Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 3.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4 Мб
Скачать
☆

1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :

Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,

Кешегі Кенекеме тартып туған.

Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,

Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!),–

деп берген батасы да «таң қаларлық».

Көріп отырғанымыздай, Бекхожин «Науан батыр» дастанында Кенесарының Россияға бағытталған қанды жорығын, алынбаған кекті романтикалық көтеріңкі леппен жеткізеді. Ол енді фашизмді талқандап жатқан біздің кеңес офицерін: Есіңе ал кешегі өткен Кенекемді, кек жолында кеудесін оққа тосқан... Кенекемдей ерлікпен атың шықсын,– деп Кенесарының өзіне тартуға шақырады.

Бұл ұран нені білдіреді? Кенесары ханның жолымен жүрген, Кенесары сияқты кек қайтарған офицер кіммен және кімге қарсы оқ атуы тиіс? Мұндай офицердің фашистерге қарсы оқ атуы мүмкін бе? Бұл өлеңінде Бекхожин ашық және бар дауысымен алашордашыл ақындардың ақындық сөздігін пайдалана отырып, «кек» алуға шақырады. Осыдан кейін оның осы «Шеру» жинағына енген «Қазақ ұлына» атты өлеңіндегі: «атаң қазақ разы болсын», «ата қоныс – Сарыарқа разы болсын»,– дегендегі «қазақ», «қазағым» деген сөздің емеуірінін қалай түсіну керектігіне қиналасың.

Бұл жолдар Кенесары туралы дастанның сарынымен тікелей астасып жатыр. Мұндай интонация Бекхожиннің көптеген туындыларынан ұшырасады. Оның өзге тақырыпқа жазған туындыларында да ұлтшылдық сарыны есіп тұрады. Мысалы, «Домбыра» атты өлеңіндегі: Нәзік, тәтті күйіңді тыңдап өстім, Ұмытпас қасиетіңді сенің ешкім. Алтын арфа, күмбірлі оркестрге, Мен сені ешқашанда теңгермеспін», – деген (мазмұндалып алынды – Т.Ж.) жолдарды оқиықшы.

Домбыра – біздің ұлттық аспабымыз, біз оны сүйеміз. Бұрын жалғыз өзінің ғана әлсіз үні шығатын домбыраның үні тек кеңестік Қазақстан тұсында ғана жаңаша күмбірлеп, үлкен ұлттық оркестрге айналды. Алайда оны «даңғырлаған оркестрге» немесе «алтын арфаға» қарсы қоюға бола ма? Әрине, болмайды! Симфониялық оркестр де біздің құндылығымыз, онсыз қазақ халқының мақтанышы опера өнерін ұйымдастыра алмас едік.

Симфониялық музыканы одан әрі дамытуға және қазақ жастарының музыка өнерінің жоғары деңгейіне көтерілуге ұмтылуы, сондай-ақ жас композиторлар мен орындаушылардың орыстың классиалық және қазіргі кеңестік музыканың озық үлгілерін үйренуге тәрбиелеу – біздің міндеттеріміздің бірі болып табылады. Ал Бекхожин «домбыра» деп қасарысып тұрып алса, оны ешқандай оркестрмен, арфамен теңестіргісі келмесе, оған не айтасың? Бекхожин үшін сол бір өткен заман, «солтүстік жұмақ болған» өмір қымбат. Адамдардың ішінен ол «құдай ерекше етіп тудырған» Кенесарыны, Шыңғысханды, Наурызбайды, музыкалық аспаптардың ішінен өткен заманды жырлағанда қосыла шертіп отыруы үшін домбыраны таңдап алады. Ол оның ұлтшыл дауысын өшіретін оркестрден қашады, ол оны тітіркендіреді, сондықтан да оны «даңғырлаған» деп суреттейді».

Тура осы кезде әуелде Қ.Сәтбаевтің тапсырмасын орындап, баяндама жасап жүрген философия ғылымдарының кандидаты Нұрымбек Жанділдин Орталық Комитеттің Ғылым бөлімінің меңгерушілігіне ауысып, енді сол Қ.Сәтбаевтің үстінен тексеру жүргізіп жатса да «информация жинау үшін» осы мәжіліске қатысып отырған болатын. «Партияның жан алғыш жан торсығы» Ә.Тәжібаевтің «домбыраның оркестрге» қарсы ұлтшылдық рухтағы соғысы туралы пікірі жадында сақталып қалса керек, араға екі-үш жыл салып барып, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған кезінде оны қайта жаңғыртып «домбыраны» оркестрден алып тастап, «екі ішекті қу тақтайды» қуғындаған болатын.

Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Ең соңында, «Пионер» журналының 1949 жылғы № 4 санында «Қазоты» деген дастансымағын жариялады. Жақшаның ішіне «Орыс аңызынан» деп жазылған. Туынды мынадай жолдармен басталады: «Ерте, ерте, ертеде, құба қыпшықтың дәуірінде, біздің еліміз қыспаққа алынғанда...» қыпшақ тайпасынан шыққан ағайынды екі адам болыпты. Олардың аттары – Сұрша мен Атырақ екен, екеуі де атақты батыр болыпты. Атырақ жаугершілікке ұшыраған... жат елді қорғауға кетеді. Ол елде Атырақ... емін-еркін өмір сүреді. Сонда:«Бақытқа кенелдіріп, өмірін ойын-сауықпен өткіздірген қай ел?»,– дегенге автор нақты жауап бермейді, тек «Кавказ тауының арғы бетіне» мекзейді. Егерде Каспий теңізі арқылы көрсетілген бағыт бойынша тура тартса, оқырман Түркиядан бір-ақ шығады».

Өзге-өзге, өзіне де ақындық кие қонған Әбділдәның мына емеуіріні шабыт емес, шалықтау, шарықтау емес, шабыну еді. Әйтпесе, орыс деректеріндегі «Қап тауының арғы беті» – қазақ даласынан қарағанда «бергі беті, яғни, кешегі Ноғай даласы, бүгінгі Қобан бойы екенін Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алған Тәжібаев жолдас білсе керек-ті.

Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Сұрша кенже інісін елге қайтару үшін атқа мінеді. Сұрша батыр бетпақ даланы аралайды. Сол «бетпақ даладан» інісі бала кезінде жақсы көретін Қазоты деген өсімдікті тауып алады. Ол сол гүлді Атыраққа жібереді. Ханға Қазотын әкелген жаушы қобызда ойнай бастайды. Қобыз айрауықтың ащы зарымен боз інгендей боздай жөнеледі. Хан Атырақ қазотын иіскей отырып, қобыздың күйіне қосылып ащы жасын төгеді. Ең соңында ол: жат елінде – сұлтан болғанша, өз еліңде – ұлтан болған дұрыс екен-ау. Туған жерге барамын, ағамды бауырыма аламын,– деген Атырақ өзін «бақыт пен қуанышқа бөлеген» елден кетіп, өзінің «бетпақдаласына» құл болып жүру үшін қайтып келеді.

Автордың жақшаның ішінде көрсеткен «Орыстың аңызынан» дегені оқырманда жаңылдыру үшін қолданылған құр алдарқатудың амалы ғана. Бұл туынды «Науан батырдағы» кейіпкерді көпе-көріне тірілте жырлаған қайырма ғана. Тек бұл арада автор Кенесары «Кавказдың арғы бетінен» аңсары ауа «іздеген» сол бір «ақ орданы», «алтын тақты», «думан мен қызықты» іздеуді ұсынып отыр».

Шыңғыс ханнан бұрын өмір сүрген, орыс жылнамаларында жазылып қалған, Карамзин, Жуковский, К.И.Никитин пайдаланған бұл әфсананы қалайда «қиыннан қиыстырып» Кенесарыға телуі – арандатудың ең арсыз түрі. Қазақша айтқанда, Қалижан Бекхожинді өкпеге ғана емес, өлімге де қиып, басын тігіп беріп отыр.

Ә.Тәжібаев (жалғасы): «Ақын Бекхожиннің жолы осындай. Алайда, оның зиянды ойлары тек поэтикалық шығармаларында ғана емес, ол құрастыруға қатысқан оқу құралдары мен хрестоматиядан да орын алған. Осыған қарамастан, Бекхожин өзінің зиянды әрекетін жұртшылықтың алдында ашық мойындауға тырысудың орынына, оның қатесін көрсетуге болады екен-ау – деген ой қаперіне де кіріп шықпайды. Оның басты себебі, бірінші, ол өзінің кінәсінің ауыр екенін біліп, соны мойындаудан сескенеді, екіншіден, ол өзінің көркемдік ерекшелікті сылтауратып сынды тұншықтырғысы келеді, сөйтіп, оның назарын басқа жаққа бағыттап жібергісі келеді.

Біздің ойымызша, Бекхожин саналы түрде жүріп келе жатқан зиянды жол тым ұзаққа созылып кетті. Кеңес оқырмандарының санасын ірітуге тырысқан мұндай жүйелі жортуылды тамырымен жоятын кез келді. Мұндай «көркем бұрмалаушылыққа» бұдан әрі қарай жұртшылық төзбейді».

Төзбегенде не істеу керек еді? Әрине, «тамырымен отап, жою» керек. Өйткені оның ақындық өмірі «тым ұзарып барады». Замандастарының: «Әбділдә өзімнен басқа ақын өмір сүрмесе екен деп тілеуші еді»,– деген қиянатты сөздің растығына сеніп-ақ қалғың келеді. Бұдан артық талдап, түсіндіріп жатудың өзі артық. Төзбейтін теңеулер, «зиянкес бұрмалаушылықтар», Бекхожинді ақын ретінде емес, адам ретінде көзін жоюды көздеген Ә.Тәжібаевтің ұзақ жылдарға созылған, біз әдеп сақтап, пайдаланбай кеткен деректердегі бар пиғылы осы сөзден соң ашылып қалғандай. Осы пікір таласы туралы естелігін тыңдап, «Батыр Науан» дастанын «Жұлдыз» журналына жариялауға рұқста беруді өтінгенімізде арыстан ақынның жүректегі үрейі қайратты қою мұртын тікірейтіп шыға келді. Жағдайды түсіндіргенімізде түсі жылып, әлсіз саусақтарымен қаламын ұстап:

«Мен «Батыр Науан» атты бұл дастанымды қазіргі кезден елу бір жыл бұрын, әдебиетке жаңа ғана қатыса бастаған жас албырт шағымда жазған едім. Сол тұста қазақ советтік автономиялық республикасының құрылғанына жиырма жал толуына арналға «тарту» атты өлең, әңгімелер жинағы кітап болып шыққан, сол кітапта менің осы поэмамнан үзінді жарияланды. Бұл дастанымда мен аты шулы қаһарман Кенесары мен Наурызбайдың Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы жасаған ұлтшылдық әрекет деп теріс түйіндеді. Соның салдарынан менің поэмам әділетсіз ауыр сынға душар болды. Енді қазіргі дәуірде партиямыздың әділ басшылығымен өткендегі тарихи уақиғаларға әділеттік пайыммен топшылауды қағида тұтқан шақта, Кенесары, Наурызбай көтерілісі өзіміздің «Жұлдыз» журналымыздың бетінде тарихи өз бағасына қайта ие болды, мен сол үшін өте риза болып, ұмыт қалған бұл дастанымды баспасөзден жариялауға ұсынып отырмын (Денсаулық болмай, жайым кетіп жүргендіктен поэманың толық нұсқасын архивімнен іздестіріп таба алмадым). Автор»,– деп біз арқылы журналға жариялауға ұсынып еді.

Марқұм «Батыр Науанның» қайыра басылымын көруге үлгере алмай дүниеден өтті. Сол жолы қимас бауырындай мейірлі сезіммен ол жоғарыдағы талқы туралы айта келіп, Е.Исмаиыловтың сөзіне орай:

«Ақыры түрмеге қамалатын болдым. Сондықтан да Есмағамбет екеуміздің не істеп кеткенімізді арттағылар біле жүрсін деп, өзімнің кінәмды мойындағансып, әй бір көсілдім. Ал бізге Кенесары туралы жинақ құрастыруға тапсырма берген Орталық Комитеттің өзі болатын. Мен сол Орталық Комитеттің өзіне ишара жасай отырып сөйледім. Ажалдан мені сол сөзім құтқарды ма, кім білсін. Менің мінезім қапастағы булығуды көтермейді. Құсадан, не қыстығып жүріп өзіме өзім қол жұмсаудан жазым болар едім. Ал Есмағамбет туралы айтатын пікірімді алдын-ала өзімен келісіп алғамын. Ол сол сырдың барлығын өз сөзінде айта бастағанда зәрем ұшып кетті. Атамашы сол күндерді. Бәрінен де мен үшін Әбділдәнің сөзі қауіпті еді», – деген мағлұматты бізге айтып беріп еді.

Соңғы пікірді бұдан әрі дамытпаймыз. Х.Бекхожиннің «келер күндердің» қаперіне ұсынған сөзінен үзінді келтірумен шектелеміз.

Қ.Бекхожин: «Осы арада, Кенесарыны әспеттеу туралы қате пікірлер 1940 жылы Қазақ ССР-нің 20 жылдығына орай орталық газеттерде жарияланған біздің сол кездегі басшыларымыздың (Скворцов пен Қазақпаев) Кенесарыны ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде мойындаған мақалалары арқылы таралғанын айтып өту артық емес... Бұл екі адамның (мәтінде бұл сөз Скворцов пен Қазақпаевтың атынан кейін қолданылған – Т.Ж.) Бекмаханов пен Исмаиыловтың Кенесары Қасымовтың тарихтағы орыны жөніндегі жалған пайымдаулары олардың пікірлестерін де, Қазақ ССР тарихының редакциялық алқасын да аталған қателіктерді жіберуге алып келді.

Осы жалған тұжырым көптеген біздің жазушыларымыздың, ақындарымыздың, тіпті халық ақындарының шығармашылығына да зиянын тигізді, олар осы теріс тұжырымды бағытқа алып, оның мәнісіне бармастан Кенесарыны – қазақ тарихындағы осы бір қара тұлғаны өздерінің шығармаларында мадақтады.

Жекелеген жазушылардың қателігін айтпай-ақ, Орталық Комитеттің осы шешіміне байланысты, баспасөздердегі сындарға байланысты: қазақ және орыс халқының жауына – Кенесарыға қатысты жіберген өрескел қателерім үшін өзімді-өзім батыл және қатал түрде айыптайтынымды партия жиналысының алдында айтуды парызым деп білемін», – деп (сонда, 84-бет) жария етті.

Әрине, «жекелеген жазушылардың қателігіне тоқталмай», «өзін-өзі батыл және қатал айыптауы» да мінезді ақынның мінезін танытады. Дегенмен де партия жиналысында жауынгер ақын «партиялық адалдықты» сақтап өзінің кенесарышылдығының түпкі тегін ақындық көркем көзқарастан іздемей, «ақылшыдан» іздейді. Оның себебін былай түсіндіреді:

Қ.Бекхожин (жалғасы): «Мен өзімнің әлі тәжірибе жинақтамаған қарапайым әдеби қызметімді СССР ҒА-ның Қазақстандағы филиалының Тіл және әдебиет секторында, Кенесары мен басқа да хандар мен билер туралы пікірлердің дәнін сепкен Исмаиыловтың жетекшілігінде атқара жүріп, Қазақстан тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихының кейбір тұстарын түсінуде адасып кетіппін...».

Әрине, сол кездің ғана емес, жалпы талқы атаулының дәстүрі бойынша Қ.Бекхожин де «еруліге қаруын қайырып», Ә.Тәжібаевқа да қарата астарлы сес танытты:

Қ.Бекхожин (жалғасы): «Мен Тәжібаевтің сөзіне ризашылығымды білдіре алмаймын, оның өзі де көптеген ұлтшылдық қателіктерді жіберсе де, ұлтшылдық дегеннің не екеніне және оны кімге оп-оңай жапсыра салуға болатынына партиялық тұрғыдан және өзінің түйсігімен саралап түсінбей, өзінің мақаласында (осының алдында Ә.Тәжібаевтің жоғарыдағы мазмұндағы мақаласы жарияланған болатын – Т.Ж.) маған ұлтшылдықтың көр-жердегі барлық қылмысын айып етіп тақты, ал менің шығармаларымды ұлтшылдық қателіктің жүйесі ретінде көрсетті. Олай емес, мен сіз айтқандай ешқандай қарғыс атқыр ұлтшылдықтың жазғыштарына еліктегемін жоқ, сіз сияқты буржуазиялық символизмді үйренгемін де жоқ және ол дертпен ауырғамын да жоқ. Мен өзімнің қателіктерімді үнемі ашық айтып келдім, қазір де сіз сияқты былғақтамай ашық айтып отырмын. Мен орыс және кеңес классиктерінен үйренемін. Менің ойымша, партия ұйымы большевиктік сынды біреудің екінші адамнан кек алуының қаруына айналдыруға, Тәжібаев сияқты жолдастардың бір кездегі менің айтқан сыныман қарымта қайыруының амалы ретінде пайдалануға жол бермес деп ойлаймын».

Иә, «кектің қарымы» осылай қайтарылыпты. Бәрібір, Ә.Тәжібаевтің жоғарыдағы әшкерелеуінен кейін оның бұлай демеске лажы да жоқ еді. Өйткені, олардың көзінше және талап етуінше «оның ақындық өмірі ұзаққа созылуы тиісті емес» болатын. Сөзінің соңында өзінің ұлтшылдық ұстанымын оятқан Есмағамбет Исмаиыловты «өздерінің өзара келісіп алғанындай» «қарақшыға байлап» кетеді.

Қ.Бекхожин (жалғасы): Ең соңында айтарым, өзінің ұлтшыл, оның ішінде Кенесары туралы қателерін осы уақытқа дейін ашық және шын жүректен мойындамай отырған Исмаиыловтың тәртібін қатаң талқыға салуға болмай ма? Кенесарыны әспеттеген ондай адам жоқ, ол бұл мәселе жөнінде идеялық қателік қана жіберіп қойған жоқ, сонымен қатар бірнеше жыл бойы мұқым бір мемлекеттік ғылыми мекемені жұмылдырып, мемлекеттің қаржысын жұмсап, Кенесарының тарихын мадақтайтын зерттеулер жаздырды, сөйтіп, жалған дәлелдер арқылы Кенесарыны «халықтық» тұлға етіп көрсетіп, қоғамдық ойды адастырды. Соның тапсырмасымен кеңес ақындары бірқатар қате шығармалар жазды. Жылқыайдаров, Керімбаев, Шипин сияқты халық ақындарымен қоса ақын Аманжолов та оның тапсырмасымен Кенесары мен Наурызбайды мадақтайтын дастандар шығарды. Неге ж.Аманжолов өзінің Кенесары туралы жіберген қателігін ашық мойындауды парызым деп есептемейді? Өзіміздің барлық қателігімізді ашық мойындап, оны сынау арқылы ғана өзіміздің шығармаларымызға жат, зиянды идеялардың кіріп кетпеуіне жол ашамыз».

Бұл талқыға «бір басынан дауы арылмаған» Қасым Аманжолов та араласып кетті, ол өзін ақтау орайын кешегі досы, бүгінгі қаралаушысы Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожинге әкеп тіреді.

Қ.Аманжолов: «... Сол кезеңнен кейін менің шығармашылығымда бұл тақырып қайталанған жоқ, қайталануы мүмкін де емес. Мен ол дастанның бір де бір бетін ешқашанда жариялаған емеспін, соған қарамастан, арада бірнеше жыл өткеннен кейін болса да өзімнің қателігімді мойындап отырғанымның өзі де жақсылық. Сөйтсем, 1940 жылы дайындығым аз, саяси көзқарасым жоқ, талантым ұшталмаған тұста осы іске араласып кетіппін. Турасын айтайын, партия жиналысынан жасыратын ештеңем жоқ... Ол кезде Исмаиылов пен Бекхожин ғылым академиясында істейтін. Бекхожин екеуіміздің айырылмас дос болғанымызды бәріңіз білесіздер. Менің әдеби сауатым жоқ болатын, ал Бекхожинның жоғары әдеби білімі бар болғандықтан да, мен онымен дос болдым, айтқанын тыңдадым. Бірде Бекхожин Кенесары туралы жинаққа арнап дастан жазуымды өтінді. Сол дастан үшін екі жүз жетпіс сом алдың – дейді Бекхожин. Шынын айтсам, соның екеуі де есімде жоқ. Міне менің қателігім осында... Бекхожинның ұлтшылдығын әшкерелеп, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жаздым»,– деп (сонда, 92 бет) жиналысқа қатысушылардан өзін арашалауды өтінді.

Жиналыс оның бұл өтінішін қанағаттандырды. Себебі, оның өзін-өзі ақтауға мүмкіндік берген «арылу» мен «парызды» «Хандардың жоқтаушысы» атты мақаласы арқылы өтеген еді:

Қ.Аманжолов: «Бекхожиннің бізде болып жатқан жиылыстардың бір де бірінде өз шығармаларының кемшіліктері туралы жұмған аузын ашпауына қарағанда, онда тіпті кемшілік жоқ па деп ойлайсың. Шынында солай ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін, Бекхожиннің өзі үндегісі келмесе, оның шығармаларын сөйлетіп көрейік.

Бекхожин өзінің әдеби бетін «Ақсақ құлан» поэмасымен ашты. Бұл поэма «Әдебиет және Искусство» журналында басылып шықты. Поэмада Алаша (Шыңғыс) ханның баласы Жошы ханның құлан қуып жүріп мерт болғаны баяндалады. Совет мектебінде тәрбие алып шыққан жас ақынның қиял қармағына ең бірінші болып «Ақсақ құлан» ертегісінің ілінуі таңғаларлық оқиға! Өз заманымыздың алуан сырларын көрмей, атам заманғы жандармен сырласу Бекхожинге не үшін керек болғаны бізге күңгірт. Мүмкін, автор хандар заманына марксизм-ленинзм тұрғысынан қарай отырып, жүйелі бір пікір айтпақ болған шығар – дейін десек, олай болмай шығыпты. Бар айтқаны: Алаша – Жошы хандардың «аруағын» күңірентіп, солардың өшіп қалған өмірінің күлін үрлеп, содан бір «поэзиялық от» тұтатбақ болыпты автор. Поэмада Алаша – Жошы хандардың «салтанаты», қуаныш-сүйініштері ғана баяндалады да қояды. Оның үстіне автор Алаша – Жошыларды қазақ халқының қамқоры етіп көрсетуге тырысады. Мұнысы тіпті тарихи шындыққа жанаспайды. Онысымен қоймай, автор өз кейіпкерінің аузына мынадай сөз салады:

Дариға, кешегі өткен әкем Шыңғыс,

Ер еді-ау Күншығыстан шыққан тұнғыш(?)

Әлемді алқымға алып, айғай салып.

Жалғанды етіп еді-ау жалғыз уыс!

«Бұл менің сөзім емес, Жошының сөзі» – деп таласар автор. Біздіңше, бұл автордың сөзі. Жошыға осыны айтқызып отырған автор. Ал, авторға мұндай сөздің неге керегі болды? Автордың мұндағы айтайын деп (айтып та) отырғаны: «Шыңғыс қазақ хандарының, яғни, бүкіл қазақтың әкесі еді. Ол біздің шығыстан шыққан тұнғыш ер еді»,– деу. Шыңғыстың «Әлемді алқымға алып», «жалғанда жалғыз уыс» еткеніне автор өте сүйсінеді.

Бұл жерде автор тарихи шындықтың өңін айналдырып жібергені былай тұрсын, тіпті саяси қате ұғым тудырады. Қанды шеңгел; «Шыңғыс сенің әкең еді»,– деп халқымыздың тарихын кірлейді, жала жабады. Бекхожиннің бұл саяси қате пікірі оның екінші поэмасы «Батыр Науанда » да қайталанады.

Бұл поэмада Кенесары мен Наурызбай әңгіме болады. Әңгіме болғанда Кенесары мен Наурызбайдың тарихында болмаған, болған күнде де айтуға тұрмайтын бір ұшқалақ оқиға баяндалады; Күндердің бір күнінде Кенесарының құлағына мынадай бір сыбыс жетеді: пәлен деген ауылға орыстың бір офицері келіпті. Сол офицер қазақтың бір қызымен көңіл қосыпты-мыс. Бұл хабарға, автордың айтуынша, Кенесары қатты назаланады. «Дереу қызды өлтіріп, офицерді менің алдыма айдап алып кел»,– деп Кенесары Наурызбайға әмір етеді. Наурызбай Кененің айтқаның екі қылмай орындайды. Офицерді бірнеше күндік жерге жаяу айдайды, аттың баурына алып, ұрып-сабайды, арқандап таңады, терекке байлап қояды. Қысқасы, автор жазықсыз офицерге көрмегенді көрсеттіреді.

Ал, осындай сөлекет оқиғаның Бекхожинге неге керегі болды? Мұнымен не айтпақ болды? Бұл сұраққа жауапты Бекхожиннің өзінен естиміз:

Батырлар сүюші еді Кене ағасын,

Кененің кең пейіштей Сары Арқасын.

(«Тарту» жинағы, 133-бет).

«Кененің Сары Арқасы – кең пейіш еді» деу – біріншіден, шындыққа жатпайды, екіншіден – барып тұрған керітартпа пікір. Мұндай пікір тек хандар заманын аңсаған, алға емес, артқа қараған жылауық бишаралардың ғана аузынан шығуға тиіс.

Қазақ ек ала киіз туырлықты,

Такаббар, менсінбеуші ек басқа жұрты.

Құдая, кер заманға кез келтірдің.

Қазақ боп естіп пе едік бұл сұмдықты,–

деп сарнайды Бекхожин сол поэмасында. Бұл сарнау – кімнін сарнауына ұқсайды? Немесе:

Сорлаған ел жұртынды сақта өзің,

Самсаған албастыдай сонау жаудан»,–

деп күңіренеді автор.

Міне, автордың «Батыр Науан» поэмасын жазғандағы, онда қолдан сюжет ойлап тапқандағы айтайын дегендері осындай қоқыс, ұлтшылдық пікірлер. Бекхожин бұл поэмасында да Шыңғыс ханның аруағына бас ұра жығылады:

«Кешегі атышулы Шыңғысқа ұқсап», – дейді де Наурызбайды Шыңғысқа теңейді. Бұған қарағанда Бекхожиннің «Ақсақ құлан», «Батыр Науан» поэмаларын жазғандағы ой арқауы бір екенін айқын көреміз. Бұл екі поэмадағы оның ой пікірі ағып келіп мынадай арнаға құяды: кешегі қанды шеңгел Шығыс қазақ хандарының атасы еді, Кенесары, Наурызбай сол Шыңғыстың ұрпағы еді,– дейді. Сүйтеді де «бетті Шыңғысқа (яғни Шығысқа) қарай бұру керек. Европа мәдениетіне қарсы шығу керек»– деген саяси идеяны дәріптейді. Бекхожин мұны мойындасын, мойындамасын, бірақ оның поэмаларында айтылған пікірлерден туатын қорытынды осындай. Бұл қателіктер оның 8-класқа арнап шығарған оқу құралында да кездеседі. Тіпті онда айтуға болмайтын сұмдық сөздер жазылған...

1944-жылы Бекхожиннің «Шеру» атты өлеңдер жинағы шықты. Жинақ «Қазақ ұлына» деген кіріспе өлеңмен басталады. Бұл өлеңде ол не айтады? Қазақ жауынгеріне жаумен жағалас дегенде, «атаң қазақ разы болсын», «ата қоныс – Сарыарқа разы болсын» – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Совет елі үшін, большевиктер партиясы үшін, совет еліндегі туысқан халықтардың бақыты үшін, ұлы октябрь социалистік туы үшін күрес – деген сөздер Бекхожиннің аузына түспейді. Неміс басқыншыларын жойған негізгі күштерімізді көргісі келмейді.

«Өртенгенді қазекең азат етсін»,– деген екіұшты мағына беретін, ешбір логикаға жатпайтын пікірмен өлеңін бітіреді. «Қол бастаған батырға» деген өлеңінде:

Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,

Кешегі Кенекемнің тартып туған.

Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,

Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!).

Бекхожин бұл арада ұлттық қасиетті дәріптейін деп отырған жоқ, «Кенекең кекті кеткен еді, соны ұмытпа»,– деген сияқты бұлдыр бірдеңені бықсытып отыр.

БК»б)П Орталық Комитеті «Драма театрларының репертуарлары туралы» қаулысында: «біздің кейбір жазушыларымыз өз заманымыздың кейіпкерлерін көрмей, патшалардың, хандардың, вельможалардың өмірлерін жазуды әдет қылып жүр»,– делінген. Осы қаулыны Бекхожин оқыды. Жданов жолдастың баяндамасын да оқыды. Сөйтіп отырып не істеді десеңіздерші: «Сабалақ» (Абылай хан) деген поэма жазды. Оған «заказ» беріп жаздырып жүрген «Пионер» журналы редакторының орынбасары Боранбаев сол поэманы журналға баспақ та болды. Бірақ ҚЛКЖО Орталық Комитетіндегі жолдастар ол зиянды поэманы алдырып тастады. Бұған қарағанда, Бекхожин жолдас өзінің теріс бағытқа түсіп кеткендігін күні бүгінге дейін мойындағысы келмейтінін көреміз. Кемшілікті большевикше мойындау – совет адамдарының қағидасы. Бұл қағиданы Бекхожин бойына жуытқысы келмейді. Ал, бірақ басқаның кемшілігі туралы айқайлағанда Бекхожиннің тамағы жыртыла жаздайды.

Сонымен, Шыңғыс хан – Жошы хан – Абылай хан – –Кене хан... дегендердің Бекхожин тартқан желісінің ұзын-ырғасын аралап шықтық. Бұл шірік арқаннан тартылған желіні өмір шындығының күшті қолы үзіп тастауға тиіс. Бекхожин жолдасқа өзінің творчестволық жұмысындағы қателіктерін көрсетумен қатар, шығармасының бағытын тез арада заманымыздың тілегіне сай арнаға бір жола бұру керек екенін ескертеміз» («Соц. Қазақстан», 1947, 7-наурыз).

Иә, осы ретте таяу арада Мәскеу мұрағатынан табылған «бүкілодақтық ақсақал» М.И.Калининге арнап жазылған: «Михаил Иванович! Топорами, вилами, воруженными силами, на нас напали, кровожадные есенцы!»,– деген арыз хат еске түседі. Бұл қандай ұлттардың арасындағы шайқас екенін білмей, зәресі ұшқан «ақсақал»: «Есенцы (чеченцы деп ұқты ма, кім білсін) деген қандай ұлт? Табыңдар»,– деп бұрыштама соғыпты. Ал тура сол хат Ж.Шаяхметовке де жолданыпты. Тек «есеннің» орынына «бегістің» атын қойыпты. Шұғыл тексеріп, іздестіре жүріп әрең табады. Сөйтсе, шалғайдағы, тіпті қазақы ұғымның өзінде түкпірдің түкпірі болып саналатын ауылдағы шалғынға таласқан он үйден тұратын бір елдің екі бұтағы екен. Демек, екі арызды да орысша жазып беріп тұрған бір адам болды ғой. Бауыржан Омаров пен Рақымжан Отарбаев бауырларымнан естіген осы қазақы тапқырлыққа таңданарымызды, не Ә.Тәжібаев пен Қ.Аманжоловтың мына сөздеріне таңданарымызды білмей біз де дағдарып қалдық. Екі ақиық ақынның бірінің сөзі екіншісінен айнымайды, тек айтушылардың аты ғана басқа. Уақыт арасын екшей келе Ә.Тәжібаев бұрынырақ шыққан Қ.Аманжоловтың мақаласын орысшаға аударып пайдаланған – деген уәжге тоқталдық. Қасым Аманжоловтың өзі сол жолы:

«Маған тапсырма берген халық жауы Е.Исмаиылов пен Х.Бекхожин»,– деп райынан қайтты.

Х.Бекхожинді әшкерелеген «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жазғанын желеу етіп, Партия жиналысының алдына өзінің атын қаулыдан сызып тастауды өтінді. Белсенділер оның өз «айыбын жуғанын» ескеріп, Қ.Аманжоловтың атын партия ұйымының қарарынан алып тастады.

Қ.Бекхожин: «Қасымның ақталғанына ішімнен қатты қуандым. Сыртымнан мысымды бастырғым келмей, мен де мақала жаздым. Көпшілік алдында ақталды. Енді оған сын батпайтын және күні кешегі бірге жатып, бірге тұратын, бір күн көріспесек заманақыр орнайтындай сезілетін досыма қыр көрсеткім келді. Екеуміздің де мінезіміз жетісіп тұрған жоқ еді. Оның тез сөзге ергені шамыма қатты батты. Ал ақшаның айтылуының себебі, Кенесары туралы жинақ шықпай қалған, ал қаламақысын Қасым екеуміз алып қойғамыз. Соны қайтартама деп зәресінің ұшқаны ғой. Ол үкіметтің қаулысымен бөлініп, төленгендіктен қайтаруға жатпайды. Мен шарпысып қалғанда соны еске салғамын әдейі. Әттең, қандай тату едік, екеуміз де мінезіміздің еркінде кеттік»,– деді арыстан жалды ақын.

Ал жиналыста Қ.Бекхожин, бәрібір жазадан құтылмайтынын біле тұрып, өзінің «соңғы сөзін»:

«Осы партия жиналысында: Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға, оның реакциялық мәніне қатысты қателіктерімді түзету жолында адал еңбек ететініме уәде беремін»,– деген үмітті тілекпен аяқтады.

Жауап сөзінде «келісімді орындап» Е.Исмаиылов Х.Бекхожиннің атын атамайды. Бірақ астарлы емеуірінді екеуі де, өзгелер де түсінген.

Е.Исмаиылов: «Бізде Кенесары Қасымов туралы арнайы мақала жазбаған, алайда оң баға берген әдебиетші-тарихшылар бар. Олардың аттарын атамай-ақ қояйын, өзімнің кінәмды өзгеге аударғым келіп тұрған жоқ, алайда Қазақстан тарихы ғылымындағы қайшылықтарға және Кенесары Қасымовқа қатысты әдеби мәселелерді зерттеуде жіберілген қателіктерге, олардың белгілі мөлшерде тарихшыларға ықпал жасағанына қарамастан, кейбір жолдастар өзін-өзі ақтауға тырысты. Бұл – шындық. Алайда мынадай сұрақ қойғым келеді: Мұқанов пен Жұмалиев жолдастар өзінің оқулықтарының тұтас бір тарауын шынымен де Исмаиыловтың ықпалымен жазды ма? (Республиканың) жиырма жылдығына арналған тезистер де Исмаиыловтың диктовкасымен жазылды ма? Тимофеев-Федоровтың мақаласын да Исмаиылов жазып беріп пе? Иә, мен қатты қателестім, нағыз табанды кенесарышыл болдым, алайда осының бәрін, барлық пәлені Исмаиыловқа үйіп-төгіп, оның жалғыз өзін кінәлі деп мәлімдеуге болмайды.

Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битый, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген»,– деді.

Әдебиетшілердің арасында өзгелердің қателігін көрсетуге шебер, ал өздері ештеңе істемей, «тыныш қысып» отырғанды жөн көретін сыншысымақтар бар. Ешқашанда да ештеңеге араласпайтын, ештеңе жазбайтын жолдастар да бар. 5-6 жыл бойы қолына қалам ұстамағандар да кездеседі. Әрине, ол жолдастар ешқашан қателеспейді (күлкі).

Әрине, ішінара қателіктер кетуі де мүмкін, партия мен үкімет талап етіп отырғанда табанды түрде еңбектену керек.

Мен принципті шығармашылық сынды қашанда қабылдаймын, алайда, өзің баяғыда бас тартқан ескі қолжазбаларыңды ақтарып, қояңды шығаруға бағытталған сыңаржақ сынды қабылдамаймын. Мұндай кемшіліктерді, соның ішінде Қ.Жармағамбетов жолдастың баяндамасында айтылған сындарды мойындаудан бас тартамын, менің жақсы істерімді жасырып, жаманттың барлығын маған жапсырған мұндай сынды жоққа шығарамын. Лайықты, орынды сынды өзім де жақсы көремін және ондағы қателерді түзетуге тырысамын. Партия ұйымы тарапынан айтылған сынды да қабылдаймын. Партия жиналысында мен Кенесары Қасымовтың қозғалысына, оның реакциялық мәніне баға беруге қатысты кеткен өрескел қателерімді түзеймін, адал еңбек етемін деп уәде беремін».

Жанталасты талқылау аяқталып, енді қаулы қабылдауға қарай ойысады. Ұлтшылдығы әшкереленіп, қаулыға ілініп бара жатқан Қ.Бекхожин оны жұмсартуға ұмтылып:

«Мен бір анықтама бере кетейін, менің мақалам ешқайда талқыланған жоқ. Ал Қ.Аманжоловтың мақаласы 1948 жылы 12-ақпанда талқыланған, оны Жароков пен Жұмалиев жолдастар біледі»,– деп бір қате үшін екі рет жазалауға болмайтынын еске салады.

Алайда оған Ә.Тәжібаев: «Қазоты» – дегеніміз дастан. Ол бұл арада талқыланған жоқ. Мен қайталап айтамын, біріншіден, бұл қате туынды, екіншіден, «Ақсақ құлан» туралы сөз қозғағанда, ондағы бейнелі образдарды мен түсінбей отырғамын жоқ. Сіздің: «Оның (Тәжібаевтың – Т.Ж.) менен қарымта қайыруы үшін оның мақаласына «Ленинская смена» газетінің орын беруі өрескелдік,– деген пікіріңіз дұрыс емес»,– деп қарсы уәж айтып, қаулыны күшінде қалдыруды ұсынған.

Жалпы мерзімі үш жылға созылған осы арпалысты, жанталасты, әшкерелеуші бағыт ұстаған талқылауларда өзінің пікірін ашық білдірген және қарсы уәж айтқан тұлға Есмағамбет Исмаиылов қана.

Е.Исмаиылов: «Қаулыда мен туралы жеке бап бар. Менің ойымша бұл тым қатаң ұстаным. Неге «Көптеген қателері» деп жазылған? Бұл дұрыс шешім емес. Қандай «көптеген қателік»? Бұл ойдан шығарылған жала. Менің атымды өзге жолдастардың қатарындағы тізімге қосуларыңызды өтінемін.

Неклюдов: Исмаиыловтың мұндай ұсыныс жасауының басты себебі, ол Ғылым Академиясындағы жиналыстағы сияқты осы арада да өзінің қателіктері мен кемшіліктерін барынша терең ашып берген жоқ. Бұл арада өзінің көзқарасы арқылы шәкірттеріне тигізген зиянды әрекеттерге де баға берілуі тиіс. Сондықтан да мен қарарда көрсетілген формулировканы қалдыруды ұсынамын және оған: Исмаиыловтың сөзінде сын аз болды және өзінің қызметі арқылы тигізіп отырған саяси зиянкестігіне баға бермеді,– дегенді қосып жазу керек.

Мұстафин: Тәжібаев жолдас қабылданған қаулыға қанағаттанбай отыр. Сондықтан да бұл пункті дауысқа саламын.

Тәжібаевтің: Бекхожин өзінің қателеріне сын көзбен қараған жоқ және жеткіліксіз мойындады,– деген ұсынысы дауысқа салынды. Оны қостап бір ғана дауыс берілді».

Сол тұстағы айдарынан жел есіп тұрған Қ.Жармағамбетов, әрине, өзіне қарсы пікірге өктем үнмен жауап берді:

«Енді, Исмаиылов жолдасқа жауап берейін, ол мені: жақсы істерін жасырып, жаманттың барлығын жапсырған» жалақор сыншы деп айыптады, жалақорлық сынмен айналысқамын жоқ, айналыспаймын да, ал сіздің еңбегіңіз баршаға мәлім, мүмкін мен Кенесарыға мінездеме беретін барлық еңбектеріңізге толық тоқталмаған шығармын. Егерде дұрыстап қараса, сіздің еңбектеріңізден бұдан басқа да кемшіліктерді табуға болады. Сіздің өзге еңбектеріңізге баға беру – менің міндетіме жатпайды.

Ал Нұрпейіс Байғаниннің қолжазбасына қатысты айтарым, мен оның редакторымен 25 күн бірге отырып қарап шықтым, баспасөзде сілтеме жасалған бұл кітаппен менен басқа сіздердің ешқайсыларыңыз таныс емессіздер. Қабдолов (Ғабдуллов) қолжазбаны маған берді де, редакция жаса! – деді. Менің айтарым, демек, халық ақындарының шығармаларына жасалған редакторлық та сіздің еңбегіңіз жоқ.

Сөзімді аяқтай келе айтарым, көптеген жолдастар осы партия жиналысында өздерінің қателіктерін мойындады. Қатені мойындау – қатені түзетуге жасалған қадам, сондықтан да біздің жиналысымыздың қорытынды қарарында: қатесін мойындап сөйлеген жолдастар – өздерінің Кенесарыны бағалауда жіберген қателіктерін мойындады және оны өздерінің еңбектерінде, шығармаларының жаңа басылымында түзететін болады,– деп жазуымыз керек. Міне, менің бар айтайын дегенім осы».

Қарама-қарсы пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі.

Мұндай саяси-көркем мағынаға ие емес жазушылар одағының қорындағы және баспасөз беттеріндегі жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдыққа, өкінішке ұрындыратынын ескерте кетуді жөн көрдік. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі ғана жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді. Бұл да келешекке сабақ.

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесары, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған идеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.

Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:

«Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық Комитеттің бюросы және Орталық Комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымдарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.

Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.

Орталық Комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық Комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» («Әдебиет және искусство», 1951, № 10) - деп «мойындады».

Айтылған пікірлерге орай Жазушылар одағының партия ұйымы:

«Сұлтан Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысы революцияға дейінгі және кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тауып келді: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің реакциялық романтизм ағымындағы өкілдері Нысанбай, Досқожа т.б., сонымен қатар буржуазияшыл-ұлтшыл алашордашылар Кенесарының қозғалысын – ұлт-азаттық қозғалыс, ал Кенесарының өзі мен оның айналасындағыларды – ұлттық батырлар деп жырлады. «Қаншайым», «Жасауыл қырғыны» атты халықтық дастандарда және жазушы-демократ Мұхамеджан Сералиннің «Топ жарған» дастанында суреттелгеніндей қалың бұқара Кенесарының қозғалысына қарсы болғанына қарамастан, қазақ әдебиеттанушылары сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаның туындыларын қазақ әдебиетінің тарихына қатысты көптеген еңбектерінде мадақтап келді. Кенесарышыл алашордашыл-жыршылардың сартабан соқпағымен жүрген жазушылар Әуезов, Бекхожин, Аманжолов, Тоқмағамбетов және тағы да басқалар Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысын мадақтайтын көркем шығармалар жазды.

Партия жиналысы, әсіресе, Есмағамбет Исмаиыловтың Кенесары Қасымов қозғалысының «прогрессивті» екені туралы жазған кітаптары мен мақалаларында контрреволюцияшыл-алашордашылардың кеңес өкіметіне жаулық сыпатындағы идеясын жүйелі түрде насихаттап келгенін ерекше атап өтеді. Е.Исмаиыловтың осы партия жиналысындағы сөйлеген сөзі коммунистерді ешқандай да қанағаттандырмайды, өйткені Е.Исмаиылов өзінің сөйлеген сөзінде өзінің қателігін толық мойындамады, оның әдебиеттану және сын саласындағы еңбектеріне қаратыла айтылған әділ сыннан партиялық принципті қорытынды шығара алмады.

Партия жиналысы сонымен қатар Әуезовтің, Мұқановтың, Жұмалиевтің қазақ әдебиетінің тарихына байланысты еңбектерінде жіберілген қателер мен бұрмалаушылықты да атап өтті.

Бірқатар әдебиеттанушылардың қазақ әдебиетінің тарихына байланысты бірқатар еңбертерінде және жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығында қарақшы және қалың бұқараның жауы Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктері мен бұрмалаушылықтарын жою үшін Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағының партия жиналысы Қаулы қабылдады».

Талқыға салынған пікірталастары мен әшкерелеудің негізінде «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақаласын және ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы мақала туралы қаулысын басшылыққа алып, бұлжытпай орындау үшін»:

«1. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысын мәнін ашып бере алмаған жазушылар мен әдебиеттанушыларды әшкерелеуде жетекшілікке алынсын. 2. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысы қатаң сынға алынып, Жазушылар мен әдебиеттанушылар көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. 3. «Әдебиет және искусство» жураналында Кенесарының қозғалысын суреттеген әдебиеттерді әшкерелеу бағытында сыни мақалалар жарияласын. 4. Әдебиеттанушылар – Қазақ әдебиеті тарихының көп томды тарихы мен мектеп оқулықтарында кеткен қателіктерді түзету үшін әдебиеттанушылар Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиеттану институтына және Қазақ ССР оқу ағарту министрлігінің жұмысына белсене атсалыссын. 5. Жұмалиевтің, Бекхожиннің, Әуезовтің, Мұқановтың өзінің қателіктерін мойындағаны ескеріліп, оларға шығармаларында, оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихында кеткен қателіктерін тез арада түзету тапсырылсын. 6. а/ Қазақ ССР тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихы мәселесі бойынша жазушыларға арналып лекция оқылсын. б/ Осы қаулының орындалуының барысы туралы ай сайын партия жиналысына хабарланып отырсын»,– деген (сонда, мазмұндалып беріліп отыр) қаулы қабылданды.

Алайда бұл қаулы көпшіліктің назарын жай ғана алдарқату еді. Мұндай қаулыны көні кеуіп барып, жібіген былғарымен ғана салыстыруға болатын.

Өйткені Қ.Жармағамбетов жазып, қолын қойған осы жиналыстың қорытындысы бойынша Кенесарыға қатысты әдебиет саласындағы барлық айып Есмағамбет Исмаиыловқа тағылды. Жоғарыдағы Е.Исмаиыловтың «азсынған еңбегін көпсінтіп», бас-басына талдап көрсетіп шықты. Соның ішінде мына мәселелерді батыра айтты:

«ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы қаулысында БАК-қа: ұлтшылдықты насихаттаған ғылымға жат, тарихи шындықты бұрмалаған, зиянды еңбегі үшін профессор атағын, ғылым докторы және ғылым кандидаттары дәрежесін Бекмахановтан алып тастауды өтінген шешім бар. Орталық Комитеттің бюросы Қазақ ССР Ғылым Академиясының партия ұйымына: Бекмахановтың өзінің қателігін мойындауға селсоқ қарағандығын, «Правда» газетіндегі мақаланы теріске шығаруға ұмтылғандығын ескере отырып, Бекмахановтың партиялығы мәселесін қарауды тапсырды. ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің қаулысында Қазақ ССР Ғылым Академиясының төралқасын: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын қайтадан қарап шығып, Қазақстан тарихының кеңестік кезеңін кеңінен қамтуға міндеттеді. Орталық Комитеттің бюросы бізді, әдебиет майданының қызметкерлерін: қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап шығып, ондағы Кенесарының қозғалысына қатысты қателіктерді түзетуге міндеттеді. ҚК(б)П Орталық Комитеті бюросының бұл нұсқауы: әдебиет майданы қызметкерлерінің Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктерді түзетуді талап етеді.

Кенесары Қасымов қозғалысы революцияға дейін де, кеңес жылдарында да қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тапты. Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі көрінісін бағалауда екі бағыт орын алып келді.

(Бірінші): революция қарсаңындағы демократиялық бағыттағы М.Сералин бастатқан зиялылар мен халықтың қалың көпшілігі Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық жағын басым көрсетті (бұдан кейін Қ.Жармағамбетовтің баяндамасындағы «халық өкілдерінің» «Топжарған», «Жасауыл қырғыны» дастандары мадақталып, Досқожа, Нысанбай, Көкбай сияқты «халық жауларының» дастандары мысалмен аталып өтіп, әшкереленеді).

Кенесарының және оның айналасындағылардың жалған ерлігін желеу еткен қазақ ұлтшылдары – феодализм мен Қазақстандағы хандық билікті әшекейлеушілер, социализмнің қас жауы, алашордашылар бұлардан да асып түсі. Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Жұмабаев, Дулатов, Байтұрсынов Кенесарының дәуірін алтын ғасыр деп бағалады, Кенесарының өзін қайталанбайтын батыр және халық бақыты үшін күрескен соңғы хан деп жырлады. Өздерінің контрреволюциялық насихаттарында халық жаулары – ұлтшылдар өздерінің алдына Кенесарының хандығын қайтарып әкелуді мақсат етіп қойды. Алашордашылардың Кенесарыны насихаттауы 1930 жылға дейін жалғасты. Алашордашылардың уағызының ықпалымен және олардың қолпаштауымен ақын Иса Байзақов «Қойшының әңгімесі» дастанын жазды, онда Кенесарының қарақшыларының бірі Ағыбайды әспеттеді. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» пьесасын жазды, онда автор ұлтшылдардың ұстанымымен Кенесарының қозғалысын және оның қырғыз халқына шапқыншылығын басынан бастап аяғына дейін ақтап шығады»,– дей келіп абайтану және Абайдың ақындық мектебіне жанай шолу жасап, қаулының түсініктемесіне енгізе кетеді.

Оның бұл пікірін осы мәселеге қатысты тұста пайдаланатын болғандықтан да бұл арада назардан тыс қалдырамыз. Оның есесіне баяндамада қамтылмаған, әсіресе, Е.Исмаиыловтың мұның пікірін «жалақор» деп мойындаудан бас тартқанына шамданған Қ.Жармағамбетов оның «жаулығын әшкерелейтін тың деректер» келтіреді.

«ҚК(б)П Орталық Комитеті бюросының нұсқауын орындау барысында: әдебиет майданының қызметкерлері оқулықтар мен қазақ әдебиеті тарихының көп томдығын Кенесары Қасымовтың жалған қаһармандығы мен ерлігін мадақтайтын пікірлерден тазартуы тиіс, Кенесары Қасымов қозғалысының ұлтшылдық және реакциялық-монархиялық сипатын әшкерелейтін мақалалар жазып, баяндамалар жасауы керек, бұл мәселе жөніндегі өздерінің де қателерін партиялық салихалы сын мен өзара сын тұрғысынан бағалауы тиіс.

Бұл реттен алғанда алғашқы істер жүзеге асып жатыр. 1951жылы 4 көкек күні (яғни, мәжілістен он төрт күн бұрын – Т.Ж.) «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Ғұмарова жолдастың «Кенесары қозғалысының әдебиеттегі әспеттелуіне қарсы» атты мақаласында Кенесары қоғалысын бағалауда және зерттеуде қателіктер жіберген әдебиеттанушылардың қателіктері дұрыс сыналған. Ғұмарова жолдас Исмаиыловты: ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтар күнгі «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел қателер туралы» қаулысындағы тікелей Исмаиыловтың өзіне қаратыла – өзінің буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымын мектептегі оқулықтар мен әдебиет теориясы туралы және басқа еңбектерінде енгізіп, насихаттағаны үшін партиялық ескерту жасағанын, алайда оның партия-кеңес жұртшылығының мұндай батыл ескертуінен қорытынды шығармағанын – орынды сынаған. Мұның барлығына қарамастан қаулы шыққаннан кейін жылдан соң сол қатесін тағы да қайталап, «Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші томында Кенесарыны әспеттеді.

Менің ойымша, коммунистер мен жазушы жұртшылық Исмаиыловтан бір нәрсені сұрауға: ол буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттауын қашан доғарады?,– деп сұрауға толық қақы бар. Біз бұл сұрақты оның бетіне тура қарап тұрып: қазақ әдебиетінің тарихы мәселесін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғысынан көрсететін өзіңнің ұстанымыңнан түбінде бір қол үзесің бе, жоқ па?,– деп сұрақ қоюға міндеттіміз.

Ғұмарова жолдас өзінің мақаласында: біздің әдебиеттанушыларымыз өздерінің оқулықтары мен өзге де еңбектерінде – Кенесарының қарақшыларының тонаушылық шапқыншылығын тікелей немесе жанама әшкерелеген революцияға дейінгі шығармаларды қасақана айаналып өткенін –дұрыс көрсеткен. Мысалы, «Жасауыл қырғыны». «Топ жарған» дастандары талданбады, оның есесіне Кенесарының қарақшыларының қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын суреттеген Нысанбайдың дастанын талдау барысында оның өмірлік шындығы ашылмады».

Осы арада Қ.Жармағамбетовтің «бармағының астына басып отырған бір қулығын» ашуға тура келіп тұр. Сол Есмағамбет Исмаиыловтың тапсырмасымен торғайлық халық ақыны Нұрхан Ахметбеков те «Жасауыл қырғыны» атты дастан жазып, Кенесары – Наурызбайдың жасағының қырғынға ұшыраған қасіретті оқиғаны толғайды. Мұны білетін Қ.Жармағамбетов халық ақынына сол дастандағы оқиғаны мүлдем өзгертіп, «бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан» қайтадан өңдеп жаздырады да өзі басқарып отырған «Әдебиет және искусство» журналына жариялап, сол шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Қылышының жүзі Кенесары мен Наурызбайдан бетер қылпып тұрған Қайнекей Жармағамбетовтің бетіне кім қарсы шыға алсын, әрине, халық ақыны лауреат атанды. Сондай шеберлікпен орындалған дастанды қадағалап оқыған адам соның ішінен Наурызбайға қаратыла қолданылған сүйсіністі теңеулерді қазір де аңғара алады. Міне, осы арада бұрын халыққа таралмаған дастанды халықтық нұсқа етіп көрсетуінің астарында осындай бір «қазақы күрес тәсілі де» бар еді.

Қ.Жармағамбетов (қаулының түсініктемесінің жалғасы): «Осы жылдың 19-көкек күні (яғни, мәжілістен бір күн бұрын – Т.Ж.) «Ленинская смена» газетінде Ә.Тәжібаевтің «Қазақ әдебиетінің тарихи мәселелерін бағалаудағы өрескел қателіктерді жояйық» деген мақаласы жарияланды. Автор Кенесары қозғалысын бағалауда жіберген әдебиетшілер мен жазушылардың өрескел ұстанымдары мен қателіктерін партиялық позиция тұрғысынан сынайды. Менің ойымша, Тәжібаев ақын Бекхожиннің шығармашылық әрекетін дұрыс сынаған. Менің ойымша, Бекхожин жолдас өзінің сөзінде ол: хандар мен сұлтандарды жырлаумен өзгелердің бәрінен бұрын әуестенгенін және өлеңдері мен дастандарында алашордашыл Жұмабаевтің теңеулері мен жолдары кездесетінін – мойындауы тиіс болатын. Рас, Бекхожин жолдастың 1946 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Буржуазияшыл ұлтшылдардың қорғаушысы (адвокаты)» атты мақаласында Кенесарыны буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарына жатқызған болатын. Соған қарамастан ол сол кезде Кенесарының атасы – Абылай туралы дастан жазып жүрді.

...Біз, коммунистер және Қазақстан жазушыларының ұжымы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық қозғалысын тура немесе жанамалай насихаттағандардың барлығын да қатаң да қатал сынға алып, сол арқылы партиямызға идеология саласындағы буржуазияшыл-ұлтшылдардың әдебиет майданындағы қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартуға көмектесуге тиіспіз, алдыңғы қатарлы кеңес әдебиетіне кеңестік құрылысқа зиян идеялардың сіңіп кетпеуінен сақтандыруымыз керек»,– деп жауапты хатшы қаулының соңына өзінің қолын қойды.

«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында Қ.Жұмалиевтің өзі де қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.

Ал басты кенесарышыл Е.Бекмахановтың тағдыры туралы сөзді тағы да оның шәкірті Ә.С.Тәкенов дегдарға береміз:

Ә.Тәкенов: «Бекмахановтың репрессияға ұшырауы да осыдан басталды. Ол барлық қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды, барлық атақ-дәрежелерінен айырылды. 1951 жылы ол мектеп оқытушысы болып Алматы облысының Нарынқол ауданына, кейін Шу ауданына жіберілді. 1952 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынып, 4-желтоқсанда 25 жылға сотталып, алыстағы ГУЛАГ-қа айдалды. Ең дарынды ғалым кезіндегі үлкен тарихшылар тобына ортақ көзқарасты жақтағаны үшін құрбан болды. Ол тұста оған ешкім ара түсе алмады.

1951 жылы ҚК(б)П Орталық Комитеті арнайы комиссия құрып, «Правданың» 1950 жылғы 26 желтоқсандағы мақаласы негізінде шаралар белгілеп, 10 көкекте қаулы алды. Кейін партияның V съезінде И.Храмков комиссия жұмысы барысында I.Омаров Бекмахановты қорғаштады деп сынға алды. Ал Орталық Комитет бюросында Бекмахановты партиядан шығару туралы ұсынысты Ж.Шаяхметов өзі енгізіпті. I.Омаров хатшылық қызметінен босатылды. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы саяси зиянды деп табылып, барлық дүкендер мен кітапханалардан алынды. Тарих, әдебиет саласында кадрларды қудалау басталды. 1951 жылы тіпті КСРО Ғылым академиясының тарих институтында Т.Шойынбаев – Х.Ғ.Айдарова – Якуниннің мақаласы талқыланып, бұрынғы Бекмахановпен пікірлес ірі ғалымдардың өзі (Панкратова, Вяткин, Дружинин) «әшкерелеушілікке» ұшырап, қателерін «мойындауға» мәжбүр етілді.

1951 жылы 31-шілде де ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қаулысында Кенесарыға берген бағасын өзгертіп, ол бастаған қозғалысты феодалдық-монархиялық, реакцияшыл деп біржақты бағалап шықты. Кенесарыны дәріптеген материалдар кіргендіктен сол қаулыда қазақ әдебиетінің барлық оқулықтарына тиым салынды. 1952 жылы мамырда Тарих, археология және этнография институтында Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаты туралы пікірталас өтті. Бірақ бұрынғы екі ұдай пікір болмады. Пікірталастың қорытынды құжатында XVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістердің бәрі, Сырым мен Исатай-Махамбет көтерілісінен басқасы реакцияшыл деп жарияланды. «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы барлық оқу орындарында, кәсіпорындарында да талқыланды. Талқылау біржақты, сөзсіз мақұлдау, ұлтшылдықты әшкерелеу сарынында ғана жүргізілді».

Сөйтіп, М.А.Суслов жетекшілік еткен БКП (б) Орталық Комитеті мен «Правданың» дегені жоспарлы түрде жүзеге асырылып, 1951 жылы 23 қараша күні Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:

«Қ.И.Сәтбаев жолдастың түсініктемесін тыңдап, талқылай келе Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мына мәселелерді анықталған деп есептейді, Сәтбаев жолдас:

а) Партияға кірген кезде өзінің әлеуметтік жат тегін жасырған. Жолд. Сәтбаевтің әкесі бай шаруашылыққа ие болған;

б) БКП (б) Орталық Комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың барысы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулысы шыққаннан бастап соңғы кезге дейін 1927 жылы шыққан «Ер Едіге» кітабына жазған алғысөзіндегі өзінің ұлтшылдық қателерін мойындамай, оған сын көзімен қарамай келді, Сәтбаев жолдас онда Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттаған және Едігенің өзін мадақтаған.

в) Қазақ ССР Ғылым Академиясын саяси сенім артуға болмайтын және ғылымға кездейсоқ келген адамдарға толтырып жіберді, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті тарапынан Ғылым Академиясын бұл адамдардан тазарту және Академияның ғылыми жұмыстарының дәрежесін көтеру туралы берілген нұсқауларға орай тиісті шара қолданбады.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті қаулы етті:

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]