Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 3.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4 Мб
Скачать
☆

3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..

Бұдан не шығайын деп тұр енді?

Соғыстан кейінгі бір жиналыста: Жеті томды роман жазам, төртеуі – Абай туралы, үшеуі Қазақстандағы Октябрьдің іске асып, социализмнің құрылуы туралы» – деуі есіңде ме? Әнеукүні «Қазақ әдебиетінде» Мұхтардың венгер жазушысымен әңгімесі басылды, сонда Мұхтар жазам деген үш томды романының желісі, мына пьеса боп шықты. Бұның қай жері Октябрь? Шығармалық алжу, шығармалық сандырақ деген осы емес пе? Көзге баттия көрініп тұрған осы кемшілікті орыс жолдастар (Москвадан келген) ашып айтқанда, Әбділдә, Ахмет, Тахауи, Гольдблат сияқты қазақстандықтар неге сырттан күңкілдейді?. Ішіне өзіңді қоса бірталай адам көрмеуге мүмкін емес мына мінді көре тұра, ап-айқын сандыраққа неге қол шапалақтайды? Біреуді сыйлау, осырса да «жәрәкім-алда» дей беру ме екен? Мынау сол ғой!..

Мұхтардың көзге бадырайған шығармашылық кемшіліктерін бетіне айтудан қалғанымызға көп болды, жолдас. Мысалы: «Абай» романның төртінші томына сенің оңашада берер бағаң: «Ең биігі – бірінші кітап, екінші – одан төмен, үшінші одан да – төмен, төртіншісінде - құлаған» (деген еді ғой). Жұрттың бәрінің де пікірі осы. Ендеше неге бұны үйде сыбырлап айтамыз да, неге көпке айтпаймыз?

Мұхтар жазған пьесаның ең тәуірі – «Еңілік-Кебек». Бірақ шындыққа жақыны қазіргісі емес, бұрынғысы. Қазіргісі – «зарлы заман». Жарты мың жыл бұрын жасаған Асан қайғыны, екі жүз жыл бұрын жасаған Бұқарды, жүз жыл бұрын жасаған Шортанбайды үмітсіздікке салындың деп, көрдегі сүйегін тепкілейміз де, бүгінгі сақнадан: «Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер» – деп отырған Мұхтарға үндемейміз. Әділеттілік қайда? Большевиктік принцип қайда?

Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен. «Осы пьесасынан қорқулы» – деген сөзді өзің айтып жүрсің. Мені алғашқы оқуына шақырмауы да содан.

Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам. Оны алпыс жылдық юбилейінің үстінде де көрсетіп, сонша құрмет көрсеткен, абырой әперген партия мен үкімет, халық алдында рахмет айтудың орнына, әлдеқайдағы мифтік «парнасына» шығып, тәсілқой «пегасына» мініп, еш жерде құйрығын ұстатпай, әлдене жұмбақтарды айтып кетті. «Құйрығы буырылдық» осы. Бұны мен өзім, жақсылыққа түкіру деп санаймын. Сонда осыны Ахмет айтқандай «алжығандықтан» істеп тұрған жоқ. Алжыса, ертеңінде академияда кеше күрмелген тілі неге шешіліп, «сүйікті елім», «алтын бесігім!» – деп ағылып кетті?! Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл. Ауа райыңа қарайтындарға осыдан үйрену керек екен.

Сонымен, осынша ұзақ хат жазғанда не дегім келіп отыр менім?

Дегім келіп отырғаны: жеке беделге сиынбауымыз керек, кемшілігі бар шығарма кімдікі болса да сынауымыз керек. Әрине, «құлындағы сақау, құнандағы тістеуін» қазбай, әр шығармасының кемшілігін де, жетістігін де өз бойындағы материалға сүйеніп айту керек. Бұны істемей:«Анаған тимей-ақ қояйық, мынаны сынайық» – дегенге кім көнеді? Мұхтар жайында, басы сен болып, осыны істеп отырмыз. Әр төзімнің өлшеуі бар. Бұл төзімнің жарылар уақыты жетті. Мұхтарды алдағы трилогиялық романында бұл қаталықтарға жібермеу үшін, мына пьесаны қатты сынауымыз керек. Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот. Сен, әрине, даяр «жағдайды» соңғы бір жылдың ішінде ғана көрдің. Бұл тамырын әлдеқайда бұрын жайып алған жағдайда еді. Енді осы «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей» дегендей, кәдімгі партиялық обьективтік, жолдастық сынмен түзеп алуың қажет.

Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам.

Бұл өзіңе ғана жазған хатым. Басқаға оқуыңа рұқсат жоқ. Өзгесін бара кеңесерміз.

Сәлеммен, - Сәбит.

12-ҮІІІ-1958 жыл. Ленинград».

Бұл пікірге қандай түсінік беруге болады? Қандай ниетте жазылмасын, С.Мұқановтың М.Әуезов туралы оның көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де жалпыға ашық айтып жүрген пікірі осы хатта барынша қамтылған. Сондай-ақ пьесаның идеялық нысанасы мен түрлік құбылтуына, өмірлік және көркемдік шындығына, орындалу деңгейіне еркін пікір білдіруіне және ол пікірін сол кездегі Жазушылар одағының басшысына хат арқылы жеткізуге Сәбит Мұқановтың толық құқы бар. Мұндай кемшілікті М.Әуезовтің бетіне айта алатын жалғыз бедел иесі де С.Мұқановтың өзі. Айтылған сынның ішіндегі маркстік, лениндік, большевиктік, таптық пайымдаулардың мүлдем жоқтығы да, не оны игере алмағандығы да шындыққа жанасымды, табиғи да болуы мүмкін. Алайда М.Әуезовтің жеке басына қарата:

Тахауидің: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын»;

Әбділдәның: «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»;

Гольдблаттың: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!»;

Ахмет Жұбановтың: «Бұл – Мұхтардың алжуға айналуының белгісі»,

Штейн, Гончаров, Осиповтердің: «Метафизический бред»;

С.Мұқановтың: «Мұхтар шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады! Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!»; «Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы»; «Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен»; «Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам»; «Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл»; «Жеке беделге сиынбауымыз керек»; «Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот»; «Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам»,– деген пікірлерді қалай түсінеміз?

Адал ниеттен туған ба, жоқ, сұраушы адамның көңілін жықпас үшін айтылған «шығарып салды» ма, әлде шынында да «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»; «Бұл – Мұхтардың алжуға айналуының белгісі», «Бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы» ма еді? Обал-саубын әуелі айтушылар, содан кейін хатқа түсіруші адам көтерер сауал бұл.

Әрине, пьесе сақнаға жіберілмеді. Бірақ та оған енді М.Әуезовтің жағасы қисаймайтын. Оның есебі – өзге, адымы – алыптана бастап еді. Енді оған тек таң қалып қана қарау жарасатын. Жеңсе – мақтап қана жеңе алатын – өзге бір уақыт пен кеңістікке көтеріліп кетіп еді.

Тағдыр талқысындағы осындай қарсы ағыстардың мағынасын да сол Олжастың:

«Шамшырақтарға майлы білте керек, ал Күншырақта онсыз да өмір сүре алады. Алайда алмастай жарқыраған нәзік сәуле ұлттық мәдениеттің шырқау аспанына көтерілгенше алмастай беріктік көрсетуге тиіс болды, әйтпесе ол, біздің санамызда орнаған тылсым қараңғылықтан өте алмайтын. Ол асыл сәуле, не санаңа сәуле боп құйып барып сынып тынады, не санаңды мағрифаттандырып, мәңгілік өмірдің нұрына айналады. Міне, Мұхтардың тағдыры бізге осыны тәфсір етті»,– деген сөзі толық жеткізеді.

Соңғы майданда Мұхтараға соңғы Күншырақтың тағдыры нәсіп етілді. Ұйғыр ақыны Махмұд Әбдірахманның:

Мен өзім болсам досы көп шайыр,

Қасым да көп, оған да қайыр.

Болашақ үшін күреске түссең,

Дұшпансыз адам – адам ба, тәйір, –

деген шартына салсақ, онда Мұхтарға «өзінің адам екенін дәлелдейтін мүмкіндіктер қапысыз берілді.

Оған 1958 жылы 10 көкек күні Жазушылар одағының С.Омаров төрағалық, Ғ.Ахмедов хатшылық еткен, төралқа мүшелері С.Мұқанов, С.Бегалин, Ә.Әбішев, К.Хасанов, Д.Снегин бастатқан 82 адам қатысқан мәжілісінің шешімі дәлел. Онда Қ.Жармағамбетов бір кезде өзі: «халық жауы Кенесарыны дәріптеген», ұлтшыл, буржуазияшыл, «атышулы Абайдың ақындық мектебі» деген бағытты қалыптастырушы, «фольклор мен эпос саласында жалған ғылыми ұстанымды орнықтырған», ислам шариғаты мен түрікшілдік ілхамды насихаттаған, «феодализмді үлгі тұтқан», «хандардың жоқтаушысы» деп атаған М.Әуезовке:

«Жолдас М.Әуезов – аса көрнекті қазақ қазақ жазушысы, Сталиндік сыйлыққа ие болған атақты 4 томдық «Абай» романының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі, шығыстанушы ғалым, – деген мінездеме беріп, – Осы мәжіліске қатысып отырған Қазақ ССР-нің астанасы Алматы қаласының барлық жазушыларының атынан Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кандидатурасын СССР Ғылым академиясының толық мүшелігіне ұсынды».

Иә, уақыттың талабы қалай өзгереді десеңші. «Ара» журналының бас редакторы Қ.Жармағамбетов осы арқылы М.Әуезовтің алдына өзінің бетін жылытып алды деу әбестік болар, бірақ аса ұғымтал, асқан білімпаз, өте талантты, өткір осынау талант иесінің жандүниесі, ішкі нәрі «жасасындатқан» кезеңнің тұсында жанып кетіп еді. Арлы азамат өзінің ожданымен бетпе-бет қалған шақтағы жанталасқа шыдамай, орыстың орта қол ақыны Сергей Семьянниковтың:

Начну с того, что я еще не умер,

Что сплетни обо мне – для дураков,

Я просто эту смерть придумал,

Чтобы отдохнуть на время от врагов, –

дегеніндей, өмірінің соңын табалаудан тыс жалғыздықта өткізіп, туған жері Торғайда оқшау бөлмеде өмірден қайтты.

Ол да бір тағдырдың тауқыметі шығар.

Ғалым ретінде кеңестік ғылымның ең жоғарғы иерархиясы СССР Ғылым Академиясының толық мүшесіне сайланбағанымен де, жазушы ретінде ол биікке көтерілді. 1958 жылы 28-қараша күні Қазақстан Жазушылар одағының төралқа мәжілісінде екі тұлғаның шығармасы социалистік құрылымдағы аса беделді, Нобельдік сыйлықпен пара-пар саналған, шығармаларының дүние жүзі тіліне аударуға кепілдік беретін Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Мәжілісте бірінші Тахауи Ахтановтың, екінші Мұхтар Әуезовтің есімі аталды. Алқа төрағасы Ғ.Мүсірепов, С.Омаров, партия ұйымының хатшысы Ғ.Ахмедов хатшы қол қойған ұсыныспен бірге К.Зелинскийдің «Путь поэта» («Правда», 1958, 3 тамыз), М.Қаратаевтің «Шедырый талон», «Первая казахская эпопея» сияқты мақалалармен «Еңлік-Кебек» пьесасының жиырмасыншы жылдары Қазақтың халыққа білім беру институтында қойылғаны, Сара Есова – Еңлік, Ілияс Жансүгіров – Кебек ролінде ойнағаны туралы «Тілші» газетіндегі жарияланым да қоса тіркелген. Мінездемеде:

«Алайда жазушы көзқарасының шектеулігі және оның сол жылдардағы пролетарлық емес идеологияны ықпалынан шыға алмағандығынан Әуезов халық өмірінің дамуы сөзсіз революцияға әкелетіндігіне сенбеді, кеңес құрылысының қазақ даласына әкелген жаңалығын толық түсінбеді. Сондықтан да бұл жылдары оның шығармаларында қате сарындар басым болды, өтіп жатқан құбылысты социалистік таным тұрғысынан түсінуге революциялық ұмтылысы жетпеді. Мұндай идеялық, көркемдік жаңылысулар оның аталып өткен «Еңлік – Кебек» пьесасынан анық байқалды. Бұл пьесада, әсіресе оның бірінші нұсқасында ру аралық қақтығыс – «жақсы би» мен «жаман бидің» арасындағытартыс – жақсылық пен жамандықтың күресі ретінде көрсетілген. Бұл автордың әлі толыспағандығын әрі көзқарасының шектеулі екендігін танытты.

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында, әсіресе, РАПП жетекшілерінің қателіктері белең алған тұста Мұхтар Әуезов дұрыс ұстанымнан алыстап, ол буржуазиялық-ұлтшылдықтың және өршіл романтизмнің желегінде жүріп «Қаракөз» пьесасы мен тарихи шындықты бұрмалаған «Қилы заман» повесін жазды. Қуанышқа орай, дарынды жазушының мұндай идеологиялық адасуы ұзаққа созылған жоқ»,– деп басталды.

Мұндай саяси мінездеме берілмесе, партиялық қырағылықтан айырылу болып табылатын. Қалай дегенмен де «Абай жолы» әлемдік ғарышқа жол тартты. Келесі жылы көктемде оған Лениндік сыйлық берілді.

Бұл толық марқаю және даңқ тұғырына мәңгілік көтерілу еді. Енді оған «дауыл да, боран да, дүлей де» қарсы тұра алмайтын. Мұхтардың өмір жалауындағы «тартыс» деген сөз өшті. Ол «даңқ», «үміт» айдынынан кешіп өтіп, лаухулмахфуздың тақтасында «өткінші өмір» деген сөздер жазылған жағаға бет алды. Алда екі жылдық өмір қалды.

Ол күндер де алаңсыз өткен жоқ. Тіршіліктің қат-қабат қыртысы жазылып-оралып, аударылып-төңкеріліп, аз күнгі тәттісімен алдап-арбап санаулы таусыншақ сәтке де жетті. Мәскеуге операция жасатуға аттанды. Содан қайтып оның табаны туған жерін басқан жоқ. Бұл операцияны Алматыда жасаса өкінішке ұрындырмайтындай да мүмкіндігі де болыпты. Сол санаулы күндерде өзінің даудан арылмаған «Қилы заман» романы мен әңгімелерін А.Пантиелевке орыс тіліне аудартып, артына қамсыз қалдырып кетті. Бұл да М.Тынышбаевтің күнделік дәптеріне: «Туар күнің алда»,– деп жазып қойғанындай, ағалары өзіне аманат еткен алаш идеясын келер күндерге жеткізудің бір амалы еді.

1955-1961 жылдардың аралығында екі рет қатарынан Қазақ республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сондай-ақ, Кеңес одағы Бейбітшілік қорғау комитетінің, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комитеттің мүшесі, СССР Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы президиумының мүшесі, Азия-Африка елдерімен ынтымақтастық жөніндегі кеңестік комитеттің төрағасының орынбасары, Үнді-кеңес достығы мен мәдени байланыс қоғамының Қазақстандағы бөлімінің төрағасы міндеттерін атқарды. М. Әуезов мәдениет-өнер қайраткерлерінің құрамында І955 жылы Индияға қырық күндік сапар шекті, ГДР жазушыларының IV құрылтайына (1955, желтоқсан), 1956 жылы Чехословакия жазушыларының құрылтайына барды. 1957 жылы тамызда Токиода өткен атом, сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі III халықаралық конференцияға, 1960 жылы АҚШ-тағы кеңес жазушыларының пікір алысуына, 1961 жылы наурызда Делиде өткен III халықаралық бейбітшілік қорғау конгресіне қатысты, халықаралық мәжілістерде сөз сөйледі. Осы сапарларында қазақ ұлты мен кеңес әдебиетінің озық нұсқаларын насихаттады, әлемдік рухани ынты-мақтастыққа жол салды. Сол сияқты Мұса Жалил, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов іспетті ұлы таланттардың туындыларының әділ бағаланып, Лениндік сыйлық алуына тікелей ықпал жасады.

Таланты ашылғаннан бастап талқының дүлейінен құтылмаған Әуезов, енді, атақ-даңқтың бас айналдырар иірімді құйынына тап болды. Ол құйын жан-жағына қаратпастан үйіріп, ой қорытуға мұршасын келтірмей, жарықтың жылдамдығымен шектеулі күнге жақындай берді.

Сондай алаңы мол арманмен өткен соңғы сәттерінің куәсіндей болған демі үзілер алдында жазылған естеліктер мен өзінің хаттарын келтірумен құжаттарға негізделген бұл баянды да аяқтаймыз. Осы лебіздің ішінде оның өмірге құштарлығы да, өкініші де, үміті де, дәмесі де, достығы да бар.

Е.Исмаиылов: «1961 жылы май айында Мұхаң сырқаттанып, ауруханада жатты. Температурасы жоқ, дені сау сияқты. Сырқат болса да жаңадан ашылған Әдебиет және өнер институтының жұмысымен шұғылданып жатты. Күн сайын М. Базарбаевты, Е. Лизунованы, мені, тағы басқа жолдастарды ауруханаға шақырып, ақыл-кеңес айтып, тынымсыз жұмыс істеумен болды.

Сол кезде Мұхаң жатқан ауруханада ақын Жұмағали Саин да жатыр екен. Оның ауруы күннен күнге меңдеп, халі ауырлай берді. Мұхаң өз сырқаты жайына қалып, күніне әлденеше рет әр жерге телефон соғып, бас дәрігерге жолығып, қайткенде де Жұмағалидың халін жеңілдетуге зер салды.

«Өзіңіз де сырқатсыз ғой»,– дегенімде: «Бәлі, Жұмағалиға қарағанда мен сау адаммын ғой, түрегеліп жүрмін, бір жұмадан кейін Москваға барып емделіп, ар жағында Англияға ұшып кеткелі отырмын (ағылшын қоғам қайраткері, 1956 жылы үйінде қонақта болып кеткен Хьюлетт Джонсонның шақыруы бойынша – Т.Ж.), мені не қыласың, Жұмағали жарымжан ғой, артта әлі жетіп үлгермеген балалары қалып барады»,– деп барлық жанашырлық қамқорлығын айтып отырды.

Мұхаң майдың аяқ кезінде ауруханадан шықты. Екі-үш күннен кейін өзінің сырқаты туралы дәрігерлердің қорытындысы айтылды. Мен сол кеште үйінде болып едім, Мұхаң көңілсіз екен. «Ұлтабарда бір нәрсе бар екен, айтуларына қарағанда өзі сүйел сияқты, соны Кремль ауруханасында емделіп жазу керек немесе операция жасап алдыртып тастау қажет көрінеді»,– дегенді айтты. Осы сырқаттың артында үлкен зіл жатқандығы да, осыған өзі іштей қынжылатындығы да Мұхаңның әрбір сөзінен байқалып отырды.

«Операциясыз емделуге болмаса па екен?»,– дегенімізде, Мұхаң осы сөзді ауырлағандай қабағын шытып, «Поливтің арты жаман ауруға, дертті ісікке соқтыру қаупі және бар. Мен оны да сезем, асқындырып алғанша, тәуекел қылып, несіне болсын шыдап баққан мақұл»,– деді. Үзілді-кесілді айтты.

Емделме, операция жасама – деп ақыл айтарлық жер емес. Бұл – дәрігерлердің және өзінің кесіп-пішкен байламы. Көркем шығарма тағдыры сөз болса, дауласып бір нәрсе айтар едік. Ал мына жайға келгенде дағдарып отырып қалдық.

Майдың 28 күні Жұмағали қайтыс болды. Мұхаң қабырғасы қайыса қатты жылады... Бір жағынан Жұмағали өліміне қайғырып, әсіресе, оның семьясына жаны ашып күйінетін болса, екінші жағынан, іштей өз сырқатының жайын да ойланғаны байқалғандай еді. Жұмағалидың жабдығына жұмсалсын деп Мұхаң мен арқылы бірталай қаражат беріп жатып: «Біздің семьямыз дәл Жұмағали семьясындай жетімдік көрмес-ау»,– деп күрсінді. «Біз» деген сөзінен көңілім тағы да бір секем алғандай боп түршігіп қалдым.

Артынша Мұхаң Мәскеуге жүруге дайындалып жатты. Дәл жүрер күні Зейін Шашкиннің «Теміртау» романын менен сұрап, бірге ала кетті. Ең соңғы хаты осы романға арналғандығы жұртшылыққа аян. Июньнің 3-күні Мұхаңды аэродромға шығарып салып, қоштасып қала бердік. Біздің Мұхаңды ақырғы көруіміз еді бұл. Одан кейін екі рет хат жазысып, бір рет телефонмен сөйлесіп хал-жәйін білдім. 18 июнь күні ауруханадан жазған хатын 22-күні алдым. Мен осы хатты алғаннан кейін қатты ойландым, қоштасып отыр ма, өсиет айтып отыр ма? Мен тағы да хат жаздым, екі рет жазып, екі рет жыртып тастадым, ақыры хатты Москваға бара жатқан жұбайы Валентина Николаевнадан беріп жібердім, осы хат Мұхаңа июньнің 25 күні табыс етіліпті. Хат ашылып оқылған, бірақ ешбір белгі жоқ...».

Ырымшыл адам үшін мұндай тағдырлы тоғыстың жүрегіңді құмықтыра мұңға батырып, мәңгілік аңсары басылмайтын сағынышпен жаныңды күйдіре сыздататыны бар. Өмір мен өлімнің, бар мен жоқтың, пәни мен бақилықтың ыстық өкінішті табы кеудесін қарыған Әуезовке осынау бір дертті ақынның өзінің көз алдында баяу сөнген ғұмыры жалған дүниенің жалғандығын барынша терең тебірендіре сезіндірген, түршіктіре тітіркендірген, шымырлата шамырқандырған сияқты.

А.Брагин: «Мен оны соңғы рет көргенім жадымда мәңгілік сақталып қалды. Ол ақын Жұмағали Саинды жерлеу кезіндегі зират басындағы мамырдың желді күндерінің бірі еді. Жерлеу рәсімі басталған сәтте ол арадан Әуезов көрінбеп еді. Ол жаңа ғана ауруханадан шықты – дескен болатын. Біз ашық қабірдің басында иықтіресе дөңгеленіп тұрғамыз. Әлдекім бақұлдасу сөзін айтып жатқан. Бір жолдасым:

– Оң жағыңа қарашы,– деп сыбырлады.

Қарасам, Мұхтар жұрттың бәрінен оңаша, жалғыз өзі оқшаулана мұңға батып тұр екен. Денесі ысылған, жүдеген өңі әдеттегідей қара қоңырқайланып, өзінің уайымына өзі батып, қатып қалыпты, оның көзінен парлап тұрған жас тамшылары маған қорғасыннан құйылғандай ауыр көрінді.

– Ол адамдарды шын жүрегімен беріле сүйетін еді, сондықтан да қайғыға қабырғасы тез қайысады,– деді сол күні кеште бір қазақ ақыны. – Ол бәрін де бізден терең сезінетін. Ол өмірдің бағасын білетін, оның еңбекке деген құлшынысының сыры да сонда жатыр. Сол сәтте тура бір айдан кейін Мұхтар Омарханұлының өзімен қоштасамыз деп ешкімде ойлаған жоқ».

Ал оның өзі сол сәтте қабірдің басында тұрып: өзінің тәні де дәл осы өзінің табаны басып тұрған жерден орын алуы мүмкін – екенін ойлап, құмығып тұруы да мүмкін еді. Мәскеуге ұшардың алдында Валентина Николаевнаның есіне салған мына сөзі соған анық сендіреді.

В.Н.Әуезова: «1926 жылдың күзінде біз өз тағдырымызды қосуға бел байладық. Мұхтар Омарханұлы мені алдағы уақытта не күтіп тұрғанын ескертуді өзіне парыз санаса керек, маған біраз жайларды түсіндіріп берді. Соның ішінде есімде қалғаны, Семей қаласында жол-жөнекей жолыққан бір балгердің өзіне бал ашып бергені, өзінің алдағы өмірінің қалай өтетіні туралы әңгімесі. Сол балгердің аты-жөнін, болмаса оған қалай кездескенін Мұхтар Омарханұлынан сұрап алмағаныма әлі де өкінемін. Әлгі балгер әдеттегідей алақандағы сызықтар арқылы емес, Мұхтар Омарханұлына харпі таныс емес бір кітаптағы жазу арқылы болашағын болжап беріпті. Мұхтар Омарханұлы көзін сәл кысыңқырап тұрып: «Оның айтуынша мен өте, тіпті асқан атақты адам болады екенмін»,– деді. Көріпкел оған: 3 рет некеге отырасың, үйленгеннен соң үш жылдан кейін үшінші әйелің дүниеден қайтады немесе мәңгілік айырыласың. Бұл сенің соңғы үйленуің болады, бұдан кейін қайтып үйленбейсің. Сен 56 жаста жарық дүниемен қоштасасың және туғаныңнан бастап үш рет тәніңе пышақ тиеді-міс»– депті. Мен Мұхтарға: «Мүмкін менің пешенеме өмірің қысқа болсын деп жазылған шығар. Соңдықтан да қалған өмірімізді бірге өткізейік»– дедім.

Алайда осының барлығы соқыр сенімге негізделген наным мен ырым сияқты көрінгенімен, көріпкелдің меңзеген мерзімдері біздің тіршілігіміздің қиын да күрделі кезеңдеріне тұп-тура келіп отырды. Үш жыл бірге тұрғаннан кейін ол тұтқынға алынды да мен Мұхтар Омарханұлының өмірінен ысырылып қала бердім, көз жаздырып кеттім, 1953 жылы тура елу алты жасқа келді... Міне, сол 1954 жылы маған жазған хатының бір үзіндісі мынау: «Бәлкім, сен сезіп те жүреген боларсың. Өміріміздің өткен қиын белестерінде, әділетсіз жазаға ұшыраған жылдарда мен сен үшін қатты толқыдым. Сені қайғыға батырып, балаларыммен бірге қаражатсыз қалдырмас үшін мың өліп, мың тірілуге бармын. Әйтеуір шейіт боп кеткенше сендерге біраз талғажау болатын қаражат қалдырып, алаңсыз өтсем деп тілеп едім»,– депті онда. Мұны еске алып отырған себебім, сол бір жылдардан кейін әлгі көріпкелдің айтқандары туралы ешқашан да екеуара әңгімелесіп көрмесек те, сәуегейдің сөзі Мұхтар Омарханұлының ойынан кетпепті. Өйткені Мәскеуге аттанып бара жатып ол маған: «Бұл менің соңғы операциям, менің үшінші рет «пышаққа түсуім»,– деді. Ол өзіне жасалған операцияларды санап жүріпті: Семейде соқырішекке жасатты, одан кейін Мәскеудегі Рыжих жасаған операция, енді міне, үшінші және ең соңғы операцияға тәуекел етіп, өзінше ырымдап отыр. Ол мұны әлдебір көтеріңкі көңілмен, бейне бір ауыр жүктен құтылып жеңілдеп қалған адам сияқты боп әзілдей айтты. Мұның соңының қайғыға әкеп соқтыратынын кім болжап білді дейсің, әлдебір кесірлі дерттің алдын алатын сақтық операциясы деп түсіндік қой, оны ешкім де қауіпті қадам деп ойлаған жоқ. Ал оның өзі болса ғой: бұл менің соңғы рет «пышаққа ілінуім», ал содан кейін қауіп-қатерсіз тамаша өмір сүремін – деп есептеп, ерекше қуанып жүрді».

Сөйтіп ол ақырғы сапарға осындай ауыр оймен жеңіл аттанды.

Ғ.Бисенова: «Қазақ интеллигенциясының, әдеби қауымның ағасындай болған Мұқанның бір жаққа сапарға шығуы мен қайтып оралуының өзі үлкен той болатын. Мұндайда Мұхаң үйіне шығарып салушылар мен тосып алушылар толып кететін-ді.

Міне, жолдас-жоралары, достары, туған-туыстары, шәкірттері тағы да Мұхаң үйіне жиналды. Бұл жолы ол емделуге Москваға жүргелі отыр. Кісінің соншалық көп жиналғанына риза болды ма, әлде көпшіліктің өзіне деген жақсы тілегін, ниетін ырым етті ме, кім білсін, әйтеуір Мұхаң ерекше көңілді болды. Ол ауру жайын ауызға да алғысы келмеді. Бұрынғысынша әңгіме-дүкен құрып, күліп-ойнап жарқын отырды.

Сөйтіп, көшкен елдей улап-шулап оншақты машинамен аэропортқа да жеттік. Самолеттің ұшуына әлі біраз бар. Ортада Мұхаң, айнала көпшілік. Тағы да тамаша әңгіме, тағы да жақсы тілек. Ақыры әз аға көпшілікпен қоштасып, самолетке отырды. Мұхаңды шығарып салушылар «ИЛ-18» ұшқанша тарамады. Ақыры самолет те көтеріле жөнелді. Мұхаң мінген самолет бірден-бірге биіктей берді, биіктей берді. Самолет емес, Мұхаңның өзі бірден-бірге жоғарылап, әуелеп бара жатқан сияқты. Ия, Мұхаң қашан да аспандай береді, биіктен-биікке шырқай береді!»

Ол өзінің осы ақтық сапарында мұқым ғұмырын көз алдына келтіріп, әр қайсысының дидарын көргенде сол адамға қатысты мейірімді де шуақты, жанына жақын да жылы сәттерін есіне алатындай қимас адамдарының көпшілігімен көзайым болды. Ағайын, туыс, дос, жаран, қимас жандар оны Алматыдан алақанына салып шығарып салды. Мәскеуде оның рухани өсиетінің иесі болып қалған, ол дүниеден қайтқан соң «Қилы заман» сияқты қиын тағдырлы шығармаларын жарыққа шығарған Л.Пантиелев, З.Кедрина сияқты жанашыр достары, алақанына салып қарсы алды.

З.Кедрина: «Мұхтар Омарханұлы өзінің қонақта болған өмірінің ең соңғы күнін біздің үйде өткізіп еді-ау. Онымен бірге азербайжан жазушылары Сүлейман Рагимов пен Мехти Гусейн және Дүниежүзі әдебиеті институты директорының орынбасары Арфо Аветисовна Петросян мен қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев болды.

Бұл Мұхтар Омарханұлы ауруханаға жатуға тиісті күннің алдыңдағы ғана күн еді. Кейін ауруханаға сол барған сапарынан оралмады ғой.

Мұхтар Москваға емделуге келеді дегенді бір күн бұрын естіп қатты қобалжулы едік. Өйткені, оның ауруының түрі жөніндегі көңілсіз күдіктерді біз білетінбіз-ді. Әйтсе де, Внуково аэродромында күтіп алғандағы, қонақ үйінде бірге болған күніміздегі оның жайма-шуақ күйі бәріміздің де көңілімізді жай таптырғандай болды. Қонақ үйінде көп адам жиналды, көңілді отырыс болып, жақсы-жақсы тостар айтылды. Мұхтар Омарханұлы жеп-ішіп, әзіл айтып, өте көңілді отырды.

Дегенмен, бұл күні оның өңінде әлденендей бір толғаныс көлеңкесі бар тәрізді еді. Азербайжан достарымыздың үйімізде бірінші рет болуы еді де, Мұхтар оларға біздің үйді таныстырып отырғандай болды. Ол арамызда талай жылдан бері келе жатқан творчестволық достық туралы, біздің семьямыз жайлы, өзбек пен қазақ дос-жарандарымыз жөнінде, сондай-ақ біздің баяғыдан-ақ «Москвадағы тобықты әулетінен» екендігіміз жайында әзіл, күлдіргі аралас көп әңгіме айтып отырды. Біз ас үйге барғанымызда Мұхтар өзінің әдетте келген сайын дастарқан басында отыратын орнына отырмай, оны азербайжан жолдастардың ішіндегі жасы үлкені Сүлеймен Рагимовқа ұсынды.

– Мен осы үйде бұл орында көп жыл бойы отырып келдім,– деді».

Иә, ол сол күні тек қана осы үйдің ғана емес, мынау жалғанның да төрін босатып беріп еді. Енді оның орынын «әкесі мен баласындай» болған Шыңғыс сияқты аманатын арқалап қалған бауырлары басты.

Ш.Айтматов: «Тағдыр дегенді қойсаңшы. Мұхаңмен ақырға рет 1961 жылы ауруханаға жатар алдында «Москва» қонақ үйінде жолықтым. Өзі аса көңілді екен. елден алып келген қазы-қартасымен асықпай шай ішіп, әкелі-баладай емін-еркін сырласып түнгі сағат 1-ге дейін отырдық. – Кунцево ауруханасына жатқалы келдім. Полип деген залалсыз ісік көрінеді. Күш-қуатым бар, қоңды кезімде құтылғаным жөн шығар,– деді. Ұлы ұстаздың ыстық дидарын ақырғы мәрте көріп, қолынан дәм татып, лебізін соңғы рет естіп тұрғанымды білсемші! Келесі күні ойымда түк жоқ мен Фрунзеге ұшып кеттім...».

Қысқа ғұмырдың санаулы күндерінің соңғы сәттерін ол өмірге деген ғашықтықпен, өзі айтқандай, «қомағай ғашықтықпен» сергек өткізді. Ол өзінің ант мезгіліндегі көңіл ауанын:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол»,– деген өзекті жарған ыстық сезіммен жеткізді.

Айтылмаған аманатым, ұмытқан өсиетім қалмасын дегендей, жайшылықта сыртқа шығара бермейтін сырларын хатқа түсірді. Тәні – Мәскеуде, жаны – Алматыда, жүрегі – екі ортадағы жолаушы болды. Ол осы күндері киесі қайтып оралған әулиелік қасиетін қайта тапқандай сондай бір көрегенді, көріпкелдік болжаулар да жасады.

17-маусым күні өзі батыл ұсынған Тіл және әдебиет институтының жаңадан тағайындалған отыз жасар директоры М.Базарбаевқа:

«Қадірлі дос Мүсілім! Хатыңды алып қатты ырза болдым. Көңіл, бейіл, тілектестігіңе көп-көп алғыс айтам. Институт өміріне жегіне кіріскен көрінесің... Өндіре тартып, үдеп-үдеп кете барасыңдар – деп нық сенемін. Ендігі біраз мәселелерің шешіліп те қалған шығар... Мен 20-сы күні болатын консилиумды тосып отырмын. Солар операция жаса десе – жасатамын. Бұл хат той үстінде барар. Қазақстанның ұлы той мерекесі кезінде бар-бар коллективіңді, үлкен-кіші дос-жаранның баршасын дос көңілмен құшақтап құттықтаймын!»,– деп тілек білдірді.

Киесінің иесіне қайтып оралғаны сол емес пе, осында айтқаны дәл келді. Қазақстанның қызығы өзінің қаралы хабарымен қабаттаса келетінін сезгендей сол 18-маусым күні «досы, сүйіктісі, тағдыры байланған,аяулы Женечкаға – Евгения Лизуноваға:

«Сендерде, Алматыда мереке өтіп жатқан күні маған операция жасап жатуы әбден мүмкін. Тіпті мұның солай болғаны: оның үстіне тойға қосқан менің де шымшым үлесім бар екенін сезіне отырып, барлық қиялыммен, шын жүрегіммен ол мерекеде сендермен бірге жүрмін – деген оймен өзімнің санамды жұбату үшін де өте жақсы болды»,– деп жазғанынан-ақ,, әйтеуір сол күндері оның санасында тосын бір өзгерістің болатынын түйсікпен түйсінгенін аңғаруға болады.

Мұхтар Әуезов өзінің соңғы жан сырын қапталдас інісі, Кенесары туралы қуғынды бірге басынан кешірген Есмағамбет Исмаиыловқа ашыпты.

«Москва, Кунцево. 18.06.61 Ең қымбат іні-досым Есет! Кеше хатыңды алып ем. Оқта-текте бір айтылатын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айырмас, қажымас, жылдар жүрсе арылмас жегіндісі – еңбек торысы дейім. Сол үшін сүйем де, бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіне бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. «Өзі ғой осындай көпке көмегі, көп іске себі тиіп, талайда талайдан алғыс алған жан» – деймін. Соның ішінде, әсіресе, қазақ совет әдебеиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына Сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегі аз ба? Жақында Москвада Әлжаппар, Тахауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста: сыншы – оқытушы – зерттеуші сен бастаған ғалымдардың жазушылар үшін қадірлі көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.

Мені көп айтқансың, көп жүрген соң жақсы-жаман ұзақ өмір жолым жамала беретін шығар. «Көп жүрген» дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер(дің) өмірі бір келкі, тура, түзу, жаттық, жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да жауатқандай тәрізді.

Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол.

Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берерім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де.

Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан) – қайта әлсірей бермейім бе, ал ауру болса күте бермесе, өздігінен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операциясыз болмайтын болса осындай семіз, күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрсігүні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.

Жақында сенікі сияқты аса дос қымбат хатты Евг. Вас.-надан (Евг. Вас. Лизунова) алдым. Мүсілім де жақсы толық хат жазыпты. Уахатов тілектестік жайын жазып ВАК-тың хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып шыққан соң оның да, Балташтың да жайларын ВАК-тан білемін.

Закиді алса – ең болмаса рукопись бөліміне алсын (егер Әуелбекті алу қажет болса), ал К - ді (танылмады) Лизуноваға беру қажет, қажеті – Әуелбек қой. Мен оның өзіне бұл жөнінде еш нәрсе айтқан емеспін. Үй ішіңе тегіс сәлем. Қош. Мұхтар Әуезов»

Бұл Мұхтар Әуезовтің өзінің ғылымның «еңбек торыларына» жолдаған соңғы «қощы». Ажал алдында тұрса да өмірді қандай ғашықтық құштарлықпен сүйген десеңші! Операцияның күні белгіленген күні түнде жазылған:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол. Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де. Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан)»,– деген жолдарда қаншама арман, мақсат, ыстық құштарлық, өмірге қанбаған махаббат бар.

Тірісінде жазылып, иелеріне табыттан кейін тапсырылған, «болашақты, үдей басатын, алға асатын болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» (ғұмыр) қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе?»– деген аманатты арқалаған хаттың бірі Тахауи Ахтановқа жолданыпты.

«1961 ж. 21 июнь. Москва, Кунцева. Қадірлі іні-дос Тахауи! Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің, өзіңді кең құлашыңмен, өнімді өріс-өрнегіңмен емін-еркін танытқан шығарма «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын толғап көруді мақсат еткенсің. Өз ішіндегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Әрі сен пьесалар да жазып жүрсің. Сценарийді де қолға аласың. Осының бәрі өте заңды іздену жолындағы бел-белестер.

Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Өзгелер қонымды, ұнамды әңгімелер (роман, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдықтары, шындықтары – жалғансыз, риясыз, зорлықсыз әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу – соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай – ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену.

Бұл жолда, алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу қызғылықты, тым шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқының, қауымының да болашығы ғой.

Оларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге бойлау, бастау – қалыптасу да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған менімше құдіретің де жетеді, ілгері тереңдей, ірілей тарта түс. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал дәл шындықтың өзінде болыпсың ғой. Қоспа, бояма, ... бұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң. Өзің жүзіп жүрген мекен-көлің.

Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің өзіме сонша ет-бауыр, шабытымен іні бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романның да кен бояуларынан – осы менімен туыстас-ау - деп ойлап жүруші ем. Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды, саған жаздырып соған барымша сеніп, еліге еріп ырза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезбеске шараң жоқ.

Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды – көптен, бастан бөлек санайтұғым. Біз, Хрущев жолдас айтқандай «жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Өзіме етене жақын дегенде, сенен – менің жасырақ шағымда өзімнен таппаған жақсы сыпаттарды көремін. Сенің отызың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін. Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Сондықтан анау бір жылдардан-ақ саған, сендерге мен безразлично қараған емеспін. Алдарыңнан, жауапты, ойлы жаңалықтарды, өзге бар қазақтан молырақ күткен күйдемін.

Екінші бір өнімді топ: Мұқамеджан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне білсеңдер әділ болады. Олар жастық кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған, жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармалық шабытқа да сондай қомағайлар. Өнімді еңбек етеді. Сендердей, осылардай адамдарға байланысты болашақты, үдей басатын, алғыдан асатын болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» дейтін қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе? Әсіресе, ол мәдениетті өнер боп та өсіп піскен емес қой. Көбінше көбікті толқын санап жүрміз ғой. Мен операция тосудамын. Сәлем. Көп сәлем.

P.S.Әбдіжәміл, Зейнолла бәр-бәріне көп сәлем. Республика мерекесі бәріңе де құтты болсын, мен – жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін Мұхтар».

Бұл өсиет. Мұхтардың сол «жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін» деген ақтық демінің табын, шығардағы жанының жылуын сақтап қалу ғана парыз болатын. Өкінішке орай, осы ақтық лебізде аты аталған «жүрегіне ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезінген» бір қылжыр өзінің романынын «Абай жолынан» асырып бағалату үшін А.Марченко деген жалдамалы сыншыға мақала жаздырып, Мәскеуде бастырды. Тек Т.Ахтанов қана «Ол биік бізге әлі алынған жоқ» – деп, досының ізін жаймалады. Бұл Мұхтар Әуезовке өлгеннен кейін істелген көрқаптық сатқындық еді. Талант қуаты Мұхтар Әуезовтен кейінгі тегеуірінді, жандүниесі жарасымды Тахауи Ахтанның қалам күшін «қазақы күреске» салып, шашыратып та жіберген сол досының «достығы» еді. Дертке шалдығып, қиналып жүргенде Тахаңның – Тахауи Ахтановтың М.Әуезовтің мұражай-үйінде айтқан өкініші менің жүрегімді әлі де сыздатады.

Осында аты аталған шәкірті Зейнолла Қабдоловтың сәлемін жеткізу үшін ақын Әбу Сәрсенбаев 23-маусым күні Әуезовтің көңілін сұрап ауруханаға барады:

Ә.Сәрсенбаев: «23 маусым, 1961 жыл. «Москва» қонақ үйі. Кешке Алматыға оралмақпыз. Сәске кезінде телефон соғылды. Зейнолла Қабдолов екен. Дауысында бір абыржу бар тәрізді. «Әбеке, ертең Мұхаңа операция жасалмақ. Барып шыға көріңіз. Біздің шәкірттік сәлемімізді тапсырыңыз. Ақ тілеуіміздің өз үстінде екенін жеткізіңіз».

Жаңбыр сабалап құйып тұрған-ды. Дереу такси шақыртып, Кунцовоға жөнелдім. Бұрын барып көрмеген жерім болатын. Машинаны қорған ішіне кіргізбейді екен. Қалың жаңбыр астында сұрастыра жүріп, Мұхаң жатқан корпусты таптым. Операция алдында керекті дайындық жасалатын он үшінші бөлмеге орналастырылған екен. Оң қабырғадағы бүктемелі биік кроватьта Мұхаң отыр.

Мен малмандай су болып кіре бергенімде, Мұхаң қуаныш рай білдіріп, мейірлене жымиды. «Бәлі, жаурап қалдың ғой, салқын тиіп жүрмегей. Сүртінші». Қол орамалымды алып, шашымды, бетімді құрғаттым. «Ау, қайдан жүрсің, менің мұнда екенімді, қайдан білдің?» Зейнолланың телефон соққанын айтып, шәкірттерінің сәлем, тілектерін тапсырдым.

«Рахмет! Айналайындар-ай... Сен, Әбу, айт оларға. Үрейленбесін. Қорқынышты емес, жәй бір әншейін полип... Бәрі де сәтті болады...» Басымды шұлғимын. «Аузыңызға май, сәтті болғай. Бәрі де сәтті болады... Бар тілек сізге арналған». Мұхаң өңінен сырқат белгісін, қабағынан уайым көлеңкесін аңғартпай, жадыраңқы, көңілді отыр. Осылар сырқатымды сұрап, мазалай ма дегендей, бізге кезек берместен өзі ғана сөйлейді. Бірде емхана дәрігерлерін мақтаса, бірде осында емделіп жатқан шет елдің қайраткерлерін әңгімелейді. Солардың ішінде Италия, Франция компартиясының көрнекті жетекшілері бар екен. Мұхаң әлгі адамдармен достасып алса керек. Тілмәшсіз-ақ сырласатын тәрізді. «Оларға ешкім келмейді ғой. Ал маған ағыл-тегіл. Өзіме сыйлаған гүлдің талайын соларға апарып беремін. Әбден мәз болып, көңілдері көтеріліп қалады. Шіркін, көңілге не жетсін!»

Мұхаң бір сәтке әңгімесін тоқтатып қозғалақтап қойды. Биік кроватьта еденге тимей салбырап отырғандықтан аяғы ұйыды ма екен, сәл төмен жылжып, табанын еденге басты. Мұхаң бөгелмей сөйлеп отыр. Өзгеміз тыңдаушымыз, бізге уайым аңғартпау, тіпті өз көңілінде де уайым дарытпаудың амалы. Сағатқа жуық отырыппын».

Шын достықтың бір белгісі – «өкпеге қисаң да, өлімге қимау». Араздасқан достың тірісінде кешуін алып, өзіңнің көзің тіріде кешірім беру. Тағдырлы, тауқыметті күндердің қиындағын бірге басынан кешкен М.Әуезов пен И.Сельвинский екеуінің де бағы қайта көтерілген тұста қатты сөзге келісіп қалып, аралары суысып кеткен болатын. Тура сол күндері Сельвинский де төсек тартып жатқан, оның да екі-үш айлық өмірі қалып еді. Әбу абыз екі достың соңғы бақұлдасуына себепкер де болыпты.

Ә.Сәрсенбаев: «Үстім де құрғай бастаған тәрізді. Мұхаң бір қозғала түсті де, маған бұрылды: «Сен қашан жүретін едің!» Билетімнің кешкі поезға екенін айттым. Мұхаң орнынан көтерілді. «Бәлі, онда сен көп отырып қалдың ғой. Жол ақысы – жүру. Рұқсат, қарағым. Азаматтарға, менің шәкірттеріме, бәр-бәріне сәлем айт, үрікпесін... Ризамын бәріне. Әдебиет келешегін солар көтерер болар... Айтпақшы, досың қайда? Қалай өзі?».

Досың деп тұрғаны – Илья Сельвинский. Мұхаңның бір пьесасын аудару кезінде екеуі ренжісіп қалған екен. Кейін ол кісінің кешірім сәлемін Мұхаңа жеткізгенмін. Мұхаң әбден ризалық білдіріп, хат жазбақ болған-ды. Сельвинскийдің де ауыратындығын айттым. «Бір ай бұрын сәлемдескен едім. Ол кісі жүректен жүдеген, төсек үстінде. Сізге сәлем айтқан-ды. Әлі де уақытым жеткілікті. Қазір соған соғып шықпақпын. «Ә, солай ма? – Мұхаң сағатына қарады. – Ендеше, менен сәлем айт. Өткен-кеткенді естен шығарсын. Сауығуына тілектеспін». Мұхаң қолын ұсынды. Алақанында уайым дірілін сезе алмадым. Асылы, ешбір әлсіздік сездірмеуге тырысса керек. Мұхаң екеуіміз қол ұстасқан қалпымызбен бір-біріміздің жүзімізге үңіле қарап сәл тұрып қалған екенбіз. Құшақтап сүймек едім, көңіліне мұң шақырамын ба деп бата алмадым. Мұхаң осыны сезді-ау деймін. Қолын босатып алды да, есікке дейін барып, арқамнан қақты.

– Бар, енді бара ғой... Бәр-бәріне сәлем айт. Ризамын!

Осы сәт неге екенін білмеймін, мейірімге балқысам керек, көңілім босап кетті. Сол бұрылған қалпыммен есіктен шықтым. «Қош болыңыз аға, жақсылықпен көріселік!»

Қалың жаңбыр астында жүгіріп барып, машинаға отырдым. Жауырынымда аға алақанының жылуы.

Шофер заулатып берді. Енді бір жарты сағатта Сельвинскийдің дачасына тоқтадық. Сырқат ақын төсектен басын көтеріп, қолымды алды да, Мұхаңның сәлемін айтқанымда орнынан қозғалды. «Вирта Яковлевна, машина дайындат. Мұхтар Омархановичке барып, көңілін сұралық». Бәйбішесі дауыстап жіберді. «Жарқыным-ау, әлгіде ғана дәрігерің басынды көтерме деді ғой». Ақын лажсыз төсекке сүйенді. «Ендеше сен бар. Ертең операция болады екен. Менің сәлемімді тапсыр».

Ұлағатты ірі адамдардың мінез-әрекеттері де ірі келеді-ау. Түтеген жаңбыр ішінде бәйбішесін Кунцовоға қуды. Мен де парызымды өтеп «Москваға» оралдым. Сол жолы қадірменді екі ағамен де бір жолата қоштасқаным ба? Жоқ, мүмкін емес. Көз алдымда Мұхаң бейнесі. Ол алақанымды қысқан күйі жып-жылы ғана күліп тұр. Жауырынымда мейірімді алақан жылуы. Жоқ-жоқ, өзгеше болуы мүмкін емес. Ол әрқашан да ортамызда. Ол әр дәуірмен, әр буын, әр ұрпақ, бүкіл келешекпен тұстас!..».

Ендігі соңғы «қощы» айтылмай қалған, аманаты мен өсиеті – елі мен жеріне, Шыңғыстауы мен Бөрліге арналды. Ол 25-маусым күні Қарауылдағы қаламгер інісі Кәмен Оразалинге хат жолдап:

«Қымбатты Кәмеке! Мынау Мұрат менің туған балам. Москва университетінде оқиды. Қазір жазғы (демалыста) Семейге, содан ары Абай ауданына – әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзіне: саған, Балташқа бар – дедім. Осыны – ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп таныстыруға өзің бар, көмек етулеріңді сұраймын. Мен аурып Москвада жатырмын, жайымды Мұрат айтар. Өзіңе көп-көп сәлем. Елдегі бар ағайынға мол сәлем. Мұхтар Әуезов»,– деп елге соңғы сәлемін жолдады.

Осы «бар ағайынға мол сәлем!» – дегеннің астарында «Абай жолындағы» Абайдың өлімі сүреттелетін тұстағы:

«Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем?! Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген, гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – кең көк аспан!.. Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткн гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?! Шанда біреу, санда бір сайда болса да, жас жапырағын көкке созып, гүл жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір-бір өлкеде, тағы да бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ма!.. Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап құмыр бұлбұл сайрар ма! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме!,– деп, өзімен-өзі шын ұлы бір шабыт, ақын шабытымен шарықтап бір барды да, содан соң үні өшті»,– деген арманды толғауы жатыр еді.

Оның өзі де бір кезде Шыңғыс пен Бөрліге қарап тұрып: «Қош!», – деп қоштасқаны бар еді.

Мұхтар Әуезовпен соңғы бақұлдасқан адам – оның балалықтан басталған ғұмырлық досы ұлы тұлға Қаныш Сәтбаев болды.

Ш.Шокин: «...Алпыс бірінші жылы Мәскеуде ғылыми қызметкерлердің бүкілодақтық кеңесі өтті. Мұхаң Кунцевода, қала сыртындағы Кремль ауруханасында жатты. Келесі күні біз, Қаныш Имантайұлы екеуміз, жазушының көңілін сұрауға бардық. Аурухананың жылжымалы қақпасы тек үкімет «шағалаларына» ғана ашылады екен. Біздің қара ГАЗ-21 пропуск бюросының алдына келіп тоқтады. Сәтбаев депутаттық кітапшасын көрсетті, күзетші оған тәжім етіп, кіргізіп жіберді, мен машина қасында академикті күтіп қалдым. Темір қораның ішінде қарағай орманы шулайды, аурухана корпусының биік үйлері қалың ағаштан көрінбейді, «Кремлевка» орасан зор аумақты алып жатыр. Күзетші менің қасыма келді. Сөйлестік. Милицияның жасамыстау келген отставкадағы офицері осынау жауапты қора қосындағы қызметіне разы сияқты. Қақпа алдындағы аллеядан Қаныш Имантайұлының қарасы көрінгенше, ол маған Кремль ауруханасының жоғары мәртебелі пациенттерінің өмірі жөнінен көп нәрсені айтып үлгірді. Сәтбаев Әуезовтің хал-жағдайын тәуір деген бір сөзбен жеткізді».

27 маусым. Мұхтардың киесі көз алдына елестеткен Қазақстанның мерекесі күні. Соны санасымен түйсінген әулиелік аян-елесі дәл келді.

«Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай, оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ. Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде (Ал сіздер: Қазақстанның мерей тойын өткізген күні – деп оқыңыздар – Т.Ж.) Абай және қазақ тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті».

Өмірден Мұхтар да өтті.

1961 жылы маусымның 27 күні Москва қаласындағы Кунцево ауруханасының операция столында ұлы жүрек соғуын тоқтатты.

Сол сәтте Мұхтардың бауыр басқан ұясында – жазушылар той тойлап, бірінен бірі теңеуін асырып тост көтерісіп жатты.

Н.Анов: «1961 жылдың июнь айында Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының қырық жылдығын тойлап жатты. Мерекелік салтанатқа қатысу үшін Алматыға Леонид Соболев те келген болатын. Республиканың Жазушылар одағы 27 июньде оның келу құрметіне шағын ғана арнаулы банкет ұйымдастырған еді. Бәріміз де сонда отырғанбыз. Ал, Мұхтар Омарханұлы бұл кезде Москвада болатын. Оған күрделі операция жасалмақшы. Әдетте, мұндай банкеттерде болатыны сияқты, әралуан сөздер сөйленіп, тост көтеріліп жатты. Менің қатарымда жас жазушы Әнуар Әлімжанов бар. Ол жүзі боп-боз болып, өз-өзінен ренжіп, еш нәрсе де ішпей-жемей отырды. Бір уақта ол сәл еңкейді де, менің құлағыма сыбырлап:

– Мен енді бұдан әрі шыдай алар емеспін,– деді. – Біз мұнда суырылып сөйлеп, рахаттанып арақ ішіп, мәз-мейрам боп отырмыз, ал Мұхтар Әуезовтің енді бізге жоқтығы ешкімнің де қаперіне кіріп-шығар емес.

– Жоғы қалай?

– Операция қайғылы аяқталыпты.

Әнуардың «өлді» деген үрейлі сөзді айтуға аузы бармай тұрғаны бірден-ақ белгілі болды. Көзі жасаурап, тілі күрмеле берді.

– Олай болса, мына жұртқа айту керек қой.

– Ия, айтқан дұрыс шығар. Мен «Литературная газетаның» редакциясына телефон соғып сөйлесіп едім, олар некролог бергелі жатыр екен.

Әлдекім тост көтертердегі көңілді сөздерін аяқтады, жұрт жапырлап бокалдардан шарап ішісті. Әнуар қинала орнынан тұрды да, жыларман боп тұрып, қайғылы хабарды естіртті. Жұрт құлаққа ұрғандай тым-тырыс. Әуезов өлімі бәрін де есеңгіретіп тастағандай. Әлдекім Мұхтар Омарханұлының әдебиеттегі орны мен ролін айтып сөйлемекші болып еді, оны ешкім тыңдай қойған жоқ. Мұхтарды жақсы білетін, жүрекпен сүйетін жазушылардың бәрі де жабырқаңқы жүзбен, жасты көзбен үйді-үйіне тарай берді... Мен үйге қарай әдейі айналма жолмен жүріп келемін».

Иә, қаралы қызық деген осы. Қашанғы ең қиын қиылыстардан табылатын Әнуәр Әлімжанов бұл жолы да қаралы хабарды әріптестеріне бірінші боп естіртті.

Әрине, мемлекеттік шұғыл отырыс шақырылды. 28-шілде күні Ғ.Мүсірепов З.С.Кедринаға:

«Сәбит, Ғабиден үшеуміз (Мәскеуге) ұшамыз. Валентина Николаевнаны жиырма тоғызы күні арнайы ұшақпен бізбен бірге не Ил-18 ұшағымен ұшуға дайындап қоярсыз. Жерлеу отызы күні өтеді»,– деп жеделхат жолдады.

Сөйтіп, алыптанып ұшқан ұлы тұлға 29-шілде күні отанына мәйіт боп оралды. Табытты ұшақтан марұмның «сорының да куәсі, көгерген, гүл атқан шағының да куәсі» – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сүйемелдеп түсірді.

Тістескен тамыр сияқты тартысты өмірдің соңғы салмағын Әуезов үшеуіне осылай арқалатып кетті. Зады бұл үшеуіне тең түскен, үшеуі тең көтерген өмірдегі ең ауыр жүгі болар, сірә. Табытты көтеріп келе жатып үшеуі не ойлады?

Мұхтар Әуезовтің денесін Мәскеуден Алматыға алып келуді ұйымдастырған өр де өжет, намысты, шыншыл ғұлама, Академияның сол кездегі вице-президенті Шапық Шөкин ұлы адамның қазасы туралы:

«1961 жылғы маусымның екінші жартысында «Мәскеу» мейманжайындағы нөмірімде кешқұрым телефон шылдырады. Телефон соққан тұрақты өкіл Бақытжан Ысқақов екен. Ол Мұхаңның қайтыс болғанын алғашқылардың бірі етіп маған хабарлады. Мен дереу Сәтбаевпен сөйлестім. Қайғылы хабар республикаға тез тарады. Астанаға бірінші бірінші болып самолетпен жазушылардың дос-жарандары ұшып келді. Мұстафиннің, Мүсірепов пен Мұқанавтың келгені есімде... Қырымда санаторийде жатқан жерінен Әбділда Тәжібаев ұшып келді. Сәбит қатты қайғырды. Бұл кісінің марқұм Мұхаңмен көп шекісіп қала беретінін бәріміз де білетінбіз. Орны толмас қаза Сәбит ағаның жанын шошытып, көзіне жас алдырды. Ол қатты қамығып: «Мұны күнілгері білсем етті...»,– деп қайта-қайта айта берді, Валентина Николаевна, Ләйла Мұхтарқызы, Мұрат Әуезовтер есімде қалыпты. Кіші ұлы Ернар кешігіп жатты. Ол неге екені белгісіз Мәскеуге пойызбен жүріп кеткен.

Жазушы ғұмырының соңғы сағаттарының егжей-тегжейі бірден белгілі болды. Оның асқазанындағы сүйелді кесіп тастайды. Бұл онша күрделі операция емес. Бірақ, күтім жағына тікелей жауап беретін кісі тағайындалмайды, жанашыр жақындарынан да басы-қасында тірі жан болмайды. Мұхаң ұйқыдан оянбайды. Алматыға келгесін Александр Николаевич Сызгановтың: «Егер осы операцияны осында үйде жасаған болсақ, Мұхтар Омарханұлы тірі қалар еді»,– дегенін ұмытқан жоқпын. Мәскеуде оның жүрегін анестезияға әзірлемейді, ал оның әбден тозған жүрек-тамырлар жүйесі жағдайында операцияның аяғы немен бітетіні мамандарға айқын еді. «Әлбетте, сүйелді алып тастау кейін, бір кездері өзін бәрібір білдірер еді»,– деп қосып қойды Александр Николаевич. – Бірақ, тап сол сәтте жүрек жарамай қалады».

Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасіреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушы жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек екен?»,– деген тосын пікір білдіреді.

Бұл – астары мен құпиясы өткен күндермен өлшенетін тылсым құбылыс. Қазір санада ғана сақтап жүрген осынау шындықты түбінде бір қағазға түсіретініміз анық.

Өмір, шіркіннің өлім келгенде ғана опындырып, ойландыратыны қандай ащы әділетсіздік. Осыдан тура он жыл бұрын бет көріспейтіндей боп бет тырнасқан, Мұхтар Әуезовтің дүниеден қайтқанын естіген Қажым Жұмалиев өзінің досы Сәйділ Талжановқа:

Қ.Жұмалиев: «Біз Мұхаңның қайтыс болғанын Москваға бір станция қалғанда естідік. Суық хабар жай түскендей әсер етті. Ол кісіні осынша тез, ойламаған жерден қайтыс болады деп кім ойлаған! Көре алмай қалғаныма бір қайғырсам, өз қолымнан топырақ сала алмағаныма екі қайғырып, қазір маған әдебиетіміздің бір босағасы үңірейіп қалғандай, дел-салмын. Өлді деуге тіл барып, көңіл сенуі мүмкін емес тәрізді. Уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғысады да, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етеді. Ол мәңгі тірі, артына өлмес еңбек қалдырды, арманы жоқ қой деп, өзімді жұбатпақ боламын. Бірақ ол сықылды зор талант әлі де өмір сүріңкіресе, көптеген асыл еңбектер бермес пе еді? Мұхаңның өліміне қайғырмаған жан болмас. Сол қатты қайғырушының бірі – мен. Басқаларға көңіл айтып, тірілердің өмірі ұзақ болуына тілектеспін. Жолдастарға сәлем айт. Қажым. 30.УІ – 61 ж.»,– деп хат жазыпты.

Иә, «уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғыспай, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етпеуі» үшін Мұхтар Әуезовтің «өмір сүріңкірегені» Қажым Жұмалиев үшін ғана емес, ұлт үшінде дұрыс болатын еді. Бірақ ол үшін көзі тірісінде күйкі тірлікпен күн кешпеуі керек еді. Ондай тыныштықты оған кім берді, тіпті, осыны жазып отырған Қажымның өзі тыныштық берді ме? «Тірілердің өмірінің ұзақ болуына тілектестік» білдірмей, Әуезовтің бір аяғын төрге, бір аяғын түрмеге басқызып қойды емес пе?!.. Ендеше...

Жә, жоғарыдағы хаттағы көңіл толқуын шынға балайық. Мазасызданса – мазасызданатындай, «күндіз – күлкіні, түнде – ұйқыны сирететіндей-ақ» өкініш. Ал Қажым Жұмалиев сияқты азулы, қара тілді, өжет адамды «қыртыңдатып» қойған, оның азуын Абай мен Кенесарыға қарсы білеткен аяр заманы еді. Екеуінің жұлдыздары өзара қарсы болғаны – өкінішті, бірақ ол қасірет емес. Қасірет – бірімен бірі қаржасып жүріп, халықтың тағдырын шайқалтып жібергені

Оның денесі Алматы қаласындағы орталық зиратқа қойылды.

Шын күйіктің көз жасы – Әуезовтің «көк бауыры» атанған Ысқақ Дүйсенбаевтің күнделігіне тамыпты.

Ы.Дүйсенбаев (күнделіктен): «1-шілде. Бүгін Мұхаңды ақырғы сапарына шығарып салмақпыз. Таңертеңнен-ақ опера театрының маңы халыққа сыймай кетті. Мұхаңның зор портретін іліп қойған екен. Одан төменірек, табытта қайран аға ұйықтап жатыр, бітпейтін ұйқы... Оркестр де мұңды музыканы зарлатып тұр, оқта-текте хор да оған қосылды. Не керек күні бойы мұңды-зарлы күй тоқтаған жоқ. Бір әйелдің зарлы дауысы естілді. Басына барып тұрыстық. Өзімді қайда қоярымды біле алмадым. Театрдың зәулім залының бір бұрышына барып, қозғалмастан ұзақ отырдым. Кезек-кезек кіріп шыққан адамдар Мұхаңды еске түсіріп, қайғы білдіреді. Ұлы адамның орыны толмайтынын айтысып, бұл қасіреттің зор екендігін мойындасады.

Табытты шығарар алдында үкімет адамдары келіп, құрметті қарауылға тұрысты. Музыка тіпті күңіреніп кетті. Енді Мұхаңның сүйегін шығаруға кірісті. Далада көп халық тұр екен. Машина ақырын жылжып сапарға аттанды. Кім екенін білмеймін, бір жақсысы, Мұхаңды қабыр басына жаяу шығарып салынсын деп қаулы алыпты. Қайнаған ыстыққа қарамастан мыңдаған адам Ташкент алмасына қарай бет қойды. Көшенің екі жағы толған адамдар, әрине қабырғасы қайысып, шын иілушілерден басқа әншейін қызықтап қарап тұрушылар да аз емес.

Қабыр басында Қ. Сәтбаев сөйледі. Одан кейін бір жұмысшы, ақын, Ғабит Мүсірепов сөз алды. Оның сөзі орынды, терең мағыналы шықты: Мұхаңның ұлы орынын, асыл мұрасын, адамшылық қасиетін тере келе, Ғабит еліміздің басына түскен бүгінгі күн, азалы күн деп қатты тебірене үн қатты.

Асыл, ардагер ағаның денесін қара жер қабылдады. Жер мен көктің ортасы күңіреніп, қатты бір сілкінгендей тәрізденді. Жұрт тарай бастады».

Ғ.Мүсіреповтің қабір басындағы азалы сөзі:

«Бүгін біз ауыр қайғының үстіндеміз. Көп ұлтты совет әдебиеті үшін, ардақты ұлынан, асқар белінен айрылған қазақ халқы үшін бүгінгі күн – қаралы күн, азалы күн!

Бүгін барлық совет жазушыларының көздерінен сорғалаған жастарынан көрі азалы жүректерін жарып шыққан жалыны басым.

Айтпасыңа амал қайсы, бүгін біз, дүние жүзілік аты бар, еңбекші момын елімізді дүниеге танытқан, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің әр саласында ортан қазығы болып келген атақты жазушымыз, мыңдаған шәкірті бар ұстазымыз, ірі ғалым педагог, белгілі қоғам қайраткері – Мұхтар Омарханұлы Әуезовке хош айтқалы келіп тұрмыз. Біз үшін бұдан артық ауыр сөз, бұдан артық айтпаса дерлік сөз жоқ еді! Осы тұрған бәріңіз үшін де бүгін бұдан ауыр сөз болмасқа керек.

Амал қайсы, ой тереңі, сөз шебері Мұхтарды қажыр-қайратының толысып тұрған шағында, осы заманның ең бір сұм дерті – рак ортамыздан жұлып әкетті. Елін, жұртын, ой еңбегін сүйе білетін үлкен жүрек өмірге, еліне, осы тұрған бәріңізге амалсыз хош деді, құрғыр осы бір сөзді бұрын айтты. Біз де амалсыз соны қайталаймыз.

Үлкен эпопея – «Абай» романына көрсеткен партиямыз бен Совет үкіметінің сый-құрметінен кейін, Мемлекеттік сыйлыққа жалғастыра Лениндік сыйлық берілгеннен кейін, атақты жазушымыз осы заманның эпопеясын жазуды арман еткен еді. Кең серпінді, сала-сала толғауды сүйетін өрен жүйрік соңғы екі-үш жылдың ішінде социалистік өміріміздің өзекті сұрауларын көркем ойдың таразысынан өткізіп алу үшін өндіріс орындарын, ауыл шаруашылық аудандарын, еңбек қауымын көп аралап еді. Қаламы – қолында, қағазы – үстел үстінде еді, терең ойы толғану үстінде еді. Шексіз бір өкініш сол – күтпеген дерт мұқалмаған қаламды берік қолдан жұлып әкетті.

Бұдан былай біздің арамыздан бәріміздің ерекше қадірлейтін ардақтымызды көре алмайсыздар. Ол қазірдің өзінде ортамызда тұрған жоқ, міне, алдымызда жатыр.

Бүгін қазақ әдебиеті көлденең бір жұтқа ұрынғандай. Басқа мадақтарын қоспай-ақ, Мұхтар Әуезов дегенде ғана аузымыз толмаушы ма еді? Ойымыз да лық толатын. Бұл Мұхтар енді жоқ арамызда. Сағынар кезіміз, іздер кезіміз, жоқтар кезіміз аз болмас, таба алмаспыз бірақ.

«Ат тұяғын тай басар» дейтін ескі нақыл көркемөнер дүниесіне заң емес. Бір жазушының орнын екінші жазушы баса алмайды, әрбір жазушы өз орнында бағалы. Бұдан былай қақ ортамызда ойылып қалған Мұхтардың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ, Мұхтардай мол, құлашты еңбектер жазу борышын қалдырды, орнын жоқтатпау парызын қалдырды.

Әдетке кірген сөзді айтпасаң амал жоқ: хош бол, Мұхтар, баладай нәзік жан, көркемөнердің өзіндей қатал сыншы, әділ жан! Үлкен аға! Еркелеткеніңізді де сағынармыз, ұрысқаныңызды да сағынармыз. Бар бейнең көз алдымызда болар.

Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!

Қазақстанның жазушылары сенің ардақты атыңды ең таза жүректерінде сақтар! Сенің қалдырған асыл мұраңды өзіңдей құрметтеп, көп қолмен көтере алар!

Хош бол, Мұхтар! Сенің биік мұнараң жалғыз Қазақстаннан емес, барлық совет халықтарының биік қырқаларынан көрініп тұрар. Сенің ең биік мұнараң – еңбегің дүние жүзіне түгел тараған. Өзіне-өзі жол салған атақты еңбегін, бұдан былай да тарай бермек.

Өмір – күнде той емес, өкпелеткен, ренжіткен кезіміз болса, онымызды үлкен өкінішпен еске аламыз: еске алған сайын үлкен рухыңнан кешірім сұраймыз. Көркем сөздің ұстасы, сенімен хоштасу үшін бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояусыз, әрине. Бірақ біз сенін, жер құшағына тапсырылар тәніңмен ғана қоштасып тұрмыз, жанын, мен рухың бізде қалады, ең қасиеттеп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиетті борышымыз сол болар. Көп боп табар ойымыз болса, көп боп көтерер сол борышымызға салармыз. Сенің орныңды сөзбен емес, іспен жоқтатпауға тырысармыз. Бұл уәдені анттай берік ұстармыз!Хош бол, ардақты аға, атақты сөз шебері! Хош!1961 жыл».

Бұдан асырып айту қиын. Ал кеңестік кеңістік деңгейіндегі азалы ойды Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен бірге заманның талай талқысын басынан бірге кешірген Николай Тихонов:

«Қайғылы хабардан кейінгі алғашқы кезде не болғанына ой жіберіп, ақыл тоқтата алмай, есім шығып жүрді – бәрі де ойда-жоқта соншалық кенет болды ғой. Мен аздап өзіме-өзім келіп, ес жия бастағанымда бәрі де өтіп кетті де, артта қалды. Адамдар біздің ғажап досымыз, біздің туысымыз Мұхтар Әуезовпен қоштасып, соңғы парыздарын ақтаған күнді мен газеттен оқып білдім. Бәрі де орнына келді, бәрі де айқын болды: өмір Ай мен Күннің үйреншікті тәртібімен бір қалыпты жылжып өтіп жатты. Бір-ақ нәрсе үйреншікті болмады, орнына келмеді. Мен күн өткен сайын осы бір адамның, өзімнің досымның, орыны өгейсіп тұрғанын күштірек сезіндім. Мұхтар Омарханұлы қайтыс болды, біз әдебиетіміздің алдыңғы қатарлы адамынан, мәдениетіміздің аса көрнекті қайраткерінен, реніш-қуаныш жағынан әрқилы болғанымен, кеңес әдебиеті үшін жеңісті жол болған ұзақ та қиын творчестволық сапарды бірге кешкен жолдасымыздан айырылдық. Қымбатты досымыздың орны, әсіресе, қазір оның батыл дауысы, қалтқысыз қадамы, ешбір ымырашылдыққа көнбейтін ар-ожданы соншалықты қажет боп отырған шақта ерекше ойсырап тұр. Біз оны неғұрлым көбірек еске алған сайын – соғұрлым осы бір күтпеген қазаның уайымы қоюлай түседі»,– деп жеткізді.

Мұхтар Әуезовтің қазасы бүкіл кеңес жұртын бір өкіндіріп, бір шіміркендірді.

Адамның атын өшірмейтін екі жол бар. Оның біріншісі – елінің ескеруі, екіншіс ұрпақтарының қам-қаракеті. Мұхтар Әуезовтің қазасы – ұлттық аза. Сондықтан да оның атын ел есінен өшірмес үшін Қазақстан үкіметі шұғыл шаралар қабылдады. Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1951-1961 жылдардың аралығында тұрған үйі әдеби-мемориалдық мұражайға айналдырылды. Оны аяулы қызы – әйел затының бегімі Ләйлә Мұхтарқызы қашан көзі жұмылғанша аялап ұстады. Ол 1996 жылдың 2 маусымынан бастап «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып дербес ғылыми мекеме ретінде қайтадан құрылды. М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Қал-қадерімізше оған біз де үлес қостық. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармалары дүние жүзінің 42 тіліне аударылып басылды. Оның жалпы таралымы 11 миллион данадан асады. Л.М.Әуезова әкесінің 12 және 20 томдық басылымын жарыққа шығарды. Сол кісінің аманаты бойынша М.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымын 1997 жылы мемлекеттік бағдарламаға енгізіп, оны жүзеге асыру біздің мойынымызға жүктеліп еді. Он томы қолымыздан өтті. Қалған басылымын қадағалаудың ырқы біздің еркімізден тыс өзгелерге бұйырды. Игілікті істің қайырын көруге жазсын.

Ал мұның барлығы өзі көзінің тірісінде сондай бір ұқыптылықпен, салқынқандылықпен және қамқорлықпен хатталған өсиеті арқылы орын-орнына қойылып кетіп еді.

В.Н.Әуезова: «»

Деректі әфсананы осы бір қасіретті жолдармен аяқтауға да болатын еді. Бірақ та басты мақсатымыз – қасиетті Алаш идеясын кеңестің жазалау саясаты да өлтіре алмағандығын, қаншама азап пен қорлықты көрсе де Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сияқты ұлттық ұлы тұлғалар ол идеяны өздерінің өмір сүруімен де өшірмегенін ұпаққа жеткізу болғандықтан да тосын, өзегіңе өтіңді құятын ащы оқиға туралы естелікпен тәмәмдағымыз келді. Егерде жалпы өлшемі болса, адам жүрегі қанша батпан, қанша мөлшердегі қорлықты көтере алар еді? Ондай мүмкіндік болған жағдайда, Мұхтар Әуезов көрген қорлау мен ол көтерген қорланудан алланың ерекше жаратқан күшті де қуатты рух иесі болмаса, қарапайым пенде құмығып өлер еді. «Абай» трагедиясындағы Абайға:

«Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма? Жүрегімді көрші, міне! Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жаздым, не ғайыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? Қасіретті түндер ме? Түннен бетер жұтатқан бейуағы ма өмірімнің?», – деген сөздерді айтқызған қастаншықпағыр шындықты Мұхтардың өзі де басынан кешіріпті.

Оған мына табалы қорлық дәлел.

Шапиқ Шөкин: «...1944-жылдың қаңтарында Өзбекстан Республикасы өзінің құрылғанының 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Соған байланысты Өзбек Академиясы салтанатты сессиясын өткізбек болды, оған басқалармен бірге ҒА-сы қазақ филиалының делегациясы да шақырылды. Делегация құрамында филиалдың қоғамдық ғылым жөніндегі вице-төрағасы С, жазушы М. Әуезов пен мені енгізді. Мұхаң С.-тен көп үлкен болатын. С. сырт көзге делегация жетекшісі еді. Бірақ, Әуезовтің ғылыми топтағы орасан зор беделіне, оның Шығыста кеңінен танымал екеніне және шебердің жасына қарап, мен біздің топқа жазушының жетекші болуы табиғи нәрсе ғой деп есептедім. С. болмысында мазаң кісітұғын, ашуланған сәтінде қарауындағылардың бетіне қарамайтын. Өз басым онымен ерегесуден именуші едім. Онымен есептесуін есептесетінмін, бірақ Сәтбаев оны өз қасында ұстап жүргесін, оның жұрттың бәріне бірдей ақыл айтқысы келетін көкіректігін сырттай ғана көрмегенсіп жүре беретінмін. Оның бізбен баратынын білгенде ішімді тартып ала қойдым. Мұхаңның бұрын тұтқынға түскені, көп алдында қателерін мойындағаны, азап-машақатпен қайтып оралғаны бартұғын. Сосын мен С.-тың қит етсе, өзгеге саяси қатені жамай қоятынын ескеріп, вице-төраға бұрынғы тұтқынға әлде қалай қарайды деп мазасыздана бастадым.

Вокзалға біз жүк машинасымен келдік. Жолдың жартысынан өтпей жатып, грузовик сілейіп тұрып қалды. Сол қыс та жайсыз суық болды. Шофер бұзылған бөлшекті тапқанша қол-аяғымыз қатып қалды. Сол арада мен үйден медициналық спирт құйып ала шыққан флажкімді суырдым. Қабағы түксие қалған С. жымиып сала берді. Мұхтар Омарханұлы да күлімсіреді. Ыстақаншамен бірер жұтып алғасын, бәріміз көңілденіп вокзалға да жеттік. Билет алуға Филиал іс басқарушысының орынбасары кетті де, біз үшеуміз вокзал ресторанының столына барып отырдық. Билетке кеткен кісі келгенге дейін әп-әдемі отырғанбыз. Ол келісімен адам жеркенетін бір жәйт басталды да кетті. Орынбасардың қолында жалпы вагонге екі билет, үшіншісі – плацкарттық билет бар еді. Мұхаң әзілдеген болып, орынбасардың қолынан плацкарт билетті алды. Со замат С.-тің бет-аузы шиқандай қызарып, боқтап-боралай жөнелді. Мұхаңның естімеген сөзі қалмады. «Ұлтшыл» дегенді де, «алашорданың құйыршығы», «контра» дегенді де есітті. С. бажылдап, сөз қоқысын бұрқырата берді. Сабазым-ай, Мұхаң ләм деп сыр бермеді. Ол жанарын С. төбесінен асырып, әлдеқайда қарап тұрды. Мен бұған шыдамай, жаным шырқырап, вице-төрағаға: «Жұрттан ұятты! Қойыңыз!»,– дедім. Жанжалқой бәлекет жуыр маңда тоқтамады. Ол, мен вокзал кезекшісіне барып, екінші билетті оған плацкартқа айырбастап әкелемін, деп жүре бергенімде барып, жазушыға тіл тигізуін тоқтатты. Бірақ, одан кейін де әлгі шіркін дағдылы даусымен тағы да бір сағаттай тентектік жасаған бала сияқтандырып, Мұхаңа зіркілдеуін қоймады.

Ташкент вокзалында мені шөбере інім Бекіш Насыров қарсы алды. Бекіш ол кезде Өзбекстан Орталық Комитетінің малшаруашылығы жөніндегі хатшысы болатын. Менің жол серіктеріммен жылы амандасқан ол бәрімізді үйіне шақырды. Алайда, сессияға шақыру хатында көрсеткеніндей, бізді Өзбек Академиясының адамдары қарсы алуға тиістұғын. Бірақ, вокзалға Академиядан ешкім келмеді. Бірақ, мен туысқанымның шақыруынан бастарттым: салтанат иелері біздерді «өкпелеп, бір жаққа кетіп қалған екен» деп ойлап қалуы мүмкін, ал мінезін өзім жақсы білетін өзбектер мұны көңіліне мықтап алуы ғажап емес. Мен Өзбек Академиясы Президенті Қараниязовтың үйіне телефон соқтым. Оның ыңғайсызданып қалғаны сезілді. Ол біздің келетінімізден мүлде бейхабар болып шықты. Сыпайы кешірім өтініп, ол вокзалда аз ғана тоса тұруымызды сұрады.

Өзбек Академиясы Іс басқармасының қызметкерімен арнайы келген машина бізді алып, «Ташкент» қонақжайына апарды. Ташкентте күн Алматыдан гөрі жылылау екен. Науаи театрынын қарсы бетінен қоныс тепкен мейманхана көркімен көз тартады. Дәліздерінде – «кремльдік алашалар», холлдарында – қаптаулы креслолар, мәрмәр клумбалар. Бірақ, нөмірге кірісімен абдырап, сасып қалдық. Терезе әйнектері ойылып қалыпты, терезе алдын қар басқан. Академиядан келген кісі дәйекші әйелмен бірге терезе саңлауларын шүберек тығып жаба бастады. Бірақ, бұл өлікті ұшықтаумен бірдей нәрсе еді. Бөлме іші қақап тұр. Біз тіпті шешінбедік те. Мұхаңның жүйкесінің жұқарғаны сезілді. Жайлы-күйлі орынды ұнататын қаламгер: «Сұрапыл соғыстың түрі анау, сосын тыл да құлазып қалды ғой» деген жуып-шайма сөзге құлақ аспады. Ол кешкі астан бастартып, шамаданын алды да, бізді тастап кетіп қалды. Арада бір жарым сағат өткен шамада ол кісі туысқанының үйіне тоқтағанын білдіріп, телефон шалды. Мен иығымды көтердім. Әркімнің өз еркі. С. тағы бүлінді: «Жасап жүргенін қарашы! Тағы бір буржуй табылыпты!»,– деп күңкілдеді. Мұхаңның атына талай боқтық тағы ағытылды. Әуезовтің ауыз бірлікті бұзып кеткені менің де көңіліме келді. Бағана, вокзал басыңда, інімнің шақыруын қабылдамай тастағаным арқылы мен қарабасымды күйттемейтінімді сездіргім келген. Бірақ, ортан қолдай аға жолдасты мына кісінің аузы көпіріп тілдеуін тыңдағым келмей, нөмірден шығып кеттім.

Бір күннен кейін ел иелері бізді Орташыршық ауданының бір ұжымшарыңда қонақ болып қайтуға шақырды. Уақыт қиындығына қарамай, ұжымшар төрағасы бізге қой сойды. Палау, ішімдік бәрі болды. С. ащы суды алыңқырап, Мұхтар Омарханұлына тағы тиісе бастады. Вице-төрағаның арақтан жүрек айнырлықтай болып құтырынып кеткені сондай, былапыт сөздерді бората жөнелгенде Алматы вокзалыңдағы қалпынан асып түсті. Мұхаң ұрысуды мүлде білмейді екен, мен оны сол арада ғана білдім. Ол тек: «Маған айтқандарыңның бәрін толығынан өзіңе қайтардым»,– деді де қойды.

Мұхтар Омарханұлының сондағы ұстамдылығын есіме аламындағы, бүгін отырып, ұлы жазушыға «Абай жолын» жазудың неге тұрғанын ойлап толғанамын. Қызылкөз қара дүрсіндер тіпті ығынан да жүре алмайтын дәрежеге жеткенше, ол әлгіндей қорлық сөздерді тек жалғыз С.-тен ғана естіп қоймаған шығар. Осынау шебердің өзіне қарсы әлсін-әлі әдейі ұйымдастырылатын моральдік террор әрекеттеріне қатты күйзелетінін жақсы білуші едім. Соған қарамастан, өз қандастарының ішінен тап бүгінгі күнге дейін ешқайсысы көтере алмайтын ауыр жүкті тек соның өзі ғана көтерді. Ал жазушылар көңіл күйін сәт сайын өзгертіп отыратын кінәратшыл халық қой. Соның бәрін қалай айта берерсің...

Оның мінез-құлқының өзіме ұнамайтын жағы да болды. Оның өсек-аяңға тез сенетінін, әдеби усойқылар жетегінде кетіп қалатын кездерін де білетінмін. Ал, бірақ, жас дарынды демеуге келгенде алдына жан салмайтын, қаламдас жас түлектерден мерей көтеретін мейрімді сөзін де, жүрегінің жылуын да аямайтын. Жомарт жанды, қолы ашық ағамыз серілерше тұрмыс кешуді жақсы көретін. Оның Мәскеу мейманханасындағы нөміріне халық көп келіп, өнегелі сөз, әзіл-оспақ, күлкі, тостар ұдайы естіліп жатушы еді.

Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасыреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушы жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек екен?».

Иә, мұндай қорлыққа шыдау мүмкін емес. Бірақ Әуезов шыдады. Себебі, ол заманның «қорлық пен мазағына табыла» отырып, мол тұлғасына сіңіріп алған алаштың аманат идеясын өлтіріп алмас үшін «бет топырағының ішіне тікен тастаудан тайынбайтын» (Әуезов) әлгіндейсіметтердің табасына да шыдауына тура келді.

Маңдайының бағы мен соры бірдей қалың қандай қасіретті де, қасиетті өмір еді десеңші!

28 көкек, 2010 жыл. Жеті қазына.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]