Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ДИНТАНУ НЕГИЗДЕРИ 2010.14.04.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4 Мб
Скачать
☆

3.6 Неоориенталистік культтер. «Кришна Санасы» қоғамы.

“Кришна Санасы” қоғамы 1966 жылы Бһактиведанта Свами Прабһупаданың басшылығымен Нью-Йорк қаласында құрылды. Қоғамның сенімі мен діни практикасы ежелгі діни, мәдени дәстүр деп анықталады. Бұл дәстүр гаудия-вайшнавизм деп аталып, индуизмнің тармағы ретінде қарастырылады. Қоғамның негізін салушы Абхай Чаран Де ( 1896-1977) монах-саньяси. Кейінен ол Шри Шримат Свами Бхактиведанта Прабһупада атты рухани есімді иеленеді. Прабһупаданың айтуынша, ол өзінің рухани ұстазының тапсыруымен Кришна ілімін Батысқа тарату міндетін орындап жүр. Осылайша АҚШ-та 16 ғасырда өмір сүрген Шри Кришна Чаитанйа ілімінің жаңашаланған түрі пайда болды.

1970 жылдан бастап Бхактиведанта Бук Траст баспасы Прабһупаданың кітаптарын 40 тілде таратады. Қазір қоғамның дүние жүзінде 60-тан астам мемлекетте 400-ге жуық храмдары, орталықтары бар.

Кришна Санасы Қоғамы Америка елдері мен Батыс Европа елдерінде өз жұмыстарын біраз жолға қойғаннан соң, Прабһупада Кеңес Одағына да Кришна Санасын жеткізуді ойлайды. Осы мақсатпен ол Москваға 1971 жылы сапар шегіп қайтады. 1979 жылы Европалық аймақты басқарушы Харикеша Свами Вшинупада (Роберт Компанелла) Кеңес Одағына бірнеше рет келеді, бірақ оның қызметі өкімет заңына қайшы келеді деп танылғаннан кейін, ол мемлекеттен кетуге мәжбүр болады. Әйтсе де, шеткі аудандарда Кришна Санасын қабылдағандар пайда болады. Олардың қатарлары бірітіндеп көбейіп, 1988 жылы-майда “Кришна Санасының Москва қоғамы” заңды түрде тіркеледі. Бұл қоғамның пайда болуымен Кеңес Одағының барлық республикаларында кришнаизнің таралуына жол ашылды.

Қозғалыс тарихына келетін болсақ кришнаиттердің де кейбір діни сектанттар сияқты билікке таласу, қоғам мүшелерінің жеке өміріне араласу, пайда табу мақсатында мемлекеттік заң талаптарына қайшы келетін әрекеттерге барғандықтары, тіпті қылмыстық істердің, дау-дамай, жан-жалға айналған оқиғалардың болғандағы туралы фактілер бар.

Мысалы көрген профессор Ларри Шинның мақаласында 1984 ж Джордж жанұясының Кришна Санасының Халықаралық Қоғамына байланысты арыздануы бойынша сот ісі болған. Робин Джорджды ерік бостандығына моральді залал келтіргені үшін кейбір адепттердің және кришнаиттік қозғалыс жетекшілерінің іс-әрекеті заңсыз деп танылып, сот шешімі Джордж жанұясының пайдасына шешіледі. ИСККОН Джордж жанұясына 4 миллион доллар моральдық шығын төлеген.

1986 жылы АҚШ-ның Вирджиния қаласының жергілікті кришнаиттер қоғамының басшысы Бхактипада мен оның жақын көмекшілерінің заңға қайшы істері дәлелденіп, 1987 жылы Бхактипада ИСККОН-ның мүшелігінен шығарылады.

1995 жылы Германия Федеративтік Республикасының Елшілігінің Вербальдық нотасында Халықаралық Кришна Санасы Қоғамы деструктивтік ұйымдардың қатарына жатқызылса, 1996 жылы Санкт-Петербургта өткен ғылыми-практикалық конференцияның шешімімен Халықаралық Кришна Санасы Қоғамына жалған дін деген анықтама берілді.

Кришнаизмге байланысты зерттеу жүргізген, өздерінің пайымдауларын ортаға салған публицистердің көзқарастараның бір жерден шыққанын да көруге болады. “Кришнаиттер қоғамының өмірінен жасандылықты бірден көруге болады,онда үнділіктерге тән таза руханилық аз, сонымен қоса бұл біздің мәдениетіміз бен діни дәстүрімізге мүлде сәйкес келмейді”,- деген ойды айтады А. Забияко кришнаиттердің діни практикасын көп зерттегеннен кейін. “Егер медитациямен үш жылдан астам айналысса, онда адамның ішкі дүниесі, психикасы, санасы бұзылып, толығымен өзгереді. Бұл өмірге ол адамға қайтып келуге жол жоқ”, -деп жазады.

Газет-журналға шыққан мақалалардың көпшілігінде “Кришна Санасы” қоғамына алдау-арбауға түскен адамдар, әсіресе жастар кіреді деп жазылған. Қоғам мүшелері жастарды мантра оқуға, медитациямен айналысуға үгіттейді. Оларға өмірдің азабынан құтылуына жол табуға көмектесеміз деп уәде береді. “Бұл қоғам адамдарды неғұрлым көбірек өз қатарларына қосу үшін еш нәрседен тайынбайды. Ақысыз тамақтандырады, өздерінің кітаптарын сыйлайды, бірнеше сағат үгіттеу лекцияларын жүргізеді. Ал лекцияға бірнеше рет қатысқан адам бірітіндеп осы қоғамға үйір бола бастайды, себебі лекция барысында гурулар адамның санасына әсер ететін күшті гипноз қолданады”, - деп жазады В.Арестов пен И.Шидрик. Осындай мазмұндағы Е.Г Балагушкиннің. “Қазіргі кришнаизм идеологиясы мен практикасына сын” деген еңбегін ерекше атап өтуге болады. Автор кришнаизмге Батысты басып алуды мақсат еткен секта деп анықтама береді. Кришнаизм ілімі тарихи-діни дәстүрді жалғастырушылармыз деп Веда, Бһагавад-Гита сияқты қасиетті кітаптарға көрсетілген өтірік құрмет. Ашық айтқанда Харе Кришна қозғалысы қазіргі капитализмнің тоқырау кезеңіндегі неоориенталистік құдай іздеушілердің көрінісі, сондықтан орта ғасырда Үндістанда шыққан демократиялық, әлеуметтік-азаттық бһакти қозғалысымен ешқандай ортақ белгілері жоқ” - /3/ деп дәлелдейді .

Кришна Санасын таратушылардың ішіндегі тарихта қалған ерекше тұлға Шри Чайтанйа. Ол 1486-1533 жылдары өмір кешті. Алтын аватара (адам бейнесіндегі Құдай) Шри Чайтанйа Маһапрабһу Үнді жерінде осыдан бес жүз жыл бұрын келген. Үнділіктердің сенімі бойынша Чайтанйа алтын түсті денеде келген Кришна , сондықтан Чайтанйа “Алтын аватара” аталған. Аватара дегеніміз “жоғарыдан түсуші” Вайшнавтар – осы дәуірдің аватарасы - Чайтанйа Тәңір екені Веда жазбаларында жазылған дейді. Чайтаниа Маһапрабһу - Кришнаның өзі, бұл жолы адамдарды “Бһагават-Гитаның” тапсырмасын іс жүзінде орындауды үйретуге келген деп сенеді.

Чайтанйа адамдарды Құдайды сүюге, оған берілуге үйретеді. Оның жолы Құдайға жетудің төте жолы. Ол қарапайым әдістің көмегімен Құдайға деген махаббатты жандандырады. Ол “Құдайдың киелі аттарын шынайы сезіммен қайталай беріңдер” дейді. “Кали (тоқырау) дәуірінде Құдайға жетудің бірден-бір жолы һаре Кришна мантрасын қайталаудан өзге жол жоқ”.

Һаре Кришна мантрасын қайталау, оны ән етіп айту әдісі санкиртана деп аталады. Санкиртана Құдайдың үстемдігін, даңқын асыра мадақтау, оны сипаттау болып табылады.

Санскрит тілінен аударғанда мантра дегеніміз, сананы жаман ойлардан босататын трансценденттік дыбыстардың үйлесімі. Веда ілімі бұл мантраны – ұлы мантра деп атайды. “Кали-санатана-упанишадта” он алты сөзден тұратын – Һаре Кришна, Һаре Кришна, Кришна, Кришна, Һаре, Һаре, һаре Рама, Һаре Рама, Рама, Рама, Һаре, һаре – мантрасын ұсынады /1/. Кришна “барлығын өзіне тартушы”, Рама – “баршаны қуантушы”, ал һаре – құдайға қызмет ету үшін қуатына жалбарынатын сөз. Сонымен, ұлы мантра “Ей барлығын өзіне тартушы, ей баршаны қуантушы Тәңірімнің қуаты! Өзіңе адал беріле қызмет етуге рұқсат етуіңді өтінемін, - дегенді білдіреді.

Осы мантраны тыңдау құдайдың Жоғарғы Тұлғасын танудың бірден-бір жолы. Чайтанйаның көзқарасы бойынша Веда әдебиеттерінің негізгі ойы – Кришнаға берілгендік (бһакти). Ол Құдай мен адамның арасында ерекше махаббаттың болатындығын ашты. Материалдық шырмаудан босатылып, құдай жолына түскендердің шын тілек-ниеттерінен Кришна ләззаттанады. Ол да берілгендерге ризашылық пейілмен өз махаббатын олардан аямайды. Вайшнавтар үшін бұл ең жоғарғы рухани қарым-қатынас.

Құдай – Кришна өзін көп етіп таратады. Адамдар Оның сол көп экспансияларының бірі. Құдай біреу, бірақ ләззаттану мақсатымен Ол көп болуды қалайды.

Кришна сөзбе-сөз аударғанда “қара” деген мағынаны білдіреді. Шри Кришнаны Бһагаван деп атайды. Бұл Құдайдың шексіз есімдерінің бірі. Кришна алты қасиетке ие болғандықтан Бһагаван деп те аталады. Ол барлық көрікке, бүкіл байлыққа, барша күшке, бүкіл даңққа, барлық білім мен бас тартушылыққа ие. Тірі жандардың да осындай қасиеттері болғанымен ол тым болымсыз.

Қазіргі кезде адамдар материалдық байлықтың құлына айналып, рухани өсуге мүлде көңіл бөлмейді. Олар өз тәндерінің құмарлығына шек қоя алмауының кесірінен не бір сорақы жағдайларға түсіп, азап шегуде. Сондықтан “Бһагавад-Гитадағы жасалған философиялық тұжырым осы күнде де мәнін жойған жоқ деп уағыз жүргізеді кришнаиттер. Азап шегудің себебін түсіну үшін ең бірінші өзіңді ұқ, сонда шындыққа жетесің. Ал шындыққа жетудің баспалдақтары материалдық тіршіліктен бас тартудан басталады. Егер адам материалдық әлемнен қол үзе алмаса, ол ешқашан шындыққа жетпейді. Материалдық әлем үш сападан (гуннан) тұрады: ізгі-игілік, құмарлық, надандық (саттва, раджас, тамас).

Ізгілікті болсаңыз, білім алуға қабілетіңіз бар. Сіз Құдайдың бар екенін және Оның бұл әлемді қалай жаратқанын түсіне аласыз. Мәселен табиғат құбылыстары және басқа да көптеген нәрсе жәйлі нақты білім қабылдауға қабілеттісіз. Білімділік, аса жетік болмаса да, ізгілік белгісі. Құмарлық гунасының ықпалындағы адам өзін материалды тәнмен теңестіріп, өз сезімдерін қанағаттандыруға тырысады. Бұл құмарлық. Ал надандық дегеніміз – хайуанның күйі. Надандық гунасының ықпалындағы тірі жандар Құдайдың не екенін, бақытты өмір қандай екенін, бұл дүниеге қайдан келгенін түсінбейді” /3/.

Карма, акарма және викарма қағидалары жәйлі “Бһагавад-Гитада”өте айқын жазылған. Құдай жазбаларында көрсетілетін міндеттерге сәйкес атқарылатын қызметті карма дейді. Туу мен өлімнің айналымынан босататын іс-әрекетті акарма деп атайды. Ал адамның бостандығын теріс пайдалануынан, оны тіршіліктің төменгі сатысына түсіретін әрекетті викарма дейді.

“Кришна Санасы” қозғалысының Қазақстандағы даму ерекшеліктері.

1989 жылы Алматының суретшілер дайындайтын училищесінің студенттерінің арасында Ташкенттен келген екі суретші Кришна Санасы туралы лекциялар ұйымдастырып, вайшнавизмнің негізгі идеяларын тарата бастайды. Бұл идеяларды қазақ жастары тез қабылдап 1990 жылы Алматыда “Кришна Санасы” Қоғамының орталығы ашылады . 1996 жылы бұл орталық діни ұйым ретінде тіркеуден өтеді. Содан бері уақыт ішінде Қазақстанда қоғамның бірнеше ірі храмдары және шеткері облыстарда орталықтары жұмыс жүрізуде.

Кришна Санасы Қоғамы Қазақстандағы миссионерлік жұмыстарын табысты жүргізіп келеді, себебі қоғамды басқа елдердегі сияқты қатал бақылау, негізсіз қудалау жағдайлары мүлде кездескен жоқ.

“Кришна Санасы” қоғамы таза діни ұйымға жатады. Қоғам ешқандай саяси мақсат қоймайды және де ешқандай саяси өкімет істеріне араласпайды. Қазақстан Конституциясы бойынша талап етілетін Отан қорғау, ұлттық мүддені көздейтін әрекеттерді кришнаиттер толық мойынсұнғанымен, қоғамның басшылыққа алатын философиясы бойынша ұлт, нәсіл, Отан, патриотизм деген ұғымдар жоққа шығарылады. Олар үшін адамның нәсілі, ұлты, діни көзқарастарының маңызы жоқ, барлық адам табиғатынан Құдайдың мәңгілік құлы болып жаралған деген көзқарасты басшылыққа алады

Қазіргі кезде Кришна Санасы қоғамның мүшелерінің барлығына жуығы кітап сатумен айналысады. “Өмірдің асы”, “Мына адамдарға мүмкіндік беріңдер”, “Өмірге қайта оралу” сияқты қайырымдылық бағдарламаларға арналып қайыр-садақа жинайды.

Қоғам діни кітаптар, ғимараттар, діни әдет-ғұрыпқа қажетті тағы да басқа заттармен діндарларды қаматамасыз ету мақсатымен коммерциялық жұмыспен де айналысады

Қоғам Қазастанның мәдени және рухани өміріндегі өз рөлін әр кез көрсетуге тырысып отырады. Апта сайын храмдарында дәріс өткізіп, вегетериандық дастархан ұйымдастырады. Келем деушілердің бәріне есік ашық, сонымен қоса әрбір қоғам мүшесі өзімен бірге қонақ әкеліп, өзінің рухани үйімен басқалардың танысуына мүмкіндік жасайды. Көп адамның осы қоғамға келуі осылай басталған десе болады.

Сонымен қандай адамдар Кришна Санасына келеді? “Бһагават-Гитада” Кришнаны іздейтін адамдарды төрт топқа бөледі: “Кім ауыр жағдайда болса, кім байлықты армандаса, сол, тағы да білім құмар мен Жоғарғы Абсолютті тануға талпынушы” /Б.Г.9.14/. Ауыр жағдайға тап болып, өмірде сәтсіздіктерге көп ұшыраса, материалдық жағынан қиналса адам мантра(дұға) оқуы керек деп ақыл айтылады. Мантра арқылы адам Құдайдың қасиетті аттарын қайталап, өзінің ауыр жағдайына байланысты Құдайдан көмек сұраса, ол адам өзіне қажетті нәрсеге қолы жетіп, жақсы нәтижеге жете алады. Ал рухани білімге ұмтылушылар осы Кришна Санасында біртіндеп өз ақыл-ойларын шыңдайтын білімді алады деп түсіндіреді діни кітаптар.

Қазақстандағы қазіргі Кришна Санасында әр-түрлі ұлттың өкілдері бар. Атап айтқанда қазақ, орыс, корей, ұйғыр, украин, еврей, татар, неміс тағы басқа ұлттар. Жүргізген анкеталық деректер бойынша қазақтар – 45%, орыстар – 38%, қоғамның көпшілігі болып шықты да, басқа ұлт өкілдерінен бір проценттен ғана екені анықтады.

Қоғам мүшелерінің 70% қала тұрғындары, 10% аудан орталықтарынан, ал 20% ауылдан шыққан адамдар. Білім деңгейіне тоқталсақ 32,5% жоғары білімді, 35% - орташа арнаулы білімді, 32,5 % - орта білімі барлар. Ең алғаш қоғамның орталығы ашылғанда мүше болып кіргендердің көпшілігі суретшілер, музыканттар, мұғалімдер, дәрігерлер болған екен.

1995 жылы осы дінді қабылдағандардың діндарлықта­рының деңгейі, оған әсер ететін факторлар зерттелген. Сол зерттеу мәліметі бойынша “Кришна Санасына” берілгендер үш топқа бөлінген:

Бірінші топтағы берілгендердің бүкіл өмірлерінің негізгі бағыты – діни бағыт. Олар тек бір Құдай Кришнаның және оның әр түрлі бейнелерінің бар екеніне сенеді. Басқа діни көзқарастардың шындығына күмәнданады. Бұл берілгендердің мақсаты Кришна Санасының артықшылығын көрсету арқылы адамдарды азаптан құтқару. Қазақстан осы Кришна Санасының орталығына айналса деп армандайды. Мінездерінде өжеттілік, сенімділік басым. Өздерінің істеген әрбір істерін осы дін принциптерінің шеңберінен шығармауға тырысады. Құдайға қатты сенгенмен де, бұл берілгендердің басқа адамға, қоғамға деген сенімдері жоқ. Патриотизмді, адамдар арасындағы махаббат сезімдерін жоққа шығарады. Олар рухани ұстазды құрметтейді, діни әдет-ғұрыптарды қатал сақтауда, миссионерлік жұмыста белсенділік көрсетеді. Әйтсе де, бұл топтағылар вайшнавизм ілімін терең біледі деп айту қиын.

Екінші топтағы берілгендердің өмірінде діни көзқарас маңызды рөл атқарса да өмірінің мәні емес. Олар вайшнавизмнен басқа да діндердегі айтылған діни догматтарды шын деп қабылдайды. Бұлардың негізгі мақсаттары Құдайға ұмтылу. Осы ұмтылыстың нәтижесінде олар Кришнамен қарым-қатынасқа түсіп өздерін бақытты сезінеді. Бұл топтағылар мінездері сабырлылығымен, жұмсақтығымен және қорқақтығымен ерекшеленеді. Бұл берілгендердің “Отан”, “ұлт”, “махаббат” сияқты ұғымдарға байланысты өзіндік көзқарастары бар, бірақ соған байланысты іс-әрекет жасауда сенімсіздік көрсетеді, қоғам ішінде де олар белсенділік танытпайды.

Үшінші топтағы берілгендер өздерінің өмірін діни бағытқа бұруға тырысушылар. Бұлар Құдай бар деп сенеді, бірақ сол Құдайға берілудегі таңдап алған жолдарының дұрыстығына сенімдері мықты емес. Бұлардың санасы діннің әсерінен таза. Олар діни әдет-ғұрыптарды талапқа сай орындамайды, діни көзқарастарды мүлде таратпайды. Бұл топтағы адамдар өздерінің көңілдеріне сай, өмірлеріне ыңғайлы дінді іздеуден келгендер. Вайшнавтық дәстүрдің қазіргі заманға сай өзгертілуіне байланысты бұл адамдар Кришна Санасын қабылдағандар. Бұлардың қоғам үшін, ұлт үшін, тіпті басқа адам үшін бір нәрсе істеу мүмкін емес, себебі олар барлық нәрсе Құдайдың қалауы бойынша болады, адамдарға бірдеңені өзгертемін деп талпынудың қажеті жоқ деп есептейді.

Кришнаға берілгендер Ш. Прабһупаданың кітаптарын оқу арқылы өздерінің діни дәстүрлерін жасайды. Кришна Санасына мүше болу үшін адам Кришнаға қызмет етуді бастауы керек. Қызметтің ең бірінші түрі Шри Чайтанйа ұсынған һаре Кришна маһа-мантрасын (ұлы дұға) оқу. Һаре Кришна маһа-мантрасын оқудың қатаң ережелері жоқ. Кез-келген уақытта – үйде, жұмыста, аулада, автобустың ішінде, ат үстінде тіпті машина жүргізіп келе жатып та қайталай беруге болады.

Мантра – медитацияның екі түрі бар: жеке адам оқитын түрі, мұнда адам мантраны қайталайды (бұл джапа деп аталады), екіншісі біреуге ілесіп қайталау (бұл киртан деп аталады). Киртан әдетте музыкалық аспаптармен және алақан шапалақтаумен сүйемелденеді. Мантра-медитацияның бұл екі түрі де ұсынылады, өйткені екеуінің де адам үшін маңызы зор.

Киртанның джападан айырмашылығы, бұл топ болып, көпшілікпен бірігіп әндете айтатын медитация. Киртан кезінде һаре Кришна мантрасын бір адам әуенмен әндетіп айтады. Киртанды үйде, от басы жиналғанда бірігіп немесе жолдас-жоралармен қонақта отырғанда, я болмаса ашық далада әндетіп айтуға болады. Киртанды бір адам “жүргізеді” һаре Кришна мантрасын ең алдымен бір адам әнге салып айтады да, қалғандары сол әуенмен қосыла қайталайды.

Киртанның артықшылығы сол, һаре Кришна мантрасын адам өзі қайталағанда ғана емес, басқалардың айтуынан да тыңдайды. Киртанға әдетте үндінің дәстүрлі аспаптары мрндангалар (дауылпаздар) мен караталар (жез тарелкалар) қолданылады, бұлар болмаса кез-келген басқа аспаптарда – домбыра, қобыз, сырнай, сыбызғы, пианино, гитара, баян және т.б. ойнай беруге болады, болмаса жай алақан шапалақтау да жеткілікті.

Адам маһа-мантраны қандай жағдайда қайталамасын, ол оның рухани өсуіне керемет әсер етеді дейді. Һаре Кришна мантрасын адам неғұрлым көбірек қайталаған сайын, соғұрлым төменгі шарттарды орындау жеңілірек болады. Рухани дамуға төрт шартты орындау парыз: 1) ет, балық, жұмыртқа жемеу; 2) қыздыратын, есіртетін заттарды (наркотикалық препараттарды, марихуана, гашиш, ЛДС, ішімдік, темекі, тіпті кофе мен шәйді де) қолданбау; 3) құмарлық ойындарды ойнамау және ақша табу үшін арам істермен шұғылданбау, 4) некеден тыс жыныстық қатынасқа түспеу (некеде тек балалы болу, яғни ұрпақ қалдыру үшін ғана).

Кришна Санасына мүше болу үшін адам осы аталған төрт шартты ұстанады. Сонымен қоса ол адам осы Кришна санасының принциптерін уағыздайтын Прабһупаданың туындыларын таратуы керек. Кришнаға берілудің алғашқы күндерінен бастап адам тек вегетериандық тағаммен ғана тамақтануы тиіс. Мұндай тағам “прасад” деп аталады. Санскритте бұл “Құдайдың мейірім-шапағаты” дегенді білдіреді. Берілгендер тағамды өздері қабылдамай тұрып, Кришнаға ұсыну рәсімін жасайды, осыдан кейін ол толық рухани тамаққа айналады деп сеяdеді.

Берілгендер өздерінің рухани тазалығының өсуіне прасадтың маңызы зор деп есептейді. Сондықтан “Кришнаға берілмеген”(дұға оқылмаған) тағамды қабылдамаған дұрыс. сана былғанады деп түсіндіріледі.

Кришна Санасына келген адам өз көзқарасына сай келетіндермен ғана араласқаны жөн деп есептейді. Бұл оған рухани күш береді. Қоршаған орта, айналадығының бәрі адамға зор әсер етеді, сондықтан рухани өмірге ұмтылмайтын адамдармен көп араласудың қажеті жоқ, деген кеңес беріледі. Кришна Санасы қоғамына мүше болар алдындағы үш-төрт жыл өмірін осылайша өткізеді. Барлық талаптарды орындай алатынына нақтылы көзі жеткенде ол адам өзіне рухани ұстаз таңдап алып, жаңадан өзіне рухани есім алады. Рухани ұстаздың батасын алғаннан кейін ғана адам өзін қоғамның мүшесі санап, бүкіл өмірін, рухани ұстаздың бағыт беруімен Кришнаға беріліп қызмет етуге арнайды.

Вайшнавтар гурусыз мәңгілік шындыққа жету мүмкін емес деген ведалық көзқарасты ұстанады. Сондықтан нағыз рухани ұстаздарға тән қасиеттерді шәкірттер түсіне білулері керек. Рухани ұстаз “ачарийа” өз өнегесімен үйрететін әулие адам. Өзінің жеке басының жағдайын ойлап, пайда табу, сезімдік рахатқа батуға бейім адам қанша жоғарғы интеллектісі болса да ешқашан рухани ұстаз бола алмайды. Бһагвад-Гитада да ең бірінші өзің жетілген адам бол, содан кейін басқаларды үйретуге болады деп айтылады.

Рухани ұстаздың (гурудың өзіне тән белгілері болуы керек. Жалпы белгісі Ведаларда жазылған. Гуру шәкірттік мирас қабылдау тізбегіне жатуға тиіс және өзінің рухани ұстазынан Веданы жақсы тыңдап, ұғып алуы керек. Гурудың негізгі белгісі ол Құдайға өзін бүтіндей берген адам. Ол Кришнаның ілімін уағыздап, оған кіршіксіз беріле қызмет етеді.

Веданың шынайы ілімін өзгеріссіз беру міндетін гуруға жүкітелгендіктен оған көптеген артықшылықтар да беріледі. Сондықтан Ведаларда шәкірт болуға шын берілгендерге гурудың қасиеттері туралы алдын-ала біліп алулары керектігін ескертеді. Өкінішке орай соңғы жылдары көптеген үнділік және батыстағы гурулар Веданың өсиеттерін бұзып, гуруға деген сенімді де, құрметті де азайтты. Қазіргі кезде құпиялы мантраларды сатып, шәкірттеріне тақуалықтың принциптерін бұзуларына жол беретін жалған рухани ұстаздар көбейіп кетті. Олар дене шынықтыруға йоганы теліп, оның мақсаты материалдық игілік және денсаулық деп үйретті. Олар кейде өздерін “Құдаймын” “құдайдың жаршысымын” деп жариялайды. Осындай жағдайлардың көптеп кездесуіне байланысты адамдарда гуруға деген скептикалық көзқарас пайда болды.

Гурудың ақыл-кеңестері Веда ілімімен сай келуі керек. Ол өз ойынан ешнәрсе қосуға қақысы жоқ. Себебі ол рухани білімді беруші деп есептеледі. Рухани ұстаз міндетті түрде өзі де “шишйа” шәкірт болуы керек. Шәкірттік мирас қабылдау жолы бойынша өзінің де рухани ұстазы болады. Оның беделі де рухани ұстазының беделіне байланысты. Гурулардың оқыту тәсілінде іштей байланысты жүйе болады. Ол – гуру-шастра-садһу. Бұл жүйе бойынша гурудың ілімі оған дейінгі садһулардың үйреткен ілімімен келісімді болуы және де шастралардың тура мағынасын жеткізулері керек (шәкірттік мирас қабылдауына кіретін барлық ұстаздар).

Гуру туралы дәстүрлі көзқарасты “Халықаралық Кришна Санасы Қоғамының” жұмысын Ш. Прабһупада өзі басқарып жүріп таратты. Ол рухани ұстаз Құдай рухымен қайраттанған, шексіз билікке ие беделді адам деп үйретті. Әйтсе де 1970 жылдан бастап ол қоғамды басқаруда мүлде басқаша басқару аппаратын құра бастады. Өзі дүниеден қайтқаннан кейін де осы басқару жүйесі жұмыс жүргізу керек деп атап өтеді. Қазіргі кездегі осы басқару моделі – директорлар советі “Джи-Би-Си” (Басқару комиссиясы) деп аталады. Прабһупада дүниеден қайтардан бірнеше ай бұрын он бір шәкіртіне өз атынан жұмыс жүргізуге билік берді. Осылайша Кришна Санасы қоғамында бата алған рухани ұстаздар, Ш. Прабһупаданың ісін жалғастырушылар шыққан.

Прабһупада дүниеден қайта салысымен 1977 жылдың қараша айында 11 рухани ұстаз тез арада қоғамда ерекше орынға ие болады. Қоғамның барлық храмдарындағы сыйынатын бөлмелерде арнайы тақтар (вьясасаналар) орнатылды. Ол тек Прабһупадаға арналған, оның рухани беделіне деген құрмет белгісі деп есептелді де таққа оның мүсіні орнатылды. Күнделікті таңғы сыйыну кезінде “Гуру-Путджай” деп аталатын рухани ұстазға бас ию, салтанатты жиын өткізіліп отырады. Жаңа гурулар осы храмдарда Прабһупаданың вьяса санасының жанына өздеріне арнап вьясасана орнатып, өздеріне де құрмет көрсетуді талап етті.

Әр бір жаңа гуру өздеріне белгілі бір территорияны бөліп алып, соның шеңберінде өзінің шектеусіз билігін жүргізуге құқық алды. Осылайша жергілікті зоналық ачарйа өзі басқаратын территорияда тұратындардың барлығына жалғыз өзі дәреже беретін рухани ұстаз болып есептелді. Орта Азия мен Қазақстанда Говинда Свами рухани ұстаз қызметін атқарады. Рухани ұстаздар жергілікті қоғамдардың жұмысын бақылаудан тыс қалдырмау үшін, әрбір қаладағы храмдарға президент сайлап қояды. Жергілікті храмның финанс жұмыстарының барлығы президент шешімімен болады. Сонымен қоса ол қоғамдағы ұйымдастыру мәселесінің бәріне жауапты деп есептеледі Қоғам мүшелері президентті рухани ұстаздың оң қолы деп құрметтейді.

Рухани ұстаздың шәкірті де нақтылы қасиеттерге ие болуға тиісті. Бһагавад-Гитада “Шәкірт гуруға мойынсұнып сұрақ қою және оған қызмет етуге тиіс” деп жазылған /Б.Г.14.34/. Гуруға деген сенім ең басты шарт. Осыдан кейін ғана гуру өзінің келісімін береді. Шынайы сабырлы білімге апаратын жол жабық. Шәкірттік мирас қабылдау тізбегіне жататын шынайы рухани ұстаздан білім алмаған адам айтарлықтай нәтижеге жете алмайды. Рухани ұстаздың мейірімі мен батасы адамның бүкіл әлемді түсінуіне, игілікті іс атқарып, өзінің адамдық міндетін дұрыс атқаруына көмектеседі .

Гуруға деген сенім шәкірт пен гуру арасындағы діни көзқарастың бірлігі ғана емес. Шәкірт өзін толығымен гуруға қызмет етуші ретінде мойындауы керек. Оның айтқан ақылдарының барлығы шәкірттің өмірдегі іс-әрекетіне айналады. Ол гуруға тәнімен де, ақылымен де тәуелді. Сондықтан да вайшнавтар үшін гуруды таңдау өзіне өмірлік жар таңдаудан да маңызды.

Кришнаиттердің рухани ұстазды құрметтегенде біздің санамызға өрескел көрінетін қылықтар да жасайды. Мысалға ұстаздың аяғын жуып-шайған суды қасиетті деп шәкірттерінің ішіп алуы біз үшін түсініксіз, ал олар бұл көріністі ұстаздың рухани санасының күштілігінен оның тәні де рухани қасиетті, сондықтан оның денесіне тиген судың өзі қасиетті деп түсіндіреді.

Қоғам мүшелері жергілікті храм президентін рухани ұстаздың оң қолы деп құрметтейді. Қазақстандағы “Кришна Санасы” қоғамының өз ішінде президент болу үшін билікке таласқан келеңсіз оқиғалар бастапқы кезде бірнеше рет қайталанды. Соның салдарынан кейбір қоғам мүшелері өзінің сөзін сөйлеуші жақтастарын ертіп, жеке бөлініп кетті де, нәтижесінде Кришнаға табынушы “Веда мәдениетінің халықаралық қоғамы” мен “Вайшнавтар” қоғамы пайда болды. Екі қоғам да заң жүзінде тіркелген. Мүшелерінің саны екеуінікі де жиырмадан аспайды. Храм деп атаған, жиналатын орталықтары тұрғын үйлерде орналасқан. Бұл қоғамға келіп-кетушілер болғанымен, тұрақты мүшелері соңғы жылдары екі-үш адамнан артыққа барған жоқ.

Қазақстанда “Кришна Санасының” дамуында қоғамның президентінің рөлі қандай деген сұраққа берілгендердің 70%-зы қоғам президентіне “жақсы ұйымдастырушы” деп баға береді. 12,5% берілгендер қоғам мелерін бақылап, басқарып отырушы деп есептейді, 12,5% - қоғам президенті құрметті адам десе, 2,5% - басқа біреудің ісіне араласушы деп президенттің басшылығын жоққа шығарады. 2,5% адам президент туралы ештеңе айта алмаған.

“Кришна Санасының”Қазақстандағы қызметіне байланысты да көп алаңдаушылықтар, тіпті ашық қарсы күресуге шақырған көзқарастар бар. Жалпы қазақстандықтар Ресей баспасында шыққан кітаптардан, газет-журналдардан кришнаизм туралы толық хабардар. Онда кришнаизм туралы жақсы және теріс көзқарастардың тең түсетіндігін көруге болады. Көпшілік қауымның қолына осылардың қайсысының түсетіні әрине белгісіз. “Кришна Санасы” қоғамы Қазақстанда пайда болып, заңды түрде тіркеліп, жұмыс жүргізе бастағаннан кейін Қазақстан газет-журналдарының беттерінен де кришнаизмді адамдардың қабылдауының бірден-бір себебі олардың алдауға түсуі деген ой қорытындыланады. Кришнаизм “ұлтты адастырып, ұрпағымызды аздырып, жолдан тайдыратын ағым бұл”дейді Қ. Ысқақұлы.

Енді осыған “тосқауыл болмаса кеш қаламыз, бұған шараны мемлекеттік ауқымда жасау керек”, деген ұсыныс айтады М. Матханов.

Әдебиеттер: