылығына күле қарап:

  • Болмадың ғой, айтайын, — деп сәл ойланып, — “әкім” деген сөзді жадында сақта, — депті. Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын білдіріп жора-жолдасын қасына ертіп еліне қайтады. Ол жол-жөнекей өзімен еріп келе жатқан нөкерлерінен:

  • Әнет бабаның қандай өсиет айтқаным ұқтындар ма? дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті.

  • “Ә” — дегені — әділ бол,

  • “К” — дегені күншіл болма, көпшіл бол,

  • “I” — дегені — ілтипатты бол,

  • “М” — дегені менмен болма, мейірман бол,— дегені.

Сөйтіп Әнет бабаның сол өсиеті ел арасына кең тарап,

ұрпақтан-ұрпақка мұра болып қалыпты.

* * *

Алдына сәлем бере және елді ынтымақтастыру жөнінде келген Төлеге Әнет баба садақтың алты оғын біртіндеп сындырып екі бүктеп он екі шыбық етіп ортасынан буып:

  • Міне, енді сындырып көрші, — дейді. Төле бірден бір буда шыбықты қалай сындырсын. Шыбықтарды Әнет бабаға қайтарып:

  • Айып етпеңіз, бұл жұмбағыңызды түсінбедім, Әнет баба, депті. Сонда Әнет баба мынадай өсиет айтыпты:

      • Төлежан, ешқашанда өзімшіл болма, көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тындасаң, көп те сенің айтқаныңды орындайды. Көп болсаңдар, сендердің белдерінді де ешкім сындыра алмайды. Ал әрқайсың жеке-дара болып ынтымақтарың жараспайтын болса, мына жеке шыбықтарды

сындырған секілді әркім-ақ бірліктеріңді бұзып, берекелерінді кетіреді.

(Караңыз: Ел аузынан. А. , Жазушы, 1985. 16-17-б).

Әнет бабадан қазыбектің ақыл сұрауы

Тобықты Әнет баба оқымысты болыпты. Сол кісі Бұхарадан оқып он екі ғылым бітіріп келді деп, арғынның биі Қазыбек естіп, жастау кезінде бабаңнан қазақтың ескі жолын әрі шариғат жөнін үйренейін деп көшіп келіп, бір жаздай бірге отырыпты. Күз еліне қайтарда Қазыбек бабаңа қош айтыса келіп, мына сөзді сұрапты.

  • Баба дүниені не бұзады? Адамшылық арды не бұзады? Күнә неден шығады?

Сонда бабаң ойланып отырып былай жауап қайтарыпты:

  • Шырағым, араб тілінде “хакім” — қазақ тілінде “акм” деген сөз бар. Соны екі рет айтсаң, екі “а”, екі “к”, екі “м” алты әріп болады. Осы алты әріп алты ауыз сөздің басқы әрпі: “әйел”, “алтын”, “кек”, “кесір”, “мақтан”, “мансап”. Сенің сұраған сөзіңнің түбі “акм” деген сол бір- ақ сөз. Осы сөзді жаттап ал, балам. Адам осы алтауына қызығып дүниені де бүзады, ар мен адамшылықтан да азады, күнә да істейді.

(Қараңыз: Тозған қазды топтанған карға жейді (Құраст. Б. Адамбаев). А. , Рауан., 1991 ж. 35-б. ).

ӘНЕТ БАБА Кішікұлы (1626-1723) — орта жүз биі. Тобықты руынан. Бұхар медресесінде оқып, ғұлама атанған. Түркістанда хаңдық құрған Әз-Тәукенің кеңесші биі болған, әдет заңы “ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫ” жасатқан. Әнет баба — қазақ хандығын нығайтуда, қалмақ-жоңғар шапқыншыларынан елін қорғауда ақылшы мәмлегерлігімен халық сеніміне ие болып, “Әнет баба” атанған.

(Қазақ Совет энциклопедиясы. А. , 1973 ж. 2 том. 42 - бет).

МҮРСЕЙІТ (Нүрсейіт) Бікеұлы (1860-1917) — Абай өлеңдерін кағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге орасан зор еңбек сіңірген кісі.

Мүрсейіттің 7-ші атасы — Әнет баба. Әнет — Абайдың 7-ші атасы Әйтекпен бір туыс. Әнеттің бір ұлы — Байболат. Байболаттан — Бақай. Бақайдан — Тоққожа. Тоққожадан

  • Көбікен. Көбікеннен — Біке. Бікеден — Мүрсейіт. Орыс мектебінде 4 жыл, содан соң Бұхарда оқып, білім алған...

(“Абай” энциклопедиясы. А. , 1995 ж. 422-бет).

ІІІ-бөлім

ЕЛБАСЫНАН – ЕЛБАЛАСЫНА ШЕЙІН

БЕРЕКЕ БАСЫ — БІРЛІК

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың XVI11 ғасырдың аса ipi мемлекет кайраткерлері Төле биді, Казыбек биді және Әйтеке биді еске алуға арналған Ордабасыда 1993 жыл 28 мамырда болған салтанатта сөйлеген сөзінен.

Бүгін біздің бәрімізді осынау қасиетті биіктің баеына бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкеліп отыр. Өскісі, өркендегісі келетін елдердің қай-қайсысы да кадым замандардан бергі тарихын айрықша қастерлеп, ондағы дара тұлғаларды, ел болып еңсе көтерулеріне ерекше еңбек еткен асыл азаматтарын айрықша ардақ тұтатынын жақсы білеміз. Шүкір, біздің тарихымызда да елім деп еңіреп өткен ерлер, халық қамын жеген қайраткерлер аз болмаған.

Дешті Қыпшақты билеп тұрған Шәйбан тұқымымен ат құйрығын кесісіп, қол астындағы ұлыстарын Шу бойына алып келіп, Қазақ деген ел еткен Керей мен Жәнібектің орны бөлек. Бұрын бір-бірінс тәуелсіз үш мемлекеттік құрамында жүрген көшпелі тайпалардың, үш жүз аталып, жаңа саяси одаққа бірігуін тиянақтап берген Ақназар ханның аты алты алашқа мәлім. Өз тұсында жаңа бой көтерген елдің есесін ешкімге жібермей, бір жорықта екі жүз мың кісіні атқан қондыра алған, өзінен кейін қасқа жол қалдырған Қасым ханның да аты ерекше. Мықты білегімен де, түкті жүрегімен де айбынды атқа ие бола білген Еңсегей бойлы ер Есім мен Салқам Жәңгір де ел есінен мәңгілік орын алды. Есімнің немересі, Жәңгірдің бел баласы Тәуке хандық құрған XVII ғасырдың аяғы мсн XVIII ғасырдың басы — қазақ елінің абыройы асып, көсегесі кегерген ерекше бір кезеңі болды. Бұл жайында белгілі тарихшы А. И. Левшин былай деп жазыпты: "Тәукенің атын атасақ-ақ бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты — сол адам. Тәуке алауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудын арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне

мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әлуетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубесіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты”.

Тәуке Қазақ хандығын бір орталықтан басқарудың нақты тетігін тапты, жыл сайын атақты Мәртөбеде үш жүздің игі жақсыларының басын қосып, ел өмірінің келелі мәселелерін талқылады.

Казақ қоғамына осындай біртұтастық дарытып, ынтымақ орнықтырған ежелгі ереже-қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп-низамының, салт-дәстүрінің жүйелі жиынтығы — атақты “Жеті жарғы” еді. “Жеті жарғы” — дана бабаларымыздың “Қасымханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” деп аталатын мемлекет баскару мен халық билеудің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тірлігіне, қоғамдық әлеуметтік ахуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап, жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасы еді.

Әрине, тарихтың талай соқталаңын бастан кешкен дала жұртының қабырғалы халық, іргелі ел болып кете қоюы оңай шаруа емес еді. Ол екі тізгін, бір шылбырдың көреген көкірек, қайратты қолға тигеннің арқасы еді. Ел мсн ер, тәуекел мен парасат бірге қимылдап, бірлесе қайрат көрсеткеннің арқасы еді. Ендеше сол бір жан-жақтан жау анталап, іргеден қиқу кетпей тұрған тұста күллі ұлтты түгел ұйытып, ұйымшылдыққа бастаған рухани ізденіске мұрындық болғандар кімдер еді?

Сондай даналардың ішінде дәуірдің үш кемеңгері деп танылған Әлібекұлы Төле бидің, Келдібекұлы Кдзыбек бидің, Бәйбекұлы Әйтеке бидің орны бөлек Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жатгаған осы үш бабамыздың ел алдындағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөзжеткізіп баға беру қиын-ақ. Халық болып сақталғанымыз, міне бүгін егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тігіп отырғанымыз, тіпті басқасым былай койғанда, ата-баба жерінде басымыз аман, бауырымыз бүгін жүріп жатқанымыз үшін бүгінгі ұрпақ осы аталарымыздың аруағының алдында бас иеді.

Үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді

шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндегі айтар әңгіме аз емес. Олардың аузынан шыққан бітімді бата, кесімді баға, ордалы ой, бейнелі теңеу, төрт аяғы тең жорга толғаулар ғасырдан-ғасырға жұрт жадында жатталып, бүгінгі күнге жетті, Осынау асыл мұра — билер сөзі кім-кімді де тандандырмай, тамсандырмай қоймайды.

(Н. Назарбаев. Тәуелсіздігіміздің бес жылы. А., Қазақстан, 1996, 177-179-б. ).

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Қазақстанның халық жазушысы.

ӘЙТЕКЕ БИ

Қазақ ұлыстарын билеген хан-сұлтандар бір әулеттен тараған. Олардың арғы бабалары Шыңғысхан өз балаларына территория үлестіріп берген жоқ. Әскер үлестіріп берді. Сол әскерлердің жорыққа шығатын бағыттарын белгілеп берді. Сол бойынша әр баласы өзі жаулап алған аймақтарда өз ұлыстарын қалыптастырды. Ол ұлыстар да әрқилы кезеңде әрқилы саяси себептермен әртарапқа ыдырап, жаңаша саяси одақтар құрады. Қазақ хандығының, құралуы да сондай құбылысқа жатады. Оның құрамына кірген ұлыстардын да бәрі-бәрі жаңа одакқа оз жерлерімен, өз этникалық территорияларымен келіп қосылған жоқ, көбі көшіп келіп қосылді. Сондықтан да өздерінің жаңа мемлекеттік-саяси құрылымын жерге қарап емес, жолға қарап белгіледі. Бұл территорияларды біріктіру арқылы жаңа мемлекеттік Одақ құрудан әлдеқайда қиын мәселе еді. "Әуелден бір туған”, “әуелден еншісі бөлінбеген қазақ”, “арғы түбі — Алтайдан тарайтын алты алаш”, дейтін қисындар да содан шыққан. Үш тараптан келген үш ұлыстың басын қосу үшін әуелден бір туған деп жариялап, мемлекеттік құрылымды, қандастықты қуалайтын туыс қандық жүйеден негіздеуден басқа жол жоқ еді. Бұндай бірлік идеологиясының да негізін салушы Ақназар еді. Ол қазақты кейбіреулер айтып жүргендей, үш жүзге бөлген жоқ. Үш тарап үш ұлыстың ағалы-іңілі үш туысқан бастаған

Үш жүз деп жариялап, бастарын қайта косты. Кешпелі тұрмыс пен көшпелі экономика үшін ауадай қажет туысқандық психологияны соған негізделген этика мен моральды жаңа саяси одақтың негізгі идеологиялық арқауына айналдырды. Жаңа одаққа ортақ мекен болып отырған территорияның түпкілікті иелері — Моңғолстан қазақтарының жолын қадірлеп, Ұлы жүз атандырды. Жаңа одақтың алғашқы құрылымына негіз болған Ақ Орда қазақтарын Орта жүз санады. Жаңа Одақка кейін келіп қосылған Алтын Орда қазақтары Кіші жүз атанды. Сол арқылы Жаңа Одаққа біріккен саяси субъектілердің конституциялық арақатынасының этикалық принциптері белгіленді. Бұл алауыздықты емес, ағайынгершілікті, жікшілікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді.

Ол концепцияның шын мәніндегі далалық конституцияға “Жеті жарғыға” айиалғаны Тәуке ханның тұсы еді. Тәуке Ақназардан кейін бір ғасырдан астам бірге өмір сүре бастаған жаңа қауымның басындағы қасиеттер мен қайшылықтардың бәрін ескере отырып, мемлекеттік бірлікті нығайтуға септігі тиер моральдық үрдіс, саяси жүйе қалыптастырды. Күллі ұлттың бірлігін қалыптастыру үшін оны құрайтын үш ұлыстың ара-қатынасын әділет жолымен қайта жүйеледі. Әр ұлыстың ішкі бірлігін нығайту үшін оны құрайтын ру тайпалардың арақатынасын әлгі кағида тұрғысынан қайта саралап берді. Әркімнің қонысы, суы, көші-қоңы, қоғамдағы орны мен әлеуметтік сыбағасы, малының таңбасы мен дастархан басында ұстайтын жілігіне дейін нақтылай белгіленді. Ондай саяси-праволық жүйенің қаншалықты өміршең екендігі Тәуке тұсында көрінді. Ел ынтымағының ондай нығайған, ел дәулетінің ондай өскен тұсы біздің арғы-бергімізде болған емес. Тәукенің “конституциялық дәуірлеуін” жүзеге асыруда үш ұлыстың рухани көсемдері болған Төле, Қазыбек, Әйтекенің еңбектері аса жоғары болды. Олар тек ақыл білігімен емес, өздерінің мінез-құлқымен де өздері жүйелеген жол-жоралғыға лайық бола білді. Жасгарына карай емес, жолдарына қарап сөйлеп, қаракет етті. Төленің аға, Әйтекенің — іні болуы да сондықтан.

... Билік жолындағы күрес қай тұста да болған. Тізгін ұстағандар алысты екен деп, олардың қол астындағы халықтарды да алыстырып қоймайық. Әңгіме болып отырған кезенде жүз бен жүз, ру мен ру алысқан жоқ. Жұрт сұлтандардың шашбауын көтеруші болмай, оларды айтқандарына жүргізе білді. Әскери демократиялық қоғамда қару ұстай алар естияр еріккендіктер ел тағдырына байланысты мәселенің қай-қайсысын шешуге де тікелей ат салысатын. Олай болмаған күнде Төле де, Қазыбек те, Әйтеке де шықпас еді. Олай болмаған күнде Тәуке — Төле, Казыбек, Әйтекеге, Әбілқайыр — Жәнібек пен Бөгенбайға, Абылай — Қазыбек пен Бұқарға, Барақ — Шүрек пен Қабанбайға жүгінбес еді.

Расына келсек, қазіргі біз білетін алауыздық пен әкімшілік ол заманнан кейін, сол кезде қалыптасқан ел билеу жүйесі әдейі аяққа басылған заманда шықты. 1824 жылы хан билігі, 1868 жылы сұлтан билігі жойылды. Сол арқылы қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айрылды. Оған басқа топырақта калыптасқан бюрократтық билеу жүйесі күшпен телінді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың “партияшыл”, “топшыл” күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты. Сондай кикілжіңді тілге тиек ету үшін: “Анау ауылдан шыққандар шетінен сұңғыла, мынау ауылдан шыққан шетінен миғұла”, — деп, бірін-бірі көзге шұқитын әдет пайда болды. Көзі тірі жүргенімізді былай қойып, баяғыда сүйегі қурап қалған бабаларымызды әрі итеріп, бері жығатын болып бара жатырмыз. Бүгінгі ұсақтығымызды соларға теліп, адамды қойып, рулы елді жөргектен қағынған кып көрсетуге машықтана бастадық. Бір заманда бірдей әрекет қылғандардың біреуін ақтап, біреуін қаралау үрдіске айналды. Бүкіл елдің басына келген зауалды біреулердің басына тели салу, тарих берген талайды өзіміздей екінші біреуден көру етек жайды. Тіпті басқаны қойып, баршамыздың басымызға түсіп, баршамыз болып, әлі арылып болмаған отаршылдық зауалының өзін бір-біріміздің бетімізге шіркеу салу үшін тілге тиек ететіндер де табылмай қалып жатқан жоқ. Отаршылдық тек біздің ғана емес, адамзаттың басым көпшілігінің басына түскен тақсірет. Одан құтылу үшін бір-бірін әрі итеріп, бері жығатын әуре-сарсаң емес, ортақ мақсат жолындағы ынтымақ керек.

Ондай ынтымақ бір-бірімізден мін іздеу жолымен емес, әрқайсымыздың көкейкесті мүддемізді бірдей елеп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіндігі де сондықтан. Замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйреткендіктерінде.

Қалқымыздың Қаратау бойындағы қашанғы қара жұрты болып келе жатқан Шымкент қаласының ортасында Ордабасы деп аталатын алаң бар. Оған бір тараптан Төле би екінші тараптан Қазыбек би, үшінші тараптан Әйтеке би көшелері келіп тоғысады.

Үш сала — бір арна. Қай істе де, қай тұста да осыны ұмытпасақ, талай кемісіміз түзеліп, талай ортамыз толар еді-ау.

(Ә. Кекілбаев. Заманмен сұхбат. А., Жазушы, 1996.106- 107, 115-117 бб. ).

Мұхтар МАҒАУИН