Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ДИНТАНУ НЕГИЗДЕРИ 2010.14.04.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4 Мб
Скачать
☆

Арабтардың саз өнері және саз аспаптары

Араб музыкасы араб мәдениетінің әр қырлылығын танытатын өнер түрі. Ол исламдандырылған елдер мен арабтардың өнерінің тоғысуы, бір-біріне етене кірігуі нәтижесінде қалыптасты. Арабтардың «бәдәуи» дәуірінің музыкалық мұрасы поэзия мен музыканың үйлесуі арқылы ерекшеленеді және көнеден келе жатқан өнер түрі болып саналды.

Әрине халық арасында таралған музыка мен талғамы биік хан сарайында орындалатын музыка арасында айтарлықтай айырмашылық болды. Бірақ бұған қарамастан, арабтарда халық құжынаған қан базарда да, хан сарайында да музыка өте жоғары дәрежеде бағаланған. Музыканттар сарайда өздерін еркін сезінгенмен, билеушіге әні ұнамаса, жазаланатын кездері де орын алып отырған. Сол кездегі аса жоғары бағаланған музыканың шеберлік сырлары - музыка теориясы мен практикасы құпия сақталды. Музыкант мамандығы төреші, медик, астрономға қарағанда төмендеу деп саналды. Мүмкін, ол музыканттың шығу тегіне байланысты да болса керек, себебі музыканттардың көбі араб емес, хорасандық не византиялық құлдардан болатын.

Тарихи мәліметтерге жүгінсек, онда арабтардың әнші-ақындары – «шайырлары» туралы, ән жанрының түрлері (мысалы, «хида» - керуен әндері), соқпалы, үрлемелі және шертпелі музыкалық аспаптары туралы деректер сақталған (ол туралы әл-Фарабидің трактаттарынан көп мағлұмат алуға болады).

Араб музыкасының классикалық түрі VII ғ. аяғына қарай гүлденудің жоғары шегіне жетеді. Ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетіндегі вокалдық-аспаптық араб музыкасы Андалусияның, Португалияның музыка өнеріне, кейбір еуропалық елдердің музыкалық аспаптарының қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Музыкалық ізденіс арабтардың музыка ғылымының шарықтай түсуіне мүмкіндік береді. Әл-Кинди, әл-Исфаһани, Сафи ад-дин Урмауи, Әбу Наср әл-Фараби, Ибн Сина сияқты сынды ортағасырдағы музыка теоретиктері шығады. Бір ғана әл-Фарабидің музыка саласындағы еңбегінің өзін атау жеткілікті. Ол «Музыканың үлкен кітабы», «Музыка жайлы талдау» және т.б. трактаттарын музыка теориясы мен практикасының мәнін ашуға арнаған. Бұл еңбектерінде ән шығару, музыкалық аспаптар жасау, әнді орындаудың ғылыми түсіндірмесін, теориялық негіздерін береді.

Әл-Фарабидің «Китаб әл-мусиқ әл-кабир» («Музыканың үлкен кітабы»), Ибн Синаның «Китаб әш-шифа» («Шипалық кітабы»), әл-Хорезмидің «Мафатих әл-улум» («Ілімдер кілті»), Сафи ад-Диннің «Китаб әл-адуар» («Шеңберлер кітабы») сияқты Шығыс музыкасының таңдаулы шығармалары баяндаудың ортақ тәсілдерімен бірігеді. Аталмыш трактаттар автордың музыка пәні, зерттеу нысанын айқындайтын кіріспе бөлімнен басталады. Кіріспе музыка өнерінің шығу тегіне байланысты халық арасында кездесетін аңыздар бөліміне жалғасады. Музыка теориясын зерттейтін еңбектердің негізгі бөлімі музыкалық әуеннің пайда болуы, дыбыстардың ара қатынасы, интервалдар, ладтардың құрылуы, дыбыстардың бір әуенге жинақталуы әдістерін қарастырады. Ритм туралы бөлім басты орындардың бірі алады.

Музыкалық трактаттарда басты назар музыкалық дыбысқа ауған. Музыкалық өнердің жан-жақты қасиеттері сипатталып, оны музыкалық емес дыбыстан ажырата білуге басым күш салынады. Ерекше айта кетерлік жайт: осы трактаттарды тұжырымдалған музыкалық терминдер қазіргі күнгі музыка теориясындағы музыкалық терминдермен көп жағдайда сәйкес келеді.

Музыка теоретиктері дыбыс туралы ілімдерінде, әсіресе «жағымды» және «жағымсыз» интервалдар туралы сөз болғанда сандарды және «әдемі-әдемі емес», «жағымды-жағымды емес» деген эстетикалық түсініктерді кеңінен қолданылады. «Консонансты» немесе «үйлесімді» интервалдарға олар сандардың жай қатынастары - октава, квинта, квартаны жатқызса, басқаларын «үйлесімсіз» не «диссонансты» интервалдар қатарына қосады. Дегенмен дыбыстардың құлаққа жағымды не жағымсыз екенін анықтауды соңғы шешуші қызмет адамның музыкалық қабілетіне беріледі. Адам құлағымен дыбыс үйлесімділігін сезіну - ең басты негіз.

Музыка ғылымының теоретиктері тон («нағма»), интервалдар («бу’уд»), тектер («джинс») мәселелерін зерттеуде кейде практикада қолдануға мүлдем болмайтын күрделі теориялық комбинацияларды ойлап шығаратын. Бірақ олар теорияның шегінен шығып кетуі музыканы абстрактілікке әкеліп тірейтінін ескеріп, адамның қабылдау күшінен асып кететін дыбыстардың теориялық сипаттамасын зерттеу аясынан тыс қалдырып отырды.

Араб каллиграфиясы

Ислам дінінде адамның, жануарлардың бейнесін бейнелеуге тыйым салынғандықтан (себебі олардың бейнелерін суретші емес, Алла жаратады), барлық назар орнаментке, шиырланған өрнектерге аударылды. Араб каллиграфиясының кеңінен дамып, мұсылман өнерінің бірегей туындысына айналғанының басты себебі де осыда. Араб каллиграфиясы орнаментке жанаса отырып, ерекше әсер береді. Каллиграфия өнері, бір жағынан қасиеттілігі үшін, екінші жағынан аса көркемділігі, яғни эстетикалылығы үшін өте жоғары бағаланды және каллиграфтар жазудың жаңа-жаңа әдістерін ойлап таба берді. Каллиграфия исламдағы қасиетті визуалды өнер, христиан өнеріндегі иконалар қызметі секілді қызмет атқарды.

Бұл арада мұсылман өнеріндегі абстрактілік қазіргі замандық абстракционизмнен алыс екенін айта кету жөн. Қазіргі замандық суретшілер абстракциядан иррационалды импульстарға жауап тапса, мұсылман суретшісі үшін абстракті живопись көптүрліліктегі бүтіндік, бірлік, бірегейлікті көрсетеді. Мұсылман өнері (кілем тоқу, архитектура, живопись, каллиграфия) үшін геометриялық мотивтердің қайталануы, ритмнің күтпеген жерден өзгеруі және диагональды симметрия тән.

Араб-мұсылман мәдениетіндегі сәулет өнерінде каллиграфия мәтінді жеткізу тәсілі ретінде және жай сәндеу құралы ретінде қолданылды. Сәулетшілер сарайлар мен мешіттердің қабырғаларын араб жазуымен, стильге келтірілген гүлдер мен геометриялық өрнектермен көмкеріп отырды. Бұл басқа мәдениеттерге ұқсамайтын сол заманның озық үлгілерін тудырды. Мысалы, Тәж-махал, Стамбулдағы Көгілдір мешіт, Самарқанд, Исфаһан мешіттері, Гранадағы Альгамра сарайы, Кордова сарайлары мен мешіттері.

Каллиграфия – бұл әсем жазу өнері. Каллиграфияның «қалыптасуына» үңілсек, ол бірінше кезекте адамның ақыл-ойындағы идеялардан бастау алады, екінші кезекте сол идеялардың тілдегі сөздік көрінісін білдіреді, үшіншіден оның материалдық формада – жазуда көрініс табуын көрсетеді. Осы үшінші деңгейінде каллиграфияның бүкіл болмыс-бітімі айшықталады. Каллиграфия жазуды, қарапайым әріптерді әсемдік объектісіне айналдырды.

Каллиграфияның сан алуан түрлерімен көмкерілген ислам елдерінің өнерінде көптеген тенденциялар біріккен: бұл грек, рим мәдениеттерінің дәстүрлері, бұл кешегі бәдәуилер мәдениеті мен Иран мәдениеті, Ирак, Сирия, Египет, Афганистан, Орта Азия мемлекеттерінің нақыштары. Мешіт, минареттерімен алыстан көз тартатын әдемі қалалар, сарайлар өз стильдерімен ерекшеленді. Жолаушылардың сапар жолында дамылдауына оңтайлы соғылған керуен-сарайлар әдемі ою-өрнекпен көмкерілді. Мешіттердің ішкі жағына кілем секілді етіп, әдемі мозаикалар салынды. Осы күнге дейін сақталған қала сыртындағы қаланың дәулетті тұрғындары тұратын елді мекендер тек бекем қабырғаларымен ғана емес, әдемі жазбаларымен, әшекейлілігімен тамсандырған «шөлдала сарайларын» қалыптастырды. Әдемі ғимараттармен қатар, су көздері салынып, неше түрлі фонтандар әлемді тамсандырды.

Араб-мұсылман мәдениетінде еуропалық және антикалық түсініктегі пластикалық өнер түрлері – бейнелеу мен мүсін өнерінің дамуына себепкер бола алмады, есесіне олар кез келген ойды орнаментті, абстракті түрде бейнеледі. Басқаша айтқанда, араб-мұсылман мәдениетінде пластикалық өнердің орнын каллиграфия мен миниатюралық көркем бейне басты. Каллиграфия өнері жазудың қасиеттілігіне орай ислам әлемінде құрметті саналып, каллиграфтардың өз «академиялары» болды және олар үлкен құрметке бөленіп отырды.

Араб-мұсылман мәдениетіндегі поэзия мен проза

Әр түрлі мәдениетті тоғыстыра білген мұсылман мәдениетінде бәдәуилердің айтарлықтай әсері болды. Олардың сөз өнері басқаларға қарағанда эллинизммен аз араласып, өзіндік бірегей мәдениеттің қалыптасуына жол салды. Мысалы, бәдәуилер поэзиясының жанрларының бірі – «қасыда» ислам елдерінде поэтикалық формалар жүйесіне негіз болды және араб өлеңдерінің қасыдалық құрылысы сарай маңында өте әйгілі болды. Қасыда әр түрлі жанрда және әр түрлі сюжетте берілгенмен, бәріне ортақ картина беретін кішігірім поэма болып табылады.

Қасыда – үш бөлімге топтастырылған 15-200 жолдан тұратын кішігірім поэма. Қасыданың бірінші бөлімінде дала кезіп бара жатқан кейіпкер өмірінің жақсы сәттерін еске алып, соған байланысты поэмаға «кіріспе» жасайды. Бұл бөлімді лирикалық бөлім деп атауға болады Бөлімде жырланатын өлең жолдары махаббат лирикасы мен өмір, қуаныш қызықтарын жырлайтын поэзияның қалыптасуына негіз болды. Қасыданың екінші бөлімі шөл даладағы кейіпкердің қиыншылыққа толы өмірі туралы жырлай отырып, «аңшылық» поэзиясы мен батырлық, ерлік мадақталатын жырларға бастама болды. Қасыданың үшінші бөлімі артта қалып бара жатқан ыстық туған жері туралы жырлайды, бұл бөлімнің жанры жоқтау жырларына бағыт берді. Осындай жанрлар жүйесінде қалыптасқан араб поэтикасы XIX ғ. ортасына дейін сақталды.

Ортағасырлық араб поэзиясының негізгі жанры (VII-VIII ғғ. басы) панегирик болды. Арабтардың панегирик жанрының бір ерекшелігі мұнда белгілі бір адамға арналған мадақ өлең жолдары мақтау емес, ақыл айту, мәлімет беру сипатында болды. Панегирик ақындар арасында дін мен саясат мәселелеріне белсенді түрде қатысып отыратындар болды. Олар өз тобының көзқарасын поэтикалық риторика арқылы беріп отырды. Мысалы, Джарир, Ахталь, Фараздақ уытты сөздерімен басшы, мемлекеттік ер, қайраткер, әскери басшының мінсіз бейнелерін сомдады. Мұсылмандық әдебиеттің бұл кезеңінде діннің басымдылық таныта бастауымен махаббат лирикасының орны өзгере бастайды. Діни идеология толық орнығып үлгермеген Хиджаз қалаларында ғана махаббат лирикасы жалғыз тақырыпты жанр ретінде қала берді. Махаббат туралы жырлайтын ақындар еркіндігі біртіндеп тарыла түседі. Мәселен, меккелік ақын Омар ибн Аби Рабиа әрдайым өз поэзиясының күнәдан таза екенін дәлелдеп отыруға мәжбүр болды. Кейінірек, діни шектеулерден ада махаббат пен құштарлық жырлары идеялық қарама-қарсылық көзі ретінде қарастырыла бастайды. Дегенмен узриттер лирикасынде жырланатын Қайс-Лубна, Мәжнүн-Ләйлә, Джамил-Бусайна махаббаттары тағдыры алдын-ала Алламен шешіліп қойған жұптар ретінде бейнелене отырып, сол заманның идеологиясымен үйлесімділік табады.

VIII-X ғғ. араб-мұсылман мәдениетінің көкжиегінде араб көркем прозасы пайда болды. Ең бірінші прозаиктер ретінде әйгілі «Калила мен Димна» шығармасының авторы Ибн әл-Муқаффаны атауға болады. Бұл кезеңнің әдебиеті VIII ғ. басында пайда болған жаңа ағым сопылықпен тікелей байланысты бола отырып, бірегей сопылық әдебиетін қалыптастырды. Махаббат лирикасы мен философиялық мотивтерді біріктірген сопылық әдебиет араб әдебиетінің озық туындыларын дүниеге әкелді. XII-XIII ғғ. бұл бағытта Омар ибн әл-Фарид және Ибн әл-Араби шығармашылық жолын байқаймыз, сондай-ақ фарсиде ұйқасқа құрылған прозаны негіздеген Абдаллах Ансари да осы бағытта жазған.

Басқа классикалық жанрлар ретінде мақтау, даттау немесе жоқтау үшін жазылатын 8-12 жолдан тұратын өлең «қытаны», философиялық сипаттағы қысқаша қанатты сөз «рубаиді», лирикалық махаббат өлеңі «газельді» алуға болады. Жанрлардың мұндай көптүрлілігі ақындардан сөздерді өте орынды қолдана алу біліктілігін талап етті. Көп деңгейлі метафоралар, кітаби білімділікті қажет ететін күрделі аналогиялар, тек қана фонетикалық емес, сондай-ақ көзге әсемдік беретін эффектілерді (сөздер мен өлең жолдарындағы әріптер өрнек пен сурет бейнесін беруі тиіс) білуі шарт болды.

IX ғ. соңына қарай кітап білім таратудың тәсілі ретінде жетекші орынға ие болды. Ғылыми кітаптармен қатар өлеңдер мен жаңа проза - аудармалық, төлтумалық проза дамыды. Ғұлама прозаиктер тарихи бастамалардан алшақ кетпесе де, олардың кітаптарының әдеби сипаттары басым болды.

Араб прозасының келесі даму сатысы X ғ. басталады. Бұл кезеңде новелла жетекші жанрға айналады. Ат-Табари, әл-Масуди, «Таза ағайындар» − Бағдат философтары (980 ж.) секілді ғұламалардың туындылары тек мәліметтік жағынан ғана емес, сондай-ақ, көркемдік жағынан осы жанрды қолданады.

X ғасырдың жанрлық эволюциясының шыңы ретінде «мақаманы» айтуға болады. Мақама классикалық поэзия мен новелла элементтерінің тоғысуынан құралады. Мақама жанрында жазылған шығармаға стильдік негіз ретінде «садж» – ұйқасқа негізделген проза өлшемі алынады. Мұнда бірнеше новеллалар ортақ бір кейіпкермен бірігеді, тағы бір ерекшелігі мақамалар жинағының дербес атаулары болмайды. Аса әйгілі болған мақамалардың қатарында Бади аз-Заман мен әл-Хариридің «Мақамалар жинағын» айтуға болады. Мақаманың жанданған кезеңінде дербес жанр – философиялық поэзия пайда болып, өмірмәндік мәселер өлең жолдарында көрініс тапты.