- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •«2. Мәдениет майданы
- •1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
- •Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
- •1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
- •2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
- •1. 1916 Жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
- •2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
- •2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
- •2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
- •3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
- •4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •1944 Жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
- •1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
- •1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ сср Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
- •2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
- •3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
- •7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
- •Менің қателерім жайында
- •1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
- •2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
- •3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
- •1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
- •«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
- •3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..
- •Қосымша
- •Менің қателерім жайында
- •Қосымша бывшие виднейшие руководители алаш-орды
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
Біз сені қас (дұшпан – Т.Ж.) күніңде де бағалайтын ек. Өйткені Мағжан мен сен кеңес үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер. Сондықтан сенің пролетариат тілегіне келуіңді де адал келу деп ойлаймын. Бұл сенің көңліңді көтеру емес, шыным. Біреулер сенің жазаға тартылғаныңа байланыстыруы мүмкін. Оған повод бар да. Өйткені Достоевский жазаға тартқаннан кейін, төңкеріс пікірінен пышақ кескендей айырылып, барып тұрған реакционер болғаны мәлім. Күшке көнетін кісі де, көнбейтін кісі де болады. Ескі пікірінде шын қатқан тұрақты адам, жазаның ауыры – өлімге бара алады. Менің де өз қара басым сені қорқудан емес, ұяттан келген адам (не перед страхом, а совестью) деп ойлаймын. Олай болса, күдіктің орны болмауға тиіс. Және болуға мүмкін де емес. Өйткені әрбір адамгершілік санасы бар адамның негізгі ойы – біреуді құлданбауда, адам баласы теңдес өсуде болу керек. Бұған сөз жүзінде: Каутский де, Чемберлен де қарсы емес. Кәтте, «Пуанкаре – война» атын алған Пуанкаре де қарсы емес. Лига нацияны Пуанкаре құрған. Лига сөзде қару тастауды кеңес қылғалы қанша болды? Бірақ, әңгіме сөзде емес, істе. Марксизм іс пен сөзді қатар алады. Олай болса, іс жүзінде адамды адаммен теңдестіруге қандай жол дұрыс апара алады? Қай топ оны істеуге әлі келеді?
«Өндіріс құралы жеке меншікте тұрғанда, біреуді біреу құлдану қалмайды», – деген Маркс. Бұл марксизмнің негізгі жолының мықты бір бұтағы. Адам – қоғамдас мақұлық. Және адам өзін-өзі ешуақытта асырай алмайды. Қоғам мүшесі біріне бірі көмектесіп, бірінің жоғын бірі табады. Олай болса, олардың бірлесіп жұмсайтын құралы ортақ және өндірушінің өз еріктерінде болуы керек. Пролетариатқа шейінгі тап, біреуді біреу құлдану негізінде құралған тап болғандықтан, бұны істе жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса өзін-өзі жою керек. Өзін-өзі жою олардың қолынан келмейді.
Маркс неге пролетариатты басқа таптан таңдап алды? Қара шаруаның да біразы еңбек иелері, оларды неге алмады?
Маркстың пролетариатты таңдауы – олардың өзгеше боп жаралғандығы емес, олар да адам баласы. Олардың өзге таптан өзгешелігі – жекешілдік бағыт, меншік жоқ. Оларда еңбек ортақ. Олар – ортақ тұрмысқа үйренген, сондықтан олардың ортақ қоғам жасауға әлі келеді. Энгельс: «Капитализмнің пайдасы, өндіріс құралына ортақ, меншіксіз адамдарды өндіріске жиып, ортақ қоғам жасауға способный пролетариат жасап берді», – дейді. Маркс адамға қарсы емес. Ол – адамшыл. Ол адамды адам жеуге қарсы. Ол қанаушыны жоюға ұран тастаушы. Осы шын мағынасындағы адамшылық өмір жасауға әлі келетін тап – пролетариат. Оған пролетариаттың тұрмысы куә. Маркстың пролетариатқа сүйенуі, марксизмнің пролетариат идеологиясы екендігі осында.
Маркстың еңбекшіл қара шаруаға сүйенбегені – онда жекешілдік бағыт күшті. Қара шаруа, пролетариатпен одақтасқан күнде ғана социализмге бара алады. Іс жүзінде адамды теңдестіру, пролетариаттың қолынан ғана келсе, кімде-кім пролетариатқа қарсы болса, сөзінде пәленмін дегенмен, ол адамгершілікке қарсы. Мұны түсінген адам сөз жоқ, пролетариат тілегіне көшеді. Марксизм адам баласының миллиондаған жылдар жасаған күресінің, өркендеуінің ең жоғарғы мұнарасы. Кімде-кім осы мұнараға шықпаса, биік мұнарасы – коммунизмді көре алмайды. Сондықтан, сен сықылды адамдардың марксизмге келуі, ең алдымен, адамгершілігін өтегендігі.
Сенің бұдан былайғы әдебиет – шығарма жұмыстарыңда біраз қиындықтар болуы мүмкін, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен «қателесем бе» деп біразға шейін жалтақтық істеуің мүмкін, «жасасын» жағын басыңқырауың мүмкін. Пролетариат, әрине, сенен оны тілемейді және ондай шарт қоймайды. Пролетариат – сынды, өзара сынды жақсы көретін тап. Кемшілігін жасырмайтын тап. Ол кемшілікті ашуды тілейді. Бірақ қалай ашады? Мәселе сонда. Біздің тұрмыстың жарық жағымен қатар күңгірт жағы да бар. Ол күңгірт пролетариатқа закономерный емес, ол ескі таптан қалған мұралар. Оларды ашу (жолы) – социалистік реализм. Бірақ ашқанда пролетариатша ашу керек.
Қазақстанның былтырдан бергі жағдайында перегип арқылы біраз қиындықтар болды. Бұл қиындық, пролетариаттың таптық тілегінен туған қиындық емес, жеке адамдардың дұрыс басқара алмағанынан туған қиындық. Осы қиындық біраз адамдардьң ішіне күдік салуы: «Марксизм ұсақ ұлттардың жүрер жолы бола алмайды”,– деген ойға келуі мүмкін. Әрине, ол марксизм ғылымына піспеген адамның ойы. Марксизм дұғалық емес, істің құралы. Төңкерісшіл пролетариат төмен қалған ұлттарды социализмге апара алады. Ол біздің одақта дәлелденді де. Ал Қазақстан жайында болған перегиптерге, марксшыл адам сын көзімен қараумен бірге, перегипті жоюға жәрдемдеседі. Марксизм төңкерісшілдікті іс жүзінде сынайды.
Бұл сөздер, әрине, үгіт емес, (сен сықылды пікірі ержеткен адамды үгіттеудің өзі бір жағынан қарағанда балалық болар еді) марксизмнің негізін айтқандық.
Мен өзім партияға өтірік кірген адам емеспін. Бірақ басында ақылмен емес, жүрекпен кірген адаммын. (Бұл демагогия емес). Өйткені мен партияға кіргенде марксизм ғылымының негізін шала білетін адам едім. Бірақ партияға кірдім. Соның өзі странно көрінуі мүмкін. Бірақ онда түк таңдану жоқ. Бұл марксизмнің құрғақ теория еместігіне, марксизмнің тамыры еңбекші халықтың ішінде өсетіндігіне дәлел. Марксті білмеген еңбекшілер толып жатыр. Марксизм солардың ішінен өскен. Біреулер шен үшін партияға кіреді. Біреулер күн көріске кіреді. Мақтануын ішіне ала сөйлегенде, менде мұның бірі де болған жоқ. Білім кемдігінен болған қаталықты былай қойғанда, мен өз қара басымды таза, пролетариаттың ісіне берілген адаммын деп санаймын. Күңгірт жақтарым болды. Бірақ мен қоғам ісіне қатынасқалы, бір жолда келем деп тарих алдында мақтана алам. Келешек өз алдына.
Өскен сайын (ой өсуін айтам) адам, әрине, объективно бола бастайды. Мен өз қара басым тұмысқа объективно қарай алғаным сықылды (осы күнде), Қазақстан жағдайының қазіргі күйіне объективно қарай алам. Қазақстандағы қазіргі еңбекші таптың перегиптен көрген қиындығына іші ауырмаған адам – коммунист емес. Олар – баққұмар, арамтамақтар. Бірақ құр іші ауырып қою, күрестен қол тарту болар еді. Оның арты кеңес үкіметінен, социалды идеядан қайту болар еді. Оған өз басым бара алмаймын. Партияның бұл перегипті түзеуге әлі келуіне сенем. Құр сенім де ешнәрсе болмайды. Біздің мақсат – перегипті түзетуге көмектесу. Көмекке әркімнің маманданған құралы бар. Біздің құрал – көркем әдебиет. Сондықтан біздің мақсат көркем әдебиетпен қазақ еңбекшілерінің тұрмысын түзесуге жәрдемдесу, партияның кәсіпке, колхозға ұстап отырған жолын түсіндіру.
Біз Алма-Атада көріскенде жөнді сөйлесе алғамыз жоқ. Біздің сенімен сөйлескендегі мақсатымыз, сені үгіттеу емес, түзелем деп алған бетіңе жолдастық көмек көрсету. Сол көмек, кеңес ретінде осы хатты жазуға тура келді. Хатта толық пікірді айту мүмкін емес, бірінші – сөзіңе сенгендігімді білдіру, екінші – пікірімді айту.
Егер сен бұрынғы Мұхтар болсаң, «қанжығада көрісермізбен» айдай берер ек. Қазір ол пікірден, әрине, аулақпыз. Түзелуіңе бізден керекті жәрдем болса қолдан аянбаймыз. Сенің міндетің – біздің алдымызда емес, пролетариаттың алдында (біз де соның ішіндеміз ғой) сөзіңді іс жүзінде айту.
Жолдастықпен: Сәбит Мұқанұлы».
Саяси-таптық қарсыласын бауырына тартқан Сәбиттің осы қадамын нағыз азаматтық қасиет ретінде бағалауға толық негіз бар. Әрине, олардың араз боп, айтысып жүрген кездері де болды. Бірақ, оған әлі талай жыл бар еді. Ең бастысы – Мұхтардың басына күн түскенде Сәбиттің жанынан табылуы.
Мұның өзі Мұхтарға дәл уақытында, ділгір шағында білдірілген тілек еді.
Біз жазушының таным жолы қаншама күрделі оқиғаға толы болғанын көрсету үшін ғана бұл түсініктерді қайыра баяндап отырмыз. Егер де жазушының өміріндегі үлкен түйін боп келген дәл осы мезет айқын ашылмаса, онда Мұхтар мен Сәбиттің бүкіл өмір жолдарына ұласқан ырғасудың себептерін толық түсіну мүмкін емес.
Әрине, Сәбиттің хаты кілтипансыз емес, «субьективно ұнатпағандық» та аңғарылады. Оның да өзіндік өкпелейтіндей салдары бар. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Ескілік көлеңкесінде» атты жинағына жазған алғысөзі оның партиядан шығарылуына «септігін тигізді». Өзге-өзге, бүкіл саналы өмірін пролетаприатқа қызмет етуге жұмсаған Сәбит үшін одан артық жаза жоқ еді. Сондай қасіретті қарбаластан аман шыққан екі тұлға араға екі жыл салып барып қырғи қабақ күйге көшкен. Оған не себеп болды? Екеуі де бір күнгі еркіндікті көре алмады ма? Мүмкін.
3.
Бірақ та Мұхтар үнемі жазықсыз жапа шекті, оған жасалмаған жауыздық, көрсетпеген қиянат қалмады, дос таба алмады, халық қолдамады және оны өзі сезінбеді, тұрмыста да жарым көңіл күй кешті, ылғи да от пен судың ортасында жүрді, жалғыз қалды десек – онда шындықтың бетін шымылдықпен бүркегеніміз және қиянат. Өкінішке орай бір кесе шайының өзін күдіктене ішетін секемшіл, жапа шеккен жасқаншақ жан етіп көрсеткісі келген дүниелердің пайда болғаны да рас. Мұхтарды қорлаудың ең оңай жолы бұл! Мұхтарды ешкімнің мүсіркеуге хақысы жоқ және мүсіркетпеген де. Еркелесе – еркелеткен шығар. Бірақ басына шығарып, басындыртпаған. Өз есесін емін-еркін алып, емін-еркін төрде отырған. Қатты ренжітіп, өкпелесіп, ұзақ сілкілескен кездері бар. Ол – қатыгез дұшпандықтан, өмір сүруін көп көрген өшпенділіктен ада, таза пендешіліктен туған ұсақ реніштер. Мүмкін, кейбірінің тым ушығып барып басылуы да. Ал, Мұхтардың көзін жойып, атын өшіру үшін исі қауым бірігіп, қасақана қастандық әрекет жүргізді деу – оқиғаны өз ыңғайына қарай бұра, әдейі өршіте түсу үшін әрекеттенгендердің далбасасы.
Оған 1939 жылы 3-наурыз күні өткен қазақ өнері мен драматургия туралы Жазушылар одағының пленумындағы М.Әуезовтің «көрсеткен қыры» дәлел. Бұл – одақтың төрағасы Ә.Тәжібаевтің – бұрынғы төраға С.Мұқановтың мысын басып, оны мінбеден ығыстырып, уақытша Семейге «ықтап кетуге» мәжбүр еткен тұсы. Сол жылы ақпанда М.Әуезовтің «Әбділда ақын» атты мақаласы жарияланып, «Мен қазақтың Гейнесімін» деген жолдарды ақындық өр рухқа бағалады. Міне, екеуінің арасына пенделік өкпе мен наразылық осы арадан туындаған сияқты.
Күні кеше түрмеден шыққан Мұхтарды бауырына тартып, жинағына алғысөз жазып, қатарға қосқан Сәбит қудалауға ұшырағанда «еруліге қарулы қайтарып», қол үшін берудің орынына, оны «мүйіздеп шығарған» Әбділданың сөзін сөйлеп, аспанға көтеруін, әрине, Мұқанов өзіне деген сатқындық ретінде бағалаған. «Өзінің тірі екенін» білдіру үшін пленумның қарсаңында С.Мұқанов «Айман – Шолпандағы» Көтібар бейнесі туралы «(Көтібардың көтін ашпайық» – деген мағынадағы сыни мақаласын жариялады. Оған қарсы М.Әуезовтің «Жақсы сынға – жан пида» атты қарымта жауабы шықты. Алдына-ала баспасөз арқылы өзара «азу білескен» мұндай шарпысу мен көңіл-күй пленумның ширығып өтуіне де ықпал етті.
Пленумда бірінші болып С.Мұқанов сөз бастап, мақаладағы екпінмен «Айман – Шолпан» пьесасына елеулі сын айтты. Оған жауап ретінде Ә.Тәжібаев мінбеге көтеріліп, С.Мұқановқа «лайықты тойтарыс» берді. Екеуінің аражігіне сына боп М.Ақынжанов қағылды.
М.Ақынжанов: «... Ол (Мұқанов – Т.Ж.) Әуезовті және оның «Айман – Шолпан» пьесасын дұрыс сынады. Біз бұл автордан толық сомдалған бейнелерді күтуге қақылымыз. Оның тарапынан жіберілген әдепсіздікті (нетактичность) Мұқанов өте дұрыс сынап отыр. Әуезовтің мақаласында өзіндік сын мүлдем жоқ, тек қана жеке бастың мүддесін күйттеген. Мұндай мақала, біз көріп отырған Әуезовтің мақаласы туралы Мұқановтың сөзі де ерегестен басқа ештеңе әкелмейді. Ештеңе бермейді, жас мамандарды өсіруге ықпал етпейді. Егерде өзара кикілжіңге құрылмаса бұл мақаланың пайдасы өте зор болған болар еді. Егерде Мұқанов жолдас ҚК(б)П-ның шешіміне сай айтса, онда жазушылар одағындағы көптеген кемшіліктерді ашып, құнды ұсыныстар жасап, не істеу керек, қалай істеу керек, өзге жолдастар не істеп жатыр, қандай тақырыпа жазу керек – деген мәселелер қозғалар еді. Біздің бүгінгі міндетіміз осы»,– деді.
Өз кезегінде М.Әуезов те мінбеге көтеріліп, бірден тақырып тізгінін қолға алып, Сәбитті түйреп өтті. Қыза-қыза келе пленумның күн тәртібіне өзгеріс енгізгісі де келіпті. Өзге-өзге, М.Әуезовтің кеңестік мәжілісті ықпалында ұстауға құзыры әлі жетпейтін әрі оған жол да бермейтін. Сондықтан да жарыссөзге шығушылар драматургті «өз орынына» қойып, екінші күні түсінік беруге мәжбүр еткен. Мұхтар Әуезовтің:
«Мен кеше бұл мәселені басқа күнге ауыстыру туралы ұсыныс жасағанда бұл жиналыстың бетін бұрып, бүйректен сирақ шығарайын деген жоқ едім және жалпы мәжілістің барысына тікелей қатысы жоқ еді. Тек «Айман-Шолпан» жөнінде, яғни, бір туындының негізінде жазылған тегі бір либретто мен сақналық шығармалар, ондағы фольклорлық сарындардың пайдаланылуы мәселелері жеке талқыланса, әйтпесе, жұрттың назары осыған ауып кетіп, негізгі жайлар ықтасында қалып қоя ма – деген ниеттен туған еді. Ал мен өзімнің мақаламда: композитор, сыншы, жазушы үшеуміз оңаша отырып өзара талқыға салайық, содан кейін барып мен тиісті өзгерістер енгізейін деген пікір айтқанмын. Ақынжановқа да осыны айтқанмын. Мақаланың бірінші жартысында мен шығарманың сақнаға лайықталуына байланысты тосын ұсыныстар жасағанмын. Онда режиссерға да, жазушыға да қатысты пікірлер бар. Менің айтпағым осы жайлар еді. Ал кейіпкерлерге, оның ішінде Көтібарға берілген Сәбиттің бағасымен мен келіспеймін. Көтібар – дастанның желісі бойынша фольклорлық тұлға, оған ешқандай қорғаушының қажеті жоқ, тек сезім түйсігімен ғана сынай қабылдау қажет. Бір шығарманың бойында әрі жылатып, әрі күлдіріп отыратын кейіпкерді көрермендер бір қалыпта қабылдай ала ма. Сәбиттің Ботагөз деген әдемі кейіпкері бар. Оны болыс зорлап атастырады, сонда мұны: қыз да ықтиярлы болды, болыс та оған ынтызар еді – деп түсіндіруге бола ма?
Мен көпшілікке: Көтібар батыр адам, сондықтан да оны арашалу керек – деген сықылды үстірт мәселені көтергендей көрінуім мүмкін. Бұл арада маңызды бір мәселе бар. Мен өзімнің мақаламдағы ширыға, кейбір тұстарда шектен тыс көтеріңкі леппен жазылғандығын мойындаймын, бірақ та Сәбит айтандай, Көтібардың көтін ашпайық деген мағына білдіретін емеуірін танытқамын жоқ... Шапшымай байыппен пікір алысайық. Енді мен неге бұлай шамырқана жаздым, соған келейік. Сәбит өзінің сөзінде: Әуезов сауатты драматург, сондықтан да пьесаны жазған кезде батырлар туралы зиянды, саяси тұрғыдан қате тұжырымды саналы түрде қайталаған – деп даурықты. Міне, осы даурығу менің есіме 30-31 жылдардағы топшыл сыншыларды есіме түсірді, сондықтан да менің де Сәбитті шаншып өткім келгені рас, алайда ондай пиғылдан бәріміздің де бас тартқанымыз жөн.
Өзінің сөзінде Ақынжанов маған: өзіне өзі сын көзбен қарамайды – деген мін тақты. Ол екеуміздің қателерімізді қалай түзетуіміз керектігіне ақыл қоспайды, сөйте тұра біреуміздің сөзімізді сипақтап, екіншіміздің сөзін сызып тастағысы келеді. Бұл екеумізді де тезге салатын тура бидің қылығы емес. Ал Исмайловтың пікірін қабылдаймын. Алайда Сәбиттің де қателіктері бар екендігін ашық айтамын. Неге екенін білмеймін, бізде осы уақытқа дейін сыни талдаудың орынына тас-талқанын шығаруға әуестік орын алып келеді. Тоқжановтан бастап Қаратаевқа дейінгілерде осындай зиянды сұғанақтық болды. Олар шығарманы талдаудан бастап авторына ауыз салатын және міндетті түрде оның авторын қылмыстық жазаға тарту туралы айып тағумен аяқталатын. Егерде әдеби олқылықтар жіберілсе, оның әдеби кемшілік екенін түсінбей, автор мұны қасақана солай істеп отыр деп мәлімдейтін. Сәбит те сондай дертке шалдыққан еді. Біздің жазушыларға әдебиет пен сынға мүлдем жат, оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған жала жапқанын мен жақсы білемін. Ал қазақ әдебиетінің кәнігі өкілі нақты мысалға жүгінбей, автор саналы түрде зиянкестік әрекетті қайталады деп айып таққанда, менің ойыма: «Еруліге қарулы» (как аукнется, так и откликнется) деген мәтел оралды, ол маған саяси қателіктер жіберді деп айып тақты, ал мен оған жауап бердім. Бұл туралы әлі асықпай пікір алысатын боламыз. Ал Ақынжановтың пікірімен мүлде келіспеймін...»,– деген сөзінен көп жайдың аңысы аңғарылады.
Өкінішке орай бұл «майданға» орта буындағы зиялылар да еріксіз тартылды. Бұл оқымыстылардың арасында орынсыз ырғасулар мен ешкікөзденген мінездерді, тіксінулерді туғызды, оның ақыры асқынып барып, ашық дұшпандыққа ұласты. Оны енді жасырудың реті келмес. 1940 жылдан бастап 1953 жылға дейін Мұхтар Әуезовтің шығармалары мен ғылыми еңбектерінің ресми құпия рецензенті Қажым Жұмалиев болды. Оның 25 беттік алғашқы «жабық пікірі» 1940 жылы мамыр айында Қазақстан Орталық Комитетінің бақылау және саяси-ағарту бөлімдерінің тартпасына түсті. Бұрын мұндай іске тартылмаған әрі өзінің тұлғалы, тік мінезін сақтағысы келген Қ.Жұмалиев «Шатқалаң» пьесасында Мирзоянның есімін атайтынын саяси қателікке жатқыза келіп:
«Жалпы алғанда ол 1932 жылы берген уәдесін орындай алды деп айта аламыз»,– деп қорытты.
Бұған көңілі толмаған сектор меңгерушісі Я.Пильчук:
«Жұмалиев өзінің нақты көзқарасын жасырып қалған»,– деп бұрыштама қойыпты.
Бұдан кейінгі тапсырмалардың саяси және идеологиялық бағыт-бағдары анықталып берілгендіктен де, «жабық пікірлер» бұдан көрі нақты дәйектерге негізделіп жазылған сияқты. Алғашқы жылдары өзінің «меншікті қара сыншысын» білмегенімен де барған сайын оның «сұлбасы» анықтала түсіп, ақыры ашық жеккөрінішке ұласты. Бұл «ырғасу» екеуі үшін де өкінішпен аяқталды.
Жоғарыдағы Қажым Жұмалиевтің «жасырып қалған көзқарасын» Әдеби құпияларды сақтау жөніндегі Бас басқарманың өкілі Баймұрзин 1940 жылы қаңтар айында тиісті орындарға:
«1940 жылдың аяғында Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген Абайдың «Лирикалар мен дастандар» атты жинағына М.Әуезов жазған алғысөзде Шәкәрім Құдайбердин деген ірі феодал, «Алашорданың» көрнекті өкілі, 1917-1918 ж. Семей қаласындағы «Алашорда» сотының төрағасы, төңкерістен кейін мал-мүлкі тәркіленген бай, 1931 ж. Шыңғыстау ауданында кеңеске қарсы көтеріліс ұйымдастырып, осы көтерілісті басу кезінде оққа үшқан адамды автор Абайдың шәкірттері қатарында оң пікір білдірген... Біз: Мұхтар Әуезов кітаптың алғысөзінде Абайдың ең таңдаулы шәкірті ретінде Шәкәрімді көрсетіп, өрескел саяси қате жіберді – деп санаймыз... Шәкәрім Құдайбердин кеңес өкіметінің жауы болғандықтан, мақтауға тұрмайтындығын былай қойғанда, оның есімінің өзі баспа бетінде аталмауға тиіс деп есептейміз. Қазақ ССР-нің Главлиті сіздерден тиісті шара қабылдауды өтінеді»,– деп «астыртын» мәлімдеді.
Орталық Комитет бұл мәселені Жазушылар одағына жолдап, «Жеке жазушылардың әдеби туындыларын тексеру» тапсырылды. Әуезовтің шығармаларын «құпия бақылау» алғашында Балқашевқа, кейіннен «М.Әуезов жөніндегі маман» Қажым Жұмалиевке жасырын жүктелді. Әрине, Ә.Тәжібаев төрағаның орынбасары болып тұрғанда «құпия пікір» иесін М.Әуезовтің білгені күмән тудырмайды. Қаншама діні берік болса да, мұндай тапсырманы орындаудан ешкім де бас тарта алмайтын әрі «сексот» деген ат ол тұста кімнің де болса денесін түршіктіретін еді.
Міне, келер күндерге кесірін тигізген кесірлі ырғасудың ашық түрі, яғни, осы бір ілік-шатыстан басталды.
4.
Мұхтардың тағдыры хақында толғағанда, бұлтартпайтын, айтуға да, айтпауға да болмайтын, бірақ қалайда жауап берілуге тиісті шындықтардың ұшырасатынын жасырып қала алмайсың. Үндемей кету – шындыққа қиянат.
1938 жылы қаңтарда Б(б)КП Орталық Комитетінің пленумы «Партия ұйымының коммунистерді партиядан шығарудағы қателіктері, Б(б)КП-ден шығарылғандардың шағымдарына формальді-бюрократтық көзқарас туралы және кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы» қаулысы шығып, соның негізінде жазалау науқанының бірінші легін ұйымдастырғандардың өзі «халық жауы» болып жарияланып, Ежовтың өзі де ұсталып, атылып кетті. 1938 жылғы наурыздағы «ССР Одағының Прокуратурасының» Бухарин бастаған оңшыл-троцкийшiл блогы туралы» шығарған үшінші қаулыға сәйкес Қазақстандағы соңғы үкім 1938 жылы тамыз айында Алматы қалалық партия жиналысында шығарылды. Онда Мұхамеджан Қаратаев әшкереленді. Өзін ұстап берген өзі одаққа мүше етіп алған екі адамның атын бізге өз ауызымен айтып, олар туралы жақ ашпау жөнінде уәде алып еді. Біз сол уәдемізді бұзуды әдепсіздікке санадық. Ал үш рет үйіріліп соққан «қара дауылдан» Мұхтар Әуезов және бір ақын ешқандай қуғын көрмей аман қалды. Қалай?
Керісінше, бухариншілер қуғындалған тұста жұрттың бәрі халық жауы болып тұтқындалып, атылып, жер аударылып жатқанда Мұхтар Әуезов 1938 жылы 26-маусым күні ҚССР Орталық Атқару Комитетінің президиумына – жолдас Өмірзақовтың атына өзінің «сотталды» деген айыбын жоққа шығару туралы өтінішін жолдады. Онда:
«1930 жылы қыркүйек айында ПП ОГПУ-дің Қаз ССР-дегі өкілдігінің шешімі бойынша «Алашордашыл қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты ұлтшылдық әрекетім үшін (58 баптың 7, 10, 11 тармақтары бойынша) тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында үш жылға – 1930 жылдың қазанынан бастап шартты кесіммен үкім шығарылды.
Менің тергеу ісімді өзге алашордашылардан бөліп алуына және шартты түрде сотталуыма өзімнің бұрынғы ұлтшыл өткенімді шын жүректен айыптауым, оны баспасөз арқылы («Казправда», 1932 жыл, 10 маусым күнгі №131 саны, «Еңбекші қазақтың» да («Соц.Қазастанның – Т.Ж.) да сол күнгі саны) ашық мәлімдеуім себеп болды. Революция ісіне бұдан әрі шын жүректен беріле қызмет ету менің тереңнен түсінген өмірлік мақсатымнан туып еді. Содан бері, 1932 жылдың көкегінен бері мен кеңес жазушыларының қатарында өнер мен әдебиет майданында еңбек етіп келемін.
Осы жылдардағы менің атқарған істерім көпшіліктің көз алдында өтіп келеді. Нағыз төңкерісшіл жазушының мақсаты мен міндеттері менің де идеялық-саяси және қоғамдық-шығармашылық ісімнің мазмұнына айналды. Мен өз бойымнан пролетарлық төңкеріс ісіне деген құштарлық пен сенімді ояттым (таптым). Мен өзімнің ісім арқылы кеңестік социалистік мәдениеттің құрылысшылары қатарына нық қадаммен және мәңгілік қосылдым.
Сондықтан да ОАК-нен (Орталық атқару комитетінен – Т.Ж.): енді менен 1932 жылы сотталғаным туралы айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.
Сол үшін: 1/ Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мінездемесін 2/ Өткендегі сотталғаным туралы анықтаманы ұсынып отырмын. Әуезов М. (қолы). 26 /ҮІ -38 ж.»,– деп жазған.
Орыс жазушыларының ішінде Сталиннің өзі ұнатып-ұнатпаған, идіріп-тартып жүрген Михаил Булгаков та мұндай тәуекелге бара алмаған. Сонымен қоса қарындашпен жазылған:
«1932 жылдан бастап менің қаламымнан ондаған кеңестік (тақырыптағы – Т.Ж.) пьесалар, бірқатар әңгімелер, зерттеулер жазылды. Сонымен қатар мектептерде қазақ әдебиетін оқытуға арналған мен жазған 6-класс оқулығы да бар. Қазақ академиялық театрында және облыстық театрларда менің: 1/ «Еңлік-Кебек», 2/ «Тас түлек», 3/ «Октябрь үшін», 4/ «Түнгі сарын», 5/ «Шекарада» (қорғаныс тақырыбына арналған), 6/ Менің аудармам арқылы: «Ревизор», 7/ «Ақсүйектер», 8/ «Любовь Яровая», 9/ Қазақстанның опера театрында «Айман – Шолпан», 10/ «Қалқаман- Мамыр» – атты пьесаларым қойылып жатыр. «Қалқаман – Мамырдың» либреттосы арқылы Қазақ опера және балет театрының тұңғыш балеттік қойылымының шымылдығы ашылмақ»,– деген анықтамасы да бар.
Шындығында да, ақылға сиымсыз қарама-қайшылық. Ажал оғына кеудесін төсеп кеңес өкіметін құрғандар атылып жатыр. Ал «нағыз алашордашыл, ұлтшыл, астыртын ұйымның белсенді қайраткері» өзін ақтауды ұсынады. Мұның себебін, ілгеріде М.Қаратаев айтқан Сталиннің кешірімімен ғана байланыстыруға болады. Тура сол күндері Мирзоянның өзі де «Герман – жапон шпионы болып әшкереленіп», оны мойындап жауап беріп, үкімі шығарылып жатқан. Тура сол күні кешегі жас ақындар Дихан Әбілев пен Әбділда Тәжібаев одақтың төріне шықты. Бұл екеуінің өжеттігі ме, жастығы ма, жоқ бүйірден түрткен түлен болды ма, әйтеуір М.Әуезовтің жоғарыдағы өтінішін қанағаттандыруды сұраған анықтама жолдайды. Бұл өтінішті жауапты хатшы Өмірзақов: «Бейсеновке», ал Бейсенов «3/ҮІІ-38 күні қорытынды пікір беру үшін ҚССР-нің Ішкі істер комиссариатына» жолдаған. Әрине, «халық жауын» әшкерелеуден және өздері «әшкереленуден» қолдары тимей жатқан Ішкі істер Халық Комиссариатының жағымды жауап беруге дәті шыдамайтын. Дауылдан кейінгі тыныштық орнап, ел есін жия бастағанда 1939 жылы 5-тамызда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының хатшысы Ә.Тәжібаев Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы жолдас Қазақбаевқа:
«Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы (президиумы – Т.Ж.) осы жылдың 2/ҮІІ – күнгі отырысында 1932 жылы ПП ОГПУ-дің үкімімен 3 жылға шартты түрде сотталған ж.Әуезовтің мойнынан «сотталған» деген айыпты алып тастау туралы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады.
Жазушылар одағының мүшесі және жазушы-драматург, прозашы және қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ретіндегі жолд. Әуезовтің еңбегі Қазақстан жұртына барынша толық әрі кеңінен белгілі.
Ж.Әуезов өзінің өткендегі кінәсін соңғы 7,5 жылдың ішіндегі кеңес жазушысы ретіндегі қоғамдық пайдалы қызметімен толық жойды.
Жоғарыдағыны ескере келіп Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиумынан Мұхтар Әуезовтің «сотталғаны» туралы айыбын алып тастау туралы ұсыныс жасайды.
Қазақстан Жазушылар одағының төралқасының хатшысы – Ә.Тәжібаев »,– деп М.Әуезовтің өтінішіне қоса ілеспе хат жолдады.
Сонымен қатар 1939 жылы 13 тамыз күні Ішкі істер комиссариатына:
«1938 жылы 3 тамыз күні №129 қатынаспен жолданған ... Мұхтар Әуезовтің өтінішіне орай беретін жауаптарыңызды тездетуді сұраймыз»,– деп сұрау салған.
Ол жылы да бұл мәселе кейінге ысырылған. Осы жылдары Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаевтің арасындағы түсіністік барынша қалыптанып, бір арнаға тоғысып, «Ақ қайың» атты пьесаны бірлесе жазуға алып келген. Араға төрт ай салып барып яғни, 1940 жылы 20-қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы Т.Тәжібаев (мәтінде Ә.Тәжібаев деп қате кеткен. Сірә, Төлеген Тәжібаев шығар, өйткені ақын Ә.Тәжібаев ондай лауазымды қызметті атқармаған) Қаз ССР ішкі істер Халық Комиссариатының орынбасары жолд. Чирковқа:
«Қазақстан жазушылар одағы басқармасының президиумынынан жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтен «сотталған» деген айыпты алу туралы ұсыныстың келіп түсуіне байланысты біздің сіздерге қарата 3/ҮІІ-38 ж. жолдаған №129 және 13/ХІІ-39 ж. жолдаған №273 сұрауымызға әлі ешқандай жауап қайырылмағандықтан да, тездетіп жауап берулеріңізді өтінеміз»,– деген қатынас жіберген.
Мемлекеттік биліктің ынта көрсетуі орынды болатын. Өйткені «Абай» спектаклі аса жоғары деңгейде өтті. «Абай» романының бірінші кітабі жазылып бітті. Мұхтар Әуезовтің есімі бүкіл одақ деңгейінде танылып, беделі көтерілді. Ал оны «сотталған» жазушы ретінде таныстыруға ешкімнің батылы бармайтын. Сондай-ақ тиесілі атақ-абырой да бұйырмайтын, сайлау және сайлану құқы да жоқ, сол тұстағы бір қушыкеш тауып айтқандай, «мүсәпір жазушы» болатын. «Абай» спектаклінің абыройымен қанаттанған Мұхтар Әуезов енді бұрынғыдай тартыншақтамай, қаламын батыра қайыра өтініш жазды.
«Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы ж. Қазақпаевқа
Кеңес жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Әуезовтен өтініш
«1930 жылы қыркүйек айында мен ОГПУ мекемесі тарапынан «Қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында тергеу аяқталған соң үш жылға шартты түрде үкім кесіліп, бостандыққа шығарылдым. Бұл үкімнің кесімді уақыты 1933 жылы қыркүйекте аяқталды. Ал мен 1932 жылы Қазақстан кеңестік жазушыларының қатарына өттім.
Міне, 24-жылдан бері драматург, прозашы және әдебиет тарихын зерттеуші ретінде әдебиет майданында еңбек етіп келемін. 1921 жылы жазылған менің «Еңлік-Кебек» атты тарихи пьесам осы күнге дейін барлық қазақ театрларында (академиялық және облыстық театрларда) қойылып келеді. Менің бұрынғы әдеби шығармаларымды былай қойғанда, соңғы тоғыз жылдағы мен атқарған істер партия-кеңес жұртшылығына жақсы мәлім.
1926 жылы Қазақ мемлекеттік драма (қазір академиялық) театры менің «Еңлік-Кебек» пьесаммен өзінің шымылдығын ашты, ал 1934 жылы қазіргі Мемлекеттік опера театры өзінің шымылдығын менің «Айман-Шолпан» атты пьесаммен ашты. Өздері жұмыс істегеннен бері осы театрлар және облыстық театрлар менің тарихи және қазіргі тақырыптарға жазылған көптеген пьесаларымды қойып келеді. Өткен 1940 жылы республиканың жиырма жылдық мерекесін академиялық драма театры Л.Соболевпен бірігіп жазған менің «Абай» атты пьесаммен атап өтті. Осы тоғыз жылдың ішінде мен көптеген әңгімелер мен повестер, оқу құралдарын жаздым. Қазір қазақ әдебиетінің классигі туралы «Абай» атты көлемді роман жазып бітіріп, баспаға ұсынбақшымын. Сонымен қатар мен аударған батыс Еуропа мен орыс әдебиетінің классиктері Шекспирдің «Отелло», Гоголдің «Ревизор», қазіргі кеңес жазушылары Погодиннің «Ақсүйектер», Треневтің «Любовь Яровая» т.б. пьесалары Қазақ театрларының репертуарынан орын алған.
Осыларға қоса мен қазақ әдебиетінің тарихы туралы тұрақты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін.
Жоғарыда көрсетілген өзімнің қоғамға пайдалы игі істерімді атап өте келе, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумынан – менің азаматтық арыма түскен қара дақ болған «Сотталған» деген айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.
М.Әуезов. 1941 ж., 21 қаңтар.
Ескерту: менен сотталғаным туралы айыпты алып тастау туралы Жазушылар одағының бірінші ұсынысы мен мінездемесі және 1932 жылы шартты түрде кесілген үкімнің анықтамасы ҚССР Жоғарғы Кеңесінің «Кешірім жасау» бөлімінде жатыр».
Алғашқы өтініштей емес, бұл жолғы арыздың астарында салмақ бар. Сөйлемдері де, дәлелдері де нық. Жоғарғы Кеңестің сұратуымен 1941 жылы 19-ақпан күні Жазушылар одағы президиумының атынан Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, А.Тоқмағамбетов, Е.Хасанов қол қойған мінездеме жолданады. Мұнда М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны сыни тұрғыдан жинақтала бағаланғандықтан да қысқаша үзінді келтіреміз. Онда:
« Жолд. Мұхтар Әуезов – жазушы драматург, 1933 жылдан Қазақстан кеңестік жазушылар одағының мүшесі. Осы уақытқа дейін жолд. Әуезов қаламынан көптеген шығармалар жазылып шықты, соның ішінде ерекше көрінетіндері мыналар:
