- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •«2. Мәдениет майданы
- •1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
- •Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
- •1.Устряловшылдық1. Бұндай әдіс бізде – Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды.
- •2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер.
- •1. 1916 Жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
- •2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
- •2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
- •2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.
- •3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:
- •4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •1944 Жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
- •1944 Жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
- •1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ сср Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
- •2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
- •3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
- •7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
- •Менің қателерім жайында
- •1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
- •2) Егерде м.Әуезовтің қателіктері болса, онда баяндамашы ол туралы неге үндемейді?
- •3)Егерде автордың өзіндік көзқарасы болмаса, онда осыншама көлемді баяндаманы жазудың не қажеттілігі бар, ол кімге керек?
- •1) Жырдың шығу кезеңін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларын салыстыра отырып анықтау қажет. Бір ғана нұсқаға жүгіну дұрыс емес.
- •«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
- •3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..
- •Қосымша
- •Менің қателерім жайында
- •Қосымша бывшие виднейшие руководители алаш-орды
- •1946 Жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.
- •XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.
Қалың қауымның дана ұстазы мен тәрбиешісі Ленин-Сталин партиясы біздің өміріміздегі кез-келген саласында, ешкімнің бет-жүзіне қарамастан барлық қызметкерлердің арасында сын мен өзара сынды жан-жақты өрістете отырып, кеңес халқын социализм мен коммунизмге қарсы және оған жат пиғылдармен ымырасыз тұрақты түрде күресуге баулып келеді. Дәл осындай сынның менің бүкіл өміріме тигізген әсері зор болғандықтан да мен оны өте жоғары бағалаймын. Менің жазушы ретінде, қайраткер ретінде қалыптасуыма Кеңестік Отанның және коммунистік партияның тәрбиелік әсерінің игі ықпал еткеніне жандүниеммен де, өміріммен де қарыздармын деп есептеймін.
Жоғарыдағы айтқандарымның айғағы есебінде, «Правда» да жарияланған «Сынау орнына мадақтау» атты мақаланы, ондағы көтерілген нақты мәселелермен менің творчествома қатысты айтылған сынның шеңберінде ғана ой қорытқам жоқ, сонымен қатар мақалада сыналған жайларды ойша тағы бір сүзіп шыға отырып, өз шығармаларымда жіберген басқа да қателіктерімді санамда саралап шықтым.
Менің атыма қатысты жекелеген әдеби деректерді, идеялық бұрмалаушылықтарды өзім үшін де, оқырман үшін де өзімнің бойымдағы барлық іріп-шіріген керітартпалық, зиянды қасиеттерімді айыптап, сыртқа лақтырып, өзімді өзім жазғырамын.
Өткендегі өзімнің қателіктерімді осы бас тартуым арқылы кеңес оқырмандарының алдындағы бұдан былайғы жауапкершілігімді бұрынғыдан да терең сезінуге және социалистік қоғамның игілігіне қызмет етіп келген ілгері еңбектеріме қоса тың дүниелер беру арқылы кеңес жазушысының Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге тырысамын.
Сондай ойдың түйінді ұшығы есебінде мен «Правданың» мақаласында сыналған З.Кедринаның мен туралы кітабына тоқталамын. Бұл кітап «Правданың» мақалада әділ атап өтілгеніндей ең басты көкейтесті мәселеге жауап бере алмайды. Барлық кеңес жазушылары сияқты, М.Әуезов те мадақтау мен сылап-сипауды дәме етпейді, керісінше, табысы мен кемшілігін қатар көрсететін принципті және әділ сынды күтеді.
Кітаптың ең басты кемшілігі – менің өзім 1932 жылы қатты сынаған ұлтшылдық бағыттағы әрекеттерімді жұмсарта көрсеткен, сол арқылы қате пікірлер білдіріп, оқырманды алдаған.
Менің қателігім Кедринаның бұл еңбегінен өзімді өзім шеттеткеніме, ал байыбына салсақ, тірі автор ретінде, менің өмірімнің алғашқы кезеңі туралы жазылған тұсты партиялық қатаң, сыншыл-әшкерелеу тұрғысынан жауапкершілікпен қарап шығып, З.Кедринаны өрескел қателіктерден сақтандыруым керек еді.
Менің Абай туралы романымдағы кемшіліктерді ескерткен «Правданың» мақаласына орай өзімнің тарихты тануымдағы бір-біріне тізбектеліп, өзара үйлесіп жатқан, романда суреттелген бір ғана жайға тоқталамын. Бұл жай, бірінші, Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселелер, екінші, «Абай мектебі» дейтін мәселе қақында және үшінші, осы аталғандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың өкілдері болып саналатын кейбір тарихи тұлғалардың әсіреленіп суреттелуі.
Абайдың ақындық мектебі туралы қате болып шыққан көзқарасымның ықпалымен жүре «Абай» романының жалғасы «Ақын аға» атты кітап жаздым. Бұл кітапта мен ескішіл, реакционер Көкбайды романның жағымды бейнелерінің бірі, ақын Абайдың озық өнерін бойына сіңіре білген адам етіп көрсеттім. Ал Көкбай болса, қазақтың еңбекші халқының қас дұспаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді.
1951 жылы жарияланған «Правданың» «Қазақстан тарихы мәселелері марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласы Кенесары қозғалысының қазақ еңбекші халқына жау мазмұнын әшкереледі. Оны мадақтаушы буржуазиялық-ұлтшыл тарихшыларды таңбалады. Осының артынан Қазақстан Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы бірігіп «Абайтану» жөнінде дискуссия ұйымдастырды да, сол дискуссияға қортынды жасады. Осы аталған жайлардың барлығы «Ақын аға» романындағы менің қате, залалды түсініктерімді түгелімен қайта қарап түзеуіме шешуші себеп болды.
«Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп сезінудің нәтижесінде ғана мен романымның біраз жерін қайтадан өңдеуге мүмкіндік алдым. 1951 жылы «Знамя» журналының беттерінде «Абай жолы» деген атпен романның жаңа нұсқасын жарияладым, сол нұсқаға сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта мен Абайдың атынан Кенесары қозғалысы мен оның өміріне, ол туралы поэманың авторы Көкбайға да қатты сын айтқыздым.
Осыған байланысты «Абай мектебі»деп айтылып жүрген қателіктерімнің түп тамыры туралы айта кетуді қажет деп санаймын. Бұл мәселе баяғыда, 1933 жылғы абайтану жөніндегі менің қате, бір жақты пікірімнен басталды. Істің жайы былай: Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері мен өмірбаяндық деректерін кешігіп барып жинағандықтан да, ауыз екі тілде айтқан куәлік сөздер мен естеліктерді сын көзбен қарамай, олардың мәліметтеріне қалтқысыз сеніммен қарадым. Мен олардың маған жеткізген деректеріне дер кезінде қатал сыншылдықпен қарай алмадым. Көкбайдың және Абайдың өзге де замандастарының мұрасындағы халық мүддесіне қарсы және бізге жат екендігін анықтай алмадым.
Сол Көкбай алуандас кейбір адамдар жөніндегі менің теріс түсінігім 1939 жылы мен жариялаған Абайдың өмірбаянына да араласты. Және «Правданың» 30-ақпанда жариялаған мақаласында дұрыс көрсетілгеніндей, дәл осы жағдай, кейбір жалған «шәкірттер» туралы айтқан менің жағымды пікірлерім Абай шығармаларының орысшаға аударылған басылымында да орын алды. Сол сияқты бұл жағдай осы тақырып жөніндегі кейбір жұмыстарым мен рецензияларымда да қайталанды.
Абайдың өмірі мен ақындығы жөніндегі зерттеулеріме және ол туралы романыма Қазақстандағы әдебиеттану ғылымында кең орын алған бірыңғай ағым теориясының ықпалынан да шыға алмадым. Мұның салдары «Абай» романының алғашқы тарауында, Абайдың бала кезін суреттегенде Бұқар, Шортанбай сияқты керітартпа ақындарды жағымды жақтарынан көрсетуіме әкеп соқтырды. Халықтың мұрат-мақсатын жырлайтын халықтық ақынның образын жасау үшін ешқандай да тарихи дерекке сүйенбестен, өзімнің ойымнан шығарылған Дулат деген кісі атын пайдаландым. Мен бұл арада оқу құралдарында, жекелеген басылымдарда орынсыз мадақталып жүрген, халықтық ақын делініп келген Дулаттың атына көрсетілген құрметке сеніп қалыппын, орынсыз құрмет көрсетіппін.
Жоғарыда атап өткенімдей, әдебиет зерттеушісі есебінде бірыңғай ағым теориясының маған жасаған ықпалы осы тұста «Абай» романының алғашқы тарауларына теріс әсер етті.
Абай туралы жазылған шығармаларымды бұдан әрі ұқыпты және қатал түрде қарап шығуды, сондай-ақ қажет болған жағдайда оны барынша қайтадан өңдеуді өзімнің парызым деп есептеймін. Романдардың жаңа басылымында, Абай туралы романдар жүйесін қорытындылайтын соңғы «Абай жолы» атты кітабімда идеялық-көремдік жағынан барынша толыққанды дәрежеге жеткізу барысында бұл міндетті орындаймын деген ойдамын.
Қазақ және орыс тілдерінде жарияланған менің басқа да зерттеу мақалаларымдағы идеялық-саяси қателіктерімді «Правда» газетінің мақаласы орынды атап өткен. «Правда» да басылған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақаланы талқылау барысында және одан кейінгі кездегі талқылауларда қателіктерімнің бір қаншасын атап-атап бергемін. Бұл мақалада өзімнің зерттеулерімдегі қателіктерімнің барлығын түсіндіріп беру мүмкін емес болғандықтан да, осы тектес жұмыстарымның барлығына ортақ және ең басты жайды ғана мағлұмдаймын.
Бұл мәселенің түп төркіні мынау: мен әдебиеттану ғылымына маркстік-лениндік методология саласынан хабарым аз және білмейтін кезде араластым. Отыз жылдан астам уақыт ішінде өмірімнің әр белеңдерінде көп мақалалар, пікірлер, зерттеулер жаздым және кейбір мәселелер жөнінде баспасөзде бірінші боп пікір білдірдім. Соның барлығын екшей келе менің 1932 жылға дейінгі буржуазияшыл-ұлтшыл идеяны ұстанған көзқарастарымды былай қойғанда, одан кейін де, өзімнің осы өткен күндерімді қатты айыптаған соң да идеялық-творчестволық тұрғыдан ілгері серпіле ұшқан едім, бірақ та мен ұзақ уақытқа дейін (1948-1950 жылға дейін) аса жоғары бағаланып келген, жоғары оқу орындарында, оқулықтарда, жоғары оқу орындарындағы әдебиеттану саласындағы оқу құралдарында идеялық-методологиялық тұрғыдан қате тұжырымдалып келген, ғылымға жат буржуазиялық обьективті бірыңғай ағым теориясын кеңес ғылымының нағыз жетістігі деп түсініп келдім.
Өзімнің барлық қателіктерімді шын пиғылыммен мойындайтындығыма қарамастан, мен, сонымен қатар Қазақстандағы кейбір ғылыми қызметкерлердің маған қаратыла айтылған, көзімді құртып жіберуге бағытталған сойқан сынымен ешқашанда келіспеймін.
Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтың мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген.
«Казахстанская правда» газетінің 1951 жылғы 13 қазан күнгі санында абайтану мәселесі туралы пікір таласының қорытындысы ретінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президиумы мен Қазақстан кеңес жазушылары Президиумының біріккен қарары басылды, онда Әуезовтің қателіктерін сынаумен қоса оның романы туралы: «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы көпшілікке кеңінен танымал, онда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өмірінің суреттері шынайы берілген және Абайдың алдыңғы қатарлы ойшыл, ақын ретінде өсуін көрсеткен», – деп атап өтті.
Абайтану саласындағы істеген Әуезовтің еңбектерінен ешқандай жағымды әрекетті көрсетпеу үшін Нұрышев бұл туралы жұмған аузын ашпайды.
Жоғарыда аталып өткен екі президиумның абайтану жөніндегі біріккен қаулысында тек қана Әуезовтің ғана қатесі көрсетілмеген, сонымен қатар Мұқанов, Жұмалиев, Исмаилов, Жиреншин тағы басқалардың да аттары аталып, қателері айтылған. Олар арнайы мақсатты түрде шұғылданған тақырыптары бойынша оқулықтар құрастырды, очерктер мен программалар жасады. Абайтанудағы қателіктерді түзетуге тырысқан Нұрышев өз мақаласында оларды сөз арасында жанай атап қана өтуге дейін дәті барды. Шындығына келетін болсақ, оның бұл үнсіздігі тегін емес, қасақана бақстық, барлық кінәні Әуезовке ғана үйіп, оның бұрынғы ұлтшыл екенін желеу етіп, Абайдың асыл бейнесі үшін істеген оның барлық оң істерін жасырып, арандату үшін оның бұрынғы ұлтшыл екенін желеу етіп, барлық кінәні Әуезовке үйіп-төгу үшін жасаған.
Өзгені былай қойғанда Нұрышев менің Абайдың шығармалар жинағын тұңғыш бастырып шығарушы екендігімді де ұмытып кетеді, яғни, ақынның шығармаларының үштен бірі жоғалып біткен, архиві де, авторлық қолжазбасы да сақталмаған.
Осы уақытқа дейін, тіпті жекелеген кемшіліктері болса да, Абайдың өмірбаянын орыс және қазақ тілдерінде де тек менің ғана – ақынның жалғыз зерттеушісі – менің ғана жазғанымды ұмытып кетуі Нұрышевтің әділетсіздігі.
Менің осы еңбектеріме, дәлірек айтқанда 1939 жылы жарияланған Абай туралы мақалама ғана сүйеніп, Абай туралы менің қаламымнан 36 зерттеудің жазылғаннын қасақана көзге ілмейді: оның ішінде менің Абайға деген творчестволық көзқарасымды білдіретін мынадай еңбектерім бар: а). «Абай» пьесасы (Л.Соболевпен бірігіп жазылған) б). «Абай» операсының либреттосы в). «Абай» кинокартинасының сценарийі г). «Абай» романының бірінші кітабы д). «Абай» романының екінші кітабы с). «Абай жолы» романының бірінші кітабы.
Абайтану мәселелері жөнінде ғылымда әлі шешіліп болмаған проблемалар туралы айтылған менің пікірімнің барлығын Нұрышев өзінің мақаласында аямай қара бояу жағып, масқаралауға тырысады, мысалы Нұрышевтан көрі Әуезовтің басқаша ойлауы мүмкін ғой. Мысалы мына мәселер төңірегіндегі: Абайдың жас кезіндегі творчестволық кезеңі, оған шығыстық классикалық поэзияның әсері, «Евгений Онегиннің» Абай аудармасындағы ерекшеліктер т.б. қақындағы көзқарас алшақтықтары жөніндегі мәселелер.
Бұл дегеніміз екі жақтың пікірлері тең дәрежеде бағаланып, екшелуге тиісті нақты ғылымның проблемасы емес пе. Сондықтанда мен өзінің дәлелсіз, шала және ғылымға қарсы ойдан шығарылған долбарларын – марксистік көзқарас, ал оған қарсы айтылған Әуезовтің пікірлері – ұлтшылдық т.б. деп өрекпіген Нұрышевтің кекесіні мен қаралау бағытына түбірімен қарсымын. Орыстың классикалық әдебиетінің дәстүрі мен Абай творчествосының арасындағы терең тамырлы байланыстың бар екендігі туралы арнайы жазылған менің мақалаларымды Нұрышевтің оқырманнан жасырып қалуы кездейсоқтық емес және олардың саны біреу емес бірнешеу, дәл осы мәселеге арналған менің біраз еңбектерім Москва басылымдарында да жарияланған.
Қазақ эпосы жөнінде өткізілген 1953 жылғы 13 көкегіндегі дискуссияда жасаған баяндамасын «Қазақ ССР Ғылым Академиясының хабаршысының» сол санында жариялаған М.Ғабдуллин де осы бағытты ұстанған. Эпос жөніндегі менің еңбектерімнен, тіпті менің бүкіл ғылыми қайраткерлігімнен ешқандай жақсылық пен жағымды сыпатты таппай, өзінің баяндамасында біржақты, асыра қаралауға тырысқан баға береді.
Ол өзінің және басқа да зерттеушілердің ұсақ-түйек қателіктерін тапқан тұсты жадағайлап өтеді де, тура сол мәселеге байланысты менің еңбектерімнен буржуазиялық-ұлтшылдық, контробандалық идеяны қастандықпен қасақана кіргізгенімді «байқайды». Тіпті М.Ғабдуллин қыза-қыза келе қазақ әдебиетінің бірінші томын әзірлеу барысында оған қазіргі кезде буржуазияшыл-ұлтшылдығы әшкерелеген Исмаилов пен Жұмалиеві қатыстырдың деп кінә тағады, ол кезде бұл екеуі де осы томды дайындап жатқан Тіл және әдебиет институтының белді қызметкерлері еді, ал М.Ғабдуллиннің өзі осы институттың директоры болатын.
Өзінің дискуссияда сөйлеген сөзінде «жазушы Әуезов туралы айтып жатпаймын» деп М.Ғабдуллин қасақана тоқталмай кетті. Ал шындығына жүгінсек, эпостағы оқиғаларды театрға лайықтап жазу барысында мен жазушы, драматург ретінде творчестволық тұрғыдан өңдеп, өзімінің ғалым ретінде жіберген қателіктерімді түзеттім ғой. Әрине, қандай да бір үлкен жұмыс бітіру арқылы өзіңнің бүркемелеуге келмейтін қателіктерің де болады. Алайда кез-келген қателікті желеу етіп сызып тастау арқылы әділетсіздікке жол беретін еңбектер де болады екен.
Мен өз қателіктерімді мойындап келдім, қазір де мойындаймын, бірақ та менің қателіктерімді еселей өсіріп, өзім кінәлі емес жайларды айып ретінде таққан жаланы мойындай алмаймын. Маған тағылған әділетсіз жалаларды мен мойныма алмаймын. Маған деген күдікті әр түрлі мақсатты көздеген ішкі күмәндарынан шыққан жаланың негізінде М.Ғабдуллин мен туралы бір кезде өзім айыптаған өткен жылдардың шылауында, шырмауында қалды деп үкім шығарды. Менің еңбектерімді кекесінмен мазақтай отырып жоққа шығаруға, біздің партиямыз бен бүкіл кеңес жұртшылығы боп бір кездегі қателіктерім мен адасуымның шырмауынан шығуыма қол ұшын берген өмір кезеңіне мені әдейі зорлап апарып таңуға ұмтылған мұндай әрекеттерге жандүниеңмен наразы болып қарсы шықпау мүмкін емес. Өзімнің өткендегі өмірімді үзілді-кесілді айыптай отырып, содан кейінгі жылдары, бүгін де, болашақта да өз творчеством арқылы кеңес халқына пайдамды тигізуді шын жүрекпен көздедім. Көп жылдардан бергі менің қоғамдық жұмыстардағы ізденістерім соған дәлел бола алады.
Өткен он жылдағы және таяу болашақтағы менің творчестволық қайнарымның көзі мен негізгі арнасы – қазақ халқының жүз жылдық дәуірін қамтитын менің романдарым болмақ. Бұл тарихтың алғашқы елу жылын классик ақын – Абайдың есімімен байланыстырамын. Өз халқымның тарихындағы ең жауапты кезеңдегі даму процесін терең бейнелі түрде жеткізу үшін оның ұлы тұлғасы мен қоғамдық мұрат-мүддесін, ескі өмірмен алысқан ұзақ күресін, оның тағдырын социализмнің көзқарасы тұрғысынан бейнелемекпін. 13 жастағы елгезек және өзгенің қайғысына ортақтаса білетін сезімтал жеткіншек кезінен бастап ұлы ойшыл ақын дәрежесіне жеткенге дейінгі Абайдың бірте-бірте өсу жолын, өз халқының бақытты болашағы үшін күрескен күрескер Россиядағы барлық алдыңғы қатарлы және ұлы идеялармен одақтаса жүріп жүзеге асырғандығын бейнелей отырып, мен ескі өмірдің идеологиясына, салт-санасына, ислам дінінің қалыптасу кезеңдеріне, ұлтшылдықтың реакцияшыл бағыттарына және де басқа көріністерге деген көзқарастарымды қайта қараймын. Бұл ретте мен тек менің өткендегі өзімнің қателіктерімді ғана қайтадан екшеп қоймаймын, сонымен қатар халықтан шыққан халықтың рухани мақсатының шамшырағына айналған Абаймен бірге жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының әр түрлі қатпарларындағы идеологиялық, тұрмыстық, саяси реакциялық, артта қалушылық сияқты барлық қайшылықтарды айыптаймын. «Абай» және «Абай жолы» атты екі роман осы бір ең қиын әрі ұзақ дәуірді қамтуға арналған. Биыл «Абай жолының» екінші кітабын тәмамдаймын, сонымен революцияға дейінгі романдар жүйесін аяқтаймын.
Одан кейінгі социалистік заман тұсындағы қазақ халқының тарихын бейнелейтін төрт романды жаңа жүйеге көшемін.
Өмір құбылыстарының, адамдардың тағдырының кеңінен қамтылуы жағынан «Абаймен» үндесіп жатады. Бірінші кітапта байдың қойын бағып жүрген жалшы бала төртінші кітапта аса ірі ғылым қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Жас жұмысшы-шахтер, аса ірі инженер-құрылысшы, академик атанады.
Бұл кейіпкерлердің тағдырлары арқылы қазақ социалистік ұлтының, қазақ халқының тарихи жолының қалыптасуына көсемдеріміз Ленин-Сталиннің сызып берген жолымен азиаттық орта ғасырдан коммунизмнің табалдырығын аттаған, бір ұрпақтың жарты ғасырлық немесе қырық жылдық өмірі қамтылады. Өз халқының ұлы ақыны, дана перзенті нақты көрінбегенімен, бірақ оның халқының ортасындағы өмірі өзі армандаған сөзі арқылы үнемі бірге жүреді. Кеңес дәуірін бейнелейтін төрт романның ішінде Абай дәуірінің біздің заманымыздағы тірі куәсі болып бұл күндері шау тартқан, бір кезде жаны жас бір кездегі Абайдың ең сүйікті жас досы, еркелетіп өсірген, тәрбие берген Дәрмен қатысады. Абай өлген кезде оның өлеңдерін аманатқа алған ол бұл жырды революцияға дейінгі қараңғылықтан алып шығып, кеңес халқына жеткізеді. Оның бейнесі бірте бірте романнан романға ауысып, Сталиндік заманның даңқы мен жеңісінің ұлы жыршысына айналады.
Сонымен Ұлы Отан соғысынан кейінгі одақтас туысқан халықтардың бақыты мен айнымас достығын жыр еткен тоқсан жастағы Дәрмен образымен қазақ халқының жүз жылдық тарихын қамтитын соңғы романның соңғы сәттері аяқталады.
Абайдың әкесінің бұйрығымен түйенің өркешіне дарға асып өлтірген Қодардың өлімімен басталған өткен дәуір туралы романдар жүйесі Абайдың ақындық дәстүрін Дәрменнің аманатқа алуымен аяқталады (Кінәсіз дарға асылған Қодардың немересі). Ал романдардың екіншші жүйесі барлық туысқан халықтардың өткен дәуірден ұмытылмай келген данышпан ұлдарының өлмес мұрасы сияқты Абай жырлаған мұқым халықтың бақыты туралы әнмен аяқталады, бұл жүз жылдық мерзімді қамтитын романдар жүйесі – халықтың аңсаған асыл мұратын туғызған және соның салтанатын жырлаған әні туралы болмақ.
Қазір романдардың бірінші жүйесінен екіншісіне өтетін көпір іспетті «Абай жолының» екінші кітабын жазу барысында мен болашақ романымның кейіпкерлеріне айналатын революцияның алғашқы күндерінен бастап біздің заманымызға дейінгі аралықта өмір сүретін үлкен тарихи жолды жүріп өткен, патриархалды-феодалдық дәстүрдегі даланың тағылығынан босанып шығып партия қайраткеріне, ғалым дәрежесіне жетіп, дәл бүгінгі біздің дәуіріміздегі тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдықты әшкерелейтін қазақ әйелінің образын дайындап жатырмын. Әрине, оның тағдыры Қазақстандағы аса ірі кезеңдік оқиғалармен қоса өрілетіні өзінен өзі белгілі. Біздің революциялық тарихымыздың қаһармандарының эпикалық шежіресіне шолу, творчестволық барлау ретінде әзірше тек қана осы әйелдің бейнесіне тоқталамын. Ал романның келесі жүйесінде бұл әйел образы өзге де әр түрлі жастағы кейіпкерлер мен әлеуметтік орталардағы оқиғаларға араласып отырады.
Міне, менің творчестволық өмірімнің негізін анықтайтын, өмірлік мақсаттарымның күре тамырын көрсететін ісім мен ойларым осындай.
Кімде кім менің асқан творчестволық құштарлықпен кеңес халқына қызмет етуге ұмтылған еңбегімді ескергісі келмесе және менің барлық еңбек жетістіктерімді есептен шығарып тастағысы келсе – мен оған шын ниетіммен сенемін – онда ол адам тек маған ғана кесірін тигізіп қоймайды, одан да үлкен, ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ одан да үлкен, біздің даулы мақалаларымыздан да жоғары қасиеттерге нұқсан келтіреді. 1953 ж. 18 мамыр, Москва».
5.
Мұндағы пікірлер – Мұхтар Әуезовтің өзінің шын көңілінен шыққан пікірлер емес, қысымнан құтылудың кезекті бір амалы ғана сияқты еді. Себебі, бұл хаттағы тұжырымдар бойынша М.Әуезов өзінің бүкіл шығармашылығынан бас тартты. Сонда М.Әуезовті қадір тұтатындай не қалды өзі? Ештеңе де. Тек құр сүлдері қалды. Жазалауға негізделген идеология үшін қажеті де сол тірі сүлдерін қалдыру еді.
Өкініштісі, жанталаса жүріп «Абай» романының әуелгі желісі мен көркемдік идеясына көптеген өзгерістерді енгізіп үлгерді. Қазір де сол өзгерген қалпында жарияланып келеді. Бұл өзгерістер біздің «Бесігіңді ая!..» және «Құнанбай» атты әфсаналарымызда толығымен салыстырыла зерттелгендіктен де оған тоқталмаймыз. Өйткені бұл басылымның мақсаты кеңестік жазалау талқысын деректер мен құжаттар арқылы әшкерелеу.
Сол тұста Берия қолға алынғанда, кеңестік билік тәсілі әшкерелеудің жаңа науқанын бастайды – деп күтіп, өздерін сақтандыру шараларын қамдастырды. Осындай талмалы тұсты қапы жібермеу үшін М.Әуезовке ең соңғы, ең қастаншықпағыр, ең қиянатты соққы берілді. Қазақстанның Орталық Комитеті мен жазалау мекемелерінің құдіретті шеңгелін білдіргісі келгендей 1953 жылдың 2 маусымы күні «Казахстансая правда» газетінде белгісіз автордың «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» атты мақаласы найзағай боп ойнап өтті.
Бұл – Мұхтар Әуезовтің толық талқандалып, қазақ ұлты «Абай» романынан айырылуының алғашқы қаралы дабылы әрі қазақстандық идеология жасақтарының қауқарсыз қалмағанын сездіретін «айбарлы шара» еді. Мақаланың авторларын, біреулер газет редакторы К.И.Никитин десе, хаттаманы жақсы білетін Әбілмәжін Жұмабаев – Брагин деп анық сеніммен айтты. Алдыңғысы Қазақстанда көп тұрақтай алмады, ал Брагин сүлдерін сүйретіп ұзақ жүрді.
«Абай» романының тағдыры талқыға түсіп жатқанда Мәскеуде бас сауғалап қалуға болмайтын. Сондықтан да Алматыға аттануына тура келді. Артында алаң қалмас үшін «Литературная газетаның» бас редакторы К.М.Симоновқа мынадай өтінішті тілше қалдырып кетті:
«Құрметті Константин Михайлович! Артық сөзбен, уақыт алатын кездесумен сіздің мазаңызды алмас үшін қайтар алдында сізге бір-екі ауыз сөз жазып кетіп отырмын, бәрінен бұрын менің ісіме, демек Одақтың ісіне зейін қойып, жанашырлық талаппен қараған сіздің адамгершілігіңізге өзімнің шынайы, жүрекжарды алғысымды білдіремін. Кетер алдында бір ғана өтінішім бар, ол мақаланың таяу арада жарық көруіне байланысты тілек. Ешқандай қарсылыққа ұшырамастан бірінің үстіне бірі үстемелеп қосылып жатқан Нұрышевтардың «жанашырлықтарының» салдарынан оның жариялануына ерекше қажеттілік тудырып отыр. Өйткені Академияның органында айтылған пікірдің өзін олар ғылымның ресми пікірі деп қабылдайды. Сөйтіп ол – талқылауларға, өзгертілген басылымдарға, жоғары оқу орындары мен мектептердің бағдарламасын қайта қарауға жалғасып кете береді. Софы Аллаяр айтқандай: «Көрпенің бір жібін үзсең, мың жібі тарқайды». Міне, сондықтан да сізден мақаланы тездетіп шығаруды өте, өте өтініп сұраймын, жалаңаш қалған жүйкенің шүйкеленуін бір күнге болса да тоқтатуға мүмкіндік алғым келеді. Сәлеммен Мұхтар Әуезов. Мәскеу».
Неге екені белгісіз, К.Симоновтың өзі комиссия мүшесі боп ұсыныс жасаған, өзі қаулы қабылдаттырған бұл ашық хат жарияланбай қалды. Сол тұста оның өзі де күдіктілердің қатарында болатын. М.Әуезовтің достарына айтқан пікіріне сүйенсек, ол хатты дер кезінде жариялауға К.Симоновтың қарбаластан қолы босамайтын кездесулері, жайбасарлығы мен ұмытшақтығы бөгет болған сияқты.
Қазіргі қазақ оқырманы үшін оқу аса қиындыққа түсе қоймас деген ниетпен және түпнұсқаны сақтау мақсатында «Казправданың» мақаласын және оған қарсы М.Әуезовтің жазған хатын түпнұсқа бойынша бердік.
«М.Әуезовтің «Абай» романы жөнінде» («Казахстанская правда», 1953 жыл, 2 маусым): «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындап жатыр. Бұл шығарма – қазақ халқының ұлы ақыны әрі ағартушысының көркем бейнесін сомдаудағы, өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады.
Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын. Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескермеді, тиісті өзгерістер енгізбеді. Осыған байланысты роман авторы жіберген осы қателіктерге қайтып оралу қажет болып отыр.
Романның негізгі кемшілігі, М.Әуезов өзінің басты кейіпкері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында. Абайдың атақты феодалдың баласы екендігі, феодалдық-патриархалдық ортадан оза шығып, аса ірі өркениетті ойшыл дәрежесіне көтерілгендігі белгілі. Ұлы ақын өзінің өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның күйдіргісі мен кемшіліктерін әшкереледі. Өзінің барлық ғұмырын қазақ халқын ұлы орыс халқының мәдениетіне тартқан игілікті мақсатқа арнады.
Еңбекші халықтың оның өсуіне, ақындық толысуына, Абайдың көзқарасының қалыптасуына жасаған ықпалын бейнелейтін күрделі даму жолын көрсету – М.Әуезовтің міндеті болатын. Өкінішке орай бұған қол жеткізбеді. Біз, керісінше, үнемі феодалдар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды көреміз. Тек кітаптың бір-екі жерінде ғана Абайдың қара халықпен, еңбекшілермен кездескені туралы кездейсоқ көріністер ғана ұшырасады.
Абайдың ұстазы әрі шабыттандырушысы ретінде, Абайдың өзі сынаған, реакцияшыл Дулат ақын суреттеледі. Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшыл ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсы атты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі.
М.Әуезов 20-жылдары «Абайдың ақындық мектебі» атты тұжырымдама ұсынған болатын, ал кейінгі жылдары оны негіздеуге барынша ынталана кірісті. Тарихи шындыққа қарсы келетін бұл концепция арқылы Абайдың ықпалын оның өзімен тікелей байланысы жоқ, халық мойындамаған ақындармен ғана шектеп қойған, олардың ішіне ұлтшыл буржуазия өкілдерін де қосқан, сөйтіп, Абайдың қазақ әдебиетінің тарихынан алатын орынын бұрмалаған. «Ақын аға» атты үшінші кітап осы тұжырымды қорытындалуға арналмақ екен.
М.Әуезов Абай араласқан озық ойлы орыс адамдарын бейнелеуде ашық бояуды аяп қалған. Олар сұрықсыз, ұлы орыс халқының үздік бейнесін бере алмаған. Жанды бейнелердің орынына үстірт, қауқарсыз сүлдердің иелері ғана суреттелген, олардың ауызына жалпылама ұрандар ғана салынған. Абайдың «орыс ғылымын» игерудегі алғашқы ұстаздары – Михайлов та сондай, Андреев те сондай.
Абайдың қоғамдық қайраткерлігі мен саяси шығармашылығы Ресейді Қазақстанға экономикалық және мәдени ықпалы қауырт және жемісті әсер еткен кезеңде қанатын қатайтты. Тарихи тұрғыдан алғанда заңды өркениетшіл мұндай үрдісті қазақ халқының сатқындары – мұсылманшыл шығысқа бет бұрған реакцияшыл байлар мен феодалдық элементтер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Олар Абайды өздерінің жағына шығаруға барынша ұмтылды, сөйтіп, оның беделін өздерінің арам ойларын жүзеге асыруға пайдаланбақ болды. Қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы оларға үзілді-кесілді қарсы тұрды. Өкінішке орай, романда оны қазақ қоғамының озық ойлы өкілі ретінде көрсететін Абайдың осы қыры ашылмаған. Сонымен қатар автор пантүркизм мен панисламизмнің реакциялық әрекетін әшкерелеуден бойын аулақ салған.
М.Әуезов тарихи жағдайларды суреттеуде дұрыс ұстаным таныта бермейді. Соның салдарынан феодалдық-рулық ескілікті әспеттеп, революцияға дейінгі қазақ ауылындағы таптық қайшылықтың тігісін жатқызып жібереді.
«Абай» романының бірінші кітабына назар аударайық. Мұнда, қазақ ауылы –қатыгездікпен қаналған және бас еркі жоқ еңбекші халықтың ауылы кеңінен суреттелмеген. Оның есесіне ақсүйектер ашық бейнеленген. Автор олардың байлығы мен әшекейін, қыр қожайындарының тұрмысын бейнелей баяндауда бояуды барынша жұмсаған. Романдағы өткеннің көрікті көрінісін суреттеген мысалдың бірі мынадай:
«Абайға тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ. Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде барлық он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да, көлденең елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді. Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарын тегіс жібек орамалмен байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар тізіле жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды».
Ескі ауылды суреттеген тұстарда феодалдық-байшыл ескілікті мұңая сағынған уайым сезімі билейді. Халықтың қарғысына ұшыраған заманды автор ашық уайыммен бейнелейді. Мұны дәлелдейтін суреттерді романның көптеген беттерінен кездестіруге болады. Міне, соның біреуі:
«... Кең өлкенің бойы жыпырлаған ауылдар. Қораларының отарларында, үйірім-үйірім көбіктей боп, қалың-қалың қойлар жатыр. Оттар өшкен, елсіз, жайын аралда қатар-қатар тізілген қаз, үйректің ұяларында ағарып, дөңгеленіп жататын жұмыртқадай боп, ай астында маңқиып, түңліктері жабық боз үйлер тұр. Алты-жеті үй – бір ұя. Он-он бір үй – бір ұя», немесе:
«Ойынға жиылған жастар қалың көрінді. Кәмшат бөрік, мақпал шапан, жібек шапан киген қыздар көп. Араларында қынай бел, әсем камзол ғана киген қыздар да жүр. Шолпылары тоқтаусыз шылдырлап, көп үнге салады».
Кітапта феодалдық-патрархалдық дәстүр мен салт ерекше бір қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен жазылған. Қазақты феодал-рубасылары өздерінің кедей «руластарын» бұрынғыдан бетер қанай түсу үшін руаралық араздықты үнемі қоздырып, сол жанжалды өз мүдделеріне пайдаланғаны отырғаны белгілі. Осы феодал-рубасыларының халыққа жат әрекеттерін әшкерелеудің орынына М.Әуезов олардың өкілдерін даңқ тұғырына көтеріп, халық бұқарасының мүддесін қорғаушы етіп көрсетуге дәс қалады. Дала жыртқышының бірін – жігітек руының биі Бөжейді автор халық қамқоршысы ретінде бейнелейді. Ол өзінің бойындағы барлық көркемдік қуатын Бөжейге берілген үш күндік асты суреттеуге сарқа жұмсайды. Осы көріністе рулы елдің отбасыларының – шексіз байлық иелерінің де, сол байлықты қан мен терімен тапқандардың да «орыны толмас қайғысын» баяндалады. Осында таңғажайып көріністі таңдана баяндай келіп: «Ұлы дүбір, үлкен астың осындай боп, уақыт өшеуін айналып кететіні анық. Бірер буынға шейін ұмытылмастай есте қалатыны бар», – тұжырым жасайды.
Міне, осындай патриархалдық-феодалдық құрылысты кітап авторы келесі толқын жастарға лайықты үлгі есебінде ұсынады.
Патриархалдық-феодалдық ескілікті М.Әуезов өзінің екінші кітабында да дәріптейді. Бұл әспеттеулер жайлауды, үйлену тойын, бүркіт салуды суреттегенде анық байқалады. Автор, әсіресе, ақсүйек жастарға ерекше ынтызарлық танытып, романның көпшілік бөлігін соларға арнайды. Байдың балаларының сұлулығын барлық жерде ерекше атап өтеді... Бұл бейнелерді әсірелей сомдауға М.Әуезов ең нәзік бояуларды пайдаланады. Үмітейдің басындағы камшат бөркі мен үкісінен бастап, асыл маржандарын, қымбатты әшекейлерін қосып, аяғындағы үшкір тұмсықты қара жылтыр кебіс-мәсісі мен кербез жүрісіне дейін тамылжыта баяндап, оның сұлулығын сипаттайды.
Осы әйелдердің барлығы да патриархалдық-феодалдық қоғамның тағы заңдарына қарсылық білдірушілер, жаңаны жақтаушылар, әйел теңдігі үшін күресушілер болып табылады. Сонда өздерінің күйеулерімен, әкесімен, бауырларымен бірге аянышты күй кешіп, «қараша үйде», «шоқпыт-шоқпыт қоста», «күңгірт жертөледе» тұратын әйелдер мен қыздар қайда? Олар туралы кітапта үстірт қана баяндалады. Әлде, «жүдеу жүзі әжімге толған, көйлегі жырым-жырым, көптен жуылмаған» кедейдің келіншектері Есбике ен Баян өзінің күңдік халіне риза ма, олар қарсылық білдіре алмай ма?
Өзінің барлық назарын байдың киіз үйін суреттеуге аударған М.Әуезов еңбекші халықты көзге ілмейді. Феодалдардың образына қарсы тұратын халықтан шыққан бір де бір кейіпкері жоқ. Халық өкілдеріне эпизодтық қана орын берілген. Бұл пікір кітаптағы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық күресіне де қатысты. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені М.Әуезов ұзақ уақыттан бері халықты тұншықтырушы Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп келді.
Романда қазақ ауылындағы таптық қатынас мүлдем өшіріліп кеткен, езілуші бұқараның «өздерінің» феодалдарына қарсы күресі көрсетілмеген, бұл, әсіресе, бірінші, екінші кітапқа тән. Онда, бір жағында – дала қожайындары, екінші жағында, М.Әуезовтің көрсеткеніндей, «дау-шармен жұмысы жоқ тыныш туыстар, қарапайым кедей ауылдар» бөлектеніп берілген. Руаралық өшпенділік алдыңғы қатарға шыққан. Күрес кедейлер мен байлардың арасында емес, ру арасында өтеді.
М.Әуезовке романдағы өрескел бұрмалаушылықтарды жою міндеті тұр. Тек сонда ғана сол замандағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық өмірін дұрыс суреттеген, қазақ халқының ұлы ағартушысы туралы шынайы шығарма тумақ».
Қарабайыр, можантопай, жалаң жазғыруға құрылған, мақала авторының пиғылы «ұлы орыс халқы, ұлы орыс мәдениеті» деген сөздерді шағын мақалада он рет «сүйсініп қолдануынан» байқалатын «сынсымақты» талдап жатпаймыз. Ешқандай тың пікірі мен көркем ойлық құны жоқ бұл мақаладағы пікірлер – Н.Н.Поспелов, Б.Степанов, С.И.Круглов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты беделді шешендер бес жылдан бері тұрақты түрде мінбеден сарнап келе жатқан сары қарын сөздер еді. Оның мағынасы тура Б.Степановтың:
«Көшпелі өмірдің салт-дәстүрін әсірелеп суреттеуді біз жазушы М. Әуезовтің "Абай" романынан кездестіреміз. Сол кездегі қазақ ауылын жазушы адамзаттың жұмағы (коммунизм – Т. Ж.) етіп көрсетеді. М. Әуезовтің жазуы бойынша ауылдың жайлауға көшуі салтанатты саяхат сияқты, қыздар да, әйелдер де жас мөлшеріне қарамастан үлде мен бүлдеге оранып, сайлы сәйгүліктерге мініп жүреді. Мыңғырған малы бар ірі байларды және олардың қалай уақытын өткізгенін моншақтай тізіп, революцияға дейінгі қазақ ауылын тым мадақтап, үлгі еткен автор кедейлердің ауыр тұрмысын ықылассыз баяндайды»,– деген сәуегейлігімен астасып жатты.
Әрине, Б.Степановтың қазақ кедейінің мүддесіне қаншалықты дәрежеде күйінді болғаны белгісіз, бірақ қарауылға алғаны – Мұхтар Әуезов пен қазақтың ұлттық руханияты еді. Бірақ та мұжық пішінді Брагиннің бұл шағын сүйкетпесінің шолақ өрт сияқты лаңы үлкен болды. «Казправданың», оның ішінде орыс қаламгерсымағының пікірі еленбей қалуы ол кезде мүмкін емес болатын. Оның үстіне Берияның қылмысы әшкереленіп, жұртшылық: енді қандай дүлей соғады – деп үрейленіп отырған шақпалы шақ туған.
Бұл Мұхтардың да тұла бойын тітіркендірді. «Абай» романынан айырылса оның өмірінің де мағынасы қалмайтын. Сондықтан да түршіге, түйіле қолына қалам алып, «Казахстанская правда» газетінің 1953 жылғы 2 маусымдағы «Абай» романы жөнінде» деген тақырыппен жарияланған мақалаға орай ескертулерін» жазды. Жан күйгендегі жан айқайы болғандықтан да толық аударып береміз.
«Ойы парасатты, көркем шығарманы партиялық талап тұрғысынан сын көзімен қарай алатын әрбір тұлға «Казахстанская правданың» бұл мақаласын, мейлі ол редакциялық мақала делінсе де, партия мен кеңес халқының талданған кітап туралы шынайы пікірінің көрінісі емес екеніне еш күмәнданбаса керек. Керісінше, «Қазақ Ғылым Академиясының хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтің редакциялығымен шыққан Нұрышевтің және басқалардың мақаласы да дәл осы «Казахстанская правданың» мақаласы сияқты Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес.
Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған.Олардың арасындағы айырмашылық мынада ғана: бірінші жарияланымда Әуезовтің отыз жылдағы мұқым ғылыми-зерттеумен айналысқан өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан. Ал мұнда оның басты шығармасы «Абай» романын нысанаға алып, бұл шығарманың да көзін жоюдың амалын қарастырған.
Оған көз жеткізу үшін «Казахстанская правда» газетінің өзіне жүгінсек те жеткілікті, бұл мақала өзінің алғашқы сөйлемінен бастап өтірікке, бұрмалаушылыққа, желеуге (инсинуация) құрылған. Бірінші жолынның өзін: ««Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындар жатыр»,– деп бастайды. Кітап «дайындалып жатқан» жоқ, осыдан бес ай бұрын осы баспа «Абай» романының бірінші кітабін осы мақалада аталған және автор осыдан бес ай бұрын шығып кеткен романның жаңа басылымында өзгертілген Дулаттың (газеттің қате көрсеткеніндей Болат емес – Дулат) есімі үшін Әуезовті тас-талқан етеді.
Осы мақаланың екінші абзацы тағы да деректерді бұрмалаудан басталады, онда: «Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын», –деп жазылған... Ал бұл романды бүкіл біздің отанымыздың, осы Қазақстан жұртшылығынан бастап, соның ішінде «Казахстанская правда» газетінің өзі де бар, ұлы кеңес одағының мұқым жұртшылығының жақсы бағалағанын, сол үшін партия мен үкімет осы романға 1949 жылы 9 көкекте бірінші дәрежелі (сталиндік деген сөзді қолданбаған – Т.Ж.) сыйлық бергенін, осы сияқты тарихи шындықтың бір де біреуі мақалада ескерілмейді, тіпті, әдеп үшін, тарихи әділеттіліктің талабын орындау үшін, оны былай қойғанда, кәдімгі кеңес мекемесіне тән қызмет тәртібі мен мәдениетін сақтау үшін болса да – шығарманың бойындағы қандай де бір жағымды жақты ескерте кетуді мақала авторы өзінің міндетім деп санамаған.
Иә, мақаланың мұқым өн бойында: «Өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады»,– дегеннен басқа роман туралы бір ауыз жақсы лебіз таппайды. Роман туралы тарихи шындықты ескерусіз қалдырады да «Абай» романының бірінші кітабі бойынша автордың өңдеу жұмысын жүргізгенін жасырып, мақалада екінші бір өтірікті расқа айналдырады. Онда: «Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескермеді, тиісті өзгерістер енгізбеді»,– деп мәлімдейді.
Анығында, «Абай» романы қазақ тілінде, яғни, автордың қолжазба нұсқасы бойынша, екінші рет 1949 жылы, ал автордың өзіне қаратылған сындарды ескере отырып түзету енгізген үшінші басылымы биыл, 1953 жылы жарық көрді. Бұл мақалада, сонымен қатар, Әуезовтің «Абай жолы» атты романының бар екендігі жөнінде қасақана аталмайды, сөйтіп шындықты бұрмалайды, оны: Әуезов партиялық әділ сынды ескере отырып осы мақалада ескерте кеткен «Ақын аға» романында (Бұл «Абай жолының» бірінші нұсқасы) 8 баспа табақ көлемінде ауқымды өзгеріс енгізгенін, сондықтан да роман «Абай жолы» деп аталғанын айтпау үшін шындықты саналы түрде жасырған... Ал «Казахстанская правда» газетінің өзі 1951 жылы күзде автордың Абай бейнесіне қатысты жүргізген жаңа өзгерістерін шынай және оның атына лайық деп мойындай отырып, газеттің екі санының қос бетіне жариялаған болатын Ал қазір сол «Казахстанская правданың» мақаласы Әуезовтің еңбектері туралы қауесет таратып қана отырған жоқ, сонымен қатар өзінің бетінде жарияланған шындықты да өтірікке шығарып отыр.
«Абай» романының жаңа басылымының бірінші томында қазір (1951 жылдан бастап) феодалдық ақындар деп табылған Дулат, Бұқар, Шортанбай, Марабай, Сабырбай сияқты т.б. жекелеген адамдарға қатысты автор өзгерістер енгізді. «Абай» романының бірінші басылымы жарық көрген 1942 жылы және содан кейінгі 1947, 48, 49, 50-жылдары бұл ақындар халық шығармашылығының өкілдері ретінде Қазақстан мектептерінің оқулығына кірген болатын.
Мақалада бұдан кейін: «Біз, керісінше, үнемі феодалдар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды көреміз»,– делінген. Бұл тұжырым мақаладағы: «М.Әуезов өзінің басты кейіпкері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында»,– дегенді дәлелдеу үшін келтірілген. Мақала бұл жерде де шындықты өрескел бұрмалаған. Абайдың жастық шағынан бастап есейгенге дейінгі өмірдегі жақын достарының барлығы, «Абай» романының екі кітабында және «Абай жолының» бірінші кітабында көрсетілгеніндей, Ербол, Баймағамбет, Базаралы, Дәркембай, Дәрмен және өзінің сүйікті әйелі, халықтан шыққан талантты әнші Айгерім де кедей отбасынан шыққандар.
Келесі абзацта, өзінің жосықсыздығы жөнінен сондай үрейлі, бірақ авторға қаратыла тағылған саяси айыптауы сондай қорқынышты: «Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшыл ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсыатты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі,–деген жала жабады.
Осында келтірілгендердің ішіндегі жалғы «жағымды кейіпкер» осы Тұраш. Иә, оның аты «Абай» романының екінші кітабінің 519 және 597-беттерінде (Қазмемкөркембаспасы, 1948) Айгерімнің емшектегі баласы ретінде аталып өткен. Сөбзе сөз алғанда: «Оңаша үйде ала көлеңке қоңыр кеш. Өзіне тиген жалғыздықты ырзалық рахатпен қабыл көрген Әйгерім сонша бір жақсы ән айтып жатыр. Әннің сылтауы бауырындағы кішкене баласы (Тұраш – бұл есім кейінгі басылымдарда сызылып қалған – Т.Ж.)» (519-бет) және 597-беттегі: «Абай Айгерімді алған жылдарда Ербол да өзінің Дәмелісімен үйленген болатын Оның да (Тұрашпен жасты – деген сөз де кейінгі басылымда қысқартылған – Т.Ж.) Ысмағұлдай жас жеткіншек баласы бар»,– деп жазылған.
Әрине, тіпті бала да болса оның атын атамау керек еді, бірақ осыны негізге алып: «халық жауы Тұрашты сүйсіне суреттейді»,– деп, екі жасар сәбидің аталып қана өтуі – тек Айгерімнің көңіл-күйін беруге байланысты алынған өмірбаяндық дерек қана екенін ескермей, авторға қарата шектен тыс, әділетсіз, жалған айып тағуға бола ма? «Казахстанская правда» газетіндегі мақала шықпай тұрып автор «Абай» романының екінші кітабынан Тұраштың атын сызып тастаған болатын.
Бұдан кейін мақалада «Абайдың жалған ақындық мектебі» жөнінде Әуезовті айыптай келіп: «Ақын аға» атты үшінші кітап осы тұжырымды қорытындылауға арналмақ екен»,– деп дәлелдегенсиді. Бұл арада да «Казахстанская правда»: реакцияшыл, керітартпа Шұбар мен Көбей сияқты ақындарды Абайдың өзі және оның халық арасынан шыққан достары сынаған «Абай жолы» романының бар екенін айтпайды. Сол романда Шұбар буржуазияшыл ұлтшыл, панисламист ретінде, ал Көкбай панисламист және орыс халқының дұшпаны ретінде әшкереленеді. Бұл мақалада: Абай мен қазақ халқының өсу жолына байланысты Әуезовтің олардың дұшпандық әрекеттерін бірте-бірте байыппен әшкерелегені туралы айтылмайды, сол үнсіздік арқылы автордың күрделі әрі байсалды көркем пайымдаулармен дамытыла суреттелген еңбегіне қара бояу жағып, бұрмалап, көлемді шығармасын байыппен аяқтауға бет алған жазушыны алдын-ала қасақана қаралауды, масқаралауды көздеген. Осы да жазушыға көрсетілген көмек пе? Кеңес әдебиетінің алдындағы, партияның әдебиет жөніндегі саясатының алдындағы жауапкершілігін аз да болса сезінетін адам мен баспасөз мекемесі осылай істей ме екен? Жоқ, кеңестік сынның міндеттерін ойлайтын сыншылар мен газеттер бұлай істемейді. Оның есесіне, бақас сыншы мен, өкінішке орай айтпаса болмайды, «Қазақ академиясының хабаршысындағы» және «Казахстанская правдадағы» (қазіргі жағдайға байланысты) сияқты көрсоқыр редакторлар ғана: қазіргі кездің өзінде кеңес одағының және кеңестен тыс елдердің жиырма екі тіліне аударылған және аударылып жатқан, сондай-ақ осы тілдердің барлығына Абайды – өзінің еңбекші халқының адал ұлы, әділет күрескері, орыс халқының досы, мәдениеттің жанашыры ретінде көрсеткен бірден-бір шығарманың шекесінен шертіп, авторын қорлауды мақсат еткендіктен де осылай істеп отыр.
Бұдан кейін мақалада: «Дала жыртқышының бірін – жігітек руының биі Бөжейді автор халық қамқоршысы ретінде бейнелейді», – деп Бөжей үшін авторды кінәлайды. Дұрыс емес, мүлдем теріс тұжырым. Бөжей – шартты түрде, уақытша, қырдағы ең үлкен зорлық иесі Құнанбайдың өзіне қарсы күресіп жүрген кезінде – жағымды жағынан суреттеледі, ал Камшат қыздың өліміне себеп болған кезде, ол даладағы оқиғалар мен романдағы кейіпкерлердің іс-әрекетінің барлығы көз алдында өтіп жатқан жас Абайдың түсінігі арқылы әшкереленеді. Құнанбайдың бейнесіне жинақталған дала феодалының тағылық сыпаты соның дүниетанымы арқылы суреттеледі. Соған қарамастан, Әуезовті феодализмді әспеттегені үшін айыптаған мақалада, Абайдан кейінгі екінші басты кейіпкер болып табылатын Құнанбай туралы бір сөз айтпайды. Тарихи процесті диалектикалық негізде ашып берген романдағы терең шындықты айтудан жалтарып, талдаудан бас тартады. Ескі мен жаңаның арасындағы күресті диалектикалық танымның негізі етіп алып, феодализмді әшкерелеген романның маңызын танығысы келмейді. Жаңа заман – Абай, ескі заман – Құнанбай. Романның осындай әділетті әлеуметтік астарын, социалистік реализм әдісімен бейнеленген оның тарихи және көркемдік шындығын бұрмалауға мақаланың қандай қақысы бар еді?
Жас Абайдың Құнанбайға қарсылығының алғашқы көрінісін көрсету үшін Бөжейдің асы Абайға да, авторға да қажет болды. Мұндағы оқиғалардың барлығы Бөжей үшін емес, өзінің ойлаған ойын ересектердің ісінде жүзеге асыруы барысындағы Абайдың талабы мен мақсатты ұмтылысын көрсету үшін қажет болды. Сондықтан да астың өзін, даланың ауқатты адамдарының ермегіне айналған бәйгені, күресті, басқа да көңіл көтеретін қызықтарды суреттемей, оның орынына мешкей қонақтарды күткен әбігерінің бейнеленуін түсіну де қиын ба?
Екінші кітапта автордың бүйрегі ақсүйек жастар ерекше бұрады дей келіп, мақалада авторды феодалдық-патрархалдық ескілікті әспеттеді деп айып тағады. Керісінше, халық өнерін қадірлеген барлық жастар бұл романда өздерінің трагедиялық тағдыры үшін де күйінеді. Керімбала – Оралбайдың, Үмітей – Әмірдің тағдыры да тауқыметті, Біржанның, Базаралының, Балбаланың тағдыры да мұңлы, ең соңында, сол оқиғаларға араласқан әнші Айгерім мен Абайдың да өмірлері тартысқа толы, көңілсіз. Сонда өткенді дәріптеу қай жерден көрінеді? Керісінше, дала жастарының осы бір талантты өкілдері еркін сезім бостандығы үшін күресу арқылы, олардың ащы тағдыры арқылы феодалдық құрылымның тағылық ұстаныммен тұншықтырған сақара қасіреті романда кеңінен ашылады.
Абай күрес (көтеріліс) көсемі, жалпы халықтың қозғалыстың төңкерісшіл идеологі болған жоқ. Ол аға сұлтанның ұлы болғандықтан да қанаушы тап өкілдерінің арасында өмір сүріп, ер жетті. Алайда оның өзі және оған жақын адамдар байлардың қалың бұқараны қалай қанап жатқанын, зорлығын, зиянкестік әрекеттерін көре білді, ескі салттың ірігендігін, масқаралығын түсінді, сөйтіп оларды әшкерелей бастады, шамасы жеткенше күресті, міне, осындай іс-әрекеттерімен, талпыныстарымен олар озық қасиеттерді, демек, өз дәуіріндегі халықтық, тарихи сыпаттарды өзінің бойына жинақтады. Бұл арада олардың шыққан тегі ешқандай бөгет бола алған жоқ, бұл біз үшін де олардың бейнелерінің халықтық сипатын анықтайтын басты талап бола алмайды. Ал «Казправданың» мақаласында кітаптағы халықтық сыпатты – тек кедей ауылдарының өмірі мен тұрмысын, кедей адамдарды суреттеу деп түсінуге тырысады, бұл өзінің тұрпаты жағынан марксизм-ленинизмді тұрпайыландыру болып табылады. Абай өзінің тарихи ортасына сай шынайы кейіпте, ол сол ортаның ойын, жандүниесін және халықтың ұмтылысын жеткізуші ретінде көрсетілуі тиіс. Сыналып отырған романда солай бейнеленген. Ал кедей ауылдарынан шыққан адамдар романда Абайдың өмірімен, оның қоғамдық санасының ояну және толысу сәттерімен бірге біте қайнаса суреттеледі.
Қодардың, Дәркембайдың, Базаралының, жұт кезіндегі кедей көршілер, олардың байлармен күресі, немесе жас ақын, Абайдың досы Дәрменнің бейнесі, сондай-ақ Базаралының қоғадық санасының оянуы және романның барлық кітаптарының желісіне үйлесе оның қыр кедейлерімен қолдаса отырып дала феодалдарымен күрескен саналы, ірі күрескер дәрежесіне көтерілуі, Абай туралы романның, сөзсіз, жағымды да жарқын тұстарына жатады. Осының барлығын көрмеу және мұның барлығын қысыр сөзбен, қымтырылмастан «халық өкілдеріне эпизодтық қана орын берілген» деп көлгірсу – Әуезовтің шығармашылығына деген дені дұрыс емес, біржақты, әділетсіз көзқарасты танытады.
Ең соңында, мақалада: «Бұл пікір кітаптағы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық күресіне де қатысты. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені М.Әуезов ұзақ уақыттан бері халықты тұншықтырушы Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп келді», – деп романға және оның авторына қаратыла барып тұрған қиянат және өтірік дәлел ұсынған. Абай туралы Әуезовтің романы жөніндегі өзінің айыптау актісін аяқтай келе «Казправда» осылай деп қорытындылайды. Ал «Абай жолы» романының 393-бетінде («Советский писатель» баспасы, 1952 ж.) Әуезов Абайдың ауызы арқылы Абылайдың тұқымы сол Кенесары туралы былай дейді: «Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне да тауап қылар тәрізің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған (Бұл – Базаралының сөзі, мақаладағы келтірілген сілтеменің мазмұны бойынша алынды. Бұдан кейінгі сөз Абайдың сөзі – Т.Ж.). Олар үшін, әсіресе, өктемесең болар еді ғой! Қазақ орысты қырды деп, тағы бір тыңнан Әзіретәлі таппақ бопсың, оны қазақтың қалың елінің қамқоры етпексің. Жалған! Бәрі де жалған! Алдамшы бояулар! Қазақтың қамқоры емес, қайта сол қазақты, халықты сатқан аз ғана топ, азғын топ – хан-сұлтанның қамқоры болатын. Бір күнде, бүгінгі нәсілде қазақты орысқа өшіктіруші, қазақ халқына достық етпейді. Есғұрлым сол орыстың шын қасиетін танып, тың өнерін тез үйренуге жетпей, қазақтың көзі ашылмайды. Бұдан өзге өріс те, бұдан өзге шындық та жоқ. Мынау өлең жалған да теріс. Менің өмір бойғы тұтынған жолыма анық қарсы, қияс жолдағы өлең екен. Осылай айтпасқа әддім жоқ». Міне, Әуезовтің жазуы бойынша Абай Көкбайға не дейді, «Абай жолы» романында оның реакциялық тегі өзінің «қаһарманы» Кенесарымен бірге әшкереленіп, қатал сыналады.
Автор өзінің кейіпкерінің жас кезінде Абайдың Кенесарының қозғалысына деген ұстанымын көрсетпей, дұрыс істеді. Оның есесіне, ойшыл және халық ісінің күрескері деңгейіне көтерілген Абай – өзінің толысқан шағында тек қана Кенесарыға ғана емес, сонымен бірге оның қолпаштаушы ақындарына да күйрете соққы береді, бұл Кенесарының қозғалысын Абай жөргекте жатқан кезде (біз 1846-1847 жылдарды мекзеп отырмыз) суреттегеннен көрі тарихи тұрғыдан құнды, маңызды әрі пайдалы тәмсіл болмақ, өйткені жылнамалық жақтан үйлескенімен де, ешқандай көңіл-күй сезімінің, ешқандай ойдың суреттелуі мүмкін емес, демек, Абайдың Кенесарының қозғалысына қатысты көзқарасын білдіруі мүмкін емес.
Міне, «Казправданың» мақаласының авторы романның авторына тағы да бір ауыр, әділетсіз, соның ішінде жалған деректерге сүйенген айыпты тақпас бұрын, нені ескеруі тиіс еді.
Қайталап айтамыз, Кенесарыны сынайтын «Абай жолы» романының бар екенін оқырманнан жасыруға тырысқан, жалған қауесетке сүйенген бұл мақала – өзінің ұзына желісінде автордың ойын бұрмалап, оның ұзақ жылғы адал еңбегіне өтірік пен жаланы жаба отырып, тек қана Әуезовтің романының көзін жоюға ұмтылған дөрекі талпынысын тағы да бір дәлелдеп берді».
Иә, Мұхтар Әуезов осы уақытқа дейін бойындағы барын да, нәрін де құрбан етіп, түгел туындысынан бас тартып келген, бүкіл саналы ғұмырының мағынасына айналған «Абай» романын жанұшыра қорғады. Енді аянып қалатын еш қымбаты жоқ болатын. Бұл жолы жеңіліске ұшыраса, уақытша да болса оның аты тарихтан сызылып, аты өшетін. Тұтқындағы тозақ қинауына төзе ме, жоқ па, оны бір жазмыш білер. Алайда өзі үшін басын ажал бәйгесіне тіккен Қайым Мұхамедханов шыдаған, түрмеден босаған бетте оның өзіне айтып берген төмендегі естеліктегі:
«– Әй,Қайым, сендердің түрмедегі жайдайларың қалай болды? Қандай әдіс – тәсілдермен сұрап тергеді, қинамады ма? – деп абақты өмірінің шындығын білгісі келді.
Мен қарсы сұрақ қойғым келді де, әуелі Мұхаңның өзінен сұрадым.
– Сіздің 1930 жылы Ташкентте ұсталғанда жағдайыңыз қалай болды? – дедім.
Мұхаң бір күрсініп алды да, орындығына шалқая түсіп, баяу бастан өткен оқиғасын ойланып алды да, қоңыр даусымен:
– Онда біздер, ұлтшылар, бәріміз үлкен бір үйде жатамыз. Төсек-орнымыз таза, тамағымыз уақтылы беріліп тұрады. Бір-бірімізбен еркін әңгімелесіп, пікір алысып, кеңесіп отыратынбыз. Тергеуге алып барғанда аздаған қысымдар, қытымырлықтар болып тұратын. Кейін Алматының түрмесіне ауысқанда бұл жағы жиіленіңкіреп кетті,– деп барып тоқтады.
Мен Мұхаңның көп білуге ұмтылған бала мінезді қылығына іштей күле отырып:
– Мұқа, онда Сіздер жұмақта болыпсыздар ғой, ал біздер нағыз тозақтың отында күйіп–жанған ақырзаман пенделеріне ұқсайды екенбіз. Жазығымыз жоқ болса да, күні-түні ұйықтатпай, аяғымыздан тік тұрғызып қойып тергеп, ол аз болғандай, ұрсып-жекіріп, сатып алған құлындай ақыра қорлағанын қайтесіз. Сонда айтары: «Мына қағазға қол қой»,– деп өздері жазып келген нұсқасын ұсынады. «Қол қойсаң болды, сенің бізге керегің аз, үйіңе кете бер. Бізге керегі – Мұхтар Әуезов. Сол туралы жазылған мына қағазға қол қой, қоймасаң, не боларыңды өзің білесің»,– деп әкіреңдейді.
Өтірік анықтамаға қол қоймауға бекіндім. Ол кезде жасым отыздан асқан, күш-қайратым бойымнан қайтпаған кезім. Алдағы күндерде не болар екен деп алаңдаулымын. Тергеушілер бір күні мені бір жеке бөлмеге қамап кетті. Ішінде еш нәрсе жоқ. Тек қана ортасында турник құрулы тұр. Бұл не, мені турник ойнасын деп қойған ба деп таңдандым. Байқасам, бір уақтарда бөлмем қатты жылынып, бірте -бірте ысып барады. Табаным күйіп барады. Саса бастадым. Не қыларымды білмей дағдарып тұрып, жан қысылған соң құрулы тұрған турникке асыла кеттім. Көп тұруға қолым шыдамай барады. Турниктен қолымды жіберейін десем, табаным ыстыққа тиіп күйетінін сезіп тұрмын. Жандалбасамен турникке асылып, қолым қарысып қалыпты. Оны мен есім ауғандықтан сезетін халім жоқ. Біз кезде өздері келіп мені босатып алыпты. Тағы да есім кірген соң «қол қойдың» астына алды. Көнбедім. Екі-үш күн өткен соң тағы да «қол қой» деп қыстады. Қасарыстым. Көнбеген соң кешегі бөлмеме апарып тағы да қамап қойды.Бірақ бөлмеде құрулы тұрған турник жоқ. Үй ысыса не лаж етем деп ойланып тұрғанда, бөлменің суый бастағанын сездім. Бөлме суығы үдеп барады. Тісім тісіме тимей қалтырап барамын. Өлместің қамын жасап, үйді айнала зыр жүгірдім. Тоқтасам қатып қаламын, тек жүгіру ғана жанды сақтап қалмақ. Жүгіре-жүгіре талып түссем керек. Ес-түссіз жатқан мені тағы да өздері сүйреп алып шықты. Шамасы сырттан бақылап тұрса керек. Әрең дегенде есімді жиып, басымды көтерсем, тағы да қағазды алдыма тоса қояды. Тістеніп тұрып қасарыстым. Тоңғаным әлі тарқамай дір-дір етіп азаптанып тұрмын. Абақтыдағы тұрағыма қарай кеттім.
Таңертең тағы да тергеу басталды. Тергеуші түлкі бұлаңға салды. Жылы сөйлеп өз басыңды, бала-шағаңды ойласаңшы деп қамқорси түсті. «Мына қағазға қол қой да, бізден қоштасып, үйіңе кетсеңші»,– деп қағазды нұсқады. Пікірімнен қайтпасымды білді де, белгі беретін түймесін басып қалып еді, еңгезердей екі жігіт жемтігін іздеген төбеттей дүрдие кіріп келді. Тергеуші мені алаңдату үшін сөйлей беріп еді, артымда тұрған екеуі қас-қағым сәтте резинка қапшықты басымнан аяғыма қарай кигізіп жіберді де, мені құлатып, қапшықтың аузын байлап тастады. Сол арада-ақ мені үшеулеп сыртымнан таяқпен жабыла ұра бастады. Бар болғаны басымды қорғалақтап, тұншығып бара жатырмын. Тұншығудан есім ауып қалыпты... Қаптың аузын ашып, мені шығарып тастағанын білмеймін. Есім кіріп, көзімді ашып, маңайыма қарасам: әлгі үшеуі маған албастыдай үңіле қарап күлісіп тұр. «Қасапшыға ет қайғы, қара ешкіге жан қайғы»– деген осы екен-ау деп жатырмын. Үшеуі мені тұрғызып алды да, баяғы әдеттеріне басып қағаз бен қаламды алдыма қоя қойды. Мен түк көрмегендей тұра бердім. Үшеуі ақырып-бақырып, мені жұдырықтап, үйден қуып шықты... Міне, алдын ала ойластырылған не бір азаптың тозағынан өтіп, жиырма бес жылға «халық жауы» деген статьямен сотталып, Қарлагқа жөнелтілдім емес пе, Мұқа, – дедім»,– деген (М.Мырзаметұлының жазбасы) қинауға оның шыдас беруі екіталай еді.
Бұл ол үшін тура өлімге бет алған жол болатын. Қайратты, жас, болатөзек Қайым құсап:
Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сиям,–
дейтіндей тән мен жан қуаты да бойынан сарқылып бара жатқан.
Сондықтан да өзінің «Казахстансакая правда» газетінің «Әуезовтің және оның романының көзін жоюға ұмтылған дөрекі талпынысына» қарсы жан айқайында бұрын сыртқа шығаруға сескенетін:
«Ойы парасатты, көркем шығарманы партиялық талап тұрғысынан сын көзімен қарай алатын әрбір тұлға ... партия мен кеңес халқының талданған кітап туралы шынайы пікірінің көрінісі емес екеніне еш күмәнданбаса керек... Керісінше, Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес. Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деген сияқты. ащы сөздерді қолдауы орынды еді.
Шарасыздықтан шамырқанған Мұхтардың өзге амалы да қалмап еді. Сондай-ақ СССР Жазушылар одағында өткен талқылау мен қолдау да сенім берсе керек. Және осы күндері Берияның қылмыстары әшкереленіп, ату жазасына бұйырылуға дайындалып жатқан. Қаншылықты мемлекеттік құпия болғанымен, оны таныстық тамыры кең тараған, соның алдында ғана Мәскеуден келген Әуезовтің білмеуі мүмкін емес еді. Оның үстіне, шындығында да, романның орыс тіліндегі тәржімасында мәскеулік редакторлардың қырағы кеңесіне сүйене отырып Дулат пен Кенесарыға, Көкбай мен Тұрашқа қатысты тұстарды қысқартып, қосып, оларға мүлдем кереғар баға беріп, «тиісті саяси өңдеулерден» өткізіп қойған болатын. Сол өзгерістердің айырмашылығы қазақ пен орыс тіліндегі нұсқаларда осы күнгі басылымдарда да сақталып қалған. Мысалы, емшектегі сәби Тұраштың аты сызылып қалғанымен де, Абайдың:
«Айгерімнен туған, дәл Айгерім реңдес өте сұлу төрт-бес жасар баласы Тұрашты қолынан жетектеп»,– бара жатқан көріністің қаламұшы қатал қаламнан «қалыс» қалғаны соны танытады.
Қашанда саяси науқанды «әшкерелетіп өткізетін» Қазақстан Орталық Комитеті 1953 жылы 11-12 тамызда интеллигенцияның қалалық мәжілісін өткізіп, «М.Әуезовтің «Абай» романы туралы» талқылау өткізді. Бұл жолға басты баяндама Тахауи Ахтановқа тапсырылды. Талқылауға сол тұстағы «өсіп келе жатқан» партияның жас қырыпсалы» Нығмет Жанділдин де қатысып, «Казахстанская правда» газетінің ұстанымын қызғыштай қорғап, «алдыға қойған міндетті орындау үшін» романның көркемдік жетістігін баса атағандарға ескерту жасап отырды. Өзінің кіріспесінде «Ә.Жаймурзин үш кітап туралы пікірін білдірді. Ашық жақтамағанымен де Абайдың сүйікті ұлы Әбіштің немересіне Ай атты қызға үйленіп отырған Ә.Жаймурзин М.Әуезовтің бағасын көтере сөйледі. Т.Ахтанов әуеліде бас тартқанымен, партиялық тапсырманы орындамауға амалы қалмапты. Романның көркемдігін талдай келе «Казпарвданың» мақаласының жазылғанын атап өтіп, өзі де мін тақты7
Тарихи уақыт пен көркем заңдылықты жетік білетін Т. Ахтанов та өзінің баяндамасында көркем өнердің табиғатынан тыс талаптар қойды. Негізінен К.И.Никитиннің (Т.Ахтановтың айтуынша редакциялық мақаланың авторы – Т.Ж.) "Казправдадағы" солақай пікірлерін жұмсарту мақсатын көздесе де "партиялық қатаң тапсырманы орындауға мәжбүр" етті. Ол негізінен тарихи көркем тартысты таптық .тұрғыда кұруға кеңес берді және:
«Бірінші: «ең алдымен, "Абай" романының бірінші кітабында қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жете көрсетілмегенін атап кету керек. Жазушы сол дәуірдегі қазақ қоғамының саяси өміріндегі таптық күрестің ара салмағын кемітіп алған. Оның есесіне ру тартысын суреттеуге көп көңіл бөлген. Қазақ кедейлерінің байларға қарсылығы әлсіз көрінеді. Кедейлердің байлардан көрген қанауы, олардың мұң-мұхтажы бірінші кітапта өзіне тиісті көркемдік дәрежеде суретелмеген. Әсіресе, бірінші кітапқа тән кемшілік, жазушы әлсіз рулардың кедейлерінің өмірін мол көрсетсе де, Құнанбай сияқты бай ауылдың кедейлерінің тұрмысына атүсті тоқталады. Бұл сияқты ірі кемшілік романның идеялық өткірлігін біраз мұқатып тұр...
Екінші: романдардың бірінші және келесі кітаптарында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып, оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып кетеді, сөйтіп, жеке адамның адамгершілігі, таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды.
Үшінші: патриархалдық-рулық қоғамның салтын суреттегенде, автор кейде орынсыз бейтараптыққа ұрынады. Бөжейдің асын суреттегенде жазушы асқа байланысты әдет-ғұрыптарды толық көрсетуге елігіп, оның таптық негізін ұмытып кетеді. Бөжейдің атын ту қып ұстаған байлардың әсіре сөздері автор елегінен өткізілмегеннен кейін, Бөжейді мадақтау болып естіледі... Бөжей асы бүкіл халықтық мейрам болды деген ұғым туғызады. Жазушы атақ-даңққа ие болып жатқан Байдалы, Сүйіндік сияқты феодалдар екенін ашып көрсетуі керек еді. Қысқасы, ол үлкен астардан рубасы байлардың жақсы атақ алып, саяси капиталға ие болатынын, ал астың ауыртпалығы жай халыққа, кедей ағайындарға түсетінін – яғни астың таптық себептерін көрсетуге тиіс еді", – деп қадап-қадап атап көрсетті.
Ал, бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және қөркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру – "Абай" романын "жазба" деген үкіммен тепе-тең еді. Бұл пікірінің орынсыздығын араға отыз бес жыл салып барып: "Расында артық кетіппін. Сен түсіндір",– деп уәж айтты. Ал Бөжеймен қоса:
"Романға Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай дұрыс талғап алмау, авторды кейде қатеге де ұрындырған. "Абай" романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты аталады. Айталық, ол биографиялық деталь дәрежесінде кішкене бала кезінде-ақ көрсетілген болсын. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапқа енгізу – автордың саяси қатесі",– деген пікірге үнсіз ғана күрсініспен жауап берді.
Суреткердің еншісіне тиесілі тарихи уақытқа, кейіпкерлер коллизиясына, көркемдік тартыс пен шешімге сыртқы күштің араласуы салдарынан жазушының бастапқы нысанасынан ауытқуына тура келді. Қосымша "қыстырмалар" (Д. Әбілов) кіргізіп, "Қарашығын" сияқты тарау қосылды. Әкесі Құнанбай мен ағасы Тәкежан және Әзімбай сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің мандайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды. Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура отыз жыл өткенде "қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған" мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды "роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі",– деп сәуегейсіді. Т.Ахтанов тағы да төрелік айтты. Міне тарихи көркем уақыт пен жетекші кейіпкер тұлғалардың "табиғи қарсылығына" қарамастан кіріктірілген қондырғы идея мен тартыс М. Әуезовтің ең қасиетті авторлық құқына қол сұқты.
Өзге-өзге, тарихи көркем шығарманың заңдылықтарын жақсы білетін оқымысты жазушы Тахауи Ахтановтың өзі кейіпкер Абайдың туған ұлы Тұрағұлдан бас тартуын талап етті. Шығармада суреттелген тұста Абай мен бесіктегі Тұрағұл суреттелген тұста «Алаш» партиясын былай қойғанда, алаш көсемдерінің өзі мүшел жасқа толмаған болатын.
Екі күнге созылған талқылауда сөйлеген 15 шешеннің ырғасуы мен іресуінің бар мазмұнын баяндап шығу мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға да жатпаса керек. Тек солардың ішінде жазушылық психологияға қатысты Әуезов пен оның «Абай» романы туралы тың немесе қияс қиыстырылған пікірлерден үзінді береміз. Алдын-ала айтарымыз, бұл талқылау бұрынғы талқылаудан өзгеше өтті, «басқа уақыттың келгенін, ескі саясаттың ескіргенін», «ендігі оқырмандар, қазіргі халық өкілдері солақай сынға көнбейтінін, сүйікті жазушыларын арандатушылардан жанын салып қорғайтынын» мәлімдеді (Ділдәбеков), алайда Досалиев сияқты «кір суды» Әуезовтің мойынына сарылдатып төге салғандар да болды. Сондай-ақ бұл жолғы талқылаудың баяндамашылары да сыни ойлау жүйесі басқа деңгейдегі жаңа толқын өкілдері болатын. Соның бірі сол кездегі жас ақын Тәкен Әлімқұлов еді. Ол «Абай» романын көркем сынның талабына орай талдай келіп, қосымша баяндамасын былай сабақтады:
Т.Әлімқұлов: «Иә, жолдастар, романның да романы бар. Әрине, біздің жазушыларымыздың біреуі бірінші орыс революциясы кезіндегі қазақ ауылындағы таптық жіктеліс туралы жақсы болар еді. Бірақ «Абай» романының авторы өзінің алдына мұндай міндет қоймаған және оның негізгі тақырыбының ерекшелігіне байланысты қоюы да мүмкін емес. Демек, ойлағанды зорлап орындатуға болмайды. Әрине, «Абай» романы сияқты аса терең әлеуметтік романда таптық күресті айналып өтуге болмайды. Алайда ол күрес қарулы қақтығыстан, жарылыстан ғана емес, идеялық қақтығыстан да көрініс береді. Біз «Абай» романынан ең алдымен еңбекші халықтың идеялық салтанатын, оның реациялық күшпен күресі жеңіспен аяқталатынын көреміз. Бұл орайдан алғанда «Абайды» халық туралы роман деп бағалайтындармен батыл түрде келісуге болады. Иә, бұл бір халықтың даму тарихындағы тағдырын бейнелеген роман. Мұны көрмеу, демек, шындықты көрмеу болып табылады.
Адам аса іргелі ғимарат салды дейік. Әрине, ондағының бәрі сыңғырлап тұрмайтыны рас, онда әлі де сылақ тимеген жерлер де бар. Оны көрсетуіміз керек, бірақ, біздің кейбір Нұрышев сияқты сыншыларымыз құсап, тісіңді шықырлата шайнап тұрып: «Шіркін, мына арасынан балғамен періп қалсам, ғимарат опырылып түсер еді-ау,– деп құшырлануға болмайды.
Өнер дегеніміз, адамның өмірге құштарлығы және өзін-өзі жетілдіруі. Сол сияқты «Абай» романының авторына да бұл тәмсіл жат емес. Осы мағынадан алғанда «Абай» романына бірнеше ескерту айтқым келеді. Мұнда ауылдағы таптық күрес көрсетілмеген деп айтуға болмайды. Бұл Әуезов романының өзегін жарып өтіп жатыр, еңбекші адамдардың феодалдар мен байлардың қанауына қарсылығы, олардың өзара қақтығысы үш кітаптың да желісіне арқау болған. Алайда өзінің көлемді шығармасында Әуезов қарапайым адамдардың тұрмысы мен өмір сүру көрінісіне аз көңіл бөлген. Аштық пен өліп таусылуға бет алған кедей-кепшіктерді осыншама мұхтаждыққа түсуінің себептерін жазушы ашпайды. Қанаушылардың мейірімсіздігін көңілсіз көріністерін Абай өзінің өлеңдерінде де жазды емес пе. Мұндай әлеуметтік көріністерді бүгінгі күннің талабы тұрғысынан барынша жалаңаштап жазу керек еді. өйткені, көшпелі өмір салтындағы орташа шаруалардың өзі өзінің өмір сүруі мен ертеңгі күні үшін үнемі алаңдаумен тіршілік етті.
Сонымен қатар, Әуезовтің романында өткенді обьективті тұрғыдан суреттеу басым, ал бұл ерікті не еріксіз түрде өткенді әсірелеуге алып келеді. Жазушының өзінің халқының өткені туралы көптеген қызықты, танымды мағлұматтар бере отырып, өзі тұрғысынан ешқандай сыни көзқарас білдірместен, кенеттен Құнанбайды Мекеге шығарып салған салтанатты сәт сияқты феодалдық ғұрыптарды ң тігісін жатқыза суреттейді. Осыдан барып атышулы, шартты түрдегі өткенді әспеттеу қылаң береді. Кей-кейде, егерде халықты Абай сияқты әділ, өркениетті адам билесе, онда әлеуметтік төңкерістің қажеті жоқ сияқты әсерде қалдырады. Бұл реттен алғанда «Казахстанская правданың» сынындағы көптеген ескертпелер назар аударуға тұрарлық.
Алайда, қоғамдық сананың ерекше әрі күрделі түрінің бірі болып табылатын өнердің өзіне тән ерекшелігіне сай әр шығарма өзіне аса зерек әрі қамқорлықпен қарауды талап етеді. Өткенді обьективті тұрғыдан бейнелеуі Әуезовтің романының бетін анықтап берген деп айтуымызға бола ма? Жоқ, олай деп айта алмаймыз. Бұл романдарға өркениетті, өміршең идея, біздің халқымыздың ежелден қалыптасқан достық идеясы, олардың ортақ тағдыры тереңдей негіз қалаған.
Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, мен бұл романдардың барлық жақсы жақтарына тоқталып жатпаймын, оның үстіне, баяндамашы Ахтанов жолдас жеткілікті етіп айтты. Жолай ескерте кетерім, Ахтанов жолдас роман туралы өзінің көзқарасынан көрі, романның мазмұнына көп тоқталды.
Бүгінгі күнгі талқылауымыздың негізгі тақырыбына орала отырып айтарым: «Абай» романы романы толыққанды көркем туынды. Кейіпкерлердің ашық мінезі, терең құштарлығы, мағыналы да бейнелі тілі қазақ тілін байытады, баяндамашы бұл туралы «қазақ тілін қалыптастырады» деп орынсыз дәлелдеді.
Ахтанов: Мен әдеби тілді қалыптасырып, оны дамытады дедім.
– Мұның барлығы, кітаптың көркем жазылуы, оның сөзсіз тамаша сөз шеберінің жазғандығын куәландырады. Өкінішке орай, «Абай» романының осы бір талассыз жетістігін «Казахстанская правданың» редакциялық мақаласы көрмеген. Бұл мақаладағы келтірілген мысалдардың барлығы шығарманың зиянды екенін дәлелдеуге тырысып, нақты қорытындылар жасалмай, «ішің білсін» деп емеуірін етуі оқырмандарды екі ұшты күйде қалдырды. Егерде бұл сіздердің берік ұстанымдарыңыз болса, онда «Казахстанская правдадағы» жолдастар аяғына дейін әділ болуларыңыз керек еді. Онда: осыдан төрт жыл бұрын «Әуезовтің «Абай» романы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп қате жазғандарыңызды мойындаңыздар, әлде сіздер «Правданың», «Литературная газетаны» пікірлерімен келіспейсіздер ме? Өмірде бәрі де болады. Кейде өз көзқарасыңды қайта қарауға тура келеді, ол үшін аса сенімді әрі даусыз дәлелдер керек, ал сіздердің дәлелдеріңіз сендірмейді.
Мен: «Абай» романы кемшіліксіз емес, онда даладағы таптық күрес сұрқайылау көрсетілген, автор барлық бейнелерді бірдей сәтті шығара алмаған,романда шұбалаңқылық бар – деп айтқым келіп тұрған жоқ, мұның барлығы бұрын, соның ішінде ең біріші Александр Фадеев атап өткен болатын. Әрине. Шындықты қайталау шырықты бұзбайды. Алайда, жолдастар, адамның бүкіл өмірінің мағыналы жемісі, жаны мен қаны болып табылатын адал еңбегін арандатуға болмайды.
Мысалы мен: «Абай» романында орыс адамдарының бейнесі жоқ дегенмен тұжырыммен мүлдем келіспеймін. Олар бар! Білгіңіз келсе айтайын, мұнда біздің халқымызға құшағын кең ашқан өркениетті Россияның бейнесі бар. Әрине, көркемдік толыққандылығы мен сенімділігі тұрғысынан алғанда барлық орыстың бейнеленуі бір келкі емес. Бұл орайда авторға айтар тілек көп.
Ал енді дала қыздарының киімдерін, тіпті байдың қызының шолпысының суреттелуін алайық. Абай – поэтикалық, махаббатшыл тұлға. Мұнда тұрған қандай әлеуметтік қауіп бар? Өзінің барлық асыл әшекейіне қарамастан Қыз Жібек те өркениетті қыз деп есептеледі емес пе! Егерде өзіміздің Николай Островский поляктің бегімін мұқым жасау-жабдығымен малындырып суреттесе, онда оны біздің заманымызға үлгі етіп ұсынып отыр деп айтуға бола ма? Кейбір сыншылардың өнердің күрделі заңдылықтарын білмей, көпқырлы емес, біржақты, көп бояулы емес, бір-ақ бояумен сырланған ортақол, сұрқайы шығармалар жазуды талап етуін ренжімеске болмайды. Кейбір игі мырзалықты көрсету мақсатында суреткер тіпті дұшпан таптың өкілдерінің өзінің адамдық қасиеттерін көрсетуге мәжбүр болатынын дәлелдеп жату керек пе. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мұқановтың «Жұмбақ жалауындағы» – Елизаветаның, Мүсіреповтің «Қарағандысындағы» (? – «Оянған өлкедегі» – Т.Ж.) – Ушаковтің, тағы да басқалардың бейнесін алсақ та жеткілікті. Оның барлығы туындының идеясына байланысты. М.Әуезов суреттеуіндегі қыздар тура сондағы бейнеленгеніндей көрік қажет еді.Мен табиғат суреттері жөніндегі Досалиевтің пікірін талдап жатпаймын. Мен оның шалқалақтай шапшығанына және (Нұрышев пен «Казахстанская правданың» мақаласын – Т.Ж.) қорғаштай сөйлегеніне аздап ызыланып тұрмын...».
Тікелей көркем шығарманы талдаған мұндай сыни пікірді әдеби орта жиырма жалдан бері жатсынып қалып еді. Мұнда байсалды пайымдаулар әдебиетке жаңа көзқарастағы жас толқынның келгенін, олардың көркем туындығы, жазушының шеберлігіне қоятын талаптарының мүлдем өзге деңгейде екенін танытты. Сол талқылауда М.Әуезовтің енді танысқан жас тілеуқоры Е.В.Лиузнова да сөйледі. Ол ішінара:
«...«Казахстанская правданың» «Абай» романы жөніндегі жойымпаздық пиғылға құрылған мақаласы біздің партиямыздың әдеби сынға арлы да шынайы қамқор болуды ұсынып отырған талабына қарама-қайшы келеді. «Абай» романының елеулі қателіктер мен кемшіліктен ада емес екені сөзсіз, алайда бұл шығарманың басты, негізгі, маңызды мақсаты зиянкестікпен бұрмалауға құрылған деген мағынаны білдіре ме? Жоқ, білдірмейді. Романның жарыққа шығуының өзі бүкілодақтық маңызға ие болғаны және туысқан республикалардағы әдебиеттің өскендігінің куәсі болғаны нақты шындық. Сонымен қатар ең қиын тарихи роман жанры қазақ әдебиетінен берік орын алды, қазақ прозасының кемелденгендігін мойындатты. Мұқым қазақ әдебиетінің даму деңгейін анықтайтын мәселелердің барлығы да: орыс пен қазақ халқының достығы, қазақ халқы мен оның демократиялық үрдістегі зиялыларының тарихи тағдыры, патриархалдық-феодалдық қоғамдағы тап тартысы – бұл кітапта нақты шешімін тапқан. Романдағы басты мәселенің бірі – ол қазақ әдебиетінің тағдыры үшін де және оның өсуі үшін де ерекше маңызы бар феодалдық-рулық қарым-қатынасқа деген көзқарас. Мен көптеген сыншылардың: романның кейбір тұстарында өткенді дәріптеу, олардың тұрмысын сүйсіне суреттеу байқалады – деген пікірлері дұрыс деп есептеймін. Алайда бұл «Абайдың» үш кітабының бетін ашып беретін кейпі осы деуге бола ма? Жоқ, болмайды. Әспеттеудің төркіні ең алдымен оқиғаны баяндау барысында өзінің көзқарасын білдіре отырмағандығында және өзінің көзқарасын кейіпкерді көзқарасынан ажырата алмағандығында. Бөжейдің асын суреттеген тұста солай болды. Автор оған сырт көз арқылы қарауы тиіс еді...»,– деп пікір білдірді.
Бұл пікірге Мұхтар Әуезовтің өзі де қанағаттаныпты. Осының ішіндегі: «Романның жарыққа шығуының өзі бүкілодақтық маңызға ие болғаны және туысқан республикалардағы әдебиеттің өскендігінің куәсі болғаны нақты шындық. Сонымен қатар ең қиын тарихи роман жанры қазақ әдебиетінен берік орын алды, қазақ прозасының кемелденгендігін мойындатты»,– деген баға үшін өзге емеуіріндерді ескермеуге де болатын. Ал келесі кезекте халықтық оқырман ретінде мінбеге көтерілген азамат Ділдәбековтің (есімін анықтай алмадық) сөзі сол тұстағы ең батыл пікір, өжет ойға, тәуекелді мінезге, азаматтық ерлік рухы мен намысқа, әдебиетке деген шын жанашырлық махаббатқа, М.Әуезовке деген адалдыққа құрылған. Сондай дүрбелеңді шақта қалай батыл сөйлегеніне таңданасың:
Ділдәбеков: «Осынау тамаша кітапты оқырмандар үш жылдан бері үзбей оқып келеді. Қандай да бір дүниеге нағыз сыни бағаны оқырмандар, яғни, халық береді, алайда, біздің арамыздан әлі де қазақ әдебиетінің тарихынан «Абай» романы сияқты ұлы шығармаларды сызып тастағысы келетін кейбір сыншы – жалақорлардың қыңсылаған, бірақ дөкір дауысы естіледі. Бұл арада ұлы Крыловтың «Москва» атты мысалының керін құшқандардың арамызда бар екенін ескерте кеткен артық болмайды деп есептеймін. Ұлы Сталин: біздің кемшіліктерімізді сынаңдар, бірақ оны жарнамалық жасасынға айналдырмаңдар, – деп ескерткен болатын. Ұлы көсемнің осы дана сөзін біздің сыншыларымыз бен әдебиеттанушыларымыз сағат сайын, минут сайын есінде ұстауы тиіс.
Кеңестік қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан құрметті Мұхтар Әуезовтің аса игілікті еңбегін біздің бәріміз де білеміз. Егерде арамызда бақайқулық ойлаған сыншысымақтар бар болса, онда біздің оқырмандық құқымыз оқырмандарды адастырғысы келген кез-келген жалақорға тосқауыл беруге міндеттейді. Ана бір уақыттың өтіп кеткенін ондай сыншылар есінде ұстауы керек. Қиындық дегеніміз – оны жеңу үшін туындайды. Олар, біздің аға толқындардың ортамызда ұзақ жүруін тілеймін, өйткені олар өздерінің күткен күндерін тым құрығанда бір рет көре алмай кетсе, өкініш зор болмақ. Сондықтан да біз әдебиеттегі жөнсіз, кеңестік сынға жат көріністердің жолын кесіп отыруға міндеттіміз.
Ұлы Максим Горький: кітап – өмірмен, тұрмыспен, өзге халықтардың мәдениетімен таныстыратын ең сенімді, ең жақсы дос, – деп айтқан болатын. Біздің кеңестік қазақ әдебиетінің озық туындыларының көптеген тілдерге, тіпті, шет ел халықтарының тілдеріне аударылып жатқанын білу қандай қуаныш десеңізші. «Ботагөз», «Абай», «Қарағанды» сияқты үздік шығармалардың пайда болуы біздің бүкіл қазақ әдебиетінің ірі жетістігі болып табылады. Алайда, оқырмандардың қарсы пікіріне қарамастан, жалған сыншының атын жамылған «Казахстанская правдадағы» кейбір жолдастар, Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы сияқты тамаша туындысын қоқыс үйіндісіне лақтырып тастағысы келеді. Мақаланың авторы су жүрек екен, өйткені ол өзінің қолын қоюдан қорықты, демек оқырмандардың дауысынан қорықты.
Егерде «Казахстанская правдадағы» жолдастар мұны редакциялық мақала деп есептесе, онда шынымен де не айтарымды білмеймін. Онда, осы газеттің редакциясында осындай үлкен тарихи шығарманы қорғайтын бір оқырманның табылмағаны ма?
Мақала туралы сөзді осымен әзірше доғара тұрайық. Кейбір кемшіліктер оның жақсылығына көлеңке түсіре ала ма? Әрине, жоқ. Романның жақсылығы көп айтылды, асырылып айтылды, бірақ та мен басты кейіпкердің бейнесі ашылмаған деуі (мақалада осылай делінген) таң қалдырады. Бұған қарап: бұл сыншы «Абай» романын үстірт оқыған, немесе мүлде оқымаған, ал егерде оқыған болса, онда жазушының кейбір жаңсақ кеткен жерлеріндегі жекелеген сөздерді қасақана бір-бірінен бөліп алып, жалпылама қорытынды жасап, оқырмандарды адастырғысы келген. Алайда біз ондай аңқау оқырман емеспіз. Тапптық (әсіре әлеуметшіл) тобырдан қалған мұндай сарқыншақтардың есінде болсын, олардың біздің арамызда әлі жүргені рас, оқырмандар үшін олардың уақыты енді келмеске кетті. Енді бізді алдауға, әр түрлі сандырақтармен біздің басымызды айналдыруға кез-келген сыншының күші жете бермейді. Біз ненің ақ, ненің қара екенін және ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы білеміз. Абайдың ғана бейнесі емес, Құнанбайдың үшінші буыны Әзімбайдың да бейнесі «Абай жолы» кітабында толыққанды ашылғаны сондай, бізге жазушының тамаша шеберлігіне қуана білу ғана қалады.
Мұхтар Әуезов байлардың тұрмысын суреттеп, қарапайым халықтың тұрмысын кейде көлеңкеде қалдырады. Осындағы тамашы киімдер, қанатты тұлпарлар еңбекші бұқараның маңдай терімен табылған. Жазушы келесі романдарында осыны ескерсе, қандай жақсы болар еді. Менің ойымша Оспанның бейнесін сомдауда, әсіресе, оның өліміне ағасы Абай қатты күйінетін тұста бір үйлесімсіздік бар сияқты. Өзінің өмір жолының ең ауыр жылдарында сүйенішті ел ішіндегі достарынан емес, інісі Оспаннан іздейді. Егерде Оспанның табытының басында Абайдың қатты күйзеліп, ащы көз жасын төккені рас болса, онда бұл оның рухани өмірден түңілуі мен есінің тұмандануының көрінісі емес пе. Ұлы ақынның осы кездегі түңілісті көңіл-күйін оның әлсіздігі ретінде толығырақ ашып көрсетуге болар ма еді. «Ревизор» мен «Өлі жандарды» өмірге әкелген Гоголь өмірінің соңында есінен адасқанын өзінің тілшесінде жазып кетсе де, ұлы жазушы болып қалды емес пе.
«Казахстанская правда» газеті туралы тағы бір сөз. Соңғы уақытта «Казахстанская правдада» біздің жазушылардың көп жылдық еңбектерін еш кетіретін мақалалардың жиі жарыққа шығуы тегін емес. Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді.
Газет – партияның органы, ол көпшілік-қоғамдық газет болып табылады, егерде «Казправдадағы» жолдастар мұны осы уақытқа дейін түсінбесе, онда бұқара халықтың өзі «Казправданың» бетіндегі мұндай мақаласымақпен қоса оның авторын да ысырып тастайды.
Жазушы Мұхтар Әуезов туралы бір сөз. Ол біздің кеңестік жазушы, біз оны жалақор-сыншының қолына бермейміз. Оны осындай сыншылардың жаласынан қорғауға дайын екендігімізді, сонымен қатар оның кемшіліктері мен жетіспеушіліктерін де көрсететінімізді білдіре отырып, оған өзінің тамаша жазушылық шеберлігін, өзінің көп жылдық тәжірибесін бұрынғыдан да қуатты пайдаланып, бұрынғыға қарағанда да жемісті еңбек етуіне тілектестік білдіреміз».
Міне, халықтың күші деген осы болса керек. Бұдан асырып білдірген шынайы халықтық көңіл-күй оған дейін де, одан кейін де болған емес. Даңқ тұғырына көтерілген тұста бұдан да артық құрбандыққа дайын екендігін білдіріп, бұдан да көпке уәде берген жағымсақ, мысық тілеу марапаттарға іштей сүйінсе де, көп алдында бетін қайырып отырған. Қысқартып айтқанда, Ділдәбековтің осы сөзі – сөз-ақ. Өкінішке орай осынау азаматтың толық өмірі туралы мағлұмат әзірше қолға түспеді. Әрине, мұндай өткір де ашық пікірді партияның оқшантайына енді салынған «іші қуыс торсылдақ патрон» Нығымет Жанділдин жақтырмады.
Жанділдин жолдас: «Жолдастар, біз мұнда пікір алысу үшін, кемшіліктерді көрсету үшін жиналдық, сондықтан да авторға көмке көрсету мақсатында оның кемшіліктерін айта отырып, сол қателіктерді жоюдың жолдарын да авторға көрсетуіміз керек еді. Алайда көптеген жолдастардың сөзі мадақтауға айналып барады. Менің ойымша, романның жетістіктері туралы жолдастар дұрыс айтты, бірақ та кейбіреулердің сөзінде ешқандай сын болмады, алдымызға қойған мақсатқа жетпеді.
Соңғы сөйлеген Ділдәбеков жолдастың сөзі шындыққа жанаспайды, оның: «Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді»,– деген пікірімен келісуге болмайды. Бұлай сөйлеу дұрыс емес. Әрине, барлық газеттер сияқты «Казправданың» жұмысында да кейбір кемшіліктер бар, алайда «Казахстанская правда» – тек қана алаяқтар істейтін газет деуге болмайды, бұл дұрыс емес. Газет Қазақстан Орталық партия комитетінің органы болғандықтан да газетті бақылап отырады және ол газетке жетекшілік етеді, сондықтан да «Казправдада» алаяқтардың қызмет етуіне жол бермейді.
Ділдәбеков: Мен «кейбір алаяқтар» дедім».
Иә, Жанділдинге де жан керек. Орталық Комитеттің өзі арандатуға итермелеген «Казправданы» қорғамаса өзі де қорғансыз қалатынын білді. Ал шындығына көшсек, «қазақтың домбырасының көзін құртуға» нұсқау берген Орталық Комитеттің болашақ хатшысының өзі де идеология саласындағы арандатушы алаяқтардың бірі болып жетіліп келе жатқан. Осы тапсырманы берушілердің біреуі соның өзі де болуы да мүмкін. Жас сыншыл-ойшыл толқынның тағы бір өкілі Зейнолла Қабдолов та мінбеге көтеріліп, екінші кітаптың көркемдік компоненттерін көтермелей көрсете келіп:
«Бұл кітапта да автордың сызып тастауына тиісті кемшіліктер, тіпті, қателіктер бар. Феодалдық тұрмысты суреттейтін тұстарда оны әсірелей әспеттеуден екінші кітап та құр алақан емес. Бірінші тараудағы Құнанбайдың Мекеге аттануы баяндалатын тұс жалпыға ортақ салтанатқа айналып кеткен. Құнанбайды қоршаған адамдар, соның ішінде Абай да бар, тіпті автордың өзі де оған сүйсіне қарайды. Тінібайдың қонақ үйінен аттанып бара жатқан Құнанбай өзінің айналасына өсиет еткен дана сөздер айтады. Соның ішінде: «Үй серігім ғана емес, өмір серігім едің», – деген де сөз бар (Бұл бәйбішесі Ұлжанға қаратылған сөз – Т.Ж.). Құнанбай шығарып салушыларды қалдырып бара жатып: «Ел мен жерге сәлем айтыңдар» – дегенді мүлдем қысқарту қажет (шындығында да бұл сөздер кейін өңделді – Т.Ж.). Әсіресе, Ырғызбайдың байлығы ерекше сүйінішпен баяндалады. Құнанбайды бүкіл қала жұртшылығы салтанатпен, сәнмен, жарқын жүзбен шығарып салады. «Үш жирен атты сәнді күйме бай үйдің кең қақпасынан дүрілдей шылдырап, ағындап шыққанда, арба мен салт атқа мініп, шығарып салуға ілескен жұрт саны қалың еді. Құнанбай күймесінің артынан тағы екі күйме шықты. Оның ішіне Мәкіш пен Абай мінген. Екіншіде – Тінібек пен бәйбішесі. Осындай мол жүргінші бір көшені өздері алып, даурыға сөйлеп, шаңдата тартып бара жатқанда, кішкене қаланың еркек-әйелі, бала-шағасы түгелімен қақпа алдына, терезе түбіне жүгіре анталап, қадала қарап көпке шейін тарамастан шығарып салысқан» (403-бет).
Жазушының дәл осылай баяндауы бізге де қызықты көрінді. Бұл оқырмандарды байлардың керексіз салтанатынан жеріндірмейді, қайта өзіне тартады. Біздің ойымызша бұл көріністе: Құнанбайдың байлығы мен қуанышы – кедейлердің мұхтаждығы мен көз жасы екенін оқырман қауымды сезіндіре жазғаны дұрыс еді және солай жазылуы да керек».
Міне, Құнанбайдың күймесінің алдын ораған «сақалына буырыл кірген Дәркембайға: «Қарызым кетті мойныңда... Қарызым!»,– дегізген, ал Құнанбайға: (Онда атпасаң бүгін аттың ғой. Мынау менің көріме атып отырған оғың ғой. Алды ғой мынау жағамнан!»,– деп жауап қайыртқан «көзжасының құны» осы сыннан кейін қосылған болып шықты. Шығарма ұтып, шындық ұтылды ма? Ол арасын әркімнің патша көңіліне тапсырдық. Ал жанына жақын тартып жүрген Ы.Дүйсенбаев та:
«Менің ойымша қазақ әдебиетінің білгірі М.Әуезов кеңес жазушысының міндетін естен шығарып, халықтық сыпатқа не жататынын, феодалдық сыпатқа не жататынын ажыратып көрсетпейді. Тағы бір ескерту: Абайдың пантүркистермен, ұлтшылдармен күресін көрсетудің қажеттігі туралы айтқан жолдастардың пікірлері де дұрыс. Өйткені, Абайдың және өзге де озық ойлы адамдардың қатысуымен өткен өркениетті болашақ үшін күрестегі идеялық қақтығыстар көрсетілуі тиіс. Олар халықты өркениетті идея үшін күресуге, қазақ халқы даму жолына, бақытты болашаққа орыс халқының көмегінсіз жете алмайтынына үндеді. Бұл орынды өркениетті ой»,– деген екі ескерту жасады.
Мұхтар Әуезов өзінің әрі шәкірт, әрі ақылман досының бұл талабын «Абай жолы» романының төртінші кітабында қанағаттандырып, панисламист, пантүркист, ұлтшыл Әзімханды (прототипі – Әлихан Бөкейханов) жағымсыз кейіпкер ретінде кейіптеді. Сөйтіп, өзінің «Алашорда» туралы жазбақ ниетінде жүрген шығармашылық нысанын Абайға әкеп жанықтырды. Бұл да «өркениетті ойшылдың» өз еркінен туған шығармашылық инсан ба, жоқ па, және келер күндердің тарихи шындық туралы көзқарасына үйлесе ме, жоқ па, оған да тоқталып жатпаймыз.Осыдан кейін Филатов жолдас қысқа сөйлепті, ол:
«Мен Әуезовтің «Абай» романындағы феодалдық шындықты суреттеген тұстарындағы авторлық шабытпен суреттелген тұстарымен келіспеймін. Егерде бірінші, екінші кітапты оқи отырып, Абайдың өмірі мен оны қоршаған адамдарға қатысты көріністерге назар салсақ, онда ерекше көркемдік құралдарды, жарқын штрихтарды, мағыналы мәнерді Әуезовтің неге іріктей таңдап алғанын түсінеміз. Егерде Абай мен оған жақын адамдардың өмірі мен қоршаған ортасына қарайтын болсақ, онда жазушы қазақ ақсүйектерінің тұрмысын, дәстүрін, революцияға дейінгі патриархалдық ауылдың салтын тамсана отырып суреттеген екен деген әсерде қаласың, мұнда олардың құштарлығы емес, автордың соларға құштарлығы анық байқалады. Абай бейнесі өте талантты және қуатты сомдалғандықтан да, бұл қателіктердің бәрін көмескілендіріп жібереді, бірақ жойып жібере алмайды. Әуезов жолдас өзінің осы ұстанымын қайта қарап, революцияға дейінгі ауылды шындыққа жақын етіп суреттеуін қалар едім. Міне, менің айтқым келгені осы еді. Ал мұқым шығармаға қаратылған баспасөз бетіндегі сынға келетін болсақ, ал мұқым шығарма туралы бұл арада айтылған әдеби сынды естігемін жоқ, ондай сынға Маяковскийдің: «Оқырман мен жазушының арасында делдалдар тұрады, ал делдалдардың пікірі қашанда делдал, сұрқайы келеді»,– деген сөзімен жауап бергім келеді».
Ал ол тұста, шынымен де, ет пен терінің арасындағы без сияқты, әдебиет пен саясаттың арасында делдал боп жүрген делдал сыншылар көп еді. Бұдан басқа осыған дейін, осыдан кейін сөйлегендердің ішінде Мұхтар Жанғалиннің пікірі ерекше пайымды, байсалды шықты. Ал М.Әуезовтің өзі М.Ақынжановтың, Ғ.Әбетовтің, Ә.Әбішевтің, С.Бегалиннің, М.Тиесовтің пікірлерін жақсы қабылдады. Кейіннен М.Сильченконың: Әбіш Ресейдегі революциялық қозғалысты білген болуы керек. Автор Михаиловты зорлап сөйлетеді, Абайдың ақындық мектебінің өкілдеріне берілген бағаны қайта қарауы тиіс – деген пікірі үшінші-төртінші кітапты қайта өңдеп жазу барысында еске алынып, өзгерістер жасалды.
Яғни, жазушы «Абай жолы» деп «Абай» романынан бөлек бағалайтын үшінші-төртінші кітап, осы талқылауда айтылған «сыни нұсқаулардың» негізінде саясаттанып жазылғанын байқауға болады. Бұл Н.Жанділдин айтқандай «авторға көмек пе», әлде, көлденеңдеп килігу ме? Бізше, Абайға да, авторға да, көркем ойға да қиянат. Оның бұл жанталасы осы талқылауда сөйлеген қорытынды сөзінің сарынынан анық аңғарылады. Бұл оның осы үш жыл ішіндегі өзін-өзі қорғаған соңғы және ең жауапты сөзі болғандықтан да және мұнда осы үш жылғы сұрқылтайдың тотты табы анық байқалатындықтан да, сондай-ақ «Абай» сияқты «қазақ өмірінің энциклопедиясы» атанған қуатты көркем ойлы туындының «Абай жолы» атты таптық, төңкерістік, өркениетшіл-орысшыл «социалистік реализмнің үлгісі» саналған роман-эпопеяға қалай және не себептен ұласқандығын көрсететіндіктен де, еш қысқартусыз толық келтіреміз. Күрделі ойлау жүйесінің иесі, ауызекі сөздің шешені, ішкі толқыны аударылып-төңкеріліп отыратын Әуезовтің осындай ағынан ақтарылған тұсындағы сөзінің ішкі иірімдері өте лықсымалы болғандықтан да аударма мәтіннің де «лықсымалы» болғанын ескерте кетеміз.
М.Әуезов: «Жолдастар, мен өз сөзімді, уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, біздің жазушылар ұйымына, біздің жұртшылығымызға, біздің қазақ кеңес әдебиетіне, біздің социалистік мәдениетімізге дос көңілмен қарайтын қауымға, менің шығармашылығыма зерелі көңіл бөлген және менің басымнан өткен ең қиын да маңызды кезеңде мені демеген, менің ойымша, қазір де демеп отырған осы жұртшылыққа тереңнен шынайы буырқанып шыққан алғысымды білдіруден бастағым келеді.
Ең алдымен, дәл солай болуы тиіс, мен өзімнің назарымда баяндамаға аудармақпын, осындай шығармалар жөнінде жасалған баяндамадан біздің әр қайсымыздың ұстанымымыздың деңгейін анықтайды, біздің республикамыздың жазушыларының белгілі дәрежедегі сыни ойлау деңгейін анықтайды.
Жолдас Ахтановтың баяндамасы: жас толқынның арасынан қуатты күштің, жақсы, алдыңғы қатарлы обьективті сыни ойдың өкілдерінің, әдебиетке жаны ауыратын, көркем әдебиеттің ерекшелігіне, шығарманың асыл өзегіне бойлай білетін және автормен бірге жақсылығын қуана отырып көрсететін, кемшілігі үшін бірге қабырғасы қайысатын, сол қателерді түзетуге көмек көңілін ұсынатын өте қабілетті жастардың өсіп келе жатқанын танытты.
Дәл осы талқылауда жасалған жолдас Ахтановтың баяндамасындағы романның жақсы жақтары мен кемшіліктеріне тоқтала отырып айтқан пікірлері біздің жазушылар ортасындағы сыни ойдың деңгейінің өрелі деңгейін көрсетті. Өзге де жолдастардың сөзінен де бұл анық байқалды.
Мен осы арада өзімнің әріптестерімнің – жазушылар мен прозаиктердің өте жауапты асыл ойларын тыңдадым. Иә, кеше де, бүгін де роман туралы С.Мұқанов пен кеше төралқа мәжілісінде пікір білдірген Ғ.Мүсірепов жолдастар сөйлеген жоқ.
Романның жарыққа шыққан алғашқы күнінен, 1941 жылғы басылымынан (бастап айтылған пікірлердің ішінен) «Абай» романы жөніндегі Ғ.Мүсіреповтің көлемді пікірі менде сақтаулы. Бұл – терең ойластырылған, өте талантты, аса маңызды пікірдің бірі болды. Әрине, онда да ағаттықтар жоқ емес, сыншылар ғана шығарманы сынап қоймайды, шығарма да сыншының кемістігін сынайды емес пе. Соған қарамастан, осында айтылған кейбір жағымды бағалар мен кемшілікті көрсеткен сыни пікірлер менің екінші кітапты, тіпті үшінші кітапты жазуым кезінде көмек қолын ұсынды. Жазушылардың, сыншылардың көптеген ескертпелері маған «Абай», «Абай жолы» кітаптарының қайта басылымында, әсіресе, осы төрттағанның соңғы қорытынды кітабін жазу барысында көп септігін тигізді, әлі де септігін тигізетін болады.
Осы арада жазушылар айтқан пікірлермен, мен үшін аса қымбат пікірлермен менің міндетті түрде санасуым керек. Мен, көркем проза саласында өзіммен бірге шығармашылықпен айналысып жүрген жауапты ой иелерінің, Мұстафин, Әбішев, Бегалин, Тиесов сияқты прозаиктердің, драматургтердің пікірлерін тыңдадым, мен біздің кейбір сыншылардың пікірлерін де тыңдадым. Олардың бәрі де бір тілекке қосылды, олардың пікірлерінің барлығы да Әуезовтің «Абай» романы – қазақтың ұлы ақынының, ағартушысының асыл бейнесі Абайдың атына сай болуды қалаған адал да қатал талаптан туындады. Бұл бәріміздің де ортақ мақсатымыз.
Сіздердің романның беделін көтергендеріңіз – қазақ әдебиетінің беделін көтергендеріңіз болып табылады, сіздер шығарманың кемшіліктерін көрсету арқылы оны да биік сатыға көтересіздер, оны бұрынғыдан да кемелдендіріп, толыққанды туынды етесіздер.
Оқырмандардың алаңы мен жазушының ойы тоғысқан тұста айтылған мұндай әділ пікірлер, біздің жүздесулеріміздің ең бақытты сәттері болып табылады, осы орайдан алғанда біздің бірлестігіміз – біздің кеңестік жазушылар одағы осы ынтымақтың ұйытқысына айналып отыр. Мен өзім бұдан ешқандай жан ауыртатын жағдайды көріп тұрғамын жоқ, көргім де келмейді.
Маған қарата айтылған пайдалы сынды бар ынтаммен, бар қуатыммен, шама-шарқым жеткенше (оның деңгейін сіздер бағалайсыздар) тыңдауға тырысып келе жатқанымды ашық айтуым керек. Менің осы айтқандарымды дәлелдейтін көптеген мысалдар мен дәйектерді келтіруге болады. Мен өзіме пайдасы тиетін кеңестерге мұқият көңіл бөлемін, өйткені бәріміздің де талпынысымыз бір мақсатқа бағытталған.
Роман тек қана орыс тілінің өзінде 4 рет көп данамен басылып шықты, тек қана Свердловскінің баспасының өзінен 75 мың данамен таралды. Тек орыс тіліндегі басылымының өзі жарты миллион данадан асты. Орыс оқырмандарынан күн сайын көптеген хаттар аламын, солардың бірде біреуі романды панисламистік, буржуазиялық идеологиядағы шығарма деп бағаламайды, қалай айтсақ та, зерделі оқырмандар «Абай» романының мақсаты қазақ халқының өмірін бейнелеу деп түсінеді. Сонымен қатар, шетелдік демократиялық республикалардың, соның ішінде польшаның, чехославактардың және тағы да басқа елдердің баспасөзінде оң баға берілген жекелеген пікірлердің мазмұнын да маған баяндап берді.
Егерде мен романға Сталиндік сыйлықтың берілгеніне, «Абай» романы жөнінде жақсы пікірлердің айтылғанына сүйене отырып, менің шығармам қол жетпейтін биікке көтерілді, ол ешқандай сынауға жатпайды десем, оным көрсоқырлық болар еді. Ондай мінез ешқашанда көрсетілмек те емес. Әділ сынға жан пида деп қараймын. Сондықтан да Сильченконың: роман осы уақытқа дейін жаппай мақталып келді, осы мақтау белгілі бір дәрежеде авторға бөгет жасады, – деген пікіріне қосыламын. Мүмкін солай да шығар.
Қазақ тілінде «Абай» тек үшінші рет басылып отыр. Ол бірінші рет 1942 жылы басылып шықты. 1949 жылы оған Сталиндік сыйлық берілді, бұл жылдары біздің жұртшылығымыз қуаныштан жарыла жаздады, романның тек қана жақсы жақтарын ғана ауызға алды. Жұртшылықтың, соларға тікелей арналып жазылған жұртшылықтың өзі романның алғашқы кітаптарын бастапқыда жақсы қабылдаған пікірлері мен үшін өте құнды және маған өте пайдалы әсер етті. Партиямыздың өзі, мұқым кеңес халқы бұл шығарманы құртып жіберуді көздеген жоқ, керісінше: жақсы дүние – жарқырай түссін, ал озық туынды – асқақтай түссін, – деген ниетпен қарады. Мұндай шынайы тілекке қандай автор құшағын ашпайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, достық пейілмен, адал көзқараспен ұсынылған көмек қолына мен де қолымды созамын. Мен өзімнің романыма, оның бірінші кітабына, араға 11 жыл салып барып алыстан көз саламын. Бірінші кітап 1942 жылы шықты, бірінші том шыққаннан бергі арадағы уақытта айтылған сіздердің ойларыңызды, пікірлеріңізді, сындарыңызды, тіпті әлі де айтылмай қалған тілектеріңізді түйсікпен сезіне отырып, шығарманы қайтадан өңдейтін боламын. Әдебиетке жаны ашитын шығармашылық сана иелерінің басқаша ойлауы мүмкін емес.
Бұл тұрғыдан алғанда өзінің шығармаларын оншақты рет қайта жазған ұлы орыс классиктерінің ұлы дәстүрін қабыл аламыз және үйренеміз. «Фаустың» авторы Гете өзі өлгенше бұл шығарманы 40 рет өңдеген. Ал мен өзімнің романымды осыдан 10 жыл бұрын жазылған қалпында қалай қалдыра аламын. Мен сол қалпымда емеспін, тарих та сол кездегідей емес, көп нәрсе қайта қаралды. Өткенді бағалауда Әуезов те қателесті, қоғам да қателесті, сол қоғаммен бірге мен де қателестім, аға ұрпақтың өкілі ретінде кей кезде қате ойларымды ұсындым, сондықтан да мен өз шығармаларымды жетілдіре түсу үшін қайтадан қарауға тиіспін, өйткені 10 жыл өткеннен кейінгі қазіргі кезеңде көп түсініктер өзгерді, егерде 10 жыл өткен соң қоғам мен жұртшылық осындай назар аударып, романды өңдеуді талар етсе, әрине, қайтадан қараймын. Мүмкін, біздің көзіміз тірі кезімізде жұртшылық романға жаңа көзқарас білдіріп, жаңа толықтырулар енгізуді ұсынар, Әуезовтің тірі кезінде – оның кітаптары да өлмейді, ол қоғамның барлық ескертпелерін ескере отырып, әлем классиктерінің, соның ішінде өзіміздің кеңестік жазушылардың тәжірибесіне сүйене отырып жетілдіре беретін болады.Осы орайда бізге Александр Александрович Фадеев жақсы үлгі көрсетіп отыр.
Осы пікірге қосымша тағы да бір ой айта кеткім келеді: жазушы өмірді теңшей көрсетуі тиіс және оның туындысы оған қол ұшын берген барша жолдастарға, әр бір оқырманға түсінікті болуы шарт. Авторға көмектесе отырып белгілі дәуірдегі әдеби қозғалыстың кемшілігін аша отырып, сонымен қатар автордың терең де жарқын мақсатты жетістігін де ашық көрсетуі тиіс.
Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің тарихи қайраткерлігі неге әкеліп тірейді, тек олардың қателіктерін көрсету үшін ғана ма? Жоқ. Ол – қойылған мәселелерді шебер аша біліп, оны бүгінгі күнге сай көрсете білуге әкеп саяды. Пушкиннің «Евгений Онегині» несімен құнды, Гогольдің натуральдық мектебінің құндылығы неде, Лермонтовтың аса көркем де тебіреністі поэзиясының құндылығы неде? Шығарманың жақсылыған айту да көмектеседі, кемшілікті көрсете келіп, қалай жазу керектігін дос ниетпен білдіру де ынталандырады. Бұл біздің кеңестік әдебиет пен кеңес жұртшылығының дәстүрі. Сіздер, кеңес жазушыларының шығармаларының жетістіктерін талдаған сыншылардың, мысалы, Фединнің романдарының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін, сондай-ақ Якуб Коластың шығармаларының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін Евгений Мазунковтың Сталиндік сыйлық алғанын жақсы білесіздер. Ендеше шығарманың көркемдік сапасы мен жетістіктерін ашып көрсеткеннің бәрі де жағымпаз деп аталады деп түсінген адамдар қателеседі.
Біздің бұл мәжілісіміз баяндамадан бастап содан кейін сөйлегендердің сөзі де өте мағыналы болды. Соңғы екі мәжіліс сыни ой мен сын мәдениетінің соншама өскендігін дәлелдейді. Кейбір жолдастардың сөзін алғыспен еске аламын. Бұл адамдардың біразы, мысалы, Мұстафин, Әбішев, Мүсірепов жолдастар шығарма басылмай тұрған кезде болашақ «Абай» романының бірінші және екінші кітаптаптары сыншылары мен пікір білдірушілері болып, өздерінң пікірлері арқылы демеу көрсетті. Жап-жас зерттеушілер, мысалы Лизунова, көптеген тың да пайымды пікірлерді жинақтай жеткізді. Ол өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын өте жоғары деңгейде мәдени түрде жеткізе білді. Әлімқұлов та шығарманың жетістіктері мен кемшіліктеріне байланысты байсалды тұжырымдар мен қорытындылар жасады. Ақынжановтың тарихшы ретіндегі ғылыми пайымдаулары да өте назар аударарлықтай болды. Әрине, барлық жолдастардың атын атап шығуға мүмкіндік жоқ, оны қажет деп те санамаймын, бірақ өткендегі қазақ тұрмысының білгірі Бегалиннің пікірлері өте құнды болды.
Мұның барлығы, романды зерделеу мен талқылау жұмысы өзінің мақсатына жеткендігін, көп нәрселердің ойластырылғанын байқатады. Алайда мұның барлығы осында айтылған пікірлердің не ана кітаптың, не мына кітаптың өңделуіне әсерін тигізеді деген ой тумаса керек. Маған көмектесуге ұмтылған достық тілекті жалпылай алғанда және тұтасымен бағаласам да, мен жолдастардың айтқандарының барлығымен сөзсіз келісемін бе? Олай десем шындықты айтпағаным. Сіздер де өздеріңіздің әрбір пікірлеріңізді жауапкершілікпен ойластырдыңыздар, мен де аз толғанғамын жоқ. Мен көлемі 1 200 беттен тұратын үш кітап жаздым. Оларды жазған кезде де мен ұзақ ойландым, демек зерттедім, зерделедім, демек, менің де өз ұстанымым, дәлелім бар, оның үстіне бұл туындымен 8 жыл (1942-1950 жж.) жұмыс істеу барысында мен де өте көп толғандым, кейбір ойларымды шығарманың ішіне кіргіздім, ал кейбір сыни ескертпелер романның жекелеген тараулары мен беттеріне, кейде кейіпкерлердің табиғатына, кейде оқиғаның барысына кірікпеді, олардың өзі де қарсы шыққандай болды.
Сіздерге мәлім, сынаған сыншының сынының деңгейін кемел ой анықтап береді емес пе. Сондықтан да осында айтылған ескертпелердің бәрін де қабылдаймын десем, оным дұрыс та емес әрі жалған болар еді.
Екі күн бойы сөйлеген жолдастар біраз байсалды пікір білдірді. Сондықтан да мен осы арада естігендерімді басшылыққа ала отырып, оны келесі кітапта дәнін беретін бүгін себілген тұқым ретінде қабылдаймын. Ал кейбір пікірлерді ойлана жүру үшін есімде сақтап қалдым.
Мұнда айтылған пікірлердің бір парасын дұрыс деп есептеймін де оны жетекшілікке аламын. Тағы бір бөлігін өзімнің еркін де, ерікті, дербес толғаныстарымның еншісіне қалдырамын. Сондықтан да: міне, бүгін сіздер мынадай ескертулер айттыңыздар, ал мен оны ана кітаптың мына жеріндегі ана ескертуді былай түзеймін деп қазір уәде бергенім дұрыс болмайды. Мен бұл кітаптағы көптеген жайларды аса жауапкершілікпен ойлана отырып жаздым, сыни пікірлердің кейбіреулерімен талқыласуға да болар еді. Өйткені кез-келген өнер туындысының тұжырымы: екіні екіге қоссаң төрт болады – деген қағидаға бағынбайтынын сіздер білесіздер.
Алайда барлық пікірлердің ықпалы белгілі бір аумақты қамтитыны да анық. Мәселе, қай қырынан келіп, қандай ұстанымды ұстануыңызда. Өнердің кез-келген туындысына, оның ішінде сөз өнеріне кез-келген өлшеммен қарауға болады. Бұл ретте мен «Абай» романына байланысты осы уақытқа дейін орын алып келген сыңаржақ қатынасты қабылдамаймын, алайда ең ықыласты, әділ әрі мақсатты сынның да көп қыры бар, оны ұсыну үшін де әбден ойланып алу керек. Осы айтылған жайларды ескере келіп, баяндамашыдан бастап естіген ескертпелерді үш топқа бөлгім келеді:
Бірінші топқа жататын ескерулерді менің өзімнің тарапымнан жіберілген ағастықтардың қатарына қосамын да оларды кейінге ысырмай шұғыл түзету керек деп есептеймін. Олар барлық басылым бойынша өңделуі тиіс. Бұл бірінші топқа кіретін ескертулер.
Бүгін маған жұртшылық көмек қолын соза келді, тебіренбей тыңдай алмайтын нағыз толысқан, терең, шынайы ойларын айтты. Роман жөніндегі ең жоғары пікір 1949 жылғы тарихи шешіммен шектеліп қалған жоқ, сонымен қатар одан кейін де баспасөз бетінде білдірілген аса мол жарияланымдарға да ұласты, енді, міне, кешегі мен бүгінгі сөйлеушілер де оны жалғастырып отыр. Жұртшылықтың осы айтқандарының ішінде даусыз қабылдап, бүгіннен бастап жүзеге асыруыма тиісті пікірлер бар. Соған қарамастан, осы екінші топтағы пікірлердің өзін де дау айта отырып қабылдаймын. Қайталап айтамын, қайтадан ой сүзгісінен өткізе отырып шешім қабылдайтын пікірлер баршылық. Бірақ та мен осы пікірлердің өзіне де үлкен ризашылығымды білдіремін, олар бірінші басылымда секерілмесе де, екінші басылымда ескерілетін болады. Кейбір жайлар кітаптың жаңа редакциясында енгізілетін болады. Бүкіл өміріңнің тақырыбына айналатын кітаптар болады. Қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін қамтыған осы кітап та соның қатарына жатады. Бұл кітапқа да бірте-бірте өзерістер жасалатыны анық, оның қашан, қандай өлшемде жүзеге асатынын әлі де ойланатын боламын.
Ал үшінші топқа жататын ескертулерді, дұрысарақ айсақ, ескерту емес, шаптығу мен жаланы мойындаудан күйіне бас тартамын, менімен бірге оны біздің барша жұртшылығымыз да кейінге ысырып тастайды, ал жұртшылықтың пікірі – бүкіл кеңес халқының, қазақ халқының пікірі болып табылады және осы жұртшылық, осы халық өзінің рухани құндылығын барлық заңсыз, әділетсіз құралдардың көмегіне сүйене отырып көзін жоюға ұмтылушылардың ашық әрекетіне қарамастан, оны ешқашанда ешқандай да жазалауға жол бермейді. Оны құртуға жұртшылық та, партия да жол бермейді.
Міне, осындай категорияға жататын пікірлерге тоқталғым да келмейді, бірақ үндемей өтуге тағы да болмайды, сондықтан да кейінірек қайтып ораламын.
Енді сөзсіз дұрыс айтылды деген ескертулерге келейін. Біріншіден, қазірдің өзінде менің тарапымнан көптеген өзгертулер жасалды, түзетулер енгізілді. «Абай» романының бірінші кітабының соңғы басылымында Дулатқа деген көзқарас өзгертілді. 1942 жылы роман алғаш жарияланған кезде оның шығармашылық жолы туралы барлық оқулықтар мен бағдарламалардың барлығында бүкілхалықтық идеологияның ақыны жазылып жүрген болатын. Ал Абайдың қалыптасып келе жатқан санасына рухани мәдениетті бойына сіңірген адамның жағымды ықпалы етуін көрсету керек болды, сондықтан да мүлдем шартты түрде алынған бұл тұлғаның орынына басқа бір кез-келген ақынды алып, суреттеуге болатын еді. Ол туралы жазылғандардың барлығы да, оның іс-әрекеті, толғаулары, бейнесі менің қиялымның жемісі болып табылады. Сондықтан да Дулаттың өзі бүгінгі қоғамға жат болғанымен, оның бейнесі қоғамға жат емес, Дулат деген атты пайдаланып жазған менің кескіндеуім ғана болғандықтан, Дулаттың атын өшіріп тастадым.
Бұл кітаптың мұндай кемшіліктерін уақыттың өзі түзейді. Бұқар жырау мен Шортанбайдан басталған қателіктерге байланысты көрсетілген кемшіліктер, тек қана кемшілік емес, феодалдардың бейнесін дәріптеген саяси қателікке айналып кетті. Мысалы, кеше Мұстафин: алашордашыл Тұрашты Абайға ықпалы бар адамдардың қатарына қосқан – деген оқыс пікір айтты. Ашығын айтайын, ол түймедейді түйедей ғып көрсетіп отыр. Менің қателігім сонда, Тұраштың атын атамауым керек еді. Ол екі жерде аталады. Ал осыны біздің уайымшыл сыншылар қампита үрлей келіп, Алашордашыл Тұрашты Абайға әсері тиген адам етіп суреттедің деп даурығып шыға келді. Бұл барып тұрған жала! Әрине, оның атын атауым ағаттық, олай істемеуім керек еді, ал осы қарапайым кемшілік үшін мені бүгінгі күннің ұлтшылы етіп шығаруға болмайды ғой. Бұл – сауатсыз, бейпіл (беззастенчивая) айыптау. Ал бұл қателікті түзету оңай.
«Ақын аға» романында қателіктер жіберілді. Жолдастардың айтуынша менің қателігім жекелеген ақындарды Абайдың шәкірті ретінде дәріптеуімде екен. Мен өткен жылы 8 баспа табақ көлемінде өзгерістер енгізгенімді айтқамын, сондықтан да енді менімен қоса (Көкбайды, Әріпті, Әсетті т.б. – Т.Ж.) жадтарыңыздан сызып тастасаңыздарда болады, «Абай жолының» жаңа кітабі жазылатын болады. «Абай жолы» менің Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі қателігімді түзейтін болады, екіншеден (Кенесары туралы көзқарасым) түбірімен өзгереді.
Бүгін сөйлеген кейбір жолдастар «Абай жолының» жазылу барысында панисламизм өкілдерін Абайға қарсы тұрушы күш емес, сонымен қатар панисламизм мәдениетін әшкерелеу керектігі жөнінде ескерту жасады. Жолдастар, «Абай жолы» – өте күрделі жол, ол («Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Оқапта», «Қақтығыста») – деген тарау аттарынан-ақ білінеді. Шұбар: «Қазақ халқын Абай апарады?»,– деп сұрағанда Әбдірахман: «Бұл жол – құтқарушы орыс мәдениетіне алып келеді»,– деп жауап береді. Екінші бағыт – ислам. Ал Абайдың жолы басқа, ол орыстың демократиялық әдебиетін Некрасовтың дәстүрі арқылы сіңіреді. Абайдың жолының – жол айрығы осы тұстан айырылады, ал қазіргі «Абай жолы» тарихи романы 90-жылдарға келіп тірелген, енді 1904-жылға дейін жететін болады, міне, тарихи шындық бойынша панисламизм мен пантүркизмнің барынша кең тарағаны осы жылдар, Татарстанға, сонымен бірге Әзірбайжанға таралған панисламиз мен пантүркизм ағымы буржуазиялық ұлтшылдықты да қоса ала келді. Олардың ішіндегі ең көрнекті қайраткерлері Мемлекеттік Думаның алғашқы депутаттары болып сайланды, міне, бұл Қодар оқиғасынан бастап бірінші орыс революциясына дейінгі Абай өткен тарихи жолды қамтитын 4-кітаптан орын алатын болады, 4-кітапта Абайдың өмірінің көпшілігі қала кедейлерінің арасында өтетін болады,міне, сонда жұмысшы табының қалыптасу барысы қозғалады, дәл қазір сол тұсты жазып жатырмын.
Кейбір кездері сыншылар (шығарманы талдауда) уақыттан озып кетеді де, (ол оқиғаның) келесі кезеңдерде қамтылуы тиіс екенін ұмытып, дәл қазіргі сәтте көргісі келген жайларды талап етеді.13 жастан бастап 60-қа дейінгі Абайдың өмірі 4 кітапта жалғаса қамтылады. Сондықтан да маған, адамның өмірімен өлшенетін оқиғаларды тарихи шындыққа сәйкес, өмірдегі өз ретімен дамытуға мүмкіндік беріңіздер. Егерде орыс жазушысының бірі төңкерісші орыс жұмысшы табын көрсеткісі келіп 1905-жылғы революцияны 1900-жылға жылжытса қалай болады? Тура сол сияқты, бұл арада да іс-әрекеттің уақытын жылжытудың ешқандай қажеті жоқ, менің шығармамда да бұл оқиғалардың барлығы тарихи және көркемдік шындыққа сәйкес келетін кезеңдерде өз кезегімен қамтылады. Сондықтан да Шұбар мен Көкбай бейнесі 4-кітапта талқыға түседі және Шұбар мен Көкбайға қатысты ескертпелер сонда қарастырылады, Абаймен бірге өмір сүріп, байды сатқан Шұбар 1934-жылғы байлардың көтерілісі кезінде тау ішінде өзінің ажалын табады. Абайдың тірі кезінде оның, мен Шұбарды айтып тұрмын, сатқындығы ашық көрінбейді, ол өзінің бет-пердесін ашпайды. Ал жолдастар Абайдың ақындық мектебі туралы қате пайымдаулар туралы айтқанда осы жайды ұмытып кетеді. Мен Абайдың өмірін жазып жүрген кезімде мұны Тұрағұл айтып беріп еді, мен соған сеніп қалдым. Бұл біздің қоғамымыз үшін де, мен үшін де қымбатқа түсті.
Мен 1939-жылы «Абай» трагедиясын, содан кейін операға арнап либретто, «Абай әндері» атты картинаға (сценарий) жазғанымды еске алуларыңызды өтінемін – соларда Абайдың қоршаған ортасы екшеліп берілген емес пе еді. Ондағы оқиғалар 1903-1905 жылдардың арасында өткендіктен де олардың ішінде панисламистер де жүр емес пе. Абай өзінің өліміне жақындаған егде жасқа жеткен кезінде Шұбардың өзін қалай ұстағаны көрсетілген. Мұндай ойға мен бұрыннан келгенмін, қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Абайдың ақындық мектебін жоққа шығару тек 1951 жылы ғана пайда болды демеңіздер. Ол 1939 жылғы біздің шығармашылық ізденісімізден басталған. Тек Кенесарыға жеткілікті орын берілді ме деген ғана мәселе талас туғызған. Қателік кетті, мен оның феодалдық, реакциялық мәнісін толық аша алмадым. Бірінші топқа жатқызған сын ескертпелердің ішінен мен жұртшылықтың піріне орай Шұбар бейнесін 4-кітапта өзгертуге келісемін. Абайға қарсы әрекет ететін күш ретінде оларға үлкен салмақ салынатын болады. Олар буржазияшыл-ұлтшылдардың көсемінің одақтасына айналады. Онда мұның Абайға деген қарым-қатынасы, Абайды өз жағына қаратып алуға ұмтылысы көрсетіледі. Қазір менде бұл туралы өте қызықты дерек те бар.
«Ақын ағада» көптеген қателіктер кетті, оны мойындаймын және оны түзеймін. Ол негізінен Кенесарыға байланысты. Кенесары жөнінде мен көп жаздым, бірақ мен Кенесарының кіріктірген кездегі Абайдың жасы 13-те ғана болатын, ол оқиға ол ауылдан 120 верст қашықтықта өтті. Кенесарыға қатысты оқиғаларға Абай сол кезде дұрыс баға бере алар ма еді? Бұл тұрғыдан мен түзету енгіздім және өзімнің ұстанымымда қаламын. Мен Кенесарыны және оның идеологін кемелденген Абайдың көзқарасымен әшкерелеймін. Дәрмен арқылы әшкерелеймін. «Ақын ағаның» соңғы нұсқасында мен қателерімді осылай түзетемін. Көп адамды толғандырып отырған мәселені мен осылай шешемін.
Енді, осында сөйлеген көпшіліктің және баяндамашының: орындалуға тиісті деп көрсеткен ескертпесіне, астың суреттелуіне қатысты мәселеге тоқталайын. Осы арада осы оқиғаны суреттеген кездегі авторлық ремаркаға, авторлық түсінікке қатысты пікірлер айтылды. Мен ол ескертуді ұмытқамын жоқ, алайда 13, 16, 18, тіпті 24 жасар Абайдың ол кезде орыс демократтарының ойларымен әлі білмегенін, озық ойлы адамдармен әлі кездеспегенін сіздер де ұмытпаңыздар, өз бетімен Абайдың мұны түсінуі мүмкін емес еді. Абай өзінің идеялық қалыптасуы өте баяу жүрді (шығармадан үзінді оқылады). Бұл Абайдың өз сөзі. Мен мұны орысшаға аудара алмаймын, бірақ та, сыни ойдың ол кезде қалыптаспағанын бәріңіз де білесіздер. «Айлаға да, ашуға жақтым шырақ» (дейтін кезі).
Жуан жұдырықтың кәдімгі заңды тәртіпке айналған тұсы және бұл тәртіпті Абай да орынды деп есептеген. Абайдың дүниетанымы бірте-бірте кеңейді. Қырдағы оқиғалардың барлығын сол кездің сүзгісінен өткізе алған жоқ. Оның көкжиегі бара-бара кеңейді, сөйтіп барып сол уақыттың әлеуметтік-тарихи мәнін біртіндеп түсінді. Қазақстандағы озық ойдың өзі халық арасында біртіндеп, баяу жетілді емес пе. Сондықтан да романдағы Абайдың өсуі де біртіндеп көрсетіледі.
Бірінші кітапты сынаушылар да көп, сонымен қатар, бірінші кітаптағы жазылған жайларды мақұлдайтындардың саны аз емес.
Әрине, мен бұған да назар аударатын боламын, алайда сіздер де 13 жасар Абайдың біртіндеп ойлы адамға айналып келе жатқанын ұмытпаңыздар, табиғат пен қоғамдық өмірдің көптеген құбылыстарын материалистік тұрғыдан біртіндеп түсіне бастайды. Мұның барлығы оған орыстың демократ революционерлері арқылы жетті.
Мен өзімнің алдағы уақытта қайтадан ой елегінен өткізуді ойластырып жүрген жайларға қысқаша тоқтала кетейін. Бірінші топқа жататын асқа байланысты кедей табынан шыққандарды да суреттей кету туралы пікірге орай айтарым, кітартың бұл арасына тиісті өзгертулер енгізілетін болады. Бұл арада: ағаттықтардың қатарына байлардың ортасының тұрмысын, тоқмейілділігін, тоқшылығын, киіз үйлерін әсірелеп баяндау турасында көп айтылды. Мұның орын алуының себебі: мен өнердің реалистік сипатын тым әсірелеп бағалаппын, сондай-ақ, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінде халқымыздың ана ерекшеліктері, мына ерекшеліктері қамтылмағандықтан да, соны көрсеткім келді. Егерде мені алдымда, орыс жазушыларының алдында тұрғандай, Тургеневтің, Гончаровтың, Гогольдің және басқалардың шығармалары тұрса, онда, шындығында да тұрмыстық көріністерді осыншама суреттеудің қажеттігі де тумас еді. Біздің алдымызда ондай тәжірибе болған жоқ, сондықтан да мұндай көріністерді барынша көп әрі кең қолдануға ұмтылдық. Сөйтіп, тым әсерленуге жол берілді. Бұл баяндаулар жеңіл қырналып кететін немесе сол кездің шындығының қайшылықты тұстарында әшкерелеп кетуге болатын кемшіліктер.
Мысалға, Абай қонақтарды салтанатпен қарсы алып жатыр, ал сол рәсім былай тарқайды. Құнанбай Мекеге аттанғалы жатыр, (сол кезде Дәркембай мен Қиясбай келіп Қодардың құнын сұрайды), ал осы көрініс Құнанбайдың тағылық мінезін танытпай ма? Саятшылар суреттелетін көріністен кейін адамдар үш күнге созылған боран мен өгей шеше сияқты қатал табиғаттың шеңгелінде қалады, ал қазақты аңқау бала етіп көрсетсең бәрі де жарқын бола кете ме?
Кей-кезде автор барлығын тәптіштеп баяндап беруге міндетті емес, оны көркем қабылдауы арқылы оқырманның өзі ойланып табуы тиіс. Соған қарамастан кейбір тұрмыстық суреттеулерді қысқартатын шығармын.
Менің ойланып-толғануыма мүдделі ететін біраз жайларды қойын дәптеріме жазып алдым, уақыттың тапшылығынан оны тізбелеп жатпаймын. Мүмкін, жазушылардың өзара оңашалау қоян қолтық бас қосуы өте қалса, соның бәрін тізбелеп шығып, қажетті деген ұсыныстарды өңдеу барысында енгізуім де мүмкін.
Енді өзім үшінші топқа жатқызғандардың «Абай» романы жөніндегі айтқандарына тоқаталайын. Кешеден бері сөйлеген жолдастардың айтқанындай: әдебиеттің мүддесінен аулақ, кеңес жазушыларының алдына партия қойып отырған міндеттерден мүлдем мақұрым, өзінің жеке бақай қулықтарының мүддесін күйттеген, ойы пасық, өзінің міндетін тек құртып жіберу деп түсінетін жекелеген адамдардың арамызда отырғаны шындық. Ондай «қырыпсалушылық» осы арадан да, Досалиевтің сөзінен де байқалды. Шындығын айтсам, күйінейін деп – күйіне алмайсың, сүйінейін деп – сүйіне алмайсың, жетісіп емес, жерініп күлуге ғана тура келеді.
Сондай «қырыпсалдың» біріне мысал ретінде «Ғылым Академиясының жаршысының» №4 санындағы Әуезовті жамсатып салған мақаланы алуға болады. Онда автордың көзін құртуға арналған бір топ материал басылған. Осы арада кемшіліктер мен қателіктер туралы айтылды, мен олардың пікіріне сенемін, сол үшін алғысымды білдіремін. Нағыз талқылау – авторға септігі тиген талқылау дейді ғой. Ол жазушыны ғана емес, қоғамның өзін де демейді. Сол арқылы жұртшылық авторды ғана емес, өзіне де септігін тигізеді.
Мен сіздерге мынадай өтініш айтқым келеді: кеңес әдебиетін, кеңес жазушысын кез-келген бұзақы мен қаскүнем адамдардан қорғай көріңіздер, өйткені олар әдебиетке әдеби мүдде үшін келген жоқ, керісінше, өзінің сұрғылт өмірін әдебиеттің айналасында жүріп ағартқысы келгендер. Міне, жазушыларды осындай сұрқылтайдан қорғау керек, жазушыға заңды көмек көрсету дегеніміз осы. Мен сол көмекті күте отырып, біздің ақылымыздың, намысымыздың және арымыздың өкілі болып табылатын жоғары лауазымды мекемелерден сондай зор көмекті күтемін».
Ал тарихи уақыт пен дәлел, көркемдік шешім мен әлеуметтік жандүние психологиясы, көркемдік шындық деген асқақ ұғымдардан мақұрым мұндай саяси қысымдардың мәжбүр етуімен суреткер "Абай жолы" атты үшінші-төртінші кітабында идеологияға ырық беріп қойды.
Сонымен, қосымша "қыстырмалар" (Д.Әбілов) кіргізіп, "Қарашығын" сияқты тарау қосылды. Әкесі «қатыгез Құнанбай» мен «өзіне қарсы ағасы Тәкежан» және «әзәзіл Әзімбай» сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің мандайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды.
Әбдірахым Жаймұрзин: «Абай» романы туралы әңгіменің аталмыш мәселеден әлдеқайда күрделі болатын. «Абай» романы туралы «Казахстанская правданың» беттерінде жарияланған мақалар жөнінде өзіміздің көптеген жазушылармен әңгімелесіп, жеке пікірлерін сұрап көрдім. Олардың барлығы да ондағы мақалалармен келіспейтінін ашық айтты. Мен Орталық Партия Комитетіне жазушылардың осы пікірлерін дұрыс деп білетінімді айтып, мұндай сыңаржақ, үстірт жазылған сындардын әдебиетке зияннан басқа пайдасы жоқ дедім. Содан біраз уақыт өткеннен кейін табан астынан «Казахстанская правданың» редакторы Никитин мен мені Орталық Комитеттің жабық бюросына шақырды. Бюрода екеуміз де өз пікірлерімізді айтып, біраз сайысқа түстік. Бюро ешқандай шешім қабылдамады. Екеуміздің де Орталық Комитеттің мүшесі екенімізді, оның алдыңда жауапты екенімізді ескертумен аяқтады.
Енді «Абай жолы» романын талқылау үшін оған әзірлік жұмысына кірісуге тура келді. Ол кезде Жазушылар одағында істейтін Сейітжан, Әнуар, Тайыр, Зейноллалармен пікір алысып, осыған бір жақсы баяндамашы табуды ойластырдық. Бұдан бұрын Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын талқылаған тәжірибеміз бар болатын. Онда келешегінен өте үлкен үміт күттірген, әсіресе сол кездегі жас жазушылар ортасында абыройлы, инабатты Мұқан Иманжанов марқұм баяндама жасап, жұртты қатты риза еткен еді. Енді тағы бір жаңа, соны баяндамашы іздестіруді ойластық. Көп кешіктірмей жолдастар Тахауи Ахтановқа тоқталық деген пікір айтты және оны маған келешегі мол, біздің әдебиеттің «жас перілерінің» бірінің өзі деп мінездеме берді. Бұл бағаның дұрыстығын кейін өмірдің өзі көрсетті ғой. Баяндамашы да, шығып сөйлеген жолдастар да романға жоғары баға беріп, оны біздің әдебиетіміздің биік шыңы деп бағалады.
Романды талқылау Қазақстан әдебиетшілерінің әдетте байқалып жүретін жікшілдікке, дөрекі социологиялық қисынсымақтарға еліктеушілікке қарсы тұра алатын бірлігі күшті қауым екендігін, оның шынайы әдебиет жетістіктерін бағалай да, қадірлей де білетіндігінің көрінісі болды. Қазақстан Орталық партия Комитеті талқылауды дұрыс, ойдағыдай өтті деп бағалады».
Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура жиырма жыл өткенде осы талқылауға қатысқан "қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған" мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды: "роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі", – деп сынады. Т.Ахтанов өзінің «Ол биік бізге әлі бағынған жоқ» қарсы мақала арқылы тағы да төрелік айтты. Ал сол биікті бағындыруға шабуылдап жүрген кім? Міне тарихи көркем уақыт пен жетекші кейіпкер тұлғалардың "табиғи қарсылығына" қарамастан кіріктірілген қондырғы идея мен тартыс М. Әуезовтің ең қасиетті авторлық құқына қол сұқты.
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Сталин өліп, Берия атылғаннан кейін жаңа саяси бағыт пен көзқарастарды екшеу мақсатында ұйымдастырылған СССР Жазушылар одағының ХІУ плненумының қорытындыларына орай 1953 жылы 16 қарашада Қазақстан жазушыларының қалалық мәжілісі өтті. Бұл мәжілістің тынысы бұрынғы жаныққан әшкерелеулерден көрі шығармашылық талдау бағытына қарай ойысты.
Бұл тұста М.Әуезов Мәскеу университетінің дәріс арасындағы тыныс сәтінде Алматыға келіп, түрлі шараларға қатысуға еркіндік алды. Одақтың жаңа төрағасы Ғ.Мұстафин баяндама жасап, жарыссөздің алғашқы кезегі М.Әуезовке берілді. Жаппай саяси-идеологиялық жазалау саясатының толас тартқанын және қандай да еркіндік тынысының ашылуын үнсіз дәметкен, Бісмілләсін «халықтардың әкесі» Сталиннен бастайтын шығармашылық одақтың зиялыларының сөйлеу мәнері өзгере бастады. Бұл М.Әуезовтің де сөзінен байқалады. Біз жиырма жылға созылған қудалау мен құрсаудан құтыла бастағанын сезген жазушының психологиясын аңғарту мақсатымен оның бұл сөзін шамалы ғана қысқартып беруді жөн санадық.
М.Әуезов: «Жолдастар, сіздердің көпшіліктеріңіз СССР Жазушылар одағының пленумына қатыстыңыздар, көпшіліктеріңіз пленумның материалдарын оқыдыңыздар, сондықтан да өздеріңіздің әдеби шығармашылықтарыңызды жауапкершілікпен, жан-жақты, ойлана, сын көзімен шолып шықтыңыздар. СССР Жазушылар одағының кезекті пленумына партия қандай мән бергеніне тоқталып жатпаймын, тек біздің алдымызда тұрған түйінді мәселелерге назар аудармақшымын. Кеңестер Одағының жазушылар ұйымының осы пленумы өткеннен кейінгі ойларымызды жинақтаған соң Қазақстан жазушыларының кезекті съезіне қандай шығармашылық толғаныспен келетінімізді ойластыра бастаймыз. Көптен бері жазушылардың съезі өткен жоқ, сондықтан да жекелеген әр жазушы, қазақ әдебиетінің әр жанрына жауапты әрбір шығармашылық секциялар үлкен шығармашылық екпінмен съезге дайындықтың қарбаласына кірісуі керек...»,– деп бастаған сөзінің ауанынан саяси атмосферадағы өзгерісті бірден байқауға болады.
Бұрын тілге ең алдымен «халықтар көсемі», «партиялық сын», «саяси өрескел қателіктер» деген тіркестермен басталатын әшкерелеуші сөздер қатарға ілінбей қалған. Оның орынын «жауапкершілікпен, жан-жақты, ойлана, сын көзімен» деген шығармашылық ұғымдар ауыстырған. Қазіргі тақырыпты игеруге келгенде қазақ жазушыларының тосырқап жатқанын айта келе «өзара сынды» өзінің сүйікті драматургия жанрынан бастапты:
М.Әуезов: «Қазіргі күннің тақырыбына жазған Әуезовтің, Мүсіреповтің, Мұқановтың, Құсайыновтың, Әбішевтің, Иманжановтың пьесалары әлі де нағыз кеңестік драматургияның деңгейіне жеткен жоқ, олар тек маусымдық талаптарға ғана жауап беріп келеді, олар шығарманың әдеби, тарихи, көркем құндылықтарын анықтай алмайды. Қазіргі кеңес тақырыбына арналған көркем шығармалар да болуы тиіс. Бұл орайдан алғанда біздің борышымыз аса зор. Поэзия да, проза да, сын да осындай қарыздар күйде. Бұл жанрлардың игерілуі жөнінде ерекше тоқталғым келеді. Неге бізде жақсы драматургия жазылмайды, біз неге орыс драматургтерінен үлгі алмаймыз? Бұл тұрғыдан алғанда пленум өте маңызды өтті. Біздің мемлекетіміздің өмірінің екі маңызыды кезеңі үш-ақ шығармада: «Қақ айырылуда», «Любовь Яроваяда», «Бронепоезд – 15-69»-да ғана шынайы көрініс тапты. Өзге шығармалар МХАТ-та, Кіші театрда қойылып жатқанымен де, тек К.Симоновтың «Басқыншылық», «Майдан», «Орыс адамы» пьесалары ғана нағыз құндылыққа ие болып отыр. Егерде сіздер «Қақ айырылу» мен «Любовь Яроваяның» қандай пьеса екенін көрген болсаңыздар, онда бұл екі шығарманың кеңестік драматургияны әлемдік деңгейге көтергенін мойындауларыңызға тура келеді. Бұрын сақанада заттық себепкерлікке құрылған тәсілдер қолданылатын. Алайда оның барлығы адамның тұтынушылық сұраныстары. Драматургиялық шығармаларда олар сақналық тартысқа шамалы ғана ықпал ете алатын. Мысалға, Чеховтың «Шие бағында» шіре (шкаф) туралы сөз қозғалады. «Бронепоезд –15-69»-дағы заттық тәсілді алыңыз, темір жолға кім өзінің басын қоюы керектігі жөніндегі тартыс адам мінезін ашуға қандай ықпалды әсер етеді...», – деп бұрынғы саяси тіркестердің орынын көркем талдаумен алмастырды.
Демек, Мәскеуден ескен «жылы лептің» бір «жылымық» әкелетіні мәтіннің ауанынан-ақ сезіледі. Әңгіме өзегі саяси бағамдаудан көрі көркем ойға құрылды. Нағыз лирик ақындардың шығармашылықтан шеттеп кетуінің себептерін емеуірін таныта сөйлейді. Бұл он бес – жиырма жылдан бері ұмытылған әдеби құбылыс еді.
М.Әуезов: «Қазір қостауға болмайтын беталыс байқалады. Біздің көптеген ақындарымызда өте тамаша шығармалар бар, бірақ олар ақындықтан бойын аулақ салып барады. Менің қояр сұрағым: Сәбит Мұқанов поэзиядан неге кетті, Әбділдә Тәжібаев поэзиядан неге кетті? Оның драматургиялық шығармалары сақанада ұзақ тұрақтамайтын дүниелер. Мен Ғали Ормановпен ерекше есеп айырысқым келеді. Ол өзінің мойынына аса жауапты істі – «Анна Каренинаны» аударуды жүк етіп алыпты, ал мен ол неге поэзиядан кетті? – деп сұрағым келеді. Менің ойымша, олар өзге де үлкен жанрда жұмыс істей отырып, поэзияны да ұмытпауы тиіс», – деді.
Бұл сұрақтың астары өте терең. Жалған «жасасыннан!» жалыққан ақындар өлеңнен бас тартуға мәжбүр болды. Әсіресе, Ғали сияқты нәзік лириктер үнсіз қалды. Енді поэзияға жасалған бұл өктемдіктің күні санаулы еді. Мұхтар Әуезов соны меңзеп отыр. Иә, сөз түзеле бастады.
Қисыны келгенде сөз арасына сыналай кететін бір жай, М.Әуезов тура осы пікірді сол мәжілісте отырған «реперткомның» бастығы мен комиссия мүшелеріне қарата айтқан еді. Соның ішінде уақыттың ауанын аңғара алмаған репертуралық комиссияның мүшесі Қапан Сатыбалдин «еруліге қарулы» қайырамын деп орынсыз қағылған сынаға ұқсап қалды. Ол өзінің сөзінде М.Әуезовке жауап қайырамын деп қайранға шығып кетті.
Қ.Сатыбалдин: «Біз ғой драматургия артта қалып барады, ілгерілеу жоқ дейміз. Шындығында да драматургтердің жағдайы жылдан жылға құлдырап барады. Әуезов жолдас жаңа ақын Тәжібаев – драматург Тәжібаевтан жоғары деді. Мен Тәжібаевтің драматургиялық қабілетін бұлай бағалаған ж.Әуезовтің пікірімен келіспеймін... Біздің тәжірибелі жолдастарымыз пікір таластырғанды өте ұнатады. Мысалы, жаңа Әуезов өзінің шешендік қабілетін тамаша көрсете білді, бірақ өзінің (репертуарлық) міндеттемесін орындамады.
Жолдас Әуезов орынында отырып: «Роман жазып жатырмыз, немене оны жақтырмайсың ба?! – деді
Романды жазу керек. Бірақ та өзіңіздің негізгі жанрыңызды ұмытпағаныңыз жөн. Егер қателеспесем, драматургия сіз үшін басты жанр емес пе. Сіз ұзын-ырғасы 20-дан астам пьеса жаздыңыз, ендеше соңғы уақытта театрдың репертуарын неге ұмыта бастадыңыз?
Жолдас Әуезов орынында отырып: Роман жазып жатырмын дедім ғой – деді.
Міне, бар кілтипан осында. Сіз неге роман жазуға уақыт табасыз, неге пьеса жазуға уақыт таба алмайсыз? Мүсірепов те – драматург, ол да роман жазып жатырмын дейді. Бұл жай ғана сылтау, бірақ сіз пьеса жазуды ұмытпауға тиіссіз. Мүсірепов пен Әуезов – жетекші драматургтер, тарихи оқиғалар мен ертегі, аңыздардың негізінде пьеса жазуға шебер, ал қазіргі тақырыпқа ұсыныс жасасаң, роман жазып жатырмын дейді. Репертуардың жоспары Қазақстан Орталық Комитетінің бюросында бекіліп қойған. 1952 жылы 27 желтоқсан күні Орталық Комитеттің бюросы бекіткен тақырыптық жоспар бойынша бұл пьесалар осы уақытқа дейін жазылып бітуі тиіс болатын, олар неге роман жазады, пьеса неге жазбайды? Олар неге драматургияны екінші қатарға қояды? Мүмкін Әуезов пен Мүсірепов жолдастардың шеберлігі жетіспей ме? Жоқ, олай емес, олар бірінші кезекке кесек романды қойып, драматургияны кейінге ысырып отыр. Басқа жолдастарға басқа жағынан келейік, ал аталған жолдастар туралы жаңағыдан өзге себеп таба алмай отырмын»,– деп қадалды Қапан Сатыбалдин.
Әрине, қиын кезде моральдық, материалдық, шығармашылық демеу берген драматургияға екеуінің де өкпесі жоқ еді. Бірақ мынау туып келе жатқан «жылымықтың» қас-қабағының ашық кезінде өмірлік маңызы бар басты шығармаларын жазып қалуға ұмтылды.
М.Әуезов: «Енді сын туралы айтайын. Бұл пленумда сын мәселесі қалайда үнсіз, атаусыз қалды, өйткені пленумның сыни деңгейі төмен болды. Жасқаншақ, жарасымсыз сын ғана айтылды. Егерде бес қаруы сай, дайындығы мол, төңкерістен бергі кеңес әдебиетінің дамуына белсене қатысып келе жатқан Ермилов, Фадеев сияқты аса көрнекті оқымыстылары бар орыс кеңес сынының деңгейі мынадай болғанда, әрбір әдеби журналдың сын туралы үзбей жазып жатқанына қарамастан, орыс сынының деңгейі биік емес екені байқалады. Оның драматургиядан да, поэзиядан да кейін қалып қойғанын есекерсек, онда біздің сынымыздың деңгейі туралы қандай сөз болмақ? Біздің сынымыздың мәдениеті төмен, обьективті емес, өткеннің қалдығы дегенді малташа езіп, керексіз кикілжіңді жиі қоздырады, ендігі жерде біз бұрын айдағанына көндіріп келген ешқандай репертуарлық комиссиясының, ешқандай бастықсымақтардың бюрократиялық өктем пікірлерімен санаспауымыз керек. Біз енді еркін суреткерміз, ешқандай шенеунікке тәуелді емеспіз. Мұны Мұстафин жолдас өзінің баяндамасында: «Жиналысты азайтып, жазуды көбейтейік» – деп дұрыс айтты. Мен онымен келісемін. Келіңіздер, бәріміз де дос ниетпен жұмыс істейік. Жиналыс – шығармашылықпен айналыса алмайтындарға, «шымшылап» сөйлеп, шырқыңды бұзу үшін керек. Біз оған осы уақытқа дейін төзіп келдік, енді бұдан әрі төзе алмаймыз»,– деп әбден мезі еткен «мәжілісқорлардың» мысын басты.
Шындығында да, кейінгі жиырма жылдың ішіндегі «таптық тартыстан», «ұлтшыл-буржуазияшыл идеологиядан», «өрескел саяси қателерден», «марксизимге жат пайымдаулардан», «сын мен өзара сыннан», жібермеген «кемшіліктері мен қателерден», «алашорданың бас идеологі міндетінен», «хандар мен билердің мұңын мұңдаудан, жоғын жоқтаудан» әбден мезі болып, кез-келген репертком мен қара шолақ «нәшәндік» жүйкесін тоздырып еді. Бұл пленумда шығармашылық еркіндік пен авторлық құқық мәселесі алғаш рет күн тәртібіне қойылды. Енді, мұндай тоңмойындар мен дөңмойындарға «бұдан әрі төзе алмайтынын» мінбеден мәлімдеді.
Сөзінің соңында М.Әуезов өзін де драматург – ақындардың санатына жатқызып, поэзиясыз пьеса тумайтынын, поэзиясыз пьеса жүректі жылытпайтынын тілге тиек ете келіп:
«Мен неге толқып сөйлеп отырмын дейсіздер ме? Менің алдымда осы арада ж.Бақбергенов сөйледі. Мен оның сөзіне соншама наразы болдым. Оның өз сөзімен айтсам, дәл осындай дауыс көтеріп сөйлеуді мен өзіме ар санаған болар едім. Дәл осылай сөйлеуге, Бақбергенов жолдас, жол беруге болмайды, бұл әдепсіздік. Біздің бәрімізде де қателік бар. Кемшіліктерімізді көрсеткен көптеген мақалалар да есімізде. Сонда жаңағы мақалалардағы жағымсыз сілтемелердің барлығын жинап алып, не ана, не мына жазушының бетіне түкіре беруге бола ма? Олар да адам емес пе, оның үстіне Мұстафин жолдас өзінің кемшілігін жасырған жоқ қой»,– деген уәж айтты.
Иә, Әуезов әпербақан сынның уақытының өтіп бара жатқанын, тіпті, өтіп кеткенін сол кездегі жас, майдангер жазушының түсінбегенін «түсінбей», батыра пікір білдірді. Шындығында да журналист қаламгер «науқаннан кешігіп» қалып еді. С.Бақбергеновтің бұл сөзі де «жасасындатқан жалаулы майданның» соңғы «урасы» болғандықтан да одан қысқаша ғана үзінді келтіреміз:
Сәуірбек Бақбергенов: «Жолдастар! Мен редакция қызметкері болсам да, редакцияның емес, өзімнің жеке басымның пікірін айтуға праволымын ғой деп ойлаймын. Демек өзімнің пікірімді көптің ортасына салмақпын...
Біз әдебиетіміздің осындай өскен өресін, зор табыстарын айтумен қатар, кемшіліктерін де ортаға салып, оны батыл сынап отыруға тиістіміз. Меніңше, қазақ әдебиетінің бұдан да көрікті болып, шарықтап өсуіне кедіргі болып келе жатқан бір нәрсе – баспасөздерімізде әлденеше рет сөз болып жүрген жікшілдік екені даусыз. Жазушы Әуезов пен Мұқанов бастаған екі топ әдебиетімізге кеселін тигізіп, жастарды тәрбиелеу, оларды өсіру ісіне бөгет болып отыр. Бұл жөнінде, өткен қыста партияның орталық органы – “Правда” газетінің “Сын орынына дәріптеушілік” деген мақаласында мәселені өте орынды көтерді. Біз бұл мақаладан кейін жікшілдіктің тамырына балта шабылар деп үміттенген едік. Бірақ, ол үміт әлі елес болып қана келеді.
Нақ осындай жақсы ниетпен мен биыл ”Правда“ газетінің сол мақаласын талқылаған жиналыста біраз жазушылардың кемшілігін, қателерін ашық түрде айтқан болатынмын. Әсіресе, Мұстафиннің “Қарағанды” романындағы өрескел қателерді айтқан болатынмын. Мен бұл қателерді сөйлеместен бұрын жазушылар ұйымының сол кездегі председателі Жаймұрзин жолдасқа, кітаптың редакторы Тілеков жолдасқа айтқан болатынмын. Менің осы сынымнан кейін кітаптың алты жеріне жөндеу енгізілді. Демек мен өзімнің бұл сыныммен Мұстафинге көмектестім деп түсіндім. Бірақ ол оны көмек деп түсінбей, мені қуғындай бастады. Ал “Қарағанды”романының қазіргі тарап жүрген қазақшасында әлі де үлкен қателер бар. Бұл қатенің ең бастысы – Рысбек пен Жаппар деген екі жаудың қосылып алып, совет үкіметін барынша балағаттайтын жері. Бұл жауларға берілген трибун, бұл пропаганда! Мәселен, “Ақ қайың” сияқты романдағы жау Лозневойдың үкіметке тіл кигізгенін көрдік пе? Жау – тілімен, балағаттаған сөзімен емес, ісімен жау болып көрінуге тиіс. Бұлай етпегенде қате болып шығады.
Мен піш-піш өскек (терген) емеспін, мен әр уақта ашық сынап, ашық айтып келемін. Әлі де ашық түрде, айқайлап, дауысым жеткенше айта беремін. Мені совет үкіметі нақ осылай етіп тәрбиелеген. Мен сыннан да, сынаудан да қорықпаймын. Партия бізді солай тәрбиелеген. Халтурный, серый шығармалармен күресу керек ... деп партия үйретіп отырғанда, жаман шығармаларды көре тұрып үндемей қалуға менің күшім жетпейді.
Біздің әдебиетімізге кесел болып жүрген мына нәрсені айта кету артық болмайды. Егер біреу Әуезовті немесе оның жақтастарын сынаса, оны Мұқановтың тобына қоса салады. Егер біреу Мұқановты, немесе оның тобын сынаса, оны Әуезовтің тобына қоса салады. Сөйтіп, барлық адал, дұрыс сындар жоққа шығып жатады. Әңгіме мұнымен ғана тынса екен-ау, тіпті оны қуғынға салады, өсекші, анау-мынау деген атақтар тағады. Ондай сыншылар екі жақтың да жемтігіне айналады. Пыш-пыш өсек айтып, бірін мақтап, бірін жамандап, сан құбылып күн өткізуге болар еді. Әрқайсысына бір жағынуға да болар еді. Бұл менің арым бармайтын жұмыс. Мен кім көрінгенге жағымпазданып, жазушы деген атақ алуды ар көремін. Мұның өзі жазушылықты қорлағандық болар еді.
Қолайсыздау болса да, мынадай бір фактіні айтуға тиіспін. Қазақ әдебиетіне қызмет ете бастағанына отыз жыл болған Мұстафиннің де не бәрі 3-4 кітабы бар. Оларың өзі әлгі айтқандай. Ал, әдебиетке қызмет ете бастағаныма үш-ақ жыл болған менің де үш-төрт кітапшам бар..»,– деп даурығыпты Сәукең кезінде.
Иә, «Жазушы Әуезов пен Мұқанов бастаған екі топ әдебиетімізге кеселін тигізіп, жастарды тәрбиелеу, оларды өсіру ісіне бөгет болып отыр!» немес «Бұл жауларға берілген трибун, бұл пропаганда!» – деген «жасасындатқан ұрандар» арысы алты ай, берісі осыдан үш ай бұрын айтылса, ұран емес үкімге айналар еді. М.Әуезов те ондай сөзді «естігені үшін арланбас» еді, керісінше, іштен тынып тыңдар еді. Енді, міне, оққа шабылған қылыштың жүзі босқа шабылды. Уақыттың қас-қабағы қалай тез өзгерген!
Осының қатарына «Социалистік Қазақстан» газетінің 273-санында жарияланған тілші М.Балақаевтың «Көркем әдебиеттің тілі жайында» деген мақаласын жатқызуға болады. Онда:
«М.Әуезов өзінің жазу мәнерінде қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамайды, оның қалыптасқан құрылымын бұзады – дей келіп – Жазушылар бұл ретте көп елеулі ойлар айтатын еңбекшінің өзі болғандықтан, көп шешуші пікірлерді де айта алады. Сондықтан да талай мамандармен қатар қазақ жазушы, ақындарымыздың осы жауапты жайға ат салысуын тосамыз», – деп әңгімені пікір алысу мәнерінде екенін емеуірін ете аяқтайды.
Алайда бұл пікір алысу емес, М.Әуезовке жасалған соңғы шабуылдың, ақырғы атылған оқтың бірі еді. Өйткені, 1953 жылдың 9 желтоқсаны 1953 жылдың ақпаны емес болатын. С.Бәйішевтің, Қ.Жұмалиевтің, С.Нұрышевтің, С.Кеңесбаевтың, Н.Сауранбаевтің, Қ.Жармағамбетовтің және С.Мұқановтың Мұхтар Әуезовті басына қорлайтын күндері өтіп бара жатқан. Ендігі жалтақтаудың кезегі соларға келген. Алайда академиктердің жаны сірі келетін болса керек, С.Бәйішев пен С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев даңқ тұғырынан түскен жоқ, ар алдындағы арылуды да қажет деп таппады. Өйткені олардың сүйенген арқалығын, тіреген табалдырығын, басыңқы бетін де қалың талыс табанды есік қалқалап тұратын. Керісінше, С.Бәйішев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев М.Әуезовтің алпыс жасқа толған мерейтойында оны «шабыттана» марапаттады.
1953 жылы 28 желтоқсан күнгі Университеттер мен жоғары заң оқу орындары басқармасының бастығы М.Прокофьевтің №1078 бұйрығымен Мұхтар Әуезов 1954 жылдың 1 қаңтарынан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің СССР халықтары әдебиеті тарихы кафедрасының профессоры болып қызметке алынды.
Бегімнің бегі, әрі ерке, әрі өте нәзік жанды мәдениет иесі, қайран Ләйлә апай – Ләйлә Мұхтарқызы:
«– Мұхтар Омарханұлы жаңа жылды Мәскеуде қарсы алатынын айтып: «Ләйләжан! Мен осы мерекені өзіңе тойлап беріп барып аттансам деймін. Мен де студент болғамын. Солар риза болтындай кеш ұйымдастыр. Достарыңның бәрін шақыр. Сергитін шағым енді туды. Дастарханы мол мен қызығы мол болсын. Ештеңеден қысылма. Бәрінің әкесі профессор емес шығар (өзінің профессор атағын ерекше масаттанып атайтын). Әлгі «сугробты ұмыт па!»,– деді. Ой, қуанғаным-ай! Ештеңе аянғаным жоқ. Достарымның бәрін жидым! Мәскеудің дүкеніндегі керек заттан алмағаным жоқ. Сондай бір риза, салтанатты кеш болды. Студенттер Мұхтар Әуезовті көреміз!– деп қуанады, ал мен әкемнің қасымда болғанына қуанамын. Шампанды күресін қарға тығып қойдым. Түн ортасынан ауа барлығымыз шығып, күртік қардың астынан суық шампанды алғанда студенттердің барлығы таң қалды. Мұхтар Омарханұлының үйде сондай әдеті болатын. Сол кеш есімнен қалмайды. Қазір де сонда болғандар ұмытпай айтып жүреді. Асқар Меңліахметұлымен де сол кеште жақын таныстым»,– дейтін еді сондай бір рахаттанған марапат сезіммен.
Әкелі-балалы екеуі масаттанса масаттанатындай жыл еді. Ол жаңа жылдың ғана емес, өзінің жаңа салтанатты дәуірінің алғашқы күндерін сүйікті Алматыда өткізді.
Жиырма бес жылға созылған қуғын мен сүргіннің сүркілі көзінің отын сөндірсе де жүрегінің отын сөндірмеп еді. 1954 жылы ақпанның 24 жұлдызы күні диктовка жасап тұрған кезінде біресе көзінен жаса бұршақтап тамып, біресе қыстығырылып, ең соңында:
«Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті!»,– дегенде өкісіп жіберді.
Жиырма жылға ұласқан ұлы еңбек «Абай жолы» роман-эпопеясы осылай аяқталды.
Осындай дүдәмалды өліара тұста Қазақстанның басшылығы ауысып, Шаяхметовтің орынына Пономаренко келді. Саясаттың беті жыли бастады. Республикадағы бұл жағдайды Мәскеудегі М.Әуезовке емеуірінмен баяндап жазған хатында Ә.Тәжібаев:
«Мүмкін бізге жақсылық, жаңалықтарды арқалай келген Пономаренкомен өзіңіз кездесіп, сөйлескен де боларсыз. Сондықтан менің хатым жүйрік хабаршы емес, мимарат сәлемші ғана. Басының сырты қандай тақыр болса, іші де сондай тақыр Жұмабай кеткелі, ол көтерген маймылдар әлсірей бастағалы, біздің аңқауымыз әдеміленіп келеді. Думан тойды Пономаренко ала келді. Ғабиден депутат болады дегенде бір тойлап едік, сайланып қайтқанын тағы қуаныш еттік. Пленум өтті. Адам сияқты адам, шын адамның сөзін айтты. Жазушыларға ілтипат, мейірім көрсетті. Нұрышев сияқты қоқырсықтар кіруге тесік таппай бұғып отырды. Жаңадан соғылатын жақсы үйдің проектісін жасау, соғылатын орынын таңдау да бізге жақсы ермек. Біз бұрын халықтың махаббатына ғана сүйенуші ек қой. Енді ақылды ел басқарушыларды да сезе бастайтын сияқтымыз. Енді бұзықтар жалтақтай бастаған көрінеді. Тамаша емес пе, қомпиған, тікендеген, әкіреңдеген Шұжықұлының `(Сужиков – Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы – Т.Ж.) өзін көрсеңіз еді. Майлаған қасықтай жылп-жылп етеді...
Мұха, мен Абай комиссиясының секретары ем ғой. Оның бірінші мәжілісі өтті. Жетім қыздың тойындай қып өткізгісі келгендердің де тегі болатын емес. Тағы да Пономаренко жолдас араласып, құлаш – жарқын қосыла бастады. Қаржы мол жіберілетін болды. Абайға памятник салу, оған арналған пленумға қонақтар шақыру, оларға сый-сияпат жасау, Мәскеуде де тәуір өткізу, банкеттер өткізу, түгел жоспарлануда. Тойдағы баяндамашы сіз боларсыз. Сондықтан да осы бастан жақсы әзірлеуіңіз керек, бар білгеніңіз, барша берілгеніңіз түгел салынсын»,– деп көтеріңкі лебіз білдірді.
Ол 1954 жылғы көктемдегі жазушылардың пленумының қарсаңында Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко М.Әуезовті кеңсесіне оңаша шақырып, түннің ортасына дейін екі сағаттан аса әңгімелесіп, көңіліне сенім ұялатты. Ол осы сьезде сөйлеген сөзінде:
«Социализм талантқа өте мұқтаж. Сіздер қызмет бабының парызын өтеу үшін де дарынды адамдарды тауып, оны көтеріп, кеңес өкіметіне қызмет етуге баулуларыңыз керек еді. Ал сіздер, өздеріңіздің бар сол аздың қадіріне жетпей, кір суды басына төгіп, қатардан шығардыңыздар. Сіздер соларға қол көтеру арқылы сіздер халықтың болашағына, социализмге қол көтердіңіздер»,– деп батыл айтты.
Бұл – елуінші жылдары қудалауға ұшыраған Мұхтар Әуезовке, Қаныш Сәтбаевқа, Төлеген Тәжібаевқа, Ермахан Бекмахановқа, Ахмет Жұбановқа, Е.Исмаиыловқа, Қ.Жұмалиевке, Қ.Мұхамедхановқа, Бек Сүлейменовке ғана емес, мұқым алаш ардагерлеріне, сонымен қатар барлық ұлтының адал перзенттеріне қаратыла айтылған емеуірінді тұспал деп те түсінуге болады. Сонымен қатар мұндай еркін сөйлеуінің екінші бір үлкен саяси және «коммунистік колонизаторлықпен» астасып жатқан отарлау иделологиясының астарлы пиғылы жатыр еді. Біріншіден, бүкіл елдегі қуғын, сүргінге ұшырағандар жөніндегі қастаншықпағыр саясаттың беті бері қарап, «жылымық» атанған «отамалы маусымға» дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан. Қауіпсіздік мекемесінің құжаттары реттеліп, атылып кеткендердің істері әскери прокуратура мен трибуналда қайта қаралып, оларды жаппай ақтаудың амалдары ойластырылып жатқан. Осы бағытта Орталық Комитеттеріне үгіт-насихат жұмыстарын сақтықпен жүргізуге нұсқау берілген. Соған орай барлық одақтас республикалардағы елуінші жылдары сотталып, жер аударылып, қысымға ұшырағандарды еркіндікке шығару мәселесі бірінші кезекке қойылды. Ал Қазақстан жағдайында мұның аса маңызды ұлттық мүддені қозғайтын екінші бір жымысқы астары бар еді. Қазақ даласы патшаның да, Столыпиннің де, Лениннің де, Сталиннің де жүзеге асыра алмай «арманда кеткен» үлкен науқанның алдында тұр еді. Ал «жылымық» пен «тың эпопеясының» өліарасында республиканың негізгі тұрғын халқын, яғни, қазақ ұлтының көңілін орнықтыру үшін бұрынғы басшының беделін әлсіретіп, «ауыл шаруашылығын өркендетуде немқұрайлылық жібергені», ал шындығында, тың көтеруге қарсы болып, «тиісті шаралар қолданбағаны үшін» орынынан алынған Ж.Шаяхметовтің бетіне шіркеу түсірудің оңтайлы сәтін пайдаланбау – саяси көрсоқырлық болар еді. «бір қолмен нан беріп, құшақтағанда кеудеңе інжілді төсеп, екінші қолымен ту сыртыңнан қанжарын қадап тұратын» «қасиетті әкейлердің» тәсілін коммуистер сондай бір әккілікпен қолданды. Сталиннің, Хрущевтің, Брежневтің, Андроповтың тұсында идеологияны уысында ұстап тұрған «сұр кардинал» Сусловтың аяр ақылына бойлай бермейтін «партизан Пономаренко» да мұны түсіне қойды. Өйткені ол өзінің майдандық тәжірибесі арқылы қарауылды дәл көздей білетін. Сол жылғы тамыз айында Опера және балет театрында өткен зиялылар бас қосқан, «тың эпопеясының басталғанын» салтанатты түрде жариялар алдында:
«Қазақстан ұлан асыр табиғат байлығына ие, кен көздері қисапсыз мол, яғни, келешегі орасан зор алып республика ғана емес, мәдениеті жоғары, өсіп өркендеген ұлттық тұлғаларға да бай. Өкінішті жәйт: осы байлықтарды ел мүддесіне кеңінен пайдалануға республиканың бұрынғы басшыларының өресі жетпеді. Мысалы, қазақ халқының атағы әлемге машһүр тарихи тұлғалары – геолог-академик Қ.И.Сәтбаев, ғалым-жазушы М.О.Әуезов, ғалым-композитор А.Қ.Жұбанов сияқты аса талантты перзенттерін және басқаларды қамқорлыққа бөлеп, ел кәдесіне жарар ірі жұмыстарға жұмылдырудың орынына шам алып түсіп, күн көрсетпей, туған елінен безуге мәжбүр еткенсіздер. Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?»,– деп (М.Сәрсекенің аудармасы) кесектене зіл тастады.
Ақиқатына жүгінсек және жоғарыда келтірілген құжаттарда көрсетілгеніндей, Ж.Шаяхметовтің Ғылым Академиясындағы Қазақстан тарихы мен әдебиеті туралы қысым көрсету шараларына, Едіге мен Кенесарының қозғалысын реакцияшыл деп жариялауға, соны сылтаурата отырып Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовті, Е.Бекмахановты қудалауға қарсы болуы – «республиканың бұрынғы басшыларының» бұл науқанның астарын түсінуге «өресі» жеткендігі еді. СОКП Орталық Комитетінің ғылым мен идеология бөлімдері қазымырлықпен жүргізіп, «Правданы» әшкерелеуші құрал ретінде пайдаланып, «мылтықсыз майдан» ашқан, оның қарсылығына қарамастан еркінен тыс Қаулы, Қарар шығартқанын «партизан Пономаренко» да білетін. Алайда «шындықтың көзін бояуға» (Абай) құрылған коммунистік аяр саясат халықтың көңілін қалай табудың жолын жақсы игерген болатын. Ұлттық тұлғаларды қайтарып, «әділдік орнатқанының» төлеуінің бодауына бүкіл Қазақстанды басыбайлы етті. Елін аздырды, жерін тоздырды. Егерде ар жағынан өктем күш итеріп тұрмаса бүкіл бір халықты күстәналап, өздері істеген күнәлары үшін өзгені жазғырып: «Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?»,– дейтіндей өктем құқықты Пономаренкоға ешкім де берген жоқ болатын.
Осыдан бастап Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовт «Күншыраққа» айналды. Басына үйірілетін бұлт та одан төмен қалды.
Мұхтар Әуезовтің тағдырындағы ең бетбұрысты оқиға 20 шілде күні өтті. Сол күні Алматының айнымас парасат белгісіне айналған Абай ескерткішінің іргетасы қаланды. Абайдың дүниеден өткеніне елу жыл толғанына орай еске алу рәсімінен бастап Мұхтар Әуезовтің бағы қайтадан көтерілді. Әрине, Тіл және әдебиет институтына және университетке қайтадан алынды, яғни, бұрынғы бұйрық күшін жойды. Оның сол кездегі көңіл-күйін ақын шәкірті Т.Молдағалиев:
«Күз. Жылдар өтті. «Мүмкін бір күндері бұл пәннен Мұхаң өзі кеп лекция оқыр әлі»,– деп қарап тұр Ханғали ағамыз. Айтқанындай Мұхаң ҚазМУ-ге қайта оралды. Асыл ұстаз Абай туралы лекциясын бізге біртүрлі көңілсіз оқыды. Анау бір жылғы шабыт оты Мұхтар ағаның бойынан көрінбей кетті...»,– деп мұңая да, өкіне де еске алады.
Осы күннен бастап көтерілген Мұхтар Әуезовтің беделі мен мысы енді ешкімге дес бермеді. Тіпті Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де айдыны мен айбыны, айбары мен атағы, соған қоса ілескен шатағы да Мұхтарды сескендіре алмады. Ол мәңгілік даңқ тұғырына көтеріліп бара жатты. Ал СОКП-ның ХХ құрылтайындағы «жеке басқа табынушылықты» әшкерелеген атақты тарихи шешімі мұқым интеллигенциядан, соның ішінде жиырма жыл бойы саяси қысым мен жазалаудың қыспағында жүрген Мұхтар Әуезовтен де «қарғыс қамытын» сыпырып тастап, еркін тыныстауға мүмкін берді. Мұны ақыл-ой иелері «жылымық» деп атады. 1955 жылы Қаныш Сәтбаев Ғылым Академиясына, Ермахан Бекмаханов, Есмағамбет Исмаиылов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхамедханов айдаудан қайтып оралды.
Қайым Мұхамедханов (Естеліктен): «…Елу бесінші жылы ақталып, түрмеден босадым. Мойын-Шумен келіп, Алматы вокзалына түстім де, Есмағамбеттің үйіне телефон шалдым. Ол келіп қойыпты. Амандық-саулықтан соң-ақ, ол:
– Ойбай, бауырым, Мұхтарға телефон шал. Бәрің келіп, Қайымды тастап кеттіңдер деп төбемізге шай қайнатып, бізбен сөйлескенді қойды. Өзі Индияға жүргелі жатыр, – деді.
Мұхтармен сөйлестім. Байқаймын, телефонның аржағында булығып тұр. “Үйге кел!” – деді. Үстімде түрменің киімі, қалтамда алты-ақ сом ақша бар. Әрі поезд үш сағаттан кейін Семейге жүреді. Мұхтар бұл кезде кейбір мәселелерге байланысты кешірім де сұрап қойған. Сол да қитығыма тиіп тұр.
– Жарайды, Қайым, он бес күн үйіңде дем ал да, маған кел. Жеңгеңе айтып кетемін. Кеңінен әңгімелесеміз, – деді ол.
Мұхтар екеуіміз ағалы-інідей Алматыда қауыштық. Сырымызды, шынымызды айтыстық. “Абайды халқыңа беріп кетем десең, Мұхтар, басыңның амандығын тіле. Біздің шаруамыз бітіп, талқанымыз таусылған адамбыз. Партиядан кешірім сұра”, – деп ақыл айтқан Ахмет Байтұрсынов екен. Осы сырын маған ғана айтты.
– Түрмеде қалай жаттың? Пәлі, біз – Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет бәріміз бір камерада жатып, басымыз қосылып, бір жасап қалдық”,– деп мысқылмен кеңк-кеңк күледі Мұхаң.
Менің де ашуым тарқаған. Бір сәтте Мұхтар:
– Қайым, сен түрмеде не ойлап отырдың?,– дегені. Бір кісілік камерада отырғанымды, көрген қорлығымды айттым да, мынау өлеңімді оқи жөнелдім:
Отырдық тар қапаста күнді санап,
Ұйқысыз өткен түнді жылға балап.
Мөлтілдеп көз жасындай кеп қапсың ғой,
Көзімнен бір-бір ұшқан қайран арақ.
Дейтұғын уақыт жетіп, соқты сағат.
Сағынған сондай күнді қылмай тағат.
Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,
Ақ құсы әділеттің қақса қанат.
Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ.
Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.
Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,
Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.
Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың.
Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.
Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,
Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.
Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,
Тордағы арыстандай көзім жайнап.
Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,
Отырмын өзіңменен күліп-ойнап (Қарлаг, 1952 ж.)».
Иә, бұл әңгімені Қайым дегдардан біз де жиі естуші еді. Оның өзі дербес бір түсінікті қажет ететін әңгіме.
Еңсесін тез көтерген Мұхтар Әуезов бұрын өзі ығына жығылатын адамдарды енді өзінің ырқына бейімдеуге ыңғай танытты. Мысалы, елуінші – елу бірінші жылдары «Знамя» журналының қатардағы қызметкерінің жеделхатымен Мәскеуге бірнеше рет ұзақ мерзімге ұшып келген Әуезов енді оған талап қойып, бас редактор В.Кожевниковтың өзіне сес танытқандай сыңай да байқата бастады. Оған сол тұстағы қазақ әдебиетінің СССР Жазушылар одағындағы кеңесшісі Тәкен Әлімқұлов пен жол ма жол аударушы Зейін Шашкинге жазған төмендегі хатының мазмұны дәлел:
«7 т а м ы з. Құрметті іні достар Тәкен мен Зейін! Мен сен екеуіңе бір өтініш-тапсырма айтқалы отырмын. Мәселе менің соңғы кітабым «Абай жолының» 2-інші кітабы жайында. Осының аудармасын В.В. Смирнова ауырып қалып, қатты созып кетті. Кейін соған көмек етсін деп Фаизова Разияны бір атап едік. Артынан ол араласпасын деп өзім қайтып алдым, себебі ол қазақшаны түсінбейді, танымайды екен. Не қазақшаны білмесе, не аударушы есебінде дендүріс, тек қана бастаушы аударушы болса – оны көмекке алып не береке табамыз! Зоя Сергеевна Кедрина бір Письменный деген, мен білмейтін біреуді рекомендовать етіп еді. Одан да іс шықпады, подстрочникпен іс істеп көрмеген адам екен. Маған «Сіз қасымда отырмасаңыз подстрочникпен аударып болмайды» – депті. Одан да күдер үздім. Қазір енді ойлап-ойлап кеп өз қасымда отырып істейтін Анов Н.И. тапсырғалы отырмын. Жарымын В.В.Смирнова аударған, мынау қалған жарымын, 3 главаны аударады.
Ал, сендерге тапсыратын сөзге әлі жеткем жоқ, сабыр етіп шыдай тұрыңдар! Жаңағы аударма қырсығының бөгелісімен дәлелдеп Кожевников («Знамя»): «Біз жақында баса алатын емеспіз, енді қайтып аласыз ба, қайтесіз»,– деп жазыпты. Мен осы сөзді ЦК КПСС отдел культуры Поликарповқа жазып, наразылық айттым. Себебі аударма менің міндетім емес, «Знамяның» өзі ұйымдастыру керек, соның міндеті, ал Кожевников маған аударманы міндет қып теріс істеп отыр, аудармашыны тапсын да тез аудартып, бастырсын – деп талап етім. Келесі жыл менің 60 жылдығым және жазушылық еңбегімнің соңғы кітабы – одақтық оқушының алдына шығуы менің тарапымнан заңды талап екенін айттым. «3намя» дейтінім, басқадай жаңа журналмен келісуге енді кеш. Шарты, міндеті бар «Знамя» өзі ада қылса екен деп отырмын. Осы жайды, сен Тәкен, Семен Владимирович пен Тихоновтарға да білдіріп қоюың қажет болар.
Ал менің диктовать еткенімді айтса, мен анау «Абай» романының да қақ жарымын – жұрт сүйсініп жүрген қақ жарымын да солай жазғам. Мен диктовать еткелі 14 жыл болды. Заманында Марк Твен, Ло пе де Вега – талай жазушы тәжірибе ала келе жазған-ды.
Шынында «Абайда» ғашықтық тілі, сезім тілі басым болса, мына кітапта ойшыл болған Абайлардың аузында Абай өзі айтпаған, бірақ айтуға мүмкін шебер, терең философиялық афоризм толғаулар бар. 5-нші, 6-ншы бөлімдерді әсіресе еске алсаңдар екен. Бұл кітап «Абайдан» жоғары – қоғамдық жөнінде панисламизм, бурж. нац-змнен алысу дәл осында. Үлкен ойлар, кейінгі жайлар басы (тартыс жайлар) осында. Осыны баса айтып екеуің тең, аударылып басылуын талап етіп мақала жазсаңдар деймін. Мен Зоя Сергеевнаға да жаздым. Кейін сол кісіге табыс етіңдер, өзі түзей түссе қарсы болмаңдар. Ол сентябрь басында демалыстан қайтады, телефоны – д. 7-28-36 (үйі) – сонымен жалғасыңдар, газетаға бастырады. Осыны екеуіңнен қатты өтінемін. Өзім сентябрь ортасында барамын. Осыны алысымен жауап жаз, Тәкен!».
Иә, бұл хаттың емеуіріні мен талабы мүлдем басқа. Ал эпопеяның диктовкамен жазылуының дұрыс, бұрыстығы шығармашылық психологиясын қатысты дербес мәселе. Оның ұтысы мен ұтылысын саралау бұл әфсананың міндетіне жатпайды.
Сонымен, «жеке басқа табынушылықтың» әшкереленуінің нәтижесінде ел-жұрт та еркін тыныс алды. «Халық жаулары» да ақтала бастады. Ол үшін сол ұсталған «халық жауының» соңғы жұмыс орыны мінездеме беруі тиісті еді. 1957 жылы 26 көкекте Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің азаматтық тұлғалары ақталып, жазушылар одағының мүшелігі қалпына келтірілді. Олардың шығармашылқ мұраларын ақтау туралы 1957 жылы 3 қыркүйекте Жазушылар одағы төралқасының мәжілісі өтті. Ұлттық руханияттың салтанатын жариялайтын мұндай сәттерде тек ақ ниет қана, істің игілігі ғана ортаға салынуға тиісті бұл отырыста:
Ғ.Мүсіреров: Олардың шығармалар жинағы жазылу (подписка) арқылы жүргізілсін;
С.Мұқанов: Бұл жазушылардың шығармаларын жариялау мақсатында жеке-жеке реақциялық алқа құпылсын;
Ә.Тәжібаев: Бұл жазушылардың еңбектері, әрине, зерттеу үшін ғана керек, сондықтан да біз Ғылым Академиясының міндетін өзіміздің мойнымызға ала алмаймыз. Олардың шығармаларының барлығын жаппай жариялау да дарақылық (огульно) болады, және бүгінгі күннің талабына жауап береді деп те айта алмаймыз. Әзірше үш том етіп ретінде басып шығарсақ та жеткілікті, қалғанын баспалар ойлана жатар. Мысала ірі ақын Ілияс Жансүгровтің «Дала» дастаны қысқартуды қажет етеді. Онда жариялауға жатпайтын (изолировать) тастайтын тұстар бар. Бұл жазушылардың шығармаларын бүгінгі күннің талабынан қайтадан қарап шығу керек. Біз бұған барынша жауапты қарап әрі қатаң талап қоюымыз шарт»– деген пікір білдірді.
Мұқым ұлттың өлгені тіріліп, өшкені жанған күні, Әбділдә Тәжібаевтің бұл қаупі неден туып отыр. Саяси қырағылық па, жоқ, әбден үрейленіп қалғандықтан да жауапкершіліктен қашып отыр ма, әлде, «ақындық бас асауына» ерік берген қызғаныштың қызыл тырнағы ма? Кім білсін. Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.В.Губин Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев пен Зылиха Жұмабаеваның өтінішіне орай Шәкәрім мен Мағжан Жұмабаевты ақтау, не ақтамау туралы жазушылар одағының пікірін сұрады. Ғ.Мүсіреповтің оларды ақтау мәселесін қолдайтыны туралы хаты қоса тіркелді.
1957 жылы 20 қарашада Одақтың төрағасының орынбасары ретінде Ә.Тәжібаев оларды «мәңгілік ақталмайтын, ұлтшыл-буржуазияшылдар, шығармаларының көркемдігі төмен ақындар» – деген мағынада хат жіберді. 1987 жылы ақпан айында Олжас Сүлейменовтің ұйымдастыруымен қауіпсіздік комитеті мекемесінің жеті полковнигімен өткен кездесудегі жолдардың авторының «алашордашыларды ақтау» мәселесі туралы сұрағына МҚК-нің орынбасары К.Әбдірахманов Ә.Тәжібаевтің осы хатын оқып беріп: «Мәселе бізде емес, өздеріңізде»,– деп еді. Сол отырыста Ғалым Ахмедов марқұм мұндай қатынасты кезінде жазудан бас тартқанын, бірақ оны еріктен тыс басқа біреуге жаздыртып, салдырғанын айтты. Бұған қарағанда жоғарыдағы пікірдің қалайда кездейсоқ айтылмағанын, ашығын айтқанда, Ә.Тәжібаевтің арнайы құпия мекемелердің тапсырмасын ұзақ жылдар бойы орындап келгенін дәлелдейді.
Кәрі ақынның шау тартқан шағында тура осы дерекке кешкі сағат бесте жолығып, көшіруге толық үлгермей, ертеңге қалдырып кеткеміз. Сол түні таңғы 7-де үйге хабарласып, шұғыл бір сағаттың ішінде үйіне келуді бұйырды. Болымсыз әңгімемен тоғыз жарымға дейін ұстады. Ал архивке барғанымызда әлгі «істердің жоғалып кеткенін» білдік. Архивтегі арнайы мекеме адамдарының тапсырыстың ізін жойып үлгеруіне мүмкіндік беруі үшін бізді «бөгей тұрғаны» анық еді. Соған қарап ол кісі өзінің сол құпия мекемемен байланысын ғұмырының соңына дейін үзбеген екен-ау деген күдік ұялады. Бұл пікірімізді баспасөз арқылы ашық білдіргенімізде ешқандай жауап. Не пікір білдірмеді.
Сонда да оның қарсылығына қарамастан 1957 жылы 18 қыркүйектегі отырыста: С.Мұқанов – С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсірепов – Б.Майлиннің, М.Әуезов – Ілияс Жансүгіровтің көп томдығының басылымының төрағалығына бекітілді. 1957 жылы 12 шілдеде М.Әуезовтің 60 жасқа толуына арналған мерейтой мәселесі қаралып, бас баяндамашыға С.Мұқанов ұсынылды. Мұны М.Әуезовтің өзі де қолдады.
1957 жылы 27 қыркүйекте Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы бүкілодақтық көлемде, мемлекеттік деңгейде салтанатпен аталып өтті. Бұл Әуезовтің заманға кеткен бар есесін қайтарған және қазақ қауымы бұрын-соңды көрмеген рухани шеру болды. Бұл арсаңда ұйымдастырылған М.Әуезовтің шығармашылық жолы мен «Абай жолы» туралы ғылыми конференцияның материалдары жеке кітап болып шыққандықтан да барлығын баяндап жатпаймыз. Тек осыдан алты жыл бұрын жерден алып, жерге салған қателіктер мен кемшіліктердің бәрі де роман-эпопеяның ұлы жетістігі болып бағаланды. Соның ішінде профессор Т.Нұртазиннің «Абай жолындағы» жағымсыз бейнелер және Құнанбай» туралы мақаласы құнын жоймайтын құлықты пікірлердің санатына жатады. Ал салтанатты рәсімді ашқан Ғ.Мүсірепов партия мен кеңес өкіметінің қадірін айта келіп:
«Киіз үйде сақана шымылдығын алғаш ашқан «Еңлік-Кебек» трагедиясы қазақ театр өнерінің алтын қорына қосылды. Ал бір кездегі жас Мұхтар қазір көпұлтты кеңес әдебиетінің аса ірі сөз шеберлерінің біріне, көрнекті кеңестік қоғам қайраткеріне айналды. Оның бурыл тартқан шашына академик деген даңқты атақ лавры көрік беріп тұр. Мұхтар Әуезов ең алдымен жазушы, жазушы болғанда да даңқты жазушы. Оның әдебиеттегі болсын, өнердегі болсын шығармаларындағы барлық шынайы талантқа тән қасиет – адамгершіліктің молдығы, қарапайымдылығы және анықтығы. Ол қашанда қайтпас қозғалысқа толы құштарлықпен және терең мағыналы поэтикалық көңіл-күйдегі болмысымен, тіршіліктің қуатты күшімен, шынайы сезімімен баурап алатын жігерлі тұлға. Әуезовтің қарапаймыдылығы – тырысқақ қарапайымдылық емес, халықшыл болып көрінгісі келген жалған қарапайымдылық емес. Оған әлденеден дәмететін көпшіліктің қолы жете бермейтін мырзалық пен міншілдік жат»,– деп мінездеме дәл және шынайы мінездеме беруден бастады.
Бұған қарағанда Сәбит Мұқановтың баяндамасы жеңіл, ауызекі сөйлеу мәнеріне құрылды. Кейде әзілі мен шымшуы аралас, кейде шыны мен жортағы аралас бұл сөз – олардың тістескен өміріндегі мінбеден айтылған алғашқы лебіз болғандықтан да түйнекті тұстарды ғана түйіншектеп береміз:
С.Мұқанов: «Мұхтар Әуезов әлемге әйгілі белгілі жазушы... Біз биологияның заңын жақсы білеміз. Дәнсіз ештеңе өнбейді. Қандай да құнарлы топырақ болса да, оған дән түспесе, ештеңе өніп шықпайды. Егер нәрлі дән себілсе – өнім де мол болады. Ал нәрсіз дән себілсе – берекелі өнім де шықпайды,– деп қазақ арасындағы әлдебір «қазақы емеуірін» танытып, тегін меңзеп, одан қайта шығармашылығына көшіп:
– 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың» күні әңгімесімен-ақ ол қазақ әдебиетіндегі проза саласындағы әңгіме жанрын әлемдік деңгейге көтерді,– деп баға бергеннен кейін тағы да ердің екі жағына кезек-кезек аунап алды:
– Сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты Мұхтар Әуезов қазақ кеңес әдебиетіне 30-жылдардың басында келіп қосылды. Әуезов жолдас 1932-жылы баспасөзге жарияланған мақаласында өзінің қателіктерін ашық мойындап, оны сынаған болатын. Сондықтан да өткенге қайтып оралып, тарихтың архив сөресін ақтарудың қажеті аз,– дей келіп драматургия сына тоқталады да тағы да бүлкілдете қармағын тартты.
– Осындай. жақсы шығармалардың арасында «Октябрь үшін», «Алма бағында», «Тастүлектер» пьесасы мен» «Іздер» сияқты дүниелері де бар. Олар Мұхтар Әуезовтің қаламынан шыққан шығармалар деуге татымайды,– деп тағы бір сипай қамшылады.
– Егерде шындығын айтсақ, онда Абай Құнанбаевті әлемнің көптеген елдері тек Мұхтар Әуезовтің арқасында білді. Сондықтан да біз бүгін, салтанатты күні, біздің мерейтой иесіне біздің халықтың ұлы перзенті Абай ағаның атынан алғыс айтамыз. Кез-келген, тіпті ең үздік шығарманың өзінде де кемшілік болады. Ондай кемшілік «Абай» романында да бар, алайда біздің мына үлкен мерекемізде оны көрсетіп жатудың қажеті жоқ,– деп «сылқ еткізе» тастай салды.
Мұны тыңдап отырған Мұхтар қандай көңіл-күйде болды? Лып-лып еткен өткір ұстараның жүзімен жүргендей әсер билеп, бір қызарып, бір сұрланып отырды ма, жоқ, оның бәрін де салтанаттың қуанышы басып кетті ме? С.Мұқанов өзінің Ғ.Мүсіреповке жазған хатында:
«Оны алпыс жылдық юбилейінің үстінде сонша құрмет көрсеткен, абырой әперген партия мен үкіметке халық алдында рахмет айтудың орнына, әлдеқайдағы мифтік «парнасына» шығып, тәсілқой «пегасына» мініп, еш жерде құйрығын ұстатпай, әлдене жұмбақтарды айтып кетті. «Құйрығы буырылдық» осы. Бұны мен өзім, жақсылыққа түкіру деп санаймын. Сонда осыны Ахмет айтқандай «алжығандықтан» істеп тұрған жоқ. Алжыса, ертеңінде академияда кеше күрмелген тілі неге шешіліп, «сүйікті елім», «алтын бесігім!» – деп ағылып кетті?!. Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл. Ауа райыңа қарайтындарға осыдан үйрену керек екен»,– деуінің астарында сондай алакөңілдік жатпады ма екен? Содан кейін:– Біз алдағы уақытта сізден бүгінгі шындық туралы, біздің өміріміз туралы үлкен шығарма күтеміз, оның көркемдік құндылығының «Абай» романынан кем болмауын қалаймыз, – деген ежелгі тілегін қайталап айтты.
Бұл талапты орындау мүмкін бе еді? Шәкірті Х.Сүйіншәлиев сондай тілек білдіргенде: «Сен не деп тұрсың? «Абайдан» артық шығарма бола ма? Бұл менің бүкіл өмірімнің қорытындысы емес пе!»,– деп налығанын еске алсақ, «Өскен өркеннің» ол талаптың деңгейінен шықпайтынын Әуезов білген. Сөзінің соңын:
– Мұхтар 60 жасқа келді. Бірақта біз оның ауызынан «кәрілік» деген сөзді ешқашанда естігеміз жоқ. Мына аздаған толықтығын есепке алмасақ, оның қартайдым деуге қақысы да жоқ,. Ол әжімсіз жас жігіттен айнымайды, бұйра қара шашы басын жауып тұр, өткір азуымен тасты да шайнайды. Мұндай адамды кәрілік ала ма? Бұл оның тек сыртқы сипаты ғана, ал оның көңілі әлі жас. Да здравствует родная коммунистическая партия, ведущая нас от счастья к счастью! Да здравствует коммунизм!»,– деп (258 -іс) серілігін меңзеумен аяқтады.
Ұран тастауы ретті ме, ретсіз бе, білмеймін, М.Әуезовке қарата айтқан шымшымаларды жарасты қалжыңға балаған жұрт ду қол шапалақтаған шығар. Шапалақтаулары да заңды. Бірақ инемен түйрегендей болмай, ғұмырының бір күнін алғаусыз қуанышқа жеңдіруге де болатын еді. Одақтас республикалардан келген қонақтар оның бұл нәумез көңілін аспанға шарықтатып, дастархан басында тіпті, шалықтатып жібергені анық. Ертеңінде Ғылым Академиясында салиқалы баяндамалар жасалып, көңілін бір марқайтты.
Сол күннен бастап ол өзінің даңқ тұғырына көтерілді. Бұл туралы кеңестік кезеңдегі Мұхтар Әуезовтің соңғы мерейтойында жасаған баяндамасында Олжас Сүлейменов:
«Әуезов өзінің 60 жасын 57-жылы тойлады, Ленин орденімен марапатталды, тұңғыш рет өзіне қаратылған ресми және ырыс боп құйылған мадақты естіді. Бұл Әуезовтің салтанатты әрі жүрексінген сәті еді. Бұл кезде ол «қазақ әдебиеті» деген ұғымды отанымызға, әлемге толық танытқан, нақты шындыққа айналдырған ең басты кітабін жазып бітірген болатын. Роман әлем тілдерінде қуатты қарқынмен таралып, автордың есіміне бірінен бірі өткен шабытты теңеулер қосыла берді...», – деп дәл баға берді.
........
Елімен, жерімен, Бөрлісімен, Шыңғыстауымен соңғы рет қоштасып қайтты..
.......
Ұлттық әдебиеттің осындай әлемдік деңгейіне көтерілгеніне қарамастан, тыныш күнде найзағай ойнатып жүретін Қазақстанның Орталық Комитетіне идеология жөніндегі хатшы боп келген жандарал Н.Жанділдиннің жүйкесіне «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қазақ тағдыры, қазақ тілі, қазақ мектептері, ұлттық өнер, халықтың ән-күйі, салт-дәстүрі туралы басылымдар тікендей қадалды. Оның үстіне тың өлкесіндегі қазақ мектептерінің жаппай жабылуы да зиялы қауымды алаңдатқан болатын. Осыған байланысты 1957 жылы 26 қарашада «Қазақ әдебиеті» газеті үлкен талқыға түсті. Ұлттық мәдениеттің мүддесін қорғап, «жаңа ұлтшылдықпен күреске» жол бермес үшін, іргелі жазушылар, соның ішінде М.Әуезов те талқыға қатысты. Іслам Жарылғапов пен Әлжаппар Әбішев баяндама жасады. Қазақ тіліне – өнер, балмұздақ, аялдама, орам, гүлгүл, саяжай, жанұя, деректі, көрермен сияқты көптеген атаулардың баламасын кіріктірген Ісләм шешен өзінің қашандағы әдетімен ұзақ және кеңінен жайылған баянын қаулы шығаратындай дәрежеге жеткізбеді. Ал Ә.Әбішев біздің тақырыбымызға қатысты:
«С.Нұрышевтің Шортанбайдың «Бала зары» туралы өзінің мақаласында Шортанбай шығармаларының кейбір әлеуметтік сырын, реалистік сипатында, көзқарасына байланысты туған қайшылығын да жете талдап, оған нақты , обьективті баға берудің орынына С.Нұрышев ақын творчествосын бірыңғай жоққа шығаруға салынған. Ол Шортанбайды Абаймен салыстырады. Абайға қоятын талапты Шортанбайға да сол күйінде тұп-тура қоя салады. Өзгесін былай қойғанда тіпті осының өзі-ақ зерттеушінің обьективті позиция ұстанбағандығын көрсетсе керек. Алты айдың ішінде арнап сөз еткені, негізінде, екі-ақ ақын болса, оның бірі Шортанбай әлі дүмбілез. Ол туралы бір-біріне мүлдем қайшы екі пікір айтылды. Бірінде ақтау басым болса, екіншісінде Шортанбай мүлдем қап-қара. Екеуінің қайсысы дұрыс екенін, яғни, Шортанбайдың кім екенін газет не өзі айтқан жоқ, не өзгеге айтқызған жоқ, сол дүмбілез күйінде қалдырып қойды»,– деген пікірді көтерді.
Қ.Қуандықов: Театр сыны қамтылмайды. Жеке спектакльдер мен рольдер талқыланбайды.
Ә.Тәжібаев: Газетте жазылған мақалаларда мәдениет, тереңдік жоқ. Ежелгі айтылып жүрген арзан сөздермен толтырып, құрғақ сөзуарлыққа салыну жағы күшті. Газетке тән жинақылық, ширақтық жоқ. Тіл ұстарту жөнінде тым салынып кетушілік бар. Мысалы, көрермен деген не сөз? Газет кейде өзін сынаған адамдарға тиісіп, беттен тырнау әдеті бар. Мысалы, Ахтанов туралы осылай болды. Бұл партиялық принципке жатпайды. Әдебиетшілердің жиналысында Ахтанов газетті сынағандықтан да оның сөзін кекетіп пайдаланыпты. Жуырда С.Мұқановтың Сәкен жайындағы мақаласы басылды. Онда Сәкеннің кейбір мінездері бүгін газетке басуға болмайтын сөздер кеткен. Ардақты адамдар туралы керексіз, айтылмайтын бір өсектерді бықсытқан. Редакцияда сергегтік, зеректік жоқ. Мысалы, Әлжаппардың елу жылдығына арнап бет беріп отырып, сол номердің бас мақаласында Тәжібаевті балағаттайды. Оны келесі санда да жасауға болатын еді ғой. Газетке партиялық жетіспейді. Соны ескеру керек.
Өкпесімен қоса: өнер, көрермен деген баламалардың орынына біз өзіміздің искусство мен зрительді қолдана береміз», – деп аяқтайды.
Ә.Тәжібаев газеттің ұлтшылдық сипатын осы «тіл ұстартудан» көреді.
Р.Бердібаев: «Біздің газеттің жұмысына байланысты Орталық Комитеттің қаулысында менің де атым аталған еді. Сондықтан да өз қатемді түзету туралы өзімнің не істеп жатқанымды айта кеткім келеді. Мен редакция құрамында қалып бірсыпыра мақалалар жаздым. Оның бәрін жұртшылық жақсы қабылдады. Сөйтіп мен редакцияда жұмыста қалып қатемді түзеуге мүмкіндік алдым».
М.Әуезов әдебиет теориясы мен аударма теориясы, шығармалардың орыс тіліне аударылу мәселесіне тоқтала келіп:
«Бердібаев жолдастың сөзі мені сүйсіндірді. Ол Қаулы шыққаннан бері 18 мақала жазыпты. Әсіресе, оның орыс әдебиеті туралы бес мақаласы маған ұнады. Соны осы жағынан мамандандыру керек. Редакция осындай авторлармен жұмыс істеуі керек. Мұра жөнінде өз алдына талқылаған жөн. Айтыс ашу дегенді жиі қолданайық. Бірақ ол бет тырнауға апармайтын блсын»,– деді жас «ұлтшылды» қорғап.
«Бет тырнасудан» бұл жолы да Мұхтар құтылмады. Сол кезде араларына сызат түскен Ә.Тәжібаев оны «тырнап алды». Өзіне тура келмей, ол туралы өлеңді сынады.
Х.Ерғалиев: «Әбділдә Тәжібаев өзі оқымастан, біреудің айтуымен менің Мұхаң туралы жазған өлеңімнен саяси қате табады. Жазушыларды атыстырды – дейді. Ал шынында ондай ештеңе жоқ».
Бұл хаттаманы келтіруіміздің себебі, қазақ әдебиетінің ішінде әлі де ұлтшылдықты әшкерелеудің, өзара жікшілдіктің, ретін тауып Мұхтарды мұқатудың тиылмағанын аңғарту.
Шығындап шыңға шығып бара жатқан кешегі иықтастарын биікке ұзатып салып тұрып, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов оны тағы да бір рет және ең соңғы рет етегінен тартып қалуға тырысты. Оған себеп болған «Дос – бедел дос» атты пьесасы. Заманауи тақырыпқа жолы болмайтынын біле тұрып қалам тартты. Онда өзінің мұқым өткен өмірін елес арқылы сақанадан өткізді. Сондай-ақ мұнда өзінен сотталғаны туралы «қара күйені» алып тастағанда өкімет басшыларына айтқан «Алашорда» туралы жазамын деген романының да сұлбасы бар. Осы пьесаны қалайда құлатуға ықыласы ауған екі дос өзара хат алысты. Шағын қазақы майданда Ғ.Мүсірепов С.Мұқановтың жағына шықты.
Бұл оқиғаның саяси қуғынға қатысы шамалы, бірақ ұзақ жылдарға созылған қырғи қабақ ырғасудың соңғы сүркілі болғандықтан да тек С.Мұқановтың Ленинградта жүріп Ғ.Мүсіреповке жазған хатын түсініктемесіз ұсынумен шектелеміз.
«Құрметті Ғабит!(Өзің үшін ғана)
Мұхтардың «Дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. Онда: «Хат та жазам» – деген едім. Тез жазуға қолым тимеді, бөгетім – «Қытай очеркі». Ленинградқа қашуыма бір себеп, сол да болған еді. Телефоннан, жиналыстан... дегендей аулақ кетіп, очеркке (осы сөзді Сәкен «Шолу» деп атаған еді, сол дұрыс сияқты, қабылдау қажет сияқты) шұқшия кіріспек ем. Ол ниетім дұрысқа шығып, сарыла отырудың салдарында, қазір еңсеріп тастадым. Енді аздап дем алмақ болып ем, есіме саған хат жазам дегенім түсе кетті. Л.Н.Толстойдан біреу: «– Сіз көп жазасыз, сонда қашан, қай уақытта тынығасыз?»,– деп сұраса, шал:«– Бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысқанда», – деп жауап беріпті-мыс. Сол айтқандай, жазғандарымның дәрежесі қандайлығын әділ оқушының сынына тастап, өз айтарым: мен жазбай отыра алмайтын кісімін ғой. Бұл жағынан шын еңбекші екенімді өзің жақсы білесің. Бұл хат та сол «жазбай отыра алмаудың» салдарынан туған нәрсе.
Қытай шолуы туралы аз сөз: кейбір жазғанына қанағаттанып, кейін олқысыну – бүкіл жазушы атаулының басында болу керек. Өзімше: «егерде дүниеде Сәбит Мұқанов деген жазушы болса, ол тәуір бірдеме жаза қалса, алда да тәуір бірдеме жаза алатын болса, сол жазғандарының, жазатындарының ішіндегі ең тәуірінің бірі осы «Қытай» болуға тиісті; олай дейтінім, бұл шолуда мен ұлы қытай халқының еңбек сүйгіштік, еңбектенген ісіне ұқыптылық, шеберлік, образын жасай алған сияқтымын. Материалдарым бай. Соларға сүйіне, қызыға жазып отырып, көп қағазды шимайлап тастаппын. Тегі, бұл 15-20 баспа табақтық кітап боп қалуы мүмкін.
Тақырыпқа оралайын: Мұхтардың атап отырған пьесасының басы, мен Ленинградқа жүрерден 2-3-ақ күн бұрын «Қазақ әдебиетінде» (№28, 11 июль) жарияланды. Аяғы, мен жүргенше үлгермейтін болды. Менің бір «жыным» газет-журналда үзіліп басылғандарды жинап ап бір-ақ оқымасам шатасып қаламын. Бұнда да сөйтермін деп жүріп кеттім. Кешікпей пьесаның аяғы басылған 29 санды алдым да, бір күнімді соған әдейі қиып, тың отырған қалпымда, қолыма қарындашты ала отырып оқып шықтым.
Бұған дейін оқымауыма бас айыпты адам – Мұхтардың өзі: биылғы майдың басында, Абай театрының үйінде болып өткен қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжілісінен Мұхтар екеуіміз түстен кейін шыға бердік. Абай көшесінде екеуіміз қоштасарда: «– Сәбит, - деді – маған Мұхтар – ертең сағат бесте мен Москваға ұшам, сағат дәл үште Мәриям екеуің біздің үйге келіңдер». Аталған уақытта Мәриям екеуіміз барсақ, сен, Ғабиден, Шәкен ... деген сияқты бір топ адам дағдылы қарттарыңды ойнап жатыр екенсіңдер. Біз бара, хозяйка «ас дайын» деді де, бәріміз Мұхтардың әдеттегі дастарқанынан ішіп-жей бастадық. Тостар сөйлене бастады... Сонда Шәкен тұрып: «Біз Мұхаңның жаңа ғана жаңа пьесасын оқыдық. Бұл, ең алдымен сугубо партийная пьеса, екінші – қазақтың ғана емес, советтің ғана емес, бүкіл драматургияның тарихына кірген жаңалық бұл. Егер осы пьесаны қоюға маған сенсе, мен өзімді аса бақытты кісі сезінер едім»,– деді. Өзім оқымаған пьесаға Шәкен берген бағаны (өзі тәуір артист бола тұра, Шәкеннен құнды пікір шыққанын көрген емен) тыңдай, елеңдей отыра, өзгелерді ерте шақырып пьесасын оқып, жалғыз ғана мені 3-ке шақыруы көңіліме келді. Бұны ішімнен «Едігенің ескі кегі» дегендей, не ескі жікке, немесе, ойыма келген сөзді өзгедей бүкпей айта салуымнан қорқу деп түсіндім (Соңғы жорамалым расқа шықты, оны кейін айтам).
Тамақтан жұрт тарағанда, мен аэропортқа бармай қалдым. Тахауи Ахтанов (ол – Мұхтарға поклонниктің бірі ғой) менімен бірге қайтты:«Қалай екен?»,– деп сұрап едім: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын»,– деді.
Кейін, союзда оқығанда, Әлжаппар хабарлағанымен, бармағаным рас. Бұрын алалап оқыған кісіге жарамсақтанып нем бар? Және Тахауидің сөзіне қарадым да: ол сөз рас болса, арандап қалармын – дедім (Бұл жорамалым да расқа шықты. (Оны) бәрің жабыла мақтағансыңдар: егер сонда мен де болсам, осы хатқа жазғалы отырған сөздерімді айтар едім де, сендер – «жақсы», мен – «жаман» боп шыға келер едім. «Құдай» мені ол «пәледен» сақтады). Артынан өзіңнен сұрағанда: «Жақсы пікірдеміз, тек Әбділдә оңашада: «Бұл Мұхтардың өлім күйі» деді» - дедің. Одан кейін театрда оқығанда, жұрт жабыла тағы мақтапты, бірі – Гольдблат. Ол маған: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!», – деді.
Пьесаңы өзім оқығанша естігендерім осылар. Өзім пьесаны бір емес, екі оқыдым, өйткені, ұнау-ұнамауын былай қойғанда, алғаш оқығанда автордың не айтқысы келуін олдә-білдә түсінген жоқпын! Екінші рет оқығанда, одан кейін ойланғанда да түсініп жарыған жоқпын. Ендігі сөз түсінбеу себептерім туралы және түсінгенімнен жасаған қорытындыларым туралы.
Ең алғаш, газетте басылған пьесаның Октябрьдің 40 жылдығына арналуын көргенде, газет аннотациясының пьесаны аспанның ар жағына шығара мақтауын көргенде: «Мына байғұсқа жаңа, социалистік өмірден құнды нәрсе жазуға болмай-ақ жүр еді, енді сәті түскен екен ғой!»,– деп қуанып кеттім. Пьесаны оқи бастасам, Мұхтардың өз өмірі: 57-жылы өткізілген юбилей, баяндамашы боп ішінде мен жүрмін. «Баяндамаммен ой салған екем ғой, бұл кісіге!..»,– деп тағы қуандым. Орысша айтқанда, «Увы!», босқа қуанған екем. «Прологтың» аяғында ұйқыға кетіп, түс көруден бастап Мұхтар да шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады!.. Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!..
«Неге?» дейсің ғой?
Ең алдымен, пьесадағы герой атаулының шешелерінен бір рет емес, үш рет қайта тууы ешкім нанбайтын іс. Бірінші актіде – бәрі де молда, екінші актіде – бәрі де чиновник, үшінші актіде – жаңағы молдалар мен чиновниктердің көбі коммунист!.. Түстегі шатасқан сандырақтаған болмаса, шындықты тарихта, бұндай сорақылық ешбір елдің коммунист партиясының тарихында, ешуақытта болмаған ғой?. Бірен-саран (единицы) алдаушылар болғанын өзіміз де көрдік. Табынымен алдаушыларды қашан көрдік?.. Көркем әдебиетте, Горькийдің «Ағайынды Артомановтарында» екі-үш ұрпақтың жалғаса герой болуы бар, ал, мына «Дос – бедел Дос» сияқты шешелерінен бір емес, үш-үштен қайта туған адамды, әсіресе, геройды, түсінде шатасып көрмесе, өңінде көру мүмкін емес.
Тарихты герой ғып сөйлету, өзге елдің әдебиеті түгіл, қазақ әдебиетінде де Мұхтардан көп жыл бұрын салынған жол. Бір мысал, Ілияс Жансүгіровтың «Дала» атты поэмасы. Онда да ақын тарихпен сөйлеспей ме? Онда да тарих ақынға қазақ ауылындағы феодализмнен, капитализмнен, социализмнен нелерді көргенін айтпай ма?.. Бірақ, онда, тарих мына «Бедел – Достағыдай» босқа шатасып, ақылға сыймайтын былшылдарды айтпайды емес пе? Шын тарихты айтып, яғни, әртүрлі әлеуметтік формация тұсында, әр кезеңде болған тап қайшылығын, тап тартысын айтады емес пе? Ақыры, сарқып кеп, пролетариаттық революцияға, социалистік құрлысқа құяды емес пе?..
Міне, ояу адамның, өмірмен байланысы бар адамның, оның ішкі қайшылығын түсінетін, қорытынды жасайтын және өзгеше емес, маркисисше, лениншілше жасайтын адамның, адамзаттың тарихын түсінуі осылай емес пе? Мұхтардың пьесасындағы «тарихтың» шындықтағы тарихпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл, шатысқан, сандырақтаған тарих! Біреулер бұны «метафизика» дейтін сияқты. Дұрыс емес бұл. Метафизиканың қорытындысы қисық болғанымен, Маркстің тілімен айтқанда, «аяғымен емес, төбесімен тұрған» өмір шындығы бар. Ал мына пьеса да ол да жоқ. Бұл миф және жәй түріндегі миф емес, блеф түріндегі миф!..
Мұхтардың өзі ХХ ғасырда жасап келе жатқан адам. Пьесасының материалы да түгелімен осы ғасырдың материалы. Россия жағдайындағы ХХ ғасыр: пролетариаттық революцияның, ол революцияны коммунистердің басқаруының ғасыры, Россияда социализм құрылып боп, коммунизмге көшу ғасыры. Ендеше, (мысалы – Бейімбеттің «Шұғасы», Сәкеннің «Айшасы» т.т.) жеке адамдардың тағдырын жазбай, «Бедел-Достағыдай» бүкіл бір ұрпақтың елу-алпыс жылдық тағдырын жазған адам, олар ішінде қайнап өскен тіршілікті қалай аттап өте алады? Өте алуын өзі де сезген Мұхтар, бұл мәселеге пьесасында лажсыз барады да, ішіне кіре алмай арам тер боп, айнала босқа шапқылайды.
Олай дейтінім, Беделді, яғни, Мұхтарды молдалықтан, ұлтшылдықтан құтқарған Октябрь болса, сол Октябрьдің осы пьесадағы ролі қайда?. Октябрь тәрбиелеген қазақ коммунистері қайда? Орман (адам аты – Т.Ж.) ба ол? Не қылық, не ісімен коммунист ол? Жаппасқа: «– Беделге қарсысың?» – деп ұрсумен ғана ма?.. Орманың өзі де молда емес пе, бір уақыттағы? Өзі де ұлтшыл емес пе? Жапппасқа ұрсудан басқа өз өміріндегі былықтарын жуардай не істеді ол?.Түгі де жоқ қой ондай? Ендеше, несімен коммунист? Түкірдім мен ондай «коммунистерге»!.. Мен ғана түкірген жоқпын ондай «коммунистерге», бүкіл партия боп түкірген, яғни, сыры ашыла партиядан қуылған, өзіңде білесің, ондайлардың талайын.
Пьесасында бұны істемеуі керек еді, Мұхтардың. Екінің бірі ғана керек еді Мұхтарға: не, Октябрьге жоламай-ақ, «Шұға» сияқты жеке адам тарихын ғана алып, оны либерально-просветительдік түрде аяқтап шығуы керек еді, әйтпесе, октябрьді араластырғысы келсе, өз мәнінде, сенімді түрде араластыруы керек еді. Пьесада «о» да болмай, «бұ» да болмай, түстегі сандырақ болған да шыққан!..
Ал, осы сандырақ қалай шыққан? Әлде қалай ма бұл? Әйтпесе, тамыры бар ма? Ахмет Жұбановтың айтуынша, (жуық арада жолықтым) бұл: «Мұхтардың алжуға айналуының белгісі». Москвадан Алматыға біздің театрдың репертуарларын көруге әдейі келген Штейн, Гончаров, Осипов үшеуінің жазып берген және көп алдында айтқан сөздеріне қарағанда, бұл – «метафизический бред» (қайран қалатын бір нәрсе, Министерство культуры СССР-дің репертуарынбасқаратын Осипов Алматыға барып жазушылар жиналысында осы пікірді айтқан. Бір ай бұрын диферамба оқығандар түгел отырып, ешқайсысы қарсы шықпаған. Олардың мақтауының құны қанша екенін осының өзі-ақ көрсетеді).
Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы. Сол барып, оны «метафизический бредке» еріксіз қамап отыр. Бұл алжуда үш себеп бар:
Бірінші себеп: – жеңілуі: советтік құрлысқа, социализмге қарсы жүрген уақытын (1932 жылға дейін) былай қойғанда, одан бергі – «Совет әдебиетінің платформасына түстім» деген жылдардың өзінде, 1957 жылы он шақты күнге, «Түркістан» совхозына барып келгеннен басқа, бұл кісі әдейілеп барып, не бір өндіріс орынының, не бір колхоз, совхоздың есігін ашқан емес қой. Ендеше, социалистік құрлыстың үнемі сыртында боп келе жатқан адам ғой. Қолында құрлыс материалы жоқ ешбір шебер архитектордың, ешбір үйді сала алмауы сияқты, қандай данышпан жазушы болса да, материалын көрмеген, білмеген өмірден ештеңе жаза алмауы заңды нәрсе ғой. Ескі, өзі білетін тақырыпқа бірнеше құнды шығарма берген талантты, білімді Мұхтардың, совет тақырыбынан, социалистік революция тақырыбынан, жазушылық бойына лайықты бір де нәрсе бере алмай келуі осыдан.
Екінші себеп – біріншіден ауырлау: Мұхтар қазақ әдебиетінде осы тақырыпқа ең көп мақала жазған адамның біреуі. Соның бәрін жинағанда, бедел есебінде, марксизм класиктеріне, әсіресе, Маркс пен Ленинге сүйенген бір де бір мақаласын көрдің бе? Көп жағдайда олардың еңбегіне сүйену түгіл, аттарын да атамайды ғой. Марксизм-ленинизм ғылымына сүйеніп, әдебиетке солардың көзімен, яғни тап тартысының көзімен, қарау, бұл кісіде жоқ қой. Бұның жететін биігі - мәдени просветительдік қана ғой. Сондықтан да маған, соғыстан бұрынғы бір жиналыста сөйлегенін естіген Семен Липкин: «Сіздің Радищевтарыңыз осы екен ғой», – деген. Сөздің қысқасы, марксизм-ленинизмді ғылым деп зерттеп жүрген, оны қолданып жүрген Мұхтарды көрген емен.
Бұл арада «Абай» романы ше?– деген сұрау туады. Оның биік дәрежедегі көркем шығарма екеніне ешкім таласқан емес. Мен де оған таласқан емеспін. Құнанбай және оның тобы арқылы ол кездегі қанаушы таптың да бейнесі айқын көрінеді. Төңірегіндегілердің бәрі кәкір-шүкір болғанымен, гуманист Абай да сенімді жасалған. Осындай көркем де, сенімді де, шын да көрсетілетін картиналардың ішінде, ХІХ ғасырдың орта кезінде тап боп ұйымдасып, тап боп байларға қарсы шыққан Дәркембай тобы сияқты, заманына амалының түк байланысы жоқ, жасанды, жалған картиналар да жүреді. Ондай ұйымдасқан саналы тап, өткен ғасырдың ортасында қазақтың көшпелі, оқымаған ауылы түгіл, оқу бар, отырықшы орыс крестьянында да болған емес. Марксизм-ленинизм қағдидасында крестьяндар саналы түрде еш уақытта саяси жетекші бола алған емес. Ол революцияны бастаушы емес, қостаушы ғана. Осындай өрескел социологиясы бола тұра «Абай» романының Абайға да, Мұхтардың өзіне де, қазақ халқына да абырой әперуі рас.
Үшінші себеп: алғашқы екеуінен келіп шығады. Социалистік құрлыстың жетістіктері мен қиындықтарын көзімен көріп таныспаған соң, араласпаған соң, сыртынан ғана қараған соң, марксизм-ленинизм ғылымымен қаруланбаған соң, советтік темаға, әрине, шығарма жаза алмайды. Ал осы кемшілігін жоюға тырысушылық бар ма, Мұхтарда? Қатты сынға қарау, көңіл бөлу, сабақ алу, ісіне қолдану бар ма? Менімше, жоқ сияқты. Дәлелдерім:
1) 1932 жылы тұтқыннан босанып, газет бетінде ескі жолын сөккеннен кейін, «таныдым» деген совет әдебиетінің жолымен алаңсыз тартып кетудің орнына, «Алма бағы», «Шатқалаң», «Іздер», «Тастүлек» сияқты шындыққа жанаспайтын, көркемдік құны нашар халтуралармен жұрттың көзін алдады, «Бекеті», «Айманы» сияқты халық әдебиетінің әдемі шымылдығына жасырына қойды.
2) Өзіңе белгілі – 1943 жылы, Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар Одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін судимосы мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті үкімет пен партия қабылдады да, Жоғары Совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтық бетіндегі қара күйені сүртті. Сонда «Абай» туралы жазып жүрген екі томды романның бірін аяқтадым, екіншісін де тез аяқтап, одан кейін Октябрь революциясы қазақ даласына қалай орнауын жазам»,– деді. Президум қол шапалақтады. Онысы да алдау боп шықты.
