- •1. «Қазіргі қазақ тілі морфологиясы» пәні бойынша бағдарлама
- •1.1. Оқытушы туралы мәлімет
- •2. Пән туралы мәлімет
- •3. «Қазіргі қазақ тілі морфологиясы» курсы бойынша жұмыс бағдарламасы
- •4. Негізгі әдебиеттер:
- •4.1 Қосымша әдебиеттер:
- •5. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және тапсыру кестесі
- •6. Пән бойынша дәрістердің конспектісі
- •8.Семинар (практикалық) сабақтардың жоспары
- •7. Пән бойынша электронды оқулықтар тізімі:
- •Пәнді оқыту жөніндегі әдістемелік нұсқаулар Практикалық (семинарлық, студиялық) сабақтарға әдістемелік нұсқаулар
- •1. Қарастырылатын мәселелер:
- •10. Студенттің өздік жұмысына (сөж) арналған материалдар
- •11. Реферат тақырыптары:
- •12. Баяндамалар, рефераттар, өздік жұмыстарды жазуда қойылатын техникалық талаптар
- •1. Бақылау жұмыстары мен өздік жұмыстарының сыртқы бетін толтыру үлгісі
- •4. «Қорытынды»
- •13. Электронды кітапхана – курс тақырыбы бойынша электрондық оқулықтар, сілтемелер электронды кітапхана сайтында. Ақпараттарды Интернеттен алады.
- •14. Оқытушылармен байланыс орнату құралдары (электронная почта, телеконференции(форум), чат)
- •Студенттер білімін тақырыптар бойынша тексеру сұрақтары Web-сайтта
- •16. Студенттің оқу жетістіктерін бақылау және бағалау материалдары (бақылау тапсырмалары, тесттік тапсырма, өзін-өзі даярлау сұрақтар тізімі, емтихандық билеттер және т.Б.)
5. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және тапсыру кестесі
№ |
Жұмыс түрі |
Тапсырманың мақсаты мен мазмұны |
Ұсынылатын әдебиеттер |
Орындау мерзімі және тапсыру уақыты |
Балл |
Бақылау түрі |
1 |
Реферат |
Тақырып бойынша негізгі баяндама |
Семинар тақырыбына байланысты |
1, 2, 3, 7, 11, 13, 14, 15-апта
|
100 |
Реферат және баяндама |
2 |
СӨЖ тапсырмаларын орындау /барлығы 15 тапсырма/ |
Талдау және танымдық қабілеттерін арттыру |
Семинар тақырыбына байланысты |
СӨЖ кестесі бойынша берілген уақыт шеңберінде |
100 |
Тапсырмалардың орындалуын, сұрақтарға жауап беру қабілетін тексеру |
3 |
Емтихан |
Білімді кешенді тексеру |
|
|
100 |
тест |
6. Пән бойынша дәрістердің конспектісі
1-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 1
Тақырыбы: Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар
Дәріс мазмұны:
Грамматика туралы түсінік. Морфология мен синтаксис саласының бір-бірімен байланыстылығы.
Грамматикалық мағына, грамматикалық форма, өзіндік белгілері мен ерекшеліктері.
Грамматикалық категория.
Негізгі әдебиеттер:
Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. Алматы: Санат, 2003.
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Өлке, 2010.
Исаев С. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Абзал-Ай баспасы, 2014.
Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Оқулық. Алматы, 2007.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Қосымша әдебиеттер:
Омарова С. Тілдік категория ұғымының сипаттамасы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2004, 86-92-б.б.
Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады. Тіл-тілдің грамматикалық құрылысында бір-бірімен ұқсас жалпы жақтарыда, бір-біріне ұқсамайтын жалқы ерекшеліктері де бола береді. Дегенмен, әр тілдің өз грамматикалық құрылысы болады. Әрбір тілдің грамматикалық құрылысындағы ерекшеліктері жалпы сол тілдің құрылымдық өзгешелігі, онң өзіне тән ерекше қасиеті болып саналады.
Әрбір грамматикалық құрылыстың негізгі таянышы – сөз я сөз тіркесі болады. грамматикалық құрылыс сөзге сүйенеді және сөз арқылы ғана көрініп отырады.
Тілдің грамматикалық құрылысын грамматика ғылымы зерттейді. Грамматика деген термин тіл ғылымында екі түрлі мағынада қолданылады: біріншіден, бұл термин тілдің грамматикалық құрылысы деген мағынада жұмсалады, мысалы, қазақ тілі грамматикасының мәселелері десек, одан қазақ тілінің грамматикалық құрылысының мәселелері дегенді түсінеміз; екіншіден, бұл термин тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін ғылым деген мағынада жұмсалады, мысалы, қазақ тілі грамматикасы десек, одан қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттейтін ғылым деген мағынаны түсінеміз.
Грамматика ғылымы, тілдің грамматикалық құрылысын зерттегенде, өзінің тексеретін объектісінің негізгі өзегі етіп сөзді және сөйлемді алады. Тексеру объектісінің осындай ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді.
Морфология – сөз және оның формалары туралы ілім. Сөйлеу дағдысында әр сөз сөйлем ішіндегі өзге сөздермен белгілі заң бойынша әр қилы қарым-қатынасқа түседі де, әлденеше қилы өзгерістерге ұшырап, әр алуан қызмет атқарады. Морфология осындай сөздерді жеке-жеке қарамай, жалпы сөз атаулыны алып, оларды белгілі-белгілі топтарға бөліп, сол топ-топтың әрқайсысына тән жалпы грамматикалық сыр-сипатын анықтайды. Соның арқасында сөздердің әр тобының өзіне лайық жалпы грамматикалық мағыналары, жалпы грамматикалық формалары айқындалады; сөз таптары ажыратылады; әр сөз табына тән категориялардың сыр-сипаттары ашылады. Осындай талдаулардың нәтижесінде сөздің жасалу, түрлену, өзгеру жүйелері, сөздің бөлшектенуі және олардың әрқайсысының грамматикалық мағыналары мен қызметтері анықталады.
Синтаксис – сөз тіркесі туралы, сөйлем туралы ғылым. Сөйлеу дағдысы бойынша сөздер өзара белгілі бір жүйе бойынша тіркеседі. Сол тіркестердің әр алуан қарым-қатынастарынан сөйлем құралады. Сөз тіркестерінің де, сөйлемдердің де өз жүйелері, өз заңдары болады. осы мәселелерді тексергенде, синтаксис жеке бір сөз тіркесін ғана я жеке бір сөйлемді ғана талдап, сол арқылы бүкіл сөз тіркесіне я бүкіл сөйлем атаулыға тән заңдарды анықтамайды, керісінше, жалпы сөз тіркестерін я сөйлем атаулыны, онан қала берді, олардығ белгілі түр-түрлерін алып топшылайды да, оларға тән жалпы заңдарды анықтайды.
Морфология сөзді, сөздің тиісті бөлшектерін, олардың мағыналары мен қызметтерін талдаса, синтаксис сөйлемді, сөйлем ішіндегі тиісті сөз тіркестерін я жеке сөздерді, олардың қарым-қатынастары мен грамматикалық сыр-сипаттарын талдайды. Грамматиканың бұл екі саласы екі сара болып жіктелгенімен де, олар іштей бір-бірімен тығыз байланысты.
Грамматиканың басты объектісі тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді.
Тілдегі әрбір сөздің нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағынасы – сөздің тым жалпы мағынасы. Мысалы: төрт, жеті, сегіз – жалпы бір санды білдіреді, ақ, көк, қызыл – жалпы түсті білдіреді, яғни сапалық сынның белгілері. Міне, бұлар нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар.
Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының мынадай айырмашылықтары бар:
сөздің лексикалық мағынасы түбір сөздер арқылы беріледі. Мысалы, қағаз, күн, ай, жүзік. Ал, грамматикалық мағына түрлі грамматикалық көрсеткіштер арқылы түбір сөзге үстеледі. Мысалы, қағаз+дар, күн+ді, ай+ға, жүзігім.
Грамматикалық мағына лексикалық мағынасыз өздігінен жеке тұрып қолданылмайды.
Грамматикалық мағынаны білдіретін тілде қалыптасқан арнайы тілдік бірліктер бар;
Лексикалық мағына нақты, шындық өмірге қатысты, ал грамматикалық мағына абстракты, дерексіз. Сондықтан лексикалық мағына жеке әр сөзге қатысты болса, грамматикалық мағына үлкен мағыналық топқа қатысты.
Сөйлемде қандай сөз болмасын бір лексикалық мағынада ғана қолданылады. Грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде бірнешеу бола береді.
Сөз сөйлемде де, сөйлемнен тыс, мысалы сөздікте де қолданылатын болса, грамматикалық мағына сөйлемде, мәтінде ғана қолданылады.
Сонымен, сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, оны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын грамматикалық мағына дейміз. Грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына, қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына – сөйлемдегі сөз атаулының құрамында үнемі болатын, басқа грамматикалық мағыналармен бірге жарыса, қабаттаса жүретін, қолданылу аясы кең мағына. Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды да, сөздерді таптастырудың морфологиялық принципіне негіз болады. Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау қажет.
Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып, жалпылануы арқылы іске асады. Екінші синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. 1) жалғау (көптік, септік, жіктік, тәуелдік); 2) нөлдік қосымша (біздің үй); 3) грамматикалық жұрнақ. (етістіктің болымсыздық мағынасы, шақтық мағынасы).
Үшінші – аналитикалық тәсіл. Оларға: 1) шылаулар (үйге дейін); 2) көмекші есімдер (ел іші, ғимараттың жаны); 3) көмекші етістіктер (келіп жүр, айта берді); 4) модаль сөздер (мүмкін, бәлкім, керек); 5) күшейткіш көмекшілер (өте жақсы, тым биік); 6) күшейткіш буындар (ұп-ұзын, қап-қара).
Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық амал-тәсілдер грамматикалық формалар деп аталады. Қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар (көптік, тәуелдік, септік,жіктік) және форма тудыратын жұрнақтар (сын есімнің шырай тұлғалары, етіс, есімше, рай, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, көсемше, шақ тұлғалар) жатады. Белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі я оның түрі арқылы беріліп отырады. Қандай грамматикалық мағына болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше, қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды да, грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайды. Мысалы: тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақты –ым, -ім, -м, 2-жақта анайы –ың, -ің, -ң, сыпайы –ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз, 3-жақта –сы, -сі, -ы, -і тұлғалары арқылы беріледі. Міне, осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады. Жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық амал-тәсілдер грамматикалық формалар деп аталады.
Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына беріліп отырады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан мүлде бөлек болады. Яғни әңгіме категориялық грамматикалық мағына жайында. Міне, сондай арнайы қосымша көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық мағына білдіруді нөлдік тұлға (форма) деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіші, формалық тұлғасы болғанмен, сыртқы түрі түбірмен сәйкес келсе де, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы грамматикалық мағына болады. Нөлдік форма – парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болып табылады, сондықтан сол түрлену жүйесінің синтаксистік сөз байланыстырушы қызметін толық атқаратын форма, бірақ осы мәндер мен қызметті тікелей көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға және осы қасиеттері арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы, әрі онымен бірлікте болып, бір бүтін құрайды. Грамматикалық мағынаның формасыз берілуі, оның бар болуы оның байланыс қызметінен көрініп отырады, яғни нөлдік форманы сақтайтын бірден-бір тілдік фактілер – оның сөз байланыстырушы қасиеті.
Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категориятікелей тілге, оның грамматикасына қатысты, грамматикалық құбылыстарға байланысты болатындықтан, ол, әрине, ең алдымен, сөйлемдегі сөздерге және сөз тіркестеріне тән жалпы грамматикалық мағынамен байланысты болады. Жалпы грамматикалық категориялар өз ішінен морфологиялық категориялар және синтаксистік категориялар болып екі салаға бөлінеді. Осыған орай, грамматиканың морфология атты тарауы морфологиялық категорияларды тексереді де, синтаксис атты тарауысинтаксистік категорияларды тексереді.
Морфологиялық категориялар деп жеке сөздердің өзгерілуі (түрленуі) арқылы туатын жалпы грамматикалық мағыналарды айтамыз. Сөйлемдегі сөздер өзара бір-бірімен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде әр түрлі морфологиялық өзгерістерге ұшырап та, оған ұшырамай-ақ әр түрлі синтаксистік тәсілдер арқылы да өзара байланысады. Осындай грамматикалық құбылыстардың арқасында сөз тұлғаларының түрленулеріне, тіркесу тәсілдерінің құбылуларына қарай, ол сөздерге әр түрлі грамматикалық мағыналар үстеліп, әр қилы грамматикалық қызмет атқару қабілеті пайда болады. Бірақ ол грамматикалық мағыналар мен грамматикалық формалар тек нақтылы бір ғана сөйлемдегі нақтылы бір сөздің ғана қасиеті ретінде емес, жалпылама сөйлем атаулыда қолданылатын барлық сөздердің де бойындағы жалпы қасиет ретінде көрініп отырады. Осы себептен де грамматикалық мағыналар мен грамматикалық формалар әрқашан тек жалпы грамматикалық құбылыс делініп есептеледі. Сонымен қатар, мұндай жалпы грамматикалық мағына мен жалпы грамматикалық форма тұтас бір грамматикалық құбылыстың әрі өзара бірі мен бірі тығыз байланысты екі жағы ретінде әрі сол екеуінің бірлігі ретінде қаралады. Міне, осындай біртұтас грамматикалық құбылыс әдетте грамматикалық категория деп есептеледі. Демек, тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады.
Грамматикалық категория деген ұғым, бір жағынан, әрі грамматикалық мағынамен байланысты, әрі екінші жағынан, олардың жалпы жиынтығынан күрделі де жүйелі болып келеді. Грамматикалық категория деген ұғымға грамматикалық мағыналар жиынтығының белгілі грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады. Демек, грамматикалық категория ұғымы негізінен алғанда кез келген грамматикалық мағынамен емес, оның категориялық грамматикалық мағына түрімен байланысты. Грамматикалық категория болудың алғы шарттары: 1) бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек; 2) ол мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды; 3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелдіктегі жақ сияқты, яғни 1-жақ 2-жаққа, я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа, 3-жаққа қайшы келуі; 4) сөйтіп барып, әрі тектес, әрі ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы; 5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және 6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұтастық сәйкестік бір жиынтық болуы. Міне, осындай талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады (сан категориясы, тәуелдік категориясы, жақ, шақ категориясы).
Грамматикалық категориялардың өресі мен өрісі біркелкі болмайды. Демек, кейбір категориялар тым жалпы, әрі өрісті, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тайыз, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тайыз, қарымы аз, тіпті жалқы да бола береді. Мысалы, тым жалпы категория деп сөз таптары категориясын, қосымшалар категориясын алсақ, олардың әрқайсысын іштей саралап, әлденеше ірілі-ұсақты жалқы категорияларға бөлуге болады. Айтайық, сөз таптары категориясын іштей жалпы ерекшеліктеріне қарай, әуелі есімдер категориясы, етістіктер категориясы, т.б. деп топтасақ, одан әрі есімдер категориясы зат есім категориясы, сын есім категориясы, сан есім категориясы деген сияқты жіктерге бөлумен тынбай, олардың әрқайсысын тағы да әрі қарай саралап отырамыз. Мысалы, есімдіктер категориясын жіктеу есімдігі, сілтеу есімдігі, сұрау есімдігі, топтау есімдігі, белгісіздік есімдік, болымсыздық есімдік деп, одан әрі бір ғана жіктеу есімдіктерін тағы да дараландырып, жақ категориясын анықтаймыз. Сол сияқты, қосымшалар категориясын әуелі жалғау категориясы және жұрнақ категориясы деп жіктеп, одан әрі жалғауларды көптік жалғау категориясы, тәуелдік жалғау категориясы, септік жалғау категориясы, жіктік жалғау категориясы деп бөлеміз. Жұрнақтарды әуелі сөз тудыратын және сөз түрлендіретін категорияларға, одан әрі іштей жеке сөз таптарына тели бөліп, олардың өзара жіктері мен сыр-сипаттарын ашамыз.
Грамматикалық категория сөздің негізгі (лексикалық) мағынасына тек жанамалай ілесіп қана я жарысып қана отырмайды, ол екеуі бірі мен бірі іштей ұласып, өзара бір-біріне ықпалдарын да тигізіп, тығыз қарым-қатынасқа түседі. Сол себептен бір сөздің бойына әлденеше грамматикалық категория сыя береді, демек, бір сөздің бойынан бірнеше категорияны табуға болады.
2-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 2
Тақырыбы: Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптары.
Дәріс мазмұны:
Сөзді таптастыру мәселесі.
Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптары.
Қазақ тіл білімінде сөз таптарының зерттелуі.
Негізгі әдебиеттер:
Әбуханов Ғ. Қазақ тілі. Алматы, 1960.
Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Қосымша әдебиеттер:
Тоқтарова Т. Сөздерді таптастыру теориясының негізін қалаушы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2007, 63-66-б.б.
Сөздер семантикалық сипаттарының, түрлену жүйесінің, синтаксистік қызметтерінің ортақтығына қарай топталады. Әдетте қазақ тіліндегі сөз топтары атаушы немесе мағыналы сөздер, көмекші сөздер болып, кейде оған үшінші топ – одағай сөздер қосылып жүр. Атаушы сөздер деп ақиқат өмірде ұшырасатын ұғымдарды я тікелей, я жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын, өздеріне тән толық материалдық мағыналары бар, қалыптасқан дыбыстық құрамдары мен белгілі дауыс екпіні бар дербес сөздерді айтамыз. Атаушы сөздердің өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар, ретіне қарай олардың үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатысқа түсе алатын дербес сөздер. Көмекші сөздер деп өз алдына тұрып жеке ұғымдарды тікелей д, жанай да білдіре алмайтын, тек атаушы сөздердің араларындағы әр қилы қатынастарды білдіру үшін я олардың мазмұнына әр түрлі дәрежеде айқындық, дәлдік қосу үшін жұмсалатын, мағыналық дербестігі я солғындаған, я жоғалған, дыбыстық құрамы да, екпіні де тұрақсыз жәрдемші сөздерді айтамыз. Көмекші сөздер мағыналық дербестігі болмайтындықтан, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады да, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды. Осыған сәйкес, олар түрленсін мейлі, түрленбесін мейлі, сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, тек атаушы сөз арқылы жасалған мүшенің құрамына енеді де, сол мүшелерді өзара жалғастыруға дәнекер болады. Одағай сөздер деп ешқандай да ақиқат ұғымдарды білдірмейтін, тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын сөздерді айтамыз. Одағайлар шығу тегі мен қалыптасу табиғатының ерекшелігіне қарай өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді. Тілдің барлық (дыбыстық, лексикалық, грамматикалық) жақтары бір-бірімен байланысты болатыны сияқты, бұл аталған үш топ сөздер де өзара бір-бірімен байланысты.
Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық сипаттары мен белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде жан-жақты жіктеу үшін жүйелі принциптер негізге алынуы керек. Ол принциптер сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.
Сөздерді грамматикалық топтарға, яғни сөз таптарына жіктеуде, топтастыруда ұстанатын басты принцип – семантикалы принцип. Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі-белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді таптастырудың екінші негізгі (морфологиялық) принципі, яғни сөздердің түрлену жүйесі болып табылады.Мысалы, зат атауын, заттық ұғымды білдіретін сөздерге көптелу, септелу, тәуелдену тән де, қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздерге жіктелу, шақты білдіру тән болып келеді. Сөздерді таптастырудың үшінші синтаксистік принципі сөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқаруымен және сол сөздердің тіркесу сипатымен, яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты. Мысалы, зат атауын білдіретін сөздер атау тұлғада тұрып, қимыл, іс-әрекеттің иесі бастауыш, табыс септігінде келіп, тура толықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш, ілік септікте және екінші затпен қатыстық қатынаста келіп анықтауыш, көлемдік септіктерде келіп, пысықтауыш қызметтерін атқарады. Осы көрсетілген принциптердің негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін – сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл, іс-әрекеттің түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін) білдіретін – үстеу, әр түрлі дыбыстарға, қимыл қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмеші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады. Өйткені олардың жеке лексикалық мағынаары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты мәндер қосады.
Сөз таптарын лексика-грамматикалық категорияға жатқызатындар сөздер өзіне тән белгілері, атап айтқанда, семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері бойынша топталып, соған сәйкес белгілі бі сөз табына телінеді деп түсіндіреді.
Бұл пікірді көпшілік белгілі ғалымдар мақұлдайды. Мысалы: орыс тілінің көрнекті маманы А.А. Шахматовтың пікірі бойынша, әрбір сөз табы сөздің негізгі лексикалық мағынасы мен оған қосымша грамматикалық ұғымдардың, граммматикалық категориялардың жиынтығынан құралады. Зат есімдерге заттың атауы мағынасы және жекеше-көпшелік, септік, тәуелдік мағыналары тән. Ал, етістіктерге қимылдың атауы болатын лексикалық мағына мен грамматикалық мағына болып саналатын болымсыздық, етіс, шақ, жақ т.б. мағыналар тән болып келеді.
Орыс тіл білімінде сөз таптарын формальды-грамматикалық категория деп санайтын пікірді қуаттайтын ғалымдар қатарында акад. В.В.Виноградов та бар. Бұл ғалымдардың осы пікірі сайып келгенде И.А.Бодуен де Куртенэ мен Л.В.Щербаның сөз таптары туралы көзқарасына барып тіреледі.
Акад. И.И.Мещанинов та сөз табын сөздердің мағыналары мен формаларының өзара ұштасуы деп қарайды. Осы пікірді Н.С.Поспелов та қолданды.
Сөз таптарын грамматикалық категория деп қарайтын ғалымдар да бар. Олардың қатарына О.П.Суникті, А.А.Реформатскииді жатқыызуға болады. Суник сөз таптарын ажыратуда негізге алынатын белгі лексикалық мағына емес, әр сөз табына тән жалпы грамматикалық мағына деп санайды. Оның пікірінше, заттылық зат есімге тән, оны басқа сөз таптарынан ажырататын басты, жалпы грамматикалық мағына болып саналады. Ал жалпы грамматикалық мағына сол сөз табының лексикалық мағыналарында да, синтаксистік қызметінде де көрінеді дейді.
Осындай пікір А.А.Реформатскийдің еңбектерінде де көрініс табады.
Біздің байқауымызша, сөз таптарын лексика-грамматикалық категория деп санайтын пікір, ғылыми жағынан құнды сияқты көрінеді.
Сонымен, сөз таптарын бір-бірінен тек грамматикалық ерекшеліктері жағынан емес, сондай-ақ лексикалық мағынасы жағынан ерекшеліктерін ескере отырып ажырату керек деген бір топ ғалымдардың /басым көпшілігінің/ пікірін дұрыс деп есептеуге болады.
Орыс пікірдің негізінде, қазақ тіліндегі сөзқдерді топтастырудың принциптеері туралы мәселеге көшуге болады. Тілдегі барлық сөздерді атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп бөлуде бір-біріне таяныш болатын тірек- семантикалық белгі. Осы семантиккалық белгі сол сөздерді одан әрі іштей топтастыруға да бірден-бір сенімді тірек болады.
Тілдегі барлық сөздерді топтастырғанда мынадай екі принципті басшылыққа аламыз:
1. Барлық топтастыратын сөздер сөздік құрамға енеді. Қай сөз табына енсе де, сөздердің лексикалық жағы ескерілуі керек. Ал, сөздің лексикалық жағын ескеру деген сөз олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей. Сондықтан, әрбір сөз табына енетін сөз лексика-семантикалық тұрғыдан қарастырылуы тиіс.
2. Сөздерді грамматикалық жағынан топтастыру, олардың түрлену, өзгеру жүйесін, сөздердің тіркесу мүмкіншіліктерін, сөйлемдегі синтаксистік қызметін, тағы басқа осы сияқты мәселелерді анықтау тәрізді міндетке бағытталу керек. Бұл принциптер тікелей грамматикада қарастырылатын мәселелер. Ендеше, қандай болмасын сөздің, сөз табына топтастырылғанда, грамматикалық жақтары ескерілуі керек.
Міне, сөздерді топтастыру принциптері дегеніміз- осылар. Яғни, тілдегі сөздер сөз табына топтастырылғанда екі белгісіне қарай басшылыққа алынып айырылады: лексика-семантикалық жағы және грамматикалық /морфологиялық және синтаксистік/ жағы.
Осы принциптен сөз табы деген ұғым лексика-грамматикалық деген қосарланған компоненттердің жиынтығы деген түсінікке алып келеді.
СӨЗ ТАБЫ деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз.
Сөйтіп, қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады:
1. Зат есім; 2. Сын есім; 3. Сан есім; 4. Есімдік; 5. Етістік; 6. Үстеу; 7. Еліктеу сөздер. 8. Шылаулар. 9. Одағай; 10. Модаль сөздер.
Аталған он сөз табының тілімізде сөйлеу процесінде алатын орын, атқаратын қызметі бірдей, біркелкі емес. Олардың әрқайсысының ұқсас топтардан айқындылығы, ажыратылу шегі, түрлену жүйесі, жетілу дәрежесі де бірдей емес. Сөз таптарының шығуын, қалыптасуын бірсыпыра ғалымдар сөйлем мүшелерімен байланыстырады. Негізгі сөз таптары сөйлеу процесінде сөздердің белгілі сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалуы барысында біртіндеп жасалып қалыптасқандығын көрсетеді. Сөз жоқ, ең алдымен саралана бастаған – есімдер тобы мен етістіктер. Бұл топтардың өзі сөйлеуде қызметтері, орын тәртібі арқылы ажырап отырған. Есімдер субъект, объект есебінде сөйлемнің соңындағы сөздер предикат қызметінде жұмсалып, көпшілік жағдайда бір сөздің өзі әрі есім ұғымында, әрі қимылдық ұғымда орын тәртібіне қарай білдіріп жұмсала берген. Тілімізде қазір омоним деп танылып жүрген, түркі синкретизмі деп аталатын құбылыс, яғни есім-етістік бір буынды негізгі түбірлер осының айғағы болса керек: көш (керуен) – көш (бір жаққа көшу), той (думан) – той (тойып тамақ ішу), т.б.
3-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 3
Тақырыбы: Зат есім. Көмекші есімдер
Дәріс мазмұны:
Зат есімнің жалпы сипаты
Көмекші есімдер туралы толық түсінік.
Негізгі әдебиеттер:
Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі зат есім категориясы. - А., 1971
Қосымша әдебиеттер:
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – А., 1992. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – А., 1992.
Құрманәлиева З.А. Реңк мәнді туынды зат есімдердің мағыналық құрылымы. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2003.
Айналамызды қоршаған дүниедегі зат пен жан-жануар атаулыға, барша құбылыс пен уақиға, болмыс атаулыға есім, атауыш болып келетін сөздердің бәрі – зат есімдер. Лексикалық тұрғыдан алғанда зат есімдер өз алдына мағыналық дербестігі бар, заттық ұғымды білдіретін сөздер. Лексикалық-семантикалық өрісі аса кең сөз таптарының бірі осы зат есімдер. Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері бар. Олар, біріншіден, өздерінің лексика-семантикалық сипаттарына қарай сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға аса қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап, түрленіп отырады; екіншіден, зат есімдердің сөз тудыратын және сөз түрлендіретін арнаулы жұрнақтары бар.
Зат есімдер ғаламзат және адамзат есімдері деп екіге бөлінеді. Адамға қатысты есімдерге кісінің аты-жөнінен бастап оның барлық әлеуметтік, қоғамдық жай-күйін, хал-ахуалын білдіретін (ағайын, жекжат, қарындас, құдаша, дәрігер, қойшы) атаулар жатады да, ал адамнан өзге өлі және тірі табиғат біткеннің бәріне қатысты атаулар (жартас, төбе, шыбын, үміт, талап, қой, қалам, кітап) ғаламзат есімдері делінеді. Зат есімдердің бұл екі тобының бір-бірінен түбегейлі айырмашылығы – адамзатқа қатысты есімдер әлбетте кім? деген сұрақтың, ал ғаламзатқа қатысты есімдер не? деген сұрақтың жауабы ретінде айтылады.
Қазақ тілінде зат есімдер семантикалық сипаты жағынан жалпы есім және жалқы есім деп аталатын екі топқа бөлінеді. Жалпы есім деп бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді атайды да, жалқы есім деп жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздерді атайды. Дерексіз ұғымды, жиынтық ұғымды білдіретін зат есімдердің дені де осы жалпы есімдер. Жалпы есім болатын сөздердің тобы жалқы есім болатын сөздердің тобымен салыстырғанда әлдеқайда мол. Жалпы есім мен жалқы есімдердің лексикалық мағынасындағы айырмашылықты былай қойғанда, грамматикалық қасиеттерінде де елеулі ерекшеліктер байқалады. Мәселен, нақтылы жалқылық мәнде жұмсалған жалқы есімдер жекеше түрде ғана айтылып, еш уақыт көптік жалғауын қабылдамайтын болса, ал кейде кісі аттары көптік жалғауында жұмсалса, сол заттың көптігін емес, басқа мәнді білдірсе, мағынасы дерексіз сөздерді есептемегенде, жалпы есімдердің көпшілігінің-ақ екі бірдей тұлғада, әрі жекеше, әрі көпше түрде жұмсала беретінін көреміз. Қазақ тілінде жалқы есім болатын сөздердің мынадай топтары бар:
Кісінің аты-жөні мен лақап аты: Мұхтар, Ғабит, Әлия, Жаяу Мұса, Ақан Сері, т.б.
Географиялық атаулар мен әкімшілік-территориялық атаулар, кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың аттары: Ұлытау, Маңғыстау, Сарыарқа, Сыр, т.б.
Әдебиет, өнер және ғылым шығармаларының аты: «Абай жолы», «Ер Тарғын», «Саржайлау», «Ақ желкен».
Аспан, ғарыш әлеміндегі денелердің жеке аты: Ай, Күн, Үркер, Жетіқарақшы.
Тарихи оқиғалардың аты: Ақтабан шұбырынды (1723 жылғы оқиға), Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдардағы оқиға).
Сәйгүлікке, аңға түсетін құсқа, құмай тазыға қойыатын аттар: Тайбурыл, Құлагер, Бөрібасар, Аңсоғар.
Қазақ тілінде сөз тура мағынасында жұмсалғанда, көптік жалғауының жалғанылуын қажет етпейтін біраз сөздер бар. Мұндай сөздердің бірқатары жалпылық мәнде жұмсалып, көптік, жекешелік мағынаға бейтарап боып келеді. Ондай сөздердің басты-басты лексикалық топтары төмендегіше:
Әлеуметтік кәсіп түрінің атауышы болып келетін сөздер: бұған негізінде –шылық, -шілік және –лық... жұрнақтары арқылы жасалатын зат есімдер жатады. Мысалы: егіншілік, ақындық.
Пар нәрселердің атын білдіретін қолғап, етік, сырға, кебіс секілді сөздер де осы топқа жатады.
Сұйық заттардың атаулары: айран, шай, қымыз, шұбат.
Газ тектес заттардың аттары: бу, түтін, тұман.
Уақ, ұнтақ заттардың аттары: ұн, шаң, тозаң, шаш, түбіт, жиде, алша.
Жаратылыс құбылыстарының атаулары: боран, жаңбыр, қар, құйын.
Жалқы есімдердің де көптік жалғауын қажет етпейтіні түсінікті.
Қимылдың, процестің, күй-жайдың атауышы болып келетін зат есімдерде де көптік тұлғада жұмсала бермейді. Мысалы: күлкі, қуаныш, реніш.
Ғылым салаларының аты да үнемі көптік жалғауынсыз айтылады: физика, математика, тарих.
Көптік мағына тудырудың жоғарыда аталған амалдарының бірі – синтаксистік тәсіл. Көптік мағынаның сөз өз бойындағы морфологиялық, яки лексикалық белгілеріне байланысты болмай, оның басқа сөздермен синтаксистік қарым-қатынасы арқылы көрінуі синтаксистік тәсіл деп аталады. Синтаксистік тәсіл арқылы пайда болған көптік мағынасы бар есімдер қатарында мыналарды атауға болады:
Сан жағынан заттың біреу емес, бірнешеу екендігін білдіру үшін оның атауышы болып келетін сөздердің алдына есептік сан есімдерді қойып айту тәсілі: бес кітап, он орындық.
Біраз, бірталай, біршама, бірнеше сөздері зат есімдерге анықтауыш болып келгенде, олардың мағынасында көптік ұғым туады: біраз қой, бірнеше кісі.
Зат есімдер анықталушы сөз ретінде барлық, бар, бәрі, күллі, барша есімдіктермен тіркесіп келгенде де көптік мағынаны білдіреді: барлық ұлт, барша мүлік.
Қос сөз тұлғалы зат есімдер де көптік мағынада жиі ұшырайды.
Эмоция-экспрессия реңді лексика зат есім құрамында да баршылық. Зат есім құрамындағы эмоциялы-экспрессиялы сөздерді мына секілді екі топқа бөлсек болады:
Кісінің көтеріңкі көңіл күйіне байланысты қолданылатын сөздер: қуаныш, сүйініш, рахат, күлкі, ізет, құрмет.
кісінің көңіл-күйінің кірбіңін танытатын сөздер: қайғы, қасірет, реніш, кейіс, ашу, ыза, зұлымдық.
Сол сияқты сыни реңі бар армза, пәлекет, жексұрын, малғұн тәрізді кісінің біреуге деген кейістігін, наразылығын танытатын сөздерді де екінші топтағы эмоция-экспрессия реңді зат есімдер қатарында атауға болады.
Көмекші есім дегеніміз – зат есімнің кеңістік ұғымын білдіретін бір тобы. Жеке алып қарағанда, олар – морфологиялық тұрғыдан зат есімдердің түрленуге бейімділігі бар дербес мағыналы сөздер. Көмекшілік қызметте жұмсалған кезде бұл сөздер тәуелдік жалғауының үшінші жағында тұрып тәуелдеулі септеудің үлгісімен септеледі. Көмекші есімдер өзінің алдында тұрған ілік жалғаулы сөзбен әбден жымдасып, сонымен біртұтас семантикалық бірлік түзеді. Сөйтіп, өзінің бастапқы лексикалық дербестігін жоғалтып, көмекші сөздердің өзге түрлері сияқты бейне бір грамматикалық элементке айнала бастайды. Тәуелдік жалғауында тұратындықтан, көмекші есімдер әлбетте ілік жалғаулы сөзбен матаса байланысып, сонымен бір ітркесім құрайды. Көмекші есім деп грамматикалық өзгеріске түсіп дерексізденудің нәтижесінде заттық мағынасынан айырыла бастаған тәуелдік жалғаулы көбіне мекендік септіктерде қолданылып, матаса байланысқан тіркестің екінші сыңары қызметінде жұмсалатын зат есімнің кеңістік мәнді ерекше бір тобын айтады.
Сан жағынан алғанда көмекші есім қазақ тілінде аса көп емес, оған мына секілді сөздер жатады: асты, үсті, алды, арты, жаны, қасы, маңы, түсы, іші, сырты, тысы, арасы, басы, түбі, қарсысы, бойы, төңірегі, айналасы, жан-жағы, беті, шеті, ортасы, соңы. Көмекші есім де зат есім сияқты нақтылы бір ұғымның аты, атауышы болатын сөздер. Бірақ біздің түсінігіміздегі кәдімгі зат есімдерден олардың айырмашылығы мағынасы дерексіз болып келеді және семантикалық тұрғыдан алғанда нақтылы бір ұғымды өзінен бұрын тұрған есім сөзге тіркесу арқылы соның шылауында айтылу арқылы ғана көрсете алады. Шынына келсек, көмекші есім деп отырғанымыздың өзі – дербес лексикалық мағынасы бар сөздер, бірақ тіл дамуы барысында олар бастапқы лексикалық мағынасымен қатар тәуелдік жалғауын қабылдап, соған орай өзінің анықтауышы болатын сөзге селбесіп, соның жетегінде, шылауында айтылатын көмекшіге айналған. Тілімізде тәуелдік жалғауынсыз қолданылмайтын көмекші есімдер де бар: алды, арты, үсті, асты.
Лексикалық жағынан алғанда, қазақ тіліндегі көмекші есімдерді білдіретін мағынасына бір нәрсенің үстіңгі, астыңғы жағын, алдыңғы, артқы жағын, шеті мен жанын, айналасын, ішкергі тұсы мен ортаңғы тұсын білдіретін ыңғайына қарай төмендегіше топтарға жіктедік:
1. Горизонталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер. Бұған алды, арты, қасы, жаны, маңы, тұсы, шеті, жан-жағы, айналасы, төңірегі секілді сөздер жатады.
АЛДЫ. Адамның беті қараған, белгілі бір нәрсенің алдыңғы жағын білдіреді: Есіктің алды тап-таза.
АРТЫ. Барыс септігінде тұрған артына көмекші есімі істің, қимылдың бір нәрсенің алдыңғы жағына қарама-қарсы мағынада болатындығын білдіреді: Алды өмір, арты ажал.
ҚАСЫ, ЖАНЫ. Бұлар кеңістік мәнді септік жалғауларында қолданылып, негізінде, істің, қимылдың бір нәрсенің маңында, соған таяу жерде болғандығын көрсетеді: Үйдің қасына жақындады. Бұрын қыстаудың жанында бір терең құдық болатын.
МАҢЫ//МАҢАЙЫ, ТҰСЫ, ЖАН-ЖАҒЫ, АЙНАЛАСЫ, ТӨҢІРЕГІ. Жоғарыдағы қасы, жаны дегендермен мағыналас көмекші есімдердің бір тобы – осы сөздер. Септік тұлғаларында мына секілді мағыналарды білдіреді.
Барыс септік тұлғалы мұндай көмекші есімдердің негізгі мағынасы – істің, қимылдың бір нәрсенің төңірегіне қарай бағытталғанын білдіру: Ол ошақ маңына отын жинап жүр. Ол асатаяына сүйеніп тұрып айналасына көз тастады. Жауырын тұсына жамау түскен қызыл гүлді шыт көйлегі желбіреп көлбеңдеп жүр.
Жатыс септігі тұлғасында айтылғанда, істің, қимылдың бір нәрсенің жанында, қасында болғанын көрсетеді: Ауылдың тұсында мал көріне қоймады. Сұрақ пен жауап осы мәселе төңірегінде.
ШЕТІ. Дербес мағыналы шет зат есімінің де көмекші есім қызметінде жұмсалуы тілімізде жиі байқалады. Барыс жалғауында айтылған шетінде көмекші есім істің, қимылдың бір нәрсенің шеткей жағына, жиегіне, ернеуіне қарай бағытталғанын білдіреді: Жазушы өзіне келген почтаны да столының сол жақ шетіне қояды екен.
БОЙЫ көмекші есімі іс-қимылдың, бір заттың, нәрсенің, я географиялық объектінің ұзына бойына, өңіріне қатысты екенін білдіреді: Бөлменің ұзына бойына тақтай төсеп шықты.
2. Вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер. Бұған асты, үсті, беті, түбі секілді көмекші есімдер кіреді.
ҮСТІ. Барыс септікте қолданылған кезде үстіне көмекші есімі іс-әрекеттің бір заттың астына қарама-қарсы жағына, үстіңгі бетіне, жоғары жағына бағытталғандығын білдіреді:Азын-аулақ тағамдарының барлығын үстел үстіне қойды.
АСТЫ көмекші есімі дербес мағыналы сөз ретінде жұмсалған кезде тек грамматикалық септіктерде ғана айтылады.
БЕТІ есімі де кеңістік септіктерде қолданылған кезде үсті көмекші есімі секілді іс-әрекеттің, қимылдың бір нәрсенің бетінде, үстіңгі жағында болғандығын білдіреді.
ТӨБЕСІ көмекші есімі де мағынасы жағынан үсті, беті дегендерге жақын.
ТҮБІ сөзі көмекші есім қызметінде жатыс септігінде жиі қолданылып, іс-қимылдың бір нәрсенің төменгі жағында, жанында, маңайында, ең соңында, ақырында болғандығын білдіреді: Мұхит пен су түбінде әр түрлі балықтар мен жануарлар өмір сүреді.
3. Көлемдік кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер. Бұған іші, сырты, ортасы, арасы дегендер жатады.
ІШІ көмекші есімі барыс септікте қолданылғанда іс-қимылдың бір нәрсенің ішкі жағына қарай бағытталғандығын білдіреді.
СЫРТЫ көмекші есімі іс-қимылдың бір объектінің сыртында, сыртқы жағында болғандығын білдіреді: Ол үй сыртында ұзақ тұрып қалды.
АРАСЫ. Барыс септігінде қолданылуына мысал: Текедегі ұлықтар ... ел арасына бүлік салып жүр.
ОРТАСЫ: Қаланың ортасына қарай жүрді.
Зат есімнің өзге лексикалық топтарынан көмекші есімдердің басты бір ерекшелігі – оның баршасының тіліміздің байырғы сөздері болуы. Көмекші есімдердің лексикалық құрамында кірме сөз атаулы мүлдем жоқ. Қазақ фразеологизмдерінің, мақал-мәтелдерінің құрамында көмекші есімдерді жиі кездестіретініміз осының айғағы.
4-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 4
Тақырыбы: Зат есімнің грамматикалық категориялары
Дәріс мазмұны:
Зат есімнің көптік тұлғада қолданылуы
Зат есімнің тәуелденуі
Зат есімнің септелуі
Зат есімнің жіктелуі
Негізгі әдебиеттер:
Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
Қосымша әдебиеттер:
Көшімова Б. Жалқы есімнің көпше түрі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 6, 2007, 87-88-б.б.
Қойлыбаева С. Номенклатуралық атаулардың құрамындағы ілік септік жалғауының ықшамдалуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2003, 122-127-б.б.
Раманова А. Тәуелдік жалғауының мағыналық құрамы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2003, 100-103-б.б.
Шақаман Ы. Көптік жалғауының көп қызметтілігі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2002, 31-32-б.б.
Шәріпжанова Ғ. Ы.Маманов көптік форма туралы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 7, 2004, 97-99-б.б.
Нақтылы лексикалық мағынасына орай зат есім сөйлем ішінде не жекеше, не көпше түрде қолданылады. Зат есімдерді жекеше, көпше деп аталатын екі топқа айыра көрсетуге негіз болатын ең басты грамматикалық сыртқы белгі – оларға көптік жалғауының жалғануы. Көптік жалғауын жалғау сөзге көптік мағына берудің негізгі жолы болғанымен, бірден-бір ғана жолы емес. Ана тілімізде зат есімде көптік мағына пайда болуының бұдан да басқа амал-тәсілдері бар.
Көптік мағынаның арнаулы қосымша арқылы пайда болуы, негізінен алғанда, көптік жалғауының қызметіне байланысты. Қазақ тілінде көптік жалғауы –лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер деген алты түрлі фонетикалық нұсқада ұшырайды. Мұның –лар, -лер нұсқасы аяғы дауысты дыбыс пен й, у, р дыбыстарына біткен сөздерге, -дар, -дер нұсқасы аяғы мұрын дыбыстары мен л, з, ж дауыссыздарының біріне біткен сөздерге, -тар, -тер нұсқасы аяғы қатаң дауыссыздар мен ұяң б, г дыбыстарына біткен сөздерге жалғанады. Көптік жалғауы жалғанған зат есімдер көптік мағынамен қоса өзінің бастапқы лексикалық мәніне орай сөйлем ішінде мынадай мағыналық реңктерге ие болады.
Нәрсенің өз алдына дербес-дербес санап көрсетуге болатын бөлшектерден тұратындығын көрсетеді. Мысалы: өзендер, кітаптар, жануарлар, ыдыстар.
Сан жағынан бөлшектеп көрсетуге келмейтін бір текті нәрселердің жиынтығын білдіретін атауларға жалғанған кезде де көптік жалғауы жоғарыдағы секілді ол заттың жаң ғана көптігін емес, түрінің, сыртының әр түрлі екендігін аңғартады. Мысалы: тағамдар, тәттілер, тастар.
Көптік жалғауы өзі жалғанған зат есімдерге молшылық, қисапсыз көптік секілді мағыналарды да үстей алады. Мұндайда зат есімдердің негізгі лексикалық мәнінің, көбінесе сан жағынан бөлшектеп көрсетуге келмейтін нәрселерді білдіруі шарт. Мысалы: сулар, үгінділер.
Зат есімге көптік жалғауы жалғанғанда бұдан кейін пайда болатын басты бір мағыналық реңк – белгілі бір адамдардың тобын, жиынтығын білдіру. Мысалы: жастар, сауыншылар, қырғыздар, ғалымдар, еуропалықтар.
Туыстық жақындықты білдіретін зат есімдердің тәуелденген түріне жалғанған кезде көптік жалғауы біреудің есімін сый тұтуды, құрмет тұтуды білдіреді. Мысалы: апамдар, әжелер, атамдар.
Көптік жалғауы мезгіл мөлшеріне байланысты айтылатын кейбір зат есімдерге жалғанған кезде сөзге тұспал, шамалау мағынасын үстейді. Мысалы: қыстың ортасында – қыстың орталарында, тамыздың аяғында – тамыздың аяқтарында, жаздың басында – жаздың бастарында.
Сөздің тәуелденуі деп нақтылы бір заттың кімнің меншігі екенін білдіретін грамматикалық белгіні айтады. Тәуелденіп тұрған зат есімнен әрі біреудің иелігіне жататын сол заттың өзі, әрі оны иемденуші адам – мұның екеуі де қоса ұғынылады. Тәуелдік категориясы - өзге жүйедегі тілдерден түркі тілдерді типологиялық жағынан оқшаулап тұратын басты бір грамматикалық ен-таңбаның бірі. Көп тілдерде тәуелдік мағына түркі тілдеріндегі сияқты сөз ішінде болатын морфологиялық құбылу арқылы емес, ол сөзге бөгде сөздердің тіркесуінен пайда болады. Демек, ондай тілдерде тәуелдік мағына тудыру үшін, әлбетте, екі сөз керек. Ал түркі тілдерінде белгілі қосымшалардан негізгі, яки туынды түбірге жалғаудың өзі-ақ мұндай мағынаны беру үшін жеткілікті.
Сөзге тәуелдік мағына беретін арнаулы қосымшалар тәуелдік жалғауы деп аталады. Тәуелдік жалғауының әрқайсысы жіктеу есімдіктерімен іліктестікте айтылып, грамматикалық үш жаққа тән болып келеді. Тіліміздегі тәуелдік жалғауларын фонетикалық жағынан екі топқа ажыратуға болады. Оның бірі – тәуелдіктің дауыссыз дыбыстан басталатын нұсқасы да, екіншісі – дауысты дыбыстан басталатын нұсқасы. Мұның алғашқы тобы аяғы дауыстыға біткен сөздерге, соңғы тобы – аяғы дауыссыз дыбысқа біткен сөздерге жалғанады. Олардың әрқайсысы мынадай:
1-жақ: -м, -мыз, -міз -ым, -ім, -ымыз, -іміз
Балам, баламыз малым, малымыз
2-жақ: -ң, -ңыз, -ңіз -ың, -ің, -ыңыз, -іңіз
Балаң, балаңыз малың, малыңыз
3-жақ: -сы, -сі -ы, -і
Баласы, інісі малы, елі
Тәуелдік жалғаулы сөз жекеше мағынада да, көпше мағынада да қолданыла береді. Меншік иесінің көптігін білдіретін түрін ортақ тәуелдеу деп, меншік иесінің жалғыз екенін білдіретін түрін оңаша тәуелдеу деп атайды. Өйткені ортақ тәуелдеуде меншіктелетін зат әр уақыт бірнеше субъектінің ортақ меншігі ретінде ұғынылады да, оңаша тәуелдеуде бір ғана субъектінің тек өзіне тән, дербес меншік ретінде ұғынылады. Көптік жалғауы тәуелдіктің оңаша түріне де, ортақ түріне де жалғана береді.
Септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу үшін септікжалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін айтады. Қазақ тілінде септік жалғауының жеті түрі бар. Олар: атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері. Септік жалғауы жекеше сөзге де, көпше сөзге де бірдей жалғанады. Қазақ тіліндегі септік жалғауларын грамматикалық септік жалғаулары және кеңістікті білдіретін септік жалғаулары деп бөліп қарайтын дәстүр бар. Грамматикалық деген топқа атау, ілік, табыс жалғауларын жатқызады да, кеңістікті септіктерге барыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғауларын жатқызады.
Грамматикалық деп атап отырған топқа жататын жалғаулардың негізгі қызметі – бастауышты, тәуелділікті, істің, қимылдың объектісін білдіру. Ал кеңістікті білдіретін жалғаулар істің, қимылдың қайда бағытталғанын, қай жерден басталғандығын, қай жерде және қалай не арқылы болып жатқанын, бір сөзбен айтқанда, істің, қимылдың бағытын, мекенін білдіреді.
Сөйлемдегі орын тәртібі жөнінен алғанда, септік жалғаулы сөз өзін меңгеретін сөзден бұрын тұрады. Септік жалғаулары зат есімнің түрлену жүйесі болатындығы, біріншіден, тек зат есімдер, я зат есімдердің орнына жүретін сөздер ғана септелетіндігі, екіншіден, басқа сөз таптары септеле қалса, олар заттанып кететіндігі жалғаудың бұл түрінің ерекше белгісі.
Сөздердің септелу жүйесі мынадай:
Атау септік. Септік жалғауы қатарында саналып жүргені болмаса, атау септігінің арнаулы жалғауы жоқ. Дұрысында, атау септігідеп отырғанымыз – сөздің септік жалғауын қабылдамай тұрған күйі. Оны атау септік деп септік жалғауларының басына қою аса қажет, өйткені заттың кім, я не екенін білдіретін сөзбен жақ жағынан қиысып, субъектілік-координаттық қатынаста байланысып, сөйлем құрайды.
Ілік септік. Бұл зат есім сөзге –ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің жалғауларының жалғануы арқылы жасалады: баланың, есіктің. Ілік септігі жалғауының сөзге қосылған кезде беретін бірден-бір мағынасы иелік, меншікті білдіру. Септіктің бұл түрі тәуелдік категориясымен тығыз байланысты. Ол тәуелдік жалғаулы сөзбен әрдайым синтаксистік бірлікте айтылады. Тәуелдік жалғаулы сөз жоқ жерде ілік жалғаулы сөздің жалаң өз мағынасында грамматикалық тиянақтылық болмайды, ол әр кез тәуелділік жалғаулы сөзге бағынышты, оның грамматикалық мағынасын анықтаушы сөз ретінде айтылады. Ілік септігі жалғауының түсіп қалатын кездері болады: есік алды, тау іші, ақын өлеңі.
Барыс септік. Барыс септігінің зат есімге жалғанатын жалғаулары –ға, -ге, -қа, -ке, -а, -е, -на, -не. Мұның –а, -е, -на, -не түрі тәуелденген зат есімге, қалғандары тәуелдеусіз зат есімге жалғанады. Барыс септіктегі сөз істің, қимылдың кімге, неменеге, қай жаққа бағытталғандығын білдіреді. Бағыт-бағдарды білдіру – оның ең негізгі мағынасы. Ал қалған мағыналары оның негізгі мағынасының әр түрлі көрінісі есепті. Барыс жалғаулы сөз көбіне етістіктің жетегінде айтылады. Дегенмен ол шылау мен есім сөздердің де жетегінде айтылмайды емес. Есім сөздердің ішінде ол сын есіммен жиірек қолданылады: сөзге сараң, малға бай. Барыс септігінің де жасырын түрі болады: Алматы(ға) кетті, Тәшкен(ге) барды.
Табыс септігі. Зат есімге жалғанатын табыс септігінің жалғаулары -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті және тәуелдік жалғауының 3-жағынан кейін -н. Табыс септік тек тура толықтауыш қызметінде жұмсалатын септік. Ол сөйлем ішінде әрдайым сабақты етістікпен синтаксистік қатынасқа түсіп, іс-қимылдың тура объектісін көрсетеді. Табыс септігі жасырын түрде де айтылады. Мысалы: хат жазды, кітап оқиды.
Жатыс септік. Зат есімнің жатыс септігінде септелуі оған -да, -де, -та, -те қосымшаларының жалғануы арқылы болады. Тек тәуелдік жалғауының үшінші жағындағы сөзбен келгенде жатыс жалғауы өзінің алдына -н дыбысын қосып -нда, -нде болып жалғанады. Септіктің бұл түрінің негізгі мағынасы іс-қимылдың орнын, мекенін білдіру. Мұндайда жатыс септіктегі сөз қайда? неде? деген сұраққа жауап береді. Кейде жатыс жалғаулы сөздің мезгілді білдіретін де кезі бар. Бұл жайда ол қашан? деген сұрақтың жауабы ретінде қолданылады. Мысалы: Жаңбыр көктемде көп жауды.
Шығыс септік. Шығыс септігінің жалғаулары -дан, -ден, -тан, -тен, -нан, -нен. Септіктің бұл түрі іс-әрекеттің, қимылдың қай жерден, неден басталғандығын білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, іс-қимылдың бір объектіден қашықтап, ұзап, алыстап бара жатқанын көрсету. Мысалы: ауылдан келе жатыр, көзден ұзату, көктен түскендей. Септіктің бұл түрі көбіне етістік сөздердің жетегінде келіп, олармен объектілік, пысықтауыштық қатынаста айтылады да, сөйлемде жанама толықтауыш яки мекен, мезгіл, мөлшер пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Көп жағдайда шығыс септікті сөздің есім сөздердің жетегінде айтылатын кезі бар. Оның бұл мағынасы көбіне тұрақты тіркестердің құрамында келуімен байланысты. Мысалы: қойдан жуас, сынықтан өзге жұғады, көзден таса, ақылдан нұсқа. Шығыс жалғауының да кейде айтылмай түсіп қалатын кездері болады: бел асу.
Көмектес септік. Септіктің бұл түрі қазақтан өзге түркі тілдерінде септік жалғауы деп танылмайды, оның қосымшасын жалғаулық шылау деп біледі, сөйтіп оны бөлек жазады. Қазақ тіліндегі көмектес септігінің жалғаулары -мен, -бен, -пен, -менен, -пенен, -бенен. Оның тілімізде жуан фонетикалық нұсқасы жоқ, сондықтан жуан түбірге де, жіңішке түбірге де бір-ақ нұсқада жалғанады. Сырт пішімі жағынан жалғаудың түрін бір буынды, екі буынды деп екі топқа бөлуге болады. Олардың екеуі де тілімізде бірінің орнына бірі еркін қолданыла береді.
Зат есімнің жіктелуі. Сөздің жіктелуі деп оның грамматикалық үш жақтың әрқайсысына тән жіктік жалғауын қабылдауын айтады. Сөзге жіктік жалғауының жалғануы – бастауыш пен баяндауыштың сөйлем ішінде бір-бірімен синтаксистік қарым-қатынасқа түсуінің негізгі амалы.
Қазақ тіліндегі жіктік жалғауының жекеше, көпше түрі, екінші жағынан анайы, сыпайы түрі бар. Олар:
І жақ: -мын, -мін, -пын, -пін, -бын, -бін -мыз, -міз, -пыз, -піз, -быз, -біз
ІІ жақ: -сың, -сің -сыңдар, -сіңдер
-сыз, -сіз -сыздар, -сіздер
ІІІ жақ: ø ø
Есім сөздердің, соның ішінде зат есімдердің бәрі бірдей жіктік жалғауын қабылдай бермейді. Лексикалық мәні жағынан алғанда зат есімдердің ішінен жіктелетіні – адамның қызметі, кәсібі, мамандығы, қабілеті, тегі, туыстығы, жынысы, жас шамасы сияқты жеке басына тән белгілері мен қасиеттерін білдіретін сөздер. Екінші сөзбен айтқанда, жіктелетін зат есім көбінесе субъектіні білдіретін сөз болуы тиіс.
5-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 5
Тақырыбы: Сын есім. Шырай категориясы
Дәріс мазмұны:
Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты.
Сын есімнің мағыналық топтары.
Шырай категориясы.
Адъективтену амалы.
Негізгі әдебиеттер:
Ақкөзов Ә.Ә. Сапалық сын есімдердің семантикасы және жүйесі. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2004.
Есматова М.Т. Есім негізді туынды сын есімнің сөзжасамдық жүйесі. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2004.
Мұсабаев Ғ. Қазақ тіліндегі шырай категориясы. А., 1951.
Шәкенов Ж. Қазақ тіліндегі сын есімдер категориясы. А., 1961.
Қосымша әдебиеттер:
Есматова М. Қатыстық сын есімнің (-лы, -лі, -сыз, -сіз жұрнақты) семантикасы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 9, 2002, 49-51-б.б.
Кенбаева С. Сын есім шырайларының мектеп оқулықтарында берілуі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2005, 64-69-б.б.
Қалыбаева Қ. Қазақ сөйленістеріндегі сын есімдер жайында // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2000, 48-49-б.б.
Сыздықова Г. Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипаты. Ф.ғ.к.дис. автореф. Астана, 2000.
Мырзатаев Н. Сын есімнің қалыптасуындағы адъективтену құбылысы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2004, 97-103-б.б.
Сын есім – семантика, грамматикалық жағынан, яғни морфологиялық ерекшелігі мен сөзжасам, сөз түрлендіру амалы жағынан да, синтаксистік қызметі мен басқа сөздерімен тіркесіп қолданылуы жағынан да қазіргі қазақ тіліндегі өзіне тән еркшелігі бар сөз табының бірі. Сын есім – семантикалық жағынан заттың, құбылыстың түрлі сапа, белгісін, түсін, көлемін, затқа, құбылысқа, іс-әрекетке қатысын білдіретін сөздер. Сын есімнің маңызды белгілері:
заттың түр-түсін білдіреді: ақ, қызыл, боз, сары.
Заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: мол, ауыр, жүйрік, жуас, берік.
Заттың сапалық белгі, сипатын білдіреді: ақ етті, ашаң жүзді, әдемі, надан.
Заттың дәмі, иісі және басқа сипаттарына байланысты белгілерін білдіреді: қалың, жұмсақ.
Затқа, қимыл, іс-әрекетке, мезгіл-мекенге қатысты сынды білдіреді: нұрлы, білікті, атақты, биылғы, жылдағы.
Сын есімнің табиғи қызметі – ешбір өзгеріске түспй-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың әр алуан қызметін, сындық белгісін анықтау. Абзал адам азбайды арын сүйген. Жақсы тәртіп әдетке айналса ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса – қырсық.
Морфологиялық жағынан сын есім – түрленбейтін сөз табы. Шырай тұлғалары жалпы сын есімге тән түрлену жүйесіне емес, сын есімнің бір ғана мағыналық тобына, сапалық сын есімге ғана тән, ал қатыстық сын есімге шырай тұлғалары жалғанбайды.
Сын есімге септік, тәуелдік, көптік жалғауларының бірі жалғанып қолданылса, онда ол заттанып, зат есімдердің орнына жұмсалады. Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек ... (Абай). Балаға тең көрінер бай мен кедей (С.Торайғыров).
Сын есімнің синтаксистік қызметі – зат есіммен сөз байланыстырушы тұлғаларсыз, орын тәртібі арқылы қабыса байланысып, анықтауыш болуы. Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй (Абай). Сын есім етістікпен синтаксистік қатынаста жұмсалғанда адвербиалдық (үстеу) мәнде пысықтауыш қызметін атқарады. Арық сөйлеп, семіз шық.
Атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып заттанып толықтауыш қызметін атқарады. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат. Сын есім жеке тұрып та, көмекші етістікпен тіркесіп те жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Бұл ауыл – малға бай.
Сын есімнің сөйлемдегі негізгі және басты қызметі – анықтауыш болу. Ол сын есімнің сөз табы ретіндегі маңызды семантикалық белгісі болып табылады.
Семантикалық жағынан сын есімдер екі топқа бөлінеді: 1) сапалық сын есім; 2) қатыстық сын есім. Сапалық және қатыстық сын есімдердің ерекшеліктері, өздеріне тән негізгі қасиеттері үнемі сақтала бермейді. Сондықтан бұларды бір-бірінен ажырататын ең басты белгі – олардың құрылысы мен мағынасы. Құрылысына қарай қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалып, заттың, құбылыстың белгісін екінші бір зат, құбылыс не қимылдың қатысы арқылы білдіреді. Ал сапа сындары түбір тұлғалы болып, сындық белгіні тікелей білдіреді.
Сапалық сын есімдер семантикалық жағынан заттың әр алуан сын-сипатын, сапалық белгілерін, шырай тұлғаларымен түрлене алады. Сапалық сын есімдер қосымшасыз тұрып, семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді: Терең ой, терең ғылым іздемейді. Сапалық сын есімдердің морфологиялық сипаты – шырай тұлғаларымен түрлене алуы: әдемілеу, қызғылт, жұп-жұмыр, үлкендеу. Сапалық сын есімдер негізінен түбір сөздер болып келеді. Олардың қатарындағы сөздердің біразы тарихи жағынан туынды түбірлер де, түбір мен қосымшаның жігі ажырамастай бірігіп кеткен.
Қазіргі қазақ тілінде қатыстық сын есімдерге бір заттың белгісін басқа бір заттың, қимыл іс-әрекеттің, сынның қатысы арқылы білдіретін сөздер жатады. Қатыстық сын есімдер көбіне-көп әр түрлі жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалатын туынды сөздер болады да, сол затқа, қимыл, іс-әрекет, құбылысқа қатысын білдіреді. Қатыстық сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды немесе күрделі сөздер болып келеді. Мағыналық жағынан қатыстық сын есімдер заттың сынын білдіре отырып, белгілі бір сапалық заттың екінші бір затқа я ұғымға қатысын немесе сондай сапаның жоқтыңын, яғни заттың түрі мен түсіне, сыры мен сынына, я ішкі қасиетіне, сол сияқты мезгіл мен мекенге тағы басқа сол тәріздес белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Қазақ тіліндегі қатыстық сын тудырушы қосымшалар: -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті, -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік, -ғы/-гі, -қы/-кі, -сыз/-сіз, -шыл/-шіл, -и, -паз, -қой, -ық/-ік, -қ/-к, -ғыш/-гіш, -шақ/-шек, -ғыр/-гір, -қыр/-кір. Бұл сөзжасам қосымшалары зат атауын білдіретін немесе есім мәнді және қимылды білдіретін сөздерге жалғанып, сол сөздің мағынасына қатысты ол ұғымдардың бар я жоқ, соған бейімділік, мекендік т.б. тәрізді сөзжасамдық мағына тудырады да, ол екінші бір затқа қатысы болу арқылы қатыстық сын есім болады.
Тілдің даму барысында туынды түбір кейбір қатыстық сын есімдер қатыстық мағынамен бірге заттың сапалық сипатын да білдіреді, сөйтіп, бара-бара сапалық сын есімдерге ауысып кетеді. Оны ажыратудың бірден-бір белгісі – мағыналық жағымен бірге шырай қосымшаларының жалғана алуы немесе керісінше жалғана алмауы. Қатыстық сын есімдерге шырай қосымшалары жалғана алмайды. Ал қосымша арқылы жасалған туынды сын есімдерге шырай тұлғалары жалғанса, олар сапалық сын есімдерге ауысқан сөздер болып табылады: өткір, тұнық, ақылды, ақылсыз. Демек, кейбір қатыстық сын есімдер семантикалық жағынан қатыстық мәннен сапалық мәнге ауыса бастайды. Сөйтіп, қатыстық сын есімдер басқа сөз таптарынан жасалған туынды сөздер болып келеді. Қатыстық сын есімдердің бір тобы бір сөзде заттық белгінің бар екенін көрсетсе, екінші бір тобы керісінше оның жоқ екенін, ал үшінші тобы бір затқа, құбылысқа бейімділікті, икемділікті, төртінші тобы қимыл, іс-әрекетке, амалға, мекенге, мезгілге қатыстылықты білдіреді. Бұл мағыналардың қай-қайсысы болсын морфологиялық көрсеткіштер арқылы беріледі.
Қазіргі қазақ тіліндегі сын есімдер морфологиялық құрамы жағынан негізгі және туынды түбір болып бөлінеді. Негізгі сын есімдерге әрі қарай бөлшектеуге келмейтін бір түбір морфемадан тұратын сөздер кіреді: жарық, ақ, көк, мөлдір.
Сын есімнің шырай категориясы лексика-грамматикалық категория, жалпы сын есімнің түрлену жүйесі емес, сапалық сын есімнің семантикалық және грамматикалық тұлғалану сипаты болып табылады. Шырай түрлері туралы қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір жоқ. Ең алдымен бірден көзге түсетін ерекшелік – грамматикалар мен оқу құралдарында шырай түрлерін жасауға негіз болатын тұлға деп көрсетілген жай шырай түрін жеке шырай деп көрсетеді. Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын тұлға,ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды. Жай шырай дегенді есептемегенде, бір оқулықтарда екі түрлі – салыстырмалы және күшейтпелі шырайлар, енді біреуінде үш түрлі – салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай, тағы біреуінде төрт түрлі – салыстырмалы шырай, бәсең я шағын шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай, тіпті кейбір зерттеулерде одан да көп түрі беріледі. Күшейтпелі және асырмалы деп аталатын шырай түрлерін біріктіріп қарайтын болсақ, (асырмалы деп жүрген шырай түрі де күшейтпелі мәнді білдіреді: өте жап-жақсы), шырайдың сапалық сын есімнің лексика-грамматикалық категориясы ретінде екі-ақ түрін көрсетуге болады: салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай.
Ғ.Мұсабаев өзінің еңбегінде қазақ тілінде бес түрлі шырай бар деп топшылайды да, оларды, біріншіден, салыстырмалы шырай (жақсырақ), екіншіден, бәсең шырай (жақындау), шағын шырай (көкшіл), күшейтпелі шырай (қып-қызыл), үдетпелі шырай (аса жақсы) деген топтарға жіктейді. Ал Ж.Шәкенов аталған еңбегінде қазақ тілінде бес түрлі шырай бар деп есептейді де, оларды, біріншіден, жай шырай («бастапқы қалпында тұрған сапа сындарының барлығы»), екіншіден, салыстырмалы шырай (терең-ірек), үшіншіден, бәсең шырай (бозғыл-дау), төртіншіден, күшейтпелі шырай (қап-қара), бесіншіден, таңдаулы шырай (өте жақсы) деген топтарға бөледі. Ғалым А.Ысқақовтың еңбегінде төрт түрлі шырай бар деп көрсетіледі: жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай.
Салыстырмалы шырай бір заттың сынын, я сипатын, түсін,екінші заттың біртектес сынымен, белгісімен салыстырып, сол салыстыратын белгілердің, түрлердің бір-бірінен, я артық, я кем екенін білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалады. Ол қосымшалар: а) –рақ, -рек, -ырақ, -ірек: төменірек, жоғарырақ. ә) –лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу: жалпақтау, аласалау. Сапалық сын есімдерге ғана жалғанып, салыстырмалы шырай жасайтын жұрнақтар да бар. Олар: 1) –ғыл, -гіл, -ғылт, -қылт, -ғылтым,-қылтым: сарғылт, бозғылт. 2) –шыл, -шіл, -шылтым, -шілтім: ақшыл, көкшіл. 3) –ғыш, -ілдір: сарғыш, көгілдір. 4) –ан, -қай, -ша, -ше: қоңырқай, сопақша.
Күшейтпелі шырай бір заттың бастапқы сынын, белгісін күшейтіп, асыра көрсетіп тұрады. Ол, біріншіден, күшейтпелі буын арқылы жасалады: жап-жасыл, қап-қара, топ-толық. Екіншіден, өте, аса, ең, тым, тіпті т.б. күшейтпелі үстеулер арқылы жасалады. Мысалы: өте жақсы, ең ыстық сезім.
Қай тілде болсын, сөз таптары арасында бір-біріне ауысу, алмасу процестері болып отырады. Осымен байланысты сындық белгіні білдіретін сөздер сөйлеу қажеттілігіне қарай заттық ұғымда қолданылады. Сын есімнің көптеліп, септеліп, тәуелденіп келіп, зат есімге ауысып, заттанып қолданылуы – субстантивтену процесі деп аталады. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат. Өңшең жалбағай тымақтылар тұс-тұсынан қалың қолға қосылып кетті. Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі – ортада тұрған жалпақтау бес қанат үй. Кейбір сын есімдер бүтіндей заттанып біржола субстантивтеніп кетеді. Олар: жас, бала, ауру, жүдеу. Осыған байланысты сын есімдердің көбі уақытша, кейбіреулері толық субстантивтенеді.
Адъективтену – басқа сөз таптарының сын есімге ауысуын білдіретін конверсиялық процесс. Сөз таптарының ішінде адъективтену процесі не зат есімдер мен етістік анағұрлым бейім. Зат есімнен сын есімдерге толық ауысқан сөздер: жамау, бұрау (қамшы), асқақ, көк (аспан, шөп, түс), ақ (түс, ағарған), жас (жас мөлшері, жігіт).
Түбір етістіктерге қарағанда, оның белгілі тұлғалары адъективтену процесіне жиі ұшырайтындығы байқалады. Адъективтенген қимыл есімдері: ұшқыр, тапқыр, білгір, өткір, үшкір. Есімше формаларының адъективтенуі: қиылған (қас), уылжыған (жас), қашаған, сүзеген, тебеген, алаған, береген, ұшқалақ, жаңғалақ, сасқалақ.
Қазіргі қазақ тілінде сын есімдер сөйлемнің барлық мүшелері бола алады.
1) Сын есім ілік септікте тұрып, заттанып келіп те матаса байланысқан анықтауыш болады: Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын.
2) Сын есім табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде келіп заттанып, толықтауыш қызметін атқарады: Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез.
3) Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, пысықтауыш болады: Бетті бастым, қатты састым.
4) Сын есім көптік, септік, тәуелдік жалғаулары жалғанса, зат есімнің орнына жүреді. Заттанған сын есім атау септігінде тұрып қолданылса,бастауыш қызметін атқарады: Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік.
5) Сын есім жіктік тұлғада тұрып сөйлемнің баяндауышы да болады: Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты.
6-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 6
Тақырыбы: Сан есім. Сан есімнің мағыналық топтары
Дәріс мазмұны:
Сан есімнің лексика-семантикалық сипаты.
Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері.
Сан есімнің мағыналық топтары.
Негізгі әдебиеттер:
Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. А., 1988.
Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Қосымша әдебиеттер:
Шаһарман Г.П. Қазақ тіліндегі сан есім сөздерден жасалған туындылардың мағыналық ерекшеліктері. Ф.ғ.к.дис. автореф. А., 1998.
Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер – заттың немесе заттық ұғымдар мен құбылыстардың санын, мөлшерін, бөлшегін, ретін білдіретін сөз табы. Қазақ тіліндегі барлық сан есімдер жиырма шақты сөздер арқылы жасалады. Оларды бірлік, ондық, жүздік, мыңдық сандар деп беруге болады. Миллион, миллиард сан есімдері түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де орыс тілі арқылы енген. Қазақ тілінде қолданылатын түмен сөзі монғол тілінен енген сансыз көп деген мағынаны білдіреді.
Морфологиялық құрамы жағынан сан есім дара, күрделі болып бөлінеді. Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер дара сан есімдер деп аталады: екі, бес, үш, он, жүз. Дара сан есімдер іштей негізгі және туынды болып бөлінеді. Негізгі дара сан есімдерге морфемалық бөлшектерге бөлінбейтін сөздер жатады: екі, бір, үш. Туынды дара сан есімдер әр түрлі грамматикалық жұрнақтардың жалғануы арқылы жасалады: үшеуі, бірер, төртінші. Күрделі сан есімдер дара сан есімдердің тіркесуі және қосарлануы арқылы жасалады: он төрт, бір-екі, жүз жиырма бес.
Сан есімнің негізгі бір ерекшелігі – басқа сөз таптарынан жасалмауы. Барлық сан есімдер есептік сан есімдердің өзара тіркесу, қосарлану, әр түрлі жұрнақтардың жалғануы негізінде қалыптасқан.
Сан есім зат есіммен, заттанған сөздермен тіркесе келіп, оларды сан мөлшері жағынан айқындап, анықтауышы болып табылады. Бұл шоқ орман екі-үш шақырым жерде оқшау тұр (Есенжанов).
Сан есімдер кей жағдайда зат есімсіз де қолданыла береді. Мұндай қолданыста сан есім заттық мағынаны, оның мөлшерін және сандардың өз атауы ретінде жұмсалады. Алтау ала болса, ауыздағы кетер, төртеу түгел болса, төбедегі келер.
Қазіргі қазақ тілінде семантикалық жағынан сан есімге жақын біраз сөздер тобы бар. Олар:
салмақ өлшемдерін білдіретін сөздер: қадақ, пұт, келі, батпан.
Көлем мөлшерін білдіретін сөздер: бір уыс, бір тілім, бір құшақ.
Қалыңдық өлшемін білдіретін сөздер: екі елі, пышақ сырты.
Қашықтық өлшемін білдіретін сөздер: адым, шақырым, таяқ тастам.
Ұзындық өлшемін білдіретін сөздер: тұтам, құлаш, аршын.
Сан есімдердің тура мағынасындағы сөздер.
Жарты мағынасын білдіретін сөздер: жарты, жарым.
Бір мағынасын білдіретін сөздер: жеке, дара, жалғыз, жалқы.
Екі мағынасын білдіретін сөздер: егіз, қос, пар.
Төрттен бір мағынасында: ширек.
Уақыт мөлшерін білдіретін сөздер: шай қайнатым, сүт пісірім уақыт.
Бұл сөздер мөлшерлік мағынада қолданылғанымен, лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай басқа сөз таптарына жатады.
Сан есім – дербес лексика-семантикалық ерекшеліктері, өзіндік морфологиялық белгілері, синтаксистік атқаратын қызметі бар сөз табы. Сан есімнің басқа сөз таптарынан негізгі айырмашылығы – зат есіммен тіркесіп, сандық жағынан анықтау және зат есімсіз қолданылып, сандық атауды білдіру. Сан есім басқа сөз таптарынан жасалмайды. Сан есімнің негізгі қызметі заттық ұғымдар мен құбылыстарды сандық жағынан анықтау болғандықтан, әдетте морфологиялық өзгерістерге түспей қолданылады. Бес нәрседен қашық бол (Абай). Сан есімдер зат есімнің жалғауларын қабылдап, заттық мағынада да қолданыла береді.
Қазіргі қазақ тілінде алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сан есімдерінің құрылысы ерекше.
Ал-пыс, жет-піс сөздеріндегі –пыш, -мыш элементі ескі дәуірде он мәнін берген, ал сексен, тоқсан – сегіз он, тоғыз он сөздерінің бірігуі арқылы жасалған сан есімдер.
Сан есімдер қолданылу ерекшеліктеріне қарай бір тобы зат есіммен тіркесіп, оны анықтап, есебін, ретін, мөлшерін білдірсе, біразы жинақтылық ұғымды, бөлшектік үлесті, шамалық, болжалдық мағыналарды білдіреді. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай сан есім алты топқа бөлінеді. Олар: есептік сан есім, реттік сан есім, жинақтық сан есім, топтау сан есімі, болжалдық сан есім, бөлшектік сан есім.
Есептік сан есім заттың нақтылы санын және абстракты сандық ұғымды білдіріп, қанша? неше? деген сұрақтарға жауап береді. Есептік сан есімнің арнайы грамматикалық көрсеткіштері жоқ, олар түбірден тұрады. Мысалы: екі, жүз, бес. Қазақ тілінде есептік сан есімдер деректі санауға болатын зат пен заттық ұғымдарды білдіретін сөздерді ғана айқындап, солармен сөз тіркесін жасай алады.
Есептік сан есімдер құрылысы мен дәрежесіне қарай бірлік, ондық, жүздік, мыңдық сандар болып бөлінеді. Бірлік сандарға бір санынан бастап он-ға дейінгі, ондық сандарға он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сандары жатады. Жүздік, мыңдық сандарға жататын сөздер: жүз, екі жүз, ..., мың, екі мың. Осы аталған топтарды құрамына қарай дара және күрделі деп бөлуге болады. Дара сан есімдерге бірлік, ондық сан атаулары және жүз, мың сөздері жатады. Күрделі есептік сан есімдер жоғарыда аталған сан есімдердің бір-бірімен өзара тіркесуі арқылы жасалады. оларға он бірден басталған, жүздік, мыңдық атауларға дейінгі сандар жатады.
Есептік сан есімдер төмендегідей тұрақты сөз тіркестер құрамында кездеседі:
БІР: бір жасап қалу, бір киер, бір сөзді, бір шөкім, т.б.
ЕКІ: екі дүниеде, екі жарты бір бүтін, екі жеп биге шығу, екі жүзді, екі ойлы, екі ұшты, екі еткізбеу, екі кеменің басын ұстау.
ҮШ: үш қайнаса сорпасы қосылмау, үш ұйықтаса түсіне кірмеу.
ТӨРТ: төрт түлік мал, төрт құбыласы сай, төрт көзі түгел, төрт тағандау.
БЕС: бесаспап адам, бес бересі, алты аласы жоқ, бесенеден белгілі.
АЛТЫ: алты қырдың асты.
ЖЕТІ: жеті қабат жер асты, жетісін беру, жеті ата, жерден жеті қоян тапқандай.
ТОҒЫЗ: тоғыз жолдың торабы, тоғыз қабат торқа, бір тоғыз.
ОТЫЗ: отыз күн ойын, қырық күн тойын, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды.
ҚЫРЫҚ: қырықтың бірі қыдыр, қысқа күнде қырық шабу, қырқын беру.
Есептік сан есімдер өзге сөз таптарынан жасалмайды. Тілдің тарихи даму процесінде есептік сан есімдер арқылы сөзжасамның әр түрлі тәсілдері арқылы жаңа сөздер жасалған. Есептік сан есімдердің ішінде лексика-семантикалық және грамматикалық жағынан бір сан есімінің қолданылу, стильдік ерекшелігі сан алуан.
Реттік сан есім заттың саналу ретін, орын тәртібін білдіріп, нешінші? деген сұраққа жауап береді де, есептік сан есімдерге –ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: бірінші, бесінші, он екінші. Реттік сан есімдер құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінеді. Дара реттік сан есім бір сан есім арқылы жасалады. күрделі реттік сан есім бірнеше сан есімдердің тіркесіп келуі арқылы жасалады. қолданылу стильдік ерекшелігіне қарай реттік сан есімдерін жасайтын жұрнақтар ондық, жүздік, мыңдық сандарға қарағанда, бірлік сандарға жиі жалғанатыны байқалады.
Синтаксистік қызметі жағынан реттік сан есім зат есімнің алдында келіп, анықтауыш болады. Бұл - оның негізгі қызметі. Екінші мәселе: жұмысшыларды топқа бөлу. Реттік сан есім сандық ұғымды білдіруімен қатар заттық мағынада қолданылады. Осындай мәнге ие болуымен байланысты әр түрлі грамматикалық формалармен түрлене алады, яғни көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Біріншісі Каспий теңізінің статусына байланысты болса, екіншісі - әлемдік мұнай тасымалдау жолдарына шығу болып саналады. Реттік сан есім басқа тұлғада түрленбей тұрып және шығыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған реттік мағынаны білдіретін қыстырма сөздің де қызметін атқарады: біріншіден, екіншіден, т.б.
Қазіргі қазақ тіліндегі жинақтық сан есім заттың жинақталған сандық мөлшерін білдіріп, нешеу? деген сұраққа жауап беріп, сан есімдерге –ау, -еу жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: біреу, екеу, үшеу. Жинақтық сан есімдер бір мен жеті аралығындағы сан есімдерге –ау, -еу жұрнақтарын жалғау арқылы жасалады. Мұнда екі, алты, жеті сөздеріндегі қысаң –ы, -і дыбыстары түсіріліп қолданылады. Жинақтық сан есімдердің бір ерекшелігі, әдетте, зат есімдерсіз жеке қолданылып, заттық мәнге ие болып, әрі сандық, әрі заттық мағынаны бірдей білдіріп тұрады. Екеуі көп отырмай, үйге қайтты. Жинақтық сан есімдер зат есімдердің орнына жүретіндіктен, зат есімнің грамматикалық формаларымен түрленеді, яғни көптеледі, септеледі, тәуелденеді: екеуі, үшеуіміз, біреуің. Жинақтық сан есімдер құрамы жағынан тек дара түрінде ғана қолданылады.
Қазіргі қазақ тіліндегі топтық сан есімдер заттар мен құбылыстардың санын топтап көрсетіп, қаншадан? нешеден? деген сұрақтарға жауап беріп, есептік, болжалдық сан есімдерге шығыс септігінің көнеленген қосымшаларының жалғануы арқылы жасалады: бір-бірден, екі-үштен, екеуден, т.б. топтық сан есімдер морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болады. Дара топтық сан есім есептік сан есімдерге көнеленген шығыс септігінің жалғануы арқылы жасалады: екеуден, үшеуден, біреуден. Күрделі топтық сан есімдер бірнеше есептік сан есімдердің тіркесіп, соңғысына көнеленген шығыс септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалады: үш-үштен, он-он бестен. Топтық сан есімдер грамматикалық көрсеткіштермен түрленбейді және жаңа сөздер жасай алмайды.
Қазіргі қазақ тіліндегі болжалдық сан есімдер заттар мен құбылыстардың санын дәл білдірмей, шамамен болжамдап, тұспалдап көрсетіп, қанша? неше? қай шамалы? қаншадай? секілді сұрақтарға жауап береді. Болжалдық сан есімдер, біріншіден, сан есімдерге немесе сан есім анықтап тұрған есім сөздерге әр түрлі қосымшалар жалғану арқылы жасалады, екіншіден, сан есімнің қосарлануы арқылы жасалады. Осымен байланысты оларды синтетикалық, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған болжалдық сан есімдер деп бөлуге болады. Болжалдық сан есімдердің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы:
Есептік сан есімдерге –лаған, -леген, -даған, -деген, -таған, -теген жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: мыңдаған, жүздеген.
Сан есімдерге –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары жалғану арқылы жасалады: төрт мыңдай, екі жүздей.
–лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп жұрнақтары сан есідерге жалғану арқылы болжалдық есімдер жасалады: ондап, мыңдап.
–ер жұрнағы бір сөзіне жалғану арқылы болжалдық ұғым білдіреді. Бұл өте көне форма қазіргі қазақ тілінде тек бір ғана бірер сөзінде сақталған.
Есептік сан есімдерге көптік жалғауы, сонан соң жатыс септігінің жалғауы жалғануы арқылы болжалдық мағына туындайды: он сегіздерде, бестерде.
Болжалдық сан есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы:
Есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады: қырық-елу, жеті-сегіз.
Есептік сан есімдерге (түбір және барыс, шығыс тұлғаларында) шақты, шамалы, қаралы, таман, жуық, астам, тарта, таяу сөздерінің тіркесуі арқылы жасалады.
Бөлшектік сан есімдер – заттар мен құбылыстардың бөлшектік санын, үлесін білдіреді. Бөлшектік сан есім морфологиялық құрамы жағынан күрделі болып келеді. Ол сан есімдердің белгілі бір грамматикалық формалары арқылы тіркесуінен жасалады. Бөлшек сандар сан есімдер тіркесінің бөлімі шығыс немесе ілік септігінің бірінде, ал алымы тәуелдік тұлғада тұру арқылы жасалады: үштен бірі, бестің екісі. Бөлшектік сан есімдер есептік сан есімдерге жарты, ширек, жарым сөздерінің тіркесуі арқылы және жеке тұрып қолданылуы арқылы да жасалады: бір жарым, екі жарты, ширек ғасыр.
Сан есімнің негізгі қызметі мағынасы жағынан заттың нақты санын білдіру болғандықтан, әдетте, сөйлемде сан есім анықтауыш қызметін атқарады. Сонымен бірге сан есім белгілі жағдайда сөйлемнің барлық мүшелерінің қызметін де атқара алады.
Сан есім заттың мөлшерін, санын, ретін, бөлшегін білдіретіндіктен, зат есім алдында келіп, анықтауыш болады: Ортасында бес үлкен ақ үйлері бар көп үйлі ауыл.
Сан есім атау септігінде тұрып, бастауыш қызметін атқарады: Екеуі де жарасымды қалжың сияқты.
Сан есім сөйлем аяғында келіп жіктеліп, баяндауыш болады: Екінші – ұят, сосын шындық – үшінші.
Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, өзі бағынып тұрған сөзге меңгеріле байланысып, жанама, тура толықтауыш қызметін атқарады: Құран мен Інжілдің бірін жазып отырғандай, сәнмен, баппен отыр.
Сан есімдер септік жалғауын қабылдамай-ақ, етістік алдында тікелей келіп, пысықтауыш болады: Үстінен «бес», «төрт» деп сатылай толтырылған жиырма бес көк аттестат қолымызда отырды.
Сан есім зат есіммен немесе қатыстық сын есіммен тіркесе келіп, сөйлемнің күрделі мүшесі, тіпті кейде үйірлі мүшесі де бола алады: Бұл шатыр төрт бұрышты, кеңдігі жүз адым, биіктігі үш найза.
7-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 7
Тақырыбы: Есімдік. Есімдіктің мағыналық топтары
Дәріс мазмұны:
Есімдіктер туралы жалпы сипаттама.
Есімдіктердің түрлері.
Негізгі әдебиеттер:
Ибатов А. Қазақ тіліндегі есімдіктер. Алматы, 1961.
Абдукамалова Э. Жіктеу есімдіктерінің септелу тарихы. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2003.
Қосымша әдебиеттер:
Жүнісова М. Есімдіктердің дербес сөйлемдерді байланыстыру қызметі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2003, 86-90-б.б.
Мейірманова Г. Жіктеу есімдігінің синтаксистік қызметі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2004, 88-90-б.б.
Мейірманова Г. Өздік есімдігінің сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 7, 2004, 62-66-б.б.
Сағатова Г. Жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдігінің зерттелу тарихынан // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 8, 2004, 86-90-б.б.
Сөздерді таптастырудың белгілі жүйеге түсіп, қалыптасқан негізгі үш принципіне сай, қазақ тіліндегі есімдіктер де лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық ерекшеліктері және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы болып бөлінеді.
Есімдіктерді дербес сөз табы деп тануда негізінен лексика-семантикалық принцип басшылыққа алынады. Өйткені есімдіктердің мағыналары өзге сөз таптарының мағыналарына қарағанда көптеген өзіндік ерекшеліктерімен оқшауланып, айрықша көзге түсіп тұратын мағыналар болып келеді. Бірақ есімдіктерді жеке сөз табы деп танудың принципі олардың лексика- семантикалық белгісі дегенде, есімдіктердің өзіндік кейбір грамматикалық ерекшеліктерін сырт қалдыруға болмайды.
Есімдіктер – мағынасы тым жалпы сөздер. Есімдік сөздер сөйлемнен тыс жеке дара тұрғанда немесе сөйлем ішінде қолданылғанымен өзіне қатысты басқа сөздер және оқиғалардан бөлек алынғанда, мағыналары қашанда дәл нақтылы болып келмей, өте жалпылама қалыпта кездесіп отырады.
Есімдіктердің тым жалпы мағынада қолданылуын, әрине, олардың реалдық нақтылықтан қаншалық алшақтап, қаншалық абстракциялану дәрежесіне жету шегінің көрінісі деп ұғынған жөн.
Абстракцияланудың тым жоғары дәрежеде болуымен тығыз байланысты бұл мағыналық жалпылық барлық есімдіктерге бірдей тән қасиет болып саналады. Есімдіктердің жалпылама мағыналары белгілі бір сөйлемдерде, контексте қолдану ретіне қарай және сөз тіркестері мен сөйлемдерде берілген ойдың жүйесіне қарай әрқилы нақты мағыналарға ие болып отырады. Жүніс сегіз жаста еді. Ол оқи да, жаза да білмеуші еді (Дулатұлы). – түндегі бір даурыққан хабар екен ғой?- Естісең, сол (Аймауытов). Біраздан соң өзі де кіріп келді. (Исабеков). – Кіммен күрес деп отырсыңдар? – Шәкіманмен (Аймауытов) дегенде ол жіктеу есімдігі «Жүніс»деген , сол сілтеу есімдігі «хабар» деген, кіммен? Сұрау есімдігі «Шәкіманмен» деген реалдық нақтылы мағыналарға ие болып тұр.
Есімдік сөздердің мағыналық ерекшелігінің келесі бір өзіндік белгісі – олардың әрқашан субъектімен байланысты болуы. Есімдік сөздер әрқашан сөйлеуші немесе сөйлемдегі субъектінің субстанцияларға, құбылыстарға және олардың сапалары мен қасиеттеріне қатынасын көрсетуші сөздер болып саналады. Бұл қатынастар есімдіктердің өз ішінде тікелей нұсқау, аралық қатынас, белгісіздік тағы басқа болып келе береді.Қатынастардың осылайша әрқилы болып келуі ешқашан субстанциялар мен құбылыстардың қасиеттері мен сапаларына байланыст ытумайды, қайта керісінше, оларға арналған субъектілік қатынастың негізінде, қатынастың субъектімен тығыз байланыста болуы негізінен барып пайда болады.
Есімдіктердің мағыналары тым жалпы болғанымен, ол мағыналар түптеп келгенде зат және заттық белгі деген ұғымдармен ұштасып, жалпы зат не заттық белгі деген ұғымдарды білдіріп, сол ұғымдардың жалпы түрдегі атауы болып келеді. Сондықтан да олардың осы заттық және заттық белгісі деген ұғымдарды жалпылама болса да, бойына сақтау қасиетіне байланысты, есімдіктер атауыш сөздер қатарына жатқызылады.
Есімдіктер түгел алғанда жалпы атауыш сөздер болып саналады да, ол атаулық қасиет ішінара күрделі екі жікке бөлінеді. Мысалға, мен, сен жіктеу есімдіктерін бұл, сол сілтеу есімдіктерін, кім? не? Қай? Сұрау есімдіктерін алайық. Егер осы есімдіктердің негізгі атаулық мағыналарын таптастырып қарайтын болсақ, заттық ұғымдағы сөздер және заттың белгісі ұғымындағы сөздер болып іштей кұрделі екі жікке бөлінетіндігін көреміз. Сонда мен, сен, кім? не? Есімдіктері заттық ұғымдағы сөздер – заттық атаулар болады да, бұл, сол, қай? Есімдіктері заттың балгісі ұғымындағы сөздер – белгі атаулары болып шығады.
Міне, осы негізгі мағыналық жіктер өз тарапынан есімдік сөздерді, біріншіден заттық ұғымдағы сөздер – субстантивтік есімдіктер, екіншіден заттың белгісі ұғымындағы сөздер – атрибутивтік есімдер деген екі салаға бөлінеді.
Морфологиялық жағынан есімдіктер түрленетін сөздердің тобына қосылады.
Есімдіктердің өзге сөз таптарынан бөліп, жеке даралап тұратын морфологиялық ерекше белгісі – есімдіктердің бәріне бірдей, бәріне тең ортақ заңдылық деп қарауға болатын белгілі бір формалар немесе өзгеру тәсілдерінің жоқтығы.
Бірен-саран қосымшалар арқылы ғана жасалған кейбір көне сөздер болмаса, есімдіктерден жаңа сөздер жасалмайды.
Есімдік сөздердің жалпы синтаксистік бір ерекшелігі, есімдіктердің өзіне бағыныңқы сөздері болмайды. Яғни есімдіктер сөйлемде қолданылғанда, ешқашан өзіне тән анықтауыш немесе пысықтауыш мүшелерді қажет етпейді.
Есімдік сөздер өз ішінде бір-бірінен жіктері айқын көрініп тұратын бірнеше топқа бөлінеді. Есімдіктің бұлайша ішінара бірнеше топқа бөлінуіне лексика-семантикалық принцип негіз болады. Сонда есімдік сөздер мағыналық ерекшеліктері жағынан жеті топқа бөлінеді:
Жіктеу есімдіктері;
Сілтеу есімдіктері;
Сұрау есімдіктері;
Өздік есімдіктер;
Жалпылау есімдіктері;
Белгісіздік есімдіктері;
Болымсыздық есімдіктері;
Жіктеу есімдіктері әрқашан белгілі бір жақты көрсету үшін қолданылатын сөздер болып саналады. Сол себепті олар үнемі адаммен байланысты, яғни сөйлеуші, тыңдаушы және бөгде кісі деген ұғымдармен байланысты қолданылады. Мысалы, мен деген сөз әрқашан 1 жақ сөйлеуші, сен деген сөзден – 2 жақ тыңдаушы, ол деген сөзден 3 жақ бөгде кісі деген ұғымдарды ұғынған болар едік. Жіктеу есімдіктері белгілі бір жақты көрсетуімен бірге әрқашан сөйлеушімен тығыз байланыста қолданылады. Жіктеу есімдіктеріне тән жақтық қасиет үшнші жақ ол жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдігі ол сөзінің жігін айыруда ерекше көзге түседі. Егер ол сөзі адамды көрсететін болса, жіктеу есімдігі болады. Демек, жіктеу есімдігі дегеніміз сөйлеушіге қандайлық қатынаста екендігіне сай белгілі бір жаққа нұсқай айтылатын сөздер болып шығады. Жіктеу есімдіктері сан жағынан көп емес. Олар:
Жекеше түрінде
І жақ мен – сөйлеушіні көрсетуші
ІІ жақ сен, сіз – тыңдаушыны көрсетуші
ІІІ жақ ол – бөгде кісіні көрсетуші сөздер
Көпше түрінде
І жақ біз, біздер – сөйлеушіге тән топты көрсетуші
ІІ жақ сендер, сіздер – сөйлеушінің сөзі арналған топты көрсетуші
ІІІ жақ олар – бөгде топты көрсетуші сөздер болып келеді.
Жіктеу есімдіктері өзінің негізгі жақтық мағынасында қолданылғанда, тәуелдік жалғауының тек абстракциялы меншікті білдіретін түрі –нікі, -дікі қосымшаларын ғана қабылдайды: менікі, сенікі, оныкі.
Жіктеу есімдіктерінің бәрі де септік жалғауларын қабылдайды. Септеу үлгісіндегі бірінші ерекшелік н дыбысының қазақ тіліндегі ілік, барыс, табыс, шығыс септік жалғауларында түсіп қалуы: менің, мені, менен. Септеу үлгісіндегі екінші ерекшелік – барыс септігінде н дыбысының пайда болуы: маған, саған, оған. Септеу үлгісіндегі үшінші бір ерекшелік көмектес септігінде ы, і дыбыстарының пайда болуы: менімен, сенімен, онымен.
Сілтеу есімдіктеріне тән сөздердің негізгі лексикалық мағыналары аралық қатынастарды көрсету болып табылады. Сол себепті сілтеу есімдіктері әрқашан сөйлеушіге не сөйлемдегі субъектіге субстанциялар мен құбылыстардың әр алуан жақын не алыстық сияқты аралық қатынастарын білдіріп отырады. сілтеу есімдіктерінің аралық шектерді білдіру мағыналарының жүйесін мынадай үлгімен беруге болар еді:
Жақын Алысырақ//жақынырақ Алыс
Бұл - ол
Міне әні -
Мына ана сона
Мынау анау сонау
(осы) осынау (сонау)
Осы - сол
- - түу, тонау
Сілтеу есімдіктері субстантивтенгенде ғана тәуелдік, септік, көптік жалғауларын қабылдай алады. Тәуелдік жалғаулары сілтеу есімдіктерінің ішінде міне, әне, осынау, сонау, түу сияқты түрлеріне мүлде жалғанбайды. Сілтеу есімдіктеріне септік жалғаулары да біркелкі талғаусыз жалғана бермейді. Бұл, ол, мына, ана, сол сілтеу есімдіктері жекеше және көпше түрінде де септеледі. Көптік жалғаулары сілтеу есімдіктерінің ішінде бұл, ол, сол, мына, ана сияқты сөздерге ғана жалғана алады.
Сұрау есімдіктері – заттар мен құбылыстардың атын, санын, сапасын, мекенін, мезгілін, амалын білу мақсатында айтылатын сөздер. Сұрау есімдіктеріне кім? не? қай? қайсы? қандай? қайда? қашан? неше? т.б. сөздері жатады. Сұрау есімдіктерінен кім? не? қайсы? нешеу? сөздері ғана тәуелденеді. Жіктік жалғаулары сұрау есімдіктерінің ішінен тек кім? қандай? қалай? қайсы? сөздеріне ғана жалғанады. Сұрау есімдіктерінен кім, не, қайсы, нешеу сөздері ғана септеледі. Көптік жалғаулары сұрау есімдіктерінің ішінде кім, не, қайсы, неше сөздеріне ғана жалғанады.Сұрау есімдіктерінің өзге есімдік сөздер тобынан бөліп алатындай іштей грамматикалық бірлігі болмайды. Белгілі бір формалар не қызметтер арқылы бастары бірікпейтін сөздер болып саналады. Яғни, сұрау есімдіктерінің басын қосып біріктіріп тұратын негізгі белгі – олардың сұраулық мәнде қолданылуы. Сұрау есімдіктері сөйлем мүшелерінің бәрінің де қызметін атқара алады.
Өздік есімдіктері – сөйлеушіні не сөйлемдегі субъектіні өзге субстанциялар мен құбылыстардан бөліп алып көрсетуші сөздер. Өздік есімдіктеріне тәуелдік жалғауларынсыз қолданылмайтын өз түбірінен тараған өзім, өзің, өзіңіз, өзі, өзіміз, өздеріміз, өздеріңіз, өздері деген сөздер жатады. Өз есімдігі тәуелденіп барып жіктеледі. Өздік есімдіктеріне септік жалғаулары тәуелденген зат есімдердің септелу ізімен жалғанады. Өздік есімдіктері әрқилы морфологиялық сөз түрлендіруші формаларды қабылдайды. Ол формалар әрқашан өздік есімдігіне қосылып айтылатын тәуелдік жалғауларының үстіне үстемеленіп отырады. Өздік есімдігіне тәуелдік жалғауының –нікі, -дікі формасы жалғанып қолданылады: өзінікі, өзімдікі.
Жалпылау есімдіктері деп белгілі бір заттар мен құбылыстардың жиынтығына немесе толық қамтылуына нұсқай айтылатын жинақты – жалпылау мағынадағы сөздерді айтамыз. Олар кем дегенде екі заттың немесе толып жатқан біркелкі не әрқилы заттар мен құбылыстардың жиынтығын жалпылай көрсете алатын сөздер болып келеді. Олар: бәрі, барша, барлық, бүкіл, күллі, тамам, бүтін. Тәуелдік жалғаулары бар, барлық, барша, бәрі сөздеріне ортақ тәуелдеу түрінде ғана болмаса, жекеше түрінде жалғанбайды. Жіктік жалғаулары жалпылау есімдіктеріне мүлдем жалғанбайды. Заттар мен құбылыстарды және олардың сан, сапа белгілерін, мекен, амал, тағы басқаларын анық етіп ашып айтпай, тұспалдап қана көрсететін, яғни мағыналары нақтылы түрде берілмей, белгісіз мәнде айтылатын есімдіктің түрі – белгісіздк есімдіктері деп аталады. Олар: біреу, бірнеше, бірдеңе, бірнәрсе, кейбір, кейбіреу, әлдекім, әлдене, әлденеше, әлдеқайда, әрбір, т.б. белгісіздік есімдіктерінің бәріне тән өзіндік ерекшелік деп атарлықтай морфологиялық түрлену формасы не синтаксистік қызметі жоқ.
Болымсыздық есімдіктері жалпы болымды мағыналарға қарама-қарсы болымсыздық мағыналарда қолданылады. Есімдіктің бұл түріне еш, ешкім, ештеңе, ешнәрсе, ешбір, ешқайсы, ешқашан, дәнеңе, түк, дым деген сөздер жатады.
8-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 8
Тақырыбы: Етістік. Негізгі және көмекші етістіктер. Аналитикалық форманттар
Дәріс мазмұны:
Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері.
Етістік категориялары.
Негізгі және көмекші етістік.
Аналитикалық форманттар.
Негізгі әдебиеттер:
Қарымбаева К.М. Қазақ тіліндегі күрделенген аналитикалық форманттардың мағынасы мен қолданысы. Ф.ғ.к.дис. автореф. А., 2003.
Алтаева А.К. Көмекші етістіктердің көпмағыналық қызметке ие болу процестері. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2003.
Омарова А.Қ. Профессор Қ.Қ.Жұбановтың етістіктер туралы ғылыми еңбегі, оның ғылымның кейінгі дамуына ықпалы. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 1999.
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. А., 1966.
Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктердің аналитикалық форманттары. А., 1975.
Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А., 1971.
Қосымша әдебиеттер:
Алтаева А. Көмекші етістіктердің грамматикалану процесі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 8, 2002, 51-52-б.б.
Байғонысова Ф. Етістіктің зерттелу сипаты // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2006, 101-105-б.б.
Зиядаұлы Б. Қазіргі қазақ тіліндегі қосарлы етістіктер лексикалануы және қолданылу ерекшеліктері. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1995.
Қарынбаева Г. Күрделенген аналитикалық форманттардың мағыналық сипаты // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 9, 2002, 43-45-б.б.
Қарынбаева Г. Күрделенген аналитикалық форманттар құрамында белсенді қызмет атқаратын форманттар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2002, 69-72-б.б.
Қазіргі қазақ тілінде етістік ең күрделі сөз табының бірі. Бұл оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық формаларының қат-қабаттылығынан және олардың арақатынасынан, грамматикалық категорияларының әртүрлілігінен, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметінен т.б. лексика-грамматикалық қасиеттерінен байқалады. Етістіктің зат есім сияқты көне сөз табы екендігі, басқа сөз таптарын жасауға негіз болатындығы, яғни тарихи-генеалогиялық ерекшеліктеріөз алдына бір төбе.
Ең алдымен, етістік семантикалық жағынан тілімізде қимылды, процесті, әр түрлі өзгеріс, құбылысты білдіретін сөздер болып табылады.
Етістіктер басқа да мағыналы сөз таптары сияқты түбір күйінде де, өзіне тән әртүрлі грамматикалық тұлғаларда да қолданылады деп асығыс айтып жүрміз. Бірақ етістіктің осындай түр-тұлғаларының қолданылуында бірден сырт көзге іліне бермейтін ерекшеліктер бар екенін көрсеткен жөн. Ең алдымен, ол ерекшелік етістіктің түбір тұлғасының лексика-грамматикалық сипатымен тығыз байланысты. Етістіктің түбір тұлғасы қимылды, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіреді және ол – еістіктің жеке сөз табы ретіндегі жеке тұрғандағы семантикалық белгісі, негізгі жалпы грамматикалық мағынасы, ал бұйрық райдың 2-жағы сол етістіктің сөйлеу процесінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде пайда болатын, грамматикалық нөлдік форма арқылы көрінетін түрлену мағынасы, яғни категориялық грамматикалық мағынасы болып табылады.
Қазақ тіліндегі сөз таптарының бірі болып танылатын етістік өзіне тән белгілі мағына білдіре алатын, бірақ қазіргі кезде сол күйінде қолданылмайтын түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері болып табылатын формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұрады. Етістік түбірдің грамматикалық сипатын айқындауда кездесетін пікір ала-құлалығы немесе тіпті кейде оның мәніне түсінбеушілік етістік категорияларының ерекшеліктерін анықтап, оларды жіктеуден де байқалып жүр. Әдетте етістіктің түбірден өзге формаларының жүйесі мынадай грамматикалық категориялар ыңғайында қаралады: 1) қимыл атауы категориясы, 2) салттылық және сабақтылық категориясы, 3) етіс категориясы, 4) болымдылық және болымсыздық категориясы, 5) амалдың өту сипаты категориясы, 6) есімшелер категориясы, 7) көсемшелер категориясы; 8) рай категориясы, 9) шақ категориясы, 10) жіктік, көптік жалғауларының шаққа қатысы. Етістіктің грамматикалық категорияларын лексика-грамматикалық (салт-сабақты етістік, етіс, күшейтпелі етістік, немесе көрініс, болымсыз етістік категориялары) және таза грамматикалық (рай, шақ, жақ немесе жіктелу) категориялары деп екіге бөліп қараған жөн. Өйткені рай, шақ категориялары етістіктің мағыналық жағынан оны өзгеріске түсірмейтін ғана тұлғасы емес, сонымен бірге етістікті басқа сөздермен байлансқа түсуге дәнекер болып, жіктеліп, сөйлем ішінде қолдануға негіз болатын тұлғалары. Бірақ бұл категориялардың ішіне есімше, көсемше, тұйық етістік немесе қимыл атауы енбей қалады. Өйткені бұлар етістіктің грамматикалық категориялары емес, ерекше түрлері болып табылады.
Тіліміздегі етістіктер қолданыста түрлі құрамда қолданылады. Солардың бірі жетекші етістік пен көмекші етістіктің тіркесі. Мысалы, келген еді, айтса екен, келе қалды, құлай жаздады, біліп алды, айта салды, көріп қойды т.б.
Келтірілген мысалдардағы әр тіркестің алдыңғы сыңарлары – жетекші етістіктер, соңғы сыңарлары – көмекші етістіктер. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.
Жетекші (негізгі) етістіктер толық лексикалық мағынаны, яғни, қимыл атауын білдіреді. Мысалы, келе қалды дегенде жетекші етістік келу лексикалық мағынасын білдіріп тұр, ал осы тіркестегі қал етістігінің үйде қалды деген қолданыстағы (қалу) мағынасы болмағандықтан, ол жетекші етістік емес, көмекші етістікке жатады.Сөйтіп жетекші етістікке лексикалық мағыналы етістіктер, көмекші етістікке лексикалық мағынасы жоқ етістіктер жатады.
Қолданыста жетекші етістік атаулының бәрі сөйлемдегі субъектінің қимыл-әрекетін білдіреді, өйткені жетекші етістік қимыл атауын білдіретінлексикалық етістіктерден ғана болады.
Жетекші етістіктің келесі белгісі оның қолданылу орнына байланысты. Жетекші етістік пен көмекші етістік тіркесінде жетекші етістік үнемі бірінші тұрады, басқаша айтқанда көмекші етістіктен бұрын тұрады. Бұл орын тәртібі өте тұрақты, оны өзгертуге болмайды, ол өте ертеден тілде әбден қалыптасқан заңдылық. Жетекші етістіктің көмекші етістіктен бұрын тұруы тіліміздегі жалпы грамматикалық көрсеткіштердің сөз соңында қолданылу заңдылығына сай қалыптасқан.
Жетекші етістік сөйлемде белгілі ойды білдіретін мағыналы сөз болғандықтан, оған сөйлемде қосылатын түрлі грамматикалық мағыналардың берілу тәсіліне байланысты ол көмекші сөздермен де тіркеседі, көмекші сөздерсіз қосымшаларды да қабылдай береді.
Көмекші етістіктердің саны шектеулі, олар жетекші етістіктер сияқты саны өте көп құбылыс емес.Көмекші етістіктер жетекші етістікке көсемше, есімше жұрнақтары арқылы тіркеседі.Ол жұрнақтар жетекші етістікке жалғанған соң көмекші етістік тіркеседі. Мысалы, оқы+п алды, көрі+п қойды, кел+ген еді, айт+атын болды, біл+се екен т.б.
Бір жетекші етістікке бірнеше көмекші етістік тіркесетін болса, екінші, үшінші көмекші етістіктер алдындағы көмекші етістікке қосымша арқылы тіркесе береді. Мысалы, айқында+п қал+ып еді т.б. Көмекші етістіктер жетекші етістікке тіркесетін болғандықтан, сөйлемде жетекші етістікке қосылатын басқа да грамматикалық көрсеткіштер көмекші етістіктерге өз ретімен қосыла береді.
Жетекші етістікке қанша көмекші етістік тіркессе де, олардың бәрі жетекші етістіктің құрамына кіреді де бір сөзге бірнеше қосымша жалғанғандағы сияқты бір сөздің қызметін атқарады. Мысалы, көрмекшімін деген үш қосымшалы етістік сөйлемде қандай бір сөз қызметін атқарса, көре бергісі келіп еді дегендегі үш көмекші етістікпен қолданылған көру етістігі де жоғарыдағы үш қосымшалы етістік сияқты бір сөз қызметін атқарады.
Көмекші етістіктер грамматикалық дамудың нәтижесінде алғашқы лексикалық мағынасынан айрылып, грамматикалық қызметке көшкен етістіктер. Көмекші етістіктердің санфы да аз емес, бірақ олардың тілдегі құрамы тұрақты. Қазақ тілінде отыз көмекші етістік бар. Олар: ал, бақ, бар, бер, бол, біл, біт, жазда, жат(ыр), жөнел, жүр, жібер, де, еді, екен, емес, ет, кел, көр, қал, қой, қыл, отыр, өт, сал, таста, тұр, түс, шық.
Көмекші етістіктер қазақ тілінің грамматикалық құрылысынан кең орны алады. Етістіктің грамматикалық категорияларының көбінің көрсеткіші қызметін көмекші етістіктер атқарып, категориялардың мағынасынг жасауға қатысады. Атап айтқанда, нақ осы шақ (келе жатыр), қатыстық өткен шақ (келіп еді), қалау рай (оқығысы келеді, оқыса екен, оқыса игі еді), бұйрық рай (айтушы болма, айта көрме), шартты рай жасайды: Ол бір сәт тағы бір айналып келер болса, бар өнерімді салар едім. (Мұқанов). Көмекші етістіктер мүмкіндік модальдықты (айта алады, келе алмайды, сене біледі) және төл сөзді жасйды (- Кет! – деді ол.). Етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясының көрсткіші қызметін атқарады: келген жоқ, келер емес.
Көмекші етістіктер қимылдың қалай жаслғанын нақтылы сипаттап, дәл көрсетуде ерекше қызмет атқарады. Мысалы, құлап қала жаздап барып қалды, дегенде құлау қимылының жаслуға жақындап, бірақ жаслмағаны айтылады. Оны дәл суреттеу қажет болмса, ол құламады деген бір сөзбен айтылар еді. Онда нәтиже бар, бірақ оның қалай құламағаны көрінбейді.
Қимылдың жасалу тәсілін білдіруге қазақ тілінің грамматикалық құрылысының бай мүмкіндігі бар. Оған көмекші етістіктер де, қосымшалар да қатысады: айта сал (немқұрайды жасалуы), айтып бақты (ерекше ынтамен), жасаған бол (жасандылық), айта жаздады (жетімсіз қимыл), жазып ал, айтып бер (кімге бағытталғаны), келе қалды (күтпеген жерден), кесіп түсті (қысқа, батыл жасау), итеріп кеп қалды (ерекше қарқынмен), келе береді (қимылдың созылуы), қарай тұр, отыра тұр (шек қойылу), келе жатыр (асығыссыздық), жауайын деп тұр (жасауға бейімділік), ойланып қалды (бір қалыпқа көшу), келе сала, құлай кетті, айта сала, күліп жіберді (бір қимылдың соңынан іле екінші қимылдың жасалуы) т.б.
Осымен байланысты ғылымда қимылдың өту категориясы танылды, ол оқулыққа да кірді. Осы мағынаға бай категорияның жасалуы негізінен көмекші етістіктерге қатысты.
Көмекші етістіктер сөзжасамға да қатысады. Мысалы, адам қыл, жәрдем ет, қызмет қыл да, медет қыл, еңбек ет, жақсы бол, көмек бер, т.б. Осы келтірілген мысалдарда көмекші етістіктер есім сөздерге тікелей тіркесіп, оған қимыл мағынасын қосып тұр. Осындағы көмекші етістіктің қызметін есім сөзден етістік жасайтын жұрнақтың қызметімен салыстыруға болады. Есім сөзден етістік жасайтын жұрнақтар да есім сөзге қимыл мағынасын үстейді. Мысалы, ақта, сыйла, әндет т.б. Есім сөзге тіркесіп оған қимыл мағынасын қосып, одан құранды етістік жасайтын көмекші етістіктердің дәл осы қызметті атқаратыны оларды салыстырғанда анық көрінеді. Мысалы, жәрдем ет-жәрдемдес, еңбек ет-еңбектен, жақсы бол-жақсылан, көмек бер-көмектес т.б.
Көмекші етістіктердің басым көпшілігі лексикалық мағынасынан айрылғанымен, дыбыстық құрамын толық сақтап қалған. Олар: ал, бақ, бар, баста, бер, бал, біл, біт, жат, жөнел, жүр, жібер, де, кел, көр, қом, қай, қыл, отыр, өт, сал, таста, тұр, түс, шық. Сондықтан олардың жасалуына негіз болған лексикалық мағыналы етістіктермен көмекші етістіктердің дыбыстық құрамында айырма жоқ және бұл көмекші етістіктерге негіз болған лексикалық мағыналы етістіктер тілде сақталған. Олардың бірі тілде толық мағыналы сөз ретінде, екіншісі көмекші құбылысқа жатады.
Аналитикалық формант деп қосымша мен көмекші етістіктің бірлігінен тұратын, категория мағынасын білдіретін күрделі морфологиялық көрсеткіш аталады. Мысалы, Апам болса ауданда сырқаттанып жатыр. Ақбөпе екеуміз таңертеңнен айтып жүрміз (Жүнісов). Осы екі сөйлемдегі сырқаттанып жатыр, айтып жүрміз деген аналитикалық формалы етістіктер –ып жатыр, -ып жүр деген аналитикалық форманттар арқылы нақ осы шақ мағынасын білдіреді. Нақ осы шақтың жүйесі бойынша бұл форманттарға жіктік жалғауы тікелей жалғанады. Ол заңдылық сақталған: сырқаттанып жатыр дегенде 3-жақ болғандықтан, онда жіктік жалғау жоқ, ал айтып жүрміз дегенде жіктік жалғау аналитикалық формантқа тікелей жалғанған.
Қазақ тілі етістіктің аналитикалық формантына өте бай. Етістікке жетпістен аса аналитикалық формант бар. Олар: -а ал, =п бақ, -п ал, -п бар, -а бар, а баста, е бер, -п бер, -ған бол, -п бол, -с біл, -п біт, -а жазда, -п жат(ыр), -е жөнел, -п жүр, -е жүр, -п жібер, -йін де, -са игі еді, -са екен, -ғай еді, -са еді, ø екен, ø жоқ, -п кел, -е кел, -п кет, -а кет, -п көр, -е көр, -п қал, -а қал, -п қой, -а қой, -п отыр, -а отыр, -п өт, -сал, -а сал, -п таста, -п тұр, -а тұр, -п түс, -е түс, -п шық, -а шық, -п сала бер, -п кеп жібер, -п кеп қал, -ғалы отыр, -ғалы жат(ыр), -гелі жүр, -ғалы тұр, -а сала, -п қоя бер, -п кележат, -п бара жат, -п болыа қал, -ғы кел, -ушы болма, -а көрме, -ған болса, -р болса, -пжүре бер, -п кеп кет, -п сала бер, -п кеп бер, -уге бол.
Аналитикалық форманттардың құрамының түрлі болуына байланысты олар жалаң және күрделенген аналитикалық форманттар болып бөлінеді. Жалаң аналитикалық форманттарға бір морфемалы, екі морфемалы, үш морфемалы аналитикалық форманттар жатады. Күрделенген аналитикалық формантқа төрт морфемалы аналитикалық форманттар жатады. Олар екі морфемалы аналитикалық форманттардық бірігуінен жасалған. Күрделенген аналитикалық форманттың белгілері: 1. күрделенген аналитикалық формант бір мағына береді, бір форманттың қызметін атқарады. 2. Күрделенген аналитикалық форманттың құрамындағы морфемалардың орны тұрақты, олардың арасына бөтен морфема қосыла алмайды. 3. Күрделенген аналитикалық форманттың бәрі қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштері. 4. Күрделенген аналитикалық форманттар тек қана етістікпен қолданылады. Қимылдың жасалу тәсілі негізінен аналитикалық форманттар арқылы білдіріледі.
Қимылдың жасалу тәсіліне жалған, жасанды қимыл мәнін білдіреді: - Сіз де сүйтесіз бе? – деген Дәурен қалжыңдаған болып.
Жеткіліксіз қимыл тәсілінде қимылдың жасалуға жақындап барып, аяғына жетпей үзілуін білдіреді: Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып, әрі ашуланып, булыға жаздады.
Қимылдың субъект өзі үшін, я өзінен басқалар үшін жасауын білдіру қимылдың бағыт-мақсат тәсіліне жатады: Мен өз пәтеріме көшіп алдым.
Қимылдың ерекше ынтамен жасалуын –п бақ форманты білдіреді: Дегенмен Нүрке шыдап бақты.
Қимылдың жасалуына немқұрайды қарап, оның жол-жөнекей жасалуын білдіретін аналитикалық форманттарға: -а сал, -а отыр, -е жүр форманттары жатады: Менікі әншейін айта салған қалжың ғой.
Қимылдың ойда-жоқта, қиындықсыз жеңіл, күтпеген жерденжасалуын –а қой, -а кет, -а қал аналитикалық форманттары білдіреді: Алақаныма қыса қойдым.
Қимылдың қысқа, батыл, аз уақыттың ішінде жасалуын –п таста, -п жібер, -п түс, -п кел форманттары білдіреді: Итемген зекіп тастады.
Қимылдың ерекше қарқынмен, күшпен жасалуын –п кеп жібер, -п кеп қал күрделенген аналитикалық форманттар білдіреді: Мен шықшыттан періп кеп жібердім.
Қимылдың жасалуы ұзаққа созылуын, жалғасуын, қайталануын –е бер, -е түс форманттары білдіреді: Әкесін мазалай берді.
Қимылдың жасалуына шек қоюды –а тұр форманты білдіреді: Сәл күте тұрыңыз.
Қимылдың жасалуының асығыссыздығын –а жатар форманты білдіреді: Үйрене жатар.
Қимылдың жасалуға дайын тұрғанын, бейімділігін –йін де, -ғалы отыр, -гелі жүр, -ғалы тұр, -ғалы жатыр форманттары білдіреді: Жер құрғайын деді.
Қимылдың бір қалыптан тұрақты қалыпқа көшуін –п қал форманты білдіреді: Мен сені бөрілердің аузынан сақтап қалдым.
Бір қимылдың соңынан ілесе екінші қимылдың жасалуын –а сала, -салып форманттары білдіреді: Әкесін көре сала, жүгіре жөнелді.
9-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 9
Тақырыбы: Салттылық және сабақтылық категориясы. Етіс түрлері
Дәріс мазмұны:
Етістіктің салттылық-сабақтылық мәні.
Етіс қосымшаларының салт және сабақты етістікпен байланысы.
Етіс – етістіктің ерекше категориясы.
Етіс түрлері.
Негізгі әдебиеттер:
Қалыбаева А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. Алматы, 1957.
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы, 1966.
Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. Алматы, 1980.
Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. Алматы, 1971.
Хасенова А. Қазақ тіліндегі туынды түбір етістіктер. Алматы, 1959.
Қосымша әдебиеттер:
Танабаев Ғ.Ө. Қазіргі қазақ тіліндегі субъектив мәнді етістіктердің семантикалық құрылымы. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2005.
Етістік жалпы грамматикалық мағынасы жағына нені білдірсе де (іс-әрекетті, қимылды, қозғалысты, көңіл-күйін, сапалық белгінің өзгеру процесін, туу, өсу сияқты қимылды, амал-әрекетті, қалыпты тағы басқа мағыналарды) және қандай тұлғада (негізгі және туынды түбір, қосарланған, біріккен, тіркескен күрделі түбір, лексика-грамматикалық етіс және болымсыз етістік, таза грамматикалық – рай, шақ тұлғалары жіктеліп келгенде) тұрса да, я сабақты, я салт мәнін білдіріп тұрады. Яғни, етістіктің салттылық-сабақтылық мәні оның, біріншіден, семантикалық сипаты, екіншіден, «тумысына тән» ерекшелігі екенін баса көрсеткен жөн. Мысалы негізгі түбір деп танылып жүрген оқу, жазу, көру, туынды түбір деп танылып жүрген ойлау (ой-ла), шегелеу(шеге-ле), ескеру(ес-керу), арқалау(арқа-ла), үтіктеу(үтік-те), күрделі (тіркесті) түбір деп танылып жүрген жек көру, келемеж ету, оқып отыру, әңгіме қылу т.б. етістіктер сабақты және әртүрлі тұлға түрлері де, оқы-ған, оқы-дым, оқып-сың, жазып-ты, жаз-ады, көр-гісі келді, ойла-ма-ған, үтікте-йді, жек көр-месе, келемеж ет-кісі келді, әңгіме қыл-ған-сыз т.б. сабақты етістік болып табылады, өйткені бұлардың барлығы да тура объектіні тікелей талап етеді: бұған кімді? нені? деген сұрақ қойылады да онымен тіркесетін табыс септікті зат көрініп тұрады: кітапты (нені?) оқу, оқып отыру,отыр-ған-мын, баласын (кімді?) немесе артық сөзді (нені?) жек көру, жек көр-етін-сіз, жек көр-гісі келді т.б. Сол сияқты түбір тұлғасы келу, жүру, тұру, күлу, туынды түбір ойнау(ойын-а), бозару(боз-ар), кему(кем-і), көбею(көп-ей), күрделі түбір таң қалу, тарс ету, бармақ еді, келе жату, отырып қалу т.б. етістіктер салт болып, бұлардың басқа да әр түрлері, мысалы, кел-генмін, кел-се, кел-іп отыру, кел-гісі келу т.б. сабақты емес, салт етістік болып табылады, өйткені бұлардың барлығы да тура объектіні қажет етпейді, табыс септікті зат есіммен тіркеспейді. Сондықтан да кімді? немесе нені? келді, ойнады, бозарған, таң қалды т.б. деп айтуға болмайды. Әрине, бұдан салт етістікті де, сабақты етістікті де тудыратын грамматикалық тұлға, бүтіндей топ жоқ екен деуге болмайды. Мысалы етіс жұрнақтары мен кейбір сөзжасам қосымшалары салт етістік немесе сабақты етістік жасау қызметін де атқарады, бірақ бұл парадигмалық жүйе сипаты дәрежесіне жете алған жоқ, сондықтан бұлар сабақтылық-салттылық категориясының грамматикалық тұлғалану жүйесі бола алмайды.
Бұл жағынан келгенде етістіктің сабақтылық-салттылық семантикалық түрлі ерекшеліктері зат есімнің жалпы есім-жалқы есім, адамға байланысты зат, сын есімнің сапалық қатыстық немесе сапалық сын есімнің түр-түсті және сапалық сын- көлемдік сын т.б. түрлеріне ұқсас келеді. Өйткені бұлардың басты ерекшелігі, өзгешелік белгісі жалпы осы топтағы сөздердің жалпы грамматикалық мағынасының (семантикасының) әрі біртектес, ыңғайлас және әрі бір-біріне қайшы келе алатын, оппозициялық сипатта бола алатын қасиетінде: жалпы біртектес, бірыңғай заттардың жалпы атауы (жалпы есім) және соның жеке дара затқа берілген атуы (жалқы есім) және оның нақтылы шегі болуы: кісінің аты, жер аты, мекеме, ұйым атауы т.б. немесе адамға байланысты (адам, туыс, кәсіп-мамандық, қызмет, лауазым баптарына т.б.) атаулармен ғана қарама-қайшы мәндегі қалған бар зат, құбылыс, жан-жануарлар т.б., атаулары және олардың алғашқысы (адамға байланысты) кім? деген сұраққа жауап беруі, екіншісі, қарама-қайшысы не? деген сұраққа жауап беруі сапалық сын зат құбылыстың сапалық белгісін, түс-түрін т.б. білдіруі де, қатыстық сын әртүрлі зат, құбылыс, қимыл, іс-әрекеттің т.б. қатыстық сипатын білдіруі және сапалық сын есімнің шырай тұлғаларымен түрлене алуы, ал қатыстық сындарға шырай тұлғаларының жалғанбауы сияқты болып келеді. Бірақ бұл көрсетілген тілдік құбылыстардың осындай семантикалық (мағыналық) сипаты (бір тектес әрі қарама-қайшы) болғанмен, грамматикалық көрсеткіші, ол мағыналардың сипатын көрсетіп тұратын граматикалық тұлғалары жоқ. Сондықтын бұлар грамматикалық немесе (зат есімнің я сын есімнің) лексика-грамматикалық категориясы бола алмайды. Ал сабақты етістік пен салт етістіктің бұл сипатта жайы өзгеше. Дегенмен, семантикалық түрге бөліну ерекшеліктеріне сай грамматикалық сипаты да бар: ол сабақты етістіктің әр уақытта тура объектіні талап етіп тұруы да, ол қасиет табыс септікті сөзбен тікелей байланыс жасап, соны меңгеріп тұруы, ал салт етістікте тура объектіні қажет етпей, табыс септікті сөзбен байланыспай қолданылуы, сөйтіп, семантикалық ерекшелік грамматикалық (синтаксистік-морфологиялық) тұлға арқылы жүйелі түрде іске асып, грамматикалық сипатының көрсеткіші бола алуында. Етістіктің салт және сабақты болып бөлінуі олардың қалайда болмасын тұлғалық ерекшеліктеріне емес, негізінде, лексикалық (дұрысында, жалпы грамматикалық) мағыналарына байланысты болып келеді. Сондықтан да бұл категория етістіктердің семантика-синтаксис саласындағы өзгешеліктері қатарында танылады. Сондықтан да салттылық-сабақтылық категориясын етңстңктің лексика-грамматикалық (таза грамматикалық категорияларын қарама-қайшы) деп танып бөліп көрсетеміз.
Cалт-сабақты етістіктердің семантикалық сипатының басым болуы қасиетіне қарап, кейбір зерттеушілер, біріншіден, салт етістікті сабақты етістікке және сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын қосымшаларды сөзжасам қосымшалары деп, екіншіден, салттылық-сабақтылық белгіні етістіктің полисемиялық немесе омонимиялық сипатын ажырататын критерий деп те ұсынады, яғни бірдей айтылатын етістіктер әруақытта тек сабақты немесе тек салт мәнінде болса, онда ол көп мағыналы етістік те, бірде салт, бірде сабақты болса, омоним яғни бөлек-бөлек сөз (етістік) деп бөледі.
Олай болғанда жүру салт етістігінің ауыс мағынада сабақты етістік мәніндегі жүру (шахмат ойынында, мысалы, атты, офицерді т.б. дойбы ойынында, тасты я биді, карта ойынында алтылықты, тұзды т.б. жүру), ойнау салт етістігінің ауыс мағынада сабақты етістік мәніндегі ойнау (мысалы, шахмат ойнау, футбол ойнау, хоккей ойнау т.б.) бөлек-бөлек сөздер болып шығар еді. Бұл мәселеде мынаған жүгінбеске болмайды: «Етістіктердің бәрі бірдей я салт, я сабақты (яғни я салт, я тек сабақты (И. С.) бола бермейді. Олардың ішінде әрі салт, әрі сабақты болатындары да бар. Әдетте мұндай қасиеттер не омоним етістіктерде (тек омоним болу міндетті емес (И. С.), не полимесемиялы (көп мағыналы) етістіктерде болады. Мысалы, арт, жүр, тара... етістіктерін қолдана қалсақ, олардың әрқайсынан жүкті арттық және ақылы артты, сен жетілік қарғаны жүр және сен үйге жүр, шаштарыңды тараңдар және үйді-үйлеріңе тараңдар деген сөйлемдер құрауға болады. Ал мұндағы етістіктің әрқайсысы әрі салт, әрі сабақты болып қызмет атқарып тұр» (Ы. А.). Бұлай болудың, яғни кейбір етістіктер ауыс я қосымша мағынада көп мағынаның бірінде келгенде әрі салт, әрі сабақты болуы, біріншіден, тілдің дамып отыруының жемісі, тілмен бірге соның бір элементі ретінде етістік, оның семантикалық қырлары да дамып, жетіліп, өзгеріске түсіп отырады. Екіншіден, етістіктегі салттылық-сабақтылық мән оның (етістіктің) жалпы грамматикалық мағынасының (лексикалық мағынасының жалпылануы, абстракциялануы нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағынасының) негізгі діңгегі, тірегі, басты мәнді көрсеткіші емес екенін көрсетеді, ондай жалпы грамматикалық мағынаның басты мәнді көрсеткіші – жалпы қимылды, іс-әрекетті, процесті білдіру, ал салттылық-сабақтылық соның негізінде ғана пайда болатын екінші семантикалық сипаты. Етістік түбірлерге кейбір (әсіресе, етіс) қосымшалар жалғану нәтижесінде етістіктің негізгі қимылдық, іс-әрекеттік семантикасы өзгермей, сабақты етістік салт етістікке, салт етістік сабақты етістікке айналуының өзі осыны дәлелдейді. Мысалы, әңгімені айту, кітапты оқу, пальтоны кию, үйді тазалау, т.б. сабақты етістік те, оған ырықсыз, кейде өздік етіс қосымшасы жалғанса, олар салт етістік болып шығады: әңгіме айтылды, кітап оқылды, бала киінді, үй тазаланды. Ал керісінше шам сөнді, бала отырды, аттар жарысты, оқушылар жүгірді дегендер салт етістік те, оған өзгелік етіс жұрнақтары жалғанса, бұлар сабақты етістікке айналады: шамды сөндірді, баланы отырғызды, аттарды жарыстырды, оқушыларды жүгіртті.
Аталған етіс тұлғаларының осындай қызметін, яғни өздік және ырықсыз етіс қосымшасы сабақты етістікті салт етістікке, өзгелік етіс қосымшасы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратынын жоққа шығармай, бұл тілдік құбылыстың жүйелі, толық парадигмалық сипат ала алмағанын айтпасқа болмайды. Мысалы, өздік етіс қосымшасы әр уақытта сабақты етістікке айналдыра бермейді. Тілімізде, көбіне ауыз әдебиеті нұсқаларында белін бу-ын-ды, киім ки-ін-ді, беті-қолын жу-ын-ды тәрізді өздік етіс қосымшасы жалғанған етістік тура объектімен (табыс септікті сөзбен) тіркесіп, сабақты етістік ретінде қолданылады. Өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке ғана жалғанып, оны сабақты етістікке айналдырып қоймайды, сабақты етістікке де жалғанып жұмсалады, ол етістіктің сабақтылық сипаты сақталып отырады: кітапты мен оқыдым – кітапты маған оқытты, ол өлең айтты – ол бізге өлең айттырды я айтқызды. Ал ортақ етіс тұлғасы етістіктің салттылық-сабақтылық сипатына бүтіндей бейтарап, яғни түбірі салт етістік болса, ортақ етіс тұлғасы жалғанғаннан кейін де сабақты болып қала береді. Сондықтан да етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды.
Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте, етіс қимыл, іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы (семантикалық-синтаксистік сипаты) әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.
Етіс жұрнақтары семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын. Кейбір түрлері жаңа сөз жасап, етіс қосымшалы етістік негізгі сөздік құрамнан жеке лексикалық единица ретінде орын алған. Мысалы, таң асыру, қыз айттыру, үйді жылытты, оқуға берілді, ауруынан жазылды, олар бәрібір табысады, т.б. қолданыстағы етістіктер етіс қосымшалары арқылы жасалған туынды түбір негізгі түбірден туған жаңа мағыналы сөздер болып табылады.
Етіс тұлғаларының тіліміздегі етістік атаулының бәріне я белгілі бір тобына (ырықсыз және өздік етіс қосымшалары тек сабақты етістіктерге жалғануы) жалғана алуы, яғни әмбебап қасиеті, сөйтіп барып грамматикалық абстракция жасай алуы, өнімділік-өнімсіздік, құнарлық-құнарсыздық сипатының болмауы, соның арқасында қосымшалары жалғанған жердің бәрінде жаңа сөз тудыру қатарын құрай алмауы етіс қосымшаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына қосуға болмайтындығын көрсетеді. Ал кейбір етістіктің құрамында келіп, жаңа туынды түбір, демек, негізгі түбірден өзгеше жаңа лексикалық мағына білдіретін жоғарыда көрсетілген тәрізді сөздердің [қыз] айттыру, [таң] асыру, [үйге кіріп] жылынды, [оқуға] берілді, асудан асыру, білуден білісу, танудан танысу, табудан табысу тәрізді жеке лексема болып, сөздік құрамнан бөлек-бөлек орын алуы тек қана етіс қосымшаларының жалғану нәтижесі емес, одан да гөрі семантикалық процестің басым болуы, ондай процестер тілімізде аз емес.
Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі бар. Ол: етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді, яғни етіс тұлғалы етістіктер түбір (негізгі, туынды) етістіктерше: 1) сырттай бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді; 2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ) жалғануға негіз бола алады; 3) сондықтан да сөйлемде сол тек етіс тұлғасында қолданылмайды. Осы қасиеттерінің негізінде И.Маманов жалпы етістік атаулыны негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп екі топқа бөліп, негізгі етістіктер оның грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады дей келіп, оның өзін екі түрге бөліп, бірін түбір етістіктер, екіншісін модификациялы етістіктер деп, модификациялы етістіктердің қатарына етіс, болымсыз етістік, күшейтпелі етістік және күрделі етістікті ерекше бөліп жатқызады.
Сөйтіп, етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары негізінде етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де: негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс және өзгелік етіс деп беске бөліп жүр.
Негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымынан, мейлі, негізгі түбір, мейлі туынды түбір, мейлі күрделі түбір болсын, не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі, басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория (түрлеріне) негіз болатын тұлға, яғни негізгі етіс аталған, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түрлеріне негіз ғана болады. Сондықтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ.
Өздік етіс қимыл, іс-әрекеттің орындаушысына (иесіне), субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістіккке –ын, -ін, -н қосымшасы қосылып жасалады: ки – ки-ін-ді, шеш – шеш-ін-ді, сұра – сұра-н-ды. Осы мысалдан көрінетіндей, біріншіден, қимыл, іс-әрекет іс иесі субъектіге қарай бағытталады, сөйтіп, субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады. Ол өзіне-өзі субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады. Ол өзін-өзі киіндіреді, өзін-өзі шешіндіреді, өзін біреуден бір жаққа баруға ма сұрайды. Бұл жерде түбірдегі сабақты етістіктердің объектісі субъектінің дене мүшесін, өзіне т.б. қарасты сөздер, ал өздік етісте ол объекті түгел субъектінің өзіне көшеді. Екіншіден, өздік етіс жұрнағы негізінен сабақты етістікке жалғанады, бірақ барлық сабақты етістіктерден өздік етіс жасала бермейді, яғни барлық сабақты етістік түбірге өздік етіс қосымшасы жалғана бермейді, тек қимыл, іс-әрекет субъектінің өзіне қарай бағытталатын сабақты етістіктерден ғана өздік етіс жасалады және онда өздік етіс қосымшасы сабақты етістікті салт етістікке айналдыру қызметін атқарады. Мысалы, айт, оқы, бер, ат т.б. сияқты сабақты етістіктерден өздік етіс жасалмайды, өйткені бұл сияқты сабақты етістіктердің тура объектілері (өлеңді айту, кітапты оқу, қарызды беру, біреуді ату) іс иесі субъектіге тура қаратыла алмайды. Сонымен бірге өздік етіс көрсеткішіне құранды қосымша –лан, -лен, -дан, -ден, -тан, -тен де жатқызылады: ой-лан, намыс-тан, т.б. Бұл құранды қосымша сөзжасам –ла, -ле, -да, -де, -та, -те қосымшасы мен өздік етіс –н қосымшаларынан құралғанын көру қиын емес.
Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден –ыл, -іл, -л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын, -ін, -н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтамыз. Мысалы, кітап оқы-л-ды, үй тазала-н-ды, астық жина-л-ды, сөз сөйле-н-ді т.б. оқу қимылының, іс-әрекетінің тура объектісі – кітап, тазалаудың тура объектісі - үй, жинаудың тура объектісі – астық, сөйлеудің тура объектісі – сөз, ал ырықсыз етіс қосымшасы (-л, -ыл, -н) жалғану арқылы, біріншіден, оқу, тазалау, жинау, сөйлеу іс-әрекеттері өздігінен болғандай, көрсетілген тура объектілері бұл сөйлемшелерде грамматикалық бастауыш қызметін атқарып тұр, соның арқасында, екіншіден, ырықсыз етіс тұлғалы етістіктер салт етістік болып тұр, яғни ырықсыз етіс қосымшалары сабақты етістікке жалғанып, оны салт етістікке айналдырып тұр. Өздік етіс пен ырықсыз етістің ұқсас та, өзеше де жерлері бар. Ұқсастығы: 1) қосымшаларының кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп, бір-бірімен омоформа да жасайды: ол дәрігерге көрінді және алыстан бір қара көрінді; 2) екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады. Негізгі айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында: өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект-грамматикалық субъект (бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.
Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті (ол екінші субъекті қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субъекті бір емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті, қимылды орындатушыиесі, сөйлемде ол грамматикалық бастауыш қызметінде болады, яғни бұл логикалық субъекті әрі грамматикалық субъекті болады, екіншісі, іс-әрекетті, қимылды тікелей орындаушы субъекті (агенс). Ол сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, ол сөз сөйлемде жанама толықтауыш қызметін атқарады. Бұл – бір. Екіншіден, өзгелік етіс тек сабақты етістіктен жасалады, сабақты етістікке өзгелік етіс қосымшасы үстелгенде, ол баяндауыш болып тұрған сөйлемде тек іс-әрекет, қимылды тікелей атқарушы барыс септіктегі еекінші субъект (агенс) ғана пайда болады, баяндауыш сабақты етістікті сөйлемде іс-әрекетті орындатушы субъект пен объект өзгелік етіс қосымшасы қосылмай тұрғанның өзінде бар болатын. Мысалы: Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Алтынсарин) деген сөйлемде сал деген сабақты етістіктен –ғыз қосымшасы арқылы өзгелік етіс жасалған. Салт етістікке өзгелік етіс жұрнағы жалғанғанда 1) қимыл, іс-әрекет иесі, орындаушы субъект жаңадан пайда болады да, қимыл, іс-әрекетті тікелей өзі атқарады, орындайды; 2) салт етістік сабақты етістікке айналады; 3) салт етістіктегі грамматикалық бастауыш сабақты етістіктің тура объектісіне айналады; 4) бірақ екінші субъект – агенс, қимыл, іс-әрекетті тікелей орындаушы субъекті болмайды. Мысалы, бала шамды сөндірді дегенде сөндіру қимылының субъектісі де, тікелей сол қимылды іске асырушы, атқарушы да біреу-ақ, ол бала.
Өзгелік етіс қосымшалары: 1) –ғыз, -гіз, -қыз, -кіз; 2) –дыр, -дір, -тыр, -тір (кей жағдайда қосымшаның алдыңғы д, т дыбыстары түсіп қалып, -ыр, -ір, -р тұлғаларында да кездеседі: түс-тір-у – түс-ір-у, өс-тір-у - өс-ір-у. 3) өзгелік етіс қосымшасы бір түбірге бірінің үстіне бірі жалғана да береді: айту – айтқызу-айтқыздыру-айтқыздырту. Бұл тек өзгелік етіс қосымшаларының ерекшелігі болып табылады.
Ортақ етіс қимыл, іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс, -іс, -с қосымшасы арқылы жасалады. біріншіден ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес те болуы мүмкін, екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғанып, ортақ етіс жасай береді: олар хат жаз-ыс-ып тұрады, ол бізге үй сал-ыс-ты.
Ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістің басқа түрлерінен сабақтылық-салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде де ерекшеленеді. Ортақ етістің тағы бір ерекшелігі – қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері сол арқылы заттық ұғымның пайда болуымен зат есім болып кеткен: соғыс, айтыс, жүріс, байланыс.
Етіс қосымшалары бірінің үстіне екіншісі де жалғана береді. Оның тәртібі: 1) өздік етіс + өзгелік етіс: жу-ын-дыр, ки-ін-дір. 2) өздік етіс + ортақ етіс: желпі-н-іс, көр-ін-іс. 3) ортақ етіс + өзгелік етіс: сөйле-с-тір, жина-с-тыр. 4) өзгелік етіс + өзгелік етіс: айт-қыз-дыр, жаса-т-қыз.
10-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 10
Тақырыбы: Етістіктің болымды-болымсыз категориясы. Қимылдың өту сипаты
Дәріс мазмұны:
Болымды етістік.
Болымсыздық категориясы.
Амалдың өту сипаты.
Негізгі әдебиеттер:
Абдыгалиева Т. Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория. Филол.ғыл.док.дисс. авторефераты. Алматы, 1998.
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы, 1966.
Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980.
Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А., 1971.
Қосымша әдебиеттер:
Жолшаева М. Қимылдың басталу фразасын білдіретін аналитикалық форманттар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2007, 56-64-б.б.
Қапесова Т. Сөйлеу етістіктерінің семантика-грамматикалық ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 7, 2002, 60-63-б.б.
Мұхамади Қ.Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың тездік тәсілінің мағыналық құрамы мен берілу жолдары. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1997.
Қимыл әрекет бірде жасалып, шындық өмірден орын алып жатса, бірде жасалмай шындық өмірден орын алмай жататыны белгілі. Осымен байланысты қимылдың болымды және болымсыз түрі бар. Етістіктің болымдылық, болымсыздық мағынасы – бүкіл етістік атаулыға қатысты жалпы грамматикалық мағына. Сондықтан ол етістіктің өзінше жеке категориясы болып саналады. Грамматикалық категория танылу үшін, оның өзіне ғана тән грамматикалық мағынасы болуы керек. Бұл шартқа етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы жауап береді, өйткені категорияның өзіндік мағынасы бар. Ол – болымдылық, болымсыздық мағына. Әр категория жалпы мағынасы болуымен қатар оның ішкі мағыналық құрылымы болу керек деген талапқа да бұл категория сәйкес келеді, өйткені бұл категорияның екі ішкі мағынасы бар, олар болымдылық және болымсыздық мағыналар. Тіл білімінде қалыптасқан заңдылық бойынша категорияның ішкі мағыналық ерекшелігін білдіретін ең кемі екі көрсеткіші болуы керек. Бұл категория осы шартқа да сай келеді. Тілде болымдылық мағына нөлдік жұрнақ арқылы беріледі де, болымсыздық мағына –ма, -ме, -ба, -бе, -па,-пе жұрнағы арқылы және Ø емес, Ø жоқ форманттары арқылы беріледі.
Етістік сөзі лексикалық мағынасы жағынан белгілі іс, болмыс, амал, әрекет және қимылдық процесті білдіреді. Кейде етістіктегі айтылған қимылдық процестің орындалғандығы, орындалып жатқандығы, орындалатындығы қоса көрсетіледі де, кейде сол қимылдың орындалмағандығы, орындалмай жатқандығы және орындалмайтындығы қоса көрсетіледі.
Негізгі және туынды түбір етістіктердің бастапқы мағынасы іс, қимыл, амал-әрекеттің орындалатындығын білдіреді де, болымды етістік деп аталады. Мысалы: бар, кел, жаз, кет.
Етістіктің лексикалық мағынасына қосымша сол іс, амал, әрекет, қимылдық процестің орындалмайтындығы, істің істелмейтіндігі қоса көрсетілсе, етістіктің ондай семантикалық түрін болымсыз етістік дейді.
Етістік түбір күйінде де, әр түрлі грамматикалық тұлғаларында да қимылдың, іс-әрекеттің, амал-процестің болуын білдіреді. Сонымен бірге қимылдың, іс-әрекеттің болуы да өмірде болатын құбылыс. Міне, қимыл, іс-әрекеттің, яғни етістік білдіретін мағынаның іске аспауы, болмауы арнайы грамматикалық амал-тәсілдер арқылы беріледі. Сөйтіп, етістік білдіретін қимыл, іс-әрекеттің қарама-қайшы мәні, ол мағынаның болмауы етістік түбірлеріне, етістіктің лексика-грамматикалық категориялары тұлғаларына –ма, -ме, -ба, -бе, -на, -не қосымшасы қосылу арқылы жасалады да, тек етістіктің болымсыздық түрін жасап қоймайды, болымдылық мәнге қарама-қайшы етістіктің болымсыздық категориясын да жасайды.
Болымсыздық категориясының бірден-бір тұлғалық көрсеткіші –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе болымсыздық тұлғасы. Әрине, етістіктің болымсыздық мәнін беретін басқа да аналитикалық жолдары бар. Атап айтқанда, есімшенің –ған, -ген, -қан, -кен тұлғасы етістікке жоқ модаль сөзі, есімшенің –ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтын, -йтін, -ар, -ер, -р, -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек тұлғалы негізгі етістіктерге емес көмекші етістігі тіркесіп жасалады. бірақ бұлар болымсыздық категориясына жатппайды, оның грамматикалық сипаты сәйкес емес. Болымсыздық категориясы етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Себебі, біріншіден, бұл категорияның қосымшасы етістік түбірге жалғанғанда, түбір семантикасына аздап болса да әсер етіп, өзгеріс енгізеді, яғни түбір беретін мағынаның болмайтынын білдіреді, екіншіден, етіс категориясы сияқты түбірдің грамматикалық сиатын сақтап қалады: 1) бұйрық райдың 2-жақ жекеше анайы тұлғасымен сәйкес келіп, онымен омоформа жасайды; 2) тікелей жіктелмейді; 3) сол күйінде қолданылмайды, етістіктің таза грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады; рай, шақ тұлғасының үстіне ғана жалғана алады, керісінше болмайды. Сондықтан Т.Маманов «болымсыздық қосымшалар –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе негізгі етістіктер, яяғни етістіктің лексика-грамматикалық категориясы мен функциялық етістіктердің, яғни етістіктің таза грамматикалық категорияларының шекарасын көрсетіп тұратын белгі ретінде жұмсалады», - деп көрсетеді.
Күрделі етістікте болымсыз форма бірде негізгі етістікке жалғанса, бірде көмекші етістікке жалғанады: айт-па-й жүр, сөйле-ме-й қалды, бер-ме-п еді және айтып жүр-ме, сөйлеп қой-ма, беріп жібер-ме.
Қазақ тіл білімінде қимылдың өту сипаты категориясын ғылымда бірінші дәлелдеген – Н.Оралбаева. Проф. Н.Оралбаева қимылдың өту сипаты категориясын етістіктің аналитикалық форманттарын зерттеуге арналған докторлық диссертациясында дәлелдеген. Бұл теория әрі қарай З.К.Ахметжанова, С.Маралбаева, А.Шарапиденова диссертацияларында жалғастырылып, қазір оны зерттеушілер тобы көбейіп отыр.
Қимылдың тездік тәсілі – қимылдың өту сипаты категориясының бір тәсілі, ол қимылдың тез жасалу мағынасын білдіреді. Бұл тәсілдің осы жалпы мағынасымен бірге іштей күрделі мағыналық құрамы бар. Мысалы, Тез темір қақпақты жаба қойды. Екінші күні барамыз деп тұрғанда, аяқ астынан Ақтастыда тұратын немере қарындасы келе қалды. Қара құстай қалбаң қақтырып, бір-екі рет айналдырды да, бар салмағымен қара жерге қатты ұрып жіберді. Бұл сөйлемдердегі «жаба қойды» аналитикалық етістігі қимылдың жеңіл жасалу мағынасын білдірсе, «келе қалды» деген аналитикалық етістігі қимылдың кенеттен жасалу мағынасын білдіріп тұр. Үшінші сөйлемдегі «ұрып жіберді» аналитикалық етістігі қимылдың батыл жасалу мағынасын білдіреді. Бұл мысалдарды тездік тәсілінің түрлі мағыналық реңктері бары көрініп тұр. Қимылдың тездік тәсілінің мағынасы тек сөйлем ішінде ғана көрінеді.
Әдетте амал-әрекет ешқашан біркелкі орындалмайды. Қимыл-әрекеттің шапшаң не баяу, шұғыл не созылыңқы, тыңғылықты не босаң, біркелкі немесе үздік-создық т.б. түрлері кездеседі. Сондықтан тіліміздегі етістіктер өзінен-өзі тұрып мұндай мән-мағынаны бере алмайды. Ондай әрекет-қозғалысты етістіктің грамматикалық формалары ғана аңғарта алады. Негізінен бұған аналитикалық формалар қызмет етеді. Себебі аналитикалық формалардың бойында амалдың жүзеге асуын сипаттайтын грамматикалық мағыналар болады. Мысалы, айт етістігі айта бастады, айта жөнелді, айта салды, айта қойды, айта тұр, айта бер, айта қал дегенде түрлі форманттар жалғанып, айту амалының сан түрлі өту сипатын байқатып тұр.
Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясы деп аталады. Оның қалыптасқан көрсеткіштері бар.
Қимылдың өту сипаты категориясы – көп мағыналы категория. Өйткені қимылдың жасалу тәсілі әр түрлі, қимылдың жасалу тәсілі осы категорияның мазмұны болғандықтан, категория – көп мағыналы. Бір қимылдың жасалуына бірнеше тәсіл қатыса береді. Себебі қимыл атаулы өте тез аяқтала бермейді, сондықтан қимыл аяқталғанша бірнеше тәсілден өтуі мүмкін. Осымен байланысты етістіктің құрамында қимылдың өту сипаты категориясының бірнеше көрсеткіштері қолданыла береді. Мысалы, Қалай тез жасап ала қойдың? Ол жығылып қала жаздады.
Осы мысалдардағы жасап ала қойдың, жығылып қала жаздады деген етістіктердің құрамдарында екі-екіден аналитикалық формант бар, жаса етістігінде –п ал, -а қой, жығыл етістігінде –ып қал, -а жазда форманттары бар. Әр етістік құрамындағы екі түрлі форманттардың мағыналары бір-бірінен басқаша. Мәселен, жаса етістігінің құрамындағы –п ал қимылды субъекті өзі үшін жасағанын білдірсе, оған қосылған –а қой қимылдың тез жасалғанын білдіреді. Жығыл етістігіне жалғанған –ып қал форманты қимылдың аяқталуға жақындығын, -а жазда форманты жетімсіз қимылды, яғни қимылдың аяғына жетпей тоқтағанын білдіреді.
Бір етістікпен категорияның бірнеше көрсеткішінің қолданылуы осы категорияның ерекшелігіне жатады. Бұл категорияның көрсеткіштері түбір етістікке тікелей қосылады, етістіктің басқа категорияларының көрсеткіштері қимылдың өту сипаты ктегориясының көрсеткіштерінен кейін қосылады. Басқа категориялардың көрсеткіштері сияқты мұнда да бір көрсеткіш бір сөзде екі рет қайталанбайды. Грамматиканың бұл жалпы заңдылығы қимылдың өту сипаты категориясында да сақталады.
Қимылдың өту сипаты категориясы көп мағыналы болғандықтан, оның көрсеткіштері де көп, олар: 1) қосымшалар яғни грамматикалық жұрнақтар, 2) аналитикалық форманттар.
1. Қимылдың өту сипаты категориясын жасайтын жұрнақтар:
1) –ла, -ле, (-да, -де, -та, -те) жұрнағы түбір етістікке жалғанып, оған қайталану мәнін қосады. Мысалы, сипала, сүйреле, сабала, тістеле, қорғала, жанышта, түйреле, т.б.
2) –қыла, -кіле (-ғыла, -гіле) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді: атқыла, жұлқыла, шапқыла, тескіле, кескіле, тепкіле, соққыла, тартқыла, үргіле, тілгіле, езгіле, созғыла.
3) –мала, -меле, (-бала, -беле, -пала,-пеле) жұрнағы да қимылдың қайталана созылуын білдіреді: қазбала, қақпала, тықпала, бастырмала, итермеле, көтермеле, тізбеле, жұлмала, бұрмала, кеспеле, үстемеле, термеле, үймеле, жаймала.
4) –ғышта, (-гіште, -қышта, -кіште) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді, бірақ қайталанудың сәл бәсеңдігі байқалады: тыққышта, барғышта, келгіште, тілгіште, бөлгіште, түйгіште, қойғышта, үргіште.
5) –ыңқыра, -іңкіре (-ңқыра, -ңкіре) қимылдың жалғаса түсуін білдіреді: сұраңқыра, алыңқыра, үйреніңкіре, түсініңкіре, қосыңқыра, ішіңкіре, созыңқыра, күтіңкіре.
6) –ымсыра, -імсіре (-мсыра, -мсіре) қимылдың жетімсіз, әлсәз екенін білдіреді: жыламсыра, күлімсіре, өлімсіре.
7) –сы, -сі (-сын, -сін) жұрнағы жасалған қимылды жасаған боп көрінуді білдіреді: білгенсі, жазғансы, біілгенсініп, өкігенсіп, жымиғансып қарады.
2. Бұл категорияның ең көп көрсеткіші – аналитикалық форманттар. Қимылдың жасалу тәсіліне қарай аналитикалық форманттардың мағынасы да әр түрлі болады. Бұл етістіктің қимылдың өту сипаты категориясының мағыналық құрамына байланысты. Қимылдың өту сипаты категориясының мағынасы үлкен екі топқа бөлінеді: 1) қимылдың жасалу тәсілі, 2) қимылдың жасалу сатысы.
Қимылдың жасалу тәсілдері мен берілу жолдары. Қимылдың өту сипаты категориясы негізгі мағыналарының бірі – қимылдың қалай жасалғанын сипаттау. Қимылдың қалай жасалғанын көрсететін мағыналық ерекшеліктерді білдіру қимылдың тәсілі аталады. Қимыл әр түрлі тәсіл арқылы жасалынып, әр түрлі тәсіл арқылы білдіріледі. Оларды жинақтағанда 8 түрлі тәсіл: 1) тездік тәсілі, 2) созылыңқылық тәсілі, 3) жасандылық тәсілі, 4) жетімсіздік тәсілі, 5) бағыт-мақсат тәсілі, 6) ынта тәсілі, 7) немқұрайды тәсіл, 8) бейімділік тәсілі.
Қимылдың тездік тәсілі. Қимылдың тездік тәсілі қимылдың тез жасалуын білдіреді. Тілді бұл тәсіл - өнімді, көрсеткіштері көп, жиі қолданылатын тәсіл. Қимылдың тездік тәсілін білдіретін аналитикалық формантар мыналар: -а қал (айта қалды), -а қой (жасыра қойды), -а кет (жығыла кетті), -п кет (қысылып кетті), -п жібер (тастап жібер), -п таста (қағып таста), -п түс (тіліп түсті), -а сала (бара сала), -п сал (атып салды), -а түс (айқаса түсті), -п қоя берді (жылап қоя берді), -п кеп қал (итеріп кеп қалды), -п кеп жібер (періп кеп жіберді), -п кеп кет (құйылып кеп кетті), -п ала қой (тығып ала қой), -п жүре бер (құлпырып жүре берді), -п ала жөнел (қуып ала жөнелді), -п кеп қал (шаншып кеп қалды), -п кеп түс (оршып кеп түсті).
Созылыңқы қимыл тәсілі. Қимылдың жасалуының ұзаққа созылуын білдіретін тәсіл – созылыңқы қимыл тәсілі. Қимылдың жасалуы, ұзаққа созылуы, қайталануы, қимылдың жалғасуы, үстелуі, асығыссыздығы арқылы жүзеге асады. Қимылдың созылыңқы тәсілін мына форманттар білдіреді: -е бер (келе берді), -е түс (күте түс), -а тұр (қала тұр), -а отыр (айта отыр), -а жатар (айта жатар), -а жүр (айта жүрер), -п қал (отырып қалды).
Қимылдың жасандылық тәсілі. Жасалмаған қимылды жасағандай болып, керісінше, жасалған қимылды жасалмаған болып көрсетуге тырысу жасандылық тәсіліне жатады. Жасандылық тәсілі –ған бол аналитикалық тәсілі арқылы жасалады: күлген бол, қуанған бол, білген бол, жылаған бол, кеткен бол, асыққан бол, күткен бол.
Жетімсіз қимыл тәсілі. Қимылдың жасалуға жақындап барып, жартылай жасалып, аяғына жетпей тоқтауын жетімсіз қимыл тәсілі білдіреді. Жетімсіз, аяқталмаған қимылды –а жазда, -а жаздап барып қалды форманттары білдіреді. Бұл форманттар қимылдың жасанды басталып, аяқталуға жақындағанда тоқтап қалғанын сипаттайды: ауып қала жаздады, ашуланып булыға жаздады, сатылып кете жаздапты.
Қимылдың бағыт-мақсат тәсілі. Қимылды субъекті өзі үшін я өзінен басқалар үшін жасауын білдіру қимылдың бағыт-мақсат тәсіліне жатады: оқып ал, біліп ал, үйреніп ал, ұғып ал, жатып ал, түсініп ал, байып ал етістіктерінде қимылды субъекті өзі үшін жасағаны білдірілген. Ал, айтып бер, оқып бер, суреттеп бер, түіндіріп бер, сипаттап бер, шырқап бер, ұғындырып бер, орындап бер, түзеп бер, баяндап бер деген етістіктердегі қимыл субъектіден, сөйлеушіден басқаға бағытталған. Қимылдың бағыт-мақсат тәсілі –п ал, -п бер форманттары арқылы жасалады.
Қимылдың ынта тәсілі. Субъектінің қимылды ынта-жігерімен жасағанын білдіретін тәсіл қимылдың ынта тәсілі деп аталады: шыдап бақты, асығып бақты, қорғап бақты, тырысып бақты, ұмтылып бақты, тілеп бақты, жасырып бақты. Қимылдың ынта тәсілі –п бақ аналитикалық форманты арқылы жасалады.
Қимылдың немқұрайды тәсілі. Субъектінің қимылды жасауға бар ниетін салып тырыспай, немқұрайды, жол-жөнекей жасауын қимылдың немқұрайды тәсілі білдіреді: айта сал, біле сал, сұрай сал, бере сал, көре сал, тыңдай сал, отыра сал, апара сал, жаза сал, хабарлай сал, жолыға сал. Бұл тәсілде субъекті сөйлеуші қимылдың жасалуын міндетті санамайды, немқұрайды қарайды.
Қимылдың бейімділік тәсілі. Қимылдың жасалуға дайын екенін, субъектінің қимылды жасауға бейімделгенін қимылдың бейімділік тәсілі білдіреді: ұйықтайын деді, түсінейін деді, жылиын деді, құрғайын деді, басылайын деді, өсейін деді. Қимылдың бейімділік тәсілі –йын, -йін, -айын, -ейін де форманты арқылы жасалады.
Қимылдың даму сатысы. Қимылдың даму сатысы (фазасы) деп оның басталуынан аяқталуына дейінгі қалып саналады. Қимылдың басталуы қандай заңды болса, қимылдың аяқталуы да сондай заңды. Басталған қимыл өзінің аяқталу сатысына жетпесе, онда қимыл жасалу үстінде болады. қимылдың дамуына байланысты бұл ерекшеліктер қимылдың бірінші, екінші, үшінші сатысы аталады.
Қимылдың даму сатысы – оның мезгілінен, шағынан, тәсілінен басқа ұғым. Олар әр түрлі көрсеткіштермен беріледі. Әр қимыл сөйлемде бір сатыда ғана қолданылады. Мысалы, Делегаттар ертең келе бастайды, делегаттар келіп жатыр, делегаттар келіп болды. Осы мысалдардағы келе бастайды етістігі қимылдың дамуының бірінші сатысында, келіп жатыр етістігі екінші сатыда, келіп болды үшінші сатысында қолданылған. Етістіктер сатысы көрсеткішімен де, онсыз да қолданыла береді.
Қимылдың дамуының бірінші сатысы қимылдың басталуын білдіреді: жауа бастады, айтыла бастады, жылай бастады, оқи бастады, шаршай бастады, мақтай жөнелді, өзгеріп сала берді, еңіреп қоя берді, өсіп жүре берді.
Қимылдың бірінші сатысы мына аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -а баста, -а жөнел, -п сала бер, -п жүре бер, -п қоя бер.
-а баста форманты қимылдың басталуын білдіреді. Мысалы, дауыс шыға бастады. Ымырт үйіріле бастады. Зәреміз енді тіпті қатты ұша бастады.
-а жөнел форманты қимылдың кенеттен, іркілмей тез басталғанын білдіреді. Мысалы, Дәмелінің жүрегі айни жөнелді. Бұны тапқан Дәурен деп қарт мақтай жөнелді.
-п сала бер күрделенген аналитикалық формант қимылдың баяу басталғанын білдіреді. Мысалы, Шәріпжанның түсі суып, сала берді. Тамағы кеуіп, ерні тобарсып сала берді.
-п жүре бер күрделенген аналитикалық форманты қимылдың баяу басталуын білдіреді. Мысалы, Біз құрғақтан суға тастаған балықтай жынданып жүре бердік. Көкек айының өзінде-ақ күн нұрына балқыған сайын шөп түгі тұтамдап өсіп жүре берді.
-п қоя бер аналитикалық форманты қимылдың тез, кенеттен басталғанын білдіреді. Мысалы, Осы сәт қоңырау ап-ащы шылдырап қоя берді. Бір бозторғай жерден арқан бойы көтерілісімен, құйқылжыта сайрап қоя берді.
Қимылдың екінші сатысы қимылдың жасалу үстінде екенін білдіреді. Мысалы, Олар кітап оқып жатқанда, сен келдің. Қимылдың екінші сатысы мына аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -п келе жат, -п бара жат, -п бара, -п келе, -п жат, -п тұр, -п жүр, -п отыр: өсіп келе жатты, күйіп бара жатқан, үлкейіп барады, кішірейіп келеді, жанып жатты, жиылып жүргенде, жаза отырды. Бұл форманттардың ішіндегі -п тұр, -п жүр, -п отыр форманттары – нақ осы шақ көрсеткіштері, өйткені олар қимылдың даму үстінде екенін білдіреді, бірақ нақ осы шақта ол мағына сөйлеушінің хабарлау кезімен сәйкес келеді.
Қимылдың үшінші сатысы қимылдың аяқталу кезеңін білдіреді: жазып болды, жазып шықты, зекіп бітті, айтып қойды, жазып болып қалды, байып шықты, қажып болдым, алып қойды, кетіп қалды, жүдеп бітті. Қимылдың үшінші сатысы мына аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -п бол, -п шық, -п біт, -п қой, -п кет, -п қал, -п болып қал.
11-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 11
Тақырыбы: Есімше, көсемше
Дәріс мазмұны:
Есімше.
Көсемше.
Негізгі әдебиеттер:
Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. Алматы, 1958.
Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. Көкшетау, 2002
Өмірбекова Р.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі есімшелі оралымдар. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1997.
Қапалбеков Б.С. Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері. Филол. ғыл. канд. дисс. автореф. Алматы, 2000.
Қосымша әдебиеттер:
Жетпісбаева Ә. Көсемше тұлғалы етістікті сөз тіркестері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2007, 72-78-б.б.
Ізімғалиева Н. Көсемшенің қызметтік дамуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2003, 92-98-б.б.
Етістіктің функциялық формаларының бірі – есімше. Есімше мағынасы жағынан етістіктерше болымды және болымсыз, салт-сабақты болып бөлініп, жақтық, шақтық мағынаны аңғартады. Бірақ түрленгенде есімдерше көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Осы ерекшелігіне байланысты сөйлемде атрибуттық және предикаттық мағынаға ие болады да, әрі етістік, әрі сын есім орнына жүре береді.
Есімше деп қимыл мағынасын сақтай отырып, сын есімнің анықтауыш қызметінде қолданылып, сөйлемде заттанып, зат есімше түрленетін етістіктің түрі аталады.
Есімше –ған, (-ген, -қан, -кен), -ар (-ер, -р, -с), -атын (-етін, -йтын, -йтін), -ушы (-уші), -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) жұрнақтарының негізгі және туынды түбір етістікке, етістіктің болымды және болымсыз формаларына, етіс категориясының барлық түріне жалғану арқылы жасалады. Ал қалау рай, бұйрық рай, шартты рай формаларына есімше жұрнақтары жалғанбайды.
–ған, -ген, -қан, -кен. Бұл жұрнақ арқылы жасалған есімшеде қимылды білдіру мәні бар. Мысалы, көрген түс, естіген әңгіме, жауған қар, қатқан мұз. Осы мысалдардағы заттың белгісі болып тұрған көрген, естіген, жауған, қатқан есімшелері заттың бұрын жасаған қимылын оның белгісі ретінде көрсеткен. Есімшенің бұл түрі заттық мағынада жиі қолданылады және зат есімше түрленіп, септік, тәуелдік жалғауларын қабылдайды.
–атын, -етін, -йтын, -йтін. Бұл бұрын я ертерек кезде болған, үнемі болып тұратын амал-әрекетті заттың белгісі етіп көрсетеді. Мысалы, Қиналатын кезің де өтер. Білетін жұмысың ғой. Атқаратын қызметің белгілі. Ойланатын әдетің ғой. Есімшенің бұл түрі ұзаққа созылған, әдетке айналған бүгін де, ертең де болып тұратын қимыл-әрекетті заттың белгісі етіп көрсетеді. Есімшенің бұл түрі де заттық мағынада жиі қолданылады.
–ар, -ер, -р, -с. Есімшенің бұл жұрнағы түбір етістіктен жасалу, жасалмауы белгісіз мәнді есімше жасайды. Мысалы, Жүрер жолың кең болсын. Айрылар дос ердің артқы қасын сұрайды. Барар жерің балқан тау. Осы жұрнақ жалғанған есімше сөйлемнің анықтауыш қызметін атқарып, зат есімнің алдынан тіркеседі және ол есімше заттанып, зат есімше түрленеді яғни көптік, септік, тәуелдік жалғауларымен қолданылады.
–мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек. Есімшенің бұл жұрнағы түбір етістіктен мақсат мәнді есімше жасайды. Есімшенің осы түрі анықтауыш қызметінде сирек қолданылады. Мысалы, айтылмақ пікір, кездеспек жер, көріспек күн, жарыспақ ойын, қайрамақ пышақ.
Есімше жұрнақтарының қызметі - өзі жалғанған етістіктің аңғартатын мағынасын өзгертпей, заттың қимыл-әрекет арқылы білдіретін белгісін жасау. Мысалы, бар – қимыл-әрекетті білдіретін етістік, ал барған (адам), барар (жол), баратын (кісі), барушы (бала) – заттың қимыл нәтижесімен аңғартылған белгісі.
Есімше жіктеледі, бірақ етістіктерше емес, есімдерше жіктеліп, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады.
Есімшенің есімдерге жақындығы мен өзгешеліктері:
а) Есімше формалары сын есім сияқты заттың белгісін аңғартып, сөйлемде қандай? деген сұраққа жауап береді де, анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: көк шөп – көгерген шөп, ақ шаш – ағарған шаш. Сын есімдер заттың тұрақты белгісін білдірсе, есімшелер қимыл-әрекет нәтижесінде пайда болған өзгерісті аңғартып тұр.
ә) Есімшелер есімдер сияқты көптеліп, тәуелденіп, септеліп заттанады. Сөйлемде бастауыш, толықтауыш қызметін атқарады. Жіктеліп баяндауыш қызметін атқарады.
б) Етістіктің болымсыз формасына есімше жұрнағы жалғанғанда да есімшенің боымсыз мағынасы аңғарылады.
Есімшелердің етістікке жақын белгілері:
а) Есімшенің етістіктің бір түрі болып есептелуіне оның септік жалғауларындағы сөзді салт және сабақты етістік ретінде меңгеруі себеп болады. Мысалы: кітапты алған, қаламды берер.
ә) Есімшелердің шақтық мағынаны беруде қызметі ерекше. –ған қосымшалы есімше жіктеліп, өткен шақ мағынасын берумен қатар атрибуттық қызметте тұрып та сол өткен шақтық мағынаны сақтайды. –ар (-ер, -р, -с) формалы есімшелер әркез келер шақ мағынасын білдіреді.
б) Есімшенің етістікке тән басты белгісі – қимыл-қозғалысқа байланысты мағынадан алыстамайды. Сондықтан да есімше етістіктерше болымды және болымсыз, салт және сабақты болып бөлінеді.
Есімше түрлері жұрнақтарының мағыналарына сәйкес шақ категориясымен бөлінеді:
Бұрынғы өткен шақ есімше -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнағымен жүзеге асады.
Дағдылы өткен шақ есімше –атын (-етін, -йтын, -итін) жұрнағы арқылы жасалады.
Болжалды келер шақ есімше –ар (-ер, -р, -с) жұрнақтары арқылы жасалады.
Мақсат мәнді келер шақ есімше етістікке –мақ (-мек, -пақ, -пек, -бақ, -бек) жұрнағы жалғану арқылы жасалады.
Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жай-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады.
Көсемше атауын қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы енгізген. Бұл сөздің мағынасы көсем сияқты үнемі алдыда тұрады дегенді білдіреді. Көсемшелер тұлғалық жағынан да, мағыналық жағынан да тиянақсыз болғандықтан қысқа қайырылып, өзінен кейін тиянақтаушы етістікті қажет етіп тұрады да, кем дегенде екі сыңардан құралып, жаңа мағына түзетін күрделі етістіктердің көптеген түрін жасауға негіз болады. Мысалы: көріп қойды, біле келді, айта бердім.
Көсемшелер сөйлемде етістік арқылы айтылған іс-әрекеттің сынын, тәсілін, мекенін білдіріп, пысықтауыштық та қызмет атқарады. Көсемшелер мен үстеулердің қызметі жағынан да, мағыналық жағынан да ұқсас келуі, олардың екеуінің де пысықтауыштық қызметте қолдануында деуге болады.
Көсемшелер етістіктің негізгі және туынды түбірлеріне, күрделі негіздерге тікелей де, қажетінше етіс жұрнақтарынан соң да немесе амалдың өту сипатын білдіріп, рең жамайтын жұрнақтардан кейін жалғану арқылы жасалады.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінен бастап Н.Сауранбаев еңбектеріне шейін (елуінші жылдар) көсемше жұрнақтары ретінде –а, -е/-й; -ып, -іп, -п; -ғалы, -гелі, -қалы, -келі қосымшалары аталған. Кейінгі зерттеушілер көсемшенің жұрнақтарына –ғандай, -ғанша, -мастан, -май, -майынша, -ысымен жұрнақтарын да қосады.
Көсемшенің мағынасы мен қызметіне қарай оны үстеуге жақын деген пікірлер бар. Осы пікірдегі ғалымдар бірсыпыра, олардан В.В.Виноградов, Н.А.Баскаков, Н.Т.Сауранбаевтарды атауға болады. Бірақ көсемше синтаксистік қызметі жағынан үстеуге ұқсағанымен, олардың үлкен айырмашылықтары бар. Мәселен,
Көсемше тек қимылды білдіреді, ол – етістіктің белгісі.
Көсемшенің жұрнақтары – тек етістікпен ғана қолданылатын жұрнақтар, ол көсемшенің етістік екенін білдіреді.
Үстеу – заттың белгісін білдіретін сөз табы, көсемше қимылдың белгісін білдіреді.
Көсемше тек етістіктен жасалады, үстеу әр түрлі сөз табынан жасалады.
Көсемше тек етістікпен сөз тіркесін жасайды, үстеу басқа да сөз таптарымен тіркес жасай береді.
Көсемше есім сөзді меңгереді, үстеуде ол қасиет жоқ.
Көсемше мен үстеу арасындағы бұл айырмашылықтар көсемшені етістік деп тануға негіз болған. Демек, көсемшенің сөйлемдегі негізгі қимылды сипаттайтын жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі екені анықталды, ол – көсемшенің табиғатына тән негізгі мағынасы мен қызметі. Бірақ тілдік бірліктер тілдің даму сатысында түрлі өзгерістерге ұшырап отыратыны белгілі. Бұл құбылыс көсемшеге де қатысты. Тілдің дамуына байланысты көсемше де түрлі өзгерістерге ұшыраған.
Тілдің кейінгі даму сатысында көсемше түрлі өзгеріске түсіп, негізгі қызметінен басқа да қызмет атқаратын болған, олар:
Көсемшенің жанама қимылды білдіріп, негізгі етістіктің алдынан тіркесуі – алғашқыдан бастап, әлі атқарып келе жатқан негізгі қызметі. Көсемше тұлғалы етістік пен негізгі етістіктің тіркесі бара-бара күрделі етістіктерді қалыптастырған. Сондықтан көсемше қазір күрделі етістік құрамындағы етістіктерді байланыстыру қызметін атқарады. Бұл қызмет көсемшеде сақталған. Мысалы, алып кетті, беріп келді, кіріп шықты, алып барды, алып берді, алып келді, қайтып кетті, көріп берді, алып қайтты, қайтып келді, т.б.
Көсемшенің осы қызметіне байланысты оның сөйлем мен сөйлемді байланыстыру қызметі дамып, ол тілден кең орын алған. Мысалы, Сол күні таң бозынан тұрып, атқа мініп еді. Өз үйінен шығарып, төрде отырған әжесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.
Көсемше аналитикалық форманттардың қалыптасуына да қатысқан. Тілдік бірліктердің грамматикалық дамуында күрделі етістіктердің екінші соңғы сыңары грамматикалық көрсеткішке көшкенде, күрделі етістік сыңарларын байланыстырып тұрған көсемше жұрнағы көмекші етістікпен бір грамматикалық мағынаға көшіп, аналитикалық формант жасаған. Демек, көсемшенің жұрнағы аналитикалық форманттардың қалыптасуына қызмет еткен. Көсемше жасайтын жұрнақтар мыналар:
–ып, -іп, -п түбір етістіктерге жалғанып, одан көсемше жасайды. Мысалы, сескеніп абыржу, ашуланып жылау, әлпештеп асырау, долданып ашулану, шаршап ұйықтау.
–а, -е, -й жұрнағы түбір етістіктерге жалғанып, олардан көсемше жасайды. Мысалы, күле сөйледі, тұнжырай қарады, ойлана сөйледі, күмілжи сөйледі, кешіге келерміз.
–ғалы, -гелі, -қалы, -келі жұрнағы негізгі түбір етістіктерден көсемше жасайды. Мысалы, танысқалы кетті, ұйықтағалы жатты, кеткелі тұрды, оқығалы келді, аяқтағалы отыр.
–ғанша, -генше, -қанша, -кенше жұрнағы түбір етістіктен көсемше жасайды. Мысалы, келгенше күт, бітіргенше тоқтама, аяқтағанша тынықпа, жеңгенше күрес, көнгенше үгітте.
–майынша, -мейінше, -байынша, -бейінше, -пайынша, -пейінше жұрнағы көсемше жұрнағынан кейін қосылып жүр. Оны А.Ысқақов –ғанша жұрнағының болымсыз түрі деп таныған. Олардың мағыналас екені рас, тек бірі болымды, екіншісі болымсыз мағынаны білдіреді. Мысалы, Хабар келмейінше, қозғалма.
12-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 12
Тақырыбы: Рай категориясы
Дәріс мазмұны:
Ашық рай.
Бұйрық рай.
Шартты рай.
Қалау рай.
Негізгі әдебиеттер:
Құлманов С. Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальділігінің функционалды-семантикалық өрісі. Канд.дисс.автореф. А., 2004.
Дүйсембекова Л. Қазіргі қазақ тіліндегі бұйрық райдың парадигмасы мен мағыналық құрамы. Канд.дисс. автореф. А., 1998.
Мамаділов Қ.А. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің модальдық құрылымдары. Канд.дисс. авторефераты. А., 1996.
Қосымша әдебиеттер:
Елшібаева Ә. Шарт мәнін беруші тәсілдердің қолданыс ерекшелігі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2005, 71-77.
Сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасын, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын, модальдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен тұратын етістіктің грамматикалық категориясы рай категориясы деп аталады. Рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі көрсетіліп жүр. Осы райлардың қимылдың шындық өмірді білдіру дәрежесі бірдей емес.
Етістік білдіретін қимыл шындық өмірге қатысты болса (оқыдым, оқып отырмын, оқимын), онда ол реальді қимыл болады, ол объективті модальдықты білдіреді. Етістік білдіретін қимыл шындық өмірге қатысты болмаса (оқыса, оқы), онда ол неғайбіл қимыл болады да, субъективті модальдық мағынаны білдіреді. Осымен байланысты райлар екіге бөлінеді: 1) реальді қимылды яғни объективті модальдықты білдіретін ашық рай; 2) неғайбыл қимылды яғни субъективті модальдықты білдіретін – бұйрық рай, қалау рай және шартты райлар.
Ашық рай (индикатив) деп қимылдың шындық өмірде белгілі бір мезгілде болатынын, болып өткенін, я болып жатқанын, я болмайтынын нақтылы білдіретін етістіктің категориясы аталады. Ашық рай іс-әрекет үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірін білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі – қимыл, іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен байланысты өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетін сипатын білдіру, сөйтіп ашық рай, бір жағынан, етістіктің рай категориясының бір түрі болса, екінші жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасайтын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Мысалы, Ол күңгірт көпті ойлаумен өмір кешкен. Өмірдің күңгірт жүзді күзі жетті. Барлығы да көктеп, жайнап тұр. Аспан жібектей жеңіл сезіледі.олар ертең келер.
Неғайбіл райлар қимылға сөйлеушінің пікірін, көзқарасын, ниетін білдіретін болғандықтан, олар субъективті модальдылыққа жатады да, қимылдың реальсіз екенін білдіреді. Бұл қасиет неғайбіл райлардың бәріне тән жалпы қасиет. Неғайбіл райлардың жалпы ортақ қасиеті болуымен бірге мағыналарында айырма бар. Өйткені субъектінің қимыл арқылы білдіретін пікірі әр түрлі. Бірде етістік субъектінің қимылдың жасалу-жасалмауын қалайтынын білдірсе, бірде етістік субъектінің қимылдың жасалу-жасалмауын бұйыратынын немесе қимылдың жасалу-жасалмауына шарт қоятынын білдіреді.
Субъективтік модальдылықтың бұл мағыналары етістіктің бұйрық, қалау, шартты райлары арқылы беріледі. Сондықтан бұйрық, қалау, шартты райлардың көрсеткіштері субъективтік модальдық мағынаны білдіруге қызмет етеді.
Бұйрық рай (императив) деп қимылды жасау я жасамауды басқадан талап ететін, қимылға қозғау салатын рай аталады. Қимылдың жасалу я жасалмауын талап ету, қозғау салу қызметі сөйлеушіге ғана қатысты. Басқаша айтқанда, сөйлеуші – бұйрық беруші, бұйрық иесі. Демек, бұйрық – субъектінің пікірі ғана, қимыл – әлі шындық өмірде жоқ қимыл.
Бұйрық беруші сөйлеуші болғандықтан, ол бірінші жақ болып түсініледі де, бұйрық екінші жақтағы тыңдаушыға не 3-жақтағы бөгде адамға бағытталады. Осымен байланысты бұйрық рай жақ категориясымен байланысады. Бұдан бұйрық райдағы етістіктің құрамында міндетті түрде жіктік жалғауы болуы қажет екені анықталады.
Бұйрық райдағы қимылға сөйлеуші – субъект, тыңдаушы және бөгде адам қатысады. Бұйрық мағына сөйлеушіден екінші, үшінші жаққа бағытталатын болғандықтан, бұйрық райдағы етістік жіктеледі. Бұйрық райдың жақ мағынасын білдіретін өз жіктік жалғауы бар. Өз жіктік жалғауы аталатын себебі бұйрық райда қолданылатын жіктік жалғаулары басқа ешбір райда қолданылмайды, тек бұйрық райда ғана қолданылады. Олар төмендегідей:
Бұйрық райдың жіктік жалғаулары
Жекеше Көпше
І жақ: -айын, -ейін, -йын, -йін; І жақ: -айық, -ейік, -йық, -йік;
ІІ жақ: Ø ІІ жақ: -ыңдар, -іңдер, -ңдар, -ңдер;
сыпайы: -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз; сыпайы: -ыңыздар, -іңіздер, -ңыздар,
-ңіздер;
ІІІ жақ: -сын, -сін. ІІІ жақ: -сын, -сін.
Бұйрық райдағы етістіктердің құрамында бұйрық мағынасын білдіретін көрсеткіш жоқ, бірақ бұйрық мағынасы бар. Жалпы теория бойынша мағына бар жерде ол мағынаны білдіретін тілдік таңба болады, ол – міндетті заңдылық. Сондықтан бұйрық мағынасы болғандықтан, бұл етістіктердегі бұйрық мағынаны білдіретін қосымшаның жоқтығы нөлдік морфема арқылы беріледі деп саналады.
Бұйрық рай мағынасы аналитикалық формант арқылы да жасалады. Бұйрық рай жасайтын аналитикалық формант мыналар: -ушы болма, -а көр, -а көрме.
-ушы болма аналитикалық форманты қимылдың жасалуына тыйым салуды білдіреді. Мысалы: Сен бұлардың көзінше жылаушы болма. Сіз тісіңізден шығарушы болмаңыз.
-а көр, -а көрме аналитикалық форманттары өтіну, бұйыру сияқты мағыналарды білдіреді. Бұлардағы -а көр болымды мәнді білдіреді, -а көрме болымсыз мәнді білдіреді. Мысалы, Кешіре көріңіз, Рязанов мырза. Бірақ мені мынадай столдың қасына жолата көрмеңіз.j
Бұйрық райлы етістік ір түрлі мағыналық реңкте қолданылады, олар төмендегідей:
1. Бұйрық мағынаға: бұйрық, команда, жарлық, тапсырма сияқты мағыналық реңктер жатады: Сабап-сабап айдап таста Дәркембайды деп көзімше бұйрық берді. – Тура! Алға жүгір! Тоқта! Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылсын! Осы ережені ертең жаттап кел.
2. Талап ету. Бұл мағыналық топқа талап ету, күштеу, қорқыту реңктері жатады. Мұнда қимылды орындату мақсаты көзделеді: Қазір дереу акт жасаңыз! – Шығар шапшаң құлжаны! – Кет, қане, өлмей тұрғаныңда.
3. Тыйым салу. Бұл мағыналық топқа қимылдың жасалуына қатты тыйым салу, өтіну түрінде тыйым жасау жатады: Өтірік айтушы болма! Айта көрмеңіз. Аман келе көр.
4. Өтіну. Өтінуге бұйрық райдың өтіну, жалбарыну, жалыну реңктері кіреді: - Апа, екеуіне де жақсы сый беріп аттандыршы! – Апатайлар, мені ала кетіңдерші! А, құдай, ең болмаса осы тілегімді бере көр!
5. Тілек мәніне алғыс, тілек, бата жатады. Сапарларың оң болсын! –Босағаңа жамандық жетпесін, Төріңнен жақсылық кетпесін.
6. Кеңес мәні сөйлеушінің көмекші, ақылшы болғысы келген ниетінен туындайды: - Шырақтарым, алқынбаңдар, аптықпаңдар, жүректеріңді басыңдар. – Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз!
7. Қарғыс мағынасы: Көзің аққыр, көзің шықсын, қарғыс атқыр!
Қалау рай деп сөйлеушінің қимылды жүзеге асырғысы келетін ниетін, ықыласын, ойын білдіретін етістіктің түрі аталады. Қалау рай субъектінің қимылдың жасалуын тілейтінін, ұнататынын білдіреді де, тілекті модальдылыққа жатады.
Қалау рай жасайтын көрсеткіштер мыналар: 1) –ғай, -гей, -қай, -кей жұрнағы: барғайсың, қайтқайсыз, білгейсіз, көрсеткейсіздер. 2) –ғай еді (-қай еді, -гей еді, -кей еді) аналитикалық форманты: қайтқай еді, көрсеткей еді, алғай еді, біткей еді. 3) –са игі форманты: сұраса игі еді, білсе игі еді, кешірсе игі еді. 4) –са еді форманты: бұйырса еді, білсем еді, ұмытпасаң еді. 5) –са екен форманты: келсе екен, ұтсам екен, озсаң екен.
Қалау райдағы етістіктің жақ мағынасы жіктік жалғаулары арқылы беріледі.
Қалау рай –ғай жұрнағы арқылы жасалғанда, оған жіктік жалғаудың толық түрі жалғанады: білгеймін, білгейсің, білгейсіз, білгей.
–ғай, -гей жұрнағы арқылы жасалған тілекті қалау райлы етістіктің жақ мағынасы жіктік жалғаудың толық түрі арқылы жасалады. Ол төмендегідей:
Мен алғаймын, білгеймін Біз алғаймыз, білгейміз
Сен алғайсың, білгейсің Сендер алғайсыңдар, білгейсіңдер
Сіз алғайсыз, білгейсіз Сіздер алғайсыздар, білгейсіздер
Ол алғайØ, білгейØ. Олар алғайØ, білгейØ.
3) –са игі еді, -са еді, -са екен, -ғай еді форманттары арқылы жасалған тілекті қалау рай тұлғадағы етістіктердің жақ мағынасы жіктік жалғаудың қысқа түрі арқылы беріледі және ол жіктік жалғауы –са жұрнағынан соң жалғанады. Мысалы, білсем екен, ұмытпасаң еді. –гей еді формантында жіктік жалғау еді көмекшісіне жалғанады. Мысалы, келгей едің, білгей едім.
Қалау рай тұлғалы етістік синтаксистік сипаты жағынан жақсыз сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Мысалы, Менің оқығым келеді.
Шартты рай деп екінші қимылдың жасалу-жасалмауына шарт болатын қимылды білдіретін етістік аталады. Шартты райлы етістік бар сөйлемде екі етістік болады да, бірі екінші қимылдың шарты болады. Бұл шартты райлы етістіктің шартты бағыныңқылы құрмалас сөйлемде қолданылуын қалыптастырған. Шартты бағыныңқылы құрмалас сөйлемді шартты рай тұлғасындағы етістік бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болады. Мысалы, Құнанбай осы жолы сол сөз қайта шықса, келісіп аттанбақ.
Шартты райдағы етістіктің жақ мағынасын жіктік жалғаудың қысқа түрі білдіреді. Шартты райлы етістіктің жіктелу жүйесі төмендегідей:
Жекеше Көпше
Мен ойласам, көнсем Біз қуансақ, күлсек
Сен ойласаң, көнсең Сендер қуансаңдар, күлсеңдер
Сіз ойласаңыз, көнсеңіз Сіздер қуансаңыздар, күлсеңіздер
Ол ойласа, көнсе. Олар қуанса, күлсе.
Шартты райдағы етістік те шындық өмірде болған, шындық өмірге қатысты қимылды білдіретін болғандықтан, неғайбіл райларға жатады да, шартты модальдылықты білдіреді. Тілдің кейінгі дамуына байланысты шартты райдың жұрнағы басқа рай көрсеткіштеріне көшкені де бар, ондай жағдайда ол форманттар жай сөйлемде қолданыла береді, яғни олар шартты бағыныңқылы сөйлем жасамайды.
Шартты рай етістікке -са, -се қосымшасы жалғану арқылы жасалады.
13-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 13
Тақырыбы: Шақ категориясы. Етістіктің жақ категориясы
Дәріс мазмұны:
Шақ категориясы, оның түрлері.
Жақ категориясы туралы түсінік.
Негізгі әдебиеттер:
Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. А., 1953.
Оралбаева Н. Етістіктің жіктелуі // Қазақстан мектебі, 1963, №2.
Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980.
Қосымша әдебиеттер:
Омарова А. Осы шақтың Қ.Жұбановқа дейінгі грамматикалардағы көрінісі // Проф. Н.Оралбаева және қазақ тілі білімінің мәселелері. – А., 1998.
Қимыл, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен байланысты болып өткендігін, бірақ болатынын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын етістіктің грамматикалық категориясы шақ категориясы деп аталады. Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың мезгілі, шақтық мағынасы мынадай болады:
үнемі қайталанып, дағдыға айналған іс-қимыл, сөйлеп тұрған кезде болып жатқан қимыл, іс-әрекет.
Сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимыл, іс-әрекет.
Сөйлеп тұрған кезде әлі болмаған, бірақ кейін болуға тиісті қимыл-іс әрекеттер.
Сонымен, сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болу мезгілі үш түрлі. Қазіргі қазақ тілінде шақ категориясы морфологиялық белгісіне, шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ, келер шақ болып үшке бөлінеді.
Өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеу кезінен бұрын болып, істеліп кеткенін білдіретін етістіктің грамматикалық формасы. Қазіргі қазақ тіліндегі өткен шақ грамматикалық формасы мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ болып үшке бөлінеді.
а) Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне –ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалып, жіктеліп қолданылады: барды, келді, кетті. Жедел өткен шақ жұрнағы етістіктің тұлғаларына тікелей жалғанады. Жедел өткен шақтың болымсыз түрі етістіктің –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: бермеді, айтпады, келмеді.
Жедел өткен шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. –м: бардым, келдім -к, -қ: бардық, келдік
ІІ. –ң: бардың, келдің -ңдар, -ңдер: бардыңдар, келдіңдер
-ңыз, ңіз: бардыңыз, келдіңіз -ңыздар, -ңіздер: бардыңыздар
ІІІ. Ø Ø
ә) Бұрынғы өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда, әлдеқашан бұрын болғандығын білдіреді. Бұрынғы өткен шақ екі түрлі жолмен жасалады:
а) Бұрынғы өткен шақ –ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшенің жіктеліп келуінен жасалады. Ашынбай топқа енбеген, Алысқан сайын өрлеген, Айбынды бауырым Төлеген.
ә) Бұрынғы өткен шақ етістікке көсемшенің –ып, -іп, -п жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Баяғыда Мысыр елінің әрі ақылды, әрі әділ кедей-кепшікке қамқоршы бір сұлтаны дәурен кешіпті.
Бұрынғы өткен шақтың жіктелу үлгісі:
а) Жекеше: Көпше:
І. –мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін -быз, -біз, -мыз, -міз, -пыз, -піз
ІІ. –сың, -сің -сыңдар, -сіңдер
-сыз, -сіз -сыздар, -сіздер
ІІІ. Ø Ø
б) Жекеше: Көпше:
І. -пын, -пін -пыз, -піз
ІІ. –сың, -сің -сыңдар, -сіңдер
-сыз, -сіз -сыздар, -сіздер
ІІІ. –ты, -ті -ты, -ті
Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі төмендегідей жасалады:
Есімше формалы бұрынғы өткен шақ:
–ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары арқылы: айқайлама, барма, келме.
Жоқ, емес сөздері арқылы: барған емес, көрген жоқ.
б) Ауыспалы өткен шақ есімшенің –атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнақтары арқылы жасалып, бірде өткен шақтық, бірде келер шақтық мағынада қолданылады: жүре беретін, айтатын. Ауыспалы өткен шақ жіктеліп те, еді көмекші етістігімен тіркесіп келіп те жұмсалады: шығатын еді, келетін еді. Ауыспалы өткен шақтың болымсыз түрі етістікке –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: жүре алмайтын, сатпайтын.
Ауыспалы өткен шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. Білетінмін білетінбіз
ІІ. Білетінсің білетінсіңдер
Білетінсіз білетінсіздер
ІІІ. Білетін білетін
Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді. Басқа шақ түрлеріне қарағанда осы шақтың жасалуында кейбір ерекшелік бар. Ол қалып етістіктерінің отыр, тұр, жатыр, жүр негізгі етістік мәнінде немесе негізгі етістіктің көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп, -п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктеліп барып жасалуын да, бұлар грамматикаларда нақ осы шақ деп беріледі. Осы шақ мағынасы мен түрлеріне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып екі түрге бөлінеді.
1. Нақ осы шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтте істеліп, болып жатқанын білдіреді. Нақ осы шақ етістіктің құрамына қарай жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді.
а) нақ осы шақтың жалаң түрі отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктерінің жіктелуі арқылы жасалады: жүресінен отыр, Мадияр жатыр, оқушы тұр. Нақ осы шақтың болымсыз түрі қалып етістіктерінің есімше тұлғасында келіп, жоқ сөзімен тіркесуі арқылы жасалады: ойлаған жоқ, келген жоқ. Қалып етістіктеріне жіктік жалғауы тікелей жалғанып есімдерше жіктеледі.
Нақ осы шақтың жіктелуі:
Жекеше: Көпше:
І. Отырмын, тұрмын. Отырмыз, тұрмыз.
ІІ. Отырсың, тұрсың. Отырсыңдар, тұрсыңдар.
Отырсыз, тұрсыз. Отырсыздар, тұрсыздар.
ІІІ. Ø Ø
ә) нақ осы шақтың күрделі түрі етістіктің –а, -е, -й, -ып, -іп, -п тұлғалы көсемше түрі мен отыр, жатыр, жүр, тұр деген қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесінен жасалады: қиналып жатыр, жүгіріп жүр, ішіп жатыр, келе жатыр.
2. Ауыспалы осы шақ қимыл, іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді. Ауыспалы осы шақ –а, -е, -й тұлғалы көсемшенің жіктелуі арқылы жасалады: айтады, сынайды.
Ауыспалы осы шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. Айтамын айтамыз
ІІ. Айтасың айтасыңдар
Айтасыз айтасыздар
ІІІ. Айтады айтады.
Келер шақ қимыл, іс-әрекеттің әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін іске асатынын білдіреді. Мағыналық ерекшеліктеріне қарай келер шақ үшке бөлінеді: болжалдық келер шақ, мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ.
1. Болжалды келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай ғана айтылуын білдіреді. Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне есімшенің –ар, -ер, -р, болымсыз етістіктен кейін –с жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауының үстелуі арқылы жасалады. Бірақ оның ойлағанының бәрі бола бермес. Болжалды келер шақ –с жұрнағы арқылы жасалған болымсыз етістіктен жасалғанда, қимыл, іс-әрекеттің болмауын болжай, күмән келтіре айтудан, білдіруден гөрі, жігерлі, үзілді-кесілді мән беруге бейім болады: Амандық, тыныштық іздемеспін.
Болжалды келер шақтың жіктелуі:
Жекеше: Көпше:
І. Барармын, бармаспын барармыз, бармаспыз
ІІ. Барарсың, бармассың барарсыңдар, бармассыңдар
Барарсыз, бармассыз барарсыздар, бармассыздар
ІІІ. Ø Ø
2. Мақсатты келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің келешекте мақсат етіле орындалатынын білдіреді. Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының жалғанып, одан кейін жіктік жалғауларының үстелуі арқылы жасалады: Ол ертең өз еліне қайтпақ. Етістіктің –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының үстіне –шы, -ші жұрнағы жалғанып, жіктелуі арқылы да мақсатты келер шақ жасалады: Етікбайды күзетке қойып, Петр мен Қойшығара бой жазып отырмақшы.
Мақсатты келер шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. Бармақпын бармақпыз
ІІ. Бармақсың бармақсыңдар
Бармақсыз бармақсыздар
ІІІ. Ø Ø
3. Ауыспалы келер шақ та ауыспалы осы шақ сияқты –а, -е, -й жұрнақты көсемшенің жіктеліп келуі арқылы жасалады: Ішімнен шыққан Құтжаннан кем көрмеймін. Ауыспалы келер шақ пен ауыспалы осы шақ бір-бірінен сөйлемдегі мағынасы жағынан ажыратылады. Ауыспалы келер шақтың болымсыз түрі етістіктің –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: Ыққаннан еш нәрсе шықпайды.
Етістіктің жақ категориясы – қимылдың субъектісін көрсететін категория. Жақ категориясы қимылдың субъектісін үш жақ арқылы көрсетеді. 1-жақ – сөйлеуші, 2-жақ – тыңдаушы, 3-жақ – бөгде адам. Тілде осы үш жақтың әрқайсысының мағынасын білдіретін жіктік жалғаулары бар. Олардан басқа қазақ тілінде 2-жақтың сыпайы түрінің жалғауы бар.
Сөйлемде жіктік жалғаулы етістік атау тұлғадағы жіктеу есімдерімен жақ арқылы қиысып тұрады. Мысалы,
Мен оқимын Біз оқимыз
Сен оқисың Сендер оқисыңдар
Сіз оқисыз Сіздер оқисыздар
Ол оқиды Олар оқиды.
3-жақ жіктеу есімдіктерімен қатар атау септіктегі зат есімдерде сөйлемде бастауыш қызметінде қолданылады. Зат есімнен болған бастауыштар тек 3-жақта етістікпен жақ арқылы яғни 3-жақта байланысады. Мысалы, Асқар оқиды.
Етістіктің жақтық мағынасы есім сөздің жақтық мағынасын айқындап толықтырып тұрады. 1-жақтағы етістік баяндауыш есім бастауыштың сөйлеуші екенін хабарлайды. 2-жақтағы етістік баяндауыш бастауыштың тыңдаушы екенін айғақтайды. 3-жақтағы етістік баяндауыш сөйлесуге қатыспаған бөгде адам туралы әңгіме болғанын білдіреді.
Қазақ тілінде жіктік жалғау 3 түрлі:
жіктік жалғаудың қысқа түрі;
жіктік жалғаудың толық түрі;
бұйрық райдың жіктік жалғауы.
Жіктік жалғаудың қысқа түрі жедел өткен шақ пен шартты райда қолданылады. Мысалы,
Мен келдім, келсем Біз келдік, келсек
Сен келдің, келсең Сендер келдіңдер, келсеңдер
Сіз келдіңіз, келсеңіз Сіздер келдіңіздер, келсеңіздер
Олар келді Ø, келсе Ø Олар келді ØØ, келсе ØØ.
Жіктік жалғаудың толық түрі жедел өткен шақтан басқа шақтардың бәрінде қалау райда, есім сөздердің жіктелуінде де қолданылады. Олардың жіктелуінде бір айырма бар. Жіктік жалғаудың 3-жағының жалғауы ауыспалы осы шақ пен ауыспалы келер шаққа бұрынғы өткен шақтың –п жұрнағы арқылы жасалған түріне ғана жалғанады. Мысалы, құс ұшады, балық жүзеді, ертең келеді, ол келіпті. Қалған жағдайдың бәрінде 3-жаққа жалғау жалғанбайды. Мысалы, ол келген Ø, ол келмек Ø, Әсет мұғалім Ø.
Жіктік жалғаудың толық түрінің үлгісі:
Мен барамын, алыппын, көргенмін
Сен барасың, алыпсың, көргенсің
Сіз барасыз, алыпсыз, көргенсіз
Ол барады, алыпты, көрген.
Бұл жіктік жалғаулары түбір етістікке шақ, рай жұрнақтарының көрсеткіштерінен соң жалғанады.
Бұйрық райдың жіктік жалғауы тек бұйрық райда ғана қолданылады, басқа райларда, шақтарда қолданылмайды. Бұйрық райдың жіктік жалғауы түбір етістікке тікелей жалғанады. Басқа жіктік жалғауларында 3-жаққа жалғау жалғанбай, нөлдік морфема қолданылса, бұйрық райдың жіктік жалғауында 2-жақ жекеше түрінде жалғау жалғанбай, нөлдік жалғау қолданылады.
Мен сұрайын, кетейін, жатайын.
Сен сұра Ø, кет Ø, жат Ø.
Сіз сұраңыз, кетіңіз, жатыңыз.
Ол сұрасын, кетсін, жатсын.
Біз сұрайық, кетейік, жалғайық.
Сендер сұраңдар, кетіңдер, жалғаңдар.
Сіздер сұраңыздар, кетіңіздер, жалғаңыздар.
Олар сұрасын, кетсін, жалғасын.
14-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 14
Тақырыбы: Үстеу
Дәріс мазмұны:
Үстеудің лексика-семантикалық сипаты.
Үстеудің құрамдық түрлері.
Үстеудің семантикалық топтары.
Негізгі әдебиеттер:
Искаков А. Наречие в казахском языке. Алма-Ата, 1960.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы: Ғылым, 1982.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991.
Қосымша әдебиеттер:
Таңсықбаева Б. Туынды үстеулердің жасалуына уәждеме болған сөз таптары // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2005, 58-62-б.б.
Таңсықбаева Б. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжасам жүйесі. Ф.ғ.к. ... дис. авторефераты. А., 2006.
Қазіргі қазақ тілінде үстеу лексика-семантикалық, морфологиялық жағынан ерекшеленген дербес сөз табы болып табылады. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, жүзеге асу амал-тәсілін, мекенін, себебін, мезгілін, жай-күйін білдіретін және грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздер.
Қазақ тілінде осы тәрізді қимылдың әр түрлі сипаттарын білдіретін кейбір есім сөздер мен етістіктің көсемше тұлғалары да бар, бірақ олар үстеу орнына қолданылғанымен, яғни қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, мекенін, амалын, мезгілін білдіргенімен, сөз табы жағынан үстеу болып танылмайды. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер етістікпен тіркесіп, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады. Кейбір үстеулер морфологиялық өзгеріске түсіп, субстантивтенеді, яғни көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Мысалы: Бүгініміз – беймаза, өткеніміз өкініш пе?
Үстеудің негізгі грамматикалық белгісі – оның арнайы түрлену жүйесінің және грамматикалық категорияларының жоқтығы. Сөйтіп, үстеу қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы болып саналады.
Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер құрамы жағынан түбір үстеулер, туынды үстеулер және күрделі түбір үстеулер болып үшке бөлінеді. Құрамы жағынан түбір және қосымшаға бөлшектеуге келмейтін сөздер негізгі үстеулер деп аталады: біраз, ерекше, енді, жылдам, әрең, әдейі, жорта, әзір, әлі, бұрын, қасақана, ұдайы, ақырын, ерте, кеш, жоғары, төмен, қазір, үнемі, дереу, жаңа,енді, шапшаң, бағана, ілгері, әрі, бері, ман, ылғи, әзір, бекер, дереу, кері, әрмен, бермен, нақ, нағыз, дәл, өте, тым, аса, ерекше, мүлде, оқыс, түгел. Негізгі үстеулердің көпшілігіне сын есімнің шырай жұрнақтары жалғанады. Мысалы, бұрынырақ, ертерек, төменірек, әрірек, тезірек, жылдамдау. Үстеудің кейбір мағыналық топтары шырай жұрнақтарын мүлдем қабылдай алмайды. Жоғарыда аталған кейбір үстеулерге сын есімнің шырай жұрнақтарының жалғануы тарихи жағынан үстеудің сын есіммен жақын, төркіндес екендігін көрсетеді. Осымен байланысты шырай жұрнақтарын қабылдайтын да – негізгі түбір үстеулер мен қимылдың сапалық белгісін білдіретін үстеулер.
Басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарының жалғануы арқылы, кейбір септік жалғауларының көнеленуі, яғни түбірге сіңісіп кетуі арқылы жасалған сөздер туынды түбір үстеулер деп аталады: босқа, жатқа, артқа, текке, бекерге, бірге, кешке, әзірге,түнде, мұнда, күнде, баяғыда, қапыда, лезде, шетінен, төтеден, шалқасынан, етпетінен, қырынан, кенеттен, өз-өзінен.
Бірнеше түбірдің кірігуі, бірігуі, қосарлануы, тіркесуі, тұрақтануы арқылы жасалған сөздер күрделі түбір үстеулер деп аталады: бүгін, биыл, жаздыгүні, қыстыгүні, ендігәрі, бірте-бірте, бет-бетімен, күні кеше, күні бүгін, т.б.
Үстеудің сөз табы ретінде басты белгісі – оның семантикалық сипаты болып табылады. Үстеудің семантикалық топтары: мезгіл үстеулері, мекен үстеулері, мөлшер үстеулері, сын-қимыл үстеулері, күшейтпелі үстеулері, мақсат үстеулері, себеп-салдар және топтау үстеулері.
Қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жүзеге асу уақытын, мезгіл, мерзімін білдіріп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеулері мыналар: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, енді, ертең, таңертең, кешке, күндіз, қыстыгүні, әуел-баста, қыстай, жаздай, кеш, әлі. Мезгіл үстеулердің жасалу жолдары:
–ша, -ше: бүгінше, биылша, әзірше.
Көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) септіктердің көнеленуі арқылы жасалған мезгіл үстеулер: әуел баста, жазда, қыста, баяғыда, күнде, басында, лезде, бағанадан, бұрыннан, әуелден, ертемен, таңертеңмен.
Күрделі түбір мезгіл үстеулері бірнеше сөздердің бірігіп, қосарланып, тіркесіп тұрақтануы арқылы жасалады. Олар: бүгін, биыл, таңертең, жаздыгүні, кешқұрым, бүгін-ертең, енді-енді, бұрын-соңды, таң сәріде, жаз бойы.
Мезгіл үстеулері қимылдың мезгілін білдіріп, етістікпен тіркесіп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемнің мезгіл пысықтауышы қызметін атқарады.
Қазіргі қазақ тіліндегі мекен үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдардың мекенін, орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулерге мына сөздер жатады: төмен, жоғары, ілгері, әрі, бері, әрмен, алға, артқа, тысқары, осында, мұнда, кері, т.б. Мекен үстеуінің жасалу жолдары:
а) –қары, -кері, -ғары, -гері жұрнақтарының жалғануымен жасалады: ілгері, тысқары, сыртқары, ішкері. Бұлардың кейбірі түбірмен кірігіп, қазіргі кезде туынды түбір болып есептелмейді де.
ә) Көлемдік (барыс, жатыс) септігінің көнеленуі жолымен жасалады: алға, артқа, төменде, жоғарыда, артта, осында, мұнда, ілгеріде.
Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдың немесе сынның көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіріп, қанша? қаншама? қаншалап? кейде? қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулеріне төмендегі сөздер жатады: сонша, осыншама, мұнша, сондайлық, анағұрлым, онша, едәуір, бірталай, бірқыдыру, біраз. Кейде мөлшер үстеулері есім сөздермен де тіркесіп жұмсалады: бірталай уақыт өтті, сонша жүкті көтеріп, сондайлық сыпайы. Морфологиялық құрамы жағынан мөлшер үстеулері негізгі түбір бола алмайды, себебі тілдегі барлық мөлшер үстеулері басқа сөз таптарына жұрнақ жалғану арқылы немесе сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалған.
Мөлшер үстеулердің жасалу жолдары:
1) Туынды түбір мөлшер үстеуі мына қосымшалар арқылы жасалған: -ша, -ше: сонша, мұнша, онша.
-шама: соншама, мұншама, осыншама, біршама.
-шалық: мұншалық, соншалық, осыншалық.
-дайлық: мұндайлық, ондайлық, сондайлық.
2) Күрделі түбір мөлшер үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.
а) бірігу тәсілімен жасалған мөлшер үстеулері: анағұрлым, бірсыпыра, бірқыдыру, недәуір.
ә) қосарлану тәсілі арқылы жасалған мөлшер үстеулері: бірен-саран, бірлі-жарымды, азды-көпті, некен-саяқ.
Мөлшер үстеуі етістікпен тіркесте келіп, сөйлемнің мөлшер пысықтауышы қызметін атқарады. Сонымен бірге зат есім, сын есімдердің алдында келіп, оны анықтап, сөйлемнің қабыса байланысатын анықтауышы болады. Мысалы: Осынша өнер тауып асқан адам. Бірен-саран жатақтар көше жөнелуге әзірленіп қалды.
Қазіргі қазақ тіліндегі сын-қимыл үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жасалу, амал-тәсілін, сынын, бейнесін білдіріп, қалай? қайтіп? қалайша? кімше? деген сұрақтарға жауап береді. Сын-қимыл үстеуге мына сөздер жатады: ақырын, тез, шалқасынан, әзер, оқыс, дереу, өзінше, зорға, қапыда, лезде, үнемі, өзгеше, көйлекшең, тікелей, ретімен, жүресінен, кезекпен, жайымен, астыртын, жасырын, үстіртін, бірден, біржола, т.б. Туынды түбір сын-қимыл үстеулері басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарының жалғануы, көлемдік септіктердің көнеленуі арқылы жасалады.
а) –ша, -ше жұрнағының әр түрлі сөз таптарына жалғануы арқылы көптеген сын-қимыл үстеулері жасалған: адамша, балаша, қазақша, ауызша, жазбаша, ескіше, керісінше, қысқаша.
ә) –шаң, шең жұрнақтары зат есімдерге жалғану арқылы жасалады: көйлекшең, етікшең, байпақшаң.
б) –лай, -лей, -дай, -дей жұрнақтарын қосу арқылы жасалады: жартылай, осылай, былай, бірдей, ойлай, тікелей, шикілей, өлердей.
в) Көлемдік, яғни барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің көнеленуі арқылы жасалған сын қимыл үстеулері төмендегідей:
Барыс септігі жалғауы арқылы: бірге, босқа, зорға.
Жатыс септігімен: қапыда, оқыста, лезде, аңдаусызда.
Шығыс септігі арқылы: өздігінен, шалқасынан, кенеттен, төтесінен.
Көмектес септігінің жалғауы арқылы: жайымен, ретімен, кезекпен, өздігімен, шынымен.
Сын-қимыл бейне үстеулеі негізінен етістікпен тіркесіп келіп, қимылдың сынын білдіріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметін атқарады.
Күшейтпелі үстеулер заттың сындық қасиетін және қимыл, іс-әрекеттің белгі, сапасын, мөлшер, көлемін күшейтіп не солғындатып көрсету үшін қолданылады. Күшейткіш үстеулерге мына сөздер жатады: ең, тым, өте, аса, орасан, нағыз, әбден, мүлде, кілең, өңкей, дәл, керемет, орасан, өрен. Күшейткіш үстеулер негізінен сапалық сын есіммен тіркесіп қолданылып, сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасайды: ең биік, өте жақсы. Күшейткіш үстеулердің көбі етістік алдында келіп, қалай? деген сұраққа жауап беріп қимылдың сапасын күшейтеді немесе солғындатып көрсетеді: Шешесі әбден таниды екен.
Морфологиялық құрылысы жағынан күшейткіш үстеу тек негізгі түбір болып келеді. Ол басқа сөз таптарына жұрнақтар жалғану арқылы немесе бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы жасалмайды.
Қазіргі қазақ тіліндегі мақсат үстеулері қимыл, іс-әрекеттің болу мақсатын білдіріп, не мақсатпен? деген сұраққа жауап береді. Мақсат үстеуге жататын сөздер көп емес: әдейі, жорта, қасақана, әдейілеп. Мақсат үстеулері құрамы жағынан тек негізгі түбір болып келеді. Сөйлемде етістікпен тіркесіп, мақсат пысықтауыш қызметін атқарады: Құнанбай бағанадан әзіл салғанда да, әдейі соған шұқшиған.
Қазіргі қазақ тіліндегі себеп-салдар үстеулер қимыл, іс-әрекет, амалдың болу, болмау себебін немесе салдарын білдіріп, не себепті? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Оған мына сөздер жатады: босқа, амалсыздан, бекерге, текке, лажсыздан, құр босқа, шарасыздан, жоққа. Құрамы жағынан себеп-салдар үстеулер туынды түбір болып келеді. Олар көлемдік (барыс, шығыс) септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалады: бекерге, босқа, текке, жоққа, шарасыздан, амалсыздан, лажсыздан. себеп-салдар үстеулер сөйлемде қимылдың жүзеге асу себеп-салдарын білдіріп, сөйлемнің себеп-салдар пысықтауышы қызметінде жұмсалады: Жандыкең лажсыздан өзінің артықтау кеткенін түсінді ме.
Топтау үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жасалуының топтық сипатын білдіреді де, нешеден? қаншадан? деген сұрақтарға жауап береді. Олар: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп. Топтау үстеулерінің жасалу жолдары:
–лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Олар: екеулеп, мыңдап, көптеп, аздап, қостап, жекелеп.
Қосарлану арқылы жасалған күрделі туынды түбір топтау үстеулері: қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп, бес-ондап.
Топтау үстеулері сөйлемде қалай? деген сұраққа жауап беріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметінде жұмсалады.
Үстеулер сөйлемде басқа сөздермен, көбіне, етістікпен қарым-қатынасқа түсіп, сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқарады. Ол негізінен пысықтауыш қызметінде жұмсалады.
Үстеу семантикалық сипатына сәйкес қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі сын-сипаты, белгісін білдіреді. Осымен байланысты мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын-қимыл, мақсат, себеп пысықтауыш бола алады. Мысалы, Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен. Тұра қаштым жалма-жан. Ерекше бір азап дүниесінен келгендей.
Кейбір үстеу сөйлем аяғында жіктеліп, баяндауыш болады: Іркітің де сонда, өлген малдың тері-терсегі де сонда, төлің де сонда.
Кейбірі атау септігінде тұрып, субстантивтеніп, бастауыш болады: Еріншектің ертеңі бітпес.
Зат есіммен, сын есіммен тіркесіп келіп, кейде анықтауыш қызметін атқарады: бірталай уақыт өтті, бірен-саран адам көрінеді.
Сөйлемде септеліп, заттанып толықтауыш та болады: Бірталайымен қол алысып амандасты.
15-апта
Кредиттік сағат саны – 2
Дәріс № 15
Тақырыбы: Еліктеу сөздер. Шылау. Одағай
Дәріс мазмұны:
Еліктеуіш сөздердің жалпы сипаты.
Шылау, оның түрлері
Одағай туралы түсінік.
Негізгі әдебиеттер:
Шақаман Ы. Қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қолданыстағы мағыналары. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1997.
Қосымша әдебиеттер:
Исанова А. Септеулік және демеулік шылаулардың синоним болуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2006, 97-102-б.б.
Исанова А. Жалғаулық шылаулардың синоним болуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 10, 2005, 39-44-б.б.
Нұғманқызы Қ. Еліктеуіш етістіктердің адамның қимыл-әрекетіне қатыстылығы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2001, 20-22-б.б.
Шақаманова Ы. Демеулік шылаулардың белгілері мен ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2000, 61-63-б.б.
Еліктеуіш сөздер – сөз табы ретінде кейінірек танылған сөз табы. Еліктеуіш сөздерді дербес сөз табы деп дәлелдеген – ғалым А.Ысқақов.
1950 жылдарға дейін еліктеуіш сөздер одағайға жатқызылып келген болатын. 1948 жылы А.Ысқақов «Еліктеу сөздер туралы» деген мақаласында еліктеуіш сөздерді жеке сөз табы деп дәлелдеп, оны одағайдан шығаруды ұсынды. 1950 жылдардан бастап, А.Ысқақов еліктеуіш сөздерді оқулықтарға дербес сөз табы деп кіргізді. Қазір еліктеуіш сөздер барлық оқулықтарда беріліп жүр, өйткені еліктеуіш сөздер – дербес сөз табы деп ғылымда танылған сөздер. 1954 жылы еліктеуіш сөздер алғаш ғылыми грамматика кірді.
Қазақ тілінде басқа сөз таптарының сөздерінен мағынасы жағынан да, дыбыстық құрамы жағынан да ерекшеленетін сөз табы – еліктеуіш сөздер.
Еліктеуіш сөздер деп өмірдегі заттардың бір-біріне соқьығысуынан шыққан, әр түрлі дыбыстарға еліктеуден немесе заттардың түрлі әрекеттерінің әр қилы көріністерінен пайда болатын сөздер аталады. Тілімізде семантикалық ерекшелігі жағынан да, фонетика-морфологиялық құрылымы жағынан да өзге сөз таптарынан оқшауланып тұратын, соған сәйкес, өз алдына дербес сөз табы ретінде қаралатын бір алуан сөздер еліктеуіш сөздер (мимема) деп аталады. Мысалы: гүрс, дүрс, сарт, тырс, сырт, кірт, тық-тық, сарт-сұрт, тарс-тұрс, дүрс сияқты еліктеу сөздер заттардың бір-біріне соқтығысуынан шыққан әр түрлі дыбыстарды білдіреді. Ал, арс-арс, маңқ-маңқ, күңк-күңк, шіңк, ыңқ, саңқ, шаңқ-шаңқ, ырс-ырс, қарқ-қарқ, қырш-қырш, бырт-бырт, шіңк-шіңк дегендер адам, жан-жануарлар шығаратын дыбыстарға еліктеуден пайда болған сөздер. Сондай-ақ, жалт-жұлт, қалт-құлт, жалп-жалп, тарбаң-тарбаң, қисаң-қисаң, қиралаң-қиралаң, көлбең-көлбең деген еліктеу сөздері өмірдегі заттардың, құбылыстардың, адамдардың сыртқы көзге көрінетін әр түрлі бейнелерін суреттеп білдірген. Бұдан еліктеуіш сөздердің мағынасы басқа ешбір сөз табына ұқсамайтыны анықталды. Бұл - елікте іш сөздерді тануда қызмет еткен мағыналық ұстаным.
Еліктеуіш сөздер – белгілі дыбыстық құрамнан тұратын, буын, дыбыс саны белгілі сөздер. Атап айтқанда, еліктеуіш сөздер екі, үш, төрт дыбыстан не бітеу бір буыннан тұратын сөздер: гу, ду, гүр, тыр, дір, тарс, сарт, қаңқ, саңқ, көлбең, жалбаң, т.б.
Еліктеу сөздердің бір тобы семантикалық мағыналары жағынан табиғатта ұшырасатын әр алуан дыбыстармен байланысты болса, екінші тобының семантикалық мағыналары сол табиғаттағы әрқилы табиғи көріністердің бейнелерімен байланысты. Осы себептен бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді. Бір тобы еліктеуіш сөздер деп, екінші саласы бейнелеуіш сөздер деп аталады.
Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы, Мылтық тарс етті. Қарға қарқ етті. Еліктеуіш сөздердің қайталанған түрінің екінші сыңарындағы ашық дауысты дыбыс қысаң дауысты еріндік дыбысқа айналып өзгерсе, ол сөздің тұлғасында туған осы өзгеріске байланысты мағынасында да сәл өзгеріс туады. Мысалы, тарс-тарс – тарс-тұрс; сарт-сарт – сарт-сұрт. Басқа сөздер сияқты мағына жағынан бір-біріне жақын, синонимдес, екі түрлі еліктеуіш сөз қосарлана береді. Мысалы, сатыр-күтір, салдыр-күлдір, бұрқ-сарқ. Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстың не ашық, не қысаң болуы да сол сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы, есік сарт етіп жабылды және есік сырт етіп жабылды деген сөйлемдерде құрылыс жағынан ешқандай айырма жоқ бола тұрса да, мағына жағынан бір-бірінен сәл де болса, ерекшеленіп тұр. Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстардың я жуан, я жіңішке болуы да сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы: шыңқ-шыңқ – шіңк-шіңк. Сонымен, еліктеуіш сөздер дегеніміз - өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын, сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы туынд есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.
Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді. Мысалы, Ырғалып қарға қарқ етті, Ірімшік аузынан салп етті.
Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің тек сыртқы бейне-көрінісін ғана емес, әрі шапшаң болатынын да білдіреді. Бұл сөздерге де белгілі-белгілі көріністің, қимылдың бейнесі негіз болады. Мысалы, бірдеме елең етті, от жалт етті, жапалақ жалп етті.
Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстардың бірнеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы, елең-елең, жалп-жалп, жалт-жалт, жылт-жылт.
Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстың ашық я қысаң болуы немесе жуан я жіңішке болуы сол сөздердің мағыналарына әсер етеді. Мысалы, от жалт етті немесе от жылт етті.
Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың ашық болуы қозғалыс пен әрекеттердің ебедейсіздігін, дөкірлігін, оңтайсыздығын, епсіздігін білдірсе, дауысты дыбыстардың қысаң болуы әрекет-қозғалыстың мардымсыздығын, өнімсіздігін білдіреді. Мысалы, арбаң-арбаң – ербең-ербең, тарбаң-тарбаң – тырбың-тырбың.
Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің де бастапқы дара түбіріне де, қосарланған түрлеріне де сөз байланыстыратын жалғаулар тікелей қосылмайды. Демек, еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздер де ешбір өзгеріссіз тікелей етістіктермен тіркесіп, я дара мүше (жалт қарады) болады, я күрделі мүшенің құрамына енеді (жалт етті). Бұлар да еліктеуіш сөздер сияқты дербес мүше болса, әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болып қызмет атқарады.
Сонымен, бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне-көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз.
Еліктеуіш сөздер сыртқы морфологиялық құрылысына қарай жалаң да, күрделі де болады. Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып екі салаға бөлінеді. Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Мысалы, бұлт, былқ, дүрс, дүңк, күрс, күмп, елп, жалт, жарқ, қалт, т.б. Туынды еліктеу сөздер деп негізгі еліктеу сөздерден де және басқа атауыш сөздерден де тиісті жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз. Мысалы, алшаң, арбаң, арсалаң, ағараң, балпаң, дікең. Туынды еліктеуіш сөздер жасайтын жұрнақтар:
–ң, -ың, -ің, -аң, -ең: арсаң, жалтаң, жарбаң, кілтің, мырсың, ағараң, жайнаң, жыртың, қызараң, сылаң.
–лаң, -лең, -алаң, -елең: бұралаң, иірелең, созалаң, шұбалаң, оралаң.
Күрделі еліктеу сөздер деп жалаң еліктеу сөздердің я негізгі, я туынды формаларының не қайталануы, не қосарлануы арқылы жасалған түрлерін айтамыз. Мысалы, гүр-гүр, жарқ-жұрқ, арбаң-арбаң, қиқаң-қиқаң.
Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметін сөз еткенде, екі түрлі мәселе баяндалуға тиісті: оның бірі – еліктеу сөздердің өздерінен басқа қандай сөздермен тіркесетіні, екіншісі – еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше болып қызмет атқаратыны. Ал бұл екі мәселе жайында айтылатын қағидалар мынадай:
Еліктеуіш сөздің жалаң түрі мен күрделі түрінің қай-қайсысы болса да өздеріне тән атау формада тұрғанда бірен-сарандаған жағдайда ғана болмаса, тек етістіктермен тікелей тіркеседі. Мысалы, Жанып жатқан от майлы көбік тамғанда пыс етіп, борс етіп сөне қалып, қайтадан тез лап етіп жанды.
Еліктеу сөздер толық мағыналы дербес етістіктердің бәрімен де бірдей тіркесе бермейді, олардың ішінен тек өздерінің мағыналарына орайласатындарымен ғана еркін тіркеседі. Мысалы, Абай селк етіп жалт қарады. Машина кілт бұрылды.
Еліктеу сөздер етістіктерден өзге сөздермен некен-саяқтап қана тіркеседі де, сын есім, үстеу, шылау сияқты сөз таптарымен тіпті тіркеспейді. Мысалы, Күңгірт сөйлеген шаңда-шұң дауыс шықты. Қым-қиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болды да қалды.
Еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше қызметін атқаруы олардың өздерінен басқа қандай сөздерге тіркесуімен байланысты.
Еліктеу сөздер субстантивтеніп, есім формаларында жұмсалуы мүмкін.
Шылаулар – сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшән қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер. Шылауларда аз да болса, лексикалық мағынаның нышанасы болады, ал шылаулардың бойындағы қалыптасқан негізгі қасиеті – грамматикалық мағыналар. Өйткені шылаулардың грамматикалық мағыналары лексикалық мағыналарына қарағанда әлдеқайда басым болады. Сол мағыналары олардың өзі үшін ғана емес, өзіне тән формалары арқылы өзіндік грамматикалық мағыналарын толық қамти алмайтын атаушы сөздерге жәрдемші дәнекер есебінде жұмсалады. Сондықтан да шылаулар жеке-дара қолданылмай, тиісті сөз тіркестерінің белгілі бір компоненті ретінде атаушы сөздердің жетегінде қолданылады.
Тіліміздегі шылаулардың бәрінің атқаратын қызметтері бірдей емес. Олардың бірқатары сөз бен сөздің арасындағы грамматикалық байланыстарды айқындау үшін қызмет етсе, бірсыпыра шылаулар сөз тіркестері мен сөйлемдердің арасындағы байланысты айқындау үшін дәнекер болады. Міне осындай грамматикалық сипаттарына қарай, шылаулар ішінара үш жікке бөлінеді: олар – септеуліктер, жалғаулықтар және демеуліктер.
І. Жалғаулықтар өзара тең бірыңғай сөздердің, сөз тіркестерінің және сөйлемдердің арасындағы әр қилы қатынастарды білдіреді. Жалғайлықтар ең кемі өзара тең екі сөзге не екі сөз тіркесіне бірдей қатысты болады. Мысалы: Қыс пенен жаз, күн менен түн, тақ пенен жұп, жақсылық пен жамандық – болды сегіз (Абай).
Жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді де өзара байланыстырып, олардың арақатынастарын білдірудің қызметін атқарады. Мысалы: Әліп әлісіреп көзін біраз жұмып жатты да, қайтадан ашты (С.Ерубаев).
Жалғаулықтардың ма,ыналары мен функцияларын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Өйткені олардың сөйлемде қолданылуына байланысты мағыналары әрбір жалғаулықтың функциялық қызметіне орай және соған сәйкес сараланып отырады. Сондықтан жалғаулықтарды өзара жәктегенде, түпкі тірек етіліп олардың функциялық қызметі негізге алынады. Жеке сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру қызметі жағынан, олар: а) салаластырғыш жалғаулықтар және ә) сабақстастырғыш жалғаулықтар деп екі топқа бөлінеді.
а) Салаластырғыш жалғаулықтар бірыңғай жеке сөздер мен сөз тіркестерін және бірыңғай сөйлемдерді байланыстырады да, солардың өзара байланысу жолдары мен қатынастарын көрсетеді. Олар іштей ыңғайластық және талғаулықты болып екі салаға бөлінеді.
1. Ыңғайластық жалғаулықтар өзара ыңғайласып құралатын, тең дәрежедегі сөздер мен сөз тіркестерін жалғастырады да, солардың ыңғайласқан қатынасын білдіреді. Жалғаулықтардың бұл тобына мен (бен, пен), және, тағы, әрі, да (де, та, те), әм шылаулары жатады.
2. Талғаулықты жалғаулықтар сөйлемде зат есім, сын есім, етістік және басқа атаушы сөздер арқылы жасалып, салаласа жалғасқан мүшелердің бірінен соң бірін я талғап, я таңдап, я кезектестіріп, я біріне-бірін қарама-қарсы қойып айту үшін қолданылады. Жалғаулықтардың бұл тобына әлде, біресе, я, бірде, яки, не, немесе, болмаса, не болмаса, күй, мейлі шылаулары жатады.
ә) Сабақтастырғыш жалғаулықтар тек құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірімен жалағасытырып байланыстырып, солардың арақатынасын анықтап көрсету үшін жұмсалады. Ондай қатынастар байланыстыра түскен сөйлемдердің мағыналары қарсылықты, себептік, салдарлық, шартты, айқындағыш, ұштастырғыш болып бөлінеді.
1. Қарсылықты жалғаулықтар негізінде бұрында айтылған ойға соңғы сөйлемдегі ойдың мағына жағынан қарама-қарсы екенін аңғартуға дәнекер болады. Бұл жалғаулықтардың қатарына бірақ, алайда, әйтсе де, әйткенмен, сүйтсе де, сонда да, дегенмен, әйтпесе, әйткенде, әйтпегенде сияқты қарсылық мәнді жалғаулықтар жатады.
2. Себептік жалғаулықтар салалас құрамалас сөйлемдердің құрамындағы соңғы жай сөйлем бұрынғы (алдыңғы) сөйлемдегі айтылатын ойдың себебін білдіру үшін арнаулы дәнекер есебінде қызмет етеді. Ондай себептік жалғаулықтардың қатарына себебі, өйткені шылаулары жатады.
3. Салдарлық жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдердің арақатынасын білдіру үшін, яғни басыңқы сөйлемде айтылатын іс-әрекеттің, амалдың нәтижесі я салдары екенін білдіретін дәнекер ретінде жұмсалады. Жалғаулықтардың бұл түріне сондықтан, сол себепті шылаулары жатады.
4. Шарттық жалғаулықтар сабақтас құрмалас сөйлемдердің арақатынасын білдіру үшін, яғни басыңқы және бағыныңқы сөйлемдердің бір-бірімен жалғасуларына дәнекер есебінде қолданылады. Жалғаулықтардың бұл түріне егер, егер де, алда-жалда шылаулары жатады.
5. Айқындағыш жалғаулықтарға яғни, демек шылаулары жатады. Олар я жеке сөздерді, я сөз тіркестерін, я жеке сөйлемдерді бір-бірімен жалғасырады да, алдыңғы сөз арқылы, я сөз тіркесі не сөйлем арқылы айтылатын ойды кейінгі сөз, я сөз тіркесі, я сөйлем арқылы не баяндауға, не айқындауға, не анықтауға, не тәптіштеп қадағалай түсуге дәнекер сөздер есебінде қызмет етеді. Сол себепті бұлар айқындағыш жалғаулықтар деп аталады.
6. Ұштастырығыш жалғаулықтарға ал, ендеше, ал ендеше, олай болса шылаулары жатады. Мұндай жалғаулықтар мағына жағынан біріне-бірі орай қолданылатын екі жай сөйлемді ұштастырып байланыстыру үшін жұмсалады да, бірінші сөйлемнен кейін іле екінші сөйлемде айтылатын ойды бастау үшін дәнекер ретіде қызмет етеді.
ІІ. Септеуліктер деп объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз.
Септеуліктер өздері тіркесетін есімдерге, субстантивтенген өзге де атаушы сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, көмектік, мезгілдік, қайталау, талғау, үдету, ұқсату сияқты әр қилы грамматикалық мағыналарды жамап тыңғылықандырып отырады.
Атау септікті меңгеретін септеуліктер – үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы, бойымен, шамалы, шақты, қаралы, ғұрлы (ғұрлым).
Барыс септікті меңгеретін септеуліктер – шейін (дейін), қарай, таман, салым, тарта, жуық, таяу.
Шығыс септікті меңгеретін септеуліктер – гөрі, бері, кейін, соң, бұрын, бетер.
Көмектес септікті меңгеретін септеуліктер – қатар, бірге.
ІІІ. Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер (мағыналар) жамайтын сөздерді айтамыз. Лексика-грамматикалық мағыналары жағынан демеулік шылаулар сұраулық, шектік, нақтылық, күшейткіш, болжалдық, болымсыздық, қомсыну демеуліктері болып бөлінеді.
1. Сұраулық демеуліктер. Сұраулық мәнде қолданылатын демеуліктердің қатарына ма (ме, ба, бе, па, пе, ше) шылау сөздері жатады. Бұл демеуліктер контексте қолданылу жүйесіне қарай, әр қилы грамматикалық формадағы әр түрлі сөздермен тіркесе береді.
2. Күшейткіш демеуліктер. Күшейту мәнін беру үшін қолданылатын демеуліктердің қатарына –ау, -ай, -ақ, да (де, та, те) шылаулары жатады. Олар сөйлемде берілетін ойға, не ондағы жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасына қосымша күшейткіш мән (рең) жамау үшін жұмсалады.
3. Нақтылық демеуліктер. Бұл демеуліктер жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарын, сөйлемде айтылатын ойды нақтыландыра, тұжырымдай түсу үшін қолданылады. Оларға қой (ғой), -ды (-ді, -ты, -ті) демеуліктері жатады.
4. Шектік демеуліктер белгілі бір нәрсеге, іс-әрекетке, амалға, сын-сипатқа, мезгілге т.б. шек қоя тұжырымдап айту үшін қолданылады. Ондай демеуліктердің қатарына қана (ғана), -ай шылаулары жатады.
5. Болжалдық демеуліктерге –мыс (-міс), -ау шылаулары жатады.
6. Болымсыздық демеуліктеріне түгіл, тұрсын, тұрмақ шылаулары жатады.
7. Қомсыну демеулігіне екеш шылауы ғана жатады.
Одағай сөздер мағына жағынан да заттың (субстанцияның) өзі туралы да, сыны, саны, қимылы туралы да, қимылдың жай-күйі туралы да ұғым бермейді. Олай болса, одағалар мағына жағынан зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу сияқтанған негізгі сөз таптарына тән сөздердің бір де б іреуіне ұқсамайды.осындай ерекшеліктерімен байланысты, одағай сөздер сөйлемде не тұрлаулы, не тұрлаусыз мүшелердің қызметтерін атқармайды, сөйлемдегі басқа сөздермен тікелей синтаксистік қарым-қатынасқа түспейді.
Одағайлар өз алдына ерекшеліктері бар сөздер. Ал ол ерекшеліктері мыналар:
Біріншіден, одағай сөздердің мағыналары адамның әр түрлі сезімімен байланысты шығатындыбыстық ишараттарды білдіреді.
Екіншіден, адамның көңіл-күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, айыспалы, демек көп мағыналы болып келеді. Одағай сөздердің дәл мағынасы сөйлемде айтылатын ойдың жалпы сарынына байланысты болады. Өйткені одағайлар сөйлемде айтылатын оймен жарыса қабаттаса айтылатын сезімді білдіреді.
Үшіншіден, одағай сөздер сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық жағынан байланыспайды, олай болса, өзі жарыса айтылған өйлемнің мүшесі болмайды. Одағайлар - өздері жарыса, қабаттаса айтылатын сөйлемнен дауыс ырғағы арқылы оқшауланып, бөлініп тұратын сөздер.
Одағайлар негізгі және туынды болып екіге бөлінеді.
Негізгі одағайларға: ау, па, ей, әй, е, уа, уау, уай, я, пай, ә, о, оһо, ой, ие, аһа, беу дегендер жатады. Бұл одағайлар қайталанып та қолданылады.
Туынды одағайларға: мәссаған, бәрекелді, әттегенай, жаракімалла, масқарай, о тоба, астапыралла, япырмай, ойпырмай, о дариға... сияқтанғандар жатады. Бұлар әуел бастағы мағыналары сөздердден я сөз тіркестерінен бірігіп одағай сөздерге айналған. Мысалы: мәссаған деген одағайдың бастапқы төркіні – мә, саған: бәрекелді дегеннің төркіні – барақа аллаһу (алла саған бақыт берсін); әттегенай деген одағай әйт деген-ай дегеннен шыққан. Бірақ бұл сөздер өздерінің ьастапқы ақиқаттық мағыналарынан тіпті алыстап көңіл-күйлерін білдіретін одағайларға айналып кеткен.
Сол тәрізді е, тәйір; тәйір-ай; уа, дүние; әттең; шіркін-ай; я сәт; аттан; алақай деген сияқты ескі ұғымдарды білдіретін сөздер көбінесе одағай ретінде әуелі ауызекі тілде қолданылыпы, біртіндеп әдеби тілге де еніп кетіп жүр.
Одағайлардың дәл мағынасы нақтылы сөйлеу жағдайларымен байланысты контексте айқындалады, өйткені бір одағай сөздің өзі қолданылу ерекшелігіне қарай әр сөйлемде әр түрлі мағына береді. Демек, бір одағайдың өзі бірде таңырқау, бірде сүйсіну, бірде налу, бірде аяу, бірде ызалану, бірде ұнату, бірде ұнатпау т.б. сияқты жай-күйлерді білдіріп ауысып отырады. Бұл одағайларды шартты түрде бір топқа жатқызып, көңіл-күй одағайлары деп атауға болады.
Бұлардан басқа тілімізде адамға арнай айтылатын: кәне, міне, әні, мә, жә, әйда, әй, тек, тәйт сияқты одағайлар да бар. Бұлардың мағыналары жоғарыдағы одағайлардан гөрі басқашалау. Демек олардың кейбіреулері көрсету я нұсқау, кейбіреулері ұсыну, кейбіреулері тыю мағыналарын білдіреді; бұларды ишарат одағайлары деген дұрыс.
Одағайлар ойды көріктендіріп, ырғақпен айтылатын сөйлем емес, бірақ сөйлемге балама ретінде қолданылатын сөздер. Бірақ олар іштей мүшеленбейтін, синтаксистік жағынан басқа грамматикалық категориялардан оқшау тұратын, әлеуметік қызметі мен мәні әбден түсінікті болып қалыптасқан сөздер. Осы ерекшеліктеріне қарай, одағайлар адамның көңіл-күйлерімен байланысты алуан түрлі сезімдерді білдіретін лепті, сұраулы сөйлемдер ретінде қолданылады.
Одағайлар екі түрлі жағдайда ғана сөйлем мүшесі бола алады.
Одағайлар кейбір көмекші етістіктермен тіркесіп күрделі мүшенің құрамына кіреді. Мұндайда көмекші етістік одағайды басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түсіретін дәнекер болып қызмет атқарады.
Одағай сөздер субстантивтеніп, түрлі қосымшалар қабылдап, сөйлемнің қалыпты мүшесі болады.
