- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •«2. Мәдениет майданы
- •1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
- •Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
- •1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
- •2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
- •1. 1916 Жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
- •2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
- •2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
- •2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
- •3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
- •4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •1944 Жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
- •1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
- •1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ сср Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
- •2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
- •3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
- •7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
- •Менің қателерім жайында
- •1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
- •2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
- •3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
- •1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
- •«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
- •3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..
- •Қосымша
- •Менің қателерім жайында
- •Қосымша бывшие виднейшие руководители алаш-орды
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
... Баяндамашы өзінің назарын тек талас тудыратын мәселеге ғана аударып, біздің дискуссиямызға қажетті талас пікір тудыратын көзқарасын білдіруі тиіс, ал талас тудырмайтын жөндемі баяндамамен диСкуссияның бетін бүркемелеуі керек».
Сөздің ауқымы мен астарының кілт өзгергенін осы пікірлерде бір де бір рет «ұлтшыл», «буржуазияшыл», «реакцияшыл», «алашордашыл», «саяси, идеологиялық өрескел қате», «өрескел бұрмалаушылық» деген сөздердің қолданылмауынан-ақ байқауға болады. Тіпті М.Ақынжанов өзінің баяндамасында атын атамауы да Маркс пен Лениннің, партияның Сталиннің марқұм болуынан кейін туған дүбара толқу. Әйтпесе, онсыз баяндама жасаудың өзі «саяси қате» болар еді. М.Әуезовтің де сыналмауында екеуінің нағашы, жиендігінде, құдандалығында емес, уақыттың өз үкімін осылай білдіртпей орындатуында.
Н.Сауранбаев: «Баяндаманың мазмұнынан және ол туралы Мұсабаев жолдастың хабарламасынан біз баяндаманың негізгі идеясын, яғни, дастанның қай нұсқасының қай кезеңде туғанын анықтай алмай отырмыз. Екінші, біз осы мәселені шеше алатындай жағдайдамыз ба, жоқ па? Шешуі қиын мәселе.
Әуезов: Өте қиын.
Н.Сауранбаев: Екінші, қай нұсқасы халықтық, қай нұсқасы феодалдық? Ол туралы қандай қате пікірлер айтылды, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, соған маркстік-лениндік ілім тұрғысынан баға беруге тиіспіз. Сондықтан негізгі бағытымыз әр нұсқаның шығу тегін анықтау. Сөйлеушілер де осыны ұстанғаны жөн.
Мұқанов: біздің міндетіміз – осындай күн тәртібі қойып отырған маңызды мәселе жөнінде саяси сауатты, әдеби әрі ғылыми, терең мағыналы баяндама жасауға көмектесу. Өйткені бұған қатысатын аудиторияның өресі жоғары. Олардың алдында жерге қарап қалмас үшін бес қаруымызды сай ұстап, баяндаманы тарихи және әдеби көзқарас тұрғысынан әділ сынға құруымыз қажет. Біз қазір: баяндаманы жырдың нұсқалары жөніндегі академиялық құрылымға негіздейміз бе, әлде, саяси жағы өткір сынға құрамыз ба, соны шешіп алуымыз керек. Мен соңғысын жақтаймын. Өйткені өмірдің барлық құбылысына маркстік көзқарас тұрғысынан қарауға тиіспіз. Демек, Ақынжановтың баяндамасының бағытын өзгерту керек.
1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
2) Талданып отырған шығарманың таптық тегі ажыратылуы керек. Өзгені былай қойғанда осы талданып отырған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының таптық тегі көрсетілмеген. Ақынжанов осы жағын тереңдетуі керек.
Бірінші ұсынысым: тақырыптың өзі әлеуметтік-тұрмыстық жырларға арналыпты (Әуезов: дастандарға). Мысалы, осыған әлеуметтік астары терең «Жар-жар» сияқты жырларды қосқан дұрыс. Біздің әйелдеріміздің қалыңмалға сатылғанын әшкерелейтін өте маңызды мәселе.
Екінші ұсынысым: Қайсы дастан халықтық, қайсы дастан халыққа жат? Бұл ретте «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанымен шектеліп қалуға болмайды. «Қыз Жібек» сияқты дастандарды да қосып, саяси-әдеби сынды күшейтіп, мәселені ширықтыра талдау қажет. Онсыз баяндама биік деңгейге көтерілмейді.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны исламды қабылдағаннан бұрын пайда болған. Ал ислам осы дастанға қандай өзгерістер әкелді? Қандай таптық тартыстар бар? Соны марксизм-ленинизм классиктерінің пікірін келтіре отырып әшкерелеу керек.
Снегин: Біздің басты мақсатымыз: осы көптеген дискуссиялар аяқталғаннан кейін, қазақ эпосының қайсысы халықтық, қайсысынан бас тартамыз, соған жауап беру.
М.О.Әуезов: «86 беттен тұратын бұл баяндама ешкімді де қанағаттандырмайды, өйткені методологиялық тұрғыдан алғанда біржақты құрылған. Эпостың этногенезінің өзі өте күрделі мәселе екенін дәлелдеудің өзі де өте қызықты болар еді. Өйткені біздің еліміз эпостардың 750 жылдық, 500 жылдық тойларын атап өтті. Бұл өте қиын әрі қызықты тақырып. Бірақ бұл алдыңғы қатарлы міндетке жатпайды. Ақынжанов жолдас өте солқылдақ мәліметтерді негізге ала баяндайды. Ақынжановтың пайымдауынша балбал тастарды («Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» мазарындағы еркек пен әйелдің мүсіндерін мекзеп отырған болуы керек – Т.Ж.) Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мүсіндері болуы мүмкін дейді. Олардың арасында, әрине, ешқандай байланыс жоқ. Менің ойымша, бұл балбал тастардың Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға еш қатысы жоқ.
Кейбір тұстарда, тура осы арада Ақынжанов өзінің баяндамасындағы пікірлерді негіздей алмаған.Горькийдің өзі эпостар жөнінде көп айтқан. Қазір эпостың теориясы жөнінде, соның ішінде армян, грузин және басқа да халықтардың эпикалық мұраларына қатысты өте кең ауқымды, қызықты түсіндірулер орын алып отыр. Сіз айтып отырған орхон жазуы ҮІ –ҮІІ ғасырда дүниеге келген. Күлтегін дегеніміз кім, неге хан емес? Ханның аталуы немесе «хан» деген бір сөз ештеңе де шешпейді. Бұл жырдың шығу дәуірін анықтауға дәлел бола алмайды.
Мен баяндамадағы жекелеген жайлардың жай-жапсарына тоқталып жатпаймын, өйткені ол мәселелер Мұсабаевтің, Сәбиттің, Сауранбаевтің сөздерінде орынды талданды. Ақынжанов жолдасқа баяндаманы қайта қарап шығуға тура келеді. Біз бұл баяндамадан өзіміз күтіп отырған жауапты алуға тиіспіз. Ең алдымен, біз мектептегі оқушыларымызды, мұғалімдерді ойлауымыз керек, халыққа да: қандай дастандар реакцияшыл, қандай дастандар халықшыл екенін жеткізуге тиіспіз. Кеңес одағындағы барлық халықтар өзінің өткендегі тарихына жүгініп, өнердің әр түрлі нұсқаларын жасады. Бұл тұрғыдан біз көптеген қателіктер жібердік, енді соған да жауап беруіміз керек.
Мен дикуссияға мынадай ұстанымды ұсынамын: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының біз білетін нұсқасы тұтасымен реакцияшыл, мұнда әмеңгерлікті насихаттайтын феодалдық-патриархалдық ақсүйектердің идеологисы жатыр. Қалай десек те, нашарды – нашар, жақсыны – жақсы деуіміз керек.
Біздің мұраларымыздың тілдік аясынан зерттелуі құптарлық. Біз олардан мәңгілікке бас тартпауға тиіспіз, біз мұны ізденушілерге ғана ұсынумен шектелуге тиіспіз, ал мектептерге ұсынуға болмайды. Осыны дискуссияда талқылайық. Ал Ақынжанов ұсынған күйде дискуссияға жіберуге болмайды. Бұл – реакциялық туынды екенін 1934 жылы жазғамын. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының 17-18 нұсқасының әр қайсысының өзіндік реңі бар, солардың бәрін зерттеу қажет.
Баяндамашыға: 17 нұсқаның барлығын мектепке ұсынуға болмайды. Келіңіздер, іріктеліп жинақталған нұсқасын жасайық. Біз барлық нұсқаларды алдымызға алып отырып, соның ішіндегі халықтық элементтерді іріктеп аламыз. Сөйтіп, дастанның біртұтас нұсқасын жасаймыз. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны біздің аса құнды мұрамыз, сондықтан да біз оның бірегей нұсқасын жасауға міндеттіміз.
Бұл мәселедегі ең басты және ең қасіретті жағдай – біздің осы ту талапай пікірлеріміз мектепке жетті, ол туралы үнсіз қалуға болмайды. Әуезовтің қателігі болса да, Мұқановтың қателігі болса да, өзгелердің де қателігі болса да, қателік туралы тура айту керек. Мысалға, «Қыз Жібекті» алыңызшы, оны бір жақты көрсетіп жүр ғой, ол туралы дұрыс пікірдің болуы мүмкін емес, ал бұл дүниені тұтасымен көрсетуге тиіспіз, сонда бұл шығарманың әсері мүлде басқаша болады».
Мұхтар Әуезовтің бұл сөзінде екіұштылық бар. Мысалы: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының біз білетін нұсқасы тұтасымен реакцияшыл, мұнда әмеңгерлікті насихаттайтын феодалдық-патриархалдық ақсүйектердің идеологиясы жатыр», «Мұның реакциялық туынды екенін 1934 жылы жазғамын» немесе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны біздің аса құнды мұрамыз, сондықтан да біз оның бірегей нұсқасын жасауға міндеттіміз»,–«Бұл тұрғыдан біз көптеген қателіктер жібердік, енді соған да жауап беруіміз керек»,–.деген бір беттің ішінде бірін бірі жоққа шығарған қарама-қайшы пікірлердің кездесуін қалай түсінуге болады? «Балды да болмайық, балсыз да болмайық»,– деген ұғым, мүмкін, осындайдан шыққан шығар. Сол кездегі Тіл және әдебиет институтының директоры А.Ысқақов өз кезегінде:
«Әуезов жолдас дұрыс айтады, аңызды ғылымға айналдыруға болмайды... Ұсынылған баяндаманы азусыз баяндама деп бағалаймын»,– деді.
Иә, оның азуын қағып алған Сталин марқұмның өлімі. Әйтпесе... 1953 жылы 26-наурызда өтуге белгіленген дискусияда кімнің тісі қағылатынын олардың өздері де білмейтін.
Алайда Берияның, сол арқылы қауіпсіздік комитетінің жеке билігі күш ала бастағанын сезген қырағылар сақтық таныта бастады. Осы екі ортадағы саяси жағдайға байланысты үзіліп қалған талқылаудың жалғасын көкек айының 2 күні Жазушылар одағында үшінші рет өткізді. Онда М.Ғабдуллиннің баяндамасына орай сұрақтар, ұсыныстар, түзетулер күн тәртібіне қойылды. Біз тек жарыссөздің мазмұнын ғана келтіреміз.
«Ғ.Мүсірепов: Жаңа жинақы нұсқа барлығының басын қоса ала ма, жеке аяқталған шығарма дәрежесіне көтеріле ме, көркемдік, идеялық жағынан эпосты бір ізге түсіру ме бұл? Көне эпосты өңдесе ол авторлық нұсқа болып есептелмей ме? Мысалы, менің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесам да нұсқаға жатады, бірақ ол эпосқа жата ма? Жазушыны эпикалық шығарманың нұсқа иесі, авторы деп тануға бола ма? Біздің эпостарымыздың өзара байланысы бар, олардың әлеуметтік ортасы мен желісіне қарап олардың дүниеге келген уақытын анықтауға бола ам?
Т.Жароков: Бүгін эпостың әр түрлі нұсқасын жасауға бола ма?
С.Мұқанов: Біз эпостың екі түрін білеміз, оның біреуі жалған эпос. Эпостардың барлық нұсқалары шындыққа жанаса ма?
Әуезов: Мәлік, сіз менің 1927 жылы басылып шыққан «Әдебиет тарихы» жинағым бар дедіңіз. Ондай басылым болған емес. Оны қайдан алдыңыз? Ол туралы Мүсірепов анықтама бере алады ғой деймін. Қазақ әдебиетінің тарихының 49, 50, 51-жылдарғы бағдарламасы бар. «Қазақ әдебиетінің» бірінші томын құрастыру барысында Оқу ағарту министрлігі педагогикалық институттардың оқытушыларына арналған осы бағдарламаны негіз етіп алдық. Өзінің маңызы, көлемі, үш мың данамен таралымы жағынан Әуезовтің, Мұқановтың мақалаларынан кем емес. Онда Кенесары да, Қобыланды да бар. Сіз неге сол туралы айтпадыңыз.
Баяндамаңыз: қалай жазу керек және қалай жазбау керек деген екі бөліктен тұрады. Алдыңғы бөлімі басым. Осы пікір таласының мақсаты не? Екінші бөлігі үстірт, санайық, 35-36 беттердің арасында 6 эпос талданған. Сонда 6 эпостағы батырлардың құны бір эпостың (Қобыландының – Т.Ж.) құнына тұрмай ма? Мұндай сәйкессіздік дұрыс па? Сіз бірінші том 1948 жылы шыққан, оның бір тарауын Әуезов жазған деп қателесесіз. Оны жазған Жұмалиев пе Сізсіз, Мәлік, сіздің бірінші томға тікелей қатысыңыз бар. Ол кезде сіз институттың директоры болдыңыз, ғылым кандидатысыз, талдауға қатыстыңыз, томның басылуына жетекшілік еттіңіз, оны неге айтпайсыз?
Дауыс (Нұрмағамбетова – Т.Ж.): Сіз тек қазақ әдебиеттанушыларының ғана қателеріне тоқталдыңыз, Неге сіз академик Орловтың 1945 жылы жарық көрген қазақтың батырлық жыры туралы тіс жармадыңыз. Марғұланның докторлық диссертациясын айттыңыз, ендеше 600 беттік диссертация жазған Смирнова туралы неге үндемедіңіз?Сіз Кенжебаевтің қателігін айттыңыз, ендеше кезінде «Біздің Мәлік» деген кітапта Қобыландыны және басқа батырларды мадақтаған Сильченконың қателігі туралы неге айтпадыңыз?
Тәжібаев: Марабай нұсқасы дегеніміз – Қобыландының Қазанға жорығы баяндалатын нұсқа болса керек. Ендеше 1922–1924 жылдардағы саналы ұлтшылдық туралы неге айтпайсыз. Марғұланның қателіктері дедіңіз, соның бәрін жиып, дау тудырмайтындай жинақтап неге айтпадыңыз?
Әуезов: Сіз, халықтық және феодалдық деп бөлгенде, олардың айырмашылығын неге ажыратып айтпадыңыз? Көркемдік мәселесін енді ғана көтеріп отырсыз, онда стиль және басқа да мәселелерді неге көтермейсіз? Халықтық сыпат жөнінде үстірт айтылды. Қазақ эпосы дегеніміз не, әңгімені содан бастау керек еді.
Төраға (Ә.Жаймурзин) сұрақтарға жауап беру үшін сөзді Ғабдуллин жолдасқа берді:
– Эпосты дәуірлеу туралы Мүсірепов жолдастың сұрағы туралы айтарым, бұл әлі зерттелмеген тақырып. Екіншіден, қолда бар нұсқаларға сүйене отырып мынау – ХІІІ ғасырда емес, ХҮІІІ ғасырда шыққан, немесе ХҮІІІ ғасырда емес, ХІІІ ғасырда шыққан деп кесіп айта алмаймыз. Қазақ эпосының генезисі шешілген жоқ. Дәуірлеу жөнінде кеңес білдірген адамға алғыс айтар едім. Жинақталған нұсқа жөнінде Мәскеу ғалымдарымен – тілшілермен, орыс әдебиетінің тарихшыларымен, фольклорға қатысы барларымен ақылдастым.Олардың біреуі: Қазір Қазақстанда эпикалық мұралардың барлығы реакциялық немесе феодалдық деп жарияланды. Ал халық сол қалпында өмір сүріп келеді. Қалайда бір шара қолдану қажет. Эпостың әр түрлі нұсқаларының ішінен халықтық көріністерді алып, бір нұсқа жасау керек, – деді... Бір нұсқа – діни сарында, екіншісінің көркемдігі төмен, үшіншісінің тағы бір кілтипаны бар. Сондықтан да ғалымдар нақты нұсқалармен жұмыс істеуі керек деп есептеймін.
Келесі сұраққа жауап: жазба эпостың көне нұсқасы әзірше табылған жоқ. Іздестірсе, табылып та қалуы мүмкін. Содан кейінгі сұраққа жауап: желісі, мазмұны жағынан ұқсас эпикалық дастандар өте көп. Әуеліде баяндама екі кісіге берілген. Әуезовке бөлінген тарау да маған жүктелді. Талқылауда неге баяндама жасамады, ол жағы маған белгісіз. Одан кейінгі сұраққа жауап: Мұқанов айтқандай, Исмаиылов сияқтылардың тапсыруымен жазылған жалған дастандар да болуы мүмкін. Содан кейінгі жауабым: Әуезовтің «Қазақ әдебиеті» тарихы кітабін көпшілік кітапханадан оқыдым.Жоғары жағына «Мұхтар Әуезов» деп жазылған.
Әуезов: Ол кітап шыққан жоқ.
Мүсірепов: Тиражы таралып кеткен.
Әуезов: Бұл кітап таралмаған болуы тиіс. Сүйінші данасы шығар.
Ғабдуллин: Ол кітапта сүйінші дана деген таңба жоқ.... Расында да мен мектеп бағдарламасына тоқталғамын жоқ, ол жөнінде басқа бір жолдас сөйлеуге тиіс болатын. Егер қажет болған жағдайда бағдарламаны тереңдеп жатпай-ақ, талдап шығуға болады. Ғылым Академиясында маған тілден кім баяндама жасайды деп сұрады. Мен Сауранбаев, Аманжолов, профессор Балақаевты атадым. Олар көптеген еңбектер жариялады, өзге де тілшілер айта жатар деп мен оған тоқталмадым.
Үшінші мәселе, эпостарды қалай зерттеу керек, қандай бағытты ұстанбау керек деген мәселенің екеуіне де тоқталамыз. Ол баяндамада қысқаша қамтылды. Ал әр бір дастанға баға беруді бір жарым сағаттық баяндаманың уақыты көтермейді. Сондықтан да эпикалық дастандардың көркемдік деңгейі, тілі, стилі сияқты өзге де жайларды назардан тыс қалдырдым. Ол арнайы зерттеудің ауқымына лайық.
Баяндаманың батырлар жырына арналған тарауында оны М.Әуезов жазды деген сөз айтылған жоқ. Мәтінді оқып берейін... Сізге қойылар кінә, томның бас редакторы бола тұрып, халық жауы Жұмалиевті авторлыққа тартқаныңыз. Ал институттың директорының орынбасары ретінде «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томындағы қателіктерден бас тартқамын жоқ, бас тартпаймын да.
Нұрмағамбетованың: Орловтың, Смирнованың, Сиьченконың қателеріне неге тоқталмағанымның себебіне байланысты мынаны айтамын. Орловтың қат елігін айтпағаным – менің кемшілігім. Смирнованың диссертациясына келетін болсақ, мен ол диссертацияны көргемін де, оқығаным да жоқ, докторлыық диссертациясымен танысуды қаншама рет өтінсем де, ол маған оқуға берген жоқ. Сильченконың еңбегінде ондай қателер жіберілген болса, онда оны қарап шығып, қосу керек. Енді, Тәжібаевтің терминдер мен Мұқановтың қате тұжырымдары туралы пікіріне орай айтарым,: «өткеннің мұраларын бағалауда маркстік-лениндік ұстанымдардын ауытқудың кесірінен» деген терминді ұнатпай, басқа терминді ұсынғысы келсе, оны өзге жолдастар көрсетіп берсін. Батырлар жырына қойылатын басты талап – оның халықтығы. Халықтық ерекшеліктерді көрсету міндет. Мен өзімнің баяндамамды батырлық ұстаныммен емес, таза әдеби тұрғыдан дайындағанымды ескерулеріңізді өтінемін».
Кеңес одағының батыры, «Қобыланды» жырының тарихын зерттеген ғылым кандидаты, ректор Мәлік Ғабдуллиннің сөз ырғағынан Әуезовке қарсы қандай да бір салқындықтың табы аңғарылады және орыс ғалымдарының еңбегін білмегенге сайып, немқұрайлы қарауы – талқылаудың тек қазақ зиялыларына қатысты екенін танытады. Жаудан қайтпаған батырдың жүрегі кеңес идеологиясының алдында тіксініп-ақ қалған сияқты.
Төраға: Енді пікір алысайық. Өте маңызды мәселені талқылап отырмыз, сондықтан да нақты шешімге ұмтылуымыз керек. Бұл – көпшілік болып шешетін мәселе.
Тәжібаев: « Менің сөзім маманның сөзі емес, тек баяндамашыға кеңес ретінде пікір білдіргім келеді. Біріншіден, маған Ғабдуллиннің баяндамасындағы: эпикалық жырларды әр түрлі таптардың өкілі әр дәуірде қалай өңдегені туралы пікірі ұнамады. ХІХ ғасырдың басында қазақ халқының тағдыры шешілді, Ресейге қосылу мәселесі көтерілді, феодальдар мен хандар оған қарсы барын сала күресті, сондықтан да олар эпосты бұл жағдайда өз мүддесіне пайдалануы мүмкін емес, тек Марабай нұсқасына ған жүгініп, пікір қорытуға болмайды, нақты дәлел қажет. Орыстарға қосылғаннан кейін халық ақындары феодальдар мен байларға қарсы тұрды. Міне, маркстік ұстанымды осы арада қолдану орынды. Екі жақты қаналған халық эпосты өзінің қанаушыларына қарсы пайдаланды. Ал, Мәлік жолдас, ғалым ретінде төңкеріс тұсында, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында буржуазияшыл-ұлтшылдар отырып партияға, демократияға, орысқа, кеңеске, халыққа қарсы эпостық шығармаларды қалай пайдаланды, соны айтуы керек еді. Бұл қазақ эпосын зерттеудегі принципті мәселенің бірі. Эпосты абстракті түрде зерттеуге болмайды. Эпосты заман тарихымен, халық өмірімен байланыыстыра зерттеу керек. Мәлік мұны атүсті сыдыртып өткен.
«Правда» газетінде жарияланған «Сынау орынына мадақтау» атты мақалада буржуазиялық-ұлтшылдықты сынағанның өзін жікшілдікке пайдаланғанымыз атап өтілген. Егерде, жіберілген қателіктер менің, немесе оның жанашырлары тарапынан жіберілсе, сол қателікті көрсете қалсақ, не оны, не мұны жақтаған болып шыға келеміз. Менің ойымша мұндай бұлтақты доғаруға тиіспіз. Егер «Қобыланды» жырында Қазанға, Иван Грозныйға қарсы жорыққа аттаныс баяндалса, онда бұл барып тұрған ұлтшылдық. Егерде Фадеев айтқандай, әділ де талапшыл, қатал сын айта білсек, онда бұл талқылау діттеген мақсатқа жетеді. Енді Әуезовтің «Айман – Шолпанды» жазуына тоқталайық. Жазушылар эпостық шығармаларды қалай игеруі тиіс, бұл үлкен мәселе. Кейбір жолдастар өзінің бұрынғы қателіктерін түзетті. Мысалы, «Қобыландыға» байланысты Әуезов өте өрескел ұлтшылдық қателік жіберген болатын. Ал осы Қобыландыны қаһарман етіп көрсетуге бола ма? Мәлік жолдасқа ауырлау соғатын шығар, онда жазушылардың біреуіне тапсырған жөн.
Иә, Әуезовте қателіктер көп. Ол пікірлер кезінде 1922–1925 жылдары «Шолпан», «Таң» журналдарында жарияланған болатын. Бұл басылымдар онда «Алашорда» партиясының ықпалында, қарама-қарсы майданда еді. Мұқанов жолдас «халыққа қарсы, тарихқа қарсы, теріс көзқарас» деген сөздерді пайдаланды. Егерде орысқа қарсы өшпенділікті тудыратын болса, онда Марабайдың нұсқасы ұлтшыл нұсқа. Әуезов өзінің бұрынғы еңбектерінде қандай көзқарас ұстанса, қазір де сол пікірін ұстанып отыр. Бірақ оны «саналы түрде жалғастырып отыр» деген сөзді басқаша ауыстыру керек.
Ғ.Мүсірепов: «Ғабдуллин жолдастың екі бөліктен тұратын баяндамасының бір бөлімі жалпы мәселені қамтиды, екінші бөлімінде жекелеген жолдастардың қателігіне тоқталған. Алайда негізгі мәселе – қазақ эпосы туралы пікіріне қанағаттанбадым. Бүкілодақтық мән беріліп отырғандықтан да мұндай талқылау ол деңгейге жауап бермейді. Біз үшін эпостың құндылығы неде, неге ол құнды, зиянды, зиянсыз нұсқаға бөлінуінің себеп-салдары қайсы, ол бізге тиесілі ме, мысалы, Мамай туралы жырлар, мүмкін басқалардан ауысып келген шығар? Егерде осының бәріне тоқталмсақ, бұл баяндама үшін үлкен ақаулық болады.
Сіздің уақытыңыз тар болды, оны түсінемін, бірақ бұл ең жауапты сәт қой. Біз әуелі эпостың өзін зерттеп алуымыз керек. Содан кейін барып жолдастардың қателігі көрсетілуі тиіс. Ал біз қателігін түзетсіндетіп жатырмыз. Қателікті айтсақ та, халықтық сипатты айтсақ та, шығарманың өзін талдау арқылы айтайық. Баяндаманың бұл тұсы түсініктемеге ұқсап кеткен. Мына нұсқасы неге зиянды, ана нұсқасы неге пайдалы, қай нұсқадан бас тартып, қай нұсқасын оқуым керек, сіз соны маған түсіндіріп, жігін ажыратып беруге тиіссіз.
Менің пайымдауымша, Жағымсыз «Нәрік – Шора» мен жағымды «Қобыландының» арасындағы ұқсастықтар басым. Мұны мен ғана білуім мүмкін. Ендеше көркем шығарманы бар жағынан –– идеясы, көркемдігі, тәсілдері, түрі, кейіпкерлердің мінезі, эпикалық, халықтық, феодалдық-хандық мазұны тұрғысынан талдап, оның әлеуметтік шығу тегін, кезеңін анықтап, кімнің мүддесін көздейтінін дәлелдеп беруіңіз керек. Міне, осы жағы өте кемшін түсіп жатыр. Бір дастанның жиырмадан астам нұсқасы бар екен. Ол нұсқаларды кім жинады, қалай басылған, басылымды кім көркемдеді, көне нұсқа қайсы, қайсысы нақты, жинаушылардың қайсысына қаншалықты сенуге болады? Халықтық жырлардың қайшылығы қайсы,ондағы оқиғалардың қайсысы қате және неге қате? Осыларды анықтағанда ғана оларды тазартуды қолға алуға болады. Мен кезінде Нұрпейіске дастаншыл халық ақыны ретінде кеңес бергемін. Оным дұрыс та емес шығар.
Сонымен қатар ауызша айтылған деректердің бәрін баяндамаға арқау ете беретін болсақ, онда үлкен қателікке ұрынамыз. Марабайды, жалғанбайды айтсақ болды, тасқа басылған, ғылыми жүйеленген фольклор сөз болып отырған сияқты, бас ие береміз. Тоқтарбайдың ұлы Қобыланды – Қазан қаласындағы татарларға жорыққа аттанды, ол татар – Ғайша Шәріпова шыққан татар емес, монғолдарды да, бізді де кезінде татарға қосқан. Егер Қобыланды «қырлы, сырлы қаласы бар» татарлаға қарсы соғысса, онда «Алтынордаға» қарсы соғысқаны. Оның ішінде иран –парсы жұрты да бар. Ендеше бұл кезең туралы ешқандай жағымсыз деректер табу мүмкін емес.Қыпшақтардың «Алтын орданың» құрамында болғаны рас. Мұның барлығы ғылыми дерек арқылы дәлелденуі тиіс. Өзгелер сіздің пікіріңізбен дауласпас үшін және Ғылым Академиясы мен Жазушылар одағы ұсынып отырған ұстанымды өткізу үшін сіз бұл мәселелер жөніндегі нақты сөзіңізді айтуыңыз керек.
Төраға: сөзді астарламай, нақты ғылыми тұжырымды айтыңыз
Мүсірепов: Баяндамада дастандарға қатысты нақты тарихи адамдардың атын көрсетсін, оларды да жұртшылық білсін, сонда ғана сіз қойып отырған сұраққа жауап алуға болады».
Бұдан кейінгі баяндаманы талқылау кезегі М.Әуезовке келді. Бұл сөз ұзақ әрі ауызекі сөзге тән қайталаулар жиі кездескендіктен де қысқаша мазұндап береміз:
Әуезов: «Баяндаманың екі бөліктен тұруы: нені зерттеу керек, нені зерттемеу керек деген мәселені бөліп көрсетуі орынды. Тәжібаев пен Мүсірепов жолдастар баяндамадағы бөлімдердің ара салмағы сақталмағандығы туралы дұрыс айтты. Қазақ эпосының мәселелерін талқылауға кеңес одағының түкпір-түкпірінен ғалымдарды шақырып отырғанда әр пікірді бетке ашық айтуға тиіспіз. Мұнысы дұрыс. Мен баяндаманың екінші жартысына тоқталамын. Сілтемелерді дұрыс алмаған. Халықтық эпос туралы Маркстен, Лениннен, Сталиннен, Горькийден алынған сілтемелердің неге сүйеніп айтылып отырғаны белгісіз, мұның барлығын фольклор танушылар біледі. Әр бағдарламада, оқулықта бар. Оны неге қолданып отырсыз, соның себебін түсіндіруіңіз керек. Кіріспе бөлімде бұл да жоқ.
Басты мәселе – эпостың өзі. Ашығын айтайын, эпосқа осындай баға беру арқылы көпшіліктің алдына шығудың өзі ыңғайсыз, 4-5 курстың студентінің баяндамасына ұқсап кеткен. Осында өремен үлкен аудиторияның алдына шығуға бола ма? Бұл Академия үшін де, көп халық шақырылған үлкен талқылау үшін де ұят.
Мәлік бұл арада тек айыптыны іздеген. Бастапқыда бір тақырыпқа – мен, екінші тақырыпқа – Мұқанов баяндама жасайды деген сөз шығып еді, кейн мен баяндама жасамайтын болып келіскемін. Сол үшін де Әуезовті тағы да кінәлі етіп шығарудың негізі жоқ. Сіз ғылым кандидатысыз, жоғары оқу орынында фольклордан дәріс бересіз, Неге сіздің баяндамаңыздың кейіпкерлері тек қана өзара дұшпан көзқарастағы ғалымдар, олардың досы, пікірлесі, көзқарастары ортақ адамдары жоқ па? Сіз Сталиннің «Социализмнің СССР-дегі экономикалық мәселелері» деген еңбегін айналып өтуге дейін барғасыз. Барлық республикалардан келген ғалымдар қазақ эпосының бағасын білгісі келеді. Сіздің берген бағаңызды ұйғырдың да, татардың да эпостарына жатқызуға болады. 35-39 беттерде 6 батырдың атын атайсыз да ешқандай дәлел келтірмейсіз. Бір сюжет - өзбектікі, бір сюжет- қазақтыкі, бір сюжет – қарақалпақтыкі. Өзбектер оны әшкереледі, ал сіз оларды халықтық эпос деп бағалайсыз. Сіздің баяндамаңызда 5–6 эпосқа 5–6 бет берілген, ал тек қана Әуезовке 11–16 беттердің арасынан тұтас 5 бет арналған. Бұл арада белгілі бір өлшем болмай ма? Демек Әуезовке, Мұқановқа, Марғұланға жоғары баға беген құрмет пе? Мен қателікті ашу жағындамын. Бірақ жақсы жақтары қайда? Қобыландымен Қамбарға, Тарғынға мінездеме қайда? Олардың да Бір-бірінен айырмашылығы бар емес пе. Сіздің дәлелдеріңіз жала жабуға негізделген және жарлығыңызды желімдеп тынғансыз. Осы да халықтық қасиетке жата ма, жоқ, жатпайды. Михаил Иванович Калинин: халық өзінің асылын алтын сияқты екшеп, ғасырлар бойы сақтап келген – демеп пе еді. Әрине, егер қазақ жұртында қандай да бір құндылық болса, ол – жазба шығармашылығы. Бұл арада орыс фольклорын айтып отырмын. Крестьяндық эпоста халықтық қалып сақталып қалған, өйткені князьдар мен дворяндық орыс қоғамы крестьяндардан бөлек болатын. Олар кітаби әдебиетпен айналыса бастады, эпосты тыңдап та, оқып та пайдаланды. Еңбекші шаруалар эпостың халықтық баяндауын ғасырлар бойы сақтап келді. Сондықтан да Лихачев: халықтық негіз бар «Қозы Көрпеште» халықтық сыпат жоқ– дейді. Орыстардың эпосы ХҮІІ ғасырда жазылып алынды әрі Еуропамен байланыс жасады, ал қазақ эпостары күні кеше ғана хатқа түсті. Мұндай күрделі мәселелер қырғыздар мен қарақалпақтардың да алдында тұр. Мәселені бұлай шешуден ештеңе шықпайды.
Өткен жылғы конференцияда дастандардың іріктеле жинақталған нұсқалары туралы мәселе көтерілген болатын. Іріктеліп құрастырылған нұсқалар жөнінде сіз ештеңе демедіңіз. Сіздің бұл жөнінде ештеңе ойламағаныңызды көріп отырмын. Мысалы, скандинавтардың «Эддасының» іріктеліп құрастырылған нұсқасы бар. Қырғыздар мұны үш бірдей ақынға тапсырды. Жандарыңнан ештеңе қоспаңдар деді. Жинақталған нұсқаға жазушылар ғана қатыссын деп отырғамын жоқ. Бұл мектептер үшін қажет. «Қобыландының» – 20, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» – 10 нұсқасы бар. Осы нұсқалардың ешқайсысына басымдық берместен, феодалдық сарындарды алып тастап, ортақ нұсқа жасау қажет. Марабайдың нұсқасын да мансұқ етугеболмайды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» да жақсы нұсқа шығады. Сөйтіп, феодалдық сарынды сылып тастап, халықтың мұрасын халыққа қайырып беруге тиіспіз. Ал осы нұсқаны жасауға ғылым иелерінің жүйелі жұмылысы керек. Біз Қобыланды, Тарғын бейнелерінен нені көргіміз келеді, соны нақты көрсетуге міндеттіміз. Қазақ эпосының біреуінен екіншісінің көркемдік құндылықтары неде, қазақ эпостарындағы әйелдердің орыны туралы айтылуы орынды болмақ.
Бұл талқылауда сөйлеуге мен де дайындаламын. Сонда өзімнің де қателіктеріме тоқталамын. «Өзінің қателіктерін мойындамайды», – деп Мәлік жалған айтты. Ғылым академиясындағы, Тіл және әдебиет институтындағы, Жазушылар одағындағы талқылауларда қателіктерімді ашық мойындаған болатынмын. ... 1922 жылғы «Шолпан» журналындағы батырлар жыры жөніндегі мақаламның шыққандығы мүлдем есімде қалмапты. Егер Қобыланды туралы болса онда оның Иван Грозныйға қарсы жорығы болуы тиіс. Мақала бір басқа, ал таралмаған, авторлық данасы да алынбаған кітаптың жөні бір басқа.
Ал сіз 1932 жылғы оқиғаға сілтеме жасағанда соның қаншалықты орынды екенін ескеруге тиістісіз. Мені өрескел қателер жіберді – дегенді жиі алға тартады. Ал менің «өрескел қателерімді» есептеп көрейік. Сіз Әуезовтің фольклортанушы ғана емес, жазушы екенін де ескеріңіз. Әуезовтің екінші, негізгі еңбегін ескермеуіңіз, әділетсіздік. Әуезов жазушы ретінде эпосты игеруде ешқандай жетістікке жеткен жоқ деп ойлайсыз, сол да басыңызға келмеді ме? Мысалы мен «Айман – Шолпанды» жаздым. Онда феодалдарды күлкі еттім. Бұл комедия театрда жүз реттен астам сақнада қойылды. Ендеше Әуезовтің алашордашылдығы басым ба, халықшылдығы басым ба екен?
Бірінші томға енген Кенесары Қасымовқа берілген жағымды бағалардың барлығы да осыған дейін жарық көрген әдебиет бағдарламасынан алынды. Біз ол қателікті бұрынырақ әшкерелеуіміз керек еді, бірақ 1950 жылғы «Правда» газетіндегі мақаладан кейін де сіздің өзіңіз кіргіздіңіз ғой. Ал сіз Жұмалиевпен бірге істедіңіз – деп Әуезовті кінәлайсыз. Ал сіздің өзіңіз 1948, 1949, 1950 жылғы оқулықтарды Жұмалиевпен бірігіп жарияладыңыздар ғой, олардың да соңында Жұмалиев пен Ғабдуллиннің қолы тұр.
Менің өрескел қателіктерім болды, бірақ сол қателеріммен қоса кеңес қоғамына пайдасын тигізген еңбектерім де бар. Бірімен екіншісінің бетін бояуға, біреуімен екіншісінің бетін бүркемелеуге болмайды. Бұл әділетсіздік, бұл тарихи, моральдық жағынан заңсыз, сізге ондай міндетті ешкімде жүктеген жоқ. Мен қанша қате жіберсем, соншасын ғана мойындаймын, жазушылар да: Әуезов өзінің қателіктерімен қоса мынадай-мынадай жағымды істер атқарды деп айтатына сенемін. Мен мақала жазсам, сіз оқулықтар мен бағдарламаларды жаздыңыз. Сіз жасаған программаны басшылыққа алуға барлық қазақ зиялылары міндетті болды. Ал менің мақалам – алғашқы талпыныс, шағын зерттеу ғана болатын. Мен бұл арқылы өзімнің кінәмді кеміткім келмейді, бірақ та әр кім өзі қателігін өзі әділ сынасын.
Бұл реттен алғанда мен «Қобыланды» пьесасына өзгерістер енгіздім. Енді ол шапқыншы емес, өз отанын жаудан қорғаушы. Бұл пьеса орысшаға аударылды. Бұл пьеса халықтық эпостың негізінде халықтың мүддесін көрсеткені үшін де Франко атындағы театрда қойылуы үшін Украин тіліне де тәржімаланып жатыр. Сұлтандарға қарсы күресті бейнелейтін «Бекет» жырында орыс тұтқынын әйелі арқылы босатса, менің пьесамда Бекет орыстың саяси тұтқынын өзі босатады. Демек менің көркемдік ұстанымым – халықтық ұстаным, қазіргі талапқа сай. 1916 – 1932 жылдар арасындағы Әуезовтің «Еңлік – Кебегі» керітартпашыл еді, ал кейінгі нұсқада ол халықтың мұңын жоқтайды. Осыны да Әуезовтің ұлтшылдығы дейміз бе? Керісінше, кейбір жазушылардың шығармаларына қарағанда мұнда ол тарихи жағынан дұрыс, маркстік, халықтық ұстанымда жазылған. Бұған қалай үндемей қаласыздар? Әсіресе жазушылар одағынан пікір күтем, өйткені менің уақытым тек қана тіл және әдебиет институтында ғана өтпейді, жазушы ретінде – жазушылар одағының ішінде өтеді. Әлде жазушы ағайындар бұған да көздерін жұмып қарай ма?
Басқа мәселелерді орағытып өтіп, ертеректегі зерттеулеріме тоқтала кетейін. Менің өзімнің қателігімді 1939 жылы жібердім. Мәлік өзінің баяндамасында Сейфуллинді, Тоғжановты, Тәжібаевті атады. Ал 39-жылға дейін оқулық болып па еді? 39-жылға дейін біз оқулықтан оқыдық па? 38-жылға дейін халыққа жат ұстаным болды, ал одан кейін сана ағымы басталды. 39-жылы Қобыланды туралы бәрі жазды, оның ішінде Әуезов те бар. 39-жылдан кейін ештеңе жазған жоқ, тек антологиядағы қысқаша түсінік қана бар. Ал сіз Әуезов осындай қателіктерді жіберді дейсіз. 39-Мұндай болмашы деректі қалай саудалауға болады? Сіз ғылым кандидатысыз. Бұл тұрғыдан алғанда сіз идеялық төзімділік танытуыңыз керек, ендеше Әуезовті неге түзетпедіңіз? Жолдастар! Оқу ағарту министрлігі 1948 жылы 19 мамыр күні Мәлік Ғабдуллин құрастырған оқу программасын бекітті, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томындағы Қобыланды батыр, Ер Сайын және басқалар туралы деректер, тіпті тұрмыс-салт жырлары да сол программаның негізінде жасалды. Сөйте тұрып Әуезовті сынайды...
Мұқанов: Талқылау бізге екі түрлі міндет қойды. Біріншісі, біздің зерттеушілеріміздің, әдебиеттанушыларымыздың, жазушыларымыздың әр кезде жіберген қателіктерінен арылу. Екінші, сол қателіктерді жоюдың жолын іздестіру. Біз осыған жауап беруіміз керек. Ал Ғабдуллин жолдастың баяндамасын тыңдағанда «Мешкей деген жақсы атақ емес» деген мәтел есіме түседі. Ұлтшылдық қателіктердің бар екені рас, алайда, орайы келсін, келмесін ұлтшыл әркімге ұлтшыл атағын таға беруге болмайды. Таяуда «Литературная газетадағы» мақаласында Фадеев Украина мен Қазақстанда ұлтшылдық бар деді. Мұндай айып тағуға желеу бергеніміз ұят. Фадеев жала жауып отырған жоқ, саяси астары бар ондай қателерді әр кезде жібердік, соны дер кезінде ешкімнің бетіне қарамастан большевиктік турашылдықпен әшкерелеп отыруға тиіспіз. Мәлік бұл турасында, соның ібойынша,шінде мен жөнінде де дұрыс айтты. Батырлардың барлық іс-әрекетін ақтап шыққанын Демьян Бедныйдың «Батырлар» пьесасын «Правда» газеті кезінде қатты сынады. Мен де сол жолмен кетіп, барлық батырларды халық өкілі етіп жіберіппін. Екінші, Сталин жолдас өзінің атақты сөзінде орыс мемлекетіне, орыс мәдениетіне еңбегі сіңген асыл адамдардың аттарын атап бергеніне еліктеп, менің де қазақ батырларын тізбелей жөнелгенім дұрыс болмаған»,– деп келеді де әңгімені үйреншікті әдеті бойынша Әуезовке бұрады.
Ол ұлтшыл дегенді байқап қолдану керектігін орынды ескертті, өйткені «Правда» газетінде жарияланған мақаладан кейін соның қатарында өзі де ілініп кетуі мүмкін еді. Ал өзіне тағылған айыпты Бедный мен Сталинге оп-оңай сүйей салды. Ол екеуіне қарсы сөз өтпейтін және бұл кезде (2 көкек) Сталин де өмірден өтіп еді.
«Мұқанов: Осында отырғандарға мынаны ескерте кеткім келеді: 1951 жылы Абайдың әдеби мектебі туралы талқылау өтті, мәселе турасынан әділ қойылса да, кейбір жолдастар мұны партиялық сыннан көрі жекелеген топтардың өзара күресіне айналдырып жіберді. Бір-бірімізді осылай мүйіздей берсек, масқара боламыз. Мәліктің баяндамасында да біреуінің қатесін баса, екіншісінің қатесін жеңілдете көрсеткен осындай топшылдықтың сарыны байқалып қалғаны маған ұнамайды. Тәжібаевтің кімді қостайтынын білмеймін, ал менің өзім ешқандай топта жоқпын (Тәжібаев: Мен де сол топшылдық болмасын деймін). Өзіміздің де, өзгенің де қатесін аша отырып, ортақ тіл табысайық. Жолдас Әуезовтің бар қателікті мектепке арналған оқу бағдарламасына аударып, бірінші томда жіберілген қателікті кішірейтуге болмайды. Өзгенің қатесін көрсету арқылы өз қатеңді бүркемелеп қалма (Әуезов: Алайда оны да көрсету керек). Ешкімнің де қатесін жасырмауға тиіспіз.
Екі мәселені ажыратуға тиіспіз. Кенесарыны талқылағанда мен: түйедей болсын, түймедей болсын, қылмыстың аты – қылмыс дегенім бар. Бірақ түймедейдің аты – түймедей. Мысалы, Кенесарыға қатысты Оңдасыновтың да аты аталып қалды. Ал оны осы тақырыпты арнайы зерттеген халық жауы Бекмахановпен теңестіруге бола ма? Мәселен, менің кітабымда Кенесары жөнінде пікір бар, бұл менің қателігім, әрине. Алайда мен Кенесары, не эпос, не Едіге туралы арнайы зерттеу жазғамын жоқ қой. Кездейсоқ қате мен ұршықша иіріліп келген қателікті ажыратуға тиіспіз».
Иә, «Правда» газетіндегі мақала және «дәрігерлердің әшкереленген ісі» С.Мұқановтың да жүрегін сескендірген. Ол бұрынғыдай ашық шабуылға шықпай, өзінің жеке басын қауіпсіздендіруге бет алғаны байқалады.
Мұқанов: « Енді бірнеше ұсыныс білдіремін. Ғабит дұрыс айтады, эпос туралы пікір білдіргенде оның нұсқаларын салыстыра талдаған жөн еді. Жұрттың бәрі оның қанша нұсқасы бар екенін біле бермейді. Сондықтан да Мәлік эпостың жиырма нұсқасы болса, соның қайсысы төңкерісшіл, қайсысы халықшыл, қайсысы халыққа жат, соны жіктеп талдауы керек еді. Эпостар ХІІІ ғасырда паййда болып, келе-келе әр тап өзіне ыңғайлап жаңғыртты, қай таптың өкілі қай кезде қандай өзгерістер енгізді, ашып көрсеткені дұрыс еді. Феодалдық эпос деген не, оның қай жері феодалдық, қай жері халықтық, бұл мәселе Ғабдуллин жолдас, сіздің баяндамаңызда қамтылмаған. Әуезов: классиктерді орынды пайдалана білу керек – деп дұрыс айтады. Мысалы, Маркс: «Илиада» мифтік заманда өмірге келгендіктен де, ол аңызға құрылған – дейді. Сондықтан да эпостардың барлығын «халыққа жат» деуге болмайды. Жиынтық нұсқаларды жасауға болады. Мысалы біз «Біржан мен Сараның» айтысын солай құрастырдық. Реакциялық көріністерді алып тастадық, пайдалысын қалдырдық (Мүсірепов: Кез-келген дастанды солай істеуге болады). Әуезов жолдас орынды көрсеткеніндей, Сталин жолдастың тіл туралы классикалық еңбегінен кейін, эпостың тілі туралы үндемей кетуі дұрыс емес. Сондай-ақ, Әуезовтің эпикалық шығармаларды қазіргі жазушылар қалай пайдалануы керек – деген мәселені де қозғағаны дұрыс еді (Әуезов: Оны міндетті түрде ескеруі тиіс еді).
Ғабдуллин: Сіз эпостың даму жолын: бірінші, феодалдық қала тұсында, екінші, қазақтардың орыс бодандығын қабылдау қарсаңында және орыс бодандығына өткеннен кейінгі дәуірде туған эпостар деп жіктеуді ұсынасыз. Үшінші мәселе бізде мүлдем зерттелмеген. Онда: қандай оқиғаны суреттеген қате, қай оқиғаны дұрыс бағалау керек деген мәселе туады. Ол мәселе анықталмаса, анау неге былай, мынау неге алай деген сұрақтар туады. Әрине, бұл мәселе батыл айтылуы тиіс. Сондықтан да баяндаманың екінші бөлігін кеңейтіп, тыңдаушылардың ұсыныстарын қосып, тілектерін қанағаттандыру керек.
Моргун: Баяндаманың мақсаты на? Қазақ эпостары туралы көзқарастарды анықтау. Ал баяндама: анау анадай, мынау мынадай қателіктер жіберді – дегенге құрылған. Мұнымен қазақ эпосы туралы түжырымды пікір айтылмайды, зерттеушілердің қателігін көрсетумен ғана шектеліп қаламыз.Сондықтан да баяндаманы кеңейтіп, қай эпос қандай деңгейде зерттелді, олардың нұсқалары қандай мазмұнда, неге баса көңіл бөлу керек, соған баса назар аударылғаны дұрыс.
Нарымбетов (Тіл және әдебиет институты): Ғабдуллин жолдастың баяндамасы негізінен дұрыс, бірақта ішінара түзетулер енгізуі керек. Баяндамашы жалпы қазақ әдебиеттануындағы қателіктерге баға беруі тиіс еді, оның есесіне жеке адамдардың қателіктеріне әділетсіз баға берілді. Мысалы, баяндамашы: Мұқановтың эпос туралы арнайы зерттеуі жоқ деп үстірт өте шықты, менің ойымша олай емес. Сонымен қатар тек қана қазақ әдебиетшілеріне ғана тоқталды. Мәскеу мен Қазан ғалымдарының қазақ эпосы туралы диссертациялық жұмыстары аталмады. Мысалы, Орловтың, Смирнованың қателіктері неге айтылмады. Егер қателіктері жоқ болса, олардың сіңірген еңбектерін, Смирнованың қазақ эпостарын марксизм тұрғысынан зерттегенін неге анық атамайды? Смирнованың мақаласы орталық басылымдарда жарияланды емес пе. Жалпы, баяндамашы, қазақ эпосынан жағымды бір де бір көріністі таба алмаған, бар болса, неге көрсетпейді? «Ғылым Академиясының хабаршысының» 47, 48, 49 жылдардағы санында Смирнованың 3 мақаласы жарыса шықты, онда Абылай туралы дастандарға тоқталады (Дауыс: Пікірі дұрыс па, қате ме?) Мен теріс пікір деп есептеймін. Қабанбай мен Бөгембай туралы Мұқановтың пікірі қате дейді баяндамашы. Ендеше Смирнованың қателігі неге көрсетілмейді? Бұл әділетсіздік. Кенжебаевтың Қобыланды жөніндегі мақаласы теріске шығарылды, ендеше Сильченконың қателігі неге ескерусіз қалады? Сильченко мен Смирнова бірігіп жазған орыс тілінде жазылған оқулықтарда қазақ эпосы туралы айтылған тарауларда осы реакциялық деп отырған эпосты мақтайды. Баяндамашы бұған Сәтбаев бастырған «Едіге» дастанын қосуы керек. Сол арқылы Сәтбаев өрескел қате жіберген. Сәтбаевті неге атамаймыз? Баяндаманың толық және әділ болуы үшін осыларды қосу керек.
Сондай-ақ, баяндамашының: Әуезовтің 32-жылдан кейінгі қателігі оның 32-жылға дейінгі қателігінің жалғасы дегенге қосылмаймын. Әуезовтің 32-жылға дейінгі қателігі бір басқа, 32-жылдан кейінгі қателігі бір басқа. Егерде Мұқанов 32-жылға дейін алашордашыл болса, онда бұл оның да қателігі болып есептелмей ме? Сондықтан да Әуезовтің қателігін алащордашының емес, кеңес әдебиеттанушысының қателігі деп есептеу керек»,–. деген батыл пікір білдірді.
Шындығында да, өткір де әділетті пікірдің бірі осы. Келесі шешеннің пікірі де батым шықты:
«...» Ер Тарғын» – халыққа жат эпос, ол қалыңдығын іздеп жорыққа аттанады. Мұнда патриархалдық-феодалдық идеяны әспеттеу бар. Ал Тәжібаевтің Мүсірепов, Әуезов сияқты жазушылардың эпикалық, тұрмыстық тақырыпты қалай игергені талдануы тиіс. Жаймурзин мен Ғабдуллин жолдастар құнды пікірлерді ескеріп, баяндамаға кіргізсін. Мұқановтың «халыққа жат эпостар» туралы пікірі сенімсіз шықты. Табыс та, қалыс та нақты дәлелге сүйенсін. Бұл біздің өткізіп отырған 4-талқымыз, сондықтан да өткен талқылаулардың тәжірибесін пайлануымыз керек. Тілтану жөніндегі талқыда біздің талқылауымызға Санжеев: «Бәрің де керемет дауласа білесіңдер, бірақ даудан әріге бармайсыңдар, сендердің сөздеріңде ғылыми негіздеу, нақты ғылыми дәлел деген мүлдем жоқ, оған бармайды екенсіңдер»,– деп өлтіре сынады. Шындығында да, біздің де ғалымдарымыздың пікір айта алатынын көрсетуге тиіспіз.
Ал, Мәлік жолдас, сіздің баяндамаңыздың көлеңкелі жағы көп. 26-бетке дейін тұтастай «әспеттеу» болып шыққан. Бәрін сызып тастайсыз. Сонда жағымды бір нәрсе жоқ па? Ақыр айтқан соң әділдік үшін ашығын айтайын. Әуезов жолдас өзінің сөзінде өзінің кітабінің шықпағандығы туралы уәж білдірді. Сіздің мұныңыз дұрыс емес. Сіз қателік жібердіңз-ғой, демек, кінәңізді ысырып тастауға ұмтылмай, оны мойындауға тиіссіз. Сіз жарияланған жоқ деп құтылғыңыз келеді, біз бала емеспіз, үлкен адамдармыз, сондықтан да баяндамада ғылыми түрде дұрыс қамтылған. Мұнда журналдар туралы көп мысал келтірілді. Сол журналдың сандар мен беттерін көрсеткенше, ұстанған бағыттарының қателіктерін неге айтпайсыздар?
Сіз, Ғабдуллин жолдас, Маркс, Энгельс, Горький деп сыпыра қолданасыз, қай жерде Горькийді, қай жерде марксизмді қолданудың шекарасын анықтағаныз жөн. Естеріңізде болсын, бұл талқылау – еркін пікір алысу екенін ұмытпауларыңыз керек... Егер бір жақты талқылай берсек, онда бұл – ұлтшылдыққа, веселовщинаға, бірыңғай сана ағымына алып келеді. Мұны ажырата білуге тиіспіз. Біз ең алдымен эпостар мен оның халықшылдығы туралы мәселені талқылап отырғанымызды естен шығармаңыздар. Эпостық шығармаларды драматургтердің қалай пайдаланғаны жөніндегі талқылауда ондағы кейбір қателерге тоқталғанбыз. Сондықтан да эпостың көркемдік, сюжеттік, ститльдік, тілдік ерекшеліктеріне тоқталыңыздар. Талқылау сол үшін өткізіліп отыр».
Сөз ыңғайына қарағанда «қызыл тілді безеген» шешендердің кезекті әшкерелеуінен сескеніп, бойын тарта бастағаны аңғарылады. Әңгімені, «эпостың көркемдік, сюжеттік, стильдік, тілдік ерекшеліктеріне» қарай бұрғысы келгендігіне қарағанда Я.Рапопорттың:
«Наурыздың алғашқы күндері түрмеде пәлендей өзгеріс бола қойған жоқ, тек сол кісен, сол тергеу, тек тергеушілердің құлқынан бір түрлі селқостық, жуасу байқалды, саяси терең астарлы сұрақтар азайды», – деп жазғанының керін бұрынғы белсенділер де ұстанса керек.
Осы қас-қабақты аңғарған М.Әуезов оңтайлы сәтте қыстырма сөзге араласады.
«М.Әуезов: Баяндамада менің қызметім толық қамтылған, соның ішінде менің жазушылығыма қатысты берілген мінездемені сызып тастауға болмай ма?
Жаймурзин: Бұл арада жазушылардың қызметтеріне баға беріліп отырған жоқ, әңгіме қазақ эпосы жөнінде болып отыр.
М.Әуезов: Егер ол шығармадағы қателік түзелсе ше?
Жауап: Онда бұл аталып өтуі тиіс.
М.Әуезов: Мен де соны қалаймын. Жаймурзин мен Ғабдуллин жолдастар әділдікті қолдауы тиіс. Осы арада айтылған Сильченко мен Смирнованың, Орловтың қателіктері де кеңінен талдануы тиіс. Өйткені олардың кітаптары да көпшілікке кең тарады. Бізге бұл тақырыптың таза болғаны керек. Біздің жазушылар да сол тұрғыдан келіп, ешкімге аяушылық білдірмеуі тиіс.
Мұқанов: Енді баяндаманың өзіне тоқталатын болсақ, оның екінші нұсқасы да пәлендей жақсарып кетпеген. Оның 16 беті жалпылама сөз, 3 беті «Қыз Жібекті» мазмұндап беруге кеткен. Дастандарды мазұндау басым. Ақынжановтың баяндамасына аз орын қалған. Бұл біз күткен баяндама емес, автордың өзінің ойларын білдірген жалпақ шешей, жаттанды сөздер. Ақынжановқа ұлтшыл дегенді жиі қолданудан бойыңды аулақ сал демекпін. Ұлтшылдық дегеніміз – бір халықтың мүддесін екінші халыққа қарсы қою. Мысалы, Әуезовтің эпос туралы пікірінен сондай ұлтшылдықты табады. Бұл арадан мен ешқандай ұлтшылдықты көріп тұрғамын жоқ. Ол қате пікір.
Тәжібаев: Мен Мұқановтың: әр кімді кінәсына қарай жазғыру керек дегенін қостаймын. Буржуазиялық-ұлтшыл дегенді әр адамға таңа беруге болмайды. Ондай кемшілктер болса нақты атау керек. Мұқанов айтқандай, эпостың 16 нұсқасына 4 бет, ал 17-нұсқасына 16 бет арнағансыз. Орыс фольклорының өмір сүруіне толық құқығы бар екен, ендеше күдікті нұсқаларға соншама назар аударудың қандай қажеттігі бар? 17-нұсқа туралы сіздің сөзіңіз жалықтырып жіберді. Содан кейін сілтемелерді қазақша алғаныңыз дұрыс болар.Мен орыс тіліне қарсы емеспін, оны бәріміз де түсіндік. Бірақ ғылыми талап үшін қазақ филологиясы туралы баяндаманың сілтемесі де қазақша алынғаны дұрыс».
Талқылаудың барысында Әуезов тағы да мінбеге көтерілді. Бұл жолы тек М.Ақынжановтың баяндамасында талданған лиро-эпостарға ғана тоқталды.
«Әуезов: Баяндаманың тақырыбының негізінен дербес үш дастанда талдауға арналғандығында тұрған еш әбестік жоқ. «Қозы Көрпеш» негізгі дастандарымыздың бірі болғандықтан да ол туралы сөз қозғамаса да болады деген жолдастар қателеседі. Оның әр нұсқасының өзіндік идеологиясы, өзіндік құбылысы мен айтары бар. Сондықтан да оның әр нұсқасын зерттеп, сідер қайсы нұсқасын жарамды, қайсы нұсқасын зиянды деп табасыздар, соны анықтаған дұрыс. Соның ішінде жарамдысын қорытып, әдебиет саласына қойылып отырған маркстік-лениндік ұғымға сай игеруіміз қажет, «Қозы Көрпеш» оған толық татитын дастан. Ал оның іріктеліп құрастырылған нұсқасын жасау өте күрделі мәселе. Егерде «Қозы Көрпештің» барлық нұсқасын жинақтап бір ғана нұсқа жасаса, бұл қиқымды желімдеу болып шығады. Онда қиқымдап желімдеуге келмейтін көптеген жайлар бар. Мысалы, онда жастардың арасына жеңгетай, дәнекер, тілеулес болып жүретін кейіпкерлер әр нұсқада әр түрлі. Кейбір кейіпкерлер ғана емес, тілулестер де өзгеріп отырғандықтан да, олардың тағдыры да әр түрлі баяндалады. Бүгінгі баяндамашының «Қозы Көрпештің» 17 нұсқаның мазмұнын бір нұсқа ретінде араластырып талдағаны сияқты жасандылыққа алып келеді. 17 нұсқаны ұстанудан бас тартуымыз керек. Бұрын Қозы мен Баянның дұшпаны – Қодар еді, ал Ақынжанов жолдас 17-нұсқада Қодарды өзбектің саудагері етіп көрсеткенін айтты. Енді туысқан халықтың өкілін саудагер кейпінде көрсеткілеріңіз келе ме! Бұған өте сақ қарау керек (Мүсірепов: Және жырдың желісімен үйлеспейді). Дұрыс айтасың. Сонда жағымсыз кейіпкер, қанішер Қодарды туысқан халықтың өкілі етіп көрсеткілерің келе ме? «Қозы Көрпеш» дастаны әр тілде бар. Мәліктің баяндамасында туысқан халықтардың ішіндегі нұсқалардың ұмыт қалғанын айта кетуім керек. Ондай нұсқалар өзбекте, және басқа да халықтарда бар. Егерде біз оларды талқылауға қатыстырсақ, мысалы қазақ нұсқасын өзбектердің, қарақалпақтардың эпосымен салыстыра талдасақ, көптеген тың пікірлерді тыңдар едік. «Қозы Көрпеш» туралы бәрі де түсінікті деп сіз мүлдем қате тұжырым жасайсыз. Ол өте күрделі әрі қызықты шығарма. Біз халықтық және халыққа жат шығармаларды ажыратып алуға тиіспіз.
Осы арада Ғабит «халықтық» деген ұғымның төңірегінде шатасып қалды. Оны анықтау оңай. «Қыз Жібек» дастанын біреу – Шайхысіләмұлы жазды, екіншісі – Шайхысіләмұлы жазған жоқ дейді. Ол Абайдың екі бет өлеңін иемденіп, күйеу баласы Хұсайын арқылы баспаға жібергенін өз көзіммен көрдім. «Айман – Шолпанды» да ол өзінің атынан шығарды. Ол «Қыз Жібектегі» қазақтардың көшін көрген де емес. Ал «Қыз Жібек» оқиғасы Қазақстанның оңтүстік-батысында өткен. Ол ешқашанда ол жақта болып көрген емес, тек 10-15 жолды жанынан қосқан. Ол халық мұрасын иемдеген нағыз әдеби ұры. Сол арқылы баспадан ақша алып отырған, ал Қазан татарлары мұны білмеген. «Қозы Көрпеш» – 6 рет, «Қыз Жібек» – 4 рет бұрын басылып шыққан, ол соған қол салып, иемденіп отыр. Орынборды да көрмеген, Алматы уезінде өмір сүрген адам «Айман – Шолпанды» қалай жазады? Ендеше неге оған авторлық құқық береміз? Олардың стильдері де әр түрлі. Оның өзі шығарған Мұхаммед пайғамбардың Алланың аянын тыңдау үшін таудағы үңгірге барғанын суреттейтін қиссаның стилі мен «Қыз Жібектің» стилін салыстырыңыздаршы. Ондай көркем дүниені жазуға оның ақындық қуаты жетпейді. Сондықтан да ол жай ғана әдеби ұры! «Айман – Шолпан» мен «Қыз Жібек» дастандарының стилі де ұқсамайды. Ендеше «Қыз Жібек» туралы айтқанда Шайхысіләмұлының айналасында шайқалып жүріп алмайық. «Қозы Көрпеш» дастанына келетін болсақ, оның бірінші нұсқасы халыққа жат. Сен ғой, Ғабиден, әкесіз жігіттің (Қозы Көрпеш – Т.Ж.) немесе әкесіне қарсы шығып, өз бетінше қалыңдық іздейтін жігіттікті (Төлеген – Т.Ж.) суреттейтін жырдың бірінші бөлімін халықшыл деп танисың. Ал осындағы Лавриттік салтты қалыптастырған феодалдық-патриархалдық идеологияны қайда қоясың. Халықтық пен, халыққа жат дүниені айыра білу қажет. Дін мен кекшілдік халыққа күштеп таңылған. Мұнда ешқандай жат идея жоқҮш адам адамның махаббат машақаты бұл»,– деген екіұшты емеуірінмен ойын жинақтай келіп лиро-эпостардың шығу тарихына көшеді.
Әуезов: «... Түркі қағанатының тарихи жазбалары ҮІ-ҮІІІ ғасырдан басталатынын өткен жолы айтқан болатынмын. Олардың бәрі де қағандар. Алайда ондай тұжырым жасасақ, тыңдап отырғандар бізді түркологиядан еш хабары жоқ екен деп ойлайды. Ал «хан» деген сөзді пайдаланбағанына қарап оларды халықтық сыпатқа жатқызуға бола ма? (Барлық қағандардың бәрі де хандар» деудің өзі ғылымға қарсы тәсіл, өз кеудеңді өзің оққа төсегенмен бірдей, сіз жалған ғылым деген атаққа қаласыз. Қазақстанда қыпшақтардың тұсында хан болған және олардың эпостары да болған. Бұған қарап хандар ол кезде қадірсіз болған деуге келмейді. Қыпшақ хандығын Шыңғыс хан жаулап алды, ал «Алтын орданың» құрамындағы шетсіз аймақта көптеген тайпалар бас қосқан дербес қыпшақ бірлестігі болған. Қазан ханның өзі Шыңғыс ханның тұқымы. Қыпшақ тайпасы жеке өмір сүрген, Шыңғыс хан оларға шабуыл жасады, олар қорғанды.
Ал шығарманы талдауға келетін болсақ, онда баяндамашы кейпкерлер бейнесіне, адамдардың ара қатынасына, тіл мен махаббат мәселелеріне, еңбек үрдісіне тоқталған. Баяндамашы мәселенің нақты байыбына барған, мұнда ғылыми талдау бар, бұл баяндамада әлі де өңдей түсетін құнды пікірлер бар».
Міне, алдағы кезеңде бүкілодақтық деңгейде өтуге тиісті эпостар мен лиро-эпостар туралы аса маңызды ғылыми талқылаудың алдында өткен пікір алысулар осындай еді. Бұдан бір байқалатыны, ұлы көсемнің қазасынан кейін «буржуазиялық-ұлтшыл», «кеңес өкіметінің жауы», «идеологиялық-саяси өрескел қателік», «халық жауы» деген тіркестерді «халықтық» деген жаймашуақ, сан мағыналы сөздің ауыстырғаны аңғарылады. Тіпті, Сәбит Мұқановтың өзі «ұлтшылдық» дегенді сақтықпен қолдану туралы ұсыныс айтты.
Ауада әлде бір тылсым тыныштық орнаған. Өзгеріс болатыны, бұрынғы «Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің» атының өзгертілуінен-ақ аңғарылатын. Егерде Берия үкімет тізгінін алса, онда бұл сүркілтайдың күшейетіні анық. Ал Маленковтың беті жұмсақ көрінетін. Тура сол талқылауға қатысқандар қызыкеңірдек болып жатқанда, яғни, 3 көкек күні «Дәрігерлер ісіне»: байланысты:
«РСФСР-дің қылмыстық-процесуальдық Кодексінің 5 бабына сәйкес бұрынғы СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің тергеуінде болған азаматтардың (аты –жөні) қылмысты іс тоқтатылып... толықтай ақталып, бостандыққа шығарылып» жатқан еді.
Ал келесі күні таңертең Левитанның таңғажайып дауысымен СССР Ішкі Істер министрлігінің:
«Кеңес мемлекетінің белсенді қайраткерлеріне қарсы зиянкестік жасап, шпиондықпен және террорлық қастандықпен айналысты деп айып тағылған бір топ дәрігерлердің тергеу ісінің материалдары тиянақты түрде тексерілді.
Тергеудің барысында бұрынғы СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі оларды қандай да бір заңдық негізсіз тұтқынға алған...Тексеру барысында: аты аталған адамдарға тағылған айыптың жалған екендігі, ал тергеу қызметкерлері сүйенген айғақтар дәлелсіз екені анықталды. Сонымен қатар бұрынғы СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің тергеу бөлімдерінің қызметкерлері тұтқындалғандарың өзінің қылмысын мойындайтыны туралы көрсетінділерді алу үшін кеңестік заңмен қатаң тиым салынған, жол беруге болмайтын тәсілдерді пайдаланған.Осы іс бойынша тұтқындалғандар босатылып, бостандыққа шығарылды. Тергеуді теріс жүргізген айыпкерлер тұтқындалып, жауапқа тартылды»,– деген мәлімдемесі жария етілді.
Талқылау осындай дүрбелеңді алаңмен өтсе де «КПСС-тің айбынды жауынгері – Қазақстан Компартиясы» өзінің атойлаған екпінін баса алмады. Алдағы үлкен әшкерелеулерге дайындылып, қаулының жобасын жасап, тұтқындалуға тиісті «қылмыскерлердің» тізімін жасап жатты. Осы эпостар жөніндегі талқылаудың тұсында университеттен шеттетілген Төлеген Тәжібаевтің орынындағы ректордың міндетін атқарушы Асқар Закарин сақтық шарасын қолданып, Мұхтар Әуезовті ұлтшыл ретінде жұмыстан шығарды.
Жазалау шарасына шұғыл кіріскен Академия «Правдадағы» мақала жарияланғаннан кейін бір аптаның ішінде М.Әуезовтің жылдық есебін сұратқан болатын. Манастанудан дүниежүзілік бедел жиып берген баяндамасы да, «Қазақ әдебиеті тарихының» І томын редакциялағаны да, классикалық үлгіге айналған «Ертегілер» атты монографиялық зерттеуі, «Абай жолының» бірінші кітабын қазақ, орыс тілдерінде Алматы мен Мәскеуден шығарғанына, И.С.Тургеневтің «Дворяндар ұясын» қазақ тіліне аударғанына, тағы да толып жатқан ғылыми басылымдарына қарамастан дикуссия өткеннен төрт күннен кейін, яғни, 6-көкек күні оны :
«Әрекетсіздігі және «Қазақ әдебиеті тарихының» І томын кешіктіргені үшін Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі М.Әуезовті Қоғамдық ғылымдар бюросының мүшелігінен босатты».
Академияның президенті Д.А.Қонаев емес, вице-президент М.И.Горяев пен бас ғалым хатшы Д.В.Сокольский қол қойған бұл шешімнен Мұхтар Әузовтің соншама секем алуы орынды еді. Өйткені екі бірдей үлкен мекеменің жарыса – академик, профессор, ғылым докторын «ғылыми қабілетсіздігі үшін» жұмыстан шығаруы тегеуріні мықты тепкінің ырқымен жүзеге асқанын танытатын. Демек, бұған мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің араласқаны анық. Өйткені тұтқындалатын адамды алдын-ала қызметтен шеттету олардың үйреншікті тәсілі еді. Сонымен қатар оны алаңдатқан түрмеде жатқан Қ.Жұмалиевтің беруге тиісті айғақтары сияқты. Тергеу ісіндегі жауаптың айыптау үкіміне алып келетінін ол бәрінен жақсы білетін. Және мұның шындыққа жақын екенін төмендегі естеліктер растайды.
Ә.Жаймурзин: «Осы кезде, қазір еске түскенде күлкі келетін тағы бір уақиға болды. Кешке таман жұмыстан келіп үйде отыр едім. Машинадан түсіп жатқан екі таныс кісіні көзім шалып қалды, пәтерім бірінші қабатта болатын. Әлден кейін есік қағылды. Келгендер Әбділда Тәжібаев пен Ғабиден Мұстафин екен. Екі бірдей үлкен адамдардың келгеніне таңырқаңқырап қалдым. Амандасып отырғаннан кейін Ғабиден аға өзіне тән сабырлы, байсалдылықпен бір суық хабар естігендіктерін, соның шын-өтірігін өзіңнен білелік деп келіп отырмыз деді. Ол қандай хабар деп едім, ертең Мұхтар Москваға ұшқалы жатыр, билет алып қойды – деді. Мен Мұқанның осыдан біраз бұрын Москваға барып қайтам-ау дегенін, онда МГУ-де қызым оқиды, соның жазғы демалысын қалай ұйымдастыруды қарастырайын деп едім, сосын өзімнің біраз шаруаларым бар еді деген. Мен оған барыңыз, қазір пәлендей күн тәртібіне қойылып тұрған мәселе жоқ қой дедім де, біраз желпініп алдық қой, сол жететін шығар, енді жұмыс істеу керек болар дегенмін – дедім. Ғабиден аға: жоқ мәселе олай емес, Мұхаңды түрмеге жабайын деп жатыр деген лақап тарады, сол шын деседі, Мұхаң содан қатты шошынуда деді. Осының шын өтірігін сен білетін шығар деп, өз аузыңнан естігелі келіп отырмыз деді. Лақаптың, өсектің қандай оңғаны болушы еді, бірақ мынау бір шектен шыққаны болды.
– Бұл бекер, ондай нәрсе жоқ, ал бола қалғанда маған соқпай кетуі мүмкін емес, - деп келген конақтардың көңілдерін шақ-шақ бастым.
Ертеңіне қызметімді Орталық партия Комитетінен бастадым. Ондағы жолдастармен әртүрлі мәселелер жөнінде сөйлесіп, тамырларын басып көрсем, ондай жамандықтың еш белгісі сезілмейді, ал кеше болған уақиғаны айту маған да ұят. Жауапты басыңмен сондай сөзге мән беруің ұят емес пе десе не демекпін...».
Ғалым Ахмедов бізге (20/ Х 91 жыл): «Мұхтардың ұсталатын алдын-ала белгілі болған. Сол кездегі Алматы қалалық Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бектембай Медеуов маған мынадай әңгіме айтып берді. Қалалық белсенділердің бір жиналысында сөз сөйлеп, Мұхтар Әуезовті мақтап өттім. Сол түні басқа бір жұмыс ауанында мені Жұмабай Шаяхметов өзіне шақырды. Сөз арасында: «Сен неге бүгін Әуезовті мақтадың? Мұхтар таяуда қамалады. Бұл ұсынысты біз еріксіз қолдауға мәжбүрміз. Бюроның шешімін күтіп отырмыз», – деді. Түнгі 2-де үйге қайтқасын, Әбділдә Тәжібаевқа звондап: «Сіздің үйге кіріп шығайын», – дедім. Барған соң Әбділдә Мұхаңа хабарласып: «Барып шығамыз»,– деді. Мұхтардың үйіне бардық. Мен естігенімді айттым. Ол Москвадағы достарына телефон шалып: – Жағдай қиын. Мені қудалап жатыр. Қамайтын түрі бар. Сендерге барсам қайтеді», – деді. Содан кейін ұшып кетті»,– деп маған айтты,» – деп мағлұмат берді.
Бұл: ұсталуға бұйрық берілді, тек Орталық Комитеттің келісімін күтіп отыр,– деген сөз. Шындығы да солай еді.
Университеттегі жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойылған сәтте бұл хабарды кездейсоқ дәріс тыңдауға келген шәкірті Әнуар Әлімжанов естіп қалады да:
«Сізге тұтқындалудың қаупі төніп тұр. Осы дәріс үстінде тікелей Мәскеуге ұшыңыз»,– деген мағынада тілше жібереді.
Депутаттық мандатпен билет алып, Ақтөбе қаласына қонған кезде Жазушылар Одағының төрағасы Ә.Жаймурзинге ала өкпе болған Ә.Тәжібаев телефон шалып:
«Сіз не қарап отырсыз? Халық жауы ретінде ұсталғалы тұрған Әуезов Мәскеуге ұшып кетіпті. Масқара ғой, талтүсте халық жауынан айырылып қалғаныңыз!»,– дейді.
Тура осы сөздің екінші нұсқасын сол кездегі Жазушылар одағының бірінші хатшысы, осы оқиғаны тікелей куәгері Әбдірахым Жаймурзин:
«Мен мұны білмейтінімді, егерде мәселе сондай насырға шапса, бірінші басшыға хабарламай, шешім қабылдамайтынын ескертіп: «Сіз алаң болмаңыз. Москва да кеңес одағының жері және ешкімге айтпаңыз. Бұл партиялық тапсырма. Ал енді сіз бұл хабарды қайдан алдыңыз?»,– дегенімде трубканы тастай салды. Орталық Комитетпен хабарласып, ондай жаманаттың барлығын, қауіпсіздік комитеті жағынан ұсыныс жасалғанын, мәселе түн ортасына таман шешіліп қалуы мүмкін екенін, ал Әуезовтің жаңа ғана Ақтөбеден Мәскеуге самолеттен ұшып кеткенін, енді оны қайтарудың жолын іздестіріп жатқанын айтты. Мен: Әуезов – СССР Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, оны тұтқындау үшін Фадеевтің келісімі керек. Сіздер өте сауатсыз саяси қателік жібергенсіздер. Әуелі одақта шешілуі тиіс еді», – дедім. Өзім түн ортасында Мәскеуге хабарластым. Фадеевті таба алмадым. Екі күннен кейін Константин Фединнен: «Әуезов – біздің одақтың мүшесі. Біз өзіміз шешетін мәселеге сіздер араласпаңыздар»,– деген хабар келді. Ол бұл пікірін Орталық Комитетке де жеткізді»,– деді бізбен әңгімесінде.
Оның бұл сөзі кейін естелік ретінде баспасөзде жарияланды. Ал сол тұстағы жүрек лүпілін сол кездегі бірінші курстың студенті Т.Молдағалиев:
«... Мұхаң бізге абайтану дейтін пәннен дәріс оқуы тиіс еді. Тағдырдың тәлкегімен ол кісі Москва университетіне лекция оқитын бопты. Саяси қателері үшін тұтқынға алынатынын біліп қалып, Москваға тартып тұрыпты Мұхаң. Александар Фадеевтің көмегімен пәле-жаладан құтылып МГУ-де қала беріпті. Біз екі жылдай өз сүйікті ұстаздарымызды көре алмай жүрдік...», – деп еске алыпты.
Бұлтсыз күнгі найзағайға тап болған М.Әуезовтің тағдыры санаулы пиғыл иелерінің бәрінің де көңіліне осындай мұң ұялатқаны анық. Ал ол кезде болашақ ақынның ұстазы «Менің қателерім жайында» шарасыздықтан туған шағымын жазып жатқан болатын
Қырандар торға түскен, сауысқандар аспанды билеген сол бір «қызылөңеш кезеңде» Қ.Сәтбаев пен М.Әуезов Мәскеуге барып бас паналады.
Хххххх
Ш.Шөкин:
ХХХХХХХХХ
Мәскеуге бара салысымен СССР Жазушылар одағының төрағасы А.А.Фадеевке бастатқан бірнеше жазушыға Ашық хат жазды.
Ашық хаттың жазылған күні 1953 жылдың 2 көкегі. Тіркелген күні 12-мамыр. Араға бір ай он күн өткен. Алматыдан Мәскеуге жасырын жету, аталған адамдармен құпия кездесу, хатпен олардың танысып, шешім қабылдап, ресми тіркетуі осынша уақыт алған. Хат:
«Александр Александрович Фадеев, Алексей Александрович Сурков және Константин Михпйлович Симонов жолдастарға – СССР жазушылар одағы басқармасының мүшесі, жазушы М.Әуезовтен ӨТІНІШ
Өмірімнің бір сәтінде, адамгершілік тұрғыдан аса ауыр құмығуға ұшыраған өмірімнің ең қиын сәтінде Үшеуіңізге адамның – адамға, жазушының – жазушыға шағынуы ретінде сіздерге хат жазып отырмын. Мен сіздерден көп ештеңе сұрамаймын, тек менің осы өтінішіммен және өзімнің осы өтінішіме қосып жіберіп отырған екі материалмен өздеріңіздің танысып шығуларыңызды және тиісті жерде (қайда және қалай ұйғарсаңыздарда) жазушыға, тым құрығанда сіздерге өзінің шығармашылық қызметімен таныс жазушыға өз пікірлеріңізді айтуларыңызды сұраймын», – деп басталады.
Иә, басына қауіп төніп, шынымен де құмығып жүргені, алас ұру мен үрей қатар билеген, түрмеден жүрегі шайлыққан, абыройлы жасында абұйырлы өткен өмірінің қапаста аяқталатынына алаңдаған шерлі көңілдің қамығулы күйі аңғарылады. Сәбит Мұқановты шығармашылық жарысқа шақырған көтеріңкі екпіні басылған. Бальзактың шегірен былғарысы сияқты көнек өмірдің көні кеуіп, шындап қусырыла бастағаны аңғарылады.
Ең қауіпті, ең ауыр, ең шындыққа жақын айыптаулардан аман құтылған Мұхтар Әуезов эпос туралы пікір талқысы тұсында неге сонша мазасызданып, қамығып, өзін өзі ерікті қуғынға түсіріп, Мәскеуге барып шағынады? Эпос туралы пікірлерінің кеңес өкіметіне қарсы қастандық әсері соншама күшті ме еді? Әлде М.Ғабдуллиннің, Н.С.Смирнованың, С.Нұрышевтің шығарған үкімі сондай пәрменді ме еді? Марқұм Мәлік Ғабдуллин өзінің фольклор туралы дәрісінің тең жартысын осы жағдайды түсіндіріп беруге арнаушы еді. Екі қолын кеудесіне айқастырып алып толғана айтқанда өне бойымыз шымырлай отырып тыңдаушы едік. Тура сол түршігуді С.Нұрышевтің мақаласын оқып шыққанда да басымыздан кешірдік.
Соншама апшысын қуырған қандай жағдай? Мұны С.Нұрышевтің мақаласының кіріспесіндегі:
«Жаулық пиғылдағы қай-жайдағы «теориялар» мен» тұжырымдарды» ұзақ уақыт бойы әшкерелей алмай келген қазақ әдебиеттануының ең маңызды міндеттерінің бірі – қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу болып табылады. Ұлы октябрь социалистік революциясына дейін буржуазиялық ұлтшылдар Абайды өздерінің жаршысы ретінде көрсетуге тырысты. Абайдың шығармашылығына реакциялық көзқарастар октябрь социалистік революциясынан кейін де орын алды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында буржуазиялық ұлтшылдар, пантүркистер мен панисламистер Абайдың атын жамылып, оны беттеріне перде етіп ұстап қазақ әдебиеттануына өздерінің кеңес өкіметіне қарсы дұшпандық көзқарастарын өткізіп жіберді... Алайда қазақ әдебиеттануындағы бұл саланың жағдайы әлі де мәз емес... Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтар... қазір төзгісіз жағдайға душар етті... социалистік идеологияның салтанатты жеңісі мен екпіні бізге жат элементтердің күшті қарсылығын туғызып отыр, олар өздерінің ықпалын өткізіп жіберу үшін маркстік емес қай-айдағы «көзқарастар» мен «тұжырымдарды» жандандырып, тартуға тырысып бағуда... Сондықтан да, кеңес ғылымының барлық саласындағы, оның ішінде абайтанудағы саяси қателермен, бұрмалаушылықтармен күресу – біздің қоғамымыздың қазіргі даму кезеңінде ерекше төзгісіз жағдайда жүргізілуі тиіс... Тек осы жағдайда ғана аса көрнекті қазақ ағартушысынң әдеби мұраларын таза күйінде оқырмандарға жеткізе аламыз»,– деген үкімінен толық аңғарамыз.
Нұрышевтің мақсаты Абайды «тазарту» емес – тонау екенін түсіндіріп жатудың өз артық. Оның көздеген қарауылы Абай емес, Әуезов болатын. Маркс пен Лениннің, Сталин мен партияның атын «жамылып, оны бетіне перде етіп ұстап» М.Әуезовтің көзін жоюға ұмтылды және мақаланың мәтініне жіті назар салсақ оның өзге аудиторияға, яғни, Мәскеуге лайықталып жазылғанын аңғару қиын емес. Демек, бұл арада тағы да «Правданың» сұғанақ қолы шығып тұр деген сөз. Мұны білген М.Әуезов сол Мәскеудің өзінен сауға іздейді:
«Қосымша құжаттың біріншісі – СССР мәдениет министрі жолд. Пономаревке арналған менің өтінішім, екіншісі – таяуда Алматыда өткен қазақ эпосы туралы талқыдағы менің сөйлеген сөзім. Мені дәл қазіргі сәтте тығырыққа әкеп тіреп отырған қысым мен жағдай туралы осы екі материалдан толық мағлұмат алуға болады және бұл жағдай аса маңызды тақырыпты игеру барысында, қазір пьеса түрінде, ал келешекте жаңа кеңестік романда бейнеленетін қазақ кеңес әйелінің образын сомдау үстінде (ауданнның хатшылығына көтерілген бұрынғы батырақ қыз, ғылым кандидаты, Социалистік еңбек ері) туып отыр», – деп түсіндіреді.
Хаттың ішіндегі М.Ғабдуллин мен Н.С.Смирнованың баяндамалары мен С.Нұрышевтің «Қазақ ССР Ғылым Академиясы «Жаршысының» 1953 жылғы №4 санында жарияланған «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырын соңына дейін жояйық» атты мақаласы «айғақ ретінде» пайдаланылды. Шындығында да бұл басылымның бас редакторы Н.Сауранбаевтің және С.Нұрышевтің М.Әуезовтің «ең соңғы тамырына балта шабу» үшін жасалған шабуылы еді. Мақаланың Сталиннің өлімінен бұрын, «Правда» газетіндегі «Сынау орынына мадақтау» атты мақала шыққан кезде дайындалғанын ескерсек, олардың «ең соңғы» деген сөзді бекер қолданбағандығын аңғарамыз. Өйткені абайтанудың тірі жүрген «соңғы тамыры» Мұхтар Әуезов болатын. Сол тамырды «балтамен шабуды» міндетіне алған «абайтанудың балташысы» оның себептерін былай түсіндіреді:
С. Нұрышев: «Абайтануы бір орынында қалып қойған жоқ, біздің қоғамдық өмірімізбен бірге ол да дамыды. Оған 1951 жыл өткен абайтану мәселелері жөніндегі дискуссия дәлел. Дискуссияда көптеген мәселелер бірінші рет биік талап деңгейіне көтерілді».
Демек, абайтануды бұл биікке көтерген, оның ақындық мектебін талқандап, балаларымен қосып шәкірттерінен айырған, яғни, абайтанудың бұтақтарын отаған сол кездегі бостандықта жүрген жалғыз адам – оның өзі ғой! Жоқ, ол жалғыз емес екен. Оған Сталин көмектесіпті. Сенбесеңіз оқыңыз:
С. Нұрышев: «... Абайтануы саласындағы осы дикуссия мен содан кейін жүзеге асырылған кейбір шаралар – Сталин жолдастың тілтану мәселесі жөніндегі еңбегінің ... әсерінің тікелей игілікті нәтижесі болып табылады».
Біз бұл арадағы көп нүктенің орынындағы «БКП»б) және Қазақстан К(б)П Орталық Комитеттерінің идеология мәселесі жөніндегі шешімдері» деген «басы артық сөзді» алып қалып отырмыз. Өйткені ол кезде Орталық Комитет – Сталиннің қолшоқпары ғана болатын. Сол «идеология жөніндегі қолшоқпарлардың» көмегімен:
С. Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезовтің «Абайдың әдеби мектебі-міс делінген зиянды «тұжырымы» айыпталып, талқандалған дикуссиядан соң ғана абайтану саласында белгіленген шаралардың нәтижесінде маңызды бетбұрыс жасалды, абайтануды ұлтшылдық қателер мен бұрмалаулардан азат етуге бағытталған шаралар қабылданды...».
Алайда С.Нұрышев бұл шараға да қанаттанбайды. Оған «кәнігі кенесарышылар» Е.Бекмаханов пен Е.Исмаиыловтың және Кенесарыға қарсы науқанның қозғаушы тетігінің бірі» Б.Сүлейменовтің, сондай-ақ «Абайдың жалған ақындық мектебін насихаттаушының бірі» Қ.Мұхамедханов пен оның «ұлтшылдық-буржуазиялық зиянды, панисламистік, пантүркистік, орысқа қарсы бағыт» екенін әшкерелеген Қ.Жұмалиевтің барлық ғылыми атақтары мен дәрежесінен айырылып, «халық жауы» ретінде жиырма бес жылға сотталып кеткені аз көрініп отыр. Енді «әшкерелеуші», «соңғы балташы» – Нұрышевпен, «әшкереленуші», «соңғы тамыр» – Әуезов қана бостандықта жүрген болатын (Тағы да қателесіппіз, екеуінің де үстінен жымысқылана қарап сақшы академик Сақтаған Бәйіше тұрды. Ол өзінің бұрынғы мақаласындағы пікірлердің әр қайсысын жеке-жеке бапқа айналдырып, орысша кеңейтіп жаздырып, «балташыға» ұстатты). Ал балта мен тамырдың қатар өмір сүрмейтіні белгілі.
С. Нұрышев (жалғасы): «Бәрінен бұрын ескерте айтарымыз, дикуссияда басталған көзқарастар күресі жалғасын тапқан жоқ. Абайтануды ұлтшылдықтан тазалау науқаны Абайдың «мектебі туралы тұжырымды» әшкерелеуден арыға барған жоқ. Абайтанудағы кейбір мәселелердің дұрыс шешілуі бізден алдағы уақытта да маркстік ұстанымды негізге ала отырып, әшкереленген қайшылықтар мен қателерді үтіктеп қана қоймай, оның тамырын тауып, себебін анықтап, шұғыл түрде оның көзін жоюды талап етеді. Кейбір абайтанушылар бұл бағытта талапқа сай табандылық көрсете алмады. Соның кесірінен дикуссиядан кейін де ондағы әшкереленген «зиянды тұжырымдарды» қайта тірілтуге ұмтылып отыр. Мысалы, М. Әуезовтің Абайдың «ақындық мектебі» туралы тұжырымды насихаттайтын «Ақын аға» атты ұлтшыл романы сол күйінше әшкереленбей қалды. Барлық көзқарастар жүйесі осындай және басқадай да «жат тұжырымдармен» тікелей байланысып жатқан, өзінің қателігін осы уақытқа дейін шын ниетімен мойындамай келген М.Әуезов ұзақ уақыттан бері университетте абайтанудан дәріс беріп келеді.
Бұл – Абайдың шығармашылығын бұрмалаудың басты себепкері болып отырған М.Әуезовтің көзқарастарын қатаң және барынша терең әшкерелей айыптамай, абайтануды буржуазиялық ұлтшылдықтан арылту мүмкін емес».
Ал мұндай «әділетсіздікке» Нұрышев төзбейтін. Нұрышев төзсе де Бәйішев көнбейтін. Өйткені енді ол өзінің Лысенкомен қоса «жалған ғалым» ретінде әшкереленуі мүмкін екенінен үрейленіп, жанталаса жанықты. Ал Нұрышев өзінің мықты қолдың күшімен соңғы рет сермеліп тұрғанын сезді. Ал үрей билеген адамның жүйке-тамырында сабыр болмайтыны белгілі. Нұрышевтің балтасын оңды-солды сермеуі сондықтан. Ал ол балтаның иесі – БКП»б) мен Қазақстан К(б)П Орталық Комитеттерінің идеология бөлімі және бұл екеуінің «жауынгері» «Правда» мен «Казахстансая правда» екені тура осы жолдардағы: «М.Әуезовтің Абайдың «ақындық мектебі» туралы тұжырымды насихаттайтын «Ақын аға» атты ұлтшыл романы сол күйінше әшкереленбей қалды. Барлық көзқарастар жүйесі осындай және басқадай да «жат тұжырымдармен» тікелей байланысып жатқан, өзінің қателігін осы уақытқа дейін шын ниетімен мойындамай келген М.Әуезов ұзақ уақыттан бері университетте абайтанудан дәріс беріп келеді»,– деген жолдардан анық аңғарылады.
Мақаладағы айтылған осы ұсыныстар бірінен кейін бірі жүзеге асырыла бастады. М.Әуезов университеттгі профессорлық қызметінен босатылды. «Ақын аға» романындағы ұлтшылдықты әшкерелеген мақала «Казправдада» жарияланды. Енді оның соңғы талабы «М.Әуезовтің көзқарастарын қатаң айыптап, абайтануды буржуазиялық ұлтшылдықтан арылту» ғана қалды. Бұл дегеніңіз, осындағы өте ойланып қолданылған «айып» (осуждение) деген сөзге сай ресми айып тағылып, түрмеге қамап, сотқа тарту деген сөз. М.Әуезов істің беті теріс бұрылып бара жатқанын білді. Сондықтан да «суға кетпес үшін тал қармап» Мәскеудің өзіне:
«Міне, сіздердің ара түсулеріңізді табанды түрде өтінуімнің себебі, тым болмағанда, менің дұрыс тұстарымды көрсетіп, белгіленген ар сызығынан аттаған, жолдастық сынның талаптарын бұзған, төзіп болмайтын мазақ жолына түскен адамдардан қорғауларыңызды сұрауымның себебі, осында. Мұхтар Әуезов. Алматы қ., Абай, 157 үй, тел.82-60. 2 апрель 1953 ж.»,– деген өтініш білдірді.
Қандай үмітті, қандай жалынышты, қандай қасіретті ауыр тілек десеңізші!
Мұхтар Әузовтің «төзіп болмайтын мазақ жолына түскен» С.Нұрышевтің мақаласынан соншама секем алуының тағы бір себебі, «халық жауы» ретінде «әшкереленіп» түрмеде жатқан Қ.Жұмалиевтің тергеушілерге беруге тиісті айғақтары сияқты. Ал Нұрышевтің мына «арандатуы» оған Қ.Жұмалиев үшін кек алу сияқты болып көрінгенін замандастары растайды. Өйткені тергеу ісіндегі жауаптың айыптау үкіміне алып келетінін ол бәрінен жақсы білетін.
С. Нұрышев (жалғасы): «Өзінің өткендегі әдебиет және әдебиеттану саласындағы еңбектерінде М.Әуезов өрескел ұлтшылдық қателер жібергені жұртшылығымызға белгілі, ол оны тіпті түзетуге де тырысқан жоқ. Оның өткендегі қателері кейінгі қателіктерінің қайнар көзі болып табылады, себебі ол соңғы уақытқа дейін: ескіліктің алдында, феодал-байлардың алдында көпе-көріну бас иуін тоқтатпады, буржуазиялық-ұлтшыл идеологиядан арылмады.
М.Әуезовтің көркем шығармашылықта және сол сияқты әдебиеттануда жіберген өрескел қателері, оның революция қарсаңында ұстанған идеялық бағыты мен барлық саяси және әдеби қызметінің көрінісі болып табылады. Октябрь революциясының қарсаңында және сол тұста ол буржуазиялық-ұлтшыл «Абай журналының редакторының бірі болды. М.Әуезовтің осы журналдғы қауырт әрекеті оның тағдырын контрреволюциялық «Алаш» партиясының тағдырымен байланыстырды. Оның бұл партиямен байланысы журналдағы қызметімен ғана шектеліп қалған жоқ. Солардың тапсырмасы бойынша М.Әуезов контрреволюциялық «Алаш» жастар одағы атты мекеменің кеңестерін ұйымдастыруға белсене араласты. Аталған журналдың беттері арқылы М.Әуезов: қазақ жастарын «Алаш» жастар одағының айналасына топтасуға шақырды. Қазақ жастары мұндай арандатуға бармады, сөйтіп, М.Әуезов өзінің ат төбеліндей әріптестерімен оңаша қалды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл топтың кейбір мүшелері, соның ішінде Әуезов те көркем әдебиет пен әдебиеттану саласында бүлдіру әрекеттерін жүргізді. Олар ескілікті дәріптеді, «Алашорданың» көсемдерін мадақтады, кеңес шындығына жала жапты, ұлы орыс халқына қарсы жеккөрінішті өштікті өршітті, тіпті, кеңес өкіметіне ашықтан ашық қарсы шығуға дейін барды»,– деп өрекпіді.
Бір адамның екінші адамды осыншама жек көруі, оны осыншама жек көрінішті етуге тырысуы, оның өліміне осыншама құныға құштар болуы тек жүйкесі тозған емес, бұзылған жанқиярға (маниякқа) ғана тән шалық болса керек. Сондықтан да М.Әуезовтің:
«Қазақ Ғылым Академиясының хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтің редакциялығымен шыққан Нұрышевтің ... мақаласы ... Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес. Бұл мақала , бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деп жазуында шындық бар.
Оның үстіне осы сәтте Берияға қатысты «найзағайы ойқастап» тұрды. Берияның белгісіз майданынан сескенген М.Әуезовтің ғана емес, Саяси бюроның мүшелерінің де төбе құйқалары шымырлай бастаған еді. Сол үшін де ол да, Нұрышев та аянып қалмады, жанталаса қарманды:
С. Нұрышев (жалғасы): «Қазақ әдебиетінің тарихымен айналысқан Әуезов, орыс халқынан қарсы өшпенділікті қоздыру үшін және кеңестік Қазақстанның өміріндегі революциялық өзгерістердің бәріне жеккөрініштілікті туғызу үшін қазақтар мен орыстардың арасындағы байланысқа қарсы шыққан кейбір реакциялық ақындардың шығармашылығын насихаттау жолына түсті, сонымен қатар қазақ эпосы мен Абайдың шығармашылығын жалған түсіндіруге көшті. Тура осы кезеңде Әуезов өзінің атшулы Абайдың «ақындық мектебі» мен контрреволюциялық «зар заман» ағымы жөніндегі «тұжырымын» ұсынды. Бұл «тұжырымға» сәйкес, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы реакциялық ақындардың шығармалары – орыстардың қоныстануына байланысты туған халықтың «зарын» жеткізген қазақтың халықтық әдебиетінің қатарына жатқызылды.
1932 жылы Әуезов республикалық баспасөз арқылы контрреволюциялық ұлтшылдықтан бас тартатынын және кеңес өкіметіне қызмет ететінін жариялады. Алайда өзінің мәлімдемесінен кейін іле-шала контрреволюциялық «Хан Кене» пьесасын сақнаға шығарып, қазақ пен орыс халқының қарғысы атқан жауы Кенесары ханның даңқын шығарды, оны халық батыры етіп көрсетті. Әуезовтің берген уәдесі орындалмады. Ол өзінің ескілікті қателерінен бас тартудың, оны түзетудің орынына, керісінше, шиеленістіре түсті. Бұған оның «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарыында жарияланған мақаласы дәлел. Бұл мақалада ол Абайдың шығармашылығы жөніндегі өзінің ертеректегі айтылған барлық пікірлерін «бір жүйеге» түсіруге тырысқан. Соның ішінде, ақынның тек қана мұсылмандық шығыстың реакциялық дәстүріне еліктеген-міс делінетін алғашқы кезеңді – «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі» деген жалған кезеңге бөлген және оны негіздеуге ұмтылды. Өзінің «жаңалығын» дәлелдеу үшін Әуезовтің өзі тауып алған-мыс делініп, үш қысқа өлеңді Абайға тели талдайды.
Сөйтіп, М.Әуезовтің өзінің айтуынша Нұрышев осы мақаласында:
«Әуезовтің ғылыми-зерттеумен айналысқан отыз жылдағы мұқым өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан».
«Абайдың шығармашылығының алғашқы кезеңі-міс» делінетін шартты ғылыми жүйелеуді «ұлтшыл-буржуазияшыл» деп бағалаған Нұрышевтің өзі «Абайдың алғашқы ақындық кезеңі» деген тақырыпта қалай кандидаттық диссертация қорғап жүр? Егер оны жоққа шығарса, онда өзінің деғылыми тақырыбы жалған, өзі – ұлтшыл-буржуазияшыл, жалған ғалым болып шықпай ма? Абайдың: «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед дегеніндегі» – Көжекбайдың кейпін киіп отырғанын «сезетін» «ғылыми түйсіктің» жетпегені ме, сонда. Соған қарамастан «қиялай шауып, қисынын табады»:
С. Нұрышев (жалғасы): «Бұл өлеңдерді Абайдың алғашқы өлеңдері ретінде талдай келе, оларды шығыстық ықпалдың бастапқы кезеңіне жатқызы келе Әуезов: «Бас осы. Содан әрі балалық күннің еліктеу үлгісін тастағанмен, өмірінің ақырына шейін Абай осы жағдан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де распен» аяқтайды», «...енді ақын Шығыстағы «тассауап» (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынын терең түсіне бастаған» (13-бет).
... Абайдың шығармашылығындағы шығыстық бағыты туралы өзінің ойын жалғастыра келе, ақырында Абайды панисламист етіп шығарады. «Сонымен,– деп жазады Әуезов, – (Абай) өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жарымында, шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашылдарының шеніне араласады. ... Мұсылман ғаламынан шыққан рационалшылдар 60-жылдарда өз елдерінен қашып Парижге орнаған Жалаладдин Ауғани, Мұхаммед Ғабдуһи еді... Кезі келіп өріс ала алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар мен Қайым Насырилер болар еді... Осыған жетпесе де ескіден аяқ кезде сытылып шыға бастады, сол жаңағыға қарай бой ұра бастаған Абайды біз ақынның Еуропаға қараған жүзінен байқаймыз, көре аламыз. Осы айтылғандай, рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жартылаған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгісін көре алмас едік» (15-бет).
Сөйтіп, осы арқылы Әуезов, Абайдың идеялық-шығармашылық бағыты – ол панисламизм деп дәлелдеді. Ол аздай, Абайдың орыс мәдениетіне мойын бұруының өзін Әуезов панисламизинік көзқарасымен түсіндірді, яғни ол: Абайдың жүзінің Еуропаға қарауына панисламистер жетекшілік еткен рационалшылдардың жолына бейім болғандығында – деп түсіндіреді
Сірә, А.Фадеевке қаратыла жазылған М.Әуезовтің сын мен өзара сын туралы:
«Сонымен қатар,... менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, кеңес жазушысына да қамқорлық ойлағаны деп бағалаймын. Бұл – мен сияқты кеңес қайраткері, халық пен Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.
Негізді, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан өз еңбектерімде мен қорытынды шығара білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саяси әр алуан олқылықтар мен қателіктерден сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.
Бізде – тіршіліктің бар саласына және бар майданындағы адамдардың бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануым мен кеңес қайраткері атану жолында мен Коммунистік партия мен кеңестік Отанның тәрбиелік әсерін, жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық тұрғыдан өмірлік қарыздармын деп санаймын»,– деген пікірі Нұрышевқа қаратылмаған іспетті.
Өйткені, реніштің дығы қаншама сезіліп тұрғанымен де анадай шабынды шаптығуға тым жұмсақ қайырылған жауап. Бұдан көрі «Казправдаға» жазған қайтармасындағы:
«Бұл мақала , бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деген жолдар лайықты уәж сияқты.
Жағдайдың өте шиеленісіп кеткенін және қалайда арашаға түспесе Әуезовтен айырылып қалатынын білген, өздерінен:
«Александр Александрович Фадеевтен, Алексей Александрович Сурковтан және Константин Михайлович Симоновтан – өмірінің бір сәтінде, адамгершілік тұрғыдан аса ауыр құмығуға ұшыраған өмірінің ең қиын сәтінде Үшеуінен:адамның – адамға, жазушының – жазушыға шағынуы ретінде ... хатқа қосып жіберілген екі материалмен өздерінің танысып шығып ... тиісті жерде (қайда және қалай ұйғарса да) пікірлерін айтуды сұраған», –
Әуезовтің өтінішін орындау үшін үшеуара ақылдаса келіп, 26 мамыр күні СССР Жазушылар Одағының «Қазақстан Жазушылар одағында өткен халықтық эпос туралы кеңестің қорытындылары» туралы мәжіліс деген желеумен М.Әуезовтің өтінішін қарады. Шағын мәжілісті Одақтың хатшысы Алексей Сурков жүргізіп отырды. Алматыдағы талқылауға қатысқан мәскеулік профессор Климович қысқаша мағлұмат берді. Жауап сөзінде М.Әуезов:
«Климович жолдастың хабарламасы қазақ эпосы жөнінде өткен дикуссияда көтерілген мәселелерді өте нақты және дәл жеткізіп берді, оның пікірлері шындыққа сай келеді. Алайда оның хабарламасында біздің пікір таласымызға қатысты мәселе назардан тыс қалды. Рас, ол өзінің сөзін жалғастыруға әзір екендігін білдірді. Баяндамашымен біздің арамызда, соның ішінде екеуміздің арамызда өте тамырлы пікір таласы болды. Бірінші және екінші баяндаманы мен жоғары ғылыми деңгейде жасалған жоқ деп есептедім. Ғабдуллин жекелеген мәселелерді қоя білген. Бір жағынан өзін қосып, екінші жағынан өзгелерді де қоса сынаған оның пікірі, бәрібір, сыңаржақ пікір болды. Мысалы, мәселен, жеке мәселелерді шешуге қатысты жекелеген зерттеушілерге жағымды не жағымсыз баға берген кезде, ол әркімнің бетіне бір қарап, әркімге әр қалай баға берді. Әркімнің жіберген қателеріне өзінің онымен арадағы жеке қарым-қатынасына байланысты әр қандай әділетсіз көзқарас білдірді. Яғни ол қателіктің өзін қақпақылға салды. Бір қорытындысы бойынша әлгі қателіктерді әсірелеп саяси қылмыстың қатарына жатқызып, жаңағы жазушы мен зерттеушінің ісіне қатал үкім шығарды, ал тура сол қателіктерді жіберген, бірақ өзіне жақын жазушылар мен зерттеушілердің еңбегін бағалағанда «Правданың» мақаласында көрсетілгеніндей қоңыржай күйге көшті...»,– деп өзінің өкпесін білдірді.
С. Нұрышев (жалғасы): «... Абайға осындай жала жапқан Әуезов өзінің бұл пікірін: А.Пушкиннің «Евгении Онегинінен» еркін аударма жасады-мыс – деп дәлелдегенсиді. Осы арқылы Әуезов: Абай Пушкиннің ұлы мұрасын игеруге қатыспады және оны менсінбеді – дегенді баса көрсетпек болады. Ең соңында Әуезов Абайдың ақындық мектебі жөніндегі алашордашылардың тұжырымдарын Абай шығармаларының шығыстық негізімен байланыстырады...
....Әуелде Абайға Пушкинді менсіндірмегенімен кейіннен Абайдың Пушкинмен әуестенуін бекітуі, өзінің абайтанудағы ұлтшыл-буржуазияшыл ұстанымын бүркемелеуге ұмтылған Әуезовтің кәдімгі қулығы...
... Жоғарыдағы талданған мақаладағы Әуезовтің зиянкес көзқарасы 1951 жылдың маусым айына дейінгі абайтану жөніндегі дискуссия өткенше сақталып келді... Әшкереленбегендіктен де оның зиянды «тұжырымдар» суфизм мен панисламизмді ашық насихаттауға қызмет етті... Мысалы, жиырмасыншы жылдары Абайдың шәкірттерінің қатарына «Алашорданың» көсемдерін жатқызса, ал отызыншы жылдары ол (көсем – А.Байтұрсынов – Т.Ж.) өтпейтін болғандықтан да, оны алашордашылардың елеусіздеу өкілімен (Көкбаймен – Т.Ж.) алмастырды.
Абайдың шығармашылығына арналған Әуезовтің «зерттеулерінің» бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Ол зерттеулердің бәрі де Абайды Шығыстың реакциялық дәстүріне, жалпы ескілікке қарай кейінге шегереді. Сол мақсатқа жету үшін Абайдың айналасына «шәкірті есебінде қайдағы бір моллаларды, бар топ алашордашыларды және халық жауларын жинақтайды, Абайдың өзіне реакциялық өлеңдерді таңады. Мұның барлығы Әуезовке не үшін керек? – дейсіз бе, ол – Абайдың шығармашылығын неғұрлым ескілікке қарай бейімдеп шығарып, солғұрлым орыс мәдениетінен алыстату үшін, сол кезде Россияда өтіп жатқан ұлы оқиғалардан бөліп алу үшін керек. Сондықтан да, Әуезов жол беріп отырған абайтану саласындағы жекелеген бұрмалаушылықпен ғана емес, ең бастысы, Әуезов өзінің әдебиеттанудағы тұжырымдарына негіз етіп алып отырған буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиясына қарсы қатаң күрес жүргізу қажет. Жекелеген фактілердің соңынан еріп кетіп, оны талдау және жоққа шығару барысында, соның қатпарындағы қайнар көзін көрмесең, адасып кетуің де ғажап емес. Біз сөз етіп отырған мәселенің қайнар көзі – М.Әуезовтің ескі қателері, ескі идеялары. Тек солар ғана оны: Абай мектебі жөніндегі мәселені көтеруге, оның әдеби дәстүрін қазақ қоғамының даму үрдісінен, 1905 жылғы революциядан, Абай дәстүрінің тікелей жалғасы болып табылатын ХХ ғасырдың басындағы революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі демократиялық көңіл-күйден оқшау, ең соңында қазақ халқының тағдырындағы бетбұрысты кезең болған октябрь социалистік революциясынан бөліп қарастыруға алып келді»,– деп абайтануға қатысты айыптауларды бір түйіп тастайды.
Ә.Жаймурзин: «Бірақ... Иә, бірақ Әдебиет саласында Мұхтар Әуезовтің айналасында күн сәулесі жарқырай түскенімен, оның ғылым саласындағы еңбектері төңірегіндегі түсінбеушілік орын ала бастады. Ол «Абайтану», «Абай мектептері» деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Кейде Нұрышев, тағы басқалардың келеңсіз мақалалары жарыққа шығып та үлгірді. Осы мәселенің аяғы Мұқанды ҚазМу-ден сабақ беруден босатумен аяқталды ғой деймін. Менің бұл мәселе жөнінен білетінім: сол кезде оның абайтану туралы оқыған лекцияларында ұлтшылдық сарын күшті деген пікір болатын. Орталық Комитетте бір рет осы мәселе сөз болғанда мен оның лекциясының текстісі бар ма, бар болса оны оқыған кім бар деп сұрағанымда, ешкім жауап бере алмады. Олай болса бұл бос сөз, сондықтан қатыспаймын – деп кетіп қалғанмын.
Кейін бір кездескенде Мұхаңнан: Абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе? – деп сұрап едім, – бар, берейін – деді. Көп кешікпей машинкаға басылған 500-600 беттей мұқабаға түптелген лекция менің қолыма тиді. Мен оны асықпай оқып шықтым. Қолжазба маған өте қатты ұнады. Бұл нағыз ғылыми еңбек екен, Абай туралы мұндай ғылыми зерттеуді мен бұрын-соңды оқып көргенім жоқ. Бұдан кейін Мұхаңды шақырып, қолжазбасын өзіне берерде: оқып жүрген лекцияңыз осы ма, әлде бұдан басқа тағы бірдемелер бар ма? – деп күліп едім. Бұдан басқа не болушы еді –деп өзі де күлді. Әлгі ұлтшыл деп айтып жүргендері осы болса, бос сөз екен – дедім. Ал мұны неге баспаға беріп кітап етіп шығармайсыз – дегенімде: ондай ойым бар еді, бірақ осындағы кейбір мәселелер жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жүргесін, кідіртіп жүрмін деді. Баспаға даярлаңыз, егер Ғылым академиясының баспасы баспаса, біз басалық. Абай жазушыларға да, академияға да бірдей емес пе, –дегенімде – оның дұрыс екен, ойланайын деді. Бұл еңбек менен кейін жеке кітап болып шықты».
С. Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезов жіберген қателер мен бұрмалаушылықтар, оның тек абайтану төңірегіндегі еңбектерімен шектеліп қалмайды. М.Әуезовтің әдебиеттанудағы өзге де еңбектері тура осындай идеялық дертке ұшыраған. 1944 жылы ол қазақтың аударма мысалдарының контрабандалық жинағын құрастырды, өйткені авторының атын атамастан алашорда көсемі Байтұрсыновтың көптеген мысалдарын кіргізіп жіберді. Байтұрсыновтан басқа авторлардың барлығының атының көрсетілуіне қарағанда, Әуезов мұны қасақана істеген. Сонымен бірге Байтұрсыновтың «Қаздар» деген мысалын Абайдың атынан жариялап жіберген...
... М.Әуезов – буржуазияшыл-ұлтшылдықтың рухы өзегінен өткен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының редакторы. М.Әуезовтің басты айыбы сонда, бұл кітаптың авторлары БК(б)П-ның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерін және ҚК(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысындағы қазақ әдебиеттануындағы зиянкес «теориялар мен тұжырымдарды», соның ішінде М.Әуезовтің «зар заман тұжырымын» қатаң сынға алып, айыптаған шешімін көзге ілмеген.
Республикалық баспасөздерде М.Әуезовтің: орыс тілінің араласуы қазақ әдеби тілін шұбарлайды, сондықтан оны дыбысталуы бойынша (түпнұсқада – искаженным виде – Т.Ж.) қолдануы керек – деген «теориясы» сыналды. Әуезовтің бұл пікірінің тамыры тереңде. 1918 жылы Әуезов редакторлық еткен «Абай» журналы: егерде орыс сөздері қазақ тіліне кірігетін болса, оған қазақтың тымағын кигізіп, яғни, оны дыбысталуы бойынша (искаженным виде – Т.Ж.) бұзып алу керек – деп жазған болатын...
... Жоғарда келтірілген фактілердің барлығы да М.Әуезовтің әдебиеттанудағы кейпін толық әшкерелеп береді, бұдан оның 30 жылға созылған әдебиеттану саласындағы барлық әрекеті – өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтарға толы болғаны анық көрінеді.
Еріксізден еріксіз: М.Әуезов өзінің қателіктеріне сын көзімен қарады ма, қарай ала ма?, – деген сұрақ туады.
Бір мысал келтірейін... 1951 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетінде осы жолдардың авторының «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі туралы» деген мақаласы шықты. Онда М.Әуезовтің абайтанудағы идеологиялық бұрмалаушылықтары жөніндегі қажетті пікірлердің бір бөлігі ғана қамтылды. Бірақ та ол бұл сынға кеңес жазушысы әрі ғалымы ретінде қарамады. Өзінің маркситік ілімге қарсы көзқарасының әшкереленіп қалу қаупінен сескеніп (редакцияның өтініші бойынша оның аты мақалада аталмаса да), М.Әуезов мерзімді бспасөзде біраз мақала жариялады («Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысы, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас»), онда ол өзінің жоғарыда талданған 1934 жылғы мақаласындағы қателіктерді өктемдікпен қорғап, өзінің қарсыласына шабуылдаумен болды.
Әуезов әдебиеттанудағы өзінің көзқарастарын насихаттау және оны тарату үшін ғылыми кадрларды пайдалануға тырысады...
Өзінің зиянды идеялық ұстанымын күшейте түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттануындағы «ғылымға қарсы тұжырымын» нығайтуға тырысады. Осы мақсатпен ол Қ.Мұхамедхановтың Абайдың ақындық мектебі туралы диссертациясын сондай мұқият дайындатты, онда М.Әуезовтің өткендегі қателері мен бұрмалаушылықтары барынша жинақталған. Диссертация ашық және көлегейлеп жеткізілген маркстік ілімге қарсы материалдарға лықа толып тұрған болып шықты. Алайда Әуезовтің бұл ретте жолы болмады. Ғылыми кеңестің Мұхамедхановка берілген ғылыми дәрежесі қайтарылып алынды, ал оның авторы халық жауы ретінде әшкереленді. М.Әуезовтің осы диссертацияның тарихына байланысты ұстанымы өте өрескел. Ол тек қана идеялық шабыттандырушы ғана емес, осындай зиянды жұмыстың жетекшісі ғана емес, сонымен бірге оппоненті де болды. Ол Тіл және әдебиеттану институтының әдебиет секторында, институттың Ғылыми кеңесінде және Қазақ ССР Ғылым Академиясының қоғамтану ғылымдарының біріккен Ғылыми кеңесіндегі қорғау кезінде де оны қорғап сөйледі. Мұның барлығы, осындай барып тұрған зиянды диссертацияны қорғаштауы, М.Әуезовтің онда аса үлкен жеке мүддесі болғандығын байқатады...
Соңғы уақытта М.Әуезовтің бір кезде әшкереленген «теориялары мен тұжырымдарын тірілтуге ұмтылушылық байқалады. Міне, тура осыған орай партиялық баспасөзде З.Кедринаның М.Әуезовтің шығармашылығы туралы кітапшасы әділ сынға ұшырады. Оның өткендегі қателерін ақтауға, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы оның ұлтшылдық ашық әрекетін бүркемелеуге ұмтылуына дәлел ретінде мына жолда мысал бола алады: «Өзінің әдеби және қоғамдық қызметінің алғашқы жылдарында жас М.Әуезов революция ісіне шын жүрегімен пайдалы болуға тырысты... Оқу мен әкімшілік жұмысты қатар атқарды (21-бет). Бұл шындыққа сай дәлел емес. Бұл жылдары Әуезовтің кеңес өкіметінің жауы болғаны ешкімге құпия емес, оны өзі де мойындайды. 1950 жылы басылып шыққан «Абай» романына қосымша берілген «Өмірбаянында» ол «1932 жылдан кейін ғана кеңес жазушысы» есебінде қызмет істей бастағанын жазды. Содан кейін З.Кедрина өзінің кітабында М.Әуезовтің баяғыда ұмытылып кеткен зиянды туындысын ақтауға және Абай мектебі туралы жалған «тұжырымы мен теориясын» тірілтуге тырысады. Ол абайтанудың біраз мәселелерін бұрмалап баяндайды. Мұның барлығы М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен немесе үнсіз мақұлдауымен жүзеге асырылып отыр...
... Мұхтар Әуезов ұзақ уақыт бойы халық жауларының идеясын насихаттап, олардың өзін қолпаштап келді, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ...
... М.Әуезовтің тарапынан және оның жанашырларының тарапынан жіберілген, әр түрлі форма мен тәсілдер арқылы көрініс берген әрекеттердің барлығы да буржуазиялық ұлтшылдықты ашық немесе бүркемелеп насихаттау болып табылады. Қазақ әдебиеттануындағы ұлтшыл көзқарастар әлі де соңына дейін әшкереленіп біткен жоқ және біздің күресті қарқынды дамытуымызға үлкен тосқауыл қойып отыр.
Біздің мақсатымыз – буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресті ақырына дейін жеткізу».
Яғни, Мұхтар Әуезовті түрмеге қамап, жер аударту, яғни, Мұхтар Әуезовтің өз тілімен айтсақ, бұдан артық «тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет» Нұрышевтің «ақырына дейін, тамырына балта шабылғанға дейін күресуге» ант берген мақаласына М.Әуезов .
«Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтың мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген»,– деп баға берді.
Үзіндісі ғана алынып отырған «Литературная газетаның» редакциясына жолданған бұл «Ашық хат» маусым айының 2 жұлдызында өткен СССР Жазушылар Одағының басқарма жиналысында арнайы талқыланды. Оған Қазақстаннан Ә.Жаймурзин ресми шақырылды және Ә.Әбішев қатысты.
Ә.Жаймұрзин: «1953 жылдың май айында мен Орталық партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына емтихан беруге Москваға бардым. Жазушылар одағы бастығы жұмысынан босанғаным жоқ. Егер емтихан беріп түссем, Жазушылар одағының пленумын шақырып, сонда босанатын болып келіскенбіз. Алматыдан шығарда Москваға Жазушылар одағының қонақ үйінен номер сұрап телеграмма бергенмін. Келсем «Москва» қонақ үйінен номер даяр екен. Соған келіп тоқтадым. Таңертең тоғыздан аса бергенде телефон соғылды. Алсам Жазушылар одағынан екен: қазір К.Симонов жолдаспен сөйлесесіз – деді. Амандасып, хал-жай сұрасқаннан кейін, мен оған емтихан тапсыруға келгенімді айтып, одаққа кейін келемін деп едім: жоқ сіз маған қазір керексіз, сондықтан алдымен бізге соғыңыз – деді. Көп кешікпей К. Симоновтың хатшысы маған қандай номерлі машина кеткенін хабарлады.
Мен келгеннен кейін Симонов Қазақстан Жазушылар одағындағы хал-жағдайды сұрады. Мен қысқаша баяндап айтқаннан кейін өзінің мені неге шақырғанын айтып, бір кішкене парақ қағазды көрсетті. Онда: Сурков пен Симонов жолдасқа! Мына Әуезовтің арызын секретариаттың кеңейтілген мәжілісінде қарап, содан кейін менің қолыммен Орталық партия Комитетіне хат даярлаңыздар – деп тапсырыпты А.Фадеев жолдас. Сәрсенбі күніне секретариат мәжілісін шақырып отырмыз, соған сіздің қатысуыңыз қажет деді. Мен келістім. Келісілген мезгілге секретариат мүшелері мен шақырылған адамдар жиналды. Қазақстан Жазушылар одағынан Әуезов, Әбішев және мен болдым.
Секретариатты А.Сурков басқарды. Ол Әуезовтің Фадеевтің атына хат жазып, өзіне кейбір адамдардың ауыр-ауыр айып қоятынын, оның шындыққа жанаспайтынын, өзінің совет әдебиетіне шын ақ ниетімен қызмет істеп жүргенін, оған өзінің шығармаларының дәлел болатынын айтыпты. Өзінің атына тағылып жүрген орынсыз жалалардан қорғауды Жазушылар одағынан сұрапты. Секретариаттың осы мәселеге арналып отырғанын айтқаннан кейін, Сурков жолдас бірінші сөзді маған берді.
Мен он минут шамасында Қазақстан Жазушылар одағындағы жағдайды айтып, республиканың партия, үкімет орындарында да, Жазушылар одағында да Әуезов жөнінде жаман пікір жоқ екендігін, оны аса көрнекті совет жазушысы деп санайтынын айттым. Сонымен қатар кейбір адамдардың Әуезов жөнінде жаңсақ, біржакты теріс пікірлерінің барлығын, олардың кейде баспасөз беттерінде жарық көргенін де баяндадым. Ашық болмағанымен кейбір жазушылардың іштей оны қолдайтыны да жоқ емес – дедім. Қазақстан жазушыларының бір мәжілісінде Сәбит Мұқанов алдында отырған Әуезовке көзінше оны «халық жауы Әуезов» дегенін, мен оның бұл сөзінің дұрыс еместігін айтып ескерту жасауға мәжбүр болғанымды да жасырғаным жоқ.
Бұдан кейін Сурков сөзді Әуезовке берді. Секретариатта Н.Тихонов, Л.Леонов, В.Кожевников, СССР Ғылым академиясындағы Әлем әдебиеті институты партия ұйымының хатшысы, ғылым кандидаты А. Петросян қатынасып отырды.
Мен Әуезовтің талай сөйлегенін де, жасаған баяндамаларын да тыңдаған адаммын. Бірақ оның мұндай көсіліп терең де тебірене сөйлегенін бірінші рет естідім. Сөзі 30-35 минутқа созылды, отырған жұрт ұйып, мейлінше зер салып тыңдады.
Мұхаң сөзін өзін Россия империясы отарының шеттегі түкпірінен шыққан қазақ халқының жас интеллигенциясы қатарына жатқызатынын айтты. Ұлы Октябрь революциясын олардың қуана қарсы алғанын, бірақ оны алғашында жете түсіне алмаушылықтың болғанын да айта келіп: біз бірнеше есіктерді қақтық, одан түрліше дүбір-дауыс естідік, кейбіреулер дұрыс есікке тап болып, дұрыс жолға түсті, ал кейбіреулері жаңсақ дүбірге ілесіп кетіп қателесті де – деп күлді. Мен солардың бірімін – деді де, әлеуметтік революция сияқты ұлы өзгерісті бірден түсіне қою оңайға түспейтін мәселе екендігі қайсымызға болса да түсінікті ғой. Шынымды айтсам, достарым-ау В. И. Лениндей көсемдерің бола тұрып, М.Горькийдей ұстаздарың бола тұрып, сіздер де сол кезде шатаспап па едіңіздер – дегенде, жұрт ду күліп жіберді. Өмірде сөзге сараң Л.Леонов Н. Тихоновқа карай қолын нұсқап:соның біреуі міне алдыңызда отыр – деп рахаттана күлді.
Бұдан кейін Мұхаң өзінің жазушылық жолына шолу жасады: Социалистік реализмге мен тура жолмен келгенім жок. Менің жолым соқпағы көп жол. Мен бір кезде романтизммен әуестендім. Шын мәнінде оны меңгергім келіп өзімнің жазушылық мүмкіншілігімді байқап бақтым, шынын айтқанда мен натурализмді де теріс көргенім жоқ – дей келіп, жалпы жазушы өзінің творчествосында қандай жолмен жүруге де ерікті деп есептеймін – деді де, – бұл кезеңді өзінің жазушылық шеберлігін жетілдіре түсуге ұмтылу жолым деп білемін – деді. Социалистік реализмнің теория жақтарында әлі де ойланатын проблемалар жеткілікті – дей келіп, шын мәнінде социалистік реализмді жазушы өзінің шығармалары арқылы іске асыра алады, осыны бірден бір дұрыс жол деп есептеймін – деді.
– Мен өзімді социалистік реализм жолына шын ниетіммен келдім деп айта аламын. Оны мен қалай меңгере алдым, өз шығармаларымда іске асыра алдым ба, жоқ па, оған әділ төреші өздеріңсіңдер, соны ашық айтуларынды сұрар едім деді. Сіздерден сұрайтын бір-ақ тілегім бар – кемшіліктерімді жасырмай тура айтыңыздар, мен оған түк ренжімеймін – деп барып тоқтады.
Мұхаңның сөзі аяқталған бойда А.Сурков орнынан атып тұрып (өзі өте бір шапшаң адам болатын) сөйлеп кеп кетті. Ең алдымен ол қазақ әдебиеті туысқан республикалар әдебиеттерінің ішінде ең жедел өсіп келе жатқан, келешегінен үлкен үміт күттіретін әдебиет екенін айтты. Қазір онда барлық жанрда өз қолтаңбасы бар шығармалар көптеп шыға бастады. Ең үлкен мақтаныш – ондағы қалыптасқан жазушы кадрлары. Бұл әдебиет бізге Жамбылды берді, Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті, Ғабиденді берді. Бұлардың аты одаққа ғана емес, шет елдерге де белгілі болып отыр. Біз мұндай әдебиетті кім көрінгеннің қолжаулығына бере алмаймыз, қазақ әдебиетінің кадрларын орынсыз қаралаудан, жаладан қорғау біздің азаматтық борышымыз – деді.
– Біздің бүгінгі мәжілісіміздің тақырыбы Мұхтар Омархановичтің хаты болғандықтан, бұл мәселе жөнінде комиссия құру дұрыс болар деп ойлаймын, қарсы болмасаңыздар оның құрамына мына жолдастардан болсын: бастығы Н.Тихонов, құрамы – К.Симонов, Л.Леонов, В.Кожевников, Ә.Жаймурзин, А.Петросян, М.Әуезовтің өзі кірсін,–деді.
Секретариат мәжілісінен кейін Н.Тихонов жолдас комиссия мүшелерін қалдырып қысқаша пікір алысты. «Жаңа мен кішкене кешігіп келіп сөз сұрай алмай қалдым, сондықтан маған сөйлеуге рұхсат беріңіз»,– деп Вадим Кожевников сөз алды. Ол өте қызу сөйледі. Ең алдымен «Знамя» журналы редакциясының Әуезовтің романын жариялау үстінде автормен бірігіп тізе қоса отырып істеген жүмыстарын баяндады. Алматыдан Әуезовті екі рет арнайы шақырып алып, істескен жұмыстарын талдап айта келіп, автордың редколлегия мүшелерінің ескертулеріне құлақ асып, шығармасын көп жөндегенін мәлімдеді. Роман жарияланғаннан кейін оқушылардан көп хат алғандарын, оның қашан жеке кітап болып шығуын күтуде екенін баяндады. Сөзінің аяғында: егер осы романда саяси қате бар дейтін болса, ұлтшылдық бар дейтін болса мен оған Әуезовпен бірдей жауаптымын, мені де ұлтшыл деулеріңе болады,– деп жұртты бір күлдірді.
Комиссия мүшелері пікір алысқаннан кейін Тихонов жолдас: Орталық Комитетке жазылатын хаттың жобасын жазуды Симонов пен Петросянга тапсыралық, келесі мәжілісте сол жоба айналасында сөйлесетін болалық,– деп қорытты.
Келесі мәжіліс «Литературная газетаның» редакторы Симонов жолдастың кабинетінде өтті. Хаттың жобасына комиссия мүшелерінің ұсыныстарын енгізгеннен кейін, хат толық кабылданып, секретариатқа берілсін деп келісілді. Секретариаттың бұдан кейінгі мәжілісін Симонов жолдас басқарып, хатты қабылдап, А. Фадеев жолдасқа қол қоюға жіберді».
К.Симонов: «Секретариаттың тапсырмасы бойынша құрылған комиссия мүшелері, құрамында Тихонов, Кожевников және мен бар, Әуезовтің өтінішіне байланысты барлық маетриалдармен танысып шықтық, Әуезовтің өзімен әңгімелестік, бұл іске Жаймурзинді де тарттық, сөйтіп, бір пікірге келіп, мынадай Қаулыны секретариаттың бекітуіне ұсындық».
Қаулы: Комиссияның ұсынысы бекітілсін.
1. Абайдың шығармашылығы туралы М.Әуезовтің еңбегіне іскер сын айтудың орынына кеңес жазушысы М.Әуезовке саяси қысым көрсетуге ұмтылған С.Нұрышевтің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысының» 1953 жылғы №4 санындағы жарияланымындағы ұстанған бағытының дұрыс емес екендігі туралы мақала жариялау «Литературная газетаға» тапсырылсын.
2. Әуезов пен Мұқанов жолдастарға: екеуі бірігіп республикалық баспасөзде ашық хат жариялау ұсынылсын, бұл хатта олар: екеуінің арасында қалыптасып отырған зиянды, қырғиқабақ қарым-қатынастың топшылдыққа алып келгендігін толық ашып көрсетсін.
М.О.Әуезов: Сіздердің шешімдеріңіз – ең жанашыр, ең парасатты, ең әділ шешім, мен мұны қабылдаймын. Партия ұйымы да мұны мағынасыз топшылдық деп баға берген. Біздің екеумізде – жауапты, барынша саналы адамдармыз. Сондықтан да мұны Мұқановқа да жолдастықпен, сендіре жеткізу керек».
Міне, егесе ырғасқан екі тұлғаның жеткен жері осы болды. Бұл қаулы екеуіне қажет пе еді? Иә, екеуіне де қажет еді. Өйткені жеке бастарын ғана емес, мұқым бір ұлттың зиялы қауымын екі жарған бұл жікшілдіктің тамыры, шын мағынасынан алғанда, түбінде бір қиылуы тиіс болатын.
Қай қылығы татиды сұм өмірдің,
Татуды араз, аразды жат қыларға, –
деп Абай айтқандай, мына өмірде екеуін араз қылатындай санат сыбағасы жоқ болатын.
Өзінің «мендерін» жеңе алмаған, «менікі» дегендері түптің түбінде кімді екеніне, кімнің мүддесіне қызмет ететініне сенгісі келмеген сананың сағымды сабылысы ақыры ұлттық рухани жіктелуіне әкеп соқты. Бірін бірі қиындыққа қиды. Тығырыққа тіреді. Егерде Әуезов түрменің табалдырығын бүгін аттаса, ертеңінде Мұқанов оның есігін қағып тұратыны анық еді. Ол мұны соңғы сәтте ғана түсінді. Сенген партиясы одан бетін теріс бұра бастағанын іштей сезді. Алайда біріккен ашық хат жарияланбай қалды. Әлде, Мұқанов оған бойсынғысы келмеді ме, әлде, екеуінің табысуын құзырлы мекемелер қош көрмеді ме, ол жағы әл-әзір бірге беймағлұм.
Сонымен, СССР Жазушылар одағы басқармасындағы талқылау байыпты өтті. Мұхтар Әуезовтің ұлтшылдығы дәлелденбеді, жергілікті жердің айыптаулары негізсіз байбалам, орталықтың сыны жазушыға емес, сыншыларға арналған – деп шешті. Бұл жиналыстың шешімі КПСС Орталық Комитетіне жіберілді. М.Әуезов Алматыға қайтпай, Мәскеуде қалып, күзден бастап Москва университетінің профессоры қызметіне орналасатын боп ұйғарылды. Бірақ «қалдырмасы» қалдырмады, тура сол күні «Казахстанская правда» газеті бұдан да сойқан «сый дайындап», «Абай» романын «халыққа жат шығарма, М.Әуезовті – ұлтшыл-буржуазияның, алашорданың идеологі деп жариялаған еді. Таңертеңгі сағат онда басталған бұл мәжіліс өтіп жатқанда ол хабарды Әуезовтің естімеуі мүмкін еді.
Сол мәжіліске М.Әуезов «Менің қателерім жайында» атты «Литературная газетаға» арналған бұрынғы ашық хаттың мәтінін қайтадан өңдеп, оқуға дайындап апарды. Тағдырының қыл үстінде тұрғандығына анық көзі жеткен М.Әуезов бұл хатында «Абай» романының негізгі желілерінен бас тартуға дейін барды.
Бұл хаттағы пікірлер: өмірден түңілген, жанталаса жаныққан, рухы ұшып, сүлдері қалған пенденің алдыңғы сөздеріндегі ойлардың жаңғырығы, Мұхтар Әуезовтің ант мезгілі еді.
